7772
Ғұмырыңнан айналайын Қаламгер!
Өнер шіркін, тамсандырған талайды,
Хан Тәңірі төккен шуақ арайды,
Тау Қыранға шабыт болған Тянь-Шань
Тым биіктен маңғазданып қарайды.
Құз – шыңында кіл шындықтың мұзы бар,
Бұл шындықта өрнектер бар біз ұғар,
Топырағы талай ғұмыр куәсі
Боранын да сол тағдырлар сызы бар.
Бауырында байсалды жұрт, думанды ел,
Естігендер жырдан бақыт құрған дер,
Талай тұлға өніп-өскен бұл өлке
Бердібектей заңғарға да туған жер.
Жазған повесть – жан айшығы ер мұңы,
Ол жазғандар жүрек пен ой теңдігі,
Мен айтайын Бердібектей ел ұлын
Туындысы бар қазаққа белгілі.
Әдебиет ол шын мәнінде сырлы өткел,
Талант сырын түсінген ел, құрметтер,
Жазғандары жауhар, маржан,жақұттай
Оқығанға ой қалдырған суреткер.
Жазушылық – жазу шынға сай мәнді,
Жаза жүріп, кеңге құлаш жайған-ды...
Жазар жолы өлеңдермен басталған
Өсе келе қаламгерге айналды.
Түсінер жан, биік болса өресі,
Оқу, білу, зерттеу, қарау – жөн осы,
Әдебиеттің бір кірпіші секілді
«Менің атым Қожа» атты повесі.
Шыншыл бейне, жазған бала ғашықты,
Қазақтарға оқытпады, жасытты.
«Молодая гвардия» баспасы
«Менің атым Қожаны» алғаш басыпты.
Жазар дәурен , жанып тұрды жалыны,
Жазушының қайтпады еш қарымы,
Әдебиетке қанбаған жұрт құмары
«Мәдениетке қарсы» деумен таныды.
Сипаттайтын қызық дәурен ғұмырды.
Шындығында бала Қожа шын үлгі,
Бір адамның өміріне татитын
Тағдырына тіреу болар туынды.
Бала көңіл, балалық шақ бейнесін,
«Қожа» арқылы еске алады кей досым,
Сол фильмнен қалып қалған кадрлар
Киген «Қожа» «Пионерлер» жейдесін.
Қиын жазу жеңіліс пен жеңуді,
Ұштастыру құндылық пен өмірді,
«Жекпе-жектей» туындымен халықтың
Руханилық тренері көрінді.
Мөлдір мұңнан құралғандай сан жылдар,
Жазар жүрек, қамшы ғұмыр бар жылдар,
Жазғанында ақиқат бар суреткер
Қаламында тәрбие бар, тағлым бар.
Сол бір дәурен шимай-шатпақ тағдырлар,
Табылмады жазғанды ұғар, жанды ұғар,
Шеңберінен шығармаған қоғамда
Қылышынан қам таматын тағдыр бар.
Әдебиетті оқымау ел азғаны,
Мүмкін емес ол шындықты жазбауы,
Шындық айтсаң сөз бұзылмас дегенді
Дәлелдейді Бердібектің жазғаны.
Айтылмады Бердібектің мұң әні,
«Қағаз, қалам» жазушының жұмағы,
Қалам мұңы жан мұңымен иіріліп
Қаламгердің тағдырында тұр әлі.
Әдебиеттің болар шындық бар мәні,
Ұлы іс қой сөзбен сурет салғаны,
Тілдің нәрін кірлетпеген суреткер
Өміршеңдік болмысынан танбады.
Тағдыр шешей өрді өмір, өлімді,
Көз алдымда ғұмыр жатты боп үлгі.
Бала көзбен жазған жақұт шығармалар.
Дана көзге дара болып көрінді.
Ұмытпайды арда ұлы ел сені,
Жат қылмайды өзің туған жер сені,
Сен тірісің жазғаныңмен Жазушым!
Өлді деуге қия алмаймын мен сені.