Жылдың үздік прозасы
10

Бойдақ

(новелла)

 

Бақыт - ұя, махаббат - құс секілді.

 Ұяны қолдан жасап алуға болалы.

Ал, сол ұяға құсты қондыру,

қонса ұшырып алмау оңай емес.

 

Бүгін жұмыстарым ертерек бітіп, көше бойындағы бір дәмханаға соқтым. Дәл осы кафеде істейтін даяшы қыздың күлім қағып келгеніне,  майыса мәзір  ұсынғанынына масайрап қаламын. Бойдақпын ғой. Әйтпесе, келген майманға күліп қарау оның жұмысы. Ал, менің жалғыз жортқан жүрегім сол жылуға да мәз болады.

Қасымнан сылаңдап сұлу өтсе сұлтандай сүзіліп қараймын. Жай қарағанға көшедегі қыздың бәрі сұлу. Ал, үйленейін десем, біреудің талабы, біреудің талғамы сәйкес келмей, әйтеуір  көп сұлудың біреуі маған бұйырмай қойды. Сонымен - сүрбойдақпын.

Даладағы орындықтардың біріне жайғасып, жан жағыма көз салып, асықпай мұз қосылған кофе ішіп алдым. Осылай жайбырақат отырып, жан-жағыңда жүрген адамдарға мұқият қарап отырудың да өз рақаты бар. Кейде, осындай қарапайым бақыттың өзіне уақыт қимай қаламыз.

Біраз отырған соң байқадым. Іргемдегі орындықта қыз бен жігіт шүйіркелесіп отыр екен. Әңгімелерін қанша тыңдамайын десем де, әумесер ой жеңіп ақыры құлақ түрдім. Қыз бен жігіт дегенім ерлі-зайыпты екен. Әлі жап-жас екендері көрініп тұр. Біреуі тіпті оқу бітіріп үлгермесе керек. Өздері болашақ балаларына есім таңдап отыр. Жігіттің айтқанын қыз ұнатпайды, келіншегінің айтқанын ері құптамайды. Екеуі бір айтысып, бір күліп біраз отырды. Артынша, желінбей қалған бір тілім тортты қалташаға салдырып, тұрып кетті. Кішкентай ғана көшеде адасып қалатындай бір-бірінің алақандарын қысып ұстап алыпты. Қарап сүйсіндім. Есіме қай-қайдағы түсіп те кетті.

Қазір ғой, күндердің бәрі бір-біріне ұқсайтын сияқты. Таң атып, кеш батады. Бір күн бір сағаттай, бір сағат бір секундтай сырғып жатыр.  Бір кездері қызық көрінген дүниенің бәріне құлықсызбын. Әйтеуір, сүлдемді сүйретіп күн өтіп жатыр.

Ал, студенттік кезде қандай еді?! Өмірдің түсі қанығырақ, аспанда күн жарығырақ болғандай ма? Жеген асың да сіңімді, айтқан сөзің шырынды, армандар да асқақ емес пе еді? Әйтеуір, ол кезде танысқан әр адам жақыныңдай болып кететін. Қазір бір көрген адамыңның аты тұрмақ түсін ұмытып қаламын. Студент кезде не істесек те жарасатын. Сондай шынайы едік қой. Жоқ, ол кезде мүлде қателеспедік деуден аулақпын. Қателіктің көкесі жастық шақта болады ғой. Бірақ, соның бәрі бір жамандыққа жақын болғаннан емес, ойсыздықтан, балалықтан, ерме мінез еліктеуден жасалған сияқты. Лекцияға ұйықтап қалатынымыз, біреудің туған күнінде “крутой” болу үшін ұрттап қоятынымыз, сауық кештің соңында біреуге жұдырық сілтемей қайтпайтынымыз бәрі бұрыс жолға түсіп, бүліген адамның тірлігіндей көрінсе де, біз соның бәрін албырт жастықтың атын жамылып қана жасадық.

Ал қазір біреумен ренжіссең бұрынғыдай татуласып кетуіміз қиын. Жұдырық ала жүгірмек түгілі жай қисық қалжың айтқан адамнан мың шақырым аулақ жүрем.

