881
Періште жерге түскенде
Қарашаның үскірік, ызғар желі былай тұрсын, дымқыл тартқан қара жер қазуға мүлдем келмеді. Оның үстіне қар ұшқыны да күшейіп, жел көтеріліп барады.
Екеуі алма кезек күрекпен жерді тепкілегенімен, тереңге бара алмады. Сырттан бақылап тұрған қарауыл «Әлдекім көріп қалмасын» дегендей жан жағына алаңдай қарайды. Тек қимылсыз жатқан дене ғана. Тіршіліктің белгісі білінбейді.
Бұдан әрі қаза алмаймыз, тым қатты. Оның үстіне қар жауып тұр.
Тездетіңдер, алыстан жарық көрінеді..
Қимылсыз жатқан денені тайыз шұңқырға екеулеп әкеп лақтыра салды. Қыңқ еткен дауыс шыққандай, бірақ оны ешкім елеген жоқ. Асығыс ылғал топырақты үстіне үйе берді.
***
Бұл жолы көне мост астынан табылған қыздың денесі көпшілікті дүр сілкіндірді. Осыдан бес күн бұрын жоғалған он алты жасар қыздың мәйіті, дене мүшелері бөлшектеніп, ағын суға лақтырылған. Әр жерден әр бөлігі табылып, жиналған соң экспертизаға жіберілді. Айуандықпен зорланып, кейін қатты соққы нәтижесінде жан тапсырған.
Есейген бойжеткендер мен нәзік жандылар адам ақылына сыймайтын, жантүршігерлік айуандықпен өлтірілді. Олардың кейбірі әпке, кейбірі ана, енді бірі қарындас еді... Ал жоғалғандарды айтсақ, шындығында жағдай бұдан да ауыр.
Бір қарағанда бұл оқиғалардың арасында байланыс жоқтай көрінеді. Бірақ бәрін бір нәрсе біріктіреді — әйел болу. Әрқайсысы өмірге үмітпен қарап, болашағын ойлаған жан еді. Енді олардың тағдыры тіркелмеген хатқа айналып, үнсіздікке көміліп қалды.
Бір сұрақ тыныштық бермейді: кімнің жүрегі мұншалықты тас? Қанша нәзік жанның өмірі аяусыз үзілді, қанша отбасының ошағы сөніп, армандар тас-талқан болды. Бұл қылмыстардың себебін іздеген сайын, жауап табу қиындай түседі. Әрбір жаңа құрбандық — жұмбақ шешудің емес, жаңа сұрақтың бастамасы іспетті.
Облыстан жасалған оперативтік топ құрылып, арнайы жұмыстар жүргізілсе де нәтиже жоқ. Себебі қылмыскер оқиға болған жерден тыс мәйітті мүлдем басқа жерге әкеп жасырады. Ешқандай айғақ та, куәгер де жоқ. Бір жылдың ішіндегі бұл сұмдық қылмыстан соң барлық қыз-келіншектер далаға жалғыз шығуға қорқатын болды. Қала ішіне бұлт үйірілгендей, кез келген адамнан күдіктеніп, бейтаныс адамды қылмыскер деп санады. Ендігі табылған он алты жасар қыздың денесінен соң, шағын қаланың әкімшілігі Республикадан ең мықты деген тергеушіні сұратуға мәжбүр болды.
Алматыдан арнайы келген Болат Хамитов ең мықты тергеуші. Ол адамжегіш маньякты , талай қандықол қылмыскерлерді ұстаған кезде барлық операциялардың басында өзі жүрді.
«Осыншама қыз-келіншектердің қаны бар адамды таппай, Алматыға оралмаймын», — деп кесіп айтты Хамитов. Ол осында келген бетте-ақ іске білек сыбана кірісті.
Майор Тұрғанбаев оны кабинетінде күтіп тұр еді. Істің барлық егжей-тегжейін асықпай, мұқият баяндап шықты. Ауыр күрсіне отырып, айғақтарды тізіп берді. Хамитов әр сөзін ескеріп, маңыздыларын жадында сақтап отырды. Әңгіме аяқталған соң ол сарғайып кеткен іс-құжаттар мен дәлелдерге толы папканы ашып, алдымен зардап шеккендердің суреттеріне үңілді.
