108
Құрылысшы қалағын қаламға айырбастап...
(естелік-эссе)
«Завод КПД» аталатын Талдықорған ірі панельді үй құрылысы заводын салуға бастан аяқ қатысып, «жоспар -жоспар» деп аттандасып, айқайласып жүріп пайдалануға бердік - ау...
Басқы кезде бетоншы, звено жетекшісі, бригадир, сәл кейін құю цехының мастері болып еңбек етіп жүрген кезім. Оның сыртында осы Талдықорған қаласындағы құрылыс техникумының кешкі бөлімінде оқитын «білдей» бір студентпін. Заводтың күндізгі алашапқын жұмысынан шыға салысымен, жеке машина түгіл, баспанасы жоқ мен байқұсты, әйтеуір абырой болғанда, заводтың «служебный» автобусы «хутордағы» үйіме жақын жол бойына тастап кетеді. Енді көлденеңінен көсіліп жатқан кедір - бұдыр тас төселген екі көшеден өтіп, орыс кемпірден жалға алып тұрып жатқан «времянкамызға» қарай қанатсыз-ақ құстай ұшам. Ия, ол кезде баспанасыз қазақтарды уақытша болса да панасыздықтан құтқаратындар – тілеуің бергір, «өзіміздің» орыс, неміс, кәріс пен ұйғыр кемпірлер еді ғой... Кіре беріс - кәридорды қоспағанда, бір бөлмелі, шешен Жиренше атам айтпақшы, «кең сарайдай бөз үйіме» бірдеңеден құр қалғандай, жүгіре - жүгіре келіп кірем. Асыға-үсіге екі-үш шыны шайды іше салып, енді «хуторға» қатынайтын «семерка» автобусының аялдамасына жүгіремін. Өйткені, сабақтан қалуға, кешігуге болмайды. Мектеп қабырғасынан қалаға «арман қуып» аттанғаныма жиырма жылдай уақыт өтіп, мектепті ойдағыдай тәмамдағаныммен, қазіргі кезде оқуға «қарайып» қалған менің басымдағы білім деңгейімнің шама - шарқы өзіме белгілі ғой. Сондықтан, ұстаздардың: «сабаққа дайындығың нашар, онымен қоса ылғи кешігіп жүресің» деген сөзден қашып, неғұрлым өз уақытында жетуге тырысып бағамын. Әйтеуір, әбүйір болғанда, техникумда оқу қазіргі сияқты ақылы емес, «бесплатно». Әгәрәкім, оқу «платный» болса, өмірінде еш жерде жұмыс жасап көрмеген, тілеуің бергір, әйелім, әлі мектеп жасына жетпеген екі балам – қызым Қарлығаш пен ұлым Айдын, ол аз болса, ай сайын қаза қылдырмай, бұғалтерия арқылы 33 % алимент төлейтін менің күнкөрісім қандай боларын көз алдыма келтірудің өзі – ұйқыдан шошып оянардай қорқынышты...!
...Ия, не себептен екенін қайдам, талайдан бері, әсіресе кейінгі кезде қолыма қалам алғым келеді де тұрады. Қалай, нені жазу керек екендігін өзім де білмеймін, әйтеуір, бірдеңе жазуды өз-өзімнен қалап, түні бойы мазасызданып, шалық шалған адамдай шала ұйықтап шығатын болып жүрмін. Кейде, тіпті, түсімде классик жазушы болып кеткен екен деймін, том - том болып шыққан кітаптарыма айбақтата қолтаңба жазып, ағайын - туған, дос - жарандарға «бесплатно» таратып жүремін...
«Очерк» жазып әкелдім...
Сонымен қойшы, бір күні «нартәуекел» деп, қолға қалам алудың жөні келді. Тәуекелге бел байлаған бұл күн 1985 - жылдың көгілдір көктемінің 22 - сәуірі еді. Дәлірек айтсам «күн көсемім» - қасқабас Ленин «бабамның» туған күні. Міне, сол «великая-ұлы датаға» орай, Сәбет кезіндегі дәстүр бойынша өткен коммунистік сенбіліктен соң, өзім еңбек ететін заводтан шағын «бірдеңе» жаздым.Түні бойы неше жазып, неше жыртып, әйтеуір, өйтіп - бүйтіп құрастырған шимайымды алып, құдайдың ақ таңы бозарып атысымен, облыстық «Октябрь туы» газетіне тарттым. «Қолыма қалам алып, ғұмырымда газетке материал жазып көрмеген менің ол шимайым – қай бір шекесі қызып тұрған дүние дейсің» деген дүдәмал ой мен күдігім де көкейімде көлденеңдей ме, қалай...
