42
Бақтағы баллада
Адым атқанда ізім қала ма?
Көз салсам көкке көзім қала ма?
Кімнің кітабы мына ғаламшар,
Жер–парағына сөзі тараған?
«Зылихадан» қаш:
алтын тақтан қаш,
Бұ жалғаннан қаш «ақ таң» атқанша...
Бүрмелі көйлек қолаң шаштан қаш,
Өзіңнен де қаш, ақ жол тапқанша!
Жарды тапқанда, құс мұңайғанда,
Жәутеңдеп жұлдыз жасын тыйған ба,
Кешірші, арман, кетіп қалыппын
мен тым шалғайға, басым ауғанға...
Мен тым алыстап кетіппін, қасқа!
Көкжиек, бұлттар – көрікті достар,
Түнгі думанға шақырсаң етті,
Кешкі пердеңді түріп ап аспан...
Айдың патшасы,
Күннің патшасы!
Күзеткен кім бар сырдың қақпасын!?
шайқалып жатыр масайған талдар,
жайқалып және түннің бақшасы.
Тәнім ішінен, жаным ішінен,
Сартап сағыныш хәлін сезінем...
өзім жоғалып кімді табармын,
жасырын жатқан әріде, терең...
Алданбай жетсем көрген суретке,
Көңіл бағында бүрлі гүл көктеп...
Сылдырлап аққан бұлақ боп кетсем,
Тамшы жаныма нұрды өбектеп...
Мен сүремін бе, Сен сүресің бе?
Күнді сағынсам түнді түресің бе?
Кімді іздеймін Айға қарасам
Құс ұясындай тал төбесінде...
Сыңсыған терек.
Кімді сағынам?
Неге шырқайсың мұңды қоныр ән?
Жайқалған, масаң, жұлдыздар, әне,
Хор айтып жатыр түннің бағынан.
Жасарып талдың күздегі тәні,
Ұшпа бұлттардан іздеді нені?
Кім жайлы жырлап тынбайды емен,
Күбірлесумен жүздеген ерні...
Қара тал кімге айналып барад(ы),
Ала таң гүлге айналып барад(ы),
Сұлулық күлге айналып барад(ы),,
Жұлдыз-бақ қана жайқалып тұрад(ы).
Жан-жағым бақша менен аумайтын,
Қараймындағы нені ойлаймын?
Тербелем лепке шапаққа шөлдеп,
Бұталарым-қол түнді қармайтын...
Ағаш боп барам бұлғақтап биік,
тән-қабығымды түн қақтап, сүйіп,
тербетеді ылғи дің-бесігімде,
Жапырағыма құндақтап жиі...
Айдың көзі мен келбеті, өңі –
Шағылыс екен көл бетіндегі.
Жердің өзі де – жапырақ екен,
Жайқалып тұрған жел өтіндегі...
Талдар көктемді балаша тосқан,
Жер де – гүлдеген, қауашақ ашқан.
Адамға сыйған алып ғаламшар,
Жанарға сыйған, қарашы, аспан!
Бұлбұл сайрашы ғаламның әнін,
Жырлашы сосын адамның мәнін,
Ағаш боп кетсін күйгелек тәнім,
Жапырақ болып жаралы жаным...