6552
Алаөкпе атақ
Мен үшін бүгінгі күн ғажап күн болып, бір хабарды естіп, «Әп бәрекелді, осы күнге жеткізгеніңе құлдық!» деп қуанғанымды жасыра алмаймын...
Бұған дейін мен еліміздегі ең дәрежелі «Атақ» болатынмын... е, иә, еңбегі сіңген, маңдай тері төгілген азаматтарға берілетін өкіметтің ең жоғарғы наградаларының бірегейі едім. Бірегейі деп отырғаным, анау ең мықты мығымы болмасам да, менің де өз дәрежем бар, көпшілік, әсіресе әдебиеті бар, мәдениеті бар өнер саласының өрелі атақ-дәрежесімін.
Алғаш атым белгіленіп, жарық жұлдыздай жарқ етіп елдің маңдай алды азаматтарының омырауына қадалғанымдағы мақтаныш сезімімді жасыра алмаймын. Ойхой, ол азаматты кілең сен тұр мен атайындар құттықтап, омырауда тұрған қалпымда аялы алақандарымен сипап «Құтты болсын» дегендеріндегі сәтті әлі ұмыта алмаймын.
Басында жылына екі-үш ерен жүйрікке ғана бұйырып мәртебем тасыған. Мен бұйырар жылдың мәртебелі мерекесін тағатсыздана күтетінмін.
Ойхой, жыл өтпей маған деген ұмтылыс артып, жылына екі-үш мәрте марапатталатын дәрежеге жетіп, бір берілгенде оннан аса пенденің омырауына тағылатын болдым...
Не керек, міне бас-аяғы бес-алты жылда мен кімге бұйырмадым десеңші... Кім көрінгенге барып әтуерім кетті, абыройым азды, бедел-қасиет құлдырады...
Ойпыр-ай, өнерге он қайнаса да сорпасы қосылмайтын омырауына таққанда жүзім жығылып, ел-жұртқа тіке қараудан қалып жүнжіп біттім... Ал ана бір сахнаға кеше ғана шыққан тарсыл-тайраң бозөкпенің мені омырауына таққандағы кірерге тесік қалмаған қалпымды көрсең... Мына бір аузынан бөзі түскен сайқымазақтың қорлағанын кімге айтып көр-жер боламын...
Ал ақшаның ашпас құлпы жоқ екенінің өз басым куәсі болдым. Сол бейбақ мені қаншаға сатып алғанын айтып қырлы үремкеге матырып сусынын сіміріп барып суырып алып қайта омырауына таққандағы қорлықты дұшпаныңның басына бермесін...
Құдай көз жасымды көрген болуы керек, айым оңынан туып, бүгін мені алмастырған, менен дәрежесі жоғары атақ белгіленген қуанышты хабарды естіп өлгенім тірілгендей болды... Қуанғанымнан келесілерге берілетін жерде жатқан жерімнен атып тұрып ең алғашқы болып әлгі сабазды «шын ниетіммен» құттықтап омырауыма басып сәттілік тіледім...