Жылдың үздік поэзиясы
19994

Асыра сілтеу

поэма              

                                                                                                                                                        

             Бірінші бөлім

               1-тарау

Көшеді аспан бұлты жерге төніп,

Артынан айдаған жел бермей ерік.

Ағылды ақбөкендер жылы жаққа,

Сабылды сардаламен, кейде желіп.

 

Қарадай қара таппай ұрынарға,

Қағынды қыранмын деп ұры қарға.

Қара күз қаһарымен қыса түсті,

Болмаса, бөкен ауып жыны бар ма?

 

Оралған қияндағы Қостанайдан,

Естіпті ауыл кеше, поштабайдан.

Отырған жақсы орында танысы бір,

«Мәскеуден шұғыл шара - жоспар алған».

 

Сайрапты сол дөкейің өрден қарап,

Барлығын көзбен көріп келгендей-ақ.

Елдегі мал есебін жайып сапты,

Алдына айдап салып бергендей-ақ. 

 

Түсіпті жоғарыдан тәртіп ерек,

Сыпыра бай-манапты тәркілемек.

Дүрліккен жұрт аузында жалғыз-ақ сөз:

«Қайырлы болса болды арты» демек.

 

Толас жоқ ауыл үйдің өсегінде,

Табылды тамаша ермек неше күнге.

Тағы да белсенділер шықса керек,

Жата алмай, ұйқы қашып, төсегінде.

          

Жағалай жалпақ елді үрей билеп,

Сананы сансыратты желдей гулеп.

Қорқыттың көрі болды қайда барса,

Қалайша «байғұс» қазақ өмір сүрмек.

                    

Әркім-ақ бұл хабардан құлақтанды,

Көкейде жауабы жоқ сұрақ қалды.

Кеңесің, кереметің осы болса…

Кейбіреу «ішін ұрып» сыбап та алды.

 

             2-тарау

 

Қазақтың басынан бұлт арылмады,

Тұйықтан шығар жолы табылмады.

Керіліп кер заманның кермесіне,

Қайғысы күннен-күнге қалыңдады.

 

Кешегі үміт-арман ақталмады,

Дабыра науқаншылдық тоқталмады.

Ежелгі кәсібіне ауыз салса,

Алаштың ұшқалы тұр бастан бағы.

 

Діңкелеп дүниенің дүрбелеңі,

Дегенде, көздің жасын кім көреді?!

Әр тұстан жігіт жинап жатыр деген,

Сөз жетті Қыржігіттен* іргедегі.

 

Жалпы жұрт елеңдесті жаңалыққа,

Азамат табылды деп жарар ыққа.

Сейітбек бірігуге шақырыпты,

Жария сауын айтып тәмам жұртқа.

 

Қарасор, Құмкешудің қабағында,

Айдынды Байғабылдың аяғында.

Момын ел күзеуінде отыр еді,

Қамысбай, Шұқыршаның табанында.

 

Ауылдас, ағайындас – аралас ел,

Сәт туды десті, құдай қаласа егер.

Жарамас қайрат қылмай, қамсыз жату, 

Талтүсте мал мен жанды таласа егер.

 

«Қазақтың мал  – ырысы, малы – бағы»,

Ол кетсе, кең тынысы тарылады.

Мәні де, тірлігінің сәні де сол

Болған соң, қайғырады, қамығады.

 

Оңдырмас түрі жаман қоғам мынау,

Бірікпей, жүндей түтіп, салар бұғау.

Белгілі, бөлінгенді бөрі жейді,

Болмасақ ортақ істе табандылау.

                                              *Қыржігіт - ру аты, Ұзын қыпшақтың бір тармағы

 

Кез келді ер жігітке сыналатын,

Жеңнен - қол, жағадан - бас шығаратын.

Темірді қызған кезде соғу керек,

Көп ойлап, кезең емес жырғалатын.

 

Өзара ақылдасып азаматтар,

Сенімін, ел үмітін адал ақтар.

«Ермесін соңымызға - деді және,

Бүрі жоқ табанының, тайғанақтар».

 

Түйіні әңгіменің тыңдалатын:

«Біз емес зорлықшыға құл болатын!..

Аралап, алыс-жақын ауылдарды,

Жігіттер айтсын жерді жиналатын».

 

Әдетте шақырғанда жарыс, тойға,

Діттеген жерде түгел табыспай ма?..

Жақсылар сәрсенбіде басты құрап,

Келмекші бір шешімге, Қамысбайда.

 

«Құп» десіп келер күннен етті талап,

Бұйырса бас көтермек бектер, манап.

Жылында мың тоғыз жүз жиырма тоғыз,

Қараша айын күтіп, кетті тағат...

                                                                                                           

             3-тарау

 

Қатулы, беті қатты табиғаттың,

Көрінбей, бұлт астында қайырлап күн.

Аяғы қайда апарып соқтырады,

Кімге де қиын болды айырмақ тым?

 

Тал-шыбық басын иіп, салбырайды,

Ши, шілік бүрсең қағып, қалтырайды.

Панасыз көде, жусан, шағыр, селеу,

Қыраудың құрсауында жалтырайды.

 

Тынысы төңіректің тарылғандай,

Сарылып сары уайымға салынғандай.

Өзегін өкініштің өрті қауып,

Тағдырдың жазуына бағынғандай.

 

Асықты қараша қаз жылы жаққа,

Белгілі оның-дағы сыры хаққа.

Сыңсыған үні талып естіледі,

Көз көрмес, бұлттан әрі, тым жырақта.

 

Себепсіз елдің іші дүрліге ме?

Келгенін бір нәубеттің білді, міне.

Мал бағып, жайлауында жатқан елдің,

Ақыры сызат түсті бірлігіне.

 

Жәндік те айбат қылар ашынғанда,

Төндіріп қауіп-қатер, басынғанда.

Ағылды оңнан, солдан атты, жаяу,

Зар болып қалмайық деп, шақырғанға.

 

Жағалай қазық, талға атын байлап,

Самбырлап, нағашы-жиен, балдыз ойнап.

Сәлемін Пайғамбардың берсе жасы,

Ақсақал алғыс айтар: «батыр бол!» - дап.

 

Тай еті тайқазанда жатыр қайнап,

Ошақты алғандар бар батыл жайлап.

Сорпаның ақ көбігін қалқып бірі,

Отындық тезек, талды отыр сайлап.

 

Жиналды біраз адам қара-құрым,

Үстіне біреу киген бар асылын.

Шетінен сен тұр, өзім атам дейтін,

Тапқандай, тілектестер жарасымын.

 

Жастар жүр, жатпай-тұрмай әлектеніп,

Қарсы алып, кісілерді, бәйек болып.

Бітпейтін әңгімеге кірісіпті,

Бір шоғыр тал түбінде бөлектеніп.

 

Үстінде қамқа шапан, сеңсең бөрік,

Жарасар тал бойына келсең көріп.

Қолында тасбиығы Нұран молда,

Ойғандай орын апты төрден келіп.

 

Жиналған ығай-сығай төңірегі,

Бір ызғар жүздерінен сезіледі.

Айтылған әңгімеге құлақ түріп,

Ұмсынып, ынтасымен беріледі.

 

Қыстайтын жылда келіп Жетібайға,

Келіпті белін буып Бекібай да.

- Жә! - деді, сөзден кезек алмақ болып,

Үндемей отыр еді кетіп ойға.

 

«Келейік, олай болса, бір байламға,

Не жетсін, қол ұстасып, бір болғанға.

Бұл істе жақсылықтан қатер басым,

Үкімет құрған терең бұл бір айла.

 

Көрмеген құқай бар ма Алаш ұлы,

Тағдырдың бұл да болса, дара сыны.

Талтүсте талауына көне алмаспыз,

Болғанда мал ашуы - жан ашуы».

 

Жеткізіп осылайша сөзін майда,

Қарады ауыл биі Әлімбайға.

Ақсақал түтігіп-ақ отыр еді,

Төгерін біле алмай кәрін қайда.

 

Қойды да жөткерініп, қозғалақтап,

Орнынан тұрды жаймен созбалақтап.

Сөз бастар алдындағы әдетімен,

Сақалын сауып қойды бордай аппақ.

 

Түйілді, мұз қатқандай қабағына,

Кептеліп, сөз келіп тұр тамағына.

Өткенде төңірегін көзбен шолып,

Жуықтау мұң болғандай маңайына.

 

Келтіріп кесте сөзді орайына,

Ағынан ақтарылды ағайынға:

«Қашан да көппен көрген ұлы той ғой,

Сыртында мәжілістің қалайын ба?!».

 

Арада бие сауым өтті уақыт,

Шешендер шер тарқатты, кекті басып.

Біреулер өре тұрып, өрекпісе,

Біреулер қапаланып, кетті жасып.

 

Біреулер қызбаланды, сермеп қолды,

Кеудеге ашу-ыза кернеп толды.

Қысқасы, жиналғандар Сейітбекке,

Әр үйден бір-бір жігіт бермек болды.

 

Бүгінде жаудан гөрі досың тапшы,

Сейітбек намысты ердің отын жақты.

Бастапты Батпаққара қарсылықты,

Бұлар да ертең  барып қосылмақшы.

 

Уақыт, осылайша, жатты өтіп,

Әлдекім үнсіз қалды, сақтық етіп.

Жатқан бар екеуара күбірлесіп,

«Келелі кеңес шешім тапты» десіп.

 

Келгенде сөз кезегі кәлпе* Нұран,

Сүрені кетті бастап, әлхамынан.

Қиыннан қайырғанмен, тілі жатық,

Аспайды әуелеткен ән де бұдан.

 

Ұзаққа кетті молда аңыратып,

Уағызын тұс-тұсынан жамыратып.

Көпшілік ұйып отыр,

Басылыпты,

Тұрғандар әлгі әзірде жалын атып.

 

Әуеннен қараша үй шайқалады,

Молдекең су жорғадай тайпалады.

Үстіне жас жігітті келген кіріп,

Кәлпе де, басқалар да байқамады.

                                 

                                                                                *Кәлпе (қалпе)– діни атақ      

 4-тарау

 

Бұл адам Ақыш* еді келген кіріп,

Салмақты сабырына сенген жігіт.

Ауданнан оралғаны әлгі әзірде,

Көп жайды сұрастырып, елден біліп.

                       

Байқағыш, жастайынан зерек еді,

Ақылды, айтар сөзге шебер еді.

Ақcары, сұңғақ бойлы, жауырынды,

Бітімі, болмысы да бөлек еді.

 

Қарасаң көз тояды тұлғасына,

Жетерлік өнері бар бір басына.

Жасынан палуандықпен аты шыққан,

Қадірлі, қатар-құрбы, сырласына.

 

Бекібай - әкесі оның, белгілі адам,

Жан емес жансақ айтып, сөзді қуған.

Ақышқа – үлкенім деп үміт артып,

Тәлімді тәрбиесін берді, бұған.

                                       *Ақыш Бекібайұлының азан шақырып қойылған аты – Ақмұханбет

Аз-кем шегініс...

...Айтылса арғын аға баласы деп,

Ойлаңыз елдің берген бағасы деп.

Кіші арғын Торғай бойын жайлап жатыр,

Бұл енді ақиқат сөз, таласы жоқ.

 

Бәйтәжі кіші арғынның ноқта ағасы,

Ақташы оған таяу – нақ бағасы.

Екеуі бас ұстайды, бұл дәстүрден,

Белгілі білген кісі аттамасы.

 

Ақташы іргелі жұрт жатқан тарап,

Адамзат шежіресін* ақтар қарап.

Қашаннан қарға тамыр қазақ осы,

Жататын ғұннан, күннен, оттан тарап.

 

Бекібай ақташының тармағынан,

Орнықты, «жер қайысар» салмағынан.

Ұлдары: осы Ақыш, Жалмұханбет,

Жігіттің жете туған арланынан.

 

Жатқан соң жеті байдың санатына,

Атағы елге мәлім дара тұлға.

Құл ұстап, кісі жалдап көрген емес,

Жинаған ағайынды қанатына...

                                                                    

                                                                                       *Файзолла Сатыбалдыұлының шежіресі.

 

Ақыштан халық отыр көзін алмай,

Өрілген жүйесімен сөзі қандай?!

Мақалдап, әңгімесін құбылтады,

Болғанмен еңгезердей, өзі дардай.

 

Жан емес әлдекімдей қылмаңдаған,

Немесе қу түлкідей жылмаңдаған.

«Айтайын өз көзіммен көргенімді,

Сенбес ем, қатын сөзге сумаңдаған».

 

Деп бастап, баяндады ұғынғанын,

Болмаған оқиғаны бұрын мәлім.

Бастаушы партияның пәрменімен,

Ауданда «қызыл отау» құрылғанын.

 

«Құлсың ба, әлде кедей, жатақсың ба,

Ширетпен жазады екен ортақшылға.

Малың көп, қатының көп, әлді болсаң,

Қалдым деп есептей бер шатақ-шуға.

 

Болатын көрінеді қаның ортақ,

Есебі, ұл мен қызың, жарың ортақ.

Жиналып бір қазаннан ас ішесің,

Малың да, ұятың да - бәрі де ортақ.

              

Бермекші тоқал тамнан қала салып,

Шығыпты толып жатқан жаңа салық.

Отауды белсенділер жайлап алған,

Үгітші аяқ асты бола салып.

 

Әркімдер коммунаға кіріп жатыр,

Қағазға мал мен жанды тізіп жатыр.

Шығады бірі шошып, бірі жылап,

Мазақтап, енді бірі күліп жатыр.

 

Барлығын көрдім көзбен, жалған емес,

Мұндай кеп бұрын-соңды болған емес.

Сол жерде кісенделіп жатқандар бар,

Отаудың басы толған ойран-егес».

 

Ақыштың айтқаны осы тәмам жанға,

Айналды әңгімесін тәмамдауға.

Сол кезде: «Келіп қалды, қашыңдар!» - деп,

Оқыстан, айғай салды Сәмен жорға.

 

Дүркіреп, жиналғандар қалды сасып,

Далаға атып шықты, алды қашып.

Лап қойды есік жаққа төрдегілер,

Кимелеп, бірін-бірі басып-жаншып.

 

Тапталып қалып жатты сүрінгені,

Әлде не осы кезде гүрілдеді.

Байқады «шайтан арба» тоқтағанын,

Далаға бұрын шығып үлгіргені.

 

Бұл елде мұндай тажал болған емес,

Тұрмаса көзді арбап, жалған елес.

Шөппен бе, сумен әлде жүре ме екен,

Соғымға соятындай, мал да емес.

 

Қораптан оншақты бас қылтияды,

Көздері сүзе қарап, жыртияды.

Қағынып етек-жеңін тұрған сәтте,

Самсаған түймелері жылтырады.

 

Иыққа бір-бір мылтық асыныпты,

Түрлері іс қылардай асылықты.

Түскенін сау басына сақинаның,

Жиналған жұртшылықтың басымы ұқты.

 

Бір кісі тығыршықтай, тапал бойлы,

Өңгеріп әкетердей атан қойды,

Домалап жерге түсіп,

Бастап келген,

Нөкерін «жіпке тізіп», қатар қойды.

 

«Атамын! Кәне, тоқта! - деді көпке,

Өлексе, өңшең банды, тесік өкпе!..».

Келместей Сырдың суы сирағынан,

Дәл қазір жалаң аяқ кешіп өтсе.

 

Тыңдар жан тапал сөзін табылмады,

Мойындап, бұйрығына бағынбады.

Екі-үш оқ тапаншадан аспанға атып,

Тапал да «Ұстаңдар!» деп дабылдады.

 

Ел түсті әбігерге, аяқ асты,

Жандәрмен құтқаруға қарабасты.

Ит ұлып, түйе боздап, аттар үркіп,

Үрейге айғай мен шу араласты.

 

Ортада белсенді тұр «Аттан!» салып,

Аспанға атылған оқ, сасқан халық.

Қопарып қазығымен, жібін үзіп,

Шылбырын сүйретіп жүр аттар лағып.

 

Жаяудың етек-жеңі далақтайды,

Шошынып, жан-жағына алақтайды.

Қаумалап, қайырғанмен асау аттар,

Жанына жан баласын жолатпайды.

 

Кісінеп, күрең торы көлбеңдейді,

Тұсында екі-үш адам ербеңдейді.

Аттарды қуып жүрген тасырлатып,

Жігітке: «Қайыр оны, бермен!» - дейді.

 

Алқынып, алашапан өңмеңдейді,

«Бір бәле болатынын сезгем», - дейді.

«Тып-тыныш үйде жатпай, боқ басында,

Апыр-ай, осы екен ғой өлген!» - дейді.

 

Біреулер атын ұстап, ойда жоқта,

Шідерлеп, тұсау салып, қойған отқа.

Тұс-тұсқа, бас сауғалап, тұра қашты,

Асығыс мінгендер де, жайдақ атқа.

 

Жүгіріп, жанұшырып Сәмен жорға,

Қақпалап ұстап алды, атын зорға.

Бетке алып Құмкешуді ол да кетті,

Бата алмай жағалыға жақындауға.

 

Бір шетте Нұран молда алқынады,

Торғайдай торға түскен талпынады.

«Қапыда қолға түсіп қалдым-ау!» - деп,

Жасаққа жалтақтайды әлсін-әлі.

 

Бір кезде атын ұстап, бала келді,

Зымыра, қашпақ болсаң...қала ма енді.

Ат үркіп, шегіншектеп секіргенде,

Тай қазан төңкеріліп қала берді.

 

Діңкиіп, қазан қалды ақтарылып,

Сап-сары жал мен жая, қарта, жілік,

Тұрса да есі кетіп, іші күйіп,

Жағалы жымияды, жорта күліп.

 

Асатын милициадан бар ма күшті,

Сол жерде біраз адам қолға түсті.

Барлығын қорабына тиеп алып,

Тындырмақ, аудан барып, қалған істі.

 

Табылмас үкіметке қылар қауқар,

Құтқармас, құрығы ұзын, қалай жалтар.

Ұсталды Әлімбай да, Бекібай да,

Ішінде діндар кәлпе Нұран шал бар.

 

Жазықсыз Ақышты да тұтқындады,

Белгілі ара түсер жұрттың халі.

Жиырманың біріндегі жас жігітке,

Бұл жайдың жұмбақ еді түпкі мәні

 

Қосақтап Жалмұханды ағасына,

Оның да жармасты жау жағасына.

Кінәсі екеуінің – бай баласы,

Түрткінің бекер күйген жаласына.

      

5-тарау

 

Машина ыңғайланды қозғалмаққа,

Бұрылып, бағыт алып, аудан жаққа.

Кес-кестеп, жолын бөгеп, жедел басып,

Бір әйел шыға келді ойда жоқта.

 

Тоқтады «шайтан арба» толқып барып,

Қып-қызыл, көтіндегі отын жағып.

Тапал да, басқалар да таң-тамаша,

«Бұл жерде жүр екен - деп, қатын нағып?».

 

Түтігіп тапал бетер манағыдан,

Қып-қызыл от ұшқындап жанарынан.

Жалма-жан қорабынан атып шықты,

Арландай ала түсер тамағынан.

 

«Кет деймін - деді тапал, - жолдан былай!»,

Әйелдің зары мүлде толғандырмай.

Жаутаңдап, жалынады ана байғұс,

Басына бар қайғыны салған құдай.

 

«Шалымды «бай» деп ұстап барасыңдар,

Малды да қолдан санап аласыңдар.

Ақыштың, Жалмұханның жазығы не,

Шырағым жайымызға қарасыңдар.

