29
«Кино» тұрғындары
Тағы да бір жасанды күн жасанды таудан рауандап атты. Ерік «Дүния» атты киностудияның табалдырығын жаңадан аттағанда, әке-шешесі балаша қуанып, дүркіретіп той жасап, шағын қалашықтың жұртын түгел шақырған болатын. Еріктің әкесі Ержан тапал бойлы, шүңірек көз, қара торы, еңбеккеш жан. Ал анасы Динара болса сұңғақ, етіне тері қаптай салғандай арық, аққұба, соған қарамастан көрікті. Ерік әкесін де, анасын да ренжітпейін деді ме – орта бойлы, қоңыр келген. Анасына ұқсаған – көзі мөлдір. Ол барлық балалар құсап айналасына қызыға қарап өсті һәм күндіз-түні сұрақ қоюмен болатын: «Анау не? Мынау не?». Тынымсыз күйгелектігі де басына бір бәле ұрындырмай қойған емес. Әкей мен шешей балаларының мұнша мазасыздығына немқұрайлы қарамайтын. Қайталаған жүз сұрағына жүз мәрте жауап қатады. Ерік зерек өсті, еркін есейді. Қалашықты велосипедімен олай да, бұлай да шарлап, көлге түсіп, тауға өрмелеп шығатын. Тек бір қынжылатыны өзі тұратын осы бір шағын қалашықты қоршаған әскер мен күзеттен көп қара жоқ. Бәрінің айтатыны бір ғана уәж: «Балақай, арырақ ойна! Мұнда болмайды!» Оның бала жүрегіне оқтай қадалған алғашқы ауыр сөз осы болды: «Болмайды!» Себебі, жауабы жоқ осы бір болмайдысы алдына мың мәрте қайта айналып келе беретінін білген жоқ. Тау етегінен бүлдірген, саңырауқұлақ теріп, жолай гүл де жұлып себетін толтыра үйіне келгенде анасы мәз болып қарсы алатын. Бұл жолы жайылған дастарханға көңілсіз келіп жайғасты. Қатулы қабағын, түскен ұнжырғасын байқаған шешей маңдайына алақанын басып, ауызын ашып көріп, бәйек қағып жүр.
– Бозарып кетіпсің ғой, құлыным-ау! Еш жерің ауырып тұрған жоқ па? – деді қасына отыра беріп.
–Бәрі де жақсы-ақ, бірақ анау шекарадағы әскер неге сонша қатал? Саңырауқұлақ теріп жүрсем, дүрсе қойғаны. Түтігіп, қабарған.
–Енді ол барша қала тұрғындары үшін жасалып жатқан сақтық шарасы ғой! Оған бола қам жеме! – деді анасы жасанды жымиып, күрсіне демалып.
Есейген сайын сұрағы көбейген үстіне көбейе түсті. Текшеленіп, бірі үстіне бірі мінгескен мына биік ғимараттарда, мінез-құлқы бір-бірінен аумайтын тұрғындар тұрады. Олардың күнделікті атқаратын жұмыстары да бірдей. Таң ата жұмысқа аттанып, кеш бата жұмыстан қайтады. Кешкі ас ішіп, аулада серуен құрады да, түн баласы ұйқыға жатады. Ал жексенбі демалысында бірі театрға, тағы бірілері базарға барады. Әдетті жұмыс пен күнделікті қайталанған шаруадан жұрт жалыққан емес. Бұл қалашықтың жалғыз көркі – балалар. Оларда белгілі бір жоспар да, жұмыс та жоқ. Ойын қуып бас ауған жаққа кете береді. Ал мектеп табалдырығын аттаған балалар бірден өзгеріп, бір қалыпқа салғандай тәртіпті, елгезек боп шыға келетін. Ерік сабақтан қайтқандарға қарап тұрып, бала жүрегімен осы бір мектептің нендей құдіреті бар деп таң қалатын. Сосын ол мына бір көкшіл аспанның, жарқыраған күннің ар жағында өзге бір әлем бар екеніне имандай сенетін.
–Оны қайдан шығардың, – деді бірде әкесі баласына ренжігендей, – бұныңды ешкім естімесін, сені жынды екен деп ойлап қалар.
«Ал мына біз тұратын үйлер, нысандар, тіпті анау тау да қораптан жасалған. Тұтынатын затымыз түгел қорап. Ал бұлардың шынайы нұсқасы жоқ па екен, бірдеңеге қарап шығарды емес пе. Анау ағаштар ше, оларға ілініп тұрған жемістер, онда өспегені, жіппен тігілгені, жердегі көкөністердің де жәй ғана бетіне қойылғаны, саңырауқұлақтардың орнатылғаны айдан анық көрініп тұр. Мұнда бір гәп бар», – деген ауыр ойлармен шамырқанады.
–Біздің бала тым арманшыл. Басына бір бәле тап болып жүрмесе етті, – деді бірде әкесі түн баласы анасына сыбырлап отырып.
