Жылдың үздік прозасы
29

Қайырсыз күндер

 

                                                                                                            Вино... губит душу людей   

                                                                                                            и их потомство.                  

                                                                                                           Л.Н.Толстой

                                                                                                

     Қоңырау соғылды. Бір сәттен соң шағын ауыл мектебінің жасыл сырмен сырланған қос қақпалы есігі айқара ашылды да, ашылған есіктен шуылдасып, таласып-тармасып, бірін-бірі қағып-соғып жасөспірім оқушылар шыға бастады. Көпшілігінің мойындарына таққан қызыл галстуктері бар.

     Онан соң мектептің ауласында шуылдасып жүріп, екеу-үшеуден, бірлі-жарымнан бөлініп үйлеріне тарауға бет алды.

      Әр тұстан ауыл үйлері көрінеді. Олар әр түрлі. Кейбірі ақталған, төбелері шатырланған, кейбіреуі шатырсыз жайпақ төбелі қоңырқай шағын үйлер.

     Мектептің ауласы. Мектептің ауласындағы сирей бастаған топтан сегіз-тоғыз жастағы екі-үш бала бөлініп шыға берді. Ішінен біреуі артына бұрылып айқайлады:

     - Ей, тез-тез жүріңдер, әйтпесе қазір қараңғы болып кетеді...

     Мектептің артында шағын алаңқай бар. Осы алаңқайға жиналған он шақты бала асығыс, біреулері сөмкелерін мектептің қабырғасына сүйеп, біреулері кәстөмдерін шарбаққа іліп абыр-сабыр болып жатты.

     Көп ұзамай жұлма-жұлмасы шыққан көне доп іске қосылып футбол ойыны басталып кетті...

     Осының бәрін қызықтап қарап, ойынға қосылмай шеткері бір бала тұрды. Оның да қолында сөмкесі, мойнында қызыл галстугы бар. Басында күнқағары үлкен, өзіне кеңдеу фуражка киген. Өңі өте жүдеу...  Көзінде адам аяйтындай мұң бар.

     Алаңқайда ойын қыза түскен. Күздің салқынында беттері қызара бөртіп ойынның қызығына түскен балалар бір-біріне дауыстай айқайлап, көне допты олай-бұлай тарс-тұрс тебеді...

     - Бері теп,

     - Қайда жібердің,

     - Алдынан шық, жіберме, - деген дауыстар шу-шу етеді... 

     Үн-түнсіз шетте тұрған бала құнжыңдап сөмкесін арқасына асынды. Сөмкесін арқасына асып алып, тобығынан келетін шалбарының балағы шолтаңдап, екі қолын шалбарының қалтасына тығып, басын төмен салған күйі  шарбақ қорадан шығып белгісіз бағытқа кетіп бара жатты.

     Мектептен ұзай қоймаған, қолында сумкасы бар бір ұлдың бойы өзімен шамалас иті еркелеп оның мойнына асылып әлек. Ұл итін сумкасымен ұрмақ болады. Иті шапқылап қашып кетеді де жүре келе қайта айналып соғып секіреді. Ұл мәз-мейрам. Сықылықтап күледі. Қолында шыбығы бар кемпір үйлердің арасымен сиырын айдап баланың маңынан өтіп барады. Бала бұлардың ешқайсысына көңіл аудармай басын төмен салған күйі жүрісін ары қарай жалғады...

     Енді ол бұзылған, ескі, есік-терезелерінің орны үңірейген ағаш үйлердің тұсынан өте берді... Мұндай бұзылған иесіз үй екеу. Екеуі бір-біріне жақын, қатар орналасқан. Бұл үйлердің құрылыс тұрқы әдеттегіден өзгеше. Әсіресе, ертегідегі жалмауыздың кемпірдің үйіндей ағаш бағандардан жасалған аяқтары ерекше-тін...

     Бірінші тұрған үйдің тұсынан өтіп, екіншісіне жақындай бергенде мияулаған әлсіз дауыс естілгендей болды. Бала кідіріп  дыбысқа құлақ түрді. Әлсіз дыбыс тағы қайталанды. Бала арқасындағы сөмкесін қозғап жөндеп қойып, бұрылып дыбыс шыққан жаққа қарай жүрді. Көзінен таңқалыстың, қызығушылықтың нышаны білінді.

