81
Семей
(Уақыт туннелінен өткен Қазақ жайлы әңгіме)
Семейдегі қауашақ атқан жаңбыр таусылған соң, әр тамшысының құйрығына сары жапырақ байлап түскен жаңбырмен бірге, күз жемісінің иісі бұрқ етті. Найзағайлардың тепкінінен жалп ете жаздап түскен құс барма, жоқ па, кен қазумен өмірі өткен қарт жұмысшы Семей қаласының ішінен аспанға жаутаңдап қарайды... Найзағайға осы құстың елігіп барып тоққа соғылғанына қарағанда, найзағайды оң қолына алып бір үлкен жұпардың шырқ иіріп билеп, оңды- солды сабалап тұрғанын айтушы еді. Оның көзі осындай романтизмге толы көз еді.
Тұр үнсіз қарап мелшиіп. Жалған деген бұл сәулеге әбден тойымсыз етіп жіберетін, үнемі жарығы мен сәулесін көмейіңе кептей беретін дүние жүзінің дөңгелек кеңістігі ғой! Шынымен Жалғанның жарығын жайбырақат жұтып, сораптап тұрды. Аялдамада – Аңыз боп тұрған ол ғана. Қалғандары аңыз біткеннің, ертегі шіркіннің құрсауынан қашып, тылсымдыққа сенбей көшеде, Семейлік болып босып жүрген. Қаланың жезді үні шырқырай талығып өзегіңді құрғатып жібереді әттең. Осындайда самал қонған шапаныңды желпіп жезді үндердің ішіне бір әсем ырғақ қосып жібере жаздағаныңды байқайсың. Ендеше, бұл қалада тыныш тұру керек. Адамдардың қолындағы түнгі шырақтай барқыраған көзі қызыл шылымдар ақберендей оқталып түн ішін қорқыныштан сықырлатады. Перизат түн, сенің ішкі нұрыңды адамдар да аңғарады, мен де аңғарам. Бұл есепсіз ішкі нұрға әуестігім қозғалса есіл бір күнім текке өтеді, басқа бір бейтаныс сәуленің қанды жүзіне шабылып текке өледі. Мен болымсыз ғана жібітіп, ауаның алыс ұшымен, жүректің жұғысқыш пернесімен қоңырқай тартып, өзіңе сездірмей жақындатып сүйіп тұрған нұрым – ол мен үшін нұр болғанымен, Ұлы Жаратушы алдында да нұр болғанымен, бұл өзі сенің ішкі мұңың, оның ішінде бейкүнәлігің сайраған. Тап-таза, тірі мұң. Жанды қозғалыс. Мүмкін, іштегі нұрдың шынайы өмірі осылай басталып, бұрқап жалғасып жататын шығар. Өзіңе жақындамаған түрде, жуығырақ жерден әуелі ішкі нұрыңа қану – ләззаттың көкесі. Ақындардың Музасына қол жеткізуге дейінгі, құшырланып жамбасына басуға шейінгі тербей соғып, жансыздандырып жіберген нұр – осы нұр. Ішкі нұр. Оны сырттай тосып, бабымен сіміргендер, күзетушілер осы нұр іштеріне көшкен уақытта ішіне симайтынын біліп, немесе көп тұрақтамайтынын аңғара бере, лезде ол нұр бетін дуылдатып, кіндігінің айналасын қызарта күптеп, тізесі шымырлап тебеген тартып, көзіне бәйтеректей үлкен иман қорғасындай бекіп, қаршыға көзденген тұсында көп өтпей осы нұрдың өзіне ұйлығып, бүк түсіп жата алмайтынын сезіп қағазға жайып сіңірді қанын – жыр етіп, басқа етіп.
Арлы-берлі шықылдап тұрған дүниенің ауыр сағатын тыңдай алған сәтімізде тура сол сағат тілдеріндей қанық үнмен, батыл қимылмен қырлана, қанық бояулармен асықпай өрекпіп тербеле түскен гүлдердің қатаң әрекеттеріне шомылып қарасаң гүлдердің жан әлеміңді қопарылыстыра, шіркей біткенді алкеуде етіп жіберген ләззаты тым тасқындап тұрған хош иісті гүлдердің біз басқаша құпия дыбысын емес, оны өмірге сәндеп елітіп тұрған, күш- жігер, гүлге тән ұждан беріп толқытып тұрған ғаламат, теңдессіз жұпардың қуаты екенін байқаймыз да, адам ретінде хош иісті гүлдерді осылай тыңдай түскіміз келеді. Әлемдегі жұпар туралы деректердің бір ұшы осында. Жұпар туралы әлемнің жасырып-жапты дерегінің бәріне қанығу үшін, армансыз білу үшін, басқаша кітап жазып адамзат баласын бір рет сергітіп алу үшін тағы мұндай деректерді қазбалап білгің келеді ғой. Табиғат оқта-текте өзі сездіріп алмаса, қалған уақытта бұл жайлы жарытып айтқан емес екен. Әйтпесе, бабаларымыздан жеткен фольклордан біраз дерек білетін күніміз болып еді ғой осыған дейін. Жұпардың ең ұлысы кемел рухты бейнелеп тұр. Жаңағы айбынды, бекзат гүлдің, қырлы қоңыр-күлгін көйлектерін мастана тербеп, тәкаппарси отырып тағы да көршілес жаратылымдардың дыбысын тыңдап, дыбысын қозғалысқа келтірген иістеріне үңіле отырып өзінен де мол иіс бөліп шығарып алғанын аңғара алмауы – үлкен сүйіспеншілік береді бұл табиғатқа, бізге. Семейдің қойыны – көк Ертіс, тулақтай көкшіл аралдар. Буын-буыны босап бұтын жазған аралар қаланың кешкі жағалауларын шырмап ұшып жүр. Семей кеші пейілді. Негізі бұл қаланы атау жағынан анықтап айтпай-ақ, CI қаласы, әлде BI қаласы дей беруге де болар еді. Себебі мұндай масаттанған көңіл күй, қаланың қайнаған ләззатты тынысы, бұл кеш – біраз қалаларға ортақ, көбінде көркейіп сыңсып тұрады. Семейдің басындағы аралдардың бірінде бір сорлының ағаш бауыздап жатқан әумесерлігін, оны маңызды керекке жаратпағаны; Оның қасында аулаған балықтарын өзен жағалауынан сүйретіп келе жатып, жұмысына асығып күл-қоқыр шұқанаққа балығын тастай салғаны... Әппақ-әппақ дүние сәулесі аса бір көп тимеген кіршіксіз жаралған, толқынның жанды туыстарын өстіп қор қылып обалды етіп аулағаны... Осыларды көрсем бұл шағын оқиғалардың осы қалаға, құшырланып Ертісі аққан Семейге жараспайтынын байқаймын. Мінсіз қала жасағың келеді, өйткені осы қалаға деген менің сүйіспеншілігімдей сүйіспеншілік кімде болсын! Ендеше, Семейдің аурасын ыңғайсыз күйде қалдырмай BI қаласы дей тұрайын. Басқа бір қала ретінде ұғынып қарасаңыз да болып тұр. Аураның қазақ тіліндегі сәйкесті тербелісі – Беу мен Бебеу сөзі. Беуден кейін сәтті түрде бебеу басталады. Ширыққан толқыныс, хорлан тынысқа толы күй. Аура – ауаның, рухтың, жұпардың, мінездің күй тілі. Бірақ, беу сөзін «Бе» түрінде ғана айтқым келеді, себебі сөзінің бір ләмін самалға жұтқызып жіберетін хан Шыңғыс заманының адамдарының беу сөзін «бе» түрімен айтқанын осы шығарманың ортасынан әрі қарай біле аласыз.
Семей қазір BI қаласы. Бұл BI қаласы деген басқа бір тосын қала, кеудемнің алдыңғы тұсына кеп пайда болған, немесе шабытты күйде қиялыммен ойлап отырған қаладай болып үлкен құдіретпен осылай құрыла салған. Бұл BI қаласында Семейге тән дүниелер бар немесе жоқ болып шығады, шығармамның соңында парықтап шықсаңыз. Мұнда тек BI қаласының жанын, өзегін қорғаушы қаһарман жүректің стилін ғана аңғарасыз. Бұл BI қаласына жаратушы күшімен, күндегіше барлық жаһанға төгіліп тұрған жарық пен сәуле, нұр бейнесіндегі күннің тылсым сөздерден, хикметті құдайы бұйрықтардан жаралып тұрған, ұдайы тербелісте болатын күннің айшықты құдіретті шеңберінен жер бетін сызып, бауырлап түсіп тұрған иен-тегін шуаққа жөңкілген халықтың өздерін таза ұстамай,әптер-тәптер күйде кір-қоңды аяғын малып отырғанын байқайсың. Жаратушының ниғметіне болған құрметім осындай халге кіріп кетті. BI қаласына болған теңдессіз сүйіспеншіліктің бір ұшы осы. Өксігімнің өзі де аңқыған демімнен ауаға таралып, әлде бір тіршілік иесі болған заттың бейнесіндей буалдырланып тұрып алса қайтесің, сен аңғармаған, өзім сезбеген күйде. Бебеуленген тосырқап...
Жақсы ой ойласаң да әлемге бірден таралып, біреудің ақылына жұғысты болады дейді ғой даналар.
Далада өксікпен, махаббатпен өсіп тұрған шөптер қаншама, ендеше менің қаланы құлазытар сәттердегі ауырлыққа төзбеген жан өксігімнен де шөп өсіріп, айналама бірден жұлып таратып жатқандаймын. Баспадан жуықта шыққан жыр кітабімнің үстіне кәде-сый ретінде қоссам ба екен алушыларға, даладан өксікке қанып өскендей бейшара күйдегі бір шөптерді жұлып әкеліп. Ол менің жан дүниемнің, қаланың әрбір сәтте мерт болып отыратын қынжылысқа толы мезгілдеріне болған өртенген ұятымның табиғаттық ұқсатпалы нұсқасы болар. Эх, оны қоя тұрыңыз, мен өзі періште бейнесінде, үлкен бір күшті жаратылыс ретінде уақытты әрлі-берлі көшіріп басқа бір DI қаласының уақытын осы BI қаласына көшіремін, BI қаласының уақытын өзім ойлап таппаған түрде жаңылысып шағын бір қалашықтарға көшіріп қойып жатамын. Түрлі уақыт пен адамдарды араластырып басқа әлем жасап қызықтаймын. Ең әсерлі фильмдер осы арада жүреді, сырлы хикмет пен қым-қуытқа толы кейіпкерлер осы кеңістікте әрекет жасап, бірі өлім құшып, бірі үйленіп балалы-шағалы болып жатады. Уақытты көшіру менің ойлап тапқаным емес. Бұл бұрыннан бар. Әрі өлердей шындық. Қиялдың, ләззатты адами шабыттың жемісі емес. Адамдары мың жасқа дейін ғұмыр кешетін кезеңдерге кейде Құдай Тағаланың әлде бір адамды ол жерге апарып көрсетіп белгілі уақыттан соң қайтып әкеліп тастайтыны шындық қой.
