Жылдың үздік прозасы
20

Уран кеніші

                                                    Сардар

     

      Жаңалықты алғаш естігенде, бүкіл ауыл елең етті, үміттенді. Сосын бәрі сескенді. Ақыры еріксіз ойланды. Ұзынқұлақ жеткізген сол жаңалыққа сенгендердің ішінде сен де бар едің. Тайлы-таяғына дейін қалмай баруға құлшынған ауылдың «тек денсаулығы мықты жігіттерді ғана жұмысқа қабылдайды» деген хабардан беті қайтып қалғанда, «мен мықтымын!» деген қырық жігіт тәуекел еткеніне өзің куәсің. Бәрің де  қуандыңдар. Білек сыбанған қырықтың ішінен сайдың тасындай сараланып шыққан, сүзгіден өткен  жиырма бір жігіттің ойында бөтен ештеңе жоқ-ты. «Уай, міні кәрәмат!» деп, масайрағандарың кеше ғана емес пе еді?!

Байлардың малын баққан бауырларыңның айына алатыны – қырық мың мен алпыс  мың теңгенің арасы. Ауылдастарың жұмыс істеп жатқан ауыл іргесіндегі жекеменшік завод айына алпыс-жетпіс-ақ мың теңге жалақы берсе, «шетелдіктер сатып алыпты» дейтін Әтіркөлдегі кеніштің төлейтіні – бақандай екі жүз елу мың теңге. Одан артық не керек?  «Ә, осы мына шетелдіктерің не дегенмен бай, ә! Сол байлығына сай жомарт екен, ә!» деген Әжоның сөзін қостап, бөріктеріңді аспанға атқан сендер емегенде, кім еді?!

Содан бері  айлар аунап өте шыққанына ешқайсың мән берген жоқсың. Қай-қайсыңның да ішіңде аунақшыған, бірақ «айтсам, жұмыстан шығарып жібере ме?» деген  күдік күпті қылып, іштей қобалжып жүргендеріңде, алаңын алдымен білдірген – әзілқой Әжо. Сөзін көбіне «ә-ә» деп, бастайтын Жоламанды ауылдастары алғашында «Ә-Жоламан» деп, кейініректе айтуға оңайлатып, «Әжо» атандырған. Әжоның аты құлаққа шалынса-ақ, бір жымиып қояды. Бойы ортадан сәл төмен, бірақ сүмбідей тартылған, тіп-тік, қысық көз, ашаң, сары жігіт. Қаншама адамның ішінде сөйлегенде, таңқылдап шыққан даусынан сол екенін жазбай танисың. Басқамен шатастыру мүмкін емес. Әнеугүні де әңгімені бастаған – соның даусы.

Ә-ә, жігіттер, бізді ғойшы, былтыр ғана бәріміздің шақша басымыздағы шалғын шамалас еді. Енді тып-типыл. Дегенмен мына Жанбатырға обал. Ұйысқан қара бұйра шашы көзден бұл-бұл ұшты. Тым құрыса шаш дегенді еміс-еміс еске салатындай қылтиған бір қылтанақты сипалап таба алмайсың. Бұ ғалай?

Расында да бұ ғалай-ей? – деп, гу ете қалды кеніштен ауылға апаратын қорап автобусты күтіп, іштері пысқан жігіттер.

Е, бұл – біздің жетістігіміз дә. Бір емес, екі емес, бақандай  жиырма таз жігіті бар ауыл-қаланы кім естіпті, кім көріпті?!. Енді бізді Гинестің рекордтар кітәбінә кіргізетін шығар, - шап етіп, шамдана қоймайтын Жанбатыр шаршағанын білдіргісі келмей,  миығынан күліп қойды.

Ә, олай болса, біздің ауылды «Айнакөл» демей, «Айнатаз ауылы» деп атайтын шығар, - Әжо өзінің де  басы бар екені кәзір ғана есіне түскендей мыртық саусақтары тарбиып сипалағанда, имектеу мұрыны иіле тыржиып, мысқыл ұшқыны жылт-жылт еткен көздері оң-солға жүгіріп-жүгіріп алды. - Іріктеп алғандай кілең айнатаз бір мезгілде бір жұмыстан шығып, бір автобусқа мініп, бір ауылға келгені туралы бірдеңе деген жазу адамзат тарихында бар ма? Соны естіген қайсың бар? Ә-ә, үндей алмайсыңдар.

Бүгін күліп, ертең жылап жүрмесек бопты. -  Жанбатыр кірбіңін жасыра алмайды.

Ә-ә, жігіттер, Құдай сақтасын. Айтпақшы жалғыз мен емес, бәрі таң қалады, осы кенішке бізбен бірге келген, бір ауылда бала кезімізден бірге өскен мына Сардардың шашы со ғалпы. Ә, құдай біледі, осы сенің бір құпияң бар-ау?.. – деген Әжоның әзіл-оспағына:

Мен қайдан білем? Білгің келсе, аноу көктен сұра, - деп, жымидың да, қойдың.

Ә, Әжо, әуеге қарай жүр енді, - деп, жігіттер кекете қарқылдасып күліп алғанда, ішінде өзің де барсың. 

         Сенен басқа жігіттердің азғана айлар ішінде шаштары түсіп, жып-жылмағай жұмыртқа басқа айналғанда, барлығың да іштей секем алдыңдар. Жанға батқан бәлендей ауру байқамағасын, іштей «әй, осы уран шығаратын кеніштегі бейнетіміздің зардабы емес пе екен. Күнкөріске кішкене қаржы жинап алғасын, кету керек-ау» деп, сен де ойладың. Бір тал шашың түспегеніне өзіңе өзің таңғалсаң да, «бұл қалай?» деген сұрақ күндердің күнінде күдірейген күдікке айналып, көңіліңнің түпкіріне орнығып алды. Достарыңнан жасырған бір құпияң бардай іштей ұялыңқырап та  жүрдің.

       «Уран кенішіне жұмысқа барғанымыз бекер болды ма?» деген күйдіргі күдігің сұм-сумаң сауалға айналып, күннен күнге ішіңді үңгіп, кеулей берді, кеулей берді. Жеп бітірмей қоймайтын жегі құрт екенін білсең де, «өкімет өз елін өлтірмес» деген сірі үміттің соңынан сүметілуден жазбадың. «Сарыуайым сапырып, қараптан қарап жүріп, жасығанымыз жарамас» деп, намысқа тырыстыңдар. Біліне бастаған бұғақтан, жейдені керуге айналған қозы қарындарынан арылып, бәйгеге шабатын аттай жараған сыптығыр жігіттер бұрындары жұмыстан соң автобус күтіп тұрғанда, қарабарқын ымырттың кең қойнына ару күннің қызара балбырап, қымсына кіргеніне  қызыға қараушы еді.

     Сол әдеміні көп уақыт өтпей-ақ әлдебір сиқыр сыпырып-сыйырып сүйреп әкеткендей төңірек өзгерген, бәрі басқаша. Енді жазғы күннің өз салмағын ауырлап, өн бойына қан жайылғандай ажарсыз қызарғанын, түнерген, рақымсыз қараңғының түпсіз, түлей аранына ықтиярсыз, қинала еніп бара жатқанына жаның ашиды. Бірталайдан бері самалға сіңіп, елпілдеп келе беретін, білінер-білінбес ұнамсыз бөгде лепті автобус тосқандардың біразы түйсініп, кейбірі аңғармай жүр. «Бұ неғылған бөтен леп?!» Оны кеніште жүрген сендер білмегенде, былайырақ жатқан ауыл қайдан білсін.

                               Санжар

       Ұялы телефоны безектеп, шыр-шыр етті.

Сәлеметсіз бе, аға. Мен Зәуремін ғой. Сардарды онкологиялық ауруханаға жатқыздық, - асыға сөйлеген келіншек жылап жіберді.

Қой, бостан босқа жылай ма екен? Күн жаумай жатып, су боласың ба? Құдай сақтасын, ондай ауруға шалдықты дегендердің бес пайызы ғана дұрыс та, тоқсан бесі лағып кететінін білмеуші ме ең? Үмітсіз – шайтан деген. Қай палатада? - Келінін жұбатқанымен, Санжар өзінің де жүрегі өрекпіп, кеудесіне бір жайсыздық сұғынғанын бірден аңғарды.

Әке-шешеден екеуі-ақ қалғасын ба,бірін бірі сағынып, үнемі алаңдаптұратын.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары күн көру қиындап, елдіңбәрі жаппай жұмыссыз қалған кезде Санжарға қалада тұрғанның пайдасы тигені бар. Шалатаныс кәсіпкердің машинасын айдауға тура келген. «Бал ұстаған бармағын жалайды» демекші, жұмсаған шаруасын қыңқ демей тындырған Санжарға көңілі толған кәсіпкердің жалақыға қоса, ақшалай сыйлық беріп, жасаған көмегі әжептеуір. Сөйтіп жүргенде, бауырын көрмегеніне бір жыл өтіп кетіпті.

