118
Қиянаттың хикаясы
(әзіл-шыны аралас, жаңа сатира)
Қазіргі заманда бір Қиянат деген адам өмір сүрді. Бір қызығы ол жарық дүниеге келіп , көзін тырмалап ашқаннан қиянат жасаудан басқа ешнәрсе қолынан келмейтін жаратылысы бөлек пенде . Оның саңлауы жоқ санасымен бар білетіні де, ұққаны да тек қана қиянатпен жан бағып, мал табу еді. Ол тек қиянаттың қия жолымен ғана тіршіліктегі өзінің алар үлесін болжамдай білді. Көп біліп, кітап кеміріп, білім де алып мандытпады. Ілініп салынып жүріп, оқу бітірді деген қағаздарын әйтеуір алды-ау.
Алайда Қиянат тумысынан пысық болды. Оның жадында сақылдап жүріп тұратын «мал тапқыш» деген есептегіш құралы бар екенін тірі жан білмейтін. Ең бір қызығы ол өзінің мақсатына жеткізер оңтайлы, жеңіл жол майлы да жайлы биілік сатыларындағы орынтақтар екенін бірден ұқты.
Қиянат ең алғашқы кішігірім орынтаққа әкесінің желпу-демеуімен қол жеткізді. Алайда оның көз тігіп иеменденген орынтағының «жауапкершілігі» ұшан-теңіз болып шықты. Ең бір қатты қынжылғаны бұл жерде маңдайыңның ащы терін тамшылатып, өкпеңді өшіріп, өліп-талып жұмыс істеуің керек деген бір талап бар екен.
Ал, білімі дүмбілез , күні-түні қарабастың қамын ғана ойлайтын шашы үнемі тікірейіп, қысық көзі жұмылып, иіні түсіп жүретін Қиянаттың оған өресі де жетпеді, құлшынысы да болмады.
Атқарған қызметін жиі-жиі қадағалайтын жоғары жақтың алдында өзінің жіберген кемшілігін, білімсіздігін жасыру үшін құрдай жорғалап, өтірік кұліп, жайылып жастық, иіліп төсек болып шат-шәлекке түсті. Мұндай «қаракет» шынын айту керек Қиянатты тез арада жалықтырып жіберді.
Ол қиялға беріліп, ойланып отырып, кәйтседе қызмет баспалдағымен өрлеу керек деген шешімге келді. Неге өзі сол айдарынан жел ескен қадағалаушылардың мекемесінде отырмайды? Неге сол тексерушілер өзінің алдында құрдай жорғалап қызмет жасамайды? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Шіркін-ай, аяғын салбыратып, кеңседе түк жасамаса да , әмірі жүретін бастық болып, қа-ра-п отыратын майлы, жайлы орынтақ болса ғой деп түн ұйқысы бұзылып, төңбекшіп шығатын жаман әдет тапты.
Ондай қызметтің шылбыры қолына тиссе дөңгелетіп атқара аламын ба, жоқ па деген ой оның тіпті қаперінде болмайтын. Әйтеуір жатпай -тұрмай көксегені лауазымды орынтақ ...
Жас болғанына қарамай жанталасып жүріп майда тілімен талай тізгін ұстаған сыйлы адамдардың есігін ашып, қолдарына су құйып, алдарына ас қойып, үстіне шапан жауып, ат мінгізіп жүріп, жағымпазданып, мәймөңке мінезбен өтірік күліп, бір белді мекемеге қатардағы кішілеу қызметкер болып кірудің көзін тауып, тұмсығын тыққан.
Алғашқы уақытта қуанышында шек болмай жиі-жиі қабағы түйіліп қала беретін мекеменің бастығының алдында ақылды болуға тырысып, неше түрлі айла-шараларды жүзеге асырып, ұшып-қонып тірлік кещкен. Әсіресе бастықтың ең осал жерін іздеп табу барысында Қиянат алдына жан салмады.
Содан ол «үлкен» бастық көз алартқан қызметкерлерді жандайшап болып қырына алып, қара күйе жағып, алдына апарып «жығып беру» тәсілін жүзеге асыра білді. Сөйтіп ләппай тақсырмен бастықтың сеніміне кіріп, тонның ішкі бауындай жақын қолбала «інісі» болып алды.
Өстіп терлеп-тепшіп, жалған абырой жинап жан таласып жүргенінде өзінің санасында «Пайда, пайда қайда?» деген сауалдарын жазып сақылдап істеп тұратын « мал тапқыш» есептегіш құралы тоқтап қалыпты. Пайдақұмар Қиянат енді «қарнының аша» бастағанын сезді.
