63
Наушаһар шежіре
Қаңтар жылуы
(Кіріспе)
Жақсылық істесеңдер, жақсы болсаңдар – сендерге ғажайыптың өзі көмектеседі! Ал жақсылық – мазмұнды ертегіден әсер алғанда пайда болады,
Дәуіт ағай.
Баяғы өткен заманда ертегі әлемінің кейіпкерлері арасында үлкен қырғын болыпты. Қанды ұрыс даласында жауыздар мен қаһармандар өзара соғысып, билік үшін жан аямай күресіпті. Ақыры, ұзаққа созылған шайқастан кейін жағымды кейіпкерлер жеңіске жетіп, билік басына келіпті. Олар ұлан ғайыр далада «Наушаһар» атты хандық құрып, бақытты өмір сүріпті. Ал жауыздар жасаған қылықтарының жазасы ретінде «Барсакелмес» аралына мәңгілікке қудаланыпты. Барсакелмес – аспанын мәңгі қара бұлт басқан, шетінен жауыздар қоныстанған қауіпті мекен. Барсакелмеске барған жандар тірі болып оралмайтын көрінеді. Сондықтан, жұрт аралды «Барсакелмес» деп атапты.
Бұл аралда тек зұлмат кейіпкерлер тұрады. Атап айтқанда, Қодар, Жаппар, мыстан, көріпкел, бақсы, дәу, дию, пері, қырық қарақшы сияқты жауыздар «Барсакелмес» аралында ұрпақ жайып, дәурен кешіпті. Бірақ арал тұрғындарының ішіндегі ең қауіптілері Сорқұдық түрмесіне қамалыпты. Сорқұдық – Барсакелмес аралының солтүстік жағында орналасқан қараңғы қапас. Ол жерден талай қылмыскер ебін тауып қашпақ болған. Алайда ешбірі қаша алмаған. Өйткені Сорқұдықтан қашу мүлде мүмкін емес нәрсе. Сорқұдық – нағыз қаралуы мықты жер. Бәзбіреулердің айтуынша, Наушаһар еліндегі атақты жауыз, Қозы Көрпештің жалғыз әрі мықты қарсыласы Қодар – Сорқұдық абақтасында жазасын өтеп отыр...
Қош. Аралда жейтін тәтті тағам, ішетін таза су мүлде болмапты. Жауыздардың балалары киер киімге, ішер асқа жарымапты. Былайша айтқанда, Барсакелмес – зұлымдар мен жазықсыздардың тамұқ аралына айналыпты. Ал барша жағымды кейіпкерлердің басын біріктірген Наушаһар елі – күн сайын кемпірқосақтай түрленіп, Гүлстандай құлпырыпты. Көк аспанмен таласатын зәулім ғимараттар салынып, жылдан жылға көркейіпті. Хандық ештеңеден тарылмапты. Оқитын мектеп, тамашалайтын театр, тыңдайтын концерт залы – Наушаһар хандығында зымыранның жылдамдығымен тұрғызылыпты. Бұның бәрі – парасатты Ер Төстік хан мен Кенжекей ханшайымның ерен еңбегінің һәм адал жеңісінің арқасында еді.
Бір күні Наушаһар елін ұзақ жылдар бойы әділ басқарған Ер Төстік хан – Наушаһар мен Барсакелмес арасында достық қарым-қатынас орнайтынын қуана хабарлапты. Наушаһар елі де хан жарлығын оң қабыл алыпты... Алайда қуаныштары көпке созылмапты. Барсакелмес зұлымдары достық қарым-қатынастан мүлде бастартыпты...
Бейкүнә Барсакелмес балалары – жауыз ата-аналарының кебін киіп, аралда күн өткізуге мәжбүр. Бірақ амал қанша. Жауыздар өз шешімдерін шығарды. Олардың ұрпақтары, мұрагерлері – Барсакелместе жауыз ата-аналарының жолын жалғастырады. Балалардың пікірін сұрамайды да. Ер Төстік жауыздардың балаларын шын көңілмен аяиды. «Шіркін, арал балаларын Наушаһар еліне оқытуға шақырсам ғой!» деп аңсайды. Бірақ Ер Төстік армандаған тілек көпке ұзамады. Барсакелмес пен Наушаһар еліне жау шапты. Қарлы хандық саналатын Желтоқсанның әміршісі Боран мұзды әскерін ертіп, жер бетіне қыс орнатты. Суық аяз, ызғарлы жел – екі халықты мәңгілікке қатырып тастады. Мұздан жасалған халық мүсіндері – ескерткіштей жерден табылып жатты. Барша Наушаһар мен Барсакелмес жұрты – сырттан келген жауға төтеп бере алмай, бірлік болмағанның кесірінен мұз қоршауында қалды. Ертегі халқын ұйқыдан оятатын жалғыз батыр – шынайы әлемнен келген ержүрек бала еді. Ол кім? Қай шынайы әлем? Оны сіздер төмендегі жайттардан соң біле жатарсыздар...
ҚАҢТАР ЖЫЛУЫ
╰•★★ 1 ★★•╯
ҒАЖАЙЫП ВАГОН
Көкшетау. Шуақты күн. Күннің нұрлы сәулесі тас ғимараттарды жылытып, гүлдей жадырап тұр. Қала базарының қақ ортасында сөз таластырып келе жатқан екі бұрымды қыз кітап дүңгіршегінің жанына барып тоқтады.
Өтінемін, – деді ақсары қыз қыз.
Жоқ! – деді аққұба қыз.
Өтінемін, – деді әлгі ақсары қыз.
Неге сен менің орныма кезекші болғың келеді? Кезекші болу сенің асқақ арманың ба? – деді аққұба қыз кенет бір орынға тоқтап.
Өйткені сенің орнына кезекші болсам, бос уақыт кезінде ертегі кітаптар оқи аламын, – деді әлгі ақсары қыз.
Қатырасың. Кімнің мектепте тақта сүртіп, еден жуып, дәлізде «қорқау» сияқты балаларды шошытып кезекші болғысы келеді? Құлшынып жасайтын жұмысты тапқан екенсің... – деді аққұба қыз қолын айқастырып.
Онда тұрған не бар? – деді әлгі ақсары қыз аузы бұртиып.
Кезекші деген дәліз ортасында оқушыларға «жүгірме!» деп айғалап, барлығын шошытып тұратын егіс даласындағы қорқау, – деді аққұба қыз қолын сілтей сөйлеп.
Қарғаларды қуатын әлгі «өтірік адамды» айтасың ба? – деді ақсары қыз.
Иә, тек ол кезекші қарғаларды емес, оқушыларды дәлізден «жүгірме» деп қуады, – деді аққұба қыз.
Олар теміржол вагонының қалдығынан жасалған кітап дүңгіршегіне кірді. Есік шиқылдап ішке ашылды. Қаңылтыр вагонның іші екі қыздың суыт көңілін жылытқандай болды. Өйткені вагон іші – түрлі таңғажайып кітаптарға толы болатын. Бұл бір кіп-кіштентай ғана жер еді. Қабырғаларына кітап сөрелері бекітілген. Онда әдеби кітаптармен қоса, шағын радио бар. Радиодан вагон иесі таза қазақша әндер тыңдайды. Кейде замануи әндерді де қосып қояды. Мәселен, вагон иесі Димаш Құдайбергеннің, Найти-уан тобының әндерін тыңдағанды қатты ұнатады.
Өзі де әнге ілесіп, шырқап отырады. Қазір де радиодан Көкшенің тума таланты, жазушы Төлеген Қажыбайдың өлеңіне жазылған – «Әгугай, домбыра» атты белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтің әні шырқалып жатты. Қыздар әсем әуеннің екпініне ілесіп, ғажайып сезімді бастан өткізді. Қыздарға вагон иесі қосқан әр ән қызық еді. Олар әндерді вагон-кітап дүкенінің иесімен сүйіп тыңдайтын. Кітап дүкенінің қожайыны кім дейсіздер ме? Оны сіздерге қыздар өздері айтсын...
Қыздар вагон ішін тамашалап, қастарында тұрған бос орындыққа барып жайғасты. Бір кезде вагон иесі де екінші есіктен кіріп келді. Кітапқұмар қыздар орындарынан атып түрегелді. Вагон иесі қыздарға жымия қарады да:
Амансыздар ма? Қалдарың қалай? Ә, мен берген кітапты түгел оқып бітірдіңдер ме? – деді.
Сәлеметсіз бе! Иә, аға! Сізге көп көп рахмет! – деді қыздар.
А-а-а, өте жақсы, – деп вагон иесі қыздар берген кітаптарды сөрелерге қойып жатып.
Бұл – жылы жүзді, ұлты орыс, шексіз мейірімді Дәуіт ағай болатын. Шын аты – Добрыня. Жұрт таза қазақша сөйлеп, қазақ ауылында өскен соң «Дәуіт ағай» деп атап кеткен. Дәуіт ағайдың ата-анасы Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанға қоныс аударған жандар. Ол әкесі соғысқа аттанар жылы қазақ ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан домбыраның құлағында ойнап, түрлі күй жарыстарына қатысқан. Жүлделі орындар да алған. Кейін Көкшетау қаласына білім алу үшін көшіп келген. Осы қалада аяулы жарын кезіктірген. Оның ең сүйікті күйшісі – Таласбек Әсемқұлов. Ал жазушысы – Төлеген Қажыбай. Добрыния бұл асыл тұлғалардың шығармашылығын ерекше құрметтейтін. Әсіресе, балаларға жиі оқуға беретін. Балалардың кітапқа қатысты пікірін сұрайтын. Олармен оқыған кітаптары жайлы әңгімелесетін. Міне, бүгінде кітап алуға келген қыздар да өз әсерлерімен бөлісті.
Жазушы Төлеген Қажыбаевтің әңгімелерін қызыға оқыдым. Әсіресе, «Лордтың өлімі» жаныма қатты батты. Өте аянышты оқиға, – деді ашық қоңыр шашты, ақсары қыз. Бұл – Бота есімді он екі жасар қыз еді.