Ол да ауылда жұмыс таба алмай, сиырларының сүтін сатып, өйтіп-бүйтіп күн көріп жүрген шығар деп ойлаған. Бір күні бастықтан сұранып, ауылдағы інісінің үйіне келгенде, еріксіз таңданды. Бұрынғыдай мұрын жаратын малдың иісі жоқ, бұрын қораға сыймай, сыртқа лықсып жататын көңнің «жұпары» шамалы. Қой қайда, сыйыр қайда?

Жат, ей, не көрінді?!- зекіген иесінің даусына тұмсығын көтеріп, елең еткен  шұнақ алабай үйшігінің қасына самарқау қисая  кетті.

Сардар: - Ассалаумағалейкүм! - деп, қос қолдап амандасты. Келіні де үйден шығып, сәлемдескеннен кейін, дастархан жайылып, шайға отырды. Балалар үйде жоқ екен. Қыздың үлкені Талшын көрші ауылға  тұрмысқа шыққан. Ержан әскерде, одан кейінгі қыз Гүлімжан мектеп бітіргенімен, балл саны жетпей, оқуға түсе алмағасын, қалада жұмыс іздеп жүр.

Бір сыйырымыз ауырып, мал дәрігер іздеп едік, ауылда да, ауданда да жоқ. Бәрі жұмыс іздеп, қалаға кетіпті, тағы біреуі Қытайдан тауар әкеп, сауда жасап жүр екен, ол келгенше, сыйырымыз өліп қалды. Екіншісі әбден кәртайып, сүт беруді қойды. Сатуға базарға апарып едік, ешкім алмады. Амал жоқ, осы қыста өзіміз соғым ғылғамыз... ең ғұрмаса, қой жаятын жер жоқ. Ауылдың айналасындағы жердің бәрі сатылып кетті.

Мәссаған, сонда ауылдың малы қайда жайылады?

О-ой, оны ауылдан шығару да, бағу да – бір азап. Екі бақташы табынды екі жақтап, қақпалап жүріп, ауылдан ұзатып шығарады ано-оу өзен жаққа. Со жақтағы шолақ сайда ертеден кешке дейін иіріліп жатады. Кешке сыйырлар қарны қабысып қайтады. Обал. Өнең гейін қайдағы сүт? Шәй ішсеңші, - Сардар әлденеге ыңғайсызданып, ағасының бетіне қарай алмады.

Дастархан үстінде қара шай мен қара наннан басқа ештеңе жоғын көріп, «інім мен келінім маған өкпелеп қалған ба? Мұнысы несі? Ештеңе жоқ қой. Бұларға мен не жазып едім?» деп, іштей не ашуланарын, не басқаға жорырын білмей дағдарған Санжар шайдан бір-екі ұрттап, үнсіз отырды. Не болса да, ақырын күтті.

Ешқандай жұмыс жоқ. Ешкімнен қарыз ала алмайсың. Бірен-саран Қытайға барып сауда істегендер болмаса, басқалар да осы біз сияқты қайыршы. Міне, бір ай болды өстіп қара шай мен қара нанды ғана ауқат қылып отырмыз, -  Сардар тұнжырап тістенді. – Ұрлық қылсақ, сотталамыз. Рэкет болсақ, не біреуді өлтіреміз, не біреу бізді өлтіреді.

Не істерімізді білмей, басымыз қатып отыр, - деді келіні. – Гүлімжан жұмыс іздеп қалаға барса, жылап қайтады «байлар мазақ қылады» деп. «Қайтсем де оқуға түсуім керек» дейді. Оқуға түсе алмай қалса, өзіне өзі қол жұмсай ма деп қорқам... – Зәуренің түрі бұзылып, шай ұсынған кесесі дірілдеп, төгіле жаздады. – Оқымағандар да өлмейді. Не болды сонша деп ұрысқан болам. Бірақ ана бөлмеге барып, тығылып жылап жатқанын көріп, одан жасырынып, өзім де жылап алам.

Санжар бұдан ары төзіп отыра алмады. Суып қалған шайды аузын толтыра бір-ақ ұрттады да, не айтарын білмей, қабағын жауып томсарған Сардарға мойын бұрды:

Әшейін халдарыңды білейін деп келіп едім. Мені шығарып сал.

 Санжар үндемей, кәлөшін тырпылдатып ілесті.

Аялдамада екеуі де тұнжырап, үнсіз тұрды. Екеуі де бір-біріне не айтарын білмеді. Бір уақытта автобустың төбесі көрінгенде, Санжар қабағы шытылған, жүдеу інісіне жаны аши қарады:

Келесі жексенбіде келем. Ақша әкелем.

Сардар көзін жерден алмай, басын шайқады:

Керегі жоқ. Аштан өлмеспіз. Өзің қысылып қалмасаңшы.

Бірдеңе ғылармыз, - Санжар інісінің қайратты қолын «қожырама» дегендей қаттырақ  қысты.

Әлдеқандай күн туып қала ма деп, жинап жүрген бес жүз долларына алашақ еңбек демалысы мен алдағы екі айдың жалақысын, оған бастықтан қарызға алған мың долларды қосып, айтқан уағында әкеп берді. «Мә, бір сыйыр үш жүз доллар ма, екі сауын сыйыр ал. Қызыңның оқуына қанша керек бір жылға? Алты жүз доллар ма? Мінеки, осыдан ал. Қалған сегіз жүзін ақылмен жұмса. Ылғи бұлай тауып беруге менің де шамам келе бермес. Қатарыңнан қалмай, тірлік қыларсың» деп, газетке оралған екі мың долларды ұсынды. Қабарған қарасұр өңі жұмсарып, қысыла жымиған бауырының қуанғаны – жүрегіне жылы сезілген ең бір аяулы сурет секілді үнемі көз алдында...

Онкологиялық ауруханаға келе жатып, тепсе, темір үзетін бауырын қазір қандай халде көретінін елестетуге тырысты. Әнеугүні қаладағы ауруханада асқазанын тексерткенде, дәрігерлердің «уақыты өтіп кетіпті. Ақырғы деңгейде. Енді біз ештеңе істей алмаймыз» дегеніне онша иланыңқырамады. «Сондай диагноздан да талайлар жазылып кеткен» деп, мойындағысы келмеген. Қимаған...

                                              Сардар

         Кәзір өзің де анық біле алмай отырсың: ашуландың ба, әлде дағдардың ба? Қыстай дөңбекшітіп, ұйқы бермеген сұрақ күн жылып, көк шығуға айналғанда, бұрынғысынан да құтырынып кетті. «Не істеу керек? Балаларың «сүт ішкіміз келеді, әке. Қашан май жейміз?  Қашан ет әкелесің?» - деп, жыламсырағанда, көзің қанталап, жұдырығың тастай түйіліп, ашу мен назадан жарыла жаздадың. Күнде ертеңнен дәметіп, айналадағы ауылдарға, темір жол станцияларына бардың. Еш жерде жұмыс табылмады. Қаладағы жас қарақшыларға қосылып, тонауға баруға арланғаныңнан не пайда, үй ішің аштан қатып отырса. Олардан «аға, сіз қайраттысыз ғой. Бізге қосылсаңызшы. Жүдеп жүре бересіз бе, олжаға қарқ боласыз. Сізді қолдаймыз, қорғаймыз. Полициядан қорықпаңыз, құдайға шүкір, таныстар бар. Өзіміз шығарып аламыз» деген әлденеше сәлем жетсе де, келісім бермедің. «Мың асқанға бір тосқан» деген. Осы жасыма дейін қылмыс жасап көрмеген адаммын. Балаларым өсіп қалғанда... жо-о, жо-оқ, сәлем жолдағандарға айта барыңдар. Олар да тізгінін тартсын. Қойсын бір пәлеге ұшырамай тұрғанда. Мен ешқашан қарақшылыққа бармаймын» деп, жауап қайтармағаныңда, бұлайша киерге киім, ішерге ас таппай отырмайтын едің.

         Әжомен сөйлесіп көргеніңде, ол қабағы салбырап, жыларман болды: «Ә-ә, әкеңнің... бұл бір ит өмір болды ғой, ит өмір!... Не істерімді білмей, өз үйіме сыятын емеспін. Көзге шыққан сүйел сияқтымын. Не істерімді білмей, шақшадай басым,  шарадай. Кеңкелес боп қалдым. Шын айтам, нағыз кеңкелеспін...»

         Әжоның сол сөзінен кейін де сыр алдырмай жүр едің, бір күні әйеліңнің сөзі шымбайыңа батып кетті. Балаларды сабаққа жіберген соң, ертеңгі шай үстінде:

Балаларға обал. Қара шай мен қара наннан ішіміз қыжылдап, ауыра береді дейді. Мен де түнімен жөнді ұйықтай алмай, ертемен есеңгіреп тұрам. Қашаңғы осылай жүре береміз? Ең болмаса, қалаға барып, екеуміз екі

жерде тұрып алып, бет моншағымыз үзілсе де, қайыр сұрайық та. Ақыры ештеңе қолымыздан келмейді екен, - деп, жылай жаздағанда, шыдай алмай, ақырып жібердің:

      - Аштан өлсем де, қайыр сұрамаймын.

