Жылдың үздік балалар шығармасы
49

Маған ұшуды үйретші

(хикаят)

І

Жарқырап жанған Күн анау бір ауылдың жанындағы сарқырап аққан өзеннің бетіндегі бұрқыраған көпіршіктің жылт-жылт еткен әр тамшысымен қоса күлімсіреп тұр. Ал тура сол тұстағы бақта Бозторғайлар отбасы емен-жарқын ұшып-қонып, айналасын әнге бөлеп жатыр. Ұясына түскен күн шуағы қалқалаған жапырақтарды сүзіп өтіп енді жарып келе жатқан әнеу бір жұмыртқаны қытықтайды. «Оян, балақай!» дегендей нәзік сәуле қабық бетінде ойнақшып тұр. Әдеттегідей балапандардың ата-анасы ырзығын іздеп ауыл маңын торуылдап жүрген. Тапқан-таянғанын жұмыртқасын жарып шыққан балапандарының аузына тоспақа әкеп, азықтандырмақ. Ал бұлар тұратын мына бақша Ермек есімді көпті көрген, мейірімді әрі жуас қарияға тиесілі. Сөйлегенде аптықпай, ақырын сөйлейді. Кемпірінің ғана сампылдап сөйлеп жатқан дауысы естіледі сонадайда. Олар мұнда не бақпайды: қозы-лақ, тауық, күркетауық, бұзау т.б. Ал осы үйдің бір бақшасында өсіп тұрған неше түрлі көкөністер мен жеміс-жидектер көздің жауын алады. Сол үшін де бозторғайларға осы ауладан алысқа шығудың қажеті жоқ. Айналасы тола несібе. Кейде мейірімі тасыған шал есік алдына жем шашып, құстарды түгел шақырады. Не керек, кептерлер де, қораз-тауық, шымшық, торғайлар да жемге таласып шұқынып жүргені. Бұндай күндерді атаулы бір мереке ме дерсің. Ондайда құстар бір-бірін шықылықтап шақырып белгі береді. Онысы атамыз зейнетақысын алды дегені. Немесе қаладан немерелері келді деп ымдағаны. Қария немерелеріне ғана емес, бүткіл жан-жануар, өсімдік, құстардың атасына айналып кетті. Оны құстар өз тілдерінде «атамыз жұмысқа шықты, апамыз тігін тігіп жатыр» деп әңгіме қылып отырады. Осы аула – тек сол қарт пен кейуананың ғана үйі емес, күллі мына құстардың да мекеніне айналғалы қашан. Бұл бақтағы тал-теректер құстар үшін аудан рөлін атқарса керек. Ал ауылдағы барша бақ-тоғайлар – құстардың қалашығындай. Құстардың әкімі бар. Ол әлбетте бұл мекенді бірер ғасырдан бері мекен етіп келе жатқан Ала қарға. Осы қарияның бала күні, тіпті әкесінің де балалық жылдары Ала қарғаның қаперінде екен. Бұл бақтағы құстардың жай-күйінен қарт та хабардар. Оларға ағаштан ұялар жасап берген. Денінде бұндай ұялар бар. Көбісі бұрыннан осы жерді мекендейтін бай-манаптар мен осында немесе өз жерінде қыстайтын құстар. Ал жыл құстарына пәтерге ғана беріп жатады.  Өкінішке қарай, бұл өлкеден көптен бері жыл құстары ұшып кете алмайды. Өйткені, айнала түгел қауіп пен қатер. Жан-жақтан анталаған мергендер жасағы торуылдап жүр. Аң-құстарға қас адамдар кейінгі кезде қаптап кетті. Соны байқаған Ермек құстардың қыстан аман-сау шығуы үшін ағаштан ұя қашап бергені де сондықтан.  Жаңа көшіп келгендер бұта арасынан ипотекаға үй алып, кейін өздері ұя тұрғызып алатын. Ағаш бұталарын саялаған ұялар удай қымбат. Қысқа қамданған құстар күндіз-түні қызмет қылып, үй-жайларын реттестірумен әлек. Құстардың да өз заңдылығы, қам-қарекеті барын адамдардың бірі байқаса, бірі байқай бермейді.

Бұл ұялардың сырты кішкене ғана қарапайым көрінгенімен, ішінде өздеріне қажетті кітаптары, қалам, қағаздары, т.б. құралдары бар. Бақ-қалашығында құстар білім алатын мектеп, емхана, тіпті әуеде ұшатын өз жолдары барын қайтерсің. Әскер құстары да ауыл айналасын қадағалап жүреді. Кәдімгі қайнап жатқан тіршілік. Бұрында кей оқымысты жыл құстары шетел асып, жылы жақта білім алып қайтатын. Онысын еліне әкеп ауданы мен қалашығының дамуына арнайтын. Кейбір тентек құстарды тезге салатын қапастары және бар. Ал адамдардың көзінде құстар жәй ғана ұшып-қонып жүрген  тіршілік иесі секілді. Тіпті жұрттың дені бұлардың бар-жоғына мән де бермейді. Кейде ғана мұңайған, ойға батқан, шабыт кернеген жандар құстардың қанат қағып ұшқанына назар аударып, өмірдің, оның ішінде адамның бір бөлшегі екенін мойындағандай болатын.

Ал мына бақшада таң атысы, күн батысы жарыса сайраған құстар хорынан оркестр ойнап жатқандай. Ән айтып тілдеседі, би билеп ымдасады. Онысы бақытты, сағынышты әспеттейтіндей. Тек қашанда үйіне қамалып ап түнде ғана көрінетін жалғыз Байғыз ғана үрейлі әуезімен бақшаны мұңға бөлейді. Ол сонысымен түнгі тыныштықты күзететін. Ал анау бір сәкіде отырған шал-кемпір алыста қап кеткен естеліктерін әңгіме ғып шәй ішеді. Олар шәй ішкенде, жан дүниесінде сақталған бақытты сәттерін ұзағынан сүйіндіргісі келгендей құстар да ән айтуын доғарған емес.

Осындай бақ пен соры, мейірім мен шапағаты, әрі қауіп пен қатері қосақталған өмір атты әлемге Бозторғай балапаны жұмыртқасын жарып келді-ау, әйтеуір. Көзін ашқанда жапырақтар арасынан себезгілеп түскен күн сәулесі: «Қош келдің, балақай», – деп жылы алақанымен сипалап, еркелетіп тұрғандай әсер қалдырады. Дүниеге келгеніне сүйінші сұрағандай айнала түгел сайрап тұр. Жапырақтар – қанат құсап самалға тербеліп, ұшып кетердей дір-дір етеді; енді бірде адам алақаны құсап шапалақ ұрып, өмір сахнасына келген балапанды қарсы алып жатқан іспетті; және сәбиін бесікте тербеткен ана алақанындай. Сыбдыр еткені – әлдилегені. Балапан сондай бір құштарлықпен алдыға ұмсынды. Әуелі көзіне ерсі көрінгені – мына жат әлем, содан кейін – кішкене тұмсығы. Мұнысы ебедейсіз секілді ме, қалай. Әлсіз аяқтарымен бір-екі адым аттады да, құлап қалды. Байқаса, қауырсын-қанаты бар екен. Бұл тағы не үшін керек, деген сыңайда қызық көріп, қомдап қояды. Шиқ-шиқ етіп «іңгәләп» жатқан кім болды екен десе, өз дауысы екен. Кенет жан жағынан шықылықтаған балапандарды көрді – бауырлары. Бәрі де өзі сияқты шарасыз, әлжуаз. Олардан қалам ба, дегендей бұл да бар күшімен шиқылдай жөнелді.  Білгендей-ақ әке-шешелері ұшып келді де, мархабат толған жанарларын төңкере көз тастады. Бауырына тығылғандары сол екен, өздерін қауіпсіз сезінді. Қамыс пен батпақтан салынған аядай ғана осы бір ұя – туған үйі, жұпыны болса да, сондай жайлы, ыстық көрінді.

            Сәл өсіңкіреген соң басын ұядан шығарып айналаға зер салды. Сонда туған жер дегенді алғаш сезінді. Бәрі де өзі үшін жаралғандай. Айналаның барлығы оның ойықтай көзін тойдыру үшін әсем көрініске бөгіп тұр: алакеуімденіп күннің батқаны, бұлттардың түрлі бет-бейнеге еніп, көкте жүзгені; ал ана бір адам баласының бірін-бірі қуалап, жүгіргені, бәрі де тек осы бір бозторғайға арналғандай. Оған бәрі қызық. Бәрін көргісі, білгісі келеді. Тек мына ұядан қылтия шыққан мойны талып кететіні болмаса. Тезірек өсіп, ер жетіп, ата-анасы құсап көкте самғағысы келеді. Сол үшін әлсіз қанаттарын бір-екі рет қағып көріп еді, еш өзгеріс болмады. Қасындағы бауырларының мінездері әрқалай. Бірі – жалқау болса, екінші бірі – пысық. Күйгелек, байсалды, ұшқалақ, ержүрек – бәрі табылады. Ал бұл болса – аңқау әрі қияли.

Бірде әкесі мен анасы балапандарына есім қоюды ұйғарған. Аттарын да олардың қылықтарына, бет-пошымдарына қарап қойса керек.

