18
Психолог
PSIKHOLOG & LOVE
... "ТҰРСАҢШЫ! КҮН КӨТЕРЛІП КЕТТІ ҒОЙ. АЛ СЕН, КҮННІҢ КӨКЖИЕКТЕН КӨТЕРІЛГЕНІН ТАМАШАЛАҒАНДЫ ҰНАТАСЫҢ!
КҮНДЕГІ ӘДЕТІҢ ОСЫ!“...
Иә, күндегі әдетім де, күндегі таң қоңырауым да осы!
"Ұйықтап қалу" деген әдетім жоқ болғанымен, санам оянып алса да өзім шала ұйқының құшағынан суырылмай осы сөздерді, осы дауысты күтіп жатамын. Сосын, ойға батамын. Ой-менің мәңгілік серігім. Күн кірпігін қаққанда айқасқан кірпіктерім ажырағаннан, қайта жымдасқанша ой кешемін. Кейде, ойдан шаршаймын. Құтылғым келеді. Қайда қашып құтыласың? Үнемі қыр соңымнан қалмай, қуалайды да жүреді.
"Адамдардан, жағдаяттан құтылуың мүмкін болғанымен, өз ойың мен сезімдеріңнен қашып құтыла алмайсың"- деген екен, Эрих Мария Ремарк. Менің ойларым күннің өзінен туады. Күннің өзінен басталады.
**** Күн жүйесі ғаламшардан он төрт триллион км қашықтықта орналасқан. Оның жарығы 9 планетаға түседі. Егер алып жұлдыз сол орнынан 1 метр бері жылжыса жер бетін өртеп, күйдіріп кетеді де, 1 метр кері жылжыса, жер мұзға оранады екен. Ғалымдар сүйдейді. Не деген дәлдік. Бұл жайлы Құранның “Қамар” сүресінің 49-аятында жазулы тұр емес пе!
**** Нумерологтардың айтуынша, "1" санына ие адамдар күн планетасымен тығыз байланысты көрінеді. "Жалпы, адамзат көкжиектен шуақ жүгіргенде оянбаса, сол күнгі ырыздығынан қағылады. Күн батқанша қуатының сарқылмай, сергек жүруі үшін де күншығысқа ерте назар тіккен жөн!"...
Бұл, анамның сөзі.
**** Әйел жаратылысы гүл секілді. Құлпырып, жайнауы үшін, жұпары аңқып, жүрегіңді қытытауы үшін күннің жарығы мен жылуы керек!...
Күнмен жағаласып оянсам болды, миымды осындай сан-мың ойлар мазалайды. Тоба, миымда дәптерім бардай. Алдымен, **** төрт жұлдыз теріледі де, мен кешкен ойлар жазыла береді, жазыла береді. Өзі, ғаламшардағы тіршілік көзі төртеу ғой: жер,су, от, ауа. Бәлкім, әлгі төрт жұлдыз осы төртеуі сияқты ойларымың негізі ғана емес, көкірек көзім шығар?! Әйтеуір, төртеу.
Кейде, неге соншама ойшылмын деп таң қаламын. Қандай адамдар үнемі ой кешіп жүреді? Кіммін өзі?
– Әй, бері келші!
– ӘЙІҢ НЕ СЕНІҢ? ОСЫ МАҒАН ҚАШАН ҚҰРМЕТ КӨРСЕТЕР ЕКЕНСІҢ, СЕН ҚЫЗ?
“ӘЙ": "ЕЙ"; "ӨЙ" ... АТСЫЗ ДА, ЗАТСЫЗ ДА ЕМЕС ЕДІМ ҒОЙ.
– Иә, сен Лилиясың! Сосын, сондай сұлусың!
Лилия, анамның сүйікті гүлі. Оны көрінген адамға қимайтынымды білесің ғой!
― Ал мен, соған лайықпын ба?
― Қойшы, мынаны айтшы, осы мен кіммін?
…Мырс етіп күле саласың екен түге, жауап берсеңші!
– БАЛА КҮНІҢНЕН ҚИЯЛИ ЕМЕСПІСІҢ!
ЖОҚТАН ӨЗГЕДЕН МӘН ІЗДЕП ЖҮРЕТІН МЕН БЕ ЕДІМ? МЕЛИНДА СИЯҚТЫ БАЛА БОЛА АЛМАДЫҢ ҒОЙ! ӘЙТЕУІР, ӨЗГЕШЕСІҢ. ӨЗГЕШЕ ОЙЛАЙСЫҢ, ӨЗГЕШЕ СӨЙЛЕЙСІҢ, ТІПТІ, ӨЗГЕШЕ ӨМІР СҮРЕСІҢ.
– Мелинда!
Мелинда! Мелинда! Мелинда!!!
Мелинда емес, Мейрамгүл деп қазақша айт. Қазаққа шетелше ат қойсаң супер бола ма? Менен, мына менен өзгеше бола ала ма?
Әлде, бала бола алу үшін шетелше ат қоюлуы керек пе?
– МЕЛИНДА... АААА, ЖАРАЙДЫ! МЕЙРАМГҮЛ БОЛСА, МЕЙРАМГҮЛ БОЛСЫН! МЕЙРАМГҮЛ БАЛА БОЛЫП ЕРКЕЛЕЙ АЛАТЫН. БАЛА СИЯҚТЫ ҚУАНА ДА, ЖЫЛАЙ ДА БІЛЕТІН. ІШІНДЕГІСІН БҮКПЕЙТІН. ҮЛКЕН АДАМША ОЙЛАНБАЙТЫН.
БАЛА, БАЛА БОЛА АЛУЫ КЕРЕК!
– Болды! Жетер! Оның сатқын әкеден, сатқын анадан туғанын ұмыттың ба?
Туф! Өзіме қанша мың, миллион рет серт бердім?! Сенімен салғыласпаймын, жек көрмеймін, қасарысып, қырсықпаймын деп. Бәрін өзің бастайсың!
– МЕН… МЕН… МЕН ТЕК САҒАН ЖАҚСЫЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
– Болды! Доғар!
Оданда мынаны айтшы, әлгі бала түнде тереземнің алдына тағы келді ме?
– ИӘ! ТАҢ БОЗАРҒАНША ТҰРДЫ. ЕКЕУМІЗ ҰЗАҚ КӨЗ ҚАРАСЫП ОТЫРДЫҚ.
– Түсінікті!
Не керек екен соған? Кімді іздейді? Неге құйған жаңбырға, жауған қарға қарамай түні бойы тереземнің алдында тапжылмай тұрады? Неге?
*** ***
Мен-психологпын! Өмір бақи оқыдым, тоқыдым. Тіпті, бала күнімнен ғылымға ғашық болдым. Сосын, атым-Махаббат. Бірін- бірі шын сүйген ата-анамның махаббатынан жаралған-Махаббатпын!
**** Махаббат-сүйіспеншілік!
Шынайы жақсы көру, сену, аялау.
Бұл әлемді Ұлы Жаратушы зор махаббатпен жаратты.
**** Құрсақтағы эмбрион өзін пайда қылған екеудің махаббатын сезеді. Махаббаттан жаралған қызыл ет ең алдымен жүрек болып соғады. Төрт апталық ұрықтың жүрекке айналып соғып тұруы-Ұлы Жаратушының шеберлігі! Шыр етіп дүниеге келген нәресте ештеңені түсінбесе де, титтей жүрегімен айналасында махаббаттың бар-жоғын сезінеді. Жөргегінде жетім қалған сәби өзге балалардай жыламайды екен.
О, Құдайдың құдыреті!
Махаббатқа бөлер ешкімі жоқ екенін сәби жүрек қайдан біледі? Құндақтағы жалғыздық!
Қандай өкінішті!...
**** Мелиндаға ұқсамайтыным үшін махаббаттан қағылған болармын... Жүрегімде өкпе бар. Мелинда ойыншық ойнайтын. Ал менің ойыншықтарым су жаңа күйінде тұрушы еді.
Ол, менің ойыншықтарыма қызығатын. ”Сол ойыншықтарды ойнаймын“ деп жылаушы еді. Сөйтсе болды, арманы орындала салатын. Мұнысын: "бала болып жылау" дейтін басқалар. "Ананы қара, көбелек ұшып барады"; "Мынаны қара, құмырсқа кетіп барады"-деп таңырқаса да сол баяғы теңеуі дайын, "балаша қуана алады" -деп мақтай жөнелетін.
Маған ойыншық қызық емес еді. Өйткені, мен олардың өтірік екенін білетінмін. Қоян да, түлкі де жасанды. Қуыршақтар да жансыз. Резинадан жасалған. Жасанды шаш, жасанды көз. Бәрі-бәрі жалған.
Шынайылықты ұнаттым. Ақиқатты аңсадым.
Тылсым дүниенің құпияларына ғашық болдым. Ғылымға құмарттым. Сонау бала күнімнен табиғаттың тынысы мен тіршіліктің заңдылығына үңілдім.
**** Жапырақ бетінде ирелеңдей сырғанаған құрттар мен жауыннан кейін антеннасын едірейтіп, әлемді тамашалай барлаған ұлудың да өз позициясы бар. Ақылды адамдар оларды мисыз жәндік көреді. Қандай күлкілі!
**** Құрт-құмырсқа жәндік те титтей түйсікпен өмір сүреді. Қай мезетте не ету керектігін анық ұғады да, бұлжытпай орындайды. Сосын, бірін бірі жейді. Солай тіршіліктегі миссиясы аяқталады. Жұрт бұларды бірін-бірі жеп, қоректенеді деп қысқа ойлайды. Әсілі, бұлар табиғат санитарлары. Адамзат өмірі үшін жаралған. Сол бұйрықты мүлтіксіз орындайды...
Бұл, небәрі 5 жасымда ашқан жаңалығым.
**** Адамзат әлемді үлкен және кіші кітаптардан таниды. Үлкен кітап-Жаратушының мұғжизасы да, кіші кітап-адамдардың толғанысы. Үлкен кітапта ақиқат бар. Кіші кітапта ақиқатқа ұмтылу бар...
Мұны, 8 жасымда-ақ ұқтым.
Осындай "жаңалық" ашқанымда, әкем тәнті болды, қол соқты. Құрмет көрсетті. “Жәндіктер анталогиясы” мен “Гүлдер анталогиясы” томдықтары мен “Жер, су, от, ауа” энциклопедиясын сыйға тартты. Бұл, әкемнің маған сыйлаған соңғы тартуы еді.
**** Үлкен кітап пен кіші кітаптардың бағамы тең болсын ба? Үлкені біреу, кішісі көп кітаптар түбі адамзат үшін керек!
Үлкен кітап анамдікі де, кіші кітаптар әкемдікі болатын. Екеуінен жаралған соң, екеуі де, екеуінің ұғымы, принциптері де қымбат.
Анам Үлкен кітаптың мәнін түсіндіріп, құпиясын ашатын. Әкем, кіші кітаптар сыйлап: ”Ішінде қызықты дерек көп! Оқы!“-дейтін.
*** ***
... Қаланың қақ ортасындағы офисімді бетке алып келемін. Қоңыздардай құжынаған қалың нөпір көлік жыбыр-жыбыр еткенде, көп қоңыздың бірінің ішінде отырғандай жүйкем тозып, жүрегім айнып кетеді. Клаустрофобия-бала күнімнен жабысқан дерт. Осы фобиялар жүйкені бұзады.
**** Жүйкені сақтау керек!
Жүйке жүйесі зақымдалса қалпына келмейді. Мұндайда, құлазисың. Құлазуды психология тілінде "депрессия" дейді. Бұл, психикаңды құртып тынады. Психика-адамның қоршаған ортамен қарым-қатынас кезінде пайда болатын және де адамның қимылына, іс-әрекеті мен ойлау процесіне әсер ететін, шынайы құбылысты өзінше қабылдау түрі...
Бұл, мен ашқан жаңалық емес. Мұны, 17 жасымда білдім. Жоғары оқу орнының 1-курс студенті едім, онда.
**** Адамзат ілім-білім қуып, ғылыммен айналысады. Жаңалықтар ашады. Ал сол жаңалықтарын 13 ғасыр бұрын түсірілген Үлкен кітаптан тапқанда таң-тамаша болады. Шетсіз, шексіз галактикада миллиардтаған планеталар мен жұлдыздардың арасында жіпсіз, байлау-тіреусіз айналған “Жер” планетасының тұрғындары өздерін жаратылыс атаулының ең білгірі санайды, кейде. Жаратушының шеберлігін көрмейді-ау! Ұғымсыз ілім, ілімсіз ғылым жоқ. Ғылымсыз ғалым тағы болмайды.
Бұл, қазіргі пайымым!
*** Еңлік-жаз жайлаудың гүлі. Тауға көктем келе Еңлік гүлі бой көтеріп, мамырдан бастап суық түскенше үздіксіз гүлдейді. Бір сабақта шоғырлана өскен ұсақ, нәзік гүлдерді жұлдыз іспетті түкті жапырағы қоршап, қорғап тұрады. Таудың салқын һәм құбылмалы ауа-райына төзімді қасиетін білетін қазақ халқы осы гүлдей сұлу да, мықты болсын деп, қыздарын Еңлік атап жатады.***
– Махаббат Сияқықызы, сәлеметсіз бе!
– Аманбысың, Еңлік!
– Залды дайындап, орындықтарды түгендеп қойдым. Бүгін, сізге төрт әйел келеді. Сағат 10.00-ге жазылған.
– Жақсы!
Осы қыздың үнемі сергек және көңілді жүретіні ұнайды. Орыстар мұнай адамдарды "скоморохи" дейді. Айналасына шуақ шашып, шаттанып, күліп жүру тамаша ғой!
Дүйсенбілік жұмысым осы жерде, осылай басталады. Бұл уақытта “Әйел және әлем” сағаты жүреді. Өзім ашқан "Психолог және психологиялық кеңес" атты офисімнің төрінде отырып, әлемдегі ең жұмбақ жаратылыс иелерінің мұң-шерін тыңдаймын, түрлі кеңестер беремін.
Әйелдер мұң арқалап келіп, бері аттаған босағасынан күлім қағып, кері аттап шығады. Бәз бір зіл батпан мұң мен қуаныштың арасын бөліп тұрған шекараның бергі жағынындағы сыйқырлы әлемге тап болғандай лепіреді. Қабаттары көп осынау биік үйдің босағасына іргелес офистегі психолог емес, сиқырлы әлемнің феясындай сезінемін кейде, өзімді. Кейде, осы қиялыма сенгім келеді. Сенемін!
**** Әйел жаратылысы сенгіш. Олар бірдеңеге, біреуге сенбесе өмір сүре алмайды. Сырын ашар сенімді жан таппағанда құса болады.
Әйел бақытының құпиясы біреу ғана. Ол-шүбәсіз сенім!
Әлдебіреудің сенгенін қалайды. Сендіргісі келеді. Сенбесе, сенімі өледі. Сенім өлсе, сезім өледі. Әйел-ең сезімтал жаратылыс. Сезімсіз ғұмыр жанын құрдымға тастайды. Кісікиікке айналып, адамзаттан жерінеді. Жалғызсырайды.
Жалғанда жалғыз көп. Өте көп...
"Айболит дәрігер" есіңізде ме?!
Ол жан-жануарларды емдейтін. Мейірім мен жақсылық аңсаған адамзаттың қиялдан құрап алған образы. Ал мен ше? Мен?
Мен-рух дәруішімін.
Иә, солай!
Қазір, 5 минуттан соң, өмірден баз кешіп, жалғыздықтан жалыққан, сатқындықтан сынған әйелдер келеді. Мен, тыңдаймын. Тыңдағым келмесе де тыңдаймын. Тыңдауым керек!
Адамды тыңдай алу-өнер.
Тыңдаушысы жоқ адам-ең бақытсыз адам.
... Әдеттегідей, клиенттерімді жылы жүзбен қарсы алып жатырмын. Ең алғашқы көріністің рөлі зор. Әсіресе, психолог үшін. Бүгінгі қонақтарымды ынты-шынтыммен тыңдауға, келісті кеңес беруге рухани дайындалып келгенмін. Күніне төрт әйелден артық қабылдамаймын. Үнемі бөтеннің тауқымет толы зары мен сырын тыңдай беру де ауыр. Міне, олар да тыңдайтын, түсінетін жан таппай торыққанда, психологқа жүгінуге мәжбүр болады. Адамды адам тыңдаудан, түсінуден қалғалы қашан...
Алдымен қыз бала бастады. 33 жаста. Жан-жануарлар дәрігері (ветеринар)
..."Анам, сырласуды білмейтін.
Сырласу былай тұрсын, сөйлесуге ықтиярсыз еді. Тіпті, құрбыларымды да жіті танымайды. Өзге қыздардың анасындай: "Анау сенімді, мынау сенімсіз" - деп секемденбейді де, ескертпейді де. Үйге келіп тұратын, еріп жүретін үш қызды менің "жақын достарым" деп ойлайтын. Анығында, мен олардың бірде-бірін ұнатпаушы едім. Жалғыздықтан қорыққан соң, өздері бейілді болған соң соларға еріп жүре бердім. Алайда, оларға ешқашан да ішкі сырымды ақтарған емеспін ...
Керсінше, олар жайлы сыр шертісер жан таппай қиналатынмын. Мысалы, Төлегенге ғашықтығымды айтар тірі жан таппай жүргенде анамның ойынша “жақын құрбым”, иеленіп кетті. Ал менің сырым мәңгілік құпияма айналды да, жүрек сандығымда құлыптаулы күйі қалды. Қаншама жігіт кездестірсем де сол ғашығыма ұқсайтынын көрмедім. Іздедім. Соған ұқсайтынды іздедім.
Таппадым. Жалықтым. Жалғыз қалдым.
Күлгенім, өмір сүргенім, қуанғаным бәрі-бәрі жасанды еді. Ал қазір бақыттымын! Жалғыз емеспін! Төлегеніммен біргемін. Ол келді.
Мен онымен серуендеймін. Таңғы асымды да бірге ішемін. Тіс жуғанымда да қасымда болады.