Редакция ғимаратының дәліз бойымен жәйлап жүріп келіп емен есіктің жоғары маңдайшасындағы «құрылыс, транспорт және байланыс бөлімі» деп жазылған тақтайшаға көзім түсті.
Бисмилләһи рахмани рахим! Есікті қағып, ішке жасқана кірдім. Төрдегі үстөл басындағы ақшулаң өңді, прәпессірлердікі сияқты қоңырқай мүйіз жиекті көзәйнек киген орта бойлы, арықша келген иман жүзді жігіт ағасы:
-Төрлетіңіз – деп, көнелеу орындықты мен тұрған тұсқа жылжытты. – Келген шаруаңызды айта отырыңыз. Мен осы бөлімнің меңгерушісі Кемал Құсайынов деген азамат боламын.
Сасқалақтағаным ба екен, аты-жөнімді айтып өзімді таныстыруды да ұмытып кетіппін:
-КПД заводынан очерк жазып әкеліп едім.
Мәссаған! «Материал» деген сөзді жаңылып «очерк» деп қойып қалдым. Әйтпесе, очерк дегенің кейбір кәсіби журналистің тісі бата бермейтін күрделі жанр екендігінен хабарым бар-тын.
...Кемалым оқушының шақпақ жолды бір парағына жазылған «очеркімді» қолына алып оқып отыр, шұқшиып әлі оқып отыр.
«Бір параққа осынша қадалғанына қарағанда, қазір «материал жариялауға келмейді» деп айтатын шығар» деп, ине үстіне құйрық басқандай қипықтап отырмын. Сол ойдан пысынап, ет жемесем де, өне-бойым сорпа ішкендей терлеп кетті. Бір уақытта:
- Сәке, бұрын мақала жазып көрмесеңіз де, жазуға икеміңіз бар екендігі білініп тұр. Бұл, әрине, очерк емес, хабар. Орыс тілінде мұны информация – деп атайды. Бұл тірлігіңізді орта жолда тастап кетпесеңіз, түбі сізден журналист шығады, - дегенде барып «үһ» деп кеуде кере демалдым. Соны байқап қалған Кемалым жылы жымиып қойды. Біраз ақыл - кеңестерін айтып, қоштасарда:
-Газет, журналдарды көбірек оқыңыз. Сөйлем құрылымына, астарлап айтылған ойларға мән беріп, статистикалық цифрларды көбірек пайдаланыңыз – деп, жылы шыраймен шығарып салды.
Кемалым уәдесінде тұрып, 2-3 күннен соң әлігі шимайымның мұртын күзеп, әдемілеп түзеп, кәдімгі хабар етіп басып шығарды. Бәрекелді! Аяқ астынан, оқуын бітірмей-ақ «журналист» болып шыға келдім. Сол дәрежеме риза болғаным ғой, бейне бір роман жазып тастағандай, хабарды күніне бірнеше рет оқимын.
...Кейіннен өзімнің журналистік ұстазым санаған – Кемалдың сонша уақыт үйреткенін қайтейін, бірдеңені жазуды бастаған болам, кібіртек - кібіртек еткен ол шимайым көңілімнен шықпайды. «Образец» етіп алдыма қойған газет - журналдарды оқысам - ондағы жазулар майлап қойған қалайы қасықтай зырылдап тұр. Ақ таңертеңнен неше жазып, неше сызып, жазғандарымды жыртып тастап, «итшілеп» отырғанымда, жар дегенде жалғыз жарым - Биғайша жаныма келді.
