145
Жаңаөзен
Деп жүргенде
Азаттықтың таңы атты,
Жаңаөзенде
Қазақ қазақты атты,
Талай адам қыршынынан қиылып
Сұлап жатты.
Адам тұрмақ
Қара жердің қабырғасы қайысып
Жылап жатты.
Күн бұзылып,
Күңіреніп
Аспан жүзі тұмандатты.
Қалың қазақ аңтарылып,
Атқан кім?,
Аттырған кім?-деп
Бір бірінен сұрап жатты.
Енді бірі 86 жылғы желтоқсандағыдай,
Бұзақылар деп ұрандатты.
Байыбына бармай
Жалаң ақпаратты
Теледидардан құрап жатты...
Деп жүргенде
Азаттықтықтың таңы атты
Қазақ қазақты атты
Қайрат, Асыл, Арман, Азатты атты
Бес қаруын асынған
Билікке құл боп бас ұрған
Оқ бүріккіш автоматы бар,
Қалқанды қаптамасы бар
Жасауыл
Қазақты атты.
Атқаны аз болғандай
Қарындастарын түрмеде азаптапты.
Жаңаөзенде жасауыл,
Бауырына оқ атты,
Ауылына оқ атты,
Құшырланып көп атты.
Қас дұшпанын көргендей,
Қасақылана боратты.
Бетпе бет келіп қалғанда,
Сойылменен сұлатты.
Қуып жетіп қашқанды,
Ұрып-ұрып құлатты.
Осылайша «жасауыл»,
Бүкіл қазақты жылатты.
«Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн».
Әлімжеттікке құмар кім?
Әділдікке сыңар кім?
Құлыны өлген Құланның,
Обалын кімнен сұрармын,
«Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн».
Сойқанды күнге құмар кім?
Сойыл соқты халыққа,
Сорақыға шыдар кім?
Солдаттары соқтықты,
Саңқылдамай тынар кім?
Жекпе-жекке келмейді,
Сойылдарын сермейді,
Автоматтан оқ бүркіп
Күшігендей ербейді.
Күшенеді соқтығып,
Көпатарға оқ тығып,
Қас дұшпанын көргендей
Қарындасты қуған күн.
Қасарысқан биліктің
Қарғыбауы ағытылып
Қарашасын қуған күн,
Қарусызды қуған күн,
Ай маңдайлы, күлім көз,
Ару қызды қуған күн.
Қаршыға халық ашынып,
Белін бекем буған күн.
«Беркініп садақ асынбай»,
Жарқылдай алмай жасындай,
Жасауыл төккен қанменен
Ақша бетті жуған күн.
Ай, мұнар күн, мұнар күн,
Азалы болған халықтың,
Жазалы болған ғарыптың,
Есесі кеткен есебін.
Бола ма екен қуар күн.
Қаймана қазақ баласын,
Аялайтын туар күн.
- Ереуілге шыққан халыққа
Оқ атқан күн.
Тағдырларын тауысып
Оқ атқан кім?
Дүкендерді қиратып тонатқан кім?
Жеті ай бойы жетісіп ас ішпеген,
Мұнайшыларды арандатқан кім?
Қан төгілген соң,
Кемшілік бар деп қарап жатқан кім?
Бәрі өзіміз, бәрі қазақ баласы
Аң-таң болған аңқау қазақ анасы
Сарсаң болған азаматы, данасы
Мұнайлы өлке шұрқ-шұрқ тесілген,
Бар қазақтың жазылмаған жарасы.
Айқасқанда шындық және өтірік,
Отқа оранды Жаңаөзендей қаласы.