–Айтып жүргендері жәй ғана қиял екені онсызда түсінікті ғой, несіне қам жейсің! – деді анасы келіспей.
–Оған енді дауа бар ма, – деген әкесі тұнжырап қалды.
Ерік тым аңғарымпаз. Қала тұрғындарының бүгін атқарған ісін екінші күні дәл солай қайталайтынын жазбай таныды. Тіпті мына жолдың арғы бетіндегі наубайханашы Сәрсен де мұны көре салысымен:
–Біздің Ерік сабақтан ерте келіпті ғой, – дейтін сөзін күнде қайталайды. Ерте ештемесі жоқ, сабақ бітетін уақыты осы. Ал пошташы Ғалым болса, «Жаңа нөмірді есікке іліп кеттім» дейтін көшеден кімді көріп қалса да.
Ит серуендетіп жүретін көрші әйел де, күнде бір көшемен серуен құрады, ал ең қызығы итін «мысығым» деп еркелетеді. Осы итін асырағанына да сандаған жылдар, бәлкім ғасырлар болған шығар деп топшылады Ерік бала қиялымен. Ал анау спортшы мырза болса күніге бір жолмен жүгіріп өтіп, бір жаттығуды бір қалыпта қайталаудан танбайды. Бұл көшемен қатынайтын қоғамдық көліктегі шопыр осы бағытта, бір уақытта өтіп жүргеніне қаншама жыл. Мына қала тұрғындарының барлығы әдетті ісін қайталаудан танған жоқ. Күнделікті жол қиылыстары мен басқан әрбір адымдары өзгеріссіз. Тіпті жымиғандары мен болмашы әзілдері де кешегі күндегіден, осыдан бірнеше жыл бұрынғыдағыдан дәл аумайды.
Ол бір-ақ нәрседен қорқатын – анау бір көшелерде, ғимарат подьездерінде, үй ішінде, қалашық бағаналарында ара ұясындай боп қаз-қатар тұрған кішігірім камералардан. Үш аяқты трипотқа асынған үлкен камералар болса алдына кездескен кісі қарасын жемтігін аңдыған мерген құсап әр адымын, қимыл-қарекетін қалт жібермей дөп түсіретін. Алғашында, бала күнінде осы бір камералар қызық көрініп, алдында күліп-ойнап түрлі қылық көрсетуші еді. Енді, міне, құтыла алмайтындай күйге тап болғаны. Ал сол бір камераларды түсіріп жатқан патша-ағзам мен әкім-қаралар осы бір түсірілімнің режиссері екен. Олардың қасына бару тіпті мүмкін емес. Жақындап қалдың екен, қаруын асынған әскер алдыңа жетіп келіп: «Түсірілім барысында камераға жақындауға болмайды», – деп дүрсе қоятын. Ал түсірілім тоқтап, үзіліс уақыты деген мүлдем жоқ. Қашанда бұл қалашықтың әрбір әрекеті назардан тыс қалмай таспаға жазылып жататын.
Қайда да тентектік қылса болғаны тап келетін жалғыз сөз: «Болмайды, камера түсіріп жатыр!». Осы сөзді өмірінде сан мың мәрте ести берген соң да шығар, «камера» десе болғаны, қол-аяғы дірілдеп, тынысы тарылатын. Қалашықтың барлық тұрғындары содан да шығар – сызып берген сызықпен, өлшеп берген өлшеммен ғана жүретіні. Бір адым артық баспастан, шағым білдірместен өтіп жатқан өмірлеріне дән риза. Артық сұрақ қоймайды, рұқсат етілгенді ғана алып, оқуға болатын кітапты ғана оқып, көруге болатын киноны ғана көретін. Өйткені тәртіп пен заң: «камера түсіріп жатыр» деген салт сөздің ар жағына сіңіп кететін. Ал ар жағыңдағы сансыз сауалдарды көмекейіңе көміп, қолмен тұншықтыруға тура келетін.
Ерік араға жылдар сап ер жетті. Ақылы толысып, бойы өсті, ал сұрағы жылдан жылға артпаса кеміген жоқ. Айтқанға оңай көне қоймайтын қырсық, ұстаздарымен қашанда тартысып, кез келген дүниеге күмәнмен қарайтын кіді. Оның бұндай мазасыздығын үйдегі ата-анасынан бастап, білім ошағындағы ұстаздарына шейін, «бізді камера түсіріп жатыр, тыныш» деп қана баса алатын.
Әлі күнге шейін ол қалашықтың қиылыстарында жолыққан адамдарға түрлі сұрақ қоюдан жалыққан емес. Тіпті оның мұнысына шамданған полиция қызметкерлері: «Сіз біздің ауданның тәртібін бұзып жатырсыз», – деп айыппұл жазғаны да бар. Мұнысын әке-шешесіне айтқан кезде ол кісілер де мұрын астынан міңгірлеп:
–Балам-ау, енді өзіңнен де бар екен ғой, – деген болатын.
–Бұлай кете берсе темір тордың ар жағынан бір-ақ шығасың, – деді бірде әкесі шатынап.
