Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы
124

Эх, зона, зона...

                         Бірінші кітап

                                  (детектив роман)

                         

              Эх, зона-зона – без озона всесезонно,

                     Зона, зона – без резона канитель.

                     Зона, зона – ни к сидельцам,     

                      ни к погонам,

                      Зона, зона – не спешит прийти

                       апрельская капель...

                                  (түрме әнінен)

 

 

 

                                       Бірінші тарау

 

                          Тұрыңыздар, сот келе жатыр!

 

        «Коля косой» қылмыстық тобының тергеу ісі аяқталып, енді жақын арада соты болады екен...» – деген хабар аудан жұртшылығына дереу тарап кетті. Арада үш аптадай  өткен соң: «Косойдың» сот процессі бүгін басталады!» - деген сыбыс сымсыз телефон арқылы таралып, бүкіл ел құлағдар болып үлгерді.    

       Құлақ түре елеңдесіп, бұл хабарды аса қызығушылықпен, тап бір алыстағы сағындырған нағашылары ат арытып келердей шыдамсыздана тосып жүрген жұрт, әйда, дүрлігісті де қалды.

       - Сот ашық болатын шығар?

       - Бізді кіргізер ме екен ә? - деген әуесқойлық сұрақтарды бірі - біріне қойған қызығушылар аудандық соттың атам заманда салынып, әбден тозығы жеткен екі қабатты шағын ғимараттың маңына симай кетті.

       ...Биыл ауа райы ерекше ыстық болып, малға да, жанға да жәйсіз тиіп тұр. Сонау ерте көктемде, бейшара, шайпау қатынның мінезі сияқты асау, алақұйын желімен бірге селдете құйған  жаңбырдан кейін аспанның асты бір тамбай қойды. Құдды, табиғат - ана «сол сендерге жетеді» деп сараңдық танытып тұрғандай. Ала жаздай бір тамбаған соң, шақырайған ыстық күннен жер-көктің бәрі қурап тұр. Ауа әбден ластанып, аспан асты шаңытып кеткен.  Бұлт келмейді емес, келеді-ақ. Батыс жақтан түнере, түйдектене жеткен  қара бұлттан дәмеленген жұрт: «Әй, бүгін күн қайтсе де жауар. Мынандай сіресе тұтасқан қою  бұлттан жаңбыр жаумауы мүмкін емес-қой» -  деген дәмемен емексіп қалады. Сол арада, шайтан құсап, қайдан шыққаны белгісіз, аяқ астынан сап етіп құйындатқан жел тұрады. Жәйлап басталған жел бірте-бірте қатайып, шаңқиған күннен әбден салмақсызданып, үлпілдеп тұрған шаң-топырақты, күйлеген бұқаның өкіре жер тарпығанындай, алай-түлей бұрқырата бастайды.Елді дәмелендірген қою бұлт, аспаннан бұйрық түскендей, екі жаққа қақ жарылып, жөңкіле көше жөнеледі. Аспан астын күйдіріп, жандырған сары мыс табақтың беті шайдай ашылып, шақырая қалады. «Бұлттан шыққан күн ащы, жаман қатынның тілі ащы» - деген халық мақалын дәлелдегендей, жер бетінің апшысын одан әрмен, қара қазанға балық қуырғандай шыжғыра бастайды.

      ... Сағат ондар шамасында сот ғимараты есігінің алдына терезе атаулыдан жұрдай, сұлабасының өзі сұқсырдай суық көрінетін, сұрғылт түсті ескі автозак тақау келіп тоқтады.

       -  Қане, аулақ кетіңдер!

        -Ауланы босатыңдар!–деп әкіреңдеген полиция формасындағы айдауыл жігіттер кимелегендерді әрі ысырып тастады. Қызықтан құр қалатындай, автозак есігіне қайта өңмеңдеген, тегі сотталушылардың туыс-жарандары болар, төрт-бес адамның алдын кескестеген ұзын бойлы, арықша келген өңі сұсты, майор шеніндегі жігіт ағасы ызғарлана тіл қатты.

       - Шегініңдер кейін. Кино көретін клуб емес бұл!

       Есік алды мен сот ғимараты дәлізі аралығының екі қапталына автомат асынған екі сержант, аға лейтенант, капитан погонды үш офицер мен сырықтай ұзын бойлы, қызметтік емес, жәй киім киген бір жас жігіт «дәліз» жасап сап түзей қалысты.

       - Бір-бірден шығыңдар!

       - Қанеки, тездетіңдер! - Зіркілдей бұйырған, әсілі айдауыл бастығы болар, сұсты майордың даусы саңқ-саңқ естіліп, автозактағы қылмыскерлер топыр-топыр етіп көліктен түсе бастады. Енді бір сәтте ғимараттың бірінші қабатындағы, темір есікті, терезелеріне темір тор ұсталған сот залына кезекпен ене берді. Барлығының қолдарында салдырлаған темір кісен.

       Бесеу, алтау, жетеу... Түһ, таусылып болмады-ғой, қанша қылмыскер өздері? Ең соңғы - оныншы тұтқын сот залындағы темір қоршаудың ішіне кіргізіліп, торлы есігі «шиқ» етіп жабылды. Айдауылдардың бірі салдырлатып, есік сыртынан қос жұдырық көлеміндей қара құлып салып, кілттеп тастады.

       Аула толы халық сот залына симағандықтан, шалқасынан ашып тасталған қос қапталды есік көзінде сығылысып, кимелесе гуілдесіп тұр. Залдың есігі тарс жабылды. Кіре алмағандары дәлізде иін тіреседі.

       Сот мәжілісі басталмай жатып-ақ зал іші ысып, қайнап кетті. Ысымай қайтсін, шілденің шіліңгір ыстығы тамызда да толастамай сыртта шыжғырып, іштегі мидай сапырылысқан елдің демінің өзі ауаны ауырлатып, от жаққандай ысытып тұрса. Қос қапталдағы торлы терезелер шалқасынан ашып тасталғанымен, ішке таза ауа түгіл, лүп етіп енген  леп жоқ.

       - Орындарыңыздан тұрыңыздар, сот келе жатыр!

       Төрде орналасқан тұғырдағы мемлекеттік Ту мен онымен қатарлас Елтаңба қыстырылған қабырғадан сәл төменіректе арқалығы адам бойындай биік кресло мен сот стөлі қойылған. Одан кейінірек, оң жақ қапталға жанастыра орналасқан шағын стөл басындағы аласа бойлы, талдырмаш, ақсары өңді сот мәжілісі хатшысының жаңағы саңқ еткен даусынан, залдағы бал арасының уіліндей дыбыс кілт үзіліп, сілтідей тыныштық орнай қалды.

Дәліздегі жұрт қақ айырыла жол беріп, аяқтарын «тық-тық»

еткізе басқан, бойы ортадан сәл биігірек, әдеміше қараторы келіншек төрге оза берді. Бұл - осы сот отырысына төрағалық етуші, аудандық соттың судьясы Биша Қожақұлқызы Арпабаева. Қараторы өңіне үстіндегі көгілдір түсті билер мантиясы, бір жағынан үйлесе жарасып тұрса, екіншіден жүзіне ресмилік рең беріп тұр.

 Бүкіл аудан ғана емес-ау, осы облысқа қарасты басқа аудандардан да

біраз адамдар қызығушылық танытып, күнделікті таусылмайтын тіршіліктерін тастап, сот ауласын торуының себебі не? Алды 40 - 45 жастар шамасындағы, арты ерін үстіне үлпілдек сары түгі енді ғана тебіндеп келе жатқан, қолдарына кісен салынып, бір топ айдауылмен жеткізіліп отырған сотталушылар нендей адамдар? Нарық заманының жұртшылықты қарық қылмай тұрғанымен, соғыс жоқ, ел аман, жұрт тынышта тепсе темір үзетін үш, не төрт – бес емес, бақандай он азаматтың заңмен қайшыласып, қылмыскерлер орындығына отырып, сот алдында жауап беруінің сыры неде...?

 

                                             Екінші тарау

 

     ...Осыдан біраз бұрын, дәлірегі, бес айдай уақыт бұрын ғана қатаң режимдегі Арқалық колониясында жеті жыл мерзімін өтеп шыққан, лақап аты «Коля косой» - Николай Сафиннің негізгі атқаратын «қызметі» қылмыс әлемінің серкелерімен тығыз байланыста болу. Солар арқылы анаша, гашиш, марихуана сияқты, зектер тілімен айтқанда, «шөп» пен есті алатын есірткі таблеткалардың үлкен партияларын Қазақстан бойынша ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай мен айыр қалпақ бауырлар – Қырғызстан елдерінің «авторитеттері» арасында жүретін үлкен операциялардың «негізгі ойыншысы» ретінде «оборотты» тоқтатпау. Өз кланы аумағында товарлардың «дұрыс айналымда» болуы мен солардың шет елдерге тоқтаусыз өтуін  қамтамасыз ету. Ара - арасында басқа кландар арасындағы, қыруар пайда түсіретін аумақ (территория), немесе ірі, айналымы (обороты) қомақты алпауыт заводтар мен үлкен  кәсіпорындар үшін жүретін келіссөздерге, ортақ мәмілеге келе алмаған жағдайда орын алатын ұрыстарға қатысатын жағдайлар болып тұрады. Ондай ірі операциялардан түсетін қыруар пайда, ең алдындағы саннан кейінгі ондаған нөлден тұратын цифрлар. Біздің бұрқыраған сабаннын құнындай арзан – теңгемен емес, доллар, евро аталатын салмақты да, әлем бойынша құны аспанға ұшып тұрған валюталармен есептеледі. Әрине, мұндай ірі операциялар екі күннің бірінде жасала бермейтіндігі түсінікті. Оларды апталап, айлап, тіпті, жылдап күту керек. Әдетте, қылмыс әлемінің авторитеттері пайдасы мардымсыз ұрлық-қарлық, тонау сияқты ұсақ істерге, «лишний риск», яғни орынсыз, ақталмайтын тәуекел деп бара қоймайды. 

        Қазақта «тектілік» деген өте дұрыс, дәл берілетін баға бар емес пе?! «Тектіден текті туар, тегіне тартып» деп, тектіліктің тұқым қуалап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатындығы өмірде дәлелденген.

        Алайда, ата - анасы «алқаш» болып, екі күннің бірінде жанжалдасумен күн өткізген, тұқымына тышқақ лақ бітіп көрмеген Колька косойдың әулетінен «тектілік» аталатын асыл қасиет атасының басын іздесін бе?! «Жоқтан бар болмайды, бар нәрсе жоғалып кетпейді» деген физикалық заңдылық бойынша, тексіз әулеттен шыққан «Косойдан» қандай ірілік, қандай тектілік күтесіз?!

     Міне, сол себепті, жұмыссыз, яғни табыссыз өткен бір күнін бос, тектен тек, пайдасыз өткен күн деп есептейтін Коля - Николай  «наварды» үлкен, кіші деп бөлмейді. Сондықтан ғой, өзіне тартқан суық жүрісті жиендері мен қылмыс әлеміне жақын сұйық қанды жырындыларды жанына жинап, қылмыс әлемінде «ұсақ қылмыс» саналатын ұрлық - қарлықтарға баруы. Одан бөлек, «шәкірттерін» тонау мен зорлық-зомбылық баулып, бөлтіріктерін ауыздандырған қорқау қасқырша басқарып жүргені.  

       ...«Косой» бүгін түнімен жайсыз ұйықтап шықты. «Тауықтың түсіне тары енеді» демекші, ойына алған бір жымысқы ісінің жоспарын санасында пісіріп, үркер ауа кірпігі әрең дегенде ілінді. «Кірпігі ілінді» деген аты болмаса, әлдебір шым-шытырық қорқынышты түстер көрді ме-ау, әйтеуір, бір сәтке ғана көз шырымын алғандай болып, міне, екі жаққа кезек аударыла дөңбекшіп жатыр. Ұйқының ауылы алыстап, ақ таңды әрең атырған ол онсыз да жетісіп тұрмаған жүйкесіне тиіп, шиқ-шиқ еткен төсегінен тұрмаған қалыпта дауыстап әйелінің атын екі қайтара атап шақырды.

       - Ира, Ира! – Ирасы естімеді ме, жоқ әлде естіп, келгенінше сол болды ма, онысы тез арада көріне қоймады. Шекесі тырысып, сіркесі су көтермей жатқан Косойдың жыны қозып кетті. Күтуге шамасы жетпей, қаттырақ айқайлап, соңын боқтыққа айналдырып жіберді:

       - Ира деймін! Қайда жоғалып кеттің, сұмпайы крокодил?

       - Келе жатырмын. Не болды сонша... Қолдарының суын алдындағы көкшіл алжапқышына жүре сүрткен отыз бес - қырықтар шамасындағы, аяғындағы үйтәпішкесін тарпылдата сүйреткен ұзын бойлы, тырнадай тыриған ақсары әйел күйеуінің жанына жасқаншақтана таяды.

          Жаңағы боқтық сөзін жаймашуақтағысы келді ме, сұсты өңін сәл жылытқан Николай:

- Ирочка, Женяға жүгіріп барып келе қойшы. Ол Сергей мен Валераны ертіп, біздің үйге тез жетсін.

-  Жәйша ма?

- Аз білсең, көп өмір сүресің. - Қарсы сұрақты жақтырмаған күйеуі «сөз тәмам» дегендей, теріс қарай аунап кетті.

 ... Ақмоладан Жетісу жеріне суыт көшіп келген Николай Сафин өзінің анасы Анямен бір әке-шешеден туған ағасы Сметанин Алексейді пана тұтып, соны сағалап келген еді. Обалы не, тумасынан бауырмал Алексей қарындасы Аня мен жиені - қитар көз Кольканы қуана қарсы алып, бәйек болды да қалды.

  Ол кезде Қазақстандағы аты шулы «тың игеру» науқанының түпкі мақсатын кім білген, Советтің қитұрқы саясаты кейіннен белгілі болды ғой. Сол науқан басталысымен Украинадан Жетісуға қоныс аударған Алексейдің еңбекқорлығы мен қолынан  келмейтіні жоқ – шеберлігі арқасында тастары өрге домалап жүре берді. Оның үстіне әйелінің де бірді екі ете білетін пысықтығы бар. Түгін тартсаң майы шығып тұрған Жетісу жерінде мал, құс-құрт асырап, жер өңдеп, тез арада тұрмыстарын оңдап алды. Сағалап келген қарындас, жиеніне жап-жаңа болмағанымен, күтіп ұстаса әлі талай жыл пана боларлық үш бөлмелі там сатып әперді. Сол кезде күйеуінің бұл жомарттығын құптамаған әйелі:

   - Біздің оларға қаржылай көмектескеніміз аздай, енді үй әперуді міндетімізге алып па едік?- деп жақтырмаған. Алексей бұртаңдаған әйеліне зекіп, бетін қайтарып тастады:

- Ештеңе жоқ. Көшіп-қонудың тауқыметін бастан өткеріп көрмеп пе едің? «Туыс» деп жағалап, бізді сағалап келді емес пе? Жасаған жақсылығың олардан қайтпаса, құдайдан қайтар - деген Алексейге әйелі қарсы келіп, әрі қарай сөзді өршітпеді. Өйткені, өз дегенін бәрібір істемей тынбайтын қиқар күйеуінің мінезін жақсы білетін-ді.

- Сам знаешь, хозяин-барин - деп, бәйбішесі шарасыздық танытып, қолын бір сілтеген де қойған.

Николайдың «Женя» деп отырғаны Ираның он алтыдан жаңа асқан бауыры да, оның ертіп әкелуге тиісті Сергей мен Валерасы өздеріне үй сатып  әперіп, қамқор болып жүрген Сметанин Алексейдің балалары.

Үйреншікті болып кеткен кезекті отырысынан босанып, бостандыққа шыққан «Коля косойды» Сергей мен Валера осы Ирамен таныстырып, содан бері, міне бес айдай болды, екеуі бірге тұрып жатыр. Ерлі-зайыпты аталғанымен, бірінің алдында екіншісі ешқандай жауапкершілік жүгін арқаламайтын, заң жүзінде ешқайсы ешкімге міндет жүктемейтін, кейінгі кезде тұрақты үрдіске айналып үлгерген «азаматтық некеде» өмір сүруде.

Өздеріне жауапкершілік жүгін жүктегісі келмейтіндер үшін «азаматтық неке» дегенің өте бір қолайлы үрдіс боп тұр-ау, өзі. Тұрғысы келсе, бірге тұрады, әлденеге келіспей қалса, екіншісі киім - кешегін жинайды да, «шу қарақұйрық» деп өз жөніне кетеді.

   Тек осы бір келеңсіз құбылыстың ежелден ар тазалығы мен жар тазалығын намыс туындай төбесіне көтеретін «қазақ» атты ерекше, кірпияз ұлттың өміріне енгені өкінішті. Кіршіксіз таза да, пәк махаббаттың белгісіндей, кербез керілген ақ шымылдық ішінде ақ некемен ғана бастары қосылып, құшақтары айқасатын рухы биік қазақтың қазіргі кездегі ұл-қыздарының арасындағы «азаматтық неке» деген қасиетсіз де, келеңсіз үрдіс «көзге шыққан сүйел» болып тұр. Бұрындар мұндай лас көрініс басқа ұлттар арасында үйреншікті тірлік болғанымен, жесірін жырақтатпаған, жетімін жылатпаған қазақ ұлтында кездеспеген-ғой...

Пламенный привет пахану! – Аласа, ені де тар есіктен, бойы сырықтай ұзын болғандықтан, әдеті бойынша сәл еңкейе кірген Женя - Евгенийдің соңынан Сергей мен Валера да ішке еніп, жапатармағай жарыса сәлем берді.

Саулық тілеймін.

Сәлем!

Амансыңдар ма?

  Төсегінде шәниіп жатқан күйінде темекісін будақтата тартқан Николай орнынан жеңіл ырғып тұрып, тарамыстай қатты, әлді саусақтарымен үйге келген үшеудің қолдарын кезекпен, құшырлана қысты. Шапшаң, ылдым-жылдым қимылмен, жап-жасыл алабажақ татуировкамен шимайланған кең   кеудесіне жұқа ақ футболкасын, бұтына көк джинс шалбарын кептей киді. Жұқа футболка ішіндегі буылтық-буылтық бұлшық еттері көл бетіндегі толқынша ойнап, көрер көзді сүйсінткендей.

- Өздеріңді жәйдан-жәй шақырмайтынымды білесіңдер-ғой. Қысқаша қайырғанда, бүгін сендерді  бір жақсы іс күтіп тұр...

- Мы готовы как штык! – деп, іле - шала күле тіл қатқан Валераны «Косой» оқты көзімен атып, бетіне жақтырмай қарады.

       - Үлкендер сөйлегенде сөзді бөлмеуді қашан үйренесің? – деген ол «соңымнан еріңдер» дегендей, басын қисайта ым қақты да, үйден жылыстап шыға берді.

Үшеудің алдына түсіп, тіл қатпастан жүріп отырған «Косой» қаланың сыртындағы, өз сағасымен жәйімен, ирелеңдей, көсіле ағып жатқан Қаратал өзенінің жағасына барып бірақ тоқтады.

   Ия, талай сазгер мен ақынның өлең-жырлары мен әндеріне арқау болып, тарау-тарау тарихтың куәсіне айналған, бақ қонып, құт дарыған, қойыны бал татыған балыққа, айналасы құстар мен қоян, түлкі сияқты табиғат байлығына толы қасиетті - Қаратал ғой бұл.

 - «Пахан», алдағы істің не екенін біле алмай, қыстығып өліп барам. - Бағанағыдай «арп» етіп, бетін қайтарып тастай ма, - деп ағасының жүзіне барлай қараған Валераға «Косой» сұқсырдай суық өңін сәл жылытып, ыңырана тіл қатты.

- Түнеу күні сендердің бар тиын-тебендеріңді сыпырып алып, өзімнің бар-жоқтымды қосып, есек пен арбаны не үшін сатып алғанымды білдіңдер ме?

-   Білгеніміз жоқ, бірақ шамаладық.

-   Өз қажетімізге жарату үшін.

- Дұрыс шамалағансыңдар. «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген. Ал енді жұмыссыздықтан іштерің пысып қалған болар. Бүгін «қант» операциясына шығамыз. Операция жүргізетін нысанды ешкімге күдік тудырмастан, алдын ала зерттеп қойғанмын.

   Николай бүгінгі жорықтың жоспарын тәптіштей түсіндіріп, әрқайсының атқаратын міндеттеріне шейін анықтап берді. Күтпеген жағдай туа қалғанда кімнің қайда тұрып, не істейтіндігін су жағасындағы майда сары құмға  сыза отырып түсіндірді.

- Күзет аса мықты болып, жазымға ұшырамаймыз ба? – Мұны айтып тұрған - «Косойды» қоспағандағы үшеудің ішіндегі жасы үлкені Сергей.

- Тәуекелге бармаған шампан ішпейді. – Валера Николайдың жауабын тоспастан, «тақ» еткізе жауап беріп, ағасының бетіне жағымпаздана көз тастады. Валераны қостағандай ыңғай танытып, сәл езу тартқан «Косой» лезде түсін суытып ала қойды:

- Сергей, сен қоянша дірілдеп қорқып тұрсаң - бірден айт. Және біздің маңайымыздан ешқашан жүрмейтін бол. - Оның ашуланғандағы түрі өте сұсты да қорқынышты еді.

            - Мұндай босбелбеу, сен сияқты қорқақ қояндарға зонада не істейтінін білесің бе өзің?

- Қорқып тұрғаным жоқ. Сақтық ойлағаным... – деген Сергей қипақтап, сөзінің артын жұтып қойды.

...Уақыт түн жарымынан асып, сағат тілі бірден кете бере Николайдың қылмыс тобы орнынан қозғалды. Бұлар кеш түскеннен бері ел аяғының әбден басылуын күтіп, бейуақ келетін ұятсыз ұйқыны қуып, сергу үшін қоюлығы сондай, ұрттағанда ауызды қуырып жіберетін ащы чефир ішіп отырған.

- Ну, пора! С богом, - деген топ басшысы әлігінде ғана Валераның шегіп қойған есек арбасына бірінші болып қарғып мінді.

  Тамыз айының күндізгі аптабының қызуы қайтқанымен, түн бәрібір ыстық, әрі қапырық. Ай жарығы сүттей. Бірақ, «жарық екен, біреулер байқап қалар» деп, айылын жиған ешкім жоқ. Іштерінен не ойлап келе жатқандарын кім білсін, ешқайсысы үн қатпаған күйде, типың-типың қағып, еш дыбыссыз салып ұрып келе жатқан есек арбаның үстінде баяу тербеліп келеді.

Зонадан зона қоймай адақтап жүргендіктен, қылмыс әлемінің қыр-сырына қанық болып, әбден әккіленген «Косойдың» түнгі жорыққа есек арбаны таңдауы бекерден бекер емес еді. Мына салпаң құлақ жануардың орнында ат болсыншы, тұяқтарының дыбысы көш жерден естіліп, «мен келе жатырмын» деп, дүйім итті шуылдатып, бүкіл қаланы даң қылары сөзсіз.

  Бас білетін әккі есек болымсыз ғана қақпақылмен, қаланың онтүстік батыс жағындағы, шлак дарбазамен қоршалған «Мұнай өнімдері» кәсіпорнының сырт жағына келіп тоқтады. «Косой» - Николай Сафин арбадан жеңіл ырғи түсе сала тың тыңдап сәл тұрды да, адымдай басып, күзетшінің үйшігіне таяды.

Жүрісі еркін, бұқпантайлап, жасқану ойына да келмейтін сияқты. Ұрлық жасауға келген адам емес, бейнебір, нағашылап жүрген жиен дерсің!

   «Косой» келіп тоқтаған бетте қолындағы ұзындығы жарты құлаштан сәл ғана ұзынырақ шегесуырғышты көз ілеспес шапшаңдықпен сілтеп-сілтеп жіберіп, күзетші үйшігінің терезесін сыңғырлатып сындырып түсірді. Артынша жеңіл ырғып, терезеден ішке секіріп түсті. Тәтті ұйқы құшағында бұйығып жатқан күзетші не болғанын түсініп те үлгерген жоқ. Басын көтеріп, орнынан тұруға оқталғаны сол еді, әлдебіреудің дәл төбесінен сарт еткізіп ұрған темірдей жуан жұдырығының ауыр соққысынан есі ауып, көздері алая шалқалақтап құлай берді.

 Сергей мен Валера арнайы дайындап әкелген екі-үш құлаш сымтемірмен оның аяқ - қолдарын матап, темір төсегіне таңып тастағанын, есеңгіреп жатқан байқұс күзетші сезерлік халде емес. Олар енді басшы бұйрығын тосып, үнсіз состиып тұрып қалған. Бұл кезде Женя Палкин есек арбаның жанында, күндізгі жоспар бойынша «атаста», яғни сақшылықта тұрған еді.

Әр кәсіптің иесі, өзі таңдаған сол ісіне бейім болады емес пе? «Коля косойдың» мысықтың жанарындай өткір көздері түн қараңғысында да керек нәрсесін еш жаңылыспай көре беретін. Ай жарық болса да үйшіктің іші алакөлеңке. Күзетшінің қолындағы сағатын апыл-құпыл шешіп алып, қалталарының бәрін тінтіп шықты. Жылан жалап кеткендей, түк жоқ.

-  Твою мать, все пусто. Терезе жақта салбырап тұрған телефонның жібін бырт еткізіп үзді де, басшыларының әр қимылына зер сала, қызыға қарап тұрған екеудің біріне телефон аппаратын ұстата салды. Стол үстіндегі батареялы фонарды да қолына беріп, «арбаға апар» дегендей ым қақты. Басшының ымдағанын  түсінбеді ме, орнынан тез қозғала қоймаған бауырын иығынан нұқып жіберді. «Жәй түртіп қалғаны мынандай болса, әдейілеп ұрған соққысы адамды өлтіреді-ғой». Осыны ойлап үлгерген Валера түйіліп ауырған иығын уқалаған күйі қолындағы олжаны қолтығына қыса ұстап арбаға қарай жүгіре жөнелді.

  Николай   бөлтіріктерін   ауыздандырған   қасқырша,  екі  бауырын соңынан ертіп, ауладағы ұзыннан ұзын етіп салынған  қойма есігінің алдына барып тоқтады. Сақтық үшін бір сәт тыңдап тұрды да, қолындағы шегесуырғышын Сергейдің қолына берді.

        - Қане, құлыпты бұз!

 Жиені қолындағы сайманмен құлыпты әрі-бері нұқығанымен ештеңе шығара алар емес.

- Ой, келепайсыз. – Шегесуырғышты оның қолынан жұлқи тартып алып Валераға ұстатты.

- Қане, сенің қалай жұмыс жасағаныңды көрейік. Тез қимылда, балабақшада ойнап жүрген жоқсың.

  Қанша әуреленгенімен құлып оның да ыңғайына көнер емес.

- Бүйтіп ұры болғандарыңды ұрайын сендердің. – Сайманды жұлып алған ол, көз ілеспес жылдамдықпен құлыпты бір - ақ рет ырғады да, жерге топ еткізіп ұшырып түсірді.

- Міне, ұры деген осылай жұмыс жасауы керек. Жырғалмай, тезірек қаптарды арбаға тиеңдер!

   Мекеме қоймасының табанынан төбесіне шейін сықита үйілген қапталған қантты көрген Николайдың ауыздандырып жүрген жас ұрыларының  көздері шырақша жанып, бойларын жайлаған қорқыныштарын да ұмытып, дереу іске кірісіп кетті.

Бір – жар қаптағы тышқан қырыққан тесіктен төгілген қанттың әр жерде шашылғаны болмаса,  аулада ұрлықтың соншалықты ізі де білінбейді. Жыртық қаптардағы шекерді алдын ала үйден дайындап әкелген бүтін екі қапқа қотарып салып алған ұрылар қойма ауласынан жылыстап шығуға бет алды. Ағайынды Валера мен Сергей алдын - ала дайындалған ұзын сапты ши сыпыртқылармен арба дөңгелектерінің ізін жеделдете сыпырып келеді. Қимылдарының шапшаңдығына көз ілесер емес. Осы әрекеттерімен екі жүз метр шамасында жылжи отырып, «асфальт жол» деген аты болмаса, шұрқ тесіліп, әбден ескіргеннен әр жерінен тас, құмы шашылып жатқан трассаға шықты.

-Ну, хорош. Садитесь, поканали. Поганые менты пускай ищут в поле ветра - деген нағашыларының қатқыл дауысынан соң ағайынды қоңырқаздар арбадағы қаптардың үстіне ырғи-ырғи шығып, атқа қонғандай мініп алды. Қожайынның делбені жұлқа қаттырақ қағуы мұң екен, бас білетін есек типың қағып жылдамығын арттыра түсті. 

  Мұндай түнгі жорықтардың талайын көріп, әбден әккіленіп алған тіс қаққан ұры «Коля косойдың» барлық әрекеттерді алдын ала мұқият ойластырып, есеп бойынша жоспарлаған бұл операциясына бар - жоғы сүт пісірім ғана уақыт кеткен еді.

                                хххххххххххххх

      ...Николайдың өзіне таңғы асы саналатын, әлігінде, ұйқыдан ояна салысымен, қаңылтыр құтыға бықтырып қойған ащылығы ауыз қуырар қою чефирін кеңірдегін күйдіре - мүйдіре жеделдете ішті. Көкшіл түсті джинси шалбарын бұтына, алдында тістері ақсиған арыстан суреті бар ақсұр өңді футболкасын үстіне іліп, табан қалыңдығы бір еліге жуық шетелдік көк кроссовкиін сықита киіп алды. Бойы ортадан сәл жоғары, денесінде қырып алар артық еті жоқ, арықша келген, тарамысша қатқан жігіттің бултық-буылтық бұлшық еттері сырт киімінен білініп тұр. Бұл қалпында сырт көз оның бойындағы бұла күші тау суындай сарқырай ағып жатқан  кәнігі спортшы дерліктей. Жіптіктей әдемі мүсініне өте талғаммен киген киімдері ерекше рең беріп, аса жарастық тапқан.

Барар бағыты - қаланың батыс аймағындағы, ақаңа тәуір қарайтын жандардар алдын ала ақылдасып, бір аумақта тұруға келісіп алғандай, өңкей ішкіштер жайлап жатқан көшедегі Митяның үйі. Жергілікті тұрғындар арасында «пьяный поворот» аталып кеткен осы «Западная» көшесіндегі Дмитрий Гусковтың үйіне, ара қашықтық біраз болғанымен, бала кезден қарыштап, шапшаң жүретін әдетімен тез жетті. Ол Митямен осыдан екі-үш ай бұрын базарда танысып, артынша үлкен бір отырыс - ішіс жасаған болатын. «Косой» арақ ішсе де, өмірі мас болғанша ішпейтін пәле. Өзі сондай сауысқандай сақ. Айналасындағы адамдардың сөзінен, іс-әрекетінен оның кім екенін,  қандай адам және оған сенуге болатын, болмайтындығын бағамдайтын әдеті баяғыдан, түрме ботқасын алғаш татқан кезден қалыптасқан. Алғашқы кездесу кезінде өзінше қорытынды жасай отыратын сол үйреншікті қасиетімен Дмитрийді көбірек сөйлетіп қойып, өзі көп тыңдай отырып бағалаған. Сөйтіп оны «өзіміздің адам» деген пікірге тоқталған-ды.

...Қазан айы болғанымен, ауа райы әлі жаз уақытындағыдай май тоңғысыз жылы. Орыстың «бабье лето» аталатын жанға жәйлі маусымы жан жадыратып тұр. Ел аузында «қарындаш» аталатын дарбазаның сыртында тұрып, құлақ жаңғырта ысқырып қалды. Көкшіл бояуы ескіріп, сұрғылт тартқан қақпа жәйімен ашылды да, ұйқыдан жаңа оянған ба, көздері кіртиіп, шашының ұйпа-тұйпасы шыққан үй иесі көрінді.

- О, какие люди. Добро пожаловать! – Дмитрий келушімен құшақтасып, қос қолдап  амандасты.

- «Кімді ойласаң сол келеді» деген сөз рас екен. Әлгінде ғана сені есіме алып едім, Колька...

        -Өзгенің өзіңді сағынып, жақсылықпен есіне алғаны дұрыс нәрсе - ғой.  Үйде біреу бар ма?

-   Ешкім жоқ. Қатын қияр, қызанақ сатуға базарға кеткен. Біраз уақыттан соң  келіп қалар.

- Әзірге соның келмей, кешіге тұрғаны дұрыс, Дима - деген ол үй иесінің бетіне барлай қарады. - Ақылдасатын маңызды, әрі екеуіміз үшін де пайдалы шаруа бар.

- Қане, үйге кіріп сөйлесейік. Бағанадан қонақжайлық танытуды да ұмытып кетіппін-ғой. Кешір, достым.

-  Өзіміз-ғой, оқасы жоқ – деген Коля Сафин ашық тұрған қақпадан үйге «зып» етіп жылдам еніп кетті.

- Мынау менің көптен көрмеген досыма әкелген базарлығым. - Көйлек етегімен жасырылған шалбарының ышқырындағы бір жартылық «столичный» арағын шығарып, стөл үстіне «тық» еткізіп қойды. Жайғаса отырған «Косойдың» бетіне үй иесі аса бір риза, қуанышты жүзбен қарай қалған.

- Бәрекелді. Осылай жиірек келіп тұрсаңшы, Никола - деп қуана да, қулана күлген Дмитрий екі жүз грамдық қырлы қос стақандарымен бірге, столға тіске басар екі-үш тал қияр мен қызанақ әкеліп қойды.

 - Дима, алдымен сен мынаны айтшы. Төрт дөңгелекті баға жетпес байлығың - тракторыңның жағдайы қалай, жүре ме?

 - Жүргенде қандай. Тек газды қаттырақ басып, рөлді керек жаққа қарай бұрап үлгесең болды, ұятқа қалдырмайды.

- Онда бүгін кешке, жұмыстан соң көлігіңді үйіңе әкеліп қой. – Николай  қырлы стақанға құйылған арақты қағып салып, келген шаруасына көшті...

«Қуды қу, шұқанақты су табады» деген тәмсілді қазекем қандай дәл, көрегенділікпен айтқан десеңші. Осы Дмитрий мен Коля базар маңында танысып, екінші ретінде ақаңды судай ағызып, «жетім қыздың тойындай» отырыс жасаған. Араққа сылқия бөгіп алып, масайыңқырап қалған Дмитрий:

- «Балықшы балықшыны алыстан таныйды» емес пе, достым? Мен сенің өз адамымыз екендігіңді бір көріп, әңгімелескеннен-ақ білгенмін. Бауырластар арасында сенің беделіңнің жоғары және кімге болса да сөзіңді өткізе алатын іскерлігіңді көп естігем. «Құлақ естігенді көз көреді» деген рас екен. Міне, енді өзіңмен танысып, дәмдес қана емес, дос болып отырмыз.  Мен өзім Сарқан ауданының Покотиловка ауылында туып өстім. Дұп-дұрыс тұрып жатқан жерімнен орнымнан су шыққандай, осында шұғыл қоныс аударуға тура келді.

- Не, онда менттер күн бермеді ме?

- Дәл үстінен түстің.  Бар кінәм - бар-жоғы екі рет сотталғаным.  Біреудің тышқақ лағы жоғалса да, менен күдіктеніп, үйге қақшиып жетіп келеді де тұрады, қарғыс атқыр сасық теке - менттер. Оның үстіне қатыным да ұяттан безіп, менттердің апанына жол салып алды. Қит етсе арызды домалатады да отырады, домалатады да отырады жәләп. Міне, сонымен тоғыз жолдың торабы, яғни, бір қиын жағдай туа қалса, қай қалтарысқа болсын, зып етіп тайып тұруға қолайлы Қаратал ауданы станциясының тұрғыны болып шыға келдім» - деп, жыларман болып мұңын шаққан. Содан кейін-ақ екеуі бірін-бірі ежелден білетіндей, дос болып кеткен.

 

                               ххххххххххххххх

 

...Нарық экономика қатынасы алғаш басталған тұста халық сең соққан балықтай есеңгіреп қалған. Аудан орталығындағы бүкіл Кеңестер Одағына әйгілі ет комбинаты, Қазақстан ғана емес, Одақ құрамындағы  республикаларға, тіпті сонау Сахалин, Буратияға киіз үйлерін  тапсырыспен жіберіп, атағы жер жарып тұрған  киіз үй фабрикасы жұмыс жасауын тоқтатты. Жекешелендіру деген желеумен, завод, кәсіпорындар жоғарыдағылармен әмпей-жәмпей болып, жемтіктерін бөліскен пысықайлардың иелігіне өтті. Ал олар өндіріске жан бітіріп, бүкіл аудан халқына нәпақа болған бұл алып кәсіпорындарды жүргізуді ойлаған да жоқ. Миллиондаған сомға бағаланған техника, дүние-мүліктерді бөлшектеп, ең ақыры, ғимараттардың өзін бұзып, кірпіш, есік, терезе мен тақтай, шатырларын ту-талақайын шығарып сатты. Өндіріс орындарын ту-талақайын шығара кескілеп алған метал атаулының бәрін вагондарға сықай тиеп, су тегін дерлік бағаға қысық көз қытайларға жөнелтті.  Әйтеуір, әбүйір болғанда «Жөндеу-механикалық заводы» кәсіпорны жемсауы кеңдердің обырлығынан аман қалды.  Бірақ ол да жұмысын тоқтатып, нәпақасыз халыққа қайыры тимей тұрған жәйі бар.

   Екі қолға бір күрек табылмай, жасайтын жұмыс жоқ болғандықтан, үйдегі қатын мен бала-шағаға ішер ас пен үстіге ілер киім қайдан келсін?! Тілдерін тістеп, аштықтан көздері бозарып мөлиіп отырған шиеттей балаларының жүздеріне тура қарай алмай, жігері құм болған тепсе темір үзетін азаматтардың жүзін көрудің өзі қандай аянышты! Не істерге білмей, дәрменсіздік күй кешкен рухтары төмен ер адамдар асылып, атылып өліп жатқан фактілер әр жерден дүңк-дүңк естіліп жатыр. Ел ішін «ертеңгі күніміз не болар екен? » деген үмітсіздіктен жаппай шарасыздық үрейі биледі.

 Дегенімен, заты төмен етекті болғанымен, батыр майдангерлеріміз Мәншүк пен Әлия, жауға аспаннан ажал оғын сеуіп, қызыл қанат «қыранымен» (истребителімен) қырғидай тиген ұшқыш Хиуаз Доспаева сияқты әпкелерінің ерлік үлгілері жұғысты болған қыз – келіншектеріміз ерледі! Ер-азаматтарын үйдегі бала-шағаларымен қалдырып, белді бекем буып, тіршілік етуге кірісті. Одан – бұдан аз да болса қаржы құрастырып, қытайдың ала сөмкесін арқалап Ресей мен Қытайды жағалап кетті. Қазақпен «бір телпекте өскен» айыр қалпақ қырғыз елі мен «өз ағам – өзбектердің» Тәшкені асып, сауданың көрігін шама шарықтарынша қыздыруға көшті. Ондай «ірі іс» қолдарынан келмегендері теміржол  мен автовокзал жағалап, қарызданып-қауғаланып үйлерінде самса, мәнті, бөрөжік пен тұшпара пісіріп сатып, әйтеуір өлместің күйін кешті. Ескі болса да, көлігі бар азаматтар «такси берём», «такси берём» деп вокзал жағалап,  жүргіншілер тасу арқылы, «жүргенге жөргем ілінер» дегендей, жанұясына мардымсыз болса да нәпақа тауып апарады. Сөйтіп, әйтеуір, шылқыған  бай болып кетпесе де, ептеп бала-шағаларының несібесін айырады.

 «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, ұрлық-қарлық, жемқорлық пен сыбайластық қылмыстардың ормандағы жыпырлай өскен саңырауқұлақша қаптап, өрши түсуі өз алдына, бопсалау, адам ұрлап әкетіп төлемақы (выкуп) сұрау сияқты бұрындар қазақ жерінде болмақ түгіл, атын да естіп көрмеген қылмыс түрлері көбейіп кетті.

       Құдай-ау, әлмисақтан ары мен намысын жанынан жоғары санап, төбесіне Ту етіп көтерген «қазақ» атты қасиетті де, батыр халықтың қыздарының өз тәнін саудалап, жезөкшелік жолға түседі деп кім ойлаған?! Темекі шегу, арақ ішу, ата-ананы сыйламай беттен алу сияқты қылмысқа бергісіз келеңсіздіктер сол атың өшкір «тың игеру» науқанымен қазақ жеріне басқа ұлт пен ұлыс өкілдерімен бірге келген ауыр дерттер емес пе еді?! Енді, міне, әбден қартайып, халден тайған қарияларды керексіз зат құсап «қарттар үйіне» өткізе салу да, «жаман әдет жұғысты келеді» демекші, үйреншікті үрдіске айналып бара жатқанын да шыққыр көзіміз көріп отыр. Қайтейін, қолдан келер шара қайсы? Обалдары жемқор билікке болсын...

«Жемқорлық» дертінің асқынып, өрістеп, асқына түсуіне іс басындағы үлкенді-кішілі басшылардың өздері бастап, олардан үлгі алған қосшылары жаппай қостаған соң не сорым...

Кішкентай болса да мансапқа қол жеткізген шенеуніктерің шікірейіп, қарапайым адамдарды менсінуден қалды. Әлдебір шаруамен кеңселеріне барсаң, жүре сөйлесіп, оңай шаруаңды тез арада шешіп берудің орнына сырғақтатып, ұзын сонар сөзбұйдаға салады. Оның себебі белгілі: дорбадан жем жеп үйренген жылқы құсап, кеңірдегін «майлап» жібергеніңді қалайды. Тамағынан бірдеңе өткен соң ғана шаруаңды оп-оңай шешіп береді. 

Нарықтың халықты қарық қылмай тұрған сол ауыр жылдарда осы қасиетті де, киелі ауданды «сенгенінен сүйенгені күшті» Керітай Әкірімов атты әкім басқарды. Міне, атына заты сай, кері кеткен сол «әкімсымақ» қаржы тапшылығы тұсында аудан мұғалімдеріне тиесілі жалақыларын бірнеше ай бергізбей қойды. Тиісті лауазым иелерімен ауыз жаласу арқылы,  олардың сол қаржысын «оборотқа» жіберіп пайда тапқан жымысқы жемқорлығы дүйім аудан жұртшылығына аян болды. Оны айтасыз, сол әкімсымақ сіңірлеріне сүйенген зейнеткерлерге де тиесілі зейнетақы қаржысын айналымға жіберді. Айлар бойы ақшаларын ала алмаған  олар амалсыздан қалада пикетке шығып, стансаның теміржолын жауып тастады. Артынша аудан әкімдігі ғимаратының алдына келіп: «Аудан әкімі сыртқа шықсын! Бізге жауап берсін!» деп талап етіп шуласқанда, сол басшысымақ өзі басқарып  (жетістіріп «басқарып») отырған халыққа көрінуге қорықты. Байынан қорыққан қатынша жасқанып, терезе пердесінің саңылауы арқылы сыртқа сығалап қарап тұрған.

Алайда, «арамның адымы қысқа» дегенді қасиетті ата-бабамыз бекер айтқан ба, әлігі бетпақ басшы   басқа ауданға әкім болып ауысып, сонда заңсыз жер телімдерін сатқан жемқорлығы үшін сотталып тынды. Ол аз болса, сотталған әкім айдауда жүрген кезде, бұрыннан да өз жанұясына сүйкімі кетіп, қадірі әбден қашқан болса керек, әйелі бала – шағасымен оны тастап кетті. Сөйтіп, өзі барынан айырылып, қысылтаяң кезде қу тізесін құшақтап жалғыз басы сопайып қалды. Әкімнен көңілдері әбден қалған ауданның жұртшылығы: «бұл жазықсыз жапа шеккен ұстаздар мен зейнеткерлер наразылығының және көз жасының қайтарымы ғой, оған сауап болған. Онымен қоса, осы жерде мәңгілікке тұрақ тапқан  қасиетті де, киелі әулие бабалардың ренжіген назасы екендігі анық»  десіп, жемқор әкімнің артынан топырақ шашқан болатын...

 «...Адам қырық күннен кейін көрге де үйренеді» деген халық тәмсілінің жаны бар-ау деймін, осы. Олай дейтінім – нарық басталған алғашқы кезде абдырап, не істерге білмей, шарасызданған жұрт ес жиып, жаңа заманның өміріне, ептеп болса да, бірте-бірте бейімделе бастады. Бейімделгенде де жұмыс көздерін ашып, халықтың сұранысына ие тауар, киім-кешек пен құрылыс материалдары сияқты дүниелерді шығарумен емес, жаппай сауда - саттыққа бас қойды. Әттең, қол қысқа! Қаржы бар болғырдың тапшылығынан, қалай тыраштансаң да басқадай тіршілік жасаудың мүмкіндігі жоқ. Қарап тұрсаң, бәрі мойындарына салақтатып сөмке ілген «коммерсант»!     «Ысқырығы жер жарады, айдағаны бес ешкі» демекші, сондағы өнерлері бір жерден арзанға алып, екінші жерге үстеме баға қосып сату. Мұндай кәсіппен ежелден айналысатын өзбек, ұйғырларды қазақ аталарымыз баяғыда «бақалшы»  деп атайтын. Соларға жүн, тері-терсектерін беріп, өтеміне тарақ, айна, сабын, иіссу, кездеме мата сияқты уақ-түйектер алып, бала-шағаларын мәз қылып қоятын еді.

   ...Міне осындай сауда - саттыққа едәуір төселіп, өзінің пысықтығы арқасында, әрине, аса епті күйеуінің де көмегімен, бірін екі етіп, шаруасын дөңгелетіп кеткендердің бірі, патшалық ресей кезінде «бейбіт жолмен жаулап алу» қитұрқы, сайқал саясатымен ата-әжесі қазақ жеріне қоныстандырылған, аталмыш аудан орталығының тұрғыны – кәсіпкер Наташа Банкина. Жас шамасы әрі кеткенде 35 – 40 – тарды алқымдаған, өзі көпшіл де көңілді, жарқылдап жүретін әдемі келіншек. Наташаның кіммен болса да, тез тіл табысып, әмпей-жәмпей бола кететін сөзшеңдік қасиеті де мол.

 Әттең, бәрі жақсы-ау, тек сол сөзшеңдік өнерінің кейде өзіне таяқ боп тиіп кететін кеселі болмаса...

...Таңертең ертелетіп базарға келген Наташа қарызға берген тауарларының ақшасын саудагерлерден жинауға кірісті.  Саудасы жүргендері ақшасын қолма-қол қайтарса, енді біреулері мойындарындағы қарыздарынан, жарым-жартылай болса да, беріп құтылуда. Бұл аңқаулықты қойсаңшы, өзіне қарыз саудагерлердің бәріне «бүгін тауар алуға Алматыға жүремін» деп, үйінде болмайтындығын, әйда, әбден жарнамалап бітті. Істес кейбір базаршы әйелдер Наташаға: «ананы әкел, мынаны әкел. Сол жақсы өтуде» деп, ақшасын беріп, тауарға  тапсырыс беріп жатыр. «Үй артында кісі бар» деген қазақтың дана тәмсілін заты аңқау саудагер әйел қайдан білсін, әйтеуір, қуанышы қойнына симай мәз боп жүр...

...Темекі, бір-жар құмыра арақ пен сыра сияқты оны-мұны алу сылтауымен, күнделікті базар аралап, барлау жасап жүретін  «Колька косой» саудасы жүріп, кәдімгідей-ақ қоңданып алған Наташаның кәсіпкерлік тіршілігінен хабардар еді. «Іздегенге сұраған» деп, оның бүгін товарға жүретіндігін, әдейілеп тыңдағанын білдірмей, сатушы әйелдердің жандарына елеусіз ғана, товардың бағасын сұраған кейіппен, теріс қарап тұрып-ақ жадына түйіп қойды.

   Енді Наташа Банкинаның үйіне қайтар кезін анадайдан байқатпай аңдып тұр.  Бірер сәттен соң, үйіне қайтқан саудагер әйелдің соңынан  едәуір қашықтықта еріп отырып, оның тұрып жатқан мекен - жәйін анықтап көріп алды.

 ...Қасиет қонған құтты Қаратал ауданы даласының түні қандай әдемі. Лүп етіп соққан жел лебі жоқ. Жарқырай жанып, күлкісі келген адамша жымың-жымың еткен сансыз көп жұлдыздардың «көз қысуынан» ертеңгі күннің жаңбырсыз, ашық болатындығы айдан анық. Мұндай әдемі түн - бірі-біріне ғашық жастардың күндіз күміс, түнде алтын болып ағып жататын қасиетті Қаратал өзенінің жайдақ жағасында қыдырыстап, жан сырларын ақтарысып, бақыт құшағына бөленуге сұранып – ақ тұрған тамаша түн.

  Алайда, бұл көріністі тамашалап емес, түн қараңғысын жымысқы, арам ойларын асырудың таптырмас қолайлы уақыты санап, сол сәтті қалт жібермей, пайдаланып қалуды ойлайтын жырындыларға не дерсің! Ондай қорқау жандар, «итке темір не керек» демекші, мұндай жанға жағымды, жан жадыратар жайдары түннің көрінісін қайтсін...

  «Косойдың» қылмыстық тобы жорыққа, әдеттегіше, түн жарымынан аса шықты. Тіркемелі МТЗ-80 тракторын көлденең көзге түспес үшін, орталық көшенің бірінде тұратын Наташаның үйінен аулағырақ жердегі, елеусіз бір қалтарыстағы ағаш арасына қаңтара жасырып қойды.

- Қырандар, сендер осы жерде тапжылмай күтіп отырыңдар. Сақтықта қорлық жоқ. Мен жәйлап барып, әлігі сайтандардың кеткен - кетпегенін байқап келейін. Жоспар былай: «өзім, Дима, Сергей үшеуіміз операцияға кірісеміз де, Валера шухерде тұрады. Жұмысты өте сақ, шапшаң және шусыз жасаймыз!

 Жауапты кезеңде ешкімге сенбей, тек өзі ғана қимылдайтын әдеті бойынша «Косой» - Сафин саудагер әйелдің үй ауласына таяп келіп, бұтақтары қалың боп тарбия өскен кәрі үйеңкі ағашының тасасынан бақылауға кірісті. Бір қабатты болғанымен, едәуір биік, еңселі үйдің көше жақтағы терезелерінің бәрінде шам самаладай жарқырап тұр. Яғни, саудагерлер сапарға әлі кетпеген деген сөз.

 «Жаздың ерте ататын таңының сәулесі білінбей тұрғанда кетіп жоғалсаңдаршы, құрығырлар» деп, соны іштей құдайдан тілеп тұрғанда, үйдің сыртқы есігі сықырлай ашылды. Ағаштың тасасынан сығалап тұрған Николай «дай бог» деп күбірлеп, үш қайтара шоқынып алды. Әне, үйден орта бойлы ер адам шығып, көк шиферлі үйдің қабарғасына ілініп, аумақты күндізгідей жарқыртып тұрған ауладағы бояуы оңа бастаған «газель» машинасына беттеді. Көлігі біразға шейін от алмай, копотын ашып, әлде бір жерлерін шұқылаған соң, құдай  оңдап дүр ете түсіп, машинасына жан бітті. Темір қақпа екі жаққа айқара ашылып, ерлі-зайыптылар даң-дұң сөйлескен бойы қақпаны кілттеп жауып, көліктеріне отырып жатыр. Енді бір сәтте көлік жәйімен қозғалып, ауладан ұзай берді. Арада бірер минөт өткен соң көзден де таса болды.

«Косой» кешікті-ау, не болып қалды екен» - деген ойдан алаңдап тұрған жемтіктестерінің жанына мысықтабандап жетіп келген ол асыға тіл қатты:

      -  Қане, парк ішінде қыдырыста жүрген адамша балпаңдамай, тездете қимылдаңдар. Таңның ағаруына да көп уақыт қалған жоқ...

Арада шамамен жарты сағатқа жетер - жетпестей уақыт өткенде, жүк тиелген тіркелмелі трактор Банкиндер ауласынан жәйлап шығып, аудан орталығының батыс жағын бетке алып жүріп кетті. Бұл жолы да үйден үлкен жолға жеткенше трактор дөңгелектерінің іздері сыпыртқы арқылы тып-типыл болып жойылды.

...Күннің шыжыған ыстығында Алматының ат шаптырым базарын асықпай аралаған, күні бойы тауар таңдап, оны сықита толтырып тиеу дегенің қайдан, кімге оңай ғана шаруа болсын. Шөлдеп, әбден діңкелей шаршаған ерлі - зайыпты Банкиндер аудан орталығына кіргенде уақыт түн жарымынан асып, сағат тілі үшке таяп қалған еді. Бірақ, қанша шаршаса да көңілдері тоқ. Алған тауарларының бағалары да ойдағыдай, сапасы да жақсы. Тапсырыс берген саудагерлердің де дүниелерін көздеген, арзандау бағаға сатып алды. Бұйырса ол товарлардан да біраз пайда түсері анық.

- Ертеңгі жексенбілік жәрмеңкеде, құдай қаласа, жақсы табыс түсіреміз,- деп наздана күлген Наташа қақпаны ашып, жүк толы машина орнынан ауыр қозғалып аулаға жәйлап енді.

 ... Үйдің сыртқы есігін ашу үшін замоктың тесігіне кілт сұққан Наташаның жүрегі зу ете түсті. «Түнде асығып жүріп сыртқы есікті кілттеп жабуды ұмытып кеттім бе екен әлде?» Осы оймен есікті ашып, дәлізге асығыс енген Наташаның: «Ой, горе!» деп, ышқына айқайлаған қорқынышты дауысын естіген күйеуі не жағдай екенін  білмегенімен, бір сұмдықтың болғанын сезіп, үйге жүгіре кірді.

   Масқара! Үйдің іші жау шапқандай – ойран топыр. Бейберекет шашылып жатқан дүниелер. Қаңқиған мебельдердің суырмалары әр жерде шашылып жатыр. Қойма ретінде пайдаланып жүрген балалар бөлмесіндегі ертеңгісін саудаға шығаруға тиісті тауарлар жым-жылас жоқ. Бейне, жылан жалап кеткендей. Дауыс шығара аңырай жылаған күйі жатын бөлмеге жүгіре басып кіріп кеткен Наташаның күйінішті дауысы бағанағыдан да зарлы, ащы шықты:

- Ой, Сашка, алтын-күміс, бриллианттарымды алып кетіпті. Қымбатты хрусталь ыдыстарымды да жоқ қылыпты. Құдай-ау, екеуіміздің әлі үстімізге іліп үлгермеген импорт асыл киімдерімізден де дым қалдырмапты... Хайуандар! - деп, өкіре жылаған әйел жүрегін ұстаған күйі талықсып, жап-жаңа кілемнен ада болып жалаңаштанған еденге жантая құлап бара жатты...

 

                                             Үшінші тарау

 

       ...«Колька косойдың»  қаныпезерлігі, зұлымдығы мен аяусыздығында шек деген болсашы! Ол дегенің қаншық қасқырдың бөлтіріктерін қорқаулыққа үйретіп, жем табуға ауыздандырғаны сияқты, өзінің жемтіктестеріне қылмыс әлемінің қыр – сырларын, зектер өмірінің қасқырлық болмысын түсіндіріп, үйретуден жалыққан емес. СИЗО -дағы (тергеу изоляторы), түрме, зоналардағы «ұрылар заңдарын» бүге-шүгесіне шейін саналарына құйып жүргеніне біраз уақыт болған. Оның бұл тірлігін зектер арасындағы қалыптасқан тәртіп пен әдеттерді тереңдете түсіндіріп, мыйларына  сіңіріп беруді көздеген «қылмыс әлемінің бесаспап ұстазы» деуге келерліктей.  «Тәртіп» дегенде, өз «шәкірттерін» жамандықтан сақтандырып, қылмыс атаулыдан аулақ жүргізу мақсатында емес. Керісінше, қай зона «жалпы режимдегі», қайсысы «күшейтілген», қай зона «қатаң», қайсысы «ерекше» (особая)  тәртіптегі зона екендіктерін және олардың қай облыстың қай қаласында орналасқандарына шейін тәптіштей  түсіндіріп, мыйларына құйып береді. Кәдімгідей, сабақ өткізіп жүргендей, оның жемтіктес шәкірттерін баулып, болашақта тар қапастан шықпайтын «тюремщик» болуға даярлап жүрген инструктор дерсің!

          Міне, бүгін өзінің алғаш рет сотталып, түрме ботқасының дәмін татуынан бастап, түрме мен зоналарда басынан кешкендері мен көргендерін «кісі қызығатындай» етіп әңгімелеуде. Баулып жүрген бөлтіріктері  өздерінің  қатал «инструкторының» әңгімесін  ауыздарынан сілекейлері аға, аса бір қызығушылық танытып, бар ынта жігермен көңіл қоя тыңдап отыр...

        ... Жер жәннаты – Жетісудың ғана емес, қазақ елінің астанасы деп әспеттелетін әсем Алматы қаласындағы  «әсем» СИЗО - тергеу изоляторы... Мұнда өзінше бір өмір, өзінше бір тіршілік. Күніне екі рет, «шиқ» етіп ыңырси ашылған кезде жүйкені жүндей түтіп, тоздыратын темір тор мен есіктерін салдыр – гүлдір еткізіп, «қыдыртуға» шығарғаннан басқа «қызығы» жоқ өмірлерін бір сәтке болса да жеңілдетіп, сергіп қалу үшін зерігіп отырған зектердің ойлап таппайтыны тамашалары мен жасамайтын хикаялары жоқ...

... Бірде Өскемен жақтан бір жас жігіт келіп түсті. Өзінің негізі жасық па, әлде таяқ көп жегендіктен зәрезап болып, әбден қорқып қалған ба, жалтақтап, ешкімнің бетіне тура қарай алмайды. Қос жанарын жыпылық қақтырып, аяғының басына сала беретін бұл бейшараның аты, затына кереғар – Берік екен.

Жаңадан адам түссе, алыстан нағашысы келгендей қуанып, қутыңдап қалатын камераның старшойы кезекті сұрағын қойды:

- Қош келдің! Қай статья? Қандай мерзім?

- 217 статьяның 2 - бабы, 3 жыл мерзім деп, жаңа келуші жасқаншақтай жауап қатты.

- Пәлі, сол да сөз бе екен? Парашада отырып – ақ жазаңды өтеп шығуға болады! Қайта ертерек отырғызғаны өте дұрыс болған екен. Неғұрлым ерте отырғызса - сол құрлы ерте босап шығасың (раньше сядешь, раньше выйдешь) – деген «жанашыр, жұбату»  сөздер жан –жақтан айтылып жатыр.

СИЗО – ға бұрындар бірнеше рет сотталғандар да, алғаш рет түскендер де тергеу бітіп, прокурордың айыптау қорытындысы қолға тигенше бірге қамала береді. Осымен «төртінші ходкадағы», алда болар соттың үкімін күтіп отырған аласа бойлы, төртбақ келген, бір көзінің шақырайған қылилығы түсін одан бетер суық көрсетіп тұратын «лысый» кличкалы қазақ жігіті:

- Келгенің жақсы болды. Талайдан бері «свежий» қан ішпей,кенезем кеуіп жүр еді – деп, жатқан нарынан атып тұрды.

- Леха, тезірек қанын ішуіме дайында мына кешаны, шыдайалар емеспін! – деген «лысыйдың» зілді сөзінен кейін әлігі байқұста тіпті жан қалмады.

- Ой, мен қорқам. Бұрын қан беріп көрген емеспін...- деп Беріктің жыламсырағанына кім құлақ ассын, түсінің суықтығы «лысыйдан» да асып түсетін, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей Леха, бұрын түсі қандай болғаны белгісіз, қара қожалақ шүперекпен оның көздерін таңып тастады:

- Қане, үніңді шығарушы болма! Әйтпесе, «лысыйдан» кейін мен де ішем қаныңды...

Бұл «Косойдың» ең алғашқы «ходкасында» болған оқиға ғой, бұрын мұндайды көрмеген ол «шынымен қанын іше ме?» деп, қатты қорыққанынандіріл қағып тұрған ана байғұсқа іштей аяушылық білдіріп, жаны ашып тұр.

Леха Берікті төменгі қабаттағы нарға жатқызды да, екі қолын нардың екі жағына, бұлқынса шешілместей етіп байлап тастады.

- «Малый», өткір кездікті әкел!

Аласа бойлы, «қылмыскер» деуге қимайтындай он сегіз, он тоғыз жасар шамасындағы жылпос қара бала көзі таңылған Беріктің оң жақ қолының тұсына, бетон еденге қаңылтыр тәлеңкені «тарс» еткізіп қойды. Қолына қалайы қасықты алған ол соның сабымен білектегі күре тамырдың үстінен қатты батыра, кескенге ұқсатыпсызып жіберді.

Камера тұрғындарының бәрі жым – жырт үнсіз қалып, айналада өлі тыныштық орнап үлгерген ...

Сол арада оң аяғын сылтып басатын, соған орай «хромой» кличкалы Алик атты орыс жігіті темір шәйнекке дайындап қойған суын жаңағы едендегі тәліңкеге сыздықтата құя бастады. Сылдыр – сылдыр етіп аққан судың даусы Алик бар болғыры шәйнекті жоғарырақ көтере түсіп құйған сайын, тып – тын камерадағы сырылдаған судың дауысы қатая түседі. Зәресі зәр түбіне кетіп қатты қорыққанынан дір – дір етіп жатқан Берік байқұстың нардағы басы екі жаққа кезек қалтақтап:

- Болды, болды! Қаным азайып, басым айналып барады-деп, ышқына, еңкілдей жылап жатқансөзіне «лысыйдың» ызғарланып:

- Бұл қанға мен қанбай қаламын. Тағы жарты литр ағызамыз – деуі мұң екен, «қан беруші» есінен танып, мойыны ұстай алмаған басы сол жақ иығына қарай сылқ ете түсіп, жатқан жерінде бұтына сиіп-сиіп жіберді.

- Мен тірімін бе...? – Есін жиған Берік өлеусіреген дауыспен сыбырлап, аларып кеткен көздерін сығырайта ашқанда, қан тұрмақ сайтан да жоқ. Камерада отырғандардың сахнада хор айтқандай «ду» етіп, құлақ жарғандай қатты шыққан күлкісінен, камераның кір басқан қабырғалары діріл қағып, қақырап кеткендей болды...

Бұл Берік байқұстың елдің бетіне тура қарай алмай жасқаншақтауының сыры сәл кейінірек белгілі болды. Ол алдын ала тергеу кезінде аудандағы КПЗ – ға қамалғанда «стукач», яғни отырғандардың әр ісі мен айтылған құпия сөздерін менттерге астыртын жеткізіп жүрген жансыз болған көрінеді. Оның бұл қылығы көп кешікпей әшекерленіп қалады. Мұндай опасыздық пен сатқындықты зектер кешіре қойсын ба, сонда отырғанда түннің бір мезгілінде жаңағы сорлының басын одеялмен тұмшалап, ауызына шүберек тыққан зектер кезекпен зорлап, оны «теке» жасап жібірген екен...

«Текелермен» сөйлесіп, достаспақ түгіл, қол алысып амандасу, оның қалынан тамақ, кез келгензат, немесе басқадай бір нәрсе алу - «заподло» саналады. СИЗО – да олар елден едәуір бөлек, ара қашықтық ұстап, параша жақта ұйықтайды...

Міне, «мысыққа ойын, тышқанға өлім керек» дегендей, осы сияқты қызықтар камерада жиі болып тұрады. Бір айта кетерлік нәрсе, қорықпайтын, өзін – өзі қорғай алатын, намысын таптатпайтын батыл жігіттерге ондай «спектакль» жасалмайды.

Сол күннің ертеңінде камераға Талдықорған қаласынан басы қазандай үлкен, көздерінен от шашып тұрған, кісі бетіне тайсалмай тік қарайтын жас жігіт келіп түсті. Әдеттегі үйреншікті сұрақтар қойылып, ол жөнімен жауабын беріп жатыр. Төлқұжаттағы шын есімі қалай екенін кім білсін, өзі атын Марко деп таныстырды. Бұрын «малолетка» кезінде өзі сияқты достарымен біреудің қойын ұрлап сойып, бір жарым жылға шартты мерзімге сотталған екен. Шартты мерзімі бітпестен тағы да шырғалаңға ұрынып, кәмелетке толғаннан кейінгі мынау оның СИЗО-ға бірінші «ходкасы». Қолындағы прокурордың айыптау қорытындысы бойынша достарымен тағы да ұрлық жасағаны үшін осы тар қапасқа келіп отыр.

«Екеуіміз де жетісулық - жерлеспіз» деп іш тартып, кеше сыр етіп әңгімелеп берген өзінің айтуы бойынша, менттер өздері аша алмаған, бұл жасамаған қылмыстық істі мұның мойынына «іліп» жіберген. Жеріне жеткізе алмаған қылмыстық істі біреуге «іліп жіберу» арқылы «ашу» олардың үйреншікті әдісі ғой...

Бұрын сотталған кәнігі зектер қызықтап, тамашасын көру үшін жаңа түскендерді төбелестіріп қоятын да тәртіп бар. Камераластары «сап-сары» атап жүрген Сафинның да мұнда бірінші «ходкасы», Маркодан төрт - бес күн бұрын ғана осы «курортқа» түскен болатын.

Камераның старшойы оған ертеңгісін ауладағы жиырма минуттық прогулкадан келгеннен кейін:

-Қане, Сары Сафин, мына дәубас новичокпен төбелес. Көрейік екеуіңнің неге қабылеттерің бар екенін - деп, бұйрық берді де, Маркоға бұрылды. – Мына «рыжыймен» жекпе –жекке шық.

-Мен айтақтайтын ит емеспін. Тиіспеген адаммен төбелесетін әдетім жоқ.

-Ух, ты какой шустряк! Откуда взялся такой герой, что не хочет выполнять указания старших? – деп, «молодойдың» қарсыласқанына намыстанып қалған старшой оны иек астынан жуан жұдырығымен бір перді. Ұрады деп тіпті де ойламай, қамсыз тұрған жігіт шалқалақтап барып сұлап түсті.

-Ништяк! Умеешь с подтишка бить. Посмотрим кто кого...– Жатқан жерінен асықпай, жайлап тұрған ол құлаған кезде басынан түсіп қалған қалпағын жерден іліп алды да, старшойдың бетіне тура дәлдей лақтырып жіберді. Жасқанғаннан көздерін жұмып қалып, қайта аша бергені сол еді, қарсыласы оны өкпе тұсынан сол қолымен осып жіберді. «Ыңқ» ете түсіп, ауа жетпей тынысы тарыла бүгіліп қалған старшойдың екі көзінің дәл ортасынан Марко қақырата ұрды. Бұл соққыны зектер арасында «смертельный удар между глаз» деп атайды. Мұндай удар қатты және діттеген жерден ауытқымай дәл тисе, соққы алған адам өліп кетуі әбден мүмкін. Старшойдың бетон полға басымен сарт етіп құлап түскендегі дыбысты дәлізде жүрген «дубак» естіп қалды ма, бұлардың камерасы жаққа тапырлап келе жатқан дыбыс шықты.

-Атас, дубак катит! – Іште отырғандардың камера глазогынан сыртқа сығалап «атаста» тұрған біреуінің сыбырлай айтқан дауысы естілді. – Прячьте его скорее!

Екі-үш адам апыр -топыр жерде ес - түссіз сұлқ түсіп жатқан старшойды аяқ-қолдарынан ұстап, бос төсекке лақтырып жатқызып тастады да, бетін одеялмен жаба салды. Темір есікке жақындап глазоктан сығалап қараған «дубак»:

-У вас все о кей. Что за звук? – деп, камера ішін көзбен тінткілей шолып шықты. Күдік алатындай ештеңе байқалмайды.

        -О кей, начальник. У нас как всегда о кей! – деген іштен шыққан дауысты естіген ол тағалап қойған ат құсап, етігін тақылдата басып өз жөніне кетті. Есін жия алмай жатқан старшойдың бетіне камераластар суық су бүркіп, жүрегіне массаж жасау арқылы, әйтеуір, әрең дегенде «тірілтіп» алды. Сөйтіп, жаңағы себеппен жаңадан келген «новичоктар» - Марко пен «Колька косойдың» жекпе-жегі өтпей, камераластары тамаша - қызықсыз қалды. 

Ертеңінде түскі баландадан кейін бұлардың уақытша тұрып жатқан «квартирасына» шырайлы Шымкент жақтың бір дәу «новичок» түсті. Бойы соншалықты ұзын емес, бірақ кейін белгілі болғандай, жасы он сегізге жақында ғана толған, жастығынақарамастан, шымыр, денесі палуандарға тән сәл еңкіш келген, бұлшық еттері ойнап тұрған сұлу мүсінді шой қара. Кличкасы да өзінің қара аюдай дене пішініне сай - «амбал» екен.

Кешегі өтпей қалған «жекпе-жек» тамаша спектакль бүгін бәрібір өтетін болды. Ойынды ұйымдастырушы - камераның старшойы кеше өзі Маркодан оңдырмай алған «смертельный удар между глаздан» жүрегі шайлығып, беті қайтып қалса керек, оны ұрысқа шақырған жоқ.

-«Жекпе – жекке Шымкенттің жас жолбарысы «Амбал» мен Жетісудың жеткіншек жетпегірі, сап-сары Сафин шығады. «Атаста» тұру жауапкершілігі «малый» жылпосқа жүктеледі» деп, кәдімгі рингтегі реферилерше хабарлады.

Осы кезде күтпеген оқыс жағдай болды. Камерадағы алаңның ортасына үстіндегі көкшіл спорт костюмін шешіп тастап, толқынша ойнап тұрған бұлшық еттерін бұлтылдатып Марко шыға келді.

- Сафин бүгін таңертеңгі қол күресінде оң қолының буынын зақымдап алғанын барлығыңыз көрдіңіздер. Сол себепті, ол жекпе - жекке шыға алмайды - деп, камераластарының әуенінбайқағысы келгендей жан-жағына бір қарап алды да:

- Он мой земляк. Считайте, что мы братья. Я за него выйду сражаться –деп, әппақ қардай майкасын да шешіп тастаған ол қос қолын кеуде тұсына ұстап, ортада бокс стойкасымен тұра қалды.

-Дұрыс, дұрыс! Сафиннің орнына Марко шықсын!

-Дәубас жөн айтып тұр. «Сап-сарының» ауырған қолы ұрысқа келмейтіні рас. Шымкенттік гладиаторға қарсы Марко шықсын! - деген дауыстар әр жерден естілді. Ендігі сәтте қарсыластар бірі – біріне баяу жылжи келіп, ата жауын көргендей түйіле қарап тұр.

Шырайлы Шымкенттің жігіті де көшенің групповой ұрыстарының, жекпе-жек шайқастарының талайын көрген әккі қу болса керек, жауынгерлік стойкамен сақтана басып, қарсыласына жақынырақ келді. Енді бір сәтте, соншалықты қатты айқайламаса да, «а-а-аһ» деген ащы дауыспен ауаны жаңғыртқан бойы көз ілеспес жылдамдықпен секіріп барып оң аяғымен Марконың кеңірдек тұсынан тепті. Оң жаққа қарай шапшаң бұлт ете еңкейіп үлгерген жетісулық жігітті, соққы тиген жағдайда оңдырмай, жазым етуі айдан анық. Салмақты да, қатты бәтіңке иек тұсынан зу етіп өте шықты. Сол мезетте шалт қимылдап, өзінің үйреншікті тәсілі бойынша сол қолының тастай болып түйілген жұдырығымен қарсыласын өкпе тұстан оңдырмай түйіп жіберді. «Ыңқ» еткен ащы дауыс естіліп, бүгіліп, бойын жаза алмай қалған қарсыласын іле - шала ес жидырмай соғудың орнына, Марко екі алақанын жоғары қарата қимылдатып, өзіне деген аса бір сенімділікпен: «Даю тебе возможность, давай, продолжай!» деп сыбыр етті. Сол арада шымкенттік «амбал» екі иінінен ентіге дем ала, бүгілген белін жазды да, қайта шабуылға ұмтылды...

Осы кезде шухерде тұрып бір көзі ұрыста болса, екінші көзімен дәліздегі дубактың қимылын аңдып тұрған «малыйдың»: «Атас, дубак!» деп сыбыр ете түскен дауысы естілді. «Гладиаторлар» да, ұрысты тамашалаушылар да жалма-жан стол үстінде бей - берекет шашылып жатқан доминоларды қолдарына ала қойып, кір - қожалақ, отырар бетіне шимайлап әртүрлі есімдер жазылған арқалықсыз орындықтарға түк болмағандай, тойған қозыдай моп-момақан кейіпте отыра – отыра қалысты. Есікке таяп келіп глазокқа үңіле қараған дубак: «Е, отырсыңдар ма рахаттанып?» дегендей, менсінбеген кекесін күлкімен езу тартып, келесі камераларды бақылау үшін әрі қарай аяңдай жөнелді.

