Жылдың үздік прозасы
111

Қарғыс

...Құдайдың құдіреті–ай!

Сол күні жұмысқа неге ғана бардым екен?! Жарайды бардым–ақ дейін. Алайда өзіме қарасты ауданның аумағынан тыс шараларға қатысудан бас тартуыма да болатын еді ғой. Бірақ, бұйрық талқыланбайтыны бар. Сол тапсырманың жетегімен жүріппіз ғой бүгін ойлап қарасам. Қалай болғанда да барлығы тағдырдың жазуынан екен. Енді міне тұла–бойым күйікке шалынып жатысым мынау. Тірі қалуым неғайбыл. Өле қалсам бәрінен бұрын анама қиын тиетін болды–ау... Менен көп үміт күтетін. Оқуға түскенімде, оны бітіргенімде, жұмысқа тұрғанымда шынайы қуанған анам еді. Тіпті жақында келін түсіріп бермек болғанымда, «Құлыным үйіңді ретке келтіріп ал. Сосын да үлгересің ғой» деп сабырға шақырып, келер құда–құдағиларының алдында да абыройды ойлаған екен...

Ай, жанымның қиналғаны–ай!

Қасымда қарашығы мөлдіреп жүрген Қаракөз сені қайтем? Саған да оңай тимес. Ер–зайыптылықтың дәмін де татып үлгермедік. Екеумізде тек құштар көңілді алға ұстаған ынтықтық ғана қалып барады...

Дәрігерлер көңіліме қарайма, әйтеуір ештеңені ашып айтпайды. Бетімді таңған ақ дәкенің әдейі қалдырған тесігінен сығалап жатып мен бәрін көрем, естимін. Бірақ сөйлеуге қауқарым жоқ. Ішімде қып–қызыл шоқ жатқандай. Жүрегімнің дүрсілін бүкіл денеммен сезердеймін. Тіпті дүңкілдеген лүпіл құлағымды жарып жіберердей...

Бәрі қалай болды өзі?!...

Ең бірінші қалың қолды бастаған ұлты өзге сот орындаушысы таң қылаң бергенде барлығымызды еңістегі ауылға қарай бастады. Мектептің оюлы темір қашасына жақындағанда алдымыздан алапат дауысты уіл естілді. Мен алғашқылардың бірі едім. Құйылған бетон қоршаудан өткенімізде кең сайды тіліп түскен тасжолдың бойы толы қарақұрым халық екен. Арасында бала көтерген, таяқ ұстаған ақжаулықтысы бар, ақсақалдық жасқа жеткен жігіт ағасынан бастап түбіт иек бозбалаға дейінгі еркек атаулының неге болса да дайын екендігі анық көрініп тұрды. Біздің басшылық ескерту жасап еді, үйлерінің бұзылуына қарсылық танытқандардың даусы басым түсіп кетті. Бұдан кейін тасырлай жауған жұдырықтай–жұдырықтай тастарға қарсы біздің тарап газды оқ атты. Бірақ одан тобырдың тайсалатын түрі көрінбеді. Қайта өршелене ұмтылғандардың айбынынан сақадай сай әскер кері шегінді. Артқа бұрылғанымша болмады шалынып жығылдым. Екпінмен келгендердің аяқ астында қалған мені атойлағандар текпілей жөнелгені есімде. Одан кейін дабырлай шуласқан қара халықтың бұлқынысы, тілсіз жау – өрттің жалынын басар автокөлікті отқа орады. Қалың соққының астында жатып менің алғашқы ойлағаным, өртке қарсы тұрар техниканың да халықтың ашуына суғарылған жалынға қарсы тұра алмайтындығы болды. Бұдан кейін мені қаумалаған көпшілік сүйрете көтерген күйі құжыра тамға жеткізіп сыртымнан құлпы салды. Сөйтіп қылмыскерлерді тергеуге алатын менің құзырым құм болып үгітілді. Алыс–жұлыс кезінде ентіккенім соншалық тілім аузыма сыймай, езуім уыстап құм асаған жандай ырсиып кеткен. Есік алдындағы кейуанадан су сұрап едім «Алда қарағым–ай!» деп терең күрсінді де, ашымал айран ұсынды. Маңдайымнан бұрқ еткен терді сүрткен соң көңілімдегі үрей, қорқыныш атаулы сейіліп жүре берді. Ашынған тобырға айран берген әжей араша түсердей көрінген. Шынында да солай ойладым. Бірақ біреулер келіп қазақтығыма сын болардай ащы–ащы сөздер айтып жатты. Оларға ақталар сөз айтпақ түгілі, жалынсаң да тыңдар еместей. Осыны дірілдеген саусақтарыма қарап отырып түйсіндім де, тіл қатпадым. Егер бірдеме десем таяқтың астында қаларымды сезгендік те үнімді шығартпады. Содан кейін өзара дабырласқан қалың жұрт «бірі қайтарайық» десе, енді біреулері «кепілге алсақ билік жеңіледі» деп өзеуреп жатты. Ақыры тасжолдың бойындағы электр бағанына салаңдата сүйреп әкеліп байлап тастады. Сонда ойлағандары дөң жақта жүрген тәртіп сақшыларына талап қою болатын. Бірақ бұйрықпен жүрген бейбақтар қатар түзеп топқа бет алмақ болғанда, бензин иісі мүңк ете қалды. Денем жылымшы тартып, майланып бара жатты. Лап етер жанармайды кімнің құйғанын бағамдап үлгергенімше болмады, «Өртеңдер!» деген ащы дауыс шырпы тұтатты. Шашым мен қасымның шыжғырыла шыжылдағанын білем, ары қарай қолымды қиған арқанды жұлып тастамақ боп жұлқындым. Терім жиырыла бастады. Күйген еттің иісі шыққанда біреу шапан әлде көрпемен жалынды қымтап өшірді. Қиқулай жеткен жедел жәрдем көлігіне көтермелей тықпалағандар, менен құтылғысы келетіндей көрінді. Бәрі кеш еді...

