Жылдың үздік поэзиясы
10

Құбылу

Күмбір-күмбір күй саулап, күңіренген елеспін,
Көңілімде – сәби саз, көмейімде – көмескі үн.
Қолымдағы көзені тауысарға достар көп,
Жүректегі қайғымды бөлісерге жоқ ешкім.

Бөспе жұртқа бәрібір, барлығына кінәмшіл.
Даңғазалық өмірді көре қалсам, бұғам шын…
Жанның тылсым нұрына Ғарыштан кеп құйылған,
Өзіме аян түстерден тым өзгеше ұғам сыр.

Кескілескен майданның басы Бақыт, соңында Ар.
Тағдырды ұрмақ жұдырық қайта өзіме соғылар.
Табаныммен бұралаң қанды із кешіп өтсем де,
Маңдайымда өлеңнің салған түзу жолы бар.

Ештеңе жоқ қолымда… Тек мұң ғана жанымда,
Сан алуан күдігім шақырады сабырға.
Хәлді кешкен Ой шексіз, Сезім шексіз аяулы,
Шексіздіктің ар жағы – тік төртбұрыш қабырға.

Түнегімен ертеді мені өзіне қапас түн,
Үрей толы жанармен үнсіздікке матастым.
Құдай бар да, Құдай жоқ…
(Бітіспейтін дау осы)
Шартарапқа шашылған сауалдардан шатастым.

Кімді, нені күтемін?                                                                      
Қашан, қайдан үн қатпақ?
Бұл әлемде киелі құпия бар мұң қатқан.
Өлең деген – сол нәзік құпияға жақындау,
Өмір деген – шешімі таусылмайтын жұмбақтар.