Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы
8

Оғыз хан - Ескендір Зұлқарнайын

1 эпизод

Бір төбенің шаңын бір төбеге қосып бұрқырап өрген қалың қойдың арасында немесе артында қанша адам бар екені бірден білінбейді. Қойлар алдыға жылжып, шаң сейіле түскен сайын қой арасында қалбайып тұрған қарапайым, елеусіз, жұпыны шалдың бейнесі екен. Экран көзіне жақындаған сайын оның барынша арып-ашқан, азып-тозған бейнесі жүз жылдық кәрі ағаштардың ойдым-ойдым діңіндей анық көрінеді. Шұбырған қойдың соңында қазығына сүйеніп қаздиып тұрған жиырма жасар жігіттің көзі осы қой ортасында тұрған қарияда. Осы қадалып тұрған көз қарияның өзін қолын бұлғап шақырғанын көреді.
Жігіт асыққан жоқ. Қойлардың соңын шұбыртып, таяғымен жер шұқып жүріп асықпай жеткен. Шал түйіле түскен қошқыл бұлтты аспанға қарап, төбеге үйіріліп жеткен қара дауылдан басын қорғай беріп:
- Мүсірбай, басымызға үйірілген қара дауыл Қоқанның қара дауылы емей немене, қазаққа өңмеңдеткен?
Осы-ақ екен сөзді шала-шарпы естіген Мүсірбай да, шал да тондарының басқы түймелерін ағытып, басын тонның ішіне алып, құмды бораннан бүркене берген. Құмды боран лезде сейіле бергенде, шал тағы сөйледі:
- Өтеді де, кетеді. Әншейін, қара ойнақ қой.
Шашырай қоймаған қойларға көз салып:
- Қой жарықтық бұған мыңқ етсеші! Бар да жүгір, қойдың шашау шыққанын ішіне қос.
Жас жігіт далақтап жүгіріп кетті. Жүгіріп бара жатып жерді жазалаған дауылша таяғының ұшымен жерді неше шұқып өтті.
Жігіт қойлардың шашау шыққанын үйіріп қосып жүреді.
Шал мен жігіт қайта кездесе қалғанда:
- Әй, Мүсірбай шырағым. Екеуміз байдың екі қора қойын екі бөлек бағып түс әлетінде ғана кезігіп жүрміз. Қойларды үйіріп тастап нан, құрт-ірімшік, торсыққа құйған айранымызды бөліп ішіп-жеп жүргенімізге бай жарықтықтың іші қылып ете қалса қайтеміз «бұлар әңгіме-дүкен құрып қойымды ашықтырып тастапты» деп?! Сол үшін қойдың жартысын қайта бөліп ал да, байдың қарауылының көзіне түспей беткейге айдай жөнел. Екінтіде күн еңкейгенде қайта қосыламыз.
Екінтіде, күн еңкейгенде екеуі қойларын ауылға беттетіп айдап келе жатты. Қой артынан көтерілген тұтас қою көк шаң төңіректі тұмантып жібереді.
- Мен қой артында жүргелі қырық жыл болды ғой, -деп кекіре сөйлейді шал.
- Түстегі әңгіменің соңы үзіліп қалды, ақсақал. Жасыңызда үйленбек болған талабыңыз сәтсіздікке ұшырап, сол беті үйленбей кеттім дедіңіз. Содан бері қой соңында жүрмін дейсіз-ау! Еңбегіңіздің қырық жылғы ақысы бір қыздың қалыңын төлеуге жететін болған шығар енді?!
- Айтасың ғой, шырағым. Құдайдың хикметі бар. Оны саған айта бермеймін.
Жігіт таяғының ұшын жерге тіреп ойланып тұрып қалғанда, шал «шәй-шәйлап!» қойға қарай жүріп кетті.
Жігіт қуып жеткенде, шал қайқайған күйі әңгімесін жалғап кете берді.
- Мен жүз жиырмаға жетіп қайтыс болам, шырақ. Оған дейін қайда?! Әлі бар...
Жас жігіт тіпті де таңғалған әлпетпен жұпыны, қарапайым шалдың өн-бойына тіміскілей қарады.
- Алған жарым менің жасыма жете алмай бәрібір жалғыз қалам дегеніңіз бе? Сонда өмір бақи үйленбей өтесіз бе?
- Мен ғашық болып алайын деген аяулының жасы ұзақ болмай маған өкініш-қайғы арқалатып кетер еді. Одан да жүз жиырма жасыма дейін жалғыз жүріп, Құдайдың әмірлерін орындап, жаратушыға жағайын.
- Қандай әмір?
Шал жауап берместен ысқыра қой айдап, жауаптан жалтарып жүріп кетті.
Жігіт басын шайқады да, тағы ойланып артта қалғанын біліп, қайтадан шалға қарай жүгіре бастады. Бұдан оның әңгіме сүйгіштігі білініп тұрды.
- Айтпақшы, келінді босанады дедің бе?
- Ай-күні таяп тұр. Бірер күн қалса керек.
- Аман босанады. Атын кім деп қоймақсың?
- Айтқаныңыз келсін! Атын... Атын...
Жігіт ойланып қалды.
- Сағынып көрген балам ғой. Сағындық қоятын шығармын.
- Қыз болсада ма?
- Қыз болсада, ұл болсада.
Шал құбылаға қарап күбірлеп тұрды да, бетін сипады. Жігіт шалдың не айтқанын түсінген жоқ.
- Ақсақал, сіздің бір қарағанда басқа қойшы аталардан айырмаңыз жоқ. Қарапайым, жұпыны киініп, жұрт көзіне түспей елеусіз жүресіз. Алайда, осыған дейін бірде-бір рет малды боқтағаныңызды көрмеппін. Басқа адамдарға да боқтатпайсыз. Осы ісіңізде бір дегдарлық бар-ау! Сізге жолыққалы малға тіпті аялап қарайтын болып жүмін. Малды мал деп емес, бауырымдай көріп.
Шал кеңкілдей ұзақ күліп бір марқайып алды.
- Байдың өзі мен ұлдарының ғана емес, жолай өткен содыр-сотанақтың ісіне кейігеніңізде артық кетпей «О, несі екен, өй, шіркін!» дейсіз де қоясыз. Осыған аң-таңмын. Бетіне ештеңе айта алмасаңыз да, соңына қарап тұрып әбден сыбап алуға болады ғой.
Шал езу тартты да, басын шайқап-шайқап қойып жүре берді.
Шал қойдың алдына шығып қолындағы шотымен қойдың жүрер сүрлеуінің алдында жатқан томаршаларды шауып, олардың жолын тазалап отырды.
Жігіт өмешегі үзіле әңгімеге құмар болып келе жатыр.
- Мұныңыз не?
- Малдың тұяғын қағады, обал болады.
Қой ауылға жеткенде, шал мен жігіт ауыл үйдің іргесінде көгеннен аттап ойнап жүрген балаларды көрді.
- Әй, шырақтарым, тұқымы көбейгір сүйкімділерім. Естеріңде болсын, көгеннен мүлде аттамаңдар.
Шал сөзін ұға қоймаған балаларды таяғымен жасқап, оларды көген маңынан қуып салды. Балалар дүркірей қашып, шу-шу етті.

2 эпизод

Күннің арайлап шығып келе жатқанын бүкіл адам көрді. Осы шуақты күннің жердің жүзін шайқаған отты жалынына шалдың да, жігіттің де жүзі бір шайқалып таңды қарсы алып тұрды. Алдарында ұзынсонар сүрлеумен өріп бара жатқан қой.
Одан кейін олардың шаңқай түсте екі жақтан келіп жолығып бірге ауқаттанып, аз-кем шүйіркелесіп жатқандары көрінді.
Күн еңкейіп батар ұясына жақындағанда, екі тараптан жөңкілген қойдың нөпірі қосылып, шал мен жігіт қайта ұшырасты.
- Уәй, балам! Аман-есенсің бе? Шаршап, талықпадың ба?
- Ақсақал. Түк етпейді. Өзіңіз қандайсыз?
- Болады, шырағым. Күндегідей қалт-құлт етіп, -деп емірене күлді. Оның күлкісін көріп жігіттің де жүрегі жайланып, бетіне жылу жүгірді.
Кеугім болып, кеш қараңғысы түсе бастады.
- Балам, сен қойларды айдап бара бер. Мен түзге отырып алайын.
Қарт бір топ шеңгелдің қасында, ойпаңдау жерде бүгежектеп қалып қояды.
Ойында еш нәрсе жоқ Мүсірбай екі қора қойды айдап ауылға қарай жүре берді.
Бір кезде Мүсірбай қойды жайғастырып болып, бай үйіндегілермен бірге тамақ ішіп жатады.
Көрпелер салынып, жұрт жатуға ыңғайланды. Сол кезде ғана қойшы қарт бұлардың есіне түскендей.
- Алтыбай қайда кеткен?, -деп сұрады бай. Қалғандары да «иә, қойшы шал қайда?» деп сұрастыруда. Мүсірбай «түзге отырып алайын» деп бір топ шеңгелдің қасында қалып қойған еді» деп жауап береді.
- Түн ішінде қайдан іздестіресің. Көрпесін салып қойыңдар. Келер!, -деді отырғандардың бірі. Бай мұны мақұлдап бас изеді. Осыдан кейін барлығы жатып, ауыл-аймағымен ұйқыға батады. Бәрі жатып қалғанда тек бір көрпе адамсыз бос жатады.

3 эпизод

Таң атады. Жұрт күн сәулесімен киініп жатады. Олар Алтыбай шалдың салынған көрпесінің орнына қарайды. Әлі келмеген.
- Қасқыр жеп кетті ме, не болды?, -деп шалдың бос жатқан орнына үрейлене қарады бай.
- Уа, ауылдың естияр кісілері Мүсірбайды алдына салып алып, Алтыбай қалып қойған топ шеңгелдің қасына барсын.
- Мүсірбай әуелі күні бойы екі қора қойды қосып жайсын. Қойшы шалды іздеп жүргенде мал ашығып қалмай ма?! Кешке таяу шығайық іздеуге.
Бай отырғандардың сөзін мақұл көріп, Мүсірбай қойын өрістетіп кетеді. Мүсірбай қойын өрістетіп бара жатып, бай:
- Бүгін күндегіден ертерек кел, -деді.
- Ләббай!, -деп бас изеді қойшы.
Кеш түсе бере, қой ауылға беттеп, оның қарсы алдынан шыққан ауыл кісілері Мүсірбайды алдында салып кешегі топ шеңгелдің қасына қарай жүре берген.
Ақша қар жауа бастады.
- Наурыздың ақша қары жауды-ау!, -деп қар ұшқыны қона бастаған шоқша сақалын сипады бір үлкен кісі.
- Шіркін, бұл заманның жыл белгілері өзгермей, уақытында келеді де тұрады. Наурыздың 22-күні жауғанын қарамайсың ба ақша қардың?! Қуаң-Дәрияны қымтады да тастады.
- Бізден кейінгілердің заманында наурыздың ақша қары бір апта кешігіп те жауа беретін шығар, -деп қойды тағы бір үлкені.
- Өткен жылы Арқада хан Кене елді қозғап, Орысқа ойын салғанда бізден бірер кісі кетіп еді ғой ханға қосыламын деп. Осы Алтыбай қартың да соған кетіп қалған жоқ па?, -деп қулана жымиды жастау бірі.
- Шалыңның қол-аяғы дызылдап жас баладай тыныш тұрмайды. Денесінде бір суығы, сары суы жоқ. Әй, бірақ, барса да ханның батырлары көтерген шоқпарды бұл көтере алмас. Аққұлақтарға жем болмасын бұл да біледі.
- Келдік!, -деді Мүсірбай, қар арасында қарауытқан топ шеңгелді нұсқап.
- Үйбай-ау, Алтыбайдың етігі жатыр, өзі жоқ. Қайда кетті екен?
Іздеушілер төңіректен Алтыбайды ізін қарастыра бастайды. Он қадамдай жерде ақша қарды жалаңаяқ адамның ізі орып кетіпті. Олар ұзап жүре берді. Үш жүз қадамдай жерден тағы сондай із табылады. Одан әрі қанша іздесе де еш нәрсе байқалмайды. Іздеушілер аң-таң қалады.
- Қыдырдың ізі дейін десең, адамның ізі. Қандай күйге ұшырағанын білмей, дал болғанымыз-ай!
- Пері көтеріп алып кетті ме екен, әлде періште көтеріп кетті ме екен!?
- Қайтайық енді, -деді бір уақытта шарасыз дағдарған топ басшысы.

4 эпизод

Арада 7~8 ай өтті.
Мүсірбай мен Алтыбай қарт азық-түлігін бөлісіп жеп, қойды иіріп қойып әңгімелесіп отыр.
- Көп іздеп таппадық қой сізді сол кезде. Шындығында ақсақал осындай таңғажайып жағдайда қайда кеткен едіңіз?
- Әңгіме былай болды, балам... Түс көрдім.

Шалдың түсі

Түсіне ұзын бойлы бір қара кемпір еніп:
- Мен Озған пайғамбардың анасымын. Қазір біздің қабіріміздің үстінде бір қора қой жатыр. Солардың құмалағы мен шалшық суы жайымызды ластап, мазамызды алып тұр. Бізге қияметтік бала бол, қызымет көрсет. Үстімізді лақы-құлқыдан тазарт, - дейді.
Алтыбай шалқайып жатыр еді. Үстінен қарағайдай болып бой тартып қараған кемпірге бас изеп келісімін берді.
- Уәде бойынша наурыздың ақша қары жауғанда біздің басымызға келесің.
- Қалай барайын, ана?
- Сол күні жолыңда ойпаңдау жерде бір топ шеңгел кездеседі. Сол шеңгелдің қасына келгенде жаныңдағы жас серігіңе бір сылтау айтып қалып қой. Қойды ол қораға аман-есен апарады. Қойды соның қолымен аманаттайсың. Сол жерде сені кереметімізбен ұшырып аламыз.
Ұзынтұра кемпір иілгенде, денесі алтыннан құйғандай сап-сары болып жарқырап ақсақалдың басын баладай сипап:
- Мазарымыз Тамды ауданындағы Ақтау тауларының арасында, Зарафшан қаласына жақын маңда. Қармақшыдан түйемен көшкенде, бір айшылық жол. Ақтау – аласа тау. Тамдыбұлақ қыстағынан үш көш жерде.