–Сенің атың – Сүйір, ал сенікі – Таңқы, ал сенікі болса, – деді әкесі бұның бет жүзіне, түр әлпетіне қарап тұрып. Қауырсынының арасына біткен ақ түсті аңғарып:

–Ал сенің атың Аққанат, балам! – деді арқасынан қағып. Осылайша Аққанат атанып, ақша бұлтты қанатым тіліп ұшатын күн де алыс емес деген үмітпен құланиектеніп батқан күнге қарағыштай береді. Ал әке-шешесі балапандарына қарап таңдай қағады. Жоқтан пайда болған, әлсіз де әлжуаз, мейірімге мұқтаж мына балапандары ертең көкті көріктендіретін құс атанарына қуанады. Ұядан ұзаққа, басқа балапандары құсап бұлар да ертең алыстап кетеді-ау деп, әке-шеше байғұс қам жейді. Күн өткен сайын балапандар тезірек өсіп, ересектерін әкелері баптап, құлқын сәріден жаттықтыру жасатып жатады. Жұмысқа қарай ұшып бара жатқан Тоқылдақ ондайда қылжақтап өтетіні бар:

–Өзің жарытып жасамаған жаттығуды балапаныңа жасатып, қандай пұшпаққа жетем дейсің? – дейді сырғып баратқан көзілдірігін қайта итеріп қойып.

– Адамдар – армандайды, аңдар – аулайды, ал  құстар – ұшады. Самғауға баптап жатырмын дә. Әкенің міндеті де сол – ат қойып, ұшуға үйрету емес пе!

–Жөн-жөн көрші. Жұмысқа кешігіп қалма. Бастығымыз  қатал, – деп онсызда белгілі нәрсені ескертіп қойды. 

Одан кейінгі тәрбиелік міндет анасына қалады. Ол болса әріптерді, ән айтуды, сосын барып қауіпсіздік ережесін таныстырып бақты.

–Мына біз қорғануымыз керек бірнеше қауіп-қатер бар. Соны ескерсеңдер – ғұмырларың ұзақ, дендерің сау болмақ. Мәселен, мына аудан шекарасынан әзірге ұзаққа ұшпаңдар. Ертең сабаққа барғанда тіке барып, тік қайтыңдар. Себебі айнала тола тор-тұзақ. Ауылдың айналасында өздерің сияқты адамның балалары бар. Бірі жақсы болса, енді бірі сотқар. Олар зақпысын тартып ұшқан құстарды атып ойнағанға құмар келеді. Байқаңдар! Ал мына өңір сыртында бесатарын кезенген суыт жүрісті аңшыларды айтпай-ақ қояйын. Олар тіптен аямайды.

Ұшқысы келген балапандар күннен күнге дегбірсізденіп ұяның ернеуіне келеді де, батылдары жетпей қайта жөндеріне кетеді. Әкелері де бірнеше мәрте ескерткен-ді:

–Қанаттарың әлі әлсіз, қатайсын сонсоң ұшасыңдар!

Құстар қалашығы сөз жоқ ғажап. Аққанат сонша сезімтал болған соң ба, оған үп еткен леп, дір еткен қайың жапырағы да жанын сағынышқа бөлейді. Жан-аңсары сондай бір саяхатты, биікке самғауды қалайды да тұрады. Бір әттең-айы, арманы қанша үлкен болғанымен, қанаты соншалықты қысқа, әрі әлсіз. Ұшпақ түгілі, төмен қарауға қорқады. Әр күні ұшқан құстарды тамашалаумен өтеді. Қарлығаштар адам баласына тіптен жақын екен. Ұялары да үй бұрышында. Сондықтан да олар адамзатқа еркелейді.     

–Ермектің немерелері келді дегенше – сынақ келді десеңші, – деді бірде ана Бозторғай анау бір шулап жатқан балаларға алайып қарап. Немерелері жамырап ашық алаңқайда олай бір, бұлай бір жүгіреді. Қорадағы қошқарға мінеді, бұзау қуады,  атызға тас лақтырады. Ол аздай зақпымен құстарды атады. Атасы мен әжесі немерелерін ренжітіп алмайын деп, ақырын ғана бұлары дұрыс еместігін түсіндірген болады. Бірақ, тентек балалар көзден тайқи бере, ескі әуендеріне қайта басады дерсің. Сондайда құстар қалашығы тұрғындарының тыныштығы кетіп, бейберекет тіршілігі басталады. Кептерлер сапқа тұрып, тоқ бағаналарына отырып алып әлгі бұзақыларға саңғырады. Торғайлар балалардың ойын бөлу һам ұяларынан алысқа әкету үшін қуғандарынша қастарына жуықтап ұшады. Ал тоқылдақ ағаш бағанасын тұмсығымен тоқылдатады кеп. Тек қарияның кенже немересі, сарғыш, тапал бойлысы ғана құстарға зиян тигізбейтін. Керісінше қызыға қарап тұратыны бар. Қызыққаны сонша, құстар соңынан жүгіріп, айнала билейді. Фудболкасының желге дірілдегенін қызық көріп: «Қазір мен құс боп ұшып кетем», – деп айқайлайды келіп. Басқа балалар оның мұнысына пысқырып мән берген жоқ. Сол үшін де ол саяқ серуендеп, жалғыз ойнайтын. Бұл сары баланың аты – Жандос.     

–Соған қарамастан адамдар арасында жақсылар да жетерлік. Мына Ермек пен Әртіскүл соның бір көрінісі. Жалпы адам деген халық сондай бір қызық жаратылыс. Оларды уақыт өте келе түсінесіңдер. Танысасыңдар, тіпті араларынан дос та табуларың мүмкін. Олардан асқан мейірімді жан да, олардай қатігез тіршілік иелері де жоқ, – деп ескертті анасы қорғалап, сөзіне ұйып отырған балапандарына.

–Әкеміз қашан келеді, қарынымыз ашты, – деді бірі шиқылдап.

–Шыда, қазір келеді! Оның үстіне бүгін білесіңдер Ермек атаның үйінде мереке. Түрлі дәмді дәндерін шашып, құстарды бір қарық қылатыны бар. Әкең содан тосылып қап жатқан шығар, – деді. Әкесі де сезгендей-ақ ұяға ұшып жетті де өзін көріп қуанған балапандарын қанатының астына алып, бауырына басты.

            Балапандардың бірі әнге, енді бірі биге, тағы бірі білімге қызыға бастады. Бұлар ұшып үйренгенше, мектепке барғанша аналары вокалдан сабақ беріп, ән айтуды үйрететін. Араларындағы пысықайлары ауада бірер минөт қалықтап тұруды үйренгенімен, қанат қағып ұядан алыс ұшуға батылдары жетпеді. Әкелері: «Қане бір, бір, екі, үш, қанаттарыңды қағыңдар міне, осылай»! – деп қадағалап отыратын. Күн өткен сайын қанаттары қатая бастады. Ал әуезді әндері айнала төңірегін ғажап әсерге бөлейтін. Жұмыстан қайтып келе жатқан құстар легі бозторғайлар қасынан өте беріп ән шырқағанына қызығып бағаналарға жалғанған тоқтарға қона кетіп құлақ түре қалатын. Балапан болған соң ба, даусына құстар түгілі адамдар да әсерленеді.

–Ғажайып үнмен кіршіксіз жүрек үйлескенде әлемде ең әсерлі ән әуелемек, – дейтін анасы да балапандарының сайрағанына дән риза болып. Тек Аққанатқа ескерту жасап жатады:

–Сен қалып қойып жатырсың, сәл соз.... қане... міне, былайша!

            Аққанат тамағын қырнап қойып анасының айтқанын бұлжытпай орындап бағады. Оның жанталасып ән шырқап жатқанын көрген пошташы Сауысқан:

–Әй, балақай, басқа-басқа сенен әнші шыға қоймас, – деп ойындағысын газет таратып жатып айтып қалғаны. Ешкім оған мән берген жоқ. Аққанат қана көңіліне алып, алабұртып қалды. Анасы тоқып отырған ұршығын қоя қойып, газетке үңіле түсті.

–Мәссаған, – деді сонда таңырқап.

–Не болды? – деді балапандары жапатармағай үймелеп.

–Хазар теңізі тұрғындары – шағалалар митингіге шығып жатыр екен. Айтуларынша адамзат барған сайын астамсып бара жатыр дейді. Табиғатты былғап, қоқыс тастап жатқандары сонша, Каспий теңізінде балықтар өліп жатыр екен. Сол себепті шағалалар ашығуда.

–Адамдар неге табиғатты ластайды?

–Өйткені, қолдарында бар нығметтің қадірін білмейді. Өздерімен бірге үйлесімділікте өмір сүріп жатқан жан-жануар, құстарды ойламайды. Біздерді ойласа еді, қоқысты көрінген жерге тастап, жерді ластамас еді. Дені білгенін істеп, біз түгілі өз ұрпақтарының келешегіне немқұрайлы қарайды.

–Қоқыстың зияны көп пе?

–Одан табиғат зұлымдық шегеді. Тәртіп бұзылып, жарық күннің ажарын бұлт басады. Міне, сол үшін де шағалалардың шағым айтып жатқаны.

–Адамдар тыңдайды ма? – деді екінші бір балапан.

–Айтқанымдай, адамдар өзі қызық халық, сондай ақылды, әрі баладай аңғал. Қолдарынан не келмейді, бәрі де келетін – ұста. Бір нәрсеге құлшына кіріссе технократтық жаңа дүние ойлап табады. Бірақ оны экспериментке айналдыру үшін табиғатты улап, артынан бармағын тістеп қалатыны да жоқ емес.