– «Ал маған Ерболат Баятұлы мен Сәбит Жәмбектің ғылыми еңбектері көбірек ұнады. Оған қоса, Нұрдәулет Ақыштың, Нұртас Ахатұлының және Аян Төлегенұлының еңбектерін оқуға кеңес беремін», – деді аққұба, беті кебек ұндай аппақ, қара қасты, қара шашты, қара көзілдірікті, он екі жастағы Сара есімді ғылымсүйгіш қыз.
Жарады! Тыңбай еңбек еткендерін үшін мына кітапты сыйға тартайын! – деп Дәуіт ағай қыздарға жұмбақ кітапты табыстады.
Наушаһар шежіре? – деді Бота алтын әріптермен жазылған жазуға таңқала қарап.
Бұл ертегі ме? – деді Сара бетін тыржита ертегілерді жақтырмайтынын білдіртіп.
Енді солай десе де болады...Бірақ оқысандар, өте ерекше. Кеше бір ақ мантия жамылған, тақиясы айырқалпақты кісі маған «тек тұрақты кітап оқитын, кітап оқығанды жақсы көретін жаны таза, көңілі пәк балаларға бер» деп кетті. Өзі біртүрлі адам, – деді Дәуіт ағай.
Дәуіт ағайдың ақ мантиялы кісі деген сөзі – қыздардың таңданысын шақыра қоймады. Бұл сөзді екі құлағынан зу етіп өткізгендей, Сара мен Бота қалың ойға шомылды. Айналадан оқитын басқа кітап іздеді. Қыздарды әдетте қандай оқиғалар қызықтырады? Әрине, махаббат жайындағы кітаптар. Бірақ Сара ғылым туралы кітаптарды іздеген болатын...Ал Бота махаббат туралы кітапты іздегені сөзсіз...
Ертегілерді жек көремін, – деді Сара мұрнын тыржитып.
Олай демеңдер. Ертегілер адамды жақсылыққа тәрбиелейді. Қаһармандық істерге шабыттандырады. Ертегі оқығандарын дұрыс, – деді Дәуіт ағай ақылға қонымды сөздер айтып.
Иә, Дәуіт ағаймен толықтай келісемін. Ертегілер адамды қиялға жетелейді. Армандай білуге үйретеді, – деді Бота Дәуіт ағайды қолдап.
Қиялдан не пайда? Өмірін босқа өтеді! Әрі қияли адамдардың ішінде көбелектер ұшып жүреді! Өздері де көбелек ұқсап, бастары бірісе тауға, бірісе ғимаратқа соғылып жүретіні рас қой! – деді ғылымсүйгіш Сара қолын айқастырып.
– «Жоқ! Олай деуші болма! Қазіргі әлем адам қиялының арқасында көркейіп жатыр. Барлық таңғажайып ғимараттар, сәулет, сурет, көркем әдебиет өнерінің жетістіктері тек адам қиялының нәтижесінде дүниеге келген! Сондықтан, қиялға тіл тигізбе!» – деді өнер атаулыны жақтайтын Бота ренжіп.
Қиял менің сөзіме ренжіді деп ойламаймын. Өйткені ол – жансыз зат! – деді Сара.
Жақсы, онда сенің киімің әдемі емес! – деді Бота.
Бота, неге олай дейсің?! – деді Сара аузы бұртиып.
Өйткені киім – жансыз зат, – деді Бота жымысқы күліп.
Мен сендерге бір құпия ашайын, – деді Дәуіт ағай.
Қандай? – деді екі қыз.
Жақсылық істесеңдер, жақсы болсаңдар – сендерге ғажайыптың өзі көмектеседі! Ал жақсылық – мазмұнды ертегіден әсер алғанда пайда болады, – деді.
Жақсы, аға! Біз үйге кеттік, – деді Сара әлі де ертегілерге сенбейтінін байқатып.
Қыздар шағын кітап дүкенінен көңілді шығып, жолда жақындарын дәл кезіктіргендеріне қатты қуанды. Сара мен Бота кішкентайынан бірге өскен, айырылмас достар еді. Ботаның анасы Райса ханым – дарынды суретші, ал әкесі Сайлау – заңгер болатын. Бота анасына тартса керек. Әсілінде, Сайлау тумысынан шыншыл адам. Қияли әңгімелерді мүлде ұнатпайды. Бірақ Райса ханымның өнерін жоғары бағалайды. Ал Сараның отбасына келсек, ағасы –құрылысшы, тәтесі – тігінші. Туған әке-шешесі кішкентай кезінде тастап кеткен...Бәлкім, тастамаған да болар...Бірақ қатал тәтесі мен ынжық ағасы солай деп санайды...
Өзінен басқа үйінде бала жоқ. Әрине, тәтесінің туған екі егіз қызды санамағанда. Әйткенімен, оларды санамауға да болады. Өйткені тәтесінің бұл егіз қыздары он сегізге толғандарында, ат тоңдарын үйден ала қашқан. Құрбыларымен пәтер жалдап, сауық құрған. Содан бері олар осы үйге бірде бір рет келген емес...Келмейтін де шығар...Бірақ уақыттың таңғажайып сыйын ешкім болжап біле алмайды.
Сараның туысқан тәтесі мен ағасы қара кеш батқанша жұмыс істейді. Байғұс қыз сабағын өзі оқып, кірін өзі жуады. «Туысқан ағам қашан жұмыстан келеді екен?» деп терезеге телміреді де отырады. Үнемі ашуланып, бұлқан-талқан болатыны да сондықтан. Бірақ оны түсінетін туыстары бар ма? «Бетімен кеткен қыз» дейді туыстары. Ал өздері ше? Тәтесі үйге келе сала телефонға шұқшияды. Ағасы да телефоннан басын алмайды. «Маңызды келіссөздер жүргізіп жатырмын, жұмыс» дейді. Бірақ жұмыс істеп жатқандары шамалы...Шын мәнісінде, туысқан ағасы телефонда «тик-ток» көріп отырады. Міне, қазір ағасы екі мысықтың диалогын телефоннан ішегі қатқанша қарқ күліп тамашалап жатыр...
Сонда оның бұл өте «маңызды жұмысы» қашан бітеді? Қашан барлығын қойып, отбасы болып бір қыдырады?
Сара осының бәрін ойлайды. Кейде қоғамнан аластап қалған жандай өзін сезінеді. Сол себептен де Сара шыншыл болғысы келеді...Қиялдан іргесін неге сонша аулақ салатындығы енді түсінікті болар? Анығында, Сара данышпан ғалым болуды аңсайды. Ал Бота белгілі қаламгер Нұрдаулет Ақыш пен Төлеген Қажыбай сияқты шебер, үздік жазушы болуды армандайды. Екі қыздың арманы әр түрлі болғанымен, таңдаулары бір. Ол – тіл мен әдебиет жолы. Бұл бағыттары келешекте те өз жемісін берер деген сенімдеміз...
╰•★★ 2 ★★•╯
КІТАПХАНА СЫРЫ
Бейсенбі. Бұл кезде облыстық кітапхана жабық. Тек кітапхана қызметкерлері үшін емес. Кітапхашылар облыстық кітапхананың іші-сыртын шаң-тозаннан тазартып жүр. Олардың арасында Бота, Сара, Назым есімді елгезек қыздар да бар. Қыздар кітап сөрелеріне үйіңкі жиналған кірді шаңын бұрқырата сүртіп, сиыр жалағандай жылтыратып қоюда. Арасында ескі кітаптардың мұқабасын бүтіндеп, жаңа қалпына келтіруде. Алайда кейбір кітаптардың қайта өмірге келулеріне еш мүмкіндік жоқ. Өмірге келуге тиіс небір құнды деген кітаптар – сіркіреп аққан жауынның кесірінен бүлініп, мүлде жарамсыз болып қалған. Міне, соңғы кітап та қапталып болды. Бота ауыр күрсінді де қолындағы кітапты үстелге шаңын бұрқ еткізіп қоя салысымен:
Бұл соңғы кітап! – деді.
Айтпа! Осы неге адамдар кітапты күтіп ұстамайды! Алуды ғана біледі. Бірақ қайта бүтіндеп бере аламайды. Соңын кесірінен мына менің анам сияқты кітапханашы адамдар зардап шегеді. Бүткіл демалыстары кітапты қайта бүтіндеумен өтеді, – деді Назым ашу шақырып.
Ұстамағанда! Олар қарақшылар емес пе? Қолдарынан кітапты кірлетуден басқа не келсін?! – деді Сара ызаланып.
Олай демеші! Кітапты ұқыптап ұстайтын адамдар да бар ғой. Барлығы да өзің айтқандай қарақшы емес шығар, – деді Бота Сараға назарын бұрып.
Бота, егер кітапты ұқыптап ұстайтын адамдар шынымен де бар болса, кітапты өз орнына қояр еді. Қарашы, кітаптар қайтадан орнымен ауысып кеткен. Енді Назымның анасы түнімен жұмыс істеуге мәжбүр, – деді Сара шаңқ-шаңқ етіп.
Кітаптарды қайтадан әліппе ретімен қойып шығатын адам керек қой, – деді Назым мұңайып.
Қазір маусым айы, яғни, жазғы демалыс уақыты болғандықтан, Назым құрбыларын облыстық кітапхананы жинастыруға шақырған. Бұл – кітапқұмар Бота мен Сара үшін таптырмас мүмкіндік. Шыңдығын айтқанда, «кітап жұмағында» жүргенмен бірдей нәрсе. Сол себептен, қыздар Назымның қолқасын қабыл алып, кітапхананы шаң-тозаннан тазартуға жәрдемдесуде. Айтпақшы, сіздерге Назымды таныстыруға мүлде ұмытып кетіппін ғой.
Жасыма жетпей қартаятын сияқтымын, – деді Назым ауыр күрсініп.
Кітап жұмағында дүниеге келген қыз Назым – Сара мен Ботаның ең жақын құрбысы. Оның ата-анасы – Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада жұмыс істейді. Анасы – кітапханашы. Әкесі – М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхананың жаңа басшысы. Назым үйдің жалғызы. Сондықтан, бар уақытын ата-анасымен бірге кітапханада өткізеді. Бірақ құрбыларының сөзінше, Назым – нағыз «кітап жұмағында» өмір сүреді...
