Жылдың үздік прозасы
99

Қыр баласы

(Әңгіме)

Сан жя қыстағына көшіп келген күннен бастап Дәуреннің дағдылы тұрмыс әдеті өзгеріп кетті. Ұйқысы қанып, шаруасы азайды. Күннің шығуын әр таң сайын қыр басында, жалқы төбеде күтіп отыратын ол енді сәскеде тұрып, үлкендермен түскі асқа бірақ отыратын болған. Оған Ю ауласының да себепкерлігі бар. Дағдысымен таң ата оянғанында Ю қожайынның шошқалары мазалайды. Ерте көктемде торайлағандарынан бөлек қожайынның сойып, сатуға ыңғайлаған ірі, семіз шошқалары да көп болатын. Таңғы жемдеу кезінде олар тіптен шұрқырасады. Ерекегі ұрғашысын, ірісі шағындауларын іреп түйрейді. Қора маңы шу-шұрқан, қиқу-шиқылға ұласады. Дәурен көрпесін басына бүркеніп, шошқалардың дыбысын естімеуге тырысады. Соңғы күндерде құлағына мақта тығып ұйықтайтын болып алған. Бір жағынан шошқаны тірідей көру Дәурен үшін қызық та еді. Түс әлетінде дуалдан мойнын созып Ю ауласын бақылайды. «Суреттегі шошқаның дәл өзі»-деді ол, «Мұнша дәу боларын ойламаппын, торайлары сүйкімді екен құбыжық неменің»-деді іштей. Оның есіне күзеуліктің жыра-жықпытын, сай-саласын аралап мал сатып алатын Кәзім саудагер оралды. Ол шошқалардың дыбысын әрқилы салып, әжуалайтын адам болатын. «Айнытпайды екен шайтан, доңызды да жинаған бәле шығар»-деп күбірледі. Ол шіріген, ескі қаңылтыр пештің үстінде тұрған болатын. Жемге тойған шошқалар әр тұсқа қисайып, қорылға басқан тұста Дәурен өз ауласына мойын бұрды.

Үй іргесіне жапсарластыра салынған 20-30 метр ұзындықтағы қораның шеткі есігінен ішке ене бере күлімсі иіс қолқасын қапты. Жиіркене мұрнын басып, қораның түкпір-түкпірін шолып еді, қабырғаға тақап айналдыра хам кесектен жиналған оқырлардан өзге ештеңені көрмеді. Оқыр бетіне доғалап жұқа қаңылтыр тасталған. Екінші, үшіні есіктерді ашты. Барлығында сондай күлімсі иіс пен науалар.

Сұң шаңырағы деп аталатын бұл отбасы да шошқа асыраумен айналысқан. Екі жыл бұрын Ланджоуға көшіп кеткен. Бос қалған үйді Дәуреннің ағасы Сұңның інісінен сатып алған. Үйді тазалап, жаңарту жұмыстарын ыңғайлағанымен, қора-қопсысын жинастыруға үлгермеген. Міне енді осы қораны оңап, иіс-қоңыстан арылту Дәуренге тиесілі шаруа.

Сан жя қыстағының қазақ ауылымен арасы жиырма шақырымдай. Ертеректе Ланджоудан қоныс аударып келген үш отбасы осында қоныстанып, өсіп-өнген. «Сан жя» қазақ тілінде «үш отбасы» деген мағына береді. Қазір мұнда мыңға жуық түтін бар. Барлығы дерлік Хан ұлтынан. Қазақтардан оншақты үй ғана бар. Әкесі қайтыс болған соң, Дәуреннің ағасы осында көшіп келуге бекіген. Оның өз себептері болған еді. Олар жылдың төрт мезгілінде көшіп-қонып мал бағатын. Дәурен оқуды құржадағы әпкесінің үйінде жатып оқып, қыстық, жаздық каникулын дерлік қырда, мал қасында өткізетін. Оның Едігар есімді бұл ағасының малға қыры жоқ адам. Құржадағы мектепті бітірген соң құрлыспен, егістік ісімен айналысқан. Шаруаға бейім, жұмысқа епті.

