Жылдың үздік поэзиясы
11

Ақылдан ұлғаусар мендегі кертолғау

«Бауда нұрым балқымас,

Балақ жүнім шалқымас».

Айнала ұшқан алты аққу – алты түйір тамшы жас...

Тулақ болып арыды тұлпарым еді керқұла ат,

Қаудыраған сүйекке дей көрмеші қамшы бас.

 

Мен ешқайда шықпаймын,

Мен ешкімді іздемен,

Ерте, ерте, ертеде-ақ есейткен ғой бізді өлең.

От дариясын кескенбіз, тым алысқа ұшқан ек,

Жапырағы жап-жасыл сарғаймайтын күзбенен.

 

Айдын көрдім дейсің бе?! –

Аққу жапқан көл бетін,

Ілкідегі елес қой қалып қойған ол жетім.

Сен тамсанған тау, орман...

Шындығында түк те жоқ...

Айтақырдың санадан ұмыт болған келбеті.

 

Сүйгендердей қолдасып жүрсем дейсің!

асықпа...

Сен көргенің шейіт боп, қосылмаған ғашықтар.

Айналаңда көп адам саған қарап күлімдер,

Көріп жатсаң егер де өксігіңді басып қал.

 

Мені ешкім де жоқтамас,

Мені біреу сағынбас,

Өзек қалды өртеніп, қобызбенен сарындас.

Кезерген құм, сөйлеші ілкінің бір тілінде,

Медиенде сенделген жолаушының шөлін бас.

 

Қара суды қарғайсың –

«Айырыл, су, айырыл»...

«Бауда нұрым балқымас...»

Дей көрмеші – «қайырыл».

Мен бәрібір санаңда өмір сүрем мәңгіге,

Қолыңдағы қылыңды тұтатпашы қайылы...