Жылдың үздік прозасы
346

Вокзалда

1996 жылдың қаңтар айы. Облыс орталығының теміржол вокзалы. Күн суық. Дала бұрқасындатып тұр. Тығыз шаруаммен түнгі бірлер шамасында жүретін №86 өзбек поезымен ауылға барып, азанда жүретін №17 Ақтөбе поезымен қайта оралып бірінші парға үлгіруім керек. Осы мақсатта №2-ші Шұғыла мөлтек ауданынан жүретін ең соңғы автобус маршруттарының біріне отырып, түнгі сағат ондар шамасында вокзалға келдім.

Екінші қабаттағы күту залы жолаушыларға лық толы болғандықтан төр жағындағы кафе-барға қарай тура тарттым. Бұнда да ас ішіп отырғандар көп. Бір ыстыхан ыстық шай мен тоқаш алып ең шеткі бос столға жайғастым. Шай іше бергенімде әрбір өткен поезды хабарлаудан жалыққан диктордың жүйкеге тиер жаттанды, жаңғырықтана шыққан дауысы бір жолаушылар поезын хабарлады.

Осы дауысты құлақ түре тыңдай қалған кафедегі жолаушылар орындарынан түрегеліп тысқа қарай асыға-үсіге шыға бастады.

Менің мінетін поезым түнде келетін болғандықтан еш саспастан бойымды жылыта бастаған шайымды рахаттана ұрттап отыра бердім. Ас қабылдап болған соң сыртқа шылым шегуге шықтым.

Перронда олай да, былай асыққан келушілер мен кетушілер, шығарып салушылар мен күтіп алушылардан бөлек неше түрлі ішіп-жем мен ұрттам-шегім сатып жүрген қатын-қалаш жетерлік.

Ішке ел қонған соң вокзал ғимараты ығында шылымымды асығыс шегіп алып жоғарыға көтерілдім.

Күту залы қаңырап бос қалыпты. Бұнда, тек, кафе-бардың сатушысы, елулер шамасындағы қаңғыбас ер кісі мен бойжетіп қалған қызы бар орта жастардағы сары әйел ғана. Орта бойлы, ашаң шырайлы, әдеміше келген сатушы қыз менімен шамалас.

Сол жақ терезе тұсындағы орындықтардың біріне барып отыра кеттім.
Біршама уақыттан соң әйелдің ақыл-есі дұрыс емес екендігіне көзім жете бастады. Қастарында түйіндеп тастаған тесік-құрақ екі-үш қалта-дорбалары бар. Үй-күйсіз осындай бейбақтарды қақаған аязда далаға қуып жібермей, вокзалдың жылы залында түнетіп жанашырлық танытып жүрген вокзал қызметкерлеріне амалсыздан мың алғыс дерсің.

Әйелдің бет-аузы томпиған қара қызы анасына қарағанда есі түзулеу секілді.

Әріректе отырған ер кісінің де есі кемістеу сияқты. Жарты сағаттың ішінде бес-алты рет; Колян! деп дауыстап, мұрын астынан міңгірлеп жан-жағына зер салғанымен ешкімге тиіскен емес.

Осы уақыт ішінде кафе-бардан темекі алуға бола кіріп-шыққан төрт-бес кісі болмаса күту залына басқа ешбір адам келіп орындықтарға жайғасқан жоқ.

Пойыз уақыты кеш болғандықтан тақтай орындығыма шалқая, көз шырымымды іліп аламын деген сайын әлгі кісінің: «Колян!» - деген, қарлыққан дауысынан оянып кете бердім.

Ұйқым қашып кеткен соң амалсыздан қарама-қарсымда отырған ана мен қызына көзім түсе берді. Бейбақтар тоңып-жаурағандықтан сәл де болса жылынулары үшін бір-біріне сүйене жабысып отыр. Сәлден соң әлгі қыз орындыққа бір қырынан бүктеле жатты да анасының етегіне басын қойып ұйқыға кірісті. Анасы болса біржамбастанып алып, қалың бөкебай тартып алған қызының басын сипалап, дауысын шығарар шығармас қана өлеңін айта бастады. Жұмсақ дауысы құлаққа жағымды-ақ.