Жүйкесі әлсіз адамның жүрегі мұндай көрініске шыдас бермес еді: әрбірі адамдық қадірінен айрылып, жабайы қатігездікпен қорланып өлтірілген. Жалаң айуандықтың ізі айқын көрінеді. Тұрғанбаев осыған дейін бұл қылмыстардың қандай мақсаты барын түсіне алмағанын мойындады. Бір қарағанда, құрбандардың арасында ешқандай байланыс жоқтай. Бірақ бәрі де әйел, жас шамасы әртүрлі: бірі мектептен енді ғана түлеп ұшқан бойжеткен болса, енді бірі бала-шағасының ортасындағы ана.
Ал ең үрейлісі — үйіне қайтып оралмаған, із-түзсіз жоғалған жеті әйел әлі күнге жоғалғандар тізімінде тұр. Олар туралы соңғы деректерден бері бірнеше ай өтіп кеткен. Тек әр қылмыс бір-бірімен іштей байланысты секілді сезіледі , бірақ қалай? Хамитовтың санасында осы сұрақ сайрап тұрды.
Ол өз-өзіне серт берді: бұл қылмыстардың артында тұрған адамды әшкерелемейінше, бұл жерден кетпейді. Мақсаты анық: қанқұйлы істің ақырына жету. Енді уақыт созуға болмайды.
Соңғы табылған қыздың жақындарымен сөйлестіңіздерме?
Ия, марқұм биыл он бірінші сыныпта оқыған. Құрбысының айтуынша кешкілік үйірмеден соң, көрші сыныпта оқитын жігіт оны үйіне дейін шығарып салмақшы болған. Алайда қыз әрі қарай өзім жетемін деп қоймаған соң жарты жолдан бұрылған. Содан үйіне жетпеген.
Әлгі жігітпен сөйлестіңдер ме, мүмкін жолда біреуді көрген болар?
Сөйлестік.. Ешкімді де көрмеген. Бәлкім қызды үйіне дейін жеткізгенде мұндай болмаспа еді, - деп өкінеді.
Болат ұзақ ойға шомып, тақтаға ілінген суреттерге көз жүгіртті. Құрбандардың жүздері оған үнсіз жанайқай болып секілді. Әр сурет — аяқталмай қалған өмір. Ол терең дем алып, бұрынғы тәжірибелерін ой елегінен өткізді. Өз мансабында талай қылмыскердің соңына түсіп, жылдар бойы аңдып, ақыры қателеспей қолға түсірген еді. Бірақ бір нәрсені анық түсінген: ең қауіпті қылмыскерлердің бет-бейнесі ешқашан сыр бермейді.
Кейде момын, елге сыйлы, қарапайым көрінген адамның шын мәнінде ең қатігез маньяк екенін түсіну қиын. Қоғамның бетіне тура қарап, адамдармен араласып жүріп, жантүршігерлік қылмыстарды жасағандар аз емес. Болат осы ойға тоқтады: бұл қанішер де дәл солардың бірі болуы мүмкін. Ешкім күдік келтірмейтін, көрші үйде тұратын, күн сайын базарда кездесетін, тіпті мектеп жиналыстарына баратын адам болуы ғажап емес.
Ол суреттерге қайта үңілді. Әр құрбанның жүзінен көрінетін бейкүнәлік, өмірге деген құштарлық пен армандар көз алдында қалды. Бұл қылмыскер — екі әлемнің арасында өмір сүретін адам деп ойлады Болат. Бір беті — отбасы мен достары үшін жай ғана қарапайым әке, күйеу немесе көрші. Ал екінші беті — қанқұмар, қатыгез айуан.
Осы ой оның еңсесін басқандай болды. Кімге күдіктенерін де білмейтін сезіммен ол ауыр күрсінді. Қылмыскер жақын жерде жүргені анық. Бірақ оны табу үшін Болат бұл «екі дүниенің» арасындағы шекараны анықтау керек. Қарапайым адамның маскасын киген құбыжықты тауып, оны әшкерелеу — енді басты мақсатына айналды.
