Жылдың үздік поэзиясы
9

Ешкімнен келтехат келмейді...

Ешкімге өтпейді телефон...

Ешкімнен келтехат келмейді...

Ал тыста қай маусым?!

Белгісіз...

Жапырақ ұшқандай желменен.

 

Соңғы рет біреу гүл сыйлаған,

Кім еді?!

Қураған раушан...

Тудырар үрей мен жалғыздық,

Біреуге айта алмай қуансаң.

 

Бір дауыс шыға ма, қарашы!

Тот басқан ашылмас терезе.

Не іштім, білмеймін...

Ұмытқам...

Соңғы рет кепкенде кенезем.

 

Көз жасым құрғапты...

Шытымның

Сетінеп тозыпты шашағы.

Бұл бөлме не деген қараңғы,

Жарықтар неліктен қашады?!

 

Күткендей бір ыстық кездесу,

Хат келер почтаға жүгірдім.

Парақтар сарғайған...

Шаң басқан...

Тышқанның қиы мен үгінді.

 

Денеме қараймын...

Түршігем,

Қалған бір мүрдедей көмусіз.

Құлағым тас керең...

Иіс жоқ...

Тамырым соқпайды...

Неге үнсіз?!

 

Адамдар жыламас, бірақ та

Топырақ салар еді өлсем мен...

Тірімін деуім де тым қиын,

Жақсы еді біреуің келсеңдер!...