105
Кім кінәлі?
Үлкен совхоздағы білдей бір бөлімшенің меңгерушісінің ерке де шолжақай қызы болды. Айтқаны айтқан, дегені деген болып өркөкіректеу болып өсті. Үлкен оқуға түсуге білімі жетпеді, әкесінің арқасында, қаржының күшімен де оқуға болар еді, оған өзінің мойны жар бермеді. Жастық шағын оқумен өткізсе қызықты кештерге кім барады, жігіт біткеннің есін кім шығарады? Ойнаған от басар дегендей осылай жүргенде от басты, аяғы ауыр екенін кештеу сезді. Енді не істеу керек, ата- анасы өз абройларын ойлап жастай жетім өскен момындау бір жігітке мұның қарсылығына қарамай тұрмысқа берді де жіберді.
Ата- анасы шапқылап жүріп жігітке әжептеуір қызмет те тауып берді, үй-жайын салып ерке қызы үшін барлық жағдайын жасауға тырысты. Молшылыққа үйреніп қалған ерке қызға бұл аздық етіп күйеуіне «анау жоқ, мынау жоқ»- деп әрнәрсені алдырып жұмысындағы қаржыдан жұмсауға мәжбүр етті. Бір күні қаржының жетіспеушілігі анықталып жігіт байғұс сотталып кете барды. Ата –анасы қолдағы бар қаржысын жұмсап жігітті құтқарғанымен, осы жағдайға байланысты өздері де шаршап, жұмыстан айырылып, ендігі кезде өздеріне де басқалардың көмегі керек болып тұр еді.
Әйелінің шайпаулығы мен өмірде жолы болмаған соң жетім өскен момын жігіт ішімдікке құмарлау болып кетті. Өмірге келген үш ұл мен бір қыз шешесінің ықпалында болып ішіп келген әкелерін үйге кіргізбей ұрып –соғып қуып шығатын болды. Күндердің күнінде әкелерінің түбіне осы арақ пен суық күндегі күтімсіздік жетіп о дүниеге аттанып кете барды.
Ұл- қыздар ержетіп үйленді. Балалы –шағалы болды. Жастайынан көрген тәрбиесі басқаша болғандықтан олардың да жүрегінде мейірім, шапағат, ата- анаға деген құрмет атымен жоқ болды. Күші қайтып, жасы келіп қалған аналарын үш ұлы да үйлерінен қуып шығарып жіберді. Барар жері жоқ аналары үш ұлын сотқа беріп көшеде қаңғырып жүр.
Кім кінәлі, заман ба, қоғам ба, әлде өзіміз бе?..
* * *
Шығыстан күн азанда шығады, кешке көкжиекке батады. Қараңғы түн түсіп, ай мен жұлдыздардың жұмбақ әлеміне сүңгіп тағы да бір түн өтеді. Осылайша күн мен түн алмаса береді, алмаса береді. Апта өтіп айды, ай өтіп жылды, жыл толып ғасырды, ғасыр толып дәуірді алмастырады. Адам қанша жыл өмір сүреді? Көп болса жүз жыл шығар. Оның да жартысы ұйқымен өтеді емес пе? Онда несіне өзімізді мәңгі өлмейтіндей сезініп басқаларға шекемізден қараймыз? Алланың берген несібесін теріп жеп, барына қанағат етіп, жоққа шыдап, адал еңбекпен келген бір үзім нанға қарынды тойдырып, ұл-қызымызға жақсы тәрбие беруге тырысайық.