***
Қыз есін жиғанда айналасы қараңғы түнек. Тынысы тарылып, қозғалуға да шамасы келмеді. Суықтан денесін мүлдем сезбей қалған. Ақырын қозғалып еді, бетіне ылғал топырақтар түсе бастады. Ол жердің астында жатқанын сезді. Не болғанын есіне түсіргісі келмеді. Жанталаса қолымен топырақтарды лақтырып, кеудесін көтерді. Ызғар ауаны терең тыныстап, айғайлай бастады. Әлдекім естіп қоймадыма дегендей алаңдай жан жағына қарап еді, бейіттің ішінде жатқанын көрді. Екі қолымен бетін басып еңірей жылады. Жыртылған киіміне сүйретіле орнынан тұрды. Қас қарайған. Үйіне қарай бағыт алғысы келді, жоқ, ол жаққа болмайды деп өзін тоқтатты. Басқа жаққа, мүлдем ешкім білмейтін басқа жаққа кетуі керек. Ол басы ауған жаққа қарай жүре берді..
Қаза болған және жоғалған әйелдер кешкі сағат 21.00 ден соң үйлерінде болмаған. Бірі жұмыста кешіккен, бірі қонақтан жалғыз шыққан, ал енді соңғы он алты жасар қыз мектептегі үйірмеден кеш шыққан. Қылмыскер құрбандарын кеш түскен соң барып аңдиды. Сондықтан осы мезгілден бастап түнгі рейд жұмыстары жүргізілу керек, барлығымыз жүреміз. Екіншіден сағат 21.00 ден соң әйел адамдарға көшеге шығуға қатаң тыйым салынады. Қылмыскер ұсталғанша олардың өміріне қауіп төнбеуі қажет. Осы уақытқа дейін әйелдерді қырғидай қырып келгеніне қарағанда әйел затына деген өшпенділігі болуы мүмкін. Егер қылмыскердің отбасы болса әйелін ұрып-соғуы мүмкін, мұны да назарға алған дұрыс .
Жаңа келген тергеушінің жұмысқа бірден кірісуі істі сәл де болса алға жылжытқандай. Кешкілік топ құрылып қаланың әр бөлігіне бақылау жүргізу жұмыстары басталып кетті. Бірақ бұл жағдай қандықол қылмыскерлерге кедергі бола алмады. Бір қарағанда ерекшелігі жоқ, ешбір адам күдіктенбейтін, зияны жоқ пенделер секілді. Алайда сырт келбет алдамшы. Нағыз айуандық ешкім күтпген адамнан шығады.
Жолдасы жұмыстан кешіккен келіншек тағатсыздана сағатқа қарады. Асығып жүріп нан басу мүлдем есінен шығып кеткен. Отағасы келген кезде ас дұрыс болмаса ашуланатынын білген соң, жеті жасар Ертайға кішкентай інісін қарап отыруын тапсырып, жұқа шарқатын оранып, аяғына жеңіл галошын сүйрете, жақын маңдағы дүкенге қарай жүгірді. Тоғыз ай толғағы әне міне дегенше кеп тұрған келіншек ақырындап жеткен дүкені жабық тұрған соң, шыққан соң нансыз қайтпаймын деп көшенің арғы жағындағы келесі дүкенге бет алды. Әншейінде жанып тұратын көше шамдары да сөнулі. Барынша ентігіп жылдам жүріп келеді. Кенет арс ете қалған иттің даусынан селк етті. Дереу сәбиім аманба дегендей ішін сипады. Жүрегі әлденеге қобалжулы. Артына жалтақ -жалтақ қарайды. Әлгі ит қайта үрген кезде жан жағына қарап үлгеруге шамасы болмады. Өзіне қарай төнген қара көлеңкеден қашып үлгермеді..
Анасын іздеп терезеге алаңдай қараған Ертай оның енді қайтып келмейтінінен бейхабар еді.
Әйелінің үйіне оралмағандығын көрген күйеуі бірден милицияға хабар берді. Дереу топ жасақталып іздеу жұмыстары жүргізілді. Әйелдің дүкенге жете алмай жоғалғаны, қылмыскердің жақын маңда жүруінің белгісі еді.
