266
Алматы дәптерінен
(Топтама өлеңдер)
Білгенімді әрдайым,
айта берген емеспін.
Әрдайым не айтуды,
білген қате демеспін.
Шындықты ұққым келсе де,
сене алмаймын жиі оған.
Жұрттан гөрі өзімнен,
артықырақ ұялам.
Күзді – көктем дер едім,
болмады оның керегі.
Жеміс керек жерлерге,
гүл екпеймін себебі.
Өмір сүрдім демеймін
күнелтумен күн кештім.
Өлім жайлы айта алман,
Өмір жайын білместен.
Нені ойласам соған құл –
Тұңғиыққа батамын.
Керексізді сатып ап,
керегімді сатамын.
Өтірікке жыласам,
ақиқатқа күлермін.
Қысқалығын ғұмырдың,
ұзақ сүрсем білермін.
Өткенімді көп айттым ,
айтарым жоқ бүгінге.
Бүгінгімнің бәрі де,
қызық емес түбінде...
Алматы дәптерінен
Алматы. Тұман тағы тұмшалады,
Тағы да шұбатылған мұң сорабы.
Шимай дәптер секілді шаңыт шаһар,
Астында табанымның бір парағы.
Күзетіп көп терезе бір көшені,
Күбірлеп өзді-өзімен тілдеседі.
"Көктем тағы келеді"-деді маған,
Жұлынған сабағынан гүл кешегі.
Іздедім өзімді өзім тұман іші,
Тұман іші тағдырлар жүр алысып,
Сынған гүл саусағыма жасын сүртті,
Өледі ол адамдарға ұнау үшін.
... Сейілді секпіл тұман, сам жамырап,
Жылайды терезерер таңға бірақ.
Шашылған соңғы гүлдің күлтесіндей,
Жұтылып кеттім мен де жан-жағыма...
***
Алматы. Сол қоналқы, сұры бөлме,
Көрпесін қымтаған шақ түн іңірге.
Қылқынып қабырғада қылқобыз тұр,
Қаусаған қара нардың жілігіндей.
Таусылған тағы кім бұл табанынан,
Күңіреніп келді бір үн шанағына.
Шанағы шым етті де тамып кетті,
Күп-күрең көзедегі шарабыма.
Күп-күрең қаным шығар кермек шарап,
(О, неге ұшпадым бір сермеп қанат)
Шанақта шертілмейтін меңіреу күй,
Көшені көмескі әуен кернеп барад...
"Алатау басың биік жайлағанға,
Жас құлын кісінейді байлағанда"-
Жаңғырып бұл шаһарға келеді ылғи,
Қаңғырып кеткен дауыс қай заманда.
Қылқобыз, көрсет кәне киең болса,
Жалғызсың, жалғыздықты сүйем қанша,
Қақ тіліп қара түнді қақсашы бір,
(Дүние күйіп кетсін күйер болса...)
Көшенің құбылғандай күйі бұла,
Жол тапсын тірелгендер тұйығына.
Шыққандай мен де түпсіз "Шыңыраудан",
Қалғиын басым сүйеп иығыңа...
Қиял
Алматы. Бұқар жырау бульварында,
Жұрт нөпір, арлы-берлі ырғалуда.
Отырмын оңашалау бір бұрышта,
Қорегім - бір сэндвич, бір "Gorilla".
Ашқан гүл көрінбейді әсем елге,
Саялап бармайды ешкім жас еменге.
Қаламы адамдардың - қос аяғы,
Тағдырын жазып жатқан тас еденге.
Қалғыған ғимараттар, колонналар,
Жалаулар, жарнамалар, бағаналар.
Науқастың көзіндегі үміттейін,
(Бір құлап тұрған сынды маған олар)
Реңі бұл көктемнің ызғар еді,
Гүлімен елітпейді гүлзар өңі.
Алматы Шираз емес, Иран емес,
Сағди де, Хафиз де боп жырлар едім.
Гүлзар не, күмбез жасап мұнаралы,
Эрам бақ етер ем-ау бұл араны.
Исфахан стилімен сарай соғып,
Тасына Бұқар жырын сыналар ем.
Сарайды қызыл тастан салдырар ем,
Афьонның ақ мәрмәрін алдырар ем.
Қақтырып қалайыдан қырық баған,
Аспанды тірегендей таң қылар ем.
Есігін ақ күмістен шаптырар ем,
Төріне түрікмен кілем жаптырар ем.
Бұқардың теңбіл тасқа жырын ойып,
Мүсінін сом алтыннан соқтырар ем...
О, сосын бастап кіріп кіл сұлуды,
Сапырсам сар қымыздай жыр шырынды.
Кіл сұлу арасынан бал тілінің,
Таңдайда дәмі қалса бір сұлудың...
... Селт еттім, қолда қалбыр сырт етті де,
"Майшелпек" ол да кетті жылп етті де,
Үріккендей орнымнан ұшып тұрдым,
Білмедім біреу келіп бір тепті ме?!