Дубак кетісімен шухердегі «малыйдың» ымдап, «кетті» деген белгісі берілісімен жекпе – жекшілір ортаға шығып «боевой стойкаларына» тұра қалды.

Бұл жолғы шабуылды да «шырайлы Шымкент» бастады. Бокстағы қозғалыс тәсілмен қарсыласына ырши жақындап, солақай қолымен бетті көздеген алдамшы қимыл жасап, іле-шала оң қолымен Марконың сол жақ жағынан «крюк» әдісімен соқты. Бұл жолы ол бокстағы еңкейе бұғу әдісімен емес, сол қолын соққы жасалған жағына төсей қойып, удардан «блок қою» әдісімен қорғанды. Сол ұмар –жұмар болған кездегі ара қашықтық жақындасқан сәтте Марко қарсыласының мойынынан қос қолымен ұстай алып төмен қарай тұқыртты да, көз ілеспес шапшаңдықпен шымкенттік шатақ жігіттің бетінен қазандай басымен қақырата соқты. Соққы тиген сәтінде ауызынан қою қара қан бұрқ ете қалған қарсыласы еденге сұлап түсті. Артынша, жатқан жерінде, ауызында сылдырлап жүрген алдыңғы екі бірдей тісін қанмен бірге түкіріп тастады...

Кейіннен Сафин Маркоға: «шындығынайтсам, сол жекпе-жекке менің орныма сен шықпағанда, мен жалғыз қолыммен айқасып, жеңіліп қалар едім. Ал: «қолым ауырады» деп, ұрыстан қашқақтауға тағы болмайды. Олай етер болсам, маған қазіргі «вор в законе», атауы емес, «қорқақ» деген қара таңба өшпестей басылып қалар еді. Рахмет, досым, сен мені үлкен абыройсыздықтан сақтап қалдың. Сенің бұл жақсылығыңды өмірі, өлгенімше ұмытпаспын» деп, Марконы тарамыстай мықты құшағына алып қатты - қатты қысып, алғыс айтқан болатын.

Жерлестік пен достыққа адал Марко пен қитар көз сары Сафинның, Алматының СИЗО – сында бірге отырған сол күннен бастап, Маркоға «дәубас», Николай Сафинге «Колька косой» кличкасы берілген еді...

 

 

...Ақша төлеп жалдаған адвокаттан да еш қайыр болмады. Баяғы ата – бабамыздың кезіндегі қара қылды қақ жаратын әділ би, яғни әділетті сот қайда осы күні... Қорғаушының қаншама анық айғақтары мен дәлелдері кәперге де алынбай, Марконың мойынына менттердің қолдан құрастырып қойған «айыбын», қала прокуроры да қолдап, бекітті. Соның нәтижесінде, міне, СИЗО – ның жамбасқа тастай болып бататын темір нары меншікті төсегіме айналды...

«Құдай – ау, біреулердің жасаған ұрлық қылмысын ашуға қабілеттері жетпей, оң-солын тани қоймаған менің обалыма қалып, жас өмірімнің быт-шытын шығарып, болашағыма балта шапқандарын қайтейін. Рас, өзім де «періште» емес екенімді білемін. Он төрт жасымда балалықпен«көше достарыммен» біреудің қорасына түсіп, бір қойын жетектеп алып кетіп сойып алғанымыз үшін шартты түрде жаза алдым. Қолыммен жасағанымды мойыныммен көтерген менің ол жазаға «кінәм жоқ еді» демеймін. Бірақ, өзімді өзім қорғай алмайтын жас, білімсіз болғандығымнан, осы қылмысты аша алмай қауқарсыздық танытқан менттер өздерінің «шкурасын» сақтап қалу үшін мені құрбандыққа шалған әділетсіздіктеріне, әділетсіздік қана емес-ау, ұятсыздықтарына не дейін, не дейін...

«Әділеттің ақ туын желбіретуші» соттың «әділетті» Үкімі шығып, үш жылды иыққа арқалап, міне, әсем Алматыныңанау-мынау емес, бақандай күшейтілген режимдегі 14 – ші «әсем» колониясына топ ете түстім.

...Шіркін, бостандықтың қадірін жайшылықта біле бермейді екенбіз. Алтыннан бір де кем емес байлық екен – ғой! Колонияны зектер қысқаша «зона» деп атайды. Міне, сол 14-ші колонияға этаппен айдалып келдім. Зонаның өндіріс аймағында екі ауысыммен, бостандықта өзіміз үйде күнде көріп жүрген шифонер, трельяж, тумбочка, диван сияқтыжиһаздар шығарумен айналысып жүрміз.

Әр бригаданың күндікте орындауғатиісті нормасы бар, соны өл – тіріл, орындауға тиіссің! Бұл «курорттың» берер тамағы белгілі – ғой. Жақсы қожайынның иттері біз ішетін «баланданы» бір иіскеген соң ішпей, теріс айналып кетері анық! Аптасына екі рет балықтың сорпасын (балық ухасы) беретін күндері асхананың стол басы тұрғындарға толы болады. Басқа уақытта адам аз. Әсіресе, бұрыннан отырған «тұрғындар» уха берілмейтін күні жанындағы зектерден өзіне тиесілі нанын – поёгын алғызады да, тамақ ішу үшін асхана жаққа аяқ баспайды.

Зектердің екі, не үш адамнан «семейка» болып тіршілік ететін тәртібі бар. «Семейка» дегенде басқаша жаман ой туындап қалмауы тиіс, сырттан келетін «передача» - тамақ, темекі сияқты ішіп – жемдері, іштегі сырлары ортақ олар кино болған күндеріәңгімелесіп бірге барады, кешкі тексеріске дейінгі бос уақытта бірге қыдырады.

«Жең ұшынан жалғасу» деген өте өркендеп тұрған «жаман ауру - дерт» ол жерде дебар. Сырттан жасырын ақша кіргізіп, ішкі тәртіпті бақылайтын «дубак» - бақылаушылар арқылы екі есе бағасынаарақ алғызып ішу дәстүрі сол кезде де дәуірлеп тұр екен. Тек бұрыннан отырған сенімді адамдар ғана «дубактармен» келісіп, арақ алғызу мүмкіндігі бар. Әркімге сене бермейтін оларың «екі қарап, бір шоқитын сауысқанша» сақтықпен қимылдап, біз сияқты «новичоктармен» сөйлеспейді.

«Семейкадағы» екі досыммен «запретный плод слаще» деп біздің орекеңдер айтпақшы, қаңылтыр банкіге жиһазға арналған лакты құйып, оған тұз салып жиі араластыра отырып, тұнған соң, әкеміз арақтан өлгендей, арақ орнына сол сасық құрығырды да ішіпкөрдік-ау! Градус-күші жаман емес, каифты жақсы береді. Тек, ішкеннен кейін бір аптадай жүрек айнытар дәмі кекірген сайын аузыңнан кетпей, дәретханаға барып отырғаныңда да лактың исі лоқсытып – лоқсытып, құсқыза жаздайтыныжаман. Бір рет ішкеннен кейін ол құрығырды аузыма алмай кеттім. Құрысын, қазір ойлаймын: «ит екеш ит те ұрттамайтын атың өшкір сол жынды судыішпесек те өлмес едік – қой! «Дубактарға» ұсталып қалсақШИЗО – ға бірнеше тәулікке қамалып, сорымыз қайнаған болар еді...

Аптаның жексенбі күні – асыға, зарыға күтетін демалысымыз. Жаз айында зектер зонаның шет жағына орналасқан екі қабатты моншаның жайдақ төбесіне шығып алып, денелерімізді сулап, алтын сәулелі күннің шуағына қыздырынамыз. Жатаған төбеде жүрген бізге тікенек сыммен қоршалған дуалдың үстінен жергілікті тұрғындардың жүрген--қырқынды тіршілігін көріп, ішің қазандай қайнайды – ау, шіркін!

«Әттең, қанаты бар құс болсам, алысқа ұзамай-ақ, қала үстінен біраз самғап, шарлай ұшып, бостандық өмірдің дәмін бір сәтке болса да татып, қайта оралар едім» деген ойдың өзінен жүрегің дүрсілдей жиі-жиі соғып, көңіліңді ауыр мұңның тұманы басып кеткенін сезбей қалады екенсің...

Түрмеде отырып шыққан кейбір мақтаншақ бөспелердің:

«Я в зоне жил как король» деп, ауыздарынан көбікті көпірте, өтірік мақтанып сандырақтайтынын қайтерсің. Атасының басы! Бас бостандығыңнан асқан байлық жоқ екендігін тікенек темір сымның ар жағында зарығып, түрменің быламық – ботқасының тұщы дәмін татқанның бәрі бес саусағындай біледі. Біле тұра жаңағыдай өтірік сандалма сөзді мақтаныш үшін айтады...

Қазақтардың: «Құдай айдаса бармассың, дәм айдаса қалмассың» деген өмір тәжрибесінен алған өте дұрыс айтылған тәмсілін естіген едім. Мен дегенің, міне,сотты болып, ойламаған жерден, еш жазықсыз түрме дәмін татып, «бостандық» атты нағыз байлығымнан айырылып жүргенім мынау...

«Тек жүрсең –– зак» аталатын

       «Этап» дегеннің өзі бір қиямет қайым. Ми айналдырар ыстықта поездың зектерге арналған вагонына бөшкеге нығыздала салынған «селедка» балықтай тиеп тастайды. Тамақты былай қой, су ішу, дәретханаға бару дегенің қиынның қиыны. Дәрет қысып сұрансаң:  «шыда, сен курортта жүрген жоқсың!» деп, зірк-зірк еткен жауап естисің. Шыдамай, тағы да қайталай сұрансаң, екі-үш «дубак» қолыңа кісен салып, бос келе жатқан «запасной» вагонға апарады да, енді сұранбастай етіп тепкілеп, төмпештеп жібереді. Мұндай «тәрбиелеу» шарасынан өткен жан бұтына жіберіп қою қауіпі төніп турса да, екінші қайтара дәретханаға сұрануға зауқы соқпас...

         Зіркілдеп адамды қорлау, ауыз ашар болсаң балағаттап, тепкілеп тастау оларға түк те емес. Мұндай заңсыздық овчарка иттері арпылдап, босатса жеп қоярдай жұлқынып тұратын этаппен айдау кезінде ғана емес, тергеу изоляторындағы, түрме мен зонадағы қалыпты жағдай. Құдай басқа сала көрмесін, дос түгіл дұшпаныңа да тілемейтін қиямет-қайым. Сен бірнеше рет сотталған «Құдай атқан» рецидивист бол, немесе шалт басып, қателесіп түскен жөні түзік адам бол, олар үшін бір-ақ өлшем – сен зексің. Болды, бітті! Әсіресе, басқасы басқа, менттер мен дубактардың сені адам құрлы көрмей, моральдық тұрғыда қорлауы – жаныңды жаралап, жүрегіңді жарылғалы тұрған шиқандай сыздатып жібереді» - деген сансыз ойлардан Марконың басы ауырып, жүрегі сыздап кетті...

                                    

                                    Төртінші тарау

                                      

       ... Этаппен итшілеп жете салысымен, «сатып алушылар» да даяр тұр екен, топ-топпен «Водстрой», «Сельстрой» мен «Промстрой» трестеріне қарасты ПМК, СМУ – лардың өкілдері «химиктерді» тізімге алып, бөліп – бөліп әкетті. Марко «Водстройдың»  ПМК – 17 кәсіпорнына бөлінді. Зектер өмірі белгілі ғой, арақ ішпесе, асқазандарына ас батпайтын (әрине, ішінара болса да, «ақаңды» ауызға татып алмайтын жандар кездеседі, бірақ ондайлар арпа ішіндегі бір бидай сынды өте сирек қой), ал ол құрығырды ішкен соң, «Сырдың суы сирағынан келмейтін» батыр болып кететіні бар емес пе?! Ондай сәтте, әйда, «разборкаға» кіріседі. «Разборканың» арты ұрыс, төбелес. Міне, сондай кикілжіңнен аулақ жүру үшін ол ПМК мен арнайы комендатура басшылығының рұқсаты бойынша қаладағы біреудің жекеменшік үйіне пәтер жалдап тұрып жатыр.

     «Шіркін, бостандық – ай десеңші! Елден, жерден жырақ жүріп, туған – туыс, дос – жарандарыңды сағынсаң да, «химия» деп (вольное поселение) аталатын бостандықта ел қатарлы еңбек етіп, тиесілі жалақыңды аласың. Жұмыстан соң киноға барып демаласың ба, спортпен шұғылданасың ба, достарыңа барып қыдырасың ба – бәрі өз еркіңдегі тіршілік қандай рахат, қандай ғанибет! Сені адам орнына санамай зіркілдеп, қоқаңдайтын «дубактар», «строиться на проверку!» деп, жиі жүйкеңе тиетін саңқылдаған бұйрық, сені жеп қоярдай жұлқына арсылдайтын тістері ақсиған овчарка иттер жоқ. Тек жұмысыңды дұрыс істеп, айына бір рет қана «спец комендатура» атты ресми мекемеге ат басын бұрып, «мен бармын, қасқыр жеп кеткен жоқ» деп, журналға белгі соқтырып отырсаң болғаны.

       ...Ойпырым – ай, «абақты, түрме, зона» дейтін құрығырларың өртейтін оты жоқ демесең, нағыз тамұқтың өзі – ғой! Әбден зәрезап болатындығың соншалықты, сонда бастан кешкендерің бостандық өмірде жиі түсіңе кіреді. Сені милиция, «дубактар» қуып, қай тесікке кіреріңді білмей, қашып жүресің. Немесе, түсіңде түрмеге қайта түсіп, темір тордың ар жағында отырғаныңды көріп: «Құдай – ау, тағы да қиямет өмірдің басталғаны ма? Бұдан  құтылып шығар күн туар ма...?» – деген қорқыныштан қара терге түсе малшынып, шошып оянғаныңда: «е, түсім екен-ғой» деп қатты қуанып, тәубаңа келеді екенсің. Ия, құдыреті күшті Құдайым «бостандық» атты алтынға да айырбастауға болмайтын басты байлықтан еш адамды, ешқашан айыра көрмесін!» деп Марко терең ойға беріліп отыр.

        ...Әй, тіршілікте  көптеген адамдарды себепсіз алыстырып – жұлыстырып, «мен сенен күштімін» деген түкке де қажеті жоқ даңғойлық пендешілікті-ай! Кеше ғана бір зонада отырып, ортақ дастарханнан ит ішпес баланданы жеп, тар қапаста бірге жүрген бейбақтарға сол өмір сабақ болмаған екен. Мұнда келгеннен соң, әйда, әкелері арақтан өлгендей  ішуге кірісті.  Бұрыннан әуестігі барлар, қайдан тауып алатындарын кім білсін, «шөп тарту», аптекалардан тиісті бағасынан қымбатырақ ақша төлеп сатып алатын  рұқсат етілмеген таблеткаларды ішу «өнері» басталды. Оның арты «разборкаға» ұласып: «Ты повязку носил», «Ты был СВП – шником» деген сияқты бықсық сөздер айтылады. Құр сөз айызды қандыра қойсын ба, соңы топ-топ болып төбелесумен аяқталады. Әсіресе, әр айдың ортасы мен соңындағы аванс пен айлық жалақы алған кездері ұрыс-төбелес көбейіп кетеді. «Химияға» шыққандарына екі ай да толмай жатып, еңбек тәртібін бұзғандары үшін «возвратқа» үш жігіт кетіп үлгерді.

       «Возврат» дегеннің өзі өте ауыр жағдай. «Химияда» жүргеніңе бір-екі ай болды ма, жоқ екі-үш жыл өтті ме, жұмысқа шықпай «прогул» жасау, төбелес, немесе басқадай бір режим бұзу фактілер орын алса, «химияда» болған уақыт есептелмей, «родной» зонаға қайтарып жібереді. Яғни, «химияға» шыққанға дейінгі өтелмеген мерзім мойында толық сақталады. Ал, енді бұл жерде қылмыс жасап, қайтара сотталған адамға, сот кескен жазаға бұрынғы өтелмеген мерзім қосылып, масқарасы шығады. Құдай сақтасын, осындай жағдаймен, қосымша мерзім жамап, сорлап жатқандар да бар.

       ... Алматы қаласындағы 14 – ші колонияда екі жыл бірге жүріп, тіпті бір  «семейкада» болған Савостин Валера мен Миша Капустин атты екі дос арнайы (спец) комендатураның рұқсатымен қалада пәтер жалдап тұрып жатқан. Ондағы ойлары: айқай-шу, разборка, ұрлық, ұрыс – төбелес сияқты келеңсіздіктерден аулақ жүрсек деген сақтық болатын. Бірақ іс жүзінде бәрі кері шықты. Бұл екеуінің пәтеріне жергілікті тұрғын - Ким Валя деген кәріс қызы келгіштеп кеткен. Солармен бірге арақ, тамағын ішіп, кейде көңілі түскен кезде  кір – қоңдарын жуып беріп жүр. Ол бар болғырың басқы уақыттарда Валерамен төсектес болып, кейінірек оның тойымсыз ләпсісі Мишаға да ауады. Әйелдің біреуге көңілі ауса, ойындағысын орындамай тынушы ма еді?!

        Күн батуға айналған апақ-сапақ уақыт. Валера «жерлестеріме барып келем» деп, қалаға таяу Балықшы атты ауылға кеткен-ді. Жігітінің үйде жоқ екендігін көрген кәріс қыз қылмың қағып Мишаға жұғысып, күйлеген тана құсап сүйкене бастады. Әзілдеген болып жігіттің ернінен «шөп» еткізіп сүйіп алды. Михаилдан батыл қимыл байқалмаған соң көзін сүзе қарап:

       -Михаил, мен сені қызықтырмайтын соншалықты сүйкімсізбін бе? – деп орындықта отырған жігіттің тізесіне мініп алды.

       -Қой, Валя, Валера досымнан ұят болады, бұлай ету жарамайды.

        -Ол менің күйеуім емес қой. Маған сен көбірек ұнайсың...

        - Күйеуің болмағанымен, сенің жігітің. Ертең оның бетіне мен де, сен де қалай қараймыз. Достар арасында ондай сатқындық пен опасыздық болмауы тиіс – деген жігіттің бетіне қарап:

        -Үйіңе мейман болып келген қызды виномен сыйламайсың ба? Бұрындар қонақжай сияқты едің ғой-деген қызға Миша да:

       - Это уже другой разговор. Конечно же я тебя угощу - деп, тоңазытқыштан бір шиша «портвеин» шығарды.

        -«За вашу дружбу», «за наше здоровье» десіп, бір түгіл, екі шиша шарап ішілген соң, әңгіме әуені өзгеріп сала берді. Қылымсып, сықылықтай күлген кәріс қыз жігіттің қойынынан бірақ шықты...

       Ертеңінде түске таман қонақтан қызыңқырап келген досына Михаил ұяла қызарып болған жайды айтып берді:

       -Валера, мы с Валей вчера тебя предали. Прости...

        -Ничего страшного. Я сам несколько раз замечал, что она на тебя свои наглые, блядские глазки ставила. Притом, она же мне не жена. Так что нам обеим хватит – деп қарқылдап күлген де қойған.

       ...Енді Валя жәләп екеуімен бірдей, Валера жоқта Мишамен, ол жоқта Валерамен ойнап-күліп, тойымсыз ләпсісінің құртын басып жүр. Екі дос бірі - бірінен сырларын жасырсын ба, Валяның төсек үстіндегі белсенділігін, қызуқандылығы мен тойымсыздығын бірі - біріне айтып, өзара күлісіп қояды. Бірақ, олай мазақ етулерін  жәлап қызға сездірмейді. Содан айдың ортасында екі дос аванс алып шала байыған күні үшеуі үйреншікті әдеттері бойынша жетім қыздың тойындай «пьянка» ұйымдастырмай ма...

         Түн жарымына шейін ішіп, арақ әзәзілдің уына әбден масая есірген Валера себепсізден себепсіз, әлде іштей, жандарында жатқан жәләп қатынды қызғанды ма екен, стол үстіндегі ас пышақты қолына алды. Масайып ұйықтап кеткен Миша «досының» ішіне үш жерден пышақ салды да, өзі де түк болмағандай, қалың ұйқы құшағына орана берді. Қызыл қанды көрген шала мас Валя «жедел жәрдем» шақырудың орнына оқиға болған жерден қашып кетті. Әттең, әкең аузын ұрайын, кәріс қыз дереу дәрігер шақырғанда, көпшіл, әзілқой, әлденеге қысылған достарынан еш көмегін аямайтын аңқалақ Миша аман қалар ма еді, әлде?! Қызыл қаны фонтан болып шапши атқылақтаған жігіт қансырап жатып жан тапсырды...

       Таң аппақ боп атқан кезде үйдің иесі пәтер жалдаушы жігіттердің  біреуінің ес - түссіз қорылдап жатқан ұйқысын, екіншісінің қызыл қанға боялып жатқан өлігін көрді. Әрине, милиция мен «жедел көмек» дәрігерлерін шақырды. Бірақ, олар келгенде, «болар іс болып, бояуы сіңіп» кеткен еді.

         Сөйтіп, ата-анасына, іні-қарындастарына аман-есен барып, қуанышпен қауышуды қалап жүрген есіл ер қапыда, бір жәләптің ылаңынан жазықсыздан жазықсыз мерт болды.

        Марко - Марат осы «химияда» жүрген кездегі разборка, төбелес, ақыры, міне, кісінің қаны төгіліп, жас жаны қиылған келеңсіздіктердің бәрі аванс пен айлық ақша берілген күндері, соған сәйкес арақтың суша ағатын күндері болатынын байқап жүр.

        Тағы бір сондай айлық алған күніндегі кісі өлімі Атырау қаласының солтүстік жағындағы «церковь аумағы» аталатын  аймақта орын алды. Сығырайған бір электр шамы жоқ көрдей қараңғы көшеде көрдей қараңғы түнде біреулерді тонап кету, тепкілеп тастау, жалғыз жарым жүрген қыздар мен әйелдерді шыңғыртып тұрып зорлап кету жиі болып тұрады...

       ... Тағы бір сондай өлім - айдынды Алакөл ауданының төл тумасы, Ақсудың құрылыс техникумын тәмамдап келген соң, аудан орталығындағы ПМК мекемесінде бригадир, мастер, сәл кейінірек прораб лауазымында әжептәуір қызмет істеп жүрген Василий Горностаев атты жігіттің жан түршігерлік өлімі.

        Атам қазақ: «Бақыт біреуге тауып қонады, біреуге ауып қонады» деген тәмсілді қалай дәл тауып айтқан десеңші! Сол айтқандай, бақыттың оған ауып қонғаны болар, қолында құрылыс материалдары жеткілікті болғандықтан, небәрі жиырма төрт жасында тұрмыс-жағдайын әдәуір жақсартып алды. Ұнатқан қызына үйленіп, өздерінің жеке меншік үйлерінің құрылысын бастап кеткен атпал азамат арақ атты әзәзілмен ерте әуестенді. Сол арақтың кесірінен, өзі еңгезердей, дене күші де жеткілікті Василий еш жазығы жоқ біреумен төбелесіп, орта деңгейдегі дене жарақатын  салғаны үшін үш жылға сотталып тынған болатын.

       Гурьев (қазіргі Атырау) қаласындағы «химиядағы» тиісті мерзімін аяқтауға жақындап, бүгін-ертең туған жеріме қайтам деп, «дембель» шабаданын дайындап қойған Васяның ойы іске аспады.

        ...Тағы да сол айлық жалақы алып, жұмыстан үйлеріне қызметтік грузтаксимен   келе жатқан Василий мен онымен бірге істейтін Қазтай екеуі «Гурьев» рестораны тұсынан түсіп қалды. Сонда ішіп, әңгімелесіп отырған кезде, Қазтайдың  алты бірдей серігі, кейін сот процессінде белгілі болғандай, «химиктер» оларға қосылады. Василийдің «дембелін» жуып, біраз қызғанда рестораннан бәрі бірге шығады. Содан кейінгі жағдай белгілі, шіркеу маңында болған өмір үшін арпалыс...

       «Дене күші» демекші, кейін сот - медициналық экспертизаның қорытындысында көрсетілгендей, Василийдің арқасына жеті жерден, жүрек тұсының үш жерінен пышақ салынған. Алайда оған ажал бұл жарақаттардан емес, маңдай сүйегінің ішке қарай опырылып сынуынан келген екен. Марқұмның екі алақанында да пышақтың тіліп-тіліп кеткен айқұш-ұйқыш іздері. Соған қарағанда, жан шіркін тәтті ғой, марқұм алысып, қатты қарсылық көрсеткен сияқты. Қаныпезерлердің ішіндегі Қазтай  құрылыс мекемесінде Васямен бірге істейтіндіктен, сол күні оның өзіне тиесілі айлық жалақысын  қолға алғанын, әрине, білген. Тонау мақсатында шіркеу маңында шабуыл жасағандар ертеңінде - ақ ұсталып, абақтыға қамалды. Бәрі алақандағыдай анық, белгілі жағдай емес пе, тергеу тез аяқталып, сот процессі де тез – бір ай шамасында өтті.

       Тұтқындалған қанішерлердің біреуі сот процесі кезінде:

         -Пәлекетің мұншалықты күшті болар ма. Өзі екі иығына екі кісі мінсе сиып кетерліктей еңгезердей бұқа ғой. Жеті адам жеті жақтап оны жерге жыға алмадық. Ұрып-соғып, тепкілеуімізге бой бермей, қатты қарсылық көрсетті. Қаншама рет пышақ салсақ та құламай, ақыры сытылып қашып шығуға айналды. Тіпті, болмаған соң мен анадайдағы үй қоршауынан білектей бір жуан сойылды асығыс жұлып алып, жүгіріп келген бойда маңдай тұсынан құлаштап тұрып соқтым. Сонда да ет қызуымен біраз қарсылық көрсетіп, әлсіреген кезде ғана, сылқ етіп құлап түсті - деп, бүге-шүгесіне шейін қалдырмай айтып берді.  

       Бетсіз - ай, жүзі шылп етпей, кісі өлтіріп емес, дәп бір Отаны мен елін қорғау жолында үлкен ерлік жасағандай әңгімелеп тұр...

       Ия, марқұм Вася Горностаев Алматының 14 – ші күшейтілген режимдегі колониясында тоғыз ай отырған соң, бағына қарай ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығында көрсетілген шарттарына оның сотталу статьясы сәйкес келіп  Марколармен бірге Атырау қаласына «химияға» жіберілген болатын. Екі жылдан астам уақыт бригадир болып жақсы еңбек етіп, сот кескен мерзімінің аяқталуына алты күн қалғанда ажал құшты. Вася марқұм өлерінен бұрын Асан, Болатбек, Шаяхмет, Сәмет деген достарына: «Уже купил дембельский чемодан с крокодиловой кожи. На днях с зарплаты и расчета куплю себе новые шмотки и гостинцы. Скоро мне домой, а вам беднякам еще пахать да пахать» деп жымысқылана күліп, әзіл-шыны аралас мазақ еткені бар. «Крокодиловая кожа» деп әзілдегені ғой, әйтпесе аптаның бір де бір күні, атың өшкір арақ құрығырдан ауызы құрғамайтын «химиядағы» зекке ондай атты байлық қайдан келсін?!

       Бұл құдіреті күшті Құдайдың әмірін қойсаңшы, Вася жарықтық сүйтіп, ата – анасының қара шаңырағына жаңа «шмотка», «гостинцымен» емес, жаңадан  сүргіленген тақтайдан шегеленіп жасалған жаңа ағаш табытта, осы жаңа ғана ұйқыға кеткен жан сияқты моп - момақан күйде жеткізілді» деген сананы сансыратқан сансыз ой құшағына оранған Марко жасаураған қос жанарын  қабырғадағы бір нүктеге қадаған қалпында ауыр күрсініп салғанын өзі сезбей қалды...

 

                            ххххххххххххххх

 

            Күн жексенбі. Көгілдір көктемнің жанға жайлы ауа райы бойға қуат беріп, сәулеленіп тұрғандай. Шырайлы шуағын шашып, айналаны нұрға бөлей түскен алтын күн тас төбеге көтерілген шақ. Бүгін кешірек тұрып, айнадай жарқырап жатқан Жайық өзенінің сағасына жәйлап басып келген Марко спорт футболкасын шешіп, кеудесін жалаңаштады. Енді бір сәтте буылтық-буылтық болып, Жайықтың бетінде жыбырлай ойнаған толқыны сынды бұлшық еттерін ойнатып дене қимылдарын жасауға кірісті. Бұл - оның көктем шығысымен, Атырау қаласын қақ жара ағып жатқан Жайық өзенінің  шағын ғана сағасы - Перетаска аталатын каналының бойына келіп денешынықтыру жаттығуларын жасауды әдетке айналдырған тіршілігі. Қазақ жерінің бір табиғи байлығы ғана емес, көркі, бренді саналатын, айналайын, асау да, жалпақ Жайық Атырауды қақ жарып ағуы арқылы қаланы Европа және Азия етіп бөліп, марқая шалжиып, жәйімен, өзіндік сәнімен ағып жатыр.

Ия, Атырау қаласы географиялық орналасуы жағынан Европа мен Азия құрылығын бірдей жайлап жатыр. Қазақ жеріне құдіреті күшті құдайдың берген бұл да бір  ерекшелігі дегеніміз жөн шығар...

        Жергілікті жұртшылық Перетасканы канал деп емес, «өзен» деп атап кеткен. Өзеншенің жағасындағы көгілдір жапырақтарын төгілдіре, сонау кәрі Каспий теңізі жақтан соғатын жанға жайлы баяу желімен жайқала тербелген үйеңкі, талдардың аясында дене жаттығуларын жасаған қандай рахат! Артынша өзеннің салқын, денеге майдай болып, жайлы тиетін суына жуынудың жанға сыйлар ләззатын осы суға жуынып, шомылған адам ғана сезері анық!

       ...Демалыс күнді пайдаланып, өзіне қажетті оны-мұны заттарын алмақ болған Марат базардағы қаздай тізілген қатарды жағалап келеді. «Менікін ал!», «Мына товардың сапасы жақсы» деп өз заттарын өткізіп жіберуге тырысқан саудагерлерден керек-жарағын алған жігіт қолындағы затқа толы қомақты пакетімен базар аймағынан жәйлап шыға берді. Талайдан бері «алу керек» деп жүргенімен, базарға барудың реті бүгін ғана түскен. «Сабақты ине сәтімен» демекші, өзіне керек дүниелерін сәтімен алуына жанға жайлы ауа райы дөп келіп көңілденген жігіттің көңілі көгілдір көктемдей жадырап, қуанышы қойынына сыймай:

         «Жүрегім жыр толғайды, көңілім ортаймайды.

          Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп баяу, ыңылдай әндетіп келе жатыр.

       ...Арт жағында әлдебіреулердің тапырақтай жүрген аяқ дыбысы естіліп, үш бірдей жігіт оның алдын кес-кестеп тұра қалды. Ішіндегі толықша келген, ұзын бойлысы бұйрық райлы дауыспен:

       -Кеша, бас ауырып тұр. Похмельге бірдеңе қалдырып кет – деп, мысқылдай жымиды. Қасындағылар да мазақ қылып, қаптаған қара қарғаларша қарқылдай күліп жатыр.

        -Жігіттер, мен ешкімге берер борышым жоқ. Сендерге ақша беруге міндетті емеспін.

         -Қарай көр мына вонючий козелды – деген жаңағы «дәу» Марконың иығынан ұстап, өзіне қарай тартып қалды.

         -Ты за свои слова отвечаешь? А ну, повтори!

         -Отвечаю...Вонючий козел...

          Ауызын жиып үлгермеген «дәу» не болғанын түсінген де жоқ. Зектер арасындағы ең ауыр сөзге өлсе шыдасын ба, намысқой  Мараттың оң қолмен қарсыласының сол жақ жағынан қақырата ұрған соққысынан қара жерге ес - түссіз «гүрс» етіп құлап түсті.

Сол арада қайдан сап ете қалғанын, милиция формалы екі  – бір капитан мен аға лейтенант погонды жігіттер жетіп келді.

Адамды не үшін соқтың? Жауап беруге бөлімге бізбен бірге жүресің –

деген капитан шендісі Марконың қолына кісен салып үлгерді. Екіншісі шаң жерде қозғалмастан ыңырсып жатқан «дәуді» сүйемелдеп тұрғызды. Жақ сүйегі сынып кетіпті, салқылдап тұр.

        -Мен кінәлі емеспін. Бұлар мені қорлап, маған жабылып  шабуыл жасады. Бар болғаны мен өзімді қорғадым...

        ...Бұл пәле дегенің ойламаған жерден, аяқ астынан келе қалады екен-ау! «Мергеннің басуына құланның қашуы» демекші, жаңағы оңбай таяқ жеген жігітсымақ Балықшы аудандық Ішкі Істер бөлімінің бастығы, милиция подполковнигінің туған жиені болып шықты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің «Перевышение необходимой обороны» бабымен Маркоға қылмыстық іс қозғалып, сол күні – ақ темір торға қамалды.

       «Күштінің арты қашанда диірмен тартқан емес пе?!» айналасы бір ай уақыт ішінде тергеу, тексеру аяқталды. Артынша сот процесі де өтіп, «Новые приключения Шурика» кинофильмінің геройы Вицынның «Да здравствует Советский суд – самый гуманный суд в мире» дегеніндей, қазақтың «әділ – әсіре гуманный» соты тұзы жеңіл Мараттың мойынына екі жарым жылды «мейірімділікпен» іле салды. Бұған қоса оның бұрынғы мерзімінің өтелмеген екі жылы қосылып, барлығын есептегенде төрт жарым жыл мерзімді қатаң режимдегі еңбек түзеу колониясында өтеуге үкім шықты. Ал ендеше! Тергеу кезінде тергеуші – капитан шенді қазақ жігіті көп күлтектетпей, ашық та, анық:       

       -Бұл шаруаны сенің пайдаңа реттеу үшін «бір дөңгелек» керек. Бірақ, сенің жағдайыңа қарап, «бір дөңгелек» емес, бес жүз сомға түсіру мәселесін тиісті адамдармен «железно» келісіп қойдым – деп, «гумандық» танытқан. Бірақ, Марко совхозда бас зоотехник болып қызмет істейтін, малдың арқасында ақшасы да жеткілікті, бірақ темір, тас сынды суық, мейірімсіз әкесі Теміртастың: «Мен саған қылмыс жасап соттал дегем жоқ. Өзің істегеніңді өзің мойыныңмен көтере бер» деп, бес жүз сом тұрмақ, бес сом, тіпті, бес тиын да бермейтінін біледі. Сондықтан, ақша дәметіп, тәбеті ашылып тұрған тергеушіге:

        -Ату жазасына кескізем десең де, сендерге берер соқыр тиыным да жоқ. Білгендеріңді істей беріңдер! – деп қитыға жауап қатып, теріс айналып кеткен.

      «...Құдайым-ай, әлсіз сәби кезімнен туған әкемнен көрген тасжүректілік мен аяусыздық азабын тартқаным аз еді. Өмірім өксумен өтетін, өзі де қорлық пен сордан арылмаған байқұс анамнан,  маңдайымның соры бес елі боп туған недеген сорлы бейбақ едім. Мейлі, маған тағдырдың жазғаны сол шығар, көріп алдым. Бұл аз болса, одан зорғы қайғы – қасіретін жіберсін. «Тәлейлі тағдырымды да, «әділетті» сот пен қабаған итше арпылдаған қолшоқпар менттер билігін де ұрып қойдым. Ешкімге бас иіп кешірім де, жалпақтап, мейірім мен қайырым сұраған емеспін! Сұрамаймын да! Төбедегі көк аспанды төңкеріп төбеме тастап жіберсе де, ешкімге жалынып, ешкімге илікпеспін! Тағы да қайталап айтам, басқа түскен пәленің бәрін көріп алдым...!»      

      ...Онсыз да тұйық, көп сөзге жоқ Марат Теміртасов жаңа зонада бұрынғы отырған жерлерде бірге болған көзтаныс зектерді көріп, ал дегенде амандық біліп, жөн сұрасқан. Сонымен, ешкіммен дос та, қас та емес – өзімен өзі болып, бұрынғыдан да тұйықталып алды. ШИЗО мен карцерде отырған кездерден басқа уақытта айналдыратыны – қай зонада отырса да тастамай, өзімен бірге алып жүретін жеті ішекті гитарасы. Айнымас сенімді серігі  – гитараға қосылып бала кездегі - періштедей пәк те, таза кездегі әндерді шырқайды. Ән арқылы гитарасымен сырласады, мұңын айтады. Тәлейлі тағдырын, удай ащы болып қалыптасқан өмір жолын жырлайды. Гитарасы арқылы өзі сияқты құқайды көп көріп, бақытсыздықпен күн ешіп жүрген сүйікті анасымен зары мен мұңын бөліседі. Міне, бүгін тағы әділ де, айнымас досы – жеті ішекті гитарасын қолға алып, мұңая сыр ақтарысып отыр.

                Предо мной стоит стена,

                За стеной стоит она,

                 Воля несравненная моя.

                 Сколько можно ждать,

                 Но нельзя бежать,

                 Автоматы смотрят на меня.

                 Сколько можно ждать,

                  Но нельзя бежать,

                  Автоматы смотрят на меня.

                  А я хотел бы щас пройти,

                  По тем дорогам, что бродил.

                  Девчонку за руку вести,

                  С которой ночи проводил.

                  Но ни к чему теперь слова,

                   Всему виной моя судьба,

                   И лишь гитара верный друг

                   Среди разлук.

                   Пишет сыну мать:

                   - «Что же ты, сынок,

                   Третий год свиданки не берёшь?»

                    Но а как же взять, дорогая мать,

                    Но я знаю, ты меня поймёшь.

                    Но а как же взять, дорогая мать,

                    Да я знаю, ты меня поймёшь.

                     Начальник с нами был на ты,

                     Он говорил что мы скоты,

                     Я возразил и вот итог,

                      И снова тяну я срок... - деп, жеті ішекті досымен сырласып, аккордты қаттырақ беріп,  терең ойға батып кетті...

       Өзі де жастайынан батыл, қайсар, қайтпас қасиетімен ерекше болып өскен Марко әсте таусылып болмаған, әсіресе соңғы кездегі әділетсіздіктерді көріп, тас түйін болып бекіп алды. Арқалықтағы «қатаң» режимдегі зона басшылығының да, қоқақтаған қолшоқпар «дубактардың» да құқайларына пысқырудан қалды. Сөз қайтару, ерегесу, зонаның қатал заңы мен тәртібіне бағынбай, қарсылық көрсетуден қайтпай, қайсарланып, қайраққа шалған асыл шалғыша шыңдала түсті. Әрине, ол қарсылықтың соңы өзіне тиесілі паектан қағу, ШИЗО мен карцерге жабу сияқты жазалауларға жалғасып жатты. Бұларға қоса, тағдырлас, бұрыннан отырған беделді зектер арасындағы авторитет үшін бақталас пен тайталас себептерінен қанша рет жекпе-жекке шықты. Бірде қайсарлықпен жеңді! Енді бірде, тау көтеретін Толағай батыр емес қой, жеңілді. Жеңілгенде жекпе-жек ұрыста емес, жеңілген жақтың жандайшаптарының қорқауларша жабылып кетуі арқылы жеңіліс тапты. Көкала қойдай болып сабалды. Бірақ, сынбақ түгіл, иілмеді, майыспады да, қайтпады. «Бей своих, чтобы чужие боялись» деген зектер заңымен жүріп, қайсарлығы, қайтпастығы мен батылдық қасиеті арқылы зор бедел жинады. Солардың жиындық, нәтижесі – пахан аталып, Қазақстан ғана емес, көрші елдер арасындағы «қылмыс әлемінің» саусақпен санарлықтай ғана аз авторитет тұлғаларының бірі де, бірегейі болып танылды...

 

                                    Бесінші тарау

 

   ...Қылмыскерлер арасында «Колька косой» айдарымен танымал болған Николай Сафин  Ақмола қаласының дәл іргесіндегі шағын ауылда туып, сонда алғаш мектеп табалдырығын аттаған еді. Ес білгелі үйлеріндегі ата-анасының күнделікті әдет болып кеткен ішісі, арты айқай-шу, боқтық пен төбелеске айналған ырың-жырың өмірдің әсерінен ол томаға-тұйық, ызақор және өте кекшіл болып өсті. Ресей, Белоруссия мен Украинадан Қазақстанның тың жерін көтеріп, «жарылқаймыз» деп, бетперде ретіндегі «комсомолдық жолдамамен» келгендердің көпшілігі әр түрлі қылмыстары үшін сотталғандар, жазасын шартты түрде өтеп жүрген «зектер» немесе ақшаны дорбалап тауып, баюды ғана көздеген жырындылар болатын. Онан қашқан, мұнан қашқан қиынды - жиындыдан жиналғандар жүрген жер қай бір оңсын, «тың игерушілер» арасында топ-топ болып төбелесу, кісі тонау, тіпті жақын маңдағы ауыл тұрғындарының қыз-қырқындарын зорлап кету мен адам өлтіру жағдайлары дүркін-дүркін естіліп жатуы елге еш таң емес-тін.

Николайдың трактор айдайтын әкесі (өгей әкесі) Александр аванс, еңбекақы алған күндері техникасын қаңтарып қойып, «жынды суды» апталап, өлердей ішеді. Тек мұның әкесі ғана емес, «комсомолдық жолдамамен» қоныс аударып келген келімсектердің бәрінің көрген күні сол. Анасы Аня мен әкесінің алғашында ақаңды бірге ішіп, ауыз жаласа әндеткен отырыстары артынша жанжалға ұласады. Оның соңы шешесінің көкала қойдай болып сабалып, таяқ жеуімен аяқталады. Бұл құрып қалғыр дейтіндей қарғыс атқан көрініс айына екі-үш рет, тұрақты түрде  қайталанып тұрады.

Бала Коляның психологиясына ерекше әсер етіп, санасында өмірбақи сақталып қалған мына бір оқиға жиі елес беріп, жан дүниесін астан-кестен ететіні бар. Арада қанша жылдар өткенімен, жас жүрегіне жазылмас жара салған сол келеңсіз жағдай күні кеше ғана болғандай, жан-жарасын  тырнап-тырнап өтеді. 

...Қар еріп, сәуір айы туғанымен, күннің ызғырығы әлі толық кете қоймаған кез. Көзін ашып, таңғы ұйқыдан Кольканың оянғаны сол еді, анасы есіктен көңілді сөйлей кірді.  Қолындағы торкөзге сықия толтырып алған азық-түліктің арасынан әдеттегідей, екі-үш құмыра арақтың, сыңғырлаған сыра шишаларының мойындары қылтияды.

- Ой, Коля - Коленька, бүгін сенің туған күнің ғой. Он бір жасқа  толып,  жігіт атандың. Құттықтаймын, балам! Өмір жасың ұзақ болсын! Әкең сияқты үлкен азамат... – дей берген анасы айта бастаған сөзін әрі жалғамай, ойына әлдене түсті ме, тілін тістей қойды.

- Ия, үлкен азамат бол. Бірақ, құдай сені әкеңе ұқсата көрмесін. Оның жолын беріп, қайталатпасын,- деген ол, ұлының екі бетінен кезек сүйіп, бауырына қысты. Ұлы көлемі қомақы торгөзге қарап:

        -Туған күніме не сыйлық әкелдің, мама? – Сәбилік қызығушылық көңілмен торкөзге дәмелене көз салды.

        -  Ақшаның ыңғайы келмеді, балам. Ай соңында алатын әкеңнің еңбекақысы қолға тиісімен саған қатып тұрған күшті сыйлық әперемін, жаным...

        - Жарайды, әуре болып қайтесіңдер. Сыйлықсыз да күнелтерміз. Ішетін арақ, сыраларың бар, сендерге одан басқа не керек болсын...? – Сыйлық күтіп дәмеленген жаңағы  өрекпіген көңілі пәсейіп, қуанышты сәттің ізі де, сау тамтығы да қалмапты.

Бала емес пе, Кольканың жаны ауырып, көңіл-күйінің күрт түсіп, өкпелеп қалғаны сезіліп тұр. Алабұртқан сәби көңілін су сепкендей басып, көңілін қалдырған  сол бір көрініс әлі күнге шейін оның миының төрінен өшер емес.

«Баламыздың туған күні» деген сылтаумен сол күні үлкен ішіс тағы қайталанды. Әкесінің шөлмектес екі-үш досы мұның ата-анасымен бірге ішіп отыр еді, олардың әйелдері күйеулерін «сволочи – алкаши! Когда кончится ваши вечные пьянки» деп боқтап – боқтап, алдарына  салып қуып әкетті.

«Сен үшін, балам», «сенің бақытың үшін» деп, қырлы стақандарын қағыстыра ішіп, арқа-жарқа күй кешкен әке-шешесі тағы да аяқ астынан, су тиген сабындай бұзылды. Ақаңа бөгіп алып, сырдың суы сирағынан келмей әндетіп, көп - көңілді отырған әкесі, анасының неден жазықты болып қалғанын қайдам, онсыз да шолтиып тұрған қысқа шашынан сүйрелеп, үйдің ішінде қуып жүріп сабады. Жан дегенің тәтті емес пе, далаға жан сауғалап қашып шыққан әйелін қуып жетіп, жатқан жерінде итше тепкіледі.

Осының бәрін көріп, қыстыға булыққан, қорыққаннан қалшылдап, отырған орнынан қозғала алмай сілейіп тұрған бала аяқ астынан өзін билей алмай кетті. Жаңағы қорқыныштың ізі де қалмай ширыққан ол орнынан көз ілеспес жылдамдықпен атып тұрып,  сүргіленбеген тақтайдан құрастырылып шегелене салған, үстінде тістелген сарымсақ, бірнеше стақан мен бос шөлмектер домалап жатқан шиқылдақ үстелдің жанына жетіп барды. Барған бойда үстөл үстіндегі, анасының айтуымен, әкесінің кеше ғана ұстарадай етіп лыпылдата қайрап қойған ағаш сапты, шошқа союға деп базардан арнайы алған пышақты жұлып алды.

- Убью гад! – деп тістене, ызақорлана ұмтылған ол әкесінің ту сыртынан пышақты кірш еткізіп сұғып жіберді. Жан ұшыра баж етіп ышқына айқайлаған ащы дауыс пен боқтық сөз іркес-тіркес қатар шықты. Қанша айтқанымен, он бір жастағы бала қолының әлсіздігі ғой, пышақ тәнге терең бойлай қоймапты. Шақырған «жедел жәрдем» дәрігерлері алғашқы көмегін көрсетіп, артынша емханаға алып кетті. Әйтеуір, әкесі өлмей тірі қалды.

Анасы: «сынып, құрсаулап қойған шыны кесе сияқты некерленген өміріміз енді қанша жамап - жасқағанымен қалпына келмес» деген ойда болды ма, жоқ әлде, есейіп, күні ертең жігіт болып шыға келетін баласы мен күйеуінің бірінің түбіне бірі жетіп, масқараға ұшырауынан қорықты ма, әйтеуір, екі-үш бунақ – түйнекке буылған киім-кешектері мен бір көнетоз чемоданын баласы екеуі мыңшыңдай көтеріп, ұзақ жолға шыққан еді. Сол сапардың аяқталған жері – жер жәннаты Жетісу өлкесінің осы қасиетті де, киелі Қаратал өңірі болатын.

  «Әйелімнің солайша жоғалып тынғаны екеуіміз үшін де дұрыс» деген ойда болды ма, жоқ әлде өзінің басқа бір есебі болды ма, кім білсін, оларды күйеуі сұрастырмады да, арттарынан бірде бір рет іздеп те келмеді.

  ...Әпкесінің аянышты, жылармандық жағдайы мен оның жанын түсінген бауырдан айналып қана кетейін, Алексей сатып әперген шағын үйде өткен алғашқы жылдардағы тіршілікке аналы – балалы қос мұңлық «шүкір» деп, тәубаға келетін. Бұрынғы апта сайынғы өлердей ішіс пен артынан міндетті түрде тепкілене жейтін таяқтан құтылған олар өмірлеріне  риза еді.

...Е-е, алдамшы, жалған дүние-ай десеңші. Сол бір аршыған жұмыртқадай кішкене ғана тамда қаншама жылулық, қаншама сұлулық бар еді. Әркімнің өз үйі - өлең төсегі емес пе?! Күйеуімен бірге тұрғандағы таяқ жеп, итшілеген тіршіліктен кейінгі мына мамыражай өміріне тәуба деп, күніне неше рет «О, божесын!» айтып, әлденеше рет шоқынып алатын Аня - ана тағдырдың  алда не көрсететінін, әрине, қайдан білсін?! Құдіреті күшті Құдайдың бауыр еті-баласы екеуіне қандай сыйы күтіп тұрғанынан бейхабар-тын...

...Көзін тырнап ашқаннан бері көргені әкесінің арағы, боқтық, былапыт сөздері мен оның көзінше анасының жеген таяқтары бұғанасы қатып үлгермеген жас жеткіншекке өз дегенін істеп тынды. Жаман үлгі мен келеңсіз әдет кімге болса да, тез арада, ешкім үйретпей – ақ шапшаң жұға қоятын табиғат заңдылығы бар екен... Оның үстіне гендік заңы бойынша әке қанымен (оның туған әкесі де арақтан уланып өлген алқаш еді) ұлының бойына берілген келеңсіз қасиеттер екі әкесінікінен асып түсіпті.

   Коля кекшіл, төбелескіш, ұрлық-қарлыққа жақын, қаны сұйық жан болып қалыптасты. Мектеп қабырғасында жүрген кезден – ақ жаман атымен елге әйгілі болды. Сабақ оқуға құлқы болмай, мұғалімдермен ерегесу, балалармен болмашы нәрсеге төбелесе кету оған үйреншікті әдетке айналды. Көзді жұмбай өтірікті соғып жіберу мен қолының ұрлыққа ептілігі де ерекше

 «Қуды қу, шұқанақты су табады» дегендей, өзі сияқты көксоққан, бұзық балалар оның маңына топтасып, білгендерін істеді. Басқы кезде ұсақ-түйек ұрласа, кейіннен  түнгі жорықтарға шығып, үй үптеп, кісі тонауға қатысты.    

...Сол бір көңілге ыстық көрінетін, шуаққа толы шырайлы үйде Николай мен анасы Аня адам құсап үш-ақ жыл тұрды.

Ол мектептің жетінші сыныбын кітаптың бір парағын ашпай-ақ, ілдалдалап бітірген соң, әрі қарай оқуға қолды бірақ сілтеген-ді. Әрине, мұғалімдер де оның әрі қарай оқымай, көзін жоғалтқанын жан-тәнімен қалаған еді. Сондықтан, сол жетінші сыныпты «тәмамдаған» табеліне кілең үштік бағаны тізіп беріп, одан тезірек құтылғандарына қатты қуанып, артынан топырақ шашып қалған.

      ...Он бес жасында ұрлық жасап, әйтеуір, кәмелет жасына толмауына байланысты шартты жазамен құтылды. Екінші рет кісі тонағаны үшін сотталып, үш жыл мерзімді арқалап кете барды. Содан кейінгі өмірі тергеу, милиция, этап, түрме мен зона болып, дүние шыр көбелек айналып жүре берді. Кәмелет жасына толмай сотталған балалардың түзеліп, дұрыс жолға түсуі некен-саяқ кездесетін жағдай ғой. Үш жылдың орнына екі жарым жыл отырып, мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Шыққанын қайтейін, үйінде екі айдай сайрандаған соң, масаң күйде адамға ауыр жарақат салып, тонағаны үшін кесілген алты жарым жылдың үстіне, бұрынғы шартты жазаның өтелмеген жарты жылы қосылып, сот барлығы жеті жылды мойынға ілді. Оны өтеп келгені сол еді, бір айдан артық уақыт қана бостандықта болып Қылмыстық Кодекстің «қарақшылық шабуыл», «кісі тонау» баптары бойынша тоғыз жыл мерзімге қайта сотталып тынды.  

Қандай жаман болса да, әр ана үшін баласы «іштен шыққан шұбар жыланы» емес пе?! Аня да баласынан басқы кезде үміт үзбей, «басына тиді ғой, ақыл кірер, қылықтарын қояр» деп дәмеленіп жүрді. «Надежда умерает последней» деп орекеңдер айтпақшы, дәмеленгенін қайтейін, Николай үшінші рет сотталған соң, соның күйігінен Аня байғұс өзіне қол салды. Бұрынғы екі күйеуінен көрген қорлықтары бар, оған баласының мынандай теріс қылықтарына жаны шыдамаған ол ел ұйқыға кеткен шақта өз үйі жанындағы кір жаятын бағанға арқан байлап, соған асылып қалыпты. Стол үстіне: «мынандай ит қорлық өмірдің маған қажеттілігі шамалы. Тозақ өмірден әбден, әбден тойып біттім. Шыдамымның шегіне жетті. Алексей – любимый братик, тебе большое спасибо! Дорогой мой, прости меня грешную...» - деп, маңдай соры бес елі ана бір парақ бақұлдасу хат жазып қалдырыпты.

...Кезекті отырыс мерзімін өтеп, аудан орталығы – Үштөбе қаласына оралған Николай Сафин үйінің орнындағы тип-типыл болып үйіліп жатқан жал-жал топырақты ғана көрді. «Иесіз үйдің иті осырақ» демекші, көшеден әрі өткен, бері өткен кім көрінген кіріп дәрет сындырып жүрген қараусыз, күтім көрмеген үйі содан үш жыл бұрын құлап қалған болатын. Қазақтың: «шаңырағы опырылып ортасына түсті» деген мұздай суық, көңілге қорқыныш көлеңкесін себетін сөзі осындайдан айтылса керек... 

 Бүкіл Қазақстанның зона, түрмелерін адалап шыққан «Колька косойға» ол қапас жерлер туған үйіндей болып, сол өмірге үйреніп, бейімделіп кеткен еді. Бар - жоғы қырық жеті жасында алты рет сотталып, барлық санын қосқанда жиырма жеті жыл (олардың көбісінде мерзімінен бұрын босанып шыққан) мерзімді арқалаған, төртінші сотталуында «рецидивист» аталған «Косойды» қылмыс әлемінде танымайтын адам жоқ. Түрме, зоналардағы «қасқыр өмір» қасқырлыққа, озбырлық пен қатігездікке үйретіп, етіне сіңіп кеткендігі сондай, адаммен адамша сөйлесіп, арақатынас жасау оған жат болып көрінетін. «Бөтендер қорқу үшін өз адамыңды аямай ұр» қағидасымен ғана жүретін, түрме, зоналарда «Колька косой» немесе, «Коля косой» аталып, өзінің «Николай» деген христиан діні ұстанымы бойынша шоқындырып қойған өз атын ұмытқалы қашан!

  Соншалықты ірі денелі болмағанымен, тұла бойында бұлшық еттен басқа бір тұтам  артық еті жоқ, бір метр тоқсан екі сантиметр бойы, тарамыстай қатқан сіңірлі ұзын қолдары төбелеске таптырмайтын құрал. Бала кезден-ақ төбелестің айла - тәсілдерін жақсы меңгеріп, «қорқу», «аяу» деген қасиет сол кезден-ақ оның санасынан ада болып кеткен. Кез келген қарсыласын бір ұрып, әрі кеткенде екі рет жұдырық жұмсап, қалпақтай ұшыру оған түк те емес. Оның үстіне, талма жерді жаңылмай дәл көздеп, кірпік қаққанша аш күзенше бүгілдіре салатын әдістерге жетік. Керек жерінде аяқ - қолдары, тізесі, басы мен шынтақтары көз ілеспес жылдамдықпен, тиісті кнопкасын басқан кезде ақауы жоқ техника механизімінің лезде іске қосылатыны сияқты, толассыз шалт қимылға кіріседі. Қылмыс әлемінде күш, әдіс, батылдық пен қатыгездік деген қасиеттер болмаса, аяқ астына тапталып қалатындығын ерте түсінген ол бала кездегі үйренген төбелес тәсілдерін түрме, зоналарда жүріп жетілдіре берді, үздіксіз жетілдіре берді. «Күш атасын танымас» деп, қаншама рет өзінен денесі ірі, ұрудың сан түрін меңгерген атақты төбелескіштермен жекпе-жекке шықты. Әр шыққан сайын ысыла, төселе түсіп, бір - жар рет тең түсіп, «бірге бір» шығушы екі жақтан белгіленген төрешілердің ұрысты тоқтатқан кездеріндегі  болмаса,  соның біреуінде де  жеңіліп, сағы сынып көрмепті. Жо-о-жоқ, бір ретінде жеңілістің ащы дәмін татқаны бар. Бірақ, мұны жеңген қарсыласы зектер заңын қатал ұстайтын адал адам екен, қазір екеуі айнымас дос. ..

   Зектер Николайға айдарды «Косой» деп бекер қойған жоқ. Оның адамға өңменнен өткізе, найзағайдай шаншыла қарайтын өткір қитар көздерін сәл сығырайтып, жанарын әлдене ашытып тұрғандай бет әлпетінің әнтек тыржиып тұратындығына байланысты қойса керек. Осы сұсты да, суық түрінің өзі, бір қараған адамның оның кім екенін білмесе де, денесін дір еткізіп, көңіліне қорқыныш ұялатады.

  ...Сафинның  кезекті – төртінші  «ходкасында» (отырысында) Маңғыстау қаласындағы зонада Сапаш атты атақты барымташы екеуі тоқайласты. Бақылаушы - «дубактар» қанша сақтық танытып, «шмон» кезінде зектердің қойны-қонышы мен төсек-орындарын түк қоймай, аударып - төңкеріп тексергенімен, сотталушылардың, әсіресе, бірнеше «ходкасы» бар зектердің   қолында ақша жүреді. Сол ақшаларына олар қызыл кеңірдек болып карта ойнайды. Ақша жүрген жерде дау-дамай, талас пен тартыс қатар өріс алады  емес пе? Сондай бір ойын үстінде «үшінші ходкадағы» Сапаш пен «Косой»  әлденеге келіспей кергілесіп қалған. «Қасқырлық өмір» тәртібімен өмір сүретін қай зек  екінші біреуге есесін жібере қойсын. Осы келіспеушіліктің соңы, ара қатынасты әрі қарай терең анықтау  мақсатымен  зонадағы  монша артындағы жекпе - жекке ұласты.

   ...Бойы тапалтақ болғанымен, денесі буылтық-буылтық келген  шымыр, қимылы да ылдым-жылдым Сапашың да оңай ғана жарыла салатын «жаңғақ» емес екен. Талма жерлерді дәл көздеп, талдыра соғады. Қай қазақ болмасын, тумасынан палуан емес пе, ол қоян-қолтық ұрысты қалап, жақындасуға ұмтылып жүр. Николайдың қатқан тарамыстай сіңірлі қол - аяғы  ұзын болғандықтан, аңдысқан жауын жақындатпай, алыстан сермей соғуды көздейді.  Екеуі  итше тепкілесе ырсылдап,  ұзақ төбелесті. Сафиннің бойы мен соған сәйкес қолдарының ұзындығы осы жерде кәдеге асты. Қоян-қолтық ұрысқа жоламай, қашықтан қақырата ұрып жүр. Ұрыстың  қыр-сырын  әбден меңгерген, әккіленіп, жекпе-жектің хас  шеберіне айналған «Косой» қоймауға айналды. Бір ұмар-жұмар айқас сәтінде астына басып, ұзын, тарамыс сынды шеңгелді  саусақтарымен қарсыласының  кеңірдегін  сығымдай қысып, тұншықтыруға айналды. Ырсылдасып, жан алысып, жан беріскен опыр-топырдың бір кезеңінде Сапаш жауының  бұттарының арасында қалғанын аңдап үлгерді. Сол-ақ екен, ол да талай шайқастарды бастан өткізген әккі емеспе, ондай оңтайлы сәтті қалт жібермейтін барымташы қарсыласын екі бұттың арасындағы, еркектің ең жанды жері саналатын енінен оң аяғының тізесімен ышқына кеп түйіп жіберді.

  «А-а-а!» - Жаны шығып кетердей ащы дауыспен бақырып жіберген «Косойдың» қысқаштай қолдары қарсыласының кеңірдегінен ажырап кетті. Ауа жетпей, әлсірей бастаса да, бар күші мен қайратын бойына жинап, жан дәрмен ышқына қимылдаған, бала кезден көкпар тартып әдістенген  Сапаштың тарамыстай қатты да, әлді саусақтары енді дұшпанының кеңірдегіне кенеше жабысты. Кеңірдектен айырылса, жеңістің ауылы алыстап, атақ пен абыройдан да жұрдай болып айырылатындығын түйсікпен сезген ол, көгеріп, жансыздана бастаған кеңірдекті сол езгеннен мол езіп, ауа жетпей тұншыққан «Косойдың» түбіне жетуге шақ қалды. Сол кезде Николайдың қырылдап, жан дауысы шыға: «твоя  взяла» деген әлсіз ғана дауысы естілді. Бәрекелді, батырым! Сапаш өз намысы ғана емес, «қазақ ұлтының намысы үшін» дейтіндей өлермендікпен, жан алысып, жан беріскен айқаста осылайша жеңіске жеткен еді.

   Екі жақтың да  жақтастары «не бел, не белбеу кетеді» деп, ар мен жан үшін шайқасып, бойларындағы бұла күштері сарқылып, әбден әлсіреген жекпе-жекшілерді тұрғызып, үсті – бастарының шаң, топырағын  қағысқан. 

  ...Тәртіп, қауіпсіздік, тиісті режимді бұзбау сияқты зонаның ішкі талаптарын сақтауды қадағалайтын «дубактарың» (ресми атауы бақылаушы) қай зонада болмасын, бірнеше рет отырған зектермен әрқашан әмпей-жәмпей. Сол «дубактардың» әр шөлмегіне екі есе бағасын алып, жасырын кіргізген арақтарынан «мировой» ішісті. «Ер шекіспей бекіспейді» деп қазақ аталарымыз айтқандай, екеуі қол алысып, құшақ айқастыра татуласқан. Содан бері, олар қандай жағдайда болмасын, бірінің сөзін бірі сөйлеп жүретін жақтас, мүдделес, адал да, айнымас дос  болып кеткен еді... 

 

                             

                                   Алтыншы тарау

    

         ...Мезгіл түн жарымына таяп қалған уақыт. Облыс орталығындағы айналасы ат шаптырымға жуық «Талдықорған» мейрамханасындағы, кешкі уақыттан бері топырлап, залға сыймай кеткен халық нөпірі сирей бастаған шақ. Мейрамхананың жабылар уақыты таяғанда, зал ішіне орта бойлы, арықша келгенімен денесі қатқан тарамыстай шымыр, шалт қимылды, жас шамасы отыз-отыз бестердегі қазақ жігіті ұзын да, түзу аяқтарын жеңіл басып төр жақтағы бос стөлдің жанына тоқтады. Оң қолындағы қолтырауын терісінен жасалған қымбатты дипломатын стол астына таман қойды да, өзі қазақы оюмен әшекейленген жабу жабылған сәнді креслоға  тізе бүге жайғасты.

       Қан – сөл жоқ бозғылт өңінде нық та, бекем сенімділіктің ізі мен өзін еркін  және тәкаппар ұстаған  батылдықтың ауаны байқалады. Отыра салысымен, жан-жағына «кім бар, кім жоқ екен» дегендей көз қиығымен шола қарап шықты да, оң қолын жоғары көтеріп, салалы саусақтарын  сарт - сұрт еткізе қимылдатып:

        -Официант! – деп, қатқылдау дауыспен даяшыны шақырды.

        Крахмалданған ақ шатырдай кофта киген, алдын жауып тұрған ашық қызыл түсті фартугының  сары, жасыл гүлдері  ерекше сән беріп тұрған даяшы қыз оқтай түзу аяқтарын «тық-тық» еткізе қаздаңдай басып стөл басына келді. Қонақжәйлік ишаратымен тізелерін сәл бүгіп, жарасымды  күлкісі  оймақтай ғана әдемі ауызымен жарастық тапқан қыз:

       -Қайырлы кеш, - деп сәлемдесу рәсімін жасады да, артынша іле-шала сөзін әрі жалғастырды.

       -Қандай тапсырыс бересіз ? –  Жігіт бетіне жылы жымиыспен, көздеріне тіктей, қадала қарады.

        -«Қазақстан» коньягының бір шишасын және өзіңіз үшін ең қымбатты шоколадтың бір қорабын әкелсеңіз дұрыс болар еді.

       -Ой, бізде мейрамханаға келуші клиенттерден сыйлық алуға болмайтын тәртіп бар. Рахмет, керек емес...

        -Оқасы жоқ. Сол рұхсатты сізге басқа емес, мен беремін... За свои слова отвечаю... - Жігіт өткір жанарын қыздың сүйкімді жүзінен айырмаған күйі сөзін әрі қарай жалғады.

        -Мына менің азан шақырып қойған атым – Марко. Бұл балерина сынды белі бұралған сұлу бикештің есімі кім болды екен?

         «Сыңқ» етіп күлген даяшы сиқырлы дауыспен:

        -Менің де туғаннан бергі есімім – Мнира. Сонымен, сіз қандай асқа тапсырыс беретін болып шештіңіз? – деп, ақ тысты блокноты мен сары түсті қаламын фартук қалтасынан шығарып тапсырыс алуға ыңғайланды.

       -Ештеңе жазбай – ақ қойыңыз, Мнира. Сіз маған сұлының майсыз ботқасын әкеп берсеңіз де соны жеймін. Тіпті у қосып әкелсеңіз де. Осындай ару қыз - аққу – қыздың өз қолынан бергенін жеп, о дүниеге аттанып кетсем де еш өкінбес едім...

      - О, мені асыра мақтап, тым аспандатып жібердіңіз ғой, Марко. Айтқан комплиментіңізге рахмет.  Жақсы, мен онда сізге өткір соусымен грузин кәуабын әкеп берейін – деп, күміс сынды сыңғырлаған әдемі күлкісімен жас жігіттің бетіне наздана қарады. Өз сулулығымен кез келген еркекті сиқырлап тастай алатынын білетін бәлекет  қыз жігітке еркелегендей, басын сол жағына сәл қисайта күлімсіреп тұр. Үзіліп кетердей бұратылған жіңішке белін бұлаңдата қимылдатқан қалпында мейманның жауабын тосуда.

         - Менің көңілім нені қалап тұрғанын дәл таптыңыз. Бірақ, кәуап пен кофені екі персонға әкелсеңіз жөн болар. Қазір қасыма серігім келеді...

        Әдемі фартугы  бота тірсек сирақтарының тізесіне сәл-пәл жетіңкіремей тұрған, бірақ әппақ толықша сандарын жасыра алмай, көзді ғана емес, көңілді де қытықтаған даяшының  бет-жүзі жаңа ғана жауып, кіршіксіз қалпын сақтап тұрған таза қардай әппақ. Бір таңданарлығы – бұл хас сұлу славян тектес болғанымен, оның өткір де, әдемі көздері қазақ қыздарының көздері сияқты мөлдіреген мойылдай қара екен. Бірақ, бажайлай қараған кезде байқағаны: сол мөлдір де, сұлу жанарының тұңғиық түбінде жасырынып жатқан белгісіз бір мұңның табы білініп тұрған сияқты ма, қалай өзі...

       Қарлығаш қанатындай қиылған қиғаш қасына, шиедей қып – қызыл боп үлбіреген еріні мен алма мойынынан төмен қарай төгілген  қызыл жақұт көзі жалт – жұлт ете ойнаған алтын алқасы аса бір талғамдықпен жарастық тауып тұр.

       «Апырмай бір адамның басына осыншалық сұлулықты, жарастық пен таңдай қақтырар әдемі үйлесімділікті жасап қойған Тәңірімнің шебері-ай!»  деген оймен қыздың аққу мойынына ұзағырақ  қарап қалды. Енді жігіт жанары қыз мойнынан төмен қарай сырғып, кеуде тұсындағы ақшаңқай кофтасын керіп тұрған соншалықты үлкен де емес, анау айтқандай кішкентай да емес, көңілді қытықтар қос алмасынан көз ала алмай отырып қалды. Әдемі қызыл раушан гүліне ұқсаған алтын алқаның сүйір үші қыз кофтасының кеуде тұсын тесіп жіберердей тіреп, тіп - тік болып біткен сол қос алмасының тоғысқан ойығына келіп құлаған екен.

        Осы сәтте ол алғаш рет өзі де түсініп үлгермеген, отқа ұмтылған көбелектей, белгісіз бір сиқырлы, тәтті сезімнің жетегіне еріксіз еріп кеткенін өзі аңдамай да қалды.

        Шет елдік ақшаңқай қымбатты көйлегіне қара галстугы әдемі үйлесіп, шымқай қара шетелдік костюм – шалбарына жарастық пен сәйкестік беріп тұрған талғамы күшті келісті жас жігіттің өзіне қызығып, ұнатып қалғанын сезіп, аяқтарын сәнмен тастай ырғала басқан даяшы қыз сұлу ернін сәл жиыра күлімсіреген күйі стол басынан алыстай берді.

         Осы кезде мейрамхананың  қызыл ағаштан сәндеп, оюлап жасалған кіре беріс есігі айқара ашылып, бойшаң келген, дене бітімі тарамыстай қатқан ақшулан жүзді славян өңдес азамат келіп кірді. Енген бетте ат шаптырым зал ішін сәл қысыңқы өткір көздерімен жүгірте шолып шықты. Төр жақтан оң қолын көтеріп «мен мұндамын» дегендей саусақтарын қимылдатып белгі берген іздеген  адамын көрген ол асықпай адымдап солай қарай бет алды.

        Тегі, алыстан жол жүріп келген жолаушы болар, оның қолына ұстаған, кемінде жарты қап дүние сыйып кетерліктей, ашылатын жағында  оңнан солға қарай түбіне шейін ұзын «молния» замогы тартылған  шымқай көк нән сөмкесі бар.

       -  Қош келдің, Никола! Аман – есендікте көріскенімізге қуаныштымын. – Биік арқалы орындықта отырған жігіт кірген қонағына қонақжәйлік танытып орнынан тұрып қарсы алды.

         - Көп күтіп қалдың ба, Марко? - Екеуі талайдан бері көріспеген болар, құшақ айқастыра сәлемдесті.

         - Оқасы жоқ. Қалай, шаршамай жақсы жеттің бе? Жігіттер аман-сау ма?

         -Слава богу, бәрі ойдағыдай...- деген мейман оның қарсы алдындағы орындыққа жайғасты.

        Осы кезде сурет сынды әдемі даяшы қызғылт гүлді сарғыш табаққа салынған исі сілекей ағызардай бұрқырап, сап-сары болып піскен кәуап алып келіп, мейманға ибалық рәсімімен басын иіп:

        -Қайырлы кеш! Қош келіпсіз! – деп сәлемдесті.

        -Кеш қайырлы. Сіздей сүйкімді арудың алтын қолынан мынандай дәмді ас жегелі отырғаныма аса қуаныштымын.

         -Мен де өте қуаныштымын-деген даяшы жымия күліп, екі істіктегі кәуапты екі тарелкаға салды.

       - Тәбеттеріңіз ашылсын!  Кәуапқа қосып ішер сыра әкелуіме қарсы болмассыздар?

        -Айтқызбай, бәрін өзі біліп тұратын сіздей сұлуларды құрметтеймін – деген мейман даяшыны жанарымен  аялағандай, көз алмай қарап қалған.

        -«Косой», тапсырыс қалай? Бәрі дұрыс па?

        - Бізде ол жағынан проблема болмайтынын білесің ғой, Марко. Мына қаптың ішіндегі товар келісілген тапсырыстың бір грамына да қиянат жасалмаған түгел және товар таза. Бәрі о кэй!

        Осы сөздерден кейін зектер әлемінде «дәубас» аталып кеткен, анасының азан шақырып қойған шын аты Марат болғанымен, жаңа танысқан адамдарға есімін Марко деп танысатын ол төс қалтасынан ең кем дегенде мың доллар тұратын ұялы телефонын шығарып есілер-естілмес дауыспен:         

        -Товар келді, әкетіңдер-деп, сыбыр етті.