Ол шошып кетті. Кез келген тірліктен оңай олжа таппаса Қиянат жүйкесі жұқарып, құр сүлдері қалып, жан дүниесін «ауру» меңдеп алатынын жақсы біледі.
Ол жан-жағына қарап нені қылғытып , «асасам» екен, нені алсам екен, нені қымқырсам екен деп зерттеулер жүргізе бастады. Аласұрып, іздеген адам табады ғой, ол көзіне көрінген «олжаны» қомағайланып асап жіберуді қорқа-қорқа ептеп бастады. Ол да неғылса да ет пен сүйектен жаратылған ғой, бірақ біреу біліп қойып, бетіме шыжғырып басады-ау деген күдік жанына үрей шақырып жүрді.
Байқап қараса маңындағылардың ешқайсысы жұмған ауыздарын ашпайды. Абайсызда көріп қалғандары көздерін жұмып , естігендері тас керең болып, ауыздары ашылмай мылқау бола қалыпты. Ешкімнің Қиянат сияқты «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» пысықпен байланысатын құлықтары жоқ екен.
Ал, енді Қиянатты тоқтататын кім бар? Оңдырмай асау-жеу, ішу «науқанын» бастады дерсің. Ол қолтығының астына өзіне ұқсас жандайшаптарды дереу жинап алды. Олар да құр жүрмесін деп , алдаусыратып қолдарына онша жұғымы жоқ, тістейін десе тістері бата бермейтін, қатып қалған «шелпектерді» ұстатып қойды. «Оңай олжаны» қарпып қалса олар жұта алмай өңештеріне кептеліп қалатынын ерте бастан Қиянат болжап қойған. Осындай нәпақаның барлығы қанағаттан жұрдай Қиянатқа аз көрінді.
Ол бір күні отырып-отырып қалың ой орманын еріксіз аралап кетті. Неге мен бұл жерде омалып отыра беремін? Әрине қарным қампиып, бүйірім шықты. Бірақ тойым деген пәле ауылыма қонбай көңілім қобалжып жүр.
Қиянат о-у бастан ойына алған болжамын орындамай қоймайтын бір беткей еді. Содан мойнын созып жоғарғы жаққа қараса қарпып жейтін әжептеуір орынтақта Әбігер деген бір беделді сары әйел шапқылап шаруа істеп жүр екен. Оның майлы да жайлы орнын тартып алу оңай емес екенін бірден түсінді.
Оның үстіне Әбігерде күні-түні жар құлағы жастыққа тимейтін мазасыз жан болып шықты. Әйтеуір шаба беретін тоқтамай шаба беретін бейшара екен. «Ол Әбігер ғой, тиіспе» деді Қиянатқа қиялының төрінен бір дауыс.
Жалт қарап көз жіберсе сонау қараңғы түкпірде ұяттың кішкене бір балапаны өзіне ақыл айтып отыр. Осынша уақытқа шейін ұяттың бар екенін білмегендіктен бе, тіке бетіне қарап тірі жан сөйлеп көрмегендіктен бе Қиянаттың жыны ұстап, жүзі қызарып, қатты ашуланып кетті. «Осы сары ауыз сүмірейген балапан маған ақыл айтатын, жөнімді жөндейтін кім еді, соншама?» деп іштей тіксініп, көзі ежірейіп шыға келді.
Оның санасындағы сақылдап істеп тұрған, « мал тапқыш» есептегіш құралы күні ертең мына ұяттың балапаны ала қаз болып өсіп немесе алып құс болып ұшып аспанды жайлап жалпағынан басып, Қиянаттың алдына темір құрсаулы тор құрып қоятынын бірден болжай кетті.
Оны өсірмей, өшірудің жолын Қиянатқа іздеудің де қажеті болмай қалды. Жан-жағына қараса жала жапқыш Өтірік, қызыл қызанақ болып Қызғаншақ, секеңдеп Өсек келе жатыр екен. Олармен ежелден аралас-құралас болмаса да сырттай «тірліктеріне» сүйсініп, іш тартып жақсы көріп жүретін Қиянат дереу шақырып алып, Ұяттың балапанын сыртынан нұсқап жіберді. Өтірік, Қызғаншақ, Өсек үшеуі де ежелден «профессиональ» екен. Ұяттың балапанын ұстап алып, қол аяғын байлап домалатып тастады.
Содан талай «айыптар» тағылған әлгі ұяттың кішкене балапанын әмірі жүріп тұрған Қиянат торына түсірді де қараңғы терең зындан түбіне қамап, енді қәйтіп жарыққа шыға алмайтындай бетін темір қақпақпен жауып тастады. «Ақылың өзіңе, енді осы терең зынданда шықпай жат!» деп ол алақанын сарт еткізіп, бұл шаруаның біткенін білдірді.