Киім ауыстырғанымда одан қатты ұяламын. Теріс қаратып тұрғызып қоямын да, әлден соң көрпемді жамылып, жарықты сөндіруін өтінемін. Ол маған: " Жоқ! Сен ұйықтағаныңша қарап отырамын"-дейді. Бірақ, жарықты сөндіруді үнемі ұмытып кетеді... (Өз қиялына батып, күліп алды)
"Төлеген" деп, өзім қойып алдым ғой, есімін. Тұп-тура Төлегеннің өзі. Бәлкім, соған қатты ұқсаған соң болар, "Қыз Жібек" филімін мың рет көрдім. Мен тіпті жаттап алдым. Мен деппін-ау, Төлегенім екеуміз бірге көреміз. Үнемі сөйтеміз. Ал анам болса: "Сен жынданғансың!"-дейді. Ол мені түсінбейді. Әрине түсінбейді. Бала күнімнен сырласпаған соң, бойжеткен кездегі сырларымды бөліспеген соң, мендегі мінез-құлықты білмейді ғой... Төлегенге қалай ғашық болғанымды, қалай қызғанғанымды, қалай аңсап, сағынғанымды...
Ой, кешіріңіздерші!
Пхххх... Көзімнен бір тамшы жас шықса болды, танауым жібіп шыға келетіні несі екен, осы?!...
Сіздерге келуіме анам себепші болды.
Жоқ! Мен жынданған жоқпын. Ел қатарлы өмір сүремін, жұмыс та істеймін, достарым, ортам да бар. Тек, бір секунд та Төлегенді ертпей жүре алмаймын. Егер одан айырылсам, жоқ болып кететіндеймін. Анам, осыны да түсінбейді. "Біз" деп сөз бастасам болды, егіл-тегіл жылайды. “Есің ауысқан!“- деп жазғырады. Менің Төлегенімнің менен өңгенің көзіне көрінбейтініне сенбейді. Мейлі, мен бақыттымын ғой. Бақытты болуға хақым жоқ па?...
**** Иллюзия.
Иллюзия-алдану. Жалғанға илану. Қиялдағы үмітті үзбеу. Орындалмайтын арманға айналу.
Жанын мазалайтын махаббат емес, өкпе. Сол жігіттен гөрі, анасының суық мінезін ұмыта алмайды. Құрбысынан гөрі анасына қапалы. Кешіре алмайды. Егер, анасымен түсінісіп, кеудесіне батқан барлық өкпесін жуа алса, көкірегі босап, көзі ашылар еді. Жігіттердің де жақсы жағын көре алар еді!
Иллюзиядан құтылады...
41 жастағы келіншек кезек алды. Мамандығы-медбике.
"Күйеуім үшін өзімді құрбандыққа шалдым. Арманымнан бас тарттым. Әнші болғым келген. Қайдағы әнші? Құрылысшы болдым. Жоқ, кір жуушы, аспазшы, бала туушы... Жоға, күң болдым. Иә, иә! Кәдімгі, сөлпі етек күң!
Жоқ едік, бар болдық. Жарлы едік, бай болдық! Жас едік, кәрі болдық...
Енді не болды? Енді, сорлы болдым!
Бақытты едік қой! Бәрі бар еді бізде. Шәйт деп ұрысқан емеспіз. Аяқ асты өзгерді. Өзгергенде, бұзылды.
"Айнаға қара! Түріңді көр! Адам қызығар нең қалды? Мен еркекпін! Маған әдемілік ұнайды! Қылықты қатынды қалаймын!" -деп, бір-ақ түнде тайып тұрды ғой, қасиетсіз. Ол ол ма, бүкіл дүниені сатып, бөліп, өмір бақи жинағанымызды талан-тараж қылды.
Өлгім келді. Талай рет... Балаларым үшін жанымды қимадым. Олар кімге қалады? Кімге керек?
Бақытты едім. Бақытты еді. Бақытты едік...
Оны бақытты еткен кім? Менмін ғой!
Ол келеді. Мен сенемін.
Біз әлі бақытты боламыз!"...
**** Жылағаны да дұрыс!
Көз жасы, әйелдердің қаруы. Барлық опасыздыққа қарсы тұрар, әсерлі ситуацияларды өзегінен өткізер тәсілі.
**** Өксігіңді бөлшектеп жұтып, жасыңды қинала тежеп, сөзіңді жалғау қандай қиын!...
"Мені кешіріңіздер! Ішім толып кетті. Менің "бақыт" деп жүргенім көңілімнің тоқтығы екен. Көңіл шіркін тойынған сайын семіреді екен ғой. Жарым да, үйім де, күйім де бақытымның детальдары секілді көрінді. Көңілде титтей кінәрат болса етті. Осының бәрін мен түсінгеніммен, ол түсінбеді. Түбі, өкініп, қор болып қайтып оралады..."
**** Фикция.
Жалған. Шындыққа жанаспайтын жалған жағдайлар жасау немесе сондайға бағыну. Өз шындығын тықпалау, сену, сендіруді көздеу, мәжбүрлеу. Көзге ұрып тұрған жалғанды шындық деп қабылдау.
Әйел, өз әлемінің жалғыз періштесі екеніне кәміл сенеді. Жағдаяттардың барлығы өз арқасында ғана болып жатқанына күмәнданбайды. Түбі зор өкінішке дұшар ететін солқылдақ сенім.
Келесі әйелдің мінезі қандай салмақты болса, сөзін де салмақтай бастады.
52 жаста екен. Ректордың орынбасары.
"Ректорымыз ауырып жатқанда университеттің бүкіл жұмысын тындырдым. Тастай қылып, шашауын шығармай ұстап отырдым. Алты ай. Бақандай алты ай. Жарты жыл. Ол кісі олай-былай боп кетсе, орнына мені тағайындар деп ойладым, Сендім. Сенгенімді қайтейін?!... Енді...
"Мен ректор болсам бар ғой, сен декан боласың; Ал сені, бас оқытушы профессор етіп тағайындаймын"-деп, жұртты еліктірді, желіктірді. Сөйтті де дауыс жинады. Өзі кім дейсің?! Декан ғана еді ғой, шірік неме. Таныс-тамыры қырқаяқтың бұтынан көп. Ол ғана емес, қорғанын айтсаңшы. Анаааау жақта шіреніп отырған бір көкемнің "несі" ғой. Әлгі... "Көңілдесі" дей ме?!... Қысқасы, жеңді. Дауыс та сонікі, жеңіс те сонікі, кресло да сонікі. Көңілім қалды. Енді келіп бәрі маған уәж айтады. "Алдандық" дейді. Мен ше? Денсаулығыма нұсқаны келді. Жалғыздықты ұнататын болдым. Әуелі, кісікиікке айналып барам. Ешқайда барғым келмейді. Ешкімді көргім де жоқ. Қалай айығарымды...
Білем, кешіру керек! Кешірімді болу керек! Бірақ... Сондай қиын... Сырт көз-сыншы. Психологтан кеңес алмасам, құрырмын" ...
**** Демагогияның құрбаны.
Өзінің қылмысты мақсатына жету үшін айналасына құрғақ уәделер беріп, алдау, сеніміне кіру. Ақиқатты фактілерді бұрмалап, жағымпаздыққа бару арқылы көпшілікті айлакерлікпен, жылпостықпен баурау. Мұндайлар құрбандарын аямайды. Жалпы, демагогтарда адамдық қасиет болмайды.
Бүгінгі психологиялық кеңеске келген соңғы клиентім-Еркежанның келбеті де, өзін-өзі ұстауы да ерекше. Кім сөйлесе де мұқият тыңдайтын ұғымталдығын байқап отырғанмын. Өзі, небәрі 25 жаста екен. Жас маман.
"Жұмысым өзіме ұнайтын. Мен, технологиялық жүйелердің инфрақұрылымында құжаттамалық функцияларды орындауға жауапты технолог маманы едім. Желі мен жүйе қауіпсіздігін қамтамасыз ететінмін де, жүйедегі барлық компоненттердің дұрыс жұмыс істеуін қадағалаушы едім. Пайдаланушылар, қызметкерлер қандай да бір ақау тапса, соны жою мен проблемаларын талдау және шешумен айналыстым.
Табандылығым мен білімділігім бұрынғы басшыға ұнайтын. Бағалайтын. Төрт айдан асты басшымыз ауыспақанына. Жаңа басшыға не етсем де жақпаймын. Бұл істің жөнін өзі де дұрыс білмейтінін байқадым. Шыны керек, бұл кісінің сексистік көзқарасы өте қауіпті. "Әйел адамдар іс тындыра алмайды; Жауапты жұмыстарға әйелдер қауқарсыз"- деген соқыр сенімін жасырмайды да. Мені ғана емес, жауапты істің басындағы талай нәзік жандының орнын еркектермен алмастырды. Сол кісінің кесірінен кәсіби орталық шығынға батты. Банкроттың аз алдында тұр. Енді ол кісі барлық кемшіліктерге мені кінәлап, айыптап, үстімнен арыз-шағым да жазамын деп шүйлікті. "Өз еркіммен" деп қолхат жаздырып алып, жұмыстан қуды...
Жыламағаны дұрыс! Батылдық! Көз ұшынан тауып алған нүктеге үнсіз үңіліп, ұзақ отырғанына қарағанда нағыз күрескер! Ой қорытып отыр.
**** Жыламайтын адамдар үш түрлі болады. Біріншісі: Қатыгездер. Ешкімнің мұңын ұғына да, сезіне де алмайды. Өйткісі келмейді. Бұлар-эгойстер. Бұлардың көзінен бір тамшы жас шығуы мұң; Екіншісі: Қаншама ауыр қабылдап отырса да сыр алдырмайды. Ішкі сезімін көрсете алмайды. Сөзге шорқақ. Тұйық. Мұндайларды-меланхоликтер дейді; Үшіншісі: Қулар. Олар шын жылаудан мақұрым. Ал өтірік жылау қолынан жақсы келеді. Ұнау үшін, баурау, алдау, жеңу үшін "жылау" тәсілін ұтымды пайдаланады. Меркантилді қатынасқа әдетті адамдар өз пайдасын жақсы біледі. "Қандай мейірімді еді! Қасыретімді өн бойынан өткізе алды; Мен, қайғымды айтқанымда-ақ көздері мөлтілдеп шыға келді"-деп тамсанады, "білместер"...
Еркежанның қарсыласы-делитант.
Делитанттар, белгілі бір істе біліктілігі болмаса да, сол шаруаға ұмтылатын адам. Ондайлар кәсіби шеберлікпен ғана емес, кәсіби шеберлерді тану қабілетінен де мақұрым.
Мизонтропия.
Адамдардың жанын жаралап, көңілін қалдырып, ауру қылатын осы - мизонтроптар. Жек көру. Адамзат атаулыдан жеру. Сүюді білмейтін, сүйгенің қадіріне жетпейтін; Сыйлауды білмейтін, сыйлағанды бағаламайтын жексұрын әдет.
Фикциянист, демагогтар мен делитанттар адам емес, әйтеуір бір жаратылыс. Олардың сырты адами терімен қапталғанымен, іші қуыс, лас. Көкіректері қараңғы.
... Адам ең алдымен өзін тануы, бағалауы керек!
Өз жаның өзіңнен басқа ешкімге керек те, қымбат та емес!
Өзіңді сүйе біл! Бұл, эгоизм емес, құндылық.
Сендегі құндылық-өмір ғана. Өз өмірің. Оны құнсыздандыру- құсалық, құлазу, құлдырау. Бұл, паталогия.
Өзінің, өз өмірінің бағасын білмеген, осыларды тым арзандатқан адамды тағы бір адам сүймейді де, сыйламайды да!
Иллюзия-шынайы өмірден бас тарту. Тұңғиыққа батып, сағымға сіңу. Бұл айтқандарының бірде-біреуі адамдық миссияңды білмеуге жеткізіп, рухани тоқырауға ұшыратады...
Кері байланыс та керемет әсерлі болды.
"Махаббат Сыйақықызы, сізге алғысым шексіз! Жеңілдеп қалдым. Бұдан былай ешкімге, ешқашан өзімді қорлатпаймын! Өзімді бағалауды үйренемін! Өз өмірімді құндылық деп табуды шештім!"-деп түйіндеді сөз бастаған кейсім.
"Ал мен, айналама өзімді сыйлатуды үйрететін боламын!
"Сыйға сый, сыраға бал"- деген. Өзімнің қандай қатынасқа лайық екенімді түсіндіремін!"-деген шешім қабылдады, бірі.
"...Иә, өзіңді балау_өзіңді қорғау! Осыны түсіндім. Бағыну-басындыру емес. Ондай жерден, басыңды бағаламайтын жерден кеткен жөн!"-деп қорытындылады тағы бірі.
"Иллюзия-жалған. Қиял. Реалды қабылдамай, мойындамай, өмірім өзгермейді. Біз, жолаушылармыз. Жолжөнекей жолыққан әр адам сынақ обьектілері. Бірі-сабақ, бірі-сағыныш, бірі-естелік. Тек қана алға қарау керек! Алға жылжу керек!"-деп тоқталғанымен, махаббат жаралаған жанын әлпештеп отырып, әзер айтты, алғашқы кеисім.
**** Әйел, қандай ғажап жаратылыс!
Тез мұңаяды, тез қуанады. Тек қана жылы сөз аңсайды. Адалдық пен адамдық болса жеткілікті, әйелге.
Рухани жалғыздыққа тап болған әйелдерге ақыл кеңес беріп, қолдау көрсету міндетім емес, мамандығым. Кейде, өзім де түсінбейтін, өзім де жасай алмайтын "зор" ақылды айтамын жұртқа. Сенімді түрде айтамын. Олар маған сенуі керек!
Сенім, әйел затының жан қалауы.
Жақсылыққа сенбей ғажайып өзгерістерге қол жеткізбейсің.
Сенім-энергия! Мықты энергия!
Жұрт, осы құпияны білуі үшін ғана психологқа келеді. Іштегі шерін төгеді. Осы сәт мен оларға сене тыңдаймын. Сенген сайын олар да ашыла түседі.
"Анаңа барып, алдынан өт! Кешірім сұра!" - дегеніме де, "Әкеңді кеш!"- дегеніме де бағынады. Бұл, сенімнің жетістігі.
Айтуын айтамын-ау! Өзім, өзім айтқан ақылды қаншалықты орындаймын?!...
– Махаббат Сыйақықызы, түскі асты офисте ішесіз бе, әлде, арнайы тамақтанатын жерге барасыз ба?
– Еңлік, "Tefal" шәйнекті қойшы. Сосын, оң бүйірдегі кафеден ыстық қуырдақ алып кел. Өзіңе де керегіңді ал. Түскі астан соң "Қалалық сот палатасының жанынан құрылған психологиялық кеңес беру орталығына" баруым қажет.
– Ақыры баратын болдыңыз ба?
– Олар да ұсыныстан бас тартпады, өзім де көп ойланып келісім бердім.
– Іздегеніңізді әлі таппай жүрмісіз?
– Табамын!
**** Бүгінгі қоғамда қазақ әйелінің бейнесі қандай? Әдебиет қазақ әйелдерінің психологиясын аша алды ма? Қазақ әйелдері қоғамдағы өз бағасын алды ма?
Қазақ әйелдерін мүсәпір, әлжуаз, мінезсіз етіп көрсету сонау советтің дәуірінен бергі әдет. Орыстың классигі Лев Толстойдың "Анна Каренинасы" қазақ жазушыларының ұстанымына дәл келген. Тек, Жүсіпбек Аймауытов қана кереғар принціпте жазды. Ақбілектің бойынан табылған пендешіліктері мен әйелге тән әлсіздігі үшін жазғырмады. Ақбілекті аялай алды. Қорғай алды. Ақтай алды. Жақтай алды. Міне азаматтық!
Түгі қисайса әйелден көру ықылымнан бар. Әйелді екінші сортты жаратылыс ретінде бағалау нендей жетістікке жеткізді адамзатты? Бағынышты да, серік те, қолғанат та, жұп та бола алатын нәзік жанды жаратылыс қатыгездікті көтере алды ма? Кеше алды ма? Түбі, қарсыласқа айналғанда күрескерлікке жетті. Қарсы тұрудада қатыгездік бар емес пе?! Қатыгездік болғанда нәзіктік өлмей ме?! "Әйелді "Мықты" дейтіндер не біледі? Әйел, мықты болуы үшін жаралмаған. Қатыгездік пен немқұрайлық, сатқындық пен екіжүзділік әйел әлемін қиратып тастағанда, өзін-өзі "Лега ойыншықтарындай" қайта құрап шығатын әйелдер күресуге мәжбүр болады. Мықты күрескерге айналады. Жалғыздығын қабылдайды. Бұл мықтылық па? Амалсыздық. Шарасыздық емес пе?!...
– Махаббат апай, сіз өзіңізбен-өзіңіз сөйлесіп отырсыз. Тіпті, менің кіргенімді де байқаған жоқсыз!
– Аааа, келдің бе, қалқам!
– Келгені несі, дастархан жайып қойдым!
– Туууу, осы сен қыздың күлкің неткен керемет! Құдды самал желдің әуеніне елтіп билеген жапырақтардың дірілі секілді. Соншама әсерлі, соншама нәзік. Жанымды дір қақтырып барып тыншытандырады.
– Махаббат апай, әлемді махаббатқа бөлеу үшін жаралғансыз ғой! Әйтеуір, айналаңызға мейірім сыйлап жүресіз!
– Солай ма? Жақсы! Ендеше тамақтанайық!
– Оқуың жақсы ма?
– Шүкір! Дипломдық жұмысымды жазып жүрмін. Оған сіздің де зор үлесіңіз бар.
– Қалай сонда?
– Әйелдерді қалай таңдайсыз, проблемаларын қалай қорытындылайсыз, нендей шешім шығарып, қандай жол көрсетесіз, бәрін-бәрін жіті бақылап жүремін.
– Мхм! Мен жұртты зерттеп жүрсем, сен мені зерттеп жүр екенсің-ау, қу қыз! Жарайды! Оқуыңды жақсы оқып тәмәмда да, осы офиске келіп, психолог бол.
– Сіз бар емессіз бе! Сізге көмекші болсам да жарар!
**** Сыпайылық, қазақ қыздарына тән. Өте жарасымды. Еңліктің әсіресе айфариясы бөлек. Қараңғы әлемге шам жағып кететін әулие секілді, ыржаңдап күледі де жүреді. Осының бір мұңы жоқ па дерсің. Неге болмасын?! Адам мұңсыз бола ма?!
Еңліктің анасы жалғыз. Еңлік, сол әйел тапқан талай баланың алды. Өзінен кейінгі інісі сотқар болғанда көрсетпегенді көрсетті. Одан кейінгі үшеуге де бас-көз болып жүріп шаршайды. Анасы қызын оқыту үшін үй көрмей жұмыс істеді. Еңлік, өзінен кейінгі бауырларына ие болды. Институттың бірінші курсынан-ақ жұмыс істеді. Түнімен мейрамханаларда даяшылық қылып, күндіз сабақ оқу оңай емес.
