Жылдың үздік поэзиясы
195

Әбдімәлік

(поэма)

Бұл дала дархан дала батыр дала,

Жырлаған рух береді ақынға да.

Жетеді құпиясы ашылмаған,

Тосында Торғай деген жатыр қала.

 

Торғайдың даласында көп аңыз бар,

Дәріптеп айтқан елге соны абыздар.

Бұл күнде ұмытылса сол аңыздар,

Көбейер кер тартпалар кері ауыздар.

 

Баласын Ер Тарғынмен әлдилеген,

Алпамыс, Қобыландымен тәрбилеген.

Сіңіріп ерлік рухты өскен бала,

Әз басын қара түгіл ханға имеген.

 

Ол кезде жырауларда жырлай білген,

Пәлі деп тыңдаушы да тыңдай білген.

Ерлікті ер ұлдары жасай білген,

Ер өлсе ердің құнын құндай білген.

 

Кім бар еді көбік шашып көп сөйлейтін,

Ол кезде көп сөйлемей дөп сөйлейтін.

Айтатын әңгімені тұрпайы емес,

Астарлап шеберлікпен кестелейтін.

 

Шешендік өнер болып саналатын,

Ханға да олар тіке бара алатын.

Жиренше,Қарашаштар тауып айтып,

Танытқан даналықпен ғаламатын!

 

Қазақтың рухы сонда жатыр еді,

Екінің бірі сері батыр еді.

Есесін жібермейтін ешбір жанға,

Шетінен шешен еді ақын еді.

 

Толқыған теңіздей құм Тосын деген,

Аңыздар шыққан талай осы іргеден.

Айыру ерлік рухтан тамырынан,

Торғайды Тосыннан құр көшірмеген.

 

Халыққа ұмыттыру ерлік жырын,

Сол рух сақтаушы еді ел бірлігін.

Тосынның құмындағы тектілікті,

Таппайсың жеті айналып жердің жүзін.

 

Осыдан қалса бойда тамшы дәстүр,

Көрейін өз-өзімді қамшылап бір.

Оқыған ұл мен қыздың санасына,

Сәулелі болса олжа шамшырақ бұл.

 

Ер өткен Әбдімәлік ел есінде,

Ауылдың отырғанда кеңесінде.

Марқұмның ерліктерін айтып еді,

Нағашым ердің нағыз төресі деп.

 

Ақырын бастап алға аяндады,

Өмірі оған өткен аян бәрі.

Түспеген ат үстінен Ер Мәліктің,

Жасаған ерліктерін баяндады.

 

- Руы Шақшақтағы Томай еді,

Болмаған баласы да, жоқ әйелі.

Тұрағы Тосын құмы аттың жалы,

Далада жалғыз жортқан солай өзі.

 

Даланың тағысы еді, бөрісі еді,

Жау болса оның қолы соғыс еді.

Қарғалы, Қарақұдық екі ауылға,

Әбекең кейде қымыз кеп ішеді.

 

Ауылға Әбдімәлік бір келгенде,

Дауылдап Көк айғырмен кірген кезде.

Үндері шықпай үйге тығылушы ед(і)

Далада ойнап шулап жүргендерде.

 

Бәрі де қорқушы еді ер еді деп,

Тосынды мекен еткен бөрі еді деп.

Жылаған баланы да жұбататын,

Әнекей Әбдімәлік келеді деп.

 

Зияны жоқ балаға-шағаға да,

Жармасып қол салмайтын жағаға да.

Жайлауда жылқы бағу бұл жалғанда,

Жанының тыныштығы дала ғана.

 

Қасқырды жалаң қолмен соғатұғын,

Өзі бір жүрек жұтқан болатұғын.

Үш тоғыз үйірімен дегендері,

Олжасын қанжығалап алатұғын.

 

Тойында Шақшақ Жәнібек бабамыздың,

Орталық көшесінде қаламыздың.

Торғайда ту көтеріп жүрді Әбекең,

Тұлғасы кесек еді ағамыздың.

 

Тұлғасын тамсанып ел айтады ірі,

Көргендей Жәнібекті қайта бүгін.

Келеді топты бастап Тудың сабын,

Қыстырып қоңышына байпағының.

 

Той үсті арқан тартыс, ат шабуда,

Шуласып бір қауым ел жатқанында.

Әбекең көрсетіп ед(і) бұла күшін,

Жиналған дабырлаған көп қауымға.

 

Бір шетін қыл арқанның тартқан ұлда,

Ұқсайды алып тұлға атпал ұлға,

Үзіліп кетті сонда қақ ортадан,

Екеуі екі жаққа тартқанында.