Жаз каникулы Дәуреннің Сан жя қыстағына көшіп келуімен басталды. Едігар жалға алған егістік жерімен, арық-тоған қазумен, там соғып, құрлыс салумен әбігерленді. Шошқа қораның қиын ойып, тасып шығару бірер күндікке бітер жұмыс еместігін Дәурен істі бастағаннан-ақ сезінді. Жалғыз доңғалақты темір арбаға оншақты күректен қи тиеп, аула сыртына бір рет сүйреп апарғанның өзінде діңкелеп қалды. Жағымсыз иістен жүрегі айнып құса берді. Бетін тұмшалаған ақ маскасы барқыттай қарайды. Үй іргесіне сүйеніп отыра кеткені сол, Юдың шошқа қорасы азан-қазан болды. Орнынан жылдам тұра, екпіндеп барып, пештің үстіне қарғып шықты. Қаңылтыр қабысып жартысына дейін жапырылып тоқтады. Дегенмен арғы ауланы толық көруге болады. Шошқалар сойқан бастапты. Дәурен «Жолбарыс» деп атайтын теңбіл доңыздың тұмсығы мен езуі қызарып кетіпті. Шошқалардың ішіндегі ең ірісі де осы. Дәурен оны жемнің жұғындысы шығар деп ойлай бергенде, оқыр шетінде қарны ақтарылып жатқан «Қара көжекке» көзі түсті. (Дәурен оған да ат қойған. Юдың шошқаларын жиі бақылайтын бала, түгел болмаса да бірмұншасына ат қойып үлгерген. Бұрындары төбе басында отырып, қой мен қозыларын өзі қойған атымен шақыратын.) «Жолбарыс» кідірген жоқ, жолында тұрған «Сұр шайтан» ығыса берген бетте оқыр шетіндегі «Қара көжектің» ақтарлыған қарнынан бастап, қомағайлана қарпыды. Сүт пісірімдей уақытта қара торайдың терісі мен басы, кесек сүйектерінен өзгесін түгел қылғытқан теңбіл доңыз теңселе басып, дуал іргесіне барып жантая кетті. Көзі шарасынан шыға аңтарылып тұрған Дәурен, қинала бір жұтынып қалып еді, кеберсіген таңдайына ащы қаңсық араласып кетіп, жүрегін онан сайын айнытып жіберді. Ол теңбілдің сойқанына қарап тұрғанда қораның екінші шетінде басқа арпалыстар жүріп жатқан. Темір тормен бөлектеп қоршалған аналық шошқалардың териториясына еркектері «шабуылдап» жатқан. Темір қоршаудың саңылауын кеңейтіп , артынша баған темірлерді жапыруға әсіресе «Шұбар қабан» белсенділік танытыпты. «Жолбарыс» жәркемдеген «Қара көжектен» ұлығаусар олжа тимеген бірнеше еркек доңыз «шұбар қабанмен» қосыла қоршауды қиратысқан.

