16
Наз
Тағдыр дегенім – қателік емес, таңдауым,
Өзіңде қалды бар жаным…
Күнәнің іздеп ойлысын,
Таңдарды түнге, түндерді таңға жалғадым.
Торитын болдым нәпсікеш жынның кей ізін,
Шықты ма содан мүйізім?
Суық санама опынып тұрып сақтадым,
Өкініштердің сүйісін.
Керек пе маған ендігі у?
Өмір ме мынау, сезімді жоққа сендіру?
Көңіл дегенің – көз ұшындағы мөлдір мұң,
Өлім дегенің – өзіңнен төмен өренің
көлеңкесіне телміру.
Айтылар тағы екеуіміз жайлы көп өсек,
Солардың бәрін елесек…
Жұқарған жүйке, жұмсаған уақыт қайта ма?
Қоғамды күтсек ересек.
Өтеді кезең,
Жетеді адам мұратқа,
Еңсемді езген бір уайым қалды бірақ та.
Жаныммен сүйген, барыммен сүйген, қадірлім,
Сен мені бекер жылатпа!..
Әлемнен асқақ,
Әуенге сыймас тылсым үн,
Сендегі нәзік мұңаю менен күрсіну…
Сағынған сәтте
Жадыңда сақта, қаныңда сақта, мендегі
Жүрегімнің дүрсілін.