Енді ғана жауған ақ ұлпа қардың астынан әйелдің жүрген іздері көрінеді. Жарты жолда із тоқатап, жан жаққа бөлінеді. Нақты табу қиын, егер қылмыскер жаяу болса аяғы ауыр әйелді көтеріп кету оңай болмасы анық. Сондықтан ол көлікпен жүруі мүмкін. Тергеушінің ойы нақтыланғандай. Жол жиегінен көліктің ізі көрінеді, алайда ол қателесуі де мүмкін. Таңға дейін қар жауатын болса бұл іздердің ешқайсысы да қалмайды.
Қала сыртындағы бірнеше қабатты бұзылған үйге кіруге ешкімнің батылы жетпейді. Шыңғырған әйелге ұзақ қарап тұрған ішіндегі біреуі
Өшір үніңді, - деп гүр ете қалды. Түрі анық көрінбесе де даусы тым таныс.
Өксігін баса алмаған әйел оны таныды. Ия, бұл Атымтай. Көрші Жәмиләнің күйеуі. Көп сөйлемейтін, тұйық жігіт.
Атымтай аға, бұл сізбе, өтінемін, мен ешкімге айтпаймын.. Тым болмағанда ішімдегі сәбиім үшін.. Ол әлі періште ғой..
Аға, мүмкін оны жіберерміз. Аяғы ауыр әйелді қайтеміз, баласына обал емеспе..
Жап аузыңды, ол бізді танып қойды. Істі тезірек тындыру керек
Бірақ аға..
Ешқандай аяушылық жоқ. Біз қаланы жезөкшелерден тазартамыз..
Тастанды үйге кез келген адам кірмейді. Ол жерге кіретін ішімдік іздейтін қаңғыбастар. Не табылар екен деп кірген сондай маскүнемнің бірі аяқ астында жатқан әлденені итергісі келіп тепкіледі, болмаған соң кедергі болған тасты көтеруі сол, астындағы адам қолын көріп жүрегі зу етті. Мүмкін тірі болар деген үмітпен үйіндіні дереу ала бастағанда өлі денені көрді. Не істерін білмей айғайлай қашты.
Түнде үйінен дүкенге шыққан әйелдің денесі. Қатты азапталғанға ұқсайды. Ішіндегі нәресте жоқ, шамасы қылмыскерлер ішін жарып, сәбиді алған. Аяқ қолы бөлшектенбесе де, қорлықпен жан тапсырғаны көрінеді. Көрген адамды айтпағанда, көрмеген жанның өзі бұл сұмдыққа әрең шыдайды. Артында жаутаңдап екі ұлы қалды. Дүниеге енді келеді деп жүрген кішкентай інісі, мүмкін қарындасы бұл жарық дүниені көре алмастан, іңгәләп дыбыс шығармастан, ана сүтінің дәмін көре алмай кетті. Кішкентай ғана періште де бұл қанышерлерден анасын арашалап қала алмады, қылмыстарына кедергі бола алмады.
***
Шырылдаған сәбидің үні құлағының түбінен естілді. Алдында бала құшақтаған әйел тұр. Қолындағы нәрестені өзіне ұсынады. Ол жәймен ғана қолына алып нәрестеге үңілгенде қанға былғанған кішкентай денені көрді. Баланың шыңғырған даусы тоқтар емес.
Сәбит, Сәбит, тағы да жаман түс көрдіңбе, - деген әйелінің дауысынан шошып оянды. Суық терге малынған күйі аяқ қолы дірілдеп кеткен.
Тағы да баланың жылаған дауысы естілді. Бұл жолы түсі емес, өңінде. Өз сәбиі. Кішкентай ғана ұлы. Ол орнынан тұрып бесікке жақындады. Сәбиді жұбатып, бетіне қарағысы келіп еді, бесіктегі баланың орнында қанға малынған шақалақ. Ол өз көзіне сенбей тысқа қарай шықты. Құлақтан кетпейтін баланың ащы шырылынан құтыла алмай екі құлағын басты. Өздігінен өкіріп жылады. Қайда барса да, жатса да, тұрса да көз алдынан қанға малынған шақалақ кетпей қойды.
