Жылдың үздік поэзиясы
10

Тәуелсіздік...

Тәуелсіздік...

(әр кезең ойлары)

 

І бөлім

 

 «Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді»

Бұл далада қазақтар өскен еді

Тауқыметтің сан түрін кешкен еді...

 

Батыр еді бұл халық киелі еді,

Жүрегімен Аллаға сүйенеді.

Кілең батыр туады әйелдері,

Кілең тұлпар туады биелері.

 

Аспанменен тілдесіп нар күмбезі,

Құшақ жайған достықпен әркімге өзі.

Құс ұшқанда қанаты талықсыған

Даласына түседі жаудың көзі.

 

Тектілігі тұрғанда бойда аталы,

Намыс отын тамырда қайнатады.

Ата жұртқа көз сүзген жаудың басын,

Тастарындай тасбихтың ойнатады.

 

Тауқымет бар қазақтың тағдырында,

Сабырлық бар көңілдің сандығында.

Ешбір жаудан байрағы құламаған,

Ұлылық бар қазақтың хандығында.

 

Исі қазақ қосылып ту көтерген,

Жау аяғы басылмай күнде келген.

Ұран үні естілді «А, Құдайлап»

Құран үні кетпеген үмбет елден.

 

Қаратаудың басынан көш келеді,

Аңғал қазақ аңғармай ештеңені...

Сақтан! Сақтан қазақтың батырынан

Аю тұрмақ айдаһар сескенеді.

 

Аман қалған сан соқпақ, сан ызғардан

Қаратаудың басында аңыз қалған.

Қазақтықтың кірпігі ілінбейді

Бейбіт күнді күзетіп парыз болған

 

Батыр туған құрсақты бар әйелі,

Кең даланың құшағы Сарай еді.

Атой салып алдаспан қылыш ұстап

Жанын қиды дұшпанның  талай ері.

 

Жоғалмаған әлі күн сол дәстүрі

Намыспенен үзілмей жолдастығы.

Шешен бабам шешіле сөйлегенде

Ауыздыға сөз бермес алмас тілі

 

Қазағыма көз салған қалмақ еді

Ашкөздігі Алашты жалмап еді

Тоз-тоз болған табаным ағараңдап

Шұбырынды шыр заман орнап еді

 

Қазағыма көз салған жоңғар еді

Түсірмек боп ерке өскен торға мені

Алпамсадай ерлерді құл қылмақшы

Қазақ қызын әйел ғып өңді, әдемі

 

Қазағыма көз салған Шыңғыс еді

Хан Шыңғыста сарбаздың тұрды шебі

Сан жорықта сапырып сабасына

Қанға тоймау Шыңғыстың үрдісі еді

 

Еу, хан Шыңғыс

Біздің баба білсеңіз, Сақтар еді

Сақ бабамның бағы да батпан еді

Ері тұрмақ ханшасы ел билесе

Дұшпанының бастарын шапқан еді

 

Еу, хан Шыңғыс,

Мынау біздің бабамыз Ғұндар еді

Ғұн бабамнан асатын кім бар еді?

Санаулы ерден сабылып қашқан миллион

Ұлы Қытай қорғанын құрған еді

 

Қазақ емес жау десе қаймығатын

Ата жұрттан біз емес айрылатын

Атойлатқан батырлар атқа мінсе

Жауының да жүрегі шайлығатын

 

 

Таспасына тарихтың үңілейік

Алты Алащтың алты ұлы бірігейік!

Үшкіл әлем үреймен қарайтындай

Үш жүзге ортақ айбынды ту ілейік!

 

ІІ бөлім

 

Кеңес дейді?!

Кеңесетін сен емес

Ел ішінде ел сенгісіз ерегес

Көңілімде ақ түтінді көне ауыл

Өмірімде қалмай барад өнеге еш

 

Ортақ дейді орыспенен малымыз

Ал көрейік біздер құсап бағыңыз

Совет алды салтанатын Қазақтың

Бірге кетті хан көтерген тағымыз.

 

Туғанымнан бөрілі еді байрағым

Байрағыма бостандықты байладым

Қызыл дейді??!

Енді байрақ қанқызыл

Тумен бірге қан төгуді ойладым

 

Жұлдыз дейді?!

Қызыл тудың бетінде

Орып алар орақ тұр ма шетінде?

Қарап тұрсап жан ауыртар жалауға

Өміріміз өкпек желдің өтінде

 

Қанын төктік Ілиястың, Ахметтің

Ал осыны қабылдайды бақ деп кім?

Кеңестегі кеңеспеген шешімдер

Алашымның атпал рухын ап кеттің

 

Қанын төгіп Әлиханның, Сәкеннің

Алаш үшін аузын аштық қатердің

Кеңестегі кеңеспеген шешімдер

Орны толмас өкініштер әкелдің

 

Қанын төгіп Бейімбеттің, Тұрардың

Мұңлық елге мұң сыйладың мұнар күн!

Қызыл тудың құрметіне қызартып

Тағы біраз қан төгетін шығармын.

 

Еее ол аз болса, ашықтырып, аш қылып

Қуылмаған қара жұртты қаштырып.

Миллиондардың қанын төктік КЕҢЕСіп

Ит ғұмырға төзе ала ма қасқыр ұлт?!

 

Алашымның байрағы еді тұмары

Байрақпенен бағы бірдей құлады

Қанын төгіп жұлдыз қойған басына

Жұлдыз басты қызыл жалау кінәлі!!!

 

45 пе?

Қалқан болып басқаға,

Алғы шепте атойлайды жас бала.

Жауға қарсы аттанамын қарусыз,

Атамекен, аман боп тұр, хош, Дала!

 

86?

Алматының алаңы

Жасқанбайтын жастың өткір жанары

Сор билікке қиығымен қарады,

Өрімдейден қорқақтаған өкімет

Бір ананың ұлын сүйреп барады,

Бір оңбаған бұрым сүйреп барады...

 

Асау халық тумысынан сабырлы

Қашанғы енді көтереді жәбірді

Бас көтеріп, жүректерге соғыңдар

Азаттыққа жетелеген дабылды

Азаттағым барлығынан қадірлі!

 

ІІІ бөлім

 

91де

Қызыл туды құлатып

Алматының қызғалдағы гүл атып...

Ертеңіме еркін жоспар жасайтын

Бостандықта балдай екен уақыт

 

Мейлі қанша қиын болсын, Еркінбіз,

Мейлі лашық үйім болсын, еркінбіз!

Сан ғасырға тамыр жайған Тарлан ел

Жаңа өмірге бейімделсін, Еркінбіз!

 

Той тойлатып, әнге салып, жыр жазып,

Аламанда бір бәйгеміз тұр ма озып?

Бар баласы бізге айналып келсін деп,

Ата жұртқа байланады Бір қазық

 

Көк байрағым көңілімнің сүйгені

Сарыарқада самал желмен  биледі!

Қырағы көз көк патшасы қыраным

Тырнағына ілінесің, Шибөрі!

 

Тәуелсіздік!

Тәттілігің жанға бал

Болмысымнан еркін жүру қанда бар.

Тәттіқұмар балға тойған халықтан

Жан бар ма екен, осы жайды аңғарар!