Соны есіңе алып, теріңе сыймай отырғаныңда, әнеугүні ашуланған Жанбатырдың сөзі есіңе түсті: «Ауылға қуаныш секілді жарқ еткен жаңалық жаһаннамның аранына айналатынын біз қайдан білдік. Білген жоқпыз. Ылғи да жаңалыққа сусап отырмаушы ма ек. Алыстағы жаңалықтарға елеңдеп, бізге қашан жетер екен деп мазамыз кететін.

Тәуелсіздік – жаңалық еді. Айран-асыр қуандық, жұмыс жоқ деген жаңалыққа таңдандық. Жаңалықтың да жәдігөйі болатынын енді ұқтық. Бірақ кеш ұқтық. Уран деген бәледен, ұшқан ракетадан мал іш тастап, шыбындай қырылатынын қайдан білдік?! Шалғынның сұйылып, айналамыз тықырланып, азып-тозатынын, балаларымыз кемтар туатынын қайдан білдік? Өзіміздің кілең айнатазға айналып, ауруға ұшырайтынымызды да сезбей қалдық. Бізге ешкім айтпады, жеті қабат жердің астына жасырды.Кеніште өздері істемейтін бай-бағлан, бастықтарға, әрине, бәрібір.

Жаңалығымыз тозаққа, ақша азапқа айналғанына бәріміз куәміз... Білгенімізді қайтейік, есеміз кетті. Ақшаға алданған ақымақпыз...»

Жанбатырдың айтқаны рас. Жаңалықтан жақсылық дәметіп, қалай сорлағандарыңды аңғармай да қалдыңдар. Неге әлі күнге дейін жаңалыққа жалт қарап, үміттенесің? Соған тоятын уақытың немене... әлі жеткен жоқ па? Күткен жаңалықтарыңның барлығы қасіретке қамай беретінін қалай ғана қаперіңнен шығарасың? Сен де, ата-бабаларың да сондай өмірді бастан кешкен жоқ па?

Байтақ мекеніміз атом мен штаммдардың полигонға айналды. Ол да жаңалық. Тәуелсіздігіңнен не пайда, өзіңді кенішке салып, өз жеріңде, өз еліңде көздеріңді бақырайтып қойып, ақшамен арбап, ажалға айдап отырса. Мінеки, соңғы жаңалық! Жаңалыққа елең етіп, бала құсап, үмітпен қараушы едің, енді жаңалық сайын қауіптенетін кезге жеттің. Әр жаңалық – енді азулылардың кезекті айла-шарғысы емес пе деп қауіптенбеске амалың қалмады. Әр жаңалық – алдаудың соңғы моделі...

Қайдан ғана тап болып едім деп күйінесің, жаныңды қоярға жер таппайсың. Іші-бауырыңды тісі майда, өтпейтін арамен қиқалап, тұз бен бұрышты қосып сепкендей үсті-үстіне азаптайды. Бірде күкірт сілтісімен түк қоймай күйдіргенде, көз-құлағың, тіліңе дейін жанып жататын. Енді бірде жансызданып, сосын қайта оянған тынысың өзегіңдегі өртке ұласады. «Жаным жай табатын бір мезет табылар ма екен?» деп, қинала үнсіз шырқырадың. Тотияйын құйып, тұла бойыңнан бір нүкте қалдырмай, күні-түні дамылсыз күйдіріп өртей берді. Тістеніп шыдап бақтың, ақыры... Түннің бір уағында ауланың төргі бұрышындағы турникке бардың. Іздегенің көрінбегесін, қора жаққа барып, мықты кендір арқанды тауып алдың. Турниккеасып, тұзақ жасадың. Әнеу жерде теңкиіп жатқан бөшкені домалатып әкеліп, үстіне шықтың да, тұзақты мойныңа ілдің. Түнерген тасқараңғы. Өлеріңнің алдында ауруды тілдедің.

Ауру! Атаңа нәлет сенің. Адаммен бірге жаралып, адаммен бірге кететін шығарсың сен. Қашанғы азаптайсың мені? Іші-бауырымды боршалап, шыбын жанымды көзіме көрсетіп, біресе бунайсың, біресе улы тістеріңмен өршелене қырши бересің. Бір сәт тыным бермейсің, тыпыр еткізбей, тірідей қуырған қып-қызыл шойын табадан тым құрыса бір мезет шығармайсың. Ей, ажал – тажал! Алсаң, азаптамай тезірек ал!

А, Құдай, мына жарық дүниеге армансыз, бір мезет қана ауырмай қарап алуға мұрсат берші. Өлемін деп қорықпаймын. Әттең, балаларымдыаяқтандыра алмай, арманда кетіп барамын. Жалғыз арманым, жалғыз өкінішім – сол.

Қош бол,жансерігім - жарық дүние! Қинасаң да, қимаймын... Қош, туған жерім, туған елім. Қадіріңе жете алмағанымды кешір...

Қош, марқұм әке-шешем, бауыр етім балаларым, жастай қосылған жарым. Күнде өлгенше, бір-ақ өлейін деп шештім. Қолымнан келгені осы-ақ болды. Ғапу етіңдер, бауырым, дос-жаран, ағайын-туғандарым. Шыдағанмен, неге керек? Бәріңе де шапағатымды тигізбекші едім. Қайтейін...

Өмір деген қандай қысқа еді? Көзді ашып-жұмғандай ғана дегенді мойындай бермеуші ем, ақыры, міне, ақырғы сәт таяғанда, өзімнің де көзім жетті. Осынша заулап өте қояды деп ойламап едім. Дүние – жалғандығын амалсыз мойындадым. Әттең, соны кеш ұқтым...

- Ойба-ай, Сардар, мұның не?

Шошынған мына дауыс?.. Зәуре ғой... Оянып кеткен бе? Қап, келмейтін уақытта келіп... Ең болмаса, өзіңмен өзің өлуге де мүмкіндік бермей...

                                              Санжар

       Бауырым қырық беске, келінім қырыққа толып жатқанда, неге бармаймын? Барам, әрине. Жердің түбінде десе де, жетер едім. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, бұдан кейін сенің туған күніңді атап өте аламыз ба, жоқ па? Осы кезге дейін сенің қабағыңды бір шытқаныңды, мұңайғаныңды көрмек түгіл, естімеп едім. Автобустан түсіп, көше бойлап, үйіңе бет алғанда, сенің қиналғаныңды көргім келмей, «қолымнан келер қайраным жоқ, мен не істейін, бауырым» деп, күйзеліп келе жатсам да, саған білдірмейін, менің күйзелгенімді көріп, сен екі есе қиналасың-ау деп, буынымды бекітіп, тастан жаралғандай мықтымсынып көрінуге, сені қайрауға  тырысқанымды өзімнен қалай жасырам?

         Бақшаға таяу лапастың астындағы биік, кірпіш ошақтан  көкбұйра түтін бұралаңдап көтеріліп, әуеге сіңіп жатты. Нән қазаннан ширатылған бу шудалана будақтап, ыс сіңген ауыр қақпақтың астын ауық-ауық қарап қойып, үйреншікті тірлігімен айналысқан ел-жұрт алаңсыз. Дүниеде ештеңе бүлінбеген секілді.

         Дәу қазанда шыжылдаған майға піскен бауырсақтың ійісіне сәл алданып, балалардың маңдайынан иіскеп, түтін иісі сіңген орамалдарын, шаштарын түзеген келін-кепшіктердің сәлемін алған абыр-сабырда сенің гранит сияқты тіп-тік, кең иығың сөлбіреп қалғанына бірден тіксіндім. Еңкіштеніп, ілбіп келе жатқаныңды көріп, жүрегім солқ етіп, төмен тартты. Саған өзім бұрынырақ жетіп, бауырыма тарта құшақтап «халың қалай?» дегенімде, «жақсы» дедің. Сенің де, менің де шешен достарымның бәрі солай деуші еді. Бірде бір қартаңдау шешеннен «халы нашарлап, қиналса да, мен көрген шешендердің барлығы неге «жақсы» дейді? Басқалар мәселен, біз – қазақтар, немесе мына орыстар жағдайға қарай мойындаймыз. Шешендердің  қашанда шүкірі  - «жақсы». Неге олай?» деп сұрағаным бар. «Бізде міндетті түрде «жақсы» дейді. «Жаман» десе, жамандық, қиындық шақырады» деп еді. Сол  шүкіршілігінің мәнісін бірден түсіндім. Есте сақтайтын-ақ сөз. Інімнің жаңағы сөзін жақсылыққа жорып, көңілім бір демделіп қалды.

         Шайдан бас тартып, «құдалар келген соң, бір-ақ отырайық» деп, бауырымыз екеумізді қолтықтаған Әжо, Жанбатырмен бірге «оңашалау тұрайық, қолымызды жуайық» деп, бақша жақтағы моторлы құдыққа   бардық. Үп еткен леп жоқ, иттердің үргені, қораздардың арагідік шақырғаны, қазан жақтағылардың «әй, ағашты азырақ сал, қатты қайнап кетті. Самаурынға от сала бер» деген дауыстары деміл-деміл шығып, ауыл ансамбілінің күнделікті, дағдылы жаттығуы сияқты көрінеді. Бақшадағы баялды, қияр, кәді, сәбіз, пияз, тағы басқа дақылдардың қылтиып шыққанымен, көңілсіз бүрісіп тұрғанына қарап, «неге суғармайсыңдар?» деп сұрағанымша, Әжоның таңқылдаған сөзі киіп кетті:

Ә-ә, мынаң ғара-ей! Мәс-саға-ан! Бұ ғайдан жүр?