–Біздің Сүйрік сияқты екен, – деді Таңқы, – бір нәрсе жасаймын деп күйгелектеніп, түбінде бүлдіріп алатын, – бәрі күліп алды.

–Мен адамдардан қорқам, – деді Сүйрік ойында ештеме жоқ анасының сөзінен әсерленіп.

–Қорықпаңдар! Олар да табиғаттың төл баласы, біз сияқты көбейіп, өсіп-өнеді. Оларды кейде біздің ғалымдар, атын ұмытып тұрғаным, – деді Бозторғай ана ойланыңқырап, – айтқаны бар-ды: «Біздер – құстар мен адамдардың түбі бір, деген әпсана қалған екен ескілерден. Адам – ұша алмайтын құс», – деп айтқаны бар-ды. Олардың аяқтары жерде демесең ой-санасы зауза көкте бізбен бірге қалықтап жүреді, – деді шешей балаларды қызықтыра түсіп.

–Сонда адамдар бізге бауыр екен ғой...

–Иә, солай десе де болады, – дегенде Аққанат жердегі құс құсап қолдарын екі жаққа ашып ап, жүгіріп ойнап жүрген Жандосқа көз тастап ойланып қалған.  

ІІ

 

Балапандардың қанаттары қатайып, күн сайын бір-бірден ұшуды үйреніп те кетті. Бірінен соң бірі ұяның үстін айналсоқтап, мақтанысып: «Қарашы, мен қалай ұшамын», «маған да қара, ауада қалықтап тұрмын», – дейді жарыса шиқылықтап. Мақтанған балапандарын бақылаған әкелері ұшпай ұяда қап қойған Аққанатты ұмытып та кеткен. Ол: «Әне ұшам, міне ұшам», – деп бір шешімге келе алмай қорқақтап тұр. Жан-жақты аралап келген бауырлары мен әкесі өзінің ұядан ешқайда шықпағанын көріп, таңырқап: 

–Сен не ұшпағансың ба, әлде оралып қойдың ба? – деді әкесі, – біз болсақ ауданды бір аралап қайттық.

–Қорықтым, – деді Аққанат еңсесі түсіп, төмен қарап.

–Қорқақ-қорқақ, – деп мазақтаған кейбір бауырлары сықылықтап күле бастады.

–Тәйт, – деді әкелері бұның қасына келіп, – қорықпа балам, несіне қорқасың! Сен ұшу үшін жаралғансың, демек, мұның түк қиындығы жоқ. Құдайға тапсыр да, қанатыңды жайып ап, қалықтай бер. Бар болғаны сол ғана.

–Ал егер жерге құлап кетсем ше? – деді жәутеңдеп.

–Құлайтындар ол – қанаты жоқтар! Сендегі қанат – мынау емес, – деді оның қауырсынын сипалап, – сендегі қанат – мұндағы намыс, батылдық, арман-сенімің, – деді дір-дір еткен жүрегін нұсқап.

–Жарайды, тырысып бағам!

–Қорықпа, жүрегіңді әлсіз қылма! Самғауға бола жаратылған жансың. Қорқынышыңа қарай қарсы жүр, қолыңнан келеді, қане! Сенем саған, балам!

Мына сөздерден шабыттанған Аққанат намысқа тырысып ұяның ернеуіне барып тұрды да, көзін тарс жұмды. Іштей шешесі үйреткен дұғасын қайырып, «ұша алам» деп үш рет қайталады. Ерік-жігерін жиып секіріп қалғаны мұң екен, төменге құлдилай кетті. Көзін ашқаны сол, тіптен шошыды. Бұта-жапырақтар арасынан сырғып, зымырап келеді. Айнала түгел жым-жырт. Осының ұшқанын күтіп тұрғандай іштен тынған. Жерге жете бергенде ұядағы бауырлары шошып, елең ете қалды. «Менің қанатым – менің жүрегім», – деді де қанатын қомдай түсіп, көтеріліп кетті. Қанатын тағы бірнеше мәрте қағып қалғанда қалықтай жөнелді. Бауырлары шүкір дегендей құрысқан денелері жазылды. Аққанат өз көзіне өзі сенбей қанатын қайта-қайта қағады кеп. «Мен ұша алам, мен ұша алам», – деді қуаныштан жанары мөлтілдеп.

–Әке, қара, – деді дауыстап, – мен самғап келемін!

–Жарайсың, балам, міне, азамат! – деп әкесі одан бетер арқаландырып жатыр.   

Ол да бауырлары құсап мақтанғанды ерсі көрген жоқ. Барша тіршілікке мақтанған боп, көкті тіліп олай бір, бұлай бір ширатыла ұшады. Өз жолымен келе жатқан инелікті қаға жаздап жанынан зымырап өтті. «Көзіңе қарамайсың ба, өз жолыңмен жүр, – деп жазғырып алды анау, – қазіргі жастар жол жүру ережесін білмейді, қалай болса, солай жүреді». Аққанат қанатының қызығына кіргені сонша бақшаны төменге қалдырып зау биікке құлаш ұрды. Көптен баураған, менмұндалап шақырған бұлттарды ендіге бауырымен сипалап барады. Осы бір бұлттар ағаштың мап-мамық, аппақ жапырағы шығар деген балаң қиялы бекерге шықты. Сонда да көз тоймас бұл керемет жоғарыға қарай елітіп әкетті. Түн баласы жанарына талай үміт ұшқынын сепкен жұлдыздарға бір-ақ жеткісі келетіндей. Қанаты талып, төменге қараса өскен ұясы нүктедей болып қарайып тұр. Әлгінде ғана үрей тудырған, жер жүзіне әмір еткен алып адамдар құмырысқадан бетер кішкене көрінеді. «Адамдар кішкентай бола тұра неге сонша тәкәппар болады екен» деген ой келді. Кенет әкесінің даусы естілді.

–Балам, қайта ғой енді, алыстап кеттің, айналада қауіп көп!

            Осыны естігенде барып қана анасының ескерткендері есіне оралды. Күннің сиясауытынан төгілген сиядан ақша бұлт жалқын шұғылаға боялған. Табақта қуырылған жұмыртқадай. Қызыл шәйге тастай салған лимон тіліміндей. Соған қарап ұша білудің бақытын ұққандайсың. «Самғау деп – армандауды айтады» дейтін анасының кейбір сөз орамдары құлағында жаңғырады. «Мен сонда арманымның ішіндемін бе? Мына бір ғажап көріністер мені қайда шақырып жатыр? Мына зауза биіктік менің кім екенімді айтқысы келе ме, қалай! Әне, ана бір жасыл алқап, қан-тамырдай ағып жатқан, сорпадай сапырып жатқан өзен-көл, бәрі ғажап» деп ойлап тұрғаны сол екен, әкесінің даусы қайта естілді:

–Балам, қайдасың, қайт деген соң, қайтсаңшы енді.

Бұл жолы даусында зіл мен абыржу бар.  Қой, шынында қайтайын деп төменге құлдилай бергенде алыстан қарауыта ұшып келе жатқан әлденені байқады. Не болды екен деп көз тоқтатқаны сол, әлгі қараның дөп маңдайынан қанталаған қос нүктені байқады. Бойын үрей билегені сонша, қай бағытқа ұшарын білмей сасып қалды. Сөйтсе артынан қуып келе жатқан барымташы Қырғи екен. Анасының да талай мәрте ескерткені бар-ды. Бекер тыңдамаған екем деп ойлады. «Әке-әке» дей бергенімен қарлығып, даусы шығып болатын емес. Үйі қай бағытта қалғаны белгісіз. Әйтеуір бұлт тұманының таусылатын түрі жоқ. Күн де қырсыққанда ұясына батып, қас қарайып кетті. Әлгі қырғи шиқылдап артынан қуып келеді. Жаңа ұшып үйренген Аққанат үшін бұл бір үлкен сын болды. Жүрегі де атқақтап аузынан шығып кетуге сәл-ақ қалды. Қырғи қуып жете бергенде, саудам бітті-ау деп ойлап үлгергені сол, әкесінің қайдан шыққаны – жарқ етіп, қырғидың алдын орай ұшты. Енді қырғи әкесінің соңына түскенде, «үйге қарай қаш» деген әкейдің жан дауысы талып жетті. Қас қарайып, айнала қараң-құраңдайды, ымырттағы үйлер қарауытады. Терезедегі шамға қарап жұлдыздар жерге шөккен бе дерсің. Үрген иттер мен пысқырып, маңыраған малдардың арасынан біреу-міреу шыға келетін сияқты. Үйіне әзер дегенде талып жетті-ау. Ауласына келе бергенде желге ырғалып, сусылдаған теректердің жапырақтары қылтиған барымташының басындай қорқыныш ұялатады.

–Балам-ау, жеттің бе, шүкір, – деп анасы жанұшырып, әлек болып жатыр. Әлгі күліп, мазақ қылған бауырлары да, уайымдап қалса керек, қаумалап алыпты. Енді әкелерін алаңдай бастады. Бірақ әкелері тісқаққан ұшқыш екенін дәлелдегендей көп өтпей жатып қайта оралды. Келе салып бәріне қарата: «Қайталап айтамын: сақтық ережесін сақтаңдар! Айнала толған қауіп-қатер. Ешкімге сене бермеңдер, танымайтын бірінің соңына ілеспеңдер», – деп қатаң ескертті. Мұны естіген балапандары майор алдында қаз-қатар тұрған солдат құсап, «Құп болады, әкей», – десті.