 

Ақышым жиырма бірге шықты жаңа,

Болғанмен бойшаң, биік – тіпті бала.

Екеуін қалдыра көр!» – деді жылап,

Көпшілік кім екенін ұқты жаңа.

 

Ар-ұят, ақыл-пайым жайға қалып,

Мән жайға тереңдемей, бойлап анық,

Бұйырды тапал дереу нөкеріне:

«Сүйретіп тастаңдар – деп, жолдан алып!».

 

Тажалдың құтылып көр қармағынан,

Лап қойды, қайғы басқа бар ма бұдан?!

Қолынан бірі тартып, бірі сүйреп,

Жабылып жұлқылады жан-жағынан.

 

Қорапта Ақыш жатыр тісін қайрап,

Кіжініп, құр бекерге күшін сайлап.

Байланған қол-аяғы Бекібай да,

Қыжылы кекті ызаның ішін жайлап.

 

Қорлыққа қарсы тұрар шара таппай,

Ақыштың екі көзі жанады оттай.

Тұқыртып, бас көтерсе, түйгіштейді,

Белсенді айналдырып ала доптай.

 

Қозғалып «шайтан арба» кете барды,

Аңырап, қайғы жұтқан шеше қалды.

...Түрмеде әке-бала айлап жатып,

Оқиға, болған осы, кешеге ауды.

 

               6-тарау

 

Белгілі қызыл түрме аудандағы,

Кезінде мешіт еді, жанған бағы.

Дінсіздер басындағы айын жұлып,

Ат қора, түрме жасап – ойрандады.

 

Осында - тәркілеуге іліккен де,

Ұсталып, әлді деген күдікпен де.

Әкеліп, топырлатып қамап жатыр,

Мәнісін болар емес біліп пенде.

 

Мыңғыртып малын өрген бай да жатыр,

Жаламен, жарлы-кедей – айна тақыр.

Қараңғы, тар қапасқа қамалғанның,

Азапты әрбір күні айға татыр.

 

Тергеуден әлсін-әлі жалықпайды,

Әрнені өздерінше анықтайды.

Жағалай ауыр-ауыр сұрақ қойып,

Тіпті де аяушылық танытпайды.

 

Шақырып Ақышты да дамыл бермей,

Сұрақты төпелейді жанын жерлей.

Тергейді күні-түні,

Ұйқы қысып,

Сөйлеуге отырса да халі келмей.

 

«Мойында бай баласы екеніңді,

Анық жаз: аты-жөнің, мекеніңді.

Серкең кім, серігің кім – ашығын айт,

Жасырма, ішке бүкпе есебіңді!».

 

Түнеріп қабақтары ашылмайды,

Өн бойын жайлағандай масыл қайғы.

Төндіріп қараспанды төбесінен,

Шығарып неше түрлі тосын жайды.

 

Тергейді бірі – жаймен, бірі – қатты,

Майдалап, енді бірі, тілі тәтті.

Асқынып, жаптым – жала, жақтым – күйе,

Ақыштың қараңғыға күні батты.

 

Келгенде қаралауға ірі маман,

Тағылған кінәсінің түрі жаман.

«Кеңесті құлатпақшы болған» - дейді,

Көрместі көреді екен тірі адам.

 

«Жұмысшы, кедей, жалшы - таптың табы»,

Тергеумен түйінделген хаттың мәні.

«Халықты қан қақсатқан бай мен манап,

Тап жауы, Кеңес үшін сатқын бәрі».

 

Жиналып қарулы топ ақылдасқан,

Жағалай жоспар құрған, мақұлдасқан.

Ауданда жасалатын төңкеріске,

Тап жауы Ақыш екен ақыл қосқан.

 

                    ***

Күз өтіп, қыс та келді кәрін төккен,

Шешілер іс түйіні енді жеткен.

Үрей мен күдік қатар тайталасып,

Ақыштың көңіліне, енді көптен.

 

Белгілі бұл тұйықтан шыға алмасы,

Сезінді қор болғанын қыран басы.

Әкесі Бекібай мен Жалмұханбет –

Інісі, болса керек, ұрандасы.

 

Білгіштер түрмеде де табылады,

Солардан көп жағдайға қанығады.

Өмірден көргені көп, түйгені мол,

Бәрінен Кәумен еді танымалы.

 

«Әй бала, сенің үшін қиналамын,

Сөзімді, саған пайда, тыңдағаның.

Бас жарып, көз шығарған қылмысың жоқ,

Ешкімнің адал малын ұрламадың.

 

Білдің бе, қандай кінә таққандығын,

Мойныңа ауыр қылмыс артқандығын.

Әкеңді бай деп, сені баласы деп,

Бұл іске ініңді де тартқандығын.

 

Жұмысшы, жалшы, кедей теңдік алып,

Билікте солар отыр елді бағып.

Таптардың тайталасқан тартысында,

Байлар мен ауқаттыға енді қауіп.

 

Жиылып Қамысбайда бас құрадың,

Ауыр іс бұдан өткен жоқ шырағым.

Маңдайға жазылғанын көресің де,

Ар жағын бір Аллаға тапсырамын...».

 

Ашпады арғы жағын дауы қандай,

Кеңеске не ісеп еді, жауығардай?!

Осыдан кейін Ақыш қапаланып,

Көп жүрді ауыр ойдан айыға алмай.

 

Қарауыл көзден таса қалдырмайды,

Тұсынан босағаның тапжылмайды.

Қара су, қара наннан басқа тамақ,

Көп болды – тыйым салған, алдырмайды.

 

Талғажау өлі балық өлмешіге,

Амал жоқ қысасына көнбесіңе.

Ақышты күзетшілер алып келді,

Бір күні бастығының бөлмесіне.

 

Бой-басын көзбен тінтіп қарап алып,

Түскендей терең ойға бола қалып,

«Қайтыпты қарындасың - деді жайлап,

Отырмын елден жайсыз хабар алып».

 

Ал оны ауырды деп естімеген,

Тірліктен аяқ асты көшті неден?

Мезгілсіз, жаңа шыққан жарық жұлдыз,

Шамасы осы болар өшті деген!

 

Жағдайды кейін білді сұрастырып,

Ауылдан келгендерге сыр аштырып.

Мән берсе мәселенің байыбына,

Бұл бір іс орын алған тым асқынып. 

                

                           ***

Қазақтың ойлайтыны малдың қамы,

Маздатып тірлік отын жандырғаны.

Болғанмен бейнеті көп ауыр жұмыс,

Тірлікте көштен кейін қалдырмады.

 

Халыққа киер киім, ас та болған,

Байлық та, бақ та осы басқа қонған.

Онымен байтақ жатқан жерін қорғап,

Батырлар жау қашырған, атқа конған.

 

Болғанда орыс - шөпке, қазақ - етке,

Не шара тірлігіңді мазақ етсе.

Қолынан өмір нәрі малыңды алып,

Бейкүнә жатқан елге азабы өтсе.

 

Атадан қалған мұра малды талап,

Ойнатты әңгіртаяқ қанды балақ.

Шығарып ана салық, мына салық,

Алдынан қолда барды алды санап.

 

Бар малын әкесі де бөліп берген,

Әркімдер куә болып келіп көрген.

Осылай көңілін бір демдеп еді,

Бәледен құтылдым деп төніп келген.

 

Кеткенде барлық малды айдап алып,

Бір сиыр, бес саулықты қалған алып.

Оны да көпсінгендей түрлері бар,

Әуелгі уәдесі жайға қалып.

 

Білгені ауылдастан, көзі көрген,

Артынан белсенділер тағы келген.

Қалдырмай тігер тұяқ бәрін алып,

Сыпырып салық жиған қалың елден.

 

Сөз ұқпас соқыр, мылқау, кереңдей-ақ,

Жауыздар кеткен мүлде тереңдеп-ақ.

Қарсылық білдіргендер, сылтауымен,

Анасы, қарындасы жеген таяқ.

 

Сол сәттен қарындасы айықпаған,

Бұл жайға ауылдас жоқ қамықпаған.

Келгенін қандай кезең түсінеді,

Сол кездің саясатын парықтаған.

 

            Екінші бөлім

               7-тарау

 

Өзінің өміріне қатерлі еді,

Біреудің «түшкіргені», «жөтелгені».

Қаншама асыл арман гүлдей солып,

Үкілі үміттері өтелмеді.

 

Дүрмегі түрменің де басылмады,

Бұларды кімдер келіп басынбады?!

Бәрінен Бекібайға ауыр соқты,

Ақыштың әкесіне, қасындағы.

 

Уақыт өтіп жатты жайлап ағып,

Баяғы қамсыз күндер жайға қалып.

Белгілі - әрбір істің бастауы бар,

Шегіне жетері де айдан анық.

 

Жұмысын тергеушілер тәмамдады,

Жинаған деректерін қоғамдады.

Үштікке істер түсті дегенді естіп,

Әркім де тағдырына алаңдады.

 

Шығарды сот үкімін, жедел қарап,

Бұл хабар кете берді елге тарап.

Кесілді ұзақ жылға Бекібай мен

Екі ұлы, екі үміті, екі талап.

 

Асқынған тап жауының таласында,

Жайыңа зордың күші қарасын ба?!

Бармақшы жаяу айдап ақтүрмеге,

Ашылған, Қостанайдың қаласында.

 

Ақыш та «дайындалды» жол қамына,

Іліккен үкіметтің қармағына.

Балықтай торға түскен, бұлқынғанмен,

Тағдырдың мойынсұнып салғанына.

 

Дегенде, таң бозарып атты баяу,

(Тұтқындар көзін ілмей жатты ояу).

Жиналып аяқасты жолға шығып,

Ұзын көш Қостанайға тартты жаяу.

 

Мінгеннің ат үстіне сұсы қатты,

Тұтқынды жаяу-жалпы мысы басты.

Сиқынан сықырлауық өгіз арба,

Жобалап жол азабын, құты қашты.

 

Арқаның азынайды ақ бораны,

Ол бітсе, шұнақ аяз басталады.

Жолшыбай құлап жатыр, өліп жатыр,

Тұтқындар көші бірақ, тоқтамады.

 

Қалаға бұлар жетті айлап жүріп,

Ұзын көш ұбақ-шұбақ жайлап кіріп.

Таусылған тұтқындардың әл-дәрмені,

Жайбасар қос өгізді айдап жүріп.

 

Аштық пен аяз қатар діңкелетіп,

Әлсіреп, естен танар күйге жетіп,

Тұтқындар ақ түрмеге кіре берді,

Айдауыл кейде нұқып, кейде жекіп.

 

Болдырып ұзақ жолдың азабына,

Шыдамай зордың берген азарына.

Бекібай орта жолда қайтыс болған,

Толқытып қыр қазағын, қаза мына.

 

Ылаждап алыс-жақын, ауыл, аймақ,

Жөнелтті Бекібайды «арулап-ақ».

Осылай, Байғабылдың есіл ері,

Қырында Сарыөзеннің дамылдамақ.

 

Тұтқындар Ақтүрмеде жатты айлап,

Беймәлім ертеңіне сақтық ойлап.

Ақыш пен Жалмұханның - ағайынды,

Күндері қоштасатын жетті жайлап.

 

Түрмені қайнап жатқан қазан дерсің,

Болмаса құл сататын базар дерсің.

Бір топты айдап әкеп қамап жатса,

Бір топтың орнын сипап қалам дерсің.

 

Бір түні «Жалмұханды кетті алып»,

Ақышқа, деген хабар жетті барып.

Соңына ерген жалғыз бауырды ойлап,

Қайғыдан көздің жасын төкті налып.

                   

Ағасы көп жыл хабар ала алмады,

Дерегін сұрастырып таба алмады.

Тілейді жаратқаннан жалғыз тілек,

Тірідей көру болып бар арманы.

               

                    ***

Ақыры, Ақышқа да келді кезек,

Тағы бір ауыр сынақ төнді демек.

Вагонға тұтқындарды қойдай тиеп,

Отарба күн батысқа желді безеп.

 

Жүрісі отарбаның өнер емес,

Жорғалап асқанымен нелер белес.

Жағалап, әр төбеге жиі тоқтап,

Мұң-зарын іштегінің елер емес.

 

Вагонның аузы-мұрны толған адам,

Бишара күйге түсіп, қорғалаған.

Тігінен тік тұрумен күндіз-түні,

Кимелеп бірін бірі, қармалаған.

 

Күн шыжып, аспан жерге құлағандай,

Төнеді тас төбеден, сынағандай.

Жатқан бар жол-жөнекей өлім құшып,

Аштық пен қапырыққа шыдай алмай.

 

Таусылмас айта берсең жол азабы,

Тағдырдың басқа түскен зобалаңы.

Отарба жиі тоқтап, бірде түнеп,

Ал кейде апта тұрып, қозғалады.

 

Бір күні бір күнінен айнымастан,

Тұтқындар тұнжырады қайғы басқан.

Мал құрлы, мұндағының қадірі жоқ,

Ойлайтын обал-сауап табылмас жан.

 

Отарба ен даланы өрлей өтіп,

Тоқтады Орынборға түнделетіп.

Дегендей, «Адам басы - Алла добы»,

Межеге алып келді дөңгелетіп.

 

Түсірді тұтқындарды осында әкеп,

Қарасы көрінеді, қосындай көп.

Алғандар жолды тосып, сапқа тізіп,

Жол бастап алып жүрді тосылмай көп.

        

                    8-тарау

 

Шара жоқ, бұйрығына көнбесіңе,

Бас шұлғып айтқанына ермесіңе.

Басталды күн ұзаққа ауыр жұмыс,

Қара су, ботқа кепіл өлмесіңе.

 

Саусың ба, сырқатсың ба, қарамайды,

Сол болды, басқа түскен ала қайғы.

Бір күндік әр адамға жоспар беріп,

Соңында нәтижесін бағалайды.

 

Жер қазу ауыр жұмыс азабы көп,

Көнесің, келгеннен соң жазалы боп.

Жейтінің шикі нан мен шикі жарма,

Құнарлы, одан басқа тамағы жоқ.

 

Лагерь, казарманың сыры мәлім,

Тәптіштеп не қыламыз оның бәрін.

Ішінде тағдырластар Ақыш та жүр,

Белшеден бейнет кешіп, соры қалың.

 

Қапаста қайран басы не көрмеді,

Сырт көзге баян етсең сенер ме еді?.

Болмаса күш-қайраты жалындаған,

Соншама қиындықты жеңер ме еді.

 

Десек те, айналасын басты тұман,

Арнасын өмірінің тапты жылдам.

Қиындық кеше жүріп, құдай қолдап,

Түрменің аман қалды аштығынан.

 

«Көрге де үш күннен соң үйренесің»,

Айтпайды қазақ мұны, білмегесін.

Қалайша, мұнша азапқа шыдаған деп,

Ойланып, оңаша бір күйге енесің.

 

Тас қашап, кірпіш қалап, үмбе салды,

Қабаттап қабырғасын түрме салды.

Заманның зіл батпандай талабына,

Тырмысып, талаптанып үйлесе алды.

 

Кезікті баласынып басынғандар,

Қойнына айбалтасын жасырғандар.

Маңдайы ақырында тасқа тиіп,

Желігі су сепкендей басылғандар.

 

Тағдыры талай жанмен табыстырды,

Телімен, тентекпен де қауыштырды.

Араға бес жыл салып Орынбардан,

Бұларды Ақтөбеге ауыстырды.

 

Тағы да ауыр еңбек, ауыр жұмыс,

Көрмеді бұл жерден де тәуір бір іс.

Әктасты қапқа салып, оны тиеп,

Таппады ертелі кеш жаны тыныш.

 

Қолқаңа «шаңы» кетсе тұншығасың,

Домбығып беті-көзің тырсиясың.

Ізбесті суға езгенде, байқамасаң,

Қоштасып өміріңмен, «тырқиясың».

 

Әктасқа, Ақыш естен танды, күйіп,

Кетуге аз-ақ қалды жанды қиып.

Емшінің ем-домының арқасында,

Әйтеуір, ақыл-есін алды жиып.

 

Бұл жерде қиын болды тағам жайы,

Тұтқандар сол жағына алаңдады.

Қояды бір-бірімен күңкілдесіп,

Қадамға одан артық бара алмады.

 

Шыдамай Қостанайдың аштығына,

Көп кісі басын қойды жастығына.

Сондай кеп осы жерде қайталанды,

Білмейсің, қолдан қойған қастығы ма?

 

Көз жұмды аштық өтіп қаншама адам,

Жетпейсің есебіне, кім санаған.

Осылай жеті жылды артқа тастап,

Бұл күнге Ақыш жетті есен-аман.

 

Сан рет өміріне қауіп төнді,

Ажалдың алдына да барып келді...

Бір күні, тұтқындарды отарбамен,

Аралдың жағасына алып келді.

 

         ***

Жұмысы, бұл бір аудан, жатқан қайнап,

Сан түрін күн көрудің тапқан ойлап.

Біреулер шортан, жайын, сазан пұлдап,

Мақтайды Сыр маржанын шоқтай жайнап.

 

Саудаға бейім елдің тұрмыс-салты,

Өзгеден кем түспейді тұздың нарқы.

Мал бағып, балық аулап, күріш егіп,

Күн ұзақ күйбеңдеген Сырдың халқы.

 

Іс қылды қайла, кетпен, күрек алып,

Сырына ау салудың жүре қанып.

Балықтың базар нарқы алтынмен тең,

Айдынға кеме шығар тиеп алып.

 

Ақышқа бойы ұзын, еңгезердей,

Бір салса, бет-мұрныңды «жөндегендей».

Түскенде қара күштің сайысына,

Бір адам табылмайтын тең келердей.

 

Ширатып, қара жұмыс шынықтырды,

Мәнісін ақ-қараның ұғып білді.

Болған соң іске мығым, сөзге берік,

Маңайы тура келсе, ығып тұрды.

 

Қисапсыз сан мың адам түрмедегі,

Тіленіп кәміл мұнда кірмегені...

Ақыштың әділдігі аңыз болып,

Құлағын алыс-жақын түрген еді.

 

Қалықтап бетке шықты тұлғаланып,

Ширатты өмір өзі сынға малып.

Қыңырды кейде жөнге саламын деп,

Биліктен азап көрді, қудаланып.

 

Айтқаны тұтқындарға заң болатын,

(Кейбіреу Ақыш атын малданатын).

Әлінше қиянатқа қарсы тұрып,

Үмітке үзік болып жалғанатын.

 

Адамның көріп, білді неше түрін,

Бейнетті белуардан кешетінін.

Қуды да, жағымпазды, жылпосты да,

Дау-шарды қара күшпен шешетінін.

 

Біреулер жатқызылып бай-манапқа,

Айналған тап жауына ойда жоқта.

Біразы жаптым жала құрбаны боп,

Тағдыры алып келген айдап отқа.

 

Саяси тұтқындардың жөні басқа,

Оқыған осында жүр небір қасқа.

Айтқанда заң тілімен «халық жауы»,

Қоғамға «жат элемент, тегі басқа».

 

Бүлікшіл түрлі ұйымды құрған дейді,

Кеңеске қарсы әрекет қылған дейді.

Сүйікті партияның саясатын,

Жаулықпен басқа арнаға бұрған дейді.

 

Тағылған толып жатыр айып түрі,

Кезінде ел қанапты, байып - бірі.

Сыртынан сумаңдаған сенсең сөзге,

Еместей адам деуге лайық бірі.

 

Біразын  Ақыш өзі танып білді,

Өткерді өзегінен қанып сырды.