       Арада үш минуттай уақыт өтті ме, жоқ па, емен есіктен еңгезердей-еңгезердей, бұлшық еттері үстілеріне киген спорт костюмдерін жыртып жіберердей керіп тұрған үш бірдей амбал кіріп келді. Солардың біреуі кавказ ұлтты, шамасы шешен болар, есіктің көзінде қалды да, бірі славян тектес, екіншісі қазақ өңді жігіттер өздерін еркін, сенімді ұстай адымдап стөл басына келді. Бірі - бойы ұзын, екі иығына екі кісі мінгендей зор денелі, жас шамасы отыздардың ар жақ, бер жағындағы қазақ жігіті. Екіншісінің бойы тапалтақ келгенімен, денесі шымыр, қозғалысы да ылдым-жылдым шапшаң. Буылтық - буылтық боп толқынша ойнап тұрған бұлшық еттері қысқа жеңді футболкасын жыртып жіберердей сыртқа тепкен қасқабас славян тектес ақшулан жігіт. Келісімен бір ауыз тіл қатпастан, стол басында командирінен бұйрық күткен солдатша қақшиып тұра қалды. Төр жақта отырған дәубасқа «не бұйырасыз?» дегендей, сұраулы жүзбен қарап тұр.

        -Товарды алыңдар да, келісілген жерге жедел апарыңдар. Арттан «хвост» ермегендігіне әбден көз жеткізіп пе едіңдер? – деген дәубас көзімен стөл астында жатқан көкшіл сөмкені нұсқады.

       -Артымыз таза. Қауіпсіздік үшін маневр жасап, қаланың жартысын аралап келгенбіз - деп, қасқабас тапалтақ тақ етіп қысқа да, нұсқа жауап берді. Қасқабастың айтқан жауабынан кейін, қашан болсын артық сөзді жақтырмайтын  Марконың да берген бұйрығы қысқа болды:

       -Әкете беріңдер. Аса сақ болыңдар!

        Есіктен шығып кеткен дәулердің соңынан аса бір ризалық көзқараспен қарап қалған «Колька косой»:

        -Да, бычары у тебя отменные. Стоит таким доверяться-деп, ризалық рәсімімен Марконың тарамыс сынды қолын алып қысты.

        Еңкейіп, стөл астындағы дипломатты алып, серіктесінің қолына ұстатқан Марат сыбырлай сөйледі:

        -Никола, здесь цифра с девятью нулями, как мы ранее предварительно договаривались.

        -Надеюсь в баксах.

         -Ну конечно! Не в соломовых тенгах или рублях же...

         -Можешь в машине пересчитать.

        -Ты что, дәубас! Мы друг друга когда нибудь обманывали? Старым зекам так не годится. Я верю...      

       Көбігі ернеуінен асардай көпіршіп, жұпар исі де  аранды ашып тұрған сырамен ішкен екі жігіт кәуапты аса тәбетпен жеп отыр.

        -Колян, мына коньякты көрмеге қойғандай қарап отырамыз ба? Даяшыға ашқызайық...

         -Жоқ, болмайды, Марко. Қолға алған мынандай үлкен, жауапты іс үстінде мен градусты ішімдікті аузыма алмайтынымды бұрыннан білесің. Бұл ішті де, жүректі де қыздырып, неше түрлі ойларға жетелейтін сиқырлы ішімдікті мына үріп ауызға салардай сұлу екеуің біраздан кейін ішетіндеріңді сеземін...

        - Ойбай-ау, менің мыйымдағы ойды оқып отырғандай оны қайдан біліп қойдың?

       – Біз жаңа танысқан адамдар емеспіз, дәубас. Екеуіміз осыдан он бір жыл бұрын Арқалықтағы түрмеде танысып, баланданың дәмін бірге татқаннан бері арамыз алыстаған жоқ. Сол кезден бастап сенің ойыңды мен көзіңе қарап-ақ оқып қоятынымды ұмыттың ба, досым?

        - Өйтпесе «Косой» - «Косой» бола ма...- деп, күлімсірей орнынан тұрған Марат ескі досының қолын алып, артынша  разылықпен құшақтап, арқасынан қағып-қағып қойды. - Ия, итжығыс түсіп, біреуді біреу аяуды білмейтін, өліп бара жатсаң, ауызыңа су тамызуды артық іс санайтын, немесе соған арланатын мына қырқылжың өмірде екеуіміз ішпеген у қалды ма, братан...

       ... –Марко, мен қозғалайын. Мынандай жауапты жүкпен мұнда көп отыруға болмас. Товардың келесі партиясы Құдай бұйырса, бірер айдан кейін келіп қалар. Ол жақтағылардың уәдесі солай. Сол кезде сенімен өзім хабарласам ғой – деген «Косой» орнынан тұрып, әлігінде жерге екі аяғының ортасына қойған дипломатын қолына алып кетуге айналды.

       - Далада күтіп тұр ма, бычараларың көрінбейді ғой?

        -Бар ғой, бар. Біреу емес, екеу емес, үшеуі бірдей пушка, тачкаларымен тосып тұр...

         -Ну, тогда с богом – деп, құшақ айқастыра қоштасқан Марко бағана келген кезде өзін «есімім Мнира» деп  таныстырған даяшыны дауыстап шақырды.Қыз әлігіндегідей жылы жымия келді.

        - Мнира, сізді «Мира» деп, еркелете айтсам қарсы емессіз бе? Дәл солай атағым келгені үшін сөкпеңіз. Сіздің жұмыс уақытыңыз қашан аяқталады, мұнда әлі көп боласыз ба?

         -Жұмыс уақытым аяқталғанына жарты сағат өтті. Мен сіздердің сөздеріңізді бөлмес үшін даяшылар бөлмесінде күтіп отырдым – деп, күлімсіреген қыз жігіттің алдына есеп қағазын қойды. Қағазды оқымай, немқұрайлы көз тастаған Марко:

        -Пәлі, екі сағат бойы ішіп-жеп отырғанымыз үшін төлейтінім осынша ғана ма? – Жігіт күлімсіреп қыз көзіне қадала қарады. Костюмының ішкі қалтасынан бір бума долларды шығарып, бес дана купюрасын столға бей - жай, керексіз қағазын лақтырғандай тастай салды.

        -Ой, мынау есеп қағаздағы сомадан үш еседей артық қой...

         -Оқасы жоқ, Мнира. Мұның ішінде менің сізге беруге тиісті аздаған «шайлық» ақы да бар. Енді мына коньяк пен конфетті сөмкеңізге салып алсаңыз жөн болар еді. Егер рұқсат етсеңіз, мен сізді меншікті  апартаментіңізге шығарып салсам деген ой болып тұр. Оған қалай қарайсыз, Мира?

        -Ұмытпасам, біздің қазақта: «Кел демек бар, кет демек жоқ» деген жақсы бір мақал бар емес пе еді? Сол айтқандай, маған мейман болуды шын қалап тұрсаңыз, қарсылығым жоқ – деген даяшы жігіт бетінен көз алмай, наздана күлді.

        -Онда такси шақырыңыз. – Марко қалтасына қолын салып тағы да жүз долларлық екі купюраны шығарды да, қыздың алдындағы тастады...

 

                                          ххххххххххххх

 

      Талдықорған қаласының орталығынан ойып тұрып орын тепкен Мнира тұрып жатқан үй қызыл кірпіштен қаланған екен. Үйдің сыртқы кіре беріс есігі ашылысымен, ешкім тетігін баспай-ақ жарық өздігінен «жарқ» ете түсіп, кіре беріс самаладай жарқырап сала берді. Тоғыз қабатты, жаңадан салынған екендігі аңғарылып тұрған ғимаратта екі бірдей лифт бар екендігі кіргенен байқалды.

        Қыз қолындағы шағын ақшыл сөмкені жігіт таксиден түсе салысымен «мен ұстайын» деп инабат білдіріп, қолына алған-ды.

        -Марко, қане өз дүниелігімді өзіме бер. Есік кілтін алайын – деп, қолын созған сұлудың білегінен ұстаған жігіттің бетіне жалт қараған ол:

       -Ой, білегіме сонау оқушы кездегі Сәлен атты, менен екі жас үлкен – бір сынып жоғары оқитын баланың алақаны алғаш рет тигеннен бері не заман өтті. Бойым шымырлап кетті ғой – деп, жылы жымиған ол сөмкесін қолына алды.

        -Қане, мен лифт шақырайын, нешінші қабат...- дей берген Мараттың сөзін қыз бөліп жіберді.

         -Лифт керек емес, жоғары қарай жеті баспалдақ аттасақ жеткілікті, пәтеріме кіріп кетеміз - екінші қабатта.

        Екінші қабатқа көтерілгенде жігіттің байқағаны: дәліздің өзі кішігірім екі бөлмелі пәтердің көлеміндей кең. Подьезде бар болғаны екі есік, яғни екі-ақ пәтер. Оң жақтағы қымбатты қызыл ағаштан оюлап тұрып, сән етіп жасалған шымқай қара есіктің жоғарғы жағына «13» деген цифр жапсырылған  пәтер есігінің тесігіне кілтін салып ашқан қыз:

       -Менің қара шаңырағыма қош келдіңіз, коммерсант мырза – деп, белін бүге еңкейіп, қолымен алға жол көрсеткендей құрмет ишарасын жасаған қыздың күлімдей күлген әзілі сондай жарасымды шықты.

        Кейінгі кездегі үрдіс бойынша кіре беріс алаңы ғана емес, басқа бөлмелері де кең планировкамен салынған пәтердің дизайны талғаммен, сәнді де, тұрмысқа өте қолайлы етіп жасалған екен. Қызыл ағаштан өрнектеліп істелген жиһаздар, тап сол үлгідегі, айнадай жалтыраған  ас үйдің гарнитуры қандай әсем! Кіре берістегі бүкіл бөлмеге сәуле шашып, көрік беріп тұрған кісі бойы еркін сиып кететін, оюлармен өрнектелген айнаның өзі не тұрады...

          Осындай тамаша дүниеліктің бәріне көңілі толып:        

         -Пәлі, мынандай кірсе шыққысыз пәтері бар көрсе көз тоймастай хор қызындай сұлу аруды алған жігітте арман бар ма екен, шіркін! – деген сөз Марконың ауызынан еріксіз шығып кетті. Бұл – бір жағы әзілмен айтылғанымен, екіншіден жігіттің  соншалықты  риза болғандығынан,  пәтерге ғана емес, қызға да  берген шынайы, әділ бағасы еді.

        «Жақсы сөзден – жан ериді» деп, ертеде қазақ аталарымыз айтқандай, мынандай талғамды, зиялы азаматтың қошемет сөзіне, кәдімгідей – ақ қуанып, көңілі өскен қыз да сөз орайына қарай жауап қатты.

        -Осындай мәрт те, крутой  джентельменнен жақсы баға алған мен де өзімді бақытты санаймын...

         Адамның әр ісі мен әрекетінен, сөзі мен бет әлпетінен – ақ ішкі ойы мен бар болмысын сезіп қоятын, соған орай ой қорытып, баға беріп үлгеретін Марат емес пе, қыз жаңағы сөздерді айтқан кезде оның көзіндегі белгісіз бір мұң табын байқап қалды. «Сенің де өмірің менің тағдыр – тәлейім сияқты быт-шыты шыққан ащы емес пе екен...?» деген болжам ойына еріксіз оралды. Мнираның өзіне берген жағымды, әсерлі мінездемесінен кейін: «Е – һе, бұл джентельменнің елдің сорын қайнатып тонап, үптеп, ұрлап-қорлап жүрген, түрмеден түрме, зонадан зона қоймай адақтап жүрген рецидивист екенін білсең – жанымда бір минут та аялдамай тұра қашар едің» деген ой жігіттің ми түпкірінен қылаң беріп өтті.

            -Жұмыстан келісімен ваннаға кіріп шығуды әдетіме айналдырған едім. Сізге мына креслоға отырып көргеніңіз жайлырақ болар – деп, қыз қонағының қолына сырты барқыт тектес жұмсақ, күрең қызыл  материалмен тысталған қалыңдығы үш еліден артық болатын  альбом ұсынды. – Менің бал балалық шағым мен көрікті болған қыз кезіме саяхат жасай отырыңыз. Мен қазір шапшаң...- деп, әлігінде үйге ене салысымен ауыстырып алған материалы қызғылт, сары, жасыл аралас гүлдері, кәдімгідей-ақ өсіп тұрған тірі гүл сияқты әдемі түкті халатымен ваннаға кіріп кетті.

        Арқалығы кісі бойына жуық жұмсақ креслоға «күмп» беріп, бүкіл денесі еркін сыйып кеткендей жайғасып, жанына сондай бір жайлылық сезінген зек альбом суреттеріне зер салып, аса зор қызығушылықпен қарап отыр.

       Мынау Мнираның: «домалақ жер бетінде тек жақсылық, рақым мен күлкі ғана бар» деген, періште сынды күнә атаулыдан пәк сәбилік кезі. Ата – анасының саялы құшағына оранып шаттана күлген қыз әдемі саусақтарын шошайтып, қасындағы нәрестеге, өзінен аумай тұрғанына қарағанда, туған сіңілісі болар, әлденелерді  сәби күлкісімен езу тарта әңгімелеп тұрған суреті. Енді мынау қыздың қызыл қызғалдақтай желкілдей өсе бой жетіп, оқушылық өмірден, жігіттердің көз құрты болып, ауыздарынан сілекейлерін ағыза тамсандырған хас сұлуға айналған кезі. Енді мына бір суреттері жас жігіттерге де, өзіндей сұлу қыз-құрбы, құрдастарына да еркелей, наздана күліп, ойнақтап жүрген студент кезі болар...

       Қыз өмірінің  осындай бақытты шақтарын көріп, қызыға тамашалап отырған жігіт: «қазіргі, көп болса, жиырма – жиырма екі жас шамасындағы үріп ауызға салардай сұлу қыз бұдан жас кезінде, хор қызындай, тіпті періштедей әдемі болған екен» деп ойлады.

         Бәлі, мына көріністі қара: Мнира, қай жердегі пляж екенін кім білсін, су жағасында анадан туғандай тыр жалаңаш күйде төбеден түскен күннің алтын шуағына қыздырынып жатыр. Тек толықша келген жұп-жұмыр сұлу сандарының арасындағы қанатын жайған қарлығаш сынды бір жапырақ бикини ғана күн тимес жерін жасырып тұр. Шебер скульптордың құйып қойған сұлу мүсініндей денесіндегі тіп-тік болып біткен, көрген көз қызығарлық қос алмасының ұштарын ғана жауып тұрған көк аспан түсті төс жапқышы бар демесең – шын мәнісінде анадан жаңа туғандай жалаңаш. Ауыздан сілекей ағызарлықтай әдемі, төңкеріп қойған алтын тостағандай  қос алманың  арасындағы  сұлу ойығы Марконың көздеріне оттай басылды. Мүсінінің бір – жар елі көрінбей  қалған құпия жерлерін көкке шарықтап кеткен қиялы арқылы көз алдына келтіріп, жайлы креслода отырған жерінде пайыз таппай шыдамсыздана түскен ол буырқанған атандай тыпыршып кетті.

       Мұндайда уақыт өтуші ме еді, қыздың ваннада шолпылдата шомылған дыбысын да есітіп, елітіп отырған жігіттің шыдамын тауысқан сынақ құрығыры өтіп болсашы! Шықты – ау, әйтеуір...

        Орнынан атып тұрған жігіт ыссы судан қызара албырап шыққан аруды құшақтамақ болып, алдына кес-кестеп тұра қалды.

       -Марко, мен жас емеспін, бәрін түсінемін. Мен де сені ұнатып қалғанымды несін жасырамын. Бірақ, мені сыйласаң, жақынырақ танысып, әңгімелесейік. Сабыр сақтап, бүгін шәй ішумен шектелейік, - деген қыз жігіт бетінен «шөп» еткзіп бір сүйді де, тезірек киіну үшін жатын бөлмесіне кіріп кетті...

 

                                  ххххххххххххххх

        

         Кездесуге уәделескен екі күннен кейін Марат үйреншікті ресторан жанында Мираны тағатсыздана күтіп тұр. Мұндайда уақыт жарықтық өтуші ма еді?! Білегіндегі сағатқа әлсін-әлсін үңіле қарап тұрған жігіт жарық сәулесінен анадайда асыға басып келе жатқан қыз сұлабасын көргенде, жүрегі лүпіл қағып, оған қарсы жүгіріп, құшаққа алуға асықты. Асыққанымен, ол ойынан айнып, өзінше бір ерекше сый (сюрприз) арнағысы келіп:

                         Аңсаған бақытым сияқтанып,

                         Ай туып келеді қияқтанып.

                         Жол жаққа қараймын,

                         Сен жоқсың, арайлым.

                         Кешікпей келем деп ең,

                         Мен тұрмын елеңдеумен... – деп, жағымды дауысымен, баяу ғана әндете жөнелді. 

        Жігіт әнін есітіп, толқып кеткен қыз жанарына үйірілген ыстық жасты ірікпестен, жүгіре келіп жігіттің мойынына асыла кетті. Марко қолындағы хош иісі бұрқыраған қомақы етіп буылған қан қызыл раушан гүлін Мнираның қолына ұстата берді. Артынша қызды қапсыра құшақтаған күйі, үлбіреп тұрған ыстық ерінін сүлікше сорып, ұзақ сүйді. Қыз да қарсылық көрсетпей, ыстық сүйіспен жауап қатып, сол тәтті шақтың таусылмауын жүрекпен қалап тұр. Іңкәрлі, ләззатты сүйістен бастары шыр айналып, теңселіп кеткен қос ғашық сәлден кейін ғана ес жиды.

        -Марко, мен сені көп күттіріп қойған жоқпын ба? – деген қыз жігіт бетіне күлімдеп, елжірей қарап қалған.

       -Жоқ, жаным! Мен сені өмір бақи күтіп өтуге бармын...

       ...Екі күн бұрын болған еңселі ғимараттың жанына келіп машинадан түсіп, үйге енген соң, қыз өткендегідей жуыну бөлмесіне кіріп кетті. Мнираның шолпылдата жуынған су дыбысын естіп, еркінен тыс еліте күткен жігіт қыздың тезірек жуынып шығуын жүрегі лүпілдеп, шыдамсыздана тосуда...

Су дыбысы басылды-ау, әйтеуір. Жуыну бөлмесінің есігі үзіктіріп ашылысымен... Қыз не болғанын түсініп те үлгермеді, жігіт оны қайратты құшағымен қапсыра қысып алды. Ендігі сәтте оны жас балаша көтерген күйі жатын бөлмеге қарай асығыс ала жөнелді.

        -Марко, шыдашы кішкене...Мен қарсы емеспін. Тек денемнің терін сүртіп  құрғатылып алғанымша сабыр етші...

        - Жоқ, алтыным! Осы сәтке шейін шыдағаным жеткілікті.  – Жігіт қыздың оранған қалың түкті орамалын  сыпырып тастап, екі түгіл, төрт адам еркін сиятындай кең, дененің жартысы көміліп кетерліктей жұмсақ төсекке асығыс жатқызды.

       Әлігінде қыз ваннадан шығар кезде бар киімін шешіп тастап, тек лыпамен қалған жігіт екі иінінен ентіге дем алып қыз ерінін сүлікше сора бастады. Денесі дір-дір ете шыдамсызданып, қолдары қалтыраған күйі өзінің бұтындағы лыпасын сыпырып тастады да, қырдың қызыл түлкісін ұзақ торып, көк аспаннан құйынша құйғыта келіп іліп түскен қыранша қыз үстіне қона кетті. Ойпырым-ай, табиғат заңына қарсы тұрар күш жоқ - ау, сірә...

       Қыз да ер адамның құшағын сағынып, ашығып қалған ба екен, ес-түссіз аймаласып жатыр. Жігіт ендігі сәтте асығыс қимылмен қыздың бұтындағы «қанатын жайған қарлығашы» - лыпасын асыға сыпырып шетке лақтыра салды. Сұлу мүсіндегі күн тимесіне көзі түсіп еді, томпақ жері құндыздай екен. Осы бір көзді арбаған сиқырлы көріністен әбден шыдамы таусылып, екі иінінен ентіге демалған Мараттың ақ төсек үстіндегі бұл жағдайы,  баяғыда оқушы кезімізде оқыған «Қобыланды батыр» жырындағы ақынның келістіре жырлаған: «Сығалап атқан ақ берен, қалаған жерден ұрады...!» деген суреттеуі еріксізден көз алдыдан көлбете өте бергендей еді. Енді жігіттің өзі де сол батыр бабасындай ақ беренін қалаған жерінен сығалап емес, дәлдей ұрды. «Ой, бұл не пәле!» Бір емес, екі емес, үш ретінде де ақ берені қорыққандай тайсақтап, қалаған жеріне енбей, тайқып кетті. «Құдай-ау, әйел құшағын өмірі көріп, білмеген сорлы еркекше маған не болған өзі бүгін?!» Ынтыққан нысанасына жете алмай, намыс буған жігіт төртінші рет ақ беренін дәлдеп, нығарлай  ұрды. «Бақ» етіп жан ұшырған ащщы дыбыспен іле-шала «ой, мама!» деген ышқына шыққан дауыс естіліп, ақ берені көздеген нысанасын бұзып - жарып еніп кетті. Артынша жігіт өзінің тәніне қыздың қос санының арасынан, ағыл-тегіл болмағанымен, ып - ыстық қанның, кәдімгідей аққаны білінді. Көделі жерге дәлдей ұрған ақ берені, қараторғайдың көзіндей ғана тар дәліздің ішінде ауырсына қысылып, шаншып - шаншып, солқылдап кетті.

       -Жаным - ау, сен әлі қыз екенсің ғой...

        - Қыз болмағанда енді кім болуым тиіс еді?! – деген Мнира аруананың жаңа туған ботасындай боздап жылап жіберді.

        -Айналайын, алтыным, кешірші... Қыз екеніңді білгенімде, кездесуіміздің тап бүгінгі түнінде бойыңды үйрету үшін сүйіспен ғана шектеліп, күнтимес жеріңе тиіспей – ақ қоятын едім...

        -Марко, өзім осы, жиырма жеті жасқа келгенімше, ешкімді ұнатып көрген емеспін. Сен жаңа маған тиіспегеніңде : «менің пәктігімді бұзып, сындыр» деп, өзім айтатын едім – деген қыз өксік аралас жылауын тоқтата алмады. – Маған көп жігіттер қырындап, қымбат сыйлықтар, тіпті, машина да ұсынды. Жүрегім қабыл алмаған адамды мен қалай құшағыма аламын? Қалауым өзің екенін екеуіміздің алғашқы танысқан сәтте - ақ сезген едім. Өзімнің табиғат болмысым қалап тұрған осы істі істеп, пәктік сақинамды тескен соң, мені тастап кетсең де, еш өкінбеген болар едім, жаным...  

        ...Әй, шебер табиғат-ай! Жаңағы асығыс-үсігіс, жыламсырай айтылған бірер ауыз сөзден кейін, қыз жігіттің шалт қимылының тоқталмағанын тілеп жатыр. Тілегендігі сонша, ұзағырақ, терең бойлата ұрғанын тәнімен ғана емес, жанымен қалауда. «Приятная боль» деп орекеңдер айтпақшы, бұзылған «берік қамалының» ауырсынғанын айқын сезінсе де, аударылып, төңкеріліп, жігіттің ырқына көне берді. Бірде «жаным - айлап» ыңырсып, енді бірде «сүйіктім менің», «көптен  күткен асыл азаматым менің» деп, жыламсыраған адамдай аянышты дыбыс шығарып, тән ғана емес, жан рахатына бөлене түсуде...

        Сүт пісірім уақыт хас сұлудың  ыстық аймалауынан ләззаттың бал шырынын қана ішіп, бақыттан басы айналған жігіт екі иінінен ентіге демалып, сұлқ түсіп жатыр.

        -Марко, сен қандай күштісің, жаным. Күйеуде болып, ер құшағын көрмесем де, әйелдермен сырласу арқылы түйсінуші едім, секстің не екенін. Бірақ, тап осындай балдан да тәтті, ес тандырар рахат процесс екендігі кім білген...?! – Мнира болдырып қатты шаршағаннан  балбырап, қыбыр етпестен әлі де біраз  жата тұрғысы келгенімен, жігіттің қатты айқара қысуынан «тағы да ойын бастап кете ме?» деген қауіппен, оның ыстық құшағынан босанып шықты.

       -Марко, мына ұзақ түн екеуіміздің  еркіміз бен иелігімізде. Таң атқанша біз әлі қанша ләззаттың дәмін татамыз. Қазір мен сендей тәтті, сүйікті мейманыма тездетіп дастархан жасап жіберейін – деп, астан-кестені шыға умаждалған төсектен тез тұрып кетуге асықты.

       - Мира, менің қарным аш емес. Әлігінде өзіңе келердің алдында ыстық кәуап жеп алғанмын. Соның тоғы әлі басылған жоқ. Қаймақ қатқан қою шай берсең, вареньемен рахаттана ішуге қарсы емеспін. – Жігіт жаңағы қимас, ыстық  буырқаныс пен ләззатқа толы ұмытылмас шақты көз алдына келтіріп жатып, шаршағандығы болар, бір сәтте ұйықтап кетті. ...

      ... – Арыстаным менің, тұра ғой шай дайын-деп, ернінен сүйіп оятқан қызды жауап сүйіспен қарсы алған жігіт жатқан орнынан тұрып, стол басына келіп отырды.

       Жасаулы дайын тұрған дастархан үстінде не ғана жоқ. Икраның қызылы, қарасы деймісің, үш түрлі салат, бұрыннан дайын тұрған болар, буы бұрқыраған ыстық манты, қазақтың сүйікті асы - қазы-қарта мен жал-жая алып самсап тұр. Столдың тақ ортасында жалтыраған хрусталь ыдыстарда шие, құлпынай мен малинаның вареньесі «мені жесеңдерші» дегендей қызықтырып  көздің жауын ала мөлдірейді. Столдың оң жағында тағы да сондай көлемді де, биік хрусталь вазада кейінгі жылдары Үкіметтің немқұрайлы қараған санасыз саясатының нәтижесінде көзден бұл -бұлы ұшып құрып кетуге айналған, атағы әлемге жайылған Алматының алқызыл апорты орын теуіпті. Әй шебер табиғат-ай десеңші, бір тал алманың өзінде қызыл, жасыл, сары түс араласып, ерекше рең беріп, көзді қызықтырып тұрған осы табиғат сыйлаған байлықтың бұрқыраған хош иісі мен сілекейіңді шұбырта ағызып, жемесіңе қоймайтын шырынды дәмін айтсаңшы!

        Тағы да сондай қымбатты биік ыдыста банан, апельсин мен мандарин, ананас пен мөлдіреген жүзім тәбетті ашып, столдың сәнін келтіріп тұр.

Мниречка, мен сені біраз әуреге салып қойдым-ау деймін. Осыншалықты әуреленбесең де болатын еді.

       - Оқасы жоқ, қане, менің джентельменім, мына вискиді ме, армян коньягын ба, жоқ әлде өзіміз ертеден бауыр басып үйреніп кеткен орыстың арқыраған ақ арағын ба, өзің қалаған біреуін ашып жібере ғой. Мен тегі, «ыстық» ішімдік атаулыны көп қаламаушы едім, бірақ тап бүгінгі ерекше күннің құрметіне коньяк ішемін. Құдіреті күшті құдайымның ойламаған жерден бізге бүгінгі берген бақытты, ұмытылмас және қайталанбас сәті үшін  бір - екі жүз грамдатып жібермегеніміз үлкен «күнә» болар.

        -Мира, неге «қайталанбас сәт». Бұл бастамасы ғана. Мұндай  бақыт пен қуанышқа бөлейтін ләззатты сәт, құдай бұйырса, енді жиі болып тұрады, жаным.

        -Әминь, айтқаның келсін! – деп еркелей жымиған ару жігіттің  кең кеудесіне басын сүйеп, ернінен шөп еткізіп сүйіп алды. Жігіт оған жауап ретінде қыздың бетінен, мойыны мен жалаңаш иығынан, көзінен аймалай сүйіп, ең соңында сұлудың ерінін жеп қоярдай сүлікше жабысып, балдай тілінен ұзақ, құшырлана сүйді...

        Бірі-біріне жақсылық, махаббат пен бақыт тілей отырып ішкен коньяктан екеуінің де жүздері албырап, қызара бөртіп әңгіме тиегін ағытып отырғанына үш сағаттан асып кетті. Ішке түскен қуаты күшті «ыстық» ішімдіктің «жыны» тыныш қойсын ба, бағанадан бері тезірек қызды құшағына алуға көңілі кетіп, шыдамы таусылуға жақын отырған жігіт:

       -Жаным менің, жаңағы ләззат алған тамаша шақты қайталап жібермейміз бе? - деп, стөл басынан тұрды.

          -Қарсы емеспін, қос қанатты қыраным менің...

Жаңа жауған ақшаңқай қардай таза, крахмалданған ақ жайма үстіне шыдамсыздана құлай кеткен, әлігінде ғана стол басында отырған кезде: «біз осы бірі-бірімізге бір көргеннен ғашық болып қалғаннан саумыз ба?» деп таңырқасқандай, қос ғашықтың ыстық сүйісі басталды. Қыздың бал татыған тілі мен үлбіреген ерініне тоймастан толассыз, құшырлана ұзақ сүйген жігіт құшағындағы сүйіктісіне тау қыранындай қызбалана шүйліге түсті. Сүт пісірім уақыттан кейін екеуі де  әл - күштерін жоғалта шаршағандары сонша, шалқаларынан жатқан қалпында ұйықтап кетті...

 

                                       

                                        Жетінші тарау

 

            «Бір биеден ала да туады, құла да туады»,- деген қазақтың аталы сөзі рас-ау, осы. «Қабы да бір, сабы да бір» Сергей мен Валера екеуінің мінез - құлқы да,  жүріс - тұрысы да, дене тұрқы мен болмыс бітімі де екі түрлі. Жиырма төртке биыл сәуірде толған Сергей аласа бойлы, толықша келген жалпақ бет. Өзі артық сөзге жоқ, томаға-тұйық. Одан төрт жас кіші Валера арықтықтан, ұзын бойы сырықтай сидыйып, көзге қораш көрінеді. Бірақ, сөзі де ширақ, қимылы да ылдым-жылдым. Жылпостығы сондай, өзіне керек адамға жағу үшін, оның ыңғайына сөзімен де, ісімен де тез икемделе қояды. Оның қалада танымайтыны да, білмейтіні де жоқ. «Білмейтіні» болғанда, дұрыс жүріп, дұрыс тұратындарды емес, ұрлық-қарлыққа, бұзақылық пен сұйық жүріске әуес тіршілік иелерінің арасында оның танымайтын, білмейтін адамы жоқ.  Өзі әлі сотты болып үлгермегенімен, дос - жарандарының бәрі, үлкені бар, кішісі бар, түгелдей істі болып, түрме ботқасының дәмін татып көргендер. Солардың айтуымен, тергеу орындары, түрме мен зоналардың, онда отырғандардың тыныс-тіршілігімен  етене таныс. Қылмыс Кодексінің баптарын жатқа біледі. Ой, Алла - ай, қылмыстың қай түрі қандай баппен сараланып, қай тармағына қандай мерзім беруі мүмкін екендігіне шейін сандуғашса сайрап қоя беретін оны, тіпті, тіс қаққан тәжірибесі мол адвокат дерсің!

        Қай жердегі колония қандай режимде екендігін, ондағы «пахандардың» кім және қай аймақтардың тумасы екендігін көзбен көргендей тақылдап кеп бергенде, тыңдаушы: «мынау жап-жас басымен сол жерлерде болып үлгерген бе?»,- деп таңданып, қайран қалар еді. Тап осындай, қылмыскерлер ортасына болмысының жақындығынан болар, ол нағашы ағасы Сафинге де еркін. Зоналарда бас болмаса да, Николайдың дәрежесін өсіріп, «пахан» деп көпшік қоя сөйлейтіні бар. Өйткені, ағасының өзін солай атағанын теріс көрмейтінін, көңіліне майдай жағатынын әккі де, қу бала жақсы  біліп алған. Өзіне үйіріліп, «ләппайлап» тұрғандықтан, «Косой» да мұны, кейде «так-такпен» орнына қойып отырғаны болмаса, жиенін өзіне жақын тартып, көңілденген кездерде еркелетіп, жақсы көреді.

            Ағайынды Сметаниндердің екеуі де оқуға құлықты болмай, мектепте екі мен үштен жоғары баға алып көрген емес. Баяғы Кеңес заманындағыдай, күзгі сынға қалдыру, келесі сыныпқа көшірмей қою тәртібі жоқ. Сабағын білсе де, білмесе де, мұғалім оқушысын шылбырдағы тайдай жетектеп, тоқсан соңында «үш» деген бағасын қояды да, келесі сыныпқа көшіреді. Көшірмегенде қайтеді, «мектептің көрсеткішін төмендетіп, аудан атына кір келтірдің» деген айып тағылып, мұғалімнің өзі көзге шыққан сүйелдей болып шетке шығып қалатынын жақсы біледі.          

            Бала кезінен момын мінезді, қақ-соқпен ісі жоқ негізі жуас болып қалыптасқан Сергей тоғызыншы сыныпты тәмамдағаннан кейін әкесіне:

         - Батя, мен бәрібір институтта оқитындардың қатарынан емеспін. Сондықтан, алысқа бармай-ақ, өзіміздің Үштөбедегі кәсіптік техникалық училищеге түссем деген ойым бар. Соның өзі мен үшін ең дұрыс вариант болар – деп, рұқсат сұраған.

         - Бір оймен оның дұрыс шешім шығар, ұлым. Ондай талабыңа менің ешқандай қарсылығым жоқ.

         - Сонда қай мамандықты таңдағаным жөн, әке,-деп сұраған баласына ол әр істің өзіндік қыр-сыры болатындығын түсіндіріп, дұрыс жөн сілтеген.

         Әкесінің берген ақыл - кеңесі бойынша «газ - электрмен дәнекерлеуші» мамандығын таңдаған Сергей училищедегі пән сабақтарына ынтасы болмағанымен, оқып жатқан кәсібіне мықты. Әсіресе, тәжірибе жұмысында мастердің айтқан, көрсеткенін қағып алып, тұп-тұйнақтай етіп орындайды. Үш жыл оқып, кәсіби мамандықпен қоса, кәмелеттік аттестатын алып шыққан Сергейге әкесі біреулерден ескілеу болғанымен, күтіп ұстаса әлі біраз қызмет ететін дәнекер аппаратын сатып әперді. Қасына сужұқпас бауырын серік етіп біраз жұмыс жасап көріп еді, Валерасының жалқаулыққа салынып, қылжаққа басып жүретін түрінен, одан ешқандай да көмекші шықпайтындығына көзі жетіп, бөтен бір жас жігітті жанына алды. Қай істі болмасын, жанын сала, ынта-жігермен беріліп істейтін Сергей қала тұрғындарының тапсырыстары бойынша монша пештерін, дарбаза қақпаларын, төселе келе, тіпті үйдің жылу жүйелерін жасай алатын дәрежеге жетті. Ел де қай маманның нағыз кәсіби шебер, қайсының өйтіп-бүйтіп ілдәлдалап жасай салатын «халтура» екендігін біледі емес пе, ел «золотые руки» атап кеткен Сергейге келіп тапсырыс берушілер көбейді.  Соның арқасында, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей» деп, ұлы Абай хакім айтпақшы, жұмыс та көп, табыс та молайды.

Сергейден кейінгі ұлының әрі қарай оқып, береке таптырмайтындығына көзі жеткен әкесі Валераны да тоғызыншы сыныптан кейін Үштөбедегі кәсіптік-техникалық училищеге берді. Үміттеніп бергенін қайтейін, сенім артқан баласы сабаққа екі күн барса, үш күн бармай, училище директоры оның әкесін неше рет училищеге шақыртып, ұлының жәйін айтты.  

 Таңертеңгі асын қаза қылдырмай ішіп алатын Сергей портфель алып жүруді ауырсынып, екі-үш дәптерді қойнына тығып алады да үйден шығады. «Сабаққа кеттім» деп қарасын батыратын баласының училищеге бармай, көше таптап, қаңғып-қаңғып, ас ішетін мезгілде қайтып келіп жүргенін ата-ана қайдан білсін. Валерадай көксоққанды училище басшылары ноқталаған бұзаудай қашанға сүйрей берсін, босқа қара көбейтіп, оқу орнына кір келтірмес үшін ақыры оқудан шығарды да жіберді.

      ...Он тоғыздан асып, жиырма жасқа аяқ басқан Сергейі, не әкесіне, не анасына айтпастан, жасыл жапырақтары жайқалған жаздың бір жадыралы, жаймашуақ күні әп-әдемі боп монтиып тұрған жалбыршаш сары қызды жетелеп әкеліпті.

  -Әке, сізден рұхсат болса мен үйленсем деген ойым бар... – деп, күмілжіп жерге аяғының басына қарап, қызарақтап тұр.

- «Үйленемін» дейсің, ал өзің үйленіп те алыпсың!  – деп, ешкім күтпеген жаңалыққа сүйсіне қалбалақтап қалған әкесі бақшада қыбырлап жүрген әйеліне жақсы хабарды тезірек естіртуге асықты.

   -Анасы-ау, Сметаниндер жанұясына тағы бір сүйкімді адам қосылып жатқанда, сен қайда жүрсің?- деп, жүрегі жарылардай болып қуанған ол жадыраған жүзбен жарына айқай салды.

    -Өй бұзық, келін әкелемін деп алдын-ала айтпаушы ма еді? –Қуаныштан қаңғалақ қағып, балалардың жанына жүгіре жеткен анасы болашақ келінінің маңдайынан өбіп жатыр.

Атың кім, айналайын?

Менің есімім Лена.

- Масқара, мен есім шығып, қызымды сүюді де ұмытып кетіппін-ғой, - деген Алексей де келінін бауырына тартып, ұялғаннан қызара албырап тұрған екі бетінен кезек – кезек өпті.

   ...Қазақтар  сияқты емес, орыс ағайындардың үйленуі, құда-жекжат болу шаралары әлмисақтан жеңіл шешілетін мәселе ғой. Сол күннің кешінде-ақ Алексей жаңа ғана жауған аппақ қардай сұлу әйелін, «свежий» ерлі-зайыптыларды, қарындасы Антонина мен кіші ұлы Валераны ертіп, құда-құдағиының үйіне салып ұрып жетіп барды. Келетіндерін алдын – ала хабарлап қойғандықтан, құданың әпкесі мен ағасы, Ленаның бір-жар дос, құрбылары жиналған шағын топ меймандарды құшақ жая қарсы алды. Даурығыса шөп-шөп сүйісіп, көрісуден соң, барлығы дастарханы жайылып дайын тұрған стол басына отырды.

   Жаңа құдалар Құдайға қараған дұрыс адамдар екен, қуанышты жүзбен  қарсы алып, арақ орыстардың аталарынан қалған ұлттық асы емес пе, келген құдаларға арақ, шараптардың түр-түрін тықпалай ішкізіп жатыр. «Жынды суды»  сіміре ішкен тойлаушылар көп кешікпей-ақ әнге басты. Ленаның анасы Галинаның дауысы кәнігі әншілердікіндей таза да, келісті екен. Оның:

                     Ой, цветет калина в поле у ручья,

                     Парня молодого полюбила я.

                     Парня полюбила на свою беду,

                     Не могу открыться, слов я не найду-деп, сызылта ән бастауы мұң екен,бәрі жапа-тармағай іліп ала жөнелді. Ол ән аяқталысымен Алексей:

                      Называют меня не красивою,

                      Так зачем же он ходит за мной.

                      И в осеннюю пору дождливою,

                      Провожает с работы домой - деп, зор дауысымен екінші әнді бастап кетті. Қойшы, әйтеуір, әсем ән әнге, тарсылдата билеген би биге жалғасып, көп кешікпей бәрі стөл басына қайтадан жайғасты. Енді жас жұбайларға «горько-горько!» деген үйреншікті талап қойылды. Сол-ақ екен, екі жас құшақ айқастырып, еріндері үзіліп кетердей ұзақ, сүлікше сорысты. Орекеңдердің ата-аналарының көзінше осылай өліп-өшіп сүйісулерінде еш сөкеттік жоқ қой. Бірақ, осы бір жаман әдеттің, әке-шешенің көзінше жас жұбайлардың сүйіспек түгіл, бірі бірінің білектерінен ұстамайтын біздің қазаққа жұққаны кешірімсіз-ақ. Осылайша тойшылар әзлдесіп, әндетіп, билеп ұзақ гөләйттады.   

 ....Қазақтың екі басты қоржын тігіп, кілем жапқан ат жетектеп, бір қауым адам апаратын, келіннің әке- шешесі мен құданың ет жақындарының бас-басына киіт кигізетін салтындай ма, құдасына костюм-шалбар, құдағиға қызыл гүлдері жайнаған крепдишин көйлек, екі шиша арақ, екі құмыра шарап, бір шиша шампан пен бір қорап кәмпит апарғанның өзіне олар дән риза. Құшақтаса төс қағыстырып, қайта-қайта сүйісіп:

        Виновата ли я, виновата ли я,

        Виновата ли я, что люблю?

        Виновата ли я, что мой голос дрожал,           

        Когда пела я песни ему?– деп көңілдене әндетіп, еденнің аппақ шаңын шығара тарсылдата билеп көрер таңды көзбен атырды. Екі жақ та мәз-мейрам болып, алтын күн көкжиектен найза бойы көтерілген кезде тарқасты.

 Обалы не, келісті келіннің құрсағы да келісті - құтты болып шықты. Ерлі-зайыптылық үш жыл аралығында алтын асықтай бір ұл мен, қарлығаш балапанындай томпиған сүп-сүйкімді бір қыз туып берді. Ибалы, кісі жатырқамайтын көпшіл, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін, қолынан келмейтін ісі жоқ пысық та, еңбекқор Лена келін сөйтіп, өзінің де мәртебесін өсіріп, күйеуін, төркіні мен ата-енесін  зор қуанышқа бөлеген.

 ...Сотталып, түрме, зоналарды адалап отырып келген сайын осында тұрақтайтын жиені Николайды, оған білдірмегенімен, отағасы Алексей іштей жақтырмайды-ақ. Алайда, өз қолын өзі кессін бе? Қарындасы Аня болса жер қойнында. Зонадан зона қоймай адақтаудан қолы босамай жүрген жиені мұнда оралған кездерде «өз ошағым» деп тамына қарап, сылап, жөндеуге уақытты қайдан тапсын. Алексейдің оған өзі әперген там баяғыда тип-типыл болып, орны да жоғалған. Жиенінің басқа барар жер, басар тауы жоқ.  Кезекті отырысынан оралғанда саусағын қимылдатпастан шалқасынан түсіп, тек барын ішіп-жеп жатқанына ұялмайды-ау, ұялмайды. Қаны сұйық, әділдік пен әдептік атаулыдан жұрдай Николайдың кесірі, бір жағдайда, қаршығаның қос қанатындай екі ұлы - Сергей мен Валераға тиіп кете ме деп қорқады.

  «Сережам, жарайды, әйтеуір үйлі-баранды. Оның үстіне жуас, жаман жолдан аулақ және қақ соқпен ісі жоқ» деп бір қояды да, екінші оймен: «сол жуас, ерік-жігерінің төмендеу мінезін пайдаланып, жиені бірдеңеге ұрындырып жүре ме» деп қауіптенеді. Бірақ,  көңіліне келіп қалар деп, өзінің бұл ойын ұлы Сергейге айтқан емес. Ал, көбелекше ұшып-қонып, қолды-аяққа тұрмайтын қаңғыбас, бір жерде береке таптырып жұмыс жасап көрмеген, табанының да бүрі жоқ суайт Валерасының бейсауат жүрісінен сезіктенеді. Сол сезік ойларын ыңғайы келген бір күні бәйбішесі екеуі оны  жеке әңгімеге тартып көрген.

      - Ұлым, осы сенің күдікті жүрістерің көбейіп кеткен сияқты. Байқаймын, Колька нағашы ағаңмен де ым-жымың бір. Ол екеуіңнің жолдарың екі бөлек екенін ешқашан жадыңнан шығармай, ара қашықтық ұста - деп сөз бастай берген әкесінің бетіне Валера жақтырмай, алара қарады.

       -  Мен кішкентай бала емеспін.  Білемін өлер жерімді. Өз ақылым өзіме толықтай жетеді. Маған қалай жүріп-тұруды үйретпеңдер.  

- Түнде тым көп жортасың, Валерик. Көп жортқан түлкі құйрығынан айрылатынын білесің - ғой...,- дей берген анасының, ең болмаса «өзімнің анам ғой» деп, ойының соңын тыңдауға да төзімі жетпей, оның сөзін бөліп жіберді:

- Ер - азаматтардың сөзіне араласпа, мама! – Баласы  ата жауын көргендей әке-шешесінің бетіне жақтырмай алара қарап, тамды құлатып жіберердей тарс - тұрс адымдай басып, есікті лақтыра жапты да  үйден шығып кетті.

... «Жынды адамға күнде мереке» демекші, Валераның туған күнінің құрметіне кеше ақаңды суша сілтеп, содан бүгін синороз болған қойдың мыйын жегендей бастары әңкі-тәңкі болып сынып отырған үшеудің алдында басталған бір жарты арақ.

-Сендер Маяковский аталарыңды білесіңдер ме? Бүгін сол ақын аталарыңның поэзиясын жетілдіру үшін түнгі жорыққа аттанамыз.

- Что-то не врубаюсь, дядя – деп, нағашысының бетіне сұраулы жүзбен қараған Сергей жартылай құйылған стақандағы арағын қылқылдата қағып салды. Удай ащы арақ дәмін еш ашырқанбай, тым болмаса, дастархан үстіндегі тұздалған қиярды үйреншікті әдет бойынша не искеп, не тіске баспастан стол үстінде жатқан қорабы түрлі - түсті суреттермен көз қызығарлықтай етіп безендендірілген «Мальборо» темекісіне қол созды.

   -Пахан, не темни, раскрой карту.– Енді Валера ыдысындағы көз жасындай мөлдір ащы сұйықты, алыстан қатты шөліркеп келген  жолаушыдай көмейіне ашырқанбастан төңкере салды.

   Серіктес жиендерінің соңын ала өзіне тиесілі стақандағы арағын басын артқа шалқайтқан күйі алқымына құйып жіберіп, стол үстіндегі төрт-бес тал қиярдың бірін күртілдете шайнаған Николай да темекі қорабын қолына алды.

-  Үштөбедегі Маяковский көшесін білесіңдер-ғой.

-  Әрине. Біз білмейтін көше бар ма еді?

-  Сол көшеде орын тепкен «Агрокомплект» атты кәсіпорын да ойларыңда болар?

- Әлбетте. Ана жылы сол мекеменің бастығының басын жарып, төртінші «ходкаға» кеткенің де қазірге шейін көз алдымызда – деп, кезек сөйлеген екі бауыры «Колька косойдың» не айтқысы келгенін түсінуге асыққаннан, оның аузына кіріп кетердей таңданып, қансыз, сұп-сұр бетіне бақырая қарап қалған.

 -Білсеңдер, бүгін кешке сол жақсы шарагаға барып, оны дұрыстап тазалап келуге шығамыз.   

 - Іліп алар жақсы нәрселері бар ма екен?- деп тықақтай сұраған Валераның бетіне Сафин жақтырмай алара қарады.

  - Сөзді бөле берме. Несі бар, несі жоғын шотқа салып отыратын ревизор емеспін. Төрт күннен бері сол маңда барлау жұмысын жүргіздім. Күн ара кезекшілікке келетін екі күзетшінің екеуі де түнгі он екі, бірден кейін өз хаталарына кетіп, қатындарының қойнында қорылдайды. Базар – вокзал жасап, көп адам топырлатудың қажеті жоқ. Осы үшеуміз артығымен жетеміз.

  ...Шлактан құйылған биік дуалдан аула ішіне ырғып-ырғып түскен үшеу анадай жердегі екі қабатты қойма ғимаратының алдына барып тоқтады. 

- Қане, батыр. Өнеріңді көрсет,- деген Николай түнгі жорыққа шыққан кезде өмірі қолынан тастамайтын жарты құлаш шеге суырғышын Валераға ұсына берді. Ылдым-жылдым бауыры бір ырғағанда ашыла қоймаған құлыпты екінші қайтара жұлқып қалғанда, онысы аяқ астына топ ете түсті.

  -Жарайсың, братаным! Бірақ, сен өнерді жетілдіре түсіп, бірінші талпыныстан нәтиже шығаруды үйрен.

   Қоймадағы олжа ойдағыдай болмай шықты. Ең қомақтысы - алты бума линолеум. Бұның өзі арзанқол, сұранысқа онша ие емес – «лиепайский». Бес бума марля, жеті бума шыт материалы. Төрт алюмин фляга, оның біреуінің ішінде ғана жартылай құйылған күнбағыс майы бар. Тағы бес бума «бумезол» материалдан басқа, екі жаңа шәугім, қолданысқа түскен бір жез самауырын мен ыдыс-аяқ сияқты ұсақ-түйектен басқа іліп алар ештеңе жоқ.

  - Бұл жолғы жорығымыз сәтсіз болды-ау... - дей бергені сол еді, Валераның бүйрек тұсына «Колька косойдың» темірдей қатты жұдырығы сарт ете қалды.

- Жағыңа жылан жұмыртқаласын! Ешқашан «сәтсіз» деген сөзді аузыңа алушы болма. Ондай сөзді «жұмыс» үстінде тағы бір қайталайтын болсаң, оны жадыңнан біржолата өшіруді мына жуан жұдырығым  өз мойынына алады...

  «Паханның» нұқығанының өзі ұрғанға бергісіз емес пе, Валера ішін басқан күйі, бүкшиіп отыр. Біраздан кейін ғана белін жазып, әрең дегенде «ух» деп демін алды. 

 Түскен олжаларын үшеулеп қақпаның сыртына тасып шығарған соң таяқ жеген жиені нағашы ағасына жасқана тіл қатты:

Көлікке Сергей екеуіміз барайық па, жоқ әлде өзім жалғыз барып әкелейін бе?

Мені қасқыр жеп кетпейді. Екеуің бірге барып әкеліңдер...

Николай Сафин дуал түбінде сұлап жатқан жуан бөренеге құйрық басып, қалтасынан темекісін шығарып тұтатты. Құшырлана сора түбіне жетіп, темекі тұқылын шертіп жібергені сол еді, анадайдан біреудің тапырықтай басып жүрген аяғының дыбысы естілді. «Түн жарымында сандалып жүрген кім болды екен» - деп, ойлаған ол дыбысын білдірмей, дуалдың ішіне ырғып түсті. Екі қақпаның арасындағы сызаттан сығалап тұр. Әлігі адам ешқайда бұрылмастан  тура заттар үйіліп тұрған жерге жетіп, ешнәрсе түсінбеген күйі абдырап, сілейіп тұрып қалды.

       - Не понял,- деп күбірлей, жан-жағына алақтап қарай бергені сол еді, дуалдың арғы жағынан әлдене ыршып шықты. Енді бір сәтте «Косойдың» қолының қырымен оның желкесіне соққан соққысынан «ыңқ» еткен дыбыс естіліп, түнгі жүргінші етпеттей құлап түсті.

 Ағайынды екеу есек арбамен тепеңдеп жетіп, дуал түбіне тоқтағанда, үйілген олжаларының қасында жатқан адамның сұлабасына көздері түсті.

      - Ой, кто это, живой он?

      -Еще как живой. Я его всего на пол часа отключил.

       Шынында да, Николай соғудың неше түрлі тәсілін біледі. Елеусіз ғана келе жатып, қатарласа берген адамды шынтақпен талма тұстан түйіп қалып, бүк түсіріп, түк болмағандай әрі қарай жүре беретін тәжірибесі бар. Қолдың қырымен кеңірдектен немесе, желкеден тартып жіберіп, естен тандыру, тас төбеден жұдырықпен салып қалып, сұлатып түсіру бала кездегі көше төбелестерінен дағдыланған әдістері. Тіпті, қандай мөлшердегі күшпен соққанда  құрбанының  шамамен қанша уақыттан кейін есін жинай алатын есебіне шейін біледі. Өлтіру керек болса, талма жерден бір періп, жауының жанын жаһанамға жібере салу да оған түк емес.

        Арада бес - он  минуттай уақыт өткенде, азды-көпті  олжалары тиеліп, барымен базар болған олар, типың - типың жүрісі бар салпаң құлақ боз есек жегілген ескі арбаға секіріп-секіріп мініп алды. Ендігі сәтте Валераның ағаш сапты сыпыртқысының көмегімен үлкен жолға дейін сыпырылып, арттарында тырнақтай да із қалдырмаған көлік Сметаниндердің ат шаптырым ауласына жәйлап, сықырлай кіріп бара жатты.

      ... Әлемдегі адамның жаны, тұрмыс-тіршілігі үшін қажетті бар жақсы істер де, қорқауға тән қатыгездік пен қаныпезерліктер де сол адамның қолымен жасалатындығын қайтерсің! Жақсы мен жаманның, асқан жауыздық пен мейірімнің, ізгілік пен жаныашымастық қасиеттер адам адам болып жаратылғалы алма кезек ауысып, мәңгілік күрес сипатында өтіп келе жатқандығы дау тудырмас шындық. Өткен өмір жолы бітіп болмас қылмыспен өріліп, түрмеге даңғыл жол салып алған Сафин Николай бүгін жемтіктестерінің бірін қалдырмай жинап алды.

       -Все! С сегодняшнего дня ложимся на дно...!

      -Пахан, что-то не врубаюсь. Что значить «ложимся на дно?» деп, қашан болмасын бәрінен бұрын сұрақ қойып, пысықтық танытып жүретін жиені Валера нағашысының бетіне сұраулы жүзбен қарап тұр. Басқалар да ләм-лим деп бір ауыз сөз айтпастан таңырқасып, тілдерін тістегендей үнсіз қалған.

         -Былай... Біздің қазақтарда: «көп жортқан түлкі терісінен айырылады» деген мақал бар. Жасаған жорықтарымыздан құдайдың бұйырғанын алдық. Жергілікті менттер жоғары басшыларынан жақсы тоқпақ алған сияқты. Өйткені, олар ұйқыларынан оянып, қылмыс жасаушыларды іздестіруді шұғыл, опыр-топыр бастап кеткен қарбалас байқалады. Сондықтан, енді біраз тым-тырыс болып, қимыл атаулыны тоқтатуымыз керек. Вот в чем заключается «дно». Пока я не скажу, ни одного движения... – деп, жорықшылары не айтар екен дегендей беттеріне сынай қарап, тағы біраз уақыт үнсіз қалды. – Всё, базар окончен! Вы свободны, можете канать...

       

                                     Сегізінші тарау

 

        ...Николайдың өзі айтпақшы «көрші Кербұлақ ауданы халқының әлеуметтік жағдайын байқауға аттанған» «Косой» бандасының жымысқылары жаңа жерге келген бойда барымташы Сапаштың шаңырағына тоқталған. Бір түнеп шығысымен, Сафин қатарынан үш күн бойы аудан орталығындағы үлкен базарды, дүкендер мен үлкен кәсіпорындарды сырттай бақылап, біраз мәліметтер жинады. Төртінші күні, ел аяғы тынышталып, түн қараңғысы қоюлана салысымен:

- Қой, үш күн бойы үйде шөп басын сындырмай, жұмыссыз жатқаннан іштерің пысып кеткен шығар. Көшеге шығып, елдің тұрмыс жағдайын дұрыстап тексеріп келейік, - деген «паханның» сөзіне оның жемтіктестері қутыңдаса қуанып қалған. Қуанбай қайтсін, бір-екі күн жорыққа шықпаса, ішкен астары бойларына тарамайтын қуларың үш күн бойы жұмыссыз жатса. Бірақ, үйден шығысымен, ауа райының жайсыздығынан көңілдері пәсейіп қалды.

- Пахан, қай бағытты бетке аламыз. Мынандай ауа райындағы еңбектің ақталуы қалай болады? Навар жақсы түсетін жер ме? - деп, қарсы сұрақ қойған Женяның сөзін «Косой» жақтырмай, бетіне шытынай қарады.

- Сен-ақ осы тықықтап тұрады екенсің. Көп қақсамай ауызыңды жап. Менің соңымнан ерсеңдер өлмейтіндеріңді білесіңдер-ғой...

 Күні бойы толассыз сіркіреп жауып, арасында демалғандай сап тиылып, қайтадан төпей жауған жаңбыр әлі басылар түрі жоқ. «Құрымағыр, мына қара қазандай төңкерілген аспан асты тесіліп кеткеннен сау ма өзі» деп өзара күбірлескен төртеу «күн көсем» - Ленин көшесі бойымен, орталықты бетке ала жылжып келеді. Бұл кез ел әлі жата қоймаған, сағат тілі түнгі оннан енді ғана асып бара жатқан. Жердің бұрынғы лайсаңдығы аздай, әлігінде ғана толастаған жылаңқы жаңбыр қайта сіркіреп жауа бастады. Топ мүшелерінің бәрі жағаларын көтеріп алған. Иықтарын құныстырып, «мынандай ауа райында жемтік қолға түсе қояр дейсің бе?» - деп, көңілсіз, баяу жылжып келе жатыр. Николай басшыдан басқасына салсаң, тап бүгін жорыққа шықпай, үй төрінде жантайып, жүз грамнан соң, жанға жайлы қою чефир ішіп, бұйығып жатуға бар.

  ...Түн қараңғысынан әлденені абың-күбің қызу талқылап, бірі біріне кезек бермей дабырласқан адамдардың дауыстары естілді. Ендігі сәтте түнгі жорықтарда қараңғылыққа әбден үйренген олардың қырағы көздері алдыңғы жақтағы Шевченко көшесі бойымен, батыс жаққа бет алған екі қараны көздері шалды. Дауыстарына қарағанда әйелдер. Бірін - бірі тыңдамай, даурығыса сөйлескендерінен білініп тұр – ішіп алған.

   -«Іздегенге сұраған» деген осы шығар. Өздері біздің келуімізді күткендей жолды кесті, енді осыларды торға түсіреміз. Юра, Леха, сендер екі қатынның оң жағындағысын жәркөмдейсіңдер. Жека екеуміз сол жақтағыны тазалаймыз. – Бұл «Косойдың» бұлжымай орындалуы тиіс бұйрығы.

             Өз қызықтары өздерінде болып, әңгіме тиегін ағытып келе жатқан Лена мен Оксана шынында да қызу еді. Ленаның қайын сіңлісінің туған күнін атап, ақаңнан  біраз сілтеген қос құрбы мас болмағанымен, біраз жерге барып қызып қалған-ды. Әндетіп, билеп, көгаршындай көкке қалықтаған көңілдерін баса алмай, сол шарықтаған әуендерінен арыла алмай келе жатыр. Сондықтан - ғой, біріне-бірі сөз бермей, даурығысып келе жатқандары.

       -Қане, үндеріңді шығармаңдар! - Әмірлі дауыспен бірге, екеуінің де кеңірдектеріне сұп-суық болып тақалған пышақтан естері шыға қорыққан әйелдерді түн жамылған қарақшылар жол шетіндегі қалың ағаш арасына «свиданияға» апара жатқандай қолтықтаған күйі жетектей жөнелді.

         -Бәрін алыңдар. Бірақ, өлтіре көрмеңдерші. Өтіне жалынамын сіздерге...-деп жыламсыраған Лена құлақтарындағы, анасының оған қырық жасқа толған тойында сыйлаған, кішігірім  торғайдың басындай қомақты алтын сырғаларын өзі ағыта бастады.

          -Ия, балаларымыз бар, аяушылық жасаңдаршы. Құдай үшін, бізді ұрып, соқпаңдаршы. - Сыңсып жылай бастаған Оксана мойынындағы бриллиант алқасы мен анадайдан түсіп тұрған электр жарығына жалт-жұлт етіп шағылысқан күміс сырғаларын қоса шешіп берді. – Бізді өлтірмеңіздерші...

      - Үніңді өшір!  Саусақтағы  темірлерді де шеш!

       - Бәрін шешеміз. Қазір, қазір. - Үрейленіп, дір-дір еткен келіншек алтын сақина, білезіктеріне шейін сыпырып, тонаушыларға ұсына берді.

 Бұл байқұстарың бағанағы бүкіл көшені бастарына дуылдата көтерткен арақтың қызуынан ештеңе қалмай, сауығып кетіпті. Тамақтарына суық пышақ тақалса, сауықпай қайтсын енді. Жан шіркін тәтті ғой, қорыққандарынан тістері тістеріне тимей дір-дір етіп қалшылдап тұр.

Енді бір сәтте, үйлерінен боянып-сыланып тойға емес, «қыз сыны» байқауына қатысуға бара жатқандай, бар алтын, күмістерін тағынып, асыл киімдерін сықита киіп шыққан қос құрбы бойларындағының бәрінен айрылып, қауырсынын жұлған тауықтай болып,сымпиып шыға келді. Ол аз болса, қол сөмкелеріндегі азды – көпті ақшаларын жылан жалағандай етіп тазалап, соқыр тиын қалдырмай қағып әкетті. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, тіпті, өңкей ер адамдарға неге қажет болғанын кім білсін, «итке темір не керек»  демей, әтір, сүрме, ерін бояуы, тарақ, айна сияқты әйелдерге керекті заттарды да сыпырып алып:

С богом! Идите отдыхайте. Будете кричать, мигом догоним и зарежем... - деп, (не деген мәдениетті тонаушылар десеңші) қара жолға салып жіберді.

 

                                             ххххххххххххххх

 

Бүгінгі, ойламаған жерден түскен олжаға риза болғанымен, оны азырқанған топ, «Құдіреті күшті Құдайымның берері таусылмасын» деген сыңаймен үйге қайтуға асықпады. Бағанағы ауа райының жайсыздығы жайына қалып, тіпті, білінбей де  кетті. Түн қараңғысындағы жорықтарын әрі қарай жалғастыра берді. Бағыттары қала орталығындағы кафе, мейрамхана жақ.

...Ата - анасының азан шақырып қойған есімі Дайрабай болғанымен, бала кезден қысқартып, Дайыр аталып кеткен азаматтың бүгін шала байыған күні. Таңертең, бозала таңнан тұрып базарға бұзаулы сиырын саудалауға шығарған болатын. Жаз бойы жайылымда өз аяқтарымен жайылып, кәдімгідей-ақ семірген зеңгі баба ұрпақтары домаланып, ойнақтап тұр. Күні ертең бастарына бас қосылып, көбеюге тиісті екі бірдей ұрғашы  малды сатпаса да болар еді. Бірақ, қыста жем-шөп жетпей, қиналатынын ойлаған ол, малдарының қоңдылығынан айырылмай тұрғанында сатып құтылуды жөн көрген. Оның үстіне биыл, биыл ғана емес-ау, нарық қатынасы орнағалы ұры-қары да көп болып тұр. Былтыр-ғой, көрші Бәкірдің соғымға деп күз бойы байлап, семіздіктен іркілдеп тұрған ту биесінің қолды болғаны. Обал-ай, қаладағы балалардың жұмыстан босап келуін күтіп, ертең – жексенбі күні соямыз деп отырғанда, түн қараңғысын жамылған екі аяқты қорқаулар қуып кетіпті. Қораның құлыбын бұзып, айдап әкеткендерінде, әншейінде ауыз жаппайтын, «қабаған» деп мақтап жүрген овчарка итінің, ұрылардың қалай сиқырлап тастағанын кім білген, ауыз ашып «әу» деп үрмегенін қайтерсің! Қолдан не келсін, таңертеңінде   «ойбайлады» да қалды. Өтініш жазып апарған полициядағылар: «іздеп жатырмыз, ұры табылғанда хабарлаймыз» деуден жазбады. Неше барып, аяқтарын тоздырғанымен, еш нәтиже шықпайтындығына көзі жеткен Бәкір, ақыры күдерін үзіп тынған.

Міне, бір жағынан адал малының сол ұры – қарыларға қолды болуынан да қорыққан Дайыр бұзаулы сиырын бүгін базарға шығарып, саудаға салды.

Базар заңы қызық қой, көп адамдар, алсын, алмасын, келеді, көреді, қанша сұрап тұрғаныңды естіген соң, әрі қарай селқос жөнеле береді. Енді бірі малдың сауырын сипалап, оны айнала жүріп қарап шығады, малдың қанша жаста екенін біледі де, құнын да сұрамастан, әрі қарай саудаға шығарылған басқа малдарға қарай аяңдайды. «Ала ма» деп, дәмексіп қалған бұл сиырының сүтті мол беретіндігін, ешқашан қысыр қалмағандығын, кейінгі үш жылда тек ұрғашы бұзау туғандығын айтып, мақтай бастайды.

Міне, шикіл сары өңді, жүрісі сияқты көздері де тиянақ таппай ойнақшып тұрған тағы біреусі жағалай жүріп келіп Дайырдың жанына тоқтады.Үстіне киген қымбатты киімдеріне, пысықай түріне қарап, «дәуде болса, осы алып қалар» деген ойға келді:

-Ал, ағайын, өкінбейсің. Жем-шөп мәселесі қиын болғандықтан ғана амалсыздан сатуға шығарып отырмын. Әйтпесе, тұқымы жақсы, сүті қою және мол. Мына соңындағы бұзауы да ұрғашы. Құдай бұйырса, егер дұрыстап күте білсең, осы малдар күні ертең -ақ, қораңды малға толтырып береді – деген Дайыр тоқтаусыз бастырмалатып кетті. Алмай кете ме деп қорыққаны болар, берекеңді асырып, ырысыңды тасытады –деп, жік - жапар болды.

-Сиырың арықтау сияқты ма, қалай өзі? Бұзауы екеуіне «оптом» қанша сұрап тұрсың?

-Арық емес, неге олай дейсің. Әне, сауыры домаланып тұр, өзің ұстап көрсеңші, көзіңді жеткізіп. Алты мың сом сұраймын. Ой, ескі әдетпен сом деп кетіппін ғой...Екеуіне алты мың теңге.

 -Бауырым, тым қымбатқа бағалап тұрсың. Бес мың теңгені қолма – қол санап берем. Сол жақсы, әділ баға. Қанеки, осы бағаға тоқталайық, әкел қолды...

-Өй, бауырым, мұның көрнеу қиянат қой. Бақандай екі бас ұрғашы малды бес мыңға бағалағаның ұят емес пе?! – деп, қараторы өңі бұзылып, күреңіте түскен Дайыр теріс айналып кетті.

-Жарайды, туысқан. Саған да емес, маған да емес, бес жарым мыңға келісейік. Қолма-қол санап берем - деген жылпос шикіл сары сатушының қолына жалпақ алақанын ылдым-жылдым ұстата қойды.

Сауданың қитұрқылықтары мен жылпостық әдістерінен хабарсыз ауыл қазағы емес пе, қолы шикіл сарының алақанына түскен Дайыр қолын қайта тартып алуды ар санады ма, жоқ әлде, мына қудың мысы басып кетті ме, әйтеуір «сылқ» етіп көніп қалғанын өзі байқамай да қалды. Өз қолынан жем – су беріп мәпелеп өсірген адал малын қимастықтан, оның үстіне тым арзанға кетіп бара жатқанына іші қоңқылап тұрса да:

-Жақсы, малың берекелі болып, көгеніңді кеңейтіп, өрісіңді көбейтсін – деп, шикіл сарымен қайтадан сарт - сұрт қол алысты...

  «Сарт санасымен байиды» демекші, «Құдай сәтін салып ойдағыдай бағаға өткізсем, бала - шағам бір қарық болар еді» деген ішкі ойы толық орындалмаса да, бұйырған бағаға сатты. Көңілі қанат байлағандай көкке өрлеп, ән салғысы келеме-ау, біреумен әңгімелескісі келе ме – ау, әйтеуір көңілін белгісіз бір желік қысты.          

        Екі бөлікке бөліп, костюмінің ішкі қалталарына  сықырлата салып алған едәуір қомақы ақша бойын, кәдімгідей, қыздырып бара ма, қалай өзі...

       «Қой, мынандай қомақы ақша сәтімен күнде қолға  түсе бермес. Өмірі балаларыма базарлық апарып көрмеген басым сол айналайындарыма қант-шәй, кәмпит-сәмпит апарып, бала-шағаны бір қуантайын», - деген ойдың жетегіне ерген ол бірден орталықтағы дүкенге тартты. Көздеген керек нәрселерін алған соң, дүкеншімен есептесіп болғаны сол еді: 

          - Ой, бәрекелді! Біздің Дәкең қашаннан бері сауда жасап, қант-шәй алатын дәрежеге жеткен? – деген таныс дауыс құлақ түбінен естілді. Артына жалт бұрылып қарағаны сол еді, баяғы Кеңес заманында көп жылдар өзімен бірге сүт фермасында бақташы болып істеген Зайыр досы тұр ыржия күліп. Бұлар бірге істескен әріптес қана емес, аралас-құралас дос болып, ол достықтары туыстыққа айналып кеткен өте жақын жандар еді.

         - Өй, сен қайдан жүрсің? Хал қалай? – деп бастырмалатқан Дайырдың сұрағына жауап берместен:

          - Өзіңнің бала-шағаң аман ба? Қара қатының тың ба? Қазір қай жерде жүріп  жатырсыңдар? – деп, сұраққа алған тергеушідей шапшаңдатқан Зайырға ескі досы да: «шүкір-шүкір, бәрі жақсы» дегеннен басқа  жарытымды жауап та беріп үлгермеді.

         - Қой, достым. Екеуміздің мына тар жерде жөн сұрасқанымыз жараспас. Менің бүгін өзі шала байып, қуаныш құшағында шалқып тұрған жәйім бар. Бір жарты алып, мына вокзалдағы асханаға барып, тамақтанайық. Талай қызық-шыжықты бірге бастан өткерген кездерді еске алып, бір жасап қалайықшы...

       -Мақұл - мақұл. Шынында да біз бірі-бірімізді көрмегелі, әңгіме дүкен құрмағалы не заман. Нарық құрығыры әркайсымызды «балапан басына, тұрымтай тұсына» етіп, санамызды сансыратудай-ақ сарсытып жіберді емес пе?!

       ...Бір жартылық «ақаңды» тақа тауысып, екінші шөлмекке ауыз салған құрдастар әңгіме қызығына беріліп, жан-жағындағыларға назар аударар емес. Әй, қорқақты батыр, үндеместі шешен ететін ақаңның құдіреті-ай! Кім келіп, кім кетіп жатқанында шаруа жоқ. Өздері мен өздері естелік әлеміне қанат байлай ұшып, таусылып бітпес әңгіменің қызығына беріліп кеткен. 

        -Есіңде ме,Зайыр, екеуміздің достығымызды көре алмайтындар, біз туралы неше түрлі  қауесет айтып, өсектеуші еді-ғой. Әлдебір тығыз шаруамыз бола қалған жағдайда, біріміздің орнымызға екіншіміз екі, тіпті үш ауысым бойы ренжімей істеп, есептесіп, санаспай-ақ жұмысымызды адал атқарып жүре беруші едік.

         - Ия, қазір-ғой, әлдебір болымсыз дүние, немесе тиын-тебен үшін анасы баласымен, қайын атасы келінімен соттасып, оттасып жатқандары. Ондай дүниеқоңыздық пен жаны ашымастық  бұрындар орекеңдер мен басқа ұлт өкілдері арасында болушы еді ғой. Енді, мінеки, ол мейірімсіздік зауалы жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған қазағымыздың басына да төніпті. Қайран, бұрынғы кеңқолтық, мейірім мөлтектеген заман-ай десеңші...!

         -Жарайды, оны қойшы. Есіңде ме, фермадағылар біз туралы өлең шығарып, суреттерімізбен лабораториядағы тақтаға іліп қойғандары...

        - Иә, сол күндердің бәрі кеше ғана болғандай, түп-түгел көз алдымда көлбеңдеп тұр.  Тіпті өлеңіне шейін әлі жадымда:

                                   Мынау тұрған Дайыр мен Зайыр,

                                   Қолдарында қамшы, күрек, айыр.

                                   Малдарыңның асты көлшік су,

                                   Сендерден қандай қайыр?- деп жазылған және суретіміз де өзімізден айнымай салынған еді.

            -Әй, сен өзіңнің есте сақтау қабілетің әлі жастардікіндей-ғой.  Дегенмен, сол заман жақсы еді-ау. Ерінбей еңбек етсең, тиесіліңді шотқа салып, бір тиынын қалдырмай қолыңа санап беретін.

            - Ойыңда ма, әр ай сайын, тоқсан сайын ақшалай сыйлық алушы едік қой. Әсіресе, екеуіміз жылдың қорытындысы бойынша премия ақшаны күреп алғанымызда, талайлардың іштеріне қызғаныштың қызыл иті кіріп, «пыш-пыштап» сөз қылушы еді, ұялмай, қызармай...