-Ой, құдай-ай, басыңды босқа қатырмасаңшы. Немене, аяқ астынан, оқуын оқымай журналист болып кетем деп отырсың ба? Таста бұл әлегіңді. Қазақта: «Болатын бала - бесігінен» деген тәмсіл бар. Әне, өзің: «Менімен бір сыныпта оқыған Қанат Асқаров досым мектепте жүргенде өлең жаза бастаған» дейсің. Бала кезінен жазуды бастап, университетте оқып журналист болды. Қырық жастағы саған (ол кезде мен бар - жоғы отыз сегіз жаста едім) енді қайдағы журналистік...
-Не, сен менің алдыма шығып келдің бе? Болам, журналист түгіл, жазушы болам. Көресің, дәлелдеймін осы сөзімді...
-Өзің білші, журналист, жазушы түгіл, профессор бол...
...Әйелімнің осы сөздері маған тіпті қамшы болды. Заводтағы кезек жұмысымнан келісіммен өзімше «жазуға» отырамын. Бір жазамын, бір сызамын, жыртамын. Әйтеуір, бала кезден бойға
қалыптасқан намысқойлық қасиетім бар, әйтеуір жазудан шағылмадым. «Ұра берсең – шайтан да өледі» екен. Бірте – бірте, лағып, жан – жаққа қаша жөнелетін жазуым өзіме бағынып, жөнге келе бастады. Басқы кезде «соқыр көргенінен жазбас» демекші, тек өзіме етене таныс - құрылыс, өзім жұмыс жасап жүрген завод өмірінен ғана хабар жазып жүрдім. Біраз төселе келе, басқа сала тақырыптарын да ебіне келтіріп «жәркөмдей» бастадым...
Ол кезде газеттің бас редакторы соғыс ардагері, ұлтжанды абзал азамат Ғайыс Егембердиев аға еді. Арада 1-2 жыл өткен соң бас редактор болып, арықша келген, бір қарағанда қараторы өңі суықтау көрінетін Тұрсын Әбдуалиев деген аға тағайындалды.
Шіркін, сол уақыттар-ай...!
Бұл менің «жоғалған кездігімнің сабы алтын еді» дегендігім емес. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін «Октябрь туы» газеті атауын «Жерұйық»деп өзгертті. Қазір осы «Жерұйық» басылымын өзімді қаламгер етіп қалыптастырушы ғана емес, тәрбиешім, рухани көшбасшым деп санаймын. Сондай-ақ, саяси көзқарасымды орнықтырып, санама ұлттық рухтың ұрығын сепкен құдіретті құрал деп білемін.
«Біз Шекспирдің шинелінен шыққанбыз» деп, Ресей қаламгерлері айтатындай, мен де : «Жерұйықтың» шекпенінен шыққанмын» (қазіргі «Жетісу») деген сөзді ауыз толтыра, мақтанышпен айтуға толық қақым бар деп ойлаймын. Өйткені, арада 3 - 4 жыл өткеннен кейін-ақ мен газеттің штаттағы қызметкері секілді, әр бөлімнен тапсырма алып, газеттің әр санында, кейде бір санында 2-3 мақала, хабарларым жарияланып тұрды. Сонда-ғой, әй пендешілік-ай десеңші, марқұм ағамыз Жұмақан Майтжановтың (иманы жолдас болсын) редакцияның апта сайын өтетін лездемесінде: «Бұл Юсуповтың мақалаларына шектеу қою керек сияқты. Штаттағы бізден көп жарияланады» – деп, көпе көрнеу іштарлық жасаған екен. Айтылған сөз жерде жата ма, «Аға» деп іштей сыйлап жүрген жаннан содан кейін іргемді аулақ сала бастадым. Бірақ, сол лездемеде үстінде:
- Өздеріңіз штаттан тыс тілшілеріміз аз, авторлық мақалалар жиі түспейді - дейсіздер. Белсенділікпен атсалысып жүретін авторымызды «көп жарияланады» деп, көре алмаушылық білдіреміз. Қою керек ондай пендешілікті! Қайта, авторларды -
штаттан тыс тілшілерді көбейтіп, қалың бұқарамен жұмыс жасаңдар! – деп, Майтжановтың меселесін қайтарып тастаған бас редактор Әбдуәлиев Тұрсын ағаның сөзін ұжым мүшелері түгел қолдағанын редакцияның жігіттері кейіннен өзіме айтып берген.