Әкесі еңкіш тартып, жүзін әжім торлаған. Ал анасы кексе, етжеңді болғанымен, шашы ағарып, жүрісі бәсең тартқан. Отыздан асқанда дүние есігін ашқан мына баласы бүгінде ер жетіп, келін әкелетін жаста. Ал бұлардың да арман-тілегі сол: немере сүю. Ол күннің де ауылы алыста емес сияқты. Ерік бала күннен көзіне оттай басылып жүрген ару Аидаға ғашық. Сөз салып, сезімін білдіруге батылы енді жетсе керек. Бір күні үйіне қырдың жасанды гүлін теріп барды да, терезесінің алдына тұра қалып.
–Аида, саған шын гүлдер мен шынайы әлемді ұсына алмаймын! Десе де мына шынайы, жасандылықтан ада, мәңгілікке құштар, тентек жүрегімді ұсынбақпын! Қаласаң соңымнан ер, ізімді бас. Сені дүниенің кереметтеріне апарайын! – деген болатын.
–Маған шынайы гүлдер де, шынайы өмір де керек емес. Мен осы өміріме разымын, қасымда өзің болсаң болғаны.
Араға ай салып, қалашықта кезекті бір той-томалақ аталып өтті. Жұрт сүлдерін сүйретіп Ерік пен Аиданың қуанышын бөлісуге жұмыстан соң бара жатқан беті. Бұл қалашықта күнде той, аста-төк дастархан, би мен ойын. Бұл да осы бір «Студияның» орнатқан заңы болса керек. Әкесі бұған: «Жастық шақта ойна да күл» деген болса, қаймананың аузынан түспейтін тағы бір мәтіл: «Өмір – қысқа, тойлап қалайық!». Міне, осы бір ұстанымды орындап келе жатқан жұрт уақыт өте келе тойдан да жалықты. Ерік пен Аиданың қуанышына қуанбағаны емес, күнделікті болып жататын жиырма бес, отыз, қырық жас т.с.с. той-томалаққа бара беріп шаршағандарынан. Сәл жетістік болды ма, ол да – той. Сәтсіздіктің арты сәтті болсын дейді де, тағы да тойлайды. Ал оқуға, білім қууға, ғылым іздеуге келгенде қалашық халқы енжар. Оған жағдайы да, құлқы да жоқ. Ал туғаннан талантты, білімді жастарды басып тастайтын «Студияның» жүйесі қатал. Елге пайдам тисін, көркейтейік, жаңа технология ойлап табайық дейтін жастарды дер кезінде сабасына түсіріп, «Сен кімсің өзі? Олай айтуға қалай дәтің барады. Әлде мына бізден асырып айта аламын дейсің бе» деп таптаурын ойлардың қоршауында қалады. Амалсыз беріледі. Сонсоң ескі сүрлеу, жаттанды жолмен жүретін қалашық халқы той тойлап, ән шырқап күн кеше берді.
Ерік пен Аиданың тойына қаймана түгел жиналып, таң атқанша тілек үзілген жоқ. Атан түйе сойылып, қайта-қайта табақ тасылып, ауқаттар әкелінді. Ерік сондайда ойлайтын, «қала халқы осы тойда шашылмағанда қайда шашыламыз дегені бекер емес-ау: халық түгел қарыз, тапқан-таянғаны тоймен рәсуа. Бастарын уайым торлап жұмысқа аттанады». Тапқан-таянғанын тойда шашу үшін, қызмет қылатын сияқты көрінді. Төрде, жоғарыда отырған ол азып-тозған, сонда да көңіл көтеріп қалғысы келетін елге қарап отырып жүрегі ауырды. Өтірік күліп, жасанды сөйлеп, бөсе мақтайтын дарақылықты бәрі біле тұра, тағы да құлақ түрді. Жұрт бірінің хәлін бірі біле тұра тойда жарысудан, мақтанып қалудан танған емес. Тағы да бір жасанды күн жасанды таудан рауандап атты. Жасанды сөздер мен жасанды ойлар да таң ата тыншыды. Қалашық сол күні түске дейін ұйықтады.
