Жылдың үздік поэзиясы
15

Тезек терген

"Бір күні Аққыз өзінше айла тауып, тезек теру үшін ала қапқа қалақтай қоңыр домбырасын иығына салып, бел асады. Содан ауылдан ұзап шығып, иесіз даланың елеусіздеу бір сайына жеткенде қоңыр домбырасын қолына алып, мұңдасымен аңсап көріскендей күй кешеді...".

        (Аққыз күйші туралы деректерден)

 

Запыран-күй зарығып өзекте өлген,

Запы болып меңіреу мезеттерден

Аңсарындай Аққыздың арман-дүние,

Күй төгетін қолымен тезек терген.

 

Шымырлаған таулардың құйқасы да,

Дамылдардай домбыра-шипасынан.

Жаңылғандай жолынан жолаушыдай,

Күй тасыған жүрекпен қи тасыған.

 

Тәркіл-тәркіл тірлікте татқызар у,

Қос ішекке саусағы қатты зәру

Күй кеулеген кеудемен бара жатар,

Айдаланы бетке алып Аққыз-Ару.

 

Қарсы алдынан тартады жел де сырнай...

Жүрегі кеудесіне,

жерге сыймай,

Тіл бітер дүниеге,

домбыраға -

Саусақтары сүйгенде пернесін жай.

 

Емінтіп, емексітіп назды үнменен,

Мәжнүн күйді кешуге мәжбүрлеген

Ойығынан оюлар өріліп сан,

Домбыра шанағында саз бүрлеген.

 

Күйге емініп, аялдап, тіпті ауырлап

Қара жерге аспанда бұлт бауырлап.

Ұйып қана сол күйге тынды дала,

Тынбады тек шанақтан шыққан ырғақ.

 

Пешенесі сан тарау пернедей ме?

Күмбір күйлер кеудесін кеулемей ме?

Тас мешеуге айналып тынды дала

Тым болмаса, япыр-ау "Беу" демей ме!

 

"Беу" демей ме білдіріп бөлек рең,

Күй кетті шым батырып тереңіне

Қос ішекке қосылып  егіледі

Кермек жасы төгіліп кемерінен...

 

Сыңсып ұшып аққу-қаз  ши түбінен,

Арбайды енді мына өмір сиқырымен

Сұрқы қашқан беймаза заманаға,

Тіл қатқандай Тәңір де  күй тілімен.

 

Алпыс екі тамырды сабасына

Түсірмей

Алуан сезім аласұра...

Арылды күйші кенет ауыр мұңнан:

"Дүниенің шіркін-ай мәні осы ма?".