...Бәрі күні кешегідей көз алдымда: ол кезде газет редакциясы орналасқан баспахана ғимаратының артында волейбол алаңы бар болатын. Жұмыс күні кешкі сағат алтыда аяқталатындығы белгілі. Бірақ, тәртіп солай болғанымен, сағат жарықтықтың тілі бесті көрсетісімен, әлемдік Олимпиада Ойындарына баратындай спорт киімдерін сықай киіп, сақадай сай отырған Түкеңнің өзі бастаған бүкіл редакция ұжымы волейбол алаңына шығады. Ол кезде бөлімдер де көп, 2-3 бөлім бір команда, қалғандары бір-екі команда жасақтайды. Сонан, әйда, ақ тер, көк тер болып сайыссын кеп! Кейде, «шалдар» мен «жастар» командалары күш сынасады. «Шалдар» командасында тұрақты, айнымас капитан - Ұлы Отан Соғысының ардагері, тәпене бойлы, қалжыңқой аға, жазушы Елжас Бейсембеков. Команда құрамында бас редактор Тұрсын Әбдіуәли ағам, Тәкен Әліпбай, Нұрғали Омарқұлов, Жанат Дүкенбаев пен Жайырбек Қаспақов ағаларым. «Жастар» командасының капитаны бір өзі үш - төрт ойыншыға татитын мықты волейболист Болат Дәкеров бастаған, Елағамның бойы сияқты «сұңғақ», допша домаланған сыныптас досым Қанат Асқаров, тілі ұстарадай өткір Светлана Буратаева, Кемал Құсайын, сатирик Тұрлыхан Кәрім сияқты жігіттер. Өзім болсам, заводтағы жұмысымнан үйге келе сала, бірдеңеден құр қалғандай, редакцияға шауып жетіп келем. Мен де сол жастар командасының құрамында домалаңдап, доп қуып жүремін. Одан қалса, әр жұма сайын редакция ұжымы арасында, шахмат пен дойбыдан жарыс өтеді. Спорт – қанды қыздырар дода емес пе, кейде жігіттер әлденеге келісе алмай, дауласып, таласып та қалады. Редакцияаралық жарыстардан соң жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жүлделерін, «кірлеп» кетпес үшін «жуу» қызығы да өте қызу, әзіл-күлкімен дуылдата өтетіндігін несіне жасырамын. Бірақ, өршитін өсек сөз, жалаулаған жағымсыз жағдайлардың орын алғанын естіген де, көрген де емеспін...
Қызыл компартияның түкірген түкірігі жерге түспей тұрған - диктаты кезінде, өз пәрменімен редакция жұмысын бір сағатқа қысқартып, ұжымға спортпен шұғылдану үрдісін ендіру үшін облыстық партия комитетінің төл басылымы - «Жерұйықтың» бас редакторы Тұрсын Әбдуәли ағаға жүректілік пен жауапкершілік жүгін бір өзі көтере білетін батылдық керек екендігі түсінікті.
...«Жүректілік» демекші, сол кездегі Талдықорған облыстық компартия ұйымының бірінші хатшысы, жымысқы Жигулиннің кәсіпорын, мекемелердегі ұлты қазақ басшылар мен мамандарды кемсітіп, жікке – ұлтқа бөлуі, кадр саясатындағы солақай және әділетсіз қитұрқылықтары әшікер болды. Одан басқа қылмысқа бергісіз фактілерін Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде ғана емес, Москваға әйгілеп, дабыл қаққан драматург Тәкен Әліпбай бастаған, Қанат Асқар, Кемал Құсайын сынды «Жерұйық» газетіндегі ұлтжанды ерлердің ісін қолдап, ақыл қосып, сол обкомның өз газеті - «Жерұйықта» жасқанбай жариялаған – бас редактор Тұрсын Әбдуәлиұлын батыр демей көр! «Не бел, не белбеу кетер!» деген ұстаныммен, ұлт намысы үшін жандарын шүперекке түйіп айқасқан, ақыры жеңіске жетіп, түкірігі жерге түспей жүрген Жигулинді қара жерге жалпасынан түсірген сол ерлердің ісін қалай дәріптесек те артықтығы жоқ-ау! Әттең, қазіргі таңда мемлекеттік тіл, діл, ұлт намысы мен халықтың жоғын жоқтау жолында жандары шырылдап, өре түрегелетін басшылардың қалмай бара жатқаны өте өкінішті...!