Енді не бөгліс? Әлгі Әбігер әйелдің жолына тұзақ құра бастады. Оны сүріндірмес бұрын, талай есіктерді ашып, жабық болса тесігінен кіріп, тесігі болмаса терезесінен сығалап жүріп, бір талай «нәндердің» алдынан өтті. Өзінің биік орынтаққа апарар жолына соқпақ салып, кедір-бүдір жерін тегістеп үлгерді.
Содан кейін пәленбай жылдан бері сүрінбей мүжілмей, кағылмай, соғылмай, жаңылмай келе жатқан Әбігер әйелдің осал жерін күндіз-түні шам алып іздеді. Іздеген адам табады ғой.
Әбігер әйел көсіліп отырып, шай ішуді, қыдыруды ұнатады екен. Қиянат өзінің жанында жүрген кез келген әмірін орындауға дайын қара қарғадай жансыз «тыңшыларын» оның соңынан қаптатты да жіберді. Олар жүздері күлімдеп, майда тілмен алдап-арбап ештеңеден хабары жоқ Әбігер әйелдің сеніміне кіру үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Әйелдің де осал жері бар емес пе?
Бір күні ол шақырған шайға барып, қолдан құрылған «тұзаққа» түсіп қалғаны. Қалт жібермей аңдып отырған Қиянат аясын ба, Әбігердің мойнына ілінген тұзағын тартып қалып, қылғындырып жіберіп, шалқасынан түсірді.
Шалқасынан түскен адам тыпырлап дер кезінде тұра ала ма? Сонымен құрдымға кеткен Әбігердің орынтағы босап қалды. «Жеңіске» жеткен Қиянат қуанғанынан қол шапалақтап, «қолдаушыларының» ықпалымен дереу орынтаққа жайланып, жайғасып алды.
Орынтақ жанға жайлы тым жұмсақ болып шықты. Жантайып жатып, шайқалсаң тура көзіңе ұйқы тығылып, қалғып кеткеніңді өзіңде байқамай қаласың. Пайда да, нәпақа да өз-өзінен «мен келдім» деп күлімдеп есік қағып тұрады екен. Біраз уақыт Қиянат өз ісіне –өзі масаттанып, жұмсақ орынтақта алаңсыз тербеліп отыра берген.
Бірақ, бұл орынтақтың үстінен бақылайтын Адалдық деген бір заңқой «әміршісі» бар екен, көңілі жайланып, қиялданып отырғанда бір күні аяқ асты жетіп келгені. Адалдықтың иісі мұрнына бармайтын Қиянат оны көрді де бірден жек көріп кетті.
Ол екеуінің арасында ешқашанда ұқсастық , түсінік, бармақ бастылық, көз қыстылық , жымысқылық болмайтынын ұқты. Оның қалтасына «бір деңе салып, ауызын жабайын» десе қалтасы жоқ болып шықты. Адалдық әдіреңдеген біреу екен. атқарған жұмысының есебін сұрап әбден шұқшиғаны. Тіпті ант қабылда дей ме, адамның түсіне кірмейтін нәрселерді айтып ашу-ызасын әбден келтіргені.
О-у, бастан жолы бөлек Адалдықпен тақасып, тіресіп береке таппайтынын білген Қиянат енді басқалай айла- тәсіл іздеді. Адалдық келе жатқанда бұл да дереу адалдықтың суреті бейнеленген «маскасын» бетіне киіп ала қоятын болды. Ар жағы қыжылдап, қара қазандай ашуы қайнап тұрса да бет перде бәрін жауып, еш нәрсені көрсетпейді екен.
Әдеттен аңғалдау Адалдық оны қайдан білсін, Қиянатты қайта тәрбиеледім деп мәз болып, жайына қалдырды. Бұл жағын оңтайлы тындырған соң Қиянат енді «қарны ашқанын» сезді.
Бұл жерде «жейтін» нәрсе көп екен, қарны тойғанша қылғытып, қалғанын үйіне тышқанша тасыды. Үйіндегі әйелі мен балаларын да қарнын тоқ қылып , тойдырып қойды.
Енді не бөгеліс? Қиянат орынтағын ұтымды пайдаланып, «асай берді», «жұта берді» , көзін жұмып «жей берді». Содан кейін отырған жерінде көңілі өсіп, айласын «ақылға» балап, көсіле сөйлейтін шешендік әдет тауып алды.
