53
Бала арманының желкенді кемесі немесе Лионель Месси қалай чемпион болды?
(балаларға арналған өлеңдер топтамасы)
24 маусым 1987 жыл. Аргентина. Росарио қаласы.
Сәуле сепкен күн ғажап.
Жадырайды күллі алап.
Росариода дүниеге,
Келді сәби іңгәләп.
Құйттай ғана ұл бала.
Алды өмірге жолдама,
«Аман болсын бастысы»,-
Деді әжесі толғана.
Құптады оны қалғаны.
Күн, сәтті бол алдағы!
Кіп-кішкентай бөпенің,
3 келідей салмағы.
Үйдің шаттығы
Деп: «Қызмет қыл елге көп»,
Атын қойды Лионель деп.
Тартса осы әулетке,
Осал болмас ол демек.
Тәй-тәй басып жүргені,
Қандай тәтті күлгені!
Жетектейді әжесін,
Әдеті осы күндегі.
Өзі допқа құмар-ақ.
Тебер, тұрмай құр қарап.
Томпаң қағып жөнелер,
Кетсе добы домалап.
Кіп-кішкентай балақай
Жүгіреді бүлдіршін,
Кім болады?
Кім білсін?
Өзі сондай сүйкімді!
Келтіреді күлкімді.
Жүгіреді көгалда,
Домалайды доп алға.
Мәз боп допты қуады,
Басылмайды құмары.
Жүгіреді бүлдіршін,
Кім болады?
Кім білсін?
Кіп-кішкентай балақай,
Деді: «Пас», «Гооол!», «Алақаййй!».
Кім боласың?
Дәрігер болатын бала,
Ойнайды емдеп ұл-қызды.
Ғарышкер болатын бала,
Ойнайды санап жұлдызды.
Инженер болатын бала,
Ойнайды темір-терсекпен.
Құрылысшы болатын бала,
Ойнайды құммен, кесекпен.
Мұғалім болатын бала,
Ойнайды жазып, оқытып.
Футболшы болатын бала,
Ойнайды күнде доп қуып.
Селия Мария
Мессидің анасы Селия Мария
үй қызметшісі болып жұмыс істеген.
Ана - деген ұлы сөз,
Сөз ол- нұрлы, салмақты!
Ана – деген жылы сөз.
Сөз-ол қымбат, ардақты!
Қамын ойлап баланың,
Алаңдайды түнімен.
Ақ жаулықты- ананың,
Өстік біз ән-жырымен.
Селия әже
5 жастағы Мессиді әжесі «Грандоли» әуесқой футбол
командасына алып барады.
Дүкенге әкелді,
«Таңда,- деп,- ал енді»,
Кішкентай Леоға,
Доп сатып әперді.
«Ойна тек аулада,
Көлік көп қалада»,-
Ескертті әжесі,
Бестегі балаға.
Деп «Айым, жарығым»,
Арнады әр күнін.
Алдымен байқады,
Қабілет-қарымын.
...Жалғасам өлеңді,
Доп теуіп үйренді.
Әжесі екеуі,
Футболға келген-ді.
Қақпашы тоса алмай,
«Гол» соқты тосылмай,
Леоның жорығы,
Басталды осылай.
Лео-арыстан
Қосылғанда бастары,
Бәрі бірдей қостады.
Лео, Лео, Лео деп,
Атап кетті достары.
Күш пен сұсты дарытқан.
Түскен жандай ғарыштан.
«Лео» латын тілінде,
Аң патшасы - арыстан.
Бала Мессидің журналистке айтқаны
Тебемін бе тек допты?
Суда жүзем,
Шынығам.
Қарай бермей «Тик-Токты»,
Таза ауада қыдырам.
Бүкірейіп,
Тұқшимай,
Секіремін,
Қозғалам.
«Фейсбукқа» шұқшимай,
Гантелімді қолға алам.
«Инстаграмға» үңілмей,
Жүгіремін далада.
Қарайды жұрт күлімдей,
Шымыр, мығым балаға.
Мессидің әкесі Хорхе Орасио
Мессидің әкесі болат құятын зауытта
қарапайым жұмыскер болған.