 

Қол соғып екеуіне елдің бәрі,

Қобыланды, Алпамыстан кем қылмады.

Бойына біткен күштің сыры мәлім,

Киелі болып тұр ғой жер құндағы.

 

Әбекең мұқалмайтын шамалыға,

Кеш туған батыр еді заманынан.

Ол кездің жақсысына Түрмеде енші,

Түрмеге тиген бұның табаны да.

 

Барымта батырға тән ер сынасар,

Байлардың малын қорғап енші басар.

Жылқыға жау тигенде жай бола ма?

Кімсің деп қарап тұрар жөн сұрасар.

 

Шайқасып сойылдасып соққыласып,

Айқасып ат үстінде бақ сынасып.

Ұсталып Ерейменге кете барды,

Жүргенде жылқы қуып көп қыр асып.

 

Түбі бір баратынын білген еді,

Өзі де болады-ау деп жүрген еді.

Ол кезде ат жақсысы кермеде еді,

Ол кезде ер жақсысы түрмеде еді.

 

Түрмеде отырғанда Әбдімәлік,

Тіледі амандығын ел дұға қып.

Қамалып айдау көріп жатқан кезі,

Ереймен түрмесіне енді барып.

 

Түрменің сол кездегі нәшәлнігі,

Бар екен жылқы десе асаулығы.

Жинаған үйір-үйір жылқысының,

Келіпті ең-таңбасын басар күні.

 

Ұсталып барымтамен келгеннең соң,

Қыр-сырын қыл-құйрықтың меңгерген соң.

Қолынан нәті осының келер депті,

Шойындай білектерін көргеннен соң.

 

Шұбырған қалың жылқы шаңға батып,

Шетінен тай-құлынын таңбалатып.

Жабылып жабағыға 4-5 адам,

Таңбаны жатыр екен зорға басып.

 

Жайлауда жылқы бағып жүрмейтіндер,

Асауды тақымға алып мінбейтіндер.

Жүр еді ең-таңбаны шаққа басып,

Жылқының жайын жақсы білмейтіндер.

 

Көрген соң көңілі толмай мыналарға,

Әбекең сырттай қарап сынағанда.

Жабылып шуылдаспай нәшәлнікке,

Істейтін іс қой депті бір адамда.

 

Астыма жақсы айғырың бар ма депті,

Нәшәлнік өзің қарап таңда депті.

Айғырға құлжа мойын құрық салып,

Алдымен бір құйғытып заулап өтті.

 

Асауды Әбекеңнің мысы басып,

Тепсініп тұрған айғыр күші тасып.

Аспанға бір екі рет қарғыпты да,

Жуасып сала берген түсі қашып.

 

Кірісіп содан кейін жұмысына,

Ашылып атқа мініп тынысы да.

Бұрқырап буы шығып бойы қызып,

Жазылып құрысы да, тырысы да.

 

Ат мініп аруағы таса келген,

Шыңғырып құлын тайды қаша желген.

Шап беріп құйрығынан Әбдімәлік,

Тақымға қысып таңба баса берген.

 

Бәрі де таңғалыпты, таңдай қағып,

Көздері оттай лаулап, шамдай жанып.

Түрмеге тоғытады депті бірі,

Осындай азаматты қандай халық.

 

Басатын әңгіменің төтесіне,

Жеткізіп айта тұғын жетесіне.

Тұр екен әлгі жерде көзбен көріп,

Түрменің бастығының әкесі де.

 

Тәнті боп Әбекеңнің амалына,

Әкесі нәшәлніктің қарады ма?!

- Ақылың болса балам қалма депті,

Мынандай азаматтың обалына.

 

- Даланың еркін өскен адамы екен,

Бұны кім абақтыға қамады екен.

Даланың тағысына темір торда,

Телміріп отырғанда обал екен.

 

Нәшәлнік жігіт екен жас талапты,

Әкенің сөзін жерге тастамапты.

Қолында билік, байлық болса дағы,

Кішілік кең жүрегін ластамапты.

 

Әкенің сөзін екі қайталатпай,

Тұрмапты майдаланып май шабақтай.

Енші деп Әбекеңе мінген атын,

Босатқан абақтыға қайта оралтпай.

 

- Сөзімді менің қабыл аламысың,

Елінде Ерейменнің қаламысың.

Қылайын бас жылқышы Ерейменге,

Келіссең қор болмайды қара күшің.

Деп оған қолқа салып көрген екен,

Нәшәлнік таныған соң адал ісін.

 

Тосынын аңсап тұрған аңғал батыр,

Алдағы жамандықтан болған ғапыл.