Оларды қара бастың қайғысы емес,

Келешек ұлт тағдыры қамықтырды.

 

Сырласып, кейбірімен кеңесті мың,

Ұғынды тегін жандар еместігін.

Бәрінің ойлағаны қазақ қамы,

Ұлтына қарсы адамдар демес бірін.

 

Салды да ақыл, ойдың елегіне,

Сенбеді халық жауы дегеніне.

Қарайтын болды кейін күмәнданып,

Айлалы үкіметтің дерегіне...

 

9-тарау

 

Дамылсыз сан жұмысқа араласып,

Ал, кейде, қиянатпен жағаласып.

Лагерь тұтқынына айналғалы,

Ойласа, тоғыз жылдан барады асып.

 

Ысылып, ширай түсті «жайлап қиыр»,

Бұйырса отыз жасқа толмақ биыл.

Тонналап балық тиеп кемелерге,

Жөнелтті шетелге де, аймақ түгіл.

 

Аралдың сан жетпейді байлығына,

Ау салған білер оны, айдынына.

Балықшы серіктіктер құрамында,

Ерте-кеш шапқылаған ой, қырына.

 

Жұмысы ауыр еді балықшының,

Сәт сайын кешер бастан қауіпті мың.

Болмасаң тиянақты әр ісіңе,

Бас кету қиын емес, ауып жүгің.

 

Консерві зауыты бар жағалауда,

Міндетті бөліп қойған әр адамға.

Тынбайды үш ауысым тәулік бойы,

Жұмысшы мың қаралы, санағанда.

 

Ірі, уақ қосшылардың қоғамы да,

Біріккен балықшылар одағына.

Отыздай балық түрі өңделеді,

Аралдың іске жарап шабағы да.

 

Одақтың төрағасы Дон казагы,

Мәскеуде болса керек қолдағаны.

Бар істі жеке дара билеп, төстеп,

Ерте-кеш жоспар еді, ойлағаны.

 

Жер ауып сол Дубовик* келген екен,

Деседі іске мығым, сөзге бекем.

Теңізбен байланысты бар жұмыстың,

Тізгінін соған ғана сенген екен.*

 

                                                                                Дубовик (1897-1945). Өлке тарихы. Elkz сайты. 

 

Жүк тиеу ауыр жұмыс кемелерге,

Бөшкені жылжытасың әрең өрге.

Шығады жауыр аттай жолдан тайқып,

Өр кеуде, мен мықтымын дегендер де.

 

Жігітті бұл жұмысқа таңдаушы еді,

Әлсізді, әлжуазды алмаушы еді.

Ақыштың маңдайына жазылғандай,

Осындай қиын істен қалмаушы еді.

 

Бұл кезде жаптым жала белең алып,

Қуғынға түсті жаппай нелер алып.

Жаламен тыңшы, фашист атанғанның,

Көзінен бұлбұл ұшты көрер жарық.

 

Жаңадан бір эшелон келіпті деп,

Жағалау елі бірде желікті кеп.

«Бір қора, Қостанайдың халық жауын,

Аралдың жағасына төгіпті» - деп.

 

Мұны естіп Ақыш енді елеңдеді,

Сан түрлі ойға батып, тереңдеді.

Ішінде туысқаның бар десе егер,

Ақылы түзу адам сенер ме еді!?

 

Білетін Есжанұлы Қасымбекті,

Атаның ұрпағы деп асыл текті.

Екеуі ойда жоқта ұшырасып,

Күйініп қиянатқа, жасын төкті.

 

Оған да белсенділер жапқан жала,

Ұзақ жыл жер аудару - тартқан жаза.

Айтары туыстардың таусылмайды,

Бір-бірін он жыл салып, тапқан жаңа.

 

Көңілдің қайта түлеп асқақ әні,

Түрменің ұмыт болды тас қамалы.

Жолығып әрі жерлес, әрі туған,

Шапшыды, жүрек тулап, басқа қаны.

 

Айтылды елдің жайы, сағындырған,

Еске алды балалықты сағым қуған.

Күй кешіп, ой-шұқырын шарлағандай,

Киелі туған жердің, табындырған.

 

Осылай екеуара қауқылдасып,

Сырласып, шер тарқатып, мауқын басып.

Көңілдік көкжиегі серпілгендей,

Тереңнен тыныстады алқымды ашып.

 

           10-тарау

 

Жүр еді Ақыш түнгі ауысымда,

Баяғы жүкшілердің «жарысында».

Жұмыстан келсе бірде, төңірегі,

Түнеріп отыр екен салы суда.

 

Бір жағдай болған-ау деп шамалады,

Сан саққа ой жүгірді санадағы.

Тентектер бүлдірді ме бірдемені,

Өмірі бітіспейтін аралары?!

 

Мән-жайдың көзі жетіп анығына,

Ызадан сия алмады қалыбына.

Бұзықтар Қасымбекті сабаған ғой,

Түрменің сес көрсетіп қауымына.

 

Түстігін қара ботқа, жарты балық,

Аш қойған, кешкі асын да тартып алып.

Қарсылық жасады деп, жеті сотқар,

Жабылған, жұдырықтың астына алып.

 

Бұрын да осындай кеп болған еді,

Жазықсыз біраз момын сорлап еді.

Түсіріп тентектерді сабасына,

Аз уақыт тыныш өмір орнап еді.

 

Үңілді болған істің мән-жайына,

Қанықты Қасымбектің жағдайына.

Ақышты сынау үшін жасалғандай,

Ал мұның ауыр еді салмағы да.

 

Осымен білді олардың тоқтамасын,

Қолданып қарсы әрекет жатпағасын.

Жүргендер абақтының билігінде,

Тексеріп, ақ-қарасын ашпағасын.

 

Қасымбек төсек тартып қалған жатып,

Аяусыз ауыр соққы жанға батып.

Көкала қойдай болып тұлабойы,

Бір қолы сынған екен, қойған асып.

 

Ақыштың өне бойын кернеді ашу,

Ақылдың алдын орап, бермей басу.

Шақыртты дереу жеті «шибөріні»,

Қабақпен қаhар төккен, сеңдей қату.

 

Олар да көп күттірмей келді жетіп,

Кетердей етігімен жерді тесіп.

Қысылып, қымсынудың ізі де жоқ,

Серкесі  салған жерден, төнді жекіп.

 

«Кім едің бізді мұнда шақыратын,

Ызыңдап мазамызды қашыратын.

Біз сенің басыбайлы құлың ба едік,

Иіліп алдыңа кеп бас ұратын».

 

Түрі жоқ мынауыңның тайынардай,

Ақышпен шешілмеген дауы бардай.

Түскені тәубесіне ұмыт болып,

Өрекпіп отыр енді, тани алмай.

 

«Өзгенің қамын былай жемес едің,

Жай кезде артық-ауыс демес едің.

Жүргенде жетімсіреп, жерлес тауып,

Үзіле қалған екен емешегің...».

 

Бұл сөзге Ақыш шыдап тұра алмады,

Лап етіп ашу оты шығандады.

Қалайша төбелесті өзі бастап,

Кірісіп кеткенін де біле алмады.

 

Жабылды жеті сотқар тұрмай қарап,

Ақышқа пайдалы деп мұндай «сабақ».

Тұқыртып, дегеніне көндірмекші,

Мықтыны, ел көзінше, дырдай сабап.

 

Сеніп тұр жетеріне шамалары,

Болды деп, ойда жоқта, қалағаны.

Біреуі аңдаусызда пышақ жұмсап,

Ақышты оң қолынан жаралады.

 

Адамды тапқан екен, бас иетін,

Алса да сезбес қазір кесіп етін.

Қарамай бас-көзіне тегіс сабап,

Танытты бұла күштің қасиетін.

 

Бәрі де құр қалмады «сыбағадан»,

Құтылды бас сауғалап, құламаған.

Ыңырсып өзгелері жатты қирап,

Таяқ жеп, аш қасқырдай тұралаған.

 

Мықтының түсіп қалып сынағына,

Жалынды, жалбарынды, жылады да?..

Қайтарып «удың бетін» не де болса,

Аяңдап Ақыш қайтты тұрағына.

 

Дүрлікті бүкіл лагерь басшылары,

Дегендей, төбесінен тас құлады.

Арнайы жасақ шұғыл жиналғанда,

Белгілі болды, істің асқынары.

 

Тірліктен маза кетті түрмедегі,

Онсыз да басылмайтын дүрбелеңі.

Ақышты жапты оқшау камераға,

Жапсарлас абақтымен, іргедегі.

 

Шақталған бір адамға шағын аудан,

Кіргендей көр ішіне торығар жан.

Едені, қабырғасы қара тастан,

Салқын су сыздықтайды саңылаудан.

 

Тұтқынды апта бойы азаптады,

Қалдырмай көзден таса, қарақтады.

Бұл кезде тергеушілер дерек жинап,

Сот ісін он жылғы өткен парақтады.

 

Үкімді шығарды сот, қысқа қарап,

Ең алғаш айыпталған тұстан орап.

Үстіне қылмысының өтелмеген,

Бабымен бұзақылық, күстәналап.

 

Кесілді, сөйтіп, өлім жазасына,

Күш қайда қарсы тұрар шарасына.

Айдалсын деп ұйғарды кісенделіп,

Аралдың Барсакелмес даласына.

 

Белгілі Барсакелмес елсіз арал,

Жайлаған қарақұйрық, елік, марал.

Сол жерде талай тұтқын  ажал құшқан,

Тұщы су, азық таппай қорек қылар.

 

      11-тарау

 

Ақыштың өз қайғысы өзінде еді,

Түнеріп түн баласы көз ілмеді.

Жазаға кесілгеннің әдетімен,

Тойдырып, оны жолға әзірледі.

 

Тұтқынды қол-аяғы кісенделген,

Кемеге салу үшін үшеу келген.

Аяңдап алға түсіп Ақыш жүрді,

Құр босқа не шығады күшенгеннен.

 

Тұр екен шағын кеме жағалауда,

Жеткізер тәулік жүріп барар жайға.

Жағалай қалың күзет қойылыпты,

Артылар үкіметтен жоқ-ау айла.

 

Бозарып таң атуға жақындапты,

Шапағы көкжиекті алтындапты.

«Тезірек қозғалыңдар жарық түспей!»

Деп біреу, қол фонарын жарқылдатты.

 

Айдынды өрлеп кеме кетті жүріп,

Аралға Барсакелмес бетті бұрып.

Көліктің тұтқасында - мұртты қазақ,

Айдауыл - сүйекті де етті жігіт.

 

Бұл жатыр кісендеулі каютада,

Қалғандай, ойға сүңгіп, байыз таба.

Шағала шартарапқа хабар жолдап,

Ақышпен мұңдасқандай, байғыз ғана.

 

Күн шығып, көтерілді арқан бойы,

Тұтқынды тұңғиыққа тартқан ойы.

Сыздайды мазаны алып аяғы мен,

Кісеннің білезігі батқан қолы.

 

«Өмірден бостан босқа өткенім бе,

Отыздың орда бұзар өткелінде.

Бойымда бұла күшім бар кезінде,

Бола ма, қол қусырып текке өлуге?!»

 

Сан түрлі ойлар келіп санасына,

Дүркіреп, сыя алмады қанасына.

Ақыры бір шешімге келіп еді,

Түскенде өмір-өлім таласына.

 

«Бір өлім өзектіге дегендейін,

Табар деп қашан іздеп, бөгелмейін.

Екеуін біржайлы-ғып, қайықты алсам,

Жазғанын пешенеме көрем кейін».

 

Кеменің жүрісі де баяулады,

Бұл енді түскі астың таянғаны.

Сөйлесіп күзетшімен ұзақ тұрып,

Қайықшы, бермен қарай аяңдады.

 

Сатымен төмен түсті жайлап басып,

Тұмсығын етігінің маймақтатып.

Ыңғайлы сәтті күтіп Ақыш отыр,

Ыстық қан бойын кернеп, қайнап-тасып.

 

Қайықшы сақтық жасап тырыспады,

Ас ішер үстел үстін дұрыстады.

«Тағамды алып кел!» - деп, содан кейін,

Сақшыға сыртта жүрген дыбыстады.

 

Кейіппен, мезі еткен көрген азап,

Тіл қатты Ақыш енді төмен қарап.

«Ақсақал, бір қолымды босатыңыз,

Ұйып тұр - деді – шынжыр, әбден қажап».

 

Ісіне пысықтаған, ойға малып,

Кіріспек осы сәтті пайдаланып.

Қолайлы дәл осындай мүмкіндіктің,

Тумасы енді қайтіп айдан анық.

 

Қайықшы сөйлеп кетті, өзі бастап,

Әр сөзін қол қимылы, көзі қостап.

«Маған да кейін қайту оңай болмас,

Аралға жәудіретіп сені тастап.

 

Сыртыңнан Ақыш сені көптен білем,

Тар жолды тайғанақтан өткен кілең.

Деп ойлап отырсың-ау: «бұл екеудің,

Көздерін жоятын кез жеткен білем...».

 

«Болғанда, бұл бір өткел асуы көп,

Құланның қасуына, басуы - дөп.

Білемін, қиянаттың құрбанысың,

Сыйлаймын, азаматтың асылы деп!

 

Бұл жерден жиырма мильдің шамасында,

Аралдың, «Үшсай» деген жағасында,

Түрме мен лагерь бар, қалтарыста,

Ну қамыс, қалың қоға арасында.

 

Бір досым қараушысы сол аралдың

Тапса егер, сол табады, бір амалын.

Қабылдап алар болса, бағың жанып,

Менің де болғаны ғой, қалағаным.

 

Келгенмін бұл шешімге жол бойында,

Айтқанмен қарауылға ол жайында.

Ар жағын, нар тәуекел, көріп алдым,

Жазылып не тұрса да маңдайымда».

 

Абдырап мына сөзге жауап таппай,

Орнынан Ақыш тұрды қалбалақтай.

«Болдым-ау жазым етпек, қара басып,

Өзіңдей нар жігітті, қарап жатпай.

 

Ойладым босатар деп енді қолды,

Ар жағын дәл таптыңыз, мендік ойды.

Ағажан, құлың болып өлейін!», – деп,

Жас тұнып жанарына, берді қолды.

 

Сөзіне қайықшының сеніп анық,

Отырды үнсіз біраз, демін алып.

Келді деп баяғының айтқан сөзі,

«Жолығар өлмешіге өлі балық».

 

Кісеннен бойы босап жеңілдеді,

Ашылып бұлттан күні, көгіндегі.

Бұрылып, жағалауға бағыт алған,

Қайықшы өзіне-өзі сенімді еді.

 

12-тарау

 

Күн батып, қылтиғанда кенереден,

Бұлар да жетті жерге межелеген.

Әр жерден балықшы ауы көрінеді,

Аумайтын үзік-үзік керегеден.

 

Қайықшы: «Ақыш саған сенем - деді,

Түсе тұр каютаға, төмен, бері.

Кісендеп, қарауылға тапсырам да,

Досымды осында ертіп келем, – деді.

 

Кемеші тез оралды аялдамай,

Шаруаны бір жайлы етіп, алаңдамай.

«Қолынан қолхат алдым, келісті ғой,

Көндіру түспеді, – деп, – маған да оңай».

 

Ал досы, барлық жайға қанығыпты,

Қиналып, көп ойланып, жабығыпты.

Қағазда, жұмыс күші керек болып,

Қабылдап алғандығы жазылыпты.

 

Жазыпты жалтақтамай сөзін ашық,

Беріпті қолын қойып, мөрін басып.

Мәз болды қайықшы мен айдауыл да,

Тереңде жатқан үміт көзін ашып.

 

Үшсайда күн көреді балық аулап,

Жабылып ортақ іске ауыл-аймақ.

Көз көріп, естімеген сол аралға,

Ақышты алып келді дауыл айдап.

   

Дем беріп, ажал бұлты сейілді енді,

Ақыштың көтерілді көңіл көгі.

Қойса да қандай зілді арқалатып,

Мойнымен көтеруге пейілді еді.

 

Қайықшы аты-жөні Жарқын деген,

Жігіттің төресі екен алтын берен.

Ақышпен қош атысып кейін қайтты,

Осында қалай жеткен қалпыменен.

 

               ***

Өмірде өткен небір сынақтардан,

Ақышқа тірі қалу мұрат болған.

Басталды белгісіздік жауабы жоқ,

Тұратын толып жатқан сұрақтардан.

 

Тағы да өзгелерден оңашалап,

Бөлек бір камераға қойды қамап.

Арада екі тәулік өткен кезде,

Ойда жоқ бір оқиға болды ғажап.

 

Мезгілде күн бесінді тақымдаған,

Көбейді жүріс, дыбыс тарсылдаған.

Күбірлеп әлдекімдер зал бойымен,

Ақыштың бөлмесіне жақындаған.

 

Ізінше әлгі дыбыс тына қалып,

«Осында отыр ма?» – деп сұрап алып.

Бір сақшы есікті ашып өтті бермен,

Басқасы босағада тұра қалып.

 

Ақыштың қарап алып бой-басына,

«Кіргіз!» – деп, бұйрық берді жолдасына.

Еңселі, түсі суық бір тұтқынды,

Жетектеп ішке өтті, ол да асыға.

 

Сақшылар кейін қайтты аялдамай,

Екеуге артта қалған қарайламай.

Тұтқындар тар бөлмеде тіл табысып,

Дегендей, тірлік кешсін алаңдамай.

 

Қонағы «әнге» басты келмей жатып,

Төсекке жатып алып сеңдей қатып.

Ақыштың бары-жоғын ұмытқандай,

Дөңбекшіп, сығалайды көзбен атып.

 

«Сен енді бұл төсекті ұмыт, - деді,

Тік тұрып, қан таратып шынық, - деді.

Егер де қарсы қояр дауың болса,

Иығыңнан басыңды алам жұлып», - деді.

 

Ұқты Ақыш әзіл айтып тұрмағанын,

Бекерге бұндай кеңес құрмағанын.

Таныстық осылайша басталғанда,

Болмасы соңы жақсы, ол да мәлім.

 

«Соншама зілденердей не көрінді,

Шығарып аяқ асты өнеріңді?

Шығатын есікті де ойлау керек,

Білгенде, осы жерге келеріңді».

 

Бұл сөзге екіленді есерің кеп,

«Тіліңді тақылдаған кесемін, - деп.

Осында сен тұрасың немесе мен,

Ол жағын қазір тура шешемін», - деп.

 

Тап беріп Ақышты алды жағасынан,

Шығардай екі көзі шарасынан.

Егер де, әлі жетсе жүндей түтіп,

Жайы бар «тайдырғандай тағасынан».

 

Ақыш та тұра қалды бойын жиып,

«Қонақтың» жат пиғылды ойын біліп.

«Мынаны әлдекімдер айдап салып,

Отыр-ау, – деп ойлады,  тойындырып».

 

Кірісті шындап екеу ерегеске,

Ұласты жанжал соңы төбелеске.

Ақыш та жан ұшыра қарсы тұрды,

Ысылған сан сынақта ер емес пе!?

 

Осылай бірнеше күн жағаласты,

Құтқарып қалу үшін қара басты.

Ала алмай бірін-бірі әбден қажып,

Өткенде үшінші күн сабаласты.

 

«Ал енді, қандай тағы өнерің бар,

Беретін осы жерде көмегімді ал.

Картамен сиқырлыққа епті болсаң,

Көрейін әуселеңді, кезегіңді ал?!».

 

Ақыш та карта жайын білуші еді,

Ішіне бір бармағын бүгуші еді.

