178
Сайыс
Қазанбас елінің Қызылбалық облысы, Жайшабақ ауданында ардагерлер арасында өткізілген балық аулаудан аудандық сайысына Жайшуақ Маңғазов алғаш рет қатысқан-ды.
Жылда өтетін бұл дәстүрлі сайыс жеңімпаздары сыйлы жүлдемен бірге облыстық сайысқа, әгәрәки, қармағымен қоса бармағы һәм тамағы (өңеш-көмейі) да қауып жатса республикалық сайысқа жолдама алмақ.
Шеткеріректегі Майшабақ ауылынан келген Жәкеңе көсе төрешілер сайыс ережесін түсіндіріп, өзіне бекітілген аймаққа жөнелтті. Ереже бойынша балық аулау уақыты біткен кезде қатысушылар дыбыстық белгі бойынша канал шлюзіндегі штабқа жиналып, аулаған балығының бойы мен салмағын және жалпы аулам салмағын комиссия мүшелеріне өлшетуі қажет. Нәтижесі анықталған соң ең үлкен, ең салмағы көп балық аулаушы жеңімпаз атанбақ.
Балық аулаға белгіленген уақыт мөлшерінің жартысынан астамын құр босқа отырған Жәкеңнің балық ұстамақ түгілі қармағы жыбыр етіп қапқан да жоқ. Жүйкесі сыр бере бастаған қаржыгер зейнеткер, - дені сау адамдар не істеп отыр екен, деп ұмытыла бастаған өзінің төл кәсіби шеберлігін іске асырмақ ниетпенен қамыс арасынан сытылып шығып жан-жағын барлауға кіріседі.
Байқаса, әріректе отырған Шортанды ауылынан келген сайысшысы сумаңдап жүріп дорбасынан білектей-білектей төрт-бес шортанды суырып алып алдындағы шелегіне сүңгітіп-сүңгітіп жіберді де түк болмағандай қармағын қарманып отыра кетті.
Сол жағына шолу жасаған Жәкең, Жыланбалық пен Қылышбалық ауылдарының балықшылары шығыс беткей жақтан бұқпантайлап өз орындарына сып-сып ете қамыс-қоға арасына кіріп-кіріп кетсе, Мөңке мен Қаяз ауылының екі ардагері әріректе сыбырласа бірдеңе бөлісуде екен. «Ахаңды» жұқарта бөлісіп жатыр ма екен деп анықтап қараса, ахаң емес - балық. Бір шелек балықты қылдай бөліп алды екеуі ұрланып жүріп.
- апырмай, бұлары несі екен, деген ой Жәкеңді мазалап тұрғанында Жәйін ауылының намысын аулауға келген балықшысы, әрі өзінің құдасы арт жағынан білдіртпей келе қалды да,
сен немене, әлі аулап отсың ба? Қапты ма? деп, жәйіндай аузын құлағына дейін ыржита, қолындағы шелегі тола балығын шірене көрсетіп, кетік тістерін үңірейте,
-міне, былай аулау керек, уаха-ха-ха-ха, ыхыхыхыхэ, деп, өз жайына қарай кете барды маймаң баса.
Сайысқа алғаш қатысушы бұған, ауластың жазылмаған ережелерін ешкім айтпаған екен. Оны ауылдағы әріптесі Шаянбай ұстазы қоңыраулатып,
Айтпақшы, Жәке, бөшкідегі доляңды алдың ба құпия резерв-штабтан? Саған оны айтуды мүлдем ұмытып кетіппін ғой. Тфу, әкееең. Құпия резерв-штабқа қарай шап та, тездетіп ал!? Шлюз басындағы Бас штабқа қарай барып жүрме, видеокамераға түсіріп жүргендердің көзіне түсіп қаларсың. Құпия штабқа тарт. Ұқтың ба?! Ол штабтың бас-қасында былтыр ғана зейнетке шыққан Тақтан Үміткерович, нақа болмаса Барыпкел Шауыпкелевичтер жүрген шығар.
Ауыл беделін түсірмей, тым құрығанда бір номинацияға болса да ілігерсің әйтеуір, деген ащы дауысы шаңқ ете қалды соткінің ар жағынан.
Әлгі «тыңшылығында» анықтаған көршілерінің ым-жым, шахер-махер тірліктерін есіне алған Жәкең құпия резерв-штабтың орналасу координатын болжалап, із-кесе отырып соған қарай тұра шапты ентіге ышқына.
Келсе, көк бөшкі түбінде кілең майшабақтар мен білектей, семіз сары сазан қалыпты. Апырмай, мына сазанды қалай жұрт алып кетпеген, деп ұстап қараса құйрық тұсында аудың ізі аңырап тұр. Мына бетін аударса сағалдырық тұсы мен жонарқасында шаңышқының ізі айқын біліне жарақаты үңірейіп тұр. Бәсе-ау, семіз сазан қалай иесіз жатыр деген Жәкең амал жоқ бөшкі түбін сүзіп алып бір шелекке жуық майшабақпен өз жайына қарай еңкейе бұққыштап тартып кетті...
Сайыс қорытындысы бойынша 2025 жылғы Жайшабақ ауданының Майшабақ ауылының ардагері Жайшуақ Маңғазов «Шебер Майшабақ аулаушысы» номинациясының иегері атанды.
Ал бас жүлдені, ауламында Қызыл кітапқа енген, Өлі теңіз түбін мекен ететін күмістүстес Тыраңтараң атты балығы бар Жайшабақ ауданының Аса Құрметті азаматы һәм ардагері, Халықаралық Жазғыштар қоғамының және бұрынғы Көмпартия, Нұратан, Азап, Айыл партияларының белсенді қызмет атқарған белді мүшесі һәм осы күнгі Аманбат партиясының аудандық филиалының ІІІ-ші хатшысы Мылжың Езерович иемденген болса, бірінші орынды дәл сондай атақ иесі және партиялар мүшесі Құлақтан Теберович алыпты.
Екі екінші және үш үшінші орындарды, титулдары да, түрлері де, сөйлеу мәнерлері де бір-біріне ұқсас Күліп Жылатарович, Ұрып Берерович, Алдап Соғарович, Шығарып Саларович пен Қонақ Күтеровичтер иеленіпті.
Сайыс жеңімпаздары Мылжың Езерович пен Құлақтан Теберовичтер келер айда ұйымдастырылатын облыстық сайысқа жолдамаға ие болып аудан намысын қорғамақ.
2025 жылғы сайыс осындай жоғары деңгейде өткізілді!
Өскелең ұрпаққа тәрбиелік мән берерлік бұндай іс-шара келер жылы да өтпек, егер Қазанбас елін басқарып отырған Алабұға Шалабұғаевич қаласа...