Осылай күйбең тірлікке салынып, салым суға кеткенде студенттік шақтың кереметін есіме аламын. Ол кезде ауа шіркіннің өзі кеңсірігіңді жарып жіберердей жұпар еді ау? Әсіресе, студент кезде жүректің өзі жүрдек пойыздың жүрісіндей атқақатап тұратын. Студент кезде бақытын тауып, сүйіп қосылғандардың арманы жоқ шығар. Көңілің былғанбаған бала кезде, сезімдер тау суындай таза кезде сүйіп қалған адамыңа өміріңді арнаған қандай ғанибет?

Одан кейін өмір көрдік, адам көрдік. Сосын әбден есейіп, қатайған соң біреуді қанша сүйейін десең де ессіз жақсы көре алмай қаласың. Іштей шарттасу, салыстыру, есептесу…

Бірақ, адамның бәріне алғашқы махаббатын сақтап қалу бағы бұйырмаған ғой. Мен де сол “жолы болмағандар” қатарынанмын.

Оның есімі - Дария еді. Оны қашан, қай кезде кезіктіріп, қай шақта жоғалтып алғанымды да білмеймін. Әйтеуір, ол біздің жатақханада тұратын. Бізден бірнше курс төмен оқыды. Анда-санда дәлізден көріп, “шашы ұзын” екен деп ойлаудан әріге бармадым.

Мен кейде студенттерге курстық жұмыс жазып ақша табатынмын. Жұмыстан өмірі босамайтын, босай қалса біздің не тақырып өтіп жатқанымызды түсінбейтін, бір сөйлем жазса басы айналатын, сөйтіп жүріп жақсы баға алғысы келетін “оқымыстылар” көп емес пе?! Міне, солардың жұмысын жазып оқу залында ұзақ отырып қалдым. Есіктен кім-кіріп, кім шыққанын елейтін емеспін. Бар ойым, көп жұмысты жазып бітіріп, олжалы болу. Өндіріп жазсам, қалтам да қалыңдап қалады. Ал, ақшаның артығы жоқ. Жалғыз шәкіртақыға күн көре алмаймын.

Түннің қай уағы екенін қайдам. Көзімнің майын тамызып жазған жұмысым бітті. Өз еңбегіме өзім сүйсініп, Ноутбуктың экранын жапқаным сол еді, қарама қарсы үстелде бір қыз отырғанын көрдім. Бұл, дәлізден ылғи көріп жүрген көп қыздың бірі. Жүзі сондай таныс. Алайда, атын білмеймін. «Шашы ұзын екен» деп жүрген қызым осы емес пе?! деймін ішімнен. Бұл жолы қос бұрымы тарқатытылып, арқасына түскен. Түнде ғана оянатын перінің қызындай сонша сұлу болып отыр. Менің оқу залынан шығып кеткім келмеді. Соны қостағандай қос аяғымда жан жоқ. Тіпті, тұрып кете де алмадым. Құдды, аяғымды цементке қатырып қойғандай қимылсыз қалдым. Бірақ, түн ортасында мөлейіп бөтен қызға қарап отыруымды жөнсіз санап қайтадан ноутбугты ашуға мәжбүр болдым. Пернетақтаны шұқылап қанша отырғаным есімде жоқ. Отыра берсем таң ататын түрі бар. Кетейін десем мына қызды жалғыз тастап кеткім келіп тұрған жоқ.

Заттарымды реттестірген болып жатып:

 

- Мына жердің лампасы нашарлау екен. Көз ауырып кетті.

Қызда үн жоқ.

- Сабақ оқып отырсыз ба?

- Аа, маған айтасыз ба? Сәлеметсіз бе?!

Ол құлағыннан құлаққапты шешіп үстелге қойды. Бағанадан бері бекер сасыппын. Ол да менің бар жоғымды аңғармай экранға үңіліп отырыпты.

- Не деп едіңіз? Естімей қалдым, - деді  экранның жарығынан талған көздерін уқалап.

- Сабақ оқып отырсыз ба?

- Жоқ. Кино көріп отырмын. Үй тапсырмасы ғой.

