Жылдың үздік поэзиясы
55

Құтқарылған сәби

(2023 жылғы  ақпан айындағы Түркиядағы

жер сілкінісі құрбандарына арналады)

 

Бес күн өтті сілкінгелі қара Жер.

Есін әлі жия алған жоқ қаралы ел.

Тірі қалған адам әлі бар-ау деп,

Үйіндіні үңгіп кіріп барады ер.

 

Бес күн бұрын бақытты өмір, басқа күй,

Бүгін басқа…Қиранды боп жатқан үй.

Құтқарушы айғай салды қуанып,

Қимылдады бір қуыста жас сәби!

 

О, Жасаған, елес пе әлде, анық па?

Жас баланы алып шықты жарыққа.

Кеудесінде шықпай қалған жаны бар,

Көздерінде сауалы бар халыққа:

 

«Анам қайда, әкем қайда, мен қайда,

Бар ма оларды тірілтетін енді айла?

Қуанышты болмап па едік бәріміз,

Қол жеткізіп биік үйге, кең жайға.

 

Зілзала бар, от пен су бар жалмаған,

Қандай жандар осыны еске алмаған?

Құламаған үйлер тұр ғой мың жылдық,

Біздің үйді неге мықтап салмаған?

 

Өз қалтасын ойлады ма бір бастық,

Кірпіштерін қоймады ма жымдас қып?

Бұл қайғыны жазады енді бір жазса,

Әлемге ортақ жанашырлық, мұңдастық.

 

Көмек беріп, күш салған да – адамдар,

Тынбай іздеп, құтқарған да – адамдар.

Адамды емес, жымқыратын зат іздеп,

Тонаушы боп ұсталған да – адамдар.

 

Мен сәбимін, пана іздеймін, жылаймын,

Мұндай апат болмасын деп сұраймын.

Адал өмір сүрейікші, адамдар,

Қаһарына ұшырамай құдайдың!».