Семейдің төбесі шаңытып тұр. Семейдің аспаны басқа аспан жасап әлек тәңертеңнен бері, сезгенім... 19 жасқа шыққанымды ойладым. Нарау түрде оянып ұзын ақ шапанымды киіп, мешіт мұнарасына шығып азан шақыруға дайындалдым. Өткен-кеткен оқиғалар аяқ астынан санамда бұлттай жыбырлап жылжи жөнеліп жатыр. Мұнараға шыққанымды суық желдің удек айдап тұрғанын, шұбарта ұшқан қарлығаш құйрығын көріп қалдым. Қыстыгүні қайдағы қарлығаш бұл, «көзім шұбартып тұрмаған шығар?» деп еңкейе қараған сәтімде төбе жақтағы мешіттің күмбез ұшты мұнарасын, арасындағы адам отыратын жерін бір рет көріп қалдым. Біттім ғой, құлап өлдім ғой дедім бе, демедім бе, кейін мұны ұмытып қалыппын. Оянғанымды білем, оянсам тура сол Тас мешіттің мұнарасы сияқты сурет көрінді, доғал күмбез... Бірақ, жалғыз емес қатарынан екеу, кемпір иықтасып бір-біріне сүйеніп тұр... Тас мешіттегідей көкшіл емес, әппақ екен. Бұл неге сонша ағарып кеткен деп жатырмын. Қос доғаның ортасы оймауытталып тұр. Қалай бұл сонда, доғасы керпіштен жіңішкертіліп жиылған ба?! Басқа түстің бәрі қоңыр... Жаңағы доғаның арасындағы доғал қуыстан бір ала сиыр бері қарай жүгіріп келеді. «Ала сиыр, ала сиыр!» деп айхай салдым. «жақсы көретін сиыры ғой, елестеген ғой балаға»,»бисмилля, бисмилля...» деп үш рет аптап жатыр. Бір ер кісі, бір әйел адам. Көз жіберіп аяғыма қарасам аяқтарым қып-қысқа, қолым да қысқарып жатқандай, қалың шалбар, құдай-ау тәуба ұйыған қолыммен кеудемді сипасам түк, жалт қарасам жыртығынан жүні шығып тұрған көк күпі. Қарайған кеш екен. Ақшам үрейлі түрде үйіріліп тұр. Майшамның сора-сорасы ағып былыққан үстелді көрдім. Анықтап қарасам қызыл екен. Дөңгелек үстел... Мен кәдімгідей жас бала күйімде өзгеріп қалғанымды байқадым. Қалтама қолымды сұғып едім жалғыз тал қарала маржан ілінді. Бұл менің маржаным емес сықылды еді, бұл қалай, қайта салып қойдым. Жаңағы ер мен әйел «Қараңғытүбектен жаңа ғана келгендерін» айтты. «Е...!» деп қойдым. Қараңғытүбекті білетін сияқтымын...
- астынан өтіп, бұтын көтеріп өтіп жүруші. Жарықтық ала сиырдың өлімі адам тектес болды ғой, - деді ер кісі. Мен ала сиыр жөнінде ойлана бастадым. Есіме бір аласиырмен ойнап жүргенім, оның өте жуас па, әлде қасиетке толы ма бұтының арасынан өткенімде де еш теппейтіні... Тұрған бойына қолым толық жетпесе де, жатқан кезінде басына қалпақ кигізіп ойнағаным бәрі есіме оралды... Мен басқа бір өмірге сіңісе бастағандаймын. Құдай мені мешіт маңынан әлде бір тылсым қолғанаттарының бірімен ілдіріп әкетіп, басқаша ғұмыр кешкендердің Алла құзырында архив ретінде сақталған кеңістігіне тастай салыпты. Ол жерде мен үшін жаңа өмір. Осы қысқа ойды ойлауы ойласам да санама мүлдем бөтен елестер бұрын мен сүрген өмірдей болып үймелей бастаған. Рас, ала сиыр біздің үйдің сиыры ғой. Бірақ менің бала болды кеткенім қалай? Ия, ол шешем ғой, не болған сонда, мен күмбез пішінді жасалған пеш түбіне ұйықтап жатқанымда ол кісілер Қараңғытүбектен келген болды ғой. Бала жүрегім ол жердің тоғайы қалың, төбесі шоқы, жартас... Қорқынышты иірімге толы, қара жасыл суы бар екенін білетінмін, осы жерге дейін ғана білгенімді аңғардым. Қыс еді, ия, мен мешітте азан шақырғалы тұрған кезде де қыс болатын. Әлгі қарлығаш қайда? Қыс енді басталғанда шала қатқан мұздың үстінен өтіп бара жатқан ала сиыр жылымға түсіп өліпті. Сай-сүйегім сырқырады. Менің ерекше жақсы досым еді ғой. Мен осыдан кейін оянғанымда «ала сиыр» деп емес, «тәте» деп оянатын болдым. Тәте дейтінім анашым. Жаңағы әйел адам. Балауызшамның жарығы әлде бір ұры лепке үйіріліп, елбелең қағуда. Бұл бір айтарлықтай сабырлы кеш болды. Көп өтпей осының бәрін ұмытып қалдым, еске алуға дәрмен бермейтін болды құдай. Бір күні трактормен кетіп барамыз. Тракторға дейін әкелген машина қайтып кетті. Қызыл трактордың тіркемесі мен қылқылдақ басының арасындағы ілме темірдің үстіне нағашы ағам тұрып алыпты. Мұртты қара кісі «қатерлі андағы, бері шығып отырсаңшы» деп қайталап айтып қояды. Нағашы ағамды танимын. Үйге бір рет келген. Сары, бойы ұзын жігіт. Қарсы үйдегі кереуттің үстінде жатқанында аяғы кереуеттен шығып жататын, мен үшін алып адам. Әуелі досым Дәуен екеміз үйдің жанында тас машинамен шаңды бұрқылдата ойнап отырғамыз, арқасына сумка асқан қоңыр -сары қалың шашты бір жігіт келді.
- Қизаттың үйі қайда?, -деді. Біз өте кішкене едік, Дәуен таңырайған сары бала. Әлі де сол бейнедегі суреттері сақтаулы. Дәуен оған отырған күйі таңырайып:
- оның үйін қайтпекшісің, ей?,- деді. Жаңағы үлкен жігіт үндемей қарап тұрды.
- мынау Қизаттың баласы, - деп мені көрсетті Дәуен. Мен орнымнан атып тұрып жүгірген күйі оны ертіп үйге алып кірдім. Шешем «бауырым!» деп бас салып құшақтап мауқын басты, ол жігіт те хал-жағдайын сұрап жатыр анамның.
Бір күндері өзен бойында тұрдым, қалың адам суға түсіп жатыр. Нағашы ағам әкемнің мойынынан басып суға батырмақ болды, қызу күлкі жүріп жатыр, көп ештеңе түсіне алмай аңырып тұрдым. Үйге кіріп келсем нағашы ағам ең үлкен әпкем гүлжазды қос қолымен көтеріп үйдің төбесіндегі мәтшаға оның қолын тигізіп тұр екен...
Бірде қауырт кірісіп, цемент құйысып жүрді. Үрімжіде спорт мектебінде балуандардың қатарында шұғылданады. Міне, еміс-еміс осы естеліктерді санамда қалдырған нағашы ағам міне трактордың жалғама темірінің үстінде келе жатыр. Аралық темірді, оның табанын көп бақыладым. Ештеңе болған жоқ оған. Жап-жасыл таулар трактордың оң жақ қырынан шұбай бастады. Жасыл көбейген сайын көбейіп, жап-жасыл таулардың арасына тігілген киіз үйлердің ішіне жетіп келдік. Анамның тойға деп алған қоңыр ала әдемі креслосын азаматтар келіп түсіріп жатыр. Үйімізде де мұндай кресло атымен жоқ еді. Шешеме өңі ұқсайтын бір кісі келді:
- о, Мүкежан ержетіп қалыпты ғой, нешеге келді өзі, төрттен асты ма?,- деп жатыр.
- Мәден, өңің жүдеу ғой?
- ия, әпке ауырдым. Соған азып, жүдегем ғой.
-...
- Қизат қалай, денсаулығы жақсы ма? Қалған балаларың қалай?
-...
Мал-жандарың, басқа да үлкен кісілер аман ба?
- Шаттық қайда, аман ба?
- әпеке, күйеу балаңыз кеште келеді, әлгі кішкентайымыз бар.
Мәден деген кісі менің нағашы апайым екен. Аз уақыттан соң тағы бір ашаң жүзді әйел кісі келді. Ол кісі де анамның сіңлісі болып шыққан.
- Мәкен, амансыңба?
Шешем екеуі құшақтасып жатыр.
Гу-гу кеңес... Дастарқан... Дастарқанның анау бір шетіндегі әдемі кампитке көзім түсіп еді, бағана нағашы ағама «абайла, бері қарай шығып алсаңшы ортасына тұрмай трактордың» деген мұртты қара кісі тура сол кампиттің алдында отыр.
Кампит алайын десем мысықтыкіндей дір-дір еткен мұртты бейнесінен сескеніп отырмын. Ұмтылған қабағымды байқады ма:
- а, -ла ғой кампиттен деп еміреніп қойды. Екеу алдым. Қарттардың бәрі шыт тартқан. Бір мұртты, қызыл-сары қарттың реңі көз алдымда әліге дейін қозғалмай тұр..
- ой, құр ыбырсып отырасыңдарма, думандатып тамаша қылып отырайық, -деді де есіктен кіріп, саусағын аузына салған күйі құстың үні тектес ғажап саз шығарды, екі ұрты бүлкілдеп біразға дейін сыңсытты. Кейін сол әуенді тура сыбызғыдан естідім. Оған дейін сыбызғы жайлы білмеппін.
- бұл кісі кім?,- деп сұрадым шешемнен. Есімін, ғұмыры қызыққа толы ауылдың көнеден келе жатқан сауықшыл кісісі екені айтып берген. Қызды-қыздымен жарық бояу барған сайын алауырта бастады, ең соңында қызылы мен қарасы қойуласып, бір кезде тас ұйықтап қалыппын. Өйткені бір талайға дейін көрпе салмай қойған. Тас бұлақтан су ішкендей, тарс жұмған көзімді ашқанымда қонақтың бәрі тұрып кеткен. Түс болған секілді сезілді маған. Өз-өзіме ғажаптандым, күн шықпай тұрып алушы едім үнемі, "бүгін неге күн шығып кеткеннен кейін тұрдым" деп аз-кем ойланыппын. Көзімді уқалап, ақырындап киіне бастап ем, сықырлауық сырт етіп ашылғанда сырттан күміс сәуле жүгіріп жетті. Қызыл жейде киген бір жігіт келді де:
- маған қарамай тұр, әйтпесе..." деп өп-өтірік сұстанды. Қарап тұр ем, басқа жейде ауыстырып киді де, сыртқа шығып кетті. Бір үйге "Мүкежан ояныпты" деп бір апай алып кірді... Кеше көрген жұрттың бәрі отыр екен сол жерде. Қайнаған дастархан.
Кеше бізді елдің "Шәкүртіден келді" деп жатқанын естігем. "Шәкүрті деген жерден келген болдық қой" деп ойладым өзім де. Нағашы әжем менің алдыма бір табақты сырғытып, бұрын желінген табақ екен, қарадым.
- мына жиен кеше ештеңе жей алмай ұйықтап қалды ғой, қалған-құтқан ет болса жылытып беріңдерші кешегіден. Қиқаң басып бірнеше қыз-қырқын жорғалап кетті. Ләббай дегені. Соны ұқтым.
- ту ана Шәкүртіден келгенде қалған-құтқан ет жеуге келген жоқпын,- дедім.
- мына жиеннің тілі от, ділмәр ғой. Айналайын, - деп бәрі қауқылдасып жатыр нағашы әжем бастап.
- өзім сасып қалдым, төрттегі бала бүйтіп айтады демедім.
"Шәкүрті" деп тұңғыш рет айттым. Шәкүрті деп атайды екен ғой мен ойнайтын жерді, үйіміз тұрған өзеннің бойын. Жымың қаққан бір қызыл жігіт үйленді. Аты Мағаз екен, шешемнің бауыры. Бұл жасыл жерді Қарасеңгір дейді. Етегіндегі елді мекенді Қаратүңке деп айтты. Қаратүңкеде шешемнің ағасының баласы, яғни алдыңғы мұртты нағашы ағамның туған ағасы Болат деген кісінің үйінде шәй іштік. Жанары өткір, қайта-қайта маған "іш, же" деп отырды.Шешемді недеген құрметтейтін жер деп ойладым, бірнеше күнде бірнеше үй тек шешеме арнап әркүні қой сойып отырды. Тіпті өзім сол сойылған қойлардың біреуінің әппақ етіне көз ауырмай қарап тұрғам аз уақ. Түнде түзге отырмақшы болғанымда мұрныма шөптің хош исі келді, түн аңқып тұрған. Рахаттанып малтыға басып үйге кіргенімде ет жегенімді білем. Бұл Қарасеңгір!
