Жылдың үздік балалар шығармасы
9

Кішкентай аяқтар

Мен кептелісті жақсы көремін. Адамдар әдетте көлігі көп көшеге тап болса күйгелектеніп шыға кетеді. Бағдаршамның қызылы жанса, не жаяу жүргіншілер жолағын біреу кесіп өтсе, қарға адым жерге жете алмай аялдай қалса дегбірі қашады. Меніңше, олар кептелістен емес, өз ойларымен оңаша қалудан қорқады. Бір жерден екінші жерге тез жетсем, сөйтіп өмірдің бір толқыны екіншісіне толассыз жалғасып жатса, мен сол тіршілік теңізіне бір батып, бір қалқып жүре берсем дейді. Ал маған кептеліс ұнайды. Бір сәт аялдап, армандап, ойланып, өзіңмен сырласып көшеде тұра тұрғанға не жетсін? Кептеліс адамды сабырлыққа баулиды. Көлігіне қарап иесін болжауға уақыт береді. Жан-жағыңа қарап, радиодан қосылып тұрған әннің мәтінін түсінуге көмектеседі. Мұндайда көшеде ілініп тұрған жарнамалардың қатесін байқап қалу да ғажап емес. Кептеліс адамның өзіне-өзі көптен қоя алмай жүрген сауалдарын есіне түреді. Бұл енді менің жеке ойым. Бір жаққа кешігіп жатсаң әңгіменің жөні басқа… Біреу сені күтіп тұрса - асығу орынды. Ал басқа кездің бәрінде әр кідіріске күйіп-пісудің қажеті қанша? Бүгін мен қаланың сондай ұзын-сонар кептелісінде болған бір оқиғаны айтып берейін.

 

         Қала бүгін тым сұрқай. Кірпияз адамның қабағындай аспан  да ашылмай қойды. Автобус іші ығы-жығы. Сыртта – сансыз көлік, іште - сапырылысқан жолаушы.  Уақыт белдеуі ауысқалы бері жұмыс бітер уақытта төңірек тас қараңғы болып кететіні тағы бар. Кептеліске тап келмей тез қайтуды ойлаған жұрт жаппай 202-автобусқа отырды.  Санаулы ғана орындыққа жайқасып үлгергендер маужырап ұйқыға кеткен. Ол да бұйырмағандар бұртиып, бұлданып, бұрқылдап тұр.

Қаланың осы бір аумағындағы кез келген автобусқа мінсең, қабағы салыңғы қара халықты көресің. Мүмкін олардың өмірі біз ойлағандай, бәлендей қиын да емес шығар?! Себебі, жанталасып мінген әйелдердің білектері толған алтын. Ал ерлердің аяқ-қолы балғадай. Кейбірінің, қос қабат үйлері де бар шығар. Біреуі жақсы жұмыс істеп, құрметті демаласына абыроймен шыққан зейнеткер шығар. Алайда, осы самарқау кесіндерге қарап бұл тіршілік атаулыда қуанатын себеп бар дегенге сену қиын еді. Бәрі де шаршаңқы.

Төлеу автобустың ең артына барып жайғасты. Малақайын басып киіп, ұйықтап қалған адамдай көзін тарс жұмып алған. Ал шынында, қоғамдық көліктегі әр әңгімені түгел тыңдап отыр.

Бір тамағы қарлыққан ер кісі «Осы бір маңайға метро салынады екен. Сол кезде кептеліс азаяды, бұйырса» деп білгішісініп еді, қасындағы жуан дауыстысы метроға бөлінген ақшаны жымқырған әлдекімдердің атын айтып, жаңағы айтушының тәтті қиялын шорт кесіп тастады.

Автобус «Салқын Орда» базарының аялдамасына тоқтады. Артынып-тартынып, түйіншек-дорбаларын көтерген бір топ әйелдер есіктен ентелей енді.

-Ай, ары жылжысаңдаршы!

- Итермесеңізші, өзіміз әрең сыйып тұрмыз!

- Неге ортаға қарай ығыспайды мыналар?

- Зіңгіттей болып отырып алмай, орын берсеңдерші кәрілерге!