Бірде, кешкі асқа зауқым соқпай отырса да мейрамханаға жол тартып, қызық ситуацияға тап болғаным бар. Келесі столда отырған өзге ұлттың әйеліне қызмет етіп жүріп, шалынып кеткенде қолындағы фрэшті төгіп алды, даяшы. Төккенде, тура сол орыс клиентінің иығынан төмен құя салды. Сондағы әйелдің тулағанын-ай!... Байғұс бала қанша жалынып шырылдаса да міз бақпады. Айғайлап жатып мейрамхана әкімшілігін жинап алды да, бірде-біреуінің "ләббай тасқырына" илікпеді. Жұрттың назарын түгел аударып, үстіндегі "шмоткасның" бағасын жариялап, өзіне ”қымбат“ no name киімдерінің маркасын атап, өн бойында қанша доллар тұрғанын есептеп шықты. Тіпті, фрешті химиялық сұйықтыққа балап, соңғы үлгідегі "apple watch" сағатының да зақымдалғанын айтып, зар қақты. Мейрамхана бастығы да өзіндей екен, екі ұлттың арасында солидарлық орнап, қазақтың қызын бұрышқа тықты.
Мейрамхана мәдениетінің сақталмағанын ескертіп, сөзге араластым да, қызды жақтадым. Бұл, ”оқыс жағдай“ екенін, клиенттің шығынын мейрамхана өтеу керектігін де қадап айттым. Қазақтың қызын қорғап алған соң қамқорлық танытып, жұмысын тастатып, ертіп шықтым. Егер мен сауатты һәм өздеріндей дөң сөйлемесем, әлгі екеуі бой берер ме еді?!... Содан бері, анасы ”Әпитөк“ деп еркелететін, мен Еңлік гүліне теңейтін еңбекқор қыз қол астымда жұмыс жасайды. "Қол астымда" деген бекер сөз,
"Психологиялық кеңестер" кеңсемнің бар шаруасын өзі-ақ тындырады. Қазір төртінші курста оқып жүргендіктен, анда-санда лекциялық дәрістеріме қатыстырып, баулып жүрмін.
Күн жүйесіндегі ғаламшар тұрғындарының оқыс оқиғаларға тап болып жатуы да Жаратушының жарлығы. Еш нәрсе жайдан-жай болмайды, өміріңе адамдар текке келіп, текке кетпейді. Барлығы да тағдырдың шешімі. Еңліктің өміріне де мен осылай келдім, менің өміріме ол осылай келді. Еңлік, менің күңгірт әлеміме көктем әкелгендей. Көктемнің хош иісін дарытқандай. Айналамды гүлге бөлегендей. Еңлік гүліне...
*** ***
Кешкі салқын.
Тағы сол кептеліс. Дүйсенбілік күн тәртібім түгелімен орындалды. Әр дүйсенбі өзім ашқан "психологиялық кеңес" орталығына барып, өмірден баз кешкен, жол таппай торыққан, тағдыр тауқыметінен тарыққан әйелдерге кеңес беремін. Басқа күндері, яғни, сейсенбі сәрсенбі бейсенбі күндері өңге психологтар жұмыс жасайды. Есесіне, оларға кеңсемді ұсынған соң, айлық жарнасын аламын. Мұны-"комерциялық тактика" дейді. Жалғызбасты адамға көп қаражат керек те емес. Бірақ, мен жалғызбасты емеспін. Үйде екі жанбыз. Апта сайын сол кісінің қалауымен Есік қаласындағы психиатриялық емдеу орталығындағы жақынына барып тұрамын. Барған соң, құрықол бармайсың ғой. Кейде, мейрамханалардан ыстық тамақтар мен жаңа киімдер ала барамын...
2-БӨЛІМ
Тағы бір таң атты. Тағы бір жаңа күн басталды. Тағы сол дауыс оятты. Тағы сол ойлар кимеледі. Менің ойымда шек жоқ. Астрономия, биология, психология, тіпті теология да жарысып, жаңғырып жатады бас сүйегімнің ішінде.
**** Бұл-ақыл ойлары. Жүрек ойлары ше? Жүрекпен ойланамын ба? Жүрегімде ой бар ма? Жүрек ойланбайды дейтіндер көп. Әсілі, өткен-кеткеннің мида емес, жүректе жазылатынын ғылым дәлелдеп қойған. Жүрек трансплантациясы отасына қатысып, пациенттің отадан кейінгі жағдайын бақылап, проза жазған жазушы-Сәуле Досжанның "Өгей жүрегін" оқыған адам түсінеді...
Оянып алғаныммен, әдеттегі үрдіспен, әлгі дауысты күттім. Біраз шүйіркелескен соң, күннің шуағын тамашалауға тұрамын. Ол, тек мен қалаған кезде ғана сөйлейді. Біздің, екеуара конфрантациялық сұхбатымыз мен үшін аса қажет. Әне, келе жатыр...
– ОЯУМЫСЫҢ?
– Иә! Бүгін кешіктің!
– МЕН КЕШІККЕН ЖОҚПЫН, СЕНІҢ МИЫҢ ШАРШАДЫ. КҮНІ-ТҮНІ ОЙҒА ҚАМАЛАСЫҢ. ӨЗІҢДІ АЯМАЙСЫҢ.
– Түнде жай жаттым. Кітабымды бастадым.
– ММММ... ТЕРЕЗЕГЕ ҚАРАДЫҢ БА?
– Иә! Тұрды. Күндегі тұратын жерінде тұрды.
– ОБАЛ-АЙ!
– Кімге обал?
– ОҒАН ДА, САҒАН ДА! СЕНІҢ КІНӘҢ ЖОҚ ҚОЙ, АЛАЙДА...
– Кінәм жоқ па, күнәм көп пе? Ашып айтсаңшы!
– БІЛМЕЙМІН! БАЛАЛЫҚ ПА?!
– Балалық... Балалық... Бәлкім, даналық шығар?
– ЖӘӘӘӘ, ЖЕТЕР! БҮГІН ЖҰМЫСҚА БАРАСЫҢ БА?
– Жоқ! Бармаймын!
– ОООО, ТАМАША!
– Қуанып кеттің бе? Сыр атқаратын күн, бүгін!
Диалогымыз аяқталғанша спорттық киімдерімді киіп үлгердім де, сыртқа шықтым. Таңғы саф ауа көкірегімді кернеп, ерекше рахат күй кештірді. "Алматы" өзенін жағалай, өрге қарай жүгірдім. Біраз уақыт денсаулығыма бола таңғы жаттығуымды тоқтатып едім, өкпем өшіп, аздан соң-ақ болдырдым. Ағзамды зорықтырып алмау үшін баяу жүріске салып, үйге қайттым. Жол-жөнекей кәрі өзеннің жүзін торлаған әжімдердей ирелеңдеген толқындардың күн нұрымен шағылысқан жарқылын тамашалап біраз тұрдым.
**** Бұл өзен менің өмір жолым сияқты. Асау мінез танытқан емес. Менің сонау бала күнімнен, дәл бүгінге дейін анау таудың бауырынан суырылып келіп, анау көз ұшындағы жыраққа шейін шұбатыла ағып жатыр. Ешқашан тасып, асаулық қылмады. Бірқалыпты мінезінен ауытқыған жоқ.
... Анам екеуміз үнемі өзен жағалай серуендейтінбіз. Әсіресе, көктемде тым ғажап көрініске кенелуші едік. Жарықтық жерананы тұншықтырып, бетіне тас төсеп тастағанымен, әр жерден саңылау тауып, қылтиған бәйшешектерді теруші едім. Есімде қалғаны, жүрегімде сақталғаны сол бір сәттер ғана...
**** Тұңғышбай Төрегелдіұлы деген жазушының "Жүрек" атты әңгімесін оқығаным бар. Бауырының жүрегін трансплантациялағаннан соң оянған жігіт те кейіннен ағасы сүйген қызды сүйеді. Міне, жүрек-ең таза, ең нәзік, ең мықты, ең сезімтал ағза. Ол, өзіндегі сырды сақтайды. Анам жайлы естелік-ең сүйікті естеліктерім. Жүрегімде жатыр. Егер мен өліп, жүрегімді өзге кеудеге қондырса, анама деген сағынышым мен өкпем бірге барар еді...
Демалыс күні ел сияқты демалуды да білмеймін. Эфир жүргіземін. Коуч болу да оңай емес. Тікелей эфирден түрлі-түрлі адамдарға психологиялық кеңес беріп, тренинг жүргізу аса жауапты шаруа. Психолог, ақыл айтушы емес, бағыт-бағдар беруші. Онсыз да өмірден өз орнын, өз жолын таба алмай адасқандарды дұрысқа бағыттау-парызың. Сен оның келесі таңдауы мен тағдырына тікелей жауапты екенінді түсінсең, әр сөзді ойланып, екшеп, толқып һәм қорқып отырып айтарсың!
**** Адамдар қызық. Психологтар проблемалардан ада деп ойлайды. Абсурд. Кәсіби кеңес беріп, психологиялық демеу жасағанымызбен, біз де ет пен сүйектен жаралған осы әлемнің тұрғыны емеспіз бе?! Дәл солардай тағдыр кешіп, дәл солардай жанталасып жатамыз. Оқыған-тоқығанымызға сүйеніп кеңес беріп, жол көрсетіп жатқанымыз болмаса, ақиқаттан адасуымыз әбден мүмкін. Ақиқатты Алладан басқа кім білуші еді?...
Өзеннен шығар жолда, оң қапталдағы гүл сататын дүңгіршекке соғу-әдетім. Гүл аламын. Сүйікті гүлім-Лилия. Үйдегі кісі де лилияны жақсы көреді. Мамыр айында лилиядан сұлу гүл бола ма?!
Аппақ. Нәзік жұпарлы, сұлу.
*** Лилия (Lilium) о баста таулы аймақтарда ғана өскен, биіктік гүлі. Қоңырау іспетті аппақ қауызы ұяла қалған қыздай басын төмен салып, үлбірей, нәзіктігімен көз тартады. Осыншама нәзік гүлге қорған болардай қайқая өсетін қатты жапырағының да пайдасы зор. Адамзат лаланың жапырағынан бояу алса, бал арасы гүлдің нәлінен бал жинайды. Лилияны қазақ халқы ”Лала гүлі“ дейді.***
– ЭФИРІҢ АЯҚТАЛДЫ МА?- деген дауыстан селк еттім. Көзім ілініп кетіпті.
– Иә!-дедім, ұйқылы-ояу. Біліп тұрып сұрағанына күлкім келді.
– МАҒАН ҰНАМАДЫ!-деді, ойымды ұғып қойғандай, жымиып.
– Мммм... Солай де! Мысалы, қай жері ұнамады? - дедім, қызық көріп.
– МЫСАЛЫ, БІР ӘЙЕЛ ӨЗІНЕ БАҒЫНБАЙТЫН, СӨЗІНЕ ҚАЙЫРЫЛМАЙТЫН БАЛАСЫНАН ШАРШАҒАНЫНА ШАҒЫМДАНДЫ. АЛ СЕН НЕ ДЕДІҢ? БАЛАНЫҢ ДА ЖЕКЕ ШЕКЕРАСЫ БОЛУЫ КЕРЕК ЕКЕНІН, ШЕКАРАСЫНА КІРМЕУ КЕРЕК ЕКЕНІН АЙТТЫҢ. ОЛ НЕ СӨЗ?
– Ал?
– ШЫРАҒЫМ-АУ, АЛДЫМЕН АНАҒА ҚҰРМЕТ БОЛМАҒАНДА, БАЛАҒА ҚҰРМЕТ БОЛА МА?
– Не деуім керек еді?
– КЕЗ-КЕЛГЕН ҚАТЫНАС ЕКІ ЖАҚТЫ ЖАУАПТАРДАН ТҰРАДЫ! ЖҰПТЫҚ ҚАТЫНАСТАҒЫ СЫҢАРЖАҚТЫҚ-ҚҰРДЫМ!
"СЕН МЕНІ ҚҰРМЕТТЕУДІ ҮЙРЕНГЕНДЕ, МЕН ДЕ СЕНІҢ ӨЗІҢЕ, СӨЗІҢЕ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАЙТЫН БОЛАМЫН!"-ДЕГЕН ТАЛАП ҚОЙЫҢЫЗ ДЕСЕҢ, ҰТАР ЕДІҢ.
– Рас айтасың! Бірақ, бұл қағиданы заман көтермейді. Сенің заманың мен менің заманым ұқсамайды ғой. Адамдар замануилыққа құмар. Тіпті, шетелдің пайымы мен түсінігі, теориясы сәнге айналған. Өзгенің қаңсығын таңсық қылғанымыз қашан. Енді, соның кесірімен алысамыз. Бұл, мен үшін пайдалы. Жұмысым,
наным.
Тағы не ұнамады?
– КҮЙЕУІН ЖАМАНДАҒАН ӘЙЕЛДІҢ СӨЗ ТӨРКІНІНЕН АЗАПТЫҢ НЫШАНЫН ДА КӨРМЕДІМ. ЕРКЕЛІК ПЕ, АСТАМШЫЛЫҚ ПА БІРДЕҢЕ. ЖАРЫНА ЖАПҚАН ЖАЛАСЫ ДА МАРДЫМСЫЗ. ӘЙТЕУІР, ІЛІК ІЗДЕГІШ БОЛЫПТЫ ОСЫ КҮНГІ ӘЙЕЛДЕР. ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІР-СЫНАҚ ЕМЕС ПЕ? САБЫР БОЛМАЙ, ҚАДІР БОЛА МА?
– Мысалы, менің анамның сабырындайын сабырды айтасың ба?
Шер жиналса шемен болады. Жан қиналса дертті болады.
Есіргенді кешіргенді ”сүю“ дей ме, ”сыйлау“ дей ме?
– КЕМШІЛІК ПЕНДЕНІҢ ІСІ. АДАМ, ЖАЗА БАСПАЙТЫН ПЕРІШТЕ МЕ ЕДІ? АЛЛА ДА КЕШЕДІ!
– Кешіру, ұмыту емес қой! Ұмытылмайтын ой, ойсыратпай ма?
Өмірде қызық қалдырмай, өлімге бейілді ететін де сол. Дертті ой... Жерден көрді артық көретін де дәл сол-дерттілер.
Жеңілдің бе? Неге үндемейсің?
– ДЕМАЛСАҢШЫ! УНИВЕРСИТЕТТЕ САБАҚ БЕРЕТІН ҒАЛЫМСЫҢ, ЖЕКЕ КЕҢСЕСІ БАР КӘСІПКЕРСІҢ, ЭФИР ЖҮРГІЗІП, АҚЫЛ АЙТАТЫН КОУЧСЫҢ, ПІРАДАР ТАҒДЫРДАН ҚАЖЫҒАНҒА КЕҢЕС БЕРІП, ЖӨН СІЛТЕП, ЖОЛ КӨРСЕТЕР ПСИХОЛОГСЫҢ. БІР БАСЫҢДА ҚАНШАМА МІНДЕТ БАР. ЖАСЫҢ БОЛСА ҚЫРЫҚҚА ТАЯУ. ӘЙЕЛ ЖҮРЕГІ НӘЗІК. ҚАНША ЖАСАМПАЗ БОЛСА ДА, ЖАЛҒЫЗДЫҚТАН ҚАЖИДЫ.
ӨЗІҢ ТИТТЕЙ ДЕ АҚЫЛ-КЕҢЕС ҚАБЫЛДАМАЙСЫҢ. "ШЕКАРАМДЫ БҰЗБА!"-ДЕП ШЫҒА КЕЛЕСІҢ.
– Жоға! Қамқорлық-мейірім. Мейірім шекараны бұзбайды. Егер "қамқорлық" атымен жеке өміріме араласып, пікірі мен талғамына, қалауына нұсқан келтірсек, "шекарасын бұзған" болады.
– АҚЫМАҚТАР-АЙ!
ШЕКАРА ЕКЕУАРАЛЫҚ МЕКЕННІҢ ШЕКТЕСКЕН ЖЕРІ. ЖАЛҒЫЗДА ШЕКАРА БОЛУШЫ МА ЕДІ?! ШЕКАРАНЫ БҰЗЫП КІРУ-СОҒЫС АШУ. ӨЗІҢЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ, ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТҚАН АДАМДЫ "ШЕКАРАМДЫ БҰЗУШЫ" ДЕП ТҮСІНУ ТҮСІНІК ПЕ? АДАМДА ШЕКАРА БОЛМАЙДЫ, ӘЛЕМ БОЛАДЫ.
"ӘЛЕМІМЕ БАС СҰҚПА" ДЕУГЕ БОЛМАЙ МА?
– Жә, жетер! Осы жерден тоқтат! Сен психолог емессің. Оқыған жоқсың! Ал мен төрт жыл жоғары білім алдым, сосын магистратурасын, одан әрі доктарантурасын оқып тауыстым. Шетелде оқып, білімімді дамыттым. "Шекара" заманауй терминге айналған. Өмірімді аңды, көңілімді аула, менімен талас, тек, тригер болма!...
Міне, осылай тәжікелесеміз. Соңынан тез татуласып, тіл табыса да саламыз. Осы текетірес, диалог, Сократтақ әдіс мен үшін пайдалы екенін бұл кісі қайдан білсін?! Кейде, осы кісінің арқасында екіұшты ойларымның жауабын тауып, солқылдақ ойлардан құтылып, шешім қабылдай алуыма орасан үлес қосып жүргенін де білмейді...
Өзі сондай сұлу! Негізі, айтқан ақылының бәрін тыңдаймын. Сенімді түрде, нақ, нық айтады. Ал тәжікелесіміз-әдет. Мүмкін, өкпе. Менің өкпеме кептелген өксік пен өкініш-өкпе...
Кешкі тамағымды жасауға оқталдым да, айнып қалдым. Түскі астан қалған бургер мен салатты дастарханға қойып, тамақтанбақ едім, тәбетім тартпады. Анамның күнделіктерін ақтарып отырмын. Анамнан қалған жәдігерім-осы төрт күнделік қана. Бұл күнделіктердің әр сөзін жатқа білемін. Көзімді жұмып тұрып, әр әрібінен жаңылмай судыратып айтып бере аламын. Сонда да парақтап оқи беремін, оқи беремін...
... "Мен үшін ең сұлу адам сенсің, Сыйақы! Ең қымбат адамымсың! Сен алғаш ернімнен сүйгенде, өне бойымды діріл билеп, жүрегім қатты соқты. Дүниеде осыдан асқан ләззат бар десе сенбес едім!"...