Ендігі жатысым мынау. Таңның атысынан кештің батысына дейінгі ауылдың қоңыр салқынында белтемірден түспейтін қолдарым, серіппелі темірді құшырлана созатын йықтарым, гантел мен кірдің тасын серпитін денем енді міне күйікке шалынып, бұлтыңдаған бұлшықтарым бырысып қалды. Мұндай тәнмен тірі қалған күннің өзінде мүгедектіктің ащы зарын тартармын...

Құдай–ай, берген жасыңды таусылта көрме! Мен әлі жаспын ғой. Жұрт айтатын жиырма бестің дәмін татпай кету деген қандай өкінішті. Кейде достарыммен болған отырыстарда...

Ай–й! Достарым–ай, сендер өздерің бір әлемсіңдер ғой. Қабағыңа түскен кірбіңнен сыр аулайтын жан досыңның барлығы қандай жақсы. Бөліскен сырыңның сол айтылған жерінде қалғаны мені қатты қуантатын. Ішкі толқыныстарымның жария болмағанын ойлаушы едім. Сондықтан да досты талғап таңдаппын. Жалғыз досым Ноян еді. Байқұс бала мен секілді бір үйдің жалғызы болғанымен бір өзі үш адамға татитын. Қай жағынан алсаңда оның өнеріне, алғырлығына, тапқырлығына кім болса да қызығатын. Екеуміздің мектептен басталған достығымызға кейбіреулер тіпті қызғана қарайтын. Сыныптас балалардың бізге себепсізден–себепсіз соқтығып шетінен таяқ жегені әлі есімде.

Біздің толқында жігіттің жүректілігін жұдырық шешетін кездер де болды. Бірақ әр қақтығысты бастаған жігіттің әділетті әлде әділетсіз болуына баса назар аударылатын. Мұндай тілмен шарпысатын сәттерде біздің туымыз биік болып шығатын. Өйткені біз орынсыз ұрынғанды шықпыртып тастаушы едік. Сөйткен Ноянның өмірі ұзақ болмады. Марқұм аяқ астынан көлік апатынан көз жұмды.

Әттең, ажал! Біздің жарасқан достығымызды да қиып жібердің–ау. Алғаш естігенде миым шаншып кетті. Тіптен сене алмадым. Әбден денесін алып келгенде ғана көзім жетті. Содан іштей әбден құлдырадым. Әкесінің еңкілдеп жылағаны әркімнің де көңілін құлазытты. Кім–кімді де жас өлгеннің қазасы бей–жай қалдырмайтынын түсіндім. Бұған дейін өлім, ажал дегенді мүлде байқамаппын, сезінбеппін. Тіршілікте ажал туралы, о дүние жайында да достарыммен көп әңгімелесуші едік. Сонда діни кітаптарды оқыған, құран мен намаздан хабары жігіттер бұл өмірдің сынақ екенін көп айтатын. Әуелі бірде, істеген ісіңнің сауабы мен жасаған қылмысыңның күнәсі о дүниеге кетпейтіні сөз болды. Ондайға таң қалғаным соншалық, сұрақты қарша боратып, олай болса адамзатқа жұмақ пен тозақтың не керегі бар дегенге саятын сұрақты да қойдым. Сөйтсем, отырыстағы таныстарым маған жақсылықтың да, жамандықтың да өз қайтарымы болатынын тәптіштеп түсіндірген еді. Енді, міне дәрі–дәрмектің иісі қолқаны қапқан аппақ бөлмеде соны ойлап жатқан маған, өзімнің нендей әрекетім үшін осындай күйге түскенімді анықтау ғана қалған секілді?!