Тынышталыңдаршы, өтінемін! – деді Бота бірнәрсені сезгендей жан-жағына барлай қарап.
Не болып қалды? – деді Сара мен Назым еш нәрсе түсінбей.
Сезесіңдер ме? Кітапхана іші тоңазып кеткендей. Құдды далада қар жауып, суығы ішке кірді дерсің, – деді Бота әлденеден сезіктеніп.
Күлкімді келтірмеші. Маусым айында қайдағы тоңазыған, – деді Сара жаз ортасында қар жаумайтынын айтып.
Иә. Оның үстіне жазда қар жауы мүмкін емес қой, – деді Назым Сараның сөзіне қолдау білдіріп.
Қазір, – деп Бота қолындағы кітаптарды үстелге тастай салып, сатымен жылдам астыға түсті.
Бота, қайда кеттің? – деп Сара мен Назым оның артынан жүгіре жөнелді.
Кітапхана. Бірінші қабат. Қыздар әлде нәрсені іздегендей кітапхана ішін барлап жүр. Бір кезде Бота ашық темір есікті көрді. Бұл темір есік сатының астында орналасқан еді. Кітапханадығы суық аяздың бәрі осы есіктің ішінен шығып жатқан секілді. Қайсар да ержүрек қыздар ішіне кіруге ұмтылғанда, біреу кітапхана есігін қақпасы бар ма?
Түу! Дәл қызық жеріне келгенде! Кім болсаң да, саған қатты ренжідім! – деді Назым кітапхана есігін ашуға кетіп.
Осындай маңызды сәтке кедергі келтіргені үшін есік артында тұрған бейтанысқа ренжіп, Назым шыдамсыздана кітапхана есігін ашты. Есік жанында қара шашы бұп-бұйра, қасы қалың, аққұба Арлан есімді сыныптас бала дорба ұстап тұр екен...Әрине, Арланнан басқа ешкім біреудің ісіне кедергі келтірген емес...
– Неге келдің? – деді Сара бірінші болып.
– Алдымен амандаспайсыңдар ма? Аман-саулық қайда? – деді Арлан.
– Сәлем! – деді қыздар.
– Сәлем! – деді Арлан.
– Сонымен неге келдің? – деді Сара екі аяқты бір етікке тығып.
– Тұра тұршы... Әжем мына кітаптарды беріп жіберді, – деді Арлан есік алдында дорбасын ақтарып тұрып.
– Бүгін бейсенбі. Кітапхана істемейді, – деді Сара Арланның есіне кітапхана тәртібін түсіріп.
– Қап! Бүгін бейсенбі екенін ұмытып кетіппін ғой, – деді Арлан шын өкінішін білдіріп.
– Әжең ұмытып кетсе, бір сәрі. Ал саған не жоқ? – деді Сара Арланның тез қартайып бара жатқанын меңзеп.
Шамасы, тез қартайып бара жатқан сияқтымын, – деді Арлан басын ұстап, шын жүректен мұңая.
– Арлан, зейнетке шыққың келіп жүр ме? – деді Назым Арланның қартайдым деген сөзін іліп алып.
Он екі жаста адам зейнетке шығады ма? – деді Арлан.
Осы сәтте қыздар өз-өздерін ұстай алмай шиқ етіп күліп жіберді. Арлан да қосылып күлді.
– Кітаптарды өзіміз беріп жібереміз, – деді Бота шиқ күліп болып, Арлан қолынан кітаптарды бір-бірдеп ала.
– Иә, айтпақшы, бүгін бейсенбі болса, сендер бұнда не істеп жүрсіңдер? – деді есің лезде жиған Арлан қыздарды тергеуге алмақшы болып.
Саған тосын сый жасауға келдік, – деді тікмінезді Сара.
Рас па? Мен де көмектессем болады ма? – деді Арлан бұл сөзге шынымен де сеніп қалып.
Жоқ! – деді үш қыз бірдей.
Неге? – деді Арлан күдіктене.
Өйткені бұл тосын сый...Жоқ. Жақсы. Біз бұнда Назымға көмектесу үшін келдік, – деді Бота бірден шынын айтып.
Бота, сен өтірік айта алмайсың, – деді Назым.
Одан да мені тезірек ішке кіргізіңдерші. Әйтпесе, өзімді Алдар Көсенің есегі сияқты қорғансыз сезініп тұрмын, – деді Арлан есіктің артынан сығалап.
Оны ішке кіргізейік. Ешкімге ештеңе айтпайтын шығар, – деді Бота сендіре сөйлеп.
– Жақсы, – деді Сара мен Назым амалсыз келісіп.
– Алақай! – деді Арлан зор қуанышпен.
Барлығы кітапханаға жиналысымен, Бота достарын ашық есікке ертіп келді. Олар төртеу болып ішке кірді. Кенет темір есік өздігінен жоғалып кетті. Балалар не болғанын түсінбей қалды. Бар білетіндері – төртеуі аспанан төменге қарай ылдилап құлап бара жатты...Құдды, біреу оларды есіктен әдейі төменге итеріп жіберген сияқты...
А-а-а! – деді балалар.
Қыздар, тосын сыйларын ұнап барады, – деді Арлан бақыттан бал-бұл жайнап.
Қайдағы?! Бұл тосын сый емес! – деді Сара айғалап.
Бір нәрсе ойластырсаңдаршы! Әйтпесе, жарға қатты құлаймыз! – деді Назым сабырсызданып.
Нені? – деді Сара ойланып.
Сен Энштейннің қарындасы емессің бе? – деді Арлан мырс күліп.
Қазір әзілдесетін уақыт емес! – деді Сара одан сайын ашулана.
Бота?! – деді Назым Сара мен Арланнан түк шықпайтынын біліп.
Ойыма ешнәрсе келер емес, – деді Бота аспанан жерге қарай достарымен бірге құлап бара жатып.
Балалар көп ұзамай, жерге аман-сау құлап түсті. Дәлірек айтқанда, белгісіз аралдағы белгісіз үңгірге. Абырой болғанда, аралдағы үңгірдің шөбі жұмсақ болып шықты. Аралдағы үңгір балаларға үлкен көлеңке болып, күннің нұрлы жарығын жапты. Қараңғы жерден балалар аралдың сұлулығын байқамай қалды...Қайда қонғандарын білу үшін достар жарық ұшқынын артынан еріп, үңгірдің аузынан шықты...Жарыққа шығысымен, айналаны көріп қатты таңғалды. Айнала жарық нұрға бөленіп, теңіздің толқыны алыстан естілді. Самал жел соғып, арал ағаштарының басын сәл қимылдатты. Достар таза ауаны жұтып, терең тыныс алды.
Мәссаған! – деді Арлан бірінші болып таңдасын білдіріп.
Шынында, бұл жердің сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Сондықтан, ол жерге әр адамның өзі барып көргендері абзал болар. Өйткені бұл әлем – қарапайым адамдар өмір сүретін жерге қарағанда мүлде өзгеше болатын...
Жасыл алқап, ну орман аралға ерекше көрік беріп тұрды. Көгілдір теңіз Каспий теңізін еріксіз еске салды. Құстар аспанда қалықтап ұшып, оюлы қызғылт бұлттар ізін қалдырып отырды. Аспанда түрлі-түсті кемпірқосақ шығып, балаларды қатты таңғалдырды. Жеті түсі түгел кемпірқосақты көру әрбір баланың арманы емес пе? Арал емес, нағыз жер жәнәті дерсің бұл ғажайып жерді...
╰•★★ 3 ★★•╯
НАУШАҺАРҒА ҚОШ КЕЛДІҢІЗДЕР!
Достар жарыққа шығысымен, өз көздеріне өздері сенбеді. Алдарында кітапхана бөлмесі емес, қар жамылған таңғажайып алқап. Сара тулаған көгілдір теңізді көрді. Балалар теңізге ақырындап жақындады. Аралдың ғажаптығына сөз жоқ. Алайда олар мәңгілікке бұл аралда тұрақтап қалмайтын шығар. Аңдарға жем болып жүрмесін... Қайтар есік көрінбейді. Олар белгісіз сапарға шыққандарына қатты өкінді. Тым құрығында, өздерімен ұялы телефондарын алып шықпаған екен. Енді қайтпек? Үйге баратын жол жоқ. Қар мен теңізден басқа ешнәрсе байқалмайды. Тіпті, тірі жанның қыбыры білінер емес. Тым құрығында бір адам болса ғой...Шақырып, Көкшетауға апарып салыңызшы дейтін.
Қыздар, мен фильмдерден көргенмін. Кеме жартасқа соғылып, ішіндегі адамдар белгісіз аралға тап болады. Сосын аралдағы жабайы адамдар оларды тұтқынға алады, – деді Арлан әсірелей сөйлеп.
Түу, Арлан қорқыта бермеші! Онсыз да қорқып тұрған-да! – деді Назым аяқ-қолы дірілдеп.
– Бұл теңіздің ар жағына өтуге болатын шығар, – деді Бота алысқа көз салып.
Не үшін? – деді Сара.
Ар жағын көретін, – деді Бота.
Тасташы. Үйге қайтайықшы, – деді Назым одан сайын қорқақтап.
Ақыры келген екенбіз. Аралды тамашлап қайтайық-та, – деді Арлан көңілденіп.
Иә, сосын аңдарға жем болып, қызықты сапарымыз соңымен бітсің! Жабайы аңдарға керемет кәуап боламыз! – деді Сара кекете сөйлеп.
Неліктен кәуап? Менің бауырсақ болғым келеді! – деді Арлан әзілдемек болып.
МАҒАН ДЕСЕҢ ШЕЛПЕК БОЛ! – деді Сара ашуланып.
Әй, шелпек пен кәуап! Ұрыса бермей, мына жерден қалай шығамыз. Соны ойлаңдаршы! – деді Назым Арлан мен Сараға.
Ертегілерде батырлар теңіздің ортасымен өтіп жатады, – деді Бота қиялданып.
– Біз батыр емеспіз ғой, – деді Арлан.
– Сонда немене «Айғырдың суы айғыр» деп өтпекшісің бе? Бұл ақылға сыймайды ғой, – деді Сара.