- Бейнегүл апайдың тапсырмасы ма?

- Оны қайдан білесіз?

- Мен де бірінші курс оқыдым ғой. «Қыз Жібек» фильміндегі режиссер шешімін, психологиялық паралелизмді тап деген тапсырма ғой иә?

- Иә, солай.

- Таптыңыз ба?

- Аққу мен қыздың кадрларын суретке түсіріп алдым. Психологиялық паралелизм деген сол шығар?

Қыз алдында ақылдылығымды көрсетіп біраз көсілдім. Туындыға композициялық талдау жасадым. Тіпті, Нұрғиса Тілендиевтің “Аққу” күйінің құдіреті туралы оқыған әңгімемді де айтып үлгердім. Кезінде "Қыз Жібек" фильмін түсіру барысында көлдегі аққулар камераға жақындамай қойыпты. Сол кезде жағалауға келіп Нұрғиса ағамыздың осы "Аққу" күйін ойнатқан екен. Күйге елтіген аққулар жағаға жақындап, қанаттарын қағып, сабалап, ерсілі қарсылы жүзген. Сол кадр киноға ерекше әсемдік беріп тұрғанын айттым.

 

Ол жағына қолын сүйеп қойып мені тыңдап қалыпты.

- Қызық екен…

- Айтпақшы, атың кім? - дедім көп сөйлеп кеткенімді сезіп.

- Дария.

- Мен Омар деген ағаң болам. Сенен екі курс жоғары оқимын. Бірінші курссың ғой иә?

- Аха.

- Бәсе, бұрын мұндай қызды қалай көрмей қалып жүрмін десем…

Ол үндемеді. Заттарын ақырын жинап, кетуге ыңғайланды.

- Сабаққа қатысты сұрақтарың болса, көмектесуге дайынмын. Көбіне осы залда отырам.

Ол ақырын күбірлеп рахмет айтты. Орнынан әуелі өзі, артынша  ұзын шашы тербеле тұрды. Түп-түзу, қап қара шашы бейне бір жаны бар нәрседей қыз қимылдаған сайын сусылдап бірге билейді. Ол есікке беттеген кезде байқадым, шаштары оның құмырсқа белін сұқ көзден сақтайын дегендей, бүкіл арқасын жауып тұрады екен.

 

Есіктен шығып бара жатқан оған:

- Дария, қай бөлмеде тұрасың?! - дедім әңгімемізді ұзарта түскім келіп, оның кетіп қалғанын қаламасам керек.

- Оны қайтейін деп едіңіз? - деп күлді қыз.

- Жай, - деп кібіртіктеп қалдым.

- Осы этаждамын ғой. Сау болыңыз! - деп шығып кетті.

Кейін мен Дарияны дәлізден талай мәрте көрдім. Ол мені кейде байқап, басын изеп, жымиып қоятын. Ондай кезде менен бақытты адам болмайтын. Ал, кейде бір топ құрбыларымен кетіп бара жатқанда мен жаққа назар да салмайтын. Мұндайда менің ішімді сабалап жатқан көп көбелектің қанатын біреу кеп қырқып тастағандай ішім шым ете қалатын.

Оның осылай бірде амандасып, бірде бейтаныстардай иық түйістіріп өте шығатын  күндердің көбінде мен Дарияның бойынан ерекше сұлулық байқай бастадым. Бірде, жымиып қарағандағы маржандай тістері көзіме түссе, енді бірде биік өкшелі аяқ киім киіп қасымнан өте шыққанда қадамын жаңылмай басқан түп-түзу аяқтарына қарап қалатын едім.