Әйелдің есі кем болғанымен бақытты сыңайлы. Бақытты болғанда да өте бақытты жандай-ақ. Мен келгеннен бері күлімсіреп отыр. Қыр мұрынды, қасы болса қиғаш келген. Қой көздерінен бақыттың ұшқыны шашырайды. Жұқалау келген ерні қызғылттау. Көптен бері пасты-щеткімен тазаланбағандықтан күрек тістерінің үштары сарғайғаны болмаса барлығы бүтін, әрі түзу. Тозыңқыраған орамал шетінен көрінген самайларындағы сары шаштары да біраздан бері жуылмағандықтан үйкесіп қалғанымен еш ақ түспеген. Күлекеш адамдарда болатын екі езу тұсы мен көз айналасындағы әжімдерінен басқа өңінде кәріліктің ізі байқала қалатындай нышан жоқ. Беті жып-жылтыр. Қабағында шаршағандықтың белгісі болғанымен қайғы-мұңның еш ізі байқалмайды.

Ақыл-есі кем адам себепсіз ыржалаңдап күліп жүреді ғой дейтіндер болатын шығар. Бірақ, көзінен бақыт оты шашырап бойжетіп қалған қызына әлдиін салып отырған мына бейбақ әйел біз сияқты есі түзу адамдарға қарағанда бақытты екені анық. Онысын көз жанары айқын дәлелдеп тұр. Айналадағы қоршаған ортаға, жалпы мына жалған дүниеге дәл сол бейбақ әйел секілді қарау кез-келген есі түзу, өзін; бақыттымын! деген адамның қолынан келе бермейді, сірә. Бақытты адам рөлін сомдаған ең дарынды актердің өзі бұндай персонажды айнытпай сала алмасы да шындық. Сала алмайды да. Салғанның өзінде анық, шынайы шыға қояр ме екен сомдаған кейіпкері?! Әй, қайдам. Ол үшін бұл әлемге осы әйел көзімен қарау керек шығар. Бұл әйел біздерге беймәлім боп тұрған өз әлемінің бақытында шомып жүр. Сол әлемде өмір сүруде. Және бұл кісіні Алла тағала бүгінгі күніндегідей бақытты қылу үшін біздің «дені сау» әлемімізден «кем» әлеміне себепсізден себепсіз ауыстырмаған болса керек. Осы әйел – осы күйімен бақытты. Осы өмірімен бақытты. Басқаша болуы да мүмкін еместей. Біздің мына «сау әлемімізде» бұл кісі бәлкім бұндай бақытқа кенелмес те шығар, кім білген. Біздер, тек жорамалдағанымыз болмаса барлығын Алла тағала ғана біледі. Адам тағдыры – Тәңірі қолында.

Ара-арасында көздеріміз түйісіп қалған кездері бірер сәт жанарына тура қарап алғанымда бұл кісінің есі өмірінің ең қуанышты, ең бақытты сәтінде ауысқан шығар деген түйінге келдім. Сол қуанышты сәтінен әлі арыла алмай жүргендей...

Ойымды «Колян» бұзып жіберді. Қасыма келе:

-Темекі берші?-деді, өтіне.

Қалтамдағы қызыл түсті қораптағы «Магна» сигаретімнен бердім.

Темекісін сыртқа барып шегіп келген ол қасыма келіп жайғасты да:

-Үйің бар ма?

-Бар!

-Үйленгенсің бе?

-Жоқ!

-Әке-шешең бар ма?

-Бар!

-Жақсы екен. Ал менің – ешкімім жоқ. Бәрі болды. Үй. Мектеп. Армия. Институт. Бала-шаға. Жұмыс. Саябақ. Машина. Түрме. Сосын – Бостандық!

Ол жақтан келсем қатыным басқа байға тип кетіпті. Әке-шешем өлгесін үйді сатып жіберген. Мен далада қалдым.