Дәл солай, – деді Бота алдында пайда болған көрген көрініске таңғалып.
Бір сәтте теңіздің ортасы аршылып, кәдімгі жол пайда болды. Балалар бейсауыт тұрмай, теңіздің ортасында пайда болған жолмен белгісіз жаққа жүрді. Алыстан қаралы ауыл көрінді. Шыңғырған баланың дауысы естілді. Қаралы ауылға келісімен, достар жолдың қақ ортасында жылап тұрған балаға жақындады. Бала бар дауысын салып, бақырып жылап тұр...
– Бала, сен неге жыладың? – деді Бота кішкентай баланы тыныштандыруға тырысып.
– Қалай жыламайын? Боран әскері әкем мен анамды тұтқындап әкетті, – деді бала көз жасын көл қылып.
– Боран? – деді Сара еш нәрсе түсінбей.
– Боран Наушаһар мен Барсакелмеске мәңгілік қыс орнатты. Жолында кезіккен батырлардың барлығын ескерткішке айналдырып жіберді. Әкем Мергенбай Боранды тоқтатпақ болған. Бірақ қарсы тұра алмады. Қарулы әскер басқа батырлармен ата-анамды алып кетті, – деді бала көз жасын ұзын жеңімен сүрттіп.
– Бүгін әкетті ме? – деді Назым мән-жайды анығырақ білмек болып.
– Иә, – деді бала бақырып жылап.
– Жылама, біз саған көмектесеміз, – деді Бота баланы жұбатып.
– Қалай көмектесеміз? Боранға қарсы тұра аламыз ба? Оның үстіне бұл әлемнен де емеспіз, – деді Сара ойланарлық сөздер айтып.
Сонда қай жақтансыңдар? – деді кішкентай бала кенет кідіріп.
Көкшетаудан, – деді Арлан кеудесін кере мақтана.
ӨТІРІК АЙТАСЫҢДАР! ОНДАЙ ЖЕР ТІПТІ КАРТАДА ЖОҚ! МЕНДЕ БАРЛЫҚ ПӘН БЕС! – деді кішкентай бала қолын айқастырып алып.
Балалар таңғалғаннан сілейіп бір жерде тұрып қалды. Қалай таңғалмасын? Мына бала Көкшетау қаласы картада мүлдем жоқ дейді. Енді Наушаһар әлеміндегі картада жоқ екені рас. Бірақ ол қала шынайы әлемдегі картада тайға таңба басқандай белгіленіп тұр ғой...
Қайдағы? Дәл Астананың қасында тұрған қала ғой! Қалай жоқ? Керісінше, сенің елің картада жоқ емес пе? – деді Арлан қатты таңғалып.
Каратада жоқ дедім бе, жоқ! Менің елімді бұндағылардың бәрі біледі! Өйткені ол картада бар! – деді бала мақтана.
– Сен жалғыз қалдың ба? Әлде жанында тағы біреулер бар ма? – деді Бота сөзді бұрып жіберіп.
Мен бармын ғой, – деді бір бозбала баланың жанына жүгіріп келіп.
Балалар жалт қарасты. Басына тақия киген бір бойы ұзын бозбала олардың жанына жақындады.
Мен осы баланың досы Тазша боламын, – деді әлгі таз басты бала.
Енді жетпегені осы еді, – деді Сара ауыр күрсініп.
Барлығы Сараға таңдана қарады. Тек Арлан ешнәрсе болмағандай бейтанысқа сұрақ қоя жөнелді. Дәлірек айтқанда, мына бозбаланың нағыз Тазша бала екеніне көз жеткізгісі келді...Сондықтан есіне мектепте бесінші сыныпта оқыған өтірік өлеңді түсіріп, Тазша балаға сұрақ қойды.
– Сен әлгі ханға қырық өтірік айтқан Тазша емессің бе? – деді Арлан.
Дәл соның өзі боламын, – деді Тазша бала.
Онда бәрі түсінікті, – деді Арлан басын шайқап.
Несі түсінікті? – деді Назым ешнәрсе түсінбей.
Бізді де алдап кететіні, – деді Сара Тазша баланы нұсқап.
Қорықпаңдар. Мен сендерді алдамаймын, егер байдың балалары болмасаңдар, әрине, – деді Тазша бала болмашы жымиып.
Байдың баласы болсақ ше? – деді Назым.
Онда алдауыма тура келеді, – деді Тазша бала алдын ала ескертіп қойып.
Танысқанымызға өте қуаныштымын. Бізге болған жайтты түсіндіріп бересіз бе? Қазір қайда тұрмыз? – деді Бота сөзді лезде бұрып жіберіп.
– Боран неге Наушаһар тұрғындарын қатырып тастады? – деді Сара.
– Иә, соны айтшы, – деді Арлан шыдамсызданып.
Асықпаңдар. Одан да үйге жүріңдер. Бәрін сонда түсіндіремін, – деді Тазша бала.
Олар Тазша баланың күркесіне кірді. Тазша қайнап жатқан пешке жалғыз темір шәйнегін қойды. Келген қонақ пен Мергенбайдың баласына ыстық тоқаш және қайнаған қызыл шай берді. Балалар ыстық шай ішіп, бауырсақты асап жеп алды. Тазша бала әңгімесін бастады.
– Наушаһар – гүлстандай құлпырған мемлекет еді. Ол жерге бару әрбір Барсакелместіктің арманы болатын. Бірақ Боран көктем айының жарылқаушысы Наурыз аруын ұрлап әкетіп, жерге мәңгілік қыс орнатты. Наурыз аруы – Наушаһар еліне Наурыз мерекесін әкелетін жалғыз ханшайым еді. Ол жыл сайын күн мен түн теңелгенде Наушаһар еліне Наурыз мейрамын әкелетін. Ханшайым жүрген жерде гүл өсіп шығып, құстар керемет ән салатын. Алайда бұл бақыт көпке ұзамады. Боран көктемді жақтырмайтынын білдіріп, жерге өз үстемдігін орнатты, – деп Тазша бала сөзін аяқтады.
– Сонда Наурыз ханшайымын құтқарған кезде, жерге қайта көктем мен жаз орнай ма? – деді Арлан.
– Иә, – деді Тазша бала.
Бәлен сағат бойы аңыз айтпай, осылай бірден қысқа қайырмадың ба? – деді Сара.
Енді...Ресми түрде алдымен ұзақ аңыз айтылады ғой... – деді Тазша бала ақталған болып.
– Наурыз ханшайымын неге ешкім құтқармайды? – деді Бота сәл күмәнданып.
– Құтқаратын батырлар ескерткішке айналды ғой. Боран бірін қалдырмай қатырып тастады. Мен осында жасырынып, жетім балаларға қамқор болу үшін қалдым, – деді Тазша.
– Сонда ешкім құтқара алмайды ма? – деді Сара.
– Бәзбіреулердің айтуынша, Наурыз ханшайымым тек ертегіден келген батыр құтқара алады. Анығында, Керқұла атты Кендебайдың жоғалған баласы. Айтпақшы, сен Кендебай батырға қатты ұқсайсың, – деді Тазша бала Арланға.
– Мен бе? Жоқ. Мүмкін емес, – деді Арлан қолын бір сілкіп.
– Жоғалған дедің бе? – деді Бота ойланып.
– Бәрі де мүмкін. Арлан, сенің атаңның аты Қазанғап емес пе? – деді Назым.
– Иә, – деді Арлан.
– Сосын әкем бір қалаға жұмыспен кетіп, үйге оралмаған дегенсің, – деді Сара.
Иә. Бірақ бұл мүлде басқа нәрсе. Мен қайтіп ертегілер елінен боламын? Оның үстіне Наушаһарға бірінші рет келіп отырмын. Бұл әлемнің барын да білген жоқпын ғой, – деді Арлан.
Сосын ол картада жоқ бір елден келген, – деді Мергенбайдың баласы Сұңқар қыстырылысып.
Рас па? – деді Тазша бала.
Көкшетау картада бар дедім ғой, – деді Арлан жадырай күліп.
ЖОҚ! – деді Мергенбайдың баласы қасарысып.
Қыздар үндемеуді жөн көрді.
Шынымды айтсам, достар, мен географиядан өте нашармын. Мектепте жақсы оқымағандықтан, мардымды ешнәрсе айта алмаймын, – деді Тазша бала.
Саған Көкшетауды бір күні көрсетеміз, – деді Бота Сұңқар баланың басынан сипап, пиғылын өзгертер деген оймен.
Жақсы. Картада жоқ елді көруге мен еш қарсы емеспін! – деді бала айтқанынан қайтпай.
Сара жерге түсіп қалған сырғасын алу үшін далаға шығып кетті. Бір сәтте Сараның айқайы алыстан жаңғырып естілді. Балалар сыртқа оқша атып шықты. Қара қаздар Сараны алып, ұшып бара жатыр екен. Қаздар да тұтқындап алып кететін адамды тапқан екен...
Сара! – деді балалар.
Сара, оларға «тәтті емес екенінді айт»! – деді Арлан содан бірнәрсе шығатындай.
АРЛАН! – деді Назым досына аушалана қарап.
Жақсы. Сара, оларға «сүйкімсіз екенінді айт!» – деді Арлан Сараның артынан бақыра.
АРЛАН! – деді Бота қабағын түйіп.
Оны Боран өз сарайына алып кетті, – деді Тазша бала қаздар ұшып бара жатқан жаққа мұңая қарап.
Не үшін? – деді балалар шошып.
Білмеймін, – деді Тазша бала.
Сара үшін аса қорықпаймын, – деді Арлан Сараны қаздар алып кете берсін дегендей.
Не?! – деді қалғандары көздерін бақырайтып.
Енді біздің Сара ұрысып қаздардың миын ашытып жіберетіне жүз пайыз сенімдімін. Қазірдің өзінде қаздарға ұрысып жатқан болар...Кейін қаздар Сараны алып кеткендеріне өздері өкінетін болады, – деді Арлан қолын бір сермеп.
Қазір сені бірге алғанымызға өкініп тұрмыз! – деді Назым ашуланып.
Тосын сыйларын ұнап бара жатыр деп мен бұрын айттым ба? – деді Арлан түк білмегенсіп.