Біз еріксіз назар аудардық.

Мынау нағыз жуа ғой. Жабайы жуа. Көптен бері көрінбей кетіп еді, бұ ғайдан жүр-әй?

Жанбатыр да елең етіп, мойнын бұрды:

Оу, мынауың расында да жуа ғой. Еккесің бе?

Сенің жүзіңе сәл жылу жайылып, зорлана жымидың:

Жоға. Қайдан келгенін білмеймін. Алдыңғы жылдан бері өзінен өзі өсіп келеді. Еккен, суғарған пиязымыз жөнді шықпай, осыдан тамаққа қатып жүрміз.

Ә-ә, мынау нағыз дәрумен ғой. Витаминнің көкесі осы. Мына кеніш ашылғалы бері  әгүрөтіміз құрысып-құнысып, құрып жатыр. Мына жуаң мықты ғой-ей, бой беретін түрі жоқ. Тұқым алайықшы.

Ала ғой, түгел ал, -  Жабайы жуаның да кәдеге жарағанына қуанып қалдың.

       Құдықтан су алғанда, қол жуғанда, төгілген азғана су бірнеше метрге дейін ағып барып, жерге сіңіп кетеді. Ені он бес-жиырма сантиметрдей жылғашық секілді жылтырап жатыр. Жуадан жұлып берейін дедің бе, асықпай, ақырын басып барып, судан аттайын деп, сәл еңкейдің. Сызашық жылғаның арғы жағында ештеңе жоқ, қурап, тықырлана бастаған ажырық қана. Не істемекші деп біз  қаперсіз қарап тұрғанда, сол еңкейген бойы тағы да ілгері ұмсынып, бүгіле бердің.

        Жерден бірдеңе көріп, соны алғың келгендей. Жаңағы әзірде «моншаның пеші онша болмай тұр, ауыстырайын деп жүрмін, қораның да енді керегі жоқ-ау деймін, өрісте жарытатын шөп қалмады, ауылдың сыйырлары аш келеді. Сүті жоқ малды босқа бағып қайтемін? Аңырап тұрған қораны бұзып тастап, оның орнына барак сияқты времянка саламын. Пәтерге жібермесек, босқа орын алып, қаңқиып құр тұрғанда, түк пайдасы жоқ» деп, шаруаңа алаңдаған сияқты едің. Жерге соның жоспарын сызып көрсетпекші ме? Қолына таяқ па, шыбық па, бірдеңе ұстамаса, қалай сызбақ? Саусағымен бе?» деп тұрдым.

      Әне, жерден бірдеңе іздегендей төніп, иіле бердің. Оң жағыңа қарай иықтың салмағы басып бара жатқаны несі? Жеті-сегіз метрдей кейінде состиған Әжо, Жанбатыр үшеуіміз таңданып тұрмыз. Ал, сен бауырым,  бетіңді сояу-сояу шөп-шалам сызып-жырып кетпесін деп ойлап үлгердің бе, басыңды көтеріп, бір қырындап барып жата кеткендей, оң иығыңмен жерді сүзе құладың. Сонда ғана үшеуіміздің «ойбайымыз» қатар шығып, жандәрмен ұмтылдық. Аяғы ұзын Жанбатыр бір-ақ қарғып, бізден бұрын жетіп, көтеріп алды.

      Болмашы  ауып кеткен салмағыңды игере алмай құлағаныңа  ыңғайсызданғаныңды көрген үшеуіміздің де көздеріміз бақырайып, не айтарымызды білмей, үнсіз абыржып қалдық. Турникте зыр айналатын, небір шу асауларды үйреткенде, құшырланып қайсарлана түсетін, барыстай қарғитын, желмен жарысатын бауырыма қарға адым жер мұң болғанына ішім удай ашып, өкіріп жылағым келсе де, ешкімге білдіргім келмей:

Үй, байқасаңшы, - деп, қолайсыздықты жуып-шайғансыдым. Жүрегіме біреу біз сұғып алғандай бірден ышқындым. «Тепсе, темір үзетін қайран бауырым, көз алдымда тірідей қор болғаның-ай» деген ішімдегі өкінішімді сыртқа шығара алмадым.

Өй, байқамай қалдым, - деп, ұялыңқырадың.

Ә-ә, ондай-ондай бізде де бола береді, - деп, Әжо да өкініштің уын қайтаруға тырысты.

Бауырым-ау, мұндай емес едің! Әттең...

Әттең, дүние-ай. Анау жылы құдайы тамаққа екі қой керек болып, іргедегі Өскеннен таба алмай, Алайғырдың мал базарына кешігіп қалдық. Біреулердің айтуымен қойшыларға тартқанымыз есіңде ме? Бөгеттінің жағасында деген соң, біз Алайғырлан со жаққа бірден тарттық. Сөйтсек, қойшылар өзеннің Күнгей жағында екен. Өзеннен өте алмай тұрып қалдық. Күн еңкейіп барады.Төмендегі «Байламаның» көпірінен өтіп, айналып келсек, қас қарайып кетеді. Таңдай алмай қалармыз деп, совхоздың марғасқа шопырларының бірі Әжоның қотыр «Москвичін» қаңтарып тастап, шопанға жаяу кеттік. Екі қой сатып алдық. Айдасақ, жүрмейді. Қотанға қарай қаша береді. Жетекке алсақ, көткеншектегенде, өлерменнің өлермені. Қылғынып өлуге бар, ілесуге жоқ қырсыққа не істерімізді білмедік. Менің белім шойырылған, бес килодан артық көтере алмаймын. Әжоның соқырішегіне әнеугүні операция жасағаны бар, халы белгілі. Бірақ ол намысқа тырысып, «екеуміз екеуін көтерейік. Ағамыздың белі ауырады» деп еді, сен көнбедің. «Қой-ей, ішегің түсіп қалады. Кел, аяқтарын байлайық» дедің. Төрт аяғы тас қып буылған нән екі қойдыекі білегіңе ілдің. Бөгеттінің бергі жағына алып өтіп, қабақпен жоғары өрлеп, жотаға шыққанда, Әжо екеуміз аузымызды ашып қалдық. Шаршап, бірнеше рет демін ала ма десек, бір тоқтамадың.

Жарайды, ол кезде зіңгіттей жас жігіт едің. Алдыңғы жылы ғана емес пе еді туысымыздың баласы үйленген кезде, тойында болғанымыз. Жастар, үлкендер бәрі араласып, биге кіріскенде, асаба микрофонмен «Енді дәл қазір билеп жүрген жұптардың жігіттері сол қыз немесе келіншекті би біткенше, көтеріп билесе, соған арнайы жүлде беріледі» деп хабарлады.

Арқалап аламыз ба? - дегендерге,

Жоқ, алақандарыңызға алып билейсіздер, - деді. Намысқа тырысқан қарулы жігіттер қыз-келіншектерді көтеріп-көтеріп алғанда, би басталып кетті. Сен билеп жүрген келіншек, кім екенін шырамыта алмадым, әйтеуір бір денелі, етжеңді жас әйел еді. Салмағы, құдай біледі, ең аз дегенде, сексен-тоқсан килограм шамалас-ау. Ұзаққа созылған бидің ортасына таман жұптар мүлдем сиреді. Одан әрі өткенде, сенен басқалардың барлығының қолы талып, өкпесі өшті. Жап-жас жігіттер ұяла қызараңдап, кірпіктері жыпылықтап, жеңілгендерін мойындады.

Сардар, болды енді. Жетеді, түсір. Қарамайсың ба, сенен басқа адам қалмады, - дедім мен жаным ашып. «Белін ауыртып алады-ау» деп іштей алаңдадым.

Жо-о, музыка біткенше, билей берем, - дедің гүрілдеп. – Әлі қартайған жоқпын.

Асабадан бастап, тойға жыйылған дүйім жұрт әрі сүйсініп, әрі таңданып қарап тұр. Отырған кемпір-шалдар ғана азан-қазан музыканың арасынан бір-бірінің құлағына айғайлап, сөйлесіп қояды.

Әй, мынау әлгі кімнің баласы ма?

Иә, сол - «Кімнің баласы».

Е, бәсе, бала ғой, не бопты шаршап. - Кемпір дауысқа шал дауыс қарсы шығады.

Әй, сен өзің көтермегесін, қайдан білесің? Сен емес, біз білеміз, «қыз ауыр ма, тұз ауыр ма» деген бекер сөз пе пе едің. Анадай қарнын май басқан жуан келіншектің бір өзі – екі қыздан ауыр. Көрдік қой оларды да, - дегенде, кемпір дауыс бәсеңсіп:

Ойбұй, қойсаңшы, ана балалар естіп қалса, масқара-а! – деп, бетін байқатпай, шымшып алғансиды.

Сонда сен бас жүлдені алсаң да, мен қауіптеніп тұрдым. «Белің шойырылған жоқ па?» деп ем, «жо-о» дедің. Кейін кездескенде де, сұрап жүрдім. Бір жақсысы – жасыңнан қара жұмысқа шыныққан денең ешқандай сыр  берген жоқ.