Жылдам әрі шым-шытырық уақиға болған соң ба Аққанат ұйықтай алар емес. Тағы да ұшқысы келеді. Тезірек таң атқанын қалады. Асықпай жан-жақты барласам дейді. Ұядағылар түгел пысылдап ұйқы құшағында жатыр. Ал мұның жанары жақұттай жылт-жылт етіп, аспандағы жұлдыздарды тамашалауда. Иненің саңылауындай қарашығына алып жұлдыздар қалай сыйып кеткен деп таңқаласың.  Мүмкін көзі де кішкене жұлдыз да шығар. Аспан – ашылған кітаптай, жұлдыздары – шашылған қаріптей, «мені, оқы» деп көрсетілген ишарат па дерсің. Әттең, әріп танымайды. Алдыда әлі мектепке бармақ. «Есею, ер жету деген – қызық екен ғой» деп ойлады. Түгел бәрін білсем, көрсем деген құштарлық санасын билеп әкетті. Жұлдыздар түнек-теңізінде жымың-жымың етіп қанаты бар жандарды арман әлеміне шақырып жатқан маяк сияқты. «Шарласам, араласам ғой әлемді». Кенет сәкіде ұйықтап жатқан адамдардың күбір-күбір сөздері естілді. Ақырын басып, ұядан басын шығарса, әжесі немересіне: «Ұйықта, балам! Не ойлап жатырсың?» деп Жандостың үстін қымтап жатыр екен.

–Әже, анау, жұлдыздар ғой мені қызықтырып жатқан. Олар сондай әдемі, не үшін жанады, нендей мақсатта? Кейбірілері ағып та түсті...

–Олар сен сияқты балапандардың ұйқысын күзетіп жатыр. Жақсы жатып, жайлы тұрсын дегені.

–Мен өскенде сол жұлдыздың бірін алып, алқа ғып сізге сыйлағым келеді.     

–Бұзығым-ау, ниетіңе рахмет! Ұйықтай ғой, енді...

Аққанат адамдардың не деп сырласып жатқанын ұққан жоқ. Сонда да ана бір бала айтқаны мен өзінің ойлағаны бір екеніне күмән келтірген жоқ.

 

ІІІ

 

Келесі күні де әкелері балапандарын бір-бірінің соңына қатар тұрғызды.

–Бір-бірлеріңнен қалып кетпей, ілесіңдер, – деді қатаң түрде.

Балапандар жапатармағай бірінші болуға, бір-бірінің алдына тұруға ұмтылды. Аққанат та араларына ұмтыла бергенде, «менің кезегім» деп оны әрқайсысы бір-бір ығыстырып, соңына бір-ақ шығарды. Бауырлары оны бөлетініне кейде ренжігенімен, кешіріммен қарайтын. Таласқан жоқ, соңдарына ілесіп, қатарды бұзбай ұша берді. Алыста мұнарлаған тау басында қалықтап ұшқан ұлар құстары шақыратын сыңайлы. Кезегеннің бірі ағаш басында еріншектеніп отыр. Ал аққұр болса біресе жапырақтың арасында жапырақша өзгеріп, көкке ұмтылса соның бейнесіне ауысып кететін қабілетіне таң. Ал наурызек құсы болса әкесімен жылы шырай танытып амандасты да, ауыл шетіне қарай бұрылды. Ал ана бір бөтен жерден келген қонақ па, әлде әртіс пе, лира құсы өткен-кеткенге пародия салып, айнытпай қайталап отыр. Оған ары-бері өткен-кеткендер көрсеткен өнері үшін деп дән-дақыл тастап кетуде. Ауылдағы адамдардан бастап, ағаш басындағы құс-тұрғындарына түгел көз жүгіртіп шықты. Тіршілік-тыныстары ұқсас. Балапан құстар да адам балаларына ұқсап мектепке бара жатыр.

–Әке, – деді бауырларының бірі.

–Ау?

–Біз қашан мектепке барамыз.

–Бірер күнде сендер де барасыңдар.

Балапандар алақайлап, қуанысып, қауқылдап қалды.

Андағайлаған адамдардың кейбірі іші пысып, қолы бос есік алдында көңілсіз отырғанын байқады. «Айналада қызықты дүниелер самсап тұрғанда қалай бұлай бейқам отыруға болады», – деп қайран қалды. Ауыл-аймақты бір аралап шығып, айналамен танысқан соң, әкелері тәртіп бұзбаған балаларына дән риза болды. Осының құрметіне деп дәнді дақылдарды жемдеуге, қауіп-қатердің алдын алуға баптады. Кешқұрым үйге оралған соң, Аққанат шаршап тұрса да есік алдында біраз серуен құрып, ұшқан болды. Назары жан-жаққа ауып, алысқа шарлағысы келгенімен қалашық заңы бойынша белгіленген шекарадан аса алмайтын. Амал жоқ, банкі ішінде қалған ара құсап бір жерді айналсоқтап жүрді де қойды. Көрші кезеген құсы, мосқал, жалғызбасты болатын. Оның бүйтіп тынымсыз ұшқанына қарап, құдды бір өзі ұшқандай  шаршап кетті.

–Шырағым-ау, айнала бермей, келші, бір тыным алшы, – деді.

–Аға, амансыз ба, – деп қасына жуықтады да, – ұшуды үйренгелі бері, бір жерде тыным тауып отыра алмаймын.

–Әлі ұшқаннан да жалығасың.

–Жоқ, жалықпаспын, – деді балапан бұртиып.

–Ол қазір ғой. Қайда ұшпақсың, өзің бір қарашы. Алысқа ұшсаң – жау келіп жағаңа жармасады. Ал айналаң мына бір шекаралармен сызылған. Көре-көре бұл мекен де көз таныс болмақ. Не қызық бар мына жалғанда? Мен сендердің әкелерің тумай тұрып-ақ бұл өлкені талай шарлағам. Онда шекарамыз сәл кеңдеу болатын. Қауіп те аз-тын.

–Сонда өміріңізде бір де бір рет анау тауды асып ұшпадыңыз ба? Басқа жерлерге бармадыңыз ба?

–Айтып тұрмын ғой, ол жақ түгілі таяқ тастам мына жердің өзінде төніп тұрған қауіп бар да, ол жақ қайда! Бірақ, көргің келеді, ұшқың келеді. Жыл құстарының өзін белгілі бір күзеттен аттап, асырмайды. Тік барып, тік қайтады.  

–Ал мен шекарадан асып, сол жаққа барам, – деді Аққанат алысқа көз жіберіп.

–Т-ш-ш, мына сөзіңді ешкім естімесін. Әсіресе, әкім-қарға! Ол естісе, сен түгілі әкең мен шешеңді жазалайды. Білесің ғой, оның қатал екенін.

–Білем, бірақ, мен одан қорықпаймын.

–Мәселе қорыққанда емес, ол да қай бір жетісіп жүр дейсің, халқының жай-күйін ойлайды да.

–Әкем анда барма, мұнда ұшпа деп тыя береді.

–Ол да сенің аман-саулығың үшін, балақан.

Әне-міне дегенше мектепке де баратын уақыт таяды. Мектептері ауылдағы ең үлкен теректің бірі үстіне бірі жанаса біткен бұтақтары екен. Астыңғы қабатында бастауыш сыныптар, жоғарғы қабатында жоғары сыныптар оқиды. Мектеп директоры Сұңқар. Жүзі суық болғанымен жанашыр. Мектеп тақта, кітап, қалам-қағазбен түгел жабдықталған. Мұғалім кептер, көкектер әр балапанның білім деңгейіне ойлау-жүйесіне қарай сараптап сабақ береді. Күн сайын Аққанат мектебіне қарай ұшып бара жатып Ермектің немересі Жандостың  да қалыспай сабағына баратқанын көретін. Ол бұдан былай атасы мен әжесінің қолында оқитын болса керек. Әрі қолғабыс боп, жандарын да тындырып жатыр. Бір топ балалар анау ұшқан құстар төбелерінен өтсе болғаны отыра қалатыны бар.

–Сабақтан екі аламыз, отырыңдар, – деген пысықай қыздың айтқанына бәрі имандай сенетін.

Ал көкте ұшқан құстар болса балаларға қарап күліседі.

–Мына адамның балалары бізден қорқады-ей!

Жандос үш қабатты мектеп терезесінен терекке үймелеп алған балапан құстарға қарап отырып, «не істеп жатыр болды екен» деп сан ойланды. Уақыт аймен бір, күнмен екі дөңгелеп ақырын барады. Бірақ, Аққанат үшін ауыл қанша сұлу болғанымен анау тау баурайы, оның ар жағындағы мұнартқан бозғылт аспан андағайлап шақыратын да тұратын. Сол сияқты Жандос та бірде үйілген шөп үстіне шығып алып, алысқа, армандарына зер салғандай сағынышқа ұйып отырған. Аққанат оны қызық көріп қасындағы шыбыққа келіп қонақтады. Жандос қозғалса үрке бірге қозғалады. Кенет бала өзімен өзі ән айта бастады. Не айтып жатқанын Аққанат түсінбесе де, мына бір әуезінен сағыныш пен тазалық есіп тұрғанын сезеді. Бұл да балаға ұқсап бағып, әнге үндесіп сайрай жөнелді. Шықылықтағанда айнала тына қалғандай, жым-жырт. Көзін ашса, өзіне тесіле Жандос қарап тұр. Жүзінен таңдану мен мейірім аңғарылады.

