Жылдың үздік поэзиясы
106

Өлмей тұршы, үмітім!

Қараңғылық билегендей жер-көкті,

Тәтті өмірден жиі таттым кермекті.

Жанды жеген бір уайымым іштегі,

Жанарымның жасын тағы селдетті.

 

Сұрқай өмір салғанында сарсаңға,

Төзе білдім қажысам да, талсам да.

Ел қалаған “тәтті өлең” де тумады,

Қаламымды балға малып алсам да.

 

Шер-наламды қайда қоям бітпеген?

Күн болар ма, еңсені бір тіктеген?

Ей, үмітім! Өлмей тұршы, өтінем,

Бір қуаныш келер, бәлкім, күтпеген.

 

Сарсаң ойдың жетегінде сенделдім,

Дерті үдеген ішіндемін шеңбердің.

Шабыт іздеп шырылдасам кеше мен,

Өлеңменен келген шығар емделгім.

 

Көзден ұшып бал бақытты сәттерім,

Ұлғаюда күннен күнге “әттеңім”. 

Бір шапағат болса деймін Алладан,

Сұрамаймын одан өзге бақ керім…