Уақытты құр босқа жоғалтпайық, – деді Тазша бала.
Тазша бала осы сөзді айтысымен, шұғыл ірі қара қоңыздарды ысқырып шақырды. Қара қоңыздар лезде саппен ұшып келді. Достар алып қара қоңыздарға мініп, Боран еліне «Наушаһарлап» аттанды. Оларды алда ұзақ сапар күтіп тұрды...
Бұл кезде Сара шынымен де қаздардың миын ашытып жіберген еді. Боранның сарайына ұшып барамыз дегенше, қаздардың жүйкесі тозып бітті. Қаршадай бойымен Сара қаздарға ұрысып, айғалаумен болды. Бір қаз тіпті құлағын мақтамен бітеп алды.
Осыдан достарыма апармаңдар, көресекті көресіңдер! – деді Сара аузы бұртиып, қос қолын айқастыра.
Түу, мына қыздың аузы жабыла ма, өзі? – деді ақ қаздың біреуі.
Аққаз, зейнетке дейін шыдасаңшы. Боран үстінен қосып төлеймін деді ғой, – деді екінші бір қаз салмақты үнмен.
Бері қара, қыз! Менің бар болғаны зейнетке еш алаңсыз шыққым келеді! – деді әлгі қаз.
Мына қыз дей бермеңіз! Әдемі атым бар! – деді Сара қабағын түйіп.
Түу! Болды! Жолдастар, мына қызды өздерің Боран сарайына апарып салыңдаршы! Байлығы құрысын! Ақшасыз бірдене қылып күн көрермін! Зейнетке жүйкемді тоздырмай шығайын! – деді әлгі қаз жыламсырап, басқа жаққа қарай ұшып кете.
Содан кейін қаздардың ешқайсы Сарамен жақ ашып, сөйлеспеді. Үндемей ұша жөнелді. Тек бір кішкентай, жас қаздан басқасы. Ол қазақ тілінен емтихан тапсыратын көрінеді. Сарадан зат есімнің сұрақтарын сұрады.
– Зат «кім?» және «Не?» деген сұраққа жауап береді. Менімен қайталаңдар. Мен саналы адаммын, сондықтан «Кім?» деген сұраққа жауап беремін. Сендер жануарсыңдар, сондықтан «Не?» деген сұраққа жауап бересіңдер. Мен қандай сұраққа жауап беремін? – деді Сара өзің данышпан ретінде көрсетіп.
– «Кім?» деген.
– Сендер?
– «Не?» деген.
– Өте жақсы. Енді етістіктің не екенін сарайға барғасын ондап тұрып түсіндіремін, – деді өте ақылды Сара.
Аспан үстінде қазақ тілін үйреніп жүрген бұл «жолаушылар» бірден Боран сарайына бет алды. Ақ қаздар аспанды айнала қалықтап, Боран сарайына ұшып барды. Көп ұзамай алыстан мұздан жасалған сарай да көрінді. Көркіне көз тоймайтын, мұздан жасалған аппақ қалашық...Басы үшкір сарайлары көп, жан-жағын ақ аюлар күзеткен ғажайып жер...
╰•★★ 4 ★★•╯
АЛТЫН ҚҰЛЫН
Қалың жынысты орман. Ағаштары қазақы оюмен безендірілген көрікті жер. Ну орманда достар ұзақ жорта жүріп, жолда бір көрсеқызқар ханның сарайына кез болды. Хан балаларына қара бие жайында айтқан сияқтан-ды. Балалар маңызды хабарды есту үшін қоңыздарын ұшырып жіберіп, қалың ағаш қуысының арасына барып тығылып қалды. Дымдарын шығармай, тың тыңдады. Айналада ешкім жоқтығына көз жеткізгесін хан әңгімесін бастады.
Бүгін қара бие құлыңдайды. Бұл – тоғызыншы рет құлыңдауы. Құлындаған күннің түнінде төлі жоқ болып кетеді. Бүгін осы биені өздерің күзетіңдер. Не болғанын көздеріңмен көріңдер. Тапсырмамды мүлтіксіз орындаған жанға Наурыз ханшайымды әйелдікке беремін, – деді әмірші.
Ашкөз әмірші мен ұлдарының арасындағы диалогты бағанадан бері тұтқиылдан тыңдап тұрған балалар қара биені құтқармақ болды. Олар өзара ақылдасып, теңдесіз жоспар құрды. Жоспарларын керемет болмаса да жүзеге асыруға болатын еді...Тек олардың арасында дәл Арландай шулы бала болмаса...Арлан әдеттегідей, дауыстап қатты сөйледі. Оған дауыстап сөйлеу үшін микрофон да қажет емес!
Пәлі! Наурыз ханшайым әміршінің қарауылында тұтқында екен, – деді Арлан дауысы қалай қатты шығып кеткенін өзі де байқамай қалып.
Тыныш! Естіп қоймасын! – деді Бота алаңдап.
Енді не істейміз? – деді Назым сәл абыржи.
Меніңше, қара биені құтқаруымыз қажет. Сонда Наурыз ханшайымды бостандыққа шығарамыз, – деді Мергенбайдың баласы Сұңқар.
Сұңқар дұрыс айтады, – деді Тазша бала.
Немене?! Қара биені құтқарсақ, мынау тәкаппар хан бізге ханшайымды жайдан-жай бере салады деп ойлайсыңдар ма? – деді Назым достарының сөзінен күдіктеніп.
Неге жайдан-жай? Біз оны құтқарамыз ғой, – деді Мергенбайдың баласы Сұңқар.
Кешке жас қаһармандар биені мұқият бақылады. Тақсыр ұлдары көп ұзамай қорылдап ұйықтап қалды. Балалар ұйықтамады. Олар таң біліне бергенде қара биенің алтын құйрықты құлын туғанын өз көздерімен көрді. Қатты таң қалды. Бір кезде көгілдір аспан бұлттанып, биені ала жөнеледі. Абырай болғанда, Арлан шап беріп құлынның алтын құйрығынан ұстап алды. Ертеңіне таң сәресінде хан балаларын қайта шақырды. Ұлдары жайбырақат ешнәрсе көрмегендерін айтты. Сол кезде балалар хан сарайына ешбір қорықпастан баса көктеп кіріп келді де өздерінің көрген-білгенін баяндап айтты.
Дат, тақсыр! – деді балалар.
Даттарың болса, айтыңдар, шырақтарым! – деді хан.
Рұқсат болса, мен айтайын. Біріншіден, ұлдарыңыз жарылғыш зат атылса да еш оянбайды екен! Оларды тіпті танк қалың ұйқыдан оята алмайды! Екіншіден, ұлдарыңыздың айтып отырғаны – кілең өтірік, – деді Арлан қолын аспанда сермей сөйлеп.
Бұл сөзді естігенде хан ұлдарымен бірге барлығының ауыздары ашылып қалды. Тіпті, достары да Арланнан бұндай ержүректілікті еш күткен жоқ еді.
«Біз ұлдарыңызға көрінбей биені күзеттік. Түн ортасы ауа бергенде бие алтын құйрықты құлын туды. Бірақ аспанан бір бұлт келіп оны алысқа алып кетті. Сол тұста мен құлынның алтын құйрығын жұлып алдым», – деді қайта сөзін жалғап Арлан.
Құйрық қайда? – деді хан шыдамсызданып.
Сабыр етіңіз, дорбамда, – деді Арлан дорбасының алтын құйрықты алып шығып.
Бірақ сіз бізге бір нәрсе уәде беруіңіз керек, – деді Бота.
Нені? Айтыңдар, – деді хан.
Алтын құйрықты құлыңды құтқарсақ, ақысына Наурыз ханшайымды босатасыз, – деді Назым.
Әлқиссасы, бізге де ханшайымға да ешнәрсе болмайтынына уәде бересіз, – дейді Тазша бала.
Хан екі сөйлемейді, – дейді Мергенбайдың баласы Сұңқар.
Иә, жан-жақтан мені қақпанға салып қойдыңдар ғой. Ал жақсы онда қаһармандар, құлыңды тауып әкеліңдер. Сосын Наурыз ханшайымды бірден босатамын. Уәдем уәде, – деді әбден амалы таусылған хан.
Осылайша, балалар алтын құйрықты құлынды құтқаруға алыс жолға қайта аттанады. Қалың қарайғалы орманды кезіп, жолда «Алатау» әнін шырқап барды. Бұл ғажап әнді Тазша бала мен Мергенбай ұлы Сұңқар еш жерден естімеген екен. Олар әнді қайдан жатқа білетіндерін сұрады. Сол кезде Арлан бұл әнді алғаш рет «Менің атым Қожа» фильмінен естігендерін айтып берді.
Тау қозғалайын деген бе? – деді Тазша бала жан-жағына қарап.
Таулар қозғалушы ма, еді? – деді Назым күмілжіп.
Шынымен де қозғалып келе жатқан сияқты, – деді Мергенбайдың баласы Сұңқар алысқа қобалжи қарап.
Бұл – тау емес, – деді Бота айналасына көз салып.
Сонда не? – деді Назым жалтақтап.
Дәу! Қашыңдар! – деді Арлан.
Алып дәу артарынан жерді теңселтіп қуа жөнелді. Әр басқан қадамынан адам жаны түршігеді. Балалар жақын маңдағы үңгірге қашты. Олар үңгірге тығылып үлгерді. Дәу балаларды аңғармай қалды. Шамасы, тығылмақтан жеңілген секілді. Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты деген осы...Дәу бойына сеніп, тығылмақтан лезде жеңілді.
Енді не істейміз? Осылай таң атқанша тығыла отыра бермекпіз бе? – деді Назым тыныштықты бұзып.
Дәудің түскі асы болғың келмесе, иә. Оның үстіне сенен керемет бесбармақ шығады деп ойлаймын, – деді Арлан мырс күліп.
Ха-ха! – деп Арланмен қоса Тазша бала мен Сұңқар қарқылдап күлді.
Өте күлкілі, – деді Назым аузы бұртиып.
Тыныш, – деді Бота достарын тыныштандырмақ болып.