Ешкім жоқ ерегесер кек қуғандай,
Жылыстап өз жөніме кеттім қалмай.
Жаңғырып жатты артымда жасыл гүлзар,
"Керей қайда барасың" деп тұрғандай...
Күз гүлі
Тереземнің алдында,
Өскен бір шоқ раушан.
Өзі солсын дедім мен,
Жұлар ем ғой жұла алсам.
Ырғалады тынымсыз,
Адастырған мекені.
Өзім бағбан емеспін,
Гүл өсіріп не теңім...
Саған күтім жетіспей,
Маған бітім, кем қалдық,
Маған ауыр сені үзу,
Саған ауыр енжарлық.
Құсалысың, зеріктің,
Кеттің бәлкім долы боп.
Бірақ, өмір сүрудің,
Одан өзге жолы жоқ.
Сендік өмір өзгені-
Қуанту ма еңселі.
Тағдырыңды кімге арнап,
Қисам екен мен сені?!
Гүл дегенің тәйірі -
Асқан сұлу, ақымақ.
Өлерінің алдында,
Бір жымиған жапырақ...
***
Фортепиано. Себастьян Бах.
Еркеле, наздан, иықтым.
Балқысын баяу сонаталарда,
Жұпарлы тәнің сүйіктім.
"Махаббат" болсын бұл кештің аты,
Қалмасын әсте би ұмыт.
Билейік вальс, полонезді де,
Беліміз талдай иіліп.
Билейік тағы "Венскиий балда",
Алматы тұрсын сүйініп.
Алдыңнан шығам швейцарлардай,
Алқызыл костюм киініп.
Алаулап жүзің, ақ құлпы көйлек,
Көрінсін айдай жалқы боп.
Шараптың буы шым еткен шақта,
Деміңмен оттай шарпып өт.
Уақыт сол сәт үзіліп кетсе,
Сағаттың тілі қайшы боп,
Мәңгіге менің қалар еді ғой,
Арқама келіп ай түнеп.
"Махаббат" болсын бұл кештің аты,
Сүйіктім, биді жалғатыр.
Фортепиано. Себастьян Бах.
"Соната ІІ". Алматы.
Жалғыз
Ұлылардың өлімнен биік сертіндей
Өткен күндер сендерден,
Бір ғана сөз таңдайыма басылып,
Маңдайыма мөрленген.
Қағазға бір дақ саларда,
Қаламым сол сертімді ұқ.
Тағдырым менің жалғыз-ақ,
Жалғыз-ақ сертім – еркіндік.
Тамырымды дымдаған,
Кәрі көзден тамған жас.
Тас бетінен оқылар,
Қына болып қалған жас.
Қарашығымнан тамарда,
Тамшылар сол дертімді ұқ.
Тағдырым менің көз жасым,
Көз жасым жалғыз – еркіндік.
Үстіне жусан бүрлеген
Ақ жаңқа қорым сүйектің,
Обалы мен сауабын,
Мұңды, сазды күй еттім.
Шанағы бүлкіл қағарда,
Жалғыз күй тұрар шертіліп.
Жалғыз күй тартар домбырам,
Оның да аты–еркіндік.
Желтоқсан желі соғарда,
Оңап бір кием бөркімді.
Оранып долы боранға,
Оралып келген еркіндік.
Оранып арман,үмітке,
Оралып келген қалауым.
Мұзда жарған қауызым,
Қарда жанған алауым.
Желбіреуін тоқтатпас,
Желге тіккен жалауым...
Өткеру
Мен мезгілді жеп тауыстым,
Таңды таусап, түнді мүжіп, қарпыдым,
Күндерді үптеп, сағаттарды сарқыдым.
Көрдім қанша аққан жұлдыз сорабын,
Найзағайдың жарқылын.
Қорғанымды құлатпады дауыл кеп,
Түсімдегі таудан да асқақ тауым көп.
Түсінбеді дей алмаймын достарды,
Ішімдегі жаудан өзге жауым жоқ.
Дос демейін асырып,
Жоқ, оған да бара алмаймын бас іліп.
Шаршап өлер жайым жоқ,
Сатқындығын жасырып.
Сүюді де тыйдым десем, доғардым-
Махаббатқа обал-ды.
Бағынбайтын жүрек қайда әмірге,
Сағынбайтын боп алдым.
Құс та болдым, балықтайын күйге ендім,
Келеді енді адам болуды игергім.
Ой дегенің үнсіздік-ау шамасы,
Сөйлемеуді үйрендім.
Сүйгенімді алмаған соң дәл өңдеп,
Алғанымды сүйгім келді әреңге.
Арзандатып алдым сені сағыныш,
Әр күн сайын дәлелдеп.
Әзіл айтсам ақтарамын шын сырды,
Одан асқан әзіл болмас күлкілі.
Бас қатырып көргенім жоқ өлімге,
Өле салам бір күні.
Жалғыз досым айнам ғана әйгілі,
Жабырқасам тұрмайды ол жай күліп,
Қайғым менің болсадағы күлкілі,
Күлкім менің болмау керек қайғылы.
