Жылдың үздік сатирасы
250

Жалмаш ауданының жәрмеңкесі

Жалмаш ауданының акиматы. Жиналыс. Жиналысты аудан әкімі Қалыңбет Қатпарбетович жүргізуде:

- Облыс орталығына шығатын көліктердің барлығы дайын ғой?!

Аудан әкімінің орынбасары Айқайша Шуовна:

-Дайын, Қалыңбет Қатпарбетович.

Аудан әкімі:

-Облыс әкімі келемін дегенше көліктегі азықтарымыз таусылып қалып тағы да өткендегідей масқара боп қалмайық! Мен сендерге неше рет қайталауым керек осыны! әкім келмей тұрып сауда жасамай тұра тұрыңдар, деп. Сылтау көп емес пе; таразы бұзылып тұр, сатушы дәрет алуға кетті, тағы да басқа бірдеңе айтып кідірте тұруға болады ғой жұртты. Ет пен балық, отын мен жем-шөпке келер болсақ бұларға айтар әңгімем жоқ. Сол сценарий бойынша жалғастыра бересіңдер. Бұл жолы отынды Суайт пен Бөспе ауылдары әкеледі ме?

Орнынан көтерілген Суайт ауылының әкімі Ауыз Ысаровичтің қампиған қарны алдындағы орындыққа тіреле:

-Иә!

-Неше машина және қандай отындар?

Бөспе ауылының әкімі Құлақтан Теберович орнынан тұра сала орындығын артқа қарай қий-й-йқ еткізе итеріп, өз қарнына кеңістік ұлғайту үшін жарты қадам артқа қарай және шегіне түседі де:

-Тіркемелерімен есептегенде бес Камаз сексеуіл, алты машина жыңғыл және кесіліп, шабылған жеті трактір терек талдар.

-Мхм, жақсы! Бұларды сатып алатын адамдарың дайын ба?

-Дайын Қалыңбет Қатпарбетович.

-Өткендегідей жартысынан айырылып қалмайсыңдар ма?

-Жоқ! Бұл жолы сатып алушы ауданымыздағы мекеме бұқалтерлері болмақ.

-Мхмм! Олар анау-мынау адамдарға бере қоймас. Өте дұрыс шешім қабылдапсыңдар. Қарабарақ, жыңғыл, тал-теректер қалалықтарға да тисін енді. Осы отынды, әсіресе сексеуілді келер айдың басында өтетін жәрмеңкеге сақтап қойындар.

-Сақтап қоямыз Қалыңбет Қатпарбетович.

-Етті қай ауылдар апарады?

-Барымташы, Тақымкеппес және Қары ауылдары.

-Бұндағы өнімді саудалап алушы кімдер?

-Мектеп мұғалімдері.

-Мхмм! Дұрыс болған екен. Айтпақшы, бірер жілігі біздің үйдегі тазы иттерге де жетіп қалатын шығар? Соңғы кездері сиыр етінен шығайын деген бе, жегісі келмей қалыпты.

-Жеткіземіз Қалыңбет Қатпарбетович.

-Балық қай ауылдардың еншісінде?

-Сужұқпас, Ұстатпас және Түкбермес ауылдарының.

-Бәрін өз адамдарымызға үлестіре бермей, ара-арасында жыланбалық, қазанбас, шабақ-майшабақтарын қала тұрғындарына да сатыңдар енді, обалды.

-Сатамыз Қалыңбет Қатпарбетович.

-Жем-шөп кімдердің мойнында?

-Тастай мен Удай ауылдары.

-Адамдарың дайын ғой?

-Дайын, Қалыңбет Қатпарбетович.

-Мхм, дұрыс. Отын мен жем-шөпке переживать етпеймін, себебі; сатылып кетті! дейсіңдер де, сол орыннан қозғалмай тұра бересіңдер. Тұрғанда да, жәрмеңке біткенше тұратын болсын ерте кетіп қалмай. Енді, барлығы со бойынша қақиып тұра бермей ара-арасында бірер машинаның орындарын босатқаны да жөн, в принципе...

