Жылдың үздік сатирасы
270

Дециллионердің он мың теңгесі

         Жемқорлықпен, қарақшылықпен байыған бір сараң күтпеген жерден аты жаман ауруға шалдығып, санаулы ғана күні қалыпты. Әлемнің ең қымбат қалаларындағы, ең әсем аралдарындағы сандаған сарайларды, саяжайларды, түрлі демалыс орындары мен сауда-саттық жүйелерін сатып алған, жеке ұшағымен, қалың күзетші, күтушісімен ғана жүретін бай, талайларды қан қақсатып жақсысын, қымбатын тартып алған бай "Не жазығым бар? Бұл неден болды?" деп қатты таң қалып, налыпты. Шипа іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмаған бейшараға күндердің бір күнінде атақты балгер жолығып: "Еліңде кедей-кепшік көп екен. Ең болмаса, солардың бірінің ризашылығын алсаң жаның аман қалады", - депті. Мыңғырған малы, есепсіз ақшасы бар шіріген байға бұл сөз болып па? Оның үстіне, шам алып іздеп жүретіндей емес, елінде битін сығып қанын жалап отырған ағайын шаш-етектен. Қуанышы қойнына сыймаған дециллионер үлкен қаланың шетіндегі бір кедей отбасына ат басын тірепті. Айтпақшы, жанында бұл ісін келер ұрпаққа үлгі-өнеге қылатын бәленбай журналист, блогер, ақын-жазушысы бар екен. Сонымен, қара табан қайыршыға айналуға аз тұрған отағасын жыртық лашығынан шүпірлеген бала-шағасымен қосып шығарып алған бай: "Біздің басты құндылығымыз ---- адам", - депті. "Ел экономикасы қарқынды дамып келеді", - депті. "Алдағы отыз жылда..." - депті. Қысқасы, көп-көп депті. Әйтеуір балалардың алды тәтті сөзге елітіп, аузынан сілекейі ағып ұйықтауға айналғанда байекең қалтасынан бүтін он мыңдықты (!) суырып алып, күллі жұрт көретіндей қолын көкке соза бұлғаңдатып апарып отағасының қолына ұстатыпты да, ақсия күліп таудай көлігіне беттепті.         

         Мұндай ауқымды іс-шара арнайы аталып өтпей, аяқсыз қалса, дос-дұшпанға күлкі болмай ма? Ол тау баурайындағы ең қымбат мейрамханада ас та төк дастарқан жайды. Пұлына келіспесе, көлеңкесін де көрсетпейтін шетелдік әншілерді алғызды. Өзінің ен дәулетін тағы бір паш етпекке әр елдің бай-бағландарын түгел  шақырды. Көп ұзамай Атымтайдай жомарт жанға деген толассыз тілектер, жеті атасынан тарта толғаған арнаулар арнасынан асып-төгіліп жатты! Әттең, осындай мағыналы отырыстарды бұзатын бір оспадар журналист немесе тентек ақын-жазушы болады ғой. Әлде қызыңқырап қалған ба, кенет біреу орнынан тұрды да: "Басеке, бір үй демей-ақ қояйын, миллион да демейін, жүз мың теңге берсеңіз де болар еді ғой",  - деп қойып қалды. Мына сөзден кейін күллі мейман ғана емес, зәулім ғимараттың өзі ішінен тынды. "Енді не болмақ? Иен тегін тамақ пен тамашаға қолдары енді жеткенде, бұл да бүйректен сирақ шығарып..." Қанша сараң болса да сұңғыла, асықпай шешім қабылдайтын әккі кісі емес пе, көзі бір орнында тұрақтамай айналасын түгел бағып, миығынан күліп сәл отырды да: "Үйге, көлікке, жерге салық төлеп жатқан жоқ. Біреудің салған дайын баспанасында пәтер жалдап қана отыр. Жүз мыңның бәрін не істейді?" - деді. Жаңа ғана сілтідей тынған көпшілік, қайтарларында бір-бір конвертті төс қалталарына сала қайтудан дәмелі топ дуылдата қол соқты. Дәл осы тұста бір батыл жазушы, әлде ақын ба, блогер ме екен, сәп салып қарамағанымды қарашы... (Ондай батылдар бұл елде өте көп негізі) орнынан атып тұрып: "Бұл кісіге мың теңге берсе де жарасады. Мәселен, мен аш қалсам да жаңағы он мың теңгеге тиіспей, шаң қонбайтындай әйнектеп төріме іліп қояр едім. Ал сен жүз мыңды айтасың",  -деді зілденіп. Ду қол шапалақ тіпті үдеп кетті.

         Не керек, дарақы журналисті көп ұзамай абайсызда көлік қағып кетті. Батыл жазушы әлде ақын, журналист, мүмкін блогер қала төрінен атшаптырым үй алды. "Өзі өлгелі жүріп сонша бала таптырғаны несі? Баға алмай ма, тумасын" деп, дециллионердің нониллионер бәйбішесі қатты сөккен кедей он мыңға шын риза болып, Құдай тілегін қабыл қылған ба, жемқор бай көзі ойнақшып әлі аман-есен жүр екен...