Мезгілдің мен біліп алдым бар сырын,
Миллион жыл, мың ғасырлар талшығым.
Енді неге бүйірім бір шықпайды,
Ей, уақыт - алтыным?!
Сағыну
Гоголь көшесі.
Вознесенский храмы.
Бір диуана қуарып,
Сипалақтап қызылкүрең құлағын,
Күмбезіне күн сап қарап тұр әлі.
Өлкесінің исі сіңген шығарды ол,
Сөмкесінен "алтайские травын".
"Інішегім, тиер мұның күнде емі,
Мох, грибы, хна, плющ бұл" деді.
Жусан, изен, рауғаш, таспа білем мен,
Туған жерің, туған жерім бір дедім.
Крестке қонақтаған қара құс,
Ұшып келіп қонды қадам ілгері.
Шәрпісінің жаспен дымдап етегін,
"Алтай..." деді ол жөткірініп, жөтеліп.
"Алтай, - деді,- сағынышым түсінсең,
Жүрмін оны иығыма көтеріп".
Создым қолды, жақынбыз һәм бөтенбіз,
Қабағын бір қағып қалды сетер күз.
Қара құсқа қарай бердік жалтақтап,
Сағынышты сатып-алып екеуміз.
Иллюзия
Фортепиано.Иоганнес Брамс.
Әуендер тынды сыңсыған.
Алматы. Арбат алаң маңында,
Әлде кім ән сап тыншыған.
Ән сіңіп кетті, айнала жым-жырт,
Боялған алаң сәл мұңға.
Қайырды неше қамығып сөзін:
"... Анаңа қоңырау шалдың ба?!"
Қаумалап барып қарсы алды бір топ,
Сыпырғы тұтқан ананы.
Қомақты сома қолына тиіп,
Түсінбей ана қарады.
–Қайрымды жандар дегейсіз бізді,
Сыйлық бұл сізге, апасы,
Ал бізге керек дұрыс қараңыз,
Түсірілімнің сапасы.
–Ризасыз ба, қуандық біз де,
Сәтті шықты ойын шамасы.
Ойын да болса осында жатыр,
Шын қуанудың бағасы.
–Рахмет сізге, айып етпеңіз,
Ақшаны қайтып беріңіз.
Рөлді сәтті сомдағаныңызды,
Біздің каналдан көріңіз.
Көргенің күнде түс шығар бәлкім,
Ұйқылы-ояу сәттегі.
Өлең деген де өз кезегінде,
Өмірдің шимай дәптері.
Фортепиано. Белгісіз әуен.
Ана тұр үнсіз алдымда.
Ыңылдап біреу өтіп барады,
"... Анаңа қоңырау шалдың ба?!"
***
Ескі шаһар, сол алматы, кеш кірген,
Ыңыранып іңір жатыр ескі үнмен.
Сол қоналқы, солғын дәліз, сұр бөлме,
Күңгірт шырақ, қоңыр диван ескірген.
Талай-талай табандарды тауысқан,
Тротуар тыншымайды шаңы ұшқан.
Тар көшеде теңселеді тағдырлар,
Тас еденге сіңіп жатыр дауыстар...
Елес қағып тереземді түнімен,
Телмірісіп талықсимын–тірілем.
Бұлдырайды іздерімдей мың шиыр,
Сұрғылт сурет қабырғаға ілінген.
Жиектегі тарғыл түстер– таныс үн,
Қызғылт рең –қыстыққаным жан ұшып.
Қоңыр-қоңыр көлеңкелер– өксігім,
Жасыл бояу–жаңғырыққан дауысым...
Дауысым ол ұғар дейсің кім сұрап,
Өмірім боп өзегімде тұншығар.
Сұрғылт сурет, сол алматы мұң шығар,
Өлсем бірге тыншығар...
Баяу, біртіндеп...
Өлім саған бас ием,
тек шындығың үшін.
Жалғыздық сені сүйемін,
еркіндігім үшін.
Сүрінген сәтте қуанам,
тұра алғаныма.
Үміттің түбі құлаудан
құралғанына.
Махаббат сірә зат емес,
тоналар өңі.
Кереңдер естіп, соқырлар
көре алады оны.
Болуы керек бір себеп
сүйем деуіме,
Бодаусыз бақты хақым жоқ
иемденуге!
Қолымнан келмес құлшынып
көрікті қылу,
Махаббат деген анығы-
өліп-тірілу.
Күтпеймін тегі бақытты
төзіп қарағым,
Ылғи да өтіп кеткенін
сезіп қаламын.
Қуанам досқа жылт етіп
қол алып келсе,
Білдірем алғыс дәл солай
жоғалып кетсе.
Сынаймын оны ертерек
алыстау үшін,
Қиямен жүрем ешкіммен
жарыспау үшін.
Білуге сырын біреудің
бас ұра алмаймын,
Естігенімді себебі
жасыра алмаймын.
Бастауым керек екенін
ісімді неден,
Бәрініде біттім дегенде
түсіне берем...