Өстіп алаңсыз шырқап жүргенде әлде қалай көзге түсіп қалды ма, бір күні қара Құзғын ұшып келіп үстеліне қонғаны. Жасы алпысқа келіп қалған Құзғынның түрі сұсты, көзі қырағы, тұмсығы біздей сүйір екен. Шынын айту керек Қиянат қатты қорқып қалды. «Жеткен жерім осы шығар, мына тұмсықпен бір шоқыса өлгенім ғой» деп амалсыз орынтағының астына тығылды.
-Мәссаған, өзің доп-домалақ болып , семіріп алыпсың ғой?- деді Құзғын арлы-берлі үстел үстінде жезтырнақтарын көрсетіп асықпай жүре бастады.
-Қа...қа... қанатыңыз қалай ауырмай ма?- деді Қиянат орынтағының астынан басын қылтитып быдықтап ауызындағы сөзін шашып алды.
-Жоқ, не мені ұша алмай қалды деп естіп педің?- деді Құзғын оның төбесінен төніп көздерін бақырайтып шүйілікті.
-Олай деп естісем тас керең болайын, Сіздің тілуіңізді тілеп жүрген нөкерлеріңіздің бірімін, неғылса да бір «туыстығымыз» бар емес пе?-деп Қиянат тығылған жерінен шығып құрдай жорғалап Құзғынның алдына барды. Байқағаны Құзғынға сөзі мен іс-әрекеті ұнаған секілді.
-Сізге дайындаған сый-сыйпатымыз бар еді,- деді Қиянат енді мына пәле Құзғыннан оңай құтылудың тәсілін іздеді.
-Не, бәз-баяғы сиыр еті ме? Жоқ, жемеймін барған жердің барлығында ет жеп, асқазаным ауыратын болды. Кәріліктің де ауылы алыс емес, шіркін жылы жаққа барып, күнге қыздырынсам ба деп жүрмін. Оған ұшып өз бетімше жете алмаспын. Ақша болса алып ұшақ дайын тұр ғой,- деді Құзғын дауысын жұмсартып.
-Әрине., Сізге демалу керек. Қызметіңізде оңай емес,- деп Қиянат оның сөзін жағымпаздықпен қостап ала жөнелді,-Біз сияқты ініңіз тұрғанда еш нәрседен алаңдамаңыз. Ақшаның көгі де, қызылы да, жасылы да бар. Сіз сияқты алып ағаның бір шаруасына жарамасақ неғып жүрміз?
Қиянат тіпті алдына жан салмай тілі безілдеп кетті. Құзғын аз-кем ойланып қалды. Содан кейін;
-Әкел, көк қағаздарыңды қанатыма байла!- деп әмір етті.
Қиянат шарасы қалмай жиған-терген көк қағазының бір шамасын Құзғынның қанатына өз қолымен байлап берді.
-Міне, дұрыс, жоғары жаққа ұшқанда аспанда жел көтеріліп, дауыл соққан кезде мені оп-оңай ұшырып алып кетпейтін болды,- деді риза болған Құзғын желкесін кұжірейтіп көтеріліп, көкке ұшты да көзден ғайып болып кетті. Қоштасқан жоқ. Уақыты келгенде қайта келетінін Қиянатқа білдіріп кетті.
Не істерін білмей жиған-тергенінен аяқ асты айырылып іші удай ашыған Қиянат амалсыз «Құздан құлап өлгір!»-деп қарғыстап қала берді.
Содан бір неше күн қайғырып жатып, бұл орынтақтың өзіне аса қолайлы емес екенін түсінді. Жоғарғыға қарай өсу керек деп іштей түйін түйді. Қайда барсам екен деп биікке көз жіберсе сол жақта балпаң басып Даналық жүр. Еш нәрседен қорықпайды, үрікпейді, сескенбейді, тығылмайды. Оның үстіне қармағындағы ақ қанатты алып ұшаққа отырып жиі-жиі аспанға ұшады екен. Өмір деп осыны айт! Барған жерінде қошамет, сый-қүрмет көріп, ән мен күй тыңдайды екен. Ғажап емес пе?
Қиянат енді «талып» түсті. Жанталас басталды. Неге мен осы Даналықтың орынтағын алмаймын? Одан қай жерім кем деп түн ұйқысын төрт бөліп, қызғаныштың қыл арқанынан ұстап алып, тынымсыз әткеншек тепті.
Болжап қараса Даналықтың орынтағын иемендену үшін түрлі қылкөпір, баспалдақ сатылардан өтеді екенсің. Ол сатыларда ақ қанатты бір-бір періштелер отырады екен. Қиянаттан айла артылған ба алтын көрсе періштенің жолдан таятынын жақсы білді. Ол дереу арам жолмен жиған -тергенін алтынға айналдырып жіберді. Содан кейін әр сатыда отырған періштелерге сыйлай бастады. Сөйтіп сатылардан мүдірмей өтіп оп-оңай көтеріле берді.