–Қандай әдемі торғай. Даусы неткен керемет, – деді жақындай бастап. Аққанат ұша беруге шақ қалғаны сол, Жандос тоқтап, қайта орнында тұра қойды. «Туған жер» әнін шырқады. Аққанат мына бала өзімен ән айту арқылы сырласып жатыр деп ұғынды. Мына бір ырғалған әсем әуезден оның Отанға деген ыстық махаббаты сезіледі. Аққанат та қалыспайын деді ме, елі мен жеріне арнап өз тілінде ән шырқады. Сайрап жатқан әуезі егер көзге көрінетін болса жақұт-моншақтар төгіліп жататын ба еді. Бір-біріне үйренді ме Жандос жақын келді де алақанын ашты.

–Менің атым Жандос, – дей бергенде көпірден өтіп келе жатқан көрші Серік балақайдың үні оқыстан естілді.

–О, торғай, қаш былай, атам, – деді зақпысын созып, Аққанатқа дәлдеп.

–Жоқ, атпа! – деп Жандос қанша  кедергі болам дегенімен тас зақпыдан ұшып тура Аққанат тұрған тұсқа жетті. Аққанат бұл сәтте орнында жоқ болып шықты. Оның қырағылығы сонша ұшып үлгеріп, балаларға төбелерінен қарап тұр.

–Неге атасың, – деп Жандостың көршісіне ренжіп жатқанын аңғарып қалды.

–Құдай сақтады, – деді Аққанат іштей, – байқамаса болмайды екен, шынында, – деді даусы дірілдеп.

Бірақ, мұндай қауіп-қатер оның еркіндікке, кеңістікке деген құштарлығын арттырмаса бәсеңдеткен жоқ. Әкесі мен шешесінің «алысқа кетпе», «онда ұшпа», «шекарадан аспа» деген сөздерін түсіне алмады. Өзін құдды бір әйнекке ұрыла беретін шыбыннан кем сезінген жоқ. Қайда қадам басса да тәртіп сақшыларының: «Балақай үйіңе қайт, онда саған рұқсат жоқ» деген сыңайдағы ескертулерін естиді. Көңілі түсіп, үйіне оралса Ермектің ауласынан аспай, тыныш жүрген бауырлары күтіп  алады. «Сен үшін бізге әкеміз ұрсатын болды, қаңғырып қайда жүрсің? «Осы жерден кетпеңдер», – деген жоқпа еді», – деп дүрсе қойды арасындағы үлкені.

–Сендер менімен ойнамайсыңдар ғой, енді!

–Қалай сенімен ойнаймыз, өзің сондай тілазарсың. Өзіңше жүргің келеді.

–Иә, бізге ұқсасаң ғана, тіл алсаң ғана арамыздан орын бар.

            Ал мектепке бара қалса, мұғалімдері алдынан шыбық ұстап күтіп алады да: «Олай ұшпа, былай ұш», – десе, директоры: «Мектеп ауласынан аттап баспаңдар», – деп ескертеді. Ал көшедегі сақшылар бұлардың үйлеріне тез тарауын қадағаласа, ал үйде әке мен шеше ауладан алысқа жібермейді. Әкесі де бұны қақпақайлап: «Ананы олай жасама», «бұны бұлай етпе», «болмайды, жоқ» деген сыңайдағы талаптарды көп айтатын. «Кезеген құсы шын айтқан екен, бұл жерден алысқа шыға алмаймыз. Алысқа ұша алмасақ, биікке самғай алмасақ, мына қанат бізге неге біткен?» – деген оймен жабырқады. Тыйым мен заңдар оның өкпесін қыса түсті. «Мен жәй ғана еркін ұшқым келеді, ешкімге зиянымды тигізбеймін», – дейді бірде еңсесі езіліп. Оның күн өткен сайын жүдеп келе жатқанын көрген анасы жаны ашып: «Балапаным-ау, жарайды орталыққа шейін бір қалықтап кел, одан алысқа кетпе», – деп жанашырлық танытқан болады. Аққанаттың көзі жайнап, қалықтай ұшты. Шақырайып күн жанып тұр. Жерге қараса көлеңкесі жерде бірге ілесіп келеді. Кенет көлеңкесі үлкейіп кеткендей болды, сөйтсе, жүгіріп келе жатқан Жандос екен. Бұған қарап, қолын құсша жайып алған. «Алақай, мен ұша алам» деп алдынан соққан желге кеудесін тосып, ойнап барады. Аққанат та оның үстінен аулаққа кетпей қалықтап тұрып алды. Жандостан да байқағаны өзінікіндей аңсар – еркіндік. Адам мен құс екеуі жасыл алқапты сәнге бөлеп ойнап жүр. Достасып кетті. Аққанат мұңын шағып өз тілінде:

–Туған жерімді сүйем, бірақ мені барлық жағынан шектей береді. Сайрасам белгілі бір мөлшерден артық сайрауыма болмайды. Ал ұшсам шекарадан аса алмаймын. Жан-жақтан тыйым. Ал менің құштарым анау бір Алатаудың ар жағындағы мұнартқан көк, – сөйтсе Жандос та құс түсінбейтін өз тілінде күбір-күбір етеді.

–Менің достарым жоқ. Көбісі мені бөледі. Қастарына қосқысы келмейді. Бір жерде тұрғанымызбен түсінігіміз әртүрлі. Атам айтпақшы «таудай болып», ертерек есейіп, Алатауды асып, арманыма жетсем деймін. Оқу оқып, ел-жер көріп, халқыма пайдамды тигізгім келеді. Сол үшін мен ана бір алыстағы көкжиекке ұзақ көз тоқтатамын.

Сонсоң қайтадан Жандос қолын қанатша жайып ап, ары-бері жүгіріп, айналады. Оның ойынына қосылған Аққанат қалысатын емес.

Бірде ала қарға ауыл тұрғындарын түгел жинап әкімшілік алдында жиналыс ұйымдастырды. Қаймана жұрт оған құлақ түріп тұрып, одан бетер іш тарта күрсінді.

–Шекарамыз, қарқ-қарқ, тағы да жарты шақырымға кеми түсті, өкінішке орай. Қарқ-қарқ.

–Бұл қалай болғаны, біз кең жерде ұша алмасақ, енді қалай өмір сүреміз, – деген көпшілік дүрлікті.

–Амал жоқ, ағайын, аңшылардың арыны ашылып, қарқ-қарқ, барған сайын көл мен қамыс арасын жиі торуылдайтынды шығарды. Қарқ-қарқ. Тәртіп сақшылары ол жерді – қауіпті алқап деп тапты.

–Бұл адамдар қашан тоят табады өзі. Нақақтан нақақ құс өлтіріп не көрінді сонша! – деген құстардың жиналысы тарқамай ұзаққа созылды.

–Бізге еркіндік керек, қашан қанатымызды кеңге жайып құс құсап өмір сүрер екенбіз, – деген Аққанаттың әкесінің наразы үні де көпшілік арасынан естіліп қап жатты.

Сонда Аққанат жалғыз өзі ғана емес, құс атаулы түгел еркіндік аңсап жүргенін түсінді. Тек іштерінен тынып, амалсыз жүргендерін көргені осы.

Аққанаттың жалғыз алданышы есік алдында Жандоспен ойнайтыны. Өткен-кеткен құстар оған ақыл айтқан болып: «Адамдарға көп жуи берме, олар тұрақсыз келеді», – деп ескерткен-ді. Ал кейбір сыныптастары: «Абайла, сені кешкі асқа әзірлеп жатпасын», – деп мазақтайды. Аққанат оларға ақталып әуре.

–Жоқ, сендер Жандосты білмейсіңдер, ол – мейірімді жан. Құстарды қатты жақсы көреді. Кейде өзі де құс болғысы кеп, қиялдайды.

Оның бұл сөзіне басқалар ықылық ата күліп:

–О заманда, бұ заман адамның құс болғанын көріп пе едің! Сен де қатырасың-ау, тегі!

            Кім не десе де Аққанат Жандоспен достығын үзген жоқ. Жан-жақтан таратылған хабарлар, радио-газеттер адамдардың зұлымдығы турасында айтып жатты. Соған қарамастан Аққанат адамдар да жақсы-жаман болып бөлінетініне сенетін. Ең жаман деген адамның өзі бір күні жақсы болып шығатынына күмәні жоқ-тын. Құстың еркіндік аңсағанындай, адамдардың да жақсы болуға ұмтылатынын байқады.

Жандос жеген алма-алмұртының дәнін береді, жем шашады. Тамақ емес бір уыс мейірім ұсынып отыр ма дерсің. Атасы өзін қалай еркелетіп, айналатын болса, Жандос та Аққанатты солай сипалап, толғанады.

–Мен бүгін математикадан үш алып қалдым, – дейді Жандос көңілсіз.

Аққанат жәй ғана басын қомдап, шиқылдаған болады. Онысы «Түсінбедім» дегені. Оны басқаша ұққан Жандос:

–Дұрыс айтасың, жақсылап дайындалу керек, – деп бір шешімге келеді, сонсоң, – мен келесі жылдан бастап қаладан оқиды екенмін. Сені өзіммен бірге алып кетер едім, алайда сенің үйің осында. Демалыста келіп тұрамын, қам жеме, – дейді. Бір-бірін дауыс ырғағымен сезініп, ұғысатын сыңайлы.