Бір күні Дарияны студенттер сарайының сахнасынан көріп қалдым. Үсітіне киген қазақша көйлегі өзіне құйып қойғандай. Сөйтсем, ол домбыраның құлағында ойнайтын өнерпаз болып шықты. Нұрғиса атамыздың “Аққу” күйін орындап шықты. Ойпырмай, осындай шынашақтай қызға сұлулықты да, өнерді де аямай берген Құдайдың шеберлігін айтсаңшы... Мен болсам осы қыздың алдында ақылды көрінейін деп осы күйдің тарихын айтып бердім-ау, ұялмай. Риза болғаным сондай, көрермендер залында отырып, қалай “браво” деп орынмнан атып тұрғанымды білмеймін. Қасымда Досым деген бөлмелесім бар еді. Ол да орынан тұрып алыпты. “Көрдің бе біздің Маңғыстаудың қыздары осындай!” деп сахнаға қарай кетіп барады. Сөйтсем, фонтанның жаныннан жұлып алған бес тал раушанды Дарияға ұсынып жатыр екен. Ішімді қызғаныш деген қара мысық тырналап жатты.

Кейін мен ебін тауып Дариямен жиі сөйлесіп жүрдім. Сол кіріп келетінін біліп, кештете оқу залына барамын. Бұрынғыдай, шашым ұйпа-тұйпа болып, энергетикалық сусын ішіп, майкамен отырмаймын. Таранып, сыланып, әтір себініп барамын. Жаза қоятын жұмыс жоқ болса, әншейін кітап оқып отырамын. Ол келе қалса ауа-райы, сабақ жайын сылтауратып әңгімеге тартам. Ал, сабақтан басын алмай жатқанын, қауырт жұмысы көп екенін байқасам жай ғана сыртынан бақылап отыра берем. Онымен бірге бір бөлменің ауасын жұтып отырғаныма тәубе қылам. Ақыры, бұл залға басқа ешкім кіріп келмесе екен деп тілейтін халге жеттім. Бірақ, бүкіл этажға бір ғана оқу залы берілген. Тек екеуміз оңаша отыра беретін бұл жас жұбайлардың шымылдығы емес. Сондықтан, кейде Дариямен әңгімелесудің өзі қиынға түсетін. Сөйтіп, мен оны оқу залынан басқа жерге шақырып, сөйлесу керектігімді түсіндім.

Бір күні ол кітап-дәптерлерін құшақтап бөлмесінен шығып келе жатыр екен.

 

- Сәлем, Дария. Қалайсың?

- Сәлеметсіз бе, Омар аға. Жақсы.

- Оқитын сабағың көп пе?

- Баршылық.

- Онда, одан бұрын таза ауада жүріп қайтайық та. Менің де жазатыным көп. Мойным жар бермей тұр. Далаға шығып бой жазып келсек, зейініміз ашыла ма дегенім ғой. Артық ойым жоқ.

Ол басын изеді. Дәптерлерін бөлмесінің кіре берісіндегі сөреге қоя тұрды да, кроссовкасын киіп қайта шықты.

Жатақхананың алдында сапырылсқан жастар. Бірі доп ойнап жүр. Біреулері скамейкада гитара тартып отыр. Бір топ қыздар қызықтыра балмұздақ жеп барады.

 

- Балмұздақ жейсің бе?

Дария басын шайқады.

Мен оның қолынан демеп дүкенге әкелдім.

- Ал, не аласың? Таңдай ғой.

- Ештеңе керек емес, әуре болмаңызшы.

Мен дүкеннен өзім ұнататын сүзбеше, шоколад, балмұздақтың түр түрін алып шықтым. Екеуміз қарағай мен шырша жарыса өскен бақ ішімен жаяу жүріп келеміз. Ол да үндемейді. Мен де үндемеймін.

 

- Оқу залында тұншығып отыра бермей арасында осылай шығып тұру керек екен - дедім қулана. Күнде Дариямен дала кезіп жүрсем арман бар ма?!

- Бәрібір ауа тығыз екен. Біздің ауылда теңізден соққан жел ұшырып әкете жаздайды ғой. Осы қалаға келгелі бір жел соққанын көрмеппін.

- Ал, мен теңізі бар жерге барып көрмеппін.

- Ой, теңіз деген рахат қой. Желді күні балдырдың иісі шығып берекетті алады демесеңіз. Басқа кезде нағыз жанның рахаты.

- Жүзіңе қарасам жел көріп өскен қызға ұқсамайсың. Теңізде өскен қыз йод пен темірге тойып, қызыл шырайланып тұрмай ма?