Болжаған биігіне асығып-аптығып жетсе ешкім жоқ. Өзінің келе жатқанын сымсыз хабардан естіген-ау деймін ләм-лим демей Даналық қолтығына жалғыз папкесін қыстырып кетіп қалыпты.
Қуанышы қойнына сыймаған Қиянат жалма-жан оның орынтағына жайғасып отырып алды. Жантайып жатып, рахат өмірім басталды деп масайрап мәз болды.
Біраз күн өткен соң байқады, бұрынғы дәурен жоқ. Ән де жоқ, күй де жоқ., жыр да жоқ, Барлығын Даналық өзімен бірге ілестіріп алып кетіпті. «Недеген оңбаған?» деп Қиянаттың көңілі жүдеп, қиналып қалды. Содан кейін төменде қимас болып қалған өзінің тәрбиелеген қиянатшыл көмекшілерінің бір талайын жанына шақырып алды.
Олар сақадай сай тұр екен, дереу жетіп келіп ағаларының ұсынған майлы-жайлы орындарына орналасып алды. Содан кейін қарындарының ашқаны соншалық «ішіп-жей» бастады.
Ақиқатын айту керек Даналық біраз байлық дүние жинаған екен , суыртпақ жібінде алмай тастап кетіпті. Бұлар соны қанағат етті. Одан кейін қолындағы, жолындағы кездескен нәрседен нәпақа тауып жеп семіре бастады.
Содан Қиянат жаны жай тауып жатып-жатып басқа бір ой –қиял құшағына берілетін болды. Дәуірім тоқтамай жүріп, төбемнен күнім жарқыраса сөйтіп жер бетінде мәңгілік атым қалса-ау деген бір ұры ой мазасын алғаны. Ол үшін мұнда зейнетке дайындалған адамдай қалғып-мүлгіп отырғаны дұрыс болмайтынын сезді.
Дереу жоғарыға көз жіберді. Көзі бұлдырлап анықтап қараса ол жақты Абырой деген лауазым иесі жүр екен. Жай жүрген жоқ, шалқып, шарықтап жүр. Өзіне темірден қанат салғызып алыпты. Құзіреті өз қолында ұшам десе ұшады, қонам десе қонады. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Недеген ғажап өмір!
Барлығы Абыройдың алдында тәуелді, ләппай тақсыр дейді екен. Керек десең Бақытта, Ынтымақта , Бірлікте , Беделде. Құрметте, Қанағатта , Байлықта, Нәсіпте оның қолына су құйып, қызмет жасап жүретін көрінеді.
Қиянатқа неге мен сол орынтақта отырмаймын деген ой келіп, миы іштарлықтан шайқалып кетті. Қалай болса да Абыройдың орнын басуды ойлап, болжам жасай бастады.
Ол орынға қол жеткізсем бәрі менің аяғыма жығылады, құрақ үшып айтқанымды істейді, дегенімді орындайды, әмірім әлемге жүреді деп шат-шәлекке түсті. Дереу қажетті «тетіктерді» басып, , көзін тауып талай жабық есіктерді ашты. Тосқауылы көп кіре алмайтын ғимараттың төбесін тесіп еніп, биілік тізгіні барлардың алдында басын иіп, қолдарына су құйып, ішкізіп, жегізіп пұлын аямай шашты.
Айлалы адам алмай қоймайды екен. Ақыры көздеген жерге барар жолдың қақпасы қақ ашылды. Бірақ, қынжылып қалғаны Абыройды орынбасар етіп қалдырамыз дегендері көңілін бұзды.
Келіспеске лажы болмады. Абыройдың ел арасындағы атағы, беделі жақсы екен, оны бірден «жұлып» тастауға жоғарыдағылар сескенетін сияқты. Қиянат қиналса да көкейінде жүрген ой-қиялына жету жолындағы маңдайын терлетіп жасаған жанқиярлық «еңбегі» еш кетпес үшін амалсыз келісті. Барлық « нөкерлерін» жинап алып Абыройдың ат шаптырым кең кабинетіне келсе бір талай адамдардың қарасы өзін тосып тұр екен. Қуанып қалды.
Міне, арманыма жеттім ба, енді барлығы келіп менің қолыма жылы су құяды, маған қызмет етеді деп іштей масайрап үлгерген.
Бірер минуттан соң онысы бекер болды, жиналғандар Абыройды шығарып салуға келгендер екен. Тіпті біреуі келіп жылы қабақпен қолынан алып құттықтай ма деп дәмеленген, бірақ еш қайсысы Қиянаттың алдында елпеңдей қоймады.