Қуаласпақ ойнайды. Аққанат қашқан болып биікке сәл ұшса, Жандос ренжіп қалады. Сол үшін де Аққанат ойнап жүргенде қол жетпес биікке көтеріле бермейді. Сонсоң жиылған мая үстіне шығып алады да көзін жұмып, желге қолын жайып: «Мен ұшып барамын», – деп айқайлайды.

–Мен кейін өте ақылды адам боламын. Ондайды біздің тілде, «дана» дейді. Сол кезде мен сенің де тіліңді түсіне алады екем. Мен бір елдің данасы болсам, сені кеңесшім ғып қасыма алар едім. Екеуміз сонда ұзақ тілдесер едік. Сен маған аспан туралы, биіктік жайында көрген-білгеніңмен бөлісесің, – деп Жандос сыр тарқатса, бозторғай да қалыспай шықылықтайды.

–Неге адамдар қатігез келеді? Бізге еркін ұшуға неліктен мүмкіндік бермейді? Сен кішкентайсың, әйтпесе, сондай бұзақыларға тосқауыл боларыңа сенем. Мен де кішкентаймын, әйтпесе, елімнің еркін өмір сүруіне пайдамды тигізер едім.

Кейде Жандостың салған суреттеріне қарап отырып, риза болады. Ол тау-тасты, табиғатты альбомына айнытпай көшіреді. Кейде атасына қолғабыс қылып малдарға су береді. Қора тазалайды. Сондайда атасы:

–Ертең қалаға барасың, ол жақта мұндай жұмыс жоқ. Төрт қабырғаға қамалып, телефоннан бас көтермей жатпа. Сыртқа шық, доп ойна, спортпен айналыс. «Шынықсаң – шымыр боласың» деген! – дейді.  Жандос «Қалаға барам», – деп қуанғаны сонша, альбомына зәулім нысандарды кескіндейді. Соларға қарап Аққанат: «Мен де барар ма едім, шіркін»! – деп тәтті ойларға шомады.

            Күз де жетіп, күн ызғырықтанып, суи бастады. Бұлт басқан аспан – қатулы қабақтай түнеріп төнеді. Ұшқан құстардың қанатын зіл батпан басып тұрғандай. Құстардың дені жылы жаққа ұшуға қамдана бастады. Аққанат ұядан басын қылтиып шығарып, сыртты тұнжырап бақылайды. Көк жүзі көңілсізденіп, бұлыттар егденің қабағындай түксиеді. Ал жалғыз досы Жандос қалаға кетуге дайындалып жатыр. Бәрінен бұрын жанына батқаны сол. «Кетпе» деп алдын орап, айналсоқтап қанша ұшқанымен, Жандос қайрылған жоқ. Тек жолға шығып жатып:

–Сені сағынатын болам. Сен менің сүйікті құсымсың! Әлі талай бірге ойнаймыз. Саған қаладан не алып келейін? – деді. 

Шиқ-шиқ етеді. Әдеттегідей бозторғайдың жауабы осы шығар деген оймен:

–Жарайды, мен саған кептерлер арқылы хат жолдап тұрамын. Келесі келгенде жақсылап маған ұшуды үйретерсің! – деді де сары автобусқа мінді. Аққанат автобус терезесіне таяу ұшып оны біраз жерге дейін шығарып салды.

Әуезді сайрауы мұңлы әуендей қимастықты сезіндіреді. Кенет терезеге жақын ұшып келгенін байқаған Жандос: «Бұл менің досым» деп даусы мақтана, жарқын шықты. Қимастықпен қарайды. Қолын ұзақ бұлғады.

–Шекарадан аспа! – деп Аққанатқа тәртіп сақшылары ысқырғанда барып қана  орнында амалсыз қалықтап қалды. Қанатын қайта-қайта қағып бір орында тұр. Мүмкін мұнысы адам құсап қол бұлғап, қоштасқаны шығар. Автобус терезесіне жүзген бұлттар, күннің жеті түсі, көк аспан шағылысып, солардың арасынан Жандостың бейнесі де бұлдырап көрінді. Шынында ол құсқа айналып аспанға, алысқа, жылы мекенге ұшып бара жатқандай болатын...

 

IV

 

Жандос қалаға кетіп қалған соң Аққанаттың жанарын мұң торлады. Қайда қараса да құлазып жатқан медиен дала. Жұрт та күзге ұқсаған көңілсіз. Өзін жалғыз сезініп, Жандосты сағынады. Атасы мен әжесі де сол күйді кешсе керек, есік алдында жолға қарап отырып аһылап қоятыны бар. Аспан жерге жақындап кеткендей, тыныс тарылтады. Бұлың бұлыттар отар қой құсап оттап бара жатқандай.

Анда бір ұшып, мұнда бір ұшып дегбірсізденіп жүрсе, жанашыр шешей:

–Балапаным-ау, неге сонша тынымсыз боп кеткенсің? – дейді.

Ал әкейдің іші бірдеңе сезе ме, айналсоқтап жүрген Аққанатқа қарап:

–Мына бала оңай бағынбайды, біз мұны тәуелді қып, қолда ұстай алмаймыз. Ол еркіндікке бола туған. Біз айтуға болмайтын, тек жанымызбен сезініп, тамырымызбен түйсінетін дүниелер бар. Соларды мына бала жарияға жар сап, ап-анық көрсетіп жүр.

–Баламның басына бір хәл келе ме деп қорқам, әкесі...

–Қорықпа, қанаты қатайған құсқа ақылдан басқа ештеме бере алмайсың, – деді.

            Жорамалдары бекер емес екен, көп өтпей Аққанат, әкесі мен анасының алдына келіп, күбіжіктей бастады. Әкесі салмақты түрде: «Созбалақтамай жөніңді айт», – деп әмір етті.

–Ары ойланып, бері ойландым. Сіздерге мұны қалай айтарымды тіпті білмеймін. Дұрыс түсінбей қала ма деп тағы қорқам.

–Енді, айтсаңшы, – деді табиғатынан шыдамсыз әкей.

–Тоқташы, сөзін бөле бермей. Ойын жинақтап алсын да, – деді анасы не айтарын іштей сезсе де, жанашырлық танытып.

–Бұл қайдан, қалай тап болған күй екенін білмеймін. Бірақ, бұрыннан менің бойымда еркіндікке, кеңістікке деген ұмтылыс бар. Мына мекен, туған жерім – ғажап. Бірақ, мен білім алып, ел-жер көргім келеді. Әлемді аралап, суық пен ыстықты, алыс пен жақынды сезінсем деймін. Жақсы мен жаманды ажыратып, алыс пен биікті салыстырғым келеді. Дүнияның қандай екенін аралап шықсам... Оқыған-тоқығанымды еліме әкеп, қайманамен бөліссем деймін. Білем, мені жазалап ұядан бір елі аттатпайтын шығарсыздар. Сонда да түсінер деген үміттемін...

–Сен өз-өзіңді жем қылғың келіп жүр ме, – деді бауырларының бірі алакөлеңкеден шырылдап.

–Алысқа кеттің екен басың қауіп пен қатерге тап болады, – деді екінші бірі.

–Бауырларың дұрыс айтады, басыңа бір жай келсе, біз қайтпекпіз, – деді ана торғай жанұшырып.

Әке-бозторғайдың қабағы қатуланып, терең ойға шомып кеткен. Сәлден соң басын көтеріп балапанына қайта назар аударды.

–Мен сендерге бір уақиға айтып берейін, – деді, – негізгі әңгімеден ауытқып. – Менің әкем, яғни аталарың жауынгер құс болған, білесіңдер. Біздің мына өлке батырлар мен әнші құстарға толған. Сол үшін де біз құстардың қанаты талар жазық пен белдің бәрін еркін шарладық. Қарап отырсаң ол күн келмеске кеткендей. Сондайда, асып-тасыған біздерді Жаратқан Ие тәубемізге түсіргендей-тін. Өйткені, біздің күш жете бермейтін адамдар мына бір атырапты мекен етіп, үйлер салып, егістік егіп, тұрақтап қалды. Олар мұндағы жанды атаулының бәрін өздеріне бағындырды. Біз түгілі анау патшамыз – қыранның өзін қолға үйретіп алған соң, не дейсің! Оларды алғашында дос көрдік. Кейбірлері жанашырлық танытып, қамқорлық көрсетіп те жүрді. Ал арам пиғылдылары болса, достық пейіл танытқансып, торларына түсіреді. Көл мен өзен кірлеп, сай-саланы қоқыс жайлады. Жақын маңда қала жоқ болатын. Кейін қала тұрғызып, зауыт-фабрикалар бой көтерді. Ауа ластанып құстар түгілі табиғат та улана бастады. Жан-жағымыз адамдардың қолынан жасалған зиянды заттарға толды. Аттап бастың екен, аман қайтуың екіталай. Содан соң біз ұшатын жер де, аспан да тарыла түсті. Көк жүзін бұлт торлап қана қоймай, ұшақтар ұшып, құстар өз атамекенінде өмір сүруге кедергі келтірді. Тынысымыз тарылып, басар тау, қонар жеріміз болмаған соң, амалсыз аядай осы бір мекенді қонақтап қалдық. Әкем сондайда: «Бейбіт заман келмеске кеткені ме», – деп аһ ұрып отыратын. Сен құсап сонда еркіндікке ұмтылған жанның бірі мына – мен. Мен дәл сен құсап әкемнің алдынан өтіп, алысқа, жерұйық іздеп кеткім келетінін айтқам, – дегенде Аққанат тынысын ішіне тартып, үнсіз таңырқады. Басқалары да қайран. Жақұттай жанарлары жылт-жылт етеді.