... "Мен енді, ”әйелмін" Өкпемді кернеген өксік өзегімді жарып жіберердей, өкіріп жыладым. Ұзақ жыладым. Бұл, қыздың соңғы көз жасы. Енді, сендікпін! Ғұмырымды саған арнаймын! Сенен өңге еркек атаулыға бұйырмаспын!"...
– НЕГЕ ЖЫЛАП ОТЫРСЫҢ?
– Сен осы мені аңдуыңды қашан қоясың?
– АҢДЫМАЙМЫН, АЯЙМЫН! ЖІБЕР! ӨКЕПЕНІ ДЕ, ӨТКЕНДІ ДЕ ЖӨНІНЕ ҚОЯ БЕР. ТІРІНІҢ ӨЛІНІ ҚИМАЙ, ОЙ-ҚАЗЫҚҚА БАЙЛАП ҰСТАУЫ-МЕХНАТ. ТІРІГЕ ДЕ, ӨЛІГЕ ДЕ АЗАП.
– Анамның махаббат хикаясын оқығанды ұнатамын! Сондай ғажап! Қайран анам, әкемді қандай сүйген десеңші!
– СЕН, АНАҢА ҚАТТЫ ҰҚСАЙСЫҢ. БОЙЫҢА ӘКЕҢНЕН КЕҢДІК ПЕН ӨРЛІК ДАРЫҒАНЫМЕН, КЕЛБЕТТІ АНАҢНАН ЕНШІЛЕГЕНСІҢ!
– Осылай айтсаң көңілім босап кетеді. Қатты жылағым келеді. Қызық, анам бүкіл өмірінде төрт күнделік жазыпты. Соның біреуінде де өзінің сұлу екенін жазбаған. Сонда, менің анам өз сұлулығын мойындамаған ба? Әлде, өзінің сұлу екенін білмеген бе?...
– ҚОЙ ОНДАЙЫҢДЫ! СЕН ТІПТІ СӘБИ КҮНІҢДЕ ДЕ ЖЫЛАҒАН БАЛА ЕМЕССІҢ. МЫҚТЫ ЕМЕСПІСІҢ!
– Иәәәә, сен мені жақсы білесің ғой!
– ЖӨРГЕГІҢНЕН, ЖОҚ, ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН КҮНІҢНЕН, СЕНІ ЖАРАТАР МАХАББАТ ЖАРАЛҒАН КҮННЕН БЕРІ БІЛЕМІН!
– Қайран анам! Ардағым! Сұлуым! Сағынышым!
Махаббатқа адал болған адам-ең сұлу адам! Ол, қиянаттың не екенін де білмеген.
– Иәәәә! Әйелдер сүйсе, солай сүйеді! Бірақ әттең, махаббат ”ғажап пен азап“ деген парадокстан тұратынын сүймеген, күймеген білмейді-ау! Мен мұны өте жақсы білемін!
– АЙТШЫ! АЙТА ТҮСШІ!
– АЙТАЙЫН!
БІРАҚ, СЕН МЕНІҢ ТАҒДЫР-ХИКАЯТЫМДЫ ЖАҚСЫ БІЛЕСІҢ, НЕСІНЕ ҚАЙТАЛАП СҰРАЙ БЕРЕСІҢ?
– Жо- жоқ! Сен әр айтқан сайын жаным рахат кешеді. Әр айтқан сайын жаңа қырынан құбылтып айтасың.
**** Егер, тап осы бөлмеде екеумізден басқа біреу болса, бізді, әлде, мені ”жынданған“ деп ойлауы әбден мүмкін-ау!...
― "ОНЫМЕН, ОН СЕГІЗ ЖАСЫМДА КЕЗДЕСТІМ. ОНДА СӘКЕҢ АҚЫНДАР ЖЫРЛАЙТЫН "ОЙХОЙ, ЖИЫРМА БЕСТІ" БАҒЫНДЫРЫП ТҰРҒАН ШАҒЫ. КӨКТЕМНІҢ КӨРКЕМ КҮНДЕРІНІҢ БІРІ ЕДІ. СӘУІР АЙЫНЫҢ ТӨРТІНШІ КҮНІ. САБАҚҚА БАРА ЖАТТЫМ. АВТОБУСТА АДАМ ӨТЕ КӨП ЕКЕН, КЕЛЕСІСІН КҮТПЕЙІН ДЕДІМ ДЕ, ӘЛДЕҚАНДАЙ КҮШ ТАРТЫП ТҰРҒАНДАЙ, КӨПШІЛІКТІ ИТЕРЕ-МИТЕРЕ ҚАЛЫҢ ЕЛДІҢ АРАСЫНА ЖҰТЫЛЫП, ІШКЕ ЕНІП КЕТТІМ. МАРШРУТ ЖАРТЫ ЖОЛДАН АСҚАН СОҢ ЖҰРТ АЗАЙЫП, АВТОБУС ІШІ КЕҢИ ТҮСТІ. ӘЛДЕН СОҢ, КЕЗЕКТІ БІР АЯЛДАМАДАН ҰЗЫН БОЙЛЫ, КЕҢ ИЫҚТЫ, АҚҚҰБА ЖҮЗДІ ЖІГІТ КІРІП КЕЛДІ. ЖІГІТТІҢ СҰЛТАНЫ ДЕРСІҢ, ШІРКІН! ҚАРАП ҚАЛСАМ КЕРЕК, КӨЗІН ҚЫСЫП, ЖЫМИҒАНДА ЖҮЗІМДІ ОТ ШАРПЫҒАНДАЙ, ӨНЕ БОЙЫМНАН ЫСТЫҚ ҚАН ЖҮГІРІП ӨТТІ. ӨРТЕНІП БАРА ЖАТҚАН БЕТІМДІ АЛАҚАНЫММЕН ЖАБА ҚОЙДЫМ. ҰЯЛЫП ҚАЛҒАНЫМДЫ СЕЗДІ МЕ, КҮЛЕ БЕРДІ ДЕ, ЖАҚЫНДАП КЕЛДІ. ТАҒДЫР МЕНІ ДӘЛ СОЛ СӘТ, ДӘЛ СОЛ КҮНІ МАХАББАТПЕН ЖОЛЫҚТЫРДЫ!
БІР АЙДЫҢ ІШІНДЕ ҚЫЗ-ЖІГІТ БОЛЫП КЕЗДЕСЕ БАСТАДЫҚ. КИНО КӨРУГЕ, ТЕАТРҒА БАРАМЫЗ. ЕКЕУМІЗ ЕКІ САЛАНЫҢ АДАМЫ БОЛҒАНЫМЫЗБЕН, ЕКЕУМІЗГЕ ҚЫЗЫҚТЫ, ОРТАҚ ҒЫЛЫМ БАР ЕДІ. ОЛ-АСТРОНОМИЯ. АЙЛЫ ТҮННІҢ ЖАРЫҒЫМЕН СЕРУЕНДЕП ЖҮРІП, КҮН ТУРАЛЫ КӨП АЙТАТЫНБЫЗ. МЕНІҢ КҮН ПЛАНЕТАСЫНА СОНШАМА ҚЫЗЫҒАТЫНЫМДЫ БІЛГЕН СОҢ, СӘКЕҢ, КҮН ТУРАЛЫ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР ОҚЫП КЕЛІП, АЙТЫП БЕРЕТІН. СӘКЕҢ, СЫМБАТТЫ ҒАНА ЕМЕС, МЕЙІРІМДІ ЖАН ЕДІ. ЖЕТІМДІК МҰЗҒА ОРАП ТАСТАҒАН МЫНА БІЗДЕРДІҢ ЖҮРЕГІМІЗДІ ЖІБІТТІ.
...СІҢІЛІМІЗ ЕКЕУМІЗ БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ӨСТІК ҚОЙ. ӘКЕМ БІЗДІ ТАСТАП КЕТКЕНДЕ НЕБӘРІ СЕГІЗ ЖАСТА ЕДІМ ДЕ, СІҢІЛІМ ТӨРТ ЖАСТА БОЛАТЫН. АНАМНЫҢ: "БІЗДІ ТАСТАП КЕТПЕШІ!“-ДЕП АЯҒЫНА ЖЫҒЫЛЫП, ЖАЛЫНЫП, ЖЫЛАҒАНЫНА ҚАЙЫРЫЛМАДЫ, ӘКЕМІЗ. КЕТТІ ДЕ ҚАЛДЫ. "МАҒАН ҰЛ КЕРЕК! ҰРҒАШЫЛАРДЫ ТУА БЕРЕТІН ҚАТЫННЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ!"-ДЕП ЗІЛДЕНГЕНІ ДЕ ҚҰЛАҒЫМНАН КЕТКЕН ЕМЕС.
КЕЙІН БІЛДІК, АНАМ МАҒАН ДЕЙІН ДЕ, МЕНЕН КЕЙІН ДЕ ТҮСІК ТАСТАП ҚОЙЫПТЫ. ОЛ ШАРАНАЛАРДЫҢ БӘРІ ДЕ ҚЫЗ БАЛАЛАР.
ӘКЕМ ТАСТАП КЕТКЕН ЖЫЛЫ АНАМ ЕСІНЕН АДАСТЫ. ҚҮЗДІҢ ЫЗҒАРЫНА ҚАРАМАЙ ТҮН БАЛАСЫ ҮЙДЕН ШЫҒЫП, МЕҢ ДАЛАНЫ КЕЗІП КЕТЕТІН БОЛДЫ. СӨЙТІП ЖҮРІП, ӨКПЕСІНЕ СУЫҚ ТИГІЗІП АЛҒАН ЕКЕН, ОҢАЛМАДЫ. ЕНДІГІ ЖАЛҒЫЗ ЖАНАШЫРЫМЫЗ ӘЖЕМ ЕДІ. ЖАЛҒЫЗ ҰЛЫНЫҢ БЕЗБҮЙРЕК ЫЛЫҒЫ МЕН КЕЛІНІНІҢ ӨЛІМІН ОЛ ДА КӨТЕРЕ АЛМАДЫ.
ӘЖЕМ ДҮНИЕДЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ, ТУЫСТАРЫМЫЗ БІЗДІ БАЛАЛАР ҮЙІНЕ ӨТКІЗБЕККЕ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ. ОТЫМЕН КІРІП, КҮЛІМЕН ШЫҒУҒА СЕРТ ЕТІП, ҚАНША ЖЫЛАСАМ ДА ИЛІКПЕДІ, ЕШБІРІ. БІРГЕ ТУМАҒАН СОҢ, БІРЕУДІҢ БАЛАСЫН КІМ АЯСЫН?! БАУЫРЫМА ТЫҒЫЛЫП, СОЛҚЫЛДАЙ ӨКСИТІН ЖАЛҒАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ЖАҚЫНЫМ, СІҢІЛІМЕ ҚАМҚОР БОЛУҒА БАРЫМДЫ САЛДЫМ. ҚОРҒАНСЫЗДАР ЕДІК. ТАҒДЫРДЫҢ ТӘЛКЕГІ ЖАС ЖАНЫН ЖАРАЛАП КЕТТІ МЕ, СІҢІЛІМ, БІРТОҒА, ҚАТЫГЕЗДЕУ БОЛЫП ӨСТІ. МЕНІҢ ӨБЕКТЕГЕНІМДІ АЗСЫНАТЫН.
СӘКЕҢНІҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ СІҢІЛІМ ЕКЕУМІЗДІ ДЕ ТОЛҚЫТТЫ. ӘКЕ МЕЙІРІМІНЕ ЗӘРУ БОЛЫП ӨСКЕН СОҢ, ЕРКЕКТІҢ ЖЫЛЫ СӨЗІ ДЕ МЕДЕТ ЕКЕН. БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ, ЕСЕЙІП ҚАЛҒАН ҰЛДАР ОРЫС ҚЫЗДАРЫМЕН ЖАҚЫН БОЛЫП, БІЗДІ ЕЛЕМЕЙТІН. СОЛ ҚЫЗДАР ҮШІН ЖАҒА ЖЫРТЫСЫП, ТАЛАСЫП, ҚОРҒАП ЖАТУШЫ ЕДІ. ҚЫЗҒАНАТЫНБЫЗ. ӘСІРЕСЕ, СІҢІЛІМ ҰНАТҚАН СҰЛТАН ДА МҰРНЫН ШҮЙІРІП, ОРЫС ҚЫЗДАРМЕН ӘУЕЙІМ БОЛҒАНДА, СІҢІЛІМ БҮК ТҮСІП ЖАТЫП ҚАЛУШЫ ЕДІ. МЫНА ӘЛЕМНЕН БЕЗІНІП КЕТЕТІН. ӨМІРГЕ ӨШІГЕ ТҮСЕТІН...
СӘКЕҢ, ОСЫ КЕМДІКТІҢ ОРНЫН ТОЛТЫРДЫ. ЕКЕУМІЗДІ БӨЛІП-ЖАРҒАН ЖОҚ. МЕНІ СҮЙДІ, КАМАШТЫ БАУЫРЫНА БАСТЫ. СӘКЕҢ ЕКЕУМІЗ КЕЛІСІП, ҚАЛҒАН ҒҰМЫРДЫ БІРГЕ СҮРМЕККЕ ШЕШКЕНІМІЗДЕ, СІҢІЛІМНІҢ ҚУАНЫШЫ ҚОЙНЫНА СЫЙМАДЫ. "ӘПКЕТАЙ, БІЗ ДЕ ҚУАНА АЛАДЫ ЕКЕНБІЗ ҒОЙ! БІЗ ДЕ БАҚЫТТЫ БОЛАДЫ ЕКЕНБІЗ!“-ДЕП ЖЫЛАДЫ. ҚУАНЫШЫМЫЗ ҰЗАҚҚА БАРМАДЫ. КЕЛІН БОЛЫП БОСАҒА АТТАҒАН КҮННЕН ЕНЕМЕ ЖАҚПАДЫМ. ”ЖЕТІМДЕР! ТҮГІ ЖОҚ ҚУ ТАҚЫРЛАР! ҚОРҒАНСЫЗ СОРЛЫЛАР! ІЗДЕУ-СҰРАУЫ ЖОҚ, БЕЙШАРАЛАР!“-ДЕП, ҚАЙНАТҚАН ШАЙЫМДЫ ІШПЕЙ, ЖАСАҒАН ТАМАҒЫМДЫ ЖЕМЕЙ ТУЛАЙТЫН. БҰЛАЙ ЖАЛҒАСА БЕРСЕ ЖАҚСЫ БОЛМАЙТЫНЫН ҰҚҚАН СӘКЕҢ, ПӘТЕР ЖАЛДАП, БӨЛЕК КЕТУІМІЗ КЕРЕК ЕКЕНІН АЙТҚАНДА, ҚУАНЫШЫМДЫ ЖАСЫРА АЛМАДЫМ. ҮШЕУЛЕП, ЖАҢА ӨМІР БАСТАДЫҚ.
АНАМА ТАРТТЫМ БА, ЕКІ РЕТ ҚҰРСАҚ КӨТЕРІП, ЕКІ РЕТ ТҮСІК ТАСТАП, АУРУХАНАДАН ШЫҚПАЙТЫН БОЛДЫМ. КЕЛЕСІ ЖҮКТІЛІГІМ ДЕ ЖАҢА ҮЙІМІЗДЕ ЕМЕС, ДӘРІ САСЫҒАН АУРУХАНАНЫҢ ТЕМІР КЕРЕУЕТІНДЕ ӨТТІ. ОТБАСЫМЫЗҒА ТӨРТ ЖЫЛДАН СОҢ СӘБИ КЕЛДІ. СҰЛУ, АҚЫЛДЫ, ДАРЫНДЫ ҚЫЗ ТАПТЫМ...
Бұл тағдырларды, сырларды жатқа білемін. Сонда да тыңдай беремін. Бәлкім, іші босасын деймін бе, бәлкім, өзіме керек дерек іздеймін бе, беймәлім. Әйтеуір, көңілім босап, жүрегім қатты ауырады. Бірақ әттең, құшақтасып жылай алмаймын! Бір-Бір-бірімізді қимағанымызбен, ол маған жуымайды, мен оған жуымаймын. Параллельді өмір сүреміз!...
– Сіңіліңді кештің бе?- деп сұрадым.
–ИӘ!- деп жауап берді, мүдірмей.
– Қалайша? Қалайша кеше алдың? Ол сенің күйеуіңнің қойнына кіріп, бақытыңды күл-талқан етті. Бағыңды ұрлады, өліміңе себепші болды ғой! Ал сен болсаң, сол бір естеліктерді жайбарақат айтудан жалықпайсың. Тіпті, түк болмағандай, емін-еркін көсіліп отырып сапыра бересің-сапыра бересің...
– СЕН, САБЫРЛЫ БОЛУДЫ ҮЙРЕН! СОСЫН, КЕШІРІМДІ БОЛУДЫ МЕҢГЕР! ПСИХОЛОГ ЕМЕССІҢ БЕ! МЕН САҒАН ФИЛОЛОГ БОЛ ДЕГЕНМІН! СОНДА, ӨТІРІКТЕН АДА БОЛАР ЕДІҢ. ІШІҢ ҚАН ЖЫЛАП ТҰРЫП, ЕЛДІ ЖҰБАТПАС ЕДІҢ. КЕК КЕРНЕГЕН КЕУДЕҢМЕН ЖҰРТҚА ”КЕШІРІМДІ БОЛ!“-ДЕП, АҚЫЛ АЙТПАС ЕДІҢ. БАР ШЫНДЫҚТЫ БҮКПЕСІЗ ЖАЗАР ЖАУШЫ БОЛАР ЕДІҢ. ШЫНДЫҚТЫ КІТАП ҚАНА КӨТЕРЕ АЛАДЫ. БҰЛ ӨМІРДЕ ЖҮРЕКТЕН КЕЙІНГІ СЫР-САНДЫҚ ТА, МЫҚТЫ ДОС ТА, АҚЫЛШЫ ДА КІТАП ҚАНА!
– Жә, жетер!
Өзіңе опасыздық жасаған сіңіліңді "кешіре салғанмын!"- деп алдама. Мені де, өзіңді де алдама! Бөлмемнен шығып кет! ...
Түн таусылыпты. Сағат таңғы төртті көрсетіп тұр. Анамның төрт күнделігін құшақтап отырып, ұйықтап қалыппын...
3-БӨЛІМ
**** Отасқан жарымен ажырасу үшін сотқа жүгінетін әйелдердің соншама көп екенін және олардың ішкі шерінің соншалық ауыр екенін құлақ салып тыңдаған ғана біледі. Түсінген ғана сенеді. Сенген ғана түсінеді...
Әр бейсенбі осындай ойға қаламын.