...«Жерұйықты» Тұрсын Әбдуәлиұлы басқарған тұста, тұрақты оқырмандар арасынан авторлар, штаттан тыс тілшілер тартып, оларды үйретіп, тәжрибе жинақтату ісі жақсы жолға қойылып еді. Бізді, әр жыл сайын десем артық айтқандық болмас, 5 - сәуір – сол кездегі «Баспасөз күні» мерекесіне орай, редакцияға шақырып, авторлар арасында семинар өткізу дәстүрге айналған – ды. Баспахананы аралатып, газет шығару процесімен бізді талай рет таныстырған болатын. Мұқабасында «Жерұйық» деген жазуы бар қойын дәптер мен Грамота алған біз, әйда, қуанып, ошағымызға Үкіметтен Орден алғандай арсалаңдай оралатынбыз. Газеттің тұрақты авторы болғаныма 4-5 жыл өтіп, әбден сенімге енген тұста, Тұрсын аға Әбдуәлиұлының қолынан «Жерұйықтың» штаттан тыс тілшісі» деген куәлікті алғандағы қуанышымды көрсеңіз! Біздің әрқайсымызға куәлік тапсыру кезінде Түкең куәлікті орынды, орынсыз жылтыңдатып, газеттің беделін түсірмеуімізді қатаң ескертіп қоятын.
Нақты қай жылы екендігі ойымда жоқ, тағы да сондай «баспасөз күні» мерекесі, редакция кеңсесінің қарсысындағы парк ішіне орналасқан «Достық» кафесінде өтті. Газеттің «штаттан тыс тілшілерінен» жалғыз мен белсенді автор ретінде шақырылған екенмін. Сол мерекелік отырысты қаламы қарымды журналист, ақындығымен ғана емес, қоғам қайраткері ретінде Республикаға танымал, домбырасына қосылып тамаша әндерін төгілткен өнерпаз бауырымыз, кейіннен «Жетісу» газетінің бас редакторы болған, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Әміре Әрін бауырымыз жүргізді. Оның орынды әзіл, зілсіз қалжыңына мәз болып, тамаша ән-күйдің думанына түстім де кеттім. Шіркін, ондай қызу да, қызықты ортада бұрын болып көрмеген, құрылысшылардың «жүз грамдатқан» қарапайым, қоңырқай ғана тірлігінде жүрген мен, бейне, жаңадан туғандай серпілгенім бар. Сол тамаша, қуанышты отырыс үстінде, өзімді сондай бақытты сезініп, бір жасап қалған едім...
Нанның ішінен шеге шығыпты...
...Қанат Асқар досым қызмет орныма, не үйіме жиі телефон шалып, қуанышты хабар жеткізеді:
-Әй, дос, газеттің бүгінгі саны өте тамаша шықты. Сүйіншімді бер, не дұрыстап «жуып» бересің.
«Газеттің тамаша болып шығуы» – газеттің бұл санында менің жазған мақалам шықты деген сөзі ғой...
–Жақсы, жақсы, міндетті түрде жуамын. Базар жоқ - деп жауап қатамын қуанып.
Менің мақалаларымның жиі шығуының тағы бір себебі: газеттегі әр бөлімнің жігіттері маған тапсырма береді. Өйткені, бас редактор бөлім басшыларына: «Бұқара халықпен тығыз байланысып, авторлар тартыңдар» деп талап қоятындығын жоғарыда жаздым. Кейде бөлім басшылары белгілі бір мекеме, немесе кәсіпорыннан мақала, не сұхбат ұйымдастырып әкел деп тапсырма беріп, «комсомольское поручение» жүктейді.
Бірде «Талдықорған нан заводы» кәсіпорны өндірген өнім - нанның ішінен тот басқан шеге шыққаны туралы тұтынушыдан шағым түскен екен. «Поручение бойынша «жорыққа» аттанарда:
-«Нан заводы» мекемесінің өндірістік көрсеткіші жоғары.