Сол күні түнде әйелдің ішін тірілей сойып, баланы суырып алған кезде ол тыпырлап жатқан еді. Кішкентай сәби, бейкүнә періште. Ағасының айтқанын орындамауға батылы жетпестен, шақалақты алып кетті. Жансыз дүниедей лақтыра салды. Жып жылы нәрестенің денесін суық жерге аяусыз тапсырған кезде өзінің үш айлық ұлын елестеткен еді.Бұл Ібіліс пен Періштенің шайқасы тәрізді. Тек бұл жолы зұлымдық жеңгенімен, бейкүнә сәбидің бейнесі көзалдынан кетпей қойды. Қанға малынған қолдарын қанша сүрткенімен, тәніне кеткен жазықсыз адамдардың қанын санасынан кетіре алмады. Оның әр күні тозаққа айналды. Өңі мен түсін, өлі мен тіріні ажырата алмайтын халге жетті. Күйеуінің бойындағы өзгерістерді байқаса да, не болғанын түсінбеген әйелі барлығы ішімдіктен деп ойлайды.
Күңгірт қараңғылық толық түсе қоймаған уақытта, күйеуін іздеп таба алмаған соң қораға кіруі сол, алдында ілініп тұрған жансыз денені көріп есінен танып түсті. Қылмыскер өз өзіне қол жұмсады. Жасаған күнәларын көтере алмады. Оның қылмыскер екендігін ешкім білмей кетерме еді, егер әйелі қалтасындағы хатты таппағанда. Ол милицияға бірден баруға асықпады, себебі жазылған хат оны есінен адастыра жаздады. Ол өз жұбайының жазуын білетін. Осы уақытқа дейін жасаған сорақы қылмыстар, қыз-келіншектердің көмілген денелері, қылмысын мойындау.
Хатты көрген тергеуші бірден іздеу жұмыстарына кірісті. Қала ішінен табылған мәйіттерді айтпағанда,қала сыртындағы арық жағасынан төрт әйелдің денесі табылды. Өлексенің бұзылғанына қарап, әлдеқашан болған қылмыс екенін анықтауға болады. Тағы бір көрсетілген орын бейіт ішінде. Тергеушілер бұл жерді көп іздеді, қазылған жердің орны болса да, айтылғандай дене жоқ. Бұл қалай болуы мүмкін? Нақты көрсетілген жер бойынша арнайы топ орынды тапты, бірақ ешқандай адамның денесі жоқ. Қазылған шұңқырға үңілген тергеуші «тоқтаңдар» дегендей нұсқау берді. Жерге үңіле қараған ол қан іздерін байқады.
Бұл жерге адам тірілей көмілген болуы мүмкін. Тезірек оның кім екенін анықтауымыз қажет.
Інісінің қазасынан соң, ағайындылар тынышталды. Хатта не жазылғанын білу үшін көз жасын көл еткен келіншегінен сұрауға тура келді. Ештеңеден хабары жоқ әйел күйеуін қылмыскерлікке қимайтындығын айтып жылады. Барлық қылмысты тек өз мойнына алғандай, бірақ бір сөйлемде «Біз мұндай әрекетке қаланы жеңіл жүрісті жезөкшелерден тазарту үшін бардық» деп жазған. Бұл сөзден оның қылмыс жасауда жалғыз емес екенінің айқын дәлелі. Істің ізіне түскен тергеушіні де алаңдатқан осы сөйлем еді. Бұл жағдайдан соң қылмыскердің екі ағасы, айналасындағы достары, барлық адам күдікті қатарына алынды. Олардың әр қайсысымен кездесіп, әңгімелесуге Болаттың өзі кірісті. Ол қылмыскердің жалғыз емес екенін білсе де, өзінің сыбайластарын жасырып қалғанына қарағанда жақын адамдары болуы мүмкін деген күдіктен арыла алмады.
Атымтай Жанғабылов, 1975 жылы дүниеге келген, одан кейінгісі Тұрымтай Жанғабылов, 1977 жылы дүниеге келген. Қылмыскердің екі ағасы, әкесі ертеректе қайтыс болған, шешесі тірі. Тұрғанбаев мырза осы кісілерді бақылауға алып, үйлеріне барып сөйлесуіміз қажет.
Құп болады. Қайсысынан бастаймыз?