 

Төлеу бәрін естіп отырса да ешкімге орын бергісі келмеді. Шаршап отырғаннан емес. Осылай, біреу айбат шегіп айтқанын істеткісі келетінін суқаны сүймейді. Бәлкім «балам, тұра ғойшы» десе басқаша істер ме еді. Ал айғайлап, уын шашып, шымшып сөйлейтін үлкендерді сыйлағысы да келмейді. Иық тірескен көп адамды қақ жарып бір әйел Төлеудің қасына келді де ауыр күрсінді. Оған селт еткен Төлеу жоқ. Әйел «Оуф, Алла, белім!» деді. Құдайдың атын естісе де Төлеу тырп етпеді. Әйел енді «Бұрын Отанды қорғаған жігітер, қазір орын да бермейтін болыпты ғой. Мейлі, енді. Бейбіт заман болсын!» - деді дауыстап.

Біреу келіп тиіссе Төлеудің тымырайып отырып алатыны бар. Кірпідей жиырылып, түк естімеген кереңдей кейіп танытады. Кезінде әйелі де үй ішінің бітпейтін бір кәкір-шүкір әңгімесін әжептеуір бір ұрысқа айналдырып, ашу шақырып жатқанда бұл безеріп қана тыңдап тұратын. Естіп отыр ма? Ұялып отыр ма? Бір шешімін іздеп отыр ма? Ұғып болмайсың. Осындай кикілжіңде үнсіз қалу оның сабырлылығынан, ұсатмдылығынан немесе даналығынан емес еді. Ол өзіне тосыннан келген әр ұнамсыз сөз бен нұсқаудан басын барынша алып қашатын. Бала күнгі әдеті сол. Дау мен дабыра бола қалса ініне тығылған тышқандай тып-тыныш болып қалатын. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп ойлаушы еді. Бәленің бәрі сол үндемеуден басталған жоқ па? Бәріне де көп сөйлейтін әйелін кінәлайды.

         «Қызың ертең циркке барады 1000 теңге тауып бер», «Соғым соя алмасақ, жарты қойдың етін болса да қарызға алайық та», «Қайын ағаларды щақырып жіберсек, дастарханға анау-мынау алатын ақша керек». Әйтеуір аузын ашса болды «ақшаға қатысты» бір мәселе айтып, миын жеп бітірді. Бар болса бұл ақшасын аямайды ғой. Жетпейді. Тағы бірде:

Әлиханның қысқа киетін етігі жоқ, папасы-ау.

Етік кигізіп қар күретейін деп пе едің бұған? Әлі жүру білмейді ғой.

Төлеу, сен осы ойланып сөйлейсің ба? Жүрмейтін бала не қыстай етіксіз шыға ма? Поликлиникаға барамыз, таза ауаға шығарамыз. Сонда не киеді?

Саидоштың кішкентайында киген етіктері көп еді ғой. Соларды кисін.

Ол қыздың қызыл-жасыл етіктерін қалай киеді. Ер бала емес пе?

Онда менің етігімді кисін. Ұлдарский как раз.

Әйел осындай Төлеудің түкке тұрғысыз қалжыңдарынан, ал күйеуі әйелдің «жоқтан» басқаны айтпайтын айғайынан әбден мезі болып біткен кезі еді.

Сол түні  «Елге ұқсап бүйтейік, жұрт сияқты сөйтейік» дегендері көбейіп кеткен соң Төлеу шыдамай үйден қуып жіберген. Көп сөйлемейтін адамның бір «кет» дегені ауыр тиді ме, әлде расымен жоқшылық қажытты ма әйелі бір түнде екі баласын киіндіріп кетіп қалды. Содан оралған жоқ. Бұл да іздемеді. Содан бері шатаспаса 6 ай болып қалса керек.

 Төлеу бұл оқиғада өзін кінәлімін деп санамайды. Қолынан келгенше жұмыс істейді. Сегіз сағат тік тұрады. Тапқанын үйге әкеледі. Одан басқа не керек? Көзі тірі болса, әке-шешесі де зейнетақыларын беріп, қарасып тұрушы еді. Олар қайтқалы да екі көктем, екі күз өтіпті...

