715
Рух
(Атасы мен немересінің әңгімесі)
Бірінші көрініс
Аға, саған ошақ! (Аға, саңа очқуқ!)
Бөтен (жат ел адамы) тізеңді бүк! (Без чөк!)
Халыққа азық-түлік (мол болғай) (букун ічре (р?) азуқ і)
(Есік обасынан табылған күміс тостағаншадағы жазу сахнаның ортасына қойылған)
Рахат ауылының тепсеңіне орналасқан автобекетте күндіз түні ғұж-ғұж қайнаған тіршілік. Ауыр қозғалып, ақырын жылжитын тіршілік дәл осы тұста зырылдап шырқ айналады. Саудагердің қолы жүріп, ары-бері жүргендердің жүздері жайнап, әңгімелерін лепіре айтады. Жәмеңке мен Ұзақ батырға кеңесші болып, ақыл айтқандар да, Сталинге маузер жасаған шеберлер де, Жәңгірдің ханшайымы Фатиманың алтын тарағын көрген зергерлер де осы жерде. Алтын сандықтың үстінде тұрғандай әңгімелерін екіленіп, екпіндетіп айтады. Бір шындыққа екі өтірікті орап тұрғандарын білсе де ешкім ешкімнің аузын қақпайды. Шаттықтың шайы орамалы желпіген жер бәріне ұнайтын. Осы ду-думанға өрнек қосқандай болып кеуде тұсынан басын тау аралығындағы әсем көлден алып, бұлақ ағып жатады.
Екінші көрініс
Осы нәзік бұлақтың суы дамыл көрмей гуледі. Ақ көбігі сапырылып, лепіріп, екілене тулап, тасып арнасынан лықсып ақты. Булығып, ашуланып, дүрсілдеп барып, кең арналы өзендей жүректі тітіркендіріп көкке шапшыды. Бұрынғы сұлу су мінезін өзгертті. «Жаугершілік боларда, апат келерде су осылай сілкінеді екен» деп үрейленген ел. Айтып ауыз жиғанша Іле Алатауының теріскей баурайындағы әсем шатқалдағы бөгет бұзылып, сел тасқыны гүлі жайнап, нуы қайнап жатқан жердің әптер-тәптерін шығарды. Бір қуатты қол келіп, көзді ашып-жұмғанша айналаны тып-типыл етті.
Мұқым елдің хан базарына айналған автобекет бұрын-соңды бұл жерде болмағандай, түрікпеннің түбіне кеткендей жым-жылас болды. Ырсиып су жырған арналар, ирек-ирек іздер, ойдым-ойдым орлар қалған, желпініп айтылар әңгіме тынған.
Үшінші көрініс
Атасы мен немересі қырқа басында әңгімелесіп отыр.
Атасы (сақалын саумалап отырып, байыппен): – Автобекетті қайта салайық деп қам қылдық. Сөйтсек ол оңай жұмыс емес екен. Енді ол жерге археологтар барлау жүргізіп барып, істелінетін көрінеді. Төрт-бес оба табылды. Содан ол жер қоршалып, зерттеле бастады.
Немересі (басын оқыс көтеріп): – Алтын іздедіңіздер ме?.
Атасы (қабағы шытыла): – Қазіргілердің есіл-дерті ақша, алтын, әкем-ау, біздің басымызда бұл далада ат ойнатқан жаужүрек сарбаздардың, ұлы өркениетке үлес қосқан түркі тайпаларының тарихы тұрады. Обалар ұлы тарихтың куәгері ғой.
Немересі қалың ойға кетеді: Мыстан алтын шығару туралы ішінде бұғып жатқан ойлары ашылып қалғандай тынысы тарылып, ентігіп қалды. Атасының әңгімесі мен өз ойының арасына қақпа болып буалдыр, селдір мұнар тербетіліп тұрып алды. Баяғыдағы, баяғыдағы Шаддат деген патшаның салған алтын қала туралы әңгіме есіне түсіп, атасының бір сөзін естіп, бір сөзін естімейді.
