Жылдың үздік поэзиясы
80

Қабанбай батыр

 (толғау)

Ерлерін ел жадынан тұрған өшпей,

Қоя ма аңыз етпей, жырлап өтпей.

Болған ғой Алашта да талай алып,

Робин Гуд, Гераклдай, Гильгамештей!

 

Сөз етсем жаугершілік заман жайын,

Тұлғасы мызғымайтын қамалдайын.

Айтар ем алыптардың алыбы деп,

Қазақтың Қаракерей Қабанбайын.

 

Ер туса, ерлік қылмай жата алған ба,

Айналды ол ел-жұртынан бата алғанда,

Туыстың кегін қуған Ерасылдан,

Қазақ деп белін буған қаһарманға.

 

Содан соң өтті өмірі ат жалында,

Қайран жер кетпесін деп жат қолында.

Жоңғарлар жайлап алған атажұрттың,

Мұң-зары өртеп ішін жатты оның да.

 

Шаппады ол Байжігітім, Найманым деп,

Баурайын Барқытбелдің жайладым деп.

Үш жүздің баласы үшін, ұлтым үшін,

Аттанды, қылышымды қайрадым деп.

 

Әскердің бола білді басты адамы,

Батырлар халқын жауға тастамады.

Бөгенбай, Наурызбай мен Баян, Барақ,

Байғозы, Жәнібек һәм басқалары.

 

Шыңғожа, Бердіқожа, Малайсары,

Еспембет, Қойгелді мен Сатай тағы.

Батырын баяғының есіңе алсаң,

Мақтаныш көңіліңді масайтады.

 

Болды олар Абылайдай ханға серік,

Шайқасты адалдық пен арға сеніп.

Қалмақпен жекпе-жекте жан шыдатпай,

Боялып қалды талай қанға шерік.

 

 

Ойратты, торғауытты, бәрін қоса,

Ағызып дұшпанының қанын жоса,

Қабанбай Қубас атпен баспай өткен

Қазақта қалмағандай адыр-жота.

 

Жүрегі жау дегенде түршіккен бе,

Жіберер қаһарланса құртып демде.

Тартысты ол тоқымдай да жерді бермей,

Қоқанмен, қырғызбен де, шүршітпен де.

 

Жетісу оған куә, Түркістан да,

Қашты жау ол тұстан да, бұл тұстан да.

Жеңді олар Аңырақай, Бұлантыда,

Аягөз, Алакөлде қырқысқанда.

 

Шорғада, Маңырақта қаптап тағы,

Жау шапты, ер намысын таптатпады.

Шағанда, Қоңырәулие үңгірінде,

Арқаға қалмақ қолын аттатпады.

 

Қайтадан атажұртын қазақ жайлап,

Жауынан біржолата тазарды аймақ.

Атанды хан батыры, Дарабозы,

Рулы ел ұрандады «Қабанбайлап!».

 

Елге арнап аманатын, үлгі сөзін,

Дертіне кәріліктің қылды төзім.

Соңғы рет жекпе-жекке қарт Қабанбай,

Шықты да, ат үстінде жұмды көзін.

 

Болғаны сондай ердің – халық бағы,

Ерлігін ел жырлаудан жалықпады.

Адамзат тарихынан орын алған,

Алаштың жасай берсін алыптары!