Ажырасу процесінде жүрген әйелдерді сот бірден ажырастыра салмайды. Олардың жылдар бойы қордаланған мұңы мен сырын да сағаттап тыңдап жатпайды, қазылар. Сот процесінің алғашқы этабы екеудің тыңдаудан тұрады да, ерлі-зайыптыларды "Сот барысындағы психологиялық көмек орталығына" жібереді. Бұл, сот процесінің екінші этабы.
Ассистентім, белгіленген уақытта жұптарды күтіп алады. Біз, алдына-ала жолданған құжаттарды ақтарып, келетін жұптардың
арыз-шағымдарымен, өмірбаянымен танысып отырамыз. Келген беттерінде жылы жүзбен қарсы алып, танысып алған проблемалық жағдаяттарына қарай ақыл-кеңес айтамыз. Барынша мәмлелестіру-міндетіміз. Бірінен-бірі жалығып, бірін-бірі жек көріп, жауласып алған жұптар кейде ұзақ салғыласады. Оппозициялық ұстанымынан бас тартпайды. Әрқайсысы өзін ақтап, келесісін даттап, сөзге тоқтамайды. Психологиялық көмекке ниеттенгенімізбен кейде жеңіп, кейде жеңіліп жатамыз. Әлгі жұптар бірнеше рет келуге жолдама алады. Психологиялық сеанстардан соң татуласып кететіндер де бар. Керсінше, екеуара дау ұлғайып, жауласып, қалай да ажырасуға бел буатындары да көп.
Осы бір ауыр жұмысқа алғаш келіспедім. "Уақытым тығыз, оның үстіне кітап жазып жүрмін..."- деп қанша қашқақтасам да, болмады.
"Махаббат Сыйақықызы, сіз әйелдер жанын көп зерттеген, ғылыми жұмыс қорғаған адамсыз. Дәл сіздей ешкім түсініп, ешкім де көмектесе алмайды!"- деп қолқалай берген соң, үшінші қайырылып келген ұсыныстан тағы да бас тартуға дәтім бармады. Оның үстіне, өзім іздеген әйел образын тауып қалармын деген үміт оты жылт ете қалғаны да рас. Ал менің қандай әйел іздеп жүргенімді, Әпитөк қана білетін...
Ақыры, өзіме арнап бос сақтайтын бейсенбі күнін де жұмыс күніне айналдырып тындым.Үйдегі кісі қалыптастырған тәртіп бойынша, бейсенбі жұмысқа бармайтынмын. Дүйсенбі өз кеңсемде жұмыс жасап, сейсенбі, сәрсенбі күндері университетте лекция оқитынмын да, жұма күні тренингтер өткізетінмін. Ал бейсенбі күні, үйдегі кісімен Қаскелеңнен әріректегі бір ауылдың сыртындағы молаға барамыз. Мұнда, әкем мен анам мәңгілік мекен тапқан. Сосын, Ақтас ауылындағы психиатриялық ауруханаға жол тартамыз. Онда, үйдегі кісінің жақыны жатыр.
Әр бейсенбі баратын "сот барысындағы психологиялық көмек" орталығындағы жұмысымның алғашқы айлары бірсарынды өтті. Керкілдескен ер мен әйел... Бір-біріне таудай айып тағып, тамшыдай сын көтере алмай дауласқандар... Таяқ жеген әйелі, таяқтаған еркегі... Сатқындықты кешіре алмаған, қиындықтан мезі болған жар сынды айтсаң таусылмайтын тіршілік проблемалары барлығына ортақ. Әйелі жылап, еркегі секіріп жаныңды қажытады. Байқағаным, ер азаматтар "сөзшең" болып барады екен. Кабинеттегі үш әйелге де дес бермей, сөзден жеңілмей, алшаң басып шығып кететін ерлер ешқандай ақыл-кеңеске тоқтамайды. Ол ол ма, біздің көзімізше жұбайын сұлатып салғысы келіп, қызылкөзденіп отыратындары да жоқ емес. Осындай, бітпейтін даулардан жалығасың. Бір жылға келісім берген соң, "Бір жылға қоянның терісі де шыдайды"-деген бабалар сөзін місе тұтып жүрмін.
... Төртінші айлық жұмысым басталды. Әдеттегідей, почтама түскен құжаттармен кеше, кеште танысқанмын. Төрт жұп жазылған екен. Алғашқы екеуі әдеттегі әйелдердің өкпе-назын, көрген қорлығы мен таққан айыбын жазған. Әрі қарай оқығым келмей біраз отырдым да, шолып шығуға шешіп, келесісін аштым. Бастағаным сол, қалайша оқи бергенімді түсіне алмадым. Көз жүгіртпек ниетімен адасып, ынты-шынтыммен оқып отыр екенмін. Не деген көркем жазба. Құдды, әйел тағдыры емес, сотқа жазылған арыз да емес, көркем шығарма дерсің. Өте ауыр оқиғалар һәм өте көркем жазылған мәтін.
... Бейсенбілік жұмыс күнім алдақашан басталғанымен, мен күткен әйелдің келер уақыты жылжымай, тағатымды тауысып барады. Түске дейінгі келген екі жұптың да, түстен кейінгі келген жұптардың да не айтып, не қойғандарына аса мән беріп, сөздеріне зер сала алмадым. Қазақ отбасыларының жаттанды проблемалары мен айқасы. Оларға біздің тарапымыздан берілетін психологиялық кеңес те дәл сондай, жаттанды.
Сағат 15.05... 15.30...
"Келмейтін шығар?"- деп шешті, ассисентім. Ондай да болады. Сот орындаушылары ажырасу процесінде психологтарға нұсқағанымен, психологиялық кеңестен бас тартып, келмейтіндері де бар. Зорлық жоқ, ерікті процесс болған соң, қалауына қарсы шықпаймыз.
– Мүмкін, келгісі келмеген шығар?- деді, ассистентім есінеп алып. Өзі денелі, тамақсау келіншек еді, түскі тамағының тоқтығы тарқамады білем, екеуден-екеу отырған кабинеттегі тыныштыққа елтіп, маужырап, ұйқы жеңіп барады. Қайтқысы келіп тұрғаны да айдан анық. Балабақшадан сәбиін алатынын айтып, баласының тұмауратып қалғанын, қонақ күтетінін, бітпейтін тірліктен қажығанын, күйеуінің жағы сембей сөйлей беретінін жіпке тізіп, жиі-жиі жұмыстан ертерек кетіп қалуды әдетке айналдырған. Келген жұптардың құжатын реттеп, қол қойып, мөр басуға дайындап беретін болған соң, бұл істі жеңіл көріп, өзім тындыра салатынмын да, қоя беретінмін. Міні, ақшыл-сарыға бояп алған шашына саусақтарын сүңгіте тарап, үйіне тартып кеткісі келіп, кешіккен жұптарды күтудің қажеті жоқ екенін де айтып, тағы сол әдетіне басып отыр.
– Күтейік! Жұмыс уақыты аяқталған жоқ қой!-деймін, салмақтай. Екеуара жұмысымыздың басты персонасы өзім екенімді ескертіп жатпай, қарапайымдылық пен жұмсақтық танытып-ақ келемін.
– Осылардың бірсарын сөздері мен таусылмайтын тауқыметтерінен жалыққан жоқсыз ба?- деп, жағы айырылып кете жаздап есінегенде көзінен шыққан жасын домбал алақанымен сүртіп тастады.
Үндемедім. "Келмеуге шешкен шығар"- деген ой мені де меңдеп алған. Сонда да күтуге бел байлап отырмын.
Сағат: 16.04.
Телефон шар еткенде, селк еттік.
"4-кабинеттегі психологтарға, Махаббат Сыйақықызына адам келіп тұр!"-деді постағы күзетші.
Келді!
Ассистентім қарсы алуға шығып кетті. Дегібірім қалмай, күтіп отырмын. Кенет, ассисентіме еріп, әдемі келіншек кіріп келді. Қалайша? Жалғыз ба? Соңынан ерген ешкім жоқ па дегендей қарағыштаймын.
– Сәлеметсіз бе!
**** Туууу, дауысы да сондай әдемі екен!
– Сәлеметсіз бе!
Жалғызсыз ба?
– Иә! Жұптасып келуден бас тартқанын! Сот төрешісіне ескерттім ғой!
– Жақсы-жақсы! Отырыңыз!
Кәнігі әдетпен келген жұптарды бір-біріне қарсы қарата отырғызып қойып тыңдайтын ортадағы столды нұсқадым. Тек, клиентім отыруға асықпайды. Айналасына барлай қарап, ассисентім жалғыз өзі иемденген кең диванды нұсқап:
– Жоқ! Онда емес, мұнда отырсам бола ма?- дегені. Еркіндігіне тәнті болдым. Келген әйелдердің ұяңдығы мен бағынушылық позициясына үйреніп алған ассистентім таңданысын жасыра алмай, бажырая қарап қалыпты.
– Әрине! Қалаған жеріңізге жайғасыңыз!-деймін, күлкімді зорға тежеп. Қолын диванның арқалығына лақтырып қойып, шалқая отырып үйренген етжеңді ассисентіме жақпады білем, жаңа ғана тапқан жайлы орнын амалсыз босатып, әлгінде мен меңзеген ортадағы столға келіп, құлықсыз отырды.
– Сіздің құжаттарыңызбен таныстық!- деп сөз бастағаным сол еді, ешкімге ұқсамайтын келіншек аспай-саспай ғана:
– Кешіріңіз!
Әңгімені өзі бастасам рұқсат па?-дегені, тағы.
Міне қызық! Мұндай еркіндік бұл кабинетке бұрын-соңды кіріп-шыққандардың ішінде болған емес!
Барған сайын бауралып, ынтығып барамын. Кешегі жазбаның иесі осы болса, бүгінгі көрінісі мен сөз саптауы асып түсіп, баурап тұр.
"ШЕКАРА" ДЕГЕН ҚАТЕ СӨЗ. АДАМДА ШЕКАРА БОЛМАЙДЫ, ӘЛЕМ БОЛАДЫ! ”ШЕКАРАНЫ БҰЗБА“ ЕМЕС, ”ӘЛЕМІМЕ БАС СҰҚПА“ ДЕГЕН АҚЫЛҒА ҚОНЫМДЫ!“-деп пе еді түнеукүні, үйдегі кісі?! Рас-ау! Үйдегі кісінің сөзіне қарсы шығып, қырсығатын әдетіммен мойындамай кеткеніммен, бұл сөздің түбі психологтардан шыққан қате аударма екенін де, вирусқа айналған сөз екенін де білуші едім, дәл екен ғой.
Мынау әдемі келіншектің айналасында шекара атымен жоқ. Еркіндік бар. Емін-еркін отырысы, емін-еркін сөйлеуі...
Керемет!
– Анау айтқандай алып бара жатқан сөз емес! Кәдуілгі, көп әйел кешкен тағдыр мен тартқан тауқымет қой! "Ұрды", "Соқты"-деп жамандап жату да артық шығар?! Кім таяқ жемей жатыр қазір? Меніңше, осы кабинетке кіріп-шығатындардың түгелі дау-дамай арқалап келетін болар?! Мына қабырғалар сондай сұрғылт. Кабинеттің аурасы да ауыр тартып тұр. Сөз-энергия. Энергия ақ және қара болады. Әбден сіңіп кетіпті мұнда!- деп, айналасын тағы бір шолып өтті.
Сөйлей түссе екен!-деп, төрдегі терезенің алдына қойылған стөлімде қалт етпей, тыңдап отырмын. Онсыз да сөзін үзіп, ойын бұзуға келіспейтінін анық аңғарды ма, ассисентім де үздіге үңіліп қалыпты.
– Иә! Дұрыс айтасыз!- деп қолпаштап қойдым, жалғай түссін деген ниетпен.
– Біз, ауылдың баласымыз. Өз басым айғай-шусыз тыныш отбасында өстім. Біздің үйде ғана емес, бүкіл ауылда әйелімен майдандасып, бала-шағасын ”әскери дайындықтан“ өткізер "батырлар" болған жоқ. Содан да болар, "деспот", "психопат", "манипулятор", "нарцист", "абьюзер" деген сияқты психикалық ауытқуы бар адамдардың болатынын білген жоқпыз. Біздің білетініміз "ішкіш, алқаш"- деген теңеулер ғана еді.
Жолдасым ішпейді. Бес уақыт парызын орындайды. Мешіттен шықпайды, ораза ұстайды. Бірақ, "Діндарлар Құдайдан қорқады" деген аксиома емес. Дін-жүректе, мінез-бойда, тінде болады. Тін-тектен құралады. Бұлар, тұқымымен қатын ұрғыштар. Мен түскен әулеттегілердің тініне "Қатынды бастан, баланы жастан"- деген ұран сіңіп кеткен. "Ұяда не көрсе..." емес пе?! Әр отбасы өз ата-бабасы қалыптастырған заң, тәртіпті ұстанады. Ұрпағына дариды.
Менің ұямда да өзім басқан үрпек балапандарым бары түсінікті. Тәрбие-ақыл айту емес қой! Бала көргенін істейді. Жалғыз ұлым бар. Ол ұлдың өмірге келгендегі "адами миссиясы" тағы бар. Бір қыздың тағдырының, қазақтың ұрпағының алдында жауапты. Осыны түсіндіру үшін әкесі мен анасының арасындағы бітпейтін жанжалдың "арашашысы" ету кереғар. Бұл, басты проблемам. Ал қыздарымның жаны тыныш болуы, болашақ ұрпағының сау болуына себеп. Өзіме келсем, мен ауылдың тәрбиесін, атаның тәлімін, апаның насихатын көріп өскен соң, "еркекті құрметтеу" тәліміне бағындым.
"Еркекке ес кіргенде басылады; Қартайғанда жеңесің!"- деп басып қою қазақы мінез. Бұл-қате! Адам өмірі онсыз да қысқа. Егер бес жүз жыл өмір сүрсең, есер еркекке ес кіргенін, басылғанын, жеңісіңнің туы желбіреген күнді күтуге болар ма еді, бәлкім! Әй, қайдам!... Екі адам уақыт өте біріне-бірі үйреніп, үйлесіп, ұқсап кетпесе, басқасын қайдам, екеуара әңгіме де өрбімейді-ау?!
Әр сөзі мірдің оғындай! Нысанаға дәл тигізіп отырған мерген дерсің. Келіскеніміздей, сөзін бөлген жоқпыз! Мораль тұрғысынан сөйлегендей көрінгенімен, айтқанының бәрі рас. Дәл! "Қазақ қызға тәрбие бергіш"-дегені де өтірік емес. "Ертең барған жеріңде не дейді?"... "Күйеуге тигенде қайтер екенсің?"- деген сөзбен қыздың өжеттігін өлтіріп тастайтынын, там-тұмдап құлаққа құйып жүріп, тағдырына көнбіс қыздарды өсіретінін де дұрыс айтты. Қыз бен ұлдың тәрбиесіндегі парадокстың бары да ақиқат. "Осыншама ақыл ұл балаға айтыла ма? Бір қыздың тағдырына, ұрпағының өміріне жауапкершілік арқалайтынын ескерте ме? Жоқ! Демек, болашақ отағасын емес, оның болашақ жарын тәрбиелеумен ғана айналысқанының зиянын тартпасақ, пайдасын көрген жоқпыз. Нәтижиесін берді бүгін сол кемшілігіміз..."-деп, өз тағдырының ғана емес, күллі қазақтың проблемасының түйінін шешіп, тарқатып отыр.
Ассисентімнің жан-дүниесімен беріле тыңдап отырғанын байқап, ойын бөлгім келмеді. Құдды, транста отырғандай, селт етер емес, ол да. Келіншектің алдына ыстық кофе мен тәттілер қойдым. Сұлуым, асып-сасқан да, таңырқаған да жоқ. Тіпті, бұл әркетіме бәлендей әсерленбеді де. Кофесін үрлеп қойып, сызыла ұрттап, тамсана ішіп отырып, әңгімесін жалғай берді.
Ерекше клиентімнің әрекетін жіті бақылап жүрмін. Тым сабырлы. Көрген азаптары ішкі тектілік пен тәкаппарлықты қиратпаған. Интеллегентті болмысында титтей де жат қылық жоқ. Керсінше, әсерленіп кеткен мен едім. Тордағы тотықұстай кабинетімде әрлі-берлі жүрдім де қойдым...
Өте абай сөйлемесең, анау-мынауға бағына салмайтын өрлігін байқаған соң, психологтар ажырасуға ұлықсат етіп, қағазға мөр баспаса соттың сағыздай созылып, қиынға соғатынын айтып, өзгелерге көрсеткен доңды бұл келіншекке көрсете алмасым анық. Тек, тәнті болғанымды жасырмадым. Менімен әлі де сұхбаттасып, кездесуге келісім беруін өтіндім.
– Сіз мені тренингтеріңізге қатысуға шақырып отырсыз ба?- деп күліп алды. Жоқ! Маған психолог керек емес! Адамға сана мен сенім керек! Ал психологтарға жүгінетіндерде осы екеуі жоқ!- деді, жайбарақат. Мұндай адамға сөздің турасын айтпасаң, жасандылықтан жеритінін жақсы білем.
– Тренинге емес, сізбен көбірек жұмыс жасағым келеді. Қазақ әйелдерінің өрлігі мен өресін көрсетер, жасампаздығын паш етер кітап жазып жүр едім, сіздей адам іздегеніме көп болды!-дедім, нақтылыққа салып. Ойланып отырды да:
– Жарайды! Тәжірибелік қоянға айналып кетпесем игі!-деді, қалжыңдай жымиып. Мұнысына, түгел күлдік. Соған қарағанда, жаңағы кетуге асыққан, әркімнің қарабайыр тіршілік тауқымет жырларынан жалығып кеткен ассисентім де әсерден кенде емес сияқты...
Алтын тордағы құс бақытты ма? Құсқа Құдай қанат бергенде кең жазып, шарықтай алмаса, қамауда торықса, алтынның парқы қандай?... Үйге қайтар жол бойы әдемі келіншектің сөздері құлағымда жаңғырып тұрды.
Үйдегі кісімен салғыласуға да, сұхбаттасуға да зауқым соқпады. Осыны байқағандай, ол да мазаламады. Бар-жоғы белгісіз... Әдемі келіншектің әдемі сөздері санамнан кетпей, миымды ақтарып қайта-қайта түйсігіме оралтып ала бердім. Абайдың: ”Қулық ақылдан тұрадысын" есіме алдым. Өрліктің намыстыға ғана тән екенін болжарладым. Осындай әйелдің теңі қандай болуы керек? Соншама жыл кіммен, қандай адаммен ғұмыр кешті?-деген сұрақтарға шырмалдым. Сол кісінің көргім келді...