Олар көп жағдайдан хабардар секілді. Қиянат мына адамдардың «ақ пен қараны» ажырата алатындарына қатты ашуланып, іштей ыза болды. «Мен сендерге көрсетемін!» деп кіжініп үлгерді. Келесі сәтте ұққаны Абырой орынбасарлық қызметтен де өз еркімен бас тартып кетіп бара жатыр екен.
Абырой кетіп еді, барлығы да бірге ілесіп кетіп айналасы қаңырап қалғаны. Өз-өзінен кімнен өшін аларын білмей ашуланып, түтігіп отырса біреу ақырын ғана есікті тықылдатады.
-Бұ кім?-деп ақырып жіберген. Сөйтсе кішкентай «жас» жағымпаз есіктен басын қылқитады.
-Аға кіруге бола ма?-дейді. Жүзі жып-жылы екен, қысық көздерінен күлкі төгіліп тұр
-Кір,-деді Қиянат көңілі көтеріліп
-Аға! Сіздің келгеніңізге жүрегім дүрсілдеп, қатты қуанып тұрмын. Осында қызмет атқарғаныма бір талай болды. Бірақ Абырой ағаны білесіз ғой, менің еңбегімді бағаламақ түгіл көзіне де ілмей қойды. Содан өспей қалдым,-деп бала жағымпаздың көзіне жас «іркілді» Қиянат оны аяп кетті.
- Бала, жылама мен келдім, сені енді өсіремін, адам етемін, жейсің, тоясың, біз әлі күшейеміз,-деп оның арқасынан қағып, басынан сыйпады. «Жас» жағымпаз қатты қуанып, қысық көзі күлімсіреп кетті.
Олар бірге жұмыс істей бастады. Абырой кеткен соң осы маңда жүрген Бақытта, Ынтымақта, Бірлікте, Тірлікте жоқ болып, кетіп қалыпты. «Кеткендерің жақсы болды»-деп Қиянат олардың орнына өзі бәз-баяғыда тәрбиелеген , сойылын соғатын қиянатшыл кадрларын жинап алды.
Күндер өтіп жатты, жылдың да жүзі ауысты. Ойына алғандары орындалып, болып-толған Қиянат енді қызық думан құрып, арақ-шарап ішіп, қыздарға көз тігетін болды. Ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс деп ешкімнің тісі бата бермейтін өзін беделді жанмын деп есептеп құтырып алды.
Реті келсін келмесін қармағындағыларға бүйідей тиетін болды. Қызметтен айырылып қаламыз ба деп үрейленген бағыныштылар жұмған ауыздарын аша алмай мылқаудың күйін кешті. Олар басекеңнің туған күнінде бір-бірінен қалыспай жарысып, Қиянаттың атына мақтауларды қардай боратып, сыйлық беруден қолдары босамайтын болды.
Қиянаттың құтырғаны соншалық барлық туған-туыстарын майлы, жайлы орынтақтарға орналастырып, әлгі «жас» жағымпазды өзіне орынбасар етіп алды. Осылай барлық пен байлықтың көлінде жүзген Қиянат тіпті жаңа жылдық шыршаға қармағындағылар неше түрлі ертегілердегі кейіпкерлердің костюмін киіп келсін, деген жарлық шығарды.
Көнбеске амалдары жоқ бағынштылардың бірі аю, екіншісі қасқыр, үшіншісі түлкі, төртіншісі қой-ешкі болып киініп шат-шәлекке түсті. Бір жуастау қызметкерге мал жануарлардың костюмі жетпей қалып, оған Ширактың киімін киесің деген ұсыныс берілді.
Бала-шағасын асырай алмай әрең жүрген қызметкер кәйтсін олай іздесе де былай іздеседе құлағы қалқиған, қарны қабақтай Ширактың жасыл костюмын таба алмай қойды. Содан ол ертегідегі Ширактың киімін кимей жаңа жылдық шыршаға бара салып еді. Қиянаттың көзі соған түсті. Өзі қызара бөртіп, ішіп алған удай мас.
-Анау кім? Менің әмірімді орындамайтын?- деп кіжініп, қолын шошайтып әлгі қызметкерді көрсетіп еді. Жанындағы жағымпаздар, жала жапқыш Өтірік, жағы резеңке Өсек, қызыл бет Қызғаншақ ана жігітке тап бергені.
Байқұс қызметкердің сол күннен бастап жолы болмады. Отырса опақ, тұрса сопақ болды. Ақыры қызметке жарамсыз деген Қиянаттың жағымпаздарының «сот үкімі» шықты.