Әлдекімдердің келе жатқанын алыстан байқаған Атымтай лезде үйіне кірді. Ол тергеушілердің өзіне келетінін білген еді. Өзін бейкүнә адамдай көрсетуге тырысқанымен, кәсіби тергеушінің назарынан ештеңе жасыра алмады. Үйге кіргеннен -ақ ештеңені қалт жібермеген Болат сұрақты ойламаған жерден қойды.
Неліктен ініңіз әйел затына сонша өшікті деп ойлайсыз?
Меен оны білмедім, ол ешқашан әйеліне қатты сөйлеп те көрген емес.
Ол хатында сыбайластары бар екендігін айтқан. Сіздің ойыңызша ол кім болуы мүмкін?
Күдікті бұл сұрақтарға мардымды жауап бере алмады. Аяушылық сезімін тудырып, көзіне жас алғысы келді, бірақ мұнысымен тергеушіні сендіре алмады.
Атымтайдың келіншегі кібіртіктеген күйі тергеушілерге бір, күйеуіне бір жалтақтай қарайды.
Күйеуіңіз бауырларымен қарым қатынасы қалай?
Өте жақсы.. Бауырлары оның айтқанын тыңдайды.
Яғни айтқанын орындайды дейсізғой?
Әйел күйеуіне қарады. Оның сұсты жүздеріне қараған күйі қорқыныштың белгісі білінеді. Бөгде адамдарға ит үруін тоқтатар емес. Әлдене айтқысы келгендей. Ауладан алыстамай ақ «қыңқ» еткен дыбыс естілді.
Итті өлтірді..
Оны қайдан білесіз?
Білемін. Қатыгез адам ең бірінші өшін жануардан алады.
Тұрымтай ағасындай емес, сәл ашылып сөйлеуге тырысты. Оның қылмыскер інісі туралы айтқандары сенімді көрінсе де, тергеушіге әсер етпегендей. Түпкі бөлмеде жоқтауын тоқтатпаған кәрі анасын көрген Болат онымен де сөйлескісі келді. Бала қандай болса да- анасы үшін судан ақ, сүттен таза. Баласы кедергі болуға тырысқанымен, тергеуші айтқанынан қайтпады. Қартайған әйелдің көздеріне тура қарады.
Тоғыз айлық толғағы келген әйелдің ішін жарып, нәрестесін тірілей көметіндей балаңызға не болды деп ойлайсыз?
Әйел дереу жоқтауын тоқтатты. Өксігін баса алмай біраз отырды да, тергеушіге қарады.
Лағнет атсын сендерді, менің баламды қылмыскер деп.. Жалған, жалғааан..
Өзі мойындап, өзіне қол жұмсады. Міне хат. Жазуын танып тұрған шығарсыз?
Ол үндемеді. Одан сайын дауыстап жылады.
Кеткендеріңіз жөн, - деді Тұрымтай.
Барлық күдікті деген адамдар тергелді. Тұрғанбаев ендігі тергеушінің әрекетін білгісі келді.
Бұл адамдардың қылмысқа қатысы бар деп ойлайсызба?
Әзірге нақты айту қиын. Оны білудің бір ғана амалы бар. Ол бейіт басында көміліп, кейін жоқ боп кеткен қызды табу..
Бұл сұмдық оқиғадан кейін де біраз уақыт өтті. Тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылмады. Өлілер қатарына қосылған қыз, өзінің тірі екенін жасырғысы келді. Сол себепті үйіне бармады. Оның аман қалғанынан барлығы бейхабар еді. Егер оның тірі екенін білсе, әлгілер оны тауып алып, азаптайды. Ендігі азапқа ол төзе алмас.