Мәселе тек дүние-мүліктің жетіспеушілініде емес. Әйелінің әңгімесін тыңдап, шешудің орнына тымырайып «ішімдегіні тап» деп отырып алатын өз мінезінен де бар. «Уайымдама, бір мәні болар» деп бір ауыз үміт беріп қойса, әйелдің көңілі сол сөзге де алданып, жадыраса жоқтан бар жасап жіберетінін біледі ғой. Жоқ, бұл ондай жылтыр сөзді де айта алмайды. Айтуға тырыспайды. Ал отбасын бір адамның ғана шырылы алысқа сүйрей алмасы анық. Осылайша, бұл екі баласы мен келіншегін төркініне табыстап, өзі не бойдақ емес, не отбасылы еркек емес болып күн кешіп жүр.

 

Үйінің маңайынан өтіп кетпейін деп амалсыз көзін ашып, терезеге қарады. Тағы үш-төрт аялдамадан соң түсуі керек. Тұрып, шығар есікке жақындауға мәжбүр болды. Әлгінде тілімен түйреп тұрған әйел де бедірейіп бір қарады да, босаған орынға отырып алды.

Төлеу есік аузына әрең жетті. Келесі аялдамаға тоқтаған автобустың есігі ашылғаны сол еді, биылғы қыстың алғашқы қары құйып тұр екен. Қар түйіршіктері де бірнәрседен құр қалған жолаушылардай ішке кіріп үлгеріп жатты. Сыймай, сіресіп тұрған көп адам осы аялдамадан түсіп қалды.  Кенет бір  қолымен баласын жетектеп, екінші қолымен бөбектер арбасын сүйреген әйелдің сұлбасы көрінді. Автобус жарығы бетіне түскенде кірпігіне қар қонған осы келіншек Төлеудің көзіне сондай сұлу көрініп кетті. Тура орыс  ертегісінде суреттелетін ақшақар ма дерсің? Бірақ, іркесіп-тіркесіп баламен жүрген ығыры шығып кеткен болу керек. Жап-жас болса да  маңдайына бір қалың қыртыс түсіпті. «Тоқтай тұрыңызшы, мініп алайық!» деді келіншек жабылып бара жатқан автобус есігін қолымен ұстап қалып. Есіктер қайтадан екі жаққа серпіле ашылды. Әйел бірінші естиярлау баласын көтеріп мінгізіп, артынша арбаны кіргізбекші болып мықшыңдай бастады. Ешкімге жаны аши қоймайтын Төлеу қарап тұруға шыдамай, түсіп көмектесті. Автобусқа ең соңғы болып әйелдің өзі мінді. Жол ақысын төлеп, бас киіміндегі қарды қағып терең бір күрсініп алды да әйел Төлеу тұрған жаққа қарады. Бірақ бейтаныс еркекке тесіле қарауды жөн санамай, көзін төмен салған күйі:

Рахмет! – деді сыбырлап қана.

Төлеу естімеді.

Келіншек дауысын шығарып:

Ағай, сізге рахмет деймін – деді қаттырақ.

Төлеу артына бұрылды. Келіншектің өзіне бір қарап тайдырып әкеткен көзінен бе, әлде қардың суы сорғалаған қызыл шырайлы жүзінен бе, әлде көптен бері ешкімнен алғыс сөз естімегеннен бе, тұла бойы дір етті.

Аа, ештеңе жоқ! – деп ыржиған болды. Онысы тіпті ебедейсіз көрінді. Алайда, келіншек оған енді қайтып қараған жоқ. Мектеп жасына жақындаған қызына айғыз-айғыз терезеден бірнәрселер көрсетіп тұрды. Ұшқындап жатқан ұлпаларадың бір екеуі терезеге де тұрып қалыпты. Қызы екеуі соны тамашалап тұр екен.

«Осындай суық күні бала-шағасымен жүрген несі?» деп ойлады Төлеу.  Кішкентай қызымен жауған қарға мәз болып тұрған талдырмаш келіншектің осы тұрысына қарап тамсану, бала жүрегін кірлетпеген аңғалдығына тәнті болу Төлеудің ойына да кіріп шыққан жоқ. Тек ішінде бір түсініксіз сезім би билеп, бесік бауы шешіліп кеткен сәбидей ербеңдеп жатты. Оның не екенін Төлеу ойланып басын қатырмады. Телефонын шығарып, төбелес шоуын қосып алды. Өз-өзін түсінудің орнына жарқ-жұрқ, тарс-дүрс, алақ-жұлақ әлеуметтік желі әлеміне кіріп кетті. Үйіне жетуге әлі екі аялдама бар.