- Мен қандай болып тұрмын сонда?

- Тым талдырмаш, аппақсың дегенім ғой.

Осы бір келеңсіз комплиментті бекер ақ айтыппын. Әп-әдемі сөйлесіп келе жатыр едік. Тағы да үндемей қалдық.

Мен одан туған жері туралы сұрадым. Оның даусы діріл қағып қайтадан шабыттана сөйлей бастады. Шамасы ауылын сағынса керек.

- Онда мені ауылыңа қонаққа шақыршы. Қызығып кеттім ғой.

- Келіңіз, келіңіз. Қуана қонақ қыламыз.

- Сен мені теңізге шақырдың. Мен сені тауға шақырайын. Тауда өскен баламын ғой. Келістік пе?!

Ол жауаптың орнына жымиып күліп қарады. Маржан тістері тағы да жарқ ете қалып, жүрегімді шоқтай қарып барады. Қоштасарда мен оған бір дорба тәттілерді ұсындым. Ол ұяла қабыл алды.

 

Кейін біз тауға да бардық. Онда да таудың шығу тарихын айтып, алғаш рет осы жерге жалғыз келіп адасқанымды айтып көп мылжыңдап кеттім. Бірақ, менің сол әңгімелерім Дарияға ұнайтын да сияқты. Сөзімді бөлмей, басын изеп, тоқтап қалсам сұрақ қойып өзі сөйлетіп алады. “Көңілсіз құлақ - ойға олақ” болса, зейінді тыңдарман - айтушыны шешен қылады екен. Ол беріле тыңдаған сайын ,мен де сөздің майын тамызатын болдым. Әр кездескен сайын әр нәрсені айтып, көңіліміз көлдей тасып қалатын еді. Алайда, одан ары жақындауға жүрегіміз дауаламады. Жанымызда жүз адам болса да, оңашада жалғыз қалсақ та әңгіме айтудан басқаға батпадық. Оның сырын ойласам өзім де түсінбеймін. «Сен маған ұнайсың!» деп айтуға жарамайтын қандай жасық болғам?!

Бір күні біздің үшінші курс студенттері мейрамхана жалдап, би кешін ұйымдастырамыз деді. Ол кезде карантин болады деген ойымызда да жоқ. Әйтеуір, көңіл көтеру үшін барымызды салып жүрген кезіміз. Сол кешке жалғыз емес, жұп болып келу керек деген талап қойылыпты. Мен Дарияны ондай жерге апарудан қызғандым. Ырду-дырду. Би, ішімдік, қалжыңбас дарақы жігіттер. Өзге түгіл өзіме қимайтын аяулы жанды, жынойнаққа апарғым келген жоқ. Ережені бұзып жалғыз бардым. Барсам, жамандыққа қимай, қызғыштай қорып жүрген Дариям сонда жүр. Жай жүрген жоқ бөлмелесім Досыммен билеп жүр. “Омар жалғыз келгенің не?” деп курстас қыздар қаумалап жатқанда Дария мен жаққа бұрылып қарады. Мен де қарап тұрмай, ерегесіп қасымдағы ең сұлу деген қыздың бірін қолтықтай жөнелдім. Сол кеште бидің түбін түсірдік. Өзім арықша келген сұңғақ жігітпін. Аса бір керемет қимылдаймын деп айта алмаймын. Бірақ, Дарияның маған айтпай кешке бөтен жігітпен келгенін көргенде, қалғып жатқан өнерім оянып кетті ғой деймін. Әр қызды шыр айналдырып билей беріппін. Бір есімді жиғанда Дария қайтып кетіпті.

Одан кейінгі өмірдің несін сұрайсыз? Карантин басталды. Әркім туған жеріне тартты. Мен келесі жылы диплом алдым. Одан кейін шет елге оқуға түстім. Еуропада білім алдым. Дариядан сұлулығы асып түсетін небір қызбен көңіл жарастырдым. Бірақ, шет елдің қыздары қанша сұлу болса да қазақ қызына тән бір балалық, аңалдық, ұяңдық таба алмадым. Олар-асқақ. Бәрі болмаса да көбі қылымсып тұрады. Иба деген қасиет тек қазақ қызымен бірге туылатын мінез екеніне көзім жетті.