Мұның бәрін болашақ ұлыма айтқым келеді. "Мен қаршадай кұнымнен-ақ шектен тыс қяңқы адам едім, ұлым" дер едім. Сол балауса күндерім өте мағыналы өтті. Мен ұялудың рахатын сезіндім, қияңқылығымның еркіндігін де сезіндім үш-төрт жасымда-ақ!Сол кездері басымнан тылсым оқиғалар өтті, оны оқырманнан тысқары жерде тілге тиек етермін. Үш-төрт жасымнан бастап мен сол үшін өмірге бекер келмегенімді түсіндім. Көшпенді өмірде мен небәрі 3-4 жыл ғана болдым. Бүкіл шығармашылығым сана саңлауында қалған аспанға бұратыла ақырған ақжал құлақты айдағар суды, тұманға шөккен жым-жырт өңірді, аспанмен тұтасып кеткен жалаңаш жасыл жайлауды, басқұр тоқыған қатындардың мида жаңғырған ыңылдары мен күбірлерін, кебежеде отырғанымда аспалы көпір астынан алқынып жеткен құтырынған су тамшысының бетіме тамғанынан ләззат алған болатынмын, бәрі есімде. Аспаннан бір ызың жетіп, жарты күн бойы үзіліп тыңдағанымды да, көзіме көрінбесе де созалаңдап әрі мамырлап тұрып алатын бөрі үнін ұғынатынмын. Кейін шығармашылығымда өзінің қараңғы көзіне өзі сіңіп бұл пәниден жоғалған қара өгізді, кішкентай күнімде құлақ түбінде қақыраған асау бұлақтың сыңғырының әжемнен қалған мыжырайған қаңылтақ қола кесенің сыңырында ғана шала жансар жатқанын, сол дыбыстардың уақыт құшағында қыстығып мені сағынатынын айттым. Анам маған жайлаудың алақандай төре көбелектерін жіпке тізіп беретін, төрге де самсатып ілетін. Көбелектер кілемдерге тоналып, қиыр-қиыр қалаларға асықты деп ғана қоя тұрдым мұны... Үліңгір өзені жылып ағып жататын, күбірін ішіне басып. Қаздиған шағын денем бидәйіққа де жетер жетпес еді. Өзен жағасынан арғы бетке көз салсам ескі сары үйлердің, қорғандардың жұқанасы тұратын. Олар кішкентай ғана мені сол кездің өзінде ғасырлар қойнауына жүгіртіп етті. Ғажап толқыдым. Көңілімді бір ауыр сағыныш басып құлазып қалғам. Мен оларға бастауыш оқып жүрген кезімде өзім біліп Талқансарай деп ат қойдым. Зуқа, Бөке батырлардың ат байлар дересі болғансың деп оны шығармашылығымда көтермеледім. Үйдің жанында Оспанқара шоқысы, Үшқызыл шоқырағы, Қызылтас қалша тасы дегендер бар болатын. Анам мені арқалап тезек теріп жүретін. Шаңқиған сары дала болатын. Мен анамның арқасында екенімді білетінмін, өте кішкентай болуым мүмкін. Кейін де анам жусаны жарылып семірген далада құлағым шыңылдайды деп жаңағы бозғылт тауларға көп қарай беретін. Қаңқайған қоңыр жүзі, албыраған қызыл беті қара түнек астында қызыл күннің жұлқына, домалана шығып келе жататынындай әсер беретінін соңынан шығармашылық толқыныс кезінде байқадым. Сол ғажап жоталардың қолатында тезек теріп жүретіні, аңырайған сұрша таудың маған жанды дүние ретінде , бір тарихты бүгіп жататындай көрінгені аян. Әкем жылқы іздеп қиырға кететін, үш күн, үш түн елсіз қырға қондым деп айтып отыратын және түн ішінде еш жаңылмай жол табатын. Оның бұл қасиеті кейін менің карта сызып, жер бедерін тексеретін әуесімнің болғанына әсер еткен басты дүние деп ойлаймын. Анам әкем жоқ кезде күңгірт шам астында менің басым оның алдында жатушы еді, ертегі айтып беретін және ертегімен ғана алаң-салаң қылмай Алтай бетінде өткен қанды оқиғаларды жіпке тізіп айтып беретін. Бәрі мектепке баруға көп жыл бұрын болған істер...
Ертөстікті айтып бергенінде қыстақтағы ұзын бойлы Сержандай ма Ертөстіктің бойы деп ойлаушы ем. Алтын сақа ертегісін айтқаны мен кейін оқушылық кезінде кітаптан оқыған алтын сақа екеуі бір-біріне ұқсамайтын екі нұсқа екен. Кейбір ащы тарихи оқиғаларды баяндағанында көзінің болаты тастай қатып сұрғылт тартып кететін, жауынгерлік тұла бойынан ұшқындап тұратын. Ал, менің жұдырығым тарс түйіліп әлдебір тарихи кейіпкерлерге кектенетінмін алдында жатып. Сол күңгірт каресін шамның сәулесі есімнен кетпейді. Кейде анамды жоқтап аласұрған сәтімде қай өлкеде жүрсем де ақшамда шырақты сөндіріп қойып анамды еске аламын. Өмірінде хат танымай өтседе, көкірегімді емдеп кеткен жан еді. Анам екеміз үйді тіміскілеген құлаш-құлаш жыландарды баудай орып өлтіретінбіз. Арқасында жүріп-ақ шешемнің тезек теріп жүрген елесін, басқұр тоқыған қатындардың елесін небәрі бір жас кездерімде бастан өткеріппін. Кейін анама кейбір есте қалған дүниелерімді айтып бергенде ол кісілермен пәлен уақта жайлауда қоныстас болдық деп есептеп беретін. Толық орта мектепке түсе қалған жылы мен бір жасымнан бастап есте қалған істерді арнайы бір дәптерге жыл уақыттары бойынша дестелеп жинақтадым, кейін бірте-бірте ұмыт болар деп алаңдап. Бір, екі, үш... жастарымда-ақ көп дүние ойда қалыпты. Анамның мені бір шұқанаққа қозғалма деп отырғызып кететіні, бірақ қозғалайын десем аяғымның денемнің толық бұрыла алмайтыны, тұңғыш рет көзімді ашқалы жайлауды көргенім, төбеме тік қарауға мойынымның күш бермейтінін, бүкіл аспанды да жасыл ағаш торлап тұрады деп сезінгенім... жүректі лүпілдетеді ғой дәл қазір . Адамдардың көбі неге осы сәби шағының ең ерте кездерін есте сақтап қалмайды деген сұрау жайлы да ойландым, мүмкін маған сол кезде таулары қия, ауасы жұмақы табиғат көмектескен шығар, ата-бабамның қаны да таза шығар.
Бес жасымнан он үш жасыма дейін толассыз сурет салғам. Бояуларды тоғыстырып бурыл тоғай ішінен өр төсі аңқып шыға келген шұбар ала жолбарысты салдым, оны нағашы жұртыма ұсындым. Бір жолы Ертістің ақбурыл толқынын дәл бейнелей алғандықтан орнымнан бірнеше рет алақайлап секіргенім де бар.
Екінші сынып кезінде музыка оқулығын ашқанымда ән текстерін көріп қатты толқып кеттім, бірден суырым- ай деп өлеңдер жаздым. Кейін ақша қар жайлы өлеңім болды. Үшінші сыныпты оқып жүргенімде телевизордан Асқар Татанайұлының еңбектерін таныстырды, қате көрдім бе, дұрыс көрдім бе білмеймін , толықсымалы дастан деген кітапшасын көріп қалғандай болдым, лезде отыз тиындық дәптердің жан-жағын қиып әйбат кітап жасадым. Ішін ойыма келген дүниелермен толтырдым, соңғы бірнеше бетін толтыра алмай қалдым да оған туыс-туғанның номерін құжыната қойдым. Қызық енді!
Бір жолы Үрімжіге бардық, Тұрпанға да бардық. Бұл оқуға бармай тұрған 5-6 жасар кезім. Машинаға тұңғыш отыруым екен. Сол кездері таң қараңғысында Үліңгірді ат арбамен жарып өтіп күтіп тұрған машинаға мінген болатынбыз. Сол кездегі және де кейінгі кездердегі Үліңгірдің арбаға шығып кеткен қаба бұйра толқыны мен қара судың ат аяғының ырғаңымен шомпылдайтыны , тіпті суға үңілгенімдегі судың қоп-қоюлығы сәби жүрегімді қатты таңдандырған. Кейін анам дүниеден өткенде ата-анаммен аман-сау күйімде өткен бақытты кез болғандықтан осы судың шомпылын да сағындым, тұнжыр қап-қара судың қара көзін ұнаттым, сол кездегі арбаға жегілген қисық құйрық торы ат делінетін атымыздың құйрығын құшып жылағым да келген. Ол кезде бұл ат та бізден жоғалған, жылдар өткен. Біз өзге қалаға аттанатын түні Белет Игібайұлы есімді күйші досы әкемнің көп күй тартып шығарып салды. Бөкен жарғақтың қайырмасын естіп мен одан әуен емес сөз естідім.
"Әттең, шіркін ,
Қалады-ау бір күн!" деген сөзді ап-анық естідім. Кейін бастауыш оқып жүргенімде Бөкен жарғақ күйінің әуені негізінде өлең де жазып тастадым. Бүкіл күйдің айтарын айттым. Ия, сонымен жолға шықтым. Машинаны соққан уілдің түрлі жол бедерінде түрлі уілдейтіні анық қой сізге де, әр кезең сайын соққан уілдің дыбысын айырып отырдым, әрі әрбір уілден сөз тыңдадым. Бір ұзақ кезең бойы машинаны соққан уілдің сеңі Қара жол, қара жол деп қайталап отырса, енді бір жерге барғанда қара дөң, қара дөң деп айтып сарнап отыратыны ғажап -ақ!
Тұрпанда жүргенде жеті әулие үңгірі деген аңызды үлкендердің аузынан естідім. Мен сонда тұңғыш рет жеті әулие үңгірін ойымша елестеттім, бір қызығы кейін сол үңгірге барып суретке түскендердің суретін көргенімде елестеткен үңгірімнің суреттен еш айнымайтынын көріп қабағат қуандым. Тұрпан - Тұран тектес атау.
Бір кезде Тұрпанның сары топырағындай әрі ойпатындай терең сағыныш бүкіл Алтай бетіне тарап кетті. Ел-жұрт баяу жылжып Қазақстанға көше бастады. Бәйженің Тұрсыны деген кісі алдымен кетті. Жырға қосылды. Қалың қызы, жалғыз ұлы бар кісі еді. Қазақстан деген сөзге ғажаптандым, бір кездері бұл сөз санамда бар секілді еді, бірақ санамнан тазаланып кеткен шығар. Бірақ, бүгін естуіме тура келді. Көрші Жекен қоңыр күмбір әңгімені жіберді. Қойу шәйдің исі мұрын жарып тұр. Ол кісі әңгіме айтып отыр:
- кезінде бір бала азып-тозып бір өзі осы жақтан кеткен екен сол қазақстанға. Бірте-бірте құдайдың қуатымен, Алла нұрын тасытып сол елдің патшасына айналыпты. Қазіргі патшасы сол бала. Сонда сол өзіміздің бала біз барсақ үй мен жер беріп көңіл бөлеме екен, иә?,- деді. Жүрегім шым батып тыңдадым. Анау үй артындағы аласа көк-күреңі араласқан таудың әрі жағында Қазақстан созылып жатқандай. Сол жақта бір керемет жұлдыздар көк жоталарымның төбесіндегі кеңістікке таласа шығып, баладай құлдыраң қағып жүрген, ол да қазақстан болып көрінді. Оның әрі жағы мүмкін жазық дала, ол жазық даладағы соқпақтармен жаңағы патша болған бала кетіп бара жатыр. Жекен ағаның әңгімесі осы күйді танытқан. Бірақ, бір кездері мен осы жаққа басқаша уақыттан кішірейіп келдім емес пе, бірақ онымды онша еске түсіре алмадым. Қалайда бұл қазақстан деген атауға тамсанып қалдым, яғни қазақ деген халқымның қайнап тұрған, біреуді іздесең екінші қайталап табуың қиын жер шығар.
Бүгін мен он сегізге қарай кірдім. Бұлаң қаққан азамат. Қолымда сықырлаған қоңыр паспорт. Қазақстаннан шетел қазақтарына арналған дайындық курсын оқуға келе жатырмын. Таң тым жадырап атты. Қорғастағы саяжай, жасанды бұлақ, оның әрі жағынан ескен қазақстанның желі бір ұлы ұлттық лепті үрлеп тұр, қазақстан мен үшін адам тектес болып, бетімнен шынымен осындай алып адам иіскегендей болған.
