Жылдың үздік поэзиясы
114

Қаңтардағы қақтығыс

(Махамбет мақамымен)

 

Қаңтардағы шеруге,

Дұшпан кірген заманым.

Бейбіт өткен жиынға,

Мыстан кірген заманым.

 

Абақтыда бауырды,

Айқайлатқан заманым.

Дубинкамен басқа ұрып,

Қайқаңдатқан заманым.

 

Әкім-қара бақырып,

Құрсын деген заманым.

Ақындарың  ақырып,

Тұрсын деген заманым.

 

Көп содырлар килігіп,

Сорладың-ау қазағым.

Өз ішіңде түйлігіп,

Қорландың-ау қазағым.

 

Жаңбырдай оқ жауса да,

Тайсалмадың қазағым.

Бағзы  сақтай беркініп,

Қайсарландың қазағым.

 

Көк туыңды басқыншы,

Атып жатты қазағым.

Кешірілмес күнәға,

Батып жатты қазағым.

 

Оқ атқанда басқыншы,

Тайсалмаған қазағым.

Көк туыңды құлатпай,

Қайсарлаған қазағым.

 

Жаңбыр оқтың астында,

Жарқылдаған қазағым.

Жазмыш оғы тигенде,

Жапырылған қазағым.

Омыртқадан оқ тиіп,

Қақырынған қазағым.

 

Тас түрмеде абақты,

Күдіктендің қазағым.

Лас түрмеге қаматты,

Үтіктелдің қазағым.

 

Екі көзден жас парлап,

Үйде отырдым қазағым.

Жараланған қасқалдақ,

Күйде отырдым қазағым.

 

Іштен шыққан басқыншы,

Арандатты қазағым,

Сырттан келген басқыншы,

Қараң қалсын қазағым.

 

Мың өліп,  мың тіріліп,

Азап көрдің қазағым.

Азат таңың түріліп,

Ғажап болсын қазағым.