–Әкем түсінер деп ойладым сонда, – деп сөзін жалғады, – бірақ, ол қауіпсіздік пен бас амандығын алдыға тартып, рұқсат бермеді.

Аққанаттың ұнжырғасы түсіп кетті. Өзіне не айтыларын алдын ала сезгені. Амалсыз көніп, сөзін ақырына дейін тыңдады. Әкесінің әңгімесіне тұздық болсын деді ме, аулақта иттер үріп, көкте жұлдыздар жымың-жымың етіседі. Жел де салқын соғып, уілдейді.  

–Мен сонда әкеме қояр да қоймай, бұл тығырықтан шығар жолды ұсындым. Ата-бабаларым мекен еткен кең байтақ өлкені шарлайтынымды, ел-жер көріп Отаныма қызмет еткім келетінін түсіндірдім. Себебі бізге келіп жеткен хабарларды естісең шет жақтың оқымысты, ғалым құстары өз жеріне тигізіп жатқан пайдасын жарыса жазып жатады. Ал бізде ше, аз-маз сауатымыздан басқа нендей жаңашылдығымыз бар.  Әкем: «Түсінем, бірақ тәуекелге бара алмаймын», – деді. Өйткені, ол бізді қатты жақсы көретін. Сол сияқты мен де сендерді жақсы көрем, балапандарым, – деді бәріне бір-бір көз тастап. Қайта жұтынып, бүй деді: – Бірақ, мен қанша жақсы көрсем де, өсем, биікке ұшам деген балапанның бетінен қақпаймын. Себебі, мен сені өте жақсы түсінем. Құдайға тапсырдым, батамды бердім. Әлемді шарла, самға! Үйрен, біл, сосын еліңе оралып білгеніңді үйреткейсің. Жолың болсын, жарығым, – деді әкей сөзін аяқтап. Бәрі аң-таң. Рас па, өтірік пе дегендей бір-біріне жалтақ-жалтақ қарайды. Анасы қия алмай біраз қипақтап еді, әкелерінің қабағын бағып амалсыз мойындады.

Аққанаттың қуанышында шек жоқ.

–Әке, анажан деп ыстық құшақтарына тығылғаны сол, көзінен бір тамшы жас сырғып кетті. Басқа да балапандарын қанаттарын ашып шақырды да, түгел құшақтап, еркелетті. Аядай ғана ұяны махаббат пен мейірімнің ыстығы  жылытып тұрды.

***

 

Алдағы күндердің бірінде Аққанат: «Қайдасың арман?», – деп болашақты бетке алып күн шығысқа қарай жол тартты. Артында қол бұлғап ауыл қалды.

–Үмітіміз жастарда. Келешек осылардікі. Тек, аман-есен оралсын деп тілейік. Қарқ-қарқ, – етті қарға-әкім. 

–Мен түсінбедім, – деді кептер тоқ бағанасында жолға қарап тұрып, – тыныш та, қауіпсіз жерде қала бермей ме, қарын тоқ, көйлек көк. Не керегі бар сонша алысқа кетіп?

–Сен түсінбейсің, – деді мұғалім үкі, – кейбір жастар еліне бола туады. Олар түзде жүргенімен, еліме қандай пайда тигізе алам деп қам жейді. Шет ел көріп, оқып-біліп, кейін оқығанын жұртына әкеп жүзеге асырады. Міне, кезінде біздің бабаларымыз да осындай ынталы жастар болған.

Қарт Кезеген де қалыс қалмай өз пікірін ортаға салды.

–Сәт сапар! Қорқынышқа қарсы жүретін мына бір жас өркен бала күнгі сені еске сала ма, қалай? – деп Аққанаттың әкесіне көз қысып қойды.

Ал Аққанат ұзақтағаным, арманыма ұмтылып баратқаным өтірік пе, шын ба дегендей, қанатын кеңге жайып ұша жөнелді. Ара-арасында соңына қайрылып қарап қояды. Бір жағынан жүрегі атқақтап аузынан шығып кетердей. Үрей де алқымдап алғаны анық. Сонда да тоқтаған жоқ. Ауыл-аймақ боп оны мына бір шекарадан аман-сау өтсе екен деп, іштен тынып, дұға тілейді. Шекарадан асып, аңшылар жасағына жеткен кезде, шын мәнінде жаппа-шатырлар құрған адам қараларын аңдады. Бірілері ұйқыларынан енді оянып керіліп-созылып жатса, енді бірі от жағып, қазан көтеріп жатыр. Олар қоныстанған орман ішінде құс түгілі бұғы, маралдың да қарасы азайған. Кезінде қайнаған өмірдің нақ өзі болған мекен, бүгінде ажал жайлаған елес іспетті. Ақырын бусанып көтерілген тұман, ағаш-теректің ара-арасын жорғалай кезеді. Өлі тыныштық. Тек адамдардың ғана қарқылдап күліп, бір-біріне қылжақтағаны талып естіледі. Жан-жануарлар мен құстары азайған мына орманның жартысынан көбі өртке оранған. Оған да кінәлі осында қыдырып келген, әлде демалып жүрген адамдардың бірі, әдейі ме, қасақана ма, от жағып сөндірмей кеткен. Нәтижесі міне, Аққанаттың көз алдында қаңқасы ғана қалған мүрдедей, күйген талдардың діңі жапырайып жатыр. Сұлаған шырша, теректерде тіршіліктің бір де бір белгісі жоқ. Ұзын-сонар медиен – өлімнің жаршысындай қарауытып, қорқыныш тудырады. Жаны ашып, әлде мына көріністен үйге кері қайтсам ба екен деген екіұшты оймен, қорқақтап келе жатқан-ды. Туған даласына көз тастады. Алыста мұнартқан ауыл аймақ анасының жанарындай мөлдіреп әлі де қимай қарап тұрғандай. Ауылдың бір топ ағаш-талдары жұртының аппақ пейіліндей қол бұлғап, қоштасқандай желге тербеледі.

–Асығыс шешім қабылдамадым ба, – деді өзді өзіне, – жоқ, сен қайтушы болма, қанатың қарыштап, самға! Әлемнің қандай екенін, өмірдің не екенін білу үшін! Қорқыныш қаққан қауырсыныңның соңында қалсын. Ұш, көтеріл! – деді өз-өзіне дем беріп. Ойға шомғаны мұң екен, кенет тарс еткен үрейлі үн жақын маңнан естілді де, тура қасынан әлдене зулап өтті. Анықтап қараса, дәл астында, төменде аңшы мылтығын бұған кезеп тұр. Қасындағы аңшылар да қолтығына су бүркеді. Тек біреуі ғана қолын бір сілтеп, бір оқты зая кетірдің дегендей ренжиді. Бір-бірлерімен оқты тигізіп-тигізбесіне бәстесіп жатқан сыңайлы. Мерген оларға әлдене деп күбір-күбір етті. Ал Аққанаттың зәресі зәр түбіне кетіп, алдыға ұмтыла ұшты. Өзі түгілі, ауылдастарының да қорыққаны осы болатын. Оқтың атылғаны естілгенде қонақтап тұрған жерлерінен көкке бір ұшып қайта қонған. Аққанаттың әкесі мен шешесі жайсызданып, дүрбіге кезек-кезек тесіледі.

–Аман екен, әлі де қашып үлгересің, қане! Балам, қаш, қолыңнан келеді, – деп әкесі алыстан тақымынан басып отырғандай.

Сол сәтте тағы бір оқ зу ете қалды. Аққанат атылды-ау деген сәтте, бұғып қап, бір қанатын қағып, екінші қанатын бос жібере салған. Оқ тағы мүлт кетті. Осылайша бірнеше рет атылған оқты босқа жіберіп, айласын асырды.

–Мына бір торғайың бәле екен, – деді аңшы ашынып, – әкеңдерші тағы оқ бар ма, атып түсірмейінше қоймаймын, – деді қырсығып.

–Өй, қойшы сен де бір, – деді екіншісі, – қаншама оқты ысырап қып. Дәлдей алмаған өзіңнен көр. Өзімен өзі ұшып баратқан құста қайбір ақыл бар дейсің.

–Әй, айтып тұрмын ғой, мына құс әккі екен. Әйтпесе, білесіңдер ғой құралайды көзге атқан мерген екенімді. Қане, оқ беріңдерші...

Мылтықты оқтап қайта кезене бергенде Аққанат таудың етегіне жетіп, көз жетпес қашықтыққа қашып үлгерген. Әлгі мерген қанша көздеп көргенімен, тигізе алмасына көзі жетті ме, атар-атпасын білмей қапылыста тұрды да, мылтығын амалсыз түсірді.

–Не болды? – деді қасындағылары, – атпадың ғой?

–Ұзап кетті... – деді аһ ұрып, – әлі кездесеміз, қолыма түсерсің бәлем... – деді тісін қайрап.

Алатау етегіне жеткенде ауыл құстарының мойындарынан жүк түскендей, шаттықтан шықылықтап сайрап алды. Аққанатың әке-шешесінің қуанышында шек жоқ. Енді ше, ширек ғасырдан бері алғаш шекара асып тұрған жаңғыз құс – балапандары.