Сондай жігіт едің, енді мына қорлық...

Қызыңның қайыната, қайыненесі, олармен бірге күйеу бала мен құда балалар, құдашалар, көрші-қолаң, дос-жаран, тағы басқа мен танымайтын кісілер де келіп, кілең үлкендер үйге кірдік, жастар ауланың төр жағына орнатқан, палатканың ішіне жайғасты. Жейдеңді керіп тұратын бұлшық еттерің жоғалып, қозы қарының қабысқанын, жағың ұртыңа кіріп кетердей суалып, қағаздан әрмен жұқарған бетіңнің терісі сүйекке жабысардай керілгенін бұған дейін көрмеген туыстар үндей алмай, үрпиіп, не дерін білмей, ішінара сыбырлап қана сөйлесіп  отырды.

Асаба жігіт әркімнің жасына қарай сөз беріп, олар тілектерін айта бастады. Бір уақытта шаршағандай бозарып отырған сен:

Маған да құй, - дедің. Отырғандардың ішіндегі мосқал әйел дәрігер:

Елу грамм коньяк ішсең, ештеңе етпейді. Болады, - деп, қолдады.

Көпшілік дуылдап кетті:

Е, бәсе, бәсе!

Ас иесімен тәтті деген.

Ә-ә, бір алып қойайық. Кәне, кеші бір нетіп жіберейік, - Әжо ұшып тұрып, жаныңа жетіп барды.

Рөмкені бір-ақ төңкергеніңде, іштей тоғайып, әжептәуір қуандым. Жадырап, жақсы отыратын шығар дедім. Расында, солай болды. Небір жақсы тілектер айтылып, асаба әрі әнші екен, әуелетіп ән салды. Бір саябырда сен де ән бастап кеттің.  Баяғы гүрілдеген зор даусың жоқ. Дегенмен әлі де өмір қуаты еміс-еміс емекситін әлсіздеу қою үнің дәтке қуат беріп, көңілім демделіңкіреп қалды.

Енді мен өлмеймін, - дедің қараторы өңіңе  сәл қызғылт бояу  таралып.

Сол сәтте қуанғанымды айтып жеткізу қиын. Елжірей қарап, не айтарымды білмей, толқып отырдым.

Құдай сақтасын.

Ә-ә, сені кім жіберейін деп отыр?! Мен жүзге келгенде, төрде сен отырмағанда, кім отырады?! – Әжо орнынан тұрып, қоштап гуілдеп кеткен жұрттың сөзінен асырғысы келіп, дауысын көтере таңқылдады. – Солай емес пе, ә? – деді көпшілікке қарап.

Солай, солай!

Немерелеріңді үйлендірмей, қайда барамыз? – десіп, кеу-кеулескен дауыстармен қатар күдігі мен үміті қабаттасқан көздердегі жасырын мұңды байқамау мүмкін емес еді. «Өлме, бауырым, өлме. Менен бұрын қайда барасың? Менің алдыма түспе. Ә, Алла, соңымнан ерген жалғыз бауырымды қолдай гөр, жан адамға жамандығы жоқ, ешкімнің ала жібін аттаған жоқ. Әлі қайда-а, жас қой. Алдында біз бармыз, бізден де үлкендер бар. Әркімнің кезегі келгенде, кетпеуші ме еді. Тым құрыса, ұлдарының тойын жасасын да. Қолдай көр, Алла» деп, іштей қинала қайталай бердім.

Асаба демалсын. Бәріміз қосылып бір ән айтайық, - деп, өзің бастап кеткенде, «құдай берем десе, бере салады» деуші еді, «е, құдай, қолдай гөр, қорғай гөр» деп, іштей тілеп отырдым.

Әрине, кәсіби әнші емессің, әйтсе де құлағыңды қырмайтын, жағымды, жуан даусыңның бұрынғы кең арналы, жігері тасқындаған, қуаты мол екпіні азайғаны бірден білінгеніне, ішіміз ашыса да, қабағың жұмсарып, жүзіңе тартымды қызғылт рең болмашы дарығанына да тәуба деп, іштейсүйіндік. Жақсылықтан дәметіп, емексіп отырдық. Ано-оу арғы жақта ажалдың айналсоқтап аңдып жүргенін аңғармағансып, бергі дүниедегі бейнеңді көріп отырған біз үшін әне-міне дегенше үзілетін жіптей әлсіреген үнің екі өмірді сабақтастырып тұрған ақырғы нәзік талшық тәрізді. Сол үннің демеуімен өшкісі келмей, балапандай талпынып, баяулап жүзген әнде жарық дүниенің қимайтын қаншама қызықтары, өлшеулі өмірде жетсем бе деген, бірақ жеткізбей келе жатқан армандары бар еді. Соның бәрі енді мәңгі көрмейтін, мәңгі оралмайтын сағынышқа айналатынын, өзіңнің мәңгілік қапас түнекке кетеріңді біліп,айлар бойы үнемі аңдып жүрген ажалдан айбынбай, ышқынған қарсылығың -соңғы аққу әнің екенін біліп отырдың.

Өлетінін анық білген адамның өз ажалымен бетпе-бет келіп тұрып, қайсарлана ерегісіп ән айтқанын бұған дейін көрмеп едім. Қосылайын десем, көзілдірігіммен жасырған көзімдегі көрінбейтін жас көмейіме құйылып, даусым шықпайды.Дегенмен, сен еш сыр бермедің. Көңілді шырқауға тырысқаныңмен, даусыңның қуаты жетпегенін анық білдім. Көріп отырғанымның барлығы өміріңнің қызығы болған шексіз, жарық дүнияны қанша қимасаң да, лажсыз қоштасуың сияқты әсер етті. Не істерімді білмей, есеңгіредім. Түнермейін деп, қабағымды ашып, жадырауға тырысқаныммен, өзімді өзім ұстауға шамам жетпеді, осалдығымды сезіп, намыстансам да, жүрегім езіліп, жаншылып жатқандай, іштей күңірендім. Бала-шаға, құда-жегжаттар, достарың бар, солардың алдында бүгінгі қуанышқа уайым тамып кетпесін деп, өзімді өзім іштей қайрап, ширығуға жан салдым. Бәріміздің көзіміздегі, көңіліміздегі «өлмеші» деген жалғыз өтінішті оқып қойғандай:

һа-а, міне, көрдіңдер ғой. Енді мен өлмеймін. Ал, қане, алып қойыңдар, - дедің қунап.

Асаба осы қолайлы сәтті пайдаланып, бірден өз «жұмысына» кірісті.

Кәзір, аға, кәзір. Үлкендердің барлығы тілегін айтты. Енді қызыңыз әке туралы ән айтып бергісі келеді. Соны тыңдайық.

Әкесіне ұқсаған қалың бұйра шашы иығына төгілген, сұңғақ бойлы, сымбатты Талшын туған күніңмен құттықтады да, әнін бастап кетті. Сан рет естіген әннің әуені мен сөзі жан тереңінен шымырлап шығып жатқан бұлақтай мөлдір сезіммен байып, әбжылан ажал арбаған шарасыз бозторғайдың қанатындай дірілдеп, қалқып тұрып алғанда, асқар таудай әкемен көзі тіріде-ақ амалсыз қоштасу әні секілді естілді. Талшынның көңілінде бірталайдан бері қиналып алаңдаған, бірақ айтуға дәті бармай жүрген арман-тілегі ме, білмедім, әйтеуір әлдебір жасырын қоштасу зарын тыңдағандай көз алдым қарауытып жүре берді.

                     Арманға биік қол созсам,

                     Кетпейсің ойдан, қиялдан... –

Кенет өңі бұзылып, екі иығы дір-дір етіп, жылап қоя берді.

Әке, сіз небәрі қырық бестесіз. Мен жиырма бірдемін. Сізге пенсияға дейін әлі жиырма жыл бар. Еңбек еткеніңізге жиырма жеті жыл. Енді бейнетіңіздің зейнетін көрсеңізші. Жассыз ғой әлі... Немерелеріңіздің қызығын көресіз әлі. Құдайдан тілейтінім – сол, - дегенде, мөлдіреген моншақтай көз  жасы төгіліп-төгіліп кетті. Көптен бері күйзелсе де, шарасыз шыдап үндемей жүрген Зәуре мына сөзден кейін орамалмен бетін басып, еңіреп қоя берді. Бір жақсысы, сен қабағыңды түйіп, қара тастай қатайған қалпыңды бұзбадың. Шойыннан құйылғандай  еш сыр бермедің.

  Кең бөлменің ішін бір сәт қорғасындай ауыр үнсіздік басты. Тірі әкесімен көзі тірісінде қоштасуға мәжбүр қызының зарын бұған дейін кім естіп еді? Ешкім ешкімге қарай алмады. Столды айнала жайғасқан елудей адамның алған демі білінбейді, барлығы да орындарында қатып қалған балбал тастар сықылды. Ахуалды анық біліп, бірдеңе деуге ешкімнің дәті бармай, іштей тынып отыр. Әйелдер көздерін орамалдарымен, алақандарымен көлегейлесе де, иықтары дір-дір етіп, толқуын жасыра алмады. Көз алдыңда көңілдене сөйлеп, қонақтарын бәйек боп күтіп, ән бастап отырған арыстай азаматты жазықсыздан жазықсыз мәңгілік қаратүнекке жіберуге кімнің дәті шыдайды, кімнің көзі қияды? Қабірге қашан түсетін сәті әзірге ғана белгісіз, бірақ таяу.  Таяу...