Жат жерде жүргендігім жетпес депті,

Туған жер топырағында болғанға құл.

 

Тартыпты сөйтіп туған даласына,

Қайнаған Торғай дуан қаласына.

Апталап Ерейменнен атпен келген,

Жетсе екен деді енді жұрт бағасына.

 

Көргенде туған елің ол қуанды,

Келгенде сағынысып ел жұбанды.

Тосынның ыстық құмы аңсап келген,

Қысады құшағына шерлі жанды.

 

Оралып бөрі ұлдары даласына,

Туған жер туған ауыл анасына.

Ұлыған көкке қарап көкбөрідей,

Кіреді қалың топтың арасына.

 

Қалыпты өміріне қайта оралып,

Сусынын тостағанда шайқап алып.

Түседі бір сарынды соқпағына,

Жүретін күні-түні қайталанып.

 

Келеді Қарқұдық, Қарғалыға,

Қорқыныш үрей болып балларына.

Тұрады мысы басып көрген жанды,

Зияны тимесе де жан-жағына.

 

Айғыры Ерейменнен мініп келген,

Кем емес аңыздағы күліктерден.

Қанаты ердің нағыз қазанаты,

Аты үшін жүрегін ол жұлып берген.

 

Аты да орта жол да тастамайды,

Басына құт санайды бақ санайды.

Мінгенде көк айғырға өзін Мәлік,

Патшадай сезінеді ақ сарайлы.

 

Серігі жанындағы осы ғана,

Өмірі Тосын құмы осы дала.

Түсінер бұның жанын даламенен,,

Кісінеп жүрген осы досы ғана.

 

Бір күні ауыл бейқам тыныш жатқан,

Секілді сырттан біреу дыбыс қатқан.

Жүрісі аттың және ер-тұрманның,

Сыңғыры естіледі күміс таққан.

 

Ауылға келген аты Ер-Мәліктің,

Күдігің тудырады ел халықтың.

Аты оны тастамайтын еш уақытта,

Жақсылық емес еді енді анық бұл.

 

Ауылдың атқа қонды жігіттері,

Бәрі де бір сұмдықтан күдікті еді.

Аты оны аман болса тастап келмес,

Белгілі бір бәлеге іліккені.

 

Деп сөйлеп ауыл жұрты шошынады,

Біреуі біреуіне қосылады.

Тосынның даласынан Мәлікті іздеп,

Тапқанша елдің бәрі асығады.

 

Бір апта іздеп бәрі таба алмады,

Көрінді таусылғандай амалдары.

Тосыннан тосын жақтан екі ауылға,

Бәрі де кеп қалардай алаңдады.

 

Іздетіп алыстанда іргеденде,

Табылды сегізінші күн дегенде.

Кісінеп аты жалғыз келген кезде,

Болғанын бір сұмдықтың білген елде.

 

Сүйегін бір жас бала тапқан екен,

Далада көкке қарап жатқан екен.

Шамасы қарсы ұмтылған ұңғысына,

Жүректен дәлдеп тұрып атқан екен.

 

Далада ит құс жеген Ер денесін,

Жапанда жатып ешкім көрмегесін.

Жеріне жерледі сол қаза болған,

Қорымға жеткізуге келмегесін.

 

Тосынның жатыр жалғыз даласында,

Бесік боп туған жері нар асылға.

Жапанда жалғыз жортып өтіп еді,

Қылыпты Құдай жалғыз моласында.

 

Кім атты кім өлтірді аңғал ерді,

Әңгіме желдей есіп заулап өрді.

Біреуі дейді жақын жаннан өлді,

Біреуі дейді алыс жаудан өлді.

 

Кейіннен кінәліні ел біліпті,

Жақыны болып шықты жергілікті.

Кезінде барымталас болған дейді,

Білмейді не азғырды ер жігітті.

 

Әзәзіл адастырар адам миын,

Кінәлі барлығына заман дейін.

Молдаға ат апарып құрбан шалып,

Өзіне қол жұмсапты содан кейін.

 

Артынан тұяқ ермей асыл ердің,

Астында шіріп жатыр басы жердің.

Бір тұяқ қалса елге тұтқа емес пе?

Жатқанда жеті ұлды боп жасығы елдің.

 

Осыны айтып болып нағашымда,

Бағыштап құран-дұға нар асылға.

Бұрылып маған қарап деген сынды,

Батырға арнап өлең жазасың ба?!

 

Арналып Әбдімәлік Ер есімге,

Жазылған осы әңгіме себесін боп.

Ерлігі жүрсе екен деп ел аузында,

Есімі жүрсе екен деп ел есінде!