Әлдеқалай бір жағымпаз кінәңді жуатын бір-ақ жол бар, бір бума көк қағаз апарып берсең жаның қалады деп ақыл айтты. Ондай қалтасында пұлы жоқ. әлгі қызметкер көнбей қолын сілтеп кетіп қалды. Сөйтіп Ширак деген шертіктің кесірінен қызметінен айырылды.
Қиянат өстіп балқып-шалқып жүргенде бір қора тексерушілер сау ете қалғаны, солай да солай жаңбырдай жауған үстіңізден арыз түсті. Көреміз, тереміз дейді. Қиянат қорыққан жоқ, көрген құқайым жазғыз бұл емес деп қампиған «қалтасына» сеніп қасқайып отыра берді. Іс насырға шауып бара жатса көмекейлеріне тығамын деп бір бума көк қағаздарын жанбасына жинап қойған.
Байқап отырса жағдай ұшығып бара жатыр. Тексерушілер тамаққа да бармайды, арақ-шарапта ішпейді, пара да алмайтын болып шықты. Ішінде бір кіп-кішкентай Әділет деген пысық жігіт шауып жүр. Беделі мықты екен, бәрін табаға салып, шыжғырып қуырып жатыр.
Қиянат сасайын деді жоғары жақпен астыртын хабарласып, ағасы мен жағасынан көмек сұраса , олар әлгі шілтік жігіт Әділеттен қорқып бастарын ала қашып, жолатпайды.
Қой, қымбат уақытты өткізіп алмай өзім әрекет етіп мыналардың көмекейін «тығындамасам» болмас деп әлгі жағымпаз «жас» орынбасарын шақырған. Ол жылпылдап жетіп келді. Бет піші сол қалпы қысық көздері күлімдеп , шашын жалтыратып, майлап алыпты.
-Аға, қатырамыз жиған-тергеніңізді бере қойыңыз, бұлардың бүлкілдеген кеңірдектерін тығындап тастайын,-деп бір бума көк қағаздарын көзі жайнап алып кеткен. Содан ол жоғалып кетті. Мынау нәтижесін айтпады ғой деп іздетсе, әлгі жағымпаз орынбасар зым-зия болып жер-көктен таптырмай қойды.
Іші бір жамандықты сезіп, жанталасып кішкене Әділетке жүгірсе , ол барлық тексерудың құжаттарын алып кетіп қалыпты. Өзіне шынымен тықыр таянғанын сезген Қиянат туған-туысқандарын шақырып, ұрлап-қарлаған біраз дүниені тыққызып тастады.
Арада көп уақыт өтпей-ақ тексерудің нәтижесі бойынша жоғарғы жақ оны орнынан алып, қызметтен қуып жіберді. Қай жағымнан жау келді, жел соқты, қар жауды деп аласұрып жан- жағына қараса бір кезде өзі ауыздандырып, су ішкізіп, жетелеп, тәрбиелеген кадры кішкене Қиянат келіп орнына жайғасып отырып алыпты. Ауызы-басы қисаймай;
-Аға, қартайдыңыз ғой, ішіп-жегеніңіз, жиғаныңыз қалған ғұмырыңызға жететін шығар,-дейді сылқ-сылқ күледі. Маңдайы тершіп, тынысы тарылып кетті. Тағы жалт қараса оның жанында әлгі өзі көтермелеген «жас» жағымпаз орынбасары түк болмағандай күлімдеп отыр. Қиянат сонда ғана санын соғып өзінің алданып қалғанын білді.
-Әй, көк қағаздарым қайда ?- деді ашу қысып, дауысы дірілдеп оған түйіле қарады.
-Ол қандай көк қағаздар, мен ештеңе білмеймін ағасы, парақор болатын шамам жоқ,- дейді жүзі қызармай, ауызы-басын қу шөппен сүртіп отыр. Қиянаттың қаны басына шапшып шықты.
-Сенің көзіңді жоямын,- деп жұдырығын түйіп тұра жүгіріп еді. Жағымпаз орынбасар бөлмеден қаша жөнелді. Жас Қиянат баланың қолы қатты екен. Жолай ұстап алып, арашалап ағасын жібермей қойғаны.
-Аға, қызметке жаңа келіп жатырмын. Кеңседегі төбелес тірнектеп жинаған беделіме нұқсан келтіреді. Қолыңызда ешқандай дәлеліңіз жоқ, шу көтеріп неғыласыз? Ол жағымпаз орынбасардың бармайтын жері, баспайтын тауы, ашпайтын есігі жоқ. Шынымды айтсам бәрі оны жақсы қарсы алып, құрмет тұтады,керек адам ғой деп сыйлап шығарып салады. Онсыз адамдардың күндері қараң, жағымпазды кім жақсы көрмейді дейсіз?- деп қиналған Қиянат ағасын әрең тыныштандырды.
