Жылдың үздік сатирасы
576

Мен-алаяқ түлкімін

     Тегін тас та жоқ. Ақшаң болмаса қажетіңді өтей алмайсың. (Әжетхананың өзінде 70 теңге, 100 теңге деп бадырайып жазылып тұрған жоқ па?) Ақша билеп тұрған заман бұл. Материалдық құндылықтар рухани құндылықтан озған дәуір. Адамдық деңгейің қалтаңның қалыңдығымен өлшеніп жатса, таңғалуға тұрмайды. Ақшасы бардың орны төрде. Мерейі үстем, абыройы асқақ. Кез келген жердің есігі саған қарай ашылады. Ақшаң болмаса тегін жерлерді (санаулы) жағалап жүргенің. Ақшаң болу үшін не істейсің? Жауабы айтуға оңай-ақ: оқып білім аласың, жұмыс істейсің. Жұмысың болмаса ше? Бір жолы бар, өте жеңіл. (Бірақ, ешкімге айтпа.) Ол-алаяқтық. Ол қандай «жұмыс?» (Тү-ү-ш!) Біреуді алдап, сеніміне кіріп алып пайда табу көзі. Қолыңнан келсе, болып көр! Арың жетсе, жасап көр! Етегіме намаз оқымаймын. Жетеді арым. Шәкәрім айтқандай, «Арсыз сол-арамдықпен жан сақтап» жүрген жайым бар. Мендегі «Рахым, Ұят, Арының, бетін топырақ жасырған.» Оның үстіне таңнан қара кешке дейін жұмысқа жегілем бе? Дүниені бір өзі билеп тұрған әміршідей аждаһаша зәрін шашып-төгетін басшысы тағы бар. Бір қалтаңнан кіріп, екінші қалтаңның тесігінен түсетін соқыр тиын үшін жанымды қинап не қылам!? Жұмыстың жеңіліне жүгіргенім жөн. Тек алдайтын көзің, баурайтын сөзің болса жеткілікті.

     Мен анадан туғанда алаяқ боп тумадым. Қоғам менен алаяқ жасады. А деп аузымды ашсам болды, сеніп қап, ақшамен жабасыңдар. Мен де дәнігіп алдым. Аузымды ашам да тұрам, ашам да тұрам. Бұл жолы құрбаныма аңқау аюды түсірейін:

     Орманда түлкі мен аю өмір сүріпті. Түлкі өзінің айлакерлігінің арқасында бір күн қалаш жеп, бір күн жидек жеп, қарны әбден тоқ болыпты. Орманның қақ ортасында қалың қамыстан соққан үйі де бар көрінеді. Аю өте еңбекқор болғанымен, ақылы таяз екен. Кім көрінген күш-қайратын пайдаланып кете беріпті. Осылайша, әр бұтаның түбіне түнеп, өзіне баспана сала алмапты.

Бір күні аю түлкіге барыпты:

-Маған баспана салу керек.

Түлкі ойланбастан «Егер бір арба толы азық берсең, мен саған өз үйімді берейін»-дейді. Аю қуана келісіп, азық толы арбаны сүйреп түлкіге әкеледі. Түлкі үйінің кілтін ұсынып, лезде тайып тұрады. Аю үйге жақындай бергені сол еді, есік айқара ашық екен. Ішінен ақырған арыстанның үні естіледі. Аңқау аю сонда ғана оңбай алданғанын түсінеді.

Көрдің бе, менің жұмысым өте оңай. Аюға үй әперем деп жылдық азығымды жинап алдым.Одан қалды тау барысының сыннан мүдірмей өтуіне көмектесемін. Мәреге қоянның бірінші жетуіне себеп боламын. Орман полицейіне ұстала қоймаспын. Ұстап алған күнде де үш қыс орманнан шығармай қояр. Орманнан басқа барар жерім де жоқ. Тек күшігім бар...