Тірлік оңай болмады.
Отбасын ол ойлады.
Арман қуған ұлына,
«Қой» демеді, қолдады.
Дұрыс болса, дұрыс дер,
Бұрыс болса, бұрыс дер.
Еңбек еткен зауытта,
Қарапайым жұмыскер.
Әр ісінен үлгі алып,
Өсті ұлы шыңдалып.
Талаптанған ұлы үшін,
Жүрді әке қуанып.
«Ньюэллс Олд Бойз» кәсіби футбол клубы.11 жастағы вундеркинд.
Аспан қандай тұп-тұнық,
Тұр жадырап, күн күліп,
Қарға бойлы бір бала,
Жаттығып жүр жүгіріп.
«Болмаса да денелі,
Ерекше екен өнері.
Қалай-қалай тебеді?!
Аргентина өрені».
Журналист те желпінді:
«Арынды да, екпінді!»,
Деді жаттықтырушы:
«Марадонна секілді!».
Әке уайымы
Жүгіреді бір бала жалаңаяқ,
Тағдырына әкесі алаң, аяп.
Доп алса, зымыраған зымырандай,
Болады екен өмірде жолы қандай?
Бүлдіршіннің кекілін жел тарайды,
Қимылына сүйсініп ел қарайды.
Домалайды ала доп қалай-қалай?
Сүрініп кетпесе екен абайламай.
Қарамайды әліне, шамасына,
Жаны ашып әке тұр баласына.
Үміт-қанат қиылып қалғаны ма?
Жетер ме екен құлыншақ арманына?
Дерт.Күмәнді болашақ.Барселонаға сапар.
Сергелдеңге салды дерт,
Секеңдемей қалды доп.
Жүрген еді жарқылдап,
Қатарының алды боп.
Қолда ондай жоқ қаржы.
Сырқат бұзды жоспарды.
Мәңгілікке футболмен,
Қоштаспақ боп оқталды.
Көктен, жұлдыз, жиі ақтың,
Тағы кімді жылаттың?
Қалғаны ма жабылып,
Көзі дарын-бұлақтың?
Қатты ағысқа кезіккен,
Қармар талды іліккен.
Келді Барселонаға,
Бір күдік, бір үмітпен.
Қиындықта қалса адам,
Жар бола көр, Жасаған!
Бұзып- жарып шын талант,
Жарқ етеді тасадан.
«Камп Ноу» стадионы
1957 жылы «Барселона» футбол клубының
жаңа стадионы ашылды.
Архитектор қиялы,
Барлығына ұнады.
Стадионға әйгілі,
Жүз мың адам сияды.
Саяхатшы балалар,
Мұражайын аралар.
Матч жайлы баяндар,
Комментатор ағалар.
Кубок,
Медаль төрдегі-
Спортшылар еңбегі,
Көруге де болады,
Киінетін бөлмені.
Жасыл желек жан-жағы.
Ат шаптырым аумағы.
«Камп Ноуда» доп тебу-
Футболшының арманы.
Ересекер сапында
2005 жылы «Барселона» сапында
Лионель Месси алғашқы ресми матчын өткізді.
Жаттығуды үдетті,
Зулап қанша жыл өтті?
Аққан жұлдыз расында,
Орындай ма тілекті?
«Оралыңның барында,
Дейтін әке: Арында».
Түсер тайдай бәйгеге,
Месси қазір бабында.
Жалаңаяқ жүгірген,
бала еді,
Кім білген?
Бірге ойнайды енді ол:
Рональдинио,
Габримен.
«Өтпейсің – ау көпірден,
Бос қиял»- деп,
көпірген.
Бірге ойнайды енді ол:
Иньестамен,
Декумен.
Сан күдік бар ойында,
Қобалжу бар бойында.
Доп тебеді тұңғыш рет,
Бүгін ресми ойында.
Лео мен балақай
Испания құрамасының 17 жасар шабулшысы
Ямал бала кезінде Мессимен кездескен.
«Атың сенің Ямал ма?
Желдей жүйткі алаңда»,-
Деді Лео күлімдеп,
Сүп-сүйкімді балаға.