Әркімнің өз тағдыры, өмірі бар. Менікі – осылай болды, інішек!-деді, орысшалап. Сонан соң өз орнына кетіп бара жатып: -Сен мұнда екенсің ғой?! –деп, орындықтар артындағы жып-жылы жылу трубаларының үстіне жайғасып алған, бет аузы тыртық-тыртық, үсті-басы алба-жұлба болған ала мысықты ұстап алды да: -Қайда болдың, Колян?!-деп, мысықтың басынан сипаплап, белін ақ түсті кендір жіппен байлап алған ескі курткасының омырауын аша, ішінен киген жыртық кеудешесінің қойнына тығып жіберді де орындығына қисая кетті.

«Колянның» сыры белгілі болды. Есі кем деп отырған бұл адамның ақылы бүтін екен. Колян екеуі шыныменде бір-біріне дос, бір-біріне мұқтаж. Осылайша талай суық түндерді бірін-бірі жылытумен өткерген сыңайлы.

Бір уақытта залға қараторы, орта бойлы, мығым денелі, суық жүзді милиция сержанты кіріп келді де залдағыларды бір шолып, мені шақырды. Өзімен бірге бірінші қабатта орналасқан милиция пунктіне ертіп осында отырған арықша, ұзын бойлы келген шикіл сары сержант және мұртты офицер үшеуі үсті-басымды тінтіді. Қалтамдағы аз-маз ақшадан бөлек темекі, оттық және студенттік билетімнен басқа ештеңе таба алмаған соң жөнімді сұрастырды да, қоя берді.

Шылым тартып алған соң орныма қайта жайғастым. Уақыт өтер емес. Өйтіп-бүйтіп тағы да жарты сағаттай өтті.

Өзім сияқты поез күтіп жүрген таныс біреу-міреу кездесіп қалар деген ойменен сыртқа шығып перронның батыс жағындағы, ішінде рестораны бар ғимаратқа беттедім. Есігін ашып ішке ендім. Кең коридор-дәліздің сол жақ бұрышына таман таныс милиционер тұр. Түрі қобалжулы. Оң жақ бұрыштағы кассаның дәл алдында, үстіне қара түсті қысқа былғары куртка, аяғында қысқы кроссовка, бұтына көк түсті джинсы шалбар киген аласа бойлы адам, басы теріс қарап еденде ыңғайсыздау күйде жатыр. Бас тұсында шамамен алақан көлеміндей қап-қара қою қаны кафель еденге ұйып қалған.

Әлгі, сұсты келген қараторы сержанттың дауысы өктем шыққанымен жанашырлық пиғылмен:

-Бұл жерден кет! Әйтпесе күдікті боласың. Тез, кет! – деп, бұйыра сөйледі.

Бейшараны біреулер атып кеткен екен деп ой-түйіп тұрған санам сержанттың мына сөзінен соң бірден ес жия; шынымен де, ішпей-жемей адам өліміне күдікті болып жүрермін деп, асыға сыртқа шығып күту залы ғимаратына қарай беттедім.

Қарсы алдымда манағы милиция капитаны мен қолына медициналық қоржынын ұстаған медбике келе жатты. Ортажолда жолымыз түйіскенде офицер маған тесіле бір қарап өтті. Капитанның қасындағыға:

-Мәйіттің ұлты кәріс сияқты. Шамамен жиырма бестерде болу керек...-деген сөзін құлағым шалып қалды.

Орныма келіп «бақытты» әйелге қарап, оның шыныменде бақытты екеніне тағы да көзім жетті. Ештеңеден алаңсыз. Мұң-қайғы мен қасірет-пәлекет бұл адамнан айналып өтіп жатқандай. Өзінің ғажап әлемінде күлімсіреп қана өмір сүріп отыр.

Көп ұзамай күту залда жолаушылар көбейе бастады.

Әлгі қатал сержант төмендегі милиция бекетіне алып барып тексермегенде ендігі жағдайым қалай болар еді?!-деген ойдан бойым тітіркеніп кетті.

Ал, етегіндегі баласының басып сипалап, жаймендеп қана әлдилетіп отырған әлгі әйел болса жан-жаққа нұр шашқан жанарымен үсті-үстіне келіп, орындықтарға жайғасып жатқан келушілерге мейірлене қарайлай, күлім қаққан жанарымен өткен-кеткен жолаушыларға жымия береді, жымия береді.

Бейтаныс адамдарға дәл бұлай тек бақытты адам ғана қарай алады.