«Қырық мың жыл жауын жауып, қырық мың жыл ыстық болады, барлық адамды топырлатып қыл көпірден өткізеді, жақсыларын алтыннан соғылған пейішке жібереді». Қырық мың жыл күнге күйгенше, қыл көпірден өткенше, қисап жетпейтін адамды дозаққа түсіргенше, осы дүниеде пейіштің өзін адам пайдаланатындай етіп соқтырып, қызығын көрсетпеймін бе деп, қақпа есігін жаһұт гауһармен өрнектеп, үйлері көкке тіреу болатындай қала салдырады. Көше-көшемен сылдырлап аққан су бал татиды. Айналадағы алтын, күміс, гауһар тастар көз қарықтырады»,-деген тұстан ойы үзіліп, атасына жалт қарады. Атасы немересінің қиялға беріліп кеткеніммен шаруасы жоқ, әңгімесін қызына айтып отыр.
Атасы: – Тарихтың қойны кең, үсті – биік, асты – терең. Бекен Нұрмұхамедұлы деген археолог, қасында екі-үш адамы бар, осы жерде ерінбей қазба жұмыстарын жүргізіп, «Алтын адамды» аршып алды ғой. Енді, мұны айтпа, әлемді елең еткізген жаңалық болды. «Алтын адамның» киіміне төрт мыңнан астам ұсақ қымбат әшекейлер тағылыпты. Мойнында – алтын алқа, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында – ақинақ, шалбар балағы алтын тоғалармен әшекейленген. Өрнек, әшекейлер қан мен терге боялған.
Немересі (таңдана, әңгіменің ұзын ырғағын біле қоймаса да қапталдаса сұрақ қойды): – Біздің ата-бабаларымыз қара темір ғана қақтап қоймай, алтыннан сарай салған, өркениеттің ошағына от жаққандар екен, ә. Табақша бетіне бедерленген ат пен оның жанына тізе бүгіп отырған адам мүсіндеріне қарап «Алтын адам» жаугершілік заманының мықты қолбасшысы болған секілді ғой.
Атасы (өз баянының жүлгесін бұзғысы келмей, шалт мінезбен жауап берді): – Ғалымдар біледі оны. 4 – 5-ғасыр дейді ғой.
Немересінің қиялы шарықтап кетті. Бастарын бәйгеге тіккен, өздерін құрбандыққа шалған оғландар елестеді. Құрбандыққа атауға таудай жүрек керек десеңізші. Көз алдымнан суреттер баяу жылжиды. «Дуылдаған, дүркіреген жұрт, ыңырсыған ауыр үн. Дала қозғалып кеткендей. Иін тіресіп, қайысып тұрған қалың қол. Теңселген жұрт ер басына күн туса бұрынғының жолымен анттасамыз деп сойған аққасқаның қанына сұқ саусақтарын матырып, қан жұққан саусақтарын маңдайына тигізіп, келесіге жол беріп жылжыған сарбаздар. Буы бұрқыраған қан көпіршіктері, бүгін барсың ертең жоқсың дегенді аңғартып, бірі өшіп, бірі көпіршіп, шетке жылжып ұйып жатыр.
Өңі қуқылдана, селк ете түсті.
– Төртінші-бесінші ғасыр дейсіз, ә! «Алтын адам», оның жанындағы қорымдар бұл өңір тарихының тым көнеден бастау алатынын дәлелдейді ғой. Сонда біздің мемлекетіміз қашаннан, қай ғасырдан бері жалғасып келе жатыр?
Атасы (селқос қана): – Жәнібек пен Керейден бері дейміз ғой.
Немересі (көзі жайнап, әңгімені іліп ала жөнелді): – Ата-ау, «Алтын адам» V ғасырда өмір сүрген деп отырмыз, Қорқыт ата сегізінші ғасыр, қолында – қазақтың қобызы, кесенесі – Қызылордада. Сонда осындай ұлы тарихтың куәгерлерін тарих шаңына қайта көміп тастап, тарихты беріден бастауымыз дұрыс емес қой.
Атасы (абдырап қалды. Мұнаралары мұнартқан тарих жолынан бір сәуле іздегендей көзі жарқ ете түсіп): – Қазақстанның төрт құбыласынан да «Алтын адам» табылып отыр. Есіктен кейін шығыстағы Шіліктіден, Аралтөбеден табылған. Қазақ даласының төрт бұрышына төрт «Алтын адам» жерленуі тектен тек емес болар...