Бұл қалашықта ештеме шынайы емес. Қорап үйлер мен картон ағаштар, қағаз жапырақтар мен мата жануарлар. Ұшып бара жатқан әне бір құстар да жәй ғана бір кескін. Ал анау бір ұшып баратқаны – қағаз ұшақ. Бұл қалашықта тіпті сезімдер де қораптан жасалған ба дерсің, шынайы емес. Қарсы алғанда өтірік мақтап, теріс айнала бере өсектеп жататын жер бетіндегі жалғыз қалашық осы шығар. Тіпті қызметкерлердің жұмыстары да шын деп айтуға дәтің шыдамас, өйткені бұл қалашықты ұстап тұрған тағы бір жүйе, ол – пара. Бұл қалада парасыз бір іс бітіре алмайсың. Ерік қаншама мәрте «парасыз адал ғұмыр кешем» деп камераның заңдылығынан аттап, өзінше амал етіп көріп еді, онысынан түк шықпады. Не оқуын тәмамдай алмай, не жұмысқа кіре алмай, жасырын үстел астындағы сұғанақ қолдарға тап келеді. Амалсыз, өмір сүру үшін бе, көштен қалмау үшін бе – осы бір жүйенің құрбаны болды. Бұл қалашықта той көп болған соң да шығар, не көп – әртіс көп. Олардың киген киімі мен ішкен тамағы, жүріс-тұрысы түгел халық ауызында. Әңгіме арқауы да сол, пәленше әртіс кеше мынанша кесе шәй ішіп, бірнеше тауық аяқтарын мүжігенмен басталып, қандай әйелмен көңіл жарастырып, кімнің көзіне шөп салғанымен аяқталады. Адами құндылықтар аяққа тапталып, жұрт тек қана шарапқа ғана емес, сиқыршыдай арбаған қалашық басшыларының уәделеріне, толастамас тойға, түрлі ойын-күлкіге масайраған жұрт өзгеріссіз өмірін сүріп, таптаурын жолын жүріп келеді. Халықтың өзі де жасанды қалашықта жасанды қуыршақ адамға айналып бара жатқандай.
–Басеке, менің айтар бір уәжім бар еді, – деді бір күні Ерік шыдамсызданып, күйіп-пісіп. Өзі де әзер осы бір жұмысқа кірген болатын. Әкесі де: «Басыңды бір тығып алсаң ақырындап көтеріле бересің ғой», – деп ақылын айтқан-ды. Бұл қалашықта ешкім ғажайыпқа сенбей ме, қалай! Бәрін өздері шешкісі, шешкенде де парамен шешкісі келетін.
–Камера түсіріп тұр, тыныш, – деді сонда бастығы, бұрышта тажалдың көзіндей төніп тұрған камераны нұсқап.
–Бұл өзі неткен камера. Бала күннен бері камерамен қорқытып өлтіретін болдыңдар ғой. Құқығым тапталып жатса, ақыма кіріп жатса, мұның камераға не қатысы бар? Әй, адам ретінде шағымымызды айта алмаймыз ба, – деді алқымын қысқан ашуы ақтарылып.
Бастығы да қызара-бөрітіп ерін асты дірілдеп, қалшылдап кетті.
–Ерік мырза, – деді үстелді бір ұрып, – мен сізге қайталап айтамын, камера бәрін жазып тұр.
–Ал маған бәрібір. Маған десең он камера жазсын. Еңбекақымды толық қайтарыңыз, сонсоң қызметкерлеріңізді жұмыстан тыс уақытта жұмсамаңыз, өз жұмысынан бөлек өз үйіңіздің шаруасын істетпеңіз, бастық екенмін деп бейәдеп сөйлемеңіз! Одан соң жұмыстан шығарам деп қорқытпаңыз! Камера сізді де түсіріп тұрған жоқ па! – деді Ерік шаптығып, дауыс көтергенін байқамай. Ішінен жеңілдік сезінгенімен, ашуы әлі тарқамаған. Тағы айта түссем деп тілі қышып тұрғанымен, мұнысы артық болар деп тілін тістегені мұң екен, кабинетке әскерше киінген екі кісі келді де:
–Ерік мырза, сіз камера жүйесіне қарсы тіл тигізгеніңіз үшін, бізбен жүруіңіз керек, – деді қатқыл түрде, түксиген қабақтар.
Ерік тіптен ашудан булықты. Ол саналы түрде әр айтқан сөзі өзіне опық боп тиетінін білген соң қалай әрекет қыларын білмей дал. Ақысы желінген адамнан асқан жеккөрінішті жан жоқ шығар. Олардың көзінде бұл темір тордан қашып шыққан тағыдай елестеп тұр.
–Ешқайда да бармаймын. Мен заң бұзғаным жоқ. Кетіңдер әрмен!
Енді оны қайтадан темір торға тоғыту үшін, қолын қайырып алып бара жатты.
–Камера түсіріп тұр деп айттым ғой саған, – деген бастық дауысы соңында жаңғырып қалды.
Темір тор ар жағында қанша ғұмыр кешкені белгісіз, бірақ оның жан-жүйкесінде бір де бір талшық, бір де бір нейрон қылт еткен жоқ. Басын қасып тұрып қараңғы бөлмеден, кәрінің көзіндей сығырайған терезеден түскен бұлтты аспанның көкшіл сәулесіне бақты. «Бұл түрмеден сырттағы әлемнің нендей артығы, қандай кем тұсы бар. Екеуінде де түсіретін камера, қатаң тәртіп, шарт пен өктемдік бар, демек, екеуі де – түрме». Ойын оқып тұрғандай жан-жақтан қарағыштап, қозғалақтаған камералар, жалт етіп бірінде қызыл, енді бірінде жасыл жанып, жақындатып, алыстатып түсіріп жатыр. Үрей бойын қыса бастағанымен, бала күннен әкесі мінезін қайрап, суыққа да, ыстыққа да баптап, төзімді қып өсірген соң ба, еңсесін тез тіктеп алды. Қара шаңырағын, ата-анасын, жас жұбайын сағынды.