     Үйдің астындағы шеткі бағанның бірінің түбінде жүндері үрпиген кішкентай мысықтың баласы отыр екен. Бала жақын келгенде бұған қарап, кішкентай аузын ашып тағы әлсіз мияулады. Бала енді бағанның түбіне жақын келіп тізесін бүкті. Мысық орнынан тұрып, балаға қарай жылжып, бір-екі қадам жасап жақын келіп, шоқиып қайта отырды. Мысықты қолымен аялап сипаған бала оны қолына алды.   

     Жан-жағына қарап үнсіз ойланып тұрып  кәстөмінің жоғарғы түймелерін ағытты. Сосын мысықты қойнына тықты да, түймелерін салып жүріп кетті. Бір қолымен томпиған кеудесін сыртынан ұстап барады.

     Кеш түсіп күн көкжиекке тақады.

 

                                                                       * * *

     Сыртқы есік сықырлай ашылып бала үйге кірді. Ауыз бөлме қараңғы екен. Келесі бөлмеден жылап жатқан сәбидің даусы естілді. Үстелдің үстіндегі май шамды тұтатып жатқан орамалды әйел ауыз үйге біреудің кіргенін байқап жартылай ашық тұрған есіктен:

     - Балам сен бе? - деді.

     - Иә, мен, - деді бала.

     Май шамның сәулесі жұпыны бөлмеге алагеуім жарық түсірді.

     - Тез тамағыңды іш те жата ғой, әкең тағы мас дейді бүгін. Сабағыңды ертең дайындарсың. Осыны айтып әйел ауыз бөлмеге шығып кетті.

     Бөлмеге қайта кірген әйел еденге төселген киіз үстіне қолына ұстай келген, бүктелген қырлары қиылған ескі дастарханды жайды. Сосын дастарханға сұйық тамақ құйылған тостаған мен нан әкеліп қойды. Өзі бөлменің бұрышында жылап жатқан сәбиді жұбатуға барды.

     - Қоя ғой енді, қоя ғой, - деп сәбиді қолына алып емізуге кірісті.

     Дастарханнан бір тілім нан алған бала оны кішкене ыдысқа асықпай ұсақтап турады. Мысық мияулап жанында отыр. Бала нанды турап болып, үстінен су құйып мысықтың алдына жақындатты.

     - Мысықты қайдан әкелдің? - деді бала емізіп отырған әйел.

     - Жолдан тауып алдым, ескі үйлердің қасынан.

     Бала үн-түнсіз отырып тамағын тауысып ішті. Мысық та тамағын жеп болып, кішкентай аяқтарымен бет-аузын сипап жуынуда.

     Сырт киімдерін шешкен бала қолына мысығын алып, салулы төсекке жатты. Мысықты қасына, көрпенің астына алды. Сәбиін жұбатқан әйелдің  әлдебір мұңды әннің әуенін ыңылдап салған даусы естіліп тұр. Аласа орындықтың үстіндегі шынысының жоғарғы жағы сынған май шамның жалындаған тілі дір-дір етеді.

     Біраз ояу жатқан бала, аздан соң көзін жұмып, екі бүктетіле бүрісіп ұйқыға кетті. Қойнындағы мысық та пырылға көшті.

 

                                                                 * * *

       Оқыс дауыстан бала шошып оянды. Әйелдің өксіп жылаған даусы естілді.

     - Не жаздым мен саған, не кінәм бар, күнде ұрасың, - дейді солқылдап жылаған әйел...

     - Өшір үніңді, жылама, ақымақ, - деді масаң дауысты ер адам. Қатты дауыстан шошып оянған сәби де шар етіп жылады.

     Бала көзін ашқан күйі үн-түнсіз бүрісіп жатты. Қойнындағы мысық пыр-пыр етеді.

     Жайылған дастархан басында көйлекшең еркек отыр. Алдында жартылай ішілген арақтың шынысы мен қалайы күрішке, туралған пияз бен бір-екі тілім туралған нан... Күлсалғышта түтіні бұрқыраған темекі жатыр. Бұл – баланың әкесі еді.

      Өксігін басқан әйел, жылаған сәбиді қолына алып, жұбата бастады.

     - Бала қайда деді, - бір кезде еркек.

     - Ол ұйықтап жатыр,- деді әйел, ұйықтасын ертең сабақ қой.

     - Оят, тұрсын...

     - Ол ұйықтай берсінші, - деді тағы әйел жалынышты дауыспен. – Міне мен келдім ғой қасыңа, мен отырамын жаныңда. Құндақтаулы сәбиін қойнына қысқан күйі дастархан басына келіп отырды.