Қоршан қирап, сойқан қызып жатқан тұста қақпа алдына ескі жүк көлігі қақалып тоқтады. Ю бұл машинасын шошқа тасымалына ыңғайлап, кебежесін темір решеткалармен қиюлап, жасап алған. Кабинадан әйелі мен өзі, кебежеден төрт баласы шұбырып түсіп келе жатты. Қақпаны Юдың әйелі ашып, соңыра балалары бір-бірлеп ішке енді. Әйелдің құлағына шошқалардың шуы естілді. Күндегісінен өзгеше шыңғырысып жатқандай. Әйел үйге кірмей, бірден арқты аулаға беттеді. Юдың өзі де әйелінің соңынан ілесе жөнелді. Сойқанды алдымен көрген әйел баж етті. Ю жүгіре қабаттасып, екеуі қираған қоршан жаққа ұмтылды. Юдың қолына көлік оталдыратын қисық темір ілінді. Ол мұны көлікке қалдыруды ұмытқаннан, болмаса үйге қоймаққа алып алған болса керек. Неде болса қажет тұста қолынан табылғанына қуанды. Темірді жоғары көтере таңдана бір қарап алды да, сілтей берді. Әйелі де аянар емес, ұйлыққан доңыздарды жалаңаш қолмен төпелеп, теуіп жүр. Қолдарына шыбық, тас алып жеткен балалары да «майданға» араласты. Балалардың үлкені дәуренмен шамалас та, кенжесі үш жаста. Үлкені кенжесін жетелеп, үй іргесіне жақын апарып, әлде нені ескертті. Шошқалар таптап кетпеске сақтандырып жатса керек. Юдың қолындағы темір қанға бөкті. Доңыздарды ыңғайы келген жерінен аямай соқты. Тұмсығынан, жонынан, құймышағынан жараланған шошқалар бытырай қашты. Ылыққан хайуандарды шетінен төпеп, сыпыра сабап келе жатқан Ю түкпірдегі бірнешеуін төпелей жөнелгенде, оқыс жағдай орын алды. Шегіншектеп барып Юдың қасынан жылдам өте шықпақ болған «шұбар қабан», «сұр шайтанға» соғылып барып, Юды аяғынан түртіп құлата берді. Жаз болса да жамылғы қара пәлтосын шешпейтін Ю, жалып етіп «шұбар қабанның» үстіне құлады. Анау тұра кеп жүгірді. Жалпақ арқаға жабыса қалған нән қарын Ю бірден сырғып түспей, шошқаның үстінде кетті. Жамылғысының етегі «шұбар қабанның» денесін тұтас жауып, басы-көзіне дейін тұмшалап алды. Шабандозы жайғасқан жүйріктей «шұбар» заулап барады. Құйғытқан бетте дуалға ұрылып, қабаттасқан қалпы екеуі де есеңгірей құлады. Бақылап тұрған дәурен сұлап жатқан екеудің қабаны қайсы, қожайыны қайсы айыра алмай, дуалға жармаса үңіле берді.  Әйелінің ащы дауысы шығандап, Ю мен «қабанға» қарай жүгірді. Балалары бақырып, шошқалар шиқылдап, «ұрыс алаңы» ұлар-шу болды. «Мынаның қасында қозы жамырап, бұзау емгенің симфония екен»-деді Дәурен. Ю ыңырана есін жиды. «Қабан» да қыбырлай бастады. Әйелі бетінен шапалақтап, үлкен ұлы су әкеліп бүрікті. Екіншісі әкесінін үсті-басын қағып, тағы біреуі әкесін демеп тұрғызбаққа жанталасып жатыр.

-Шауми қайда,- деп айғай салды үлкен ұл, үй іргесіне отырғызып кеткен інісін іздеп. Барлықы қақиып тұра қалысты. Бір-бірлеріне қарап иек қағысты да, жан-жақтан баланы іздеді. Ю арқасын дуалға сүйеп, басын шеңбектеп, сілейіп отыр. «шұбар қабан» ышқына орнынан тұрып, ақсаңдай жылыстап барады.

-Анда сияқты,-деді екінші ұл, оң бетімен жерге етпеттей жатып алыпты,-аяғын көрдім, әне! Ауланың бір түкпірін меңзеді. Бетіне шошқаның жас қиы жабысып қалыпты.  Барлығы солай жүгірді. Үлкенді-кішілі торайлар ауланың бір бұрышына жиналып қалыпты. Алдымен жеткен Юдың үлкен ұлы торайларды жұлқып, тартып, теуіп, үркітіп араларына дендеп енді де, түкпірден Шаумиды тауып алды. Оның үстінде лыпа қалмапты. Жейдесі мен шолақ шалбары әр жерге шешіліп, иығы мен жамбасы жараланып, қанталап кетіпті. Ағасы тыржалаңаш інісін қолтықай биік көтеріп, «міне» деді. Сырттағы Дәурен, Юдың үлкен ұлы торайлардың бірін көтеріп алды ма деп ойлап қалды.

Олар Шаумиды әкесінің қасына алып келді. Шешесі оның жараланған жерлері мен бет-аузының шаңын сүртіп, балалар есік алдындағы су толтырылған құтыларды тасып әкеліп, әкелері мен Шаумидің қол-аяғын жуысты. Шу басылып аула тыншығандай болды. Әр жерде ұйлығысқан шошқалар үдірейісіп қожайындарына қарап тұр. Шешесі мен балалары бір майдан сұрапыл соғыстан аман қалған жаралыларға көмек көрсетушілердей-ақ недәуір әбігерге түсті.

Дуалдан басы ғана қылтиып тұрған Дәуреннің арқа тұсынан біреу еппен қақты.