Ол жағына кінә қоя алмайсың. Бірақ, елдің, яғни тұтынушылардың осындай орынды дабылына орай, міндетті түрде сын мақаласын жазуымыз керек. Бұл «ЧП» жағдай обкомның бақылауында. Сондықтан, өзің еңбек процесін дұрыстап қарап, қалайда бір мін табуың керек – деп Қанат Асқар досым маған «по секрету» ескертіп қойды.
Бардым. Еңбек процесін, өндірістік қауіпсіздік техникасының сақталуын, санитарлық жағдай мен жеке гигиена инструкциясының орындалуын тексердім. Бар болғыр, бір мін таба алсамшы, бәрі заң шеңберінде! Енді заводтың ауласындағы «Еңбек даңқы» Жалау тұғыры мен әр цехтардың арасындағы социалистік жарыс көрсеткіштерінің тақтасына шүйліге қарадым. Әп бәрекелді! Таптым! Жарыс тақтасында өткен айдың емес, оның алдындағы айдың көрсеткіштері жазылған. Яғни, арада екі ай өтсе де өндірістік деректер жаңартылмаған. Сонымен қойшы, бір аптадан кейін, «Еңбек даңқы» Жалауының көтерілмеуі, социалистік жарыс тақтасындағы көрсеткіштердің өз уақытында жаңартылып отырмауы – заводта жауапкершілік жүгінің төмендеп кетуінің көрінісі. Жариялық, көрнекілік пен демократия талаптарының бәсеңдеп кетуінің және қатаң қадағалау талабының сақталмауы нәтижесінде, өндірген өнім - нанның ішінен шеге шығу фактісі орын алған» деген мағынадағы сын мақалам «Жерұйық» газеті бетінде жарқ етіп шыға келді.
Ол кезде жарияланған әр сыни мақаладан кейін мекеме, кәсіпорын басшылығы, немесе бастауыш партия ұйымы ұжымда мақаланы талқылайды. Оның нәтижесін, кемшілікті жою және кінәлі адамдарға қандай шара қолданғаны туралы редакцияға міндетті түрде жауап қайтарылады. Бір аптадан кейін: заводтың Зинаида Кондратьева атты басшысының (аты мен фамилиясы өзгертіліп жазылды): «Сыни мақала ұжымның жалпы жиналысында талқыланды. Мақала өте орынды жазылған. Сыннан қорытынды шығарылып, алдағы уақытта ондай кемшілік қайталанбайтын болады» деген жауабы келді. Әрине, завод директорының ол жауабы «Сынап едік, қортынды қандай?» деген рубрикамен «Жерұйықта» да жарияланды.
Міне, өстіп, «тырнақ астынан кір іздеп» болса да, редакцияның жүктеген «таудай» тапсырмасын тап – тұйнақтай етіп, «адал» орындағаным бар.
Тұрсын Әбдуәлиұлы газетті басқарған тұста тағы бір сүйсіне айта кетерлік жақсы дәстүр болды. Ол - редакция ішінде қабырға газетін шығарып тұру дәстүрі. «Аптаның үздік материалы» деген атаумен шығатын бұл қабырға газетін апта сайын әр бөлім кезекпен ұйымдастырып, редакцияның дәлізіне ілінетін. Кімнің қай материалы «үздік» деп танылуын газет журналистерінен сайланған арнайы комиссия қарап, әділ бағасын беріп отыратын. Ол да журналистер мен штаттан тыс тілшілердің қызығушылығын арттырып, ынталандырудың жақсы бір үрдісі еді. Өзім редакция ғимаратына кіре салысыммен, алдымен сол тақтаға үңіліп, өткен аптада кімнің материалы мақтаулы, үлгілі болып табылғанын қызыға оқуға кірісетінмін. Менің де жазған дүниелерім, сын мақалаларым сол тақтаға ілініп, Үкімет наградасын алғандай қуанып жүруші едім.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, қазақ аталарымыз айтқандай,Түкеңнің газеттің бас редакторы ретіндегі басқарушылық кәсіби біліктілігін ғана емес, ұжымда сыйластық, өзара түсіністік,тәрбие мен жоғары моральдық – психологиялық және демократия ахуалын қалыптастырудағы еңбегін өзім штатта болмасам да, күнделікті қоян – қолтық араласып жүргендіктен, көріп, біліп жүрдім және оның сол қасиеттерінен көп ғибрат алдым. Әрине, ондай қасиеттер тек білімді, рухани бай, жігерлі де, жүрегі кең, моральдық келбеті жоғары жандарда ғана болары хақ!