«Енді ұстасқан ыстық алақанымыз ажырамас дегенде, менің мына тірлігім қалай деп таң болып жатқан шығарсың, бикем!? Ештеме етпес, ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес, он күн шыдасаң қасыңнан табылам, – деді құдды бір Аида қасында тұрғандай сыбырлап сөйлеп. – Мына адамдар мені тұтқындадым деп ойлайды, бірақ, нағыз тұтқын өздері екенін білмейді. Олар камерасыз еркін ойлай алмайды. Камера сызып берген жолмен, бұйрығымен ғана жүреді. Ал мен мына темір тордың ар жағында отырып та, қалағанымды ойлап, қалағанымды армандай алатын азатпын. Адамның еркіндігіне тосқауыл болатын бір-ақ нәрсе – жан мен сананың шектелген тұсы».
Темір тор терезесінен қарайған бұлыттардың етегі өртеніп, күннің алауы жалап, қызылшоқтанып көрінеді. Ал сонау бір алыста, тым алыста өзіне тым жақын, өте жақын бір әлем бар екенін, әлдебір камерасыз, риясыз әлем қол бұлғайтынын сезінеді. Бірақ, оның тұмса ойын бұзатын сырттағы тарс-гүрс еткен үрейлі дауыс. Біреу дрелмен жолды тесіп жатса, енді бірі тастарды күреп жатады. Бұл оған бұрыннан таныс үн, таныс бейне. Бұл қалашықта не көп жол жөнделмек. Төсеген тас жолы бір ай өтер-өтпес ойылып орнына жаңасын салады, ол аздай астындағы құбырларды қайта ауыстырып жататыны бар. Басын шайқады. «Тағы да сол қалтаның қамы ма. – Бөлінген қаржыны талан-таражға салғандарға ашуы келді. – Халықтың ақысын жегендер екі дүниеде де оңбас, – деді қынжылып, – Бұл қалашықта ертең менің ұрпағым қалай өспек, қалай жанына ойы сай болып жетілмек», – деп уайым шекті. Алайда осы бір ойын тар дәлізді жаңғырықтырып келе жатқан ауыр аяқтың өктем адымы бұзды. Бұл жатқан камераға еңгезердей үш еркек еніп келді. Жүздері суық, қабақтары қалың.
–Камера жүйесіне қарсы шығып жатқан сен бе? – деп жеңдерін түріп, үшеуі үш жақтан төмпештей жөнелді. Жан-жақтан жауған жұдырықтан қалай қорғанарын білмей, бүкшиді де қалды. Төпелеп жатыр. Оқыстан жаққа тиген соққыдан талықсып кетті. Одан кейін де нешеме тепкіге қалғанын есін жиған соң өне бойы қақсап қоя бергенінен-ақ топшылады. Жан бәрінен тәтті ме, әлде өзі ойлағандай рухы берік болмай шықты ма:
–Камераға енді қарсы шығасың ба, – деп әлгі мауыздайдың бірі томардай жұдырығын төндіре бергенде:
–Ойбай-ау, қойдым, енді артық сөйлесем тілім кесілсін! – деп қорғаншақтанып, бір бұрышқа қушықтай боп бүрісе қалды.
Одан кейін рас, ол тіпті камера туралы жаман бір ой ойлауға дәті барған жоқ. Ойлап қалса болғаны, әлгі үшеуі жетіп келердей сескенеді. Түрмеден босап үйіне жеткен соң да, сөзі мен мінезі өзгеріп, жуасып қалғанын үйіндегілер байқаған. Әсіресе ата-анасы қуанды.
–Міне, енді сен бізге, қалашық жұртына ұқсап келе жатсың. Бір мекенде өмір сүру үшін сол жеріне, табиғатына тарту керексің. Әйтпесе, жемтік боласың. Бұл заңдылық, – деп баласының арқасынан қағып еді, әлгі үш жендеттің төмпештеп жатқаны елестеп кетті ме, иінін бүрістіріп, көзін бадырайтып шыға келді. Ол танымастай өзгерген. Камера қарап тұрғанын анық білетін болды. Басқа әлем туралы, мәңгі өмір жайында, аспанның ар жағындағы жұлдыздар мен тіршілік хақында енді ойланбайды. Оның ендігі бар әуселесі камераның көзіне түсіп қалу. Сол үшін де ол галстугін тамағына қылқындыра тағып, тіп-тік жүріп, бастығы айтқан әрбір бұйрықты жеріне жеткізе орындап жүрді. Оның мұнша өзгерісіне таңданған кей достары не боп қалды екен деп хәлін сұраса болғаны, саусағын шошайтып жол бұрышында өздеріне төніп тұрған камераны нұсқайды:
–Камера түсіріп тұр, қол бұлғайық, – деп жымиятын. Иә, ол камераның көзіне түсу үшін не істемеді, парақорлықты жақтап, әділетсіз мансап иелерін мадақтады. Кім биік, қалтасы қалың соның сөзін сөйлейтін болды. Содан да болар оның жағдайы жақсарып, үйі кеңейіп, мансабы өсті. Әйелі алғашында күйеуінің мінезін таңданыспен қабылдай алмай жүрген. «Мен тиген азат ойлы еркек бұл емес» деп қаншама мәрте кіжінгенімен уақыт өте келе, алтынмен апталып, күміспен күптелген соң ойы демде-ақ өзгеріп шықты. Ерікті бәрі қолдайтын болды. Оған жұрт жасанды ризашылықпен қарап тұрып: «Сен камераның көзіне түскен жансың» дейтін.