– Ұят болады,-деді анасы,бұл оның Дәуренге бірінші рет ескертуі емес.

Шошқалар шу шығарып, сойқан болды, тәте! Айтар болсам бар ғой...

Сойқаны несі, қолдарына құрал алып, көтеріліске шықты ма?

Солай деседе болады, жаралылар бар, жәрдем көрсетушілер де дегендейін...анасы оның сөзін жүре тыңдады.

– шаруаңды істе, аздан соң асқа кел.

– Мұнда шу боп жатыр дедім ғой, сендер кереңсіңдер ме?!

шешесі кідірместен бұрышты айнала берді. Дәурен тағы да қабырғаға сүйеніп отыра кетті. Үлкендердің өзін кезекті мәрте елемегеніне налыды. Ызасына өксік араласып, көздері жасаурай берді. Мұрнына шошқа қиының күлімсі иісі келіп, лоқсып жіберді. Батыстан желемік шығып иісті онан сайын үдетіп тұрған. Енді оның көзі қарауытып, басы айналғандай болды. Іргеге жиналған ескі ағаштардың үстіне ілбіп шықты да, жамбастай беріп, аунап түсті. Шалқалап жатып аспанға қарады. Бір түйдек қара бұлт төмендеп, өзіне қарай заулап келеді. Кірпігін қағып қалғаны сол , бұлт бұған емес, Ол бұлтқа қарай зымырап бара жатқандай болды. Демде түнекке сүңгіп кетті. Жаңа ғана қарауытқан көздері шырадай жанып, тұманды даланы көрді. «Бұлт дегенің тұман екен ғой,-деді ол,- әлде тұманды бұлт десек дұрыс па»-деп күбірледі. Аузын басып, дыбысым қатты шығып кетті ме деп ойлады...ағасы оның қасына келіп отырды... «Қаусаған ескі кілет үйді бұзғанда шыққан ағаштар ғой бұл, Недәуір көп ағаш, басыңды көтерсең маңдайың дөдегеге тиейін деп тұр, әне көгершіндер, байқа, басыңа саңғымасын!...Дәурен бір жамбасына аунап түсті. Анадайда «шұбар қабан» дуалдың қора жақ саңылауынан тұмсығын қылтыйтып, әлде нені иіскелеп жатыр. Дуал мен қора арасына жиналған жаңбыр суы Юдың ауласынан осы тесік арқылы ағып өтіп, одан бері арықша арқылы Дәурендердің ауласынан сыртқа қарай ағатын. Тесік кеңіп кеткен бе әлде бұрыннан солай ма, «шұбар қабанның» тұмсығы ғана емес енді тұтас басы анық көрінді... Тұман арасынан бірдеңе қараңдады. Бастапқыда адамға ұқсағанымен Дәурен оны жылқы деп топшылады. «жо-жоқ, бұл жылқыға мінген адам екен,-деді дауыстап. Иә, иә Қасен! Жүйрік құласына мінген Қасен досым!-дауысы зорая түсті... «тым шаршауықсың»-деді Едігар. Қиды арт-артынан арбаға лақтырды да, алақандарын қабаттастыра күрек сабына қойып, оған иегін тіреп, бөксесін шошайтыңқырап, бүкірейе сүйеніп тұра қалды. Оның ентіге тыныс алғаны мен өкпесінің сырылы Дәуреннің құлағына түрпідей тиді... «шұбар қабан» саңлауды түрткілей бастады...тұман ішіндегі күңгірттік қоюланып, құла мінген Қасен қараңдаған көпке сіңіп кетті. Көп қара жиналып бір қара болды. Дәурен оны «Жалқы төбе» деп елестетіп еді, нобайы үйге ұқсап кетті. Жо-жоқ, төбе басындағы үй екен-деді дауысы қарлығып,- Жалқы төбедегі біздің үй... Едігарға оның үй туралы айтқандары ұнамады... «Уайымдама, отырғызған ағаш емеспіз, көшеміз әлі»... Дәурен әкесі жерленген қабірлікті көрді. «Көшкенімізге көп болмасада қабірлік сонша үлкейіп кетіпті,-деп міңгірледі,-жо-жоқ, бұл Сан жя қыстағы-деді ол таңданып. Қабірлер көбейіп, қыстаққа тақап қалған ба, әлде қабір үстіне қыстақ салып алғанбыз ба?!»... «Қайсы біреуден қабір үстіне үй салуға болатынын естігем»,-деді Едігар... «шұбар қабан» су ағар тесікті ұлғайтып, денесінің үштен бірі көрінерліктей құлатыпты... Қара көлеңке шашырап кетті де сансыз ноқаттарға айналды. Тұман сейілер емес. Дәурен дегбірсіздене бастады. Тұла бойы өртеніп бара жатқандай сезінді... Көзімді шел басайын деген екен,-деді ол,- отарлап бара жатқан біздің ауылдың қойлары ғой бұл, жалпақ жазыққа сыймайды-ау, шіркін! Оқыр маңындағы отыз шошқаңа болайын, соның өзінде қырылып қала жаздадың!...шеткерірек аттылы біреу бұған қарай беттеді. «Жақыпсың ба, досым?»-деді Дәурен. Екеуі жарқын амандасты. Дәурен оның атына мінгесті. Жақып тебіне жөнелді. Дәурен қопақтай берді. «Тақымың босап қалыпты ғой досым»-деді Жақып. Шұбырған қой соңына жете бере Дәуреннің көзі шарасынан шыға жаздады. Жақыптың қоралы қойын «шұбар қабан» бастап бара жатқанын көрді. Оның қарашығы «шұбар қабанға» тесілген бетте тоқтап қалғандай болды. Шұбар шұбарға ұласты. Ю оны жүк көлігінен түсірді. «Қойлар!»-деді Дәурен... «әуелі қораны тазала, қой сосын болады, отардағыны осында әкелеміз»,-деді Едігар - қақпа жақтан дауысын зорайта айғай салып... «Шұбар қабан» саңлауды онан сайын кеңітіп, белуарына дейін дендеп келеді. «гүрс» етіп құлаған дуалмен бірге «шұбар» аулаға енді. Іркілместен теңселе басып, шеткі қораға кіріп кетті. Дәурен оны манағы там сүзе құлағанынан кейін есі ауысқан болуы керек деп ойлады.