«Тәрбиелік» демекші, ұмытпасам, 1989 - 90-жылдар шамасы болар, «Промстрой» тресі салып жатқан «ЖБО» заводының жанынан Тұрсын аға «тілшілік қосынын» ашып, мені сол қосынның «бақандай бастығы» етіп бекітті. Әр аптаның сенбісі күні, немесе «КПД» заводындағы өзімнің кезекті ауысымнан шыққаннан соң, екі аптада бір рет, құрылыс жүріп жатқан ғимараттың бір бөлмесіне шиқылдақ үстөл мен ақсақ ағаш орындық қойылған «кабинетіме» барып отырамын. Тұрсын Әбдуәлиұлы тілшіге арнайы бір орын бөліп беру, құрылыстағы жаңалық, жетістіктер мен қиындықтарды «қосын бастығына», яғни маған тоқтаусыз беріп отыру жөнінде трест басшыларымен алдын ала келісіп қойған-ғой. Күткендейін, «Жерұйықтың» бетінде завод құрылысының барысы, кемшіліктері туралы хабар, мақалаларым жиі жарық көріп тұрды.
Шіркін, сол уақытта қазіргідей, саусақтың ұшы қимылдап кетсе – ақы тілеп отыратын заман емес еді - ау! Патриоттық белсенділікпен ондай қоғамдық істерге жегіліп, ақы-пұлсыз, зор құлшыныспен шапқылап атқара беруші едік. Дегенімен, әрбір хабар, мақаланың көлеміне, жарияланған бетіне байланысты 4-5 сомнан, кейде аса көлемді болса 15 – 20 сом аралығында қаламақы алатынбыз. Мысалы, өзімнің жанұя бюджетіме газеттен айына 35 пен 50 сом аралығында кіріс кіріп тұратын. Әрине, «алиментчік» мен үшін бұл жаман табыс емес. Алайда, ақшадан көрі біздей қоғамдық тілшілерге облыстық газетте жариялануының моральдық - психологиялық әсері қымбатырақ болушы еді.
Сол тұста, тағы да «баспасөз күніне» байланысты облыстық мерекелік жиналыс қарсаңында Тұрсын Әбдуәлиұлы: Сәбитжан, біздің газеттің белсенді штаттан тыс тілшісі ретінде қосымша баяндама жасауға қалай қарайсың? – деген ұсыныс айтты. Бұрын мінберден сөз сөйлеп көрмеген басым – ғой, абдырап қалып:
- Түке, қандай бағытта сөйлеу керек? – деп, өзінен ақыл сұрап, бағыт - бағдар алдым. Қызық қылғанда, орысша сөйлеуді өзімше мақтан көрдім бе екен, жарыссөзді орысша дайындап, оқыдым. Оқығанымды қайтейін, орыс тілінде «өзімнің қысқаша сөзімді...» - деп басталатын сөйлемдегі: «сөзімді» дегенді «свою речь...» - деп соғып жіберіппін. Қайдан білейін, газеттердегі: «речь товарища Брежнева», «Речь товарища Қонаева» дегендерді газеттерден оқып жүрген мен «речь» деп емес, «выступление» деп айту керек екендігін. Кейіннен – ғой, қазақ тілі жанашырларының сапына қосылып, өзара орысша сөйлескен қазақтармен алакөз болып, ақшырая қарап дауласып, жауласып жүргенім...
«Марғау» масқара ете жаздады...