            - Рас айтасың. Ол бір жақсы заман еді. Дос, енді қашан бас қосып, әңгіме тиегін ағытатынымызды бір құдайым біледі. Бұл кездесуіміз «жетім қыздың тойындай» есте қалсын. Мен тағы бір жарты «ақаңнан» әкеле қояйын. Жолымыз күнде түйісе бермейді. Баяғыда: «Күнде жиын, күнде той, жүрген жерім-ай...» - деп әндеткеніміздей, бүгін бір дұрыстап демалайықшы.

            - Дәке, екеумізге ауыр боп кетпей ме? Менің артым қазірдің өзінде әдәуір қызыңқырап қалды.

            - Ештеңе етпейді. Шошқа екеш шошқаға да бір күн мейрам емес пе...? – Дайыр қозғалақтап отырған орнынан екі ұмтылып әрең тұрды да, тәнтіректей басып сыртқа қарай беттеді.

            ...Екеуара ыстық тамақпен болса да, ішкен үш жарты «жынды су» оңай болсын ба?! Атың өшкір арақ пәлекетің өз дегенін істеп тынды. Асханадан қашан, кіммен шыққаны есінде жоқ. Дайыр бір есін жиғанда, қай жер, қай көше екені белгісіз, әйтеуір, жел айдаған қаңбақтай қаңғалақтап, көзіне бұлыңғырланып, сағымдана көрініп тұрған көшенің екі жағына кезек шыға теңселіп келе жатыр...

            ... - Құдайға шүкір, жаңа жердегі алғашқы жорық - операциямыз ойдағыдай, жақсы өтті. Жұп қылып, бүгін осындай сәтті істің тағы біреуін қайталап жіберсек - деп, сөйлемесе тұра алмайтын Женя аузын жиып та үлгермеді, түннің қою қараңғысында анадайда аяғы жаңа шыққан балаша теңселіп, қаңғалақ қағып бара жатқан адамның сұлабасын көздері шалды.

            - Сенің тілеуіңді құдай берді,  Жека. Қазір осыны жәркөмдейміз. Дайын болыңдар – деген «Колька косой» ұзын сирақтарымен асыға адымдай басты.

            ...Екі кісі екі жағынан қолтықтап, тал арасына дедектете жөнелгенде, Дайыр олардың кім екенін, қайда апара жатқанын білерлік шамада емес – тін. Әлденелерді айтпақ болып, түсініксіз былдырлай бергені сол еді, тап төбеден тиген ауыр соққыдан балшық жерге сылқ ете түсті.

            «Шығасыға иесі басшы» деген осы  да. Барлық ақшадан да, қолындағы сағат, үстіндегі бір киер костюм – шалбары көзді ашып жұмғанша шешілді. Таңертең базарға шығарында әйелі, осы күзге қарсы сатып алған былғары күртесін күйеуіне кигізгісі келмей:

      -Қыдырыстап бара жатқан жоқсың, мал айдап баруға ескі күртеңді кие салмайсың ба? – деп быж-тыж болған.

       -Е, былғанып қалатындай, малды арқалап апармаймын ғой. «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!» демекші, өзімнің адал еңбегіммен тапқан ақшама алған жаңа киімдерімді осындайда кимегенде қашан кимекпін? Жарық дүниеге зәуінде бір шыққан екенмін, адам құсап  дұрыстап киініп барайын да... – деп көнбеген еді. «Шығасыға иесі басшы» деп, міне, үстіне бір рет те ілмеген сол судай жаңа жылы күртесінен де тып-типыл болып тоналған Дайыр ағаш арасындағы жаңбырдан кейінгі іркінді су үстінде екі бүктетілген қалпы қала берді... 

                            

 

                                    Тоғызыншы тарау


      ...Табиғи жолмен емес, күш – зорлықпен, жасанды, бақай есеппен  жасалған достық алысқа барушы ма еді, тегі...

«Мызғымас ел», «әлемдік ұлы держава» деп әспеттелген Кеңес Одағы балалардың қатты қағаздан жасалған үйшігі құсап быт - шыты шыға күйреді. Одақтас Республикалардың арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, әр ел өзінің пешенесіне жазылған проблема, қиындықтарымен бетпе - бет қалды.

            Жарық жоқ, көпқабатты үйлерде су мен жылу жоқ. Зейнеткерлердің, мүгедектер мен жетім – жесірлердің, балалардың арзымайтын жәрдемақы, зейнетақыларының өзі, тіпті, ілдәлдалап істеп тұрған мектеп, аурухана, халыққа қызмет көрсету сияқты  мемлекеттік  мекемелерде істейтін қызметшілердің еңбекақылары  айлап, жылдап берілмеді. Оларды төлеуге тиісті мемлекеттік бюджет  қоржынының өзі  қаңырап, бос тұр.

            Бұрынғы жоспарлы экономикадан «нарықтық экономика» аталатын жаңа  жүйеге көшу қиямет – қайымы басталды. «Кеңес  кезіндегідей емес, барлық өндіріс, құрылыс пен шаруашылық нысандарына қожайындық ету құқы қарапайым халыққа тиеді» дегендері бос сөз екен. Ол тәтті уәделердің бәрі бәрі әдіра қалды. «Жекешелендіру» атты  науқаныңда  материалдық құндылықтардың барлығы іс басындағы үлкен-кішілі шенеуніктердің, биліктегілер мен шаруашылықтың тізгінін ұстаған басшылардың, солардың төңірегіндегі ым-жымы бір пысықайлардың иелігіне көшті. Колхоз, совхоздарда өмірбақи тер төге еңбек етіп, сол байлықтарды өз қолдарымен жасаған қарапайым еңбеккерлердің иелігіне ескі трактор, оның өзі екі – үш қожайынға біреу, қаусап тұрған мал базасы, жүрмей, қаңырап тұрған комбайн мен бір-жар бас арық-тұрық мал тиді. «Тиесілі пайыңа» деп, орталықтан алыс, суғаруға қиын жерлерден жер бөліп берді. Берілгенін қайтейін, ол жерді жыртатын техника жоқ, тұқым жоқ, оны сатып алатын ақша жоқ. Мемлекеттік мекемелердегі, басқа да нысандардағы айлап, жылдап еңбекақыларын ала алмаған жұмысшы, қызметкерлер прокуротура мен сот ғимараттарының табалдырығын тоздырып, әйда, «соттасу» науқаны басталды. Құдай сақтасын, ел жаппай күйзелді. Ішерге ас, тіске басар нан таппай, кілеттеріндегі талайдан бері жиналып  қалған кебектен жаппа нан пісіріп, жеп отырғандар бар. Тепсе темір үзетін ер – азаматтар екі қолға бір жұмыс таппай, сандалды. Көздері жәудіреген, тілдерін тістеп, аш отырған балаларының қиналғанын көріп, олардың жүдеп, жадаған беттеріне қарауға батылдары бармай шарасызданып, қорланған азаматтардың өз-өзіне қол салуы көбейіп кетті. «Пәлен ауылдағы пәлен  деген азамат жоқшылық  күйігіне шыдамай, асылып қалыпты», «түген деген кісінің  жас баласы аштықтан ісініп өліпті» деген суық хабар көбейіп тұр. Мұндай сұмдықты кім естіп, кім көрген? Несін айтасың, ел аман, жұрт тыныш заманда бұл бір халықтың басына төнген қорқыншты зауал болды. Бес жылға созылған Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде тылдағы халық тап осындай дәрежеде қайыршыланып, осындай деңгейде ашығып, тарығып қиналмаған шығар – ау, сірә...!        

        Күнкөріс көзі – жұмыстың жоқтығынан  ауылдағы жастар, ер – азаматтар соқа бастарын сүйреп қалаға ағыла бастады. Олар күнкөрісі болмаған соң, қарап отырып өлсін бе, болашағы да жоқ ауылдағы үйін болмашы тиын – тебенге сатты. Сата алмағандары «өз үйі - өлең төсегін» бұзып, алушыларға есік – терезе, кірпішіне шейін бұйырған бағаға саудалап, көбісі Алматыға көшіп жатыр.  Басқа барар жер, басар тауы қалмағандықтан, «үмітсіз-шайтан» деп, екі қолға бір жұмыс табылар деген үміт – қой, әйтеуір.

Ол бейшараларды қалада құшақ жайып, қуана қарсы алатын нағашысы күтіп  тұр дейсің бе, болымсыз тиын – тебен үшін біреулерге жалданады. Қыруар жұмысын  істетіп алып, «жамбас ақыңа мынанша, тамағыңа мынанша ақша ұстадым» деп, қалған болмашы, арзымас пұлын қолыңа беретін құдайдан безгендер көп болып тұр. Жастар жағы, одан қалса, базардағы саудагерлерге арбакеш болып жалданады. «Дорогу, дорогу!  Берегись!» деп, қоларбасына таудай етіп тиеп алған жүктерін ышқына итеріп, күнге қап-қара болып тотығып, еріндері кебірсіп жалақ болуға айналған арбакештердің бәрі қазақтар. Осы бір жүздері жүдеу, иіндері түсіңкі, көңілдері пәс, ақ тер, көк тер болған байқұс қандастарыңның кейпін көргенде, оларға жаның   ашығандықтан еңіреп жылағың келеді. Бірақ, біз пақырдың қолынан келер   қайыр бар  ма?!

        «Жүгін тасуға кім тапсырыс берер екен» деген үмітпен кім көрінгенге телмірген арбакештің итшілеп тапқан ақшасы қай бір мандыған дейсің. Далбасалап қалаға кеткен күйеуінің, әлдебір кәріс, орыс, неміс, немесе, ұйғырдан жалға алып отырған жапырайған лашығының  ақысына бергенінен қалған арзымас ақшасын, үйдегі екі-үш баланың киімі түгіл, тамағына қалай жеткізерін  білмеген  әйелі байқұс әбден қиналып бітеді.

         Ой, Алла-ай, десеңші, сонда үйлерінің бір-екі бөлмесін, жазғы асүйлерін жалға берушілердің дені орыс, неміс, кәріс пен ұйғырлар болып келеді. Ойлап тұрсаң, кейіннен, нарық қыспағынан қашып ауылдан үдере көшіп келгендер ғана емес, бұрыннан,  кеңес кезінен үй жалдап тұрып жатқандардың бәрі өзіміздің қаракөз қазақтарымыз. Өз елі, өз жерінде, бейбіт заманда баспанасыз, үйсіз-күйсіз, босып жүрген біз сияқты байқұс ұлт басқа мемлекеттерде  бар ма екен, осы? Әй жоқ-ау, ондай бейшара ел...!

Осындай басынудан ғой, «Алматы қазақтың астанасы, орыс, немістің баспанасы, ұйғырдың асханасы» деген, шындықтан еш алыс кетпейтін мақал іспеттес сөз тіркесінің шыққандығы.            

        Аллам-ау, ұлтымыздың ақ пейілі мен дархан көңіліне орай құдіреті күшті құдайымның табиғаттың бар байлығын қазақ жерінің асты-үстіне толтырып қойғанын қайтейін. «Аспаннан киіз жауса да, жарлы байқұсқа ұлтарақтық киіз тимейді» дегеннің кері келіп, сол ұшан-теңіз байлықтың оннан бір, оның не, жүзден бір бөлігі де қарапайым халыққа бұйырмай тұрғанын көрмейсің бе? Бұйырмай емес, бұйыртпай тұр... Қорқау қасқырлардай топтасқан жоғары билік басындағы жебір міскіндерің өзара сыбайласып, халыққа тиісті нәсіпті жымқырып, жалмауыздай жалмап жатыр. «Оффшорлық компания», «тендер өткізу» жолдарымен қаншама байлық пен қаржы шет елдерге, немесе ауыз жаласқан сыбайластар арқылы белгілі бір адамдардың тойымсыз жемсауына құйылып жатыр. Сол «оффшор» деген сөзді естіген кезде, орыстың «обжор» сөзі, яғни жалмауыз  деген сөз еріксіз ойға оралады. Ал «тендер» дегенің: «Әй, өзіміздің пысықай жалмауыздарымыз, осы су тегін байлықтарды өзара теңдей бөлісіп, қарапайым халыққа білдірмей жеңдер» деген түсінік сияқты қабылданады.       

       Қанашама министрлер, олардың орынбасарлары, әр деңгейдегі әкім-қаралар, олардан төменірек деңгейдегі шенеуніктерің тұзаққа түсіп сотталып, отталып жатса да, парақорлық пен жемқорлық фактілердің тиылатын түрі жоқ. Құдды, ертегілердегі бір басын шапсаң, оның орнына жалма - жан екі бас өсіп шыға келетін жеті басты айдаһар дерсің!

       Қайдан тиылсын-ау, халыққа көз қылып соттаған болғанымен, артынша ақталып, құтылып шықса. Немесе аз ғана мерзім отырып, айыппұл төлеп, одан қалса, басқа да әртүрлі қитұрқылық жолдар арқылы, босап шығып жатса, сыбайлас жемқорлық қалай тиылсын!

       Басқасы басқа-ау, мемлекетіміздің қуатты қорғанышы, сенімді тірегі болуы тиісті Қазақстан Қарулы Күштері жүйесін де коррупция жайлағаннан кейін басқа саладағы министрліктерден, шікірейген шенеуніктерден, билік құрылымдарының басшылары мен қосшыларынан не сұрайсыз?! Арыстағы қару-жарақ қоймасының жарылысы, азық-түлік пен жанар-жағармайдың бағасының аспанға шарықтауы – ұйымдасқан қылмыс – коррупцияның салған ылаңы екендігі белгілі болды.

       Иә, жұмыссыздықтан, үстілеріне киер киім түгіл, ішер асқа жарымаған, байларға жалданып, болымсыз ғана  тапқан - таянғаны шиеттей бала-шағаның не ішер асына, не киіміне жетпей, тарыққан  кейбір азаматтардың  күйректікке бой алдырып, ішкілікке салынып кеткенін көрдік. Немесе, тарыққаннан өз қолымен өмірін өзі қиып, о дүниеге аттанып жатқан бейшаралар да баршылық.

        Бәрінен де сол жоқшылық пен жетіспеушілік салдарынан көтерген шаңырақтарының быт-шыты шығып қирауынан, әсіресе жас отбасыларының айырылысып, жетім балалар мен жесір әйелдердің көбейіп тұрған жылармандық жағдайды айтсаңшы! 

        Қала, аудан орталықтарындағы көпқабатты үйлер есік, терезе, шатырларынан жұрдай болып тоналып, үңірейіп-үңірейіп бос тұр. Әсіресе, ауылдардағы тип-типыл бұзылып, там орнында үйіліп жатқан жал – жал топырақты көргенде, көңілге біртүрлі, қорқыныш ұялайды. Құдды, моланы көргендей үрейленіп,  бойыңды жұртта жалғыз қалғандай қорқыныш пен үмітсіздік үрейі билейді екен.

      ... Қиындық атаулыға қасқая  қарсы тұрып, оны еңсерудің үлгісін нарық заманында «заты нәзік жыныстылар» деп жүрген  қыз-келіншектеріміз көрсетті. Ер-азаматтар абдырап, не істерге білмей, шарасыздық танытқан тұста, «нәзік»  қыздарымыз белді шарт буып, ерлер  беттей алмаған шаруаға ден қойды. Үйлеріндегі барды -жоқтысын жинап, одан қалса пайызы  ерен жоғары болса  да, банктерден несие алды. Күйеулерін бала-шағамен үйде қалдырып, қытайдың көкала сөмкелерін  арқалап, бауырлас Түрік еліне, Қытай мен Ресейге жол тартты.

     Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

     Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.

     «Қыз өссе – елдің көркі» деген сөзді,

      Қапысыз қалай айтқан қайран бабам?! - деп, осы әндегі ақын жырлағандай, шын мәнісінде, олар қайран қалдырып, таңдай қақтыратын тіршілікке бет бұрды. «Тауықтың түсіне тары енеді» дегендей, күн-түн демей, әйтеуір, нәпақа табу жолында тыраштанып, бала-шағаның қамы үшін  жандарын жалдап, ойға да, қырға да  шапқылады. Әрине, оңай шаруа емес, бірақ қайтсін, «басқа түссе, баспақшыл». Бала-шағаның күнкөріс, тіршілік қамы үшін бар қиындыққа көніп, нарық талабына бейімделе  білді.

        Әсіресе, ер - азаматтарымыздың тәуекел ете алмаған  сауда - саттық шаруасын еңсеріп, қиындықты жеңе білген еңбекқор қыз – келіншектеріміз, апа – қарындастарымыздың осы ерліктеріне арнап, алтыннан ескерткіш орнатсаң да артықтық етпес...!

 Басқы кезде «жабайы саудадан» бастап, үйрене келе сауда ғана емес, өндіріс, құрылыс, халыққа қызмет көрсету сияқты бизнес нысандарын ашып, шаруаларын дөңгелентіп, «миллионер» аталған  қазақтың қыз-келіншектерін көргенде, қуаныштан  көңіл шіркін қалай шалқымас, жаның қалай толқымас! 

 

                            ххххххххххххх

 

        ...Міне, сондай еңбекқор, алдына қойған мақсатына жету жолындағы міндетті түрде кездесетін қиындықтарға мойымай, бірбеткейлік, батылдық пен қайтпас қайсарлық  танытып, тек алдыға ұмтылатын жандардың бірі – Мнира Маратқызы еді.

Маркомен «Талдықорған» мейрамханасында алғаш танысқан кезде қатардағы даяшы болып қызмет атқарып жүрген ол қазір сол сауық мекемесінің директорынан кейінгі білдей бір басшысы. Дәлірек, ресми, штат тілімен атағанда, «старший администратор» аталатын – әкімші. Мнира осы лауазымға келгелі мейрамхананың жұмысы өрге қарай дөңгелей жөнелді. Есеп-қисаптарды дәл және өз уақытында жасап, директорға жетістіктер мен туындап отырған қиындықтарды дер кезінде жеткізіп қана қоймай, сол проблемаларды жою жөнінде орынды ұсыныстарын айтып отырды. Мекеменің ұйымдастыру жұмыстарын, даяшылар, асханадағы аспаздар мен тазалықшылар және күзет қызметін біліктілік, заманауи тұрғыда басқарып жүрген Мнира Маратқызына директордың риза болғандығы сонша, оның штаттағы айлық кесікті еңбекақысын екі есеге көтерді. Өйткені, бұрындар ай  сайынғы жергілікті бюджетке төленетін салық, әлеуметтік төлемдер, еңбекақы, шаруашылық пен әкімшілік шығындарын шығарып тастағаннан кейінгі пайда шамалы ғана, тіпті кейде ай соңындағы таусылып бітпес әртүрлі төлемдерге аудару үшін ақша жетпей қалатын сәттер болған еді. Бұрынғы Кеңес кезіндегі «Үкімет бай, бәрін де көтереді» деген түсінік пен қағида нарықтық экономика кезінде жүрсін бе?! Бизнеске қаржы құйған құрылтайшыға пайда әкелмейтін жылжымайтын нысан қажет болсын ба, кейінгі кезде директор шарасыздық танытып, «тойханамды сатып жіберіп құтылсам ба екен...?» деген күмәнді ойда жүрген еді.

   Сол сәтте директор асығыстық танытпағаны қандай жақсы болған. Кеңес кезіндегі «бұл болмасаң күл бол» деген түсініктегі жайбасар, міндетіне немқұрайлы қарап, жаңашылдық танытуды білмейтін мейрамхананың бұрынғы әкімшісін қызметтен алып тастады. Оның орнына көпшілікпен тез тіл табыса білетін, мәдениетті, жауапкершілік жүгін толық сезінетін және нарықтың замануи принциптерін терең меңгергені қызмет бабында талай байқалып қалған қатардағы даяшыны  тағайындаған болатын. Басшыны сенімі алдамапты. Мира қыз жаңа қызметіне кірісе сала мейрамхана дастарханының мәзірін түгелге жуық жаңартты. Салаттың бірнеше түрін, көз қызығарлық және дәмі ауыздан кетпес қалаш, тоқаштан бастап, бірінші, екінші тағамдар, десерт пен сусындардың неше түрлісін мәзірге енгізді. Қызмет кезінде залға жиі кіріп, келушілердің айтқан ұсыныстарын, әлдебір ұнамаған  жағдайларды өте мәдениеттілікпен зейін қоя тыңдап алады. Артынша қойын дәптеріне дереу түртіп ала қойып, кемшілікті тез арада жою арқылы қызмет сапасын жақсартты. Шын көңілмен, пейіл қоя тырысып істеген іс нәтижесін бермей тұрсын ба? Сол ізденіс, жаңашылдықпен, беріле атқарған жұмыстың жемісі бар – жоғы екі айдың ішінде жарқ етіп шыға келді. Қазір келушілер де көбейіп, айдың соңындағы түсетін пайда бұрынғыдан екі есеге жуық өсті. Бұған дейін мейрамханаға келушілерден тапсырыстың өте жәй орындалуына, оларға көрсетілетін қызмет пен астың сапасына деген реніштер туып, арыз – шағымдар түсіп, арты дау-дамайға ұласқан жағдайлар  болған еді. Шүкір, сол қиындықтар мен келеңсіздіктердің бәрі  артта қалып, бірте - бірте ұмытылуға айналды...

 

                                    хххххххххххххх

 

      ...Өткендегі Мнира қызбен өткізген естен кетпес қызықты, бақытқа бөлеген балдан тәтті ләззатты шақ есіне түскен сайын Марко өзін ерекше сезініп, сондай бір жақсы әсерге бөленіп қуаттанып кетеді. Қолтығына қос қанат біткендей шабыттанып, айқайлап ән шырқағысы келеме –ау, әзіл – қалжың айтып қарқылдай күлуді қалай ма-ау, әйтеуір аспанға ұшып кетердей, өзге түгіл өзі де түсініп болмайтын бір ерекше көңіл күйде жүр. Жайшылықта  ағзасы дүркін-дүркін қалап тұратын морфий есірткісінің кезекті дозасын  уколмен тамырына жібергеннен кейін ғана сондай күйге түсуші еді. Морфий қабылдауды қойғаннан бері ондай әсерлі, көңілді де, бақытты шақты басынан өткеріп көрмеген ол өзіне өзі таң қалады. Бұл не сиқыр? Әлде, анада ұмар – жұмар аунап қыз төсегінде ойнақ салып жатқанымызда: «Екеуіміз осы бірі – бірімізге бір көргеннен ғашық болып қалғаннан саумыз ба?» деп қайран қала таңданғанымыздай, шынымен Мира сұлуды жанымдай жақсы көріп, сүйіп қалдым ба...? Ондай аумалы – төкпелі, бір көргеннен құлап түсіп, естен айырылып басын жоғалтатын балалық шақтан өтіп кеттім емес пе? Тіршілік әуенімен анда – мұнда шапқылап жүрсем де ойымнан шықпай, тіпті кейінгі екі түн қатарынан, ұйқы кезінде сол пәлекет қыз түсімнен шықпай қойды. Осындай жағдайды баяғыда үлкен кісілер «дуалап, басын айналдырып алған» деген «диагноз» қоюшы еді» сынды ойлардан Марконың Мираға деген сағынышы еселеп арта түсті...

       -Жаным, бүгін барам. Қызмет орныңда сағат нешеге шейін боласың? – деген Мараттың жайлы дауысы ұялы телефоннан естілгенде, әлігінде ғана «бизнесмен жігітім неге телефон шалмай кетті? Әлде оның мені жақсы көруі - бір сәттік қана эмоциялық сезімі ме екен?» деген күдікті ойдан көңіл күйі түсіп жүрген Мира Маратқызы қатты қуанып кетті.

-Ой, қыраным менің! Екеуіміз бақыт құшқан анадағы түннің ертеңінде телефон шалғаннан кейін тырс етпей қалдың. Өзіңді сонша үздіктіре сағындырып қойғаның не? Мен дегенің, тіпті, не ойларымды білмей, қатты қорқып қалдым...

-Қорықпа, жаным, алаң болма. Бәрі жақсы. Жұмыс көп болып телефон шалуға қол тимей кетті. Сонымен, сағат нешеде барайын саған?

-Мен сені өлердей сағындым, шыдай алар емеспін. Сол себепті, өзімнің бастықтығымды пайдаланып, бүгін жұмыстан ертерек шығамын. Сағат ондар шамасында келе берсең болады. Целую тебя, любимый крылатый сокол мой!

Машинасы ресторанның алдына келе салысымен, Марконың:

- Мира, жарығым менің, төменде тосып тұрмын. Шыға берсең болады – деген дауысын естіген  кезде, қыз тап-тұйнақтай жиналып, тезірек кетуге әзір отырғанына, он  минут шамасындай уақыт өткен еді.

       Қыз рестораннан шыққан бетінде: «Қандай маркалы машинамен келді екен?» деген оймен жан – жағына жалтақтай қарап тұрып қалды. Сол арада ғимарат жанындағы қаптаған  шетелдік әдемі көліктердің шығыс жағында оқшаулау жайғасып, есік пен төр арасындай,  кер маралша керіліп тұрған жаңа жауған аппақ қардай БМВ машинасын көрді. Жарқырай жанған электр шамының сәулесімен анық көрініп тұр, көліктен түскен жігіті өзіне қарай қол бұлғап  асыға басып келе жатыр. Ол бара бара жылдамдығын арттыра түсіп, алақайлап қуанған жас балаша жүгіріп келеді.

     ...Жиырма жеті деген, соншалықты көп болмаса да, түсіне білген адамға аз да емес өмірінде өзіне осылай құрмет көрсетіп, сағыныштан тезірек қауышуды қалап аңқалақтай жүгіріп келе жатқан жігіттің қылығына қыздың көңілі босап кетті. Жанарына үйірілген ыстық жасты тия алмай, тиюды да ойламаған қыз анасына еркелеген сәбидей, еркінен тыс еңіреп жылап жібергенін өзі де аңғармай қалды. Еңірей жылаған күйі Мира да оған қарсы жүгіріп, жігітті қапсыра құшақтай алды да, мойынына асыла кетті.  

-Не болды, жаным? Біреу сені ренжітті ме? – Жігіт қызды асыға құшағына алды. Көздерінен төгілген кермек татыған жасы жайылған бетінен құшырлана сүйіп жатыр.

-Жоқ, Марко, сені бір көруді аңсаған сартап сағыныштың көз жасы ғой – деп, қыз жігітінің ерініне сүлікше жабысып, ұзақ сүйді.

-Жаным, екеуіміздің бұл таңырқарлық қызық қылығымыз, мектеп жасындағы жас бойжеткен мен мұрты енді тебіндеп келе жатқан бозбаланың махаббатына ұқсап кетті ғой. –  Осы жаңа ғана еңірей жылаған Мира енді сәбише еркелеп, түк болмағандай, күмістей сыңғырлаған  үнімен «сыңқ» етіп күліп жіберді. «Қыз-қылығымен тәтті» деген сөз осындайдан айтылған-ау, сірә...

       Екеуі машина ішінде бірі-біріне ләм-мим деп бір ауыз тіл қатпай, өз сезімдерінің жетегінде үнсіз отыр. Көліктен түсіп, қыз тұратын ғимараттың екінші қабатына көтерілді.

Үлкен етіп  жазылған «13» цифрлы әдемі есіктің алдына келгенде ғана жігіт тіл қатты:

-Мира, мен бұрындар «13» цифрын, әлемдегі миллиондаған адамдардың ырымы бойынша, бақытсыз санның белгісі ретінде жақтырмайтынмын. Сол саннан неғұрлым қашқақтап жүруші едім. Сенімен танысқалы менің санама бұл сан өзімнің саған деген махаббатымның ғана емес, бақытым мен шаттық өмірімнің белгісіндей қабылданып, тап солай орнығып үлгерді. Бұл таң қаларлық қандай ғажап, қандай сиқырлы сәйкестік ә, жаным...?!

       Шынымен-ақ екеуі, шөл даладағы шыжыған ыстықтан кенезесі кеуіп сусырап қалған жолаушылар сияқты, әбден сағынысып қалыпты. Есіктен кірер-кірмес жігіт те, қыз да киімдерін үстілерінен асығыс лақтыра шешіп, түнеукүнгі, ұзақ түнге  ләззат сыйлаған баяғы кең төсекке ұмар-жұмар болып құлай кетті...

       Тағы да сол баяғы ыңқыл-сыңқыл, сол асығыс, шөліркеген шалт қимыл, тағы сол ұзақ сүйісіп аймаласу. Тағы да өткендегідей қайталанған, лапылдап жанған от сынды құшақтан алған тәтті ләзат - бақыттан екеуінің бастары айналды. Әбден титықтай шаршап, сұлқ түскен ес-түссіз ұйқы – алыптардың, өлтіргелі жатса да түк сезбес ұйқысындай қатты қорылмен аяқталды.

-Қыраным, ұйқыңнан ояншы. Тамақ әзірлеп қойдым...- деп, ернінен құшырлана сүйіп оятқан Мираны жігіт қайта бас салып, құшағына алмақшы болып еді, сүйіктісінің:

  - Тамақ ішейікші, жаным. Екеуіміз де әбден шаршап қалдық.

Астан кейін біраз сыр ақтарысып, ашық әңгімелесейік. Әйтпесе, бірі-бірімізді «жаным», «сүйіктім» деп әспеттесек те, сен мен туралы ештеңе білмейсің. Ал мен сенің кім екендігің, өмір тарихың жөнінде еш мағлұматым жоқ – деген қыздың орынды да, жөн сөзі жігітті тоқтатты.

       Суарылған болаттай бұлшық еттерін бұлт-бұлт еткізіп теңіз толқынындай ойнатқан жігіт орнынан спортшыға тән шапшаң қимылмен жедел ұшып тұрды да, ешқашан қолынан тастамайтын дипломатынан спорт шортигі мен борцовкасын суырып, киіп алды.   

       - Міне, қазір мен дегенің сүйіктімнің әзірлеген дәмді асын нағыз палуандарша ішіп – жеуге дайынмын.

        Қыз дастарханды өткен жолдағыдай дәмнің неше түрімен толтырып, жайнатып қойған екен, екеуі де асты қасқыр тәбетпен сүйсіне жеді. Тәбетпен жемей қайтсін, анандай ләззаты сонша мол болғанымен, «жұмысы» да соншалықты «жауапты»  және ауыр процесске қанша күш пен ағза қуатын жоғалтса...

       Дәмді тамақтан кейін екеуі  бірі-біріне қарама-қарсы қойылған қос жұмсақ креслоға жайғасып, әңгімені Марко бастады...

        Расында да екеуіміз мектеп қабырғасынан жаңа шыққан қыз -жігіттерше албырт сезім-эмоцияға тым беріліп кеттік пе деймін. Сен туралы ештеңе айта алмаймын, бірақ менің жеке өз басым сені алғаш көргеннен қатты ұнатып қалғандығым - имандай шыным. Қыз, әйел затын көрмей, олармен жүрмеген, ойнап-күлмеген күнім жоқ. Талай жап - жас, үріп ауызға салардай хас сұлуларды құшаққа алдым. Бірақ солардың бәрі бір сәттік ләззат пен тәннің талғамсыз, соқыр тоятын қандыру үшін ғана жасалған тіршіліктер еді...

        Алғаш рет екеуіміз мейрамханада жолығып, көздеріміз ұшырасқан сәтте, сенің жанарыңдағы ерекше бір нұр, шапағат сәулесін көріп, сиқырға арбалып қалғандай күй кештім. Ол күйімді сен өзің байқадың ба, жоқ па, білмеймін, бірақ мен ол күйдің себебін, сол кезде мүлде айыра алатын халде емес едім...

         Мира, айналайын, мен: «өзіңе ғашық болып қалдым» деген әсіре қызыл сөз айтпаймын. Бірақ, саған деген ерекше, өзім де түсініп болмайтын лапылдай жанған оттай ыстық сезім бар. Жасырақ кезімде мен өзім ойнаған гитарама қосылып:

                  Ты любовь моя первая,

                  Ты любовь не счастливая.

                  Видно нам не по пути с тобой,

                  Ты не будешь со мной...- деген мұңлы ән жолдарын жиі және жаным сүйіп айтушы едім. Өзіңді көрген және сенімен ләззатқа, бірақ тәннің құмарлығы емес, жанның, жүректің отша  жанған ләззатын сезінгелі, сол әннің әуені мен сүйек сықырлатар сөздері тура менің өзіме арнап жазылғандай әсерде жүрмін.

                    Видно нам не по пути с тобой,

                    Ты не будешь со мной...

        Ия, біз екеуіміздің жолымыз, екі айырылып, ешқашан қайта қосылмайтын өзен арнасындай екі бөлек.

        -Марко, сен неге олай деп айтасың...?

         -Мира, сөзімді бөлмеші. Ойыңды одан кейін айта жатарсың. Қазір бәрін түсінесің... Мен өмірде адасқан, өз жолын таба алмай жүрген бір бейбақпын. Бейбақ болғанда, өзін қорғай алмайтын, біреулерге есесін жіберіп қоятын «слабактар» қатарынан емес. Керісінше, талай жандарға қиянат жасап еңірете жылатқан, талайлардың көз жасына қалған... Ия, көз жасына қалып жүрген  қылмыскермін. Бүге - шүгесіне шейін тәптіштей айтып басыңды ауыртпай-ақ қояйын. Бірнеше рет сотталып, теректен қаңғалақтап жерге түскен күздің сары жапырағындай, зонадан зона қоймай адақтап жүрген қатыгез, ақылсыз және тұрлаусыз пендемін...

         Әр жасалған қылмыстан соң сотталып, зонада кезекті мерзімді өтеп, босап шыққан соң: «Әй, осы біреулерге жасап жүрген қиянат пен күш көрсеткен зорлықшыл өмірді қояйыншы» деп ойлайсың. Ойлауын ойлайсың-ау, бірақ, бостандық өмірге біраз бейімделген соң көрген қорлықтарыңның бәрі көрген түстей ұмыт болып кетеді. Әсіресе, жүз грамдатқан «ақаңды» зек достарыңмен қауқылдаса ішісіп, «море по колено» болып  «батырға» айналған соң, зектер арасындағы «разборка», төбелес, ұрлық пен тонау сияқты оңай да, «романтика» өмірді аңсап кетесің. Содан, міне, ходкадан ходка, зонадан зона асып, «особо опасный рецидивист» атанып жүрген тіршілігім бар. Ия, иіріміне бір түсіп кетсең, шыр көбелек айналдырып,  түбіне тартып кететін теңіздегі  «ұйық» аталатын тажал сияқты, зектік тіршілікке бір ілінсең, ол «қызық» өмірден ешқашан қашып та құтыла алмайды екенсің...

        Кейде ауыздарының ана сүті кеппегенімен, өздерін «крутой» санап, қиялында «баскесер зек» сияқты сезінетін бұзақы жастармен әңгімелесіп қаламын. Сонда оларға:

        -Қылмыс жасау мен сотталу мақтан емес. Сендер неғұрлым ондай келеңсіз тірліктен аулақ жүріңдер. Ол тірлік – түбі жоқ терең ұйық. Оған бір түссең, әрі қарай тарта береді, тарта береді. Жарық дүниеге қайта шығу- қиынның қиыны. Ол-әркімнің қолынан келе бермейтін іс-деп айтып жүремін. Әр адамның өз жолы, таңдап алған өз соқпағы бар, бірақ айту парыз. Өмірдің ащы-тұщысын көрген, талай опық жеген және олардан жасы үлкен адам болған соң, жастар адаспай дұрыс жолмен жүрсін деген ой ғой, әйтеуір.      

       Ал, жастарға ақыл айтып, жақсы тәрбие бермек болып жүрген өзімнің жасап жүрген ісім мынау. Мұндай қайта шыға алмастай тұйық жолға  қалай түскенімді келесі кездескенде айтып берейін...

                       

                          Оныншы тарау

 

        «Мен өмір кешіп жатқан шаңырағымды осы күнге шейін көрсетпегінім – қазақшылық дәстүрімізге қайшы. Бүгін біздің үйде бірге шәй ішейік» деп, жігіттің телефон арқылы хабарлауынан соң тезірек жиналып, әзір отырған  Мира пәтерінің «әнші»  қоңырауы әуендете басылысымен есігін ашқан қыз:    

         -Марко, үйге кіріп бір – екі шыны шәй ішсеңші – деп, жігітінің бетінен сүйіп әзілдей сәлемдесті. - Кір, өзің екі күнде бір көріп жүрген үйің ғой, қорықпа.

         - Рахмет, қымбаттым. Біздің порттағы пристаньға тоқтаған соң бірақ якорь тастайық –деген ол да қыздың назды әзіліне қалжыңмен жауап қатты. –А то асын әзірлеп тосып отырған апам күтіп қалар...

          Сыртта қаңтарулы тұрған машинаға отырған қыз бен жігіт Талдықорған қаласының орталық көшелерінің бірі – «күн көсем» - Лениннің атымен аталатын кең даңғылдың бойындағы бес қабатты кірпіш үйдің жанында тоқтап, көліктен  түсті.

        -Апам бар деп айтпадың ба? Мен үйіңе құр қол баратын болдым, ұят-ай...

        -Апа болғанда өз апам емес. Мен мұнда пәтерде тұрамын ғой. Бірақ, маған туған апамнан кем қарамайды. Қашан келсем де тамағы дайын, ыстық шәйі бұрқылдай қайнап әзір тұрады. Маған: байқап жүр. Заман қиын, сен тиіспесең де өздері сүйкеніп ұрынатын қағынғырлар көп – деп, қам жеп жүргені. Төрт жылдан соң қырық жасқа толатын мені әлі бала көріп, менің жәйім үшін уайымдайтын бір жаны жайсаң, жақсы апам ғой...

         Үшінші қабатқа көтеріліп, есіктен енгеннен - ақ үйдің ішін қазы – қарта мен сүрленген жылқы етінің жанға жәйлі иісі танауды жара бұрқырап кетті. Бұлар дәлізде аяқ киімдерін шешіп жатқанда, ас үй бөлмесінен орта бойлыдан сәл аласа, шөкімдей ғана ақшулан өңді, арықша келген, шамамен алпыс бес жастың арғы-бергі жағындағы апа сөйлей шықты.

         -Ой, айналайындар, келдіңдер ме? Қане, қызым төрлет. Марат балам сен туралы өте көп жақсы сөздер айтқан. Өзіңді көрмесем де, сыртыңнан қанықпын - деп, қыздың екі бетінен ып-ыстық, жұқалтаң ернімен екі қайтара өпті. - Залға өтіңдер. Ас дайын тұр...

      ...Үш бөлмелі пәтердің жиһаздары соншалықты қымбатты болмағанымен, өте талғаммен жасалыпты. Үй кірсе шыққысыз тап - таза, жинақы. Күннің шырайлы сәулесі үш жақтан бірдей шашырай молынан түсіп, шуақққа малынып тұратын жәйлі үй екен. Оң жақ қабырға бойын түгелімен француз үлгісіндегі оюлы, қымбат ағаштан жасалған «стенка» алып тұр. Төрге, бөлменің жартысынан астамын көсіле алып жатқан қызғылт кілем төселіп, оның үстіне қызылды – жасылды, көздің жауын аларлық әдемі құрақ көрпе тасталыпты. Көрпе үстінде қазақы оюлармен көмкерілген төрт бірдей құс жастық. «Маған жантайыңдар» дегендей, топ –томпақ, момақан болып жатыр. Міне, осылардың өзі – ақ шаңыраққа ұлттық рең беріп, қазақи ауанға бөлеп тұр. Кең бөлменің дәл ортасына қойылған қызыл ағаштан істелген әдемі столға жеміс-жидек пен жүзім, сәл шеткерек шәйдің «жемдері» - шақ-шақ, печенье, өрік пен мейіз бен қызара піскен әдемі тоқаштар орын алыпты. Олардан әрірек  аққу мойыны іспеттес форфор графинге құйылған қызғылт, тегі алма мен малина араласқан шырыннан дайындалған болар, сусын «мені іш» дегендей, көз қызықтырады.

         Бұлар ваннаға кіріп, қол шайып шыққанда, апа стол үстіне оюлармен өрнектелген қазақи астауға салынған ас алып келді. Буы бұрқырап тұрған жылқының сүрленген қазы-қартасының иісі тәбет ашып, еріксізден еріксіз сілекейіңді жұтқызғандай...

         Кейуана қол жайып, бата бермекке ыңғайланды. Бұлар оған қосыла алақандарын алдыларына тосты. Шуақты да, мағыналы сөзге толы бата – тілек аяқталып, бет сыйпалып, «әмин» айтылған соң:

       -Ал, балапандарым, мына қарсы есіктегі көршінің балдан тәтті немересі бүгін бір жасқа толып отыр. Солар көрші - көлемдерді «тұсау кесер» ырымына шақырған. Маған «тұсауды сіз кесіңіз, немереміз сіз сияқты шапшаң, пысық та, еңбекқор болсын» деп еді. Мен сонда кеттім. Шәй қайнап тұр, бірақ құсып кетпес үшін шығарғам жоқ. Қызым, қалғанын өзің жайғастырарсың. Құдай бұйырса, түбі маған келін болып қаларсың. Айып етпеңдер, өздерің бірдеңе қылып «күндеріңді көрерсіңдер» деп, сөзінің соңын әзілмен аяқтап, үйден күлімсірей шығып кетті.

        –Шіркін, қандай жақсы апа. Бұл үйде тұрғаныңа көп болды ма, Марко? Ой, жаңа апамыздың сөзінен байқап қалғаным – сенің атың Марат екен ғой?

        -Иә, азан шақыртып қойған есімім Марат. Бірақ, бала кезгі достарым Марко атап кетіп, содан бері осы шет елдік есім маған өмір - бақиға тұрақтап қалған сияқты.

        -Қандай сәйкестік. Менің әкемнің есімі де Марат қой. Бірақ, менің дүниеге келуіме үлес қосқаны болмаса, ол маған, мен оған мүлдем жатпыз, - деген қыз ауыр күрсініп терең ойға шомып кетті.

        ...Бір сәтте орнай қалған қолайсыз ауан мен пен көңілсіз ойды сейілтіп, сүйіктісінің ойын басқа жаққа аударуға тырысқан қыздың төрде қатар ілулі тұрған гитара мен үкілі домбыраға көзі түсті.

       -Пәлі, мына қасиетті музыка аспаптарында кім ойнайды? – деп, гитараны қолына алды. – О, жеті ішекті гитара!

      -Пәлендей жақсы болмаса да, мен ептеп ойнаймын...

       -Ондай өнерің бар екенін неғып жасырып жүрсің. Қане, шырқатшы бір, рахаттанып тыңдайын – деген қыз гитараны жігіт қолына ұсынды.  

       Бір-жар аккорд беріп, саусақтарын ыңғайға келтірген Марко тамағын бір кенеп алып:

                      Подошел состав с далекой пересылки,

                      Пассажиров поднимается этап.

                      Пишет сыну мать:

                      - «Что же ты, сынок,

                      Третий год свиданки не берёшь?»

                       Но а как же взять, дорогая мать,

                        Но я знаю, ты меня поймёшь.

                        Но, а как же взять, дорогая мать,

                        Да я знаю, ты меня поймёшь.

                       Начальник с нами был на ты,

                       Он говорил что мы скоты,

                       Я возразил и вот итог, тяну я срок.

                       Куда ни глянешь - комсомол,

                       Все падлы красные кругом.

                       И где ж мне правду отыскать,       

                       Скажи мне, мать?

                       Для конвоя появились предпосылки,

                       Обшмонать его бродяжий нищий скраб.

                       Жизнь лихая повернулась людям задом,

                        Ведь они фортуне каждый стали гадом.

                        И закону все пришлось не к двору.

                        Зона, зона –без озона всесезонно,

                        Зона, зона – без резона канитель.

                        Зона, зона – ни к сидельцам, ни к погонам,

                        Зона, зона – не спешит прийти

                       апрельская капель, - деп әндетіп барып тоқтады. Өңі бұзылып, өзінің өкінішпен өткен өмірінің барлық қырын көз алдына келтіргендей тұнжырап, үнсіз қалыпта біраз отырып қалды.

        Тағдыры тәлейлі жігіті ән салып отырғанда көздеріне мұң ұялап, қызыл шырайлы әдемі жүзі сұрланып сала берген Мира жігіттің қолындағы гитараны жәйлап алып, сүп-сүйрік әдемі саусақтарын грифта біраз ойнатып алды да, тамағын бір кенеп, нәзік болғанымен, жігер мен қайратқа толы дауыспен, жігіті салған жаңағы мұңлы әнді әрі қарай жалғастыра жөнелді:

         Зона, зона –без озона всесезонно,

         Зона, зона – без резона канитель.

         Зона, зона – ни к сидельцам, ни к погонам,

         Зона, зона – не спешит прийти

          апрельская капель...

          В хату сядут все различные такие,

          Кто не верит, кто боится, кто молчит.

          Скоро надо в ограниченном пространстве,

          Разобраться кто продался и стучит.

          Человеком здесь остаться не так просто,

          Каждый день приносит множество проблем.

          И сломаться бедолагам очень просто,

          Окозаться подлой сукой без проблем.

           Зона, зона – без озона всесезонно,

           Зона, зона – без резона канитель.

           Зона, зона – ни к сидельцам, ни к погонам,

           Зона, зона – не спешит прийти

           апрельская капель, - деп аяқтады. Қолындағы аспапты жанына – диванның жақтауына сүйей салды да, қос нәзік алақандарымен бетін басқан күйі сыңсып жылап жіберді.

       Жігіт бірдеңеге бекінгендей терең  ойланып отыр. Сәлден кейін гитараны қайтадан қолына алды. Өңі бұзылып, жанарын белгісіз бір нүктеге қадаған күйі аспабын басқа аккордқа ауыстырып:

                   Предо мной стоит стена,

                   За стеной стоит она,

                   Воля несравненная моя.

                   Сколько можно ждать,

                   Но нельзя бежать,

                   Автоматы смотрят на меня.

                   Сколько можно ждать,

                    Но нельзя бежать,

                    Автоматы смотрят на меня.

                    Куда ни глянешь - комсомол,

                    Все падлы красные кругом,

                    И где ж мне правду отыскать,                                                               

                    Скажи мне, мать.

                    А я хотел бы щас пройти

                    По тем дорогам, что бродил,

                    Девчонку за руку вести,

                    С которой ночи проводил.

                    Но ни к чему теперь слова,

                     Всему виной моя судьба,

                     И лишь гитара верный друг

                     Среди разлук... – деп жігіт әнін аяқтады. Үнсіз тыңдап отырған Мира өңі бұзылып, дауысы да жарықшақтана:

         -Міне, аса сақтық үшін тоқ жіберілген тікенек сымтемірмен қоршалған қапас жерде шығарылған осынау мұң мен зарға толы түрме әндері менің өксікке толы өкінішті өмірімді айна қатесіз қайталай айтып, айқындап тұр. Мен өзің ойлағандай күнәдан пәк, бойымда тек әдемілігі басым періште емеспін, Марат. Сен сияқты тағдырдың тәлкегіне ерте түскен зекпін! Қазір орныңнан тұрып, қош айтпай, қайта оралмастай болып кетіп қалсаң да шыным сол! Айттым да арылдым...! - деген қыз жанарынан алты тарам боп тоқтаусыз аққан жасын сүртпестен, жігіттің мойынынан айырылмастай тарс құшақтап алды да, еңіреп жылап жіберді.

      - Не дейін, не істейін? Өткен өмірім өксік пен өкінішке толы. Алдымда тәлейім не күтіп тұр? Жарық жер бетіне шығып, бақыт құсын ұстай аламын ба, жоқ әлде, осы жаңа ғана өзің де, мен де айтқан әндегі сияқты тағдырдың тәлкегіне біржола бой ұсынам ба? Жел ұшырған күзгі сары жапырақтай қақпақылға түсіп, өкінішті өмірім осылай өксумен өте бере ме...? Қапияда, ойламаған жерден сені кездестірген соң «бақытымды таптым ба, әлде?» деген дәмемен, әлсіз, нәзік үмітпен жүр едім. Енді, міне, амалсыздан айырылысатын уақыт жеткен сияқты. Әрине, мен өзім жайындағы бар шындықты жайып салған соң, сенің жүз сексен бұрышқа бұрылып, теріс айналып кетерің айдай анық. Қанша қимай жүргеніммен, шындықты айтпай тағы тұра алмадым – деп, сәл ғана уақыт үнсіз отырып қалған қыз қызбаланып, сөзін әрі қарай орысша жалғастырып жіберді.

        - Скрывать, врать и обманывать не в моей натуре...

    - Мира! Ондай жаман сөзді ендігәрі аузыңа алушы болма!

Сен жалғыз емессің. Не көрсек те, екеуіміз бірге көреміз. Мен сені сүйемін, Мира! Қайталай айтамын, сүйемін сені! Біз бақытты болуға толық қақымыз бар және бақытты боламыз! - деген Марко жүрегі кеудесінен атқылақтай шығып кетердей ентіге сөйледі. Жанарына толған ыстық жасын қызға көрсеткісі келмей, басын сүйіктісінің  кеудесіне басқан күйі үн-түн жоқ, тапжылмастан тұрып қалды. Бір сәл тыныстап алып, сөзін әрі қарай шапшаңдата жалғап кетті.

      – Өткен өмір тарихыңды, ескіні еске алу саған ауыр тиетінін сеземін,  айтпасаң да болады. Маған сенің өткенің маңызды емес. Мен сені осы барыңмен, осы жақсы қалпыңда, тіпті, егер бойыңда бір кемшілігің болса, сол кемшіліктеріңнің барлығымен, тап осы күйіңде сүйемін...! Бұл менің ақырғы, айнымас шешімім, Мира...

        - Жоқ, Марко, сен бәрін білуге тиіссің және содан кейін өзің бірден-бір дұрыс шешім қабылдауың керек. «Өткен іске өкінбе» демекші, ол шешімің үшің ешқашан өкінбейтін болуың тиіс...

 

                                         ххххххххххххххх

 

      ...Жасыл жапырақтары самал желмен жәйімен жайқалған жаздың жан жадыратар жанға жайлы тиер айлы кеші. Жымың – жымың етіп көзін қысқан қуақы да, сұлу бикештер сынды, аспандағы ару ай мен сансыз жұлдыздар жарқырай самсап тұр. Таза да, жинақы, заманауи тұрғыда жаңара жасалған қалалық мәдени парк ішінде  қолтықтаса қыдырыстаған жұптың жарастығына толықсыған жарық ай қызыға, жасыл жапырақтар арасынан жасырына, сығалай қарайды.

       Әлігінде ғана облыс орталығындағы көлемі ат шаптырым «Голубой экран» атты кинотеатрдан көрген детектив киноның әсерінен арыла алмаған екеуі бірі – біріне тіл қатпай, үнсіз қыдырыстап келе жатыр. Әрқайсы өз ойымен қалып, жанындағы қолтықтасқан жанның бар - жоғын байқамайтын да сияқты. Түпсіз терең ойдың құшағындағы жігітті серіктесінің ауыр күрсіне:

        -Марко, жаңағы детективтегі Маня қыздың аянышты тағдыры менің өмірімнің аумай қалған көшірмесі сияқты екен. Сен өзіңнің өміріңнің, түгел болмаса да, шет жағасын жасырмай айтып бердің. Мен саған сырымды әлі күнге шейін ашқаным жоқ... - деп, сөзінің соңын айтуға батпағандай кідіріп қалған қыздың дауысы дірілдей шықты. – Егер, өзімнің өмірім туралы барлық шындығымды ақтарып салсам, сен теріс айналып, менен безіп кете ме деп қорықтым...

        -Ештеңе айтпай-ақ қой. Өткен өмірің менің саған деген шынайы, ақ мақтадан да таза, риясыз сезімімді солдыра да алмас және мені айныта да алмас. Менің осы сөзіме сенесің бе, жаным...?

        Тағы да үнсіздік... Түпсіз де, тұңғиық ауыр тыныштық...

         Түннің бұлтсыз таза аспаны астындағы алтын табақтан шашыраған күмістей шуағына молынан малынған екі жас үн-түнсіз, баяу қыдырыстап келе жатыр.

        Марат пен Мираның жан жарасын түсініп тұрғандай, жайшылықтағы бұлттар арасымен батыс жаққа асыға жөңкілетін үйреншікті әдетінен жаңылған алтын ай бір орнынан қозғалмастан, еш қыбырсыз тұрақтап қалған.

       Қыздың денесі тоңған адамша дір-дір етіп, дауысы да үзік-үзік, естілер-естілмес жасқана шықты.

  -Жаным, жүр... Үйге қайтайықшы... Мен іштегі сырларымды... саған айтпай шыдай алар емеспін. Ести сала мендей сорлы, бақытсыз жанды тастап, безіп кетсең де. Жоқ, қазір айтам. Айтам да, арылам...

  ...Бар - жоғы жиырма жеті жастағы менің басымнан өткен, өрмекшінің тоқыған торындай шым - шытырық жағдайды құдіретті күшті Құдайым ешкімнің пешенесіне жаза көрмесін.

...Менің әкем қазақ, шешемнің анасы татар да, әкесі орыс. Яғни Совет Үкіметі кезіндегі, жалған саясаттың жалған көзірі болған -интернационал әулетпіз. Екеуі Алматының атақты КазГУ-ының заң факультетінде бірге, бір курсында оқып жүрген кезден бастап бірін-бірі жақсы көрген екен. Олардың уәделесіп, айырылмастай бірге жүргенін болашақ атам мен әжем біреулерден есітіп, әкем көктемгі каникул кезінде үйіне келгенінде:

 -Әйтеуір, уақыт өткізу үшін жігіттік жасап жүрген болсаң - мейлі. Бірақ, оқуыңды бітіргеннен кейін «сол сары сапалақ орыс қызды алам» деген сөз ауызыңнан шықпайтын болсын. Ондай жағдайда өліп кетсеңдер де бізден рұқсат жоқ. Оған көнбей, ақ батасыз қосылам десең, біз үшін бір шіріген жұмыртқасың. Біздің қарамызды көрмейтін боласың» деп, әке-шешелері кесіп айтады.

Уақыт зымырап өтіп, университетті де екеуі бірге аяқтайды. Әкем мен оның бірге оқыған достары өзара ақылдасып:

   -«Келін әкелдік» деп, сау етіп жетіп барсақ, бізді үйден қуып шыға қоймайтын шығар. Тулап-тулап басылар, қайда кетер дейсің» деген қорытындыға бірауыздан тоқтайды.

   Өйткені, Шымкент жақтың өздерімен бірге оқитын Шәкен деген достарының да ата – анасы баласына ауылдағы бақуатты тұратын таныстарының қызын әпермек болып уәделесіп жүрген көрінеді. Олардың қарсылық білдіргендеріне қарамай, ұлдары келін мен дипломды ала - мала достарымен жетіп барғандарында, ал дегенде асау атша тулайды. Артынан сабаларына түсіп, ақылға келген. Шама – шарықтарынша той жасап, жас жұбайларға ақ батасын берген екен.

   Бұл жолы менің әке-шешемнің ондай қулық «нөмірлері» іске аспай, оның ата-анасы оларды үйге кіргізбей, баласына:

   -Көзімізге көрінуші болма, бізге келетін жолды  да біржола ұмыт. Сен бір шіріген жұмыртқасың – деп, достарымен бірге ит қосқандай етіп айдап шығады.

  Мен ол кезде құрсақта екенмін. Сол заманда техникум, институт бітірген мамандарды белгілі бір облысқа жолдама беріп, олар сол бекітілген жерде міндетті түрде үш жыл еңбек ету міндетті болатын. Әке-шешем әлі некеге тіркеліп үлгермегендіктен, әкемді жолдама бойынша Семейге, анамды Қызылорда облысына жібереді.

  ...Марко, сен мені ылғи да «жаным менің», «сұлуым менің» деп еркелетесің. Шешем өте сұлу әйел, әйел емес-ау, нағыз хор қызындай ару болатын. Орыстардың көздері тұздай сары сапалақ қыздарындай емес, өңі қараторы, жанарлары қазақтың мойылдай қара көзді арулары секілді сұлу, мүсіні киіктің лағындай әдемі еді. Мен қайран анатайыма айнымай тартқанмын. Тіпті, оның айнадағы суреті сяқтымын. Бірақ, менің сұлулығым оның қасында арқан есуге жарамай қалады. Біздің қазақта арулар туралы «Қыздарға әсемдік жарасады» деген бір тамаша ән бар еді ғой, неге екенін қайдам, қазір сол әнді ешкім айтпайды. Анашым сол сүйкімді, әсем де, жүректі шымыр еткізер әуезді ән жолдарын:       

             Қыздарға әсемдік жарасады,

             Ай көркі биіктетер аласаны.

             Болмаса сұлу қыз, ару әйел,

             Табынып, ер кімдермен санасады.

              Өрімтал көркем, сұлу мүсін,

              Көрген жан қайран қап күю үшін.

              Мың ақын жырласа – тіл жетпейтін,

              Бұл қыздар жаралған тек,

              Бұл қыздар жаралған тек сүю үшін – деп шырқалатын сол әнді сондай бір нәзіктік ырғақ, сүйіспеншілік сезіммен шырқап жүретін. Ол әндерді қазақша да, орысша да келістіре айта беретін.

   Анам әкем екеуінің қосылатындығына сенімді болғаны соншалықты, екеуі бірін - бірі ұнатып, достасып жүрген кезден - ақ «болашақ қазақ келінімін» деп, қазақ тілін үйреніп алған. Қазақша әндерді еш акцентсіз, таза айтатын және дауысы да керемет еді.

  Енді, міне анам сүйіп айтатын сол әнді қайда жүрсем де іштей, ешкім жоқта дауыстай шырқап айтып жүремін. Осы ән арқылы мен марқұм анаммен кездесемін, тілдесемін. Онымен сырласып, әсіресе, мұңайып, жапанда жалғыз қалған жандай жалғызсыраған сәттерде анама осы ән арқылы сырымды, мұңымды жеткіземін. Мен осы сүйікті әннің әуені арқылы, марқұм болған сүйікті анашымның рухынан күш – қуат, қайрат пен жігер аламын десем сенер ме едің? Анатайым мені шақырғанда атымды атамай, тек «жаным» деп шақыратын. «Жаным менің» деп еркелететін. Анамнан кейін «жаным» деген ыстық та, жаныма жәйлі сүйкімді сөзді мен тек сенен естідім. Осы ыстық сөз алғаш сенің аузыңнан шыққан кезде көзіме ып-ыстық жас үйіріліп, оны саған сездірмес үшін жаныңнан тезірек кетіп қалған болатынмын. Басқа бөлмеге кірген бойда, әйда, өксіп - өксіп жыладым кеп - кеп. Сөйтіп, анама деген сағынышымды сыртқа шығарып барып, сабама түскен едім – деп, әрі қарай сөзін сабақтай алмаған қыз қайтадан қыстыға жылап жіберді. Жігітінің мойынынан тарс құшақтаған күйі, өксігін тоқтата алмай, еркінен тыс тағы біраз уақыт ботасынан айырылған аруанадай боздады.

   «Көз жасы арқылы анасына деген сағынышын сыртқа шығарып, іштегі шерін босатып алсын» деген оймен Марко қызға еш жұбату сөз айтпай, тек жібектей қолаң шашынан, үнсіз, еркелете сипап тұрды да, өксігі басылды – ау деген сәтте:        

  -Болады, сабыр етші, жаным. Жыламашы енді... Маған анаңның қайтыс болғаны туралы ештеңе айтқан емессің... Топырағы торқа, иманы жолдас болсын – деп, қыздың маңдайынан сүйді. – Жылама, сүйіктім. Өзіңе ауыр тиіп, жүйкеңе  салмақ түсіретін өткен өмірің туралы да ештеңе айтпай-ақ қойшы...

–Айтам! Сен мен сорлы байқұстың өмірімдегі сансырап, сансыз қиындықпен өткен қым – қуытқа толы шырғалаң жолымды бүге – шүгесіне шейін білуге тиіссің. Айтамын, түк қалдырмай ақтарам...

       ... Өткенде өзіңе шет жағасын айтқанымдай, анам Валетина Ивановна Соколова Қаз МУ-дың заң факультетінің күндізгі бөлімінде оқи жүріп, Қазақ Политехникалық Университетін еркін қатысу (свободное посещение. Автор.) тәртібімен инженер -құрылысшы мамандығы бойынша қатар бітірген. Жәй ғана ел қатарлы емес, екі жоғары оқу орнын да қызыл дипломмен тәмамдаған соң Қызылорда облысына, сол Кеңес Одағы кезіндегі қалыптасқан тәртіп бойынша жолдамамен жіберген. Сол кезде мен анамның құрсағында болған екенмін. Әкем болса Семейде өз білгенінше жүріп жатады.

Некеге отырып, тым болмаса екеуі бір қалада еңбек етуге болатын еді ғой... 

Жаным, ол жағдай түсінікті. Сен сөзді бөле бермеші. Мен айтайын, сен тыңда. Соған келісейік...

Жақсы, Миратай. Құлағым да, бар зейінім де сенде – деп, көңіл қоя тыңдаған Мараттың қыздың айтқанынан ойға түйгені кәдімгі, детективке бергісіз хикая болып өрілген еді.

        ...Қолында қалпақтай дипломы, кең етектей жолдамасы бола тұра, «Облыстық Әділет басқармасы»  мемлекеттік мекемесінің басшылығы: «Бізде мамандар толық. Әзір бос лауазымдық вакансия жоқ» деген сылтаумен  жас маманды Арал теңізі жағалауында орын тепкен «Тұз» атты Акционерлік Қоғамға (АҚ) заңгер болып баруға кеңес береді. Сол уақытта, тіпті қазіргі күнге шейін сол тәртіп, қызмет түгіл, жәй, қарапайым қызметшілік жұмысқа тұру үшін де басшының ауызын майлау тәртібі  басталған еді.

        Ол кез тәуелсіз елміз деп әспеттелген мемлекетімізде экономикалық нарықтық қатынас әлсіз болса да диірменнің тасындай айналып, жер – жерде Акционерлік Қоғамдар, ЖШС және ЖШК, яғни жекеменшік шағын кәсіпорындар ормандағы саңырауқұлақша қаптай құрылып жатқан уақыт. Социалистік реализм қоғамында қалыптасқан жоспарлы- экономикалық қатынас жағдайында ешбір экономикалық заңдылыққа негізделмеген, бір сарынды, сүреңсіз де, таптауырын тәртіп бойынша жұмыс жасап үйренген заңгерлер, өндіріс басшылары мен экономистер жаңа тәртіпке жатырқай қарады. Білімсіздіктері бойынша ғана емес, жаңашылдықты тез қабылдауға тиісті психологиялық бейімділігі бойынша да нарықтық қатынастың талабына дайын болмай шықты. Нарық заңдылығын жақсы білетін заңгерлер болмаса да, әйтеуір, АҚ Президенті, директор, тең құқылы Басқарушы сияқты лауазым атаулары айқайлап тұрған әр басшы өздері білгенінше кәсіпкерлік нысандарының Жарғысын (Устав) жасатып, тіршілік жасап жатты. Тіпті, Салық туралы Заңның өзі жаңа ғана шығып, оның өзі жақсы жетілмеген, екіұшты, сәйкессіз, қайшылықтары көп тұс болатын...

       Мектепте жақсы оқыған қабілетті, ізденімпаздық пен еңбекқорлық қасиеттері бір басына жетіп артылатын Соколованың университетте үздік оқығаны өз алдына, Университеттің төртінші  курсында Германияда заңгерлік бағытта, ал соңғы курсында Американың Нью-Йорк қаласындағы нән бір өндірістік кәсіпорнында сынақтан өткенде алған өзен сынды терең білімі мен жинаған тәжірибесі ұшан – теңіз болып шықты.

        Қызылордаға келісімен, «Тұз» АҚ – ның Жарғысын, жұмыс жасау Тәртібін (Положение), Келісім – Шарт, шет елдермен Экономикалық қатынас пен Еңбекақы және сыйақы төлеу, тағы да басқа құжаттардың бәрін Нарық заңдылықтарына негіздеп қайтадан жасап шықты. Таза Заң шеңберіне, еш дау-дамайсыз, оттасу мен соттасусыз, әр еңбеккердің кәсіпорынның тұрақты, ырғақпен жұмыс жасауына қосқан нақты үлесіне  қарай, әділетті еңбекақы төлеу тәртібімен еңбек ете бастаған кәсіпкерлік нысан көркеймей, дамымай тұрсын ба?! «Тұз» АҚ – ның тасы аз ғана уақыттың ішінде өрге қарай домалап жүре берді. Айдан ай, тоқсаннан тоқсан өткен сайын жоспардың орындалуы арта түсіп, рентабельмен жұмыс жасайтын АҚ – ның барлық шығындарын шығарып тастағаннан кейінгі таза пайданың өзі – ауыз толтыра айтарлықтай өсе түсті. Осы өндіріс жетістіктерінің бәрі тек заңгер және өндіріс маманы Валентина Ивановна Соколованың еңбегі деп айту тым артығырақ болар. Бірақ, нарықтық экономика қатынасы заңдылықтарын терең түсініп, меңгерген, өндіріс процессі мен өнімді заң шеңберінде, екі жақ – сатушы да, алушы жақ та жапа шекпейтіндей тиімді етіп ұйымдастыруды әмбебап маман Соколованың  жақсы жолға қоя білуінің арқасы екендігі анық.

        Сол кезде оның босанар уақыты жетіп, қыз сәби дүниеге келді. Неке куәліктері болмаса да, Семей облысында еңбек етіп жүрген нәрестенің әкесі, ата-анасының сөзінен шыға алмайтын ынжық болып шықты. «Ұрпағым туды» деген қуаныш білдіруге де жарамады. Тым болмаса, бір келіп әйелі мен қызының жүзін көруге батылы бармады. Бұрындар «сүйдім-күйдім» деп, болашақ жарына өбектеп жүрген, «ер - азамат» деген атқа лайық емес жетесіз «еркексымақ»  сол жоғалғаннан мол жоғалып, жоламай кетті...

     ...Бұл «асқандық», «тасқандық» деген пендешілікті қойсаңшы! Соколованың есімін елге әйгілеген, Сәт Ғабдолов деген танымал журналистің «Тұз» АҚ туралы «Инновациялық индустрияның игіліктері» атты көлемді журналистік зерттеу мақаласы еліміздің бетке ұстар «Егемен Қазақстан» газетінің айқара бетіне суретімен қоса жарияланды. Бұл мақала еліміздің бірталай өндірістік кәсіпорындарында талқыланып, «Тұз» АҚ– ның іс-тәжірибесі Республика көлемінде таратыла бастады. Әрине, мақалада: «Мұндай жетістікке жетудің бір сыры, кәсіпорынның білікті де, білімді заңгері, заманауи өндірістің білгір маманы Валентина Соколованың  қосқан зор  үлесінде» деген пікір айтылды. Міне, осы шындық пікір шығысымен, АҚ ның Президенті  Александр Сергеевич Шнайдер шынымен, шәйдің жылтыр қағазындай шытырлай қызғанып, үйретілмеген асау атша тулады.

       «Семіздікті қой ғана көтереді» демекші, жақсы сөз бен марапаттарды көтере алмаған ол жоқ жерден ілік тауып, анам Валентинаны қудалай бастады. Жазықсыздан жазықсыз сөз естіп, әділетсіздікке жаны жабырқаған заңгер бастығының алдына «Өз еркіммен қызметімнен босатсаңыз» деген өтінішін тастады да, жұмыстан шықты. Бұйрық шыққан күннің ертеңінде – ақ Қызылордадағы  құрылыс материалдарын шығаратын үлкен кәсіпорын директорының өндіріс жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл заводтың басшысы бұрындар анама бірнеше рет: «Валентина Ивановна, бізге ауыссаңызшы. Қолма - қол пәтер беремін және кесікті еңбекақыңыз бен сыйақыңыз қазіргі алатыныңыздан әлдеқайда жоғары болады» деп ұсыныс тастап жүрген болатын. Сүйтіп, намысын таптатуды өзіне ар  санайтын жігерлі әйел шақыруды құп алып – ЖБИ заводындағы жаңа қызметіне құлшына кірісіп кетті...

      «Шығасыға – иесі басшы» деген қазекемнің орынды айтқан асыл сөзін қойсаңшы бұл. Арада екі ай өтер - өтпес уақыт ішінде кеше ғана атағы жер жара дүрілдеп  тұрған «Тұз» Акционерлік Қоғамы сыр берді...

        «Іс тетігін кадр шешеді» деген тәмсіл сынды анықтауыш сөз бекерден – бекер айтылмапты. Бесаспап маман Валентина Соколованың экономикалық, заңгерлік пен өндірістік салада теориялық қана емес, іс-тәжрибені жұмыс процесіне орнымен шебер қолдана білу мен дұрыс ұйымдастыру қабілеті арқасында, аз ғана уақыт ішінде ЖБИ заводының тасы өрге домалап жүре берді. Енді «Тұз» АҚ – ның атағы мен беделі көмескіленіп, оның бұрынғы даңқы мен танымалдылығы ЖБИ өндіріс кәсіпорнына ауысты.

        Есімі әлемге әйгілі, ел сүйген атақты ақын Александр Сергеевичпен (Пушкин) аттас болғанымен, ақылы мен адамгершілігі оның ширегіне де татымайтын Шнайдер енді өзінің бұрынғы білімді маманы, сенімді тірегі болған Соколованы өз кәсіпорнына қайтарып алу үшін далбасалап, бойындағы бар өнерін салып бақты. Алғашқыда көтеріңкі еңбекақы, ай сайынғы сыйақы мен жаңа үш бөлмелі (оның жаңа қызмет орнынан алған пәтері екі бөлмелі болатын) пәтер беремін деп қызықтырды. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген осы да...Оның бұл қызықтыру әдісі іске аспайтынына көзі жеткен Александр Шнайдер:

Мен тірі тұрғанда, сіз бұл мекемеңізде  тыныш еңбек ете алмайсыз...Өзіңіздің өміріңізді ғана емес, алдыңыздағы өсіп келе жатқан қызыңыздың келешек тағдырын ойлаңыз, – деп бопсалап, қоқан – лоқымен қорқыта бастады. Оның алдында өзінің  оққағары іспеттес сенімді тірегі болып отырған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Харитоновты да ортаға салып, «Тұз» АҚ – на қайта ауысуға айналдырған болатын. Харитонов өз кабинетіне шақыртып алып:

       -Валентина Ивановна, мен үлкен басыммен өзіңізден өтініп отырмын. Егер, ол ұсынысқа көнбей, «ауыспаймын» десеңіз, сіз коммуниссіз, біз партиялық жолмен ықпал етуге мәжбүр боламыз – деп шіренді.

         Өзіне өте сенімді, ешкімге алты аласы, бес бересі жоқ, таза еңбек ететін адал, сондықтан да әрқашан кімнің алдында болса да батыл, ойын күлтектетпей еркін айтып, еркін жүретін Соколова:

         -Иван Михайлович, мен карьерист емеспін. Егер мені партия мүшелігіне лайықсыз деп тапсаңыз - міне, деп, партиялық билетін қолма қол сөмкесінен шығарып хатшының алдына қойған. Ондай батылдықты күтпей, сасқалақтап қалған басшы:

       -Валентина Ивановна, партия менің жеке меншік мекемем емес. Егер сізді «лайықсыз» деп тапсақ, ол мәселе обкомның бюросында шешілетін нәрсе. Әйтпесе, партбилетті ойыншыққа айналдырмаңыз – деп, сөзін өткізе алмағанына ашуланған оның жайшылықта да аларып тұратын көздері ақиланып, өңі бозарып кетті. – Қазір кете беруіңізге болады. Сіз боссыз...

        ...Өндірістің мүддесі үшін жанын беруге әзір және уақытпен санаспай еңбек ететін Соколова сәби туғаннан кейінгі заңдылы декреттік демалысын  пайдалануды ойлаған да жоқ. Жасы келіп қалған зейнет демалысындағы қазақ әйелін емшектегі үш айлық сәбиі - Мнираға күтуші етіп жалдап, жұмысына қайта оралды. Қызметтің ара – арасында, балапаны шөлдеп қалмас үшін қызметтік машинасымен зыр етіп жетіп келеді де, балдай уызын емізіп, қайтадан асығыс жөнеледі. Анасы сәбиін –  «Мниратай», «Мнирочкам менің» деп еркелетіп, жұмыстан келісімен құшағына құшырлана қысады. Бауырына баса шөпілдете сүюге кірісетін анасының жайын ұққандай сәбиі көп жыламайтын момын және өте ақылды – ақ. Тамағы тойып, шөлін қандырса болды, уілдей сөйлеп, торғай балапанындай аяқ-қолдарын көкке көтере ойнаған күйі балбырап ұйықтап кетеді.