Шал оянып кетеді. Аузына түскен жалғыз сөзі:
- Осындай да бойы зіңгіттей адам болады екен-ау о заман да, бұ заман!...

5 эпизод

Алтыбай қарт топ шеңгелдің түбінде тұрғанда аппақ жел үйіріліп, жел ішінен бір ұлы дауыс жаңғырып шықты.
- Қияметтік балам, желдің ішіне ен. Одан кейін өз аяғыңмен жүгіре біл.
Алтыбай қарт жел ішіне кірді де, одан кейін қолын алға созып секіре берді. Секіре басып жүгіріп келеді. Аяғы-аяғына тимейді. Бұта-бүргендердің үстінен қарғып өтеді. Кейде аяғы жерді тіліп ақша қардың астындағы топырақты аршып кетеді. Кейде бір құлаштай биіктікке көтеріліп, қайта төмендеп, қарғи басып келеді. Осы кереметпен өзі көрмеген тау мен тасты, мұзы ери бастаған өзенді, әр жерде жайылған малдарды, жым-жырт қоныстарды көріп, қарғыған үстіне қарғи түсті. Желаяқтанып зымыраған қарттың көзіне бірде-бір адам түскен жоқ. Кейбір сиырлар оны көріп мөңірейді. Түн түңілігін толықтай түсірді. Енді оның аяғынан отты ұшқын шығып, ол бір кезде ұшыртып бара жатып аяғының астына қарап қалса, табанына қаршаңғы сияқты ұзынша, жалпақ нұр киіліп алған екен. Бүл тіпті түн түнегін қақ жарып ауада сырғи басып, әлі де болса қарғып көзеулі мекенге кетіп барады. Ай туды. Желдей зымырап бара жатып оны да көрді. Айға қарап бара жатып сақалын сипап үлгерді. Денесі балқып, түнгі суық ағысқа қарсы жүзсе де ештеңе оны қалтырата алмайды. Ол қолдарын жазып, ауада алтын сырғанағын тіпті теуіп осылай түн ішінде біраз жүрген соң, одан кейін күлімдеп таң атты. Таң алдында да ұшырта басып келеді. Бірақ, түндегі аяғына киілген шаңғы-нұр жоғалып кетті. Ұшыртып бара жатып оған да аңтарылып қарап үлгерді. Енді қайта төмен түсіп бірде жерді тілгілеп топырағын шығарып, енді бірде аяғының ұшымен сызғылап өтіп, бірде көтеріліп жадырай ұшып келеді. Сәске түс кезінде Озған пайғамбардың анасының мазарына келіп жетеді.
- Тоқта! Осы жер!, -деген әулие ананың дауысы шығады да, одан кейін бұл дауыс көпке дейін үзіліп қалады. Қарт қалтиып тұра қалып, өзі біліп әрекет ету керек екенін түсінген шырай танытады.
Бейт деп меңзелген қара тастың түбіндегі жерде қотан-қотан қой жатыр. Жанында бұлақ ағып жатыр. Қойлардың біразы содан су ішуде.
Қарт бітік өскен ұзын шөптердің басын буып сыпыртқы жасап, Озған пайғамбардың анасы жатқан жерді қидан, көңнен, қой құмалағынан тазарта бастайды. Бірақ, қотан қылып жасалған бірнеше қораның үш қатар етіп көлденең байланған ағаш қоршауларын бұза қоймады. Тек іші-сыртын тазалаумен болды.
Қойларды сыртынан көздеп жүрген қойшылар бұл адамның ісіне аң-таң қалып, бірден келуге батпай, бел асып жүгіріп кетті. Бел астындағы там үйлердің ең үлкеніне кіріп кетті. Әлде бір уақытта  там үйлердегі ер адамдар шақыртумен үлкен там үйге кіріп жатты. Одан кейін олардың бір тобы мазар үстін тазалап жатқан Алтыбай қарттың жанына келді.
- Мынау бір есі ауысқан адам шығар, -деп күбір-күбір етіседі олар.
Одан-бұдан адамдар жинала бастады. Олардың қатары көбейді. Іштерінде шағимен қаптаған тон киіп, белін буынған Сарттар да, бөрікті қазақ қойшылар да бар. Көбісі Сарттар.
Тұрғандар: - Байдың қорасының неге тоз-топалаңын шығарып жатсың, -десе, бұл қарайды да қояды, үндемейді. Ішінен бір қазақ келіп жаны ашығансып:
- Қораның иесі бай Сарт қатыгездеу адам. Бұл қылығыңды есуастыққа балап аямайды. Ерте жарықта сыпыртқыңды таста да жүре бер. Қазақ деп жаным ашып айтып тұрмын.
Бұл көзін сығырайтып қарайды да:
- Қазақ баласы болсаң мыналарға түсіндір. Бұл жерде Озған пайғамбардың анасы жатыр. Мұны пайғамбар әулетінің қабірі деп біліңіз. Аналарға түсіндір. Молдасын шақырып келсін.
Бір-екеуі жаңағы қазақтың жеткізуін естіген соң, арт жаққа қарай құны-перен ұшыртты да кетті. Бұл әбігерленіп қораның орнын тазалап, қойды үркітіп жүр. Көп ұзамады. Байдың қолында молда ұстайтын әдеті бар сияқты. Мұның сұраған молдасы тез жетті. Тұрғандар жарылып арт жақтан сәлдесін сүйрете жеткен молдаларға орын берді. Бір емес, үш молда.
- Өткен түнде бұл жерге Сыр жақтағы Қуаң-Дәрияның бойынан кереметтің күшімен ұшып жеттім. Бұл жерде Озған пайғамбардың әулетінің адамдары жатыр. Түсімде аян беріп, «жатқан орнымызды қоралы қойдың құмалағы мен шалшығы ластап жатыр. Осыны тазалап разы етсең, ақыреттік баламыз боласың» деді.
Тұрған молдалар бұған бас шайқап:
- Мүмкін емас(емес), -деп шулады Сарт тілімен.
Бұл осы сөзін ежіктеп қайталап айтып, аударып тұрған қазақтың бетіне қарағыштай береді. Молдалар қайта естиді де бас шайқайды.
- Пайғамбар қой қона остіда бололмайді(Қой қораның астында пайғамбар болуы мүмкін емес).
- Сенбесеңдер, Озған пайғамбардың анасының кеуде тұсынан қазамын.
- Қаз!, -деп келемеждеді бас молда мырс етіп, бір қолымен иегінің астын тірей қарап.
Күрек әкелінді. Алтыбай қарт жанталасып қазып жатты. Қаза-қаза өзі төмен түсіп кетті. Күректі сыртқа лақтырды. Тұрғандар қолын созды. Бұл солардың қолынан ұстап сыртқа шықты. Үсті-басының шаңын қағып болып:
- Бай бар, басқасы бар. Ауылдың басты адамдары келсін. Ішіне түсіп көрсін.
Тағы да жастардан бірнешеуі бел асып жүгіріп кетті. Көп өтпей бай бар, қарт әкесі және бірнеше үлкен адамдар бар келіп жетіп, ауыздарын жыбырлатып сүле-соқ амандасты Алтыбаймен. Бай өзі тілмаш қазақпен және шабармандарымен біраз күбірлесіп тұрды да, одан кейін жанына ерткен үлкен кісілерге түсіндіріп айтып жатты. Көр ішіне әуелі Алтыбай, одан кейін бай бастаған 2~3 үлкен кісі түсті.
- Ойбай, недеген алып бас, алып кеуде. Анасы мынадай болғанда Озған пайғамбардың өзі қандай дәу екен?!, -десті түскендер, - Басының өзі адамның бойындай ғой , Құдай-ау! Қай заманда жасаған екен бұл бабалар, -деп бас шайқасты.
Көрге түскедер сыртқа шықты.
- Денесі бүп-бүтін, ұйықтаған адам сияқты жатыр.
- Озған пайғамбар деп неге аталды екен?, -десті бірі.
Алтыбай ойланып тұрып тіл қатты:
- Оғыз хан ғой. Уыз хан аталып жүріп, кейін Озған пайғамбар дескенбіз. Заманында құдіретті қаған, асыл текті пайғамбар болып жаратушының бұйрығымен билеушілері озбыр, Құдайын ұмытқан елдерді жаулап, оларға бір ғана жаратушыны танытып, ең соңында барлық міндеттерін абыроймен атқарып, Қағбаның тасы тіктелген жерде Ибраһим пайғамбармен жолығып зиарат еткен.
- Ол Ескендір Зұлқарнайын әңгімесі еді ғой,- деп бір молда шалқайғанда, Алтыбай қарт жымиып қарап тұрып «жоқ, олай емес» дегендей бас шайқай берді де, үнсіз қалмайын деп:
- Ескендір Зұлқарнайын мен Озған пайғамбар - бір адам, имам, -деді.
Имам:
- Білгенім - бір тоғыз, білмегенім - тоқсан тоғыз. Ағай, -десті.
Осыдан кейін жиналған көп айтылған әңгімеге тәнті болады, көңілдері толады.
- Ал, енді біз де көмектесейік, бәріміз жабылып, бейітті қойдың көңінен тазартайық, - деседі бас молда. Қалғандары қостай жөнелгенімен Алтыбай қарт: 
  – Өзім тазартамын, - деп қабыл алмайды. Шынында, жалғыз өзі тазартып шығады.
- Қабірде жатқан Озған пайғамбардың әулетінің жеті адамының әрқайсысының ұзындығы жиырма қадамнан келеді екен,-деді кетпей айналшықтап жүрген молдаларға түсіндіріп.
Алтыбай қарт олардың үстін атыз сияқты етіп топырақпен үйеді.
- Ол заманның адамдары недеген алып болған!, -десті жұрт.
Алтыбай қарт жалғыз өзі тас тасып, ол тастарды қабірдің айналасына тізеден келтіріп қалайды, қорғанша жасайды. Қорғаншаны салып жатқанда, осы жиналғандардың арасында жүрген бала Алтыбайдың ары жағынан, бері жағынан өтіп асыр салғанда тас тасып жүрген қарт оның аяғын басып кетеді. Бала шар ете қалады:
- Үстімді басып кеттің!, -деп. Түп-түзу жинап жатқан қорғаншаны ұсақ таспен ойнап жолында отырып алған баланың тұсынан өткізбей, оны айналып иіп жинайды. Көзге ұрынып тұрған осы иілген тұсқа қарап молдалар бас шайқады.
Қорғаншаны қалап болып:
- Мұнда басқа жерде кездесе бермейтін қандай ағаш түрі бар?, -деп сұраған еді. Алтыбай қартты шөлдеген шығар деп шай әкелген жігіттер жапа-тармағай тіл қатып:
- Әулие ата, күжім деген ағаштың түрі бар бізде. Басқа өңірде аз секілді. Сырттың адамдарына осы ағашты айтсақ таңданады.
- Ендеше, бір топ балапан күжімді тамыр топырағымен қазып әкеп егейін мұнда. Өсіп тұрған жерін көрсетсеңдер.
- Біз-ақ кесіп әкелейік, атай!, -десті жігіттер.
- Жо-жоқ, жігіттер, мен әуре болайын түбіне дейін. Әруақтар арқалатқан міндет еді. Жаратушы жар болсын сендерге, шырақтарым!
- Әумин!, -десіп жастар шуылдап жүріп, қартты ертіп тоғай ішіне бастап апарып күжім ағашты көрсетті.
Қарт балапан күжімдерді тамыр топырағымен қазып алып шыққанша жастар сырттан қарап отырды. Жалғыз өзі тасыды, жастар құр еріп жүрді. Молдалар қайтып кеткен.
- Енді егесіз бе? Су тасиық па?
- Жоқ, балаларым, шаршадым. Аздап мызғап алып қас қарайғанда ай жарығымен кірісермін.
Балапан күжімдерді жартас түбіне сүйеп қойып, өзі жастар әкеп берген кілемді бірнеше бүктеп, тонын көрпе қылып қалғып кетті. Жиылғандар бытырап тарап жатыр.

6 эпизод

Түнде ай жарығы түскенде, әулиенің ұшқанда аяғына шаңғыдай болып киілген нұр тағы пайда болып, соның жарығымен әрекеттеніп, қолының қырын тасқа ұрғанда тастың жігі ашыла қалды да, оның арасына тамыр топырағымен күжім ағашты салып, тасты қайта жауып тастап отырды. Осылайша әкелген балапан күжімдері түгел егілді.
Одан кейін кешегіше бүктелген кілем үстіне барып, тонын көрпе етіп ұйықтап кетті.
Таң сәулесі адам бетіне сүттей болып төгіле бастап еді, Алтыбай қарт оянды. Тұрған соң ағаш тасыған кезде төгілген топырақтарды сыпырып тазалап жүрді. Күн көтерілгенде кешегі жиылғандардың көбі жан-жақтан келе бастады. Таудың беткейіндегі қара тасты қақ жарып өсіп тұрған күжім ағашты көріп:
- О заман да, бұ заман қара тасқа ағаш шыға ма?,- деп таңданысып, барып үйіндегілерді шақырып, әйел-баласы, жас-кәрісі келе «әулиенің көрсеткен үлкен кереметі!» деп таңдай қағысты.
Таңданып тұрғандардың ішінен бай мен бас молда күбірлесіп біраз тұрды да, бай екеуі бірдеңе ақылдасқан көрінеді. Жұрттың алдына шығып өзінің жаңа кесімін жеткізді:
- Бұдан кейін бұл жердің аты «байдың қотаны» емес. Бұл жер киелі жер болып қастерленсін. Іздеп келген жұрт бұл жерді осы күжім ағаштарына қарап танысын. Мұны осыдан былай сұраған жұртқа «Күжімді әулие» деп айтыңдар, солай таратыңдар, түгел!, -деп еді, тұрғандар шулап қолдай жөнелген.