Шынымен–ақ, сонда қай қылығым, қай қылмысым үшін жалынға шарпылдым? Әлде халықтың қарғысына қалдым ба? Мүмкін тергеушілік жұмыста біреуге тізем батты ма екен?!

Өзім қойған сауалдарға лайықты жауаптарды көкірегімнен таба алмадым. Мүлде жауап жоқ! Тіпті өзімді қаралайын десем де, нақты дәлел таптырмады. Тек жоғарғы басшылықтың бұйрығын орындаймын деп қазақы ауылдың құжыра тамдарына жақын барғанымнан өзге, күнәға тең болатын дәлелді нәрсені ұстай алмадым.

...Тоқта! Сонда қазақы ауылдың киесі ұрғаны ма?

Онда киенің қасиеті жалғыз маған ғана жалын боп тимес еді ғой?! Таң алагеуімнен сайдағы үйлерді қиратпақ болып аттанған қалың әскердің жартысынан артығы қирап қалмас па еді?! Тіпті мұздай жасанған жасақты бастаған ұлты өзге сот орындаушысы бірден тіл тартпай, мүрдем кетер еді, ондай болса.

Бірақ неге мен?...

Әлде, Алла тағаланың маған берген зор сынағы осы ма екен?!

Негізі діндәрлардың айтуынша, бізді мектепте дінтану пәніне оқытты ғой, сондағы ұстаздардың біразы, көгілдір ғаламшарға жұмақтан қуылған Адам атаның ұрпақтары сынақтан өтуде деген қисынды алдыға тартады. Сынақтың түрлі болғаны соншалық, адамзат баласы барлығында да ібілістің жетегінде кетіпті. Әуелі Жер бетінде кешкен тіршілігінде сан мәрте әзәзілге арбалды десе болады. Бірақ осы өмірдің тәттілігі, тіршіліктің дүниеуи ләззаты адамды әр кезде де алдыға ұмтылдырды. Соқыр күйге түсіріп, шынайы өмір мен өтпелі шақты айыруға мүмкіндік бермеді. Бірақ өмірдің осындай сынағы адамды ширатады, жетелей түседі. Құлшыныс береді. Осының өзін кей діндарлар дұрыс емес дейді. Мүмкін олардың пікірі мың мәрте рас шығар. Дегенмен мен Жаратушының адамзатқа берген осындай жер бетіндегі сынағын сүйем. Бір ғасырлық ғұмырым болса да, өсімдікке жан берген ауа мен суды, топырақты, күн мен айды қия алмаймын. Сөйтіп, он сегіз мың ғаламды жаратқан Алланың құзырын шын танып, мойынсұнған пенделердің арасында жан күйзелтер сынақтың өзінен бас тартпағандығыммен ерекшеленгім келеді...

Не ойлап кеттім, өзі? Ақылым ауыса бастаған саумын ба, осы? Жаңа дәрігер салған инеден кейін денем мүлде әлсіреп кеткендей ме, қалай?! Білмеймін не болғанын. Әйтеуір ауырлап... жоқ, денем жеңілдеген секілді. Тұла бойым шымырлап барады. Қандай керемет!

Е, Алла! Бергеніңе шүкір! Көрсеткеніңе тәубе! Тек, біліп әлде білмей жасаған күнәларым болса кешірім ет... «Халық құдайдан бір жас кіші» деген сөз рас болса, сай жағалай жиналған ел–жұрттың алдынан қатулана шыққаным үшін кешіре гөр... Еріксіз алдына салып бұйрықпен апарған пенделеріңді өзің жазала, Аллам!

...Ләй иллаһа ил Аллаһ, Мұхаммадун расул, Аллаһ!

 

***

Кілкіген сағымдай бұлдыраған сананың иесі жер бетіндегі ғұмырын жиырма екі жылдан асырып үзді. Бұл ғаламшарлар шеруінің реттелуіне де куә болған уақыт Тақсыр үшін қас–қағым сәт қана. Дегенмен оқиғаның өткеніне де Жер бетілік есеппен бір жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында талай су ақты, біреулер бақилық болды, енді біреулер бас бостандығынан айырылды... Осындайда пенде шіркін, әсіресе адам баласының тәубешілі «барлығына уақыт емші» деп өткен жылға шүкіршілік қылады. Алайда Жаратушының ғаламды тарының қауызына сидырарын әлде сиғызбасын өзекті пенде болжай алмайды...

Шүкір!