Жылдың үздік поэзиясы
3395

Туашақ күйдің бітімі

Сөгілгенде көбесі топырақтың,

Қособадан еңкейді қақырап күн.

Жазғытұры,

Жаз емес – күңгірт бояу,

Сұрғылт дала - салқыны ақыраптың.

 

Бұлағы жоқ, үні бар – күмбір-күмбір,

Елі көшкен, жер шөккен, тұлдыр бұл қыр.

Өткен шағын аңсайды емексіте

Күнге күйген күреңсе, күлгін жыңғыл.

 

Көлеңкесі қомданған,

Түнеруде.

Бір адам жүр жылу жоқ реңінде.

Құлыншақтан сіңген үн құлағына,

Құлақ күй боп ұлиды жүрегінде.

 

Бейғам елдің хош айтып соңғысына,

Бағызы әуен мамырлап қонды сірә.

Қарасорда қарағай шуылымен,

Қаракемер желінің уілімен,

Ерте сіңген тәкаппар болмысына.

 

Болмысында бар паңдық, бар ғаламат,

Топырақты бір шөкім арға балап.

Өткен күннің елесін іздеп алек,

Алақанның астынан тауға қарап.

 

Қайран жайлау хан түскен, би шарлаған,

Базына айтып уақытқа иіс алмаған.

Кенделіктің кенеусіз мінезімен

Көкіректен күмбірлеп күй саулаған.

 

Алуан ойдың тұншығып қамауында,

Елегізіп әр нені қарауылдай.

Көзі жанып, ашыған кеңсірігі,

Ақбөкеннің желбіреп танауындай.

 

Желдей жүйткіп ғұмыры, тіршілігі,

Барақат күн, бардам ел, құрсын үміт.

Ауыр ойға бусанды тұла бойы,

Бір қызынып денесі бір суынып.

 

Туашақ күй белгілі сарын, үні,

Бірінен соң төгіліп тағы бірі.

Сайрап жатты салалы саусақтардан

Көкірек пен қу ағаш сағынуын.

 

Шырқап көкке, баяулап күзгі күндей,

Толқуында тылсым бар ізгі нендей.

Қызған шанақ ішінен белгісіз жан

Сарнап-сарнап өмешегі үздігердей.

 

Бұл Саржайлау – ең соңғы бақ тұсауы,

Самала жаз – сағымдай аққы шағы.

Қоңырлатып төгілткен Тәттекеңнің,

Ашшы зарға қосылған тәтті сазы.

 

Беу Саржайлау, сары жұрт, сарша тамыз,

Көкейімде сайрап тұр қанша қағыс.

Бұл күйменен тіріні боздатамыз,

Бұл күйменен өліні аңсатамыз.

 

Беу Саржайлау, беу дәурен, қайран дәурен,

Сол болыпты ақырғы бәйгең мінген.

Күні жетіп, дәм тұзы таусыларда

Соңғы қағысы екен бұл қайғы емдірген.