7 эпизод

Алтыбай қарт пен Мүрсәлім әңгімелесіп отыр.
Мүрсәлім:
- 7~8 ай бойы Қызылқұмның ары жағында жүргенде тағы қандай кереметтер көрсеттіңіз, ақсақал?
- Сол кереметті көрсетейін деп көрсетпейсің. Шіркіндер бұра татқан ісімен бұлаңытып себеп қылады ғой бірдеңені. Әйтпесе, керемет көрсетіп мақтану - әулиенің ісі ме? Емес, емес, -деп бас шайқайды.
- Озған пайғамбардың анасының айтуымен бейіт басын тазалау, күжім ағаштарды егу, байдың қонағы болу бір жұмалық шаруа ғой. 7~8 ай бойы сол аймақты төңіректее жүріп алуымның себебі әулие болып танылып, Құдай жолында жүрген соң халыққа арнап, мешіт-медреселік мекен-жай салмақшы болдым. Ақтауда жұрт болып бір мешітті қалап, мешітке өрлік ағаш болатындай ұзын дарақ іздестіріп, Бұхара қаласына бардым. Бұхара мен Ақтаудың арасы қосар атпен суыт жүрген жолаушыға 2 күндік жер. Сарт пен Өзбектің тілі мен киімі бір болғанымен, жарықтықтар өздерін екі бөлек халық санайды ғой. Өңінде аздап парық бар. Өзбек - Өз ағаң. Кездесе қалса ру шежіре сұрасады. Сартта ру жоқ. Сұрасаң «Әндіжандықпын», «Қоқандықпын»  деп қаласын айтады. Сәске түс кезінде мен барған Бұхараның шетінде бір Өзбек биік дарақты құлатып, демалып отыр екен.

8 эпизод

Өзбек өткен күні біршама араланған алып дарақты жалғасты аралау үшін, іргеге шай-суанын әкеліп қойып, мойынына орамалын салып алып, дарақты жалғасты аралады. Терлесе мойынындағы орамалымен мойынын, самайын сүртіп қойып жалғасты аралайды. Дарақты аралап болып, енді құлатып үстінде демалып отырғанда, осы көшемен өтіп бара жатқан, алба-жұлба киімді Алтыбай әулие осы кісінің ауласына бұрылып қарағанда, жығылған дарақтың үстінде демалып отырғанын көреді.

Алтыбай қарт аулаға кіріп, оған амандасып:

Тура осындай үлкен дарақ іздеп жүр едім. Маған мұны сатсаңыз, жаноб(мырза)? Іздегенім алдымнан табылып отыр.

Өзбек шайдан бір ұрттап қойып, қайқайып отырды да, шалға естіртпей:

- Жақсы, осыған мен-ақ сатайын. Үсті-басы алба-жұлба, көлігі жоқ, жаман шал қайтып алып кетеді, - іштей сөйледі де:

- Чу дарақни арқалап алып кетсең, тегін беремін, -деп кеңкілдеп күліп мазаққа айналдырады.

Алтыбай қарт:

Шын ба?, - деп сұрайды.

Өзбек:

- Шын, -деп жауап қайтарады.

- Олай болса, мақұл, - дейді де, - Бисмиллаһи р-рахмани р-рахим, - деп иығына салады. Алдымен жайлап қозғайды. Бірте-бірте көшеге сүйреп шығып, жылдамдығын арттыра түседі. Ақырында, ағашты дырылдата жөнеледі. Шаңы аспанға көтеріледі. Әлгі Өзбек бас шайқап:

- Бұл кісінің тегін адам емес екендігін енді ғана түсіндім,-деп тағы да іштей сөйлейді.

Дарақты сүйреген әулие ағашты дырылдатқан күйі көз ұшында бұлдырап кетіп барады. Тым жылдам... Барған сайын тездей түсті-ау!...

Өзбек белдеуде байлаулы тұрған атын міне салып, артынан тұра қуады. Әулие атқан оқтай, шапқан аттай ұшыртып барады. Ол әулиені жүйрік атымен қанша қуғанмен жете алмайды. Алыстан шаңын көреді де отырады.

Алтыбай әулие бір бұлақты жерге келіп, сол жерден сиырларын суарып шығып бара жатқан бір баладан:

- Балам, бұл қай жер?,-деп сұрады.

- Ата, бұл жерді Ағытпа дейді, -деді бала.

Қарт осы бұлақтың бойына отырып, бет-ауызын, шынтағын жуып жатыр еді, жүйрігіне мінген әлгі Өзбек келіп жетті. Атынан түсе сала, алдына домалай жығылды.

Әулие еке, бесін намаз оқығалы дәрет алып жатырсыз ба? Жаздым, жаңылдым, -деп көзінен сорасы ағып, жылап кешірім сұрады.

Атай:

- Оқасы жоқ, -деп жұбатты.

- Сіз Құдай қалаған аса қасиетті адам екенсіз. Соншама ұзын осы ағашты сіздің жолыңызға атадым, тегін бердім. Бірақ менің ұл балам жоқ еді. Алладан тілек етіп, бата беріңіз.

- Балам, «ықылас- қалас» деген. Егер ұл балалы болсаң, бесігіне тағып қоярсың, - деп киімнің бір жұлбасын үзіп берді оған.

 

9 эпизод

 

Өзбектің екіқабат әйелі құшағында сәбиі бар, күйеуінің жанында мүләйім түрде жымиып қарап тұр. Төңірегін көп адам қоршап алыпты.

- Уа, жамағат. Сіздер атақ-даңқын алыстан естіген, әлгі қой қотан басып жатқан бейітті тазалаған, қара тасқа күжім еккен әулиенің ықыласымен ұлды болдым мен. Онымен қоймай, әйелім тағы екіқабат.

- Батасы қабыл болыпты әулиенің, -десті жұрт.

Өзбек те, жиылған жамағат та әйелдің құшағындағы сәбиге қайта-қайта қарай түседі. Сол кезде оның арт жағынан ақ сәлделі молда келіп:

- Қасым бродарымыз қара тасқа күжім еккен әулиенің айтқандарын жұртқа жеткізбек. Көрші қышылақтағы(қыстақтағы) бір бозбалаға шариғат түсіндіріп жүріп осы сөздерін айтқан екен. Сол баланың жазып қойған дәптерінен Қасым бродарымыз көшіріп алған. Сіздерге соны оқып бермекші.

- Оқысын, оқысын!, -деп жұрт шулады.

- Құлағымыз түрік!, -деген сөз де естіліп қалды көп арасынан.

- Келмас сафарга кетганлар,              

Кабирларин оёк этманглар.

(Босағадан сапар шегіп кеткендер,

Қабірлерді аяқ асты етпеңдер)

 

Тизза бўгиб, Куръондан кил тиловат, 

Кечагина сиздай бўлиб юрганлар.      

(Топырақ ал, басыңды іи, тізе бүк,

Кешегі сіздей болып өткендер)

 

Тўғри зиёрат, зур ибодат.                 

Аслингни билай деб.

(Дұрыс зиярат, зор ғибадат,

Ата текті білгей деп)

  

Шажарангни ўқиб бил,

Ота-бобо  номаларин                  

Унутмасдай ёдлаб юр. 

(Шежіре жаздым оқып біл.

Ата-баба есімін, ұмытпа,

Ұмытпай жаттап жүр)

 

Утганларни унитиш учганликнинг нишони,    

Утганларни ёд олиш юксалишнинг нишони.

(Өткенін ұмыту – Өшкендіктің белгісі.

Өткенін ұмытпау – Өскендіктің белгісі)

 

Бизлар хам эдик сизлардек,           

Сизлар хам буларсиз бизлардек.  

(Біздер де сіздердей болғанбыз,

Сіздер де біздердей боласыздар)

 

Уз утмишини кадирламаган юрт, 

Булади тарихий мангурт.              

(Өз ұлын өз ерлерін ескермесе,    

Ел тегін, қайдан білер кемеңгерін)

 

Уйлаб куринг улди деб буларми, 

Узидан улмас хотира қолдирса.

(Өлді деуге болама ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырса)

 

Мұны естіп тұрған жамағаттың ішінен:

Бұны қара тасқа күжім еккен әулиенің айтқандары дейсіздер, молда, Қасым жаноб. Әсілінде, бұл Озған пайғамбардың анасының әулиеге аянмен айтқан сөзіне ұқсайды. Бұл дүниедегілердің емес, о дүниедегілердің өсиеті!, -деп бір ақсақал сөйлегенде, бәрі осы сөзге тоқталып, бір тегіс бас изесті.

 

10 эпизод

 

Қара түнекті ақ сәуле тесіп өтіп, бірте-бірте найза ұшты ақ сәулелер көбейіп қара түнектің быт-шытын шығарды. Нұр жер бетіне тегіс жайылып, осы көздің алдын қарықтырған аппақ нұрдың астынан маңырағай қой үні естіледі. Бара-бара қойлар қоңырланып, ақ шаңқан нұр астынан өз сұлбаларын көрсете бастады, шіркін!

Қой арасынан сорайған Алтыбай қарт пен Мүрсәлімнің мүсіні алғашында сұрғылт діңгекше көрініп қалған. Ақырындап барған сайын бараны айқындала берді.

- Осындай ақ таң Озған пайғамбардың өміріндегі бір күні таң жарығын қақ жарып көрінген көк бөріден аян стіген оқиғаны еске салады.

- Озған пайғамбардың өз аты – Оғыз қаған екен. Ескендір Зұлқарнайын деп аталып кетуі қалай?

- Оғыз дегенің – Өгіз ғой. Өгіз дейтіні бабаның шашының арасында болымсыз шошайған мүйіздің тұқылы болған. Содан кейін, ана Зұлқарнайын деген сөз де Арабтың тілінде «қос мүйізді» дегенді білдіреді. Тәжіктің жерінде Ысқандар деген көл жатыр. Ескендірдің өзені ғой. Озған дегеніңіз әне сөйтіп Ысқан болып жүріп, кейін Ескендір болған екен.

Шал жөткірініп алып, ай далаға аңыра қарап тұрып:

- Сырдың бұрынғы арнасы Өгіз арна атанған. Сол арна жаңа арнамен қатарласа әлі жатыр. Қаратауда жұрт мазарын тәуап ететін Үкаш-ата мазары тұрған жердің Өгізтау аталуы мен Сыр бойындағы Оқшы-ата мазары, осы үш атау бірдей өгізбен сабақтасады. «Қос мүйізді Ескендір» деген сыбызғы күйінің аңызын естіп пе едің?

- Жоқ, ақсақал.

- Естімесең, мен айтайын. Ескендір патшаның басында тұқылданып тұрған мүйізін тірі жан білмейді екен. Себебі шашын алдырған сайын сол шашын алған адамның басын шаптыртып тастап отырыпты. Мұның мәнісі, Ескендірге түсінде бір әулие аян беріп: «Егер шашыңды алушыдан басқа адам мүйізіңнің бар екенін білсе, сол күні жарық жалғанмен қоштасасың!» – деп ескертіпті дейді. Осыдан кейін-ақ сақтық жасап, шашын алдыртқан адамының басын кестірте берген ғой.

Осылайша, Ескендір төңірегінде қолының ебі барлар сирейді. Бір күні шаш алу кезегі патшаның жақсы көретін жақынына келсе керек. Сонда Ескендір сол жақынына шашын алдырып болып былай депті: «Шарт бойынша, менің мүйізімді көрген адам бұ дүниемен қоштасуға тиісті еді. Бірақ мен саған тиіспеймін. Шашымды тек қана өзіңе алдыртып тұрамын. Тек, есіңде болсын, мүйізімнің бар екенін екінші адам білген күні басың кесіледі».

Осыдан кейін-ақ шаштараздан маза кетеді. Алдымен, Ескендірдің қос мүйізі жатса түсінен, тұрса есінен кетпей есі шығып жүреді. Бара-бара бұған еті үйреніп, енді өзі ғана білетін жаңалықты жұртқа айтқысы келген бір сезім билейді. Бірақ айтайын десе, жанынан қорқады, айтпайын десе, ішіне толған сыр-құпия шыдатпайды. Ақыры, амалы таусылғандықтан патша сарайындағы жеті жұрттың тілін білетін абызға келіп, өзінің дертті болғанын айтады. Абыз болса, әрі-бері қарағаннан кейін: «Дертің ауыр болғанмен, емі жеңіл. Ішіңе толған бір құпия сыр бар екен. Сол сырды сыртқа шығару үшін елсіз жерге барып, басыңды ойға қарат та, ішіңе толған сөзді айтуың қажет. Жай айтпайсың, әрине, аузыңнан сілекейің шұбырып, ішің ортайғанша қайталайсың. Тек, даусыңды ешкім естімейтін болсын. Біреу-міреу естісе, басыңа қатер».

