Жылдың үздік поэзиясы
977

Қара өлең

Қара өлең, жүйрігімсің жалың майда,
Самалмен бірге салған әнім қайда?!

Жұртыма атам жатқан жеткіз мені,

«Көрейін қызығыңды осындайда».

 

Иіскеп топырағын тұмарымнан...
Сол әуен кетпей қойды құлағымнан.

Еңкейіп су ішейін кер бұғыдай,

Бүлдірген татитұғын бұлағымнан.

 

Төбемді көкке жеткіз, күлкімді айға.

Ұлынан баба-таулар жыр тыңдай ма.

Самалы аймаласа сағыныштың,

Бәтқұндыз бәйшешектер
құлпырмай ма.

 

Алдымнан шығар болса қалқатайым,

Жан сырын жарау тартқан тарқатайын.

Үрпінен тәтті ойлардың түртер едім,

Иіскеген көрпекөкті марқадайын.

 

Қиялмен, мен осылай аяңменен,

Аядай күндерімнен баян көрем.

Бұ да бір бүршік атқан жүрегімде,

Ақанның әуеніндей аяулы өлең.