Аранын ашып, алатынын айқын білдірген ажалдан айырып алар амал таба алмай сансыраған болуым керек, басым шытынап-шытынап жарылып кетердей, көз алдым қарауытты. Ертең бе, бүрсігүні ме, ешқайсымыз әлі көріп-білмеген шексіз тұңғиық қара түнекке аттанғалы отырған уақытша тірлік иесінің дастарханында отырғандарына қымсына ма, әлде көзі тіріде көріп, амандасып қалайық дегені ме, әлде әзірге ғана тірі адамның, ертеңгі марқұмның орталарында отырғанына өздерін кінәлі сезінгендей қолайсыздана ма, қобалжи ма, бүгін-ертең болуы мүмкін қайғылы оқиға, қаралы күннен қаймыға ма, не істерін, не айтарын білмей, тыныс алуға дәрмені жетпей, шөгіп қалғандардың бірі мен едім, бауырым.

Қой, қуаныш үстінде жылай ма екен? Ауырған жазылады, қиындық деген не, көрген түстей өтеді де кетеді. «Жігіттер, керегі не құр уайымның» деп, Біржан сал айтқан баяғыда-ақ. – Өз-өзімді зорға билеп, даусымды көтере сөйлеп, еңсені езген үнсіздікті жуып-шайғансыдым.

 

Меймандардың барлығы тарағаннан кейін екеуміз бақтың ішіндегі ескі диванға барып отырдық. Арқалығына маңдайыңды сүйеп, шытылған қабағыңды көрсеткің келмеді-ау деймін, кеңіп, салбырап қалған жейдеңнің жеңімен бүркеп, мүлгіген сияқтандың. Шаршадың ба, ойға шомып кеттің бе, білмедім. Бәлкім, не айтарымды білмей, әлде қорындым, әлде күмілжідім, әйтеуір үндемедім. «Анық өлетін болдым» деп, қиналып, көз жасын көл қылар ма екен» деп, жаным мұрнымның ұшына келген еді. Күйзелгенімді жасырып, саған қуат беріп, қайрасам деп отырғанымда, маған мойын бұрдың:

Міне, мен де келетін жеріме келдім. Өмір осылай тез өте қояды деп ойламап ем. «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп, аталарымыз әбден біліп барып айтқан екен. һі, осынша қысқалығын ойлағанымда, басқаша тірлік етер ме едім... білмеймін... Бірақ... өлуге дайындалып үлгермедім. Соңғы кезде бір секемнен сескеніп, бір үмітті малданып, уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамадым. Бар өмірім көз алдыңда өтті, брат. Ренжіткен жерім болса, кешір. Енді... сен сақтанып жүрсеші. 

      Көз алдымда тірідей бақұлдасып, о дүниеге өзінен бұрын кетуге тиіс ағасымен қоштасып отырған бауырыма қарауға дәтім шыдамай, өкіріп тұрып жылағым келді. Сені қинаймын-ау тістеніп, қаттым да қалдым.

     Талай өлімге де, қайғы-уайымға да бетпе-бет келген едім, бірақ тап осы сәттегідей адамның қабағы қинала шытылғанда, өмір туралы ешуақытта басыңа келмеген сұмдық ойларға душар ететінін бұрын-соңды тап осылай сезінбеген едім.  Басым айналып, не айтарымды білмедім. Құдай кешірсін, жанымдай жақсы көретін тірі аруақ - бауырымның қасынан кете алмай, кісенделіп қалған тәріздімін.  Қабағың жазылмаған қалпы диванда тұқшиып отырып-отырып, айналаңа ауырсына қарап алдың. – Аманат айтып, саған салмақ салмаймын. Осы күнге дейін қолыңнан келгенше көмектестің... Ризамын. Абайсызда ренжіткен жерім болса, кешір. Тек... Жүрегіңді уақтылы қаратып, аман жүрсеңші.

Менің жаным шығып кете жаздады:

Қой-ей, не деп отырсың? Сен мені қалай ренжітесің? Үлкендік жасап, мен ренжітіп алғандай болсам, сен кешір... Алда не күтіп тұр, құдай біледі. Жазылып кетерсің. «Үмітсіз – шайтан...» – сөйлей алмай, төмен қарадым. Көзіме жас толғанын білдіргім келмей,  жер шұқып қалдым.

Әй, енді қайту жоқ. Көзім жетті. Өлімнен қорықпаймын. – Даусың ерегіскендей қайсарланып шықты. – Көрдім ғой, кәрі де кетті, жас та кетті. Талай бауыр-қарындастардан, достардан айырылдық. Өлетінімізді күнбұрын ойламайды екеміз... 

       Өмір дегеннің өзі қарадүрсін бірдеңе сияқты ма деймін. Қиындықты тірі жүргендер өзіміз жасаймыз, өзімізді өзіміз азаптаймыз. Адам дегенің жетілмеген байғұс сияқты. Өз пейіліне өзі ие бола алмай, тежей алмай, өзін де, өзгені де құртады. Қасіретіміз сол екен. Осы күнге дейін тындырған ештеңем жоқ. Өзімді өзім қомсынып, ана дүниеге баруға да қорынам, - дедің де, бұрын екі сыйырың, бұзаулар тұратын, енді қаңырап, құлазыған қораларыңды, қазан-ошақ жақта ыдыс-аяқтарын саңғырлатып жуып жатқан әйелдерді бір шолып өттің. – Өмірге келдің бе, өлімді де ойлау керек екен. Көз жұмғанға дейін көк желкеңнен итере беретін қатыгез уақытқа қарсыласа алмай, сандалақтап келе жатқаныңда, не пәлеге ұрынатыныңды білмей де қаласың. Сонысы жаман... У-уһ, - дедің у ішкендей. – Үлкен қызым жөнін тапты.  Кіші қызым да іштей  дайындалып жүрген болар. Ұлымды аяқтандыруға үлгермедім. Менен туған ұл болса, жерде қалмас. Тіршілігін жасар. Тойын көрсем деп ем, кәйтем енді... 

      Ентігіңкіреп, «әттең, дүние-ай» дегендей басыңды шайқадың да, сәл еңкейіп, сосын сәл шалқайып, бірнеше рет қайталаған соң, ауыр тыныстадың:

– Қиналып өмір сүрген қандай жаман. Қалай мықтыланғың келсе де, қажисың. Ауылдан көшіп кетсем деп ем, үлгермедім. Мына кеніш, мына уран деген пәле – үрім-бұтағымызға қатер. Әжо мен Жанбатырға да айтқам. Келіскенбіз. Бүкіл ауыл басқа жаққа көшеміз деп. Көрдің бе, міне... – салың суға  кетіп, басыңды күйзеле шайқадың. Жер жүзіндегі барлық кеніш аймақтарындағы, полигондардағы радиация зардабы туралы, Хиросима, Нагасаки, Семей, Чернобльдан бастап, талай оқығам, естігем.

        Ештеңе дей алмай, мелшиіп, соның барлығына өзім кінәлідей сезініп, не дерімді білмедім.

Екеуміз құшақ айқастыра, қимай қоштасқанда, кішкентайымнан бірге, тетелес өскен бауырымның қаншалық жақындығын алғаш рет терең сезіндім. Бұрын қарыңның бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, жейдеңнің сыртына теуіп тұрушы еді. Иығың жұмырланып, киген қандай киімді де керіп, балуан денеңе жарасатын. Ал, кәзір... Менің жолбарыстай інім емес, қураған бұтадай құр сүлдері қалған дәрменсіз, жақын да болса – жат, жат болса да – жақын тірлік иесі екеніне сене алмай, іштей аласұрдым. Айналамдағы ию-қию, қыбыр-жыбыр тіршілік қозғалыстары - бейберекет лағып жүрген мағынасыз бірдеңелердей мүлдем керексіз сықылды. Абыр-дабыр дауыстар, жан-жақта, алыс-жақын, әлдеқайда адасып жүрген дауыстар мен дыбыстар тектен текке тентірегенін азсынғандай, өз бетінше күн кешкен тірі адамдарға қараптан қарап тиісіп, соларды сорлысынғандай айтылып жатқан әжуа секілді көрінді. Барлығы қосылып, бауырымды кемсіткендей, ішімде ашу ыңыранып, ояна бастағанын сезіп, өзімді өзім басуға тырыстым.

Өн бойым ауырласа да, сыр бергім келмей, қоштасып тұрып, қақталған қорғасынның шаң басқан қалдығындай қатып-семуге айналған інімнен кете алмай, алақанынан алақаным ажыраса, қайтып көре алмай қалатындай, мен жоқта бір белгісіз тажал аңдып жүріп алып кететіндей қобалжыдым. Қиып қоштаса алмай, қайта қарадым. Әлдеқашан оңып, кірлеп кеткен сұп-сұр дәкедей кепкен беті бір-ақ уыс. Жағы суалып, сүйектерінің жік-жігі сызықтанған. Көзі шүңірейіп, менімен амалсыз қоштасқанын, көздерінің адам айтып жеткізе алмас азаптан титықтағанын өз көзіммен тағы да көріп, бұл өмірден баз кешкеніне еріксіз куә болғаным маған ауыр тиді. Тізем бүгіле жаздап, өзімді өзім әрең ұстадым. Тағы бір құшақтадым да, еңкілдеп жылап жібермес үшін қабағымды қатып қалардай түйіп, есеңгірегенімді білдірмей кетугекүш салдым.