Шаштараз абыздың айтқанын бұлжытпай орындайды. Елсіз жердегі бір құрғаған құдықты тауып алып, басын сол құдыққа салбырата еңкейтеді де: «Ескендірдің басында қос мүйіз бар! Ескендірдің басында қос мүйіз бар!..» – деп, жанын жегідей жеген сөзді іші ортайғанша қайталайды. Осылайша, айына екі рет елсіздегі құдыққа келіп, ішіне толған сөзін қайталап, дертін жеңілдетіп жүреді. Жақынының ауызы беріктігіне патша да риза, күтпеген кеселден оңай құтылып жүргеніне шаштараз да риза болып жүріп жатады ғой.

Күндердің бір күнінде, шаштараз барып жүретін құр құдықтың басына әлдеқайдан келе жатқан керуен тоқтайды. Ел кезген керуеншілердің ішінде неше түрлі қабілеттің адамдары болатын әдет емес пе?! Мына керуеншілердің ішінде де жұрттан асқан бір сыбызғышы бар еді дейді. Сол сыбызғышы ерігіп отырып құр құдықтың түбіне қарайды да, онда өсіп тұрған қамысты көреді. Бұл қамыс, әлгі дертті шаштараздың аузынан ақтарылған сілекейден нәр алып өссе керек. Сол жерде, сыбызғышы жігіт құдыққа қарғып түседі де, бір сабақ қамысты жұлып алып, сыбызғы жасайды.

Ескендір патшаның құпиясы осы жерде кереметін көрсетеді. Керуенші жігіт сыбызғысын ойнатайын десе, сыбызғысы «Ескендірдің басында қос мүйіз бар!»деп адамша сөйлеп қоя береді. Керуенші жігіт өз құлағына өзі сенбей, сыбызғыны қайта ойнатып көрсе, жаңағы сөз тағы да қайталанады. Сол жерде басқа керуеншілер де мұндай ғажапқа таң қалса, екіншілері әлемге даңқы әйгілі патшаның сыртынан ғайбат сөз айтылғандай секем алысады.

Тағдырдың бұйрығы бойынша, құпиясы жария болған Ескендір сол күні жарық жалғанмен мәңгілікке қоштасып еді дейді.

Бұл оқиға керуенші жігіттің сыбызғысы арқылы дүниенің төрт бұрышына күй болып тараған екен. Күй аңызы осылай тамамдалады, қарғам!

 

11 эпизод

 

- Оғыз, Оғыз!, -деп жер жаңғырықтырып ұрандаған әскерлердің алдын қаған жылдам кесіп өтті. Өзінің көк бөрідей ойнақ салғысы келеді.

- Жорыққа аттаныңдар!

Қосын жылжып жүріп кетті.

- Алдымызда ақ жалау көрінеді, -дейді алдыңғы әскерлер.

- Сендердің көздеріңе жалау көрінсе, менің көзіме жарық нұр шашқан көк бөрі көрінеді, -дейді Оғыз хан.

- Арт жағымызды қара қошқыл тұман бүркеп қалды,-дейді арттағы әскерлер.

- Жауымыздың көзінен таса қылып келеді, -дейді Оғыз хан бұған таңғалмай. Арт жақта қара тұман буырқанып жатқандай.

Алдыдан кісі бойлы дәу бөрі аппақ болып көрінген еді. Сол кезде жасақтар шулай жөнелді:

Бөріні біз де көрдік. Ақ нұр шашқан аппақ бөрі. Сіз айтқандай көк емес.

Хан ием өзі сөйлемей, ұлық Түрікке иек қағады.

Ұлық Түрік дана адам еді. Ауыз жаппай сөйлеп кетті. Болаттай қатқан ойлы қара көзі ат үстінен қарағанында безеріп қатқан күйі сай-сүйегімен әңгімеге сіңісіп кететінін көрсеткендей.

Жұртымыз ақ жылқыны «көк ат» деп те сөйлейді. Кейбір туысқан елдердің ақуды қу деп те айтатыны, оның бұрынғының тілінде «хух» деп айтылуынан шыққан. Біз Оғыздар әлі күнге дейін аққуды «кугу» деп айтамыз. Шөлдегі қаталап жыртылған ақ сор мен шәугім түбіне тұнып қалған ақ сорды «қақ» деп айтуымыздың өзі сол ақты білдіретін «хух» сөзінен келеді екен. Осы жерден басталған біздің көк бөрі ұғымымыз. Хан иеме киелі көк бөрі жол бастағалы бөрілі байрақ көтеріп келеміз. Мұны біз ғана көтереді екенбіз демеңдер. Мыңдаған жылдар бойы ұрпақтарың көтеріп жалғанның жартысын жаулап жүреді-ақ! Уа, жауынгерлер сендердің кіндіктеріңнен болашақтың қағандары мен бектері батырлары шығады.

Жауынгерлер желпініп қалды.

- Бұл көк бөрі әдеттегі аң емес болды. Сонда мұны қалай түсінеміз?

- Орыс бек, сен айтшы, -дейді Оғыз хан.

Шегірейген көзі күлгенінде сұлу көгілдір нұрды көзінен сызғытып жүргізіп өткен Орыс бек сөз алып:

- Жәбірейіл деген періште бар. Оның вдамдарға самұрық құс бейнесінде келіп көмек көрсетіп кеткенін менің елімдегілер айтатын. Мұндай періштелер қарақұс, көк бөрі, аққу, ақ марал бейнесінде адамдарға көмек көрсетіп кетеді. Періштелер әр өңірдегі адамдар арасына жаратушының қалауымен келіп көмек көрсеткенде сол халықтың өзі қадірлейтін, өздеріне таныс аң-құстарының бейнесіне еніп әрекет жасайды. Әр халықтың әр түрлі ұқсамаған аң-құсты кие тұтып кетуі содан.

- Эх, эх!, -деп бас шайқайды әскердің алдыңғы толқыны дүрлігіп.

- Бірақ, Оғыз хан пұтқа табынуға, көп құдайшылдыққа қарсы, бір ғана Құдай дескен ұлы қаған, -деп сөзін жітірмелетіп бітірді.

Орыс бек бірдеңесі айтылмай қалғандай, көк аспанға телмірген көк көзін жауынгерлерге қарай түсіріп:

Біле білсеңдер, хан иеміздің әз анасының айтуы бойынша, Оғыз хан дүниеге келерде үйді жарық сәуле басады. Туа сала анасына үлкен адамша құдіретпен тіл қатады: «Тәңір біреу де. Әйтпесе, емшегіңді ембеймін» дейді. Ол кісі туған кез осы біздің қауымдарымыздың бір Құдай ұғымынан жалтарып көп Құдайлыққа түсіп кеткен кезі болатын. Оны естен шығара қойған жоқсыңдар. Анасы «Тәңір – біреу» деп иман келтіреді. Оғыз қаған содан кейін барып ғана ана емшегін емеді.

Бұған әскерлер шайқалысып, толқып-толқып кетеді.

- Жел иесі, көл иесі деп қастерлейтіндеріміз не?, -деп сұраудан еш тайсалмаған сарбаз жалт қарайды. Көз отына ақсұңқардай аппақ беті жараса кеткен.

- Жел иесі, су иесі дегендердің бәрі,-дейді ұлық Түрік сөз алып,- Желдің, өзен-көлдің иелері болып отырған түрлі жауапты періштелерге деген ұғымды жерсіндіруіміз болып табылады. Осы ие ұғымы пұт дәрежесіне көтерілгенде, бір ғана жаратушыға берілмей, көп дүниеге табынып кететін адасу содан туады.

Ұлық Түрік сақалын салалап сипалайды.

- Осындай көп дүниеге табынып ескі өркениеттің тағанындағы Ассирия жұртында орын алды.

- Ассирия бізге тым жақын жатыр, -деп күрсініп қойды Орыс бек.

- Біз жорыққа қайдан аттандық?-деді Бармақ Иосүн білік оң қолын көтеріп.

- Сабалан мен Бозқұс судың бойынан.

- Оғыз ханның кіндік қаны қайда тамды?-деп екінші рет дауыстап сұрады.

- Қызылқұмның бері жағы, Қарақұмның ары жағы, Тамдыбұлақ жерінде, Ақтау тауларының аппақ белінде.

- Бармақты Иосүн білік, шеріктерді шулатпай тұра тұр. Біз мынаны сұрайықшы әскерлерімізден. Ассирия жұрты нені Құдай деп адасты?

- Қанатты сиырдың үстінде тікесінен тік тұрған Ашшурды әуелі кие тұтып, одан соң Құдай тұтып адасты, -деген дауыстар жан-жақтан шу-шу етеді.

- Ашшурға неге табынып кетті? -деп сұрады.

- Соғыс ұраны ретінде оның атын шақырғанда жеңе берген.

- Ассирияның аты қайдан шықты?

- Ашшур киенің Ашшур қаласынан шықты, -деп дүркіреді дауыс.

- Ашшур киенің әйелі кім болған? Мұнда Ассирия жұртынан қосылған әскерлерде бар ғой. Солар білетін шығар.

Ассириянық қараторы жігіт суырылып шығып:

- Ашшур киенің әйелінің аты – Серуа. Ашшур да, Серуа да сиыр деген сөз. Сиыр мүйізді киелер. Оғыз хан секілді өгіздің, -дей беріп еді, Орыс бек ашуланды:

- Тәйт, Оғыз хан бір ғана Тәңірі деген адам. Ассирия жұрты да алғашқыда бір ғана Тәңірі десетін. Кейін адасты ғой.

 

12 эпизод

 

Алтамти елінің қағанының сарайы.

Алтын қабақты, тегіс төбелі сәукеле тәж киген Алтамти елінің билеушісі басын әрең көтеріп алдыға тізерлеп отырған шабарманның бегемот терісіне жазылған хатын ашып жіберіп, қағанына көз қадағанда қағаны үдірейіп, бір қорқыныш кеудесін түртіп өтті. Тағының екі жағына тұрғызылған басы – сақалды қағанның басымен ұқсас, қанатты сиырлар оған пана болар емес.

- Оқы!, -деді сәлден соң.

- Оғыз қаған бүй дейді: Біздің Оғыз елінің оң жағында жатқан Алтын елі біздің күш-құдіретімізді танып, бізге қарасты ел екенін мойындауы тиіс. Мойындауының белгісі ретінде бізге көп-көп алтын-күміс салығын тапсырып, жаратушының берген берекелі өміріне риза болғай! Біз сіздің Алтын еліңізді сол жағымызда қара бұлттай төніп тұрған Ұрым елінің тіс-тырнағынан қорғаймыз. Қанатын жайған Загрос тауларының жүлгесін қабырғасына тіреп, ол жағынан алаңдамай жата берсін. Егер, бізді мойындамасаңыз, Көк бөрі ұранмен, қалқан таңбамен жер қайыстырып қол бастап келіп мәңгілік тыныштық уытын себеміз.

Алтын елінің қағаны демін ішке тартып, құйрығы қозғалақтап біраз отырды.

Сарай төбесіндегі ойма жазулардың шытырманы оның ойын жинақтауына, өзінің күші әлі де қолдан шығып кетпегеніне сендірді. Содан кейін басын еңкейтіп:

Қазына ұлығын шақырыңдар.

Қазына ұлығы екі нөкерімен келіп тағзым етіп, жалпылдап бас ұрды.

Оғыз қаған риза боларлық, ел қазынасы тұралап қалмайтындай алтын-күмісті молынан жіберіп, қағанның қасқыр текті сүйеніштерінің көмейіне жұтына алмай қалғанша тығыңдар. Шабам десе шабады, алам десе алады. Аламтилықтардың басы олар үшін ат үстінен таяқпен қағып ұрып ойнайтын доп болғалы тұрғаны міне.

Қазынашы екі нөкеріменқайтажығылып, бас ұрып, кері шегінген күйі табалдырықтан шығып кетті.

Алтамти елінің қағаны өзімен-өзі қалып тағы сарайдың төбесіне телміргенде, сарай табалдырығының ағашын көтеріп әкеткен жасауылдар қалың алтын тиелген қол арбаларды сарайға кіргізе бастады. Кіріп жатыр, кіріп жатыр...

Алтамти елінің қағаны кесек-кесек алтындардың бірнешеуін уыстап тұрғанда көзінен мөп-мөлтек сопақ тамшының бір-екеуі жамбының шетіне тиіп зырғып кетті.

Көкке қарады. Қапелімде шыққан арбаға жегілген қос өгіздің өкірген дауысы сарайдың төбесін жарып жібере жаздады. Қаған мен нөкерлері бірдей селк ете түсті.

 

13 эпизод

 

Дунай бойындағы Ұрым елінің сарайы.

Ұрым қағаны қатулана тіл қатты.

Әлгі өгіз мүйізді дулыға киген Оғыз менімен теңдесетін күшім бар дей ме екен? Менің қаншама қалаларым, есепсіз алтын-күмісім, санаусыз болып самсыған сары жасақтарым бар. Қара қорым қолын бастап Көк бөрі деп қасқырдың атын ұрандап, қалқанның бейнесін туға ойып таңба етіп, бізді жаулаймыз деп Еділді бетке алып, Кавказдың ары жағында келе жатыр екен. Қырық күншілік жолдың он сегізінші күніне келіпті. Жолын аңдып отыруға тыңшыларымды жөнелттім. Бізге жіберген «Бағын! Алтын-күміс бер!» деген елшісін Алтамти еліне жіберген екен. Олар мұның бүтіні болып есепсіз алтын-күмісін арбалап беріпті. Бізге келген елшісін өлтіріп топыраққа қосып жібердік қой ит жемін шығарып.

Жылтыр, қара тастан ойылған адам бейнелі мүсіндердің тізесінің үстінен жасалған орындарға уәзірлері жайғасқан.

Бір сақалы селкілдеген уәзірі атып тұрып қайта отырды. Оған жанындағы жирен шашты біреуі:

Қағанның рұқсатынсыз,-деп кіжінді.