        ...Валентина Соколоваға деген Шнайдер мен Харитоновтың тарапынан жасалған қысастық күннен күнге артып, адам шыдамас жағдайға жетті. Тырнақ астынан кір іздегендер жоқ жерден сылтау тауып, баяғы қорсылдақ Харитоновтың пәрмені бойынша Соколоваға алдымен партиялық сөгіс жарияланды. Арада екі ай өтер - өтпес уақыттан соң ол  партия қатарынан шығарылды. Тумасынан намыскер, батыл және қиындыққа мойымайтын қасиеттері бойынан молынан табылатын Валентина Ивановна да, «Сендерден қорыққаным – қара қойдан үріккенім» дегендей, берілмеске тас бекініп ерегесіп алды. Прокуратура, обком партия сияқты жоғары жаққа шағынуды-әйелдік осалдық деп білетін ол жасалған қысастық пен жүйкеге инедей қадалатын өсек- аяңға да шыдап бақты. Қолдан әдейілеп ұйымдастырылған қиындықтарды қайыспай көтере біліп, күрес жолында қайыстай шыңдалып, ширатыла ескен капрон жіптей әбден ширығып алды.      

         Ел ішінде сөз жата ма, Соколова еш жерге шағымданбаса да, облыстық прокуратура тарапынан беделді, үлкен комиссия шығып, прокурорлық тексеріс жүргізілді. «Аққа – құдай жақ» деген емес пе, тексерістің нәтижесінде облыс прокуроры әділ шешімін шығарып берді. Облыстық партия комитеті: «Іскер, білімді де, білікті маман, облыс экономикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген басшы кадр – В.И.Соколованы жазықсыз қудалағаны үшін» деген мотивпен Шнайдерді шырылдатып отырып қызметінен де, партия қатарынан да шығару мәселесін облыстық партия комитеті бюросы отырысының күн тәртібіне қойды. Айлакер Харитонов қу жоғарыдағы әлдебір «дәулердің» ара түсуімен жаны қалып, яғни қызметтен қуылмай, әйтеуір, партиялық сөгіспен құтылды. Бірақ, бір кездейсоқ жолығысып қалғанда, бұрындар ешкім оған қарсы келмей, әбден дандайсып кеткен пәле емес пе, тістерін шықырлата сұрланып Соколоваға:

        -Жеңіске жеттім деп масаттанбаңыз. Біз әлі есеп айырысамыз – деген мағынадағы доқ көрсетуін тоқтатпады. – Сіз әлі істеген істеріңіз үшін опынып, өкінетін боласыз.

         -Қолыңыздан келгенді жасап бағыңыз. Сізден қорқақтап, сасатын мен емес. Аспанды тіреп тұрған сіз болсаңыз, төбеме ойланбастан тастап жіберіңіз...

 

 

                                  Он бірінші тарау

 

         ...Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Сарқан аудандары мен Текелі қаласындағы кезек-кезек, екі күннің бірінде жасалып жатқан ірілі-ұсақты қылмыстардың ашылар түрі жоқ. Қылмыскерлер ұсталып, құрықталмайынша ел ішіндегі болмағанды болғандай етіп асыра айтылатын қаңқу сөздер Жетісу өңірінде желдей есіп тұр. Аталған аудандардың Ішкі істер бөлімінің бастықтарын Алматы облыстық Ішкі Істер Департаментінің бастығы генерал Дәрменов Омар Серікұлы облыстық кеңесте неше рет орнынан тұрғызып ит сілікпесін шығарған. Бірақ, оларың: «Ашамыз, жолдас генерал. Қауырт жұмыс жасап жатырмыз. Көп кешікпей қылмыстық топтар құрықталады...» деген уәдемен кілкіген май ішкізгендей әбден тойдырып бітті.

       Кешкі апақ-сапақ кезінде генерал Дәрменов хатшысы арқылы облыстық департаменттің қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы полковник Еркін Елемесұлы Бекеновты кабинетіне шақырды.

       «Не мәселемен шақырды екен? Бір шұғыл тапсырма бар - ау, сірә...» - деп ойлаған полковник басшы кабинетіне айтылған уақыттан он бес минут ерте келді. Басшы болсын, қосшы болсын, кім, не үшін шақырса да, кешікпей, уақытынан ертерек келетін әдет - Еркін Елемесұлының сонау оқушы кезінен бойына айнымастай берік сіңіп қалған жақсы қасиет.

        -Генерал мырза, полковник Бекенов Сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұр! – деп, емен есіктен енген бетте Устав бойынша шекесіне қолын қойып сәлемдесу рәсімімен сіресе қалды.

       -Кел, полковник, кел... – Генерал төрдегі орнынан тұрып Еркін Елемесұлымен қол қысып амандасты. Бағынышты әріптесінің қызметтік міндетін өте тиянақты, тез және бұлжытпай орындайтын әдеті өз алдына, оның ар тазалығы мен биік адамгершілік қасиеттерін жақсы білетіндіктен, генерал Еркін Елемесұлын қатты құрметтейді. Сондықтан, басқалармен қатынас жасағандай емес, көп жағдайда ресмилікті қойып, атымен атап сен деп сөйлесе береді.

      – Отыр, Еркін. «Уақытсыз уақыт неғып шақырды» деп таңданып отырған шығарсың. Облыс аудандарындағы өрттей өршіп тұрған криминалдық жағдайды біліп отырсың. Онсыз да тығыз уақытты өлтірмей, тоқ етерін айтайын. Қылмыстардың алдын кесіп, тез арада құрықтау мақсатында облыс бойынша бірнеше оперативтік топ құрғалы отырмыз. Сол топтың бірі – Қаратал ауданында жұмыс жасайтын болады. Сен сол өңірдегі қылмыстарды ашу үшін құрылған топты басқар, яғни өкілетті өкіл болып бар. Егер қажет деп тапсаң, қасыңа бір тәжірибелі көмекші қосып берейін...

        -Маған білдірген сеніміңіз үшін үлкен рахмет, генерал мырза. Көмекші қажет бола қоймас, ол жақтағы жігіттер де жеткілікті ғой. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

       -Жақсы, Еркін. Саған сенемін. Тек бір ескертерім, жеке құрам мен өзіңнің аман болуыңды естен шығарма. Жасаған қылмыстарына тырнақтай да із, айғақ қалдырмай, соншалықты  таза істеуіне қарағанда, қылмыстық топты өте тәжірибелі, сауысқандай сақ және аса салқынқанды қылмыскер басқарып отыр. Және із суытып, адастыру мақсатында, бір орында тұрақтамай, әр ауданға  «қонақ» -гастролер болып жүр. Әйтеуір,  Жаратушының: «сақтансаң-сақтаймын» деп айтқанындай, тағы да қайталаймын, жеке құрамның арандап қалуына жол бермеңдер – деп, генерал орнынан тұрып, полковниктің қолын қатты қысты. – Ісіңе сәттілік тілеймін...

      -Өзіңіз де аман-сау болыңыз. Кетуге рұқсат етіңіз, генерал мырза.

... Еркін Елемесұлы Қаратал аудандық Ішкі Істер бөліміне келгенде, түскі ас ішу мезгілі аяқталып, жұмыс уақыты басталған еді. Телефон арқылы алдын - ала хабарланғандықтан, акт залына кеңеске қатысуға тиісті адамдардың барлығы жиналып отыр екен.

         -Сәлеметсіздер ме, қырандар! Көңіл-күйлерің қалай? Қылмыскерлерді, бірін қалдырмай бәрін құрықтаймыз ғой. - Қаз-қатар қаздай тізіліп отырған сайдың тасындай жігіттерге жағалай көз салып шықты. Араларындағы бірді - жарды жаңадан келген жас жігіттерден басқаларының бәрі таныс жігіттер. Анау майор Батан Сәлімов қысқы болсын, жазғы болсын, талай спорт жарыстарында өзіне қарсылас болып, бірде ол, бірде өзі озып жүрген мықты спортшы – аудандық Ішкі Істер бөлімі бастығының орынбасары. Мына отырған палуан мүсіндес Асхат дегенің бойының аласа, адымы қысқа болғанымен ұзақ қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмайтын стайер және дене бітімі айтып тұрғандай - мықты палуан, ІІБ бастығының саяси және тәрбие істері бойынша орынбасары. Анау аға лейтенант Зубков Сергей, Эм Алексей, Нам Эрик пен Ержан Нұрахметов сияқты білікті, қайтпас, қайсар және ержүрек жігіттермен тау қопарып тастауға болады. Тек, ақылмен басқарып, жағдайдың өрістеуіне қарай дұрыс жол сілтей біл. Бұлардан басқа, қылмысты іздестіру бөлімінің инспекторлары, криминалист, аудандағы участок инспекторлары мен тергеушілердің бәрі жиналыпты. Садақ адырнасындай ширығып отырған жігіттерді сәл болса да, жеңілдендіріп, ресмиліктен арылту үшін бірер әзіл, қалжың айтып, күлісіп алған соң, оперативті кеңесті бастады.

            Ауданда орын алған криминалдық жағдайларды әр офицер өзіне жүктелген тапсырма бойынша толық баяндап, бәрін мұқият тыңдады. Туындаған қосымша сұрақтарға орай, тиесілі жауаптарын алған полковник Бекенов:

- Бұл қалай, жігіттер?  Қызметтік ақпараттан аудандағы барлық криминалдық жағдаймен келе сала жете танысып шықтым. Кісі тонау, үй үптеп кету мен мал ұрлығы – қатар өршіп тұр.  Сол қылмыстардың бір де біреуі ашылмаған, - деген Еркін Елемесұлы өзіне таяу отырған орынбасардың алдында жатқан қызылды-жасылды көз қызығарлық әдемі қораптан, өмірі ауызына алып көрмеген темекінің бір данасын алып ерніне қыстырды. Ондағы ойы – аудандағы бой бермей тұрған қылмыстарды ойлағаннан жүйкесіне түсіп, ширықтырып  тұрған  салмақты, әйтеуір, аз да болса жеңілдетудің далбасасы да...

  ...Бүкіл саналы өмірін еліміздің тыныштық сақтау қызметіне арнап келе жатқан полковник Бекенов қылмыстық топтардың тап осылайша еркінсіп, есіргенін, тіпті шектен шығып: «ал ендеше, не істейсіңдер» деген  басынғандық әрекетін көрмепті. Сұмдық-қой!  Ел іші гу - гу әңгіме. Мұндай жағдайда, болмаған нәрсенің өзін болғандай етіп әсірелеп, көптіріп жіберетін елдің әдеті емес пе: «Ойбай, біздің Қаратал ауданына Ресейден атақты банда келіпті. Мына сұмдықтардың бәрін жасап жүрген солар екен. Қарсы келгендердің басын кесіп, бағанаға іліп қоятындықтарын қағазға жазып кетіпті» деген қауесет өршіп тұр. Елдің әсірелейтін де  жөні бар. Қылмыс дер кезінде ашылмаса, ондай ертегіге бергісіз көптірме әңгімелердің тарап кететіндігі бұрыннан белгілі.  «Пәлен дегеннің алтын сырғасын құлақ етімен қоса жұлып алыпты». «Түген деген келіншек қолындағы сөмкесін бермей, тонаушыға қарсылық көрсеткен екен, үптегені аздай, ағаш арасына апарып зорлағаннан кейін итше тепкілеп ұрып тастапты» деген сөздер ел ішінде желдей еседі. Кеңестегі сөздеріне қарағанда, жігіттер іздемей жатқан жоқ. Шапқылап, аяқтарынан сарсылуда. Алайда, қолда ілік болмағандықтан, еңбектері еш кетіп, білгенін істеген қылмыскерлер бостандықта сайрандап жүр. Осы жағдайлар ғой оның жүйкесіне салмақ түсіріп, темекіні еріксіз ауызға алдырғаны.

        Әр бөлімнің басшылары, учаскелік инспекторлар мен қылмыс іздестіру бөлімінің жігіттері ауданда қалыптасып отырған күрделі жағдай бойынша ойларын ортаға салып ақылдасып, түн ортасында үйді-үйлеріне тарасты.

       

                                          хххххххххххххх

 

      ...Бойдағы білімі мен парасатын еліміздің құқық қорғау саласына арнап келе жатқан зиялы жан - Еркін Елемесұлының қай жерде қызмет істесе де, өзі еңбек еткен құқық қорқау ұжымымен де, ел-жұртпен де жұмыс жасау тәсілі ерекше. Үлкен адамгершілік танытып, қайырым мен мейірімділік көрсетіп, Адамға сену арқылы тәрбиелеу де педагогиканың бір қыры-ау! Жас кезінен  тал бойына біткен қарапайымдылық, сыпайылық пен елмен тез тіл табыса білу қасиеттері арқасында ол елге сыйлы, жұртқа қадірлі.

Қаны бұзылып, түзеліп болмас қылмыскерге айналған жан мен әлдебір себептермен аяғын шалыс басып, заңмен қайшыласып қалған, бірақ ниеті таза, сонысына өкініш білдіретін адамның аражігін бойдағы интуиция арқылы ажырата білу қасиеті оны ешқашан алдаған емес. Сондай кездейсоқ жағдайға ұрынып қалған жанды тезірек қамауға алып, жазалауға асықпай, сенім артып, түзу жолға түсуіне ықпал ете білуінің арқасында, кейіннен солардың үйлі-баранды болып, полковникке алғысын айтқандары қаншама!

...Ия, осы қауіп, қатерге толы, жауапкершілік жүгі батпандай, аттаған әр қадамы халықтың көз алдындағы, үнемі ізденіс үстінде жүретін тәртіп сақшысының адал да, ерен еңбегінің арқасында қарапайым лейтенант шенінен полковник шеніне абыроймен жету қиынның қиыны екендігі айтпаса да түсінікті. Ішкі істер органдарындағы жұмысты ұйымдастыруда орасан тәжірибе жинақтаған айтулы азамат қана емес, нағыз өз ісінің майталман маманы Еркін Бекенов қашан, қай кезде болмасын, қол астындағы әріптестерінен, әсіресе, ар тазалығын, үлкен жауапкершілікті, іскерлік пен тиянақтылықты талап етті. Соның нәтижесі - қай аумақта істесе де, қылмыстың алдын алу, қылмыс болған жағдайда ізін суытпай ашу, тергеу істерінің сапалы, кінаратсыздық көрсеткіштерінің жоғары болуы.

... 2000 жылдары облыс аумағындағы ауданның бірінде болған аса ауыр қылмыс (белгісіз ер адамның бөлшектенген денесінің табылуы) облыс жұртшылығы арасында үрей туғызып, осы қылмыстың дереу ашылуына деген жұрттың назары  ерекше болды.  Сол кездегі майор Бекеновтың тікелей басқаруымен жүргізілген оперативті жұмыстың  нәтижесінде, бұл қылмыс қысқа мерзімде ашылды. Тағы бір мысал: 90-жылдары қарақшылық қылмыстардың белең алған кезінде қылмысты іздестіру бөлімін басқарған  Еркін Елемесұлы жеке құрамда “казармалық жағдай” жариялап, жеке құрам күн, түн демей әрекет етіп, соның нәтижесінде, ұйымдасқан қарақшылық қылмыстық топтар тез арада әшекерленіп, артынш темір торға тоғытылған еді.

...Полковник Еркін Бекенов Ақсу аудандық ішкі істер бөлімін басқарған кезде жұртшылықпен, ерікті сақшылар, аудандық жастар және ақсақалдар Кеңесі сияқты қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, солардың көмегі арқылы қылмыстың алдын алу мен ашылу көрсеткіштері жоғары нәтижелерге жетіп отырды. Оның бұл  жаңашылдық бастамасы облыс бойынша таратылып, әріптестерінің іс - тәжрибесіне берік еніп, қалыптасты.

Қазақта: «тұрмыс түзелмей, жұмыс түзелмейді» деген өмірден алынған бір тәмсіл бар. Еркін Елемесұлы  қызметкерлердің қызмет атқаруын ғана емес, олардың тұрмыстық жағдайларын да назарында ұстайды. Бірқатар аудандарда оның аудан басшылығына еткен ықпалы арқылы учаскелік полиция инспекторлары үшін пәтерлермен біріктірілген учаскелік полиция бөлімшелері салынды. Сүйтіп, пәтер жалдап, үйден үйге көшумен күйлері келмей қиналып жүрген қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалды.

 Қазақ аталарымыздың: «Еңбегіне қарай өнбегі» деген жақсы бір сөзі бар. Сол айтқандай, Еркін Елемесұлының ерен еңбегі Ел Президенті, Үкімет пен сала басшылығы тарапынан елеусіз қалған емес. Полиция полковнигі Еркін Бекенов Алматы облысының Ақсу, Қаратал аудандарының және Талдықорған қаласының Құрметті азаматы. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10, 20, 25 жылдығы» мерекелік медальдарымен, бірнеше мәрте Ішкі Істер Министрінің, облыс және аудан, қала Әкімдерінің «Құрмет Грамоталарымен», тағы да басқа көптеген естелік силықтарымен марапатталған.

Кімнің болмасын жанұясы өзінің берік қамалы – ғой. Өзіңнің қара шаңырағыңда ынтымақ пен татулық, бірлік пен өзара сыйластық берік орын алмаса – қолға алған ісіңнен береке де, нәтиже де күтпей-ақ қой! Енді полковник Бекеновтың шаршағанда тыңайтып жаңа күш қосатын, кейде әлдебір себептермен көңілі пәсейген кезде, риясыз күлкісі, әдемі әзілі, жүрек жылуы арқылы жанына шуақ құятын бір ғажайып мінезді жан бар. Ол - қуанған сәттерде сол қуанышын бөлісетін, өмірде болмай тұрмайтын ауыртпалық туған сәттерде, соларды тең бөлісіп, моралдық және рухани қолдау көрсетуші жан – сүйікті жары Ажар Кенбайқызы.

Қай ата-анаға болмасын, дүниеге ұрпақ әкелумен қатар, оларға тәлімді тәрбие мен терең білім беріп, ана тілін, ділін, ұлттық салт -дәстүрлерін сүйіп, төбесіне Ту етіп көтеретін – Отанының нағыз патриоты етіп қалыптастыру жауапкершілігі жүктелетіндігі аян. Екі ұл, екі қыз өсіріп, оларға тәлімді тәрбие беріп отырған, шаңырақ иесі Ерекең мен отанасы Ажар – арудың бұл мәселеде ауыз толтыра айтып, еңселерін жоғары ұстап, шаттана мақтанатын жөндері бар... «Балаларың ер жетіп, көре берші қызығын – ай» деп, ән жолдарында айтылғандай, осы ұрпақтарының дендері сау, аман-есен болып, тату - тәтті, керегелері кең, шаңырақтары берік болса, содан артық, ата-әже атанып отырған Еркін әке мен Ажар - анаға қандай қызық, қандай бақыт, қандай байлық керек болсын - әй...?!

  

                              Он екінші тарау

 

       ...Түпсіз ұйықтай терең ойдың батпағына батып, айналасында не болып, не қойып жатқанына мән бермеген Мнира Мараттың қарсы алдында отырғанына ет пісірім уақыт өтті. Сүйіктісі өзінің қым-қиғаш, шырмауықша шырмала оратылған өмірін әңгімелеп, оның жігіті жіті, тапжылмастан көңіл қоя тыңдап, айтқандарын кино экранындай көз алдынан түйдектете өткізіп отыр...

        ...Уақыт деген жарықтық сынапша сырғанайтын жүйрік қой. Таң атып, кеш батып, күндерден ай құралып, айлар жылға ұласып жатты. Күні кеше ғана анасының үйге қай жақтан келіп кіретінін сәби санасына терең сіңіріп, есікке қарай еңбектей безе жөнелетін Мниратай, міне, мектеп жасына да толып үлгерді.

                      Мектебің – сенің класың,

                      Осында он жыл тұрасың.

                      Тарыдай болып кіресің,

                      Таудай болып шығасың, – деп ақын жырлағандай, бес жастан мектеп табалдырығын аттаған сүп-сүйкімді сәби - Мнира Маратованың қабілеті адам таң қаларлықтай болып шықты. Бірінші сыныптың оқу бағдарламасын жарты жылға жетпей, тек «бес» деген бағамен тәмамдап, үшінші тоқсанда облыстан арнайы құрылған мүйізі қарағайдай комиссияның шешімі бойынша екінші сыныпқа көшірілді. Осылайша сыныптан сыныпқа бір емес, бірнеше рет «досрочно» аттап өтіп, он төрт жасында 11 жылдық мектепті «Алтын белгімен» аяқтады.

        Сол жылы «Советтер Одағының жүрегі» - Москваның атағы аспандап тұрған Ломоносов атындағы Университеттің Заң және Құқықтану факультетіне еш қиналмай түсті. Әрине, мектепте өз еңбегімен терең білім алып, ерінбейтін іздену қабілеті арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізген студент Университетте ақсап қалсын ба, онда да үздіктер қатарынан көрінді. Студенттер Кеңесі мен Әйелдер Кеңесіне мүше, Лениндік стипендияның иегері, комсомол мүшесі Мнира Маратова Нью Йорк және Лондон қалаларында өткен Дүниежүзілік Студенттер Форумына екі рет делегат болып сайланды. Сол Форумда қазақ тілінде жасаған баяндамасы бірнеше тілдерге – орыс, ағылшын, француз, неміс, түрік пен араб тілдеріне аударылып, әлемнің шар тарабына тарап кетті. «Нью Йорк Таймс», «Лондон Пресс» сияқты әлем таныған беделді, миллиондаған тиражбен таралатын  газеттерге сұхбат берді. Азия құрылығында «қазақ» атты ұлттың бар екенін және ол ұлт ұрпағының білім – қарымы, қабілеті мол, өте өжет екендігін қазақтың қарапайым, қаршадай ғана қара қызы Мнира Маратова арқылы бүкіл әлем таныды.    

      ...Сүйтіп білім қуып, өмірлік тәжірибені молынан жинаған, әлем елдеріне кеңінен танылып, жоғары оқу орынын озықтар қатарында тәмамдауға бар - жоғы он ай қалғанда, қайран сүйікті анасы...

        ...Төмен етекті әйел затын, тегі, қай ел, қандай ұлт  болмасын «нәзік жанды» деп атайды емес пе?! Міне, сол заты нәзік әйелмен текетірес болып ұстасуға Харитонов қу арланбайтын, ұялмайтын және онысына намыстанбайтын сорлы болып шықты. Арада қанша жыл өткенімен, кек алудың пасық жоспарын ойластырып, жеңінің ішіне жасырған суық қара тасын сілтейтін қолайлы сәтті асықпай тосып жүрген екен...

       Оның қол астындағы қызметтік «Волга» машинасын ұзақ жылдар жүргізіп жүрген, өздері қысқаша «Вано» атап кеткен Иван Корыгин кейінгі кезде әйелімен ажырасуы себепті, ішкілікке салынып, жұмысқа келмей қалуы жиілеп кеткен. Харитонов өзінің шоферының ол қылығын жауып – жасырып, елге білдірмеуі себепті, жұмысын ілініп – салынып істеп жүрген болатын.

Арақ - әзәзілдің құрығына бір ілінген адам оның құрсауынан босанып шығуы екіталай емес пе?! Ондай жанның рухы төмендеп, өз-өзінен қуыстанып, бойын белгісіз бір үрей билеп, кімнің алдында болсын, төменшіктеп жүретіндігі белгілі. Енді сол «Вано» өзін қорғаштап, азды - көпті күнкөріс көзі - айлық жалақысын беріп отырған Харитоновқа кіріптар болмай қайтсін?!

Бір күні кешкісін Корыгин Иванды бастығы үйіне шақырып алып, әйелі үйде жоқ екен, екеуі ас үйге жайғасты. Жартылай ішілген «Московский» арағының құмырасы ас үйдегі стол үстінде мөлдіреп тұр. Оны көріп, құлқыны құрып тұрған Ваноның көздері жайнап кетті. Қожайын екеуі бір-бір рөмкеден іштеріне қотарып алған соң:

-Ваня, мен сені бірнеше жылдан бері қорғап-қолдап, кең қанатымның астына алып қамқорлық жасап жүргенімді жақсы білесің. Жақсылықты - жақсылықпен қайтару, қалай ойлайсың, парыз шығар ә?

-Әрине, шеф! Ол қамқорлыңыңызды мен ешқашан, қандай жағдайда болмасын, ұмытпақ емеспін. Менен қандай көмек керек, қолымнан келгеннің бәрін сіз үшін жасауға әзірмін...

-Онда былай... Маған сенің көмегің аудай қажет болып тұр. Өте жауапты іс. Бірақ, ол сенің қолыңнан келеді – деп, шопырының көтеніне көпшік қоя сөйлеген Харитонов шөлмектен тағы да екі рөмкені толтыра құйды. Жұтқыншағы бүлкілдей, ындыны құрып  «тағы қашан жүз грам құяр екен» деп шыдамсыздана күтіп отырған шопыр стақандағы сұйықты соғыстырмастан қағып салды да:

-Шеф, айта беріңіз. Сіз үшін мен тау қопаруға әзірмін...

Осы әңгімелесуден үш аптадай уақыт өткен соң қалада: «Харитоновтың шопыры Иван Корыгин жол - транспорт оқиғасын жасапты. Жол жиегімен кетіп бара жатқан Соколова Валентина атты азаматшаны абайсызда басып кетіпті. Бейшара әйел оқиға болған жерде тіл тартпай өліп кетен көрінеді» деген суық хабар бұрқ ете түсті. Әрине, қылмыстық оқиға бойынша тергеу, тексеру жүргізілді. «Азамат Иван Корыгин жол - көлік оқиғасына жол беріп, абайсызда адам өлімі орын алған» деген мәтіндегі прокурордың айыптау қорытындысы шықты. Соның артынша өткен сот Корыгинды ҚР Қылмыстық Кодексінің  217 – бабының 2 - тармағы бойынша айыпты деп таныды. Алайда, сот қандай мән-жайларды жеңілдетуге негіз деп танығанын кім білсін, 3 жыл шартты мерзімге жаза кесті.

Бірақ, ел ішінде: «Вано Валентина Соколова бейшараны партия комитетінің екінші хатшысы Харитоновтың тапсырысы бойынша әдейілеп басқан екен» деген әңгіме гуілдей тарап кетті. Бірақ, «не пойман – не вор» деп, орекеңдер айтпақшы, ел ауызындағы сөзді іске тіге аласың ба? Компартияның түкірген түкірігі жерге түспей, дәуірлеп тұрған уақыт емес пе, гуілдей тараған сөз артынша бал арасының кешкі ұйқыға кетер алдындағы уіліндей басылып қалды.

...Анасының қайғылы қазасын естіген Мнираның ұшарға қанаты болмады. Қолына: «Анаң қайтыс болды. Тез жет!» деген шұғыл телеграмманы алысымен, сол күні ұшақпен, жол бойы жанарынан сел боп аққан көзжасын тия алмастан Алматыға ұшып келді. Оның бағына Алматыдан Аральскіге поезд жүргелі тұр екен, қыздың отыруын ғана күтіп тұрғандай отарба орнынан пышылдай қозғала берді. Жылап-еңіреп жүріп анатайын суық жер қойнына берді. Бес күннің ішінде анасының басына қойылатын мрамор тас дайын болып, сәтімен орнатылды. Суық сөз ел ішінде жатушы ма еді?! Анасының өлімі Харитоновтың тапсырысы бойынша Ваноның қолымен балған іс екендігін сол зират басында естіген Мнира авария жасаған шофердың үйіне келді. Өңі қан-сөлсіз, сұрланып алған қыз есіктен кіре стол басында жападан - жалғыз арақ ішіп, қамсыз отырған Ваноның кеңірдегіне жармаса кетті.

-Проклятый гад ты - убийца! За что ты убил мою любимую – дей бергенде, киген жакетінің астындағы портупейіне қыстырылған он оқты «Макаров» тапаншасы қыздың ойына сап ете түсті. Тырнақ батқаннан қанап кеткен кеңірдекті жібере салды да, портупейдегі тапаншаны көз ілеспес жылдамдықпен жұлып алды.

-А ну, быстро сознайся, козел вонючий! Это Хоритонов заказал мою маму? Быстро, пока я не нажала на курок! Считаю до трех...!

-Не надо! Не надо! Не убивай меня! Я не виноват! Да! Харитонов заказал. Он угрожал, если не сделаю этого – деп, дірілдей қорыққанынан бұтына сиіп жіберді. – Мнира жалдамалы шопыр сорлыны жатқан жерінде басынан туфлиінің  өкшесімен екі қайтара тепті. – Сволоч наемный!

Ашудан түтігіп, өңі сұрлана бозарып кеткен қыз көшеден такси тоқтатты. Көлікке жамбасы тиер тимес, солдатқа бұйрық берген командирше шұғыл әмір етті:

-Срочно в обком партию! – Адам қорқардай жанығып, сұп-сұр болып отырған қыздың бетіне қараудан тайсақтаған такси жүргізуші акселаторға жеделдете басып – басып жіберді. Көлік жұлқынып, ышқына қозғалды...

Мнираға өткен жылы Москваның атақты арбатында шабуыл жасалып, тоналған еді. «Қараптан қарап, құдіретті Құдайдан да, заңнан да қорықпайтын қанішер қарақшылардың қанды қолынан еш жазықсыз мерт болу оп-оңай екен ғой» деген ойға тоқтаған өжет қыз арнайы органдарға барып, солардың рұхсатымен  «Макаров» тапаншасын сатып алған болатын. Заңдылы тіркеуден өткен сол «досын» содан бері жанынан бір елі тастамайтын. Қойнындағы сенімді қаруын «друг ты мой верный» деп күбірлеген қыз сұп-суық болып, жамбасына сәл ғана батып тұрған «Макарканы» түзеп, сипап-сипап қойды. «Друг мой верный» дейтіні  қысқы семинарға дайындалып, Университет кітапханасынан кешірек шығып келе жатқан кезінде үш бірдей, ойларында не болғанын кім білсін, қағынған жігіттер тарпа бас салған. Артқа қарай ыршып кетіп, қойнындағы «макарын» жалма – жан суырып алған. «Ах, подонки, кому жить надоело» деп, кезенгені сол еді, «жалмауызға да жан керек» демекші, «батырларың» тырым-тарақай қаша жөнелген - ді.  

«...Тезірек жетсем екен»! «Қанішер өз орнында болса екен!» - деген тілегін жол бойы іштей қайталап келген Мнираның тілеуін Құдай берді. Арқалығы кісі бойындай креслосында Хоритонов маңғаздана шіреніп отыр. Жарылғалы тұрған шиқандай қып - қызыл болып, креслосына жарбия жабысқан жауының жанына, садақ адырнасынан атылған жебеше «зу» етіп жетіп келді. Бойын буырқанған белгісіз бір күш буып, алпыс екі тамырынан кек болып ытырынған намысшыл қыз жасыл  жакетінің астына жасырынған тапаншасын, көз ілеспес жылдамдықпен «лып» еткізіп суырып алды.

-Вы кто? Я вас сюда не приглашал - деп, ауызын жинап үлгермеді. Тапаншаның «шаңқ» еткен ащы дауысы шықты. Әдейілеп жамбасты көздеп атқан оқтан бір жағына жантая құлай берген құдайдан қорықпас Харитоновтың үрейге толы жымысқы көздері қыздың кекке толы отша жанған жанарына түсті.

-Не надо... Не убивай меня...

-Сволочь вонючая! Хана тебе! Это за мою любимую! За маму! За маму! – деп іркес - тіркес тағы үш рет атты. Төртінші рет ауызынан да, жүрек тұсынан да қою қызыл қаны атқылақтап жатқан оңбағанның басына тапанша ұңғысын батыра тақап тұрып шүріппені басты. «Шаңқ» еткен дыбыспен қоса қыздың: «Собаке – собачья смерть!» деп, айқай салған қарлығыңқы, бірақ жігерлі дауысы жарыса шықты...

...Полиция формасын киген екі капитан мен ұзын бойлы майор есікті теуіп ашып «стоять!» деп қаруларын кезене кіріп келді. Кек қуған қыз Харитоновтың қанға боялып, тілі салақтай шығып жатқан мүрдесінен көз алмай, сондай бір жиіркенішті, жеккөрушілікпен тесірейе қарап қалыпты.. «Қарсылық көрсетіп жүрсе» деп қаруларын кезене кірген олардың қырағы көздері алдымен стол үстінде жатқан «Макаровқа» түсті. Өң - түс жоқ, мүрдеге сұрлана қарап отырған қыздың жүзінен қорқыныш та, өкініш те, «заң алдында жауап берем-ау» деген сескену белгісі де білінбейді. Керісінше, бетінде белгісіз бір батылдық па, өзінің істеген ісіне деген сүйсініс пе, жоқ әлде, анасы үшін алған қанды кегіне деген ризашылық па, әйтеуір, сондай бір ерекше кейіп бар. Жіңішкерек болғанымен сіңірлі де, шымыр білегіне «сырт» еткізіп кісен салғанда да, міз бақпай, жанарын бір нүктеге қадай мелшиіп отыра берді. 

Полиция қызметкелері қылмыскерді құрықтау қан төгіссіз, ың-жыңсыз өткеніне қуанғанымен, қылмыс жасаушы қыздың ақылынан адасып, ауыш болған адамша аңырайып, ләм-мим демей бақырайып отырғанына таң қалған сыңайлы. Бірі - біріне иек қаға ымдап, иықтарын «маған да түсініксіз» дегендей қомдап - қомдап қойды.

Тергеу мен тексеру, психологиялық, медициналық сараптама процестері өз жөнімен өтті. Прокурордың айыптау қорытындысы шығып - Мнира Маратқызының қылмысы «қасақана кісі өлтіру» бабы бойынша дәрежеленіп, ол да күдіктінің қолына тиді.

...Көп кешікпей сот процессі де басталды. Қаза болған Валентина Соколоваға қатысты «Тұз» және «ЖБИ» кәсіпорнында бірге істеген куәгерлердің бәрі оның  іскерлік, еңбексүйгіштік пен жоғары адамгершілік қасиеттерін айтты. Оның нарық экономикасын терең меңгеріп, өзінің білімі мен мол тәжірибесін іс жүзіне біліктілікпен қолдана білуі арқылы, облыс қана емес, Республика бюджетіне қосқан қомақы үлесіне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, білікті маман ғана емес, бірегей басшы Соколоваға облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Харитоновтың көрсеткен қысастықтары түгелдей айтылды. Валентина Ивановнаның екі жерде де бірге істес болған әріптестері жоғарыда айтылған жағымды мінездемені растады.

...Әзірге күдікті деп танылған (заң бойынша соттың үкімі шыққанда ғана күдікті адам қылмыскер деп есептеледі) Мнира Маратоваға да Москвадағы Ломоносов атындағы Университеттен студент Маратованың барлық жақсы қасиеттері мен әлем таныған дүйім жетістіктері жіпке тізілгендей етіп көрсетілді.

        Ақыры сот процесі де өтті. Процеске төрағалық етуші судья Колесниковтың Үкімі оқылды. «Күдікті Мнира Маратқызы Маратованың қылмыстық іс - әрекеті Қазақ ССР Қылмыс Кодексінің 89 – бабы бойынша дәрежеленеді. Яғни, кенеттен пайда болған жан күйзелісі (аффект) жағдайында жасалған жәбірленушінің тарапынан қорлауға, немесе ауыр тіл тигізуге және жәбірленушіге өзге де құқыққа, немесе моральға қарсы әрекеттеріне байланысты қасақана жасалған кісі өлімі деп танылды. М. Маратованы 4 (төрт) жыл бас бостандығынан айырып, жазаны күшейтілген режимдегі еңбекпен түзеу колониясында жазасын өтеуге Үкім етемін».

       Үкім оқылып болған кезде Мнира әлдебіреулер сияқты жылаған да, сықтаған да, күйзелген де жоқ. Қасқая қарап тұрып «рахмет» деді де, конвойдың әмірін күтпестен, сот залындағы темір тордың қолақпандай қара құлып салынған есігі алдына барып тоқтады. Залдағы адамдарға да жымия қарап «сіздерге де рахмет» деп басын иді. Сот процесіне қатысқандар бірі-біріне: «Анасының кегін алған қандай қайсар қыз» деп, таңдана сөйлеп бара жатты. Енді біреулері: «Ия, батыр да батыл, рухы да аспандай биік, намысшыл қыз екен» десіп сот залын тастап шығып бара жатыр.

       ...Заречныйдағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жүрген сотталушы қыздың өмірге деген көзқарасы жүз сексен градусқа бұрылып кетіп, басқаша бағыт алды. Бұрындар сотталғандар - бұзылған, өмірі түзеліп болмастай саудасы біткен адамдар деп ойлайтын. Ол ойы түп - түбірімен дұрыс емес екендігіне көзі жетті. Мұнда зона тәртібінен, зонаның ережесінен басқа, сотталушылар арасындағы қалыптасқан зектік өмір, зектік тәртіп бар болып шықты. Өтірік айтпау, бірінің ісіне екіншінің қол сұқпауы, ұрлық - қарлықтан аулақ жүруден басқа, әлдебіреулерге жан ашып қамқорлық жасау деген, бостандық өмірде сирек кездесетін жақсы ереже бар екен. Әрине, зона - жатқың келсе жатып ұйықтап, тұрғың келгенде тұрып, қалаған шаруаңды жасай беретін курорт емес. Әсіресе, дұрыс қожайынның иті де ішпей, бұрылып кететін баландасы өз алдына, ертелі кеш «строиться на проверку», «выходи на физзарядку» деп құлақ жарғағын жарып жіберер айқайдан адам мезі болып кетеді. Одан қалса, жатын баракта жүргізілетін «шмон» деген пәлесі жаман. Өзіңе қажетті, бірақ мұнда ұстауға тиым салынған әжептәуір жақсы дүниелерді «обшмонать» етіп сыпырып алып кетеді. Әрине, өз – өзінен қоразданып, тисерге қара таппай ұрынып жүретін түзелмес зектер де бар. Ия, мұнда кім ғана жоқ! Ұстаздың да, кәсіпкердің де, әкімшілік шенеуніктері мен медицина қызметкерлерінің жасы да, жасамысы осында. Алғаш келген күннің ертеңінде сол «қораз» келіншектердің бірі Мнираға қайта - қайта байланысып мазасын алды. Намысқой, біреуге кеудесін бастыруға көнбейтін өжет қыз емес пе, әлігі құтыршақпен моншаның артына барып жекпе - жекке шықты. Ол Моквада оқып жүргенінде екі жылдан астам уақыт каратэмен айналысып, бірінші разрядқа шейін көтерілгені бар. Анау да көше төбелесіне төселіп, әккіленіп алған пәле екен. Екеуі сүт пісірім уақыт пергілесті. Екі жақтың да «атаста» тұрған секунданттарының: «Атас, дубаки!» деп сыбарлай айтқан белгісін естісімен, екеуі бірінің үстіндегі шаңын бірі қағып, түк болмағандай, қолтықтаса «әңгімелесіп» жүріп кетті. Бірақ, бұл жекпе - жектің Мнираға көп пайдасы тиді. Атақты төбелескіш «қораздан» таяқ жемей, қайта бірнеше рет астына умаждап, басым түсуі арқылы, аяқ астынан беделі өсіп шыға келді. Осындай бірге – бір шыққанның кесірінен екі рет бес тәуліктен ШИЗО - ның мұздай суығына да қалтырап шыққаны бар. «Адам қырық күннен кейін қараңғы көрге де үйренеді» демекші зектер өміріне төселіп, «шынығып» алды. Әрине, бостандық шіркіннен артық байлық болсын ба?! Өңі түгіл, түсіңде де бостандық өмірді көріп қуанып жатып, оянып кеткенде «құдай-ай, түсім екен ғой» деп, көңілі құлазып, қаншама рет ренжіп, жылап қалды.

       ... Сүйтіп жүргенде, еңбекпен түзету мекемесінің басшылығы, прокурор, қорғаушы (адвокат) қатысқан сот процесі болды. Тағы да сол күлдіргі болғанымен, мысқылға құрылған, еске де жиі түсетін  «Новые приключения Шурика» атты фильмдегі Вицынның: «Да здравствует Советский суд - самый гуманный суд в мире» дегені сияқты сот өтіп, «гуманный» сот жазасын өтеуші Мнира Маратованың бастапқы кесілген төрт жылдың бір жылын шегерді. Осылайша үш жылдан соң сағына, аңсай күткен бостандық өмірге қолы жетті. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай!» деп ән жолдарында айтылғандай, бостандық дегенің ешбір байлыққа да, тіпті алтынға да айырбастауға болмайтын ең асыл да, ардақты, қымбат дүние екен ғой...

       ...Ия, оның соншалықты қадірлі де, өлшеусіз қастерлі құндылық екендігін кім білген?! Егер, адам баласы соны ертерек білсе, сол асыл құндылықты көздің қарашығындай сақтар еді – ау, шіркін...!

 

 

                                           Он үшінші тарау

 

      ... Аудандық Ішкі Істер Бөлімінің акт залында оперативтік топ қана емес, аудандағы учаскелік инспекторлар мен жеке құрам түгел жиналған шұғыл кеңес ертеңгісін сағат тоғызда басталған еді, міне үш сағаттай болды, әлі бітіп болар емес. Облыстан келген өкілетті өкіл полковник Бекенов аудандағы өршіп кеткен қылмыстық ахуалдың аужайына қысқаша тоқталып өтті.

          Бұл полковниктің бүгінгі өкіл болып келгеннен бергі, күнделікті өткізетін лездемені қоспағанда, үшінші рет өткізіп отырған шұғыл кеңесі. ІІБ-нің әр саладағы жауапты офицерлері аудандағы  орын алып отырған қылмыстық жағдайға байланысты өздерінің ойларын, мүмкін деген версияларды ортаға салып, ұзақ талқыласты. Ара – арасында бірі бірінің пікірімен келіспей, таласып, дауласып та қалады. Ондай сәттерде Еркін Елемесұлы қол астындағы әріптестеріне:

  -Ау, сонша дүрілдеспей, сабыр сақтасаңдаршы. Өз ойларыңды кезекпен айтсаңдаршы, жігіттер - деп басу айтып қояды. Ауданда қалыптасқан қылмыстық ахуал бойынша полковник Бековтың арнайы құрған оперативтік топ мүшелерінің айтқан уәждерін мұқият тыңдап болған ол:

        -Бөлімше басшылары, аудандағы кейінгі кезде орын алған масқаралық жағдай бойынша сіздер не айтасыздар? – деп, олардың баядамаларын тыңдап болып,  учаскелік инспекторларды кезекпен орындарынан тұрғызды. Әркім өздерінің ойлары мен қолда бар деректерін кезекпен айтып, алдағы атқарар жоспарларымен бөліскен соң полковник:

       -Айтқандарыңызды тыңдасаң, барлығыңыз қауырт қимылдап жатырсыздар. Бірақ, нақты нәтиже көрінбейді. Бұл қалай болғаны сонда? Әлде, жалған ақпарат беріп отырсыздар ма – деп, залдағы әріптестерінің беттеріне, сынағандай, кезекпен бажайлай қарап шықты.- Бұлай, болмайды. Аудан тұрғындарымен, халықпен жұмыс жасаңыздар. Олардан түскен әрбір, болмашы ғана деректің қылмыстың ашылуына көмегі тиетіндігін әсте ұмытпаңыздар. Қай қылмыскер «бұл істі мен жасап едім» деп, оп-оңай мойынына ала қойсын. Мына түрімізбен, жоғары басшылық өз алдына, ең бастысы, халықтың сенімінен айырыламыз. Көше-көшелерді аралаңыздар, бұрыннан жасырын ақпарат беріп жүрген өзіміздің агенттерімізбен тығыз байланыса жұмыс жасаңыздар.

       Әркім өз ойларын білдіріп, талқылау аяқталғанда, Бекенов қылмысты іздеу бөлімінің бастығы майор Нұрахметовқа бұрылды:

  - Ержан, бөлім бастығы ретінде сен не айтасың?

  - Жігіттерім күн-түн демей шапқылап жүр. Қылмыс болған жерден із кесу, заттардағы саусақ таңбаларын түсіріп, базадағы таңбалармен салыстыру, көше тұрғындарымен сөйлесіп, бұрын сотталғандардың тамырын басып көру сияқты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізудеміз.

-  Нәтиже қайда? Нәтиже түгіл, қолдарыңда  бір ілік жоқ. Тіпті, кеше түнде тағы бір қылмыстық оқиға орын алды. Масқара болдық. Көшеге шығып, елдің бетіне қараудың өзі ұят.

-  Табамыз, полковник мырза. Түн қанша қараңғы болса да, таңның атпасына күн қоймайды. Табамыз, қылмыскерлер көп кешікпей тұзақталады, - деген майор Ержан Нұрахметовтың осы сөзінде, өзіне ғана емес, оның өзі басқарған бөлімнің жігіттеріне деген нық сенім жатыр еді.

 - Сенемін сіздерге, іләйім солай болсын. Қылмыскерлер өте әккі, әрі тәжірибелі екендігіне көзіміз айқын жетіп отыр. Қай жағдайда болмасын, сақ қимылдаңыздар! Қылмыс қылмысымен, бәрінен маған сіздердің бас амандықтарыңыз қымбат. – Неше күннен бері шала ұйқы болып, жүздерін күн, жел қаққан шаршаңқы жігіттерінің бетіне барлағандай, бірақ жаны ашып, бір сәт  елжірей қарап тұр. – Барлығыңыз да боссыздар - деп, алдындағы қобыраған қағаздарын жинастыра бастаған полковниктің өзінің де өңінен соншалықты шаршаудың ізі анық байқалып тұр...

 

                                           хххххххххххххх

 

       ...Ал, тыңда Мниратай, менің жас өмірімді тәлкек еткен тағдырлы тәлейім мен сары күздің желі қалбалақтата ұшырған солғын сары жапырақ сынды тұрлаусыз өмір жолымды баяндап берейін.  Оны естіген соң, мені «жаным» демек түгіл, жаныма жолаудан қорқып, неғұрлым аулаққа, қайтып оралмастай  қашып кететін шығарсың...

      ... Облыс орталығындағы зооветеринарлық техникумды бітіретін жылы  менің болашақ әкем Теміртас сол қаладағы коператив техникумын тәмамдап, енді дипломын алғалы жүрген менің болашақ анамды қорқытып, күшпен алып қашып кетеді. Әкемнің есімін әке-шешесі қалай дәл тауып қойған десеңші! Ол темір десе темірдей меңіреу, тас десе тастай қатты, суық және мейірімсіз жан еді. Оның соншалықты қатты, қаншалықты қатыгез екендігі туралы әңгіме барысында айта жатармын.

Анам Венера - бойы аласа болғанымен, денесі тығыршықтай ойнақы да, өткір мінезді ару еді.  Оның ақсары келген өңі мен сенікі сияқты өткір, әдеміше қой көздеріне қарап құрбы -құрдастары татар ұлтына ұқсатты ма, жоқ әлде, әкесі қазақ болғанымен, анасы татар екенін білгендіктен бе, әйтеуір бәрі анамды «Венера татарка» деп атап кеткен екен. Кіммен болса да тез тіл таба білетін ақжарқын, қолында барын қысылып тұрған құрбыларына, студенттердің материалдық тұрғыда қысылмай жүретіні болушы ма еді, ең соңғысына шейін ойланбастан ұстата салатын мәрт болған. Өзі көпшіл, қашанда көңілді және әзіл-қалжыңы жанында даяр жүретін  Венера анамды дос, құрбылары ғана емес, ұстаздары да жақсы көріп сыйлаған.

       Әдетте, волейбол спортына бойшаң, сидам қыз-жігіттер барады емес пе, анам орта бойлы, денесі сәл толықша болғанына қарамастан, мектепте оқып жүргеннен волейболды өте жақсы ойнаған. Өзі оқитын оқу орнының команда құрамында шебер ойнайтын оны облыстың волейбол командасы құрамына шақырып, сонда өнер көрсетеді. Сәл кейінірек  шеберлігін жетілдіре түсіп, Республика бойынша өткен спорт додаларында облыс намысын қорғап ойнап жүреді. Оның, әсіресе, жарыс кездерінде ойынға доп қосу (подача), командаластарына пасты дәл және қай линиядан болмасын шебер шығара білу қабілеті жанкүйерлерін тәнті еткен. Сол сияқты, қарсы команда ойыншыларының  қақырата соққан туштарын, найзағайдың жарқ етіп сөнген кездегі шапшаңдықпен  жолбарысша атылып, немесе жата қалып жылдам қайтара алатын шеберлігі көрген жандарды қайран қалдырған. Міне, сүйтіп спортта да, оқу мен қоғамдық жұмыстарда да ерекше жарқылдай көрініп, жұртшылықтың сүйіктісіне айналған  анамды әкем Теміртас шырқырата жылатып алып қашып кеткен.

Әкемнің ата-анасы ол ұлдарына ауылдас бай шабанның қызын әперіп, солармен құда-құдағи болуды жоспарлап жүрген екен. Үйлеріне достарымен түнделетіп «келін әкелдік» деп, алдын ала ескертпей, хабарласпай сап ете түскенде, әке – шешесі: «қай қайдағы татардың қызын әкелдің» деп, өзімен қоса достарын да, анамды да «қайда барсаңдар, онда барыңдар» деп, үйге кіргізбей қуып шығады. Басынан оңбаған іс соңында жақсылықпен аяқталуы өте сирек кездесетін жағдай ғой. «Алма ағашынан алыс түспейді» деп қазақ аталарымыз айтқандай, қатыгез, аяушылықты білмейтін ата-анадан мейірімді, адамгершілігі жоғары ұрпақ туушы ма еді?! Міне, әкем де өз әке - шешесінің айнымаған көшірмесі болып шыққан. Анам байқұс неше түрлі қорлау, ұрып – соғу, жазықсыз қаралау сияқты зорлық, зомбылықты ит мінезді әкемнен көріп өмір сүрді. «Жібекті түте білмеген – жүн етеді» демекші, ойнақы, көпшіл де, көңілді, жарқылдай күліп жүретін анам айналасы екі-үш жылдың ішінде жүнжіп, көкейіндегі ойын айтуға батпайтын, кісі бетіне тура қарай алмайтын жасық, бейшаралық халге жетеді. Әкем жатып ішетін алқаш болмаса да, ішуге тәуір қарайтын. Ішіп алса, кіші болсын, үлкен болсын,әйтеуір сылтау тауып байланысып төбелесуге дайын тұратын. Зоотехник болып қызмет жасайтын ол екі күннің бірінде жұмыс бабымен отгондардағы қой отарларын аралап қайтады. Түнделетіп үйге оралғанда, астындағы атымен өзіміз тұрып жатқан үйді бір айналып шығып, із салады да, үйге кіре анама тисіп, ит сілікпесін шығаратын.

       -Үйдің айналасы толған аттың ізі. Мен жоқта саған келген ойнасың ба? Кім ол айт шыныңды – деп, шешемді тепкінің астына алатын. Қаныпезерлігі сондай, шырылдап ара түскен біздерді көтеріп алып анадай жерге лақтырып жіберу, қолақпандай жұдырығымен бір періп, домалата салу ол үшін доп лақтырып жіберумен бірдей еді. Әсіресе жыны ұстаған кезде өңі сұп-сұр болып бізге: «Қазір мойыныңнан ұстап, лақша бауыздай саламын» дегенде, қорыққаннан зәреміз зәр түбіне кетуші еді.

Обалы не, анам: «Екі – үш балалы болсақ жындылығын қояр» деген үмітпен екі-үш түгіл, алты ұл мен бір қыз туып берді.

       Үш балалы болған кезде, шешемізді жазықсыздан жазықсыз шашынан дырылдата сүйреп, тепкілеп ұрған күннің ертеңінде, әкем жұмыста жүрген кезде үш баласын алып нағашы апаларыма қашып кетеді. Үш-төрт күннен кейін әкем жылап-еңіреп келіп:

        -Бәрі арақ атың өшкірдің кесірі. Ендігәрі ішпеймін, Венераға да тиіспеймін. Мен оны сүйемін, онсыз өмір сүре алмаймын – деп, нағашы апама өз қолымен қолхат жазып, анамды қайтып алып кетеді. Уәде бергенін қайтейін, тату болып өмір сүру «өнері» бір аптаға да жетпеді. Арақ ішу мен ұрып – соғу «ерлігі» қайта басталды. Бірде мас болып келіп анамызды соғып жатқанда, сол кезде  бес жастағы ағам, мен өзім алтыншы - ең кенже ұлмын, шырылдап: «мамамды ұрмашы, папа, ұрмашы» деп аяғына оралды. Аяушылықты білмейтін қаныпезерлігі сондай, оны желкесінен ұстап, есікке қарай лақтырып жібергенде, босағаның қырына басы оңбай тиіп, төрт күннен кейін қайтыс болып кетті. Одан кейін де, үшінші ағам әкемнің тап сондай мас күйінде шешемізді тепкілеп соғып жатқанында шырылдап ара түскені үшін оны тік көтеріп лақтырып жіберіп, әйтеуір көрер жарығы бар екен, өлмей тірі қалды. Әкеміз лақтырған кезде шошымал ауруға ұшыраған, қазір  қырық бес жасқа енді ғана толатын сол ағамның жүрегі ауырады. Екі рет «моторына» ота жасатып, қашан, қай күні дүниеден озарын бір Құдай  біледі. Әйтеуір, апта сайын система салғызып, пәшкі-пәшкі дәрі ішумен жан сақтап жүрген жәйі бар.

      ...Туған анамызды екі күннің бірінде шашынан сүйреп шырылдатып соғып жүрген қатыгез әкесымақтың қай балаға сүйкімі болсын, бәріміз оны жек көріп, атарға оғымыз болмайтын. Алдымдағы ағаларымның бәрі, оның ішінде өзім де бармын, үйден қашып кетіп, жолдас – жоралардың үйінде, подвалдарда түнеп жүрдік. Кей кезде, бір көңілі түскен шақтарда басқа ұлдарының басынан сыйпау арқылы «пәдеркі» жасайтын. Бірақ, маған келгенде «пәдәркісі» таусылып қалатын. Өйткені, мен оны қатты жек көретіндігім соншалықты, ала көзіммен ата қарап, қасында бір минут болмауға тырысатын едім. Баз – базында балаларын жанына алып, үйдің ремонты сияқты ұсақ-түйек жұмыстарды бірге істеген болады. Жанына алғанын қайтейін, бала емеспіз бе, бірдеңені дұрыс жасай қоймасақ, «идрит твою мать, засранец» деп боқтап, қолында балта бола ма, балға бола ма, жазым болып жарақаттап, не өлтіріп алам-ау демей, әйтеуір қолындағы құралмен бас – көз демей жіберіп ұратын. Әрине, «жалмауызға да жан керек» демекші, тырым-тырақай қашып кетіп құтылып, содан қайтып бірнеше күн үйге жолай алмаймыз.

Қашып – пысып жүрген балаларының оқуға деген ынтасы қайдан болсын, ең үлкенімізден кейінгі ағам ғана әкемнің пәреге берген жылқы, қойларының арқасында зоотехника-малдәрігерлік жоғары оқу орынын тәмамдады. Тағы да сол пәренің көмегімен мемлекеттік органда қызмет істеп, зейнет демалысына шықты. «Мал» демекші, өмір – бақи мал төңірегінде «майлы» қызметте істеген әкем бас пайдасын жақсы білетін. Райком, обкомдағы басшылар мен өзі істейтін колхоз, совхоздың директорларына есебін келтіріп, соғымға жылқы, қысы-жазы қой сойып апарып беріп, солардың «крышасының» астында өмір сүрді.    

        Ұмытып барады екенмін, бір жылы көрші ауданға сол «крышаларының» көмегі арқылы қызметі өсіп барып, жаңа жыл кешінде коллективпен болған отырыста Тюхтин атты зоотехниктің басын жарып, үш қабырғасын сындырғаны үшін үш жылға сотталып кетті. Әйтеуір, зонада да басшылармен әмпей – жәмпей болып жүріп, УДО – ға шығып, зонада отырғаннан қалған мерзімін Тараз қаласында, құрылыс материалдарын шығаратын,  аты сол кезде дүрілдеп тұрған ЖБИ заводында «химияда» өткізді.      

         Әрине, әкемнің: «ауызыңнан ақ май ағызып отырмын, одан басқа атаңның басы керек пе?» деп міндет қылғанындай, анамның материалдық жағдайы жаман болған жоқ. Алайда, түнделетіп ақ қар, көк мұзда жалаң аяқ, жалаң бас күйінде әкемнің таяғынан қашып қораға, көршілердің үйіне түнеп жүрген анама «ауызынан аққан ақ майдан» гөрі, күйеуімен тату-тәтті, балаларымен үпір-шүпір ойнап – күлісіп отырып ішкен қатықсыз қара шәйі артық екендігі айтпаса да түсінікті. Сол екі күннің бірінде жеген таяқ, әкеміздің бетіне жалтақ-жалтақ қарап, «қай ісім жақпай қалады» деп қорқумен, «ертеңгі күнім не болады?» деген уайым-қайғымен өткен өмірі - оның денсаулығына  өз «өрнегін» аямай салды. Ауырмайтын жері жоқ, әкемнің таяғын жегеннен кейін де, жемесе де, ай сайын, кейде одан да жиірек ауруханаға түсіп, шыға салысымен қайта сойылға жығылып жүрген қайран бақытсыз, сорлы анам жетпіс жасқа жетпей жарық дүниемен қош айтысты...

-Ой, қандай аянышты, маңдай соры бес елі ана. Недеген  тұзы жеңіл бақытсыз жан еді - деп, жанарынан аққан алты тарам жасын сүртуге мұршасы келмей, бағанадан іштей өксіп, қыстыға әрең шыдап отырған Мнира Мараттың мойнынан тарс құшақтай алып, қатты дауыс шығара еңкілдеп жылап жіберді.

-Мирка, жастайынан үйінен қашып-пысқан, туған ұядан ыстық пейіл, шынайы көңіл мен қамқорлық құшағын көрмей өскен мен қандай азамат болып қалыптасуым мүмкін еді? Жасырмай, тек шыныңды айтшы, жаным?

 -Білмеймін, Марко... Айтқандарыңа сенем, бірақ, не дерімді білмей қиналып отырмын, арысым...

-Жауап таппай қиналып отырсаң – бұл түйіні қиындау сұрақтың  жауабын саған өзім берейін...

        Ешкімі жоқ тұл жетім сияқты өз ұясынан безіп, көше кезіп қаңғып жүрген жас баладан не жақсылық күтуге болады? Көшенің өзім сияқты қаңғыбас, бұзақы  балаларына еріп, соларға еліктеген мен жаман жолға түсіп кеттім. Бала кезден бұрқырата темекі шегуді үйреніп, бірте-бірте ішімдік ішу «өнеріне» төселіп, жақсы меңгеріп алдым. «Қуды қу, шұқанақты су табар» дегендей, өзім сияқты «өнерпаз» достарыммен үй үптеуге, қараңғыда қорқау қасқырша жол тосып кісі тонауға қатыстым. Дұрыс тәрбие көрмей, әкемнен анандай үлгі – өнеге алып өскен менен басқадай, жөні түзік адам жетіліп шығуы екіталай еді. «Дәннің барар жері-диірмен» демекші, еркін, қаңғыбастық өмір, төбелес, ұрлық-қарлықтың қорытындысы – түрме баландасының дәмін тату ғой. Сөйтіп, бойына тоқ жіберілген тікенекті сым темірдің арғы жағынан бірақ шығарып, зек аталуыма даңғыл жол салды.

«Көп жортқан түлкі құйрығынан айырылады» дегеннің кері келіп, айнымас достарыммен біреудің қорасынан түнделетіп қой ұрлап, «корештеріммен» сойып алғанымыз үшін сотталып  тындым. Барлығымыз бірдей сотталып кетпес үшін: «Бәрін бастаған мен», «ұрлықты ұйымдастырған да, ұсыныс берген де мен» деп барлығын өз мойыныма алдым. Кәмелет жасына толмаған  «малолеткаларға»  жаза жеңілдеу болатындығын «көше заңын» жақсы меңгеріп, сол жолмен жүретін біз айқын білгендіктен, бәрін өз мойыныма алған едім. Әрине, «малолетка» болғаным және бірінші рет қылмысқа барғаным үшін шартты жазамен құтылдым. «Дәндеген құрсақ құлағымен ін қазады» демекші, үйреншікті әдеттен жаңылатын «ақымақпыз» ба, тағы да достарыммен топтасып ұрлық жасап, бәріміз түрмеге түстік. СИЗО, түрме мен зона заңдарына бағынбайтын, түзелмес тәртіп бұзушы ретінде сот берген мерзімнің үстіне қосымша  «срок» жамап алдым.

Содан «пошло, поехало!» Түрмеден түрме, зонадан зона қоймай «қыдырыстап» жүріп, төртінші «ходкамда» «особо опасный рецидивист» деген «ұлы» атаққа ие болып шыға келдім. Менің қазіргі таңдағы атағым «Вор в законе» ал зектер арасындағы «мәнсабым» -  «Смотрящй Жетисуйского региона». «Қызметтік міндетім – отырып шыққан «вор в законе» адамдарың арасында туындаған даулар мен келіспеушіліктерді шешіп беріп, мәмілеге келтіру, «разборкалар» ұйымдастыру, зектер заңын бұзған жандарға жаза қолдану, зона, түрмеде отырған зектерге «подогрев» апару үшін ақша жинау мен сходтарға қатысу болып табылады.

Міне, сенің «жаным», «қыраным» деп, ыстық құшағыңа алып сүйіп, әспеттеп жүрген жігітіңнің тіршілігі мен адами болмысы. Менің осы сүйкімсіз бейнем мен қасқырша өмір сүру салтымды енді білген соң, маңыма жоламай, «құдай сақтасын, кіммен байланысқанмын» деп, қолыңды төбеңе қойып, қайтып оралмастай  менен безіп кетерің анық...

       -Жоқ! Жоқ, жаным, олай емес! Мен сені осы түріңмен, осы болмыс – бейнеңмен сүйемін. Маған ондай сөзді ендігәрі айтпа! – Мнира жігітінің  тағы да бірдеңе айтпаққа ыңғайланып аша берген аузын  жанға жайлы тиетін жұпар исті әтір сіңген ып-ыстық, барқыттай жұмсақ, сүйріктей сүйкімді саусақтарымен жауып, әрі қарай сөйлетпеді. – Мен сені тәніммен, жаныммен жақсы көрем. Жан - жүрегіммен сүйемін, Марат!  Сен үшін түрмеге отыруға да, тіпті жанымды беруге де әзірмін... – деп, қос жанарынан нөсер жаңбырша сорғалай аққан жасы бет-ауызын жауып, өксіп – өксіп жылап жіберді...

        -Жылама, Мира. Мен сенің жадыралы жаздай жанарыңның бір тамшы жасына да татымайтын, сен сүюге тұрмайтын хайуанмын. «Я подонок! Я Вор в законе по кличке «Дәубас...!»

     -Жоқ! Тағы да жоқ! Сен қатал тағдырдың, мына әділетсіз қоғам мен қатыгез, мейірімсіз әкенің жолына шалынған құрбансың! Қайталаймын, мен сені дәл осы қалпыңда, тап осы бейнеңде сүйемін! - Көз жасына тұншыға сыбырлай өксіген қыз жігітінің мойынынан тарс құшақтап, айырылар емес. – Жоқ! Жоқ! Жоқ...!

 

                             ххххххххххххххх

 

...Биыл күз әдеттегіден ерте түсетін сыңайы байқалады. Күндіздің өзінде күздің қоңыр салқын лебізі білініп тұрған ауа райы қазан айының соңына таман толассыз жаңбырға айнала бастады. Алай-түлей желмен ұштасқан табиғаттың бұл құбылысы  халыққа қолайсыздық әкеліп тұр. Бүгінгі, күні бойы сіркіреп жауған жаңбыр «шаршағандықтан» ара-арасында бір - жар рет тоқтап демалғаны болмаса, түнде де басылмай, жердің миын шығарып жіберді.

 «Жаңбыр мен боранда ит пен бала құтырады» деуші еді, түн қараңғысында  жортушылардың  ішіндегі Женя (Ираның бауыры) ғана кәмелетке толып үлгермеген бала. Бірақ, тыриған арық  болғанымен, бойшаң және өзін үлкендерше маңғаз ұстауға тырысады. Ірі, кесек сөйлейтін бала - бала емес - ау, бәле. Одан басқаларының бәрі - мұрттысы, мұртсызы бар, денелісі мен инеліктейі бар, жастары да әрқилы ересектер.

   Ой, Алла-ай десеңші, «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген қазақтың сөзі рас болғаны-ау. Әкесі болмағанымен, «папа» деп әкесіне балап жүрген «Колька косойдың» жүрген - тұрғанына, боқтық араластырып, қылмыс әлемінің ортасында айтылатын жаргон сөздерінің бәріне Женя қызыға да, қызғана қарайды. Биыл ғана он алты жасқа толған ол, «әкесіне» еліктей, боқтап, кесек сөйлеуді әдетке айналдыра бастады. Әкесінің жұмсаған «алып кел, шауып кел» шаруаларына жарап, жанында жүргенінің өзі оған, кәдімгідей мақтан. Құрбыластарына: «мені көрдіңдер ме» дегендей, маңғаздана, қоқилана қарайды. Тіпті, әлдебір жорыққа «әкесімен» бірге «барғанын», болмаса да, болғандай етіп әңгімелеп беретін оған:  «Ой, отчимің криминал операцияларға апарып жүретін сен қандай бақыттысың!» деп достары қайран қала  қарап, таңдай қағады.

  Мұның бәрі Женяның ойдан құрастырған қиялы екенін қайдан білсін. Ауыздарының суы құрып тыңдап, «мен де солай болсам-ау»,- деп арман қылады. Жаман үлгінің өміршең және өзгеге  жұғысты болуы, міне, қандай! Құдай-ау, бала деген пәлең қияс іс пен жамандыққа емес, жақсы нәрсеге осылай қызығып, ұмтылсашы...

...Юрий Палкин арадағы бір-жар ай уақытты есептемегенде – «Коля косоймен» түйдей жасты. Екеуі  бір жылдың төлдері. Николай Сафиндер Үштөбе қаласына Ақмоладан көшіп келген тұста мектеп партасында екеуі қатар отырып, бір сыныпта оқыды. Ал деп қол алысып, танысқаннан-ақ бір-біріне жақындасып, дос болып кетті. Дос болатын да жөні бар. Екеуінің ұсақ-түйек ұрлыққа, төбелес, дау-дамайға жақын қасиеттері ортақ. Қай жерде төбелес, жанжал шықса,  сол топта міндетті түрде Юра мен Коля бар болып шығады. Керек жерінде беттері бүлк етпей, өтірікті соғып жіберіп алдап, сытылып кету олардың үйреншікті әдеттері. Бір таң қаларлығы, әлдебір келеңсіздікке ұшырай қалғанда, екеуі не айтуды алдын ала келісіп алса да, келісіп үлгермесе де, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, сөздері бір жерден шығып отыратын ерекшеліктеріне еріксіз таңданасыз. Мектеп қабырғасының өзінде-ақ екеуі апта сайын директордың алдына барып, милицияның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшесінде есепте тұрды. Мектеп басшылары олардан құтылғанша асық болып, сегізінші сыныпты «ойдағыдай» бітіргендіктері жөніндегі кілең «3» деген баға тырнадай тізілген (тек денешынықтыру пәнінен жалғыз  «4» адасқан қаздай жетімсіреп тұр) куәлігін қолдарына ұстатып, қос пәлекеттің кеткеніне қуанып, арттарынан бір уыс топырақ шашып қалған - ды.

  «Дәннің барар жері диірмен» деп, алғашқы ұрлықтарын бірге жасап, сот алдында мүләйімсіп тұрған олар кәмелетке толмағандықтарынан ғана шартты жазаға   кесілген. Соттың кескен шартты мерзімі өмірлік сабақ емес, керісінше  бұл жаза оларға қылмыскерлер әлеміне салынған даңғыл жолдары екен. Одан кейінгі өмірлері СИЗО, тергеу, сот, этап, түрме, зона болып, диірмен дөңгелегіндей толас таппастан  айналып жүре берді.

   Ағасы Юрийдің жүгенсіздік іс-әрекетін, теріс үлгі-өнегесін көріп өскен інісі Женя - «алма» да алмағашынан алыс түспеді». Ағасына айнымай тартқан, салыстырмалы түрде айтқанда, оның қос тамшыдай көшірмесі болды да шықты.

  ...Ақсу мен Көксу аудандарында «командировкада»  болған он екі күннің ішінде төрт - бес операцияны олар өте сәтті өткізді. Енді із суытып, үйреншікті Қаратал жеріне олжамен оралған «Косойдың» қылмыстық тобы «жолдан шаршап қалдық» деп, екі күн тыбыр етпестен «апандарында» демалып жатыр. Тапқан табыстарына сыра мен арақты суша сіміріп, картаны құлаштай соғып уақытты көңілді өткізген олар, бүгін, міне, түнделетіп, үйреншікті жорыққа шыққан беттері.Үштөбе қаласының Абылай хан көшесі бойындағы аудандық ЗАГС мекемесінің жанына жымысқыланып, үнсіз келген топқа Николай Сафиннің  жемтіктестеріне берген бұйрығы қысқа болды: 

   - Сендер әзірше осы ағаш арасындағы қалтарыс жерде жасырына тұрыңдар. Байқаңдар, әрі - бері толассыз өтіп жатқан машинадағылардың көзіне түсіп қалудан сақ болыңдар! -  Сыбырлап айтса да, дауысы әмірлі де, зілді шықты. – Ал сен, Женя, тез арада арбаны жеткіз. Бірақ, келгеніңде бұл жерге емес, әрі таман - мектептің спорт алаңына барып тоқта. Арба қай жағынан болмасын, көлденең көзге көрінбейтін, еленбейтіндей болсын!

 ...Аудандық ЗАГС мекемесінің есігін жеделдете, төпелей ұрған «Косойдың» даңғырын қатты ұйқы құшағында жатқан күзетші ал дегенде ести қоймады. Ести сала: « е... твою мать» деп тұздықтата бір сыбап алған ол есікке қарай асыға беттеді. Сырттағы адам қайта тарсылдатқанда, ішкі жақтан аяқтарын сүйрете тапырлай басып жүрген  дыбыс шықты.

Иду, иду! Кого это среди ночи черти носят?

Братан, выручай! Жена в тяжелом состоянии. Срочно-срочно надо в «скорую» позвонить.

        Қаңылтырмен қапталған есік «шиқ» етіп жәйімен ашыла бергені сол еді, Николайдың жуан жұдырығы күзетшінің басына сарт ете қалды. Қапелімде не болғанын ойлап та үлгермеген байғұс, тікесінен тік тұрған қалпы жерге сылқ етіп құлап түсті. Белгі берілісімен сау етіп кірген Юра мен Валера ес-түссіз жатқан күзетшіні есік көзінен әрі сүйрелеп әкетіп, қосалқы бөлмеге қамап тастады. Есікті сырт жағынан екі бірдей стол, орындықтармен тіреп қойған олар ғимараттың ішін астан-кестеңін шығара тіміскілеп, емін-еркін шарлап жүр. Құдды бір, тексеріске келіп, санақ өткізіп жүрген комиссия мүшелері дерсің!

  Арада бар-жоғы он бес минут шамасындай уақыт өткенде,  өзімізге  баяғыдан таныс еңбекқор салпаң құлақ боз есек шиқылдақ арбасына тиелген «қожайындарының пешенелеріне бұйырған» азды-көпті құндылықтарды типыңдата сүйреп, күнбатыс жақты бетке ала шірене тартып бара жатты...

  Құдіреті кұшті құдайымның көңілі түсіп пендесіне берейін десе, жоқ жерден үйіп - төге жарылқап, саудагерлердің тілімен айтқанда, «оптом» бере салады екен - ау...! «Жатқан тастың астына су бармайды» емес пе, «індерінде» жатқаннан жалыққан бұл «көртышқандардың» бүгінгі «ЗАГС операциясы»  екінші жорығы -тын. Осыдан бар-жоғы екі сағат бұрын ғана, аяқ астынан оңай олжаға кенеліп қалған. Орталықты бетке алып, «дәніккеннен құныққан жаман» демекші, бір «май шелпек» кездесе ме деп келе жатқанда, «іздегенге сұрағанның» кері келді. Удай мас болып бұлғақтап келе жатқан, тегі ерлі-зайыптылар болар, қолтықтасқан екеуді қараңғыда ұстап ың - жыңсыз тонап алды. Қолдарындағы дипломаты мен қойны-қонышындағы әжептәуір ақшасына қарағанда, бизнеспен айналысатын біреулер болар, әйтеуір, біраз қомақы ақшаны қолға түсірген. Сөйтіп, жемтіктестер ойламаған жерден ағыл – тегіл пайдаға батып, қағанаты қарқ, сағанаты сарқ болды да қалды. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген осы да!