Тастай ауылының әкімі Қар Бермесович Қалыңбет Қатпарбетовичке ешқашан күлкі үйірілмейтін жүзін күшене жымитуға тырыса:

-Иә! Сатып алған адам ақшасын әкелуге кетті дейміз де көліктеріміз сол жерде тұра береді.

Әрқашан жымиып жүретін Удай ауылының әкімі Шықбермес Шығайбаевичтің жүзі одан бетер жадырап, қызылеттеріне дейін көрінген үстіңгі ақсиған тістерімен қоса насыбай атқаннан көгеріп, шіріп, босап, қисайып кеткен астыңғы тістерін де жария-паш ете ыржалаңдай:

-Мхм, кейбір машиналарды қатардан шығарамыз; отын-шөп өтіп кетті, - дейміз, в принципе.

-Дұры-е-ес! Ал, етке келер болсақ қиындау болатындай...

Бассейнге киімімен түссе де үстіне су жұқпайтын кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, кілт орнынан түрегеліп, әкім сөзін бөле:

- Қалыңбет Қатпарбетович?!

-Тыңдап тұрмын, Жалған Айтарович?

-Ет апарған ауыл әкімдері өздерімен бірге сол ауылдың мұғалімдерін де алып барады. Мұғалімдер болса арзан етті қалалықтарға бермеуге тырысып, алдыңғы қатарды түгел иелене, жалма-жан, жағаласып жүріп сатып алады да артқы жақта тұрған автобустардың ішіне тасып тұрады. Сатушылардың көмекшілері болса сол етті автобустан қайтадан прилавкаға әкеліп қайтадан сата береді өзіміздің мұғалімдерге. Айналып келгенде бір жылқының еті ғой.

-Мхмм! Барлығы неше машине ет?

-Бес мәшинеде бес жылқы, яғни бір жарым тонна ет.

- Жалған Айтарович, ал ақпар бойынша етіміз қанша?

-Ақпар бойынша он бес тонна. Керек болса бұл цифрді көтере аламыз.

-Дұры-е-ес-сс! Өзімізде жоқ өнімді қаланың Ескі базарынан оптым сатып алып қойдыңдар ма?!

-Бүгін сатып алып қоямыз Қалыңбет Қатпарбетович.

-Ертерек сатып алып қойыңдар! Өткенде Көсе ауданының адамдары таңатпастан сатып аламыз деп үлгірмей қалыпты. Сондай боп жүрмеңдер!

-Өйтпейміз Қалыңбет Қатпарбетович.

-Айтпақшы! Жағымпаз ауданы Құрбан айт күнгі соңғы жәрмеңкелерінде алу таразысын сату таразысымен шатастырып алып өздері біраз шығынға ұшыраған сыңайлы. Сол себептен алушы мен сатушы таразысын ауыстырып алмаңдар!

Мхм, тағы не айтайын деп ем...

Иә! Контрольный таразыдан еш қам жемей-ақ қойыңдар, ол жағын әкім көмекшісі Жалмаң Жұлмаңович чиким-чиким ғып, тексерушілерге беретінін беріп, келістіріп қойды.

Мхмм! Басқа айтылмаған не қалды?...

Тә-ә-әк! Барлығын ойдағыдай өткізе аламыз ғой!

Жиналыстағылардың барлығы да бірауыздан:

-Өткіземіз, Қалыңбет Қатпарбетович.

-Олай болса Жалмаш ауданы мен өз абыройымыз үшін жәрмеңкемізді дұрыстап тұрып өткізуге барлығымыз да ат салысайық!

Тә-ә-әк! Осымен жиналыс бітті!

Жәрмеңкеден соң кездесерміз. Егер, Ала-а-аяқ облысымыздың әкімі қаласа...