Қаған да оған түсін салып, ызбарланып:

Сен неге әлгі Оғыз дегеннің, -деп саусағын шошайтты, -қолшоқпары емессің бе?

Кінәлі уәзірдің көзі түтігіп кетті.

Бұдан кейін менің рұқсатымсыз Оғыздан шошып қопаңдаңанның сақалы кесіліп, шапаны тілгіленсін, -деп тақтың шетін саусағын бірнеше рет қатты тықылдатқаны сол, жасауылдар кіріп тағзым етіп одан кейін уәзірді ойбайына қаратпай сүйрелеп алып кетті. Осы ойбай оның сыртта сақалын күзеп, шапанын турап жатқанында жалғасып жатты. Уәзірлердің арқасы жыбырлап, қабақтарынан тер тамшылай бастады.

 

14 эпизод

 

Қаратеңіздің лайлы қара жағалауына батқан күн қара балшықтан иленген доптай болып қалды.

Күннің батысындағы ең үлкен ел. Қазынасы, әскері қаласы қалың ел. Бірақ, қағаннан Құдай жасап адасып аһ ұрған ел. Сары шарабын сары қымыздай сапырған ел.

Сол кезде көк бөрі жарық нұр шашып алдыдан тағы ағараңдап көрінді. Оғыз хан боз айғырына мініп оған жақындады.

Әй, қос мүйізді Оғыз хан, Ұрым елін азаптарсың не бір жақсылық жасарсың. Бір жаратушыны танытарсың. Енді кім зұлымдық қылса, оны жазалаймыз. Сосын Тәңіріге айдалып, Тәңірі оған қатты жаза береді. Ал , енді кім жаратушыны таныа, түзу іс істесе, оған жақсы сыйлық бар. Сондай-ақ жеңілдіктер бұйырамыз. Алдымызда қар басқан Карпат тауы...

Көк бөрі теріс айналып жүре берді.

Оғыз хан қолын үйіре сілтегенде, сардарлар әскерлерге қарап:

Жорықты жалғастыпыңдар! Көк бөрінің артынан жүріп отырыңдар, -деп дауыстары ауаны шаншып, шаңқылдай тіл қатып жатты.

Көк бөрі аппақ жарық боп алдыңғы тұманды дүниені қақ жарып, көк шалғынды Дунайдың жазығымен кетіп бара жатқанда, әскердердің артын шұбатылған қара қошқыл тұман басып, әскерлер қамсыз, едіреңдей басып, кейде айхайлап қояды делебесі қозғандар. Жылқыларын түктен-түк жоқ сыбап ат үстінен ұшып түсе жаздап, жау тілеп келе жатқан қомағай көздер де жалт етіп көрініп қалады.

 

15 эпизод

 

- Бұл Карпат тауы, -деді жап-жарық, жылқы бойлы алып бөрі қарлы тауға тұмсығын білеп.

- Жау бізге жақын ба? -деп сұрады Оғыз хан.

- Қосын осы жерде тынығып демін алсын. Енді 2~3 күншілік жер қалды. Сонда Қаратау деген тау бар. Өздері мұны Қырыққабат деп атасады. Ұрым қағаны ең көп әскерімен сол арада бізді күтіп тұр. Алдымыздан келеді, артымыздан келе алмайды. Артымызы бүркеген қара тұман олардың көзін ашытады.

Оғыз хан қолын кең жайып, көкке қарап жалбарынды:

Уа, Тәңірім бізге жеңіс сыйлай көр! Құдіретті Тәңірі, өзіңнің бұйрығыңмен жер бетіне әділет орнатуға шыққан мені қолда.

Оғыз хан кең жайған қолын жинап әкеліп бет сипады.

Әлі қайда? -деді көк бөрі, -Енді екі мың жылдан соң батысқа қарай отыз күншілдік жерде Апанан деген түбекте, Тәңір деген судың бойында Ұрым деген үлкен патшалық құрылады. Тәңірінің ондай үлкен елді құрылуға орай беруі қазіргі біз соғысқалы тұрған Ұрым елінің атын сонымен ұмыттыру үшін. Кейінгі адам баласында ол елді білмейтін жан болмайды.

Оғыз хан көк бөрі ғайып болып кеткен соң барып жасауылдарына тынығуға бұйрық еткен.

- Ауасы қандай таза!, -десіп жатты әскерлер аттарының ерін алып жатып.

- Боз салқын!, -деседі тамсанып.

Қарлы тау жатыр олардың төбесіне кесе болып төңкерілгендей болып.

 

16 эпизод

 

Көк бөрінің қылшықтарынан шашыраған өткір нұрлар найза ұштанып, ол сол беті өздерін күтіп тұрған самсыған сары қолға кіріп кетті. Әскерлер ойран-топыр бола бастады.
- Көк бөрі!-деп ұрандап, Оғыз хан өзі бастап жауға найза тіреп, әскерлер жаппай осы ұранмен атой салып соғыса жөнелді.
Қырғын шайқас жүріп жатыр. Неше түрлі айхай мен ыза, қиналыс пен шыңғыру.
- Ойбай, арт жақты бір қара тұман басып, біраз әскер ғайыпқа жұтылып кетті, -деп шабарман Ұрым қағанына келіп зар етеді.
Ұрым қағаны қолын ербеңдетіп жаңа пәрмен беруге дайындала бастағанда кеңірдегіне екі оқ келіп шаншылды. Оны атқан Оғыз ханның жанында тұрған Орыс бектің ұлы Сақлав еді.
- Орыс бектің ұлы Сақлав, дөп тигіздің! -деп Оғыз хан оны арқасынан қағып алқап қояды. Бұған Сақлав елжіреп қалады.
- Ұрым қаған өлді, -деген дауыстар Ұрым жасағы ішінде андыздап шыға бастағанда, айқастың ұлар-шу үні азайған еді. Ауыр ұлыған бөрінің дауысымен итшілескен шайқас толық тыншиды.
Ығы-жығы өліктер, шошақ мұнаралары жарқыраған бел астындағы қалаға қарап тұрып Оғыз хан:
- Осы шайқаста Орыс бектің жасағы көп еңбек сіңірді. Осы Ұрымның қалаларын сақтауға оның ұлы Сақлавты тағайындаймын. Осыдан бастап сенің қауымың Сақлав болып жүріп, кейін Славян атанып ала-құла өңі, үнді-түрлі тілі бар халыққа айналып, Қаратеңіз бен Балқанның бойын нығайтып, Ұрымның тырнағын ендігі шығысқа создырмайтын боласыңдар.
Орыс бек пен ұлы Сақлав Оғыз ханның алдына тағзым етіп:
- Ұлттарды орналастырушы, үсте - Тәңірі, төменде киелі көк бөрі желеп-жебеген қасиетті Оғыз хан, аманатыңды қабыл алдық.
Жылтыр  шұбар жібекпен қапталған тонынан көтерілген Орыс бектің басына Оғыз хан қарап еді оның түкті аппақ қатарын көрді. Ұлының қасы жирен тартып бұйраланып тұр екен.

17 эпизод

Көк бөрі тоқтады. Бері бұрылғанда қара қасының үстінен қара нұрлар шаншыла шығып, қалған түктерінен аппақ нұр шығып төңіректі жайпап тұр. Түйедей жалпақ табанын ауыр басады.
- Алда тұрған Ашу қаласы, -деп мұнаралары қырқа астынан көзге шалынған қалаға тұмсығын біледі.
- Ашу, -деп қайталады Оғыз хан.
- Мөлдір деген халық тұрады. Молдо деп айтады өздерін. Бұл жұртты Молдабан деп атап, оларға Ұрымның қалдық әскерлерінен теңдік беріп өздерін өзіне басқарт. Ашу қаласы - олардың орталығы. Өздері Ясы деп те Яшы деп те атасады.
Оғыз хан:
- Мұны орындаймын, -дегенде көк бөрінің көзі разылықтан тіпті жанып қарады.
- Қос мүйізді Оғыз хан, енді саған Тәңірден шығысқа жорық жасау әмірі келді. Күн шыққан теңізге дейін жылдап жол жүреміз.
Оғыз хан бұл жорық жолының ұзақ болатынын сезгендей:
- Қандай машақат әрі қандай игілікті жорық, -десті.
Көк бөрі теріс бұрылды.

18 эпизод

Қосын ұланғайыр жерге жайылып, тасқындап жатқан алып өзеннің бойына келіп тірелді. Алдыңғы лектегі әскерлер ат салып өтпек болып еді шетіне түсе бере су аттың мойынынан келіп бұлар сескеніп қалды.
- Еділден енді қалай өтеміз? -деп дағдарды Оғыз хан.
- Еділ осындай алапат өзен, -деп тамсанды ұлық Ордабек.
- Кім амал табады, -деп қасы күжірейіп көтеріліп, арт жағындағыларға үмітсіздене қарады Оғыз хан.
- Мен көріп келейін, -деп ұлық Ордабек бек өзен бойындағы орман ішіне нөкерлерімен кіріп кетті.
Ұлы Еділдің шуылы адамдардың құлағын бітеп, бәрі айхайласып сөйлесе бастады.
Бір уақытта шабармандар жетті.
- Ұлық Ордабек өнерлі адам екен. Ағаштарды қидырып, өзеннен өтетін сал мен кеме жасатып жатыр. Ат-көлігімізбен аман өтетін сияқтысыз, -деп күмілжи жауап беріп еді оның жанындағы екеуі де сасқалақтап қарады.
Оғыз хан қыбыр етпеді.
Бір уақытта шулап жеткен шабармандардың саны көбейді.
- Ұлық Ордабек өзіне қарасты әскерлерді Еділден төрт-бес рет аман өткізді. Көріп тұрдық. Енді бәріміз ол кісінің арқасында арғы жаққа өтетін болдық, -деп масайрады жиырмадай шабарман.
Оғыз хан қуанып, қуаныштан қарқылдап күліп қара сақалын сипап, мұртын сылап ердің үстінде бір шайқалды.
- Ұлық Ордабек бәрін өткізіп болғанша кеш болар. Алаша төсеңдер астыма.
Қағанның түскен жеріне алаша төселіп, оны жасауылдар көтеріп әкеліп түсірді де, жеміс-жидек пен нан, ет, түйе үстіндегі күймеге қойылған сабадан сары қымызды сапырып құйып жатты. Қаған аяғын жазып, жүзімнің бірнеше талын үзіп жеп отырды.
Іңір болып, суға түскен күн шапағы қолмен теріп алардай болып тарыша шашырап тұрғанда ұлық Ордабек жетті.
- Әскерлердің дені өтіп болды, мәртебелім. Енді өзіміз бір топ болып өтсек.
Оғыз хан тағы қуаныштан қарқылдап күліп жіберді. Оғыз хан нөкерлерінің демеуімен атқа отырып кеменің жанына келді.
- Қазір судан өткен соң, енді мұны ұлық Ордабек демеңдер. Кавказ деген қуыс тауда туып, кеме мен сал жасап, ағаштың қуысына жасақты отырғызып Еділден өткізген аяулы еңбегі үшін оны қауашақ деген мағынада Қыпшақ деп атаңдар. Оны ертең таңнан бастап Еділ өлкесінің бегі етіп қалдырам, -деді.
Қыпшақ атанған ұлық Ордабек оның алдына келіп иіліп, қара бұйра сақалын сипап өтіп мейірлене қарады.
- Мәртебелім, берген бектігіңіз бен аманат аймаңыңызға мың алғыс! Шығыстағы жорықтарыңызға сәттілік тілеймін!
- Әй, Қыпшақ, -деді Оғыз хан, -алдымен шығыс жағалауға өтіп алайық. Дегенмен, айтқаның келсін!

19 эпизод

Алып мұзтаудың іргесіне тігілген есепсіз жорық қостары. Әр ошақтың басынан ұшқан түтін.
- Хан ием, хан ием, -деп аптыға басқан жасауыл ханға келіп тағзым етті.
- Басыңды көтер. Тасқа тұяғы ұрылған тұлпардай нендей аптығу бұл?
- Тәңірі аузыңызға өзі салып тұр екен. Астыңыздағы боз айғыр жоқ. Біреулер анау мұзтауға қарай кіріп кеткенін айтады. Жел айдады ма, білмейсін. Жолын тоспақ болғандардың атына жеткізбепті.
Оғыз хан енді дағдарды.
Бектерін жинап:
- Кім боз айғырымды мынау құз құрсанған таудың ішінен тауып әкеледі?
Сонда ат жақты, шүңірек көзді, тұмақты бір бегі келіп иіліп:
- Рұқсат етсеңіз, мен тауып келемін. Бұл мұз тұмағын тіктеген тау алып Алтай делінеді. Тау біткеннің киелісі. Тәңіртау деген күнгей жақтағы таудан биік болмағанымен, мұның қоңыр аюы, бұғы-маралы, бөрісі мен түлкісінің ірілері олардың екі есесіндей, көбі жарты есесіндей үлкен болып келеді. Түлкісі қып-қызыл болып көз тұндырады. Оны Алтайы қызыл деседі саятшылар.
Оғыз хан тебіреніп жеңіл бір күлді де:
- Бар! Тәңірі жолыңды оңғарсын!,-деп бет сипады.