«Мұны үстіңе кигесін,
Бәрінде сен жеңесің»,-
Деді Лео әзілдеп,
Беріп тұрып жейдесін.
«Барселона-Осасуна»
Футболдан Испания чемпионатының 28-ші туры.
Қарсылас-баладай,
Алдайды ол қалай?
Оң аяқ, сол аяқ,
Соғылар «гол» оңай.
Жанкүйер сүйінді.
Қорғаушы күйінді.
Былғары допты ол,
Ұршықша үйірді.
Тез озып кетеді,
Ортаға өтеді.
Леоның ойыны,
Секілді ертегі.
Оң аяқ, сол аяқ,
Кетті доп домалап.
Аяймын қақпаны,
7-0,
обал-ақ!
Үлгілі отбасы
Әппақ арман- желкені,
Жалғасады ертегі,
Чемпиондар лигасын,
Отбасы боп күтеді.
Кубок ұстап тұрғаны,
Допты баспен ұрғаны,
Әкесінің қимылын,
Қайталайды ұлдары.
Әкесінің күлгені,
Әкесінің жүргені,
Қайталайды ұлдары,
Алған кезін жүлдені.
Ойнағанда баласы,
Мәз болады анасы,
«Ұқсаймын ба әкеме?
Дейді,- маған, қарашы».
«Барселона» футбол клубы
«Барселона» Чемпиондар Лигасының жеңімпазы.
Тоқтамай деп қиын,
Жеңістің жырын жаз.
Жасасын чемпион!
Жасасын жеңімпаз!
Ең күшті команда,
Аспандап, биіктер.
Жеңеді көгалда,
Тек қана үздіктер!
Мойымас мықтылар!
Болса оңай жеңіп көр,
Тұғырға шықты олар.
Ақталды үміттер,
Олар үздіктер!
Олар чемпион!
Олар жеңімпаз!
2014 жыл.Әлем чемпионаты.Финал. Германия - Аргентина
1 0
Тек финалға арналған Доп.
Шыркөбелек айналған Доп,
Атқан оқтай зулаған Доп,
Асау аттай тулаған Доп.
Бағанаға сарт еткен Доп,
Жанкүйерді тәнті еткен Доп.
Жеңіл ғана қалқыған Доп,
Көкке жетіп шалқыған Доп.
Тығырыққа тірелткен Доп,
Қас-қағымда зыр еткен Доп.
Көңілдерді толқытқан Доп,
Тренерді қорқытқан Доп.
Қақпашыны секірткен Доп,
Қорғаушыны жекірткен Доп.
Шабулшыны ышқынтқан Доп,
Төрешіні ысқыртқан Доп,
Стадионды тербеген Доп,
Ыңғайға бір келмеген Доп.
Маңдайшадан серпілген Доп,
Қошеметке желпінген Доп.
Орындардан тұрғызған Доп,
Шапалақты ұрғызған Доп.
Ұшып-қонып, зырлаған Доп,
Жорғалаған, тұрмаған Доп.
Терлеп-тепшіп шаршаған Доп,
Тынығуды аңсаған Доп.
Жұмыр жерді арбаған Доп,
Арман-мұңға айналған Доп.
Қақпадан сәл мүлт кеткен Доп,
Тоғыздыққа бүлк еткен Доп.
Біреулерді қуантқан Доп,
Біреулерді жылатқан Доп...
Бетбұрыс
Деп: «Неге гол салмадым?»,
Шайнап еді бармағын.
Көп жыл өтті арада,
Ұмытпайды арманын.
Аргентина- ұраны,
Аргентина -жыр-әні,
Аргентина жылады,
Жүрегінде тұр әлі.
Кірді әжесі түсіне.
Алды әжесін есіне.
Енді ұтпаса финалда,
Доп тебеді несіне?
Аргентина чемпион!
Футболдан әлем чемпионаты.Катар.2022 жыл.Тарихи күн.
Бұл күнді көп күттік, жеңер деп желпіндік,
Алаңға шықты ол, асықпай, еркін, нық.
Бәлкім, бұл Леоның ең соңғы ойыны?