Ірілі-ұсақ мақсаттарыма жетем деп жүргенде Дария туралы ұмытып кетіппін. Тек, кейін бөлмелес жігітке: Мен ұнатып жұрген қызды би кешіне шақырып қатырдың” ғой деп сұрағанымда,

«Ол сенің сүйген қызың екені маңдайында жазылып тұрған жоқ, мен қайдан білейін? Жерлесім болған соң, қызықтан құр қалмасын деп шақыра салғам. Өзі де ондай кешке еріп барар ешкімім жоқ деді. Басы бос қыз екен деп алып бардым. Жігіті болсаң өзің неге шақырмадың?» - деп бұрқылдады.

Расында, мен оны қызғанардай кім  едім? Оның ағасы да, күйеужігіті де, ең болмаса Досым сияқты жерлесі де емеспін.

Менде Дарияның номері де болды. Атын жазсам, әлеумкттік желідегі парақшасы да табылар еді. Бірақ, мен оны іздемедім.

Мен кейін оны көшеден көріп қалдым. Баяғы сүйкімді қалпы. Бәрі бұрынғыдай. Тек қолаң шашын ғана қақ ортасынан қиып тастапты.  Туфлиімен тық-тық басып қасымнан өте шықты. Көзінің қиығымен қарап, басын сәл изегендей болды. Амандасқаны ғой. Бірақ менің жауабыма аса мұқтаж еместей, кідірмей кетіп қалды. Мен ақымақ тағы да үндемей қалып қойдым.

Сол кезде біздің арамызда үлкен берік қамал бардай сезілетін. Біз қаншалықты бір-бірімізге жақындағымыз келген сайын алыстай бердік. Дәл жағаға ұмтылған толқын секілді. Табыспадық.  Бір бірін кері итеретін магниттің екі қапталы  сияқты болдық. Бір нүктенің бойында қиыспайтын парелель сызықтар сияқты болдық. 

Мен оның себебін енді ғана ұққандаймын. Сен менің мінсіз кейпімді, мен сенің кемшіліксіз болмысыңды ұнаттым. Ал өмірде ондай періштедей пәк адам болмайды. Біз бір-біріміздің дақ түспеген дара қалпымызды жақсы көрдік.  Тек осылай алыстан сыйласып, құнды құпияның сырын ашқысы келмейтін біртүрлі ғашықтар едік.

Мұның бәрін жыр қылып не үшін баяндап отыр дейсіз бе? Күйдім, сүйдімнен басқа дені дұрыс әңгіме қалмады ма деп отырсыз ба? Айтпағым, жастық шақта адамның жүрегі таза, көңілі кіршіксіз болады. Сол кезде шын ұнатып тұрған адамың сені де ұнатса бұл екінің біріне бұйыра бермейтін сәтті билет деуге болады. Ал ондай адамды жоғалтуға, жібере салуға болмайды.

Бәлкім, бәзбіреулер маған қазір тас алып жүгірер. Жастық шақта алып-ұшқан сезімнің жетегінде отбасын құруға болмайды дер. Ақыл тоқтатып, оң-солыңды таныған соң барып жар таңдау керек дейтін шығар. Бірақ, мен ақыл да тоқтаттым. Жақсы жұмыс та таптым. Жағдайымды да түзедім. Бірақ, өз Дариямды жоғалттым. Тек сол өкінішке айналған қателігімді басқа ешкім қайталамаса екен деймін. Қалғанын әркімнің өз жүрек таразысына қалдырайын...

Мен қай-қайдағын есіме алып отырғанда, ішіп отырған кофемнің мұзы еріп кетіпті. Үйге қайтатын уақыт та болды. Осындайда, үйде еркелеп күтіп отырған бір арудың болмағанына қынжылам. Құлазып тұрған бір бөлмелі пәтерге қайтқым да келмейді. Даяшы қыз күлімдеп қоштасты. Менің мұз жүрегім тағы да еріп сала берді. Кофем секілді...