Жылдың үздік прозасы
435

Қатын сабаудан арылу

Бір ағайымыз ішіп алса қатынын сабайтын. Сабағанда да оңдырмайды екен. Арақты қойған соң сабау әдеті өзінен-өзі тиылыпты. Неге сабайтынын өзі де білмейді екен. Ішкен соң сабау керек деген ой, санасының түкпірінде сақталып қалған-ау бір ашуланған кезінде. Ішпеген күндері қатынын сабау ойына да кіріп-шықпайтын көрінеді.

Ағамыз қатынын неге ұратынын біз тұрмақ өз қатынына да ешқашан түсіндіріп бере алмапты.

Бірде, ағайдың мас боп үйіне келген кезін бір інішек көріп; талай қатынын ұрғанды көрдім, бірақ, ағамның ұрысы мүлдем бөлек екен, - деп басын шайқағаны бар.

Ағайымыз жеңгемізді қатты жақсы көрген деседі жұрт. Жас кезінде ішіп алса жынын содан алады екен. Сондай кезекті соққыдан жеңгеміз ауруханаға түсіп біраз жатып қалыпты. Ағайын-туыс, құда-жегжат араласып екеуін татуластырыпты. Бұл әдет екеуінің үйленгеніне екі-үш жыл өткенше жалғаса беріпті. Ағамыз арақты тек той-томалақтарда ішкен деседі көз көрген ағайын.

Кезекті тойға кетіп бара жатқан ағай сарайда жатқан тайқазанды есік алдына төңкеріп тастап:

-Мынаның астына өз бетіңше кірші? – деп бұйырыпты қатынына. Қатыны:

-Неге? - десе.

-Кешкісін мас боп келгенімде осы қазанның астына кіріп кетіп мен ұйықтап қалғанша осының ішінен шығушы болма! – деп ескертіпті де, тойына жайбарақат кете барыпты.

Тойдан мас боп келген бойда іргедегі қамшыны ала, қатынының арқасынан осып жіберіпті әдетінше. Арқасына қамшы батқан қатын мана айтылған тайқазанды есіне түсіре сала сыртқа қашып шығып демде қазан астына кіріп кетіпті. Ағай болса қамшысын қолына қыса:

-Шық қазан астынан! – деп, қанша бұйырғанымен жеңгеміз шықпай жата беріпті.

Қамшысын ауаға сілтеп-сілтеп, қазан қасында біраз мылжыңдап отырып ұйықтап қалыпты.

Осылайша, таяқтан құтқарушы тайқазан астына тығылуды жеңгеміз әдетке айналдырып алыпты.

Ағай да, қатыны қазан астына кіріп кеткен соң ақырып-ақырып алады екен де, үйге кіре сала төсегіне жатып ұйықтап қалатын әдет шығарыпты.

Уақыт өте келе балалары қазан қасына келіп:

-Апа, шыға бер! Әкеміз ұйықтап қалды. – деп, хабар беретін көрінеді. Егер бұндай хабар келмесе қазан астынан шықпайды екен.

Қыстың күндері қазан астына киіз төсеп, есік алдына жылы киім даярлап қояды екен пысық жеңгеміз, ағайдың ұрады-ау, деген күндері.

Осылайша, қара тайқазан жеңгемізді күректей он жыл бойы өз қамқорлығына алып жүріпті.

Қазан астынан шыққан жеңгеміз қазан түбін сүйіп-сүйіп алатын көрінеді:

-І-імм! Менің құтқарушы танкім. - деп.

Сол ағай қазір зейнетте.

Бір ініміз, осы қазан астына жасырыну сырын сұрап барғанында.

-Жеңгейлеріңді өте жақсы көретінмін. Қызғанатынмын. Мас болсам неге ұратынымды өзім де түсінбейтін ем. Тек, мас кезімде болмаса былайынша ешқашан ұрған емеспін. Осы әдетімді қалай тоқтатуымды білмей жүрдім. Бір күні, әжемнің тайқазанын төңкеріп тастап түбін тазалап отырғанымда осы ой санама сап ете қалғаны. Сол ойымды іске асырған соң жақсы болып қалдым. Әйтпесе, солай ұра бергенімде жеңгелерің төркініне біржолата кетіп қалар ма еді, кім білсін.

Бұл қазанды атам мен әжем осыдан жүз жыл бұрын шамасында Түркістан қаласынан арнайы құйдырған екен сол жақтың шеберіне. Киелі ыдыс астына жасырынған қатынымды шығарып алып ұруға қазан киесінен қорықтым. Әйтпесе, мас боп келгенімде қатыным қайда жасырынса да тауып алып сабайтынмын. Осы қазанның қасына келгенде қолым бармай қояды. Қара қазанды көріп райымнан қайтатынмын. – деп, сөзін аяқтапты жас кезіндегі тентектігін есіне алған ағайымыз.