Алайда маңайына мақтан етпей,

Онысын ішке сақтап жүруші еді.

 

Картамен көз бояуды қолдамаған,

Салынып, құмар ойын ойнамаған.

Түбінде бір кәдеге жарайды деп,

Тегінде бұрын соңды ойламаған.

 

«Досының» қапы кетпей «ұсынғаны»,

Картаға көрініп тұр ысылғаны.

Ал, одан айласы асып тұрмаса да,

Ақыш та кезегінде қысылмады.

 

Атайық айла-тәсіл жарысы деп,

Немесе сиқыр-сынақ сайысы деп.

Әркім де мықтылығын дәлелдемек,

Қара үзіп қарсыластан қалысы жоқ.

 

Бірінің бірі шешіп «жасырғанын»,

Ортаға салды екеуі бәсі-бағын.

Өткенде біраз уақыт Ақыш ұқты,

«Қорының қоржынында» таусылғанын.

 

Ақыштың қалып еді соңғы «айласы»,

Сан түрлі сиқырының болған басы.

Картаны жарға шашып лақтырғанда,

Жабысып, анық еді қозғалмасы.

 

Соны істеп, қарсыласқа берді кезек,

Ол мұны қайталамақ енді, демек.

Үш мәрте екі карта жерде жатты,

Бұл жолғы, машығының кемдігі елеп.

 

Осымен тартыс тәмәм болған еді,

Үнсіздік аз-кем сонда орнап еді.

Сарт етіп сыртқы есік ашылғанда,

Абдырап екі тұтқын қалған еді.

 

Ақышты алып кетті алға салып,

Серігі қасындағы мұнда қалып.

Бастықтың бөлмесіне кіре берді,

Таудай боп төрде отырған, тұлғаланып.

 

Досы еді бұл баяғы қайықшының,

Ақыштың жеңілдеткен айып жүгін.

«Біз жақтан бір ағаттық орын алды,

Ағасы алдыңызда айыптымын!».

 

«Жоқ!» – деді, бастық сонда езу тартып,

Үлгірмей, Ақыш тынды, сөзін айтып.

«Сендерді сынап едім» – деді және,

Жасырмай ақиқатын көзіне айтып.

 

Жадырап жүзі, көзі күлімдеді,

«Ойлаған жобам, – деді – күнілгері...

Ақышқа кешегі істі тапсырыңдар,

Көрдіңдер, сынымыздан сүрінбеді».

 

Осылай босап шықты камерадан,

Көңілі болған іске сенбей - алаң?!

Аздан соң тұрды Аралдың жағасында,

Маңайын қалың адам қаумалаған.

 

Үшінші бөлім

13-тарау

 

Жалпақ ел жағалауды жайлай-тұғын,

Теңізден олжа терген алмай тыным.

Ащы деп тұтынуға теңіз суын,

Тасуды  дариядан қолдай-тұғын.

 

Теңіздің толып жатқан аралы бар,

Онда көп, ауып келген жазалылар.

Кәсібі: мал бағады, ау салады,

Жабылып орысы бар, қазағы бар.

 

Кейбірі тұщы суға зәру еді,

Қаталап, қаңсып отыр қалың елі.

Шешімді қабылдауға себеп болған,

Жазылған жоғарыға шағымы еді.

 

Сол үшін жүк кемесі бөлініпті,

Соңына баржа «шана» жегіліпті.    

Отыздай жұмысшыны таңдап алып,

Оларға басшы іздеген тегі, мықты.

 

Ақышқа cол жұмысты сеніп отыр,

Шешімге сынап көріп, келіп отыр.

«Тәуекел, біздің бастан не өтпеген»,

Деп Ақыш, онысына көніп отыр.

 

Таң ата кеме шықты Сырды бойлап,                    

Үкілі үміт артқан бүкіл аймақ.

Қапастан шыққандардың еркіндікке,

Тыныстап кеуде кере, түрі жайнап.

 

Теңіздің тұрып жатқан жағасында,

Халықтың қолы жетті таза суға.

Жақсарды сушылардың тұрмысы да,

Су сатып пайда тауып, арасында.

 

Ақыш та еңсе тіктеп есін жиды,

Олжа деп, көңілі шат, тосын сыйды.

Қолынан келгенінше көмек жасап,

Қалт етсе маңайына досын жиды.

 

Бағалап қолындағы осы барды,

Күрмеуін біраз жайдың ашып алды.

Сыйласқан таныстардың көмегімен,

Туысы Қасымбекті қасына алды.

 

Білінбей уақыт зулап өте берді,

Алыстап қиын күндер кешегі енді.

Тірліктің қызығына батқан сайын,

Үміті  келер күнге еселенді.

 

Үшсай бұл, үлкен арал жерден жырақ,

Нәсібін көк теңізден терген құрап.

Көп ұлтты аудан еді, оның дені,

Жер ауып әрбір тұстан келген, бірақ.

 

Кеменің оралуын жағалауға,

Күтеді әйел, еркек, балалар да.

Табасың небір жанды осы жерден,

Жан-жақтан жиналғандай ара балға.

 

Біреулер ат арбамен бәсең желіп,

Ал бірі тепеңдейді есек жегіп.

Ентелеп өгіз арба, түйе мінген,

Дейтіндей қалмаса екен есем кеміп.

 

Біреулер осындайда көсемденіп,

Қалады басы дауға, есен келіп.

Білегі иінағашқа бұратылып,

Қыз-қырқын майысады әсемденіп.

 

Бір қызды Ақыш жүрді күнде көріп,

Су алған құрбысымен, бірге келіп.

Қайтады келген ізбен, шелек толса,

Ешкіммен сөйлеспейді, тілге берік.

 

Жарасып үстіндегі бүрме көйлек,

Тұрғандай жүлдең болса, бізге бер деп.

Айқындап тал мүсінін кимешегі,

Кестелеп, әшекейлеп, түзген өрнек.

 

Ойлады әлді жердің қызы ма деп,

Немесе қалыңдықтың бірі мә деп.

Бір күні бір досына, мына қыздың,

Тапсырды «кім екенін біліп ал?» - деп.

 

Ал, досы сертке берік, сенімді еді,

Әрқашан шайдай ашық көңіл көгі.

Бар жайға қанықты да ертеңіне,

Ақышты, айту үшін бейімдеді.

 

«Кетейін қыз жайынан дерек беріп,

Келіпсің бекер досым әлектеніп.

Бір пысық сырға салып қойған», – деді,

Түйгенін ой-сүзгіден елеп беріп.

 

Жігіті болмай шықты осал адам,

Өлкеде беделді жоқ асар одан.

Тергеуші, бір бөлімге басшы екен,

Тізгіні уысынан босамаған.

 

Бұлардан бүкіл адам жасқанады,

Ағасы ауыл совет басқарады.

Інісі аупарткомда* хатшы болса,

Емес пе, екі бірдей «тас қамалы»?!.

 

Бұл жайды Ақыш қайта қозғамаған,

Алданып жұмысына, болмай алаң.

Күндердің бір күнінде аяқасты,

Оқиға бола қалды, ойламаған.

 

                                                                                                       *Аупартком – аудандық партия комитеті

 

14-тарау

 

Болатын тамылжыған тамыз айы,

Даланың апшыны алған аңызағы.

Үшсайға Ақыш кешке тоқтап еді,

Бір екі серігімен жанындағы.

 

Бұл кезде жаңа аудан дараланып,

Көркіне көрік қосқан жаңаланып.

Біршама бой көтеріп тұрғын үйлер,

Көбейген көшелер де салаланып.

                                                                                  

Көкжиек қызыл жалқын құшағында,

Шарбы бұлт қалықтайды ұшарында.

Ақыш та, достары да өзді-өзі боп,

Келеді қалың ойдың құшағында.

 

Болды да әлде бір зат құлағандай,

Артынша дауыс шықты жылағандай.

Сөздері жалынышты естіледі,

Жан сауға әлдекімнен сұрағандай.

 

Аңырып, мына жайға қалды тұрып,

Айғай-шу шыққан жаққа басын бұрып.

Бір еркек қолындағы қамшысымен,

Әйелді сабалап жүр, шашын жұлып.

                                            

Қамшыдан әйел байғұс қорғалақтап,                                   

Бір шетке шыға берді сырғанақтап.

Жүгірді жанұшыра бермен қарай,

Бұларды көзі шалып, тұрған тоқтап.

 

Соңынан ожар еркек салып берді,

Шығардай шарасынан, жанып көзі.

Жайылып кешкі дауыс төңірекке,

Мән-жайды іргедегі халық көрді.

 

«Ағалар, құтқарыңдар, жалынамын,

Садаға сіздер үшін жаным-арым.

Жалғанда жаны ашитын жақыны жоқ,

Жүрген бір жетім қызбын соры қалың».

 

Жалт еткен қарап қалып түр-өңіне,

Ақыштың шоқ түскендей өзегіне.

Баяғы су таситын қыз екен ғой!..

Еріксіз қолын созды білегіне.

 

Осылай аз-кем жылжып өтті уақыт,

Кеткенде көңіл құсы көкті қалқып.

Қалқалап қызды жігіт тұра қалды,

Жеткенде ожар жедел жерді тарпып.

 

Ақыштың бойшаң, алып тұлғасына,

Көргенде,

жолағандай кім қасына?

Ожар да одан әрі өрекпімей,

Тез түсті артын ойлап, сабасына.

 

Алдағы күндерін кім болжағандай,

Сол бір қыз жолығар деп толған айдай.

Қара көз, ашық маңдай, жұқа ерін,

Ақышты салды дерсің ойға қандай!

 

Сол сәттен түсті Ақыш өзгеріске,

Біле алмай ақиқат па, әлде түс пе?

Жүрекке қыз бейнесі жатып алды,

Сезімнің нәзік дерті меңдеп іште.

 

Кездесіп жүрді сөйтіп сәтті күнде,

Сезімнің мұхитына батты мүлде.

Арада айтылмаған сыр қалмады,

Ай асып, апта қуып, ақты күн де.

 

Сөзіне қыздың айтқан құлақ түрді,

Басынан өткен екен сынақ түрлі.

Әкесі ұсталғанда жаламенен,

Шешесі көз жұмғанын сұрап білді.

 

Тағдырың тартылса егер таразыға,

Салдары ой салмай ма, саналыға.

Көп көрген теперішті сорлы қыздың,

Қайғыны басындағы, қара мына.

 

***

Алты ата Әлімұлы - көпке мәлім,

Қызы екен, Кіші жүзде, төртқараның.

Ауқатты әкесінің арқасында,

Күні ертең ойламаған аш боларын.

 

Тәркілеу науқанының жеткен кезі,

Шарықтап шектен шығып кеткен кезі.

Ел-жұртты коммунаға зорлап жазып,

Өгізді ортақ іске жеккен кезі.

 

Артынан аштық жұты есік қақты,

Ошағы талай үйдің өшіп жатты.

Қоғамның сүреңінен күдер үзген,

Үдере, шетел асып көшіп жатты.

 

«Тағдырдың түспес үшін тәлкегіне,

Әкем де елеңдеді ертеңіне.

Бар малын қолындағы үлестіріп,

Есімде, әр түтінге бергені де.

 

Мұнымен шаруа, бірақ, бітпейді екен,

Барыңды ауыр салық үптейді екен.

Тұтқындап, жаппай ұстап, түрмеге сап,

Үстінен «тап жауының» түспейді екен.

 

Кетсе де белсендінің тепкісі өтіп,

Жатуды жөн көрмеді кескілесіп.

Бір күнде Ақтөбеден қотарылып,

Жиналып, отбасымен кетті көшіп.

 

Осында, Үшаралға аялдады,

 Біздерді жеткізу боп бар арманы...».

Бұрынғы қазы да жоқ, қарта да жоқ,

Бітпейтін балық болды тағамдары.

 

 «Кейіннен үкіметтің малын бағып,

Тірліктің түйткіліне шағынбадық.

Қашан да көппен көрген ұлы той, деп,

Кейіндеп көштен қалмай, адымдадық».

 

Әкесі, кірген екен серіктеске,

Сыйлы адам ауыл, аймақ, әріптеске.

Сөзуар, әзілге бай, тілге шешен,

Қалпымен тауып айтар, қалыпты есте.

 

Шығыпты бірде шөпті маялауға,

Жинақтап қысқы орынға қоралауға.

Бригадир шөпшілерді аралапты,

Жұмысты көзбен көріп, бағалауға.

 

 «Құдайым бізге Кеңес берді, – депті,

Текесі тексеруге келді, шөпті.

Шашындай комсомолдың дөңгелетіп,

Маяны тегістейміз енді, – депті».

 

Шөпшілер күлкі қысып ыржақтаған,

Жадырап түр-әлпеті күн қақтаған.

Бригадир бір бармағын ішке бүгіп,

Түнеріп, іштен тынып, тіл қатпаған.

 

Белгілі келер қайдан қатер-қауіп,

Әлгі сөз жоғарыға жеткен барып.

Жау іздеп, жоспар қуып жүрген қулар,

Тұтқындап ертеңіне кеткен алып.

 

Шымшыма, сүзеген сөз кімге жаққан,

Бәлені ақыры сол, тілден тапқан.

Жүйенің «ата жауын әшкерелеп»,

Саяси тұтқындармен бірге жапқан.

 

Бұндай кеп тағдырына төте келген,

Адамдар зардап шекті нешеленген?!

Оған да көп ұзамай үкім шығып,

Айдалып ит жеккенге кете берген.

 

Осы жай анасына ауыр тиді,

Жойдасыз қысастыққа жаны күйді.

Қайғы мен уайымнан құса болып,

Ақыры сұм ажалға басын иді.

 

«Ол кезде он үш қана жаста едім,

Бой жетіп өсіп келе жатқан едім.

Әкем мен шешем ғана сүйенішім,

Жоқ еді ет жақыным басқа менің.

 

Үш жылдай интернатты паналадым,

Қалуды көштен кейін қаламадым.

Жүрсем де қарын тойып тамақ ішпей,

Жақсы оқып, ой-санамды жаңаладым».

 

Басынан, осылай деп, өткен бұрын,

Салиха ақтарылып, төккен сырын.

«Жүргенде аш-жалаңаш, пана тауып,

Менің де интернатқа түскен күнім.

 

Көбісі көкөрімнің жетім еді,

Қаяулы, көңілдері кетік еді.

Бере алмай ауқат тауып, ата-анасы,

Кейбірін әкеп тастап кетіп еді...».

 

Тыңдады Ақыш қыздың сөзін бөлмей,

Тұрса да жаны жылап, төзімді ердей.

Кеңестің қиянаты еске түсіп,

Күндерге кешегі өткен шегінгендей.      

        

15-тарау

 

Көрмесе өз көзімен сенбес еді,

Өтірік, өсек сөзге ермес еді.

Ұраншыл, кілең шолақ белсендінің,

Түйірдей тимеді ғой елге себі.

 

Алапат аштық жұтын көрді көзбен,

Жағалай ажал сеуіп елді кезген.

Қазақтай тұтас ұлтты жою үшін,

Жасалған шара екенін, енді сезген.

 

Байлардың малын жаппай тартып алып,

Түрмеге жапты, асты, басын алып.

Қудалап орташаны, тап жауы деп,

Көзі ашық оқығанға ауыз салып.

 

Шығарды толып жатқан салық түрін,

Төндіріп ел басына қауіпті мың.

Ортақшыл, отырықшы ел етем деп,

Ескеріп, елемеді халық мұңын.

 

Басы ауған ажал құшты қанша қазақ,

Далада атты оларды, аңша қамап.

Бір ұлттың жоқ боларын білмеді ме,

Тігерге тұяқ қоймай алса, санап?!

 

Мерт болды аштық өтіп қаншама адам,

Өлікке толып кетті сай-сала, маң.

Бейнесі - әйел, еркек, балалардың,

Әлі де шығар емес ой-санадан.

 

Мұндайды бұрын естіп, көрмеп еді,

Арбамен өлік еді, термегені.

Бейкүнә сәбилер бар арасында,

Есінде, жинап алып жерлегені.

 

Мүрделер төңіректе жайрап жатты,

Көрінісі жүректі езіп, жанға батты.

Кеңестің, Кемеңгердің «кереметін»,

Көргенде Ақыш терең ойға батты.

 

Биліктің түпкі ойын бағамдады,

Салдарын сараптамай қала алмады.

Дәл мұндай зұлымдықты бұрын-соңды,

Тарихтың дерегінен таба алмады.

 

Кеңестің қиюласпай еткен ісі,

Көнбеді, «келіп еді ептегісі».

Жоюға жер бетінен аз-ақ қалды,

казақты, 

Кіші қазан төңкерісі.

 

Түбінен тексеріңіз ойша қарап,

Халқымыз шекті неге мұншама азап?

Қырағы мұртты көсем қайда болған,

Тапжылмай үстімізден тұрса қарап?

 

Үкімет мұныменен шектелмеді,

(Бұл кезде бет қаратпас өктем де еді).

Тағы бір іс-шараны кетті бастап,

«Өтеліп, тәркілеуге төккен тері».

 

Қайтерсің жазғанынан жазбас құлды,

Айыптау әдістерін алмастырды.

Оқыған зиялыны жаппай ұстап,

Жазалау шараларын жалғастырды.

 

Келсе де басқа бәле қай жағынан,

Жоқ еді қарсы қояр айла бұған.

Айырды асып, атып, халқымызды,

Көзі ашық бетке шығар қаймағынан.

 

Ежелгі салт-санасын  ұқпасын деп,

Кеңестің «сара жолын» құптасын деп.

Тереңдеп тамырына үңілгенде,

Тектінің ұрпағы боп шықпасын деп.

 

Нұрымен коммунизм шынықсын деп,

Өзара жолдас болып ұғыссын деп.

Баяғы бабалардың ерлік ісін,

Өшіріп санасынан, ұмытсын деп.

 

Тарихын бұрынғы өткен білмесін деп,

Қазбалап ақиқатты жүрмесін деп.

Солақай саясаттың сырын ашып,

Табалап, соңымыздан күлмесін деп.

 

Қазақта жазу-сызу болмаған деп,

Байлары ел қанаған оңбаған деп.

Алаштың ай мүйізді серкелері,

Ұлтшылдық сырқатымен сорлаған деп.

 

Жіберді жеделдетіп майдан ашып,

Ал, одан құтылып көр айлаң асып.

Ел қамын, ердің қамын жегендерді,

Сыпыра жазалады, айдап, асып.

 

Нәубеттің көз жіберді астарына,

Кесірлі кесапатты жоспарына.

Неліктен, елге тұлға жақсылардың,

Ойнатты әңгіртаяқ бастарына?!

 

Тәркілеп, ел ішінен жинап бәрін,

Өртеді, отқа жақты жинақтарын.

Сонан соң, әліпбиді ауыстырып,

Көшірді қасаң тілге, қинап бәрін.

 

Осылай билік жетті дегеніне,

Құрық та бойламайтын «өнеріне».

Білмейтін кешегісін ұрпақ өсті,

Осы еді олар үшін керегі де.

             ***     

Жағдайды қалың қазақ көріп отыр,

Кеңестің арам ойын сезіп отыр.

Көрері отар елдің осы ғой деп,

Ақыш та өз бағасын беріп отыр.

      

Төртінші бөлім

16-тарау

 

Сыр бермей сан сынақта келіп еді,

Енді Ақыш жел буғандай желігеді.

Бойында ғашықтықтың оты маздап,

Сезімнің құшағына беріледі.

 

Көрмесе Салиханы тұра алмайды,

Есінен бір сәт оны шығармайды.