- Қазақстанның самалы кіріп тұрсыншы, мына жақ терезені ашып қояйық,- деп әзілқой бір ағам түнде осы маңайдағы шағын қонақ үйдің бір бұрышын әзілге көмді. О, бұл расымен қазақстан желі, ақсұңқар жел кілкіп өтіп, шапаныңды дір еткізіп өрлене шалқып даланы шайқап-шайқап кетті-ау бір. Сол сиқырлы желден еш табы аумайтын әсерлі бір жел кедеңнен өткен соң қазақстан сарбазының айналасынан ұйтқып өтіп, ол тексеріп жатқан паспорттың бірінші бетін тербеп қойды.
- өзіңіз,- деген. Жаркентке жетіп Алматыға баратын көлік ұстадық бірнеше кісі ұйымдасып. Мен қағілез жас баламын. Жаркенттің айналасы көсілген егіс.... Өріс... Сиыр иісі... Тезегі... Шұбарған сұлу түтін... Табиғи ауыл... Бейғам тыныштық... Кілкіп өтіп бір бұрқырап қалған жорға тұман... Бір кезеңде көлік Байсейт деген жерге тоқтағанын білем. Мұнда мен ұйғырларды көрдім.
- осы жерден тамақтанып алыңыздар!
Бет-жүзімізді жуып лайықты орынға жайғаспақ болғанымызда маған орын тимей қалды. Асхана иесі кебеже құрсақты өңі орыстан айнығыссыз.
- ішкі бөлмеде тамақтанып алыңыз, көліктен қалып қоярсыз. Орын бар ол жақта.
Қоңыр есіктер, екі-үш бөлме, иісі жағымды. Мешіттің күміс өрнектеріне ұқсас өрнекпен безендірілген бір есікті көзім шалып қалды, бетін лағман салатын қазанның буы шаңытып тұр. Баяу қадам тастап жылжыдым. Есігі неге мешіттің өрнегіндей болып тұр?! Жүзіммен апанақ-сопанақ буларды жарып өтіп, итеріп қалып еп ашылмады. Қоңыр емес, көк есік екен. Өзіме тартып ем босағадан бу қалыптастырған бірнеше моншақ сусып түсті. Әрі жағы монша емес шығар мұның. Тамағымды алдым ба, алмадым ба? Айналамды лезде ұмыта бастадым. Аяғым жаңа дәрет алған адамша жеңілдеп, сергіп алыпты. Баяу тартып ішіне кіріп қалғаным сол, іле-шала бөлме ішіне қарай толқып атқан таңды көрдім. Апырау, бұл бөлменің ауасы қалай өзі деп жаңағы өзім кірген есікті итеріп қайта ашқаным сол жаңағы қазан-ошақ, адамдар, бөлмелерден дәнеңе жоқ, бәрі босап қалған. Орындықтардың түрі мен түсі, үстелдер де өзгере бастаған, табанымды бір орында қозғаппын. Түгі тоза бастаған кілем үстінде тұрмын. Апырау, менің бұл неше жылғы шұлығым ғой? Ой, не деп тұрмын, шұлық деп айтпаушы ем ғой, байпақ деуші едім! Басымды сипап тақиямды түзеп қоям. Бір кезде барып тамға арқа сүйеп тақиямды түзеп қойып отырғанымда "акау, бұл тақия қайдан келді" деп тақияны сол кезде қолыма алғаным сол, азан-қазан болып мен Семейдегі Тас мешітке қайта оралғанымды білдім. Мені әлдебір уақыттың тылсымы жұтып кетіп, ол жаққа кетіп, міне бүгін қайта оралып отырмын. Қол жуып алайыншы деп бұрынғы өміріме қайта түстім. Бәрін біліп тұрмын. Бұл есіктен шықсам қол жуатын бөлме бар. Ақырын шығып қолымды жуып кептіріп алдым да, келесі қатардағы намазхана ішіне үңілдім. Анау сол жақ бұрышында ұзын кілем бүктеліп, теріс жағы сары-сұрыланып шаңыттанып жатқан. Үңіліп қарап тұрғанымнан ұялып ішіне аттап кіріп кілемнің жанына келіп отырдым, себебі бұл сол жақ түкпір бұрышы еді, еркін дұға жасағым келді. Осы уақытқа дейінгі өткен өміріме шұбарта ой жіберіп басым сәл айналғандай күйде. Адамдар бідлі-екілі кіре бастап имамның намаз бастауын күтуде. Маған көп назар аударып кеткен жоқ. Себебі бұл мешітке келетіндер онсызда көп-ақ. Мен бұл мешіттегілердің бәрін танушы едім. Келгендердің ішінде танысым табылмай жатыр. Ұстаздар, шәкірттер басқаша. Сәл бір таңғалысты күй кештім. Өзімді он есе ұғымтал, көпті көрген жандай сезініп уақыттың өткелдерін бағамдап, толысқан оймен биіктеп отырмын. Неше түрлі мен көрмеген жастар отыр өзіммен қатарлас, кіші. Олпы-солпы оқығаны, бадырақтап намаз оқып жатып айналаға қарап қалатыны... Мен сәл үнсіз ұстамды күйде бәрін шолып, елжіреп отырыппын. Бәрі ойыма жамырап келе бастады. Көңілім ақындарша қатты құлазыды. Мен танитын ұстаздар да алдына келіп намазға қатысты. Мен бәрін біле бастадым. Емін-еркін есептеп отырмын. Мен бұл жерден 2015жылы кеткенмін, ол жерде аттай сырғып төрт жыл өткен екен. Ал, мен болсам он бес жылға жуық ғұмыр сүріп келдім ғой басқа жақтан. Бұл қалай сонда, неткен түсініксіздік?! Шын мәнінде бұл мен үшін өте түсінікті жәйт болып отыр. Бастабында ел-жұрттың кейбір адамдары да мен секілді басқа жаққа құдай құдіретімен осылай жіберіліп тұрады ғой. Мені жақсы түсінетін адамдар табылады ғой ел ішінен деуші ем... Бірақ мұндағы ұстаздарымның еш өзгермеген кескін-келбеті, тек ғана жасаған дұғасы, өзгеріссіз өмірі маған жанашырлық сезімін туғызды. Бұл кісілердің баласы бақытты болып жүрме, алыс-алыс елдерді шарлап, білім көкжиегінен көрініп, жүзі оттай жарқырады ма? Үйлерінде нендей бақытты жәйттер болып жатыр екен деші? Ал, күрделі ерекшелігі болмаса мұнда тапжылмай отырып жасаған құлшылығынан не қайыр болды? Құдай бұл кісілерге рахымын қалай төгіп жатыр екен? Бірақ, неге олар осы төрт жыл бойында еш өзгермеген, еңкейген күйі, күңгірт намазханада төрт жыл бұрынғыдай тілеуге зәру күйде шұлғып, жүздері солғын тартады.
Намаз оқылды. Адамдар тарқады. Бұл жолы имам болған анау бір ұстаздың өңін білуші ем, атын білмегем, көзі бадырайған, көзіме көп білім сіңбейтін бір сипатта көрінуші еді осы кісі. Маған қарап менің бейнемдегі биік мырзалық киім, бекзат отырыс, салауатты сиық оны аз-кем тартындырғандай болды да, көзі жапақ ете түскен. Менен именіп бұрылып, намазханадан шығып бара жатқан бірнеше ұсақ баланы шақырып алды.
- сен үшеуің, үш кішкене бала, бері келіңдерші.
Сүйретпе ақ халатымен етегін қымтады. Мен қозғалыссыз отырмын.
- қашан келдіңдер?
...
- аттарың кім?
- Серік.
- Нурик.
- Нурик деме, толық атың кім?
- Нұрмолда( досы екеуі қатарласа айтты)
- ендеше, Нұрмолда деп толық айт, Нурик деме. Нұрмолда деген қандай әдемі ат.
Оның одырайған бас сүйектері түйенің басындай болып өңкиіп-өңкиіп қалып отырды, мешітке құдайы қонақ ретінде келген балаларға сөйлеп жатып.
- намаз білесіңдерме?
- жоқ. Бір сүре...
- ілесіп оқып жатырмын.
- мешіт тәртібіне бойсұнып, біреудің қойған затына тимеңдер. Кешкі жетіде имамдар ас үйде тамақтанғанда сол жерде қолдарыңды жуып сендер де болыңдар. Тамақтан соң ақшам намазына ұмытпай қатынасыңдар.
- жарайды.
- жарайды.
-...
- бара беріңдер. Сол сұқсыр көзімен маған бір қарап қойды. Халатының ұзын жеңін жинап орнынан тұрғаны, келесі бөлмеге шешуге кеткенін парықтағам. Маған таныс көп ұстаз мені көрмей қалды, өйткені мешіт іші күңгірт еді, оның үстіне кең залдың сол жақ түкпірінде орнықтым ғой. Парыз намазында маңайын шолуға олардың мұрсасы болмады. Тек бәрі үшін жаным ауырып, жандарында отырып еске алып шырма-шату уақытқа күйінгем. Мешіттің жатын орны бар бөлмелері тұратын бірінші қабаттың қарсы түкпіріне барып ем, ол жерде жатын орын жоқ. Таңғалысып, әрлі-бері жүрген азынаулақ адамды "жас шәкірттер-ау?! " осылар деп, солардан шамалап сұрап едім:
- екінші қабаттағы сол жақ түкпірде,- деді.
...
- кімді іздейсіз?
- Нұрғазы ұстазды?
- онда есіктен кіре беріс бөлмеде күтіңіз. Сосын орналастырады. Нұрғазы ұстаз бас имамға ескертіп қойған ба?
- иә, ескерткен( Сүле-сапа дей салдым. Әлім құрып шаршап тұрмын)
- жарайды, Нұрғазы ұстаз қазір келеме?
- келем деген.
Нұрғазыны сөзсіз бар деп ойладым. Осы мешіттің заңдық кеңесшісі ғой ол. Бұл жерден басқа қайда барады ол, оған бұл жерден артық жайлы орын жоқ.
Есік алдына су сатып алуға шықтым. Қалталарымды сипағанымда оның ішінде сарғылт теңгелердің жатқанын ойыма алдым. Салған кезім есіме түсті. Жаркенттен өткенде ақша ауыстырғаным миыма сапырылысып келгені бар. О, тәуба, таңғалам. Бұл қандай хикмет! Бірақ, мен үшін бәрі түсінікті еді. Ақшаларым әлі орнында тұрғанына қуанам, әрине су жаңа, қымбат киімдерім де үстімде. Айдар өсіріп алып ем соңғы жарты жылдан бері, сол айдарым да сипасам өз орнында екен. Жаңа мешітте отырғанымда сипап көрсем Нағыз сәнді мырзаның өзі болыппын. Кескін-келбетім, қас-қабағымның айбары, көзіме тұнған білім бәрі дегдарланып тұр жүзімнің бітімімен қосылып. Дүкенге бір аттап, екі аттап баспалдағына шығып кірдім, сипалап сусынның ақысын ұстаттым. Asu алдым. Бұл газдалмаған сусын төрт жыл бұрын алғаш тарап жатқан сияқты еді ғой. Енді міне лимон дәмді түрі шығыпты. Қызық! Бұл сусын төрт жылда екі түрге артыпты.
Имамдарға құдайы қонақ ретінде Нұрғазы ұстаздың досы екенімді айтып мызғап алуға орын сұрадым. Имамдар жататын бөлмеге орналастырды. Екінтінің уағында келді Нұрғазы досым.
- ассалаумағаликум досым!
- о, ассалаумағаликум бөрі!(нәзік жымиысы, сарғылт езуі әлі сол қалпы)
Асықпай бұтымды жазып отырған орнымда амандастым. Біраз жолсоқты болып шаршап отырғанымды жеткіздім.
- төрт жылдан бері сені шетелде дейді ғой, қайда сонда АҚШ-та ма?
- иә, енді, әртүрлі елдерде болдық қой.
- менің бұл жерде ұстаз болып қалатынымды қалай шамаладың?
- төрт жыл оқуы бітсе ұстаз етіп алып қаламын деді ғой сені имамдар. Оның үстіне университетте заң факультеті бойынша оқып жаттың ғой. Заңдық кеңесші бол мешітке деп Әкбар имам ұсыныс тастаған болатын.
- иә, иә, бәсе келе салып басқа ұстаздарға бірден Нұрғазы ұстазға келдім дегеніңе қызығып, бірде аң-таң болдым.