 

Қалада қарбалас тірлік көбейіп, әне-мінемен қол тимей, аптаның соңына қарай келгенімде, аяғың ісе бастағанын көріп, шошып кеттім. Сұмырай күдіктің сұмдығы ақыры ашылды. Ұзақ аурудан кейін аяқтың іскені - істің насырға шапқаны. Менің келгенімді көріп, басыңды күшпен көтеріп, отыруға тырыстың. Шілденің шіліңгір ыстығы болғанымен, қабырғасы қос қабат кірпіш үйдің іші жанға жайлы қоңырсалқын шығар деп ойлап едім, олай емес, қапырық сияқты. Диванда отырсың екі жағыңа кезек-кезек теңселіп. Белуарыңа дейін жалаңашсың. Қабырғаларың санап аларлықтай ырсиып, бұғанаң шодырайып, көлденең созылып жатқанына, әлденеше ай бойы азаптаған асқазан жарасының асқынып, ішіңді кептіріп, дөңестене қампиғаны, қаңқаға басқа жақтан қарын әкеп жапсырып қойғандай қонымсыздығы мүшкіл халды айтпай-ақ аңғартты. Тікірейген қысқа, қалың шашың селдіреп, ағы тым көбейіп, бетіңнің терісі сүйекке жыртыла жаздағанша керіп, тозаң-топырақтың астынан тауып әкелген ескі шаңсұр пленкамен қаптап тастағандай біртүрлі тосын, бөтен еді. Хал сұрағаныма, «жақсы» дегендей, сәл бас изедің, сөйлеуге шамаң келмеді. Іштегі жара күйдіріп жатыр ма, әлде кескілей ме, тырналай ма, небір күшті наркотик дәрілердің уыты дарымай,тоқтауға шақ қалған сағаттың әлсіреген маятнигі сияқты екі жағыңа кезек-кезек теңселіп отырғаныңнан іші-бауырыңды түгел жайлап алған жаралардың сені аяусыз кеміріп жатқанын біліп, ішіңе бойлап сүңгіп кеткендей аза бойым қаза болып, не істерімді біле алмай аласұрдым.

Біліп тұрдым ба, көріп тұрдым ба, анық айта алмаймын. Бірақ қапысыз сездім. Асықпайтын, шегінуді білмейтін, үңірейіп үздіксіз ұмтылудан жаңылмайтын қаныпезер ажал сенің ішіңе кіріп алып, ішектеріңді кеміріп кеулеп жатты. Кеулеген сайын құтырынып басынған, жаныңды азаптаған жалмауыздың дүлей шеңгелі өмір сәулесіне жандәрмен талпына берген клеткаларыңды рақымсыз бүріп, құныға жалмаған сайын өршелене бергенін сезіндім. Күш-жігеріңді құртып, құрдымға жіберетін, теңдессіз, зұлым күш тоқтаусыз ұлғайып, өрши берді. Әр мезет ғасырларға бергісіз жанталасқа айналғанын бетіңнің терісі жыртылардай күшпен кептелген, жік-жігі шашылып қалардай бөлініп айқындалған кескініңнен аңғарған сәтте жүрегімді темір тікенекті шеңгел сығымдаудан бір тартынбағанын білсем де,қарсыласуға дәрменім жетпеді.

Шеті белгісіз, шегі жоқ сұрапыл азаптың қашанға созыларын білмей қиналдың. Азап дегенің жалықпай аңдып, ақыры алмай қоймайтын ажал, ал ажал дегенің шексіз азап сияқты. Тірлік иесі үшін азаптан титықтап өлгеннен ауыры жоқ екеніне алғаш рет көзім жетті.

Бұған дейін қажуды білмеген қайратты денең ақтық күшін салып, аурумен аянбай айқасты, қайтпай қарсыласты. Іші-бауырыңды қаймықпай жайлап алған, өмірге ынтызар қиялың мен қуатыңды жоюдан бір мезет шегінбейтін, сәт сайын, ұлғаятын сан миллиард микробтардыңжойдасыз шабуылына қайтпай қарсыласып бақтың. Бірақ бұған дейін естімеген, көрмеген микробтар армиясы құтырына берді. Өйткені оның алдында адам мен адамзат дәрменсіз еді.

Саған берілген морфий сені тығырықтан шығара алмайтын. Ол тек азабыңды уақытша жеңілдету, әлемнің барлық дәрігерлерінің шарасыздығын мойындауы болатын. Миллиардтаған адамды көзді ашып-жұмғанша жоқ қылып жібере алатын құдіретті мемлекеттердің ешқайсысы да осындай жаназаптажанталасқан, әлсіз, ауру адамға көмектесе алмайтын. Атомға қажет уран алу үшін кеніш ашып, менің бауырымды жұмыс-ақшамен алдаусыратқан сол мемлекеттер емес пе?!

Сұрақтар зығырданымды қайнатты. Солардың барлығын сотқа бергім келді.

Мысықтабандап ілгерілей беретін ажал дегеніне жетпей тынбайтын зорлығымен, қашанға созылары құпия белгісіздігімен қорқынышты. Сенің сыр бере бастаған организміңнің өмірге құштар әрбір жасушасын өзінің заһар-уымен сәт сайын ірітіп, тәңірге жалбарынған ғибадатқа да, сені қимайтындардың мойнына бұршақ салып, тағзым еткен өтінішіне де, төгілген көз жасына да аяушылық білдірмей, жолындағыны жоюдан тайынбаған ажал қайтпайтын тажалға айналды. Тығырыққа тірелгенімізді бәріміз де білдік, әйтсе де құтылатын жолды біз де таба алмадық, ажалдың алдында бәріміздің де ұнжырғамыз түсті.

Ішіңде күннен күнге көбейе берген жаралар біресе оң жағыңа, біресе сол жағыңа көбірек ауып, ауған сайын өлермендене, таласа қыршып, сені тірідей обыпжеп жатқанын өз көзіңмен көргенде, тірі жан төзе алмайтын азаптан үнсіз жанталасқаныңда, еш жәрдем жасай алмаған қиын екен. Бауырыңды көз алдыңда тарпа бас салып, жұтып жатқан ажалға қарсы қайран қыла алмай, үнсіз шырқырадым. «Кешір, Алла! Құтқара гөр, Алла!!!» деп қайталаудан танбадым.

Шынымды айтсам, мен шыдай алмас едім. «Ақыры еш үміт жоқ» деп, тезірек өлудің жолын, әлде тәсілін табар ма едім, қайтер едім. Адам баласы батып қарай алмайтын, қиналған кескініңді бір шолып өткенім болмаса, дәтім барып, бірдеңе дей алмадым. «Шыдашы» деп, айтуға да аузым бармады. Қабағың қарс жабылып, түйілген қастарың тоғысқанда, неге екенін білмеймін, көзіңді көргім келді.

Шіркін-ай, жылт еткен өмір ұшқынын тым құрыса бір көріп қалсам, болмашы сәуле өле-өлгенше көңілімде сақталар ма еді деп емексіген қабағым шойынмен бастырғандайауырлады. Тап қарсы алдымда отырған сенің ішіңе кіріп алып, өшіге мылжалаған дертке не қайран қыларымды біле алмай, азап шектім. Бір кезде көзіңді сәл ашып, мағанбір қарадың да, қайта жұмдың.Бір кездегі оттай жайнаған қара көзің қандай түске өзгергенін түсіне алмай қалдым. Аңғарып үлгіргенім – суы тартылып, кебуге айналған шыңыраудың түбінде қарауытқан, түсі түсініксіз, қанталаған аз қызғылы қоңырайып кеткен, қошқылала, қарасұркүлгін бірдеңе ғана. Көруім мұң екен, жүрегім солқ етіп, төмен тартқанда, түсіп қалғандай шошынып, еденге қарадым.

Қайтадан саған назарым ауғанда, ішіңе кіріп, ештеңе көрінбейтін, ештеңе естілмейтін түпсіз түлей түнекке бойлағандай сезіндім. Ішіңді шімірікпей жайлап, бір-бірімен жалғасқан күйі аш бүйілердей күмпие жетіп, өршелене кеміріп жатқан, жан шошырлық құбыжық жаралар араша түсе алатын ешкімнің, ештеңенің жоқтығын, сенің құтыла алмайтыныңды шүбәсіз біліп, тыбыр еткізбей, сәулелі өмірге құштар жаныңды сорып жатқансұмдыққа айналғанына тітіреніп тістенгенімде, тісімнің үгітілгенін түйсіндім. «Аурудың бәрі – уақытша. Бұл да кетеді. Жазыласың» дедім, аузыма жөндемі сөз түспей. Үндемей, теңселіп отырып, басыңды шайқадың.