     - Шақыр, - деді дереу ашу шақырған еркек көзі алайып, боқтық сөздерді қосып.

     - Қазір-қазір, мен оятайын, тұрады... Балам тұра ғой, сені әкең шақырып жатыр, - деді әйел жұмсақ үнмен орнынан көтеріліп...

     Орнынан тұрған бала түрсишең әкесіне жақын келді. Оның өн бойы дірілдеп, көзі шарасынан шыға қорқып, жылап жіберуге шақ тұрды.

     - Жақын отыр, - деді еркек. Бала дір-дір етіп әкесіне жақын келіп отырды.

     - Сабақ қалай, - деді еркек қолын созып мұның басынан сипап.

     - Жақсы, - деді бала денесінің дірілін баса алмай...

     - Сен неге дірілдеп отырсың? - деді еркек балаға көзі кілегейлене қарап. Бала дір-дір еткен бойы үн-түнсіз төмен қарап отыра берді.

     - Тоңған шығар, үйдің іші салқын ғой, - деді әйел қолындағы сәбиін ырғай отырып.

- Ұйықтасыншы ол, - деді жалбарынған үнмен.

     - Өй сен де, - деді еркек кіжіне сөйлеп, сөйтті де баланың басынан аямай салып қалды. Басын қос қолымен қорғаштаған бала даусын шығарып жылап жіберді.

     - Тимеші балаға, тимеші. Жатсын ол, балам бар жата ғой, - деді шыр-шыр етіп араға түскен әйел.

     - Жатпайды! - деді еркек әмірлі дауыспен.  - Сабақтарыңды әкел тексереміз!

     Сөмкесін әкелген бала көзі жасқа тола отырып, дірілдеген қолдарымен кітап-дәптерлерін шығара бастады... Еркек қалайы күрішкедегі арақты сіміріп салып төмен қарап көзін жұмды...  Осы кезде дастархан басына еріне басып келген мысық еркектің қарсы алдына шоқиып отырды. Кішкентай аяғын көтеріп құлағын қасып, аузын ашып есінеп қойды.

     Әлден уақытта басын көтерген еркек қарсы алдында отырған мысыққа жын көргендей қарады. Қарай отырып, қолына қалайы күрішкені алды. Қолына алған қалайы күрішкені бар пәрменімен мысыққа жіберіп қалды. Күрішке барып мысықтың басына дәл тиді де ары қарай домалап кетті. Қатты тигені сонша тарс еткен адам шошырлық дыбыс естілді...

     Бейқам отырған сорлы мысық тігінен атылып аспанға секірді. Биікке секірді де қайтадан дастарханның үстіне қырынан құлап түсті. Қырынан жатқан күйі бір орында шыр көбелек айналды. Пыр-пыр етіп кішкентай мұрнынан қан атқылады. Бір уақ шыр айналғанын тоқтатып, құдды бір жаратушысына арыз айтқандай кішкентай аузын ашып-жауып тыпырлап сәл жатты да, аяқтарын бір-екі сілкіп қимылсыз қалды.

     Бала даусын шығарып еңіреп жылап жіберді. Ұзақ еңіреді... Бәлкім тағдырына қарғыс айтты, бәлкім құдайынан мынадай тозақ өмірден құтқаруды сұрады... Бәлкім...

 

                                                                       * * *

     Сыртқы есік сықырлай ашылып бала жалаң көйлекпен есік алдына шықты. Қайғы-қасірет басып түнерген түрі әлемтапырық еді. Күздің бұлтты аспаны да қарауытып тұр.

      Бала бірдеңе іздегендей үйді айналып жүрді де үйдің бұрышында кідірді. Осы жерде өлген мысықтың денесі жатқан. Аузы-мұрнына жұққан қан қатып қалыпты. Екі қолымен өлі мысықтың денесін жерден ақырын көтеріп алды.

      Сәлден соң өлі мысықты бір қолымен кеудесіне жақын қыса ұстап, екінші қолына күрек алып үйден алыс ұзай берді...

       Күрекпен қазған кішкене шұңқыр дайын болды. Бала өлі мысықтың денесін ақырын аялай ұстап шұңқырға жатқызды. Сосын бос топырақты шұңқырға ысырып көме бастады. Кішкентай төмпешік пайда болды. Төмпешікке қарай тізерлеп отырған бала жылап жіберді. Бұл жолы тағы да ұзақ жылады. Өксіп-өксіп жылады. Сыртынан қарағанда бүкшиген арық иығы мен қылқиған арық мойны селкілдеп тұрды...