817
Ұры сөз
Түрен тиген дауылдарда, жауындарда көмескі…
Мен өзімді ешқашанда жақсы көрген емеспін!
Біздің ғұмыр басы тәтті басталатын, арты азап,
Түйсіктерін шатастырған тоқсандағы қарт ажал.
Біздің тағдыр қарамайтын мейірімге, өштікке,
Алыс-жақын, ұзын-қысқа дәргейіндегі қос нүкте.
Мендік тірлік айнадайын өз дертіме өзім жау,
Бар білерім,
Кешегінің кешегісі болып кеткен Абыздардан сөз ұрлау.
Қалам ұшын көгендеген…
Мен болар ем сорлы адам,
Кекілімнен сипайтұғын таныс көздер сонда да.
Өз ойынан оза шапқан асқаралы сана шың,
Таныс сөздер күбірлейді,
Керек оған таласу.
Қаннан жауын жаудыратын күлгін аспан, күрең үн,
Мені бір күн ұры сөздер алқымдайды білемін.
Ем таптырмас дауасызбын, Құдайыңдай дерттімін,
Шет шегі жоқ бұлдыр жолға есімде жоқ,
Ертті кім?!
Қапияда ажал құшқан қара сөздер тым ыстық,
Қорғасындай күйдіреді жерден ауыр тыныштық.
Біздің өмір өтіп барад, өтірікпен ой алда ай!…
Сәбилердің көзіндегі тазалықты таба алмай.
Жел айдаған тағдырлардың, шет шегі жоқ үш күннің,
Уысында қалып қоймай уақыт деген міскіннің.
Кеудеңе кеп жаңа піскен қылмыстардан арылу,
Күнәлардан ада болу, ақтарылу, бәрі мүң.
Көкжиектен түсер болса қызыл-жасыл қос жарық,
Тұрақ таппас мекендерге,
Ізгіліктер бос қалып.
Қара түнек басар еді мынау әппақ әлемді.
Құрдымыңнан қалай сонда құтыласың?
Ал, енді..
Біздің жайды сұрамай ақ біле бергін құрдасым,
Неге керек тозаң құрлы болмысым мен бір басым.
Сөздер, сөздер,
Қызыл сөздер,
Ешкім білмес киесін,
Ең алғашқы сөз туғанда мен едім ғой Иесі…
Жоғалтқанмын қапияда,
Шыңырауда иірім,
Содан бері тартып келем кенделіктің күйігін…
Қалтарыстан ашылғанда ақиқаттың түңлігі,
Сен ғой мені еш уақытта есіркеме Мұңлығым!
Түлен түрткен дауылдарда, жауындарда көмескі…
Мен өзімді ешқашанда жақсы көрген емеспін!