Кітабымды бес-алты бетке сүйреп келіп, әрі қарай жаза алмадым. Түн де ортасынан ауып қалыпты. Пердені жабуды да ұмытқанымды енді ғана ұқтым. Қарным ашыпты. Тоңазытқыштан тіске басар алып, бөлмеме келдім де, пердені серпімек ниетпен қол создым. Жаңбыр сіркіреп құйып тұр. Тереземнің түбіндегі әлгі баланы көрдім. Күндегі орнында, күндегі әдетімен, менің тереземе үңіліп тұр...
... Келесі күні, әдемі келіншектің отасқан адамын көрдім. Кабинетке екпіндей кіріп, әлдекімде өші бар адамдай өктем сөйлейді. Қалай да әйелін райынан қайтарып, ажыраспауға көндіруіміз керек екенін ескертіп, бұйыра, қадап айтты. Сондай зілді.
**** Бұйрық беруге нықтап қалыптасып алған адам екені анық!
**** Тиран, деспот, абьзер және нарцистер өзгенің жан қалауын аяқ асты етіп, манипуляциялық әрекеттерімен азаптап, қорлайды. Бұлардың әрқайсының өзіндік анықтамасы, психологиялық талдауы мен мінездемесі бар. Ал себебі көбіне ортақ. Ол-травма. Сонау балалық шақтан бастау алатын, қатыгездік пен жалғыздықтан жараланған жанның кегі. Махаббат, мейірім дефитінің асқынған формасы. Балаға дүние-байлық керек пе? Жоқ, әрине! Балаға махаббат, мейірім ғана керек. Ата-ананың, жақындарының жылулығы қажет.
**** Барды аузына тосып, қалауын екі етпей, үлде мен бүлдеге орап өсірген баланың жүрегіне мейірім орнамайды. Өмірді ”өз қалауым“ деп қабылдайды. Бұл-эгоизм. Ата-ана еркелеткенімен, өмір еркелетпейтінін мойындау, эгоистердің жүрегін қатайта береді. Өйткені, онда мейірім орнамаған. Боп-бос, қараңғы жүрек жанды да, қанды да қарайтады.
Бұл кісінің ешқандай арнайы білімі жоқ екенін бізге жолданған құжаттарынан көріп алғанбыз, тәлімі де ақсап тұрғанын жалғыз ғана кездесуінен танытып үлгерді. Соған қарамай, қоқанлоққыға ұластырып сөйлейтін әдетінен "көше батыры" болар деген ой келді. Ептеп сұрақ қойып, қандай жұмыс жасайтынын білмек едік: "Онда шаруаларың қанша? Отбасымды бақсам болды емес пе? Не киемін, не ішемін демейді! Ішкені алдында, ішпегені артында, таққаны жақұт, не керек оған? Қатын деген күйеуінің тілеуін тілеп, тек отырмай ма!"-деп, өз өресінен туған ойларын кесіп-пішіп, лақ еткізді. Дәл осы сәт, әдемі келіншектің, осы кісі отасқан әйелдің: "Алтын тордағы құс бақытты ма?"-дегені есіме түсті...
"Түсінікті!"-дегендей, көзінің астымен ұрлана қараған ассисентім "бәлесінен аулақ! Алдап құтылайықты" да ыммен түсіндірді. Әрине, дәл солай, алдап құтылдық...
Әдемі келіншекті аядым. Жоқ! Ол, аяушылықты ұнатпайды. Мүсіркегенді жек көреді. Намысшыл һәм күрескер. Мен, екеуміздің әр кездесуімізді асыға күтемін. Дәл қазір үйге қайтуым керек!
Әдемі келіншек қонаққа келеді. Рухани сұхбат құрамыз, сырласамыз. Лилияны әдемі келіншекпен таныстырамын. Әдемі келіншекке Лилия жайлы құпиямды ашпақпын...
*** Вероника (Veronica) қызылқай күлгін түсті, әдемі гүл. Күннің көзін жақсы көргенімен, көлеңке тағдырын да көтере алады. Тіпті, аязды қыстың өтінде қалса да, көктем шыға қайта тіріліп, тіршілігін жалғастырып, гүлдей береді. Грек тілінде вероника ”жеңімпаз“ деген ұғымды білдіреді.***
– Мен сізге ат қойдым!-дедім, әдемі келіншекке.
– Солай ма? Қандай?
― Вероника!
― Ол, гүл ғой!
― Иә! Тапқырлығыңызға тәнтімін!
― Менің есімім несімен ұнамады?-деді, күліп.
– Жоға, олай қабылдамаңыз! Мен, өмірімде орны бар әйелдерге солай гүлдердің атын қойып аламын. Әр әйелдің түр-тұлғасын, мінез-құлқын зерттеймін де, гүлдермен ұштастырамын. Яғни, әйел затын гүлге теңеймін!
– Тамаша екен!
– Сонда, дүниедегі барлық гүлдің аты мен өзгешелігін білесіз бе?
– Барлық емес шығар, бірақ, өте көп гүлдің ерекшелігін білемін. Әкем-биолог еді. Менің бала күнгі ұшқыр ойларыма риза болғанда кітап сыйлайтын. Міне, мынау "Гүлдер антологиясы" Әкем сыйлаған. Гүлдер және Әйелдер жайлы кітап жазып жүрмін. Кітабымда әкемнің өзі жүрсін деп, деректерді сол кітаптан аламын!
– Ғажап! Не деген тапқырлық!
Ал жазушылық кімнен дарыған сізге?
– Анамнан. Анам-филолог болатын. Үш жасымнан әріп танып, кітап оқи бастадым. Бұл, анамның арқасы. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін, Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Фариза ақындардың поэзиясын жатқа білемін.
– Кереметсіз!
Менің махаббатым-әдебиет. Бала күнімнен өлең жаздым. ”Қыздың жіңішке жолына“ түскенде әдебиеттен қол үзіп қалдым. Бірақ, қанмен берілген қасиет жайыңа қойсын ба?! Күйеуімді көрдіңіз ғой. Ол үшін "бицепс" пен "трицепс" өлеңнен де, өнерден де құрметтірек. Ал өлең мен өнер ол үшін-"қиял" ғана.
―Дұрыс айтасыз! Өнер-аманат!
Жағдайыңыз жақсы ма?-деп сұрадым. Қиналып жүргенін білуші едім, сонда да уақыт тауып, шақыртуымды қабыл алып келгеніне риза болғанымда, қамқорлық танытып.
– Шүкір!
Алғаш қатты қиналдым. Бір түнде қашып кету оңай болсын ба?! Балалардың киімдерінен өзге ештеңе алып кете алмадым. Өз киімдерімді өртеп кетуге де мұршам болмады. Осынша жыл қолыма ақша салмай, қожайын болған кісі тапқанын өзі ұстаған соң, қор жинай алмадым. Ақша да, үй де, күй де жоқ, кімге сиясың? Кімге ұнайсың? Ең қиыны, жұмыстың жоқтығы болды. Жұмыс сұрап, қазіргі басшысының алдына төрт рет кірдім. Резюмемді бүкіл қалаға тарттым. Ұзақ үзілістен соң жұмысқа шығуға ниеттенген адамға кім сене қойсын?! Үзілістің кесірін өзім де тарттым. Қарайып қалыппын. Санамның үңірейген жарығын толтыру оңайға соққан жоқ. Күндіз жұмыс істеп, түнімен кітап оқып, проза жазып жүрмін. Балалардың тәрбиесі мен тамағы тағы бар дегендей... Десе де, еркіндігімнен ләззат аламын! Әр оқығаным мен жазғанына қуанамын! Әйел адамның жаны осындай қуаныштармен гүлденеді!-деді, көркем жүзіне түскен тағдыр көлеңкесін серпи, Вероника. Ажырасқан еркектің ”сталкерлік“ әдетінен жалыққан да жасырмады.
**** Біз отбасылық өмірге баланы дайындамаймыз. Кейіпкерім айтқандай, қыз балаға тәрбие бергішпіз. "Қыз-қонақ" деген ұғымды титтейінен құлағына құйып өсіреміз. Қызға төрден орын беретінміз де, қыздың разылығы төркініне маңызды екені де қыз жанының нәзіктігін білгенімізден және қыз ғұмырдың ауыртпалығын ұққанымыздан. Біреуге тағдырын тапсырып, сеніп, ұясын тастап ұшып кете беретін құс тағдырлы қыздың бағы да өзгенің қолында. Өзгесі кім? Тағдырласы емес пе?! Сыңары, жұбы, жұбайы. Оны ше? Қызға сыңар өсіріп отырғанымызды түсінеміз бе? Ұл балаға болашақ отбасының жауапкершілігін, жүгін, сынын кім түсіндіреді? Өмір күн мен түннен тұрғанда, екеуінің де өз міндеті болмай ма?
**** Күндізгі тірлікті намысты, еңбекқор еркек атқарады. Отбасын бағады, қамтамасыз етеді. Бұл-материалды қамқорлық. Екеуара қатынас тек ішіп-жеуден, киім-кешек мен дүние-мүліктен тұрмайтынын қашан түсінеміз? Сезім қайда қалады? Сезім әлсіресе, төзім нығая ма? Күндік нәпақа бұйырғанда түндік парыз өз межесіне жетпесе, жан мен тән ашығады. Құпия тақырыпты талқыламайтын жұптар бір шаңырақ астындағы жаттар секілді. Қыдырымпаз еркектердің жарларының сыр-мұңын талай тыңдадым... Үйленуді парыз һәм сүннет санап өскен ұл, өз парыздарынан гөрі, жарының парыздарын жақсырақ біледі. Мұны, кеше түнде жазғанмын.
– Мынаны оқып көресіз бе?-дедім, әдемі келіншекке.
– Оқиын!-деді де, компьютеріме үңілді. Дауыстап оқи бастады. Сосын, үнсіз қалды.
– Ұнамады ма?-дедім, үнсіз қалғанына ыңғайсызданып.
Жазушының пікірін білу қобалжытады екен адамды.
Тапқандарымен тоғыз жолдың торабында жалғыз қалып, әр қадамымды аңдып, қара аспанды төндіріп қоқанлоққы көрсетуден жалықпайтын сталкинг еркектен қорықпай, заңға жүгініп жүріп жеңген кейіпкерімнің табандылығы мен өрлігіне ризамын. Ол ғана емес, аз ғана уақыттың ішінде талай бәйгелерге қатысып, жеңіске жетіп, түрлі конкурстардан бас бәйгелерді де еншіледі. Он бір айдың ішінде "Іңкәрлік" атты кітабы шықты. Екінші кітабын жазып жүр. ”Жасампаз“ әйел осындай болса керек! Ал жазушылығы бір төбе. Facebook желісіне жиі жариялайтын прозаларын да сүйіп оқимын. Жазушылық шеберлігіне де тәнтімін!
– Жақсы!-деді, үнсіздігімен мені біраз ойға батырып алған соң, қиял шегіп кеткен әлемімнен қайтарып алып.
– Алып-қосарыңыз жоқ па?-дедім, қысқа жауапқа қанағаттанбай.
– Бар! Ажырасу барысында психологиялық көмек алу үшін алдарыңызға бардым. Барғанда, соттың шешімі солай болған соң баруыма тура келді. Алайда, сіздердің сұрақтарыңыз көңілімнен шықпады!-деді, ақша жүзіне қызыл қан жүгіріп өтіп, жымия.
– Біз сізге аз ғана сұрақ қойдық қой! Сіз, психологиялық кеңес кабинетіне келетіндердің ішіндегі ең ерекшесі болдыңыз! Сұрақ қоюға тиым салдыңыз да, "өзім сөйлейін, сіздер, тыңдаңыздар!"-деген жоқсыз ба?!-дедім, күліп. Қосыла күлгенімізде бөлме ішін аралаған сыңғыр күлкі жеңіл желпінген жібек перденің қиғаштай ашылған саңылауынан сусып, қаланың у-шуына араласып кетіп жатты.
– Иә! Өзім сөйдедім, өзім сөйледім! Себебі, сіздердің қандай кеңес беріп, нендей шешім шығаратындарыңыз мен үшін маңызды емес еді. Мен, отбасылық өмірімде "таяқ жедім" деп туыстарыма шағым айтып, "ажырасамыз" деп үйден кетіп көрмегенмін. Өйткені, мұндай шешімге бірден келмедім. Бірнеше жыл ойландым. Бір шешімге келген соң, ешкімнің ақыл-кеңесі өзгерте алмас еді. Мен, өз шешімді қалай да орындауға бел будым. Азапты өмірден бас тартып, рахатқа бет бұрып бара жатпағанымды жақсы білдім. Керсінше, бұрынғы азабынан да ауыр азапқа жолығуым мүмкін екенін де болжадым. Тек, еркіндік пен өжеттік қандай қиындықты да жеңеді деп сендім. Сондықтан, сіз мұнда әйелдің де армандары, мінезі, әдеттері мен қалауы болатынын қосыңыз. Әйел, еркектің анасы да, күтушісі де, үй қызметкері де емес, серігі екенін аша түсіңіз!-деді, әдемі дауысын соза сөйлеп.
– Ұнатпаған сұрақтарыңызды білсем бола ма?-дедім, әлгіндегі сөзінің төркінін білгім келіп.
– Әрине! Мына жазбаңыз өз сұрағыңызға жауап!-деді, тым әдемі көзінен бір ұшқын жарқ етіп.
– Біз оны онсыз да әйелдің сөйлеу стилі мен әркетінен зерттеп, байқап отырдық қой!
– Жоқ! Бұл қазақ үшін тым құпия тақырып! Бірақ, әйел затының жұптық өмірден баз кешіп, көңілі пәсейіп, құлазып жалғызсырауының да себептері біз ашық айтып үйренбеген, жасырын қалдыратын осы құпияның ішінде жатыр!-деді, қасын көтеріп. Біз, бір-бірімізді терең түсіндік!...
... Дүйсенбілік күн тәртібім бойынша өзім ашқан "Психологиялық кеңес" атты офисіме барып, Еңлік жазып қойған әйелдердің сыр-мұңын тыңдағанмын. Ал оларға ақыл-кеңесті Еңлік берді. Жоғары білімді, жас психолог маманы болған соң баулып жүрмін. Кейінгі кезде шыңдалып келеді. Клиенттерін тыңдай алуы да, ой қорыту мен кеңес беруі де өзгеше.
Вероника менің принциптерімді ғана емес, мінезімді де өзгерткен сияқты. Кейде тіпті, психолог мен емес, сол келіншек секілді көрінеді.
"Адам психологиясын тану үшін психолог болу жеткіліксіз! Түйсік пен интуиция керек!"-дегені де әбден рас-ау! Өзінде, жанынды ұғып, сырыңды сезер қасиет бар сияқты. "Сіздің ішіңізде өкпе-наз, әлде, кек бар!"-дегенде мойындауға арландым. Алайда...
... "Мықты әйел" деген тіркес қалыптасты қазір. Кімді "мықты" дейміз? Күйеуінен ажырасып, балаларын сүйреп жүріп өсірген, тіктеп, ел қатарына қосқан әйелге сондай теңеу телеміз. Сонда, бұл мықтылық па? Амалсыздық қой. Мәжбүрлік. Әйел-еріне аманат. Аманатқа қиянат болғанда, тағдырына қайылдың "тал қармағанын" мықтылыққа санасақ, парасаттан жұрдай болғанбыз-ау?!“...
... "Жаратушы Адам атаны сусындаған топырақтан жаратты" деген тәмсілге илансақ, еркек-дара жаратылыс. Әйелді ердің қабырғасынан жаратқаны да сол тәмсілдің жалғасы. Ендеше, әйел еркектің бөлшегінен жаралған. Дара жаратылыс емес. Жұпсыз, сыңарсыз әйел-жалғыз. Жалғыздықты көтеру әйел жанын не қиратады, не табиғатын бұзады. Еркекке айналдырады“...
Верониканың әр сөзі жадымда осылай жаңғырып тұрып алатын болды.
Психология адамдардың айналасындағылармен қарым-қатынасын, жағдаяттарды қабылдау & пайымдау процесіндегі принціптері мен мінез-құлқын, психикасын зерттейтін ғылым. Осы ғылымға бүкіл өмірімді арнадым. Докторлық деңгейге жеттім. Алдымда отырған жандардың сөйлеу дағдысы мен мимикасы, эмоциясы, әдеті, мен үшін оның сырын ашып, болмысынан хабар беріп жатқандай көрінетін. Болжам мен ақиқаттың айырмасын білген жөн екен. Болжау-пендеге тән, ақиқат-Аллаға тән.
Мұны, маған әдемі келіншек түсіндіргендей. "Өз мұңыңызды жеңе алмай жүріп, өзгенің мұңын қалай сейілпексіз?"- дегенде, жүрегіме қанжар қадғалғандай күй кештім. Осы бір сөздің әсері әлемімді қиратып тастады. Тіпті, осы сөзді естіп қойғандай, үйдегі кісі мүлдем маңайыма жуымайтын да, сөйлемейтін де болды. Есеңгіреп жүріп, есімнен адастым. Жалғыз қалдым.
"Махаббат Сыйақықызы, сіздің психологиялық кеңесіңізге адамдар жаздым!"-деп, Еңлік хабарласқанында, кеудеме біз сұғып жатқандай ыршып түстім. "Еңлікжан, өзің жүргізе берші!"-дей салдым да, телефонымды өшіріп тастадым. Еңлік, осы күні психологиялық аффирмацияның шеберіне айналды. Стримге шығып жүр. Жас қой, жүйкесі мықты. Оны осы жолға өзім тәрбиелеп, қалыптастырдым. Ал мен ендігәрі ешкімнің жарбайған мұңын да, сарғайған сырын да тыңдағым келмеді. Ешкімге жөн сілтеп, жол көрсеткім де жоқ. Тіпті, "Психолог және психологиялық кеңес" кеңсемді Еңліктің атына ауыстырып беруге бел шештім, біраз күннен соң. Күңгірт әлеміме көктем сыйлаған, үрке басып, үкідей үлбіреп келген келген қыз, бүгін әжептәуір маман иесі. Несі бар? Жалғызбасты анасының сүйеніші, артындағы бауырларын оқытып, тәрбиелеп келеді. Кеңсе жұмысын өзі жүргізіп, пайдасын өзі көруге толық әлеуеті жетеді.