- мешітке кіре бергендегі талдың жапырағы сыбдыр еткенде бәрі есіме тіпті қауырт түсе бастады... Білінбепті. Сағынышқа айналып кетіпті... Өткендегінің бәрі. Жаңағы желп еткен босағадағы ағаш өзін сағындырып тұр. Талай рет өткем ғой мен бұл жерден. Ғажап толқытты мені бір құшақ бұтасы.
- ия, шынымен, өткен уақыт...
( мен бұрын осы мешітте болған уақытымда осы босағадағы ағаштарға назар салғанымды білмеппін. Қайтып оралғанымда ғана олардың санамның бір түкпірінен орын алып ұялағанын байқаппын)
- сен шықпай кеттіңбе, әлде аккаунт ауыстырып еттіңбе, фейсбукта жазсам жазбайсың ғой?
- қай нәрсеге?
- фейсбукқа. Құлағың естіп отырма өзі?
- не дид?
Аңьарылып, басым айналып көзім қарауытып кетті.
... ... ...
Деседе, уақытқа байланған көзім екі уақытты қатар алып жүруге, бастан өткен екі уақыт құрсауындағы істерді аралас толғап ойлауға уақыт жұмсап, содан рухани қорек алып отырмақ. Шынымен Семейді ақыры BI қаласы дей тұрайықшы. Бір кездері ия, ия орта мектепте арифметика сабағында бұл қаламды BI қаласы деп, келесі бір қаланы тау етегіне орналастырып оны CI қаласы деп сызып белгілеуге құштар едім. Деседе маған осындай қисынды да, хикметке толы кеңістікте бас сұққан соң белгілі кезеңге дейін ғана тұруыма рұқсат етілген екен. Менің қазір екі ата-анам бар, екі туған жерім, екі өскен ортам, екі қоғамдық байланыс шарым, екі бөлек достар тізбегім, бір тілдегі, бірақ екі түрлі жазу, бірі крилше, бірі араб алфавиты негізіндегі төте жазу. Осыған дейін нақты қанша уақыттың толқынында шашалып жүргенімді кейде өзім сезбегем. Бара-бара бұл жақтағы төрт жылдық сиымдылықта басқа жақта, Алтай дейтін жердегі он бес жылымды қалай соншалықты уақыт кеңістігіне сидырып өмір сүрді екем? Әлде, бір аймақтан бір аймаққа өткенде сан кішірейіп, сан ұлғаятын болсақ ел мен жер аттаудың қажеті не, қорқынышы басым. Ең әуелі адамды жаңа уақыт шеңберіне немесе сізді белгілі қалаға шырмап тастайтын дүние сіздің сүйген жаныңызбен болған ләззатыңыз, жақын туыстарыңызбен болған қауышуларыңыз делік. Ол аймақта маған бұл жердегі басқа әлемді ұмыттыру, сол төңірекке су мен көбіктей сіңістірген иманды отбасы болды. Әдемі ата-анам болды. Өкінішке орай ол жерде анам қайтыс болды. Мен қатты қайғы шектім. Неше түрлі сұлу оқиғалар, бұдан тысқары анамның қасіреті, ұсақ-түйек махаббат мұңдарына толтырылған он бес жыл баянды өтіп, 19-жылына жақындағанда маған берілген уақыт келіп те қалыпты. Ол жерде неге уақыт ұзын? Бұл жерде неге уақыт қысқа болды? Жоқ, мүмкін емес, керісінше бұл жерде төрт жыл, ол жерде он бес жыл? Бұл жердегі уақыттың сиымдылығы тығыз. Жоқ, мүлдем олай емес, бұл жердегі ұстаз достарымда ештеңе өзгермеген, бір сарынды қалыпта. Ал, ол жақта менің бала күнімдегі ауылдың өмірі қирап, бәрі жаңаша киініп, жаңа технологияларды меңгеріп күшейіп кетті ғой. Сонда мұның тоқтамы не? Екі аймақты екі түрлі құбыжық уақыттың билеп жатқанын-ай! Және ол жерде тұп-тура он бес жыл өтіп мені бір қарапайым отбасына сәби күйде аунатып тастап, бұл жақтағының бәрін ұмыттыра тұрып, енді ашты санамның құлпын Алланың рұхсатымен. Бұл жердегі таныстарым жайбырақат қабылдап төрт жылда бәрінің қарбалас болып уағында хабарласа алмағанын, нендей жаңалықтардың болғанын ғана сұрайды. Дел-сал аспан, суықтау өлке... Бұлыңғыр сағат тілшігі. Кербақпа ішкі жүрек... Бұл маған берілген бір сый ма?! Осының арқасында мен қазір неше ғасыр бұрын өткен патшалықтардың өмірін сана арқылы қуалап оп-оңай біліп алатын болдым. Алла ми қуатының сол есігін ашу үшін мені он бес жыл басқа өмірге салып қойды ма? Алланың маған бұйырған мақсаты не? Осыларды мүмкін жазып, адамдарға өз басымнан өткен шындықты шырылдап айтып отырып жеткізіп құдай жайлы тың толғамдарына себепкер болуға тиіспін бе? Не десек те, бұл мен үшін байлық болды, орай болды, ұлы міндеттердің баспалдағы екен. Осы ниғметке шүкір айтып әрі бір ғажаптандым. Жүрегі екі түрлі отқа толы.
Кейінгі заманда осы өмірді сүруге он жыл ғана берілетін кез боларма сонда? Ғұмыр жасы барған сайын кішірейуде. Бірақ, он жыл деген сифр ғана болғаны болмаса, адамдар бұрынғы бабалары кешкен ғұмырлық сатыны негізінен толығымен аяқтап шығады. Болашақ ұрпақтарым мүмкін осы тектес он жылдық кеңістіктерде болады. Ертеде адамдар мың жыл өмір сүрген кездерде де бір күннің шығып, қайта батып болуындағы уақыт ұзындығында бар болғаны. Олар біздің осы күндегі тірлігімізді жасағанымен тығыздығынан көрі бостығы көп уақытта еді, ас ішіп далаға шығып белгілі жерді бір айналғанша күн еңкейетін. Бір бітірейінші деген жұмысына бірнеше күн жылжи қалатын, бітетін еді еді ісі ақыры күн жылдам бата бергенде. Бірақ, бәрібір олар үшін толық бір күн. Күннің, уақыттың бұл ұры құпиясын олар тек өздерінің жалқаулығынан ғана көретін. Ертерек тұрсам бітер еді ғой деп. Алла қаласа деп ғана жүре берді. Олардың ішінен Алла кейбір адамдарды талдап сол уақытта біздің ғасырымызға жіберіп отырған. Сол кезде олар біздің ортада бірер жыл тұрып ол жаққа қайта құдіретпен тасталғанында ол жақта неше он жыл өтіп достарының қартайып кеткенін көретін. Ал, біздің алдымыздағы кеңістіктерде жасаған аталарымыздың кейбіреуін қиямет қайым түбіндегі соңғы көкжиектегі уақыт шеңберіне апарғанында ол жақта көп тұрғызбай бірнеше күн ғана тұрғызып мағыналы сәт көрсетіп, қайта әкеліп тастағанында бұл жерде неше он жылдар өтіп талай жақыны қайтыс болып, талай сырласы қартайып кетіп отырған? Ол енді ешкімді сендіре алмайды, мен жаңа ғана кеттім ғой дейді, олар сен соншама уақыт бұрын кеткенсің дейді? Ал, ежелгі уақыт шеңберінен келіп кеткендер мен сонау жағында ұзақ өмір сүріп келдім ғой десе, біздегілер азғантай ғана уақыт бұрын сені таппай қалып, міне қайта шықтың ғой деп мазақтап күлісетін. Осы аталардың бәрі өзінің пері жігіт ретінде қаралғанын сезген жоқ. Бәрі барған ортасында перідей сыйланды. Ақыл-ойы, көзқарасы сирек түр ретінде бағаланып қошаметке бөленген. Бұл қошамет мені де айналмай қалған жоқ.
- бауырым, сенің ойлау тәсіліңнің ғажаптығы, хикмет үзінділерің қатты толғандырады,-десті.
Далиған уақыт нүктесіне жақындағанда қопарылыс болады. Ғұмыр Адам ата уақытында мың жылмен басталды. Дарыныңның толық ашылғанын қаламайтын сыртқы күштер бар. Олардың мақсаты осы ұлы ниғметке сені шырмап, ғұмырыңның сыйы ретінде ғана ескертіп әрі қарай соңғы өміріңе сандырақтап жеткеніңді қалайды. Сен мұны жаз, үлкен кәдеге жарат, мен секілді басқа да ұқсас тағдыр кешкен жан болса айтарым! Және уақыттың құпиясын, Алланың еркелетуінің мәнін, түрлі сырларды ежіктеп үңіл!
Есіңізде ғой, Мен Семейдегі тура он сегіз жасымда жүргенімде, бөтен аймақ - Алтайға бірнеше жасар бала болып тасталдым. Балалық шағымдағы бейнеме әкеліп, көп нәрсені белгілі уақыт ұмыттырып ол жақта шыт жаңа ержеткізді. Мен әубаста ол жердің атын да білмедім. Тек нағашы әжем ретіндегі кісіге "Ту ана Шәкүртіден келгенде асқан ет жеймін бе?" деуім арқылы жаңа жеріммен танысып, жаңа жердің атын санамда ұялаттым. Бір қызығы мен Оралман болып оралған көңіл күйіммен бұл жерге қарау, Семейдің тарихын шолу тіпті қызғылықты. Мұндағылар мені 22 ге енді шықтың деп есептейді. Демек, мен бұл жерден нақты он сегіз жасымда сәби күйге ауыстырылғаныма дәлелім зор.
Тіпті қызығарлық оқиғалар мұнымен бітпеді. Мені мұнда өзім сене алмайтын, бірақ сенуге тиісті нанымдар кезек күттірмей тұр екен. Олар маған ойлануға, шалқып, тоқып, тегістеп шанағына саусақ созып отыратын мүмкіндік те бергісі жоқ екен. Асығыс ұмыттырмақ енді ол жақтағының көбін. Бара- бара ол жақтағы өмірімді тек түрлі ақпарат, суреттер арқылы долбарлап ойлай салған дүние ретінде көрсетуге құмар. Алланың осыншама сиын Алланың қалауымен бір күштер ұмыттырмақ па? Мен де ұмытпай тұрғанымда жанталас қылып жазып қалдыруым керек қой. Өйткені мұндағы төрт жыл бұрын, ол жақтағы он бес жыл бұрын мен жазуға тым қабілетті емес едім прозаны. Әрине, жазатынмын бұл жақтағы уақытта прозаны бұрын, дегендей толғамды емес. Деседе, поэзиям өрісті болатын.
Міне, енді бір кезде Ақшоқыда апамның ұршық иіріп отырғаны есімді шығарды. Ақшоқы осы жерге алыс емес. Ұмытып қалыппын орысша сөздерді, бірақ естігенімде құлаққа үйір, керісінше қытайша жазуларды ұғып тұрсам да, олардың сөйлеу мәнерінен мүлдем жиркеніп, аузыммен сол тілді дыбыстауға онсызда қабілетсіз бола бастағанымды аңғарып тындым. Абайды шыт жаңа зерттеуге тура келді, өйткені мен бұл жердің тумасы едім ғой, мұндағы төрт жыл ішінде ол жақта он бес жыл өмір сүрген басым бұл жақтың уақытымен бірер күнде Абай жайлы басқаша бір шығарма жаза алмай ма деп ойландым. Сіз оқып, көзіңізді жітірмелетіп отырған бұл шығарманың келесі бір аты "Абайдың басқаша өмірі" екенін атап өтем. Оқырманды әубаста дәмелендіріп алмайын деп соңында айтып өтейін деген шығармын. Бір есіктен кіре бере... Байсейтте тамақ іше бергенімде... О-оһ...! Санамда бір нәрсе күміп етіп жарылды. Уацапта кеше ғана мені жалықтырып жіберген ағалар әлі отыр. Уацапты сонда қай кезден бері қолданғам. Бұл да ақырын есіме түсіп жатыр. Бірақ, мен кеткенде оны онша қолданбайтын секілді еді, жоқ бұл жерде үйрендім бе? Әлде, мен болып біреу осы жерде өмір сүре тұрды ма, құдай орнымды бос етпей, ел-жұртымды алаңдатпай? Осы шығарманың басындағы аялдамалағы өмірі кен қазумен өткен қартты көрдім, көшеге шыққанымда мен оны көріп тұрдым, қаракөк жыртық-тесігі мол асфальт жанындағы қызыл ағаштан әсемделген дүкеннің жанында тұрды ғой!
