1107
Алтай жаңбыры
(Сұлтанмахмұтқа)
«Ақ жауын сілбілеп тұр...»
О.Бөкей. «Сарыарқаның жаңбыры»
Алтайда жаңбыр.
Бозамық қырлар. Боз дала.
Боз жусандарым, қызғалдақ та бар аз ғана.
Аяулы ағатай, сағынамын-ау сағынам,
Сарғаяр болдым жазда да...
Сен жайлы міне марқа бұлттар да кеңесті.
Көргендей болам өткеннен сол бір елесті.
Алтай тауым ғой!..
Алтай тауымнан сұрайын,
Қан менен шердің мазары еді ғой ең ескі.
Су емес мұнда қан жорғалаған бұлақ көп.
Боздақтарым-ай, жер көксеп өткен пырақ боп.
Сол шақтан бері Ахмет менің кеудеме,
Қамар түндерім құлай береді жылап кеп.
Іздесең, дәйім, сағынышыңның дауасын,
Құмыққан мынау қойнауға қарай барасың.
Бар екен нендей сиқыры, аға, сезінші,
Суы мен нуын, от пенен нұрын, ауасын.
Алтайда жаңбыр.
Жусан иісіне марқайдым.
Қызғалдақ біткен тартуы мынау мәрт айдың.
Ағатай сен бе ең, жаңбыр боп келіп Арқадан,
Алқызыл гүлін сүйіп бір өткен Алтайдың.