Лео үшін, бәлкім, бұл ең соңғы мүмкіндік?
...Осы сәт татиды бар ғұмыр, ғасырға,
Отаны бұл күнді көп күтті расында.
Аңсатып, шөлдетіп, күттірген жеңіс бұл!
Шаттықтан жылады кәрісі, жасы да.
Айналды аңызға!
Айналды алыпқа!
Кубокты әкелді, алтын ұл халыққа.
Мессидің мүсіні тұрады көшеде,
Мессидің есімі қалады тарихта.
Катар.Әлем чемпионаты. Қысқа сұхбат.
Ди Стефано ойнаған,
Марадонна ойнаған,
Пассарелла ойнаған,
Батистута ойнаған...
Құрамада доп тебу,
Кез- келгенге бұйырмаған.
Жап-жарық боп жан-жағым,
Қанат бітіп самғадым.
Жеңісімді Отанға және
Әжеме арнадым.
«Алтын кубок» алғаным,
Ең ғажап күн!
бар бағым,
Жоғары ұстау ел туын-
Бала кезден арманым.
Еңбек...Еңбек... Еңбек...
Дүниенің кеңдігін,
Дәл Мессидей білді кім?
Арқасында еңбектің,
Бай,
Даңқты - ол бүгін.
Доп тебуді үйренді.
Таланты тез еленді.
Чемпион деп Мессиді,
Құрметтейді ел енді.
Мәлім болды әлемге.
Есімі бар әр елде.
Жетер ме еді жеңіске,
Жалқау болса егерде?
Мәз ғып кіші, үлкенді,
Төкті алаңда көп терді.
8 рет аспанға,
«Алтын допты» көтерді.
Кім күштірек, кім мықты?
Месси және Роналдо,
Қанша «Алтын доп» алды?
Қоссақ бәрін есептеп,
Бас шайқаймыз «13» деп.
Месси және Роналдо,
Қәне, қанша гол салды?
1000-нан асар голдары,
Дерек осы қолдағы,
Сұрмергенге ең үздік,
«Алтын бутсы» кигіздік,
Месси алды 6 рет,
Роналдо алды 4 рет.
Чемпиондар кубогын,
Алды көп рет кім бүгін?
Месси алды 4 рет,
Роналдо алды 5 рет.
Пас беруден кім алда?
Кім гол соқты финалда?
Бәрін жиып жүлденің,
Қамшылады бір-бірін.
Шапқан тұлпар секілді,
Ұшқан сұңқар секілді,
«Ай менен Күн секілді-
Деп,- екеуі» ел күлді.
Футбол тарихы
1857 жылы Англияда «Шеффилд» кәсіби футбол
клубы құрылды.
Англия футболдың- Отаны,
Тігілді сол жерде отауы.
Бөлініп, доп тебер көгалда,
Сол жерде құрылды команда.
Сол жерде сайланды төреші,
Футбол, рас, спорттың- төресі!
Сол жерде жазылды ереже,
Футбол боп ашылды терезе.
О, Футбол!
Пас,
Пенальти,
Аут,
Гол!
Сиқырлы спорт – футбол!
Бұрыштама,
Айып доп,
Көреміз біз халық боп.
Біреу соғар алақан,
Біреу ұрар барабан.
Күйіп-пісер біреуі,
Біреу мәз боп күледі.
Футбол - толқын тербейді,
Біреу үрлер кернейді.
Шулар бәрі:
Гол!
Гол!
Нағыз өнер- футбол!
Ойнайды оны:
Алжирде,
Анголада,
Парижде.
Мексикада,
Кубада,
Жапонияда,
Тувада.
Доп тебеді бәрі де,
Құмар жас та,
Кәрі де.
Пенальти,
Пас,
Аут,
Гол!
Ғажап ойын – футбол!
Месси, Месси, Мессилер...
Қара,
Сары,
Ақ бала,
Доп тебеді шаттанып.
Доп тебеді қақпаға,
Доп тебеді шаңдатып.
Әрбір үйдің ұл-қызы,
Көшеде доп қуады.
Ендігі спорт жұлдызы,
Қандай елде туады?