                  

                                      Он төртінші тарау

                  

       ...Бүкіл ел бойынша жаппай «коммерция» басталды. Коммерция болғанда, тауар шығару, өндірістік, немесе құрылыс бұйымдарын өндіру емес, бір жерден төменірек бағаға көтере сатып алып, үстеме баға қосып, әрі қарай саудалау. Онымен қоса, алдау - арбау сияқты қиянаттар, өтірік айтып пайда табу «өнері» өрттей өршіп тұр.

       Әсіресе, ауыл тұрғындарының халі мүшкіл. Қолда бар азды-көпті малдың бәрі сойылып, Талдықорған, Алматының  базарларына жол тартты. Басқа бас қосылып, көбейіп отырмаған соң, баяғыдай мал жоқ. Дала кәдімгідей жетімсіреп қалды. Одан қалғанын, әсіресе, қой малын «бартер» деген қызыл көз пәле құртып барады.  Құйрығы тегенедей, домаланып тұрған семіз бір қойыңа, қазақтың ең көп тұтынатын тағамы: бір-екі пәшкі май, азырақ қант-шәйіңді, бір қап  кеспең мен  ауыл  қазағы арақсыз отыра ала ма, бір-жар шыны арағыңды  қолыңа ұстатады да, «сауда бітті» деп, қарап тұрады. «Мынауың аз ғой» деп ренжіп, сөз таластырып көр, пәлеге қаласың.

- Ұнамаса,   басқа   жерге бар да,   су  тегінге  ал.  Мен   сені зорлағаным  жоқ, -  деп шіренеді. Қолдан келер шара да жоқ, сонымен бергенін аласың да мысың  құрып, жөніңе кетесің.

...«Ауылға бизнесмендер келіпті. Қу жанға керектің бәрі бар көрінеді» деген,  сымсыз телефон арқылы құлағына жеткен хабар бойынша Есімбек қария: «барып көрейін, не жақсылары бар екен?» деп, ауыл орталығындағы  жалғыз дүкенге қарай аяңдады. Бизнесмендерің  тепсе - темір үзетін, зіңгіттей-зіңгіттей төрт жігіт екен. Азық-түлік, тауар  тиелген  машинасынан басқа, артында тіркемесі бар  нән «Камаз» көлігі қаңтарылып тұр. «Қолма-қол ақша болмаса, бартерге мал аламыз» деп, жылмақ қаққан  жігіттер тауарларын жайып салып, мақтаумен әлек. Осы кезде әйелі  екеуі тулай тыпыршыған семіз ісек қойды  жетелеген көршісі Бәкір  келді. Сауданың қулығы мен сұмдығынан хабары жоқ қайран аңқау ауыл қазағым-ай, бас бермей тұрған асау малынан айырылып қалудан қорықты ма, қойды ал дегеннен жүк машинасына  бизнесмендерге тиетіп қойған соң олар сауда жасауға кірісті.

 Қария байқап тұр: Бәкірдің әйелі өзіне мөлшермен өлшеп үйге киетін арзандық бір шыт көйлек, күйеуіне  бір жұп керзі етік пен жұмыс қолғабын алды. Бірер келі қант-шәй, бір келі пешение, екі құмыра  сұйық май мен  үш  жарты ақ арақты  дорбаға салып, тағы бірдеңелерді айтпаққа ауыз аша бергені  сол еді, оның сөзін бөліп жіберген бақалшы - саудагер:

        - Сіздер не, бір қойға  бір машина тауар алмақсыз ба? - деп  шап ете түсіп, Бәкір мен әйелінің  бетіне шытынап, жақтырмай қарады.

-  Балам-ау, семіз ісек қойым кемінде сегіз мың теңге тұрады. Ең болмаса, мыналарыңа тағы  екі жарты қызыл арақ қосып берсеңші...

         - Әй, Бәкір, арақты ішпесең ішің кебе ме, осы? Ата сақалың аузыңа түскенше балалармен жарысып арақ ішуіңді қоймадың-ау. Бала түгіл, немереңнің алды жігіт болып қалды. Оларға қандай үлгі көрсетпексің? Әкең арақтан өлген жоқ еді ғой - деп, жерге бір түкірген Есімбек қария қолын бір сілтеп, бұрылып кете барды.

         Баяғыдан бері көшенің қарсы бетінде тұратын  Бәкірдің әйелімен  қосыла ішетінін жақсы білетін Есімбек  қария құдайы  көршілерінің осы қылықтарын жақтырмайды-ақ. Көшеде құлап жатып ішпегенімен, арақ дегенде құлқындары құрып, көмекейі бүлкілдей жөнелетін  қасиеттері қай бір жақсы дейсің. «Қой» дейтін әйелінің түрі анау. Күйеуімен біріге ішуге тек сылтау ғана іздеп тұрады. Ешкімді ешкім асырап жатқан жоқ. Бірақ, «көрші қақысы-тәңірі қақысы» - дегендей, ежелден аралас-құралас, ағайын сияқты болып кеткен олардың  осы бір оспадарсыз қылығына қалай көз жұма қарасын. «Айтқанның  аузы жаман, алғанның қолы жаман» екенін білсе де, жанашыр жан ретінде баз-базында кірісіп кетіп, бойларындағы мінін айтып – айтып тастайды.      

        ...Адам көркі шүперек болса, дала көркі мал екен-ау. Мысалды алыстан іздемей-ақ, мына Талдықорған мен Үштөбе арасындағы жота, белдерде  осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана жылқы дегенің қыс айларында көбік қарда кісінесе ойнақтап, зеңгі баба ұрпақтары еріне күйсеп, маң-маң басқан түйелері, маңыраған отар-отар қойлары  даланың сәнін келтіріп тұрмаушы ма еді?! Қазір сол ежелден сүйкімді, жүрекке жылы тиетін көріністің бірі де жоқ. Далиып жатқан дархан дала дегенің қатты ойсырап, жер - ана жарықтық жетім бала құсап, кәдімгідей-ақ  жетімсіреп  қалды.

 «Адам қырық күннен кейін көрге де үйренеді» деген мәтелді, біреу өліп, қайта тіріліп келіп шығарды дейсің бе? Қазекем осыны адам баласының «басқа түссе-баспақшыл» дегендей, бәріне көндігіп, бәріне үйренетіндігін  мысал  ретінде айтқан ғой. Шынында да, кісі баласы уақыт өте келе көретін қиындықтардың бәріне бейімделе біліп, басқа амал жоқтықтан,  қарсы әрекетке көшеді екен. 

 ... Қиындық атаулыға қасқая  қарсы тұрып, оны еңсерудің үлгісін нарық заманында «нәзік жынысты» деп жүрген  қыз-келіншектеріміз көрсетті. Ер-азаматтар абдырап, не істерге білмей, шарасыздық танытқан тұста,  қыз - келіншектеріміз белді шарт буып, ер азаматтар  беттей алмаған шаруаға ден қойды. Үйлеріндегі барды-жоқтысын жинап, одан қалса пайызы  ерен жоғары болса  да, банктерден несие алды. Күйеулерін бала-шағамен үйде қалдырып, қытайдың көкала сөмкелерін  арқалап, бауырлас Түрік еліне, Қытай мен Ресейге жол тартты. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам, жанары, жаны жаздай жайраңдаған» - деп, ақын жырлағандай, шын мәнісінде, олар қайран қалдырып, таңдай қақтыратын тіршілікке бет бұрды. «Тауықтың түсіне тары енеді» дегендей, күн-түн демей, әйтеуір, нәпақа табу жолында тыраштанып, бала-шағаның қамы үшін  жандарын жалдап, ойға да, қырға да  шапты. Әрине, оңай шаруа емес, бірақ қайтсін, «басқа түссе, баспақшыл». Бала-шағаның күнкөріс қамы мен тіршілігі жолында, қарық қылмаған нарықтың барлық қиындығана көніп, бейімделе  білді.

        Сақ дәуіріндегі ержүрек Томиристің, найза білеп, ерлермен тізе қоса жауға шапқан  Құртқа қыз, Ұлы Отан соғысында ерліктің қос қанатындай болған  Әлия мен Мәншүктің, қызыл жұлдызы жарқыраған  истребительмен неміс фашистеріне қырандай шүйлігіп, төбелерінен ажал оғын себе ойран салған Хиуаз Доспаева апамыздың ерлік рухы бар екен қыздарымызда. Тәуба! Ер-азаматтарымыздың тәуекел ете алмаған  шаруасын еңсеріп, қиындықты жеңе білген қыздарымы бен қарындастарымызға арнап, алтыннан ескерткіш орнатсаң да артықтық етпес!

Сәл уақыт өте келе, сауда ғана емес, өндіріс, құрылыс, халыққа қызмет көрсету сияқты бизнес нысандарын ашып, шаруаларын дөңгелентіп, «миллионер» аталған  қазақтың қарапайым қаракөз қыз – келіншектердің кәсіпкерлік тірлігін көргенде, қуаныштан  көңілің қалай шалқымас, жаның қалайша толқымас! 

 Халық  нарықтың қатал жайын көріп: «тіршілік жасамасаң, аштан өліп, көштен қаласың» деген  қағиданы санасына сіңдіре бастады. Бұрынғыдай дарақыланып, бір нәрсенің  сылтауымен, бір қойын алып соғып, сойып  тастау әдетінен арылуға  көшті. Бір малын екі етіп, көбейтуге әрекет жасады.  Жер – ананың емшегін емген жанның өзегі талмайтынын түсінгендіктен, қарызданып, борыштанып болса да, егін екті. Малдарының  жем-шөбіне жоңышқа салып, қызылша өсірді. Күні кеше ғана жетімсіреп қалған иен далаға жан бітіп, әрі кіре бастады. Сол жер – ананың төрі мен төсінде қазағымның төрт түлік малы  қыбырлай   жайылып, төлдерін ойнақтата өріп жүргені қандай сән, қандай жарасымды, шіркін...!

...Жасы жетпіс бестен асып, жетпіс алтыға аунап бара жатқанымен, Есімбек қарияның әлі талай шаруаны дөңгелетіп тындыруға хал - қауқары бар. Бала кезден малсақ, әр ісіне, шаруасына тыңғылықты болуға дағдыланған еңбекқор қарт нарыққа тез бейімделді. Жастайынан мұндай қиындықтардың сан атасын көріп өскендіктен, үш  ұлы мен екі қызын  еңбексүйгіш, әр нәрсенің ығын білетін шаруақор етіп тәрбиеледі. Қолдарындағы бар малдарын ұқсатып, бір басын екі ете білуінің нәтижесінде, айналасы үш-төрт жылдың ішінде  Қаратал ауданындағы  белді кәсіпкерлер санатына ілікті. Ел ішінде «Есімбек базы» аталып кеткен баздың айналасы толған мал. Совхоз тараған кездегі тиесілі пайына тиген МТЗ-8О тракторы шаруасына жақсы болды. Шаруашылықтың  бар дүниесі ту талақайға түскен кездегі, өзінің ешкімге есе жібермейтін бірбеткейлігі арқасында ғана, басшылармен таласып жүріп біраз  суармалы жер мен көлемі әжептәуір жайылым  алқабын алып қалғаны мұндай жақсы болар ма?! Бала-шағасымен, немере, жиендерімен жабыла жүріп жаз бойы күнбағыс, қызылша мен жуа алқабына қарайды. Сырттан бір адам жалдап көрмепті. Ұрпақтары үпір-шүпір болып, бала емес пе, арасында ойнап-күліп жүріп,  суғару, шөптеп - баптау жұмыстарымен айналысады. Мұның өзі, байыбына  барып  қарасаң, Кеңес Одағы кезіндегі оқушылардың  өндірістік оқу-тәжірибе бригадасы іспеттес. Күзде жиын-терім аяқталып, жиналған өнімнің ақшасы қолға тиісімен, немере, жиендерінің жасы кішілеріне  велосипед, қыста тебетін шаңғы, кәңкиін, спорт формалары мен  жаңа оқу жылына киім-кешек сатып әпереді. Жоғары сыныпта оқитындарының әрқайсында жеке компьютері, музыка орталықтары мен домбыра, баян, ионика сияқты аспаптары бар. Солардың бәрі өздерінің  жаз бойғы ерінбеген еңбегінің жемісі. Балалардың керек-жарағына Есімбек қария ақша аяп көрген емес. Балапандарын соңынан ерткен ата қаздай, Үштөбеңді былай қойып, облыс орталығы - Талдықорғанның  дүкендерін аралатып: «Қане, балаларым, өздеріңе керектінің бәрін алыңдар. Жаз бойғы тер төгіп еңбектенген  істеріңнің қайырымы бұл» деп, немере, жиендерін арқа-жарқа етіп, шала байытып тастайды. Өйтпесе бола ма, еңбегінің  нәтижесі мен  өтеуін көрмесе, бала түгіл, үлкеннің әлдебір шаруаға деген қызығушылығы жойылып кететіндігі рас емес пе?! Аталарының  әділдігі мен мәрттігін жақсы білетін ұрпақтары жаз бойы аңызақ жел мен шыжыған күннің ыстығында ерінбей, жалықпай  еңбектеніп, сары күз келгенде еңбектерінің жемісін көруге асығады...

 

                                          ххххххххххххххх

 

...Көк мұзда көбік шаша ойнақтап, қарлы бораныңда иесін адастырмай, діттеген жеріне жеткізетін, ежелден қазақтың қос қанаты іспеттес «жылқы» аталатын сенімді, киелі де, кірпияз малды  асырауды Есімбек қария  оу бастан қолға алған. Басқа малдары өз алдына бір төбе, қарттың өзі көзінің қарашығындай жақсы көретін, алыстаса кісінесіп, жақындасса тебісе шайнасқан  жылқыларының  саны екі үйірден асып  жығылады.  

 Сол шаруалардың бәріне Есімбек қарт сырттан бір адам шақырмайды. Барлығын өз бала-шағасымен тындырып жүр. Қарияныкі, әйтеуір, бас-көз болып басқарып, соларға дұрыс бағыт-бағдар  беріп отыру.

 ...Күн мен түннің кезек алмасып отыратындығы секілді, қай қоғамда болмасын, қаласаңыз да, қаламасаңыз да, қылмыс сынды атың өшкір келеңсіздік бұрын болған, әлі де бола бермек сияқты. Мына, аумалы-төкпелі нарық заманында қылмыс дегенің, тіпті құтырып, түрлене өршіп тұр. Тонау, қарақшылық шабуыл, үй үптеп кету өз алдына, қазақ бұрындар көрмек түгіл, естімеген - бала ұрлап әкетіп, қайтару ақысына ақша бопсалау мен қоғамда «рэкет» деген  қызылкөз пәле пайда болды.

  «Рэкет» демекші, ауылда тұратын бір кемпірге көршісі: қаладағы әлігі Қанат балаң қайда істейді өзі? – деп сұрамай ма.

- Рекет деген бастық қызметінде жұмыс жасайды. Тәуба, табысы мол болып тұрған сияқты. Бала-шағасы ғана емес, қолымдағы қос немерем, бір шөберем мен өзімнің ауызымнан ақ май ағызып, қарық қылып отырған сол Қанат айналайыным ғой – деп, мақтана жауап қайтарыпты. Аңқау апа қайдан білсін, «рэкет» деген қызметінде баласының елді қан қақсатып тонау арқылы байып жүргенін...

 ...«Кербұлақ ауданына сапарға кеттім» деп, Үштөбеден осыдан үш күн бұрын аттанған «Коля-косой»  бүгін түс қайта оралды. Өзі көңілді, күліп келуіне қарағанда, сапары сәтті болған сияқты.

 Ұзын саны он адамнан тұратын қылмыстық топтың мүшелерін бірін қалдырмай  шақыртып, солдаттарша сапқа тұрғызып қойған  Николай Сафин сөзді төтесінен қойды:

-  Мұжықтар, араларыңда аттың жәйін білетіндер бар ма? Салт атқа кім жақсы отыра  алады?         

«Әлдебір жорықтың жоспарын талқылайтын шығармыз» деген ойдың жетегіндегілерге бұл сұрақ  тосын көрініп, түсіне алмай тұр.

- Мен отыра аламын – деген шешен жігіті  Аслан Дағиев пен Самат Сатаев басшының талап етуі бойынша, бір адым аттап,  алдыға шықты.

        - Мен  бала кезден ат құлағында ойнаймын. - Мұны айтқан, осы топқа жаңадан ғана қосылған, сорайған бойы мен ирелең қаққан жүрісі күлкіні келтіретін  шикіл сары жігіт – Володя Масляков.

   Қазақ аталарымыз: «жынға жын, бақсыға бақсы әуес» деген сөзді қалай  дәл тауып айтқан десеңші. Өз іштерінде «Масляк» деп атайтын  Володя Іле ауданынан болса, Аслан Дағиев – Семей өңірінің Таскескенінен, Самат сонау Алакөлдің Үшаралынан. Ой, Алла-ай  десеңші, білім - танымы, жас ерекшеліктері  мен мінез - құлықтары әртүрлі, бірі-бірін танымайтын адамдарды табыстырып, бастарын қосып отырған не құдірет? «Балықшы балықшыны алыстан танидының» кері ме, әлде?  Өздері бұрын сотталып, темір торға қамалғаны бар, түрме ботқасының дәмін татып көрмегені бар, бірақ, ойлары бұзық, қылмысқа жақын жандардың бірін-бірі «алыстан танып», алдын ала ақылдасып алғандай табысып, қылмыстық топ құрып алғанына қалай ғана таңданбассың?!

 Топқа жаңа қабылданған мүшелерін «Косой» Талдықорған қаласындағы  «Мұнай өнімдері», Қараталдағы «Ауылтехника» сияқты мекемелерді екінші қайтара үптеуге және үш-төрт үйлерді тонауға қатыстырып, қабілет, қарымдарын байқап көрген. Көбісінен әккі қылмыскерлерге тән тәжірибе, әбжілдік пен тісқаққандық қасиеттері байқалмаса да, оларды: «алып кел, шауып келге» жарайтын ортаңқол  дәрежедегі ұры» деген қорытындыға келген болатын. Ең бастысы, топқа жаңа келген ұрылардың бүкіл қоғамға, өздерінің өрілген тағдыры мен өмірлеріне өкпелі екендігін сезген. Адамгаршілік пен аяушылық, мейірім мен қайырым атаулыны білмейтін  қаныпезерліктері ұнап, «добро» деп бағалап, оларды командаға қабылдаған. Сол мінез - құлықтары мен болмыстары ұқсас жандардың барлығы «пахан» Сафин Николайдың қатаң сынағынан өткен болатын.

 Сондағы сынақ пен тексерістерден кейін - ғой, сөйлемесе  іші кебетіндей, тыныш жүре алмайтын Женя қужақ:

 -  Пахан, ну как, новички оправдали доверие? – деген сұрақ қойып қызығушылық білдірген еді.

  Ішкі қулығына құрық бойламайтын, сырын  сыртқа шығармақ түгіл, ойының ұшығын  біреуге ұстатса,  «Косой» - «Косой» бола ма:

- Раньше времени не торопись.  Цыплят по осени считают. Поживем - увидим» - деген екіұшты  жауаппен құтылған.

- Аслан, Володя, Митя, Самат сендер менімен қалыңдар. Қалғандарың тарай беріңдер,- деген «Колька косойдың» қысқа да нұсқа сөзіне ешкім жауап қатпастан, өз жөндеріне кете барды.

 Тарасып кеткендердің де, жанындағылардың да: «қандай операция»,  «қайда барамыз?» - деп, сұрақ қоюға, қатыгез басшыларының сырын білгендіктен, жүректері дауаламады.      

 ...Сағат тілі он екіге қарай жылжып, түн ортасына таяған шама. Уақыт өткізу үшін  серіктерімен карта соғып отырған «Косойдың»:

-  Ну, пора. С богом! - деген даусы шығысымен, қолдарындағы карталарын  тастай  салған қылмыстық топ шұғыл жолға жиналды.

... Самат, Володя, Аслан үшеуі трактор тіркемесіне жартылай төселген  сабанның үстіне  сұлай - сұлай кетіп, «Косой» рөлде отырған Дмитрийдің жанына - кабинаға жайғасты. Олар отыра  салысымен  оталып, жорыққа дайын тұрған трактор орнынан ышқына қозғалды.

 Қоңыр күз болғанымен,  бүгінгі түн сонша суық емес сияқты еді, көлік Үштөбеден шығып, асфальт аталғанымен, шұрқ тесіліп, ойдым-ойдымы шыққан жолмен зырылдата жөнелгеннен-ақ трактор тіркемесіндегілер  қалшылдап, тоңа бастады. Іштей; «Қалыңырақ киініп, тон, немесе көрпе алмағанымыз-ай» - деп, өкініп келеді. Өкінгеннен не пайда, «тоқта» дегенімен, басшылары тракторды тоқтатпайды. Сол үшін  босқа таяқ  жеп қалатындарын білетіндіктен, тіркеменің үстіндегі сабанға көміліп, далада қалған иесіз күшікше, дірдектеген күйі бүрісіп жата берді.

 Қаладан шығысымен трассадан сол  жаққа бұрылып, қара жолға түскен көлік өз арнасында  жәйімен,  ирелеңдей ағып жатқан  Қаратал  өзені бойымен салып ұрып келеді. 

   Қазақтың тұңғыш детектив жазушысы Кемел Тоқаевты, өнер саңлақтары Қанабек Бәйсейітов, Бикен Римова, мәдениет саласының қайраткері Жекен Теберіков және басқа да қазақтың мақтан тұтар азаматтар мен азаматшаларын дүниеге келтіріп, саналарына ой, бойларына қуат берген қасиетті Қаратал. Әріден қозғасақ, аруақтарыңнан айналайын, кие қонған Ескелді би бастаған, Балпық баба, қасиетті Қарымбай мен әулие Жолбарыс батыр сынды асылдарымыз суын ішіп, беті - қолын жуған, табандарының ізі қалған қасиетті Қаратал өңірі бұл. Бергісі: Сатыбалды Қазтаев, Ордаш Кендірбаев, Төлеген Шәріпбай, Гүләйім Түстікбай, Назар Қалиұлы, Қайрат Әлімбек сияқты ақындар мен қаламы қарымды қаламгер Құсайынов Кемал мен Жексенбек Сұлтанбеков сынды ұлтжанды азаматтар бала шағынан мөлдіріне шомылып, балығын аулаған, сұлулығына тамсанып, шабыттана ән-жырларына қосқан берекелі де, мерекелі,   қасиетті Қаратал ғой бұл. Ел басына күн туып, ашаршылық нәубеті кезінде  басқа жердің халқы  аштықтан бүгіліп, қырылып жатқанда, астындағы бал татыған балығын, жағасындағы  қырғауыл, қоянын, кекілігі мен   бөденесін беріп, көрнеу ажалдан арашалап, сақтап  қалған мәрт Қараталым  осы.

 Қарап тұрсаң, шынында да Қараталдың  асты-үсті мен  қойнауы тұнып тұрған байлық – қой. Өзенді жағалай өскен қамыс – құрағы, қанша исең де сынбайтын сүмбі талының өзі не тұрады? Су жағасын опырылып, құлаудан сақтау үшін тәңірінің өзі әдейі жаратқандай, оған қоса табиғатқа көрік беріп, онша биік болмағанымен, тарбия, жапырағын кең жая біткен ағаштардың өзі бір сұлу көрініс. Шоқ-шоқ шилердің түбінде жасырынған бөдене, шіл мен қырғауылы, күндіз-түні жортып жүретін қоян-түлкісі, тоғай ішіне тереңірек енсең, торапайлары шыңғырып, шұбыра өріп жүретін, бар болғыр, шошқаларың иен жатқан байлық емей немене?!

 Түгін тартсаң - майы шыққан Жетісуды - жер жәннаты деп атауы тегін емес. Арқар, елігі мен таутекелері тау-тасқа секіре ойнақтап жүрген Текелі маңынан, Іле, Жоңғар Алатауы етегінен демалыс үйлері мен санаторийлер салып, оларды әлемдік деңгейде жарнамаласа – қызығып жан-жақтан ағылып келетін туристерден түсетін қаржы  бюджет қоржынын қампита түспес пе еді?! Қайтесің, «көрмес – түйені де  көрместің»  кері келіп, билік басындағылар атшаптырым базар, тойхана мен табысты көп түсіретін сауда орындарын салып, өз құлқындарын тығындаудың қамынан аспай тұр-ғой. Шіркіндер, қарапайым халықтың екі қолына бір жұмыс болатын өндіріс орындарын ашып, жұртшылықты байытып жібермесе де, сіңірі шыққан кедейшіліктен құтқаратын тіршілік жасамайды-ау, жасамайды... 

Осыларды – табиғат берген байлықты ел игілігіне жарату үшін,  туристік бизнесті дамытып, табыс көзіне айналдыру арқылы мемлекет қоржынын толтыруға өрісі жетпеген соң не сорым...

Бал татыған балығы шоршып  билеген Балқашым, көркіне  көз тоймайтын, аумағы ұшы – қиырсыз, көбік шаша тулаған айдынында балықтың қаншама түрі тулай өріп жүрген айбынды Алакөлім ше? Журналист, жазушылыр шырылдап айтып та, жазып та жатыр. Бірақ, соған құлақ асып, «туризм  саласын дамыта қояйық» деп, білек түре құлшыныс танытқан Үкіметті де, жоғары лауазымды басшыларды  да көрмей тұрмыз-ау. Туризм аталатын бұл құнды, өзекті мәселе өлі нүктесінен қозғалмай, «баяғы жартас – сол жартас» қалпында қалшиып тұр.

...Өзен жағалай, өндірте жүріп келе жатқан  МТЗ - 8О тракторының алдына түсіп, секектей қашқан салпаң құлақ қояндарың аңқау - ақ. Бұл жарықтықтарың фардың  жарығына бір ілінсе, одан қараңғыға  қашып  шығуға қорқып, өкпесі өшкенше, өңкілдеп шаба береді  екен.  Мұнда, пәленің пәлесі түлкі - ғой. Әне, көліктің маңынан алыстамай, «маған не істейсіңдер» деп мазақ еткендей, анадай жерге барып шоқиып отыр. Жанына таянып, басуға айналғанда  ғана орнынан қозғалып, қайта алға озады. Дөңгелек астынан «пыр-пыр» етіп шошына ұшқан шілдер мен допша домаланып семірген бөденелер: «беймезгіл мазаны алдыңдар-ау» деген сыңаймен жерден еріне көтеріледі де,  семіздіктен тез шаршай ма екен, сәл ғана ұшқаннан кейін шоқ-шоқ шилердің арасына қонып, жасырынып қалады.       

  Машинадай жүрдек болмаса да, қара жолдың  апшысын барынша қуыра зырылдап келе жатқан трактордың алдынан қараңдай көрінген малдың ба, жанның  ба, топталған сұлабасы көрінді. Жақындай бере белгілі болды - қос салт атты. Жарқыраған  фарымен қою түнді қақ жарып, даланы басына көтере дарылдап келе жатқан көлік жылдамдығын азайтып, жол тосушылармен қатарласа бере жәйлап барып тоқтады.

    Салт аттылардың әрқайсының жетектеріндегі шылбырда қос-қостан  төрт ат. Олар аттарынан, бұлар трактордан жапа тармағай, асыға түсе - түсе қалысты.

- Қалай, қырандар, көп күтіп қалған жоқсыңдар ма?- деп,  «Косой» түнгі жолаушылармен құшақ айқастыра амандасты. Басқалар да қол алысып, танымаса да, сәлемдесу рәсімін жасады.

- Дима, сенің бүгінгі атқаруға тиісті міндетің осымен аяқталды. Енді қайта беруіңе болады. Егер «менттер» тоқтата қалса, айтар жауабыңды ұмытқан жоқсың-ғой? - деген Николайдың сұрағына:

 - Жоқ-ә. Жолға  шықпас бұрын, сенің айтуың бойынша, жолдама қағазыма  сапар бағытын «Кировск кенті» деп жазып алғанмын. Қам жеме, бәрі дұрыс болады. – Шапшаңдата, өз ісіне деген сеніммен жауап қатқан Дмитрий  оталып тұрған көлігіне қарғып мініп, трактор орнынан  жұлқына  қозғала берді.

 ...Қаратал өзенінің батыс жағындағы тал-терегі қамыс - құраққа астасқан тоғай қойнауындағы, ел ішінде «Есімбек базы» аталып кеткен қонысты  бетке алған  салт атты азаматтар шу, сыбдырсыз, жымысқылана жылжып келеді. Тастақ жердей емес, құмдауыт жердің бір жақсысы, қанша тұяқ  малды  қатар айдап келе жатсаң да, қашан тақалып жақындағанша тұяқ дыбысының  естілмеуі-ғой. Топ алдында  атақты барымташы Сапаш пен оның  көп жылдан бергі барымталас сенімді серігі  Қалыбай.

          «Барымташы» айдары  оған алғаш мал ұрлап сотталғанан-ақ жабысқан. Ол  туралы Жетісу жерінде: «Сапаштың  көзі жеті  қараңғы  түнде жерге түскен инені де көре алатын өткір» деген сөз бар. Мектеп қабырғасынан соң әкесіне көмекші болып жүріп, совхоз  жылқысын бағып жүрген ол  бар - жоғы он тоғыз жасында Заңмен қайшыласты. Көрші ауданнан келген барымташылармен сөз  байласқан Сапаш «аяқ астынан жоғалып кетті, іздемеген жеріміз жоқ» деген желеумен, бағымындағы бес үйір жылқының ішінен он төрт бас жылқысын жемтіктестеріне өз қолымен  шығарып берді.  «Ұрлық түбі - қорлық» деген емес пе атам қазақ. Сол айтқандай, ұрлығы ашылып, алғаш рет сотталып, түрме ботқасының дәмін татты. Ол өзі оқушы кездің өзінде әкесінің  жанында талай рет көзге түртсе көргісіз борандарда жылқылармен бірге ығып, қазақтың мақтанышы, бренді іспеттес осы бір асыл, да, ақылды жанауарлардың қыр - сырына жетік қаныққан болатын.

    Көзін тырнап ашқаннан мал соңында,  ертесімен малмен бірге өріп, кешкісін сонымен қайтқан адам малсақ болмай қайтсін. Бала кезден ат құлағында ойнап, нелер асауларыңды тез арада ноқта салып, мініске көндіріп ала қоятын  әбжілдігіне ауылдастары таңданып, таңдай қағатын. Қаншама рет асау үйреткен кездерінде, үріккен  ат өзін аударып тастап  кеткен  жағдайлар  болды. Бір ғажабы, қанша мәрте асаудан құлағанда, бірде-бір рет мертігіп көрмепті. Ұшып түсіп, соңынан қалмай қайтара ұстап, әйтеуір, соның жүнін жыға жуасытып  мініске үйретпей тынбайды. Сегіз жасынан бәйгеге қатысып, талай рет жеңіске жетіп, қомақы қаржы ұтты. Он төрт жасынан көкпар додасына ден қойып, үйрене келе мына деген көкпаршы атанды. Тақымының мықтылығы сондай, астына басқан көкпар - серкені оның тақымынан қарсыластарының суырып алып кеткен жағдай болып көрген емес.  Жылқылармен жаз жәйлау, қыс қыстауларда көшіп, қонып жүргендіктен,  жер жағдайына әбден қанық. Тастай қараңғы түндерде адаспай жол тауып, діттеген жеріне сайтандай сап ете қалады. Бірақ, бір қарағанда жақсы көрінетін, ел қызығатын осы қасиеттері, өзіне сор боп жабысқан еді. Сол алғашқы отырыстан соң - ақ  түрмеге адаспайтын даңғыл жол салып алды. Одан кейін үш рет сотталып үлгерді. Қылмыстың басқа түрін менсінбейді. Жасайтыны тек ұрлық. Ұрлық болғанда да - барымта. Әсіресе, жылқы ұрлаудың хас шебері. Кербұлақ ауданының төңірегіндегі Ескелді, Көксу, Панфилов пен Қаратал аудандарында  мал жоғалса, күдік алдымен  осы Сапашқа түседі. Тіпті, Алатау асып, «қазақ пен қырғыз бір телпекте өскен» демекші, айыр қалпақ – қырғыз бауырлардан да барымта алып, «жиендік» жасау арқылы олжаға кенелген...

 Құр күдік дәлел болсын ба? Ұрлықты ым - жымын білдірмей жасайтындығы сонша, оның «сау сиырдың  боғы емес» екендігін сезіп,  ұрының сол екенін біліп тұрса да, милиция қызметкерлері тергеп – тергеп, дәлелдің жеткіліксіздігінен үш-төрт күн КПЗ-да ұстайды да, басқа амалдың жоқтығынан босатып қоя береді. «Ұсталмаған – ұры емес» деген осы да!

 «Барымта» жоспарын ойға алысымен Николай Сафинның есіне осы  «барымташы» - Сапаш досы түскен еді. Содан – ғой, өткен аптада  Косойдың «сапарға  кеттім» деп, шұғыл түрде  Сарыөзекке жол тартып, екі күн бойы қарасын көрсетпегені.

    Діттеген жерге таяу қалғанда Сапаш қылмыстық топ мүшелерінің  әрқайсының  барымтада атқаратын міндеттеріне жеке - жеке жіктей тоқталып, түсіндіре бастады:

Үйірлеп жылқы айдап кету дегенің сендердің түнделетіп қорадағы сиырды жетелеп әкету, немесе, өрістен алдыға салып  қуа  жөнелу емес. Оның белгілі тәртібі мен өзіндік қыр - сыры  бар, - деген атақты барымташы  жылқы ұрлығына алғаш шығушыларға, мұғалімнің оқушыға сабақ түсіндіргеніндей тәптіштеп біраз мағлұмат берді. Кім білген, шынында да жылқы ұрлау дегеніңнің өзі біз біле бермейтін бүтіндей бір күрделі, қиын болғанымен, қызық та, табысты, тамаша өнер екен-ғой... 

 ...Есімбек қарияның басшылығы мен оның үш ұлының шаруаға ұқыптылығы, еңбекқорлықтары арқасында  төрт түлік малдарының саны өсіп,  олар аудан көлеміндегі  ірі  кәсіпкер санатына ілінген-ді.

 Жылқы малы дегенің  қазақтың ұлттық бренді десе болғандай емес пе?! Мінсең - көлік, жесең - азық, ішсең – сусын ғана емес, дертке дауа санатындағы  қымызы  қандай! «Ер қанаты – ат», «жылқы  етін жесең  тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» деген, шындықтан бір елі алыс кетпейтін мәтелді ойлап шығарған да сол жаз жайлау, қыс қыстауда жылқымен бірге ыстық-суықты бірге өткеріп жүрген жылқы мінездес қазекем ғой.

... «Есімбек  базды» бетке алып,  түн жарымында  суыт жүріп жеткен алты салт атты,  топ басшысы Сапаштың  алдын - ала  жасаған жоспары бойынша, тоғай шетінде жусап жатқан жылқыға тосыннан тиді.

     Басқа үйірлерден шеткерек жерде жусап жатқан екі үйір жылқының тең жартысын бөліп алып, дүркірете қууға бет алғандары сол еді, жалы төгілген еңгезердей айғыр арқырай кісінеп, барымташыларға тап берді. «Байқамасаңдар, үйірін қорғаған айғыр өздеріңді ат үстінен жұлып лақтырады» деп, бағанағы Сапаштың айтқан ескертпесі шынға айнала бастағандай. «Қанды басың бері тарт!» Айғырдың осы әрекетін ғана тосқан баукеспе ұры, ал дегеннен-ақ  атуға әзір ұстаған дүмбісі кесілген шолақ мылтықтың шүріппесін басып үлгерді.  Қараңғы түнді  тіліп түскен «шаңқ» еткен  қанды ауыз қарудың  дауысы естіліп, жанұшырып, шыңғыра кісінеген айғыр омақаса құлап түсті. Мылтық даусы шығысымен, малшы, жылқышыларға арналып салынған жұмыртқадай ғана, әппақ, шатыры да ақ қаңылтырмен жабылған үйден  атып шыққан адамның қарасы көрінді.

 Аттан, аттан. Жылқыға жау шапты!

Тұрыңдар! Малды әкетті! – деп, тоғайды басына көтере, ышқына айқайлаған дауыс естіліп, артынша баз маңынан ұзай бастаған жылқы соңынан бастырмалата қуған қуғыншының қарасы анадайдан көзге шалынды.

 Енді бір сәтте барымташылардың соңынан «гүрс-гүрс» етіп, екі қайтара атылған мылтықтың даусы қара түнді қақ жара шықты.

«Мынау ескертпе ретіндегі ату. Үшіншісінде біреуіміз нысанаға алынарымыз анық. Тайсалмай, осынша барымташының соңынан жападан-жалғыз қуғын салғанына қарағанда, бұл өзі қорықпайтын, талайды көріп, әккіленген қу болды. Мұндай жүрек жұтқандарға бір оқпен біреуімізді  жайрата салу түк те емес және ол әрекеті үшін заң алдында жауап бермейді. Басқа қуғыншылардың қарасы көзге шалынбағанына қарағанда, басқалары тұрып үлгермеуі себепті, бұл жалғыз болғаны» - деп, әп - сәтте қорытынды жасап үлгерген Сапаш аттаншыға жауап ретінде, арт жаққа қарай бастырмалата атып-атып жіберді. Ондағы ойы: «кімге болса да жан, шіркін, тәтті. Мүмкін, артымыздан бастырмалатып өкшелей қуғанын  қояр».  

   Қайдағы! Арт жақтан мылтық тағы да екі-үш рет іркес-тіркес атылып, артынша зілді дауыспен:

Тастаңдар малды. Енді ескертусіз атамын, - деген қуғыншының ашулы, жарықшақтана қарлыққан әмірлі даусы естілді.

Өй, әкеңнің көрін ... Болмадың-ғой. Ендеше өз обалың өзіңе. – Сапаш тақымына қысқан қысқа сапты қаруды суырып алды. Мылтықтың «шаңқ» еткен  дыбысы  ащы шықты. Қуғыншы  оң жақ санын ұстаған күйі, ат үстінен  оң жақ қапталға қарай жантая берді де, екінші реттегі атылған мылтықтың дауысымен бірге оқ тиген ат та омақаса құлап түсті.

  Ат құлағында еркін ойнайтын, ызғытқан күйінде, көздемей-ақ, мөлшермен атып жіберіп, қалаған нысанын ұшырып түсіру – қай барымташының болмасын, үйреншікті машығы емес пе?! Сапаш  та сондай, құралайды көзге ататын мерген. Қараңғының өзінде мөлшерлеп атқан оғы қуғыншының оң жақ санына қадалған еді.

 Жылқы жарықтықтың өз үйірін бастайтын айғырын атып тастамаса, олардың айдап, қуып әкетуге көнбейтіндігін атақты барымташы жақсы біледі. Сондықтан, ал дегеннен-ақ азынай келген үйір басы - ақ боз айғырды бір оқпен, ойланбастан сұлатып салғаны.

 Жылқылардың сол жағынан жанай, құйғыта, айналып өткен Сапаш енді  үйірдің алдына түсті. Алдыда жол бастап отырмаса, өздері жайылатын аумақтан әріге аттап баспай, жылқылардың жан-жаққа бытырай қашып кететінін жақсы білетіндіктен солай етті. Үйірдің соңын Қалыбай барымташы арт жақтың  қауіпсіздігіне жауап беруші ретінде тұйықтап келе жатса, екі жақ қапталындағы  «Косойдың» жымысқы ұрылары  жылқылар шашау шығып кетпес үшін  екі жақтан қақпақылдай шапшаңдата айдап  келеді.   Кербұлақ ауданын  бетке  алған жылқылар бірте-бірте бағытын  өзгертіп, кері қарай бұрылып, Кәлпе ауылы  жаққа қарай жосылды. 

«Бұл қалай? Сапар барымташы жолдан жаңылып, бағытынан адасып қалды ма, әлде?» - деп  таңданып, сұрауға оқталған Сафин Николай  жағдайды біраздан кейін барып түсінді.

  ...Сапаш үйірді Кәлпе ауылы жылқыларының Қаратал өзенінің  жағалауында  далия түсіп жайылып жатқан  жон-жоталарға  бастап келеді. Шиырланып, нешеме рет жүрілген, таптаурынды  ізбенен құйғытып барады. Әрине, бұл таң атысымен-ақ «аттандап», іздеу салатын  із кесушілерді теріс жолға салып адастырудың  бірден - бір дұрыс  әдісі. Ойлаған ойы: «жылқыларға келген пәлені Кербұлақ жақтан емес, төменгі ауылдардан іздесін, пәтшағарлар!» 

 Бір-жар рет Қаратал өзенін кештіріп өтіп, енді бірде қайтадан жылқыларды жота - жоталармен құйындата бастап бара жатқан барымта басшысы  Кербұлақ ауданы аумағындағы, өзі бұрындар бірнеше рет үйірлеп жылқы қуып әкеліп жасырған терең аңғарға бастап апарып бірақ тоқтады. Қашуға мұрша бермес үшін, қуып әкеткен жылқыларды діңкелетіп, қатты жосылта айдау да Сапаштың барымтадағы  үйреншікті  тәсілі. Шынында да, түнімен толассыз құйғыта шапқандықтан болдырып,  шаршаған  жарықтықтар екі иінен дем алып, жуасып - ақ қалыпты. Бастарын төмен салып, не болғанын түсініп үлгермеген, дел - сал халде тұр. Бұл кезде жымыңдай көз қысқан  жұлдыздар сөніп, сараң әйелдің құйған шәйіндей бозарып, бірте - бірте ағара түскен таң   атуға айналған-ды.

...Сол күні таң ата Сапаштың  алдын - ала  келіскен  сыбайлас барымташылары  Жәркенттен асығыс жеткен болатын. Ертеңінде олар, бақандай он сегіз бас жылқының ешбір шашауын шығармай, барымташылардың үйреншікті әдістері бойынша, із кескен қуғыншыларды адастыру үшін жота-жоталар мен адырларды қуалап, ара-арасында су кештіре, өз өңіріне түнделете айдап әкетті...  

 

 

                                        Он бесінші тарау

 

        Қылмысты іздестіру бөлімінің аға инспекторы полиция майоры Ержан Нұрахметов аудандық ішкі істер бөліміндегі өзінің жұмыс бөлмесінде түнгі сағат екіден асқанша шейін жұмыс жасап, өз шаңырағына атар  таңның белгісі – түн қараңғысы сейіліп, шығыс жақ жәйлап бірте-бірте бозара бастаған шақта оралды.   

       Суып қалған тамағын жылытуға да мұршасы келмей, апыл-құпыл бір-жар асады да, тәтті ұйқы құшағында жатқан әйелі Сәулені оятып алмас үшін, залдағы диванға киімшең құлай кетті. Қатты шаршағандығы сол емес пе, арада он минут өтті ме жоқ па, үйді басына көтерген қорылға басты. Таң алдында кенжелері – ерке қызының қыңқылынан оянып, оны дәретке апарып, қайта әкеліп жатқызған әйелінің кіріп-шыққан жүріс-тұрысын да сезген жоқ. 

            Алыптың ұйқысындай қорылдап жатқан тәтті  ұйқысынан оны залдағы телефонның жүйкесіне ине қадағандай «шыр-р» ете түскен ащы даусы оятып жіберді. «Апырай, тағы бір ЧП болды-ау, таң атпай телефон шалып мазалағандарына қарағанда».

Майор Нұрахметов тыңдап тұр.

Жолдас майор, Қаратал аудандық Ішкі Істер Бөлімінің кезекші инспекторы капитан Келімбетов баяндап тұр. Тағы да тонау қылмысы. Осыдан жарты сағат бұрын аудан орталығында ерлі – зайыпты екі адамға қарақшылық жасалып, тонап кетіпті.

Апырай, адамдар аман ба екен?

Аман. Күйеуі басынан жарақат алған, бірақ, әйтеуір аман. Әйелі екеуі бізге арызданып келіп, қазір түсінік жазып отыр. 

       - Жақсы. Қазір үш – төрт минут ішінде жетемін...

  - Таңның атуына бірер сағат қана қалды. Таңертен бірақ бармайсың ба?–деген әйелі Сәуленің бетіне майор Нұрахметов жақтырмаған сыңаймен көз тоқтатып, шаншыла қарап қалған. Бірақ, бір сәттік тыз етпе ашуға беріліп, артығырақ кетіп қалғанын өзі сезе қойғаны болар, өңіне жылы шырай беріп, күлімсірей жауап қатты:

- Жаным-ау, таң атқанша ұрының ізі де суып үлгереді. Жатып, алаңдамай ұйықтай берсеңші. Сен де қызметіңнен қалмас үшін таңертең ерте тұрасың ғой...

        «Бұған да кінә жоқ. Көрген күніміз, міне, осы. Ел сияқты бірге қолтықтасып, ағайын-туғандарға, шақырған достардың үйлеріне қонаққа бармағалы не заман. Әсіресе, нарық басталғаннан бері қылмыс атаулы көбейіп кетті. Әрине, қылмыс жасаушылардың әрекетін ақтауға болмас, дегенімен осының бәрі жұмыссыздықтың кесірі ғой» - деп ойлап үлгерген Сәуле төсегіне қайта қисайды.

        Қайтсін енді, қатарластары  құсап қыдырып, үйлеріне қонақ шақырып, заты әйел емес пе, бір мезгіл көңіл көтеруді қалайды-ғой. Оның үстіне, Сәуленің мұғалімдік жауапты қызметінің тауқыметін айтсаңшы. Қазіргі балаларды өзіміз оқыған бұрынғы замандағы біздермен салыстыруға бола ма? Балалықпен тентектік істеп қойған жағдайда, ұстаздарымыз ұрмай-соқпай жанымызды шығарып жіберетін. Мұғалімнің жақтырмай қабақ шытқанынан-ақ жымдай болып, әке-шешемізге хабарламаса екен деп тілейтін едік. Ондай қылығымызды естіп қалған жағдайда ата-анамыз: «жақсы болсаң мұғалім сені бекерден бекер ұрса ма? Қайта соғып жібермегеніне рахмет айт» деп, өзімізді ұрсып тасаушы еді. Қазіргі оқушыларға дауыс көтеріп ұрсуға да болмайды. Дауыс көтерсең: «Балама ұрсуға қандай қақың бар? Жақсы мұғалім болсаң, ұрыспай тәрбиелеп, дұрыстап оқыт» деп, мектепке жетіп келіп, өзіңді «тәрбиелеп» кететінін қайтерсің. «Біреу сөзіңді сөйлеп тұрса, тілің қышып бара ма» деп, соны естіген бала ұстазын қалай сыйласын...

         Оқушы сабағын жақсы білмей, үлгерімі нашар болса - мұғалім кінәлі. Көшеде бірдеңе бүлдірсе де мұғалім жауапты. Осы күнгі ата-аналар да қызық. Балалары тәуліктегі жиырма төрт сағаттың алты сағатын ғана мектепте өткізеді, қалған уақыттары мектептен тыс жерде. Бірақ, «оқушылардың жақсы - жаманды барлық тірлігіне ұстаз жауап беруі керек» деген түсінік олардың саналарына өшпестей сіңіп, берік қалыптасып қалған.

         Оқу, тәрбие мен мектептің қоғамдық жұмыстары өз алдына, сайлау кездерінде бізге - ұстаздарға бюлетень құшақтатып, ешбір ақы - пұлсыз үгіт - насихат жүргізетін саяси қызметкер қылып қоятындарын қайтерсің. Оның сыртында әр сенбі сайын мектеп ауласын былай қойып, сыпыртқы ұстатып, оқушылармен бірге көше тазалатып «уборщик» ететіндері тағы бар...

        Сәуленің сондай қиындықтарды басынан өткеріп, жүйкесін тоздырған уақытының бәрін мектепке сарп еткізгенімен, сол тауқыметі көп, жауапкершілігі одан да мол қызметін басқадай бір жеңілдеу жұмысқа айырбастау ойына да келмейтіндігіне не дерсің! Өз ісіне шын жүрегімен беріле қызмет етіп, өмірлікке таңдап алған сүйікті мамандығын адал атқарып жүрген, туған Отанының нағыз патриот қызы, міне, қайда...

Шынында, түнеу жылдары ішкі істер бөліміндегі паспорт столының инспекторы лауазымы босағанда Ержан:    

- Сәулеш, осы қызметке ауыссаң қайтеді. Мен басшыларыммен сөйлесіп көрейін. Ол қызмет мұғалімдіктен гөрі тыныштау ғой... – деп, жаны ашығандықтан әйеліне ұсыныс айтқан болатын.

            - Үйбай-ау,  балалардың у-шуынсыз, мектептің ауасын жұтпай қалай өмір сүрем? Қойшы, үйренген қызметімді атқара берейін. Оның үстіне Үкімет маған «Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім» атағын беріп, азды-көпті еңбегімді бағалап отырғанда, кетіп қалғаным ұят емес пе? Тіпті, жан жүрек, болмысыммен таңдап алған мамандығыма сатқындық болып шықпай ма?,- деп шыр-пыр болып ұстаздық қызметіне шаң жуытпаған.

       Ержанның Құдай қосқан қосағының сондай қасиетін білетін оның достары, әріптестері мен құрбы - құрдастары:

       - Ой, біздің Сәуле жексенбі күні де мектепке бір келіп, үйреншікті ауасын  жұтып кетеді. Өйтпесе, ол үйінде тыныш ұйықтай алмайды және оған ас та батпайды,- деп әзілдеп қояды.

            Осыдан екі-үш күн бұрын Ержанмен көп жылдар бірге істесіп келе жатқан сыйлас әріптесі:

        - «Майор» шенімді жуамын, кешке біздің үйге келіңдер» деп қуанышын бөлісуге қонаққа шақырған болатын. Әйелі екеуі жиналып, ерке қыздарын жетелеген күйі үйден шыға бергені сол еді, баяғы тынымсыз қызыл телефондары бірдеңе шағып алғандай, шар ете қалғаны.

- Көтерме телефонды. Біз үйде жоқпыз, - деген Сәуленің сөзін тыңдамай, Ержан үйге жүгіре кіріп, тезірек телефон тұтқасын алған.

- Тағы да төтенше жағдай. Мал ұрлығы. Мен сендерді жеткізіп салайын да қылмыс болған жерге тезірек жетейін. Жылдам босай қалсам, арттарыңнан барам-ғой. – Майор әйелінің алдында өзін кінәлі санағандай қипақтап, көзін тайдырып әкетті.

- Жарайды, қиналмай-ақ қой. Сен зейнетке шыққан соң, кеткен есемізді әбден еселеп толтырармыз - деп, ашуланған әйелі қонаққа бару ойынан айнып, үйге көңілсіз, аяқтарын сылбыр  баса кіріп кеткен еді.

        ...Ашуының қайтуы шапшаң, негізі жуас Сәуле өзімен өзі қалған соң тез сабасына түсіп, терең ой құшағына орана берді.

        «Қайтсін-ай, енді. Құқық қорғау саласындағы қызметін сержант погонымен қатардағы сақшылықтан ішкі істер бөлімінде жауапты кезекші, тергеуші, аға тергеуші, ОБХС инспекторы, сол бөлімнің бастығы сатыларынан өтті. Офицерлік лауазымдарын кіші лейтенант шенінен бастап, аға лейтенант шенімен жүрген кезінде, Республика көлеміндегі бір атышулы қылмысты  ашқаны үшін, Министрдің арнайы бұйрығымен капитандықты аттап, бірден майор шенін алды. Жүктелген істі ашпайынша, немесе, берілген әлдебір тапсырманы орындамайынша өзіне де, өзгеге де тыным бермей, күні-түні шапқылаудан жазбайтын еріне жаны ашиды және оған кінә да таға алмайды. Тіреп тұрған, жоғарыдан сүйеу болар ешкімі жоқ. Осының бәріне таза еңбегі, өз білімі, өз күші арқылы жетті. Тіпті, біреудің ала жібін аттамайтын шыншылдығы үшін, кейбір бақай есепті басшыларға жақпай, өзіне жау жиған кездерді де бастан өткерді. «Аққа құдай жақ» деп, атақ-абыройын жоғалтпай, халық алдындағы қызметін адал атқарып жүрген құдай қосқан қосағыма кейде осылай артық кетіп, бұртаңдап қалатыным бар. «Барлық әйел затына тән әлсіздік - қой бұл» сынды ақтаумен өзін - өзі жұбатып та қояды. Жеме жемге келгенде өз айыбын мойындап, «онсыз да шаршап жүрген сүйіктімді: «күндіз-түні үй қарасын көрмейсің» деп, оны жазықсыз кінәлағаным дұрыс емес» деген қорытындыға келген ұлағатты ұстаз осылайша істің әділіне тоқталады.

      ...Иә,  ІІМ майоры Ержан Нұрахметовтың мектеп қабырғасынан кейін таңдап алған мамандығы педагог болғанымен, мұғалім болып бір күн де қызмет жасаған жоқ еді. Талдықорған индустриялық – педогогикалық техникумын бітірісімен, сол жылдың күзінде Кеңес Армиясы қатарына азаматтық борышын атқаруға шақырылды. Душанбе қаласында әскер міндетін атқарып жүргенінде жауынгерлік-саяси дайындықтың үздігі, жақсы спортшы, саяси сауаттылығы жоғары үлгілі жауынгер сынды үлгілі істерімен ерекшеленіп дара шықты. Өзіне жүктелген әскери тапсырмаларды жауапкершілікпен, мүлтіксіз орындайтын ұқыптылығымен көзге түсіп, арнайы оқуына бармай-ақ кіші сержант шенін алған-ды. Кіршіксіз қызметі мен үлгілі тәртібі үшін кіші сержанттан соң сержант, сәл кейінірек аға сержант шеніне көтеріліп, елге омырауы толы медаль, үздік белгілермен оралды.

            ...Отан алдындағы қасиетті борышын атқарып келісімен есепке тұру үшін Қаратал аудандық әскери комиссариатқа бас сұққан болатын. Құжаттарымен танысқан подполковник оған күтпеген ұсыныс жасасын.

- Аға сержант Нұрахметов, тыныштық сақтау қызметіне, яғни милицияда істеуге өзің сияқты сенімді, білімді де жауапкершілігі жоғары азаматтар қажет. Оған адам таппай отырғанымыз жоқ. Алайда, адамның да адамы бар. Өзіңді сол қызметке лайық көріп, қолқа салайын деп отырмын,- деген әскери комиссар подполковник Ершов Ержанның бетіне «не деп жауап берер екен?» деп, сынағандай ұзағырақ қарап қалды. 

 - Жолдас майор, менің бітірген оқуым педагогтық.  Тыныштық сақтау қызметінде істейтін арнайы білімім жоқ-қой.

           - Қай оқу орнын тәмамдағаныңды да, неге бейім екендігіңді де, сен айтпай-ақ, құжаттарың мен өзің қызмет еткен әскери бөлім басшылығы берген мінездемеден көріп отырмын. Сен бойыңда күш-қуатың тасып тұрған жассың. Өзің комсомолсың. Жалынды жастық шағыңда елің үшін ерінбей, қай жерге көбірек пайдаң тисе сол жерде еңбек етуің керек. Отан жөнінде батыр Бауыржан атаңның не дегенін білесің бе?

-  Отан үшін отқа түс – күймейсің...

-  Міне-міне. Оны өзің де біліп тұрсың. Жарайды, мен тап қазір жауабыңды бере-ғой деп отырғаным жоқ.  Дұрыстап ойлан. Қабырғаңмен кеңесіп, ата-анаңмен ақылдас – деген майор жас жігітке ой салып, үлкен сенім білдіре шығарып салған.

Арада жарты ай өткенде, әскери комиссариаттың ұсынысы мен аудандық комсомол комитетінің жолдамасы бойынша, аға сержант Ержан Нұрахметов Қаратал аудандық ішкі істер бөліміне қызметке алынған еді.

Қызметін Қаратал аудандық Ішкі Істер Бөлімінде кезекшінің көмекшілігінен бастаған ол, жауапты кезекші, участок инспекторы, тергеу, қылмысты іздеу сияқты қызмет сатыларының бәрінен өтіп, үлкен тәжрибе  жинақтады. Өзінің ізденімпаздығы мен «істің ұсақ-ірісі болмайды» деген ұстанымымен, қызметтік міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарауы нәтижесінде, ашылмай жатқан күрделі істердің көбісін басшылық  Ержанға тапсырып, ол осы сындардан мүдірмей өтіп, іскерлігін дәлелдей түсті.

Қызметтегі беделі сондай Ержанды, әріптестері ғана емес, аудан тұрғындары, оның жанұясындағы өзара жарасты, сыйластық пен түсіністік ахуалына, Сәуленің қызметтестері да қызыға да, қызғана қарап, құрметтейді, өздеріне үлгі тұтады.

...Оның таңдап сүйген жары Сәуле еліміздегі білімнің алып шаңырағы – Абай атындағы Қазақ педагогика институтын қызыл дипломмен бітіріп, содан бері тапжылмай бір орында - Қаратал ауданы орталығындағы №13-ші қазақ мектебінде ширек ғасырдан бері математика пәнінен дәріс беруде. Оның қаншама шәкірттері  аудан,  облыс  қана  емес,  Республикалық пән олимпиадаларында жеңімпаз, жүлдегер атанып, ұстазының төбесін көкке жеткізіп қана қоймай, мектептің атын елімізге әйгіледі.

Тәуба, тату-тәтті, ауызбірлікте өмір сүріп жатқан ерлі-зайыптылардан тәлім тәрбие алып, үлгі - өнегесін көрген қос көгершіндері білім, тәртіп, ізденімпаздық мәселесінде ғана емес, жас болса да, адамгершілік, кішіпейілділік пен жауапкершілік қасиеттерінде де оларды осы күнге шейін жерге қаратып көрмепті.

«Адамның бар қызығы бала деген» деп қазақтың ұлы ойшылы Абай хакім айтпақшы, әр ата-ананың қасиетті борышы дүниеге адам әкеліп, оқытып, жеткізіп, шаңырақ көтертіп, солардан немере, шөбере, шөпшек сүю арқылы ұрпақ сабақтастығын жалғастыру ғой.   

Осы орайда, жоғарыда аталған Нұрахметовтер үлгілі отбасының тұла бойы тұңғыштары Арайлым атты сұлуды зор сүйінішпен ауызға алу лазым. Ол мектеп қабырғасынан кейін Алматы Мемлекеттік Университетін, одан кейін сол білім шаңырағының магистратурасын қызыл дипломмен тәмамдады. Қазір анасының жолын қуып, Алматыдағы Қазақ-Американ университетінде ұстаздық етіп, шәкірттеріне терең білім беруде.

Қазақ өзі ырымшыл халық емеспіз бе, Арайлымнан кейін туған ұлының атын ата-аналары өздерінің жерлестері – Алакөл (бұрынғы Андреев) ауданының Қарлығаш ауылынан түлеп ұшқан атақты жазушы, қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтай болсын деген қазақи ырыммен, сол ағаларының құрметіне Әнуар деп атаған еді. Тәуба, ұлдары ата-ана сенімін ақтап жүр және жазушы атасының абзал атына кір келтіріп көрген емес. «Алма ағашынан алыс түспейді» деген тәмсілді қазақ аталарымыз осындай жайлардан айтса керек.

Әнуар  мектепті алтын белгімен бітіргені өз алдына, спорт, өнер мен қоғамдық жұмыстардан қалмай, кәдімгі саясаткерден кем соқпайтын әмбебап оғлан болып қалыптасып шықты. Алған терең білімінің арқасында Алматы қаласындағы Қазақ – Британ  Университетіне қиналмай түсіп, оны қызыл дипломмен аяқтады. Содан кейін Ұлыбританиядан осы Университеттің магистратурасын да үздік тәмамдады. Қазір Әнуар Ержанұлы Астанада Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім Министрлігінде Басқарма бастығы лауазымында қызметін абыроймен атқарып жүр. Көпті көрген қазақ аталарымыздың: «Жас, жас та болса - бас» деген тәмсілінің бұлтартпайтын бір дәлелі осы да...!

 

                                      ххххххххххххххх

 

...Қаратал аудандық ішкі істер бөліміне аудандағы толастамай, өршіп тұрған қылмыстық ахуалды тоқтату бойынша облыстық департаменттің өкілетті өкілі полковник Еркін  Елемесұлы Бекенов бүгін   қылмысты анықтау, іздестіру, тергеу бөліміндегі офицерлер мен криминалистерді, оперативтік топтың құрамын толық жинады.  Бұлардан басқа, ұжымда көптен бері қызмет жасайтын тәжірибелі жігіттердің басын қосқан оперативтік кеңес жүргізіп отырғанына үш сағаттан асып, уақыт жарықтық түнгі он екіні көрсетіп тұр.

Бұл – облыс ІІД басшылығының арнайы бұйрығы бойынша жіберілген Еркін Елемесұлының осы ауданның құқық қорғау саласы қызметі басшысының апта сайын өткізіп жүретін әдеттегі лездемесінен бөлек, қылмыстық жағдайдың бүге-шүгесін толық саралап, әр сала басшылары өзінің ойы мен нақтылы ұсыныстарын білдіріп, талқылау үшін, осымен бесінші рет өткізіп отырған шұғыл кеңесі.

- Әріптестер, қорқыныш құшағындағы Қараталдың халқы түнде далаға шығудан қалды. Қылмыстың  құрық бермей, күн өткен сайын түрленіп, күшейіп тұрғаны мынау. «Қылмыскерлер ұсталмады» деп, қол  қусырып, шарасыздық танытып отыра бермекпіз бе? –деп, қызметтестерінің беттеріне бажайлай, барлай қарап, бір сәтке кідірді де, полиция полковнигі сөзін әрі қарай сабақтады.

-Кеше ғана аудан орталығындағы жалғыз тир түн ішінде тоналып, төрт бірдей ауа қысымымен атылатын мылтық қарақшыларға қолды болды. Көр де тұр, спорт бәсекесі үшін пайдаланылатын сол  мылтықтар  күні ертең қайта жасалып, кісі өлтіретін  суық  қаруға айналып шыға келмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Күнде, екі күннің бірінде қылмыс жасалады. Ұрылар ұсталмақ түгіл, қолымызда бір – жар айғақ пен анық - қанығы әлі белгісіз фактілерден басқа, нақты, бұлтартпайтын дәлелдердің бірі де жоқ. Бұл дегенің масқара емес пе?! Бірнеше аудандық Ішкі Істер Бөлімінің бастықтарын қылмыс атаулының құрықталмай, көбейіп кетуіне байланысты, облыстық ІІД - ның бастығы генерал - лейтенант Дәрменовтың бұйрығымен кеше қызметінен алып тастады. Сол үлкен кеңесте мені орнымнан тұрғызып: «Егер аудандағы қылмыстық топты құрықтауға арнайы өкіл ретінде жіберілген сіздің қабілетіңіз жетпесе, облыстан арнайы оперативтік топ жасақтауға тура келеді» дегенде ұяттан жерге кіріп кете жаздадым... Қане, ауданымыздағы қазіргі криминалдық жағдайға байланысты кімнің қандай ой, пікірі мен ұсыныстары бар?

Әр сала басшылары өз ойлары мен пайымдарын жеткізіп, ұсыныстарын айтып болған соң Еркін Елемесұлы майор Ержан Нұрахметовты орнынан тұрғызды. 

-Қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы майор Нұрахметов, аудандағы мына өрттей өршіп тұрған криминалдық жағдайға сіз не айтасыз? Қандай ой, нендей жоспарыңыз бар?

 Жайшылықта ресмилікке онша бармай, әріптестерін өзімсініп: «Жігіттер», немесе,  «Қанат, Жанат» деп аттарымен атап, «сен» сөйлесе беретін полковник, аудандағы мына шырмауықша шиырланған қылмыстық жағдай оны ресми сөйлесуге амалсыздан итермелеп отыр.

-  Көзбояу ретінде жалғыз-жарым адамды түн құшағына  ендіріп, қашықтықтан аңду салып та көрдік. Айламызды түсініп қойғандай, қылмыскерлер  ол адамдарымыздың маңына жоламай, тағы да ауа қармап қалдық. Жапа шегушілер мен қылмыс орын алған маңдағы тұрғындардан көрген-білгендерін сұрастырып, бұрын сотты болғандар мен өзіміз күдік келтірген адамдарды жауапқа алдық. Нақты деректер бойынша дәлелденіп, кінәсі мойнына қойылған адам әзірге жоқ. Алайда, жіптің бір ұшығын ұстағандай болып отырмыз. Сол варианттарды бүгін – ертеңдер іске асырсақ, бұйырса, қылмыскерлер қолға түседі деген ойым бар.

-  Бұл жорамал ой ғана ма? Жоқ  әлде, шын мәнісінде жіптің бір ұшы қолға ілікті ме?

- Жорамал емес, нақтылы жоспар бар. «Асамай жатып, құлдық» айтпай - ақ қояйын. Бірақ,  ойдағы осы операцияларды іске асырсақ, «асырсақ» емес, оны ертең іске асырамыз. Сөйтіп, құдай бұйырса, ісіміздің оң нәтижесін  көреміз, полковник мырза.

Осы кезде оперативтік кеңес өтіп жатқан залдың есігі әдеттегіден қатты, тарсылдата қағылды.

-Кешіріңіз, полковник мырза. Тағы да қылмыстық оқиға. Абылай хан көшесіндегі тир маңында екі әйелді  белгісіз біреулер суық қару көрсетіп тонап кетіпті - деп, ішкі істер бөлімі кезекшісінің есіктен асыға кіре баяндауы  шұғыл  кеңесті  үзіп  жіберді.

         ... Қаратал аудандық ішкі істер бөлімі шұғыл тергеу тобының мүшелері:   қылмыс іздеу бөлімінің полиция аға лейтенанттары Сергей Зубков пен  Эрик Нам, аудандық Ішкі Істер Бөлімі бастығының орынбасары майор Батан Сәлімов жедел қару сақтау бөлмесінен «Макаров» табелді қаруларын алысымен, оталып, жүруге әзір тұрған кезекші машинаға жүгіре келіп отырды. Өкілетті өкіл полковник Еркін Бекенов қауырт шақта шешімді шапшаң қабылдай қоятын қабілетімен көлік жүргізушіге:

- Сержант Қаратаев, Абылайхан көшесі бойымен теміржол бекетін бетке  ала тарт!- деп, бұйрық берісімен, оталып тұрған көлік орнынан жұлқи қозғалды.

...Қаладағы Морозов атындағы № 51-інші мектептің стадионы тұсына таяла  бергенде, машинаның жарқыраған фарынан байқалды: футбол алаңын бетке алған бір топ адам жарық сәуледен шығыс жақты бетке алып қорғалақтай қашып барады.

Кезекші машина тоқтар - тоқтамастан, жігіттер көліктен көз ілеспес шапшаңдықпен секіріп - секіріп түсті. Мұндай қым-қуыт, қысылтаяң сәтте, миы компьютерше жұмыс жасап,  шешімді тез қабылдайтын Еркін Елемесұлы:

-  Бұлар тегіннен тегін бой тасалап бара жатқан жоқ. Қылмыскерлер екені анық. Біз Эрик екеуіміз арттарынан қуамыз. Батан, сен осы көшенің бойымен олардың алдын кес! - деп, бар пәрменмен жүгіріп келе жатқан  полковник Бекенов бұйрық беріп үлгерді. Қашқан топтың соңдарынан  бастырмалата  қуған тәртіп сақшыларының:

-  Стой! Полиция! Стоять! – деген дауыстарына  құлақ аспай, жанұшыра жүгірген топ екіге жарыла қашты.

Мектеп стадионын қақ жарып өтіп, Пушкин көшесіне бет түзеген екеудің бірі – «Колька косой» да, екіншісі - кәмелетке толмағанымен, Николайдың баулып, бөлтірікше ауыздандыруының арқасында қылмыс әлемінің қыр – сырына бойлап, талай түнгі жорықтарға қатысып үлгерген он алты жасар Женя. Ал, мектептің баскетбол алаңына қарай жанұшыра қашып бара жатқандар - Юрий  Палкин мен Валера Сметанин болатын.

Аға лейтенант Зубков қашқындарға жетуге таянған кезде, оның жақындап қалғанын  сезген  «Колька косой»  стадион шетіндегі жуандығы екі адамның қол ұстасқандағы құшағы жетпейтін жуан теректің тасасына жасырынып тұра қалды.  Енді бір сәтте, қашан, қай жерден алып үлгергенін кім білген, «Косойдың»  қарулы  қолдарымен сығымдай ұстаған жуан сойылы  Сергейдің қос тізесіне бірдей сарт ете қалды. Қашқынның жасырынып қалғанын аңғармай,  қатты  ағынмен зулап келе жатқан қуғыншы, орақпен орғандай, етпетінен  сұлап түсті. Палкиннің соңына түсіп, қуып  келе жатқан  Эрик әріптесі Сергейдің құлап түскенін көз қиығымен көріп қалған болатын.  «Қанішер иттер жазым қылмаса игі еді!» деп ойлап үлгерген ол:       

-  Стоять! Буду стрелять на поражение! – деп, қолындағы қаруымен аспанға екі рет қатарынан жөпелемдете атып - атып жіберді. Алдындағы қашқындарды жайына қалдырып, Зубковқа көмекке ұмтылған Эриктің артынан да екі рет «гүрс» етіп атылған дауыс естілді. Бұл – ПСНД-254 ракетницасымен Эрик Намды көздеп атқан Юрий Палкиннің ісі болатын. Әбүйір болғанда, ракетница Эрикке тимей, сол жағынан зу етіп жанай өтіп кетті. Жақын қашықтықтан атылған ракетница полиция қызметкеріне тигенде, жаралап, тіпті, жанды жеріне тисе, жазым қылып жіберуі кәдік еді. Тап осындай ракетницамен дәл көздеп атып өлтірген жағдайлар полиция қызметкерлерінің тәжірибесінде бұрындар бірнеше рет кездескен.

...Аудандық ІІБ-нің бастығының орынбасары полиция майоры Батан Сәлімов әріптестері арасында өз кәсібіне құлай берілген қабылетті, жауапкершілікті терең сезінетін тәжірибелі қызметкер ғана  емес, облыстық, Республикалық жарыстарда аудан мен облыс намысын абыроймен қорғап жүрген жақсы спортшы ретінде танымал. Қарындары  шерниіп, бұғанақтары салбырап, «ырс-ырс» еткен полиция қызметкерлерін көргенде, әріптестері үшін намыс буып: «мына түрлерімен қылмыскерлерді қалай құрықтамақшы» деп, кәдімгідей – ақ, жыны келетін. Басшының орынбасары тұрғысынан ғана емес, өзімен бірге қызмет істейтін біріне аға, біріне іні болып келетін әріптестеріне: «Құдай-ау, мына борсықтай болып семірген пішінің не, екіқабат әйелдердікіндей салбыраған қарның не? Сен полиция қызметкері емессің бе, болбыраған осы түріңе намыстанбайсың ба? Аптасына ең болмаса екі рет, алысқа да бармайтын, ақы төлеуді де қажет етпейтін өзіміздің су тегін спорт залымызға барып, өз денсаулықтарың мен өз өмірлерің үшін денешынықтырумен айналыссаңдаршы бір мезгіл. Мұндай бойкүйездік, жалқаулық, еріншектік қасиеттеріңмен қойындарыңдағы қатындарыңның да қажетіне жарамай, ол маржаларың басқаға қашып кетіп масқара жасайды ғой» деп ұрсып та, жолдастық ақыл ретінде де айтып жүруден жалықпайды. Сол әріптестер елу жастан асқан Батан Берікұлының жас жігіттердікі іспетті жіптіктей дене бітіміне, екі иығына екі кісі мінгендей келісті мүсіні мен толқынша ойнаған буылтық - буылтық бұлшық еттеріне сүйсіне қарап қалады. Кәсіби спортшыға тән шалт, шапшаң да, жеңіл қозғалатын ерекшелігіне қызыға да, қызғана да қарайды. Бірақ, ол сияқты спортпен айналысып өздерін жетілдіріп, денсаулықтарын күтуге кежегелері кері тартып, ұйқы басып тұратынын қайтерсің.

...Пушкин көшесі жақтан жүгіре шыққан екі адамның сұлабасын Батан Берікұлының қырағы көздері анадайдан шалды.