20 эпизод

Тағы да алып мұзтаудың етегіндегі жыпырлап тігілген, түтіні түтеген қалың қостар көрінді.
- Қаған, -деп алдап аппақ ханшатырдың сыртынан келіп иіле тіл қатты жасауыл.
Қаған іштен жауап қайтарды:
- Жақсы хабар болса ханшатырдың аузын аш. Жақсы хабар болмаса сырттан айтып кете бер.
- Жақсы хабар, -деп кембір етті жасауыл.
Іштен Оғыз ханның қуанғанда шығатын қарқылы естілді. Әскер қуанып кіріп кетті.
- Алтайдың мұзтауының ішіне кіріп, боз айғырыңызды іздеп кеткен бегіңіз міне тура тоғыз күн дегенде боз айғырыңызды алып аман-есен, -дей бергенде Оғыз хан қарқылдап күліп оның сөзінің соңын тоқтатып тастады.
- Өзі қайда? -деді сәлден соң.
- Алты белдің астында келе жатыр. Жасауылдар хабардар етті.
- Шүйіншіңе сегіз бие атадым, -деп қаған мәз-мәйрам болып бетін сақалымен қосып сипады.
Жасауыл қатты қуанып, тыпыршып, кеудесіне қолдарын кезек қойып, алғыс айтып жанталасып кетті. Қаған сол мәз болған күйі қолын сілтегенде бұл шегіншектеп шыға берген.
Одан кейін боз айғырды мұзтау ішінен тоғыз күн іздеп алып келген, үсті-басын қар басқан, қабағына қырау қатқан бек кірді.
- Жарадың, жарадың! Тоғыз күн жабырқаған көңілім бүгін ашылды. Үсті-басын қар басқан бек, сенің атың бұдан кейін Қарлық болсын!
- Бегіңіз бұған разы!, -дегенде, Оғыз хан масаттанып бір күліп жіберді де:
- Алтайдың өріне барып қоныс теп. Қара-Ертістің суынан ұртта. Жайсаңға дейін жайыла қоныстан. Соған сені бек етім, қолына құт ұйыған, табанына Тәңірдің ақ сүрлеуі ашылып отыратын бегім.
Қарлық бектің бұл кезде кірпігіндегі қыраулары еріп тамшылай бастаған еді.
Оғыз хан мен Қарлық бастаған аз адам ханшатырдан сыртқа шығып, енді көтеріліп келе жатқан күнге тамсана қарап тұрды.

21 эпизод

Жап-жасыл тау көрінді. Таудың жанындағы сары жазықтан өтіп келе жатқан жасақ киізүйдің пішінінен аумайтын керегесі - алтыннан, түңлігі - күмістен, уығы - темірден жасалған, құлыптаулы дөң секілді алып орданы көрді.
- Ашылама екен, ашып көріңдер, -деп еді.
Оғыз ханның бұйрығымен барғандар «аша алмадық» деп қайтып келді. Оғыз хан өзі де аттан түсіп алтын сықырлауықтағы итерді, құлыпты ырғап-ырғап қойды.
- Темірлі Қағылды шақырыңдар! -деді.
Темірлі Қағыл келе қалды.
- Уа, ұста біткенді ұйыстырған он саусағынан өнер тамып құрышты балша илеген Темірлі Қағыл. Мына алаша ордаға қара. Мұның ебін тауып құлпын аш, кілтін жаса. Алаша заттарды қалаш, қалашы дейтініміз бар ғой. Егер, сен осы таңғажайып орданы аша алсаң Қалаш атанып, осы тұрған көкше тауың алаша ордаға байланысты Алаша атанып, осы төңірекке сені бек етіп қалдырам.
- Ләббай!, -деп бас изеді шебер.
- Біз шығысқа жорықты жалғастыра береміз. Сен бізді қуып жет. Сені бек етіп артымыздан қуып жетіп, осы орданы ашқаныңнан хабар тапқан соң барып қана бек етіп тағайындаймын.
- Мәртебелім, үмітіңізден шығамын, -деп Қалаш атанған бек тобымен қалып қойды. Әскерлер суыт жүрісін жалғастыра берді.

22 эпизод

Ай қараңғысында от жағып демалып отырған қалың шеріктердің арасынан бірнеше жауынгер жорғалап өтіп келе жатты.
- Хан ием, Қалаш бектің тобы келіп жетті.
- Э, алаша орданың есігін ашып қуып жеткен беті екен ғой. Оған сенгем бір ашса сол ашар деп.
Қалаш бектің тобы келіп оң қолдарын көкірекке қойып, қағанға иіліп тағзым етті.
- Тақсыр, таңғажайып алаша орданы аштым. Міне, бұзылған кілті және жаңаланып жасалған алтын кілт.
Оғыз хан екі кілтті екі қолында ұстап, от жарығымен үңіле түсіп, салмақтап біраз қарады да ризашылық білдіріп, сақалын селкілдете күліп қойды.
- Жарадың, Қалаш бек!
Оттай көзін төңкеріп Қалаш бекке бар ынтасымен қарады.
- Атай көрмеңіз!
...
- Айтпақшы, осы таңғажайып орданың өзіндей етіп бір үй жасап шықтық. Одан көп кіші. Бірақ, халқымыздың тұруына қолайлы. Керегесі мен уығы - ағаштан, түңлігі, үзігі - киізден. Мұны сіздің атыңызға ұқсатып, сізді елдің кейде Уыз хан деп айтатынына сай, уыз үй деп, боз үй деп атадым. Киіз туырлықты Оғыз үйді енді бәрі пайдалансын. Көшіп-қонуға өте қолайды. Ұрпақтарымыз осының ішінде отырып шөптің шүйгінін, судың тұнығын қуалап армансыз сапар өмір кешіріп, әлемнің жан-жағына тарап, бұзылған жұрттарды жаулап сіздің жолыңызбен әділет орнататын болады.
Бұған Оғыз хан шаттанып қарап:
- Таңертең боз үйіңді көреміз, -десті.
Бәрінің беті оттың алауынан бір қызарып, бір бозарып көрінселе олардың қаба сақал, шүңірек көз, бүркіт тұмсық, ат жақтарынан сұс пен күш айқын танылатын.

23 эпизод

Таң бозарып атып тұр.
Қатарынан тігілген алты қанатты ақбоз үйден алтау тұр.
Оғыз хан ішіне кіріп, сықырлауықтан керегесіне дейін сипап өтіп, одан кейін шаңырақтан аспанға қарады.
- Күн қашан төбеден жымияды екен деші?-деді.
Жанындағылар үндеген жоқ.
Одан кейін сыртына шығып белдеуден тартып көрді. Қайта айналып табалдырыққа келіп қарады.
- Сықырлауық есіктерің тым жатаған емес пе? Иіліп әрең кіресің.
- Хан ием, -деді қол қусырып тұрған Қалаш бек, -Бұл сіздің атыңызбен ұрпақтан ұрпаққа аталғалы тұрған Оғыз үй - боз үй. Бұл үйге кіретін әр пенде хан ордасына кірдім дейтіндей болып иіліп кіруі керек. Бұл бір жағы керегені жасау мен артуға да қолайлы. Шаңыраққа сәлем беріп, әр адамның өз үйін ошағынан бастап кие тұтуы үшін осы сықырлауықтың аласалығы керек. Табанымызға жақын жатсада, табалдырықты басуға тыйым салу керек. Тек аттап өтеді.
Оғыз хан бас шайқап, қос мүйізді дулығасын шешіп тастап, қалың шашымен жасырылған тұқыл мүйізін көрсетіп алдым ба дегендей ұйлыққан төбе шашын бір сипалап өтіп, сілекейі шұбыра езу тартты.

24 эпизод

Көк бөрі аялдады. Ұлан-ғайыр жазық көк теңізге тіреліп, күн шағырайып түсіп тұр.

Жердің шығыс шегі, -деді көк бөрі тұмсығын созып, -Тәңірі бұл жерге күн көзінен перде болып қорғайтын тау-тас тұрғызбаған. Кілемдей жазылған жазық.

Оғыз хан кең көсілген жасыл жазықтың ұшы-қиыры жоқтығын көрді. Әне, теңіз көбік шашып шуылын үдете түсті.

Елі көп, жері кең, інжу-меруерт, алтын-күмісі мол, Тәңірі саған «жаула» деп шығысқа жібергендегі ел -, осы Шүрші патшалығы.

Оғыз хан қолын кеңінен жайып:

Уа, Тәңірі, құдіреттім, Шүршіт елін ойсырата жеңіп абырой табуымды бұйырғайсың! -деп сипады.

Көк бөрі ғайып болды.

Оғыз хан оның ақ бу атып жоғалған орнына қарап терең тыныс алды.

Жыл бойы жүрдік-ау! -деп Оғыз хан тебірене бастады, -Қаншалаған аттарымыздың тағасы түсті екен? Тауды бүгілттік-ау, тасты үгіттік-ау! Сұлу Сәйгүліктеріміздің қаншама рет сорғалады екен тағасына көз жасы?! Жол бойында қаншалаған пырақтар мама ағаштарға анасындай сүйеніп тұрды? Қарашы, қарашы!

Жаңадан орнатылған мама ағаштар тұтастырған кермедегі жарау аттарға көз қыдыртты.

Сол кезде бір көз жасы сорғалаған бек мұның алдына келіп иілді.

- Алдияр, қаған, дәтім бар еді айтатын менің сізге.

- Ай-йт!-деп таңырқай қарады қаған. Өзі де толқыныстан әлі айыға алмай тұрған еді.

Ол жүрелеп отыра қалып:

- Алдияр қаған, Осы жорықтан ораламыз деп едіңіз ағаштар жапырағымен сырмақты ораған күзде. Содан бері де, ағаштар жапырағын неше рет тастады... Сағындым туған топырағымды, Кавказымды! Мені ойлап жатырма екен деймін көзі жаудырап бітпеген көлдерім?...! Бұқа бақайының арасында жоғалып, аттың күлгендей күлдір-күлдір кісінеуіне шынжырланатын асыл белдерім?...! Мен де сол белдерге шынжырланып қалыппын.

- Алдияр, Кіндігі бір тал жусанмен буылған мен де өзіңіздей бір киіз туырлықты Оғызбын. Сабалан мен Бозқұстың суынан аттанғаннан бері де қаншама рет сілтелді менің осы самырсынға айналған қолымда ырғай сапты сүңгім?! Алдияр, қаған?

Оғыз ханның жанарына шып-шым етіп жас ұялай бастады.

Алдияр, қағвн, сізді «Тәңірдің қамшысы» дейді екен Карпат тауының, анау Дунай, Еділ, Ертіс бойларының елі. Күмілжіп кететінін көрдім ғой талай жол жатжұрттықтардың – сіздің алдыңызда балықтікіндей қабыршақтанып жұмсақ қолы.

Қаған, бір алып өзеннің бойында, иә, жаңағы мен айтқан Ертістің суында көп іркіліп қалған еді бір жолы, біздің Оғыздың теңдессіз қолы. Сіздің қайратыңыздай еді өзеннің айбыны. «Көк бөрі!» деп ұрандадық бәріміз, Еділдегідей сал, кеме жасап жүрмедік. Ақыры, өттік. Өзеннің өзені еді. Сіздің бастауыңызда суды су құрлы көрдік пе?!

Оғыз қаған, туған жерімдегі Сабалан, Бозқұс сулары есіме түседі, ақжал толқындар ат жалын кеткен кездерде көміп. Кәріңізді төге көрмессіз қаған, дәт қып айтқым кеп еді сағынышымды қараңғы түндердекеле жатқанда, ат үстінде ойға шомып.

Оғыз ханның жанарына жиналған жас сұмдайрыңынан сорғалап тама бастады.

Оғыз хан есін жинап, жасауылдарды шақыртты.

- Мына ұзан мені тебірентті. Оған менің атымнан жақсылап сыйлық жасаңдар.

- Құп, тақсыр! -деп олар ақынды ортаға алып шығып бара жатқанда, Оғыз хан кілт бұрылып:

- Айтпақшы, Шүршіт елінің адамдарымен сөйлесетін тілмаштарды ордама шақырыңдар.

- Тілмаштар сыртта күтіп тұр, -деді жасауыл.

Оғыз хан жай ғана бас изеді.

Оғыз хан ой соқты болып артына енді бір бұрылғанда, алакөлеңкеде тілмаштардың тізіліп тұрғанын көрді.

- Іштеріңде шүршіт текті тілмаштар да барма?

- Бар. Мына үшеуі шүршіт.

- Ал, шүршіт мырзалары, озаттары, елдерің туралы айта отырыңдар.

Үшеуі бір-біріне иек қағып, ақыры біреуі суырылып шықты.

Бұл ел жер бетінің ең шығысындағы шетсіз-шексіз жазықтарды алып жатқан, сіздер Шүршіт атайтын ел. Бірақ, біз өзімізді әр кезде әр қалай атап келсек, көршілеріміз соны аздап құбылтып атайтын. Біз өзімізді Сушын, Шушын, Жушын деп атасақ көршілер Сүршін, Шүршін, Жүршін деп атап жүріп, сіздердің ауыздарыңыздан Шүршіт деп аталатынымызды білдік. Шүршіт елінің тау-мая байлығы бұған дейін сіздер жаулаған, басып өткен елдердің елінен елі көп, байлығынан байлығы артық. Жеңіп шықсаңыздар олжаны тасу ең үлкен қиыншылықтарыңыз болады, -деп қағанды үміттендіріп сөзін бітірді.

Қаған кең тыныстап, тебіренісін әлі баса алмай шаңыраққа шалқая қарап біраз тұрды.

Жеңсек, тасу жағын көре жатармыз. Қалайда бұл жолы тағы бір тапқыр бегімнің жолы болғалы тұр.

Осы кезде шаңырақтан шаншыла түскен ақ нұрдан көздері жыпылықтаған тілмаштар қыбырлай бастады. Бірақ, Оғыз ханның жанары соншама өткір нұрға тайсалмай шаншыла қараған екен. Ал, аналар жыбырлай берді.