Артынша күтпеген жағдай орын алды. Юдың ірілі-ұсақты шошқалары дуалдың құлаған тұсынан шұбыра саулап, Дәуреннің қораларына қарай ағылды. Олар бейне тәртіпке бағынған солдаттардай әрекеттенеді. Бұл жолы оларға «жолбарыс» командандық жасап тұрғандай. «шұбар қабаннан» кейін екінші болып ішке енген «жолбарыс», ұзын қораның ортасына барып көлденеңдеп тұра қалды. Оның соңынан шұбырған шошқалар бірінші қора толса екіншісіне, одан үшіншісіне «тәртіппен» кіріп орналасы. Тұман сейілгендей болғанымен, Дәурен қатты әлсіреп қалды. Басы шеңбектеп, көзі қайта қаруыта бастады. Қақпа жақтан Едігар жүгіріп келді. Бір ғажабы ол да қолына қисық темір ұстап алыпты. Кідірмей доңыздарды сабай жөнелді. Ашулана, кіжіне Дәуренге қарады. Айхайлап шақырды. Дәурен мұның дауысын естімеді. Қора маңында шешелері де пайда болды. Едігармен қосыла ол да арпалысқа араласып кетті. Дәурен олардың неге жінігіп жатқандарын түсіне алмады. Шешесі мен ағасы қой сауып, қозы жамыратып жатқандай елестеді.

Ауруханадан шыққан күні анасы мен Едігар, Дауренді құржадағы әпкесінің үйіне алып келді. Дәрігер оған «ұйқысыздықтан әлсіреп қалған» деген диагноз қойды. Едігар үйіне қайтып , анасы Дәуреннің қасында қалды. Араға бір жеті салып Дәрден де тәуірленді. Бойы қуаттанып, өңі кірді. Сан жя қыстағына қайтып келгенде Дәуреннің денсаулығы тағы сыр берді. Бұл ретте шешесі оны ауыл емшісіне алып барды. Тәуіп оның жотасына тұз қойып емдеді. Дұғалап, ұшықтап, артынша шешесінің құлағына бірдеңелерді сыбырлады.

2017 жыл. Қазан.