Жылдың үздік поэзиясы
318

Қызыл күрең тобылғы

(Баллада)

Сүт көңілім – кілегейлі ақ қаймақ,
Алыс қалған балғын бала шақты ойлап.
Жүргенімде тобылғы еске түседі-ау,
Әкем ылғи жүретұғын ат байлап.

Сағыныштың оты жанып кеудемде,
Атпен бардым бірде әдейі сол жерге.
Ерке күндер өртедіңдер өзекті,
Тұрдым толқып тобылғымды көргенде.

Іштей ғана егілдім-ау, егілдім,
Ойхой, дүние-ай, айтшы қане не білдің?
Көзіме оттай басылғанда тобылғым,
Сағынышын қозғайды екен көңілдің.

Өрттей өңім осы сырды ұқтырды,
Кірпігімде мөлдіреп бір шық тұрды.
Шыдатпайды екен ғой бұл сағыныш,
Жылатпай да қоймайды екен мықтыңды.

Көкейімнен өшпейтін бұл қызыл от,
Жастығымның жайраңдайды жүзі боп.
Балғын шақпен тілдескендей күй кешіп,
Тірі әкемді елестетем, Құдірет.

Онда әкеме жүруші едім мен еріп,
Таңғажайып сезімдерге бөленіп.
Аз күннен соң әкем еккен егіні,
Осы арада жайқалатын көгеріп.

Мен жаңадан үлгіргенде хат танып,
Әке жырын айтқанымда шаттанып,
Ұлым енді ер жетіпті дегендей,
Оралмасқа кетті мәңгі аттанып.

Жас жанымды аяз шалып бір суық,
Қайғырдым да қала бердім күрсініп.
Суық жердей суық болып көрінді-ау,
Сонда маған әкесіз бұл тіршілік.

Көңілімді мұздатқанмен суық күн,
Жанған шамын өшірмедім үміттің.
Не келмейді басына ер жігіттің,
Көп қуаныш, көп қайғымды ұмыттым.

Тізбектеліп өтіп жатқан моншақ күн,
Жастығымды алыстаттың, аңсаттың.
Әкем анау ат байлаған тобылғы
Белгісі боп сөйлеп жатыр сол шақтың.

Ата салтын аялаған ардақты ұл,
Әке рухы – қасиетті әруақ бұл!
Қызыл күрең тобылғы ма, уақыттың үні ме
Түйсігімнің тілі ме әлде сарнап тұр.

-Ей, пенделер, қылығыңа төздім көп,
Не айтар ең, оздым деп пе, тоздым деп.
Қайырымды халық едің, араңда
Қашан, қалай пайда болған безбүйрек?!

-Не сойқан ол арсыз еткен арлыны,
Не кесел ол әрсіз еткен әрліні?
Сай-сүйекті сырқыратты қайтейік,
Қасіретті қара шалдың зарлы үні.

Жетімектің ботадай боп боздауы,
Көкіректің шерлі үнін қозғады.
Осы емес пе боз жорғаның мертігіп,
Осы емес пе боз даламның тозғаны?

Баба дәстүр ізгілікті ең, ізетті ең,
Табаныңнан қандай сұмдық сыз өткен.
Ауырып бір тұрғандайсың сүзекпен,
Ұлттық қадір-қасиетімді қорғайтын,
Намыс – сақшым қайда жүрсің күзеткен?

…Тұрып қаппын, атымды мен тебіндім,
Тергеп мені жатыр екен тобылғым.
Жетегінде қобалжыған көңілдің,
Жағасымен келе жаттым егіннің.

Өсіп-өндік десектағы өркендеп,
Өксік толы сырларымды шертем көп.
Өткен күнін аңсап жүрген еркем деп,
Өртенсең тек сағыныштан өртен деп,
Тасжүрек пен безбүйректен жиіркен деп,
Тобылғымды сөйлетіпті жел тербеп…