       Телефонының қуат көзі өшіп қалды. Амалсыз басын көтеріп қайта жан-жағына қарады. Жұрттың біразы түсіп қалған. Орындықтар босаған. Әлгі келіншек пен қызы бос орынға жайғасқан күйі қалғып кетердей болып, маужырап отыр. Бөбек арбада бір тіршілік иесі тырбаңдап жатыр. Ол да ақ қар аласұрып билеп жүрген даланы көргісі келіп, терезеге басын созады. Бірақ жарытып ештеңе көрінбейтін болса керек. Жыбырлап-қыбырлап қайта басылады.

Төлеудің көзі осы сәбидің аяқтарына түсті. Бір аяғында етік. Екінші аяғының бақайлары тарбиып жатыр. Етік те жоқ, шұлық та жоқ. Жалаң аяқ. Бірі –кіріп, бірі – шығып жатқан бағанағы сапырылыста түсіп қалған болса керек. Әлде осы бір маңайда жатыр ма? Төлеу еденді көзімен сүзіп кішкентай аяқ-киімді іздей бастады. Еш жерде жоқ.

«Қап, қар борап тұрғанда жалаң аяқ үйіне қалай жетеді?    Мына суықта адам баласын осылай алып жүре ме?» деп ойлады Төлеу. Ойлады да өз ойынан өзі шошыды. «Апыр-ай. Қыс келді. Менің әйелім төркінде ме өзі? Бала-шағаммен осылай табанынан тозып жұмысқа барып жүрмеген шығар. Әлихан мен Аида қалай екен? Қыстық етіктері  жоқ еді ғой. Тоңып жүрмеген шығар?»

Төлеудің тасқа айналған жүрегі қопарылып жатты. «Мен ертеңнен қалмай қайын жұртқа барып, бала-шағамды әкеп алайын. Жоқ. Ертеңді күтіп қайтем? Бүгін бармаймын ба? Осылай түйеден түскендей жетіп барсам, шошып кетер. Балаларға ойыншық, тәтті-пәтті алып алайыншы. Мамаларына да...» Төлеудің жүрегі атқақатап соғып кеудесіне сыймай кетті.

Өзіне осы бір ғажайып ойды салған кішкентай аяқтың иесіне қарады.

Ей, батыр. Атың кім сенің?

Тілі шықпаған бала бұған қарап аузын пырылдатты.

Дұрыс. Ассалау берші қане!

 

Төлеу балаға мейірлене жымиып, суықтан қызарып кеткен аяғына қарап  басын шайқады.

 

Осы кезде қалғып бара жатқан келіншек бір нәрсесін жоғалтқан адамдай орыннан атып тұрды. Бағанадан бері баласы жатқан арбаның оқшау тұрғаны енді есіне түскендей.

Не болды, қошақан? Міне, мамаң.

Кешіріңіз, балаңыздың бір етігі түсіп қалыпты. Дала суық. Аяғы үсіп қалмасын. Менде қолғап бар екен қалтамда. Қаласаңыз кигізіп қойыңыз...

Келіншек абдырап, жан-жағына алақтап қарап:

Етігі? Қайда оның етігі? Қайда түсіп қалған? Қап, енді қайттім, мынаның шұлығы да жоқ қой.

 

Мектеп жасына жеткен қызы орнынан тұрып, арқасына асатын үлкен сөмкеден кішкентай қара етік алып шықты.

Мама, жаңа автобусқа мінгенде түсіп қалды. Беруді ұмытып кетіппін. Кешірші... – деді бауырын тоңдырып қойғанынына шын ұялып.

Шешесі мәре-сәре болып табылған етікті кенжесінің кішкентай аяғына кигізіп жатқанда автобус тағы бір аялдамаға тоқтады.

Төлеу бұл автобустан мүлде басқа адам болып шыққандай. Отбасын қатты сағынып тұрғанын анық сезді. Кішкентай аяқтар жүректегі үлкен махаббаты оятады деп кім ойлаған?Алматыда алғашқы қар құйып тұр.