Қылмыскердің өзіне қол жұмсағандығы жөнінде Самалдың да құлағына жетті. Бірақ қандықол жалғыз емес, үшеу болатын. Ағайынды үш жігіт. Сол күні жұмыста ұзақ отырып қалғанын өзі де сезбеген еді. Қарашаның ызғар түніне қарамастан үйіне қарай жаяу асыққан қыз артынан ілескен ер адамды бірден байқады. Көше тыныш, айғайласаң адам естімес, ол адымын жылдамдатып қашамын дегенше алдынан екеуі шығып, қызды тұншықтыра көліктеріне салып әкетті. Қарсыласқанға қарамастан басынан ұрып, қаланың шетіне апарып, арам ойларын жүзеге асырған соң бейітке әкелді. Есінен танған қыз барлығын білді. Қылмыскерлер қыздың жан тапсырғанына толық көз жеткізбестен тайыз қазылған шұқырға лақтыра салған еді. Енді сол оңбағандардың бірі өзіне қол жұмсаған. Тағы екеуі бостандықта жүр. Самал олардың түрін көрді. Егер көз алдына әкелетін болса қателеспейді. Бірақ қыз тасада қалды. Милицияға барып мойындауға батылы жетпеді. Егер заң өзін қорғай алмаса, әлгілер өзін тауып қорлайтындай көрінді.
Бейіт басына көмілген қыздың жоқ екендігі ағайынды қылмыскерлердің де құлағына жетті. Ендігі қызды бірінші болып кім табады?
Қала сыртында орналасқан әпкесінің үйінде тығылған қыз бір жамандықтың жақындағанын сезгендей алаңдаулы күйде.
Әпке, мүмкін мен басқа жаққа кетермін? Ешкім білмейтін.
Қашқанда қайда барасың? Сені бұл жерден ешкім іздемейді. Алаңдамай тыныш отыр.
Әлде әлгі тергеушіге барып барлығын айтсам, ол мені қорғайтын шығар? Ия, солай жасағаным дұрыс болар.
Кешкілік әпкесі кезекшілікке кеткен кезде Самал үйде жалғыз қалды. Есігін іштен кілттеп, перделерді жауып, тіптен жарықты да қоспады. Оның бұл үйде екендігін жан баласы білмейді. Алайда бұл Самалдың ойы еді. Қыздың тірі қалғанын естігенде Атымтай өзін қоярға жер таппады. Себебі көшеден кездескен кездейсоқ қыздың кім екендігін білмесе де, кішкене қаланың ішіндегі әңгіме кімнің де болса құлағына тиеді. Қыздың кім екендігі анықталған соң бейіттен шыққан қыз қаланың ішіне кірмейді, егер милицияға бармаса, ол қаланың шетіне кетуі мүмкін деген болжам. Ал қаланың шетінде кім тұрады? Оны табу қиын болмады. Жалғыз тұратын нағашы әпкесі. Нақты үйді білу үшін бірнеше күн электр шамын қараған кейіппен ағайынды қылмыскерлер айналадағы үйлерді ұзақ торауылдады. Жалғызбасты әйелдің күнде бір мезгілде үйінен шыққанда әлдекіммен қоштасатынын байқады. Жасырынған қыз осы үйде болуы мүмкін деген шешімге келді. Қас қарайған сәтте көше шамдарын істен шығарып, үйге қарай беттеді.
Тергеуші Хамитов істі қолға алған соң, жоғалған қыздардың барлығын тексерді. Жакупова Самал, осы қыздың жоғалғанына ұзақ уақыт болмады. Отбасынан толық мәлімет алған соң, қыздың баруы мүмкін деген жерлерді тұжырымдап, күндізгі уақытта көмекшісін әлгі үйге жіберген болатын. Есікті ешкім ашпаған соң, қайта баруды ойлады. Есіне әлдене түскендей, көмекшісін ағайындылардың үйіне жіберіп, өзі қала сыртындағы үйге қарай қайта бағыт алды.
Майор Тұрғанбаев алдымен ағайындының үлкені Атымтайдың үйіне, оны таппаған соң кіші інісі Тұрымтайдың үйіне барды. Екеуі де үйлерінде болмады. Қайда екендерін ешкім айта алмады. Үнемі қас қарая ағайындылар «аңшылыққа кеттік» деген сылтаумен үйлерінде болмайды. Түпкі бөлмеде отырған кәрі шешей бұл жолы баласын іздеп келген адаммен өзі сөйлесуге ниет білдірді.