- Тоқтаңдар! Полиция! – деп, талай жарыстарда жүлде әперген өзінің сүйікті қаруы «макаркасымен» ескерту ретінде аспанға атып жіберді. Жанұшыра бой тасалаушылар – сойыл соққысынан жарақаттанған Сергейге көмекке келіп үлгерген  Эриктен  бой тасалап  қашып бара жатқан Николай Сафин мен Женя қужақ болатын. Қос қашқын полиция қызметкерінен құтылмасын сезіп, Абылайхан көшесі бойындағы аудандық баспахананың бетон дуалынан әрі қарай қарғып-қарғып, аула ішіне түсіп кетті. Майор Сәлімов сақтық үшін қашқындар секірген жерден емес, оншақты  қадам  әріректен ішке ырғып түсті. Сонысы абырой болған екен. «Косой»  секіріп түсісімен,  екі жүзді  жалаңдаған «финка» пышағын қынынан суырып, дуал түбінде: «сейчас твой час настанет, мент  поганый» деп күтіп тұрған болатын. Ойы: қуғыншыны секіріп түскен бойда, өзінің сенімді  әдісі - қос жауырын ортасынан қанды қаруын бойлата сұғып, жанын жаханамға жібере салу. Ойлаған қулық - жоспары іске аспағанына  намыстанған  қылмыскер ашудан булығып кетті. Пышағын кезеген күйі Батан Берікұлына  ұмтылып, ауызына әдеттегі үйреншікті сөзі де үйіріле кетті:

-  Твой час настал, мент поганый!

- Шабуылшының тұтқиылдан, көз ілеспес шапшаңдықпен тап бергендігі  соншалықты, полиция майоры әлігінде, дуалдан секірер кезде кабурасына салған тапаншасын қайтадан суырып та үлгермеді.  Ай жарығымен  суық қару «жарқ» ете қалды. Жолбарыстың ептілік, әбжілдік қимылымен Сәлімов артқа қарай ыршып түсті. Сілтенген пышақ оның денесіне дарымай, кеңірдек тұсынан зу етіп өте шықты. Ойпырмай,  ажал қаруының, кәдімгідей, «ыс-с» еткен  даусы  қандай суық еді! Бейне, улы жыланның шағар алдындағы жан түршіктірер ысылы дерсің! Талай жаттығуларда ерінбестен, таптауырынды етіп, көз ілеспес жылдамдықпен орындап жүрген тап осы тәсілі  болмаса, көп жылдардан бері ел тыныштығын қорғау жолына аянбай тер төгіп жүрген полиция майоры Батан Сәлімовтың  кеңірдегі қиылып, қызыл қанға бояла, қырылдып  жатуы әбден мүмкін еді.

- Ах ты, мент. Еще умеешь сопротивляться! – Ешкімге есе жіберіп көрмегендіктен, онысын өзі мақтан  тұтып жүретін «Косой» намыстанып кетті. Мысықша ырғып, пышағын екінші қайтара сілтеді.  Қарсыласы  қаруын  сілтеген сәтте  өзіне жеткізбей қағып  үлгерген Батан  оның  пышақ ұстаған оң қолын  самбо әдісіне салып қайырып жіберді. Қару үшін ғана емес, енді өмір үшін айқас басталды. Қылмыскер төбелестің сан түрін меңгерген әккі және дене күші мықты болғанымен, майор Сәлімовтың да қайрат - күші одан бір де кем емес. Ол сонымен қатар, қаруды дарытпау, қарсы шабуылдау, қорғану сияқты  жауынгерлік тәсілдерге  жетік. Бірін бірі еңсере алмай, итжығыс түсіп жатқан  тұста, Батан не болғанын түсініп те үлгермеді. Басына тиген ауыр соққыдан  аспан шыркөбелек айналып, бүкіл  дүние  төңкеріліп  жүре берді. Бұл – баспахана ауласында үйіліп жатқан отынның арасынан жуандығы білектей сойылды апыл - ғұпыл жұлып алып, арт жақтан мысықтабандай келе, майордың басынан құлаштай соққан  Евгений - Женя қудың ісі болатын.

 -  Молодой, а сильный и ловкий гад...- деп, ентіге, қырылдай сөйлеген Сафин Николай ес-түссіз жатқан полиция қызметкерінің  белдігіндегі  кабурасынан «макаров» тапаншасын  суырып, өз қойнына тыға салып, жемтіктесіне «кеттік» дегендей, қазандай басын оң жағына қисайта, иегін көтеріп ым қақты... 

                       

                         Он алтыншы тарау

 

       ...Жаз жапырақтары сарғайып, ағаш бұтақтарының иіні түсе солып, ішін ара қурай бастаған күрең күз. Сол күрең күздің бір кешінде Марко кешегі уәде бойынша сүйіктісі Мнираның хан сарайы іспетті кең де, жарық, шуақты шаңырағына ат басын тіреген. Әдеттегі өмір ағысы мен өздерінің тұрмыс жайынан көрі, қазіргі нарық заманындағы елдің жыларлықтай әлеуметтік жағдайын, қоғамдық қатынастағы өзгешеліктерді, әлемде болып жатқан ұлы өзгерістерді әңгіме етті. Өрмекші тоқыған тордай шырмалған халықаралық саяси жағдай мен «соғыс жүріп жатқан Сирия, Арабия мен Палестина елдеріндегі адамдардың ғана емес, өмірді жаңа бастаған жазықсыз жастар мен періште сәбилердің өлімі, дарияның тасыған суындай толассыз ағып жатқан қанның обал, сауабы кімге?» деген сұрақтарды тілге тиек ете әңгімелесіп  отырып, уақыт жарықтықтың түн жарымына таяп қалғанын әсте сезер емес.

            Мнира қыздың кең залындағы шымқай қара түсті емен столының үстінде қандай ғана тағам жоқ. Әдеттегідей қазақтың бренді – қазы - қарта мен жал - жая, көз жасындай мөлдіреген жеміс -жидек, ірімшік, жанарларды қызықтыра томпиған бауырсақ, қалаш - тоқаштарды көрген көз сүрінердей. Солардың ортасын ала, дастарханның сәніндей болып, жаңа жауған ақ қардай шишасы әдемі өрнектермен көмкерілген «Қазақстан» коньягының басы қылтияды.

Ол бар болғыры қанша әдемі болғанымен, ішіп жарытқан ешкім жоқ, екеуі де анда-санда, ішу ырымымен тиіп-қашып ерін тигізіп отыр. 

                Жұбайлар бар, әңгімесі таусылмас,

                Ал махаббат таусылмайтын,

                Таусылмайтын әңгіме – деп, ән жолдарында айтылатындай, бұлар әзірге жұбайлар болмағанымен, сол бір қызық та, ләззатты, жұбайлық бақытты шаққа жетуді аңсай тосқан ғашықтар емес пе?! Әңгімелері – әрине, махаббат әңгімелері қалай таусыла қойсын...

        -Мира, мен саған өміріме өзімнің еркімнен тыс, сыналап кірген жақсы жаңалығымды айтайын ба?

         - О, жақсы жаңалық деген жақсы нәрсе ғой, айтшы...

          -Сенесің бе, жаным, мен сенімен кездесіп жүрген жеті айдың ішінде өмірге, тіршілікке, жалпы қоғамдық қатынас пен дүниеге деген көзқарасым қатты өзгеріп кетті. Сенсең, өзімді мүлдем басқа адамдай сезініп жүрмін. Бұрындар өмірдің тек көлеңкелі жақтарын көріп, айналаға белгісіз бір қауіппен, сезікпен қараушы едім. Бар жақсылық атаулыны құнды дүниелермен, ақшамен, байлықпен және өзімді басқалардан күшті болып, үрейлендіру арқылы олардан бір сатыға жоғары тұру әрекеттермен байланыстырушы едім. Қазір, әсіресе, кейінгі екі-үш айдан бері, айнала табиғаттың бәрі құлпырып, басқа әдемі реңкке еніп, өзгеріп кеткендей сезініп жүрмін. Адамдар да, бұрынғыдай қатыгез емес, қайырымды, бірі – біріне жадырай күлімсіреп, еркелей, емірене қарайтындай көрінеді...

        -Құдай-ау, мына таңдана айтып отырғаның, менің басымнан өтіп жатқан жағдайдың қос тамшыдай көшірмесі ғой... – деп, қыз жігітін айқара құшақтай алды. – Мен өзімнің басымдағы тап осындай жәй - күйімді саған деген кіршіксіз таза, шексіз махаббатыммен, шынайы, пәк сезіміммен байланыстырып жүр едім. Бірақ, түрме ботқасының дәмін татқан, бұрын есік көрмесем де, күйеуде болмасам да, бейбақ зек – қызды, қызды емес-ау, кәрі зек қызды, осындай тепсе темір үзетін, намысты, әдемі, жігерлі жас жігіт не қылсын. Оны менімен қосып, жіпсіз байланыстырып тұрған нәрсе - екеуіміздің төсек қатынасындағы естен кетпес секстен алатын тәтті ләззат пен қуанышқа толы тән тояты ғана. Одан басқа ештеңе емес – деген оймен, ол сезімімді саған айтуға батылым бармай жүр еді...

        -Олай айтпақ түгіл, ондай опасыз ойды ойлаушы болма,Мнира! Сен бар ғой, мен үшін, өзің айтқандай кәрі қыз емес, көкорай көктем таңындағы жасыл жапыраққа тұнған таза да, мөлдір шықтай пәк бейнесің. Бейне емес – нағыз періштенің өзісің.  Мен сені шын сүйіп қалғандығымды біздің екінші рет кездескен кеште - ақ айтқан болатынмын. Сол сөзім – сөз. Алда, мейлі, қандай сын, қандай күндер туса да, сол ұстанымнан айнымақ емеспін...

       -Жаным, айбатты арысым менің. Менің босағадағы басымды төрге, төрге түгіл, аспанға асқақтата көтергеніңе, еш риясыз қадірлегеніңе мың да бір алғыс. Осындай құрмет - сиыңды қандай жақсылықпен қайтарарымды білмей тұрмын, мен бейбақ...

        -Қайтарымы сол – екеуіміздің сыйласымға толы достығымыз бен шынайы, асыл сезімдерімізді қасиетті неке сақинасын кию арқылы мәңгілікке бекітейік – деп, толқып кеткен Марко жасаураған жанарын жасылқай беторамалымен сүртіп тастады. Ендігі сәтте кәстөмінің ішкі қалтасына қолын салып, қынадай қызыл қапшықты шығарды. Қақпағын шырт еткізіп ашты да, шоқтай қызыл түсті, лағыз тасы торғайдың басындай алтын сақинаны сүйіктісінің сүйріктей әдемі саусағына, сондай ерекше құрметке толы, аса бір сүйіспеншілік сезіммен аялай кигізді.

       - Ертең, Құдайым бұйырса, «Неке сарайына» барып, некемізді заңдастырамыз. Одан шыға салысымен, ізді суытпастан орталықтағы ақ мешітке кіреміз де, ақ некемізді шариғат жолымен бекітіп, неке суын ішеміз. Кешкісін, қайсын қалайтыныңды өзің таңдап айтарсың, сол таңдаған ресторанға барып шампанмен «жуамыз». Содан кейін үйімізге барып, заңдылы, ақ некелі, бақытты ерлі - зайыптылар ретінде, «бисмиллә» деп, ақ төсекте басымызды қосамыз, алтыным...

       -Жаным менің! Бақытым менің! Жарық күнде адасып жүрген шағымда жабырқаған жаныма жамау болып, қолдау көрсеткен, тағы қайталап айтам, босағадағы басымды төрге шығарған арыстаным менің! Мен сендікпін! Сенімен мәңгі біргемін, Марко! – деп, өксіп -өксіп жылап жіберген қыз біразға шейін солығын баса алмады. Жігіт болса, жанына балаған аруының жібектей шашын аялай сипап, оның өмірде көрген нелер қиындықтарынан туындаған өксікке толы күйінішін, көз жасын көлдете төгу арқылы сабасына түскенін қалап, асықпай, сабырлықпен күтіп отыр.

        Сүйіктісі сабасына түсті-ау деген сәтте, ойлы көздерін қыздың бетіне, сондай бір қимас, ыстық сезіммен аялай қарап:

               Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,

               Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.

               Ояту былай тұрсын, рұхсат жоқ,

     Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.

     Ұйықта балам, ұйықта бөпем, қасыңдамын.

      Керек емес, дүния, асылдарың.

      Бақыт, байлық барлығы менің үшін,

      Сенің бір кеп мойыныма асылғаның.

       Қандай ғана анадан туады адам,

       Сәбилердің ұйқысын қуалаған.

       О,тыныштық!Тыныштық қандай рахат,

           Қандай рахат сәбилер жыламаған...- деген жыр жолдарын ерекше толқыныс көңіл-күймен оқып шықты.

   -О, мынау менің сүйікті ақын ағам Мұқағалидың «Бесік басында» атты жыры ғой - деген қыз өлеңді әрі жалғастырды.

        Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,

        Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.

        Кім болсаң, ол бол, мейлі, рұхсат жоқ,

        Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге! – деп, өлеңнің соңғы          шумағын жаны тебірене орындап, жігіт жүзіне барлай қарады.

        -Жаным, өлеңді өте жақсы, беріліп, мәнеріне келтіре оқиды екенсің. Енді менен: «Неліктен Мұқағали ағаның «Бесік басында» өлеңі ойыңа түсті» – деп сұрамайсың ба?

        -Ия, сұрайын, сен айта ғой, жаным...

        - Тағы сол Мұқағали ағаның: «Солай да, солай, қарағым, отыздан асып барамын» деп жырлағанындай, отыздан асып, қырыққа қарай қадам басқан менде әлі ұрпақ жоқ. Құдайдан тілеп, маған басы қазандай бір ұл туып берсең, сүйіктім...

«Махаббат» атты сиқырлы күшті менің жүрегіме жіберу арқылы, мені қатыгездік қасиеттен ада қылып, жаныма мейірім шуағын шашқан Аллама мың тәуба айтамын. Мен сені сүйіп қалмасам, сол қылмыскер күйімде жазықсыз елді зар жылатып жүре беретін едім. Тағы да қайталап айтам, жүрегіме махаббат отының ұшқынын түсіріп, саған ғашық аткен құдайға шүкір!

   -Ой, менің ақылды арыстаным, әмин! Айтқаның айдай келсін. Сенің көшірмеңдей, өзіңнен аумай қалған ұлыңды туып беріп, АНА атанып, зор бақытқа бөленсем, арманым болмас еді. Одан кейін, тіпті, өліп кетсем де еш өкінбес едім...

  -Қой, Мниратай, жаман сөз айтпа! Біздің одан кейін туатын ұл - қыздарымызды өсіріп, немере сүюіміз керек...

  -Әмин! Айтқаның келсін, арыстаным!

   -Әмин! Әмин!

  

                                хххххххххххххх

 

 -Марко, алтыным, екеуіміз де түрме өлеңдерін оқып, зона әндерін гитарамен орындаудан басқа, тіршілігінде қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап:

            Белгілі ермек үшін жыр жазбасым,

            Ермек десе, ел, мейлі, тыңдамасын.

            Өтсем болды арқалап адамдардың.

                       Қуанышын, шаттығын, мұң-наласын - деп жырлап өткен Мұқағали ағамыздың поэзиясымен да ауырады екенбіз ғой. Қандай сәйкестік! – деген қыз сүйіктісін құшақтай алды. –Мен мектептегі бала кезімнен Мұқағалидан басқа, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» Ордені, тағы да басқа көптеген Орден, медальдардың иегері, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент - мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақыптың, Жарасқан Әбдірәштің, Ғалым Жайлыбайдың, айдынды Алакөлден түлеп ұшқан аңқылдақ, қарапайым және жайдары мінезді Ахмет аға Кендірбектің, атақты ақын және сазгер Мұхтар Шахановтың, Фарида, Марфуға мен Аққұштап апаларымыздың лирикалық өлеңдерін сүйіп оқып, жатқа айтатынмын. Көптеген қасиеттер екеуімізге ортақ  және тағдырымыз да қос тамшыдай ұқсас болып шықты ғой... – деген қыз жігітінің бетіне қыйыла, сұраулы жүзбен қарай қалып, сөзін әрі жалғастырды.

     – Марко, «өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы. Қиыннан қиыстырар ер данасы» деп, ұлы хакім Абай атамыз айтқандай, поэзияны жақсы көреді екенсің. Бала кезде өзің өлең жазуға талпынып көрген жоқсың ба, жаным?

 -Құдай-ау, бала кезден ұры - қары, бұзақы боп, зоналар мен түрмелерді түгендеп, адақтап жүрген зектен қандай ақын шықпақшы. Бірақ, жаман жолға түсе қоймаған оқушы кезімде Оспанхан, Оспанәлі, Шона ағаларымыздың сықақ өлеңдерін, кәдімгідей, сахна төрінен келістіре орындаушы едім.

      -Марко, бүгін екеуіміз, терең сыр ақтарып, пікір бөлісетін ерекше күн болатын сияқты. Творчестволық қана емес, өзіміз өмір сүріп отырған қоғам, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы, ел қауіпсіздігі  мен ұрпақ тәрбиесі жайында сыр шертіссек. Өйткені ерлі - зайыпты болып, жанұялық өмірде солардың бәрі – қоғамның бір мүшесі ретінде, екеуімізге де ортақ мәселелер. «Ақылдасып пішкен тон – келте болмас» деген тәмсілді ата – бабаларымыз бекер айтпаған болар...

       -Ақылыңнан айналдым, жаным. Сен өте дұрыс айтып отырсың. Зектік өмірімде менің елдің тағдыры мен болашағын, ұлт қауіпсіздігі мен ұрпақ тәрбиесі туралы ойлауға мұршам қайдан бола қойсын. Түнеу жылдары Президент Назарбаев:

       «Біз  әлемнің  түпкір - түпкіріне  тарыдай  шашылған  қандастарымызды  жинау  үшін  тәуелсіздік  жылдарынан  бері  көп  әрекет  жасап  жатырмыз... Мен  отандастарыма  әруақытта  сол  оралмандарға  қамқор  болу  керектігін,  қолүшін  беру  керектігін  баса  айтып  келемін» деп жақсы бір сөз айтқан еді.

Қазақта: «Көп қорқытады, терең батырады» деген тәмсіл бар.

Яғни, біз неғұрлым көп болсақ, сол құрлым еліміздің қорғаныс саласы нық, күшті де, әлеуетті болмақ.

        Біздің халқымыздың санын, әсіресе, елдің, жердің иесі -  қазақ ұлтының  санын  көбейтудің бірден - бір  жолы -  Кеңес  Одағының  сұрқия  саясаты  нәтижесінде  жер  бетіне  тарыдай   шашылып  кеткен  қандастарымызды  тарихи  Отаны  -  Қазақстанға жинау.  Әлемнің   түпкір - түпкіріндегі  қазақтың  саны  ғалымдардың  айтуы  бойынша  бес  миллионнан  астам  екен. Бұл  дегеніңіз  біздің  еліміздегі  қазақтардың  санының  ширегіндей - алапат  күш-қой. Жаңа ғана  «көп  қорқытады,  терең  батырады»  тәмсілін  алға тартып,  «халықтың  санының  артуы  -  ел  қауіпсіздігі,  яғни   қорғаныс  қабілетін  арттыру»  деген  ой    білдірген  едім.  Шындығында  да  солай  емес  пе?!  Бұл  медальдің  бір  жағы.  Екінші  жағы -  тіліміздің, діліміз бен  дініміздің, ұлттық  қасиеттеріміздің  таза қалпында  сақталып,  сол рухани  ұрықты  орысқа  айнала  бастаған  елімізге  сеуіп,  қазақиландыратын  қайнар  бұлақ - оралман   бауырларымыз. Мысал   үшін  айта  кетейін:  түнеу  жылдары – нарық  экономикасы  енді  басталған  шақта  Алматыдан  ҚазМУ-дің  журналистикасы факультетін  бітіріп,  облыстық  «Жетісу»  газетінде  тілші  болып  істеп  жүрген  Ербақыт  Нүсіпұлы бауырымыздың  шақыруымен, нағашы ағам Сәмет  Монғолстанның  Баян-Өлгей  өлкесіне  осы  газет  редакторының  орынбасары,  қоғам  қайраткері – марқұм  Қанат  Асқар  досымен  барып  қайтқан  еді.  Міне,  сонда  шетелде  жүрсе  де  тілі  мен  ділін  сақтаған,    ұлттық  болмысымызды  жоймай,  өнерді  де,   нарық заңына  сәйкес  кәсіпкерлікті  де  меңгеріп  үлгерген  қандастарымыздың  білім-қарымына,  намыс-қайратына  тәнті  болып келген еді. Баян - Өлгей ғана  емес,  Қытайдан,  Түркия,  Өзбекстан  мен  Қырғыздар елінен туған Отанымызға  оралған  оралман  бауырларымыздың  да  қиындықпен  күресе  білетін  қажырлы,  өмір  сүруге  бейімделе  алатын  әмбебап,  еңбекқор,  діліне  берік  жандар  екендігіне  қазір  көзіміз  жете  түсті. Квотамен  келгендері  бар,  өз  қаражаттарымен  оралғандары  бар, солардың  көпшілігі  елімізге  келе  сала  жергілікті  тұрғындарға  өмір  сүруге   бейімделу  мен  еңбекқорлықтың  ерен  үлгісін  көрсетіп-ақ  жатыр.  Мәселен, өзім білетін Алматы облысының Қаратал  ауданындағы  Айбек Асқабыл,  Шеберкүл  Қанай сынды  кәсіпкерлер, ұлағатты ұстаз Кәртеңбай  Төлеу, талай жандарды ажалдан құтқарған  дәрігер  Валия Дөтей, мемлекеттік  қызметкер Андрей Зақан, тағы басқа сол  сияқты еңбеккер  оралмандар  аудан  экономикасын көтеріп,  халыққа  қызмет  көрсету саласында  алдыңғы шепте екендігіне, зек болсам да сүйсінген едім.

       -Мәке, осы жерде сенің сөзіңе мен бір ой – пікір қосайын. Шіркін - ай десеңші, жаңағы өзің айтып отырған осындай  бауырларымыздың  үлгілі  істерін  «бәрекелді!»  деп  қолдап,  сүйсініп,  ризалық  білдірудің  орнына:  «мына  «монғолдарың»  құтырды»,  «қытайлықтарың»  жерді  де  алып,  мал-жанын  молайтып,  жергілікті  бізден  озып  кетті»  деп  күстәнәлап,  қызғанып, көрнеу іштарлық  танытып  жатқанын  қайтейін! Жоқ  болса - бере  алмайтын,  бар  болса  - көре  алмайтын,  озып  бара  жатсаң - аяқтан  шалатын  қайран  қазағым-ай! Ұлы  Абайдың  жігерін  құм  етіп,  жанын  ауыртып,  қартайтқан  да  біздің  осы қалыпқа сыймайтын қыңыр қылығымыз - ғой...!

      Сөзді  көбейтіңкіреп  жібердім бе,  менікі  әйтеуір,  шет  елден  «Отаным»,«елім-жерім», «қазағым»  деп  келген  қандас  бауырларымызға  неғұрлым  қамқор  болып,  жанашырлық  танытайық. Өзімізді  өзекке  теппейікші! - деген  ізгі  ниет-қой.

       -Жаным, сол кездегі Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Нұрлы көш»  бағдарламасының мақсат - мәні сол оралман  бауырларымызды  тарихи  Отаны – Қазақстанға  неғұрлым  тезірек,  молырақ  тартып,  қазақтың  басын  өз  жеріне  топтастыру  екендігі  түсінікті.  Алматы  облысына  алыс, жақын  шет елдерден  20 мыңға  жуық  отбасы  қоныс  аударған  екен.  Бұл  сан - тәуелсіздік жылдарындағы  елімізге  бір  миллионға  жуық  қоныс  аударған  оралмандардың үштен бір бөлігін  құрайды.  Дәлірек  айтсам, ресми  дерек  бойынша  облысымызға   113675  оралман  қоныстанып,  олардың  90%-ға  жуығы  Қазақстанның  азаматтығын  алыпты.  Оралман бауырларымызды  облысқа  тарту,  оларға  қамқорлық  таныту  ісінде,сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік  Үмбетовтың  ұлттық  құндылықтарды  құрметтеу,  салт-дәстүр мен  бабалар  жолын  жалғастыру  сияқты  ұлтжандылық  қасиеттері  мұрындық  болып  отырғанын  аңғару  қиын  емес.

              Құдай  бұйырса,  шет елдердегі  қалған төрт  миллионнан  астам  қандастарымыз  «Нұрлы көш»  бағдарламасымен  тарихи  Отаны – Қазақстанға  келіп,  ауылдарға  шоғырланса,  жан  басы да,  мал  басы да  көбейіп,  халқымыздың  саны  артып,  ел  қауіпсіздігіне  кепілдік  күшейер еді.

       -Мниратай, ел қауіпсіздігінен бөлек, олар қоныстанған қазақ  ауылдары  көркейіп,  ауылшаруашылық  кешені  дами  түсер  еді. Міне, жаңадан сайланған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шеттен келген оралман бауырларды бөліп-жарып шеттетпес үшін арнайы Заң шығарды. Енді оларды «оралман» деп емес, «қандас» (яғни бауырлас деген мағына ғой)деп атайтын боламыз. Әрине, ауылшаруашылығы дами түссе, Қытайдың  тастай  қатқан  алмасын,  өзбектің  өне  бастаған  қызанағы  пен  сәбізін,  орыстың  жұғымсыз  шемішке  майын  3-4 есе  бағасына  сатып  алмай,  бәрі  өзімізде  жеткілікті  өсірілетін және  өндірілетін  болады.  Сол  елдерге   кетіп жатқан  миллион-миллиардтаған  қаржы  Қазақстанның  айналымында  қалып, еліміз экономикасының өркендеуіне қызмет етер еді.  Ауылдың  әлеуметтік  жағдайы  жақсарғанда,  ауыл  жастары  қаладағы   «жетім  бұрыштарда» сүмірейіп,   баспана  іздеу, базарда  арба  сүйреу  азабынан  құтылады.  Қыздарымыз «көтеріңкі  жалақы»  іздеп,  тағы  сол  қалада  кім  көрінгеннің  мазағы, жаялығы  болудан  арылады. Жас мамандар  ауылда  тұрақтап,  жанұя  құрып,  Мақаш  Тәтімов  көкеміздің   «көк  көрпесі  көтеріңкі,    тынымсыз  бүлкілдеп», демографиямыз  жақсарады. Сонда ғана көш көлікті де, көрікті  болып, ауыл шынайы  мәнісіндегі  алтын  бесікке  айналады. Ия, «Нұрлы көшіміз»  нұрлы  болғай...!

       -Мира сүйіктім, мен газет - журналдарға арнайы жазылып, күнделікті оқып жүретін тұрақты оқырманы болмасам да, уақыт болғанда газет тарататын дүңгіршектен сатып алып оқимын. Алдыменен не бар, не жоғын шолып шығып, өзіме ұнаған мақалаларды зейін қойып оқимын. Міне, сол БАҚ – тарда елімізде суицид  деген  бір  сұмдық дерттің жылдан жылға көбейіп бара жатқанын дабыл етіп көтеруде.

Бесіктен белі жаңа ғана шыққан оқушы балалар мен енді бойжетіп келе жатқан жаөспірімдердің өз еріктерімен өмірмен қош айтысып жақандығын естіген, оқыған кезде төбе шашым тік тұрады. Әсіресе, елімізді, жерімізді қорғайды деген әскердегі сарбаздардың әртүрлі себептермен асылып, атылып өз өмірлерін қиып жатқан фактілері жиілеп кеткен жоқ па?! Не болып барады бұл заман? Не деген сұмдық бұл?!

        -Марко, жаным, суицид, өлім туралы ештеңе айтпашы, мен қорқамын. Ондай қорқынышты жағдай өз басымнан өкендіктен бе, сол тақырыпта сөз қозғалса болды, ойымды үрей билеп, тізелерім қалтырап, денем мұздап шыға келеді...

       -Жақсы, айналайын. Көңіл-күйіңді бұзып жібергенім үшін кешір. Ендігәрі тек жақсы, көңілді тақырыпқа, әсіресе, жас сәбилер туралы әңгіме айтамыз, жаным...

 

              

                                Он жетінші тарау

 

    ...– Құтылуларына мұрша бермеңдер! Қолдарында қарулары болуы мүмкін, сақ қимылдаңдар! - Жан ұшыра жүгіріп келе жатқан полковник Бекенов әріптестеріне ескерту жасап үлгерді. Жан – жаққа бытырай қашқан қашқындардың ішіндегі ұзын бойлысын бозамық тартқан болымсыз ай жарығымен байқап қалып, соның соңынан салды. Бұл қашқын қылмыстық топтың нән басшысы, «Колька косой» кличкалы атақты бандит Николай Сафин болатын.

Ол өзінің соңынан қуып келе жатқан қуғыншыны байқап қалып, жүгірісін үдете түсті. Қолға түссе құритынын сезіп, қақпанға түскен қорқау қасқырдай аласұра жүгіріп келеді...  «Мент поганый! Хрен ты меня догонишь. Если не отстанешь, скорее всего пулю в лоб получишь. Этого я железно обещаю. Не таких я перевидал в своей зековской жизни... » - деп, тістерін тістене  шықырлатқан күйі бағытын өзгертіп, алдағы көлденең жатқан көшеге түсті. Сасқалақтап келе жатып, әлсіз болса да, электр шамдары бар көшеге  түсіпті. Жарықтан қорқып, тек қараңғы түсе ұшатын жарқанат құсап, электр жарығынан шошып кетті. Елу шақты метр өткен соң, алдағы қараңғы бұрылысқа кірген ол жүгірісін бұрынғыдан да қатайтты. Ал дегенде үдеткенімен, күнделікті жеңіл-желпі денешынықтыру жаттығулары мен ұрыс тәсілдерін тұрақты түрде қайталап жүргені болмаса, тер шығарып жүгірмеген соң тез алқынып қалды. Қиналып, екі өкпесі сырылдай ентіккен ол сасқалақтайын деді. «Оп-оңай ғана алдыратын қояның мен емес, ментуха...» деп ойлады. Ырс-ырс ете тынысы тарылып, жүгірісі ауырлай түсті. Амалсыздан шапшаңдығын бұрынғыға қарағанда ақырындатуға тура келді.

     ...Полковниктің өз ойы, өз жоспары бар. Осындай, қашқынның соңынан түсіп қуған жағдайы бірінші рет емес. Қашқан адам қуғыншыға қарағанда тез шаршайды. Өйткені, қолға түссе, саудасының бітетінін жақсы білгендіктен, сасқалақтап жүгіреді. Сасқалақтау мен қорқудың  нәтижесі біреу - болдыру.

       Қырағы көздері алдағы ұзын бұт, сорайған бойлы қашқында  болғанымен, ойы мен есі дерті сасқалақтамай, бірқалыпты жылдамдықты сақтап, салқынқандылықпен  еріп отыру. Сол арқылы қарсыласын шаршатып, болдырту. Болдырған адамның күші кететіндіктен әлсіреп, көпке шыдамайтындығына бұрындар, тап осындай қуғын кезінде көзі анық жеткен...

        Сөз артылмаған қазекемнің: «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген тәмсілі қалай дөп басып айтылған десеңші! Қылмыскерді қуып келе жатқан қысылтаяң кезеңнің өзінде полиция полковнигі Еркін Бекеновтың көк дөнендей жүйрік ойы сонау Қарағанды жоғары милиция мектебінің курсанты болып жүрген кезіндегі екі күннің бірінде он, он бес шақырымға кросс жүгірген кездерді шарлап кетті. Мектептегі оқушылық шақтан ұзақ қашықтыққа жүгіруді жаны сүйіп, шыдамдылыққа, шаршаса да, соңына дейін күресетін дағдысы курсант кезінде көп көмегін тигізген. Бірнеше рет өзі оқып жүрген жоғары милиция мектебінің намысын қорғап, қырық екі шақырымдық марафонға қатысқан. Қара көбейткен көптің бірі болып емес, бір рет жарыс додасында спорт мастері атақтары бар танымал марафоншыларды артқа тастап, жеңіс тұғырына көтеріліп, алтыннан алқа тақты. Спорттың аты спорт емес пе, бірде озсаң, енді бірде бабың келіспесе, қалып қоятын кездер болады. Бірақ, Еркін жарыс көшіндегі желаяқтардың соңында салпақтап көрген емес. Рас, ылғи болмаса да, күзгі марафонның бірінде жеңіске жетіп алтын медальды, басқа жарыстарда күміс, қола медальдарды жеңіп алып, милиция мектебінің аты мен абыройын аспанға асқақтатты. Күнделікті таң бозынан жүгіру, дене шынықтыру жаттығуларын жасап, мұздай сумен жуыну әдеті сол кезден қалыптасып, қанына сіңіп кеткен. Әрине, сол талмай жүгіру, спорт залында ақ тер, көк тер болып жалаңаш қолмен бокс грушасын соғып, құм толтырған мешокты тепкілеген жаттығулары бойындағы осы шыдамдылыққа, салқынқандылыққа тәрбиеледі. Күшіне күш қосып, батылдық пен жігерлік қасиеттерін шыңдай түсті. Ең бастысы, спорт жарықтық қандай қиын - қыстау кезең туған сәттерде де қаймықпай, саспай, сабырлық танытып, бірден бір дұрыс шешім қабылдай алатын рухы биік, жүйкесін темірдей етіп қалыптасу деңгейіне көтерген еді. Әрине, сол асыл қасиеттердің бәрі қызығынан қиындығы, зейнетінен бейнеті, рахатынан машақаты мол саналатын ел тыныштығын, халықтың алаңсыз ұйқысын күзету саласының қайтпас, қажымас жауынгерлері үшін ең қажетті де, басты асыл қасиет екендігі дау тудырмас. 

     ...Түнеу жылдары ғой, ол кезде шені капитан, көрші ауданда қылмысты іздеу бөлімінің бастығы лауазымында қызмет істеп жүрген кезінде, неше рет сотталған әккі қылмыскердің соңына түсіп, тап осындай ұзақ сонар қуғын жасағаны.

      Сол қуғын кезінде өзіне деген сенімі мол Еркін Елемесұлының салқынқандылықпен, бір қалыпты жылдамдықпен қылмыскердің соңынан еріп отырған кездегі эпизод полковниктің көз алдынан көлбеңдей өте берді.

       ...Қашқынның әбден діңкесі құрып шаршағандығы сонша, екі иінінен ентіге дем алып, құрғаққа шығып қалған балық құсап ауызын ашып, әлі құрып,  қара жерге жантайып жата кетті. Капитанға қарсыласу қайда, өз басымен қайғы боп, келесі сәтте сол сұлық түсіп жатқан жерінде  лақылдата қызыл қан құсып-құсып  жіберді. Артынша: «твоя взяла» деді өлімсіреген дауысы тамақ түбінен қырылдай шығып. Әбден болдырып, титықтап жатқан қылмыскердің қолдарына кісен салу Еркінге еш қиындық тудырмаған болатын. Міне, үздіксіз денешынықтыру, спорт атты сиқырлы өнермен өзіңді аямастан, талмай айналысу мен ерінбей еңбектенудің адам баласына тигізер пайдасы.

       ...Алдындағы ұзынтұраның діңкелеп шаршай бастағанын алқына демалғанынан сезген полковник: «қаш-қаш, қаншаға шыдап, қашанға шейін күш-қуатың жетер екен?!» деп ойлады. Келесі сәтте қашқын бағытын шығыс жаққа қарай бұрып, Қаратал өзенінен айырып салынған канал бойымен жоғары қарай, оңтүстікті бетке алды. Енді біраздан кейін, қашқын оң қолын көтеріп, сол жағына қарай әлдедеңені лақтырып жібергендей болды. Артынша, канал суының «шолп» ете түскен дыбысы естілді. «Құлаштай лақтырып жібергені пышақ па, жоқ әлде басқа қару ма? Ә бәлем, жан керек екен саған. Қазір қолға түскен кезіңде қойыныңда қарудың болмағанын, сол арқылы жеңіл баппен сотталуды қалаған түрің ғой. Бұл оңбаған  сұмырай суық қару ұстағаны үшін де қосымша бап пен соған орай мерзім қосатынын, әрине, бес саусақтай біледі....»

       Бұлай ойлағанымен, полковник Бекенов әлігіндегі қым қуыт қуғын кезіндегі арпалыста, басынан соққы алып, дуал түбінде ес-түссіз жатқан майор Сәлімовтың «Макаров» тапаншасын, өзінің алдында жанталаса қашып бара жатқан қашқынның қолға түсіргенінен бейхабар болатын. Әккі, қасқыр сынды залым қылмыскердің айғақ қалдырмас үшін өзенге «шолп» еткізіп лақтырып жіберген жаңағы заты әріптесінің сол тапаншасы еді.

        ... «Мына бәлекетіңнің мықтысын. Қанша уақыт жүгірдік, демалысында ентігудің белгісі де жоқ. Бұдан әрі қаша берсем, әлсіреп, әбден болдырған кезімде погон таққан пәлекет мені қалпақпен ұрып алатындығы анық. Жолын тосып, қас дұшпанымды қасқырша қасқая тұрып қарсы алғаным дұрыс болар...»

       Осы ойға бекінген Сафин жүгірісін тежеп, қалт тоқтады.

       -Давай, мент поганый. Торопишься на свою неизбежную смерть. Давай! Посмотрим кто кого возьмет...!» - Екі қолын кеуде тұсына ұстап, боксерлар стойкасына тұра қалды.

       -Сопротивляьтся безполезно. Лучше по хорошему сдавайся! – Еркін де дәл сондай стойкаға тұрып, қорғануға әзірленді. Екеуі де қарсыласына тесіле қарап, арбасқан жолбарысша қимылсыз қалған. «Қас дұшпандарыңның бет - жүзін анықтап байқап алыңдар» дегендей, бұлт астынан толықси шығып, алтындай шуағын аямай шашқан айдың сәулесінен екеуі бірі-бірінің түрін анық көрді. Аралары бар-жоғы бес - алты қадамдай ғана қашықтық болса, анық көрінбей қайтсін. Ұзын бойлы, тарамыстай қатқан қашқынның қан -сөлсіз, сұп-сұр болған бетінен ештеңеден тайынбайтын қатыгездік пен қаныпезерлік көрер көзге анық байқалады. Қорқау қасқырдың ызғарлы көздеріндей өткір жанарынан от - жалын шашырап тұр.

     – Давай, мент, начинай первым. Если я начну ты зашищаться не сможешь... Давай, действуй!

      -Посмотрим, кто кого возьмет... – Полковник бокстағы өзінің үйреншікті тәсілімен жеңіл ырғып қарсыласына жақындады да, ұзынтұраның иегінің астынан періп жіберді. Ұра салысымен, қарсыласы қарсы соққы жасайтынын сезіп, жаңағы шапшаңдықпен арт жаққа қарай қайта ырғып түсті. Ойлағанындай тура болып шықты.  «Косой» іле – шала оң қолымен Сәлімовтың бетін көздеп салып жіберді. Артқа шегініп үлгермегенде, кім біледі жағдай қалай боларын, қарсыластың жойқын соққысы бет тұсынан «ыс–с – с» еткен жылан ысқырығындай дыбыс шығара зу ете түсті.

      –Ах ты, мент поганый! Оказывается умеешь бить. – Ешкімнен  беті қайтып көрмеген Николай емес пе, иек астынан тиген ауыр соққыдан кейін қашықтықтан соғысуға болмайтынын ұға қойды. Полковник Сәлімовтың екінші қайтара соққысын өзіне дарытпай бұғып үлгерді де, екеуі қоян қолтық алыса кетті. Арасында сарт-сұрт соғысып, ырс-ырс етіп жұлқыса арпалысқан екеу жан алысып, жан берісе шайқасып жүр. Бірі бейбіт халқының алаңсыз тыныш ұйқысы мен қауіпсіздігін қорғау жолында қатыгез қылмыскермен арпалысса, екіншісі қарақан басының пайдасы мен қу құлқынының қамы үшін қапы қалмай жанталасуда. Сол құлқынның құлы болып, қарапайым халыққа қорқау қасқырша тиіп жүрген, тонау, ұрлау, қорлау мен зорлау қылмыстары үшін әділ заңның алдында жауапқа тартқызып, тиесілі жазасын бергізу үшін тәртіп сақшысы басын бәйгеге тігіп, қорқау қарақшымен жанталаса айқасуда...

         Погонды азамат үстемдік ала бастаса, қасиетіңнен айналайын, алтын ай  аста - төк қуанышын білдіргендей жадырап, алтын шуағын жарқырата молынан шашуға тырысады. Жұлдыз жарықтық та күміс сәулесін күлімсірей төгіп, қуана жымыңдайды. Табиғат – ана бір Жаратушының құдіретімен жақсыны да, жаманды да айыра білетін тамыршы емес пе?! Әрине, ондай құдіретті бірді - жарлы бәзбіреулер білгенімен, бәріміз біле бермейміз ғой...

      ...Қоян қолтық арпалыста бірі екіншісін илектей бастаса, жан беру оңай болсын ба, қарсыласы ышқына жан таласып қарсыласын аударып тастап, өзі үстемдікке ие болып, үстіне шығады. Қанішер «Колька косой» түрмеден түрме адақтап жүріп, жекпе-жек шайқастың сан түрлі әдісін әбден меңгеріп алған әккі қу емес пе, полковник сондай бір айқас үстінде қорқаудың астына түсіп қалды. Салалы саусақтар Еркін Елемесұлының кеңірдегін сығып, тұншықтырып барады. Әлсіреп, бойынан күш кетіп бара жатқанын сезген полковник Сәлімов жандәрмен қимылмен арпалысып жатыр. Алаштың «елім, жерім, қазағым» деп, сол жолда жанын қиған аяулы да, ардақты тұлға, қаламгер Сәкен Сейфуллиннің «Банды қуған Хамит» повесіндегі Хамитше, қайратты аяқтарын бауырына таман жиыра тартып, дұшпанының кеуде тұсынан ышқына, қос аяқтап, аса қатты тартылған садақ адырнасындай серпе тепті. Артынша, қатты тепкінің тегеуірінен, үстінен ауып қалған қарсыласына арыстанша атылып, үстіне атша мініп алды. Қарсыласының  босаңсыған сол сәтін пайдаланып, бар күшін жинап оң қолының қырымен хас жауының көк желкесінен осып жіберді. Өте дәл, жойқын күшпен ұрылған соққыдан «Косой» жаны шыққан жылан құсап сылқ ете түсті. Дұшпаны есін жиып, қайта күш алып кетпес үшін жаңағы сұмдық соққымен екінші қайтара қақырата ұрып үлгерді. Кителінің ішкі қалтасынан тастамай, үнемі салып жүретін шағын ғана темір кісенді алып, «жыланды үш кессең де, кесірткідей қауқары бар» демекші, әлсіз болса да қимылдай бастаған қорқаудың қолдарына шырт еткізіп сала қойды. Сөйткен соң ғана бойындағы күші сарқыла әлсіреген полковниктің көздері қарауытып, жер - ананы құшақтаған күйі жантайып жата кетті...

 

                                             хххххххххххххх

 

 ...Полковник Бекенов бүгінгі айқастан қанша шаршап тұрса да, «темірді қызған кезде» өзі уақыт өткізбей сұраққа алуға бекінді. Өйткені, әккі қылмыскер өз «шкурасын» сақтау үшін, неше түрлі қитұрқылықтарды ойлап тауып, бұлтаққа салатынын жақсы біледі.

 Бір емес, екі бірдей айдауыл – конвой қолы кісендеулі қылмыскерді сұрақ алу бөлмесіне алып келгенде, сағат тілі үштен асып, таң бозамықтана атып келе жатқан еді.

Еркін Елемесұлы қандай жағдайда, қаншалықты қауіпті қылмыскер болмасын, сұрақ алу кезінде шынайы адамгершілік пен кең пейілділік ұстанымынан ауытқып көрген емес. Өйткені, қылмыс жасап, тұтқынға түскен жандардың да өзіміз сияқты адам екендігін естен шығармай, тең дәрежеде, қарапайымдылықпен сөйлесуді дұрыс деп біледі және солай жасайды да. Кей адамдар әлдебір себеппен шалыс басып, тергеуге түскенімен, адамшылығын жоғалтпаған, түсінігі мол жан болуы әбден мүмкін. Келеңсіз жағдайға ұрынып, онсыз да өкініп, қиналып отырған жанға зіркілдеп, өзіңнің қызметтік артықшылығыңды көрсетіп, кемсіте сөйлеу арқылы оның намысына тие беру – адамшылық қасиетке жатпайтындығын сонау курсант кезінен жадына берік түйіп алған. Екіншіден, «жылы - жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деп қазақ аталарымыз айтпақшы, шынайылықпен, адамша жылы сөйлесу арқылы тергеуге түскен жанның қылмысқа қалай, неліктен барғанын және оның сыбайластары кім екендігін жасырмай айтқызуға болатындығына өз тәжірибесінде көзі әбден жеткен. Сол үйреншікті әдеті бойынша, алдымен айдауылға:

 -Күдіктінің қолдарындағы кісенін шеш - деп, нұсқау берді де күдіктіге сыпайылықпен «отырыңыз» деп, еденге шегеленген темір орындықты көзімен нұсқады. Бұдан біраз уақыт бұрын, камераға әкелген бетте күдіктінің аты-сойын анкеталық параққа толтырған кезде біліп алған полковник Еркін Бекенов:

-Ал, Николай Петрович, шаршаған жоқсыз ба? Сіз бағана мені қатты састырдыңыз және әбден шаршаттыңыз – деп, жылы шыраймен оның бетіне күлімсірей қарады. – Сонымен, сіз екеуіміз ашық әңгімемізді неден бастасақ екен...?

-Мен адвокатсыз бір ауыз сөз айтпаймын және атып жіберсеңіз де ешқандай сұраққа жауап бермеймін...

-Дұрыс, ол сіздің заңдылы құқыңыз – деген полковник үстөлдің астыңғы жағында орнатылған тетікшені басты. – Әли Айдарбекұлы қазір адвокатты маған кіргізіңіз.

 Артынша айдауылмен бірге ұйқысы шала болғаннан ба, жоқ әлде «ақаңнан» көбірек жұтып қойған ба, көздері кілмиіп, бет-ауызы шалбар-шалбар болып тырысқан адвокат Сабырханов бөлмеге кірді.

-Жоқ, маған бұл адвокат қажет емес. Басқа адвокат табыңыз.

-Ия, заң боынша адвокат таңдау да сіздің құқыңыз. Бірақ, ол қазір мүмкін емес. Жұрт ұйқы құшағында. Ертең көңіліңіз қалаған адвокатты шақыртып бере аламыз.

-Жақсы, бастық мырза. Менің құқығымды бұзбағаныңыз үшін рахмет. Таңертең басқа адвокаттың қатысуымен жауап беремін.

...Бүгін, міне, қай жерде қызмет істеп жүрсе де, «мен бастықпын» деп шіреніп, шаруаны қол астындағыларға тапсырып, қадағалап қана отыруды білмейтін Еркін Елемесұлы күдікті Николай Сафиннен жауап алып отыр. Тағы да сол кез келген операцияға ойланбай кірісіп кетіп, «темірді қызған кезде» соғатын әдеті бойынша, бұрын сотталған бірнеше күдіктілерді сұраққа алды.

  Сұрақ алған кезде өзінің көп жылғы тәжірибесіндегі: іздердің фото түсірілімі, заттай айғақтар, куәләр мен күдіктілерді беттестіру, тағы басқа тергеу құпияларын көпшілікке жария етуге болмайтын ескі әдістердің, қолға жиналған фактілердің бәрін пайдалана отырып, ойқастай, жаңылыстыра сұрау барысында, пәтшағарлар қалай бұлтақтаса да, екі бірдей күдіктінің сөздерінен ши шығып, шикілігін аңғарып қалған. Енді олардың, бөлек камераларда отырғанымен, әртүрлі қитұрқылықтар арқылы хат алмасып, өзара келісіп, ақылдасып алмауы үшін әрекет ету керек. Әрине, олай етпесе, тіс қаққан қулар сол мүмкіндікті пайдаланып, фактілерді басқа жаққа бұрмалап, бұлтарып кететіндігі әбден мүмкін...

Осыдан үш тәулік бұрын қылмысты іздеу бөліміндегі аға лейтенант Зубков өзінің жеке бақылауындағы Сергей Палкинның соңынан түсіп, күндіз-түні аңдып, назарында ұстауының нәтижесінде, біраз айғақ фактілерге қол жеткізген. Мұндай қауырт, әр сағат қана емес, әр минут қымбат сәтте «мен мына бөлімнің қызметкерімін», «менің қызмет ауқымым басқа» дейтіндей ме, майор Сәлімов те жылпылдаған сужұқпас Женя – Евгений қужақтың ізіне түсіп, біраз дәлелді фактілерге қол жеткізген. Бірақ, Еркін Елемесұлымен ақылдаса келе: «Ол қызылкөз пәлелерді үркітіп алмас үшін және қылмыстық топтың басқа мүшелері анықталғанша, ешқайсына тиіспеу керек. Қамауға да алмай, тек сырттай жіті бақылаған дұрыс. Ешқайда қашып кетуге де мұрша бермей қадағалап, істеген қылмыстарын мойындатуға барымызды салған жөн деп,  қамау мәселесін кейінге қалдырған. Оперативтік топтың басқа мүшелерінің жинаған айғақтарын да талқылап, ақылдаса келе, бұдан басқа да жоспарлы шараларға шұғыл кірісіп кетті...

 

 

                         Он сегізінші тарау

 

-Никола, дорогой друг мой, помнишь, где - то пять месяцев назад в ресторане нас обслуживала сказочно красивая девушка по имени Мнира. Ты веришь, нет, я - твой старый друг по зековкой жизни влюбился в нее по уши.

-О, это хорошо! Ты только голову не теряй. Мотайся с ней сколько хочешь. Но не забудь, что ты воровской авторитет...

       - От друга мне скрывать нечего. Я уже успел жениться на нее. Надоела мне это воровская жизнь, которая как будто вечно сидишь на иголках. Хочу обзовестись семьей, воспитывать детей. Хочу насовсем уйти от преступного мира. Что ты скажешь, мой друг?

        -А что скажут строгие вожаки? Могут страшно наказать. Даже могут тебя приговорить к хана!

         -Ну что же, поживем, увидим. То, что я тебе по графику заказал, отменяется. Думаю, что хватит калечить безвинное поколение этой проклятой анашой или смертоносным гашишом...

        «Косой» мен Марконың осы қысқа әңгімесінен кейін қылмыс әлемінің басшылығы жағынан ешқандай хабар жоқ, тым-тырыс.

        Мнира мен Марат некеге байланысты бар шаруаны тындырып, заңдастырып, енді, міне, бір шаңырақ астында ерлі - зайыптылық өмір кешіп жатыр. «Жұбайлар бар әңгімесі таусылмас, ал махаббат – таусылмайтын, таусылмайтын әңгіме» деп, әнде айтылатындай, қос ғашықтың әңгімелері бітіп болмайды. Екі күннің бірінде концерт, киноға барады. Рестораннан ас ішіп, паркте неше сағаттар бойы қыдыра жүріп, сырласады. Сүйіседі, екеуі де сақ - сақ етіп жас балаша күліседі, құшақтасады. Әйтеуір, мол қызық пен бақытқа, шаттық пен қуанышқа толы жаңа өмірге қадам басқандарына бек риза. Үйге келісімен өткендегі сияқты әр тақырыпқа әңгіме – дүкен құрады. Бір таңданарлығы, екеуі де тарихты жақсы білетін болып шықты. Ойлары көбінесе бір жерден шығады, кей кезде пікір, көзқарастары келіспей, дүрілдесіп те қалатыны бар. Бірақ, әр қайсы өзінікін дәлелдеуге тырысқанымен, жеме-жемге келгенде, ортақ бір шешім, қорытындыға тоқталады. Өздері осы тіршілік - тұрмыстарына, тыныш та, бейқам өмірлеріне бек разы. Заты әйел емес пе, Мнира: «Осы тату да, ынтымақты өмірімізден Алла айыра көрме» деп, тәуба айтудан жалыққан емес. Шындығында да, жұбайлық өмірде татулық пен ынтымақтан, сыйластық пен ауызбіршіліктен артық қандай құндылық, қандай бақыт болсын?! Сондай бір кештегі сырласу кезінде сөзден сөз шығып:

        -Марат, біздің қазақ қандай  қиындық, қандай құқай көрмеді? Патшалық  Ресей  тұсында  қазақтың  сулы,  нулы  жеріне  орыс  мұжықтарын  жаппай  қоныстандырып,  станица,   бекеттерін,  шіркеулерін  салып,  қазақтарды  дінінен  айырып,  шоқындыру  саясатын  зорлық - күшпен  де,  әртүрлі  қитұрқы  жолдармен    жүргізуді  бастағанын  біз  тарихтан жақсы білеміз.  Кеңес  кезінде  «дін  мемлекеттен  бөлек»  саясаты  жүргізіліп,  шоқындыру  үрдісі  саябырсыған  сияқты  болған  еді.  Тіпті  православие  діні  Қазақстанда  ислам  дінімен  қатар  «дәстүрлі  дін»  санатына  еніп,  залалсыз,  рухани  бейбіт  дін  ретінде  аталып  жүрді.  «Бақсам - бақа  екен»  дегендей,  бұл  «залалсыз»  діннің  де  өз  есебі  тереңде,  «шоқпары»  қолында  емес,  қойнында  жасырулы  болып  шықты!  Қане,  түсінікті  болу  үшін  сөзді  әріден  бастайын. 

«Жас  Алаш»  газетінің   2019 - жылдың  30 – қарашасындағы № 95-ші  санындағы,  жас  та  болса  ұлтжандылық   қайрағымен  жеткілікті  қайралып,  «қазақ»  деп  шырылдап  жүрген  журналист  Жанболат  Мамай  бауырымыздың  «Православ  шіркеуінің  көздегені не?»  атты  мақаласын түгелдей жаттап алу мүмкін емес, бірақ соның мазмұнын  қысқаша айтып берейін: «Православ   шіркеуі  дін  тарату  қызметін  жаңа  деңгейге көтермек.  Астана  және  Қазақстан  митрополиті  Александр (біздің елдегі  провослав дінінің  басшысы)   жақын  уақытта  шіркеуге  келушілер  қазақ  және  орыс  тілдерінде  ғибадат  ете  алады.  Сонымен  қатар,  уағыз - насихат  та  қазақ  тілінде  жүргізіліп,  діни  әдебиеттер  де  мемлекеттік  тілде  шығарыла  бастайды» - деп  мәлімдеді. «Орыстың  діні,  дінбасылары  мемлекеттік  тіл - қазақ  тіліне  бет  бұра  бастады»   деп  қуанып  отырсыз  ба,  құрметті  оқырман?  Қателеспеңіз!  Алжасып,  алданбаңыз!  Бұл -  қазақ  үшін  жымысқыланып,  бауырлап  жылжып  келе  жатқан  улы  жыланнан  да  қауіпті  нәрсе.  Қазаққа,  оның  тіліне  жаны  ашыса,  «суын   ішіп,  нанын  жеп  жүрген  елдің  тілін сыйлайық,  үйренейік»  деп  неге  өз  қандастарына,  діндестеріне  үндеу  тастамайды?!»

        -Маратжан, өмір  бақи  Қазақстанда  туып, осында өсіп- өнген  орыстардың  қазақ  тілінде  «Сәлеметсіз  бе?»  деп  амандасуды  қажет  деп  таппайтындығы  шындық-қой...

        -Дұрыс айтасың, Мниратай! Тіпті, қазақ  тілінің  бір  мәселесі  көтеріле  қалса: «бұл – орыс  тілділерге  қысым»,  «құқымыз  бұзылып  жатыр»  деп  ұлардай  шулай  жөнеледі. Қазақстанның  азаматтары  бола  тұра,  «құқықтық  зорлық-зомбылықтан  құтқара-көр»  - деп  Ресей  Президентіне  хат  жазып,  көз  жастарын  көлдетіп  шыға  келеді. Әне,  өз  еліміз,  өз  жерімізде  тарихи  атаулары  Кереку,  Қызылжар  қала  аттарын  қайтару  туралы  сөз  қозғалып еді,  «орыстарға  қысым көрсетілуде»  деп,  «Лад»,  «Казачество»  қоғамдары  бар, бәрі өре  түрегеледі.  Бірақ,  сол шуылдақтардың  бір  де  біреуі  Қазақстаннан  кетпейді, ешқайда көшпейді  де.  Өйткені,  мұндай  мамыражай,  бейбіт,  шалқақтаған  өмір  өзінің  тарихи  Отаны – Ресейде  де  жоқ  екенін  жақсы  біледі. «Тарихи Отаным» деп, өздерінің Ресейіне  көп  дүрмекпен  түнеу   жылдары көшіп  барып,  Қазақстанның   бір  пұшпағына қайта  оралуға  зар  болып,  қайтадан  үдере  көшіп  келген  қандастарының  әңгімелерінен  біледі, ол  жақтағы  «ұжмақ»  өмірдің  қандай  екенін... 

       Сонымен, православ шіркеуінің аяқ астынан  «мемлекеттік  тілге  мұндай  «құрмет»   көрсетуінің  себебі  неде?»  деген сұрақ туады.       

       Қазақ  тілі  десе  шатқаяқтап  қарсы  тұрушы  еді,  аяқ  астында  жатқан   «бұл  не  деген  батпан  құйрық?»  -  деген  сауал да ойға келетіндігі анық.  Тегін  ірімшік  тек  қақпанда  ғана  жатады.  Бұл  міне,  нағыз  қандыауыз  қақпанның  өзі.

        -Мәке, «Иегова  куәләрі»,  «Кришна»,  «Бхай»  сияқты  шетелден  келіп,  қазақтың  миын  улап,  адастырып,  өз  қатарына  тартқан  ылаңы  аз  еді,  енді  өзіміздің  «дәстүрлі  дін»,  «ешкімге  залалы  жоқ,  ежелгі  дін»  деп  қадірлеп,  қастерлеп,  төрден  орын  беріп  отырған  православ  дінінің  қойнында  қазақ  үшін  қолақпандай  тасы  бар  болып  шықты.  Жоғарыда  айтқандай,  АҚШ-тан,  Үндістаннан,  тағы  басқа  қыйындағы,  жиындағыдан  жиылған   секта,  ағымдардың миссионерлерінің  ауыл-ауыл,  көше-көшелерді  аралап,  қазақша,  қызылды - жасылды  суреттерімен,  елді  қызықтыратындай  етіп  басылған  дінсымақ  кітап,  журналдарын  тегін  таратып,  қазақтарды өз  қатарларына  тартып  жүргенін  білуші  едік.  Талайларын  құқықтық  жауапқа  тартып,  біраз  ағымдарды  Заң  жүзінде  жауып,  еліміз  шекарасынан  аластаттық.

«Сенген  қойым  сен  болсаң,  күйсегеніңді   ұрайын»  демекші, енді  міне,   «дәстүрлі  дін»  деп,  шіркеулерін  төрімізге  шығарып  отырған  православтардың  да  пиғылы  жымысқы  болып,  қазақтардың  арасында  қазақша  басылған  кітаптарын  таратып,  қазақ  тілінде  уағыздарын  жүргізу  әрекетіне  көшпекші.  Өстіп, өз  діндеріне  кіргізіп,  шоқындыру  миссиясын  мықтап  қолға  алып  жатыр.  Әрине,  басқа  тілдегі  уағыздан  көрі  қазақ  тілінде  басылған,  ішіндегі  адам  аттарының  өзі  Марат,  Самат,  Қанат  сияқты  қазақша  болып  келетін  діни  кітаптардың  психологияға  әсері  мол.  Сондықтан,  өз  қатарына  тарту  қабілеті  де  зор  болмақ.  Бұлардың  бәрінің  халық  арасында  тегін  таратылатындығын,  тіпті,  кейбір  тұрмыс  тауқыметін  тартып,  барар  жер,  басар  тауы  қалмаған  шарасыз  қазақтарға  тиын-тебен  беріп,  киім-кешек  таратып  қана  қоймай,  «бог  вас  любит»  деп,  бастарынан  сипап,  жылы-жылы  сөйлеу  арқылы  қазақтарды  өз  дініне  кіргізуді  мақсат  етіп  отырғаны  анық.  Онсыз  да  жүз - жүзге,  ру - руға  бөлінген,   бірі  «кришнаит»  бірі  «бхай»-тықай  болып  адасып,  ислам  дініндегі  анасының,  «иеговадағы»  әкесінің,  христиан  дініндегі  баласының  арасындағы  қайшылық  көзқарас пен  рухани  сәйкессіздіктің  салдарынан  талай  жанұялардың  быт - шыты  шығып,  шаңырағы  ортасына  түскенін  көріп  те,  естіп  те  жүрміз.

       -Өте дұрыс айтып отырсың, жаным. Түнеу жылдары  атақты  жазушы  ағамыздың  (ұрпақтары жасып қалмас үшін аты-жөндерін  айтпай-ақ  қояйын)  білімді  де,  қабілетті,  кәсіпкерлікпен  миллионер  аталып,  алқып-шалқып  жүрген  баласының   сондай  сұмпайы  секталардың  біріне  кіріп,  санасы  уланғаннан  барлық  дүние - мүлкінен,  үй - жайы,  қатын,  бала - шағасынан  айырылып,  дәруіш  болып  қаңғып  кеткенін  білуші  едік.  Өйткені,  ол  дінсымақтардың  уағызы:  «Жанұя  құрма»,  «дүние,  бала-шағаның  қажеті  жоқ»,  «мемлекет  заңына  бағынба»,  «тезірек  нағыз  өмір – ол  дүниеге  аттан»   сынды  болып  келеді.  Сол  себепті,  әнұран  айтудан  бас  тартып,  әскери  борышын  атқарудан  қашқан,  өз  өзіне  қол  салу  арқылы  фәни  дүниемен  қош  айтысқан  жастарымыздың  адасушылығын  да  шыққыр  көзіміз  көрді-ғой. «Отан  үшін  отқа   түс - күймейсің» - деп  ұрпаққа  ұлағат  айтып  кеткен  батыр  атамыз  Бауыржанның  сөзін  ондай  санасы  уланып,  көздерін  шел  басқан  жетесіз,  намыссыз міскіндер  қайтсін!  Тіпті,  әлімсақтан  ислам  дініміздің өзі:  «қолға  қару  алып,  Отанын  қорғау  жолында  шеит  болғандардың  барар  жері  ұжмақ» - деп,  елді,  жерді,  Отан  мен  бала - шағаны  қорғауды - әр  азаматтың  парызы  екендігін  уағыздап  отырған  жоқ  па?!

-Ия, осы  жерде  Қазақстан  мұсылмандар  діни  басқармасының діни газеттерді,  аят пен  дұғалар жазылған кітапшалар мен «Намаз  тағлым»  сияқты  кітаптарды  сатуды  доғаруы  керек!  Пышақтың   қырындай  ғана  кітапшаны  мешіт  қызметкерлері  атасының  құнын  сұрап,  саудалап  тұрады.  Қасиетті де, киелі дініміз -  ділда  табатын  бизнес  көзіне  айналмауы тиіс!

         Тәуба,  өз  қаржыларына  мешіт  салдырып,  имамдарының  жалақыларын  мойнына  көтеріп  алып  отырған  қалталы  азаматтарымыз  да,  мешіттерге  түсіп  жатқан  қайыр - садақалар  да  жеткілікті - ғой.  Мешіттердің,  оны  басқарып  отырған  діни  басқарманың  қаржылық  жағдайы соншалықты жаман  емес!

       -Айтып отырғаның өте дұрыс, Мнирка. Мемлекетіміздің  70% - дан астамын  елдің,  жердің  иесі – қазақ,  яғни  мұсылмандар  құрайды.  Одан бөлек, татар, өзбек, қырғыз, азербайжан, курд, ұйғыр, түрік, тағы басқа сол сияқты мұсылмандар бар. Сондықтан,  балабақшадан  бастап,  мектеп,  басқа  тәрбие  орындарында тәрбие қазақ тілінде берілуі және  ислам  дінінен  дәріс  берілуі  керек.  Әрине, қазіргі таңда имандылыққа  бет бұрып,  ораза  ұстап,  мешітке  барып  намазға  жығылып  жүрген  жастарымыздың   көбейгеніне  «тәуба» деп, шүкіршілік етеміз!

Ауызға  алып  отырған  басты  тақырыбымызға қайта оралсақ,  православ  діні  шіркеуінің  қазақша  уағыз  айтып,  қазақша  басылымдар  шығару  арқылы  қандастарымызды  адастырып,  шоқындыру  әрекетіне  Парламент,  Үкімет  тарапынан  Заң  жүзінде  тиым  салу  қажет.  Әйтпесе,  ертең  бәрі  кеш  болады.  Үндістан,  Пәкістандағы,  тағы  басқа  көптеген  елдердегі  соғыстардың  бәрі  осы  дін  мәселесінен  басталғанын,  нәтижесінде,  қаншама  адамдар  қырылып,  опат  болып  жатқанын естен  шығармайық. Өзіміздің әлмисақтан бері ұстанатын пәк те,таза дініміз тұрсын дін аман! 

-Марат, қазіргі нарық экономикасы заманында алыс – жақын шет елдермен алыс-беріс процесі күшейіп тұрғаны, әрине, жақсы үрдіс. Бірақ, ежелден «құдайы көршіміз», «экономикалық сенімді серігіміз» деп әспеттеп жүрген Ресейдің саяси және амбициялық тұрғыдағы ұстанымы сын көтермей барады. Бұрындар сақалы сапсиған Солженицын мен «жан – жағына жынын шашқан Жириновскийдің» біздің еліміздің территориялық тұтастығына қатысты және «тату көршілік» байланыстарымызға сына қағу арқылы үлкен  нұқсан келтіретін амбициялық және арандатушылық іс – әрекеттеріне «е, жындыға сот жоқ» деген ұстаныммен көз жұма қараушы едік. Енді кейінгі кезде Егоров, Зотов сияқты Ресейдің «орыс әлемі» насихатымен уланған  өз еліміздің нигилистері: «Қазақстанның шығысы мен батыс аймағындағы бес облыс Ресей мемлекетіне тиесілі» деп, Жириновскй жырындының жырын қайталап сандырақтауда.

 Орыстардың «бетке ұстары» дейтін Парламент пен жоғары лауазымдағы басшыларының Жириновскийдің ұстанымын қайталап, біздің «бақшамызға» тас лақтырған бассыздықтары көбейіп кетті. Оларға «қой, ұят болады» деудің орнына, Ресейдің патшасы Путиннің өзі жел беріп, сол әрекеттерін қолдап отыруын немен түсіндіруге болады? Ол ол ма, өз еліміздің шығысы мен батысындағы орыс тілді нигилистеріміз мемлекеттік тіл, жер - су аттарына байланысты сөз қозғала бастаса, «бұл орыстарға жасалған қысым» деп байбалам сала бастады. Тіпті, көздерінен қанды жастарын ағызып «дядя Володя спаси» деп Путинге хат жазғандарын қайтерсің. «Иесіз үйдің иті осырақтың» кері ғой бұл...

       -Өте дұрыс айтып отырсың, жаным! Шүкір, еліміз тәуелсіздігін алғалы көршілес және алыс шет елдермен барыс - келісіміз жиілеп, экономикалық, қауіпсіздік пен мәдени қарым-қатынастарын нығайта түсуде. Әсіресе, Европа, батыс мемлекеттері мен бауырлас Түрік елімен тығыз байланысы арқылы көрініс табуда.

Алайда, Ресейдегі империялық пиғылдағы  жырындылардан үлгі алып, сондайларға еліктейтін әсіресе ұлтшыл жастардың кейбір іс-әрекеттері екі ел арасындағы тату көршілік пен ынтымақтастық ахуалына қара көлеңкесін түсіріп-ақ тұр. Бұл туралы түнеу жылдары Парламент Мәжілісінің отырысында «елім-жерім», «тілім» деп түн ұйқысын төрт бөлетін ұлт патриоты Амангелді Айталы (марқұмның топырағы торқа, иманы жолдас болсын) ағамыз: «Ресейдегі фашистік ұйымдардың белсенділігі артып бара жатыр. Нәсілі славян тектіге жатпайтын азаматтарға 250 рет қастандық шабуыл жасалып, соның 19 оқиғасы адам өліміне алып келген. Сондай фашистік көзқарастағы ұйымдарды Деректер банкіне енгізу жайын сұрады» - деп, еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің бір санында. Амангелді Айталы ағамыздың бұлай қатты алаңдаушылық білдіруіне жоғарыдағы деректі цифрлар ғана емес, Ресейдегі екі қаракөз қарындастарымыздың еш жазықсыз, себепсіз «тақырбас тажал» - әсіресе ұлтшыл фашистік жастар тобының қолынан ажал құшуы негіз болып отыр. Бұл қайғылы оқиға жөнінде ұлттық «Ана тілі» газеті: «Қазақстанның 1972 және 1978 жылдары туған екі азаматшасы жұма күні кешкісін жұмыстан шығып, жалдап тұратын пәтерлерінің ауласына келгенде, белгісіз бірнеше адам шабуыл жасап, пышақ жұмсаған. Қанішерлердің нахақ құрбаны болған қос қаракөзіміз ұялы телефонмен қазақша  сөйлескендері үшін ғана «жазаланған». Пышаққа жыққан қылмыскерлер: «Ресей тек орыстар үшін» деп бірнеше рет айқайлап, ұрандаған көрінеді» - деп жазған еді. Міне, жазықсыздан жазықсыз бейкүнә екі қандасымыз Ресей скинхедтерінің (тақырбас-тажалдарының) қолынан қаза тауып, ата-анасы запыран құсып қалды.

        -Ия, Мәке, біздің Үкіметіміз, не Сыртқы істер Министрлігіміз қос қарындасымыздың өлімі бойынша Ресейге сұрау салмауы, мәлімдеме жасап, жазықтыларды заң жүзінде жазалау мәселесін көтермеуі қалай? Қотыр тайлағын жоғалтқан қожайын да малын іздеп, сұрау салып жатпаушы ма еді?!

Дәл осындай мәселе: Мемлекеттік тілімізді тиісті деңгейге көтеруге өзге жерде емес, өз елімізде әрекет ете бастағанымыз сол еді: «Қазақстанда орыс тілі қағажу көріп, қандастарымыздың құқы бұзылуда» деп, Ресейдің көптеген газеттері, өзіміздің орыс тілді басылымдары өте түрегеліп, алдын ала байбаламға басып жатыр. Өз елі, өз жерінде өз тілін өрістете алмай, өзгеге жалтақтайтын қазақтан басқа әлемде қандай ұлт бар екен, сірә?» Жоқ, әлде бұл: «жуас түйе жүндеуге жақсы» деген мақалдың кері ме? 

       Әрине, екеуіміз де бұл жанайқай мысалдар арқылы көрші екі ұлт арасында сына қағып, жағдайды ұшықтыруды көздеп отырғамыз жоқ. Ауылы аралас, қойы қоралас, төсекте де басы қосылған орыс ұлтымен достығымыз, тамырластығымыз тереңде жатқандығына көне тарих куә. Ресейде талай қандастарымыз білім алып, еңбек етіп, жанұя құрып тіршілік жасап жатыр. Мынандай сұмдық ертең олардың басына түсуі оп - оңай ғой. Ондай жағдайда біздің де қаны қызу, намысшыл жастарымыз бас көтеріп, ойыннан от шығып, ежелден тату  көршілес екі елдің арасына жік түсетіндігі сөзсіз. Құдай бетін әрі қылсын! Сондықтан, мемлекеттік тіл, «тақырбас тажал» одан басқа да ұлттық мәселелерде Үкімет, Сыртқы істер Министрлігі сияқты құзырлы мекемелер ондай келеңсіз жағдайларының алдын алып, келешекте қайталанбауы үшін іс-әрекет етуі тиіс. Солай емес пе, Маратжан?  

-Дұрыс айтасың. Дәл солай, ақылды Мниркам менің...!

 

           

                      Он тоғызыншы тарау

 

       Бүкіл облыс жұрты үрей құшағында. Күн құрғатпай жасалып жатқан қылмыстардың толастар түрі көрінбейді. Ұрлық - қарлық, кісі тонау, үй үптеп кету  мен тұрғындардың ауласынан мал ұрлап кету дегендерің бұрынғыдан да ушығып кетті. Тіпті, тапа тал түсте өрісте жайылып жүрген ірі қара малы мен жылқыларды қарумен атып, жүк машиналарына тиеп әкеткен жағдайлар да бар. Мал ұрлаушы қорқаулардың ұсталмауының бірден - бір  себебі – ұрылардың «крышасы» билік басындағы «дәулердің» бірі» деген ақпарат бар. Қылмыскерлердің елді де, құқық қорғау органдарын да көзге ілмей, әбден басынғандығы сол емес пе, бұрындар «түн қараңғылығын пайдаланған қарақшылар қалтарыста ер адамды тонап кетіпті, пәлен деген әйелді зорлап тастапты» сынды жайсыз хабарлар  анда – санда ғана  естіліп жатушы еді, міне, қылмыстың одан басқа да түрлері көбейіп кетті. Қазақтың мақтанышы - бренді саналатын жылқы жарықтықты, екеу-үшеуден емес, үйірімен қуып кеткен барымташылардың басыну фактісі - мынау...