Дөңбекшіп түн баласы ұйқы қашып,

Жастығын сазша илеп, жұмарлайды.

 

Қалт етсе, ғашығына асығатын,

Несі бар оны елден жасыратын.

Сағынып Салиханы көрген кезде,

Жадырап, жан сарайы ашылатын.

 

Уақыт өте берді, тұрып қалмай,

Ақышты сезім оты жылытқандай.

Өмірдің қызығы мол қыры ашылып,

Келерін қайдан қауіп ұмытқандай.

 

Күндері естен шықты көрген азап,

Адымын алға басқан, келген орап.

Тірліктің көлеңкесі сейілгенде,

Жарқырап күн шығары нендей ғажап!

 

Кездесіп жүрді солай екі ғашық,

Сөгіліп сезім сеңі, селдей тасып.

Бойлары үйренген соң бір-біріне,

Айтатын, жасырмайтын, сырын ашық.

 

Ақышты бір ой көптен мазалайтын,

Жүрсе де ұмыта алмай, қозғамайтын.

Сұрады сәті түсіп, ожар жайын,

«Ол кім?» - деп, сонша сені жазалайтын.

 

Жас тұнды Салиханың жанарына,

Түйіліп, кірбің түсті қабағына.

Түйткілдің түпкі мәнін айтып берді,

Мазмұны ой салғандай саналыға.

 

«Әкеміз – екеуміздің, шаруа адамы,

Күн ұзақ жұмысына алданады.

Жүреді қу тірліктің қамын күйттеп,

Қалуға қатарынан арланады.

 

Кім-кім де келер күнге алаңдады,

Нәубетке қолдан қойған арандады.

Жалғызын аман сақтап қалу үшін,

Әкем де өз әлінше амалдады.

 

Қай қазақ сыйласқанды жатсынады,

Төр беріп «тамырды» да дос қылады.

Қызыма көз қырыңды саларсың деп,

Айдалып бара жатып тапсырады.

 

Осы сөз тура келген талайыма,

Айналып өңі жетті «ағайынға».

Жан бағып интернатта жүрген мені,

Кірігізіп алмады ма «сарайына».

 

Танысы әкеміздің «өнерлі» еді,

Осылай тағдырыма тереңдеді.

Үйленген, оқып жүріп Алматыда,

Істейтін милиция боп көген көзі.

 

Тоғыз жас менен үлкен шамасы бар,

Ұл мен қыз - екі бірдей баласы бар.

«Екеуміз атасқанбыз – дейтін маған,

Толғанда кәмелетке боласың жар».

 

Кейіннен бір бөлімге бастық болып,

Ел күтті, қолтығына жастық қойып.

Қылшылдап қылышынан қаны тамды,

Тасыды мейманасы, асып-толып.

 

Қолында күш болған соң тайраңдайды,

Именіп лас істен арланбайды.

Сақ еді «екі шоқып бір қарайтын»,

Иіні қанбай істің, қозғалмайды».

 

Салиха осылай деп ақтарылды,

Айтатын ақындардай жатқа жырды.

Ақыштың сауалына жауап беріп,

Тарқатты, іште бұғып жатқан сырды.

 

«Сау болса, сауысқандай сақтанады,

Адамдай ажыратар ақ-қараны.

Бәленбай контраны ұстадым - деп,

Мас болса, құпиясын ақтарады.

 

«Бұл жолы отыз адам сотқа кірді,

Екі есе орындадым жоспарымды.

Қаншама халық жауын әшкерелеп,

Қараңдар, ортақ іске қосқанымды...»

 

Деп кейде, масаттанып желігеді,

Буына мансабының семіреді.

«Ісіне Сталиннің адалмын!» - деп,

Өзді-өзі жын соққандай еліреді.

 

Досқа да, туысқа да қарамайтын,

Қит етсе, тап жауы деп табалайтын.

Жатса егер қиюласпай пікірлері,

Қол жұмсап, әкесін де «жазалайтын».

 

Маған да тектен-текке тиіседі,

Шошынып, үйдегілер бүріседі.

Өзінің дегеніне көнбегенді,

Дүрелеу қамшысымен бір ісі еді.

 

Әйелі иіс алмас момын адам,

Елеңдеп ертеңіне, арымаған.

Мінезін күйеуінің білгендіктен,

Жүреді, кісі құсап танымаған.

 

Көр еді, десем егер, көрмегенім,

Абырой, ажал жетіп өлмегенім.

Куәсіз шет жағына өзіңіз де,

Ішімде құпия жоқ өзге менің».

 

«Жас қыздың өміріне өткел бермей,

Басынан ауыр тағдыр өткен нендей?!» -

деп Ақыш ауыр ойға кетті сүңгіп,

Бейне бір өз басынан өткергендей.

 

   17-тарау

 

Ер Ақыш кәсібіне әккіленіп,

Ел-жұртқа еңбегімен жақты дедік.

Жүрген соң ел ішінде емін-еркін,

Салиха «қармағына қапты» келіп.

 

Ешқашан жұмысынан қалған емес,

Самарқау, селқостыққа барған емес.

Су сатып, пайда тапты арасында,

Біледі Арал жұрты, жалған емес.

 

Тағдырдың төтеп беріп сынағына,

Аққу құс кезіккендей сыңарына.

Екі жас ұнатты да бірін-бірі,

Шомылды бақыт нұры шуағына.

 

Ақсары, бойшаң жігіт еңгезердей,

Қияға, қанат бітіп өрлегендей.

«Ел жалқау, батыр аңқау» кебі келіп,

Төнгенін бір қатердің сезбегендей.

 

Күтеді жерге келіп межелеген,

Келісіп екеуара шегелеген.

Салиха ұшты-күйлі келмей қойды,

Білмеді түпкі мәнін - неге, неден?

 

Араға апта салды үміттеніп,

Салиха жолығар деп күліп келіп.

Қызынан хабар-ошар болмаған соң,

Ақыштан маза кетті, күдікке еніп.

 

Жүр ме екен шаруасынан қолы тимей,

Немесе, үйден шығу жолын білмей.

Болмаса, Ожар тыйым салды ма екен,

Тынбайтын «сезіктінің жолында өлмей».

 

Отырды Ақыш біраз ойға қалып,

Дерегін білемін деп, қайда барып.

Келмеуі Салиханың мүмкін емес,

Болғаны бір жағдайдың айдан анық.

 

Бір дауыс: «Бекібаев қайда? - деді,

Алып бар оған мені, әйда!» -деді.

Жұпыны жас жігітті көзі шалып,

«Не үшін іздеді?» - деп ойлап еді.

 

Көздері тура қарап, төккен ызғар,

Шамасы, шұғыл іспен жеткені бар.

Көп қағаз қолдорбада қылтияды,

Қыстырған қолтығына дәптері бар.

 

«Үстіңнен сенің сотқа арыз түсті,

Шешеді үштік ертең, қарап істі.

Шақырту алғаныңа қолды қой», – деп,

Дікіңдеп, асықтырып, «қанын ішті».

 

Үңілді шабарманның қағазына,

Сұмдықты көз көрмеген қара мына?!

Шағымға отыз адам қол қойыпты...

Қапалы, Ақыш қайтты барағына.

 

Арыздың көңіл қойса, мазмұнына,

Құрылған бастан аяқ жазғыруға.

«Некесін екі жастың бұзған Ақыш,

Барыпты, келіншекті азғыруға».

 

Амал жоқ ертеңіне келді сотқа,

Дұрысы, «жанып тұрған енді шоққа».

Өзара жамырасып, жайғасыпты,

Үстінен арыз берген «белді» топ та.

 

Үштік те келді кіріп, кешікпеді,

Бітірмек істі шұғыл шешіп тегі.

«Шақыр – деп, Жорғаевті», төрдегі сот,

Сақшыға бұйрық берді есіктегі.

 

Жорғаев есікті ашып кіре берді,

Арызға қол қойғандар түрегелді.

Жақыннан тергеуішіі Ақыш көріп,

Жүрегі аттай тулап жүре берді.

 

Ақышқа, ыза толы қадап көзін,

Бастады сот алдында, айтар сөзін:

«Тап жауы, дәл осындай опасызды,

Күтемін, жарға тіреп атар кезін!».

 

Күлісіп, арттағы топ жайраңдады,

Жағынып Жорғаевқа жарбаңдады.

«Некелі әйеліме көзін салып,

Бұл жауыз ошағымды ойрандады».

 

Қайырды осылай деп сөзін қысқа,

Тап бермек жақтастары, «көзін қысса».

Тоқтады, толы залға иек қағып,

Дегендей, «сөз тізгінін өзің ұста».

 

Сайрады небір «бұлбұл», небір шешен,

Өзеуреп, өрекпіді кейбір «көсем».

Сыңайлы, баяғыдан кетіп жүрген,

Ақыштан қайтты – дейтін, «әй, бір есем!..»

 

«Бұлбұлдар сайрап жатыр» кезегімен,

Ғайбатқа, Ақыш отыр, «төзе білген».

Жастық шақ, көрген азап, жапқан жала -

Өткендей бар ғұмыры өзегінен.

 

Болар ма мұнша қатал қу дүние,

Сезеді, кетерін де «су түбіне».

Аз күндік алданышын көпсінгендей,

Басына тағы зауал туды, міне.

 

Сөздерін «шешендердің» саралады,

Мұнда бір астар барын шамалады.

Мән берсе, куәлардың бәрі дерлік,

Ет жақын апа, іні, ағалары.

 

Жабыла қаралады Жорғаевтар,

Сөзінде «бұлтартпайтын», зор айып бар.

Желпінді Желібаев дегендер де,

Қараса, аталасы, ойланып сәл.

 

Сайрады нағашыға ергені де,

Айналған әйдашаптың «ермегіне».

Алдында соттың құрдай жорғалайды,

«Елжіреп», сөз кезегін бергеніне.

 

«Куәмін, ләббай тақсыр, жалған емес»,

Дегеннен біреуі де танған емес.

Қысқасы, залдың ішін жайлап алды,

Сұсына Жорғаевтың малған елес.

 

Кінә арту осылайша тәмамдалды,

Ақыш та тағдыры үшін алаңдаулы.

«Мінекей, некелесу қағазы», - деп,

Жорғаев сотқа қарай аяңдады.

 

«Некеге бір ай бұрын тұрған едік,

Отауды ақылдасып құрған едік», -

деді Ожар, қолындағы дәлелдерін,

Тіркейтін, бүйірдегі, қызға беріп.

 

Сол кезде соттың кірді шабарманы,

Бұрқырап қолдорбадан қағаздары.

«Салиха сотқа өзі келіп тұр», - деп,

Естіртіп, қазыларға баяндады.

 

Жорғаев, мұны естіген қалды сасып,

Айрылып ақыл-естен, аузын ашып.

Теңселіп өң мен түстің арасында,

Төбеден жай түскендей құты қашып.

 

Сөйткенше, сот бұйырып: «Кірсін! - деді,

Пікірін мына қауым білсін», - деді.

Көздері жылай-жылай кеткен ісіп,

Көрінді Салиханың құр сүлдері.

 

Асығыс табалдырықтан аттады да,

Кең залға көз жіберді, тоқтады да.

Ақышты көріп қалып, тура тартты,  

Келгенін ұмытқандай, сотқа мына.

 

Қасына жігітінің келді жетіп,

Жас толы екі көзін мөлдіретіп.

«Ағажан, обалыңа қалдым-ау!», – деп,

Сөйледі, ел алдында, енді бекіп.

 

Орнынан Ақыш тұрды аппақ қудай,

Сұңғыла, бойы биік – тартқан сымдай.

«Келісті жігіт екен!» – деді біреу,

Қаратып көпшілікке, айтқан сырдай.

 

«Салиха, айналайын, қарғам – деді,

Кеше көр мұндай күйге салған, мені.

Некеде тұрғаныңды білгенім жоқ,

Біз үшін алыс екен арман көгі...

 

Тұрғам жоқ, қамын ойлап қара бастың,

Бұл жолы – кінә менен, жаза бастым...»

Сол тұста: - «Сот тәртібін сақтаңдар!» – деп,

Бас қазы әңгімеге араласты.

 

Бергенде Салихаға сөз кезегін,

Кім білген, жағдай мүлде өзгерерін.

«Сыртымнан жауып мені кеткесін-ақ,

Мұндағы шикілікті сезген едім.

 

Некеге ризалығымды берген емен,

Қолға ұстап куәлікті көрген емен.

Айтса да талай рет ұсынысын,

Бас тарттым, мұнысына көнген емен.

 

Білмеймін, некеміздің қиылғанын,

Бұл маған болған емес бұрын мәлім.

Үгіттеп туыстарын қайрап салып,

Ұғындым, бізге тұзақ құрылғанын».

 

Қорлығын бастан кешкен баяндады,

Жасырып ештеңені қала алмады.

Қалайша Жорғаевтың қармағына,

Түскенін түсіндіріп, тарамдады.

 

Еске алды ерте кеткен анасын да,

Әкенің тілден тапқан жазасын да.

«Аманат - қиянатқа ұласты», - деп,

Сөзінің қосып қойды арасында.

 

Салиха осылай деп төкті шерін,

Жеткізіп ақиқатқа көптің көзін.

«Көргенім есіктегі күңнің күні,

Бәрі де бір басымнан өтті менің.

 

Латынша жазылғанды оқи алам,

Көп жайға көзімді ашты, осы маған.

Екі әйел алу салты жойылғанын,

Білмейді, Совет заңын оқымаған».

 

Ұйыған ашытқыға айрандай-ақ,

Соттар да тесірейіп қалған қарап.

Әйелдің теңдігі деп айтқан кезде,

Түйісті бір нүктеде маңдай, қабақ.

 

Ақыштың екі көзі оттай жанып,

Серпілді, отыр еді, батпай налып.

Көңілі көтеріліп, Салихаға,

«Жарадың!» - деп айтуға, шаққа қалып.

 

Ақыш та мығым сөйлеп тайпалады,

Қабысты ғашықтардың ой, талабы.

«Біріміз бірімізсіз тұра алмаймыз», -

Дегенді, екеуі де қайталады.

 

Тыңдаңыз, Салиханы шырылдаған:

«Ақышсыз, – деді – менің, күнім қараң.

Соттасаң бірге сотта, түрмеңе жап,

Ештеңе кедергі емес, бүгін маған!».

 

Сот ісі жақындады аяғына,

Шұқшиып үштік отыр қағазына.

Пікірі екі жақтың ескеріліп,

Сәт туды, тартылатын таразыға.

 

Үзіліс онша көпке созылмады,

Белгілі төргі сотқа, оның мәні.

Шығарған шешімдерін оқып берді,

Бас алмай қағазынан қолындағы.

 

«Айтқанда... – деді қазы, - бұл іс жайын,

Шығардық ақылдасып, дұрыс пайым.

Жорғаев қасақана заңды бұзып,

Тайдырған тура жолдан туыстарын.

 

Алдымен, болған істі бағамдадық,

Әйелдің теңдігі үшін алаңдадық.

Шағымда жазылғанның бәрі жалған,

Бір түйір дәлелді айғақ таба алмадық.

 

Арызды жазғандарды тексереміз,

Пікірін ғашықтардың ескереміз.

Қол қойған, жалған құжат жасағанды,

Әділ заң сүзгісінен өткереміз».

 

Белгілі сіздерге де, кімдер ұтты,

Ғашықтар пайдасына үкім шықты.

Әйелге теңдік берген заң алдында,

Осылай жуасиды нелер мықты.

 

18-тарау

 

Тірлігі Ақыштың да түзелгендей,

Жүр еді ер-тұрманы түгенделмей.

Қасында құдай қосқан Салихасы,

Бұл жайға, қайтсін енді жігерленбей.

 

Келеді мерзімі де аяқталап,

Он бір жыл артта қалды «парақталып».

Табанын туған жерге бір тигізсе,

Қырандай дамылдамақ, «тоят тауып».

 

Сол күнге жету үшін асығады,

Ойы - онға, сана - саққа шашылады.

Еске алса, туып өскен елін, жерін,

Жадырап жан сарайы ашылады.

 

Серігі, жан жолдасы Қасымбегі,

Оның да талай арман басында еді.

Бірге өтті сан сынақтан сағы сынбай,

Болған соң, жүрегі адал, асыл – тегі.

 

Теңіздің толып жатқан аралы бар,

Қалғымай күзететін қарауылдар.

Байырғы тұрғындардан, басым еді,

Алғанда, сан жағынан, жазалылар.

 

Кезінде талай жерін аралаған,

Қайықпен әрлі-берлі жағалған.

Ішінде жақсысы бар, жаманы бар,

Жолында жолығысып талай адам.

 

Есінде, жүрген кезі жалаңаяқ,

Табаны тозғанына қарамай-ақ.

Қаншама ауыр күндер өтті бастан,

Ақыш жоқ жатқан оны санамалап...

 

Қалдырып қиын күнді қыр астына,

Көксейді жетемін деп мұратына.

Салауат айтып отыр өткен күнге,

Болды деп, ие басшы шығасыға.

 

Алайда, тағдыр бұлты сейілмеді,

Жарқырап шығар күні кейіндеді.

Кешегі сотта оңбай жеңілгендер,

Пиғылдан арам ойлы, шегінбеді.

 

Асқынып жалдаушының жаулығы да,

Жансыздың душар болды аңдуына.

Көз ілмей, екі шоқып бір қараумен,

Алаңдап Ақыш жүрді тағдырына.

 

Санасын сансыз ойлар мазалайды,

Қатердің келер тұсын шамалайды.

Айдынға бұрынғыдай еркін шығып,

Қайықпен жүруді енді қаламайды.

 

Аралдар аралығын, алмай тыным,

Қайық пен кеме ғана жалғайтұғын.

Азайып серілігі, бұрынғыдай,

Себепсіз өзге аралға бармайтұғын.

 

Жүргенше, көз түрткі боп көрінгенге,

Болмады, тізгін тартып, шегінбеуге.

Бірыңғай шықты балық тазалауға,

Тапсырып су тасуды, сенімді ерге.

 

Аңдыған жансыздардан сақтанады,

Сөйтеді, болмаған соң басқа амалы.

Олар да тура келмей, жүзі тайқып,

Ақыштан аты мәлім жасқанады.

 

Дос та көп, таныс та көп сыйлайтұғын,

Көрінеу қиянатқа қимайтұғын.

Сенімді серігі бар Қасымбектей,

Дем беріп, жігеріңді шыңдайтұғын.

 

Белгілі, жоғарыдан тапсырыс бар,

Жатады содан туып қақтығыстар.

Мұндайға Қасымбек те қарсы тұрып,

Серінің сертке берік салтын ұстар.

 

Әр тұстан жиналғасын түрлі қауым,

Ұрлық та кездеседі бірлі-жарым.

Балығын әлсіздердің тартып алып,

Тіркейді есебіне, бұл да мәлім.

 

Түседі ондай кезде арашаға,

Өзгелер куә болып «тамашаға».

Жұптасып Қасымбекпен тізе қосып,

Көрген жоқ, сын сағатта, аласара.

 

              ***

Уақыт па, бір орнында тұрып қалар,

Санаттан, сағат емес шығып қалар.

Германия бізге соғыс ашты деген,

Елі ішін кезіп кетті суыт хабар.

 

Жағалай қан майданға алынуда,

Тіленіп, еріктілер жазылуда.

Әскери міндеттілер лек-легімен,

Шақыру пунктінен табылуда.

 

Қызып тұр ауылнайдың жұмысы да,

Болған соң дара билік уысында.