Бір кезде алып дәу үңгірге жалғыз көзін үйірді. Балалар «А-а-а!» деп қатты шыңғырды. Дәу жуан қолдарымен Ботаның белінен қапсыра құшақтап ұстап алды да сыртқа алып шығарды. Достар далаға оқша атып шығып, дәуді тышқандай бойларымен жеңбек болды. Әсіресе, Арлан масадай дауысымен дәудің құтын қашырды...Ызыңдап, Дәудің құлағын удай ашытты. Табиғатынан сөзуар, көп сөйлейтін Арланның аузы әзір жабыла қоймады. «Құрғыр масаның аузы қашан жабылады өзі?» деп іштей ойлады дәу...
Құтқарыңдар, – деді Бота достарын көмекке шақырып.
Қазір, – деді Тазша бала жерден ұратын жуан таяқ іздеп.
Не істеп жатырсың? – деді Назым Тазша балаға.
Не? – деді Тазша бала.
Кішкентай таяқпен дәуді қалай ұрасың?! – деді Назым.
Дәу! Жаның бар да оны тез жерге түсір! Әйтпесе Керқұла атты Кендебайдың баласынан таяқ көресің, бәлем! – деді Арлан қолындағы кішкентай таяқты сілтей ақырып сөйлеп.
Бойы бір қарыс Арланның даусы алыстан масадай ызыңдап естілсе де, дәу оның жалынды сөздерін нағыз жауынгердің антындай қабылдады. Кішкене үнсіздіктен соң дәу Арлан сөзін екі етпей Ботаны жерге түсірді. Аяқ астынан дәудің тәртіпті бола қалғанын көріп, балалар ауыздары ашылып қалды.
Мәссаған! – деді Мергенбайдың баласы Сұңқар.
Ол неге Ботаны оңай түсіре салды? – деді Назым әлденеден күдіктеніп.
Енді мүлде түсірмеуі керек пе, еді?! – деді Арлан әзілдей сөйлеп.
Арлан, саған дауа жоқ екен! – деді Назым Арланның салмақты бола алмайтынын түсініп.
Меніңше, Кендебайдың баласы дегенді естігенде түсірді, – деді Мергенбайдың баласы Сұңқар.
Арлан, сенің әкең Кендебай дәуді бір рет айқаста жеңген. Шамасы, дәудің тағы таяқ жегісі келмейтін сияқты, – деді Тазша бала.
Дәл солай. Барлығы да сәйкес келеді, – деді Бота Дәуіт ағай сыйлаған «Наушаһар шежіре» кітабындағы жазбаларды еске түсіріп.
Бір кезде дәу еңгезердей бойымен жерге гүрс етіп жылап отырып алды. Бота дәуге жаны ашып, оның жанына келді де бөренедей жуан білегінен сипалай жөнелді. Достар Ботаның бұл әрекетіне қатты таңғалды. Өйткені Бота жаңа ғана өзің жеп қойғысы келген дәуді жұбатпаққа әрекеттенген еді...Қой қасқырды жұбатайын деген бе?!
Не істеп жатырсың? Қой қасқырды жұбатаушы ма еді?! – деді Назым Ботаның қылығына қатты ашуланып.
Бота, кері қайтшы, өтініш! Ана дәудің асқазаны жайлы жер емес сияқты. Кәуап болмай тұрғанда, осы жақта тыныш жүре берсеңші, – деді Арлан дәудің Ботаға тиісетіне қатты қорқып.
Арлан, қазір әзілдесетін уақыт емес! – деді Назым қаһарланып.
Мен әзілдеп тұрған жоқпын! Маңызды нәрсені айтып тұрмын, – деді Арлан аузы бұртиып.
Сеніңше дәудің асқазаны қазір ең маңызды нәрсе ме?! – деді Назым.
Солай сияқты, – деді Арлан басын қасып.
Алып дәу өкіріп жерде жылап отырған еді. Қаһармандар дәудің көңіліне қарамай, Ботанға қайта-қайта «кері қайт!» деумен болды. Достарды түсінуге болады. Олар Ботаның тағдырына қатты алаңдағандықтан, осындай қадамға барды...
Не істеп жатырсың?! Ол қазір сені бауырсаққа айналдырып жеп қояды ғой! – деді Назым жарылуға шақ қалып.
Бота, кері қайтшы, – деді Арлан Бота үшін абыржып.
Жоқ, ол махаббатқа зәру, – деді Бота дәуді жұбатып.
Қайдағы?! Оның қарны аш! Көңілі емес! Қасқыр мен қой дос бола алмайды! – деді Назым одан сайын ашуға булығып.
Сонда Ботаны «қой» демекшісің бе? – деді Арлан.
Туф! Мәтелдің реті келгесін, айттым ғой! – деді Назым.
Сонда бұлардың қайсы қой, қайсы қасқыр? – деді Тазша бала Бота мен дәуге кезек қарап.
ЕШҚАЙСЫСЫ! – деді Назым мен Арлан.
Сол кезде Мергенбайдың баласы Сұңқар үнсіз Бота мен дәудің жанына жылдам барып дәумен тілдесті. Қалған балалар ауыздары ашыла таң қалып, бұл көріністі тұңқиылдан тамашалап тұрды. Тек Назым енді ашудан мыстанға айналатын күйге жетті. Қос бірдей досы дәуге жем болатынын ойлап, ашудан жарылып кете жаздады... Бекем болыңыздар! Қазір Назым атты жарылғыш зат онбай атылады! Құлақтарыңызды байқаңыздар. Назым денесін ондап қыздырып, раундқа дайындалып жатыр...Әне, бүткіл беті ашудан қызарып кетіпті.
Бәрекелді! Екеуің де бірдей бүгін дәудің кешкі асы боласыңдар! – деді Назым қатты ашуланып.
Біреуің – бауырсақ, екіншісің – бесбармақ, – деді Арлан шиқ күліп.
Дәу әке-шешесін аңшылар алып кеткенін айтты. Енді қамқоршысы жоқ. Соған жылап отыр. Бізбен дос болғысы келеді, – деді Мергенбайдың баласы Сұңқар.
Сен қайдан білесің? – деді Назым.
Әкем аңшылықта дәулер тілін үйреткен, – деді Мергенбайдың баласы.
Ой, сенде қызықсың?! Бірден солай айтпадың ба? – деді Тазша бала.
Сен сұраған жоқсың ғой, – деді Мергенбайдың баласы Сұңқар аузы бұртиып.
Сонда бағанадан бері дәу бізді дос болу үшін қуды ма? – деді Назым барлығын реттемек болып.
Дәл солай, – деді Сұңқар.
Ғажап! – деді Назым.
Қазір ұрысып тұратын уақыт емес, – деді Арлан алыстан жолбарысты байқап.
Балалар қызылсары жолбарысқа жалт қарады. Жолбарыс дәуден кіші болса да мың есе қорқынышты. Ақсиған тістерімен жан достарды лезде жұтып алатын сияқты. Бір кезде дәу атылған жолбарысты құйрығынан ұстап алды да үш жүз алпыс градусқа айналдырып алысқа лақтырып жіберді. Қаһармандар дәуге шексіз алғыс айтты. Олар дәумен жылдам достасып алды. Дәу жалғызсырамайтын болды. Енді оның ержүрек достары бар. Тіпті, Назымның да дәуге деген ойы өзгерді...
Бізге алтын құйрықты құлынды табуға көмектесесің бе? – деді Арлан дәуге.
«Иә» дейді, – деді Мергенбайдың баласы Сұңқар қуанып.
Алақай! – деді балалар шаттанып.
Дәу оларды бір үңгірге алып келді. Үңгірде алтын құлын тостағанан сүт ішіп отыр екен. Алып дәу жетім қалған шағында патшаға қатты ашуланып, құлынды өз үйіне ұрлап алып кетіпті. Осылай, әке-шешесінің кегін қуып, патшаға сазайын тартқызбақ болыпты. Балалар дәуді ертіп, патша сарайына келді. Патша дәуді көрген кезінде шалқасынан құлап қала жаздады. Дәлірек айтқанда, құлап та қалды...
Тақсыр! Біз құлынды алып келдік. Енді ханшайымды босатыңыз! – деді Арлан.
Ойбай! Мына бәле кім тағы?! Дәуді кім шақырды?! – деді бойы майда хан дәуден қорқып әрі қатты ашуланып.
Ол бізге жау емес. Досымыз. Бізге алтын құйрықты құлынды табуға көмектескен сол, – деді Мергенбайдың баласы.
Не?! Дәу адамдарға көмектесуші ме, еді?! Қой мен қасқырдың дос болғаны қайдан көрдіңдер?! – деді хан.
Мультфильмдерден, – деді Арлан әзілдеп қойып.
Сендер өзі Мұхтар Әуезовтың «Көксерегін» оқымағансыңдар ма?! – деді хан тағының артынан сығалап.
ӘНЕ АЙТЫМ ҒОЙ БІЗДІҢ ЕЛ КАРТАДА БАР ДЕП! ӘЙТПЕСЕ, «КӨКСЕРЕКТІ» ХАН ҚАЙДАН БІЛЕДІ? – деп Арлан шаттана биледі.
«Білімің болса басында, талдаң да талдаң да» деді Арлан заллды шыр айнала билеп.
Ал сендер қай жақтаңсыңдар? – деді хан орнынан тұрып.
Көкшетаудан, – деді Арлан кеудесін кере мақтана.
Ха! Күлкімді келтірмеңдерші! Ондай ел тіпті картада да жоқ! – деді хан жалпақ қарнын ұстай қатты күліп.
Балалар бір орында тұрып сілейіп қалды.
«Көксеректі» оқыдық. Дәуге келсек, сіз оның әке-шешесін зынданға қамақ қойыпсыз. Ал ол бізге құлынды табуға көмектесті. Енді осыдан қорытынды шығарыңыз, – деді Назым Арланды түртіп, қолын айқастыра.
Тақсыр, өткен жараны ұмытып дәумен достасайық. Дәудің еш зияны жоқ. Сөзімізге сеніңіз, – деді Тазша бала.
НЕ ДЕЙДІ?! – деді хан екі көзі шарадай болып.