-Әй, інім айтшы менің түбіме жеткен осы Жағымпаз неме емес пе?-деп өңі қашқан ағасы Қиянат бір нәрседен күдіктеніп сұрақ қойған.
-Солай-ау, деймін. Жағымпаздардың анық бет пердесін кім біледі?Қызметке келген күні пайда болады,кеткен күні бірінші болып қашып кетеді. – деп жаңа бастық бала екі ұшты жауап береді.
Содан Қиянат арқа еті арша болып, борбай еті борша болып үйіне жаяу қайтып келе жатса, соңынан бір жеңіл көлік қуып жеткені, ішінде бір бейтаныс жігіт отыр. Шырамытты, бірақ жыға танымады.
-Қиянат аға отырыңыз, үйіңізге шейін жеткізіп тастайын,- дейді. Әлде неден күдіктенген Қиянат;
-Сен кімсің?-деді
-Мен Сіз зынданға тастап, қамап кеткен Ұят деген баламын ғой, Көріп тұрсыз әжептеуір ержеттім. Қараңғы қапастан құтылған соң. оқып білім алдым.- дейді байыпты дауыспен. Қиянат шошып кетіп;
-Жөніңе кет! Отырмаймын көлігіңе,оңбаған ұят!-деп ат тонын ала қашқан.
-Сіздің көлікке мінбейтініңізді білгенім, Ұяттан ежелден жолыңыз бөлек болды ғой,-деп Ұят жігіт әппақ көлігімен алдыға ызғытып кете берді.
Ашу қысып қалшылдаған Қиянат үйіне әзер жетіп, жатып кеп ойлансын. Өшін өзін сатып кеткен Жағымпаз інісінен қалай аларын білмей аласұрды. Далбасалап Құзғынға телефон шалса, ол жақын маңда ұшып жүр екен.
-Білемін, білемін ол жігітті, құнын берсең жазасын беремін,- деп есінеп тұрып жауап берді. Екеуара келісіп, Құзғын атқаратын шауасының тиынын дереу ұшып келіп алып кетті.
Күні ертең-ақ «жас» жағымпаздың жер бетінен ғайып болатынын ойлап, көңілі тынышталған Қиянат қатты шаршағаннан ұйықтап кетті. Оянса түс ауып кетіпті, теледидарды қосса «Солайда, солай Жағымпаз байқұсты көшеде қылмыскерлер мұрнын бұзып , ақыл-есінен айырып кетіпті» деп хабар беріп жатыр. Мұны естіген Қиянат көңілі көтеріліп, саған сол керек .Жазаңды алдың, - деп алақандарын ысқылады.
Содан көшеге қыдырып шықса тура алдынан жағымпаздан айныматын бес-алты бала шұбырып келе жатыр, Тоқтай қалып, өз көзіне өзі сенбеді.
-Сендер кімсіңдер?-деп сұраса .Олар:
-Жағымпаздармыз,-дейді.
-Сендер не, барсыңдар ма?- деді Қиянат абыржып.
-Әрине, бармыз, көппіз,- дейді барлығы қосарланып бір ауыздан. Қиянаттың түрі бұзылып кетті. Жағымпаздың тұқымын тұздай құрттым деп жүргені құр далбаса екен. Олар шырмауықтай қаптап өсіп кетіпті. Тіпті Қиянаттардың қарасынан да көп екен. Қиянат үйіне жетер-жетпестен жүрегінің талмасы ұстап,ауруханаға түсті. Оны білетін бір талай адамдар, қайтып келе алмайтын Қиянаттың қиянатынан құтылатын болдық-ау деп қуанып қалды.
Бірақ, келесі сәтте олардың көңілі су сепкендей басылды. Жас Қиянаттар ағаларының халін сұрауға ауруханаға сап түзеп жетіпті. Көк шөптей «көктеген» оларды көргендер тіпті сескеніп, іштері мұздап жүре берді.
Қиянаттар мен Жағымпаздардың қарасы күннен күнге көбеймесе азаймапты. Олар жерде де, көкте де,төрде де өрде де , алдыда да артта да жүре береді екен. Өйткені сұранысқа ие , бәріне керек! Заманның өлмсс, өшпес «кейіпкерлері»!
Әзіл-шыны аралас жаңаша сатирам елді күлдіре ме, бүлдіре ме, білмеймін. Өзім әбден астарлы сатирама көңілім толып, күлдім. Ха-ха-ха!