Соғыстың жағдайына бейімделген,

Ауылдың үйреншікті тұрмысы да.

 

Араға ай, аптаны аралатпай,

Ақышты «айналдырды» қарап жатпай.

Соғысқа жіберуді ойластырды,

Жүр еді өш алуға шара таппай.

 

Дамылсыз, лагердің басшылары,

Ақышты әлсін-әлі шақырады.

Айыбын толық өтеп болмаған деп,

Артынша, су сепкендей басылады.

 

Уақыт өрге жылжып арнасымен,

Арада жылдар өтті арбасумен.

Көзінің қырына алған дұшпандары,

Ақыштың жағасына жармасумен.

 

Осылай Он төрт жылды тәмамдады,

Бойында қайта түлеп сан арманы.

Ысқылап алақанын ауылнай да,

Жаналғыш жалмауыздай жалаңдады.

 

Жеткен соң мерзімінің аяғына,

Ақыштың шектеу салды қадамына.

Ақыры Шұбаркөлге аттандырды,

Қосты да жаңа құрам санағына.

 

Түскенде ел басына ауыр сынақ,

Тасада кім қалады жаны шыдап?!

Тағдыры тап келіп тұр тар өткелге,

Көрмекші қан майданда бағын сынап.

 

Санасын бір ой бірақ, мазалайтын,

Сол ойдан қанатын кең жаза алмайтын.

Ертеңін Салиханың есіне алса,

Көңілі ұясына қона алмайтын.

 

Ойласа езіледі жан жүрегі,

Соншама неткен қатал тағдыр еді?!

Жан болса жан жарына жаны ашитын,

Ақышы арқа тұтар «жалғызы» еді.

 

Ер Ақыш Салиханың панасы еді,

Көзінің ағы менен қарасы еді.

Жазатын жан жарасын қос ғашықтың,

Жалғанда табылар ма дауасы, емі?!

 

19-тарау

 

Соғысқа Шұбаркөлде әзірленді,

Қолына қару алып кәдімгі, енді.

Мұнда да тағам тапшы, күтім нашар, 

Аштық пен ауыр азап, бәрін көрді.

 

Тағдырдың жазғанына шара бар ма,

Салмағы жүк болғандай қара нарға.

Шіріген картоп сорпа ішке тұрмай,

Зар болды қара ботқа, қара нанға.

 

Адасып қалған жандай айдалада,

Келгендер таба алмады жанға дауа.

Аштықтан бұратылған аш-арықтар,

Түнгілік жем болады қандалаға.

 

Келеді эшолондар әр тараптан,

Сібір мен Қиыр Шығыс, Арқа жақтан.

Сонан соң Батыс жақты бетке алады,

Тынбайды қауырт жұмыс, жанталасқан.

 

Тұрғанда осылайша жұмыс қайнап,

Кіргенде ел ішіне соғыс бойлап.

Мазасыз күйге салды басшыларды,

Жағалай казарманы сүзек жайлап.

 

Жүргенде азық таппай бұратылып,

«Жамалды» жығылғанға мына «тірлік».

Жұт жеті ағайынды кебі келіп,

Індетке қалың әскер шырматылып.

 

Маңдайға жазылғаны бес елі боп,

Шетінеп жатқандардың есебі жоқ.

Індет пен аштықтан сау қалғандары,

Майданға аттануда кезегі кеп.

 

Сарбаздар күндіз-түні жаттығады,

Қалайда, жауды жеңу – басты ұраны.

Кесел мен ауқат жайын айтпағанда,

Білінді қарудың да тапшы жағы.

 

Келеді бір мылтықтан он адамға,

Ахуал ой салғандай талай жанға.

Ақыш та, Қасымбек те, өзгелер де,

Абыржып, кәдімгідей алаңдауда.

 

Арада екі ай өтіп, тамыз туды,

Жаттығып күндіз-түні «жарыс» қызды.

Бір күні сарбаздарды сапқа қойып,

Бұйрықпен жаңа шыққан таныстырды.

 

Жарлыққа бас қолбасшы қолын қойған,

Бастауға бір сұмдықты ойына алған.

Танысып мазмұнымен қалың қауым,

Күні-түн арылмады қалың ойдан.

 

Бұйрықпен айыптылар іріктелмек,

Санатқа сотталған мен күдікті енбек.

Әкерден бой тасалап қашқандар да,

Сенімсіз ретінде тізімделмек.

 

Олардан жасақталмақ бөлек құрам,

Пенде жоқ ердің мұңын елеп тұрған.

Әскери тәртіп күшті, заңы қатал,

Саяси маңыз берген, демек, бұған.

 

Қосылған айыптылар қатарына,

Қасымбек, Ақыш қайтты жатағына.

Кіріпті түрлі ұлттың өкілдері,

Орыс пен қазақ, өзбек, татары да.

 

Өткенде екі тәулік аралықта,

Көпшілік құлақ түрді «жаңалыққа».

Эшелон көп ұзамай жолға шықпақ,

Деген сөз кетті жылдам, тарап жұртқа.

 

Алуға асуларды алынбаған,

Осқырып отарба тұр, дамылдаған.

Вокзалға келіп жетті қалың әскер,

Төңірек ығы-жығы қалың адам,

 

Эшелон көп ұзамай кетті жүріп,

Біржола батыс жаққа бетті бұрып.

Көмескі келешегін ойлағанда,

Әркімнің көңіліне жетті күдік.

 

Қайғы емес жолдың ұзақ, аздығы да,

Қапырық вагондардың тарлығы да.

Тізімге айыпты боп енгеннен соң,

Кім-кім де алаңдайды тағдырына.

 

Нетүрлі шырғалаңды көзі көрген,

Ақышқа тағдыр берік төзім берген.

Алайда, көргені көп, түйгені мол,

Сөзіне бір адамның көңіл бөлген.

 

«Майданның – дейді, халі оңалмай тұр,

Жайымыз ойдағыдай бола алмай тұр.

Сайланып бес қаруы келген жаудың,

Сталин осал жерін таба алмай тұр.

 

Халіміз болар еді бұдан жақсы,

Мәселе, соғысуға құрал тапшы.

Бостан-бос қалың әскер қырылуда,

Шығар жол таба алмауда бұдан басшы.

 

Астары бұйрығының баршаға аян,

Сенімсіз элементті - жау санаған.

Қойғанда алғы шепке қалқан қылып,

Ойлай бер, қырыламыз қаншама адам».

 

Осы сөз өзегіне жетті барып,

Аяздай тұла бойын кетті қарып.

Жазықсыз Он төрт жылда көрген азап,

Толқындап көз алдынан өтті ағып.

 

Ойлады сүйген жарын Аралдағы,

(Қалайшы Салихасыз жанар бағы?!)

Әкесі, інісі де еске түсіп,

Өрекпіп, бір сәт тағат таба алмады.

 

Ойлады құрбан болған қарындасын,

Байкүнә еркелігін, сағынғасын.

Сол жерде, сол бір сәтте өзі болса,

Жолына қияр еді, жалын жасын.

 

Сүргінде жүрген кезде елден жырақ,

Бір басқа аз ба еді төнген сынақ?!

Мүмкін бе, Кеңес үшін жанды қию,

Зәредей жақсылығын көрмей, бірақ?!

 

Биліктің арам ойын көрмеймісің,

Болмасын түбі жақсы меңгзейді ішім.

Шығармай осы жерден атып таста,

Ақыры сезіктеніп, сенбеймісің!?

 

Соншама таптағандай адам жанын,

Сұмдықты ойлап тапқан қандай залым?!

Жолына жан қиярдай, кімге керек,

Қатыгез мұндай қоғам, мұндай ағым?!

 

Бойлады жүрегінің тереңіне,

Сараптап салды ойдың елегіне.

Соңында бір шешімге келіп еді,

Келгенде пісіп, толып кемеліне.

 

Өзді-өзі ерік берді ашуына,

Арындап, мұрша бермей басуына.

Тұс-тұстан андағайлап сан мың ойлар,

Әскерден, алып келді, қашуына.

 

 

20-тарау

 

Білмейді қанша күннің батқанын да,

Білмейді таңның қашан атқанын да.

Қараса, етпетінен сұлап жатыр,

Еңісті, шойын жолдың қапталында.

 

Бес-алты басында отыр қара қарға,

Сәт күтіп, ниет етіп арам ойға...

Он екі мүшесі сау, басы бүтін,

Тексеріп тұла бойын қарағанда.

 

Өзінің тірі екенін аңғарғасын,

Іздеді маңайынан қолдорбасын.

Азығын шоқып жепті қарға біткен,

Қоя ма, басы бүтін қолға алғасын.

 

Қапыда көзге түсіп қалмайын деп,

Жолымды әрі қарай жалғайын деп.

Шашылған заттарын жиыстырды,

Дорбада, қатқан нанның, қалғанын жеп.

 

Талпынып, қайта жатты, сал адамдай,

Беліне біреу ине қадағандай.

Еңбектеп қарағанға әрең жетті,

Өзгеше, қолдан келер шара қалмай.

 

Сол жерде бір күн бір түн аялдады,

Аяққа тұрсам дейді, бар арманы.

Жинақтап етек-жеңін, ертеңіне,

Ес жиып, жолға түсіп аяңдады.

 

Жарықта жол жүруден сақтанады,

Бармайды қалтарыстан аттап әрі.

Қашқынның күтетіні қараңғы түн,

Күн батса жүріс өніп, шат болады.

 

Өмірдің таусылған ба сынақтары,

Шөл қысып, есін алып, шыдатпады.

Жүруге одан әрі әлі құрып,

Түбіне бір шоқ талдың тұрақтады.

 

Дамылдап отырғанда, демін алып,

Киіз үй көз ұшында көрінді анық.

Лажсыз, солай қарай аяңдады,

Бойына ерекше бір сенім дарып.

 

Отырған шопан екен малын бағып,

Танытты, тергеп жатпай, момын қалып.

Жолаушы шөлін басып, ауқаттанып,

Жөнелді сусын, азық жолына алып.

 

Қойшыны сөзге тартып қай-қайдағы,

Нобайлап, жүрер жолын бағдарлады.

Ақыры Ақтөбеге келіп кіріп,

Сапардың бір үзігін тәмамдады.

 

                   ***

Аралға енді дереу жетсем дейді,

Қаптаған кедергіден өтсем дейді.

Поезға куәліксіз алмасы анық,

Тезірек, мына жерден кетсем дейді.

 

Тағы да жаяу жүріп салпақтады,

Әйтеуір, әйтіп-бүйтіп жан сақтады.

Жол бойы екі шоқып, бір қараумен,

Алаңдап, жан-жағына жалтақтады.

 

Шамамен төрт күн салып арасына,

Аралдың келіп жетті даласына.

Бұл жерден қатынайтын кемелер көп,

Үшсайдың аралдағы жағасына.

 

Кемемен жедел барып жетер еді,

Кірерде құжатыңды тексереді.

Шығудың тығырықтан, жолын іздеп,

Жоспарын ойға салып «кестеледі».

 

Үшсайға жету қиын жаяу жүріп,

Дегенде, келе қалды арайлы үміт.

Түнгілік жүк поездар ағыларын,

Алғаны қанда жақсы, жолай біліп.

 

Көп жүрді вокзал маңын төңіректеп,

Ал енді, түнді күтіп, өмір өтпек...

Жылжыған сәтін көріп, жүк вагонның

Жармасты жақтауына өңіреп кеп.

 

Таң ата келіп қалды Қазалыға,

Тік тұрып, жолдың шыдап азабына.

Тағдырмен табан тіреп күреспесе,

Кім мұның қарап жатыр қабағына.

 

Тұспа-тұс елді мекен - барар жайға,

Алдымен жету керек Қазақсайға.

Алты жыл жүрген жерім, деген ойдан,

Ыстық қан бара жатты тарап бойға.

 

«Жете ме, мақсатына қарманбаған,

Пендеңді кешір – деді, - заңғар бабам»,

Вагоннан қарғып түсіп, бойын тіктеп,

Сүлдені көзі шалды қалбаңдаған.

 

Ақышты көріп қалып, безіп берді,

Шамасы қуғыншы деп, сезіктенді.

«Әй жігіт, қорықпа!» – деген бәсең дыбыс,

Ұзамай қайтуына ерік берді.

 

Сұраса, өзі сынды, ол да қашқын,

Айтады: «Әлім білмей, жаза бастым.

Ай болды Шұбаркөлден шыққаныма,

Кеткелі, қамын ойлап қара бастың».

 

Мұны айтып жігіт аз-кем тыныстады,

Бағыты - Мойнақтағы туысқаны.

Барар жер, басар тауы бір болған соң,

Баратын пойыз іздеп тырыспады.

 

Екеуі, көп кешікпей, түсті жолға,

Бар билік біріккендей күшті қолға.

«Ақыштай азаматты жолықтырдым,

Жаратқан – дейді жігіт, - істі оңда!».

 

Келеді ши-шіліктің арасымен,

Болса да панасы аз, саясы кем.

Ілінді іңір түсе Қазақсайға,

Маңайға қоңыр салқын тарасымен.

 

Жолықты бір кісіге мал бағатын,

Жатқанда аша талға байлап атын.

Әскерден қашқандарын жасырмады,

Ахуал сырды ашуға сай болғасын.

 

Малшының мәрттігіне басын иді,

Күтпеген, дәл осындай тосын сыйды.

Ақадал асын ішіп, шөлін басып,

Қашқындар тағат тауып, есін жыйды.

 

Бір қонып, кете барды жолды жалғап,

Тамақ тоқ, жүру енді оңды болмақ.

Шығарда бағыттарын нақтылады,

Өздерін мазалаған ойды қозғап.

 

«Әуелі шөл даламен кетесіңдер,

Артынан Сыр бойына жетесіңдер.

Соңында Қызылқұмның етегімен,

Мойнақтан Үшсай жаққа өтесіңдер».

 

Екеуі басын изеп, қойды қостап,

Алдыға Ақыш түсті жолды бастап.

Күн ыстық, жағалай құм, сапар ұзақ,

Тағы да табиғатпен жағаласпақ.

 

Келеді құм төбелер арасымен,

Жыңғылдың, сексеуілдің «панасымен».

Ұшқан құс, жүгірген аң ұшыраспай,

Тыныстап апшыны алған ауасымен.

 

Демесең, күндіз аз-кем аялдайды,

Қу жанды қоярға жер таба алмайды.

Алысты жақын етіп бұлдыр сағым,

Көрінеу көзді байлап, ол алдайды.

 

Түнгілік, адымдады ширақ басып,

Іздерін құм бетіне қидақтатып.

Сол бетпен, сол жүріспен шаңқай түсте,

Құлады Ақыш жерге қирап, қатып.

 

Құлады етпетінен, есін білмей,

Тағдырдың үкіміне кесілгендей.

«Мен біттім, жөніңді тап» – деді әлсіз,

Барлық іс осы жерде шешілгендей.

 

Далаға тастай алмай көзі қиып,

Қалар деп, демін алса, есін жиып.

Серігі үш қайыра қайта оралды,

Соңында, күдер үзді, кесілді үміт.

 

Күн батып, қонды барып ұясына,

Ай шығып, тұрып қалды қиясына.

Өліммен арпалысып Ақыш жатыр,

Жетерлік қайғысы бар бір басына.

 

  21-тарау

 

Серігі бірте-бірте ұзай берді,

Жағдайым не болар деп былайғы енді.

Түн іші иттің үрген даусын естіп,

Жүзіне қуаныштан шырай келді.

 

Көргенде жалғыз үйді жапандағы,

Әл кетіп, екі аяғын баса алмады.

Жолында түйелер жүр ботасымен,

Бар екен жас жігіттің татар дәмі.

 

Кезікті түйешіге, үйден жырақ,

Қолына мылтық ала келген, бірақ.

«Қозғалма, түн ішінде нағып жүрсің?»,

Бұйырып, осы болды берген сұрақ.

 

«Адасқан жолаушымын» – деді жайлап,

Күдігі сейілетін кезін аңдап.

Күткендей осы сәтті үй иесі,

Түсінді, тұрмағанын, өзін алдап.

 

Бас қойып, қаталаған шөлін басып,

Сөйледі жігіт енді, өңі қашып.

Ақыштың есін білмей құлағанын,

Баяндап бастан аяқ, мәнін ашып.

 

Жасырмай, барлық жайды айтып берді,

«Аттайын ақиқаттан, қайтіп» - дейді...

Келісіп, жетекке алып бір тайлақты,

Ағасы жатқан жерге қайтып келді.

 

Көз көрді, серігінің өлмегенін,

Әзірге ажал іздеп келмегенін.

Аузына аздап-аздап су тамызып,

Қайтерсің, ғажайыпқа сенбегенін.

 

Әуелі қас-қабағы жыбырлады,

Артынан аяқ-қолы қыбырлады.

Соңында басы бүтін есін жиып:

«Мен дайын, жүрейік!» – деп, сыбырлады.

 

Екеуі келіп жетті манағы үйге,

Көрінді, бойы сергек жаңа күйде.

Бүлкілдеп, қазанда ет қайнап жатыр,

Айтарлық аңыз болар талай күнге.

 

Айналып бәйбіше жүр жаны қалмай,

Күтуге кісілерді бабы қандай!

Қайнатып самаурынды, шайын демдеп,

Жаймасын дайын етіп, дамыл алмай.

 

Бар екен, қайырымды халқым аман,

Жасаудан жақсылықты артылмаған.

Ақ құйып жыланды да жолға салып,

Жауына, жатына да жалпылдаған.

 

Көрмеген есігіне құлып салып,

Мықты ғой дәстүрімен біздің халық.

Дәлелі - ізеті мол осы қазақ,

Жіберген ертеңіне, ізге салып...

 

              ***

Қайтерсің, жазғанынан жазбас құлды,

Тағы да сапарларын жалғастырды.

Аумайтын дағдысынан күн менен түн,

Бес рет бірін-бір алмастырды.

 

Ақыры, Сырдың жетті жағасына,

Аралға барып құяр сағасына.

Десек те, екі қашқын алаңдаулы,

Түйткіл бар түсірмейтін, сабасына.

 

Жағалау, тұлдыры жоқ – ашық алаң,

Көрініп, күндіз бару - ақырзаман.

Күнұзақ жұрт қарасы үзілмейді,

Қайықпен әрлі-берлі қатынаған.

 

Бақылап қарбаласты жағадағы,

Алыстан мүмкіндікті саралады.

Қайықшы қарияға таңдау түсіп,

Жолығып, сөйлесуді жобалады.

 

Кездесті Ақыш оған, өзі барып,

Сенімді екеніне көзі қанып.

Оралды, «Кісі аяғы басылғанда,

Жеткізіп салам» - деген, сөзін алып.

 

Орындап уәдесін, қария адам,

Өткізіп салды екеуін дариядан.

Сапарын екі жігіт жалғастырды,

Болды деп: алғыс - бізден, қайыр - одан.

 

Тағы да, Қызылқұмды көктей өтіп,

Тартысты өмір-өлім, шекке жетіп.

Майкөл мен Пристанды артқа тастап,

Мойнаққы келіп жетті түнделетіп.

 

Танысы жас жігіттің осы маңда,

Көрінбей, сонда келді, тірі жанға.

Бір қонып, серігімен қош айтысып,

Ертемен, жалғыз кетті жүріп алға.

 

Біледі Ақыш өзі, жатқа бәрін,

Бұл маңның ой-шұқырын, қатпарларын.

Осында талай жанмен араласса,

Қалайша ұмытады, татқан дәмін.