«Күдеріңді үзбеші, бауырым!» деп, жалынғым келді. Бірақдымым құрып, үнім шықпады. Әлдебір құдірет болат шынжырмен шырмап, тілімді буып тастағандай, сілейіп, қара тасқа айналып, қаттым да қалдым. Ендігі бір сәтте сені көріп, ауа жұтып отырғанымды, соны бағамдайтын санамның әл-әзір өшпегенін, денемде жан барын шамаладым. Алайда ешқандай жәрдем ете алмағаныма күнә жасағандай күйзелдім. Жүрегім, бауырым іріп, ағып түскен кеудем қаңырап бос қалғандай. Азаптың ауыры дәрменсіздік екенін мойындамасқа шарам қалмады. Амалымның жоқтығына өлердей ашынып, осы халге сені душар еткен зұлым күшке өшіктім...

 

Жаназа. Жерлеу.

Жаназаға жиналған мыңнан аса адам кең аулаға сыймай, соңғы жағы көшеге қарай ығысты. Алдыңғы қатарға тізілген жасы үлкен құдалар мен алыстан келген туыстардан кейін ығысқан Санжар, Әжо, Жанбатыр екінші қатарда қалқиды. Рәсім басталғанда,Әжо жаны ашып, қарсы алдындағы Ержанға қарады. Әкесін жерлеуге командирден сұранып келіпті. Кеше амандасып, көрісіп, көңіл айтқан. Есіл Сардар ұлының тойын жасауға үлгермей, немересін көре алмай, арманда кетіп бара жатқанын айтып еді. Ержан – міне, зіңгіттей жігіт. Бойшаң, жауырыны қақпақтай жас жауынгер тоңып тұр ма деп қалды. Желкесі тері астынан су жүріп жатқандай жыбырлап тұрды. Сағынып жеткен әкесін тірідей көре алмай, бір ауыз сөзін естуге зар болып, арманда қалғанын сырт көзге білдірмегенімен, іштей солқылдап жылап тұрғанын анық сезді. Көппен бірге басын оңға, солға бір бұрғанда, тағы байқап үлгерді. Шымырлап, ақырын-ақырын бүлк-бүлк етеді. «Күн жылы болғанымен, әкесінің қазасына келем деп ойламаған қайран ұл қайғыдан қалтырап тұр-ау» деп, бір ойлады. Одан әрі қарауға дәті шыдамады. Қаз-қатар сап түзеген жас-кәрі, ұзынды-қысқалы, сақалды-сақалсыз кісілердің барлығы түксиіп, Әжо сияқты төмен қараған, үнсіз.

Аманбек молда тағы бір уағыз айтып, «марқұм қандай адам еді?» дегенде, селт етіп, басын көтерген Әжо қарсы алдындағы Ержанның жейдесі жауырын астынан сәл қозғалақтап, төменгі тұсы жел ақырын желпіп жатқандайдірілдеп, адам айтқысыз күйзеліп тұрғанын қапысыз аңғарды. «Әй, дүние-ай, не дейін, не дейін... Сардар досым сияқты мен де осылай мезгілсіз кетсем, менің де ұлым осылай іштей еңіреп, қиналып тұрар еді-ау» деп, ойлаған Әжоның бойы шымырлап, көзіне ыстық жас іркілді. Буыны босап, жылап жібермес үшін жақ еті ауырып қарысқанша тістеніп,ернін жымырды...

Мәйітті көшедегі автобусқа қарай шығарғанда, үйді жағалай тізіліп тұрған, лапастың астындағы, палаткалардың маңындағы үш жүздей әйелдің дауыс шығарғаны, барлығының бір мезгілде «балам-ай», «әке-е», «ардағым-ай», «бауырым-ай», «ағам-айлап» жылаған ащы дауыстары ауладан лап көтеріліп, ауылға сыймай, аспанға аңырап ұшып бара жатқандай. Лақ етіп, бір сәтте төгілген зарлы сарын, күңіренген ұлы жоқтау тасқыны жиналған қарақұрым халықты көшеге лықсытты. Көздерінен мөлдір жас төгіліп, мәйіттің соңынан ұмтылған қыз-келіншектерді өздері де солқылдап жылап жүргенімен, ақыл тоқтатқан егде әйелдер бөгеп, басу айтып жібермеді. Бейіт басына әйелдер бармайды.

Санжар өзінің қайда тұрғанын, не істеп жүргенін, кімнің кім екенін білуден қалғандай мең-зең. Таңсәріден бері бірінен кейін бірі келіп, құшақтап көріскендер, көңіл айтқандар... – бәрі түсі сияқты, бұлдыр, бұлыңғыр әлем.

Молалар, мола...

Көр...

ақым...

...топырақ салды.

Өзен жағасындағы жоталарда тізілген автобустар, Камаздар, шетелдік үлкен жүк машиналары, «Газельдер», басқа да шағын автобустар, жеңіл машиналар – қаптаған көліктер бірінен кейін бірі тізілгенде, көше сықылды. Сардармен әскерде бірге қызмет еткен, бірге оқыған, құда-жегжат, басқа ауыл-қалалардан келген жора-жолдастар секілдіқыруар адамның жиналуы бауырына деген ықыластың, әрі мезгілсіз қазаның ауырлығын тағы да қайталап еске салып, бағанағы айтқан сөзін тағы да іштей қинала қайталады: «Мен саған емес, сен маған топырақ салуың керек еді, бауырым...». Көз алды қарауытып, төңірек түгел түнеріп, шайқалып бара жатқаны несі? Басы айналғаны ма?

Екі қолтығынан демеп келе жатқан Әжо мен Жанбатырғакезек-кезек таңдана қарады: «Бұлар мені неге бүйтіп сүйемелдеп..?!» Көз алды қарасұр тартып, басы айналып келе жатқанын сезді.

     

Үйге оралғаннан кейін, аулада қаз-қатар тігілген арнайы палаткаларда ас ішіп болған шал-кемпірлер, басқа да егделерден кейін олардан да жасырақтары – барлығы жапырлап келіп, қоштасып жатты. Көңіл айту, жұбату, тілектер... бәрі белгілі лепес, лебіздер... Ешкім қалмаған сияқты.

Басы зеңіген Санжар көше жақтағы қалың алма ағаштың саясындағы орындыққа сүйретіліп келіп, темекісін тұтатты.

      - Әй, обал болды-ау...

      - Қандай жақсы азамат еді...

Өкінішін жасыра алмаған дауыстар ақырын-ақырын ұзап барады.

Ә-ә, әттесі... бізді тастап... ілестірмей, жападан жалғыз кеткені ме? Тапқан екен жантыныш жерді! Қолдан беріп, аузымыз аңқиып қала береміз бе?

Мынау – Әжо ғой.

Сабыр, сабыр... Жылама, Әжо... – Шаршаған, қажыңқы  тарғыл дауыс т аныс... Иә, Жанбатыр...

Ә, шақырсаң да, шақырмасаң да, бір күні мен де барам... бәрібір барам... – Әжоның таңқылдаған даусы іріп, созылған ұзын шиқыл  секілді қылдырықтап естілді. 

Кімнің қашан баратынын бір құдай біледі...

Күмілжіген Жанбатырдың жарықшақтанып шаршап шыққан даусынан лажсыз мойынсұнуға мәжбүр еткен біртүрлі бөтен,шойын салмақ сезілді.

- Айтпақшы... – Әжо кілт тоқтады ма, даусы ашулана атқып шықты. – Білмей жүре беріппіз ғой, бізді сатып алыпты.

- Кім? Қалай?! – Бірнеше дауыс қосарлана жарысты.

- Жалақы деген ақша емес пе?! Сол ақшаға өмірімізді саттық. Өтірік пе?! Күн көру үшін уранның уына өзіміз бардық. Ешкім ұрмай-соқпай...

- Әкесінің басына қояр ма екен сол уранды?! – Кіжінген - Жанбатыр.

- Бір бай екінші байдың көзін жойсам дейді, бір мемлекет екінші мемлекеттің түбіне жетсем дейді.

- Өй, әкеңнің, екі ортада біз құримыз.

- Өңшең дүниеқоңыздар! Зығырданыңды қайнатады. Атаңа нәлет! - Әжоның таңқ еткен даусы ашулы. - Жігіттер, не десеңдер, о деңдер, ертеңнен бастап, мен мұндай жұмысқа бармаймын.

Ешкім үндемеді.

Кеніште істеген жігіттердің өз денесін ауырлап, ілбіп бара жатқанын Санжар көрмей-ақ түйсінді. Олар аман-есен...

...әзірге...

« Иә, біз әзірге тіріміз, -Санжар іштей булығып тістенді, - әзірге...Ендігі кезек кімдікі?»

     Күтпеген сұрақтан тіксініп қалды. Олар да соны ойлап бара жатқан шығар. Рас, әзірге дін аманбыз, соған мәз боп жүрген біз тірі өліктер емеспіз бе осы?  Өміріміз өзіміздікі ме, әлде... Ақша деген алпауыттікі ме?..

   Шойын шынжырдай созылған әлдебір ауыр, қорғасын шыңыл шекесін шағып жіберердей күшейіп, солқылдатып тұрып алды...