Әке атанып, өмірге шекесі торсықтай ұл келді. Қуанышында шек болған жоқ. Тағы да той тойланды, аста-төк дастархан, ысырапшылдық. Бірақ әрбір бала мына дүниеге келген соң өзін жаратқанды, қайда, қайдан келгенін сұрастыратыны рухында о бастан бар болса керек, Еріктің баласы әкесі былай тұрсын атасы Мейірхан мен әжесі Шырынның да миын ашыта бастады.
–Құдай ақы балам, мына ұлың аумаған өзің. Аузынан түсті деген осы шығар, сен де дәл осылай сұрақ көп қоятынсың. Арты әйтеуір жақсылыққа апараса екен деп тілейік, – деді.
Еріктің баласы – Бірхан, шынында, әкесінің бала күнгі жолын қайталап, тура ізімен жүріп, әрекетін айнытпай істеді. Тіл алмас, тентектің нақ өзі боп шықты. Ерік те әкесі Мейірхан құсап, «камера қарап тұр, қой да қоймен» жағы талатын. Ал Бірхан болса камераны да, камераны күзетушілерді де түгел мазақ қылып, тілін шығаратын. Балаға жауапты Ерік болған соң, оған бірнеше мәрте әкімшіліктен шағым келіп түскен. Дегенмен баласын тезге сала алатын емес. Бір күн болмасын бір күні ақыл кірер деген үмітпен, ақтап алады. Бірақ жанының түкпірінде баласының бұнысында тұрған ештеме жоқ екендігіне күмәні болған жоқ. Бірақ, түбегейлі дұрыс дейтіндей шамасы және жоқ-ты.
Күндерді апталар, айларды жылдар, маусымды ақырап қуалап бара жатты. Есік алдында жасанды талдардың жасанды жапырақтары қайыршының балағындай сырғып баратады. Елегізіп отырған Ерік терезеден аулаққа, жасанды таулардың жасанды қарына көз жіберіп, өткені мен бүгіні, һам баласының келешегі хақында ой жүгіртті. Ал Бірхан болса бүгінде ер жетіп, қызмет қылатын жас маман атанған. Мектепте мұғалім. Бәрі жақсы, тек баяғы сыймайтын сол мінезі. Балалығынан әлі танбаған. Камераға қарсы шығады. Үстінен қаншама түскен арыз-шағымнан тыңдайтының бір ғана жауап: «Ол телебағдарламаға түскісі келмейді, мына өмірдің – телебағдарлама екенін жоққа шығарады. Бұл камераның ар жағында бір өмір бар деп сандырақтайды. Оған дейін де, одан кейін де бұлай сандырақтайтындардың қарасы көп болған, бірақ оларға біздің камераның құрған жүйесі сабасына түсіре білген. Сондықтан да кеш болмай тұрғанда өз-өзіне келуін бұйырамыз!»
Бұл хатты оқып тұрған әкесіне каминге жаураған башпайларын жылытып отырған Бірхан қарқылдап тұрып күлді. Көзі көзіне түсіп кеткен соң, жанарының жасаурап тұрғанын байқады. Бірхан күлем деп пе, әлде ыза кернеп пе, не үшін көз құйрығында тамшы жас тұрғанын түсінген жоқ. Бәлки, бұл жүйе бәрібір бізді жұтып тынады деген сөзді осы бір тамшы жаспен-ақ айтқысы келген шығар.
–Ақылың барда еліңді тап, балам, – деді Ерік тура әкесінің айтқан сөзін баласына айтып. Алайда баласы тура өзінің сөзін қайталап айтты.
– Біз сүріп жатқан өмірдің жасанды екені, баянсыз екені онсыз да көрініп тұрған жоқ па. Жасанды қала, жасанды ойлар мен тәртіп. Ал мына шынайы жанымыз, сезімдеріміз өтірік айтпайтын болар, бұдан да үлкен, бұдан да ғажап әлем бар екенін неге мойындамаймыз. Неге бір рет болсын мына камераның сыртына шығып көрмейміз. Жасанды, жалған болса да мына өмірімізге шынайылықтың бір тал шуағын неге сіңдірмеске. Неге ақиқатты қабылдаудан, оны іздеуден қашамыз, қорқақтаймыз. Өзіміз құрап алған жасанды әлемде қашанғы өмір сүре береміз?