... Үйдегі кісі маған еріп ата-анамның зиратына да, туысымды көруге, Ақтастағы психиатриялық ауруханаға да бармайтын болғаны аздай, үйде де жоламай қашып жүретін болды. Әуелі, кеш батқаннан таң атқанша тапжылмай, тереземнің түбінен үңіліп тұратын бала да келе бермейтін болыпты. Ал мен екеуін сағындым!
Қатты сағындым!
Қатты жыладым!
Перделерді кері сырғытпай, күңгірт бөлмеде жата бердім. Шетсіз-шексіз ойлардан қажыдым. Көзімнің асты көлкілдеп, етім ағып кетіпті. "Тұр! Тамағыңды же!"-деп тұратын үйдегі кісінің мылқауға айналып, мен кірген бөлмеден басқа бөлмеге ауысып кететіні жаныма батты. Ашуланып, айғайлап қанша шақырсам да, маңдайыма жуыр түрі жоқ...
... Таза ауа жұтқым келіп, терезені аштым. Жазғы салқын ауа көптен бері кірмеген бөлмеге жапатармағай лап қойғанда теңселіп барып, есімді жидым. Қырық күн. Тұп-тура қырық күн қамалып жатыппын. Тіршіліктен қол үзіп қалғандай жүдеу тартып, қан-сөлім қашып, жұқа терімнің сүйегіме жабысып қалғанын күн сәулесінің жарығын көргенде ғана ұқтым.
**** Эх, шіркін! Қандай сұлу едің, Күн! Сені көрудің бақыт екенін түсінбейтін пенде, жалғаннан бақыт іздеп сандалады-ау!
... Анамның төрт күнделігін құшақтап жатқан қырық күнімде қырық жылдық өміріме есеп бергендей болдым. Көп ойлармен алысып, көп естеліктерді қаздым. Қырық күн азық болған ыстық кофемді ұрттап отырып, телефонымды қостым. Толассыз хабарламалар асығып-аптығып түсіп жатыр, түсіп жатыр. Абырой болғанда, университеттегі студенттер жазғы демалыста еді. Іркес-тіркес хаттарды зыр қақтырып әрлі-берлі жүгіртіп отырмын. Әлдекімді іздейтіндеймін.
Вероника!
Таптым! Верониканы сағыныппын.
"Сіз, ғажап әйелсіз! Адам жанын түсінуге, мұңынан арылтып, қуанышпен қауыштыруға ниеттісіз! Бұл-адамдық! "Адамдық" аңызға айналып бара жатқан заманда өзіңіздей тұлғалар тапшы! Жер-сынақ мекені. Бүлкілдеп, ана құрсағында соққан түйнек-жүрек иесінің тағдыры жатырда жазылады. Тағдыр жолымызды жүріп өтпей, межеге жетпейміз. Сіз оны жақсы білесіз! Тағдырдыңызды қабылдаңыз! Мойындаңыз! Ата-анаңызға деген сағыныш-заңдылық! Ал өкпе мен өкініш-дерт. Рухыңызды азаптамаңыз! Жіберіңіз!
Өкпені жеңіп, өкініштен арылыңыз!
Елге сыйлаған сенімділік пен асқақ рухты өзіңізге де қиыңыз!
Жылауға намыстанбаңыз! Сіз, гүл тағдырлы, жаны нәзік әйел ғанасыз!
Құрметпен, өзіңіздің Вероникаңыз.
Көңілімнің босап кетті. Көкіремдегі келсаптай мұң-шерім кертіліп, ыстық жасқа айналғанда түнек кеудемнен құтылар саңылау іздеп, көзімнен төгіле берді. Қанша отырғаным белгісіз, әйтеуір, зіл батпан дерттен құтылыппын. Денем жеп-жеңіл секілді. Әлгіндегі кем көңілдің кетігі бітелгендей көтерілгені сонша, санам сергіп, көзім шайдай ашылды. Құтылғым келді. Ішкі мұң-шерден, өкініш наладан бір жола құтылып, жаңа өмір бастауға ынтықтым осы сәт. Жуынып-шайынып, іс тындырып келуге шештім де, жолға шықтым. Құдайдың өзі қарсы алдымнан жол ашып тұрғандай, кептеліс те, кедергі де жоқ. Алдымен нотариалды кеңсеге барып, Еңлікті қатыстырып отырып, "Психолог & психологиялық кеңес" офисімді Еңліктің атына аударып бердім. Еркелігі жоқ, естілігі бар қыздың қуанышында шек болмады.
4-БӨЛІМ
... Апшыны қуырған аптапқа қақталып жатқан моланың шөбі сарғайып, қурап кетіпті. Көптен бері келмегеніме өкпелегендей, әкем мен анамның зиратына түсер жолды қурай басып, әбден бөгеді. Біраз машақат көрдім. Етегіме жабысқан "кәрі қыз" тікеніне тырналып, кепкен шырмауықтарға шалынып, біраз жүрдім. Құдай-ау, жалғанда тірі көп пе, өлі көп пе? Мен келмеген төрт айдың ішінде төмпешік көбейіп, ата-анамның басын тым алыстатып жіберіпті-ау!...
Күннің табынан әбден кеуіп, бұрқырай борпылдаған топырақты кешіп келдім де, шаң-шаң етегімді жая, тізерлей отырдым. Меңірейген қара тастан үнсіз үңілген, үстіңгі ерінінің оң жағындағы меңі жараса, қадалған анамның сұлу жүзіне ұзақ қарап отырдым да, сүйікті лилиясын сұп-суық тастың алдына қойдым.
**** Әкеңмен бірге жатамын!"-деп, қасынан жер сатып алып қойған қайран анам-ай! Арманыңа жеттің бе?! Сүйгеніңнің қасында, мәңгілік ұйқыда жатырмысың?! Махаббаттың барына күмәнданатындар, анамның бейітіне гүл қойсын! Адамзат сүйсе, анамдай сүйсін! Қарашы, әкем мен анам, құдды, Қозы мен Баяндай қатар жатыр.
Үйдегі кісі еріп келгенде, бейіт басында жыламайтынмын. Құран оқып, топырақ алып, кете барушы едім. Көз жасымды көрсеткім келмейтін. Кімнен намыстандым?... Ішіме сағыныш пен өкінішті неге сонша нықтадым екен. Неге? Әлде, кеше алмадым ба? Вероника айтпақшы, жұртқа "Өткенді кешір!"-деп ақыл айтамын емес пе?! Ал өзім... Кешірімді болуды анамнан үйренуім керек еді-ау!
**** Анам, ауруханадан жадап-жүдеп оралатын. Сондайда нағашы апайым әпкесінің асты-үстіне түсіп қарайды да, құшақтап жылай беретін. Кешірім сұрай беруші еді. Баламын ғой, екеудің құпиясының сырын қайдан білейін?!
"Әпкетай, мені кеше гөр! Пешенеме "жетім" деп мөр басқан тағдырдан кек аламын деп жүріп, ессіз болыппын. Өмірге кеткен кегімді сенен аламын деп пе едім?! Жаңылдым! Жаза бастым! Сенен басқа ешкімім жоқ екенін ұмытыппын. Енді, сенен айырылсам қайтпекпін?"- деп зар еңірегенде, анам сіңілісін құшақтап отырып бірге жылайтын. Үнсіз...
**** "МАХАББАТЫМ САҒАН АМАНАТ!"-деп еді анам бірде ауруханаға бара жатып, нағашы апама. Анасының онкологиялық орталыққа бара жатқанын бала түсіне ме? Түсінген жоқпын. Тек, анам кеткен соң әкемді де, нағашы апамды да, сіңілім Мейрамгүлді де бөтенсінетін болдым. Біртүрлі, жат адамдар секілді. Екеумізді қанша бөліп-жармаймын деп серт берсе де, апам Мейрамгүлді жақсы көргендей мені жақсы көре алмайтындай сияқтанатын...
**** Анамның дерті асқынған сайын, әкемнің де көңіл қошы болмай, жұмған аузын ашпай, мұңайып жүретін болды. Жағы солып, жүдеп кетті. Жанына батқан нендей күйік екенін де білмеймін. Ол да дәл мендей анамды сағынады деп ойлайтынмын. Соңғы рет қашан төрткөзіміз түгел дастархан басында шүйіркелесіп отырып тамақтанғанымыз есімде жоқ. Нағашы апам мен әкем бұрынғыдай жезде мен балдыз болып сөз қағыстырып, қалжыңдаспайтын болған. Әйтеуір, біздің үйімізге түнек орнады. Келер жылы, сәуір айында, әкем инфарктан қайтыс болды. "Қарағайдай асыл ер құлады"-дегені есімде қалыпты, жұрттың. Бұл кезде анамды меңдеген ауру біржола жеңіп алған. Сол жылы-ақ, тамыз айында, жан-тәнімен, ақ жүрегімен сүйген жарының соңынан еріп кете берді. Жетім қалдым.
**** Нағашы апам, мен, Мейрамгүл үшеуміз үрпиіп, көңілсіз де сүреңсіз өмір сүре бастағанбыз. Анамның өлімі нағашы апама ауыр тиді. "Әпкетайым! Опасыз сіңіліңді кеш!"-деп, айғайлап жылайтынды шығарды. Оның үстіне, әкемнің өлімі де жанына батып жүр емес пе?! Оны ішім сезеді. Сол үшін нағашы апамды жек көретінмін...
**** "Уақыт-емші" деген сөздің сәтсіз сөз екенін бала күнімнен түсініп келем. Нағашы апамды уақыт емдемеді. Керсінше, күннен-күнге қартайып, ешкімге жоламай, жалқы жүретін кісікиікке айналды. Жұмысынан да шығып қалды. Қалған жан-үшеуміз, өкіметтің менің жетімдігіме кескен мардымсыз ақшасымен, тақ-тұқ күнелте бастадық.
**** Анам бірде: ”ҚҰЛЫНЫМ, МАХАББАТ! МЕН, ӘКЕҢДІ ЖОЛЫҚТЫРҒАН, СЕНІ БЕРГЕН ТАҒДЫРЫМА РАЗЫМЫН! ТЕК, СЕНІҢ АЛДЫҢДА КІНӘЛІМІН! АНА БОЛЫП СЕНІ ЕРКЕЛЕТУГЕ, ЕРТІП ЖҮРІП ҚЫДЫРУҒА КӨП УАҚЫТЫМ БОЛМАДЫ. МЕНІ КЕШ! СЕН ДЕ, МЕЛИНДА ДА КАМАШ АПАҢНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНДА ҚАЛДЫҢДАР. АПАҢА РЕНЖІМЕ. ОНЫҢ ЕНДІГІ МЕЛИНДА ЕКЕУІҢНЕН БАСҚА ЕШКІМІ ЖОҚ!“-деп еді, ентіге, сыбырлай сөйлеп.
Қайран анам!
**** Бір жылда сүйікті жездесінен, сосын жалғыз бауырынан, айырылып қалу оңай қайғы емес қой! Кезінде, тастап кеткен күйеуін кешіре алмай, есінен адасқан анасының тағдырын қайталағысы келмей, нағашы апам қанша тырысса да, көкірек қайғысы жылдан-жылға тереңдеп, тұңғиыққа тарта берді.
Меңірейген төмпешіктерге үңіліп, жалғыздан-жалғыз күбірлеп, өткен-кеткенді сапырып, көкірегіме кептеліп, ішіме сыймай, сапырылысып жатқан сарғайған сырларымды суырып, ұзақ отырдым. Басымнан күн өтіп бара ма, көзім қарауытып, аузым кеуіп, әлсіздік сезіндім. Орнымнан тұрып, кері бұрылғанымда, екі төмпешіктің арасына қысыла, болар-болмас қана томпайған титтей төмпшікке тоқтаған көзімді тайдырып алып, бөгелмей, жүре бердім...
**** Анама режимін бе, сағынамын ба? Ренжитін шығармын. Бір үйде, бір еркектің некелі және некесіз екі әйелмен өмір сүріп жатқанын, мұның тым сорақы екенін бала болсам да түйсіндім. Тек, анам көп жылайтын да қоятын. "Анашым, екеуміз кетіп қалайықшы!"-деп қанша жалынсам да тыңдамады. "ОСЫ ҮЙДЕН СҮЙЕГІМ ШЫҒАДЫ"-деп, отырып алды емес пе! Ішіне жиған шері шеменге айналғанда ауруы асқынып, дерті алып тынды.
Анамның әлсіздігіне өкпеледім.
**** Анам кеткен соң, апам, анамның күнделігін маған берді. "Мұнда, анаңның тағдыр-тариқаты бар. Құдай-ау, қайран әпкем! Өмірден көрмегені жоқ. Алайда, осы күнделіктердің ішінде титтей де өкпе болса-шы! Не заманға, не адамға өкпе артуды, кінәлау мен айыптауды білмеген періштем!"-деп, құшағына қысып, қатты жылаған сонда...
*** Орхидея гүлі туралы аңыз көп. Соның бірі, ертеде сиқырмен айналысқан сәуегейлер әлдебір еркекті уысына түсіру үшін, орхидеяның жұпарын пайдаланған деседі. Оның иісі еркекті естен тандырып, еркінен айыратын болған-мыш.
”Орхидея, айналысындағылардың энергиясын сіміріп, жұтып, өзі жайнай береді“-деген де сыбыс бар. Десе де, әдемі гүл.***
... Езіліп, еріп, былбырап жатқан асфальт жолда, терең ойға батып, Ақтасқа қарай жүйткіп келемін. Көлігім, менің жылап отырғанымды ұғып, межелі жерге өзі бастап келе жатқандай. Адамның миы қалыптасып, әдеттеніп кеткен істерді дағдылы түрде іске асыра береді. Мұны-”Шартты рефлекс“ дейді.
Психиатриялық аурухананың иісін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Қолқаңды қабады. Алғаш, жас болған соң ба, жүрегім айнып, басым айналатын, қазір жүрегім айнығанымен, басым айналмайды. Орхидея, күннен-күнге қартайып, шашы қудай кейуанаға айналыпты. Жаны сірі екен-ау, жарықтық! Соншама жыл мұндағы психотроптық медикаменттерге шыдас беріп тұрған жүрегі де мықты екен.
Орхидея, мені “Мелинда“ дейді. Өліп қалған қызы тіріліп келгендей қуанады. Арықтап, бүкшиіп, қартайғанымен, жүрек-сандығыда құлыптаған сырларын ақтарғысы келмей, жанын сақтап отырғандай көрінеді, маған. "Мелинда әкелді!"-деп, мен әкелген су жаңа киімдерді киіп алып, бас дәрігерінің кабинетіне мақтанып кірді. Пациентін көргеніне қуанғандай кейіп танытқан бас дәрігер, жұмсақ креслосынан ұшып түрегеліп, Орхидеяның қолынан сүйіп, киімдеріне сүйсіне қарап, комплимент те айтып тастады.
– Махаббат Сыйақықызы, төрлетіңіз!-деді, асқан ілтипатпен.
Екеуміз де ғылым докторымыз, мамандығыңыз да өте ұқсас. Мен адамның жанын зерттесем, бұл кісі адамның жүйкесін зерттейді. Сұхбаттасып, талай рет тілтабысып қалғанымыз бар... Орхидеяға да ерекше қарайды. Осы кісі келгелі, соңғы жылдары, Орхидея дел-сал, ұйқылы-ояу жүрмейтін болды. Тіпті, бірнеше рет үйге алып кетіп, бір апта сергітіп қайтуыма да рұқсат бергені бар. Мұның бәрі де ол үшін емес, мен үшін екенін өте жақсы білемін!...
... Күн ұзақ көліктен түспей жер шалып, шаршағанымды үйімнің босағасынан аттай бере сездім. Үйдегі кісі мені көре сала, түпкі бөлмеге сүңгіп кетті де, қайта суырылмады. Соңынан қалмай қуып, іздеп жүруді мен де қойғанмын. Бұл, әдемі келіншектің кесірі ме, әлде, әдемі келіншектің арқасы ма, түсіне алар емеспін. Әйтеуір, бар сырымды ақтарғанымда ұзақ уақыт үнсіз қалып: ”Жұртқа берген кеңесіңіздің бірін де өзіңіз орындамайды екенсіз-ау!“-дегені, қалыптасқан өмірімнің қиуын қашырған. Десе де, сол келіншектіің ақылына көніп, айтқандарын бұлжытпай орындайтын болғанмын. Менің ұзақ жыл іздегенім де дәл осындай зерек, күрескер һәм ақылды әйел еді ғой! Әдемі келіншек-Верониканың айтқанын орындауға жүрегім дауаламай тұрса да, шегінуге болмайтынын білемін...
Душқа түскен соң, сергіп қалдым. Анамнан қалған киімдерді Орхидеяға апарып беріп, жалғыз ғана ақ көйлегін алып қалған едім. Бұл ақ көйлек мен үшін-жәдігер. Тіпті, анамның иісінен айырылып қалмау үшін жуған емеспін. Анамнан айырылған күннен, сегіз жасымнан бері төсегімде қатар жататын, дастарханда қатар отыратын көйлекпен қоштасу... Қия алар емеспін.
Верониканың ақылымен сол көйлекті, анамның ақ көйлегін алып, сыртқа беттегенімде үйдегі кісі тап бола қалды да, жетіп келді. Қос жанары мөлтілдеп, арнасынан асып-төгілейін деп тұрған көлдей көлк-көлк етеді.
”Жарайсың! Тыныштық табайын, қызым! Бақытты бол!“-деді, аппақ жүзі албырап, үстіңгі ернінің оң жағындағы меңіне дейін нұрланып. Жүрегім шаншып, бұлағым қайнап, жүзімнен ып-ыстық моншақ тамшылар құлдилай берді.
Құшағыма соңғы рет қатты қысып, қимай келе жатқан анамның ақ көйлегін қоқыс жәшігіне тастауға қолым бара ма?! Жерге ықтияттап бүктеп қойып, шырпы тұтатып, етегіне тигізгенім сол, ақ көйлек лезде қап-қара түтінге оранып, қып-қызыл жалынның бауырында жатты. Анамның ақ көйлегі күлге айналғанша тапжылмай қарап тұрдым. ”Қарап тұрдым“ дегенім бекер сөз, жылап тұр едім...
Енді, үйдегі кісі, менің анам, менің Лилям, ешқашан мені таң ертең оятпайды. Сырласып, қасымда отырмайды. Лилиямды ендігәрі қиялымнан да іздеп таба алмаймын!
Қош, анашым!
Бақұл бол!
Қимай, жібермей, жаныңды азаптағаным үшін кеш!