 

Көрмеген, Еламанға көптен бері,

Жолшыбай сәлем бере кетсем деді.

Немере ағасы еді Салиханың,

Кездесіп кеңесуді жек көрмеді.

 

Басқанда қараңғы түн айналаны,

Сау етіп салып ұрып сонда барды.

Көргендей судан шыққан сұмырайды,

Қатыны талып қалып, сорға қалды.

 

Еламан, өз көзіне өзі сенбей,

Отырды есеңгіреп, есі кірмей.

Ақышты, ақырында, таныған соң,

Түйіні мәселенің шешілгендей.

 

Кеткендер өң мен түстің арасына,

Осылай түсе қалды, сабасына.

Әскерге алынғанын білетіндер:

«Қай жақтан жүрсің?» - деді, арасында.

 

Болары бұл сұрақтың аян еді,

Сондықтан, жауабы оның даяр еді.

«Әскерден қашып келдім» – деді Ақыш,

Мұнысы, жөн сұрасу аяғы еді...

 

Жүретін мезгіл емес ойнап-күліп,

Қанықты жағдаятқа, жайлап біліп,

Аралға ертеңіне келіп жетті,

Бір атын Еламанның жайдақ мініп.

 

Бұқпалап нар қамыстың арасымен,

Теңіздің, бойлап жүрді, жағасымен,

Тоқтады, көз байлана, бір мүйіске,

Дем алып, кеуде керіп ауасымен.

 

Бір жігіт өте берді өлеңдетіп,

Ақышты жағадағы елеңдетіп.

«Әй, бала!» – деген кезде, шошып кетіп,

Аунамай, аман қалды, әрең бекіп.

 

Қайықшы:  «Аға сізді білем - деді,

Ауылға су тасушы ең, кілең», - деді.

«Танысаң, Үшсай жаққа жеткізіп сал,

Әрқашан тілекшің боп жүрем» - деді.

 

Осылай өтіп алды арғы бетке,

Мұндағы таныстардың бәрі де есте.

Ойлады бір досына жолығуды,

«Бір сағат жүрем – деді, әрі кетсе».

 

Бар еді Ысқақұлы Мейрам деген,

Жанына жақсыларды жиған кілең.

Сәкенмен  Қарсақбайда бірге болып,

Дегенге халық жауы, қимай жүрген.

 

Ақышпен достығы бар, сыйласатын,

Бір сөзді, екі айтқызбай тыңдасатын.

Бүгінде кен зауыты директоры,

Кез келді, емін-еркін сырласатын.

 

                  ***

Шығартып өз үйінен бөлек есік,

Бітірді бар жұмысты түнделетіп.

Алдырып сонан кейін Салиханы,

Әкелді керек-жарақ, іргелетіп.

 

Көрісіп сағынысқан екі ғашық,

Екі апта бірге тұрды, мауқын басып.

Алайда, бұл ұзаққа созылмады,

Алатын, шаруа шықты, ақылдасып.

 

Ауылнай қағаз алып апта бұрын,

Ақыштың біліп отыр қашқан күнін.

Белгілі аңдитыны Салиханы,

Қалдырмай көзден таса, басқан ізін.

 

Екеуі осы жайға алаңдайтын,

Көсіліп, қанатын кең жая алмайтын.

Басқа жол іздеуінің себебі сол,

Болған соң, мында ұзақ қала алмайтын.

 

Мейрамды ортаға алып ақылдасты,

Талқылап, мәселенің басын ашты.

Оңаша бір аралда тұратын боп,

Ақышты келістіріп, мақұлдасты.

 

Азыққа бір ешкіні құрбан етіп,

Отауға не керекті жылдам шешіп.

Қайыққа отырғызып, жүгін тиеп,

Алысқа аттандырды, амал нешік.

 

Қоршаған ұзын қамыс айналасы,

Көрінді көк тіреген найза басы.

Тоқтады сол аралға таң алдында,

Маңайда болмаған соң баламасы.

 

Толқынмен жағалауға шығып қалған,

Тұрғызып қабырғасын сырық талдан.

Нар қамыс, қалың қоға іске жарап,

Талтүсте күркелерін құрып болған.

 

Өз-өзін Салиха да қолына алып,

Көрсетпей оғаш мінез, тосын қалып.

Бел шешіп үй шаруасын дөңгелетті,

Шәй қойып, тамақ істеп, отын жағып.

 

Он күндей осы аралда тұрақтады,

Өздерін көру үшін сынап, тағы.

Тұрады хабарласып, келіп-кетіп,

Кеш түссе, дос-жараны жырақтағы.

 

Бас қосу «жинап алып» тәмам елді,

Қалыпты әдет болып қала берді.

Бір кісі осындай бір отырыста,

Үшсайдан суыт хабар ала келді.

 

Тұр дейді қауесет сөз тым асқынып,

Өсекті үрлеп өртке ұластырып.

Таба алмай Салиханы жатса керек,

Хабарын әркімдерден сұрастырып.

 

Мұны естіп, екеуінен маза кетті,

(Жүгенсіз масаның да мазағы өтті).

Ақыры, аяқасты жиналды да,

Аралды артқа тастап, таза кетті.

 

 

     22-тарау

 

Көрсе де кемдікті көп, жасымаған,

Тегінде сирек мұндай, асыл адам.

Біледі, алда талай сынақ барын,

Сезеді, құтылмасын қашып одан.

 

Әзірге, оны ойлар шама бар ма,

Мақсаты - аман жету жағалауға.

Жылжиды су бетімен жалғыз ноқат,

Алыстан көз жіберіп қарағанға.

 

Тымықта кетіп еді жолға шығып,

Бағытын күні бұрын ойластырып.

Жел тұрып, қайық көнбей ыңғайына,

Табиғат көрсетіп тұр оғаш қылық.

 

Қайықтың толқын ұрып жақтауларын,

Кескестеп жолын бөгеп жатқандайын.

Сол сәтте көрсеңіздер, Салиханың,

Үрпиіп, зәре-құты қашқан жайын!

 

Қасарып, Ақыш мініп қайратына,

Теңіздің қарсы тұрды айбатына.

Сорғалап ащы тері жотасынан,

Егесті шешті өзінің пайдасына.

 

Аралдың осы беткей – батыс тұсы,

Тұратын көптен өзін, тартып күші.

«Қалпақты» ағайынға жетсем дейді,

Сайраған бақшасында бақыт құсы.

 

Ежелден қарақалпақ туыс халық,

Тағдыр бір, бір ауамен тыныстадық.

Кешегі жаугершілік заманда да,

Қасқайып қатар тұрып, ту ұстадық.

 

Бір шалды ұшыратып базар жақтан,

Мән-жайды түсіндіріп, сөзге тартқан.

«Беріңіз қона жатар орын тауып,

Жол жүріп келіп едік, өзге жақтан».

 

Қарт кісі, өтінішті тыңдай келіп,

Бұрылды екеуіне ыңғай беріп.

«Ұзаққа тұру үшін керек пе?» - деп,

Сұрады, нұрлы жүзі шырай бөліп.

 

«Расы, келіп тұрмыз, пана іздеп,

Сыздаған жан жарасын жазамыз деп.

Бірер күн есті жиып, етек жинап,

Сәт туса, елге бағыт аламыз деп.

 

Қудалап ауқаттының баласы деп,

Жаппаған үкіметтің жаласы жоқ.

Ақыры, жан сауғалап қашып жүрмін,

Биліктің жазылмайтын жарасы боп».

 

Қарт ұғып, екі жастың наза-мұңын,

Танытты көпті көрген даналығын.

Ұсынды өз үйінің бір бөлмесін,

Салтымен, жылы жүрек саналының.

 

Сол үйде отыз күндей қалды жатып,

Жай жатпай, ақсақалдан ақыл тартып.

Достары жинап берген қаражатқа,

Бір күні, бір есекті алды сатып.

 

«Жат жерлік екеніңді қалған біліп,

Торына түсіріпті, алдап жүріп...».

Деді де, үй иесі өзі кетті,

Нүкістің базарына, таңнан тұрып.

 

Сөзіне, жұрт назарын бұрған тұсы:

«Болады үш күн шөлге шыдамдысы».

Есекті екі бірдей алып келіп,

«Осылар – деді ақсақал, итжандысы».

 

Көрдің бе, қарияның адалдығын,

Өзінен биік қойған адамдығын.

Жастарға бір есекті сыйлап отыр,

Біреуін айырбастап...алған бұрын.

 

Бұл кезде, қараша айы келген еді,

Күн күзгі тоқырауға енген еді.

Кешікпей жолға шығу қажеттігін,

Ақыш та, Салиха да сезген еді.

 

Сонымен, жол азыққа алғандары:

Екі пұт күріш және талқан, тары.

Серкенің тұтас еті, кептірілген,

Ыдыс пен киім-кешек қалғандары.

 

Қоржынды бір есекке теңдеп артып,

Қайыспен қалмақ шалды, белден тартып.

Есектің екіншісін жетекке алып,

Екеуі шығып кетті елден тайқып.

 

 ***

Төменде теңіз жатыр жалтыраған,

Шағыл құм салқын ауа тартып одан.

Тулайды асау толқын жағаны ұрып,

Аспанға ақ моншағы шашыраған.

 

Кермиық кербез дала керіледі,

Жал құмдар әбжыландай өріледі.

Құрлық пен көк теңіздің аралығы,

Қуалап тік жар бойын сөгіледі.

 

Белгілі өздеріне бағыттары,

Барлығын ақылдасып, анықтады.

Әуелі Ақтөбеге жетіп алмақ,

Еліне бару үшін алыстағы.

 

Арындап асау көңіл ала қашып.

Небір дөң, асу, белді барады асып.

Келеді табиғатпен жағаласып,

Бірде қар, бірде жаңбыр араласып.

 

Көрсе де қаншама азап өмірінде,

Сөнбеген бір үміт бар көңілінде.

Сол үміт алға бастап келе жатыр,

Селкеу жоқ сертке берік сенімінде.

 

Мекенге келіп жетті Үргі деген,

Келгенін тірі жан жоқ білдім деген.

Таң алды. Жер ұйқыда, талма тылсым,

Итекеш иттің өзін үргізбеген.

 

Ақыштың бұрын талай келген жері,

Жетектеп серіліктің сергелдеңі.

Бұл маңда араласқан танысы көп,

Таниды, кезіксе егер, көргендері.

 

Базардан барып тұрды аулағырақ,

Доғарып екі есекті жолдан жырақ.

Жер тіреп аяғымен Ақыш отыр,

Кезекті жоспар-жоба ойдан құрап.

 

Күн шығып, шуақ тарап, ағарды маң,

Көбейіп саудагерлер қараң-құраң.

Базарға Салиханы аттандырды,

Келетін шаруа ғой – деп, шамаң бұған.

 

Салиха іздегенін алды сатып,

Жатпады сатушымен салғыласып.

Базардан шыға бере бір танысы,

Кездесіп, аяқ касты, қалды сасып.

 

- Салиха сені бірден қалдым танып,

Жарқ еттің шыққан күндей таңды жарып.

Тұсымнан өте бере жалт бұрылдың,

Танымай өткеніңе қалдым налып.

 

Барды енді жалған сөзге Салиха қыз,

- Білгіңіз келсе есімім - Зағипамыз.

Адамға адам ұқсас, оқасы жоқ,

Танысым, жерлесім деп жаңылсаңыз.

 

Деді де кете бардып, жедел басып,

Шыққандай жауабы да шебер, жатық.

Заманға адамы сай айласы бар,

Үйреткен өмір өзі өнер-машық.

 

Асығыс бұлар тағы кетті жүріп,

Қандығаш бағытына бетті бұрып.

Ұзақ жол, қарлы-жаңбыр, сылбыр жүріс,

Межеге әл-дәрмені жетті құрып.

 

Болған соң тынбай жылжу, азық тапшы,

Болдырды, есектер де азып қатты.

Жеткенде Қандағашқа біреуі өліп.

Бұлардың уайым, мұңын шарықтатты.

 

Жол тартты азап кешіп Ақтөбеге,

Жайыңа жанашырың, жат сене ме?!

Мыналар жаяу-жалпы қиналды-ау деп,

Мырзалар, саған түсіп ат бере ме?!

 

Ілінді Ақтөбеге арып-ашып,

Даланың қиын соқпақ, тауын асып.

Еліне Салиханың таяп келді,

Ағайын күтер болса барын асып.

 

Салиха аға үйін ұмытпаған,

Өтсе де қаншама жыл тұрыпты аман.

Күн батып, көз байлана кіріп барды,

Жолшылар бір сапарды тұйықтаған.

 

 

23-тарау

 

Жеңгесі алғашында танымады,

Сұрасып, жөн-жобаға қанығады.

- Сен бе - деп, қайнағадан қалған тұяқ,

Соңында, дауыс салып аңырады.

 

Жеңгейді Ақыш отыр жақын танып,

Оқталды, айтуға да батылданып.

Тез қайтты сақтық ойлап райынан,

Болатын әңгіменің артын бағып.

 

Қашаннан Ақыш өзі сөзге берік,

Жан емес алып ұшар тезге көніп.

Есіне түспей қойсам тіпті жақсы,

Алдағы «тергеп» алар кезде көріп.

 

Деді іштей, бөтен ойға бермей ерік,

Өзді өзі есін жинап, жөнге келіп,

Жуынып, киімдерін ауыстырды,

Жеңеше ас әзірлеп, дөңгеленіп.

 

Тетелес екі ұлы бар балаң жаста,

Екі ұлы екі тіреу саналмас па?!

Алланың бере салған сыйы ғой деп,

Айналып, толғанады замандас та.

 

Күйеуі қан майданға аттаныпты,

Жақында ерлік жасап, мақталыпты.

Көрсетті үшбу сәлем хаттарын да,

Мұқият бәрі тегіс сақталыпты.

 

Жайылды тағам толы дастарханы,

Мұның да белгілі еді астар-мәні.

Аш құрсақ арып-ашып келген болсаң,

Қай қазақ, дайын астан бас тартады.

 

Сыр бермей Ақыш отыр, жайы болмай,

Еңсені басқан ойдан айыға алмай.

Тағдырдың тәлкегіне түскен басым,

Көрер деп, көресіні, тағы қандай?

 

Болған кеп үш-төрт айдың шамасында,

Ақшам мен құтпан намаз арасында.

Секіріп эшалоннан, жаяу жүріп,

жеткенде... Ақтөбенің қаласында.

 

Ойлаған жүрек жалғап алайын деп,

Орайын мұның қалай табайын деп?

Қараған құдайына жан болмаса,

Бұл жерде қолын созар ағайын жоқ.

 

Бұқпалап сай-жыраның арасымен,

Көп жүрді, тал-теректің панасымен.

Қарасаң түр-әлпеті аянышты,

Кәдімгі, мүсәпірдей, санасы кем.

 

Ақышқа,

қаладағы баспана көп,

Көрінді алынбайтын тас қамал боп.

Кенеттен ұшырасты ұзын үйге,

Жазылған маңдайына "Асхана" деп.

 

Тұрса да әлі құрып, құр сүлдері,

Жұтынып, жұтқыншағы бүлкілдеді.

Қазіргі дастарханға қойылғандай,

Елестеп, ас-ауқаттың түр-түрлері.

 

Аптығын басып аз-кем аялдады,

Жан-жағын көзбен шолып, бажайлады.

Тәуекел, сабақты ине сәтімен деп,

Бетке алып ұзын үйді, аяңдады.

 

Байқады, асхананың шамы жарық,

Маңайда бөгде кісі жоғын анық.

Именіп, есік ашып, ішке кірді,

Ілгегі ілінбепті...бағы жанып.

 

Адамды есікті ашып келген кіріп,

Аспазшы, дыбысынан сезген біліп.

Ас үйден атып шықты жедел басып,

Ыдысын жуып жатқан жерден тұрып.

 

Үрейге шарасыздық араласып,

Сан сұрақ санасында жағаласып.

Өкінді, сыртқы есікке тиек салмай,

Қалайша ұмыттым деп, қарабасып.

 

Бой басын бейтаныстың қарап алып,

Тұратын тұлғасына, дараланып.

- Сен кімсің, түнделетіп нағып жүрсің?!

Деп әйел дүрсе қойды, назаланып.

 

Ақыш та бейкүнә жан бола қалып,

Келгенін не мақсатпен санаға алып.

- Әскерден босатылған солдат едім,

Соғыста – деді, ауыр жараланып.

 

Білмеймін, сөмкем қайда қалғандығын,

Немесе, сұқ қол сұғын салғандығын.

Ұмыттым ақша, құжат қайда қалды,

Жарақат салдары ғой алған, мұным.

 

Дейсіз бе, бұған әйел сеніп еді,

Сенгісі «мұң-зарына» келіп еді.

- Шық кәні! Милиция шақырам! - деп

Зіркілдеп, зәрін шашып тебінеді.

 

                   ***

- Апыр-ай, жүзің таныс, көрдім қайдан?

Сол дауыс!..

Ақыш шықты қалың ойдан.

Міне енді, сол аспаздың үйінде отыр,

Алдына не керектің бәрін қойған.

 

Онсыз да отыр еді әрең шыдап,

Шарпысып санасында тәмам сұрақ.

- Сіз қуып шыққан адам мен боламын,

Барғанда алдыңызға, тағам сұрап.

 

Үнсіздік орнағанда аяқасты,

Салиха әңгімеге араласты:

- Шындықты айтатын кез келді білем,

Жасырған жеңгемізден жарамас-ты.

 

Расында, барлық жайды жасырмады,

Қажет деп көп жұмбақтың ашылғаны.

Жүргенін үкіметтің іздеуінде,

Ақыштай жан серігі, қасындағы.

 

Осылай, бұл әңгіме аяқталды,

Шешкендер жұмбақ сырын тоятталды.

Арада екі апта өте шығып,

Уақыт жолға шығар таяп қалды.

 

24-тарау

 

Қабағы желтоқсанның ашылмады,

Арыны апшыны алған басылмады.

Аязы боранымен қабаттасып,

Көшкендей табан жолың, астыңдағы.

 

Таң ата кетпек болды жолға шығып,

Жатқаным жарамас деп босқа бұғып.

Салиха жол жабдығын әзірледі,

Жеңгесі ақыл-кеңес қоса жүріп.

 

Болдырып келген есек, тыңайыпты,

Қоң жинап, жол жүруге, лайықты.

Астауы жуындыдан үзілмесе,

Бұл жайға белгілі ғой кім «айыпты».

 

Кетпекші қараңғыда елден шығып,

Маңайда біреу-міреу көрмей тұрып.

Байқайды, Салиханың жүзі сынық,

Баяғы көңілі жоқ, көлдей тұнық.

 

Жәудіреп екі көзі жаутаңдайды,

Ашылып ішкі сырын айта алмайды.

Соңында: - Мен қалатын болдым! - деді,

Мұны естіп Ақыш қалай ортаймайды.

 

Ұғынды кімнен келді, табан асты,

Айныту, айналдыру алабасты.

Себебін Ақыш сұрап үлгіргенше,

Жеңгесі әңгімеге араласты.

 

Жіліктеп барлық жайды түсіндірді,

Туғанға тура айтарын білсін деді.

Сөзінен ешбір қате таба алмайсың,

Демесең, қос ғашықты күрсіндірді

 

- Білемін, қызымызды жылатпайсың,

Туыңды шамаң келсе құлатпайсың.

Іздеуде жүргеніңді ел біледі,

Қай жерге, бұл бетіңмен тұрақтайсың?

 

Екеуің оңаласың қайда барып,

Айласы аңдушының айдан анық.