Немересі: – Есіктен табылған «Алтын Адамның» алтынмен апталып, күміспен күптелгеніне қарағанда атақты қолбасшы болған-ау, шамасы.
Атасы (қызына түсіп): – Ғалымдардың еңбектеніп, «Алтын адамның» қалпына келтірілген бейнесіне қарасаң орта бойлы, денесі мығым, кеудесі шалқақ, тіп-тік. Бойында бір астамдық бар. Жасынан мәпелеу, әлпештеу көрген адам секілді. Кекті қысастық көрмеген жандай.
Немересі (ойлы кейіппен): – Ресейдің Қосағаш деген жерінен табылған сақ ханшайымы мен «Алтын адамның» бір-біріне қатысы жоқ па екен осы?
Атасы (аңтарылып қалды): – Сұрағыңа түсінбедім.
Немересі: – Қосағаш та біздің жер ғой. Көшпелі тіршілік. Екеуіне топырақ екі жерден бұйыруы мүмкін ғой.
Атасы (ойлана түсіп): – Ол ханшайымның өмір сүру кезеңін «Алтын адамнан» бір ғасыр кері жылжытып тұр ғой ғалымдар. Бірақ кім білсін...
Немересі: – Ата, сол ханшайымның мүрдесін қазып алып машинаға тиегенде машина сынып, ұшаққа тиегенде ұшақ апатқа ұшырап, әйтеуір әупірімдеп мұражайға жеткізіпті. Сонда қалада жеті күн үзіліссіз жаңбыр жауған дейді. Бұл туралы: «Мұсылман әлемінде әйел адамның мүрдесін жалаңаш күйінде елге көрсетуге болмайды, сондықтан бұл Алланың күңіренуі, пенделерге ескертпесі» деп жазыпты газетке.
Атасы (бұл әңгімеге түйін таба алмай қиналып қалғанын аңғартып алды. Қипақтап, қозғалақтап кетті): – Газет аздап қою бояу жағып жіберген шығар.
Немересі: – Ақиық ақын Мұқағали:
– Шежіремді ұрлапты...
Зулапты күн
Ғасырлардан бір ызың тыңдаап тұрамын.
Алтын адам шынымен қазақ болса
Білген екен құнының қымбаттығын!!!
– деп жазып кетіпті. Алтын адамның қадірі оның алтын болғанында ғана ма? Ол неге елдігіміздің символы деп бағаланады?
Атасы: – Ол – Қазақстанның ең құнды жәдігері. Алтын адам табылғанға дейін дүниежүзілік деңгейде патшалардың қабірі толықтай бұзылмай табылған жайттар кездеспеген. Қырымда, Эрмитажда тұрған заттардың ешбірі біздің «Алтын адамға» жетпейді. Оның құнындай бағалы еш зат жоқ. Сондықтан да оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылып, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді.
Немересі (әңгімені жалғастыра түскісі келіп): – Музейде тұрған шын «Алтын адам» ба?
Атасы (көңілді кейіппен): – Көшірмелері ғой. «Алтын адамның» түпнұсқасы Елордадағы Алтын және бағалы металдар мұражайында деп естимін. Бұл әңгімеге қайта-қайта соғып отыруымыз керек, балам.
САХНА СЫРТЫНДАҒЫ ДАУЫС
Күн сәулесімен шағылысқан тозаңдар жібек пердедей желпілдеді. Ғасыр бетіндегі шаңды сілкіп едік, айбарлы болашақ жарқырап көрінді. Ұлы бабалардың сәулесі. Жанымызға сол – рауа.
Шығарманың қысқаша сипаттамасы: 1970 жылдардың басында археолог К. А. Ақышев Есік қорғанынан тапқан сақ тайпасының көсемі туралы жасөспірімдерге мәлімет беру. Пьесаның негізгі тақырыбы - «Алтын адам» .
Шығарманың артықшылығы: еліміздің төрт бұрышынан да V – IV ғасырдағы жәдігерлер табылса, Қорқыт атаны VIII ғасырдан десек онда мемлекеттігімізді неліктен Жәнібек пен Керейден бастаймыз деген ой тастау.