- қайда жоғалып кеттің, 15 мың теңгемді қашан қайтарасың, фейсбукке жазып ем қайтармадың ғой,- деді. Жүзі ғасырдай қызарып балбұл жанып тұр. - "қане?" деп хатын ақтарсам менің суретім тұр, оған шынымен осылай уәде беріппін. Бас суретімнің арт жағына барыстың суреті ілініпті. Ия, бұл суретті Еркін ағай берген, ол қайда қазір айтпақшы?
Қарт кісі...!
Ол тұрды -ау бір ырғақ болып уақытты ендігі ғұмырдың соңына дейін қаншалықты жүрегімнің дыңылымен, жүрегінің күбірімен санатып. Бүйірімнің үстінде орманша тыныстап тұр мың өкпе. Өзімді тіпті пері жігіті сезіндім. Киімім ғой бұл дүниенікі, әп-сәтте шешіп тастай салатын қымтамам.
Қарт кісі...!
Ол келіп тұр-ау, ол осы орыннан қозғалмай тұр-ау, қозғалмай осы прозам аяқталғанша тұратын сияқты ғой! Әлде, оның шыт жаңа келіп тұрғанын осылай сезіндім бе?
Жап-жасыл садақтай болып созылам көкжиек бүйіріне. Сырқырап күлгін реңде аға бастадым ба мен әлемге әлде? Ал, бұл қарь қылаң бояу болып аспанның бір қиырында елеусіз жіңішке сызық болып өзін сақтап қалу үшін басқа қылаңға қосылмай, бұлт біткенді орағытып жанталасып жүр.
жап-жасыл созылам!..
Мезгіл дегенім - әуеде көктеген жиденің өзі шығар, ауылдағы жиделердің баба сағымы шығар?!
Жап-жарық топырақты қарашы!.. Ол сенің тәнің бе, бейітің бе, е, ақ қыз? Немесе жаңа ғана елбеңдеген қылаң бояудың иесі?
Ақыл жоқ ешкімде осы аралықта. Бірақ, ақылдар құрсаулаған, әлде ақылдар шықырлап сынып, ақылдың тар құрсаудағы өмірде ғана қажет екенін, жаңағыдай мен өтіп келген кеңістіктерде құдайдың рақымымен, бұйыруымен ғана, жеке ақылдың күшінсіз өмір сүре беретініңді ойласаң, ақыл ол да белгілі өлшемде зерттелетін ұлық зат.
Адамдардың ортақ қимылдары галактикалық би сынды!.. Бүкіл ғаламшарлардың әр уақыттағы сауық-кештерінің көмескі салтанатты әдебін, ұшқынды тыныштығын адамдар маңыраған қойдың, ұлыған бөрінің секемінен, желдің үбірінен, маралдың тауды сыздатып боқыратқан баяу шығарып ыңырсыған үңілінен аңғарып уақытқа тәу етіп, тәжім жасап тау-тасқа табына жаздап, лезде жартас біткеннен биік тылсымға мойынсұнып "құдай қайда?" депті. Сонда ғаламшарлар санада билепті,жұлдыз ұйтқуын қоймапты. Әр жұлдыз мезгіл сайын сырғанап отырған. Сиыр мүйізін әр аулаққа изеген. Періштені ойдан толық жасай алмайсыз. Адам санасы әр сәт сайын шексіз ойларға тұмсық тіреп барып, шектеуге ұшырап жабырқап қайтады. Ғұмыр бұл - елеусіз уақыт көрсеткіші, әрі қопарылыстардың отаны. Көппен бірге өлімге айтыса-тартыса жүріп шұбыруың немесе кілт тоқтап уақыт сынына атыс жасау.
Дүниеде әуел бастан сөз болған. Зат біткеннің бәрі ұстайтын зат, бос зат тұрғысында. Бүкіл дүние сөздің іші мен сыртында ойнап тұр. Алланың сөзі оқылғанда әлдебір зат ішіндегі сөздер тарқап, зат құрып-шіриді. Бүкіл ұстайтын зат атаулы сөздіктен тұратын тылсымның қабығы, қорғанышы. Бірақ, ол сөзге зәру. Құдіреттен шарапат сұрап Алланың сөзін оқысаң, тас ұнтақталады, кейде тастың екі қыры әлде бір бүйіріне рұқсат беріп сол жеріндегі тығыздығын ұстап тұрған сөз бытырап, оны қоршаған тасы да сөгіліп ортасы тесіліп, тастың әрі жағында құдайым жасырған бұлақ белгілі кезеңдерде рұқсатпен атып шығып өз жүлгесін ала бастайды, атыраулап жылжи жөнеледі. Дірілдеп тұрған сөздерге ұйыған бұлақтың суына жылы сөз айтсаң ұйысып, қабаттанып қуанып қуаттанады да, жиркенішті сөз айтсаң лайланып тотығады. Қамығып, "дүниенің сөз біткеннен құралып тұрғанын білмейсің бе?" дейді. Сөздің гауһарларынан ғана жаратылған періштелік ұялар, перілік тұраржайлар дұғаға қорғаныш ретінде жасалған тәңірілік тас қаппен әшекейленіп гауһарға бөгіп тұр. Кейбір ақеділ, тақуалығы кемел жандарды осы араға бір себеппен көтеріп әкеліп "уыс-уыс гауһардан ал!" дейді. Оның іші толған дұға. Белгілі кезеңнен кейін алтын, гауһар ішіндегі дұғаның желкілдеген ұшпалы мінезімен ұшып жүреді немесе байырғы мекеніне қайтып кетеді, кейде құдайдың рұқсатымен жер дүниенің ең ұйық бұрыштарында көшіп-қонып жүреді. Оларға ілесіп перілер көшеді. Көшпелі алтын оқиғалары да осыған байланысты шыққан еді.
Бұлт жайлатқан абыздар құран сөзін оқығанда сол гауһарлар бұлтты билеп үйіріп, желді үрлеп қуалап тәңірінің сөзінің еркіндігін, үздік болмысын білдіреді. Періштелер төңіректеп гауһарларын аймалақтап жүреді. Себебі, гауһар мен алтынды қолға түсіруді білетін, қанын тамызатын, көңге қондыратын шебер адамдар оларды түрлі жағдайда ұстап алып қалатын. Осы құдайы дұғаны қабықтап тұрған гауһар, алтын деген киелі жаратылыс ол үйдегі адамдардың болымсыз қиянатын, сараңдығын көтере алмай шерленіп, тулап, бүлік салып ол үйдегілерді пәлеге душар етеді. Шайтан біткен сол гауһарға қол созып үйдің лаңын арттырады. Міне, сол уақытта үй иесі, гауһар иесі садақа шығарып, жақсылығын молайтып, гауһарға сіңген құдайы қаһарды қайтарады. Ал, күпшіктей ісініп тұрған қызулы дұғаға малынған сүйікті байлық алтын да солай. Және алтын ер адамның толғаты қайнауы біріңғай жаралған қанымен үйлесім таппай оны тасытады, екі қайнауы бар толқуы кең әйелдің қанында ғана жай табады. Ер адамның тек болмысы шытынап азғындап, не күйреп кете жаздап басын көтереді. Бәрі де құдайдың сыйлы заты еді, бірақ ол өзі тұрған үйдің иманын өлшеп отыруға қатысады. Бұл өмірде адамдар күйдіргі ақыл ішінде қаңғырып азаптанады. Иман биігінде ол азап жоқ, ақылдың күші сетінеп, құдайдың бұйыруымен ғана жайбырақат тыныс меңдеп алаңсыз өмір сүреді. Ақыл адамдар жөнінен шынайы зерттелмеген алапат асыл тас. Гауһарлар да олардан именеді.
Бірақ, адам баласы қалыптастырған қым-қиғаш, бос жеңіл, жасанды қызу сөздер ұлық энергия қуатымен төгілмеген соң, олардың бейнесі қалбалаңдап елеусіз ұшып жүрген есепсіз шіркейлердің топанындай көріністе. Масалар мен шіркейлердің ішіндегі ұялы сөз, оларды қалыптастырып тұрған өзектер тіпті адамдардың бос сөздерін менсінбей әулекілене кезеді адамдар арасын. Оларға керісінше хайуанның тұрақты сөздері, дыбыс, бейнелеу жолдары ұнайды. Адамдардың қолдарындағы иелеріне тартып кеткен малдарының тыныс-қозғалысын, өздері ғана түсінетін сөздерін толық жақтырмай бас шайқасады. Олар міне ауаны әулекілене қағытпалап ұшып жүр. Барған сайын биіктегісі келеді. Шыдамы жетсе.
Бұл жаз ғой! Жаздан өтіп басқа мезгілдердің алақанына шіркейлерше қалықтап, әулекілене ұшқан күйі кеткім келеді осы қазір-ақ. Бірақ олар ертпеді, мен ере алмадым.
Атамекенде көп істер болып жатыр екен. Жуықта Арыс, Бадам өзендерінің маңында, Арыс дейтін қалада ақтабан шұбырынды болды қырық мың қаралы жұрт. Арыста қаланың ортасындағы қамалдарға жинап қойған алды ескіріп шіріген оқ-дәрілер қопарылыс жасап талай жанның жанын жалмап, талайдың жүрегін суытып етті. Адамдар, әсіресе кейінгі қазақ жастары "ақтабан шұбырынды болды" деген сөз не екен деп көп бас қатыра бергенінде, бір оқиға туды да, жалпақ далада сол сөзді бейнелеп түрлі заманауи аппараттардың көмегімен үстінен түсіртіп қойды. Тарихта өткен барлық оқиғаның ескіре бастаған барлық сөздігі "мені ұмытпа" деп өзін еске салып отырады. Жалпы, сонда менің Семейден ағып кеткен төрт жылым, Алтайдағы он бес жылым нені еске салмақ? Нендей сөздерді жүрегіме салып қаузамақ?
Құдай қалаған тарих, тіпті бір тұқыл тамда өзін ұмыттырмайтын мүмкіндік ала алады. Кезінде Үнді жұрттарының мың жылдық мәдениет бояуы сіңген қорғандары. Адам "ғасырлар бір-бірінен озық, ғасырдың ерекше даму кезеңіндеміз" деп те ойлайды ғой, бірақ адамзат кезеңдері қайталанбалы, көп қыртысты көйлек секілді. Әрбір адамдардың өмір сүрген ғасыры үлкен жақтан ұқсас болады. Дін - дөңгелек тақтай, адамдардың ғасырлары оның қайталанбалы дөңгелек шеңбері.
Кешегі перғауындық мысырға ұқсайтын бір ел бар... Соған ұқсас өркениет бар... Дәл бүгін. Бірақ көне Мысыр біз үшін алыс кезең сияқтанып көзді арбайды. Қатар жатқан екі шеңберміз. Үндістандағы ең ғажап сырлы қорғандар, кесенелер жаппай ұматыла бастағанда, қорғандардың тылсым шақыруымен ол өлкені Моғол империясы басып алды да, Яссауи кесенесіне мұрагерлік етіп үндістан жерін ғажайып храмдарға толтырып тастады. Ескірген тарих әрленіп отырады... Мұхаммед пайғамбарымыз шүйіншілеген бір текст сүйінші хабардың бірнешеуінің орындалуының өзіне жиырма ғасырымыз кетеді. Ғұмыр түкке татымай тұр ғой! Жанр мен сюжеттік барыстар, ағымдар санаулы болғанындай, кейде тарихи құпия жүлге тым алуан түрлі емес, белгілі айналмалы сюжетке ие екенін байқатады.
Адамзаттың ұзақ дәуірлері үлкен жақтан жаратушыдан жеткен бір шығармашылық. Менің ойлайтыным кейбір кезеңдер қайталанбалы сюжеттерге толып кетті ғой, ендеше біз қайталанбалы сюжеттерден бөлек, мүлдем ойламаған жаңа жасампаз оқиғаларға біз куә боламыз ба? Түкке татымайтын бір ғасырдың арасында қоңыздай қалбаңдап ұшып өтіп кетемізбе бекерге?!