... Лилям ғайып болғалы, нағыз жалғыздығыма үйрене алмай, елегзитін болдым. Кеш қарайса болды, үрей билейді. Дөңбекшіп жатыып, көзім ілініп кеткен екен. Кенет, әлдекімнің тесіле қарап тұрғанын сезгендеймін. Тәнім ұйқыда болғанымен, санам ояу. Иә, дәл! Қараңғы бұрышта әлдекім маған тесіле состиып тұр. Анамның елесі үйде жүргенде ештеңеден үркіп, қорықпайтынмын. Дәл қазір жүрегім тарсылдап, кеудемді жарып жібередей зорайып барады. Көзімді қиғаштай ашып, тағы қарадым. Сұмдық-ай! Ол тұп-тура төсегімнің қасында тұр. Міне-міне тарпа бас салатындай. Ұшып тұрдым. Шыңғырып жіберегенімді өз дауысымнан шошынғанда білдім. Егіл-тегіл жылай бердім. Бұл-сол. Сол бала. Қаншама жылдар тереземнің түбінен кетпей, түн баласы үңіліп тұратын бала ғой. Төніп келеді. Көзтүртісіз қап-қараңғы үйде ап-анық көрінеді. Өмірі өзгермеген көк күртешесі де, сары телпегі де ап-анық.
**** Сонда бұл, бұл үйден анамның кеткенін, менің жалғыз қалғанымды күтіп жүрген бе? Не керек өзіне? Неге осынша жыл бір орыннан мызғымай тереземе үңілді? Неге өзгермейді? Неге өспейді? Неге сол көк күртешесі мен сары телпегін... Әлде, бұл... Мүмкін емес! Елес болуы мүмкін емес!...
Төсегімнің бұрышына тығылып, көрпеммен бүркеніп алып таң атырдым. Жылай-жылай шаршап, ұйықтап кетіппін. Бүгіп алған аяқтарым ұйып, белім талып тұр. Ояна, түнгі азабым есіме түсе, өне бойым тітіркеніп кетті. Бүркеніп алған соң терлеген екенмін, үстім малмандай су. Көрпемді жайлап ашып, үй ішін барладым. Ешкім жоқ. Кылаңдап таң атып келеді. Жаман түс көрген болармын...
... Никтофобияға ұшырағалы, қара түннен қорқатын әдет тапқан соң, жарықты сөндірмейтін болдым. Алғашқы бірнеше күн жастыққа басым тие, ұйқысыздықтан зорығып кеткен тәнімнен жаным ұшып кеткендей, ес-түстен айырылып, көкжиектен күннің арайы шашырағанша ұйықтап жүрдім де, бірнеше күннен соң, елегзу тағы басталды. Жынданатындаймын. Психиаторға бармаспын. Психологқа бара алмаймын. Өзім психолог емеспін бе! Әлде, мешітке барып көрсем бе екен?! Анамнан қалған ”үлкен кітапты“ бірнеше қайыра оқығаныммен, осы күнге дейін мешіттің есігін ашпаппын. Қалай барам? Кімге айтамын? Не деймін?
... Вероникамен кездескім келіп, шай ішіп қайтуға келістім. Жартушы Вероникаға әдемі келбет қана емес, өнер-білімді де үйіп-төгіп бере салған. Онысы да аз ба деймін. Тым сезімтал мінезі тағы бар. Ең бастысы, титтейінен атасы түрлі дұғалар жаттатып өсірген соң ба, қандай істе де сабырлы қалпынан айнымай, дұрыс шешім қабылдай алатын. Үнемі дұға оқып жүретінін де білуші едім. Бәлкім, түн баласы шошынып жүргенімді білсе, бір дұға үйретер деген үміттемін.
― Жүзіңіз шарашаңқы һәм солыңқы ғой, ауырып жүрген жоқсыз ба?-деп сұрады, амандасып алған соң, ішкі ойымды оқып қойғандай, Вероника.
― Шошынып, ұйықтай алмай жүрмін!-деп, мен де көп сөзбай, тікесінен тарттым. Қаншама жыл кеш бата пайда болып, тереземнің түбінде үңілетін баланың үйіме кіріп алып, қасымда тұратынын айтып, өкпеме тығылған өксікті сөгіп жібердім.
― Қалайша соншама жыл терезіңіздің түбінде тұрады?-деп таң қалды, әдемі келіншек. Олай болуы мүмкін емес екенін қайталай берген соң, сенбей отыр ма деген күдік кеудемді шаншытып кетті. Сезімтал келіншек мұны да сезіп қойды білем, түсіндіріп айтуымды өтінді.
― Әкем мен анамнан бір жылда айырылып, қайғыда жүргендіктен, ешкіммен сөйлескім де, қатынасқым да келмейтін. Мелинда екеуміз бала болып ойнамайтынбыз да, шүйіркелеспейтінбіз де. ”Әпкетай, ойнайықшы!“-деп қанша жалынса да селт еткен емеспін. Ол үнемі менің ойыншықтарыма қызығатын. Өзім ойнамағаныммен, әкем мен анам алып берген сол ойыншықтарды ешкімге де қимайтынмын. Тіпті, қанша жыласа да, Мейрамгүлге де бермей, тығып қоюшы едім. Ол ойыншықтар тіпті күні бүгінге дейін сол қалпы, жап-жаңа күйінше, ораулы тұр. Әлгі бала, құдды менің сол ойыншықтарымды сұрайтын сияқты. Кеше, шошынып ояндым. Сол бала, сол ойыншықтарымды шашып алып, маған арқасын бере, алаңсыз ойнап отыр. Бүркеніп жатып таң атырдым. Таң ертең, түк болмағандай, бәрі қаз-қалпында тұрады.
― Мейрамгүл қайда?-деді әдемі келіншек жұлып алғандай. Бұл сұрақ мені шошытқандай, өне бойымды сұп-суық бір екпін сілкіп тастағандай күй кештім.
― Мейрамгүл... Ол, жоқ. Жоқ болғанда... Көлік...
Мұнан ары сөйлеуге күш-қуатым жетпеді.
― Жаңа жылдың қарсаңы еді. Жұрт, ауладаға шырша тігіп, түрлі ойыншықтармен безендіріп, у да шу. Ал біздің үйде сол баяғы түнек. Көктемде әкемнен, күзде анамнан айырылып, еңсемізді қайғы басып алған. Қуану, шаттану дегеннің не екенін ұмытқанбыз. Орхидея, яғни, нағашы апам бізбен тіл қатысып сөйлеспейтін де.
Мейрамгүл екеуміз терезеден үңіліп, бақытты әлемнің бақытты пенделерін қызыға бақылаймыз. Сырттағы дұманға қызықты ма, бәлкім, сұлу шыршаны жақыннан көргісі келді ме, Мейрамгүл далаға шыққысы келді. Тамағымызды беріп, бөлмесіне кіріп, жатып қалатын апамыздың селт етпейтінін білемін. Өзімнің де бір балалығым оянған шығар, мүмкін, Мейрамгүлді аядым ба, белгісіз. Ауланың ортасындағы безендірілген шыршаны көргім келгені де рас. Мейрамгүлді киіндіріп, жетелеп сыртқа шықтым. Сырғанақ теуіп, шулап, ойнап жүрген көп балаға қосылдық. Қыстың маужыраған тамаша күні еді. Салмақсыз, жеп-жеңіл қиыршық қар себелеп тұр. Атойлап, анау дөңге мықшыңдай көтеріліп, ылдиға қарай заулай жөнелеміз.
Ойынға беріліп кетіппін. Әлден соң... Әлден соң, көліктің ышқына тоқтаған даусы мен іле-шала айғайласып, шуласып кеткен жұрттың айғайынан шошып, Мейрамгүлді іздедім. Таппадым... Ол... Ол тап сол жерде... Небәрі төрт-ақ жасында...
― Бәлкім, өзіңізді кеше алмайтын шығарсыз? Сіңіліңіздің өліміне өзіңізді кіналап, іштей азаптанасыз. Бала күніңізде ойыншықтарыңызды бермегеніңіз үшін, сол күні ойнатуға ертіп шыққаныңыз үшін... Мүмкін, айта алмайтын тағы да басқа себептеріңіз үшін өзіңізді жазғырасыз. Жаныңызға тыныштық бермейтін-өкініш!-деді, Вероника, жүзінен сырғанаған мөлдір тамшыларын саусағымен қаға.
Верониканың сөздерінің ауыр тигені сонша, тура сол күндерге қайта оралғандай, басымнан қайта кешкендей қиналдым. Өйткені, Вероника жаспақтап сөйлеуді білмейтін. Терең ойланады да, ойын бүкпесіз, тура айтады. Ол, шынымен де дәл айтты. Қаншама жыл мойындағым келмей, арпалысқан өкініш-азабымның асқынғанын дөп басып, көзіме тура қарай алды. Мен оны осы қасиеті үшін құрметтеймін! Осылай ету тек соның қолынан ғана келетінін де білемін!
”Мейрамгүлді бірде-бір рет ”сіңілім“ деген жоқсыз. Тек, атын ғана айттыңыз. Ол сіздің туысыңыз. Ет жақыныңыз. Демек, өкпелісіз. Оны, әлде, өзіңізді кеше алмайсыз!“-деген жоқ па?!
Мейрамгүлді жек көрдім. Қатты жек көрдім. Мен одан әкемді қызғандым. Анамды қызғандым.
СОҢҒЫ БӨЛІМ
Анамның аты-Күнжүрек.
Күн және жүрек!
Осы ғұмырымда мұндай есімді адам атаулыдан кездестірген емеспін. Бұл есімді анама небәрі сегіз жасында тастап кеткен әкесі қойыпы. Бәлкім, әкесін кеше алмады ма, анам өз атын ұнатпайтын. Алайда, күн планетасын ереше жақсы көрді. Күнмен сырласатын. Тіпті, сонау бала күнінде, көкжиекті қып-қызыл арайға бояп, күллі әлемге жалқынды сәулесі шашырап көтеріліп келе жатқан күнді қарсы алғанды жақсы көруші еді. Соған қарағанда, бала күнінен жүрегінде қатталған бір сағыныш болған да сияқты. Әкеге деген сағыныш!
Дәл менің сағынышымдай сағыныш!
Әкеме деген сағыныш!
Анама деген сағыныш!
Мен де анамдай күнмен сырластым. Жаһанға жол тартқан күн, алдымен менің сырымды тыңдап алып, сосын күмбез аспанның биіктігіне қарай көтеріле беретін. Ауруханаға кеткен анамды сағынғанымды, жүрегі ауырып өлген әкемді сағынғанымды күннен басқа бірде-бір тіршілік иесіне айтқан емеспін. Сіңілімді сағынғанымды да...
Анам, өзінің сүйікті күніне еріп кеткендей болады кейде маған. Алып жұлдыз оттай лаулап, жер шарын бір айналып келіп, ұясына бет алғанда, анам жымиып: ”МАХАББАТЫМ! КҮНІМ! ЖҮРЕГІМ! МЕН САҒАН ӘР ТАҢ КҮННЕН ҚАРАП ТҰРАТЫН БОЛАМЫН. ӘР ТАҢДЫ, КҮНДІ ҚАРСЫ АЛ! КҮНДІ, КҮЛІП ҚАРСЫ АЛ!“-деген. Дәрігерлер сонда мені анамның палатасынан шығарып жіберді. Мен, батысқа үңіліп, күнннің батып бара жатқанын бақылап отырдым. Жарты шеңбер қызыл от бірте-бірте тұңғиыққа сіңіп бара жатты. Кенет, әлемді түн билеп, жаңағы жарық ғайып болды. Күңгірт әлем сондай қорқынышты көрінді. Нағашы апам ту сыртымнан келіп, қапсыра құшақтағанда шыңғырып, қанша бұлқынсам да сытылып кете алмадым. Жібермеді. Жылап тұр екен...
Апамның қайғысы менің қайғымнан жеңіл болмады. Анамның бақытына қол сұққаны үшін, менің әкемнен бала тапқаны үшін өзін кеше алмаған да шығар... Мен он үшке толғаншақайғысы қабырғасына батып, қу жалғаннан қызық таппай, сүлдерін сүйретіп жүрсе де, әпкесінің аманатына қиянат қылмай, қамқор болуға тырысып бақты. Түбі, перзентінің қайғысын жеңе алмады. Есінен адасты. Шыңғырып күлетінді, айғайлап жылайтынды шығарып, елдің мазасын алғанда көршілер полицияға шағымданып, жедел жәрдем шақыратын. Бір қызығы, жедел жәрдем бригадасының көлігі ақ емес, сап-сары болатын... Психиятриялық диспансерге жылына бір рет жатып келелетін Орхидеям, мең-зең күйде оралатын да, ай өте сергитін. Уақыт өте, баяғы әдетіне қайта басып, шыңғырады, күледі, жылайды... Төрт жылдан соң, нағашы апамды Ақтастағы психиятриялық ауруханаға жатқызды. Мен онда, он жетіге толған едім.
Орхидея, еркек атаулыны жек көріп, тұрмысқа шықпапты. Бала күнгі қасыреті жанын жаралағанда жүйкесіне де әсер еткен бе, жалғандағы жалғыз жақынынан алыстаудан қорқып, ешқашан, ешқайда кетпей, анамның қасында жүретін. Біресе тұсік тастап қойып, біресе құрсақ көтеріп, іле-шала жаман ауруға шалдығып, жарты ғұмырын ауруханада өткізетін анамның орнын басып, жалғызысыраған әкем мен жәутеңдеген маған қамқор болып қалатын.
Бәлкім, әкем де анамды қатты сағынғанда нағашы апамды анам екен деп қалған шығар?!... Кім білсін?! Әйтеуір, түнінен қата кеткенде күнінен айырылып қалып, түнекке тап болды. Сол түнекті серпи алмады. Жүрегі көтермеді. Ғайыптан пайда болған Мейрамгүл отбасымызға шаттық болып енбегенімен, анашымның махаббатынан қағылмады. Анам, сіңілім екеумізді бірдей жақсы көретін. Өзінің ”ҮЛКЕН КІТАБЫНДА“ жазылғандай, тағдырына разы болған секілді.
Қамқоршысы жоқ, тұлдыр жетім қалдым. Сол жылы оқуға түстім. Оқуым, жан бағуым керек. Алғаш, әкеммен қызметтес болған мұртты көкенің үйінде гувернант болып жұмыс істедім. Тапқан табысым бір басыма жететін. Тек, мұртты Көкенің әйелі жұмыстың ауыр-жеңілін екшемей иығыма арта беретін. Тәлейіме үй арасы жақын еді, кештетіп, шаршап-шалдығып, сүйретіліп келіп, сабағымды оқитынмын.
Кәмелеттік жасқа толған соң, ол үйдегі жұмысымнан бас тарттым. Күндіз дәріске барып, түнде түшпара цехында жұмыс істеп жүріп, оқуымды қызыл дипломмен аяқтадым. Ілімнен қол үзбей, ғылым жолына түстім. Жоғарғы дәрежелі психолог болғым келді. Анамның шексіз, мөлдір махаббаты мен өз бақыты үшін күресуден бас тартқан әлсіздігін, әкемнің мейірімді мінезі мен сүйіктісіне опасыздық қылып, өкініп, ар сотынан азаптанғанын, нағашы апамның әкесінің опасыздығы сәби жұрегін жаралағанда ашынып, көзін кек байлағанын, менің тағдырымдағы төрт адамның мінезін адамзаттың әдеттері мен мінезіне жатқыздым. Адам баласының пендешілік дағдылары мен ерекше қасиеттерінің негізін зерттегім келді. Әсіресе, нәзік жанды әйел затының жүрек сырлары мен құпияларына ынтықтым.
Ең бастысы, қыз да болсам әкем мен анамның шаңырағын қаңыратып, отын сөндірмедім!
Тағдырдым ауыр болған сайын күресуге бейім болдым. Жеңілмеуге бекіндім. Берілмеуге тырыстым. Қаншама сор мен азапты, жалғыздықты өз тінімнен өткізіп жүріп, табандылық пен еңбекқорлықтың түбі жеңіске жеткізетінін ұқтым. Тағдыр тәлкегінен мезі болған, қажыған, өмірден өз орны мен өз жолын таппай адасқандарды ”күрескерлікке“ бағыттап, сенімді түрде кеңес бердім.
Кез-келген адамның арманына жетуге мүмкіншілігі бар екеніне сендім! Сендірдім!
*** ***
**** Жаратылыста күннен, жаратылғанда жүректен сұлу жоқ.
Күн барда-тіршілік бар, жүрек барда-махаббат бар!
**** Махаббат жүректі жұмсартады.
Махаббат ұялаған жүректе өкпе-реніш те, кек те болмайды.
**** Кешіру-рухыңа тыныштық сыйлау!
Кешіре алдым!
**** Өсімдік атаулының перизаты-гүлдер. Бұл сұлулардың түрлері қандай көп болса, еркекшелігі мен қасиеттері де соншама көп. Гүлердің де өзіне тән мінезі бар. Бірі тым нәзік, бірі көнбіс, енді бірі күрескер. Құдды, әйел жаратылысымен егіз сынды. Расында, гүлдер де әйелдер сияқты тағдыр кешеді.
”Психолог және махаббат“ атты кітабымның презентациясында, дәл осы ойларды айтпақпын.
Психология-мамандығым, махаббат-жүрегім!
Заты әйел, аты гүл Лилияның, Орхидеяның, Верониканың, Еңліктің өмірімдегі орны мен әсерінен тұратын тағдыр жолымды жазған кітабымды аяқтап, Вероникаға корректор болуға өтініш білдірдім.
”Махаббат, сіз нағыз махаббатсыз!“-деп қоңырау шалған Вероника, гүл-сұлулардың атын тізіп, ”махаббат“ сөзін құрап алыпты.
Lilium
Orchis
Veronika
Enlik
”LOVE” – МАХАББАТ.
Бұл, таңғажайып!
Айтпақшы, психиатор жігіттің жүрегімді жаулағанын айтсам, Вероника не дер екен? Қуанатын шығар!
Бүгін, ”Psikholog & Love“ кітабымның презентациясында, таныстырамын!...
Анам жаттатқан ”Ықылас“ сүресін оқып жүру әдетіме айналған. Ата-анамның басына барғанда бағыштап оқимын. Екі төмпешіктің ортасындағы болар-болмас дөңестің астында жатқан Мейрамгүлді де құраныма қосатын болдым. Оқуға түсерде, диплом аларда, диссертация қорғарда ”Ықылас“ сүресін оқығанмын. Жатсам да, тұрсам да осы төрт аяттан тұратын сүрені оқып, Алладан медет сұраймын. Төрт аят!