Сыртқы келбет алдамшы. Дәу осы пікірдің дәлелі. Ол бізге жолбарысты жеңуге көмектесті. Жолбарысты алысқа лақтырып жіберді. Сосын құлынды алып берді, – деді Бота.
Сондықтан да жылдам арада ханшайым мен дәудің жазықсыз ата-анасын босатыңыз! – деді Арлан.
Ал жақсы онда! Ханшайым мен дәудің ата-анасын зынданнан босатыңдар! – деді хан аяқ астынан жарлық шығарып.
Хан бұйрығы екі етілген жоқ. Жазықсыз ханшайым мен дәудің ата-анасы абақтыдан босап шықты. Балалар ханшайыммен қауышып, мейірімді дәумен зор қимастықпен қоштасты. Дәу өз мекенінде ата-анасымен бірге қалды.
Сау бол! – деп балалар дәуге қол бұлғады.
Енді олар алтау болып Сараны және Наушаһар елін мұз қаһарынан құтқаруға алыс жолға аттанды.
╰•★★ 5 ★★•╯
БОРАН
Әдеттегідей, достар жолда «Алатау» әнін шырқады. Ән бүткіл орманды жаңғыртып, жан-жануарларды қалың ұйқыларынан оятты. Құстар ән салып, орман гүлденіп қоя берді. Күн ұясынан шығып, айнала шуаққа бөленді. Далада қалың қардың еріп, наурыз мерекесінің келе жатқаны білінді.
Байқадыңдар ма? Қар ери бастады, – деді Арлан жалаңаяқ алақанымен ақшақар қарды ұстап көріп.
Иә. Наурыз мейрамы жақындап қалды, – деді Наурыз ханшайымы айналаға мейірлене көз салып.
Бұл жақсылықтың нышаны ма? – деді Бота.
Әрине. Алайда наурыз басталмай жатып, Боранмен келісім орнату аса маңызды. Көне аңызға сүйенсек, Наурыз мерекесі кезінде барлығы өкпе-реніштерін ұмыту керек. Әйтпесе, наурыз мерекесі елге келмейді, – деді Наурыз ханшайымы ауыр күрсініп.
Өкінішті, – деді Назым көңіл-күйі түсіп кетіп.
Қараңдар. Алыстан сарай көрінді, – деді Тазша бала.
Боранның сарайы, – деді Мергенбайдың баласы Сұңқар.
Көп ұзамай олар Боран сарайына да келіп жетті. Боран сарайы нағыз мұздан жасалған қалашық болып шықты. Сарайдағы едендер де мұздан жасалған. Сондықтан сырғанақ жерден абайсызда құлап кету оңай. Аяғының астына аса сақ болған жөн. Қабырғалары ақшақар оюларымен бедерленген. Қалашақты ақ аюлар күзетіп тұр екен. Балалар ішке кіруге жоспар құрды. Ең бірінші ойын ұсынған Наурыз ханшайымы болды...
Сендер, сарайға кіре беріңдер. Мен мұз болып қатқандарды құтқарамын, – деді Наурыз ханшайымы.
Боранды сізсіз жеңе аламыз ба? – деді Назым күмәнданып.
Жауапты істі бізге қалдырмақсыз ба? – деді Тазша бала.
Сендер Боранмен келісімшарт орнатып көріндер. Егер келіспесе, мен сендер сөйлескенше біразын мұз құрсауынан құтқарып үлгіремін, – деді Наурыз ханшайымы.
Наурыз ханшайымы дұрыс айтады. Боран бізге келіспеуі де мүмкін. Біз оны сөзбен алдандыра тұрайық. Келіспесе, Наурыз ханшайымы жазықсыздарды құтқарып үлгіреді. Кеттік, – деді Арлан.
Достар көп кешікпей Боран сарайына да кірді. Олар Боран ханның сарайында қатып тұрған ескерткіштерді көрді. Қатты шошыды. Бір кезде Тазша бала байқаусызда аяғымен сүрініп кетіп, жерге онбай домалап құлап түсті. Ол жалғыз құлаған жоқ. Өзімен достарын да құлатып, алысқа сырғанап кетті. Міне, олар бүткіл сарайды жаңғыртып, сырғанап келеді.
А-а-а! – деді балалар зымыранның жылдамдығымен сарай ішінде сырғанап келе жатып.
Мәссаған! Мынау «Мұз дәуірі» мультфильмдегіндей болды-ау! – деді Арлан.
Арлан, мультфильм деген не? – деді Мергенбайдың баласы Сұңқар.
Мультфильм? А оны біздің данышпан Сарадан сұра, – деді Арлан.
Арлан! – деді Назым.
Не? – деді Арлан басын көтеріп.
Ол қазір бізбен бірге емес! Қазір мультфильм талқылайтын уақыт па?! – деді Назым ашуланып.
«Алдар Көсе» мультфильмін білесің бе? Міне, сол, мультфильм, – деді Арлан Сұңқарға бәрін түсіндіріп болып.
Көп ұзамай мұзды жарға соғыламыз, – деді Тазша бала сырғанап келе жатып.
Сабыр, – деді Бота.
Арада уақыт өтпей, балалар бір жерге тұрақтанды. Сырғанап-сырғанап, әйтеуір, бір жерге қонды-ау. Сараның да жан дауысы жақын жерден естілді. Барлығы дауыс шыққан жаққа бұрылды. Балалар мұздан жасалған айнаның арғы бетіндегі Сараны көрді. Дос қыздары ақ қаздарға етістіктің не екенін үйретіп жатқан көрінеді...
– Етістік дегеніміз не қылды, не қылды сұрағына жауап беретін сөз табы. Барлығы сендерге түсінікті ме? – деді Сара бір нәрсені бес сағат бойы түсіндіріп болып.
«Иә» дегендей бастарын изеді ақ қаздар.
Жалпы, «сөз табы» не екенін білесіңдер ме?– деді Сара өте салмақты кейіппен.
«Жоқ» деп ыржиып, бастарын изеді қаздар.
Сара! – деді балалар.
Сара бұрылған жоқ. Кенет балалар ақ қаздардың сыпырғышпен мұңтаздай таза жерді сыпырып жатқандарын байқады. Өңі ме? Түстері ме? Мына қаздар естерінен алжасқанан сау ма, өзі? Таза жерді сыпырудың қажеті қанша? Жалпы, қаздар еден сыпырушы ма, еді? Әлде бұл Сараның жоспары ма?
– Не істеп жатыр өздері? – деді Арлан мұзға сығалап қарап.
Жер сыпырып жүр, – деді Мергенбай ұлы Сұңқар.
Иә, бірақ не үшін? – деді Арлан мұзға жақындай түсіп.
Бұл – Сараның бір жоспары шығар, – деді Назым.
Бота келіскендей бас изеді.
Оу, байқаңдар. Бір ақ қаз осында келе жатыр, – деді Тазша бала.
Сол сәтте бір ақ қаз мұз арқылы балалар тұрған жаққа өтті. Құдды, елес сияқты оңай өте шықты. Бұл мұздан тек ақ қаздар мен осы сарайдың тұрғындары ғана өте алатын сияқты.
Кешіріңіз, ана қаздар не істеп жүр? – деді Арлан әлгі ақ қаздан.
Қалай неге? Бұны «етістік» деп атайды. Етістік қандай сұраққа жауап беретін білесіңдер ме, өзі? – деді ақ қаз қанатын шошайта.
Иә, Әрине. Қазақ тілінде етістік «Не істеді?», «Не қылды?» деген сұраққа жауап береді, – деді Арлан мектепте текке оқымағанын білдіріп.
Енді сұрақ қойыңдар. Қаздар не істеді? – деді қаз.
Э-э...Сыпырғышпен...Сыпырғышпен жер сыпырды? – деді тұтығып Арлан.
Дұрыс. Онда неге қаздар не істеп жатыр деп менен сұрайсыңдар? Өздерің де етістікке сұрақ қоя аласыңдар ғой! – деді де қаз қатты ашуланып, өз жөнімен кетті.
Балалар ауыздары ашылып бір орында тұрып қалды.
Тоқтаңыз! Не болып кетті өзі? – деді Арлан қаз соңынан айғалап.
Қаз бізге ереже үйретіп кетті, ғажап! – деді Назым.
Бәрін қойшы! Сара мұз ішіне қалай кіріп алған? Ә, Боран қамап қойыпты. Енді қалай шығармақ? Кенет бархыт ақ тоңын сүйреп, Боранның өзі де келді.
Досымызды дереу босатыңыз, – деді Бота зұлымға орынды талап қойып.
Ха-ха, не үшін? – деді Боран оңайлықпен босатпайтынын білдіріп.
Ал сізге құрбымыз не үшін керек? – деді Назым.
Қалай не үшін? Коллекция ше? Бекерден бекер мүсін жинап жатқан жоқпын ғой. Оның үстіне бұл мүсіндерді сатып, қыруар ақша табамын. Қазір мұздан жасалған мүсіндер қаншалықты қымбат тұратынын білесіңдер ме? – деді Боран.
Иә. Мәселен, Көкшетауда мұз қалашықты жасауға бәлен миллиард теңге кетті. Сізбен толықтай келісемін, – деді Арлан басын изеп.
Барлығы сілейіп бір орында тұрып қалды. Арлан «не?» дегендей достарына қарады.
Көкшетаудың не екенін білмеймін. Бірақ ойың өте дұрыс, балам, – деді Боран.
Коллекцияның сізге келіп кетер пайдасы бар ма? – деді Бота Арланды түрпектеп.
Болмағанда. Маған шаттық сыйлайды, – деді Боран.
Бұл сөзіңіз өзімшіл адамдікі, – деді Тазша бала.
Әрине, мені мейірімді деп кім айтты? – деді Боран.
Әкемді босатыңыз, – деді Мергенбайдың баласы.
Ал сен қайдан шықтың тағы? – деді Боран таңданып.
Бала әкесін іздеп сізге келді. Барлық Наушаһарлықтарды босатуыңызды өтінеміз, – деді Бота жалбарынып.
Босатпасам ше? – деді Боран.
Босатқаныңыз өзіңізге жақсы. Ел-жұрт сізді жылдың меценанты, яғни, мейірімді деп сыйлайтын болады, – деді Арлан соңғы сөзін лезде түзеп.