Адамдар осыған дейінгі тарихқа жалығысты түрде қарайды...
Жасампаз тұлғалар алдыға шығып миллиондаған адамдардың өмірін бір айтулы оқиға төңірегіне топтап құтқарып қалып отырмаса, қайталанбалы өмірлер ортамызды миллиондап шіруде.
"Өмірде болуы мүмкін, бірақ болмаған тарихтар" деген тізбекте бірнеше әңгіме сюжетін де жазғам, сол әсерлі сияқты бәрінен...
Бұрынғы емес, кейінгі көшпенділердің дүние таным, ырым-тиымының бірнеше үлкен бөлегі шыңғыс ханның жеке дара философиялық көзқарастары. Ол үлкен философ еді, әрбір оқиға арқылы өз философиясын дәлелдейтін... О дүниеге былай деп айта барыңдар дейтін түрлі мақсатта жобалап өлтірген адамдарына...
Ақыннан шыққан тұлға Бабыр еді, күйшіден Абылай... бәрі өз шығармашылығы етті әрбір соғысты... "Шаңды жорық" деген шығармақ болған күйінің әсерлі шығуы үшін ол нелерге бармады дейсіз... Күй сюжеті бойынша даламызды кесіп өтіп Еділден шығысқа ауған торғауытты толық қыруға болмайды, аяусыз үркітуге болады... Ал, өмірде ол солай істеді. Бүкіл Ер Жәнібек, Қабанбай... Олар ештеңе сезбеді. Тек орындауға көмектесті.
Қиялдың күшімен дірілдеп тұр ғой тарих деген...
Ерекше рух мені күндегідей қонақтайды.
Шекемде жанып тұрған бір шоқтай күн бар - екі дүниенің есігіндей сәулелі саңлау. Жомарттық содан келеді, ғибратты сөздер де, ақ өмір де... Бірақ, ол менің тілімді қадағалап отырғысы келеді. Ата тілім - қазақ тілінің өзінен берілген ниғметтерді мөрлеп, қанық сипатпен жеткізгенін қалаған. Орашолақ, шұбар сөз шашыраса жиркеніп шекемнің бұжыры қозғалып шекемдегі күнімді жаба тұрады. Ол айтады "сенің тілің орта ғасырдан бері орғып келе жатыр, бірақ қазақ тілі болашақтан кешігіп жатыр. Болашақ тіл технологиялардың тілі емес, келергі ұлы кезеңдердің шыт жаңа қайнатпаларынан бұрқырап шығатын өршіл тіл, небір оқиғалар, хикаялар өткенде, өрбігенде тіл толықтанып, ересейіп, семіріп, әлденіп қазіргі қазақ тілінің жарты түгі түсіп, жаңа жарты түгі өсіп шығуы мүмкін. Ол күнмен сөйлесе алуға дайынсыңба?" депті. Міне, бұл кезде мен болашақ құрсауында өз есімімді ұмыттым. Ол кезде көп адам қазақ тіліне жаңа ат қойып, ұлт есімін солай бейімдеп, жаңа қуатты ұйысқыш, тартылысы мол дүбірлі атқа ие ұлт жасап жатыпты. Қазақ десе айбыны өршімей, ру аттары мен абыройына атағы, рухы таситын қазақтар шынымен қазақ деген бірлестіктен көңілі қалып, жаңа ұлы бірлестікті аңсайтындай. Ұлы тегін бірлестік деңгейіне түсіріп алған-ау! Болашақ мені қорқытты: "- ендеше ата тіліңе айт, болашақтан кешікпесін, тым қалып қойды ғой, күн сайын баяулап барады",- деп зекіді. Айтады ол тағы" адамзатта тіл біткен болашақтан баяулап тұр, біреуі өршісе дейміз" десуде. Бәрі технологияға сай тіл көгеруін даму деп өздерін шұбарлап ірітуде, тіл дамуы сөз жасамында емес, ұлттық тілді қалыптастырған ескі қайнарларды бұл дүниенің қазанында қайнатып, қойулату, ұлы оқиғалар, жаңа қоныстануларға сай тебіндету, қуаң, жазық жер мен тау сағалаған, өзен жағалаған қазақтың қалың бір шоғыры бір күндері ну орман, аждаһалардың отанын мекендеп жатса, ылғалды немесе асқан ыстыққа қоныс тепсе тілі жартылай өзгеріп жаңаша сарынмен, басқаша ырғақпен жалт етер еді. Сен соны зерттей аласыңба? Ата тілің осы алқапқа келген кез-келген халықпен үндеседі, сенің орныңды басқа жұрт мекендеседе осы сөйлеу дағдың желден, топырақтан сіңеді сен бұл жерде қазақ ретінде болмаған күніңде де сол халыққа. Бүгінгі қазақпен туыспайтын, байырғы осы даланы мекендеп жылжып кеткен немесе тарих құрдымында құрып кеткен бір жұрт тура осы ырғағыңа жақын сөйлеген. Сен онымен қатысты болмасаң да қазақтың көбі Алтай-Ертіс алқабынан Шыңғыс хан тұсында Еділге дейін жайылғанда өзінің бос күңгір әуенін қоңыр шалқымалы ырғаққа ауыстырған желдің, топырақтың, судың күшімен. Алтай-Ертіс жұрты әлі күңгір-салдыр, бозғылт боямда сөйлесіп ұғынысады. Сен осыны ұмыттыңба? Болашақ осы тарихқа қояр сұрағын маған да осылай қалдырып жатқан. Ұшы-қиырсыз даланың жұпарын көбелектер көтеріп кетіп бара жататын. Көл бойында болымсыз қызғылт шырақтың көздеріндей болып жылқының қанына мастанған масалардың қызыл құрсағы жанып жүретін. Жанаттың әріптік бейнесі мына дүние бетіне жазылып оқылатын. Масалар сол әріптердің белгілі бөлімдеріндей болып ауада ара-кідік қозғалып қалатын. Қызыл арай тау біткенге, адам жүздеріне, шашқа алтынын жұқтырып дүниенің әріптік, ашық оқылатын құдіретті жазулы бейнесін желіктіріп тұратын. Тастар да балалармен ойнап олардың ойыншығы болуға келісетін, оңға тіреп қойған опақ тасың солға тайып құлап ойнай бастайтын өзі де. Құбыжық біткен дірілдеп батыр жүрегімнен сескеніп, мен үйге кіргенде оқыс ұлитын ұрланып. Адамдар құлақ түретін. Бейімбет жүректі бейбіт түндер осылай болатын.
Шегірткенің үніне мас болған бала көңілім соңғы әуені сіңірдей созылып басқа бір жаққа бара бастағанында ұйқыммен қауышыппын, қауышып жүреді екем. Түн деген ұлы сиқыр жарқырап өзінің мың жұлдыз ілінген жапырақтарын сілкіп, мүлги бас тербеп дүниені алма-кезек биге толтырып, жердің күллі музыкасын өзіне сұқтандыратын. Анадайда жалаңаш ай туып келе жататын. Бала сайтаннан аумайтын лақтар текеңдеп бас шұлғытып қорқытпақ болатын бөбек айды. Ай ұлы қорғауда болатын. Шалғынды кезген адымымның арасын қаудырлай ұшқан бұлдырық болашақта өзін қағазға түсіретін автордың сана-сезімін сыздықтап шимай тартып ұмыттырмау үшін, болашаққа бір сәттік ұлы әсерді жеткізуім үшін тырмысатын. Сөйтседе, ұстатпайтын, сипатпайтын қанатынан. Қызыл құлақты күрең күн көкжиектен ентелей оқыранып жеткенде әрі жағындағы қиырларды жылқы бейнелі түннің шұбап кетіп бара жатқанын көрдім. Түн өзі бірде нар өркештеніп, бірде толқынға көміліп өзін толық танытпай сағымданып, тек ғана бір жаңағыдай жылқы бейнелі әсерін шұбыртып дүние жүзін алдаусырататын. Осы ертектен неге біздер ақырын-ақырын шыға бастадық?!
О, Семейім!
Жан асылым, жұпарым, балалық дәмім!
Қуатым, өзек сазым, тебіреністі құнарым!
Мөлдір айдаһардың денесіндей бұралаңдап аунақ салған Ертісім!
Ертістің дертісің, Ертістің емісің - Семейім!
Бұл Семейге тек бірдеңе жетіспейді. О, Семейім өзіңе қайта айналып келіп тұрмын сенің есебің бойынша төрт жылдан кейін, арғы бір аулақ даладағы есеп бойынша он бес жылдан кейін! Тек бірдеңе жетіспейді ғой Семей саған, ол, ол...
Ол- басқа адамдар. Семей саған басқаша адамдар жетіспейді. Жетіспей жүрді. Бір күні мені саған осылай етіп жіберді, осындай тағдырмен. Таңғы күн де, батар күн де қызылды-сарылы болып Семей үстінен шоқиып тау болып отыратын. Кейде сол тау сенесің бе дөңгелейтін. Кейде мен осы ғұмырыма дейінгі құшақтап қарсы алған шыққан күндерді, құшақтап отырғызған батар күндерді үсті-үстіне жинап та тау тұрғызар едім. Келден тау... Албырап тұрған өрт тау... Әлемге өзгеше бояу кіріп, санама, миыма да мен ойлап жетпеген кескіндер осы арқылы ғана салына бастайтын. Қаламымның ұшына кеткен өртті әлемнің әріптік бейнесі өшірмек емес. Масалар да андыздап ауа бетіндегі сезімдей өртеніп бара жатыр. Өрт-қызыл әріптер әлемдегі, ауа бетіндегі әр ненің соңын сүйкеп жүр. Сүйкімді өмір, хаһ өмір!
"Желсіз түнде жарық ай",
Сәулесі суда домалап.
" Ауылдың жаны терең сай",
Кіндігін суға орап ап.
"Қалың шөптің жапырағы",
Жейдеңмен бірге бүктеліп,
" Көрінбей жердің топырағы",
Шашыңа жасыл шық қонып.
"Сөз айта алмай бөгеліп",
Құмырсқа кеудең тыныстап,
" Тұрмап па еді сүйеніп",
Ай бетінде әппақ құмырсқа!
"Таймаңдамай тамылжып",
Әлемнен мүлде мұтылып,
" Дем ала алмай дамыл қып",
Бүлдірген көзі жұтылып.
Бір кезде Алтайдағы күндерімде Абайдың "Желсіз түнде жарық ай" атты өлеңінің басқы жолдарын түгел алып, екінші жолына өзге дүниені қиулап әсемдік жасап, сөз ішінде бұлғаңдап асыр салатын едім. Сезімнің қалауы еді. Ол жақтағы он бес жылымда Абаймен таныстым. Осы жақтағы ғұмырымда мен молда болып, Абайды сәп салып оқып көрмеппін бұрын. Алтай - ұшқары сезімдерге толы аймақ еді, ортекедей орғып қаның бұзылып бір тәуекелге тіленіп тұратын едің. Күркіреп жатқан өзені терең сайдың шақ-шалекейін шығарып, бетіне түскен айдың сағымын неше көтеріп, неше лақтырып көзіңе тоқтау қылмайтын. "Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеген де" сезім осылай басталып келе жатты ғой, сәлден соң" Ауылдың жаны терең сай, Тасыған өзен гүрілдеп" дегенінде тура осы туған жерімдей болып кеткен Алтайымның тау құшағындағы өткір, өжет табиғаты өлеңмен бірге ұйқасып шырмалып, көзімді байлайтын. Міне енді бұрынғы ғұмырымда өзім көбірек сәп салмаған Абай ауданының жеріне келіп тұрмын. Бұл жердегі Бақанастың тасу күші мен өлең ішіндегі өзеннің тасу күшін салыстыра алмадым, өлеңдегі өзен тек Алтай тау өзендерімен үйлесім табатын. Бұл өлеңнің іші толған сыршыл, думаны мол жайлау еді. Жап-жазық қолаттарды, көбінше сарғая түсуге асығатын өңірді көріп Алтайдағы кездерімде мен мастанған, өткен ғұмырымды жаннаттай болып ұмыттыра түскен тау-тау, жап-жасыл жайлаулар, өркештенген дымқыл исі мұнда тым жетіспей тұрды. Мен сол мағынадағы бел-белесті ғана жайлау ретінде танып қалған едім сол жақта жүрген кездерімде. Енді міне жайдаққа шығып қалған балық құсап, жан жүрегім, санам тулап көрді дәрмен етіп. Көңілім су сепкендей басылды өлең ішінде өмір сүрген табиғаттың бұл жердегі жаратылыста толық орындалмай тұрғанын көріп. Аз-кем тыныстап араладым. Бұрынғы ғұмырымда Семейдің төңірегінде ғана өсіп, бұл далаға маңайлауға неге мүмкіндік болмағанын ойланып отырдым.