Олардың адам түгіл, хайуан атаулы бармайтын осыншалық қаныпезерліктері ел ішіндегі қорқыныш пен үрейді, жел үрлеген өрттей кеулетіп, тіпті өршітіп жіберді.

...Осындай бітпейтін қорқыныш пен табаны жалпақ төрт ай бойы таусылып болмаған үрейлі хабарлар Қаратал ауданына облыстан өкілетті өкіл етіп жіберілген полковник Еркін Бекеновтың келгеніне бір ай өткеннен соң – ақ саябырси бастағаны әр жерден еміс - еміс естіле бастады. Облыс жұртшылығы үшін бұл жағымды хабар, қою бұлт құрсауының астынан жылт етіп көрінген күннің шашырай шыққан алтын сәулесіндей болып, көңілдеріне үкілеген үміт пен қоздаған қуаныш отын тұтатқандай әсер етті.

       ...Майор Ержан Нұрахметовтың кешегі оперативтік жиналыс үстіндегі «Асамай жатып құлдық демей - ақ қояйын. Құдай бұйырса, ертеңдер қылмыс ашылады» деген сөзі – бос жорамал, құрғақ уәде емес еді. Өзінің өмірлік бай тәжірибесі, кәсіптік білімі мен біліктілігі және жанкештілік еңбегінің арқасында, талай шаруаны тындырған. Ол шаруа бұлай өрбіп, әрі қарай мына бағытта өріс алған еді...

...«Мұнайөнімдері» кәсіпорнындағы осымен екінші рет орын алған қант ұрлығы бойынша үш күннен бері шапқылап, қауырт жұмыс жасап жүрген майор Ержан Нұрахметов зыр жүгіре шапқылап, аяғынан таусылып бітті.  Оқиғаны көрген, білген тірі жан жоқ. «Осылар болуы мүмкін-ау» деген бұрын сотталғандардың да тамырын басып байқады. Бұдан сәл бұрынырақ Палкин атты жас жігіттің ізіне түсіп, аңду барысында, оның тіршілігінде шикілік барына көзі жеткен. Күдіктіні ерекше назарға алған ол, полиция полковнигі Еркін Бекеновке ақылдасу үшін кірген:

-Еркін Елемесұлы, Сафин, Палкин атты пәтшағарлардан күдіктеніп, соларды нысанаға алып отырмын. Қайтеміз, бөлімге жеткізіп, тамырларын басып көреміз бе, қалай істесек екен?

-Ержан, әзірше жүре тұрсын. Назардан тыс қалдырмағаның дұрыс. Оларды нақтылы дәлелсіз бөлімге апарсақ, үркітіп аламыз. Екіншіден, қылмыстық топтың қалған мүшелерінің жылыстап, сытылып кетулеріне де жол беріп аламыз.

-Жақсы. Олай болса, бақылауды күшейтіп, жоспардағы басқа әрекеттерді жалғастыра берейін – деген майор сол ақылға тоқталған.

... «Қант ісі» бойынша осымен үшінші рет із кесіп көруге бел байлаған майор Нұрахметов қылмыс орын алған маңды шұқшия зерттеп жүрген...

 Пәлі, мына сұмдықты қара! Пәлекеттер, ұрлық орнынан шыққаннан - ақ трактор тіркемесінің артына - екі жағына бірдей ағаштың үлкен бұтақтарын байлап алғаны анық байқалды. Көлік қанша жүрсе де тарбиған қалың бұтақтар трактор мен тіркеменің ізін қолма-қол сыпыртқыша сыпырып, жойып отырған. Даңғыл жолға шығысымен бұтақтарды ағытып тастап, әрі қарай жол тартыпты. «Кәззаптар! Бастарындағы осы ақылдары мен дәл осы қабілеттерін қылмысқа емес, ел-жұртқа пайда келтіретін ізгі іске жұмсаса-ғой. Енді іздеп, тауып көр, бір мая шөптің ішінде жоғалған инені. Күндіз, түні толассыз ағылған, машинасы бар, тракторы бар, даңғыл жолда қайшы алысқан жүздеген көліктердің арасынан керек ізіңді айырып ал... Шерлок Холмстей ізшіл болсаң, тауып көр енді...

«Тышқан ізіндей болса да із қалдырмауы мүмкін емес. Бұрылыс, қиылыстарды қайта мұқият қарап шығу керек»,- деп ойлаған майор әлігінде тексеріп өткен жолдармен кейін қарай жүрді. Бұрылыс, қалтарыстардан бір ілік тапсашы, бәрі таза. Қуантарлық ештеңе байқалатын емес, «Опа. Стоп!» Тар көшеден үлкен жолға түсер бұрылыста тіркеменің оң жақ дөңгелегінің ізін «сыпырғыш» «байқамай» сыпырмай кетіпті. Бар-жоғы он бес-жиырма сантиметр көлеміндегі көзге көрінер – көрінбес көмескі із сары топыраққа көмескі болса да түсіп қалыпты. Құдды, қазақ детектив жанрының атасы Кемел Тоқаев ағамыздың түнеу жылдары өзім оқыған  шығармашылық еңбегі - «Көмескі із» кітабындағы болар болмас  күбірлеген ол папкасынан жалма - жан қағаз, қарындашын суырып алды. Қуанғаны соншалықты, былғанып қалуды да ойламастан, сары топырақ жолға кілемге отырғандай жәйлана жайғасты. Бала кезіндегі сурет салуға икемдік қасиеті іске асар деп кім ойлаған, көмескі із бедерін асықпастан, жәйлап, қағаз бетіне (ол уақыт  қазіргідей ойнап жүрген кішкентай сәбидің де ойыншығына айналып, суретке түсіре қоятын ұялы телефон біздің елге келе қоймаған заман ғой. Автор. қарындашпен мұқият түсіре бастады...

...Қаланың оңтүстік жағында жапсарлас жатқан Фрунзе учаскесіндегі ескі танысы Николайдың ауласына кіргенде, үй иесі Ержанды қуанышты жүзбен, күлімсірей қарсы алды.

- О, наш любимый участковый, добро пожаловать! Какими судьбами? – деген ол, келген қонаққа мазут сіңген алақаны күректей қолын шалбарына сүрте сала ұсынып жатыр.

Бұл Николайдың аудандық ІІБ қылмысты іздеу бөлімінің бастығы Нұрахметовты «наш любимый участковый» деп, сыйластық сезіммен атайтын өзіндік себебі бар еді.

...Алғаш милицияда істеп жүрген жылдары аудан орталығы – Үштөбе қаласы мен осы Фрунзе бөлімшесінде учаске инспекторы лауазымында табан аудармай төрт жыл істеген болатын. Ұрлық-қарлығы көп, екі күннің бірінде араққа тойып алып төбелесу, тағы да басқа қылмыстық ахуалы өршіп тұрған бұл учаскеде тәртіп орнату үшін Ержан табанын тоздырып, талай тер төккен. Сол келеңсіздіктердің қызу ортасында арақ ішсе өрекпіп, қызбалыққа салынатын, оның соңын қоян-қолтық айқасқа айналдыруды жақсы көретін осы Николай жүретін-ді. Сондай бір масаң күйде көршісін соққыға жығып тастаған мұны учаске инспекторы ішкі істер бөліміне апарып қамаған. Ертеңіне сауығып, жынынан айырылған бақсыдай, сүмірейіп тұрған Николаймен Ержан сүт пісірім уақыт әңгімелесті. Кітаптағы Қылмыстық Кодекстің баптарын көзіне шұқығандай етіп көрсетіп:

- Міне, көпшілік орнында арақ ішкеніңнің өзі бір қылмыс. Мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзып, шу шығарғаның – екінші қылмыс. Ол аздай, жазықсыз біреуді соққыға жығып, денесіне жарақат салдың. Қылмыс Заңының мына тармақтары бойынша сот сені ең аз дегенде үш жыл бас бостандығыңнан айырып, түрме ботқасының дәмін татуға үкім шығарары анық – деп, толтырылған ресми қағаздарын оның көз алдына тосқан  болатын.

- Жолдас лейтенант, мен сотталсам, шиеттей үш бірдей балаларым не болады? Тек менің табысыма қарап отырған кәрі анам мен аурушаң әйелім бар. Бір жолға кешіріңіз. Мені болмаса да, үш балапанымды аяй көріңіз...

- Осыны арақ ішпей тұрып неге ойламадың? Үш бірдей сәбиің бар екенін, оларды асыраушы тек өзің екенін жаңа біліп отырсың ба?

- Қарғыс атқыр арақты енді аузыма алсам, құдай ұрып кетсін. Тап осы жолғы қылмысымды кешіріп, сотталудан, түрмеден аман алып қалыңызшы. Соңғы рет ішуім осы болсын. Ер-азамат ретінде енді қайталамауға уәдемді беремін – деп, көз жасын көлдей етіп, балаша еңкілдеп тұрып жылаған-ды.

Ержан оны жәбірленушімен беттестіріп, татуластырған соң, айыппұлмен құтылған Николайың азамат екен, сөзінде тұрды. Арақтың өзіне жақпайтындығына көзі жетті ме, жоқ әлде, уәдеге беріктіктен бе, мүмкін балаларын жанындай жақсы көріп, солардың келешегін ойлағандықтан ба, әйтеуір, қай жағдай себепші болса да, содан қайтып ішімдік атаулыны аузына татып алған емес. Әрине, ішпеген соң қоғамдық тәртіп пен заң талаптарын бұзған емес.

...Оның сол кезден қандай маркалы трактордың болмасын, қай жерінде қандай ақау барын, ол ақау неден болуы мүмкін екенін даусынан-ақ айырып, қолма-қол диагнозын қойып бере алатын шеберлігін Ержан білетін. Қандай ақауды болмасын, демде жөндеп беретін таптырмас маман – Николайдың аты-сойы бүкіл ауданға тарап, даңқы дүрілдеп тұрған. Көліктерінің ақауының себебін біле алмай қорлық көріп, тұғырыққа тірелгендердің бәрі, бірі – бірінен  естіп, жөндетіп алу үшін осы Николайды іздеп табады.

Ал, достым, сенің көмегің маған ауадай қажет.

- Менен көмек керек болса, сен үшін әрқашан дайынмын - ғой, Ержан Құмарұлы. Қандай қиындық бар? – деген ол арқалықсыз ағаш орындықты қонағының астына қойды.

-  Сен қаладағы, тіпті бүкіл аудандағы трактор атаулыны бес саусағыңдай білесің...

-   Тым асыра мақтап жібердің-ау. Жарайды, айта бер. Қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз.

            -   Мына сызбадағы дөңгелек ізінің кімдікі екенін табу үлкен мәселе тудырып тұр, - деген майор Ержан Нұрахметов папкасындағы қаптаған қағаздарының арасынан бар - жоғы бір парақ  қағазды шығарып, Николайдың қолына ұстатты.

       -Мынау трактордың емес, тіркеме дөңгелегінің ізі - ғой, - деген механизатор - маман қағаз бетіне тесіле қарап қалған.

            -Да, сложную задачку ты мне задал.Сызбаға кемінде он бес минут үнсіз, үңіле қарап ойланып отырған ол:

            -Егер мені Құдай қателестірмесе, мынау «Правда» шаруашылығында жұмыс жасайтын Дима Гусковтың трактор тіркемесіндегі дөңгелектің бедері. Түнеу жылдары ол екеуміз «Ауылтехника» мекемесінен бірге тыңайтқыш тасыған болатынбыз. Сондағы оның трактор тіркемесінен көрген бедер, құдай мені есімнен жаңылыстырмаса, тап осы бедер болатын.

            - Таудай рахмет, Дмитрий! Сен маған үлкен көмек көрсеттің. Бұл жақсылығыңды ешқашанда ұмытпаспын.

            - Ержан Құмарұлы, түрмеге жол тартқалы тұрғанымда мені құтқарып алған жақсылығыңның жанында, менің көрсеткен болымшы қызметім түкке де тұрмайды, - деген Николай майордың қолын құшырлана қысып қоштасты.   

      – Көмек керек болған жағдайда, қысылмай келе бер. Рахымды адамдар үшін менің үйімнің есігі әрқашан ашық.

       ...Ел ішінде «пьяный поворот» аталатын, Үштөбе қаласының батысындағы «Западная» көшесінде тұратын Гусковтың үйіне Ержан түс қайта келді. Науқанның қызып тұрған кезі болғанымен, трактор үйдің ауласында шідерленген атша қаңтарылып тұр.

«Ой, оңбағандар-ай! Бұл араққа тәуір қарайтын ақымақтарға дауа жоқ - қой. Құдай біледі-ау, шаруашылық басшылары қазір техника, жұмыс күші жетіспегендіктен, бір қолын екі ете алмай, аласұра шапқылап жүр. Екі күннің бірінде ішіп, арақтан ауызы құрғамайтын Дмитрий тағы мас болып жатқан шығар»,- деген ойдың жетегіндегі қылмыс іздестіру бөлімінің бастығы майор Нұрахметов аулада тұрған МТЗ-80 тракторы мен  артындағы тіркемесіне зер салып, мұқұият қарауға кірісті.   

            «Бәрекелді! Николай тура тауып айтқан екен». Тіркеме дөңгелегінің бедері мен әлігінде өзі қағазға көшіріп алған көмескі іздің сызбасы бірдей. «Қателесіп, ұятқа қалып жүрмейін» деп, екінші, үшінші рет қайтара салыстырды. Тура сол! Дәл өзі!

      ... Тіркеме қорабының іші жуық арада сыпырылған ба, жоқ әлде, мұқияттап тұрып жуылған ба, әйтеуір мұнтаздай тап-таза.

«Қандай жүк тасыса да қорапта шаң-тозаң, тиелген жүктің қоқым-соқымы сияқты бір белгілері қалушы еді. Мынаның қорабы жылан жалағандай таза екен. Соған қарағанда, жасалған қылмыстың ізін жасырудың далбасасы болар. Әйтпесе, бұл ішкіштерің қай бір тазалығы асып, көліктеріне көңіл бөліп жүретін адамдар». Осы оймен кілтсіз ғана жаба салған трактордың есігін айқара ашты. Тап-таза! «Мұндай кіршіксіз тазалық мүмкін емес. Бір шикілік бар». Алмалы-салмалы отырғышты көтерді. Онда да, күдіктенер ешнәрсе байқалмайды. Ашық жерден күдік аларлық ештеңе таппаған Ержан жүргізушінің аяқ астына тасталған резеңке төсенішті көтеріп қалды. «Мәссаған!» Аяқ басар резеңкенің асты шашылған аппақ қант. Кәдімгі ақ қант! Әйелі Сәуле ұл тапқандай қуанып, дауыс шығара күліп жіберді.  «Уай бәле! Бәсе, түйсігім алдамаса керек еді...!»

            - Азамат Гусков, тұрыңыз! Ұйқыңыздың уақыты аяқталды! – деген зілді дауыстан, кешегі түн жарымына шейін әкесі арақтан өлгендей сілтеген ішістен кейін ес - түсін білместен қорылға басып жатқан Дмитрий ұйқысынан шошып оянды.

       «Қорыққанға қос көрінер» демекші, үстіне төне түсіп тұрған әлдебір көмескі сұлаба өзінің жанын алуға келген әзірейілдей көрініп кетті. Көздерін уқалап жіберіп анықтап қарағанда, қарсы алдындағы майор погонындағы полиция қызметкерін көрді. Бір сұмдықтың тақалғанын сезіп, сасқалақтап қалған Гусков ауызына еріксіз түскен сөзді ойланбастан айта салды:

Не болды? Сіз мұнда не істеп жүрсіз?

Тез жиналыңыз. Бөлімге барып сөйлесеміз.

Ал дегенде абдырап қалғанымен, сол арада өзіне өзі келіп үлгерген Гусков «қорғаныстың ең тиімді түрі - шабуыл» қағидасы бойынша қырыл аралас дауысымен айқайға басты:

            -Тұтқындау үшін қолыңызда прокурордың санкциясы бар ма? Жоқ екеніне сенімдімін. Мен шағымданамын!

            -Заңды көп оқыған білгіш болсаңыз, міне: Қазақстан Республикасы Қылмыстық Процессуалдық Кодексіндегі: «Полиция қызметкері 132-баптың 1 - тармағы негізінде, күдікті адамның қылмысқа қатыстылығын анықтау мақсатында, оны ішкі істер бөлімінде үш тәулікке дейін ұстауға құқылы» деген бап бар екенін де білуіңіз керек. Азамат Гусков, көп қиқақты қойыңыз да, дереу киініңіз. Бос байбалам сөзбен уақыт алмай, менімен бірге аудандық Ішкі Істер Бөліміне жауап беруге жүріңіз...

            Сырт көзге сыр бермеуге тырысқанымен, жүрегі зу ете түсті. «Біткен жерім осы, ендігі барар жерім түрме болды. Бостандық ауылы алыстап, қол жетпейтін арманға айналады енді» деген сұмдық ойдан тамағына өксік тығылып, жанарына үйірілген жасты майорға көрсетпеу  үшін жүзін теріс бұра берді. Сол қорқынышты ойдың жетегіне еріксізден бойлай еніп,  жасы келген кәрі шалдың қос иініндей қушиып, ұнжырғысы түскен Гусковтың тарамыс қолдары қалтырап, шарасыздық күймен сылбыр, жәйлап киіне бастады...

                

 

                      Жиырмасыншы тарау

       

       ...Алмалы Алматының жасыл жапырақтары жайымен жайқалған көгілдір көктемі. Оңтүстік астана төріндегі аумағы атшаптырым «Serqio» мейрамханасы... Іші ғана емес, сыртының өзі қызылды – жасылды, жарқырай сәуле шашқан әдемі шамдары, көрген адамды «кел, кел бізге» деп, белгісіз бір ертегі әлеміне қол бұлғай шақырып тұрғандай. Жұлдыздары жымыңдаған жаймашуақ, тымырсық та, тұнық түндегі осы тамаша көріністің өзі осы жерде үлкен бір мереке ме, жоқ әлде, басқадай бір әдеттегіден ерекше шара ма, өткізілгелі отырғанынан хабар бергендей. Ат шаптырымдай кең ауланың іші, өгіздей өңкигенімен, айнадай жарқырап, көздің жауын алып тұрған шет елдік қымбатты машиналарға иін сіресе толып тұр. Ия, бүгінгі бұл шараның ерекше екендігі айна қатесіз шындық. Зектер әлемінің  әлемге әйгілі зор авторитеттері жиналған шұғыл сход еді бұл...

         Осыдан дәл екі ай бұрын «Дәубас» Марко зектер әлемінен шықпақшы!» деген суыт хабар жер - жерге алдын-ала хабарланған еді. Сходтың күн тәртібінде тек осы бір ғана мәселе қаралатындығы белгілі болатын. Сарайдың сыртындағы «тюремшиктер тілімен» өзара қауқылдасып, темекілерін шірене тұрып тартып, бозғылт түтінін шиыра иіріп шығарып тұрған зектер ішке кірді. Хан сарайынан бір де кем емес залдың ішімен салыстырғанда, әлігіндегі сыртқы тамаша көрініс жолда қалғандай екен. Қызғылт - сары, еш қоспасыз саф алтыннан жасалған жарқыраған қабырғалары, есік – терезелері, неше түрлі табиғаттың әсем көрінісімен өрілген суреттерден көз сүрінеді. Піл сүйегінен жасалған ақшаңқай, ауыр столдың үстіндегі ыдыс сервисі де таза алтыннан. Жайылған дастархан үстінде қандай ғана  тағам жоқ?! Қазақтың ұлттық бренді - қазы-қарта мен жал-жая қосып асылған ет, грузин шашлыгы, европа мәзірімен ащы соус қосып дайындалған сан түрлі тағамдардан көз тұнады. Олардан басқа, хош иісі бұрқыраған әртүрлі шырындар мен сусындарды, сыңғырлаған әппақ хрусталь вазаларға салынған алма, елік лағының көзіндей мөлдіреген жүзім, банан мен ананасты көрген жанның тәбеті еріксіз ашылып, ауыздан сілекейіңді шұбырта ағызарлықтай.

       Осы бір аста-төк ерекше көрініс – мейрамханаға кірген жанның жігеріне пәсейте әсер етіп, еңсесін еркінен тыс басып тұрғандай...

        Алғашқы сөзді қылмыскерлер әлемінің серкесі, «грузин ата» кличкалы авторитет иесі – Коковидзе алды. Оның сұқ саусағындағы жалт-жұлт еткен торғайдың басындай жақұт көзді алтын сақинасы анадайдан көзге шалынады. Шегір түсті, тау қыранындай өткір көздерін Маркоға сынағандай қадай қарап, жиналған авторитеттедің мысын басқандай жағалай көз салып біраз үнсіз тұрды. Уақытты жетті - ау дегенде барып аспай - саспай, бірқалыпты екпінмен, грузин акцентті қарлығыңқы дауыспен сөз бастап кетті.

        Ал дегенде қылмыскерлер әлемінің дүниежүзі бойынша қалыптасып отырған күрделі жағдайды баяндады. Одан барып бұрынғы Совет одағының құрамында болған елдердегі қазіргі таңдағы қылмыстық ахуалға тоқталды. Пәлекетіңнің білмейтін пәлесі жоқ екен! Қай авторитет сатқындық жасады, қай жерде өткен «разборкада» кімдер оққа ұшты, пайдасы мол «қаймақты» аймақ үшін жүріп жатқан талас пен дау – дамайларды жіктеп айтып берді. Содан кейін Марко отырған жаққа өткір, шегір көздерін тіктей қадады:

      -Дәубас, енді сенің мәселеңе тоқталайық. Өзің кімге өкпелісің? Басшы авторитеттерге, солардың жеке біреуіне қояр кінәң, немесе басқадай бақай есебің бар ма?

      -Жоқ, ешкімге қояр кінам да, есеп - талабым да жоқ.

      -Артқа шегінуге болмайтын, сатқындықты кешірмейтін зектер заңын жақсы білесің ғой...

      -Ия, білемін! Бірақ, ортадан кетуге бел будым. Қандай жазаны да көтеруге дайынмын...

      -Себеп? Әлде, биліктегі жоғарғы басшысымақтар «алтыннан тау» тұрғызып беруге уәде етті ме? Жоқ, қорқытты ма? Шыныңы айт!

      -Қорқатын, үркетін уақыттан өтіп кеткенімді сіздер біледі деп ойлаймын. Азды-көпті қылмыс әлеміне адал қызмет еттім. Бәрінен тойындым.Үйлендім. Енді тыныш өмір сүрсем деймін...

       -Егер, мына «заңды ұрылар» сенің сатқындығыңды кешірмей, «ханаға» бұйыра қалса, қайтер едің?

       -«Өзекті жанға бір өлім» деген қазақ аталарымыз. Қайтем, ол жазаны да ойланбай қарсы алуға әзірмін!             

       -Жақсы, дәубас! Бізді қалдырып, шыға тұрсаң. Сходқа арнайы шақырылған басқа әріптестердің ойларын біліп, пікірін тыңдайық.

        ...Сходтың өткеніне екі айдан астам уақыт өтті. Тырс еткен хабар жоқ. Көңілде дүдамал күдік,әлдеқандай қорқыныш пен бойды дір еткізер үрей бар. Ойға белгісіздік ұялатқан өлі тыныштық...

       ...Сходқа жиналған авторитеттер өзара ақылдаса келе, «басқа зектерге сабақ болсын» деген бақай есеппен, Маркоға өлім жазасын кескен еді. «БұлҮкімді орындауды кімге жүктесек екен?» деген сұрақ туындағанда, залдың артқы жағынан қолын шошаң етіп көтерген «Косой» орынынан тұрды.

-Зектердің бұлжымас заңын бұзған Маркоға өлім жазасының өзі жеңіл. Сондықтан, ондай опасыз сатқынға шығарылған әділ Үкімді орындауға мен әрқашан дайынмын – деп, өзінің иесіне жағымсына бұралаңдайтын жаман кәнден итше, «әріптестерімнің ыңғайын байқайын» дегендей, жағалай көз салды. Артынша қылмыс әлемінің басшысы – «грузин атаның», әркім тік қарауға батылы бара бермейтін, қыран көзді  сұсты бетіне, бұтына жіберіп қойған бала құсап, жаутаң -жаутаң етіп, мүләйімси қарай берді.

 Қазақ аталарымыздың «Тектіден текті туар, тегіне тартып» деген орынды, асыл сөзі бекер айтылды дейсің бе?! Арақ пен боқтықтан ауызы босамайтын алқаш, намыссыз әкенің арам қаны алпыс екі тамырында сабалақ иттің сідігіндей сібізгілеп ағып жатқан «Косойдан» қандай әділдік пен жақсы қасиет шыға қойсын?! Авторитеттерің көзіне түсіп, «әлдебір күн туа қалса, бір пайдасы тиіп қалар» деген пасық, бақай есеп қой. Бір күндері түрме ботқасын бірге жегендері, бостандық өмірде де дәмдес, «партнер» болып, «пайдалы істерді» біріге атқарғандары өз алдына, түнеу жылдары түрмеде өзін иттей болып таяқ жеуден құтқарған «досын» өз қолыммен өлтірем» деп құлшына жарамсақтануы – опасыздықтың, сатқындықтың дәл өзі емес пе...?!

«Үкімді кім орындайды?» деген сұрақтың шешімін де «грузин атаның» өзі айтып берді:

        «Бұл істі баяғыдан бері Маркомен бірге жүрген оның айнымас досы – «Косойға» тапсырамын. Ол – қолы қалт етіп көрмеген батыл және ешқашан сыр шашпайтын ауызына берік  адал жігіт...!»

         «...Әлде қалай болады...?» деген жүйкеге тиер сенімсіз ойдың жетегінде жүрген Марат авторитеттер сходы туралы Мнираға жақ ашқан жоқ. Қорқып, жүйкесін жұқартпасын деген жанашыр ой да...

        Қай банкте сақтағанын кім білсін, әлде жасырын бір жерде ұстады ма екен, қарттар үйінің есепшотына жүз елу мың евро аударды. Ертеңінде балалар үйінің есепшотына жүз мың доллар қаржы салып жіберді. «Москваға барып келем» деп, сүйіктісімен қоштасып кеткен Марко үш - төрт күннен кейін қайтып оралды. Сағына күткен сүйіктісі Мнираның қолына су өтпейтін, отқа жанбайтын материалға оралған қомақы, ап-ауыр ораманы: «мында екі жүз миллион евро бар» деп ұстатуы мұң екен:    

       -    Мынауың сұмдық көп қой...! Алмаймын! Не істеймін осынша ақшаны – деп, жан - жары шошып кетті.

       -Ал, қорықпа, бұл менің өмір-бақи жинап, терген таза еңбегім. Құдай бұйырып, үйлену тойын жасай қалсақ, соған жұмсаймыз. Сәбиіміз туғанда да, одан кейін есейіп, әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орнында оқуы үшін де әлі көп ақша керек болады...

       -Жаным сол! Әмин! Сол тілекке бірге жетейік!- деп, жылап жіберген қыз сүйіктісінің мойынынан құшақтай алып, өксіп-өксіп тоқтай алар емес.- Мен көп ақшаны көргеннен емес, сенің «үй болып, сәби сүйсек» деген игі ниетіңе көңілім босап отыр. Өзім сүйіп, жақсы көретін азаматпен тұрмыс құрып, ана атансам деген арманымның, Аллам қалап, орындалып келе жатқандығына деген сенімім мен үкілі үмітімнің көз жасы ғой, арыстаным. – деген Мнира Маратқызы қуаныш үстінде біраз сырдың шетін шығарды. Әкесінің өзі мен анасын тастап кетіп, өзінен жиырма жас кіші, кәмелетке толмаған жас қызға үйленіп кеткенін жырдай етіп айтып отыр...

       ... Менің анам Валентина Соколованың әкесі орыс, шешесі татар. Сол анам  мен он жасар өзім үйсіз – күйсіз, үйірінен  адасқан қаздай қаңғып қалдық. Өзім мектепті кілең беске бітіргеніммен, тезірек ақша жинап, баспаналы болу үшін институтқа бармай қалдым. Мектепте үшке әрең оқып жүрген құрбыларымның әкелерінің арқасында оқуға түсіп, қызмет жасап жүргенін көріп, «әй, тәлкекке ұшыраған ащы  тағдырым-ай» деп, талай таңды ұйқысыз өткізгенімді қалай ғана ұмытармын. Официант болып еңбек ете жүріп, Москвадағы Университетімді қызыл дипломмен тәмамдап алдым. Ресторанда істеп жүрген қыздардың бәрін «бұзылған қыз» деген сасық оймен, сенің тырнағыңның сынығына да татымайтын міскіндердің маған да ақшасын көрсетіп, төсектес болуға әрекет еткен ұятсыздықтарын ұмыта алармын ба? Сол ермек іздеген еркексымақтардың қорлығы санамнан өле - өлгенімше өшер ме?! Маратжан, айналайын, екеуіміздің алғашқы құшақ айқастырып, тар төсекте басымыз қосылған түні сенің: «Мнира, сен әлі қыз екенсің ғой» деп, таң қалғаныңда мен қалай өкпеледім саған. «Қыз болмағанда, енді мені кім деп ойлап едің?» деп, өксіп жылағаным есіңде ме? Адам өлтіріп, зек атанған менің жаралы жанымды түсініп, өзіңе тең көріп жар етуге, болашақ сәбиіңнің анасы етуге бел буғаның үшін мен саған мәңгі бақи қарыздармын. Тәңірім екеумізді бақытты етуге жазсын.  «Ресей жеріне көшейік» деп айналдырған анама: «Мен қазақпын. Туған Отаным - Қазақстан. Өз елімнен, өз жерімнен ешқайда көшпеймін» деп, орнымнан қозғалмай, осында қала бердім. Сонда кетіп қалмағаным - құдіреті күшті Құдайымның екеуімізді табыстыру үшін жазған бұйрығы ғой. Алла қаласа, сәбилі де болармыз. Баяғыда «тарихи Отаным» деп, Қазан қаласына көшіп кетіп, бір жылдан кейін «өзіміздің қазақ елінен жарылқасын. Ол жақты жерсінбедім, халқы да біздің қазақтардай емес екен» деп, қайтадан осында көшіп келген марқұм анам осы бақытты күнімізді көргенде ғой – деген қыз, көз жасын көлдетуін тоқтата алмады.

      -Алтыным, марқұм анамыз көре алмаса да, оның сол жақтағы жалғыз басты апайы көреді. Ол да біздің анамыз ғой, елге көшіріп аламыз. Екеуімізден көрген немерелерін бағады әлі - деген Марко сүйіктісінің жас парлаған жанарын  шөпілдете сүйе берді, сүйе берді.               

       Сүйікті жары өксігін басып, тынышталған соң жігіт:

        -Жаным, сен гинекологқа барып тексерілсең қайтеді. Мүмкін, екеуіміздің сәбиіміз жүрегіңнің астында елеусіз ғана тыныстап жатқан болар. Дәрігерлер тез анықтап береді ғой - дегеніне Мнира:    

        -Дұрыс айтасың, алтыным. Ол ой маған неге ертерек келмеген? – деп, «сыңқ» етіп қуана күліп жіберді.– Барамын. Бүгін  үлгере алмаспын, ертең міндетті түрде барып тексерілемін...

       «Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады» деген ата -бабалар сөзі рас екен. Қос аққудай жарасқан сүйікті жандардың осы әңгімесінің ертеңінде Маратқа «біз мәңгілік доспыз» деуден танбай жүретін «Коля косой» - Николай Сафин келді. Неге екенін кім білсін, өңі боп - боз, түрі де солғын. Қос иіні салбырап, Марконың бетіне тура қарай алмай, бүгежектей береді...

       «Досымның көңіл - күйі неліктен пәс. Біреулер ренжітті ме екен, әлде...?» деген жанашыр ойға берілген Марко:

        -Қалай, досым, авторитеттер сходы мен туралы не шешті? Неге екені белгісіз, екі айдан астам уақыттан бері үнсіз жатыр ғой - деп, «Косойдың» бетіне сұраулы жүзбен қарады.

         -Марко, сен туралы айтар әңгіме көп болып тұр. Оңашаға – қаланың сыртына  шығып сөйлесейік...

       -Жақсы. Олай болса, досым, Шымбұлақ жаққа шығайық. Таза ауа жұтып демалып қайтайық. Екеуіміз оңаша әңгімелесіп, шәй ішпегенімізге қанша уақыт болды өзі. Сондағы ресторанға отырып, түскі ас ішу уақыты да таяп қалды, ауқаттанып алармыз...

       ...«Косойдың» түрі кавказ ұлтына келетін жүргізушісі қаладан аулақтап, Шымбұлақ аумағына жақындағанда, трассададан шығып, шоқалақ жолға түскеніне Марат мән берген жоқ. «Джип» маркалы машина салонының арт жағында досымен әңгімелесіп отырған Марко көлік «дік» етіп тоқтағанда ғана, өздерінің тау аңғарының бір қалтарыс қуысына келіп тоқтағанын көрді..

      ...Бұл «табиғат» атты тылсым құбылыстың біз түсінбек түгіл, сезе де алмайтын құпиялары көп қой. «Адам мен табиғат - егіз» деп білгішсініп сайрағанымен, олардың байланыс – шатыс қыр-сырының жайы мен жапсарын әлемнің ешбір ғалымы да, «ғылыми-техникалық прогресс» атты жаңашыл жетістіктері түсіндіре де, болжай да алмайды-ау... Адам мен табиғаттың сол құпия байланысы емес пе, әлігінде ғана осылып қалғыр «косой» мен аңғал Марат тау аңғарына көліктерімен кірген кезде ақбас Алатаудың қар басқан шыңдары аспан көгінен шуақты сәулесін шашырата төгіп тұрған күнмен бірге күлімдеп, көңілі көктемдей болып тұрған. Күнәлі пенделер көліктен түскен сәтте-ақ күн көзін белгісіз бір мұнар басып, тау шыңдары әлдебір тұңғиық мұңға батқандай қарақошқыл түске еніп шыға келді.

        -Осы жерде жеке әңгімелесейік–деп, «Косой» көліктен шықты. Артынша Марат та түсіп анадай жерге барып теріс қарап кіші дәрет сындырды. Бұрылып, машинаға беттей бергені сол еді, о, сұмдық... Досы қолындағы тапаншасын өзіне қарата кезеніп тұр. Ойына жамандық алмаған Марат:

        -Что за шутки, друг мой? – деп жүрісін кілт тоқтатты.

         - Марко, тебе хана! Лично мне поручено исполнить приговор... – деген «досының» қатқыл, тарғылдана шыққан сөзімен ілесіп, тапаншаның «шаңқ» еткен ащы дауысы шықты. Тапанша дауысынан тау жаңғырығып, әр аңғардан қару атылып жатқандай сезінген Марат теңселіп кеткенімен құламады. Көзі қарауытып, басы шыр көбелек айнала жөнелді. Ет қызуымен алға қарай екі адым аттады. Артынша, жүрек тұсын оң қолымен басқан жігіт екіге бүктетілген күйі етпетінен құлап түсті...

      ... Әй, қатыгез хайуан-ай! Қаны фонтан суынша шапши ағып, жан жарықтық тәнді тастап шыға алмай,  денесі дірілдеп, бір бүгіліп, бір жазылып қиналып жатқан жігіттің жанына жақын келді. Күні кеше «мәңгілік доспыз» деп, бірге жүріп, түрменің тұщы ботқасын да, бостандық өмірдің де бұйырған дәмін татысқан «досының» жүрек тұсын көздеп екінші қайтара атты. Артынша дәл маңдайына тапаншасын батыра тақап шүріппені басты. Бұл, әрине, қылмыскерлер әлемінің қатыгез қасқырлары жиі қолданатын – «контрольный выстрел» еді. Иттің ғана баласы-ай, осы қатыгездікті жасаған кезде, жүрегі дір етпей, сыңғыр қолы да қалт етпеді-ау... «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деуші еді атам қазақ. Қатыгез деген сол қасқырдікіндей де аяушылық сезімі болмаған қанішер «Косойдың» қаныпезерлік хайуандығына қайран қалып, ішін тартқан тау - тас теңселіп кеткендей, жаңғырығып тұр...

      ...Кавказ ұлтты жігітті «джип» көлікке отырғызып Николай Сафинге қосақтап жіберген «грузин атаның» өз есебі бар еді. «Косой» ежелгі досын өлімге қимай, басқа жаққа қашырып жіберуі де бек мүмкін» деген сақтық болатын. Міне, зектер әлемінің «саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап тұратын» тірліктерінің бір қыры. Николай қанішер Үкімді орындаған сәтте «кавказдық» та, кәстөм астынан «ТТ» тапаншасын жасырын ұстап, шүріппені басуға әзір тұрған - ды. «Косой» Марко досын атуға қимай, өзімді атып өлтіруі мүмкін» деген арам ой. Осы ғой, зектер әлемінің, баласы туған әкесіне, атасы өз немересіне сенбей, сақтану шарасын алдын - ала ойластырып тұратын қатыгездікке құрылған заңдары.

      ... Қанішер «косой» опасыздық ісін ойдағыдай тындырып, көңілі жәй тапқандай көлікке беттегені сол еді, шыққыр көзі өзіне қарата кезелген ажал қаруының үңірейген аузын көрді. «Жаманның жаны тәтті» демекші, бір ауыз айтуға да үлгермеген ол қорқыныштан дір-дір ете қалшылдап, сол мезетте бұтына сарылдатып сиіп – сиіп жіберді. Іле - шала кафказдықтың:

       -Тебе тоже хана! Собаке - собачий смерть! – деген қырыл аралас дауысы шықты да, «косой»  тоңқалаң аса құлап түсті. Арам денесі дір-дір етіп, қозғалуға мұршасы жетпей тыпырлауда. Артынша өзіне оқ атылмағанына көзі жеткен ол, кафказдық жігіттің бетіне жалынышты түрмен «атпашы» дегендей, жалтақ - жалтақ қарап жатыр.

       -Хотел тебя проверить на вшивость. Вот ты какой трус оказывается-деп, жиіркенішті түрмен, қаруын қайтадан қойнына тыққан кафказдықтың атпайтындығына көзі жеткен қанішер, қос тізесі дірілдей қалтырап, жатқан жерінен үш рет ұмтылып, әрең тұрды...

      ...Тәңірім-ай, таудың тасын да жұмсартып, ерітіп жіберуге қабілеті жететін «махаббат» атты қасиетті күштің құдіретімен қылмыс әлемінен мәңгілікке қош айтысып, адамша өмір сүруді мақсат еткен Марат қыршынынан қиылды. Жастайынан тағдыр тәлкегіне түскен, зектік өмірді бастан кешіп, уақыт өте келе ол ісіне өкініп, ақылға келген азаматтың татар дәмі осылайша өкінішпен таусылды. Сүйіктісімен енді ғана қосылып шаңырақ көтерген, алдағы өмірде сәби сүйіп, әке атануды арман етіп, болашақ бақытты өмірге қадам басқан аңқылдаған аңғал азамат қапы қалды. Мына ешбір жанға опа таптырмайтын  жалған дүниені тастап, осылайша мәңгілік қайтпас сапарға қапыда аттанып кете барды...

      ... Қаралы хабарды естіп, қала шетіндегі қайғылы оқиға болған жерге асыға жеткен Мнира қызыл қанға бөгіп жатқан сүйіктісінің үстіне аңырай келіп жығылды. Артынша жанұшыра: «Марат, мен сенімен мәңгі біргемін!» – деп, дірілдей, ышқына шыққан әлсіз үнін, қыз қолындағы, жанынан тастамай жүретін «Макаров» тапаншасының, аспан асты мен айбынды Алатаудың тау - тасын қақырата жаңғыртқан ащы дауысы басып кетті...                                                   

        ...Құдіреті күшті құдайым – ау десеңші, екі күннен кейін қыздың мүрдесіне ота жасаған анатом – дәрігер: «Марқұм Мнира Маратқызы Маратованың құрсағында үш айлық ұл жынысты сәби болған»  деген сараптама қорытындысын шығарып берді...

Аллам-ай, марқұм өлерінен ең болмаса, бір – екі күн бұрын жүктілікке тест  тапсырғанда, анасы да, сәби де тірі қалар еді-ау...

Ал, ажал шашуға арналған суық қарудың алғашқы реткі «шаңқ» еткеннен кейінгі бірнеше дүркін қайталанған жан түршігерлік шаңқылынан кейін тау шыңдары дауыс салғандай белгісіз бір гуілмен аңырап кетті. 

Табиғат-ананың аңырай шыққан бұл гуілінің мәні : «Сүйіктісінің қазасы қаншалықты ауыр тиіп, жүрегін қан жылатса да, байқұс қыз жігітінің артында қалатын жалғыз тұяқ - сәбиі үшін өмір сүрмес пе еді? Өзінің сүйікті жары Мараттың ұрпағын аман – есен өсіріп, жеткізер еді-ау. Жаратқан - ай, «білмеген у ішеді» деген, міне, осы ғой. Қайтейік... Біздің қолда не бар? Тағдырға ара түсер шара жоқ, қайтейік...?!» - дегендей еді табиғаттың  ол гуілі.

 

 

                               Жиырма бірінші тарау

 

        Әрі - бері бұлтақтап, тағылған айыпты мойындамауға қанша тырысқанымен, Николай Сафинның ол қитұрқылығынан ештеңе шықпады. Жекпе - жек болған түннің ертеңінде - ақ жасы бар, жасамысы бар, «Коля Косойдан» басқа сегіз бірдей жемтіктестері темір торға тоғытылды. Оныншы қылмыскер Дмитрий Гусковты бүгін майор Нұрахметов әкеп қамады. Ұршыққа оратылған шуда жіп қанша ұзын болғанымен, тарқата берсең ұшығына шығатыны ақиқат. Тұтылмай тұрған кезде «Косой» бөлтіріктерін қанша оқытып, болған істі мойындамауға, жалтаруға үйреткенімен, әркімге өзінің жаны тәтті емес пе?! Басқы кезде еш мойындамай, бұлтаққа салғанымен, соңында  жемтіктестер бірін бірі көрсетіп, сатып кетті. Сафинның өзі Еркін Елемесұлының қойған алуан түрлі сауалдарынан, сөзінен жаңылыстыру әдістері мен біліктілікпен қойған сұрақтарынан тұйыққа тіреліп, «сынбасқа» амалы қалмады. Енді, міне бүгін тергеушілер тобы тергеу ісіне шұғыл кірісті. 

        Полковник Бекеновтың ауданға өкілетті өкіл болып келгеннен бергі ұйқысыз, күлкісіз өткен жиырма төрт күн әбден тұралатып кетіпті. Оның үстіне кеше түнде болған ұзақ сонар қуғын мен жан алысып, жан беріскен жекпе-жек те оған оңай тимегені анық. Қалай оңай болсын, анау – мынау емес, өмір мен өлім айқасы таразыға түссе.  «Аққа - құдай жақ» деп, әйтеуір әділеттік пен қарапайым адамдардың қауіпсіздігі жолындағы жекпе-жек қанша қауіпті, ауыр болса да полковниктің өзі жеңіске жетті...

        «Ұсталған қылмыскерлердің  келісіп алғандай, бәрінің бір ауыздан айтатындары: «Күн көріс үшін қылмысқа бардым. Жұмыс жоқ, жұмыс болмаған соң тамақ жоқ. Енді қайтем, аштан өлуім керек пе? Президент, Үкімет пен жергілікті әкімдер жұмыс орнын ашса, тамақтық пұлды адал еңбек етіп табар едік. Міне, жаман істің жұғысты болатындығы қандай! Әрине, жұмыстың жоқтығы арамтамақ қылмыскерлерді ақтайтын факт емес. Бірақ «жұмыстың жоқтығынан, аш қалмас үшін сол қылмысқа бардық» деген сөздерінің, өз қылмыстық істерін ақтамақ болған сылтауы болса да, шындықтың да бір ұшығы жатыр...

       Полковник Бекеновтың ақыл-пайыммен, асқан кәсіби біліктілікпен басқарған қараталдық қаһарман, жансебіл жігіттердің кәсіби шеберліктерінің арқасында, Көксу, Ақсу, Сарқан, Ескелді, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларында болған қылмыстардың барлығы осылай ашылып, соңғы нүктесі қойылды.

       «Тәуба, жоғары басшылықтың өзіме үлкен сенім артып, жүктеген тапсырмасы тез арада, ойдағыдай орындалды. «Отаның үшін отқа түс-күймейсің» деп батыр Бауыржан Момышұлы атамыз бекерден бекер айтқан жоқ. Сол Отанның бір бөлшегі – аудан халқының қауіпсіздігі үшін болған шайқаста тыныштық сақтау қызметіндегі барлық жігіттеріміз жансебілдік, тіпті ерлік десек те артық емес, үлкен шаруа тындырды. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, аса қауіпті қылмыстық топпен шайқаста бір де бір адам шығын болмай, зор жеңіске жеткенімізді айтсаңшы!» – Осы ойлардың жетегіне жегілген полковник Еркін Елемесұлының әбден тақа таусыла шаршағаны соншалықты, кабинетіндегі стөл басында, басқы кезде қалғып отыр еді, артынша, қас қағым сәтте қалың ұйқы құшағына орана берді.  Өз шаңырағындағы ақ мамық төсегінде жатқандай рахаттанып, қорылға басқанын өзі сезер емес...

        ...Арада екі апта өткен соң ҚР Ішкі Істер Министрінің: «Аса қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтауда көрсеткен кәсіби біліктілігі мен жанқиярлық ерліктері үшін» деген мәтінмен полковник Еркін Бекенов бастаған, полиция майорлары Батан Сәлімов пен Ержан Нұрахметов, Эрик Нам, Сергей Зубков пен Алексей Эм сынды батыл жігіттердің аттарына «Алғыс хат» келді. Облыстық Ішкі Істер Департаментінің кеңейтілген жиынында департамент бастығы генерал-лейтенант Дәрменов Омар Серікұлы марапат хатты салтанатты жағдайда табыстады. Бүкіл Министрлік көз тігіп, бақылауда ұстап отырған, бес айдан астам уақыт бойы ұстатпай, Қаратал ауданы ғана емес, Көксу, Кербұлақ, Сарқан, Ескелді аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларында «гастрольде» болып, үлкен лаң салған ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Ия, осы атышулы қылмыстық топты залалсыздыруға тиянақты басшылық жасап, бар-жоғы жиырма  төрт күнде кәсіби біліктілік, зор жансебілдікпен еңбек еткен полиция полковнигі Еркін Елемесұлы Бекеновке «Генерал» атағын беру туралы генерал -лейтенант Дәрменовтың жоғары басшылық атына ұсыныс түсірген еді. Алайда, «дәулердің» төңірегіндеғі бақай есеппен жасайтын қамқорлығы мен олардың «шатырын» паналап көрмеген,  тек өзінің терең білімі мен теңіздей біліктілігі, кәсіби шеберлігі мен үлкен патриоттық болмысының арқасында  қатардағы лейтенант шенінен полиция полковнигі дәрежесіне адал еңбегімен жеткен Еркін Еленмесұлына генерал погоны бұйырмады.

        Бірақ, оны білетін, қатар жүрген әріптестері мен өзі тәрбиелеген шәкірттеріне ерлік пен жанкештіліктің, адамгершілік пен кішіпейілдіктің және тау шыңындай жоғары моральдық қасиеттердің символындай үлгі болған  Еркін Елемесұлы оған қайғырмақ түгіл, ренжіген де жоқ. Өйткені, бойындағы бар білімі мен біліктілігін, қайрат – күші мен жігерін халықтың қауіпсіздігі мен сәбилердің тыныш ұйқысын қырағылықпен күзетуді қасиетті парызым деп біледі. «Сәбилердің тыныш ұйқысы» демекші:

              «Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,

               Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.

               Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ,

               Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.

               Ұйықта балам, ұйықта, бөпем, қасыңдамын,

                Керегі жоқ дүния, асылдарың.

                Бақыт, байлық, барлығы менің үшін,

                Сенің бір кеп мойыныма асылғаның...» деп жырлайтын мұзбалақ ақын Мұқағалидың өлең жолдарын Ерекең жиі ауызға алып отырудан жалыққан емес. Полковник Бекеновтың: «Ана түгілі, әр саналы азамат үшін періште сәбидің балдан да тәтті күлкісі мен тыныш ұйқысынан қымбат ешнәрсе жоқ» деген принципті өмірінің түп қазығына айналдырғаны - сонау ІІМ Қарағанды Жоғары Милиция мектебінде курсант болып жүргенде бастау алғын-ды.         

       Ия, Еркін Елемесұлы үшін жанұя беріктігі мен ұрпақ болашағының жарқын болуымен қатар, қиындығы мол тыныштық сақтау қызметін қалап алған саналы ғұмырында қарапайым адамдардың шын пейілмен айтқан «рахмет» деген ақжарма алғысы мен ризашылық сезімінен артық марапат болмақ емес... 

 

                                     хххххххххххххххх

 

        «Коля Косой» бандасының соты аяқталыпты! Бүгін соттың Үкімі оқылады екен!» – деген хабар сымсыз телефон – ұзынқұлақ арқылы  аудан ғана емес, облыс халқы арасына тез тарап кетті.

         Аудандық сот ғимаратының алды ығы-жығы халық. Мұрты тебіндеп жаңа өсіп келе жатқан жасөспірімді де, шекесіне бантигін қондырып алған сүп-сүйкімді, лақша секіріп ойнап жүрген бүлдіршін  қыздар мен еңкейген кәрі қартты да осы жерден кездестіруге болады. Енді қайтсін, бірінің әкесі, бірінің  «іштен шыққан шұбар жылан» - баласы, енді бірінің күйеу баласы дегендей, әрқайсы өз адамының жыртысын жыртып, соттың неғұрлым жеңіл жаза қолдануын құдайдан тілеп, балға  үймелеген сансыз көп арадай, ғимарат төңірегін торуылдап жүр. 

       Сот отырысының хатшысы Мейіркүл Омарбекованың ғимарат алдына шығып, жиналған жұртшылыққа:

- Ішке кіріңіздер. Сот процесі басталады – деген сөзі естілісімен, сырттағы жұрт сот залына лап қойды. Бірі-бірін итере кимелесіп, әркім алдыңғы қатардағы орындықтардан орын алуға ұмтылуда.

- Тыныштық сақтаңыздар. Ақырын, орын бәріңізге  жетеді.

   Көп кешікпей,  қару  асынған айдауылдар  қолдарына кісен салынған тұтқындарды сот залына бір-бірлеп кіргізіп, темір тордың арғы жағына жайғастырды.Тордың есігі «шиқ» етіп жабылды да,  әдеттегідей салдыр - гүлдір етіп, жұдырықтай қара құлып салынды.

Темірмен  торланған терезелер шалқасынан ашық тұрса да, ішке лүп етіп кірген жел жоқ. Зал іші пеш жағылған қазандай қайнап кетті. Тамыздың ыстығы сыртта шыжғырып тұрғанда, адамға лықа толы  залдың іші ысымай қайтсін!

- Тұрыңыздар! Сот келе жатыр!

   Бойы ортадан сәл биігірек, үстіндегі мантиясы өңіне ресмилік беріп тұрғанымен, түсі жылы сот отырысының  төрағасы аяқтарын тық-тық басып сот залының төріне оза берді.

    Бұл - әділеттің ақ Туын желбіретуші қызметін Талдықорған облыстық соты мекемесінде сот отырысының хатшысы болып бастаған Биша Қожақұлқызы Арпабаева.

  ...Оқымағанымен, көкірекке тоқығаны көп әкесі Қожақұл шежірені шемішкеше шағып, қазақтың  шығу тарихын жік-жігімен таратып беретін-білімдар адам. Жаз бойы бие байлап, қымыз сауады. Ауылдастары, әсіресе қарттар жағы «қал-жағдай сұрасуға, шежіре тыңдауға келдік» сылтауымен қарияның қара шаңырағына атбасын тіреп, қымыз ішіп, әңгіме көрігін қыздырады. Үйлеріне күн құрғатпай келетін, жантайып жатып қымыз ішіп, әкесімен әңгімелесіп тұратын  Қалмолда  ата осы үйге келген сайын: «Көр де тұр. Бұл майда сақау қара қызым сот болады» - деп, еліктің лағындай ғана Бишаны тізесіне еркелете отырғызып алатын. Қарттың «майда сақау» дейтіні де бекер емес. Жастайынан аурушаң болғандықтан, ешкім бетіне келмей, еркелетіп өсіргеннен бе екен, шолжаңдап, сақаулана сөйлеуді сәби кезінен әдет қылып алған. Оның үстіне, құрымағыр, икемге көнбейтін «р» әрпіне тілі келмейтіні де бар.

   Алты жасқа толғанда: «барам да, барамның» астына алып, мектептің бірінші сыныбының табалдырығын аттады. Бойы тәпене болғандықтан, төбесі партадан сәл ғана қалқыңқы қара қызды Роза  тәтейі алдыңғы партаға жайғастырып, алғашқы сабақты бастаған.

- Қане, балалар, кім санау біледі?- дейді тәтейлері алдындағы көздері жәудіреген  балақандарына елжірей қарап.

- Мен білем! – Орнынан атып тұрған Биша: би, екі, үш, төйт, беш – дей бергеннен-ақ, оқушылар сыныпты бастарына көтере  ду күледі.

- Сендей күлсеңдей, мен енді пайтаға отимаймын! – Қаршадай болғанымен, сыныптастарының өзіне күлгеніне намыстанып қалған қыз айқайды сала жылаған күйі мектептен шыға қашады.

Күн батысымен  бұлардың үйіне келіп, «оқушысының» алғашқы сабақтағы қызығын жырдай етіп әңгімелеп берген Роза ұстазға ата-анасы  қосыла күліседі. Бишаның ақын анасы Қатипа да:

- Жарайды, кішкене өссін. Келесі жылы жетіге толғанда мектепке барса да оқып үлгерер - деген тоқтамға келеді.

  «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген қазақтың асыл сөзінің жаны бар-ау, осы. Мектепті кілең беспен болмағанымен, кәмелеттік аттестатында үш пәннен ғана төрттігі бар, қалғаны «өте жақсы» бағамен аяқтаған  балаң қыз құжаттары  қолына тиісімен, білім  қуып, арман қала - Алматыға жол тартты. Қазақтың маңдай алды білім шаңырағы – Қазақ Мемлекеттік Университетіне құжаттарын өткізіп, мемлекеттік емтихандарды тапсыруға кірісті. Таңдаған  мамандығы - заңгер болу.Ол мамандықты қалауының да  тарихы бар.

  Барлық емтихандарды ойдағыдай тапсырған Биша конкурс деген пәледе бір балы кем болып, «құлап» қалды. Мектептің белсендісі, оқу озаты және ұстаздарының: «Міне, Арпабаевадан үлгі алыңдар» деп, мақтан тұтқан қыз ауылға чемоданын арқалап қайтқанды намыс көрді. Үй салумен айналысатын атақты АДК-ның: «жұмысшылар қажет» деген хабарландыруы бойынша  комбинатқа  сырлаушы  болып жұмысқа кірді. Талаптанып, ерінбей-жалықпай еңбектенген жанның еңбегі еш болушы ма еді?! Жаз бойы істеп, әжептәуір үйреніп, алдыңғы қатарлы жас құрылысшылар санатына енді. Мақтау естіп, марапатқа ілінді. Бірақ, сәби кезінен суыққа төзімсіз болып өскен Биша қыс түсе қайта-қайта ауыра берген соң, анасы Алматыға барып, намысшыл қызын жұмыстан шығарып, ауылға алып келген еді.

  ...«Жоғарыда заңгерлікті таңдаудың өз тарихы бар» дедік қой, баяғыда Қалмолда нағашысының «ой, бұл қызым сот болады» деген жақсы сөзі сәби кезінен қыз санасына сіңіп қалыпты. Міне, сол сезіммен өскендіктен бе, тағдырдың жазмышы солай ма, соны  қыздың өзі де ойлап,  бажайлап көрмепті. Сонымен, ешкімнен сұрамай, ақылдаспай қақаған қыстың бет қаратпас суығында автобусқа отырды да, іргеде тиіп тұрған облыс орталығы-Талдықорғанға жол тартты. Мақсаты – қалалық сотқа бару.  «Сұрай-сұрай Меккеге де жетесің» деген халық сөзі рас екен. Бірақ, әркімдерден сұрастыра  жүре келіп жеткен жері қалалық сот емес, облыстық сот мекемесі болып шықты. Қыздың алғашқы қарқынмен қорықпай, жүрексінбей келгенін қайтейін, ғимаратқа кірісімен денесі дірілдеп, бойын бір белгісіз қорқыныш па, үрей ме, әйтеуір сондай бір сезім билеп, дәлізде үн-түнсіз, сілейіп тұрып қалған.  Біраз уақыт өткенде төр жақ  бөлмеден  ұзын бойлы, зор денелі  орыс ағаның  шыққанын көріп:

-  Ағай, сот төрағасының бөлмесін көрсетіп жібересіз бе? - деп, жасқаншақтай тіл қатты.

  -Облыстық соттың төрағасы мен сияқты едім. Қандай шаруамен келдіңіз? Қане, кабинетке кіріп сөйлесейік, - деген төраға жылы жымиып, жаңағы өзі шыққан бөлмеге  қарай жол бастады.

   Сот атаулыны сұсты, анау - мынауыңды менсіне қоймайтын қатал, қаһарлы адам деп көзге елестетін қыз таң қалып келеді. Түсі жылы, өзі әзілдесіп сөйлейтін қарапайым адам екен. «Сот төрағасымын» деп қалжыңдап тұрған біреу емес пе? - деген ой да басында қылаң берді. «Кім болса да  сөйлесіп  көрейін».

Өзін  «Сергей Сергеевич Дмитриенко» деп таныстырған сот төрағасы  қыздың аты-жөнін, қай мектепті, қандай бағалармен бітіргенін тәптіштей сұрап, аттестатын көрді. Мұның оқудан жолы болмай, конкурстан «құлап» қалғанын, жаз бойы құрылыста сырлаушы болып істеген тарихын мұқият, зейін қоя тыңдап отыр.

- Болашақта қай оқу орнына баруды көздеп, қандай мамандықты таңдайтын ойыңыз бар?

- Келесі жылы сол оқу орнына қабылдану үшін емтиханға жатпай-тұрмай дайындаламын. Қайткенде де түсемін. Бірақ, бос жатпай, қыс бойы сіздерде жұмыс істеп, тәжірибе жинасам  деп едім...       

- Бәрекелді! Алдына белгілі мақсат қоя білетін, соған жету үшін еңбектеніп, талпынатын жастарды мен тегі жақсы көремін, - деген Дмитриенко сөзін әрі жалғады.

- Орысша таза сөйлейді екенсіз. Орыс мектебін тәмамдап па едіңіз?

- Жоқ. Мен қазақ мектебін бітіргенмін. Бірақ, орыс тілі мен әдебиетін сүйіп оқып, кілең бес алатынмын.

- Тіпті тамаша! Бізге неғұрлым екі тілді меңгерген талапты да, ізденімпаз қызметкерлер қажет.

- Шіркін, сіздерге қызметке тұратын болсам, орысшаны бұдан да жақсы үйреніп алар едім...

- Онда былай болсын, қызым. Сот отырысы хатшысының орыны екі  айдан кейін босайды. Оған шейін бізде курьер болып жұмыс істей тұруға қалай қарайсыз?

- Жақсы, Сергей Сергеевич. Мен жұмыс таңдамаймын. Қандай жұмыс болса да істей беруге дайынмын.

- Дұрыс. Өте дұрыс. Ертеңнен бастап жұмысқа шығыңыз. 

 Жастайынан зерек, әр ісіне ұқыптылықпен қарап, тыңғылықты орындауға дағдыланған пысық қыз, уәде етілген екі айдан соң, «сот отырысының хатшысы» лауазымына тағайындалды. Айналасы үш-төрт айдың аралығында өзіне сеніп тапсырылған міндетті меңгеріп алды. Келесі жылы жоғары оқу орындарына қабылдау уақыты таяғанда, сот төрағасы бұл күтпеген ұсыныс айтсын:

- Биша, қызметіңізге жақсы төселіп, жұмысыңызды адал атқарып жүрсіз. Сіздей іскер қызметкерден мен ғана емес, бүкіл сот ұжымының айырылғысы келмей жүргенін несін жасырамын. Сондықтан, өзіміздің Талдықорған заң техникумының сырттай оқу бөліміне түсіп, осы қызметіңізді істеп жүре бергеніңізді қалаймын. Өмірдің жақсы-жаманы мен ащы-тұщысын көп көрген - майдангер, әкең санатындағы қария ретінде айтарым: өзіңіздің болашағыңыз үшін сол бірден бір  оңды шешім болмақ.

-  Сергей Сергеевич, жоғарғы оқу орнында білім алу арманым бос қиял болып қала бере ме сонда?

   -Неге қиял болып қалады? Техникумды тәмамдаған соң, біздің берген жолдамамыз бойынша институтқа конкурстан тыс түсіп, сырттай оқып бітіресіз. Теориялық білімді тәжрибемен ұштастыра жүргізген адамның жақсы маман болып қалыптасатындығын сізге дәлелдеудің қажеті жоқ шығар?

   ...Ата - анасымен ақылдасқан Биша төраға айтқан ұсынысқа тоқталып, сол жылы Талдықорған заң техникумына түсті. Үш жыл оқып, дипломы қолға тиісімен, өзіне бала кезден арман болған ҚазМУ-дың сырттай бөліміне де еш қиындықсыз қабылданды.

...Өтіп кеткен Кеңестік  заманның кемшін тұстарымен қоса жақсы жақтары да жетерлік еді-ау. Қазіргі кездегідей, қызметке орналасу үшін біліміңмен қоса тамыр - таныстық, жоғарыда «крышаң» болу, пәре беру сынды қылқұрттық әрекеттер болмайтын.  Адал еңбекте өзін көрсетіп, білікті  маман, моральдық қасиеттері мен жауапкершілігі жоғары азамат екендігін дәлелдеген жанды басшылық  сенімен ақылдаспай - ақ кадрлық резервке қоятын. Сол сындардан өткеннен соң лауазымың міндетті түрде жоғарылайтын.

Биша Қожақұлқызының сот отырысының хатшысы болып еңбек еткеніне жеті жыл толып, университеттің үшінші курсында оқып жүргенінде, басшылық оны Талдықорған қалалық сотының аға сот орындаушысы  қызметіне тағайындады. Арада үш жылға жуық уақыт өткен соң, қалалық мемлекеттік нотариалдық кеңсесінің нотариусы  лауазымына жоғарылатылды.

Ол заманда қазіргідей «жеке нотариат» атты құрылым болмайтын. Қазіргідей әр көшеде бестен, оннан қаптап тұрған  нотариат мекемелері жоқ. Тек, мемлекеттік нотариалдық кеңселер жұмыс істейтін. Облыс  орталығы - Талдықорған қаласының өзінде бар - жоғы екі мемлекеттік нотариалдық кеңсе  қызмет көрсететін.   

 Университеттегі дипломын ойдағыдай қорғап алған соң, Талдықорған облыстық әділет басқармасына ауыстырылды. Сөйтіп, облыстық Әділет басқармасына «бөлім бастығы» қызметіне келген талабы таудай Биша Қожақұлқызы Арпабаева осы  облыс бойынша нотариат және кадр саласына төрт жыл жетекшілік жасады.

   Сол қызметінде жүргенінде, қарауындағы талай мамандарды тәрбиелеп, резервке қою арқылы судья етіп шығарған әділ де қамқор басшы – облыстық әділет басқармасының бастығы – даңғайыр заңгер Әділбаев Мырзакерім Әділбайұлы  Биша Арпабаеваның кандидатурасын судья лауазымына ұсынды. Арада бір жыл өткен соң, ізденімпаз қыз осы Қаратал аудандық сотының судьясы лауазымына тағайындалған - ды.

   Қарап отырсаң, осының бәрі өзін – өзі тәрбиелеп, адал еңбек етуі, талаптанып оқуы мен ұдайы ізденісте жүріп, білімін жетілдірудің арқасы. Әке, көкелерінің тамыр-таныстығы, жоғарыдан соғылған қоңырау мен ақша арқылы лауазымға оңай іліккен шикі мамандар мен танауын көкке көтерген  бастықсымақтар қаншама! 

   Биша Қожақұлқызы осы әркімнің қолы жете бермейтін  қызметін, бірінші – Құдайдың қолдауы деп білсе, екіншіден, сонау жылдары үстіне құрылысшының жарғақ костөмін киіп, есік, терезе сырлап, бояу исінен қаншама рет уланғаны, соттың таусылып болмайтын сансыз қағаздарын қаланың қуыс-қуыстарындағы талай мекемелеріне зыр жүгіре жүріп тасыған курьерлік жұмысының, одан кейінгі лауазымдарында жалықпай оқуы, талмай ізденуі мен ерінбей еткен еңбегінің әділ өтеуі деп біледі.

      Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған  аудандық сот  судьясы лауазымын, өзіне берілген қызметтік артықшылық деп емес, Елбасының мұның иығына артқан  үлкен сенімі мен салмақты жауапкершілік жүгі деп қабылдады. Сол сенімге селкеу түсіріп алмай, әділеттің үстемдік  етуін қалап, мұң - мұқтаждарының заң шеңберінде шешілетіндігіне үміт артып алдына келген қарапайым адамдардың шаруасын еш кілтипансыз тындырып беруге барын салды. Тәуба, «Судья Биша Арпабаева бюрократ екен, арызыма немкетті қарады». «Әділетсіз шешім, заңсыз үкім шығарды» деген сияқты жаман сөз артынан еріп көрген емес...

  

                              ххххххххххххххх

 

 ...Ұшқан шыбынның да ызыңы естілмейтіндей, бүкіл залдың іші тым-тырыс. Бәрі сот отырысы төрағасының аузын бағып қалған. Бақпай қайтсін, жиналғандардың көбісі сот орындығына отырған он қылмыскердің бірінің  ата-анасы, екіншісінің  жары, енді бірінің бала-шағасы, дос-жарандары. Олар, әрине, сотталушының жазасын жеңілдетіп, неғұрлым аз мерзім бергенін қалап, іштерінен құдайдан соны тілеуде. Екінші топ - үйлері үптеліп, адал еңбекпен жиған-тергенінің бәрі мына қорқаулардың кеңірдегіне кеткеніне қапа болғандар.Үшінші топ - қоймалары тоналып, бүкіл ұжым болып жабыла тапқан құндылықтырының  қылмыскерлердің құлқынына құйылып, жер сипап қалған мекеме басшылары мен қосшылары. Әрине, солардың бәрі қылмыскерлердің  жазаларын  ауырлатып, сот төрағасының оларға неғұрлым қатаң жаза беруін тілеп отырғандар.

Бақандай бес ай бойы түнде жортқан екі аяқты қорқау қасқырлардан жапа шегіп, жеке бастары тоналған, қорланған жандар қаншама! Солардың бәрі осы темір тордың арғы жағындағы мейірім, қайырымнан жұрдай, «адам» деген аты болмаса, хайуаннан бір де кем емес тіршілік иелерінің түрмеден шықпай, сонда неғұрлым ұзақ отыруларын шын жүректерінен тілеуде. Зорлықшылдарға деген жеккөрініштілік пен өшпенділіктері көздерінен анық  білініп, оларға заңның зауалын ғана емес, құдіреті күшті құдайдың да қаһарының төгілуін бар болмыстарымен қалап отыр...

 

                      Қазақстан Республикасы атынан...

 

   Алматы облысы Қаратал аудандық соты судья Биша Қожақұлқызы  Арпабаеваның төрағалық етуімен, сот отырысының хатшысы Мейіркүл Омарбекованың, прокурорлар: Есім Базарханов пен Нүсіпбек Көшербаевтың, адвокаттар – Бақытбек Бәйсеиітов, Андрей Иванников, Тұрар Исқақованың  қатысуымен, Үштөбе қаласында ... - жылдың 25-тамызы күні ашық сот отырысында қылмыстық  істі қарап, анықтағаны:        

   Сафин Николай Андреевич 1963-жылдың 23-сәуірінде Целиноград облысы, Калинин ауданының Покров селосында туған. Ұлты орыс. Қазақстан Республикасының азаматы. Толық емес орта білімді. Еш жерде жұмыс жасамайды. Заңдылы некеде жоқ – азаматтық некеде тұрады. Бұрын бірнеше рет сотты болған -  аса қауіпті  рецидивист. Үштөбе қаласы  Набережная көшесі, нөмірі 18 – ші үйде тұрады. Сафин Николай соңғы рет бас бостандығынан айырылған жерден бір жыл 6 ай 24 күн мерзімінен бұрын босанып шыққан. Алайда, бұрынғы алған жазаларынан тиісті қорытынды шығармай, түзелу жолына түспеген. Өзінің ағайындары мен таныстарынан, құрамына барлық саны, өзін қосқанда, он  адам тартылған қылмыстық топ құрып, облыстың бірнеше аудандарында  барлық саны 28 қылмыс жасаған. Ол осы ұйымдасқан қылмыстық топты тікелей басқарып, қылмыс әрекеттерінің жоспарын өзі  жасап, облыстағы қылмыс жасау нысандарының барлығында топтың әр мүшесінің міндеттерін белгілеген. Әрбір қылмысқа өзі белсенді қатысып, түскен ақшалай - заттай олжаны  қылмыстық топ мүшелеріне  бөліп беріп отырған. 

Сот жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптарын, қылмысқа қатысты айғақтық заттардың негізінде, сот - медициналық және криминалистік сараптамалардың қортындыларын, айыптаушы жақ пен қорғаушы жақтың дәлелдерін тыңдай келе, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Процессуалдық Кодексінің 368 - ші және 383-ші  баптарын  басшылыққа ала отырып:

 Сафин Николай Андреевичті  ҚР Қылмыстың Кодексінің 179 -бап 3 - бөлімінің «а , г», 178 - бап 3 - бөлімінің «а,в», 175 - бап 3 -бөлімінің «а,в» тармақтары, 131-баптың 4 - ші, 235 - баптың 2 - ші, 251-баптың 3-ші, 255-баптың 4-ші, 321-баптың 2-ші, 120-баптың 2 -ші бөлімінде қарастырылған қылмыстар бойынша айыпты деп тауып, 16 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға;

ҚР Қылмыстық Кодексінің 60-шы бабының негізінде, бұрынғы соттылықта өтелмеген мерзімі қосылып, жиынтығында 18 жыл бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеуге;

      Жазаны ерекше режимдегі колонияда өтеп, оның 6 жылын түрмеде отыруға Үкім етті.

          ...Ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа да мүшелері - он қылмыскердің алды 15,  арты 7 жыл бас бостандықтарынан айырылып, кәмелеттік жасқа толмауына байланысты Евгений Перов төрт жыл мерзімге шартты жазаға кесілді.  Үкімге наразы жақтар осы Үкімнің көшірмесін алған күннен бастап жеті тәулік ішінде шағымдануға құқылы».

      ...Ия, Үкім оқылды. «Алған адамға алты сом аз, берген адамға бес сом көп» деп қазақ мақалында айтылғандай, зәбірленуші жақтың бала - шағасы мен жақындары: «Бұл қаныпезерлерге кесілген Үкім тым жеңіл» деп өзара күңкілдесіп жүр. Әсіресе, тоналып, қорланып, ауыр жарақат алып, өлімші халды кешкен жәбірленуші жақ: «Скоты, будьте прокляты. Этих бессердечных фашистов расстрелять мало...» деп, көз жастарын көлдей етіп еңірегендеріне сот процесіне қатысушы аналардың талайы қосыла жылады. Жыламай қайтсін, өздерінің де сондай үміт еткен жас өскіндерінің келешегін ойлайды ғой...

       Керісінше, қылмыс жасаушы топтың жақындары: «Кісі өлімі (Марко Марат Теміртасов пен Мнира Маратованың өлімін «қылмыс әлемі мүшелерінің өзара есеп айырысуы» желеуімен, құзырлы органдар ол қылмысты тергеп, тексерусіз жаба салған болатын. Автор) орын алған жоқ. Жаза тым ауыр, шағымданамыз. Жоғарғы сотқа, тіпті Ел Президентіне жазамыз!» десіп уласып - шуласып кетті.

      ...Ия, аяусыз зәбір көргендердің нахақтан төгілген көз жасы мен назасы жіберсін бе, халыққа үрей туғызып, жазықсыз елді қан қақсатқан қылмыстық топтың қанішерлері әділ жазасын осылайша алды. Олардың адвокаттарының облыстық сотқа, одан жоғары сатыдағы сотқа жазған наразылықтары қанағаттандырылмады. Шығарылған Үкім еш өзгеріссіз, толықтай өз күшінде қалды...