Мейірімді? Мені мейірімді деп кім айтты? Ха-ха! – деді Боран қарқ күліп.
Босатқан соң боласыз, – деді Назым аузы бұртиып.
Айтыңызшы, сіздің жүрегіңізді мұздатқан кім? – деді Бота Боранды түсінуге тырысып.
Қойшы, мелодрама қылмай, – деп Арлан мен Назым айтпағын сол еді оларды Тазша бала тоқтатып қалды.
«Адамдар жайдан жай өзгермейді. Оларға белгілі оқиғалар әсер етеді. Егер адам қиындық көріп, біреуден жапа шексе, естеліктердің құрбанына айналады. Басынан өткен ауыр оқиғалар мен сөздер жара болып, қанын қарайтады. Жүрегі қара тасқа айналып, ешқалай жібемейді», – деді Бота.
Оны саған кім айтты? – деді Боран.
Анам, – деді Бота.
Өте ойландырарлық сөздер айттың. Бірақ мен бағынушыларды ешқашан босатпаймын! – деді Боран.
Балалар не істерін білмей сілейіп қалды. Сол сәтте Тазша бала қолына ағаш домбыра алып, «Ақсақ құлан» күйін тарта жөнелді. Боран бұл күйді естіген сәтте балалық шағын есіне түсірді...
А-а-а! – деді достар.
Күй достарды Боранның естелігіне әкелді. Адал достар Боранның балалық шағын енді өз көздерімен көрді. Боранды кішкентай кезінде барсакелместіктер жиі ренжітіпті. Кішкентай күнінде ойынға қоспай, кеудесінен итеріпті. Тек анасымен ғана ойнапты. Анасы дүниеден өткен соң дүниеде ешкімі қалмапты. Содан Боран барлығынан күдерін үзіп, Қар патшайымына қызмет етіпті. Кейін Қар патшайымының сарайын басқарыпты. Қазір де сол Қаңтар елінің адуынды басшысы. Ақ аюлардың қатал әміршісі...
– Бұл күйді саған кім үйретті? – деді Боран ойлы жүзбен.
– Ұстазым Дәуіт ағай. Көбінесе Таласбек Әсемқұлов, Дәулеткерей Құсайынов орындауындағы күйлерді тыңдағанды һәм өзім қайталап орындағанды ұнатамын, – деді Тазша бала Добрыния ағайдан тәлім алатынын айтып.
Ұстазыңа рахмет. Менен жалынды сәлем айт, – деді Боран.
Сіз әлі де бағынушыларды босатпайсыз ба? – деді Назым.
Әрине, – деді Боран қырсықтық танытып.
Бір кезде Арлан өз-өзінен Абай Құнанбаевтың «Қыс» өлеңін мәнерлеп оқыды. Боран ұлы ақынның өлеңін мұқият, аса зер салып тыңдады. Ең қызығы бұл өлеңге тіпті шетте тұрған ақ аюлардың өзі де құлақ асты. Кейбіреулері телефондарына түсіріп алып, тик-токқа салатындарын айтты.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.
Өлең Боранның һәм ақ аюларының көңілінен шықса керек. Неге шықпасқа? Бұл ұлы Абайдың өлеңі ғой. Ақыры, Боран өлең тыңдап болғанан кейін сарай ішіндегі ескерткіштерді жібітуге рұқсат берді.
Сен не істедің? – деді Назым Арланның тапқырлығына таңғалып.
Етістік қандай сұраққа жауап береді? – деді Арлан.
Не істеді, не қылды? – деді Назым.
Енді Арлан не істеді? – деді Арлан бір көзін қысып қойып.
Өлең оқыды, – деді Тазша бала олардың қасына жақындап.
Боран халықты босатты. Наурыз ханшайымы ескерткіштерді лезде жібітті. Наушаһар елінде Наурыз мерекесі қайта дүркіреп тұрып тойланды. Бесбармақ, бауырсақ һәм ақ тағамдар ұзын үстелге қойылды. Мергенбайдың баласы сүйікті ақыны Ербол Бейілханның «Күн өтіп, айлар ауысар» өлеңін жатқа мәнерлеп оқыды.
Күн өтіп, айлар ауысар,
Жырлар мен жылдар, қауышар.
Дүние-түлкі түрленген,
Қызығын кімдер тауысар? – деді.
Бәрекелді! – деді үлкендер.
Балалар үйлеріне оралардың алдында Ер Төстік хан мен Кенжекей ханшаға бір өтініштерін айтты.
Ал ақжарма тілектеріңді айтыңдар! – деді Ер Төстік хан.
Біздің жалғыз тілегіміз – Барсакелмес балалары да Наушаһар еліндегі мектепте тәлім алсын! – деді Бота.
Алғашқы кезде Ер Төстік хан не деп жауап берерін білмей қалды. Хан аяулы жарына қарады. Жары да балалар тілегін қолдап отыр. Ақыры, Ер Төстік хан уәдесінде тұру керек болғандықтан, жас батырлардың тілектерін қабыл алды.
Патша көңілдерін білсін! Мейлі! Барсакелмес балалары да Наушаһар елінде білім алсын! – деді.
Алақай! – деп балалар үйлеріне зор қуанышпен аттанды.
Наушаһар елінде қайтадан қасиетті Наурыз мерекесі тойланды. Балалар аман-сау елдеріне қайтты.
Үйге қайтар сәттің алдында балалар Дәуіт ағайдың кітап дүңгіршігіне кіріп шықты. Бұл жолы Дәуіт ағайдың кітап дүкеніндегі радиодан Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Лейла» әні шырқалып жатты...Балалар өздерінің бастарынан өткен уақиғаларды көрген түстей айтып берді. Дәуіт ағай балаларды асқан құлшыныспен тыңдады...
Сіз бізге шынымен де сенесіз бе? – деді Сара таңғала, Дәуіт ағайға сұрақ қойып.
Неге сенбеймін? – деді Дәуіт ағай.
Сіз енді ересексіз ғой... – деді Арлан.
Ерексек болғанда не тұр? – деді Дәуіт ағай орнынан тұрып, тоқ шәйнегін ысытуға қоя.
Әдетте үлкендер балалардың сөзіне сенбейді, – деді Назым Дәуіт ағайға қарап.
Неге? – деді Дәуіт ағай орнына қайта отыра.
Әсіресе, осындай оқиғаларды айтқанда, – деді Бота.
Түсінікті. Қазір мен сендерге Наушаһар елінде ертегі қаһармандары мен зұлымдарын оқытатын арнайы мектеп-интернат бар десем, сенесіңдер ме? – деді Дәуіт ағай балаларға.
Бұл сұраққа балалар «не деп» жауап берерлерін білмей сілейіп қалды. Дәуіт ағай – ересек адам. Ал ересектердің кейде не өтірік, не шын айтып жатқандарын түсіну мүмкін емес. Егер, шынымен де сондай мектеп болса, балалар онда оқуға сақадай сай. Сондықтан достар Дәуіт ағайдан мектеп туралы азырақ мәлімет сұрамақ болғанда, ішке жаңа сатып алушы да кіре қалды. «Сатып алушы жылдам кетер» деп балалар сәл тосқанда, тағы басқа сатып алушылар дүкенге ағылып қоя берді.
Ерболат Баятұлы «Уақыт шеңбері» атты жыр кітабын беріңізші, – деді бойы ұзын бір орта жастағы ер адам.
Ал маған Ербол Бейілханның «Әжімсіз жүрек» жыр жинағын, – деді келесі сатып алушы.
Сансыз сатып алушылардан жалығып, балалар еріксіз үйлеріне қайтты. Өйткені сатып алушылар әзір дүкеннен кете қоймайтын сияқты...Балалар сатып алушылардың біртүрлі киімдерін байқамай қалды. Дүкенге кірген сатып алушының бірі – Наушаһар еліндегі бір де бір оқу орны «Мұрагер» ертегі қаһармандары мен зұлымдары мектебінің бас директоры, Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің бас кейіпкері – Атымтай Жомарттың өзі болатын. Ал екінші сатып алушы – оның көмекшісі, «қаһарман» факультетінің деканы – Үсен ағай еді.
Балалар тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты, – деді Атымтай Жомарт қолына Ерболат Баятұлының кітабын ала.
Әйтпегенде! Менің оқушыларым емес пе? – деді Дәуіт ағай сәл мақтанып қойып.
Енді оларды Наушаһар еліндегі «Мұрагер» сиқыр мектебіне қабылдасақ дейміз, – деді Үсен ағай.
Өте жақсы! Алайда балалардың өздерінен рұқсат алған жөн болар, – деді Дәуіт ағай дастарханға шыныаяқ шай қойып.
Сізге маңызды хабарды айту үшін келген едік. Барсакелмес елінің жауыздары бірігіп, Наушаһарға шабуыл жасамақшы, – деді Атымтай Жомарт ағаш үстелдің бетіне «Айқап. Наушаһар» газетін қойып.
Қазақ халқы басынан небір қиындықтарды өткергенде «Айқап» деп, газет шығарған еді. Енді ертегі кейіпкерлері сұмдық оқиғаны бастан өткергелі тұр екен, – деді Дәуіт ағай қатырма газетті қолына ала.
Бірнеше ай өтіп, күндер сағат тіліндей ауысты. Арада уақыт өте сала, балалар да шыңдықты ата-аналарына айтуға бел буды. Арлан, Бота, Сара және Назым Наушаһар еліндегі болған жағдайды ата-аналарына түгел айтып берді. Алайда ата-аналары бұл оқиғаға сенбейтіндерін айтты. Дегенмен, іштей Наушаһар елін білетіндерін, өздері сол елдің тұрғындары болғандарын балаларына білдіртпеді. Өйткені Наушаһарға қайта оралу – дәл қазір өте қауіпті болатын...
Болған оқиға көрген түстей ұмытылып та кетті. Келесі күні Бота таңертең терезеден қардың еріп жатқанын көрді. «Бұның барлығы шынымен де жай ғана түс болғаны ма?» – деді Бота терезесіне мұңая қарап...
СОҢЫ.