Ерік баласының бұл уәжіне қарсы ештеме деген жоқ. Айтып жатқан баласы емес, құдды бір көкірегінде сайрап жатқан жан дауысына құлақ түргендей терезенің ар жағындағы жасанды жапырақтардың ақырын шалқып тербеліп жатқанын аңдап отыр. Айтары болмаған соң, басқалар сияқты бір-ақ сөзбен тақырыпты жапты.
–Камера түсіріп тұр.
Камера үздіксіз таспалап, Бірханның түрмеге түскенін, таяқ жеп, өмір мен өлім арасындағы күресте жатқанын, жазасын тартып, ел қатарына қайта қосылғанын, үйленгенін, балалы болғанын да түсірді. Бірхан дүние есігін ашқан шақалағының атын Досым деп қойды. Ол да бүгінде әкесі сияқты, атасы іспетті: «Камера түсіріп тұр» дейтін болған. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мінез бен көнбістік. Ерік өз әкесін келместің кемесіне аттандырғанда немересі жеткіншек жасқа келіп қалған. Аумаған өзі сияқты, сотқар. Әкесі, өзі, баласы жасаған қателіктерді айнытпай ол да өткеріп жатыр. «Сондағысы бізді түрме ғана тәрбиелей ме, неге ертерек ақылға келмеске, – деген тентек немересі өзгеге құлақ аспайды, – камера да, мына жасанды жалған да – өтірік. Ештемеден қорықпаймын, ақиқат өмірді тапқанға дейін», – деп тұрып алады екен. Атасы Мейірхан өмірден ығысып ажал құшса, бала Досым дүниеге сыймай жүр. «Бұл қалада ақиқатқа тек өлім арқылы қауышу заңдылық па?» – деген Досым Мейірханның мазартасы алдында, ойға шым батып отырып. Ал жол бойында қоңыр шапан киген әкелі-балалы теріс қарап, жасанды бұлттардың желегіне көз тастап тұр. «Мына әлемнен тыс тағы бір әлем болуы керек қой, камераның заңдылығынан да әділ заң болуы тиіс қой», – деген сонда бозбала Досым өз-өзімен күбір-күбір сөйлесіп. Сырласатын досы да, мұңдасы да жоқ болған соң ба, өзді өзімен сөйлескенін көріп қалған көршілері: «Әй, Бірхан-ау, мына балаң қияли ма, басынан күн өткен бе, қалай өзі, қашан көрсең аспанға қарап жүретініі». Бірхан үндемейді. Не десін, баласының өз тағдыры, өз жолы һәм арманы бар. Бұғауға көнбес асау отбасын дегеніне бәрібір көндіріп алатын қалашықтың аяусыз заңдылығы дәйім бақылауда. Тажал көзіндей жан-жақтан аңдысқан камералар.
Қалашық өзгеріссіз. Осыдан бір ғасыр бұрынғы тыныс-тіршілігі сол қалпынан әлі танбаған. Анау тұрған баққал, киоскі, маркет, нотариус, мына бір бұрыштағы аптека, бәрі де – бәз-баяғша. Тек өзгергені адамдар ғана. Түр-тұрпаты алдынғылардан сәл өзгерек демесең, бабасынан аумаған зәузат. Іс-әрекеті, жұмысқа кірісуі, үйге қайтуы, тамақ ішу әдебі, сөйлеу мәнері бұрынғыша, жаттанды да жасанды. Сондайда бір ғана адам өліп, әлпетін ғана өзгертіп, қайта тіріліп кеп жатыр ма дерсің. Тіпті аталарының қателігін дәл қайталайтынын қайтерсің. Қалашық өзгермеген, бәз-баяғыша. Нешеме ғасырдан соң, камераның жүйесіне үлкен зауал келді. Бұл кішкене өзгеріс бүткіл қала халқының сана серпілісіне үлкен әсер етсе керек. Досбол үшті-күйлі жоқ. Оны іздемеген, таппаған жерлері және қалмады.
