Жылдың үздік поэзиясы
17

Кертолғау

Ақылдан ұлғаусар мендегі кертолғау,

Сендегі нәзік жан соған кеп өртенді-ау!

Жолдарым кер ағыс, дүние дүмбілез,

Ешкімге жақпайды сондықтан бұл мінез.

 

Шығыстан есетін самалдар аңсауық,

Барғанын білмеймін молама қанша алып!

Өзімді жоғалттым жүргенде тентіреп,

Мұра боп қалғаны құр қаңқа, өрті жоқ.

 

Енді мен қайтейін, ақ бауыр қарлығаш,

Аққанда сен сүрттің көзімен қанды жас.

Ешкімге айтпауға бекінген ғазал бұл,

Жаңбыры тірілтіп қалады-ау қазанның.

 

Мендегі мүсінді қашап-ап бұл Құдай,

Жанымның нұрларын сімірген мұңлық ай.

Солайша фәниден мен мүлде жоғалғам,

Тірілер алдайды, сұрама олардан.

 

Пәленше көшеде мен жүр деп айтады,

Адамның бәрі ұқсас, білесің, жайсаңым.

Сен сүйген сол адам көкке ұшқан бір түнде,

Жылама, қамықпа, өкінбе, күрсінбе...

 

«Менінен» айырылған қаңқамды сүйретіп,

Мен оны іздеймін алапат күй кешіп.

Өзімді бір тауып әкелем түбінде,

Найзағай ойнайтын Алматы түнінде.