Семейде Жақсылық деген ағамның үйіне бардым. Көптен бері таныс едім фейсбукта. Фейсбуктағы өмірімнің жалғасып жатқанын білгенімді айтып ем ғой алдында. Жаңа Семей жағында тұрады екен. 56 деген автобусқа отырдым. Бұл автобустың әлі өзгермегенін, автобус біткеннің жаңаланбағанын көріп көнеге көз айым болдым. "Қош келдің, қон!" деп жібермеген. Кітаптарымен отырдым. Абайдың таңдамалы өлең жинағымен түн бойы серік болуға ниет еттім. Өзімді өз жеріме шыт жаңа жерсіндірмекшімін. Ол үшін бұл жердің ғұлама ұлы Абайдан бастадым. Мән-маңызы түсінікті көрінген парақтарды сытырлатып аудара салғам. Отты бір парақтар жүрекке аял қылмақ. Үйіндегі әйелі туысшылап кеткендіктен, кеш әлетінде мені ертіп қаладан тамақтануға қадам басып бара жаттық. Бағашар деген жас жазушы отыр екен "Anita" деген кафеде. Сол жерде дүние қатты өзгеріп сала берген бір реткі кофенің хош исінен соң. Ол жазушыны анадай жерден көріп отырдым. Әдебиеттің иісі келеді сол жақтан. Сол кезде мен "Абайдың қара сөздерін" оқып отырып ем. Мен төрт жыл бұрынғы ғұмырымда осы Семейімде молда болып жүргенімде, бұл жігіт сол кездің өзінде әдебиетпен шұғылданып жүрген болар. Бірақ ол азаматпен қазір таныспын. Бірақ, ол мені ең қызығы қытайдан отанына оралған жас әдебиетші ретінде санайды екен. Менің мұндағы бұрынғы өмірімнен хабары жоқ. Иә, мен айтпақшы мұндағы өмірімде бұрын тас мешітте азаншы болғандығымнан ол мені білмей қалса керек. Жақсылық ағам оны бір үстелге шақырып әкеліп алған соң, ол жігіт көп әңгіме айта алмай, бар болғаны шекер салынған тостақты қолына ұстап қозғай жөнелген. Бақылап қарап тұрдым. Пальтомыздың жағасынан бағана бір жауып өткен жауынның иісі әлі шым-шымдар шығады.
Көп әңгіме болмаған соң, қара көзім жарқырап қолыма кафеге ала келген "Абай қара сөздерінің" үшінші қара сөзіне келіп тірелдім.
"Жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады. Әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді. Әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді. Әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамшақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады".
Мен аз күн бұрын Алтайда мектеп бітіріп 19 жасымда Қазақстанға өткелі тұрған жерімнен аяқ астынан осы тоырақтың бұрыннан бергі азаматына айналып кеткендігім бұл қоғам жайлы толық ойлануға мүмкіндік бермеген шығар. Абайдың бұл сөздерін жылы қабылдағаныммен, жалқау, қорқақ, мақтаншақ, арсыз, тойымсыз адамдардан тұратын қоғам жайлы журналистерше ашалап, ашынып тіл қата алмайтынымды, тіпті адамдарды тек адам деп қарайтынымды, бойларында тұнған ашу-ыза, алдамшылықтар мен түбі терең қараңғылық жайында ештеңе айта алмайтынымды біліп, Абай өлең жазған кезде оның бетін сүйкеп өтіп тұрған ұзын өскен бидайықтың бір тал сабағындай созылып, Ақшоқының самалын бойымнан шығарып, масаң тартып отырдым. Абайдың кітап бетінен емес, бидайық болып жанында өсіп тұрғанымда қолжазбасының бетіне қарап, өз жазғанын оқып отырғанымды байқадым:
"Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сірнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дегендұниеның көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хаюан жаны болады. Әуелде құдай тағала хаюанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?"
Бидайық болып өсіп тұрсам да, Ақшоқының сонау белегірінің тұсында түсі суық сұры бұлттың аспанның бір шетінен қаптап келе жатқанын, Абайдың айтқан сөздерінің түсі суық сұры сөйлемдерден тұратынын, Абайдың жүзінің жер бетіндегі бір құшақ сұры бұлт болып өз жүрегін қалтыратып, қолжазбасын ұстаған саусағының дірілдеп отырғанын байқадым. Қабағым түсіп, бидайығымның сары шоғы иіліп төмен түсіп кетті, мені иген жел емес, өзім иіліп едім.
"Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, иәки бөтен бір себептен бе?
- еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі. Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық кайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде «әттегене-әй, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге. Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. осыдан басқасы бар ма?"
Тағамның дайындалуын күтіп отырғанымда, Жақсылық ағам мен тосын ұшырасқан әдебиетші жігіт Бағашар әдеби ортадағы ұсақ-түйектерді айтыпаз-кем сөз қылып отырды. Күлкіге толы таңғажайып әңгіме айтып, мұрнын көтеріп, езуін ашып мені де күлуге шақырғандай ыржиып қояды Жақсылық ағам. Бірақ, мен шын кірісіп күле алмаймын. "Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі."
"Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді? Баланың жақсысы - қызық, жаманы - күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?", - деді Абай. Бұл сөздерінен кейін үйлену, бала өсіру жайлы дайындап жүрген ойларым аспанға бүгінгі кештің жерге сіңген жаңбырының буының артынан ілесе ұшты да, будың кеткенін біліп,"бұл булардың орнына мен келемін" деп дайын болған лағманның буы даяшының қолында көтерген ыдыстың үстінде келе жатты, андағайлап анадайдан бой көрсетіп маған қарай талпынып келе жатыр сол бу.
Тамақтанып отырсам да, алдымдағы қабырғаға қарасам, әппақ жылтыр тамға оқып алған сөздерім жыпырлап көшіп қонып жатыр.
"Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды?" деген сөзді оқып болғанымда, оның астына "Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?" деген сөздер жалғасын тауып қонып, сіңісе бастады. Сол беті осы сөздер тамға сіңіп кетті де, олардың бозарып бос қалған орнын " Ахирет үшін бала тілегенің - балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? " деген сөз келіп қонды. Ол сөздер жиылып бірақ ақ көгершін болып құралды да, қанатын жиып бір қомданып қойды. Бірақ, оның құйрығы кемдеу екен. "Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?" деген сөздердің жиынтығы оның құйрығы болып жабысты да, Жақсылық ағам:
- там ба, терезе ме, не нәрсеге қарап отырсың? Тамағыңды іш,-деп шынтағымен түртіп қалғанда, ол көгершін ашық тұрған терезден өтіп ұшып кетті. Там әріпсіз бос қалды. Менің ауызым көтерген қасыңымның ішіндегі сұп-сұйық лағманның тәтті суына барып тиді.
- Бағашар, Семейге қандай жобамен келдім дедің?
- Астана қаласындағы "Абайтану орталығының" директоры Алмахан Мұқаметқалиқызының, "Алтын қыран" халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжановтың демеушілігімен 30 шақты адам Абайдың табаны басқан топыраққа келгенбіз. "Ұлылар мекеніне саяхат" деген бағдарлама. Аздап тамақтанып, жаңбырдан кейінгі қаланы көрейін деп басқалардан бөлініп, қонақ үйден шығып келген бетім осы.
- алдымен неге хабарласпадың?
- келгенімізге енді ғана болды ғой.
- а-а-ы-м...
- Семей жатаған қала екен.
Осы кезде кафенің жұмысшылары есіктен көп көкөніс кіргізгенде, есік біразға дейін ашылып қалып жаңбырдың кеппей тұрған иісі мұрнымызды жарады. Босағаға жақын отырып қалғанымызды енді байқағандаймыз.
Жақсылық ағам мен Бағашар әңгімелесіп отыр. Мұндағы мешіттегілер мені Семейдің байырғы тұрғыны, мешіттің азаншысы деп білсе, Бағашар мырза мені оралман деп біледі. Екеуіне де көніп отырмын. Өйткені, екеуі де рас.
- тұрғыны аз қаланың тіршілігі баяу жүріп жатқандай. Алматыдағыдай асыққан, сапырылысқан халық жоқ.
- жайбырақат тірлік. Қаланың өзін де бір көңілсіздік жайлаған сияқты әсер қалдырады.
"Қартайғанда асырасын десең, о да - бір бос сөз. Әуелі - өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші - балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші - малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары - ол да екі талай. Қош, құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: «әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кәпір - қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны мазаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?" деп кітап ішіндегі Абай қиялымдағы көршімнің арақ ұрттап тоқтамайтын әкесіне ұрысқанда, әкесінің алақаны тершіп, өңі суып кетіпті. Сұп-суық болып мұздап, оның қасында баласы Мәулітбек отыр. Оның мұздағаны да ақылы болғаны. Осы сөздер мен қиялға кітап бетін парақтап бір рет кіріпч қайта мойынымды кері тартқанымда, Жақсылық ағамның Бағашарға:
- жүріп жатқан бірде-бір құрлыс жоқ,-деп кіжінгенін байқадым,- көше жиегіндегі цементтер мүжілген. Көгалдары қырқылмаған
- Қараусыз қалған қала сияқты....
"Қараусыз қалған қала сияқты дейсіңдер ме? Ей, мен оралман емеспін, Тас мешітте 18 жасында азан шақырып тұрған Семейдің жергілікті қазағымын. Тіпті, Абай өскен Ақшоқыда туғанмын. Кейін тағдыр себеп қылып Алтайда 15 жыл өмір сүрдім, неге екенін білмеймін? Ал,әйтпесе, осы жақтағы таныстарым"сен Семейден сыртқа кетіп қайта келгелі небәрі 4 жыл ғана болды" дейді. Жара, ештеңе түсінбеймін. Бірақ, Абай өмір сүрген кезде Семей бұдан да көріксіз, кішкентай қала болатын. Семейге өйтіп тиіспеңдерші!" деп кіжініп жатты жүрегімнің алыс қуысынан бір бала. Мен кеудемнің сыртынан сипалап, жаңағы бейберекет, алкеуде дауысты орнықтырып барып, шөлмектегі ыстық көк шәйімнан ұрттадым. Бағашармен де, Жақсылық ағаммен де жып-жылы әңгімелесіп отырмын.
Тамақтан соң, Бағашарды орналасқан қонақ үйіне дейін ұзатып салдық. Жақсылық ағам екеміз оның артынае қарап тұрдық. Қала әлі салқын, жаңбырдың ізі кетпеген. Әр жерден су-су етіп тамшы ағады. Қаңылтақ маңдайшасы бар үйлердің қабағы дыңылдайды. Жақсылық ағама аяқ астынан бір шаруамның есіме келгенін, біреуге беріп қойған уәдемді орындауға тиісті екенімді айтып, бүгін бірге үйінде әңгіме дүкен құра алмайтыным үшін кешірім сұпап, қайтуға рұқсат беруін өтіндім. Ағам аз-кем қолқалап, ақыры рұқсат беріп құшақтап аттандырды. Шапкасын қайталай түзеп киіп, сары пальтосының етегі мен екі жағын желбеңдетіп жодың шетін бойлап оң жақпен ұзап кетіп бара жатты. Мен сол жағыма қарай баяулап азғантай жүріп, аялдаманың түбіндегі жасыл шырақтың жануын күтіп тұрдым.
"Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі - біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің - сол." деп Абай ішімдегі біреулерге зіркіреп ұрсып жатты. Дір ете түсіп, мені қалшылдатқан жаңбыр ма, Абай ма, біле алмай, жасыл шырақ жанғалы жатқанда, қаракөк түсті мақпал түкті пальтөмнің алдын жауып, жағасын көтеріп, мойыныма қарай тығындай бердім.
7 тамызда Семейде жазылды.