Ерік немересін шарқ ұрып тау мен орманды жағалап іздеп жүр. Апшысын қуырған күннің ыстығын да елейтін емес. Бірхан да былапыт сөйлеп, осыдан қолыма түс аяғыңды сындырам деп бәйек қағады. Әйтсе де оны камера әскерлері де, заң орындаушылары да таба алған жоқ. Қала халқы ол туралы түрлі қауесет таратып жүрді. Оны жер жұтып қойды десе, енді бірілері құс боп ұшып кетті десті. Жалғаннан ақиқатқа қауышты дегенімен, «камерадан құтылу мүмкін емес, қалайда ол қамақта» деп шықты. Бірақ, шындықты бірер күннен соң ғана әлгі есік алдындағы қураған жапырақтармен бірге сырғып бара жатқан құрғақ бір бет қағазды көргенде бір-ақ білді. Сөйтсе есік аузына қыстырып кеткен хатты жел ұшырып кетсе керек, бәрібір ауладан аулаққа ұша алмапты. Ерік баласын шақырып алып, немересінің не жазғанын оқыды:
«Ата, әке білем маған қапалысыздар, десе де мен мына дүниеге өзгеріс, игі өзгеріс әкелетін жан болғым келеді. Егер ескі соқпақ, жаттанды жол теріс бағытқа апаратын болса, ата-баба жолы болса да мен ол жолмен бара алмаймын, елімнің дамуы үшін ілім іздеп жолға шықтым. Осы бір қалашыққа кішкене болмасын пайдам тигенін қалаймын. Камера мені де тезге салмай тұрғанда қарамды батырайын. Мен бұл қалашықты туғаннан зерттеп келе жатырмын, соның нәтижесі міне, құпия есікті таптым. Сіздердің сақтықтарыңыз үшін оны да тіс жарып айтпаймын. Бір күні ораламын, елге пайдамды тигізу үшін.
Құрметпен, тентек балаларыңыз Досбол!»
Мұны оқыған Ерік аздап ызаланғанымен, баласы Бірханның керісінше қуанған бейнесін байқап, үндемегенді жөн санады. Алайда балалы-әке үнсіз тілдесіп тұрғаны айдан анық. Ұрысса да, қуанса да бұл отбасында үнсіз сөйлесу әдетке айналған. Міне, бір-бірімен пікір таластырып тұрғаны. Онысын айшықтап тұрған жалғыз белгі – көздеріндегі ұшқын, теріс қабақ пен бет етінің дірілі.
Жылдар жылжып, уақыт сырғып жатты. Камера қала тұрғындарының бір де бір тірлігін мүлт жібермей түсіріп жатқан-ды. Байқұс шешей терезеден алыс жолға көз тастап отырып баласының жолын тосады. Бірхан бәйбішесінің мұнысын тыйып тастады.
–Жұмысыңа кіріс, терезеге телмірме!
Сөйткені мұң екен, тасыр-тұсыр еткен үн естілді. Ел дүрлігіп кетті. Аспан айналып жерге түскендей. Ақырзаман келіп қалды ма деп қара халық даурығып жатыр. Сүйек сынып жатқандай күн күркірейді. О, тоба не боп қалды, деген Ерік сыртқа атып шыққан. Электр жарығы сөнді. Айналаны жағалай қоршап тұрған жасанды тау сілемдері біртіндеп құлап, қатпар бөктері сынып жатыр. Дұғасын қайталаған жұрт. Камера құрылғылары жаппай солай қарай бет бұрып түсіріп жатыр. Ал қорап қабырғалар да қирап, шаң-топалаң. Оларды қиратып жатқан да арнайы машиналар. Шаң-топалаңнан таяқ тастам жерді көру қиын. Жұрт бір-бірінің қолын ұстап, улардай шулап бір жерге жиналды да қалды. Түк көрінетін емес. Кенет шаң мен боран сап тыйылып оның орнына жаймашуақ маусым мен күлімдеген күннің шуақты сәулесі қытықтайды. Айнала толған тіршлік, құстардың сайрап, ұшқаны, көкшіл аспан шеті жоқ, қазбауыр бұлттар да жүзіп баратқан яхтадай. Жасандылықтың бір белгісі жоқ. Шын өмір, шынайы тірлік! Жұрт аң-таң. Біздің көргеніміз сонда не, біз сүрген өмірдің не болғаны? Мұндайда ғажап болады екен-ау. Шынайы табиғат жылтырап, жанарды қариды кеп. Мөлдіреген әлемге қарап, өздерінің сондай кішкене әрі маңызды екендерін сезінгендей.
Кенет әлгі камаздардың бірінен секіріп түскен жас жігіт көп ортасын жарып енді де, әлдекімді іздегендей мойнын созып, тінткілеп жүр. Тапса керек, Ерік пен Досболға жақындады.
–Ата, әке, – деді даусы жарқын шығып, – енді шынайы өмірге орала берсек болады. Мұндағы миссиямыз тәмамдалды.
Түкке түсінбеген әкелі-балалы ұрпақтарына таңырқай қарап тұр.
–Сонда мұның бәрі... – деді Ерік жанарына жас үйіріліп.
–Иә, мұның бәрі шоу. Біздің өмір – шоу, ата.
–Шынайы өмір дегенің осы болғаны ма, сонда, – деді Жердің ғажайыптарына көз тоқтатып.
–Солай ойлағам, сөйтсем ол да шынайы өмір емес екен. Шын өмір бұл өмірдің ар жағында. Бұл өмір де бір бағдарлама! – деді.
Әкелі-балалы камера түсіріп тұр екен дегендей үрке тау сілемдеріне, алыста менмұндалаған алып шәрге, қарауытқан тоғайға, көз қарықтырған күнге көз тастады.
–Түсірілім аяқталды, – деді шаң-топалаң үстін қаққан режиссер айқайлап.