68
Тоғызыншы мамыр
И, значит, нам нужна одна — Победа,
Одна на всех — мы за ценой не постоим!
Булат Окуджава
Жеңіс күні... салады еске өткенді,
Сол күн үшін талайлар қан төккен-ді.
Тоғызыншы мамыр еді сол бір күн,
Аңсады олар сол ерекше көктемді.
Ерлігінен қас дұшпаны жасқанар,
Ерлерді ойлап көзден ыстық жас тамар.
Кетті Әлия, Мәншүк пенен Төлеген,
Сол бір күнге жетсе екен деп басқалар.
Қайран қазақ соғысса да қай маңда,
Алғы шептен, берген серттен тайған ба?
Сол бір күнді жақындатсам екен деп,
Момышұлы атой салды майданда.
Талай ерге тұтқын болу жазылды.
Крематорий пештеріне жағылды.
Бухенвальдта, Освенцимде қанша жан
Аңсап өтті-ау тоғызыншы мамырды.
Тылда жүрген жас ана мен жас бала,
Бригадирдің айғайынан жасқана,
Қарлы қыста күтті ғой сол көктемді,
Ауыр еңбек жанын қинап жатса да.
Сол бір күні соғыс өрті басылған,
Туған жерге қайтатын жол ашылған.
Сол соғыстың қойып соңғы нүктесін,
Рейхстагқа ту қадаған Рақымжан.
Атаң үйге оралған күн – сол бір күн,
Әжең көзден тамшылатып мөлдір мұң.
Жеңісқали, Жеңісбектер қуанып,
Шаужайына оралған күн – сол бір күн.
Ал ұрпағы – біз бұл күні қандаймыз?
Салбырап бір көктен түскен жандаймыз,
Олар сонша күткен күнді біз неге
Ерекше бір атап өте алмаймыз?
Бір жылап ал, шығар іштің жалынын,
Зиярат ет ардагерлер қабірін.
Бейбіт күнге қуанып күл, ән шырқа,
Осындай күн – тоғызыншы мамырың!