 

25 эпизод

 

Оғыз ханның мейлінше көп әскері мен Шүршіт қағанының әскері беттесіп, қиян-кескі шайқас басталды. Сол кезде киелі көк бөрі балпаң басқан аяқтарымен баяу басып келіп, бір уақытта ырылдап атылғанда иықтарында көк шулан жүн қадаған әскерлер пайда болып, олар Оғыздың жасақтарымен бірге, Шүршіт әскерімен араласып кетті. Сол кезде иықтарының қалай қиылып түскенін біле алмай  төңіректен көзге көрінбейтін тасыр-тұсыр еткен ғайыптың жауынгерлерін сезгендей болды. Осы ғайыптың жауынгерлерін Оғыз ханнан басқа ешкім көрген жоқ.

Көк бөрі өзі соғысқа араласқанына қарағанда бұл Ұрымнан өткен күшті жау, -деді де Оғыз алдаспанын сермеп, ұлын деген ұлып шығатын қанатты оғын атып жүр. Таран деген атпен айналдырып тас ататын құралдарға сүгір деп аталатын әскери ақылшылар бас-көз болып жүр, мейлі.

Шайқас алты күнге жалғасты.

Алты күнгі жан алысып, жан берісіп жатқан қырғында Оғыз ханның үстін де қан жапты. Қан шашыраған беті мен қалың шашын оңашада өзен суына жуып отырды.

Сол кезде ұлық Түрік келді.

- А, ұлық Түрік, келдің бе?

- Иә, алдияр.

- Соғыс олжасы тілмаштар айтқандай аткөпір болып қалды. Тасу тіптен қиын. Бұрынғыша атқа өңгеріп, түйеге арту жарамай қалды. Бір тәуірі, Бармақты білік Иүсүн ат арбалар жасап шығарып, бүкіл олжа соған артылып, әлгі арбалардың доңғалағы қаңға-қаңға деп дыбыс шығарып, жұрт оны ендігі Иосүн деп атамай, Қаңға атасып мәре-сәре. Бәрі Қаңға баба дессіпті әлден.

- Сол Қаңғаңды шақыр онда.

- Орындаймын.

Ұлық Түрік шығып кетіп бір айналып Бармақты білік Иосүнді ертіп келді. Иосүн бек қағанға сәлем берді.

- Уа, бармағы білікке толған Иосүн бек, сенің тапқырлығыңды естідім. Енді бұл арбаңды Шүршіт те, енді біз баратын Шағам елі де тайлы-таяғына қалмай жасап қолданатын шығар. Елге лайық іс тындырдың, ер болдың. Сені жұрттың Қаңға атап кеткені шын ба?

- Шын, тақсыр.

- Шын деймісің?! Олай болса, -деп тамағын кенеді қос мүйізді Оғыз хан, -Бүгіннен бастап сенің атың – Қаңғалық болсын. Ал, әулетің Иосүн деген атын өшірмей, мына Шағам мен Шүршіт жерінің арасында отырып екі елдің болашақ патшаларын қолыңмен қойып отыратын бол. Сенің әулетіңнің қыздарына үйленген патшалардың ғана бағы жанатын болсын. Енесүй судың бойында туып, мені іздеп тауып шебер нөкерім болып, міне енді Шүршітті жаулағанда еңбегің сіңіп атағың шықты. Әскерін де мейлінше қырдың, арбаны да сен жасадың. Олжамды тасып беріп жатсың. Саған қалай мейірленбеймін? Тәңірі өзі сені жақсы көріп тұр. Қарашы ана шуаққа?

Қаңғалық шаңырақтан түскен шуаққа қарады. Шыныменде,  дөңгеленген көгілдір нұрлар шыр айналып тұр екен. Осы дөңгеленген көгілдір нұрлар жоғала бастаған еді, Оғыз хан оған бұрылды:

Осы жерде қалып орнықсаң, менің де көңілім тыныш болады. Ал, мен Шағам, Таңғыт елдеріне жорығымды жалғастырам.

 

26 эпизод

 

Енді оңтүстік-батысқа ат басын бұрамыз.

Оғыз хан боз айғырының үстінде тіпті ұзара түскен қою қара сақалы желкілдеп, тізгінін тарта сөйледі.

Шағам, Таңғыт елдерін бағындырамыз, -деп жер-көкті жаңғыртқан әскерлер легі толассыз шаң шығарып, алдыдағы көк бөрінің жарық нұрымен өршелене басып, соңдарын бүркеген қара қошқыл тұманға анда-санда бұрылып көз салып қойып, Тәңірдің толықтай қорғауында екеніне сенген дулығадан жалт еткен жанарлар көзге оттай басылады.

Оғыз хан сәл іркіліп, жасақтарға қолын көтерді.

Жүре бастаған жасақтар қайтадан кілт тоқтап, екі нөкер қағанның қасына атынан түсіп жүгіріп барды.

Қос мүйізді дулығасын шалқаңдатқан қаған олардың сәлемін бас изеп, үнсіз алды да:

Әлгі тілмаштарды шақырыңдар.

Олар жүгіре басып жөнеле бергені сол:

Бәрін емес, -деді қаған, -Шағам елінің мән-жайын бес саусағындай білетіндерін жіберіңдерші.

Аздан кейін алдына жалғыз тілмаш жүгіріп келді. Келе салып құлдық ұрып, тәжім етті.

Әй, басыңнан бас қалды ма? Біздің Оғыздарда бас ұру жоқ, иіліп тағзым ету бар болсада. Бұдан былай мұныңды тыйарсың.

Ол басын тоқтаусыз изеп, тізесін қағып түрегелді де, сөлкиіп тұрып қалды.

- Қылығыңа қарасам Шағамдықсың ғой деймін, солай ма?

- Жоқ, мен шүршітпін, -деді тілмаш.

- Шағам жайлы жақсы біледі деп сені жіберіпті. Әңгімеңді айта отыр.

- Әй, нөкерлер, маған тақ, бұған орындық келтіріңдер. Мұны отырып тыңдайын.

- Біздің Шағам деп жүргеніміз, -деп жітірмелете сөйлеп кетті, -Чаңан деп аталады өздерінің тілінде. Бұл өзі Шағамның қолқа-жүрегі болып тұрған астанасының атынан шыққан. Оның жанында Ұйық деген өзен ағады. Оны Жер-Ұйық деп аса құрмет тұтады. Шынында, жер-ұйық. Жер бетінің жаннат топырағы сол. Ол жерге барған патша сол жерде қалғысы келіп басқа жерді менсінбейді. Ыстық та емес, суық та емес, мәңгі жайлы, абыройлы мекен. Ұйық өзенін ол жердің тұрғындары Уихы деп атайды екен. Чаңан қаласында патша тұратын сарайды Апан деп атасады.

- Бұл қалай? -деп таңырқады Оғыз хан.

- Естуімше, оған дейін Апан деп аталмаған екен. Сіздердің атақтарыңызды алыстан естіп тамсанып, көк бөріні кие тұтатын Оғыздарға еліктеп, өз сарайын бөрінің апанына балап, Апан деп атасқандары сол екен. Апан сөзін жергілікті халық Афаң деп сөйлейді.

Оғыз хан кеңкілдеп күлді.

- Апасы мен апаны әрең айырылатын, кекштеу тілмен айтылған сарайға қай күні түнеп шығар екем?

- Сізге жаратушы жарты әлемнің кілтін әлдеқашан беріп тастаған. Күн бататын Ұрымнан күн шығатын Шүршітке дейін алып болдыңыз. Әскерлеріңіз тасқын судай тебінді қырандай қырағы, қырғидай қағілез,лашындай алымды...

- Сен өзі сөздің майын етігімнен көмейіме дейін тамыздың. Жә, жә, тоқта.

Оғыз хан күлімсіреген күйінде атқа мінді. Жасауыл қағанды қолтықтап шығарды. Осы кезде ғана басын жерден алмаған тілмаш басын көтеріп қағанға бір қарап үлгерді де, басын қайта төмен сала қойды.

Тізгігін босатып жүргелі тұрған қаған:

Мынаны тастамай алып жүріңдер. Шағамнан кейін Таңғыт бар. Сол кезде тағы бірдеңелерді сұрай жатармын.

Оғыз хан боз айғырын тебітіп жүріп кетті.

 

27 эпизод

 

Қалың қырылған әскерлердің өлігінің арасын атпен аралап жүрген жүрген Оғыз әскерлері көрінеді. Қан жоса өліктер. Әр жерінде қоңырсыған жіңішке түтін сыздықтап көтеріледі.

Оғыз ханның қан шашыраған, сүйегі шығыңқы беті анық көрінеді. Көзін жыпситып майданға қарап тұрды. Әлгі тілмаш тұр қасында ат сулығынан ұстап.

- Тілмаш, айтшы, сен білгірсің ғой. Шағамды алдық. Енді Таңғытқа бет түзеп, табан тірейміз. Таңғытта нендей керемет бар? Айтшы соны көркемдеп.

- Таңғытта, -деді тілмаш, -Кең Түп, Тар Түп деген Шағамның жер-ұйығынан қалыспайтын екі жаннат мекен бар.

- Неге екеуі де түп? Түбек пе сонда?

- Жо-оқ, хан ием, біреуін ғана түбек десе келіңкірейтін сияқты. Дегенмен, түбек те емес.

- Онда өзің шешіліп сөйлей бер.

- Ләббай хан ием, бұл Кең-Түп дегенін жергілікті халық Гансу деп атайды. Бұл бір атырабы аяулы өзен. Малға қолайлы, егінге ыңғайлы. Күзінде күріші сіздер жорық жолында көрген мұзтаулардай біп-биік болып үйіліп жатады.

- Ал, Тар-Түбің ші?

- Тар-Түп дегені біреулер Көккөл, біреулер Көктеңіз, тіпті кейбірі Көктіңкөлі деп әсірелейтін Чиңхай деген көлдің айналасындағы тар болғанымен таңғажайып жағымды қоныстарды айтады. Елдің байлығы осы екі жерде тиянақ тапқан. Бұл елде алып-алып үш өлке бар. Отырықшы елін дұңған деп атайды. Патшалығы Таңғыт деп аталады. Бар білерім осы, -деп кібіртіктеп тоқтады.

- Аз болсада тәж қып биіктетіп айттың. Рахмет, тылмашым.

Қол көтеріп бір жасауылды шақырды. Оған ілесіп артынан жүгіріп тағы екі жасауыл келе жатыр.

Олардың толық келуін күтіп тұрып, келген соң қаған:

- Мына тылмашқа жетерлік олжа беріңдер. Не алам деседе қолын қақпаңдар. Маған тілімен жақсы қызмет етіп жүр.

- Құп, тақсыр!-деп қырағы көзін тылмашқа бұрған жасауылдар оның көзінің тайсай қалғанына қараған жоқ, жеңінен тартып өздерімен бірге алып кетті.

 

28 эпизод

 

Таңғыт қағанымен шайқас жүріп жатыр. Таңғыт қағаны айдағар өрнекті алтын киімге оранып, ерлікпен қылыш сермеп жауын жайратып жүр. Тістеніп алған ол беттеріне шашыраған қаннан көзін әрең ашады.

Оғыз хан қылышын үйіріп, топты жарып «көк бөрі!» деп ұрандап Таңғыт қағанына қарай тіке тартып келе жатты. Мұны көріп ол да қаһарына мініп бұған қарсы шапты. Екі қаған айқасып, ителгідей ілісіп, қаршығадай қағысып, қылыш айқастырып, найза алып суырысты онан соң. Оғыз хан оны найзамен түйреп атымен бірге құлатты.

Таңғыт қағаны жер жастанды, -деп шаттанып шапқан, бетіне қан жұққан жасауылдардың көзі атыздай болып кеткен.

Майданнан суырылып шыққан жеңімпаз Оғыз хан:

Енді Таңғыт елінің әлемнің жотасы болған биік үстіртінде жатқан қауымдарының шетіне, тәкаппар тауларымен танысайық.

Осылай деген Оғыз қағанға бәрі бас шұлғысып, оның түгіне қан жұққан боз айңырының артынан ілесе жөнелді.

Адамдардың көздері біраздан соң тау суының бойында ат бапкеплерінің боз айғырдың үстіндегі қанның дақтарын жуып, сүртіп тазалап, жалын тарақпен тарап тұрғанын көреді. Үстіне су тиген боз айғыр сілкінгенде оған қарап балаша мәз болған Оғыз хан:

Шіркіннің еркелеп тұруын! -деп тамағын көтеріп-көтеріп қойды. Ерке деген сайын еркелеген боз айғыр құйрығын шаншылта көтеріп артқы екі аяғын сермеп-сермеп жіберіп, қағанға жағына қарап кісінеп жіберді.

 

29 эпизод

 

Орда алдында аса таяққа сүйеніп отырған екі беті қызара бөрткен Оғыз хан қымыз ішіп, танауын көтеріп қояды.

Оның алдында қол қусырып, малақайларының тұмығы қайырылған, қалың тонды бес-алтау тұр.

Жөндеріңді айтыңдар, -деді бек оларға.

Олар аяқтарын жыбырлатып, бір-бірін санынан түртіп еді. Ішінен біреуі суырылып шықты.

- Хан ием!-деп отыра қалып тағзым етіп. Қаған көз қиығымен қарап қойып, қызыл қоза орнатылған, жұмыр сары аса таяғын серт ұстап, бір қолымен қымыз ұрттаған күйі отыра берді.

- Біз Таңғыт еліне қарасты Гималай тауларының ең шығыстағы жүлгесі үзілген жерде тұратын түбүт деген қауымбыз. Төбет ит өсірумен әлемге атымыз шыққан. Тіліміз Таңғыт патшалығының астанасы тұрған Тар-Түптегі отырықшы дұңғандардан басқаша. Біз сол Таңғыт елінің ержүрек жауынгерлері бола білдік.