Далада мына байғұс қалады ғой,

Сені ұстап кетер болса, айдап алып.

 

Білетін жөн-жобаны азаматсың,

Демессің, түсінерсің, жараны аштың.

Осында Салиханы алып қалам,

Күні ертең қиналғанын қаламассың?!

 

Тосылды Ақыш сонда, жауап таппай,

Түйіліп қабақтары жауар оқтай.

Шықты да үйден үнсіз, жүре берді,

Қолына қоржынды алып, қалбалақтай.

 

Салиха ере шықты, жаны қалмай,

Ақышпен ісі жоқ  қой жауығардай.

- Күтемін, мен сендікпін! - деді жылап,

Дертінен қоштасудың айыға алмай.

 

Қия алмай Салихасын жүрек жылап,

Отырды есегіне, әзер шыдап.

Алыстап бірте-бірте бара жатты,

Алдымда, қайдасың деп көрер шырақ.

 

Тағдырдың мен дегенде сынағы көп,

Қаңбақпын жел айдаған, тұрағы жоқ.

Түсінем Салиханы.., деген оймен,

Солқылдап, құба түзде жылады кеп...

 

                ***

Келгендей көрсеткісі, бабы қандай,

Көк есек тепеңдейді дамыл алмай.

Деген бар: «Есек мінген – елге жетер»,

Күтіп тұр, алда сынақ, тағы қандай?

 

Көкжиек құлан иек - ағарыпты,

Қозы көш жер өткенде аралықты.

Келеді бірте-бірте айқындалып,

Даланы ұшан теңіз, қар алыпты.

 

Бір дауыс жеткендей ме құлағына,

Білмейді сыңсыды ма, жылады ма?

Тоқтады Ақыш енді, тізгін тартып,

Емес деп тегін дыбыс, сірә, мына.

 

Бұл кезде таң жарығы белең алып,

Көрінді көзге түсер - нелер алып.

Алыста жалғыз жаяу қозғалғанын,

Байқады, күннің көзі кезде жарық.

 

Адамды Салиха деп, тұспалдады,

Ынтығып, бір көруге құштар жаны.

«Ағатай, мен ғой» деген даусын естіп,

Басына қайта қонды, ұшқан бағы.

 

         ***

Ақыш ер жаным деді, көкем деді,

Жолыңа садағаң боп кетем деді.

Сезгендей қос жүректің табысқанын,

Көк есек жолын жалғап тепеңдеді.

 

Он төрт жыл туған жерін көрмегелі,

Уақыттың алға жылжып дөңгелегі.

Шыр етіп, кіндік қаны тамған жерге,

Қай қазақ өзге жерді тең көреді.

 

Көп жайды ортаға сап ақылдасты,

Құтқару жолын ойлап пақыр басты.

Ойлары тоқайласып бір нүктеде,

Шешімді екеуара мақұлдасты.

 

Белгілі, үкіметтің құрығы ұзын,

Қамдану керек болды күні бұрын.

Бір сәтте сақау, мылқау «бола қалған»,

Ақыштың тереңдегі сырын ұғын.

 

Бүгіннен бастап ыммен «сөйлеседі»,

Ишара, белгі беру - өз есебі.

Мысалы, тас домалап, тау құласа,

Құлағы «керең, мүкіс -  сезбес енді».

 

Осындай «күйге түсті», амал бар ма,

Кемтар боп көрінсем деп адамдарға.

Қашанда, діні берік –діңгегінен,

Тұйықтан шығу міндет шамаң барда.

 

 

25-тарау

 

Аяздың беті қатты алқымдаған,

Үсті-үсті үдей түсіп, қарқындаған.

Тоқтамай, күндіз-түні тынбай жүріс,

Әйтеуір әл-қуат бар сарқылмаған.

 

Келеді жанды сақтап қалың тұлып,

Жіпсисің, бусанасың алсаң киіп.

Оранып кезек-кезек, бой жылынса,

Болады сейілгендей, он сан күдік.

 

Айтылсын тұлып жайы осы арада,

Ілініп тұрған дейді шошалада.

Жеңгейден, қоймай жүріп, алып алған,

Салиха жан емес-ау, осал ода.

 

Болғанын бет қаратпас, аяз қатты,

Ұғасыз, оқып мына баянатты:

Түбінен тобылғының ұшқан торғай,

Шыр етіп, тастай қатып, құлап жатты.

 

Кіргенде Қостанайдың аумағына,

Қарайлап, сақтық етті, жан-жағына.

Жолдағы ауылдарға аялдамай,

Айналып өтуінде – бар мағына.

 

Торғайдың жетсе-дағы қаласына,

Түспеді күпті көңіл сабасына.

Қашқақтап, бір бүйірлеп өте берді,

Адымын ширақ басып, алға асыға.

 

Жап-жалпақ көктей өтіп құба белді,

Ауылдың қылтиды деп, құлағы енді,

Ой жиып үлгіргенше, алдарынан,

Қос атты андағайлап шыға келді.

 

Тар жерде қайда қашып құтыласың,

Мұндайда сыр алдырсаң, ұтыласың.

Ақыштың кезі келді, мылқау болып,

Өнерін «көпшілікке» ұсынатын.

 

Қос атты жөн сұрасты тоқтай қалып,

Көздері ішіп-жеген, оттай жанып.

«Мәңгіріп» көк есекте Ақыш отыр,

Адамдай, іздегенін таппай қалып.

 

Қазықтай, қозғалмайды, қойған қадап,

Көздері бір нүктеге қалған қарап.

- Сіздерге жолыққаным қандай жақсы!

Салиха сөйлеп кетті, алдан орап.

 

- Ойлағам, біреу-міреу жолығар деп,

Жолықса, ақпарымыз молығар деп.

Шығып ек, Орынбайды арнайы іздеп,

Жездеміз, үміттімін, табылар деп.

 

Ауылнай (кейін білді сұрастырып),

Мұқият айтқан сөзге құлақ түріп:

- Ауылы Орынбайдың күндік жерде,

Жетесің - деді, жолай сұрастырып.

 

Екеудің түрлері жоқ асығатын,

Ойлай ма, сыры бар деп, жасыратын.

Тебініп теңбіл көгін, екіншісі,

Ақыштың жетіп барды қасына тым.

 

Қолына ап тапаншасын және тұстап,

- Әй, мынау - күйеуің бе? - деді нұсқап.

Әскерден бой тасалап жүрген жоқ па,

Апарып тексереміз, кәзір ұстап.

 

Салиха:

- Ой, аға, өткір екен әзіліңіз,

Сақтасын күдік ойдан тәңіріміз.

Әскерге мүгедекті ала ма екен?

Ол жағын білеміз ғой, бәріміз біз.

 

Ал анау, тапаншасын шошаңдатып,

Сақтығын алмас үшін осалдатып.

Ақыштың ту сыртынан төніп тұрып,

Аспанға екі оқ атты қосарлатып.

 

Маңайға мылтық даусы кетті тарап,

Дегендей, сыр ашылар жетті сағат.

Ал Ақыш, әуелдегі қалпын бұзбай,

Шұқшиып әлде нені жатты қарап.

 

Ауылнай:

- Жолынан жолаушыны қалдырмайық,

Көңілге бекер күдік алдырмайық.

Соғармыз қайтар жолда Орынбайға,

Әзірге бара берсін, тоңдырмайық.

 

Құтылып милиция мен ауылнайдан,

Арылды Ақыш енді «қалың ойдан».

Сергіді Салиха да есін жиып,

Міндетін біржайлы ғып мойнына алған.

 

Аяз бен жол азабы діңкелетіп,

Межеге жетті бұлар түнделетіп.

Арада екі аптаны артқа тастап,

Апа мен жезде үйіне, іргелетіп.

 

Апасы алғашында танымады,

Есіне түсіре алмай қамығады.

Дегенде: - Баласы ғой Бекібайдың,

Моншақтап көзінен жас ағылады.

 

- Туысым, іздеп келген бауырым-ай,

Жүруші ем бір көруге зарығып-ай!

Көретін сендерді де күн бар екен,

Шығатын биік болсын тауың ұдай!

 

Екі ұлын үміт артқан білуші едім,

Жолына құлақ түріп жүруші едім.

Үлкені екенсің ғой, айналайын! -

Тарқатты осылай деп көңіл шерін.

 

- Апыр-ай, естімесе қиын екен,

Содан ғой, қорғалаған күйі бөтен.

Алланың қалағаны болғаны да,

Дегені, тілді байлап, тыйым етем.

 

Бұл үйде үш күн, үш түн аялдады,

Екі атты соға ма деп алаңдады!

Әл жиып, ұйқы қанып, тыңайған соң,

Екеуі жолға түсіп аяңдады.

 

Кіргенде Амангелді ауданына,

Көңілдің не кедергі самғауына!

Қырық үштің жиырма үшінші желтоқсаны,

Жеткізді екі жасты арманына.

 

Ақыры, келді міне Қамысбайға,

Ақыштың туған жері, таныс жайға!

Кезінде бірге жүрген, араласқан,

Дос қайда, туыс қайда, таныс қайда?

 

Жиналды көрші-қолаң, ауыл, аймақ,

Көрісті, құшақтасты "бауыр-ай"-лап.

Анасы тосын сыйдан есін жиып,

Шай қойып, ет асудың қамын ойлап.

 

Айналып Салиханы жаны қалмай,

Жасады жоралғысын дамыл алмай.

Басына шәлі жапты, май қайнатты...

Ырымды ұмыттым деп, тағы қандай?

 

Бұл кезең, соғыс өрті қызған шағы,

Фашистің бетті кейін бұрған шағы.

Ерлері елге тірі оралар деп,

Күдіктен үміт басым тұрған шағы.

 

Ауылда қатын-қалаш, бала-шағы,

Отырыс шал-кемпірсіз жараса ма?!

Серпіліп қайту үшін қайғы-мұңнан,

Жиналды той-думанға, тамашаға...

 

             ***

Бүгінде ауыл мүлде өзгеріпті,

Оны да көзбен көрер кез келіпті.

"Кеңшабын" малды колхоз бой көтеріп,

Қасынан Қамысбайдың жер бөліпті.

 

Оңалып кетпесе де тұрмыстары,

Бар екен ауылдаста жұмыс жағы.

Елкейі Отарбайдың Басқармаға,

Төраға, сайлап қойған, ту ұстары.

 

Қалың ел Ахаң жайлы не демеді,

Қосылған екі адамның ермегі еді.

Жел сөзді желдірмеге ермегендер,

Айналып, бір пайымға келген еді:

 

 - Жағдайы қиын екен азаматтың,

Түсірді мұндай күйге жазалап кім?

Кезінді жорға мінген сері жігіт,

Қалар деп мылқау болып ойламақ кім!

 

- Үкімет жақсыларды аяды ма,

Жүргенін ел алдында қалады ма?!

Ақыш та жастайынан өнерлі еді,

Ат баптап, ит жүгірткен, баяғыда.

 

- Ағасы Құттықожа шебер еді,

Күй тартса күмбірлетіп төгер еді.

Үйренді шеберлігін Жалмұанбет,

Ақышқа сері болу - келер еді.

 

Ел іші осылай деп гуілдеді,

Текті ұлдың талайынан түңілмеді.

Бәрі де кесірі ғой, саясаттың,

Халықты билеп тұрған бүгіндері.

 

Ақышқа, босқа жату жарамас-ты,

Колхоздың жұмысына араласты,

Қыс болса, өгіз қамыт, шана жөндеп,

Жаз шықса мая үйіп, мала басты.

 

Кірісті қай іске де жеңін түріп,

Танытып қиындыққа төзімділік.

Жүрсе де «мылқау» болып,

Отырады,

айтылған әңгіменің бәрін біліп.

 

Еңбексіз бос жатуды қор санайды,

Үйінде еп-септен қол босамайды.

Әзірлеп құралдарды ау тоқитын,

Әдіспен Аралдағы торшалайды.

 

Ау салды ­өзен-көлге, балық аулап,

Таныды балықшы деп ауыл-аймақ.

Олжасын торға түскен бөліп беріп,

Қояды көршілердің қамын ойлап.

 

Бірге өскен құрдасы бар бала жастан,

Жасында қатар жүріп, араласқан.

Атаған «Кәпір Хамза» жерлестері,

Қалпына жаны жұмсақ қарамастан.

 

Ауданда милиция боп істеуші еді,

Сарқылып қалжың қоры бітпеуші еді.

Хамзасы Жанбосынның – құрдасы сол,

Үстінен іліп-шалып түспеуші еді.

 

Төңірек Хамза келсе жиналатын,

Әзілі жан сергітер тыңдалатын.

Тұрса да күлкі қысып, Ақыш бірақ,

Қыстығып, іштен тынып, қиналатын.

 

Арада әлденеше айлар өтіп,

Жайылды көктем нұры жайлап жетіп.

Маздатқан үміт отын,

Жиіледі,

хаттары жауынгердің, майдан кешіп.

 

Бір күні басқармаға қағаз кепті,

Елкейден осылай деп хабар жетті,

Таңертең бөлімшеде болу керек,

Ақыштың өзі келіп алар депті.

 

- Ауданнан келді бүгін шұғыл дерек,

Сыры бар біз білмейтін мұның демек.

Бастығы Ғалымжанов қол қойыпты,

Кешікпей, бүгін жолға шығу керек.

 

Басқарма әңгімені созбады көп,

Жиналды ферма жаққа барғалы боп.

Қағазды Салихаға ұстатты да,

- Қайтыңдар - деді, елге олжалы боп.

 

Алаңдап көңілдері, болып күпті,

Екеуі жаяулатып жолға шықты.

Хамзаны аудандағы тауып алып,

Үйіне құрдасының қонып шықты.

 

Құрдасын ертіп алып ертесіне,

Үшеуі жетті милиция кеңсесіне.

Салиха кезекшіге: шақырумен,

Келгенін жеткіз деді, серкесіне.

 

Кезекші ішке кіріп, қайта келді,

Нұсқауын бастығының айта келді.

- Кіреді Бекібаев жалғыз өзі,

Әзірге, сізді үйге қайтар деді.

 

- Ойбай-ау, тіл-құлақ жоқ, керең адам,

Ұқтырар менен басқа кім бар оған?!

Кезекші көнбеген соң, Салихаға,

Кетуге тура келді бұл арадан.

 

Бастықтың Ақыш кірді бөлмесіне,

Шалжиып төрде отырған, кең көсіле.

Ол тұрып, қолын беріп, сәл кідірді,

Түсірді әлде нені енді есіне.

 

Есікті іштен жауып құлыптады,

Тартқылап тексеруді ұмытпады.

Сейфтен бір буманы алып шығып,

Парақтап қағаздарды сұрыптады.

 

- Ал енді, Бекібаев тыңда мені,

Сен жайлы барлық іс бар мұнда – деді.

Көздері жыпылықтап Ақыш отыр,

Келмейтін кем адамдай дымға ебі.

 

- Алмайды қиын істі тегін адам,

Болмаса кәсібилік сенім оған.

Шарлаған жолың мынау қызыл сызық,

Картадан, көз жетеді, көріп оған.

 

Түсіпсің мына жерде отарбадан,

Жол басы осы нүкте, сапарлаған.

Жетіпсің Ақтөбеге үш күн жүріп,

Аралға жаяу шықтың осы арадан...

 

Шақырдым саған көмек берейін деп,

Жігіттің қандайысың көрейін деп.

Ойладым, Алматыға кетпей тұрып,

Өзіңді өзгелермен теңейін деп.

 

Жазықсыз жапа шектің, түсінемін,

Белгілі, болған жайға күрсінерің.

Тілің бар, құлағың сау екендігін,

Бүгіннен бастап енді, білсін елің.

 

Ескерттім дәрігерге, беріп хабар,

Осында көп ұзамай келіп қалар.

Айтқанмын тіл шығарар екпе сал деп,

Өзгелер "ем-домына" сеніп қалар.

 

Өзіңді не қыласың текке қинап,

Жел-құзды бойды алған - екпе тыймақ.

Сүрсін деп ел қатарлы өміріңді,

Отырмын мүмкіндікті өзім сыйлап.

 

Ахаңның мына сөзге көзі жайнап,

 Екіұдай ішіндегі сезім ойнап,

Жол қалмай шегінерге, сөйлеп кетті,

Түсініп тұрмағанын өзін алдап.

 

- Жаппаған үкіметтің жаласы жоқ,

Соттады ауқаттының баласы деп.

Он төрт жыл лагерде азап шектім,

Қалтырап қу жетімдей, панасы жоқ.

 

Соғыстан қашқанымды кешіре ме,

Деректі бастан өткен өшіре ме?!

Дерт болып тағдырыма жабысқандай,

Уайым, қайғы болып, осы неме!..

 

- Өзіңді қажай берме соған бола,

Тапқан соң айтып тұрмын оған дауа.

Өтеуі - жеке ісіңді жауып кетем,

Ал енді, құр бекерге алаңдама!

 

Бірақ та бірден сөйлеп кетпе деді,

Ешкімнің түспеуі үшін бет-беделі.

Екпекші жарты сағат аралатып,

"Әсерін" өзгелер де кеп көреді.

 

Ұзамай келіп кірді дәрігер де,

Екпе де, дайын болды, дәрілер де.

Ақышты ақырында "жазып" шықты,

Түскендер ақылдасып әбігерге.

 

Шыққанда Ахаң тысқа, көңілді еді,

Жұлдызы жанып тұрған көгіндегі.

Кідірмей, түнде қонған үйге келді,

Бөленіп бар бақытқа өмірдегі.

 

Есікті ашып қалды жалпасынан,

Құрдасы шай ішіп отыр бал татыған.

- Кәпірім, амансың ба? - деген кезде,

Шашалып, құлап түсті шалқасынан.

 

Ахаңның отыз беске келген жасы,

Осылай өрмеледі өрге тасы.

Оралды ортасына «жаңа» адам боп,

Өмірде небір қоқай көрген басы,

 

Ырқына күндер өтті бағынбаған,

Жастығын ала кетті жалындаған.

Алдында тосып оны тұрған еді,

Алпыс жыл, алпыс асу алынбаған...

 

           ТҮЙІН

 

Орындап көптен бергі арманымды,

Ұсындым көпшілікке, жазғанымды.

Ахаңды көргендердің көбісі жоқ,

Білемін, кешіктіріп алғанымды.

 

Айтайын, тақырыпқа неге бардым,

Мен үшін өмір - теңіз, өнер - айдын.

Ақыштың оқиғасы қызықтырды,

Ішінен айтылатын нелер жайдың.

 

Ахаңа жолыққанмын Жетібайда,

Кісі екен отыратын кетіп ойға.

Жарықтық әңгімеге шебер еді,

Олжалы ой салғандай есі барға.

 

Қолқалап үлкен-кіші жан-жағынан,

Көпшілік шығып еді арманынан.

Айтылған сол оқиға хатқа түсіп,

Шығып тұр дастан болып алдарыңнан.

 

Көп көрген халық едік қиянатты,

Тарихы көңілге мұң ұялатты.

Жетпіс жыл жетегінде бөтен елдің,

Таппадық табан тірер тиянақты.

 

Оқырман жазғанымды елер дедім,

Салмақтап өз бағасын берер дедім.

Жазықсыз құрбан болған көп боздақты,

Ақыштың бейнесінен көрер дедім.

 

Дастаның десе егер көлемді екен,

Пақырың ондай сынды елер ме екен!

Оқиға ұнаған соң жаздым солай,

Ағаттық болған емес менен бөтен.

 

                   Поэманың соңы