«Әйелге деген өшпенділік – анаға деген өшпенділік. Ұлдарым әкеден ерте жетім қалды. Мен ол кезде тым жас болатынмын. Балаларыңа әке боламын, барлығын өз мойныма аламын деп келген ер азаматтың көкірегінен итере алмадым. Атымтайым ол кезде 13 жаста болатын. Не көргенін қайдам, қолында нан кесетін пышағы бар, әлгі адамды жаралап үлгерді. Мені қызғанғаннан солай етті деп ойладым. Кейін әлгі адамды әлдекімнің қолынан қаза болды деп естідім. Бірақ менің балам қылмысқа бармайды, ол қандықол емес..» Әйел балаларын қылмыскер емес деп сендірсе де, ана жүрегі олай емес екенін сезеді. Сол себепті әлдеқашан айтылуға тиіс әңгімені енді ғана айтты. Ол балаларының қылмыскер екенін біле тұра, қылмыстарын жасырды. Майор дереу Болаттың бағытына қарай бет алды.
Алдымен есік, сонан соң барлық терезе қағылды. Сырттағы адамдар үйде адам бар екенін сезгендей. Күзгі жапырақтай діріл қаққан қыздың жанын алуға Әзірейілдің өзі келгендей шарасыз күй кешті. Кенет барлығы тынышталып қалды. Әлгілер кеткендей. Жо-оқ, олар кетпейді. Ешкім жауап бермеген соң есіктің өзегін жұлмалап ашуға тырысты. Көп ұзамай есік ашылды. Торға түскен балапандай діріл қаққан қызды лезде қолға түсірді. Қарсыласуға шамасы жоқ, әйтсе де бар дауысымен «көмектесіңдер» деп айғайлап үлгерді.
Сол бір ғана дауыстың өзі жеткілікті еді. Тергеуші дауыс шыққан жаққа қарай елең етті. Адымын жылдам басып, үйге қарай жүгірді.
Айнала қараңғы, ешкім көрінбеді. Қолына қаруын алып үйге кірді. Ешқандай дыбыс естілмейді. Кенет есіктің артынан әлдекім қатты затпен басынан ұрды. Жылы қан маңдайын жуып кетсе де әлгі адаммен алыса кетті. Кенет тапанша атылды.
Қылмыскерлер қашып үлгермеді. Атылған оқ Тұрымтайдың иығына тиген. Қатты дыбысты естіген майор Тұрғанбаев лезде үйге жетті.
Жаралы жатқан інісіне қарамастан Атымтай қаша жөнелді. Лезде күшейту тобы, дәрігерлер шақырылды. Тергеуші де, қыз да аса қатты зақымданбаған. Жаралы қылмыскер дереу тұтқынға алынды. Көп ұзамай Атымтай да қолға түсті.
Ағайынды Жанғабыловтар жасаған айуандықтары үшін толық жауапкершілікке тартылды. Он бес қыз-келіншектің тағдырын өшірген олар сот шешімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Қанша уақыт өтсе де, бұл оқиға ел жадынан өшпейтін ауыр жара болып қалды.
Қылмыскерлердің анасы сот үкімінен кейін көп ұзамай қайтыс болды. «Қылмыскерлердің анасы» деген сөздің салмағы кез келген жүректі жаншып тастар еді. Жанғабыловтар отбасының қалған мүшелері де қаланың салқын көзқарасына төтеп бере алмады. Олар бұл жерден мәңгілікке көшіп, өздерін жұрт көзінен тасалауға мәжбүр болды.
Тірі қалғандардың арасындағы ең таңғаларлық тағдыр — екі рет өлімнен аман қалған қыздың өмірі. Бүгінгі таңда ол тұрмыста, бақытты ана, екі баланың асыл жанашыры. Қанша қиындық көрсе де, өмірге деген үміті сөнбей, болашаққа сеніммен қарай білді.
Ал Болат Хамитов болса, өз міндетін абыроймен орындап, Алматыға оралды. Бұл іс оған ауыр соққы болғанымен, ол адал тергеушінің жұмысы — соңына дейін жету екенін дәлелдеді. Көп нәрсе артта қалды, бірақ Хамитов жүрегінде бұл істің ізі мәңгі сақталып қалды. Өмір сүре беру керек, әрі қарай жүре беру керек — бірақ кей жаралар ешқашан толық жазылмайды.