Оғыз хан қызарған көзін қысып қойып жалғасты тыңдай берді.

Сіз Таңғыт елін алған соң жорығыңызды тоқтатып тастадыңыз. Дегенмен, Таңғыт қағаны да сескенетін оңтүстікте бір жауыз күш бар.

Сол кезде ғана Оғыз хан қабағын көтеріп тіпті зар сала тыңдады.

- Оңтүстікке беттеп, күні күйіп тұрған сол ыстық жердегі Масар қағанның елін шапсаңыз екен.

- Онда не бар? -деді Оғыз хан оқты көзімен ата қарап.

- Масар қағанның тұрған жері Бархан деп аталады. Адамдары күнге күйіп әбден қарайп кеткен ел. Бұл жердің хаюанаттары мен құстары көп, алтын-күмісі сай-сайды бітеп қалған. Ит тұмсығы өтпейтін, әр бұтағына бір жылан оралған орманын да айтпай қалмапсыз. Адамдары да жыландай улы қауіпті. Қағанының Масар аталатын себебі оның шыққан қауымы Мосай деген қауым екен. Ол жердің қауымдары түгел өңдес, тілдес. Бір-бірінен айырылып болмайды. Оны Масар қаған атандырып тұрған жаңағы Мосай қауымы ғана емес, Миса, Нуосу Насу, Ниесу, Миса, Ису деп әртүрлі аталатын қарастылығында құжынаған үлкен қауым бар.

- Бұл елдің, -деді екінші түбүт елшісі сөз бастап, - Тілдері өте қиын, тілдерін бір-бірі ғана түсінеді. Басқа елдер тілін түсінбейтін, таудағы бізгк жиі шапқыншылық жасап тұратын жұрт. Алыс елдер бұларды Яжуж-Мажуж дейді екен естуімізше.

- Мен бұл елдің атын естігем, -деді Оғыз хан сөзге араласып, - Тәңірдің киелі көк бөрісі бұл туралы аян әкелген. Ол маған:«екі таудың арасына жеткен кезде, сөзді түсіне алмайтын тілі қиын бір елді табасың. Әй, қос мүйізді Оғыз хан, Яжұж, Мажұж бұл жерде бұзақылық істеуде» деп еді дегенде, әлгілердің бірнешеуі жамырай тіл қатып:

- Қаған, сізге салық төлесек, олар мен біздің арамызға бір бөгет жасайсыз ба? -деді. Оғыз хан:

- Тәңірімнің маған бергені адамдардың бергенінен көп артық. Салықтарыңа зәру емеспін. Сендер маған күш көмегін қылыңдар да, сол арқылы сендер мен олардың араларыңда бір бөгет жасайын, -деді.

- Бұл Яжуж-Мажуж атанған қауымның бір өзінде 38 тіл бар. Бұл тілдердің ішінде Нуосу, Уса-Насу, Оңтүстік Нису, Батыс-Оңтүстік Нису, Солтүстік Нису деген тілдер Масар қағанның атымен, Ачы, Аши Ажы тілдері мен Оңтүстік Мужи, Мужи, Чила-Мужи, Солтүстік Мужи, Мужы деген тілдерінің атауларының Яжуж-Мажуж атауымен үндесетінін байқаған боларсыз, қаған?! Оны сырт халықтар түсінбейді де, өз іштерімен әрең түсініседі өздері. Сіз барлық барған еліңізден тілмаш таба аласыз. Ал, Яжуж-Мажуждармен сөйлесе алмайсыз.

Оғыз хан сол кезде оған бұрылып шаншыла қараған еді. Ол салмақты қалпын сақтап тұра берді.

 

30 эпизод

 

Оғыз жасағы тропикалық аймаққа өтіп барады. Түбүт елшілері айтқандай бұтақ сайын жылан оралған ормандар, шыңғырған маймыл, сырнайлатқан пілдерді көріп жауынгерлер аң-таң болды.

Ағаштары қырқылған жазық алаңқайда, биіа ағаш тақтың үстінде отырған Оғыз хан түбүт қауымының киімін киген қалың адамға:

- Маған темір тақтайлар әкеліңдер, -деп бұйырды. Тіп-тік темір тақтайлардың сыртын таспен қалап, теңелген темір тақтайларға қарап:

- Көріктеңдер! -деді. Темірлер көріктеліп болған сәтте:

- Еріген мыс әкеліңдер. Үстіне құю керек, -деді. Оны үстіне құйып, оның да сыртын тастармен жымдастырып, алпыс құлаш биіктіктегі тас қамалдар тұрғызған сәтте «Яжуж-Мажуждер келіп қалды» деген айхай шықты.

Найзалы, қап-қара ұзын қастары салбыраған, көзі алайған жартылай жалаңаш, қап-қара адамдар езуінен ыза шашып, ыржиып келіп қалды. Төгілген үстіне төгіліп жатыр бірінің үстіне бірі құйылып.

Даду өзенін Яжуж-Мажуждарға бермейік, -деп жұмысшы түбүттер айхайлағанмен, айхайынан дәнеңе шығар емес.

Мұнаралы тас қамалдарға бекінген Оғыздар оларды түбүттерге өткізбеді. Баудай түсіріп отырды. Алты реткі алапат айқастан кейін мейлінше қырылып қалған Яжуж-Мажуждер амал таппай сандалып, атамандарының қол сермесімен, айхайымен кері шұбырды. Осындай айқас тағы төрт күн бойы қайталанып дәнеме шықпаған соң, олар енді оралмады.

Түбүт қауымының барлаушыларынан хабар келді.

- Қаған, Яжуж-Мажуждер Гималай шетіндегі осы Даду өзенінің бойынан түп қотарылып, оңтүстік-шығысқа бірнеше күншілік жерге қарай көшіп жатыр. Көшкен адамда есеп жоқ. Асыққан адамдардың ішінде өлім-жітім де аз емес.

- Аралық бос қалған екен ғой?

- Жау мен арамызға жаратушының күшімен, теңдессіз ақыл-парасатыңызбен бос аралық жасап, олар қайта айналып келсе өтпес бөгет қойдыңыз.

- Біз олардан тым алыста отырп алмаймыз. Ішіне қарай сұғынып жаңағы Масар қағанның Мосай деген қауымымен қыз алысып, қыз берісіп қан алмастырамыз.

Осы кезде көздері шарасынан шыға жаздаған түбүттер қапелімде не айтарын білмей қыстығып, тамағынан үн шығара алмай қалды.

Немене, бұлар Яжуж-Мажуждармен араласса бізді майға қуырып жейді деп ойлайсыңдар ма?

Ойын дөп басқан қағанға ештеңе дей алмасада олардың өңдері бозара түстеді.

Қорықпаңдар, сендерді біз сақтаймыз. Бізді кім сақтайды? Әрине, сендерді де, бізді нағыз сақтаушы, қорғаушы жаратушы ғана.

Сол кезде қаған жасауылдарға:

- Сүгірлерді шақыр! -деп әскери ақылшыларын шақыртып алды. Олар жиырмадай адам болып келіп тізілгенде:

- Масар қағанның еліне жорыққа мұқият дайындалыңдар. Көк болып кие жәрдем етеді, -деді.

Одан кейінгі бір көріністе қаған мен көп сүгірдің қораланып, карта сызылған бегемот терісін жайып, соғыс жайлы ақылдасып жатқаны көрінді.

 

31 эпизод

 

Таң бозында оянып орда алдына шығып отырған Оғыз ханның алдына ұлық Түрік жетіп келді.

Ол қағанға сәлем беріп еді, қаған оның таң атпай жүрген жүрісіне таңғалып:

- Таң атпай мұнда не іздеп жүрсіз даналығымен танылған ұлық Түрік? -деді.

- Бұл қысқа да мағыналы әңгіме, -деді ұлық Түрік саспастан.

Хан отыруға орын дайындатқан соң, ұлық Түрік соған келіп отырды.

- Сендер бара беріңдер, -деді жасауылдарға.

- Мен түс көрдім қос мүйізді Оғыз хан. Кейінгі тарих сізді «1қос мүйізді Ескендір» деп атайтын көрінеді. Өз қауымыңыз Оғыз хан, Уыз хан деп осы атыңызбен атай бермек. Алайда, әлемге әйгілісі әлгі «қос мүйізді Ескендір» деген атыңыз. Тәңірім тапсырған міндеттеріңіз толық орындалыпты. Яжуж-Мажуж халқын бағындырдыңыз. «Енді батыс пен шығыстағы ұлан-ғайыр жерді алты ұлына еншілеп бөліп берсін» деген Тәңірдің аянын сізге жеткізуге келдім. Ай, Күн, Жұлдыз деген үш ұлына шығысты, Көк, Тау, Теңіз деген үш ұлына батысты бөліп берсін!  Жеткіз!» деді Тәңірім. Көрген сәуем осы еді.

- Даналығымен әлемді таңдай қақтырған Түрік айтса қалт айтпайды. Мен мұны күндіз шартарапқа күн шуағы толық шашылғанда жария етем. Дегенмен, қай ұлға қай жерді еншілеймін оны өзің бастаған бектермен ақылдасып шешем. Бір өзіме ауыр.

- Қызметіңізге әзірмін, -деді ұлық Түрік.

- Айтпақшы, -деді қаған, -сенің тұқым-жұрағатың Таңғыт жағында бек болып тұратын болады.

- Онда қандай жақсы! -деп қуанды ұлық Түрік, -Түптің түбінде ұрпақтарым мен руластарым Түрік деген атпен сол төңіректегі Кең-Түптен түңлігін түріп тастап, шығыс пен батысқа жорық жасап, әлем тізгігін қолда ұстап, батырлық пен даналықтың, әділдіктің көптеген қағанаттарын құрмақ. Сол төңірекке ұрпағым ірге тепсе осының бәрі болғай тұр. Көк бөрі де келмей кетті. Ол да сапардың ақырласқанын білдіргендей.

Сол кезде Оғыз хан қолын жайып:

Батаңды бер даналығымен тал-теректерді ырғалтқан, қария мен жас баланы бірдей тыңдатқан қастерлі ұлық Түрік!

Ұлық Түрік қолын жайып қағанға бата берді:

Ұрпағыңыз өнерлі болсын, өрісті болсын,

Іс-қимылы келісті болсын.

Ата-баба әруағы қолдап,

Еңбектері жемісті болсын!

Келіндеріңіз жібектей болсын,

Ары түлектей болсын.

Өнері өрлей берсін,

Жас басы төрлей берсін!

Азамат болып ержетсін

Ақсақал болып төрлетсін.

Ұрпағыңызға теңдессіз дарын берсін 

Ізгіліктің бәрін берсін!

Талдай бой берсін 

Таудай ой берсін.

Басына бақыт, бағы қонсын,

Ақ ордаңыздың шамы болсын.

Ұжданды болсын, қанды болсын 

Бәрінен де хабарды

Салауатты, сәнді болсын.

Қыз-қырқыныңызға жаздай жамал берсін,

Оттай жанар берсін.

Бұршақтай бағы өзіңіз,

Беркелі ұяның.

Ұрпақ жолын оңғар дер

Тәңірден медет сұрадым.

 

32 эпизод

 

Осыдан 4070 жыл бұрын Оғыз хан жаулаған Шағам елінің шығысында құрылған Шя деп аталатын Қытай тарихындағы тұңғыш патшалықтың ду-думанға айналған, хан базары қайнаған астанасы. Оғыз ханның өмірден өткеніне елу жылдай болған.
- Бу нан сатамын, бу нан сатамын.
- Кеспемді сақпыға орап таңдайыңа жақындатсаң жыланның баласынша өзі ыршып кіреді, -деп әләулайлатып тұрған дәмпаздарды да көруге болады.
Саудагерлердің ду-дуын көшені қақ жарып келе жатқан Иүй патшаның жасауылдарының:
- Сары өзеннің тасқынын бөгеп, бір жылда үйінің алдынан үш рет өтседе үйіне кірмеген, халықтың нағыз қамқоры аса қадірлі Иүй сендер үшін күндіз күлкі, түнде үйқы көрмей жүргенде у-шуларың не, саудагерлер? Оданша он тамақтарыңның үшеуін кедей-кепшікке тегін беріп жарылқасаңдаршы. Қалғандарын сатсаңдар да кенде болмайсыңдар ештеңеден.
Саудагерлердің көзі адырайып, әскерлерге көз қылып там бұрыштарында қабырғасы қаусап жатқан кембағалдардың алдына ас қойып кетіп жатады.
- Сөйткен ұлы Иүй патшаның мұрагерлерінен билікті Иоусиұң руының адамдары тартып алыпты, -деп жаңа әңгімені гулетті селдір сақалды, ақ кепешті кісі.
- Ө-өй, бұлар әлгі Қаңғалы атанған Иосүн бектің ұрпақтары емес пе?
- Иә, түбі Оғыз ғой бұлардың.
- Қаңғалы кейін Қаңлы болып жүр. Бұлар Оғыз емес, Оғыз ханның сенімді адамы. Оған Шүршіт пен Шағам жеріндегі биліктің тізгінін берген. Тізгіні емей немене, осы екі жерде жасаған қандай патша болсада сол әулеттен рұқсат алуы керек?
- А-а-а, -деп таңырқасты екіншісі. Тағы тыңдап тұрған екі адам бар.
- Әне, Қаңлылар келеді, деп бұл төртеуі салт аттылардан қашқан үшеумен бірге олардың қамшыларынан жасқанып жол шетіндегі арықтан секіріп өте берді.
Қамшыларын үйіріп жолына бөгет болғандарды жасқап келе жатқан төбесі қауызданып ашылған, тік бөрік киген Қаңлылар «шүу-шүулеп!» өте берді.

 

(Соңы)