Алғаш әңгіме жазып, масқара бола жаздағаным одан да қызығырақ. Әдебиет, мәдениет бөлімінің меңгерушісі Нұрғали Омарқұлов ағаның жанында түсі суықтау, тілі мірдің оғындай ащы, өзім бөлмесіне кірген кезде жасқана, сақтықпен сөйлесетін Светлана Буратай отырады. Бірде: «Әңгіме жазып әкелдім» деп, өзімше «қатырып» жазған қолжазбамды Светлананың алдына қойдым. Бір, екі бетіне асығыс көз жүгіртіп өткен ол:
- Сәбит, мынауың жазушы Сафуан Шәймерденовтың «Марғау» атты әңгімесінің желісі - ғой деп, күлімсіреп отыр. Ойпырай, ұяттан бетімнен отым шықты. Не айтарымды білмей:
- Ондай әңгімені оқымаппын, оқымаппын - дей бердім қызара сасқалақтап. Шындығына келгенде, «Марғау» деген әңгімені оқып, көшіріп жазбасам да, соның желісімен жазып әкелгенім рас еді. Қайдан білейін, ақындар мен жазушылардың бірінің жазған жаңа туындысын бірі оқып, талдап, баға беріп, пікір білдіріп жүретінін. Бөтеннің шығармашылық еңбегін көшіріп алу ғана емес, желісін пайдалану – плагиат - ұрлық екенін журналистика мамандығына оқымаған ақымақ басым қайдан білсін!
- Оқымасаң, оқымаған шығарсың, - деген тілеуің бергір Света, әйтеуір, мені көп ұялтпай, біраз ақыл - кеңесін айтып, күлімсірей шығарып салды. Жалғыз Светлана Буратаева емес, бас редактор Тұрсын Әбдуәлиұлы, сыныптас досым, кейіннен ҚР тұңғыш сайланған Парламент депутаты болған Қанат Асқар, Жанат Дүкенбай, Нұрғали Омарқұл, Жайырбек Қаспақ, Кенжеқан Рақыш, Болат Бисұлтан, сатирик Тұрлыхан Кәрім, тағы да басқа сақа журналистер жөн сілтеп, қаламымның ұшталуына көп қолдау көрсетті. Талабымды табанға таптамай, жігерімді жасытпай, алғаш рет жазған шимайымды түзеп, күзеп хабар етіп шығарып, ақыл- кеңесін айту арқылы қаламгерлік қадамымды ашқан ұлтын сүйген атпал Азамат, иманы жолдас болғыр, марқұм Кемал Құсайын бауырымның жөні тіптен бөлек...
Мақтанғаным емес, қолыма қалақ, күрек ұстаған қарапайым құрылысшылықтан Қазақстан Журналистер, кейіннен Жазушылар одағының мүшесі атанып, атағым жер жармаса да, өз деңгейімдегі творчестволық биігімді бағындырып (қазір он екі кітабым жарық көріп, он үшінші детектив кітабым баспада кезек күтіп жатыр) отырған жәйім бар. Солардың бір-жарын атап өтейін: тұңғыш повестім «Мәңгілік күрес» кітабымның мен үшін орны бөлек. «Анамның ақ таңы», «Аудан прокуроры», қазақ детектив жанрының атасы Кемел Тоқаев салған сара жолмен жазған «Кислый бандасының күйреуі», сол сияқты, «Ұстаз ұлағаты», «Орындалған әке арманы», «Жайнаған жасыл бағым» атты деректі повестерім, «Соғыстан соңғы ұрпақпыз» атты роман – трилогиям. Ең бастысы, жігерімді жанып, рухымды оятып, ұлтжандылық қасиеттерімді қайрап, тіліміз бен ділімізді қастерлеп өтуге тәрбиелеген «Жерұйық» - қазіргі «Жетісу» газетіне мың сан алғыс! Сол сияқты, «ауылдағының ауызы сасық» демей, алыс ауылдан шыққан мендей оқырманға жөн сілтеп, қаламгерлікке тәрбиелеген, рухымды аспандатып, саяси жағынан шыңдап, әдебиет айдынында еркін, жасқанбай жүзу дәрежесіне жеткізген ерекше басылым «Қазақ әдебиеті» газетіне де алғысым шексіз. Ұзақ жылдар жан серігім болған, әлі де бола бермек бұл ерекше басылымға ақжарма алғысымды білдіруді жөн санап отырмын. Журналистік жоғары оқу орнын бітірмесем де, құрылысшы қалағын қуатты да, қасиетті қару – қаламға айырбастап, кәсіби Журналист атануым, сондай - ақ, ізденіп, ерінбей еңбектену арқылы Жазушы болып қалыптасу жолымдағы бастан кешкен «қожанасырлық» қызықтарым мен шыжықтарым қаламгерлікке талпынған жас талап - өскінге тәлім, ғибрат болар деген мақсатпен осы эссені жариялап отырмын...