            Аққанат тау баурайын асып өтіп, найза бойы көтеріліп келе жатқан Күнге бетпе-бет келді. Рауандап атқан таң тұмсығына шағылысып, құдды бір жақұт тістеп алғандай жылт-жылт етеді. Бұған дейін көргені таудың күнгей беті екен. Бақса, теріскей бетіндегі тыншып жатқан өмірді енді аңғарды. Бұл жақты да аңшылар жайлап жүрген соң ба екен, өзі сияқты құстардың қарасын байқамады. Жануарлардың да тіршілік белгісі білінетін емес. Тек адам мекендейтін жер екенін аңғартқандай жылан ізіндей ирелеңдеп жатқан сүрлеу мен соқпақ. Одан өңге сылдырлап аққан тұмса тұма жан сарайыңды ашады. Мұны көрген жанды-жансыздар әбілхаят суы осы болар деп ойлап қалатындай-ақ. Ал анау маңда гүрілдеп аққан өзен үйірлі құлын-тайдай кісінеп жатқандай. Бір-бірімен қуаласпақ ойнаған балалардай. Секіре қашқан ақ қоян құсайды. Көбіктеніп атқылаған тасқын – күреліп, мүйіске лақтырылып жатқан қар үйіндісін еске салады. Бұл мекенді де асып өтіп, бірнеше шақырым ұшып өткенде, артына бұрылып қараса туған жері көзге ілінген жоқ. Жалғыз көк пен жер астасып, бірігіп кеткен. Өзі де соның хақ ортасындағы кеңістікте қалықтап тұрып жалғыздық сезінді. Не жерге, не көкке тиесілі емес, жадағай бір хал. Қанша дегенмен құштарлығы ой әуселесін баурап, көз көрмеген мекенге қызыға қарайды. Астында қалып бара жатқан жер қатпарына, сай-саласына іңкәрлікпен көз тастайды. Жердің әр қыртысы адам әжіміндей керілген. Ал арық-өзендер болса қан-тамырдай жан-жаққа таралған. Топырағы – тәні де, ал қойнына біткен мына бір тылсым табиғат – жаны іспетті. Сондағысы – мына жер жүзі алып адамдай көрінді. Осыны ойлағаны мұң екен адамзат шаһарына тап келіп қапты. Шын мәнінде олар төменде құмырысқадай  құжынап жүр. Әрқайсысының тағдыры әрқилы. Бірілері – паңданып кісі менсінбесе, енді бірі – жандыға зияны жоқ момын. Сонда да, өзін бәрінен жоғары көретін пенделер, жалғанды жалпағынан басады. «Олар мен ұшқан биікке көтеріліп өздеріне бір зер салып көрсе еді, шіркін», – деп ойлады.

 Қайнап жатқан тіршілік, әркімнің өз шаруасы бар. Алғашында қауіп-қатер келіп қала ма деп қауіптенген Аққанат жақындай келе әркімнің өз шаруасы барын байқады. Қала тұрғындары құсаған бұл мекеннің құстары да басқаша. Олардың қалалық екендіктері аңғарылады. Қонақтайтын үйлері – биік нысандардың жоғарғы қабаттары. Ұялары да сонда. Құс екеш құстардың өзінде жұмыс бар. Сауда саттық жасап, нан-пұлын тауып жүргені. Саудагер құстар жемдерін ортаға қойып: «Сізге неше грамм», – деп сатып жатқанын көріп қайран қалды. Одан бөлек балапандарды ойнататын ойын-сауық орталықтары да бар. Офистері мен жұмыс орындары да мына бір қабат-қабат үйлердің төбесі. Университет, колледж оқу орындарынан кенде емес. Жан-жақтан ұшып келген құстар легі емтихан тапсырып, бағын сынап жатады. Кейбірілері тіпті алысқа ұшып, басқа елдерге бару үшін виза алады.

Кенет алдынан шыққан Қара құр құсы шырылдай түсті. Кімге ескерту жасап жатыр соны ұқпай ұша бергені мұң екен, жан жақтан қаумалап алған басқа да құстар шамданып жатыр. Сөйтсе, Қара құр жол сақшысы екен.

–Сіз неге жол ережесіне бағынбайсыз? Қазір ұшатын кезек оңтүстік бағыттікі, ал сіздің бағытқа қанатымды көтеретін ем, неге күтпедіңіз? – демесі бар ма. Аққанат аңырайып түк түсінбей тұр. Жан-жағына қараса қала үстінде ұшып жүрген құстардың да өз жолы, тәртібі бар екен. 

–Сіз тәртіп бұздыңыз, – деді жол сақшысы.

Аққанат оған мән-жайды айтып, қайдан келгенін түсіндіріп жатпай жатып, тағы екі сақшы келді де қолтықтап, басқа бағытқа қарай ұшырып әкетті. Ағаштың ішіне ойып жасалған ұяға енді. Шағын үстел. Өлмеусіреген тоқшам жанып тұр.

–Сонымен, хаттама толтырамыз. Аты-жөніңіз, ережені не себепті бұздыңыз, – деді көзілдіріктегі мосқал құс.            

Аққанат әлі де түсінбей абыржып тұр. Қайдан, не себепті келгенін түсіндірді. Әңгімесін тауысқанда әлгі сақшы құстар бір-біріне қарап аң-таң. Көздері жыпылық-жыпылық етеді. Сонсоң Аққанаттың өн-бойына қайта қарап рас па, өтірік пе дегендей көз сүзіп шықты.

–Шын айтасың ба, балақай? – деді Қара құр көзілдірігін тұмсығына түсіріп, шадырайған көзін жақындай қадап.

–Шын айтам, – деді Аққанат өтірік айтуға да бола ма екен дегендей тыжырынып.

–Алда-ай, ол ауданнан құс келмегелі, онда бармағалы ширек ғасыр өткен шығар. Сен өзің кіп-кішкене болып жүрек жұтқан құс екенсің.

–Ауыл әкімі Қарғадан бастап, әке-шешем, бәрі батасын беріп шығарып салды. Келген себебім – оқу. Өскен жерімнің дамуы үшін білім алсам деймін. Бұқараға бір пайдам тисе деген арманым бар.

Екі сақшы теріс қарап отырып сыбыр-күбір ақылдаса бастады. Сосын бері бұрылып:

–Жарайды, хал-жағдайыңды түсіндік, – деді де қауырсын қалам алып бір жапыраққа хат жаза бастады. Сосын мөр басып, – Сержант, – деді таңдайы тақылдап.

Демде ішке енген өздері құсаған, десе де жастау бірі: «Құлағым сізде», – деді тіп тік тұрып.

–Мына баланы орталықтағы мектеп интернатына апар. Директорға мына хатты бер де, «Кентай» ауданынан келген деп айтарсың.

–Кента-а-а-ай, – деді көзі шарасынан шыға жаздаған сержант дүдәмалданып.

–Көп сөйлемей, бар! Оқуға қабылданғанына, жатақ берілгеніне көз жеткіз, – деді талапшыл Қара құр.

–Құп болады!

–Оқимын деген баладан айналып кетпейсің бе! Міне, біздің болашақ, – деді екінші тәртіп сақшысы арқасынан қағып.

Аққанат пен сержант бірге жолға шықты. Сержант әлгінде аузына құм құйғандай томсырайып тұрғаны бекер екен, сөзуардың нақ өзі боп шықты. Аққанат жан-жағына қызыға қарарын яки оны тыңдарын білмей дағдарып қалды. Көз оймағы қанаты астындағы адамдар тұрғызған нысандарда. Сәулет өнерінің небір түріне қанықты. Көз жауын алатын мына қаланы бақылаушысыз бір өзі аралап шыққысы келді.

–Оңға ұшамыз, – дейді Сержант бір әңгімесін аяқтап келе жатып. Сөйтті де екінші сөзін бастап кетті, – міне, аспанда да тәртіп бар. Ұшқанда абайлау керек. Заңға бағынғаның өзіңе жақсы. Біле білсең бүгінде адамдардың айласы жер түгілі ғарышқа жеткен. Олар көкті тіліп зымыран да, ұшақ та ұшырып жатады. Сол үшін айналаңа анықтап қара. Жерге жақындамақ ойың болса тәрбиешіңмен бірге бар. Әйтпесе, парктен басқа жерлер құстар үшін қауіпті. Біле білсең келесі айда мансабым өсіп аға сержант атанам. Ағалап келіп, жұмсағанда тіл алсаң жаман болмассың.

Аққанат оның бір сөзін ұқса, енді бір сөзін ұққан жоқ. Аңсары жан-жақта. Күн жұтқан жылтыр ғимараттар жалт-жұлт етіп «кел де кел» деп шақырып тұрғандай. Ал кептерлер жоғарыда әңгіме-дүкен құрып отыр. Асфальт көшелердің жан-жағы шам бағаналарына лық тола. Айналасына өрмекшінің торындай тоқ жалғанған. Жүрек жұтқан құстар болар ұшып-қонып жүр.

–Е-е, оларға қарамай-ақ қой, онда бұзақылар көптеп өмір сүреді. Жерге жақындаған сайын қауіп те ұлғаяды. Сол үшін биікте ұш. Ал паркке бара қалсаңдар, қайталап айтам, апайларыңнан алыстап кетпеңдер. Сендердің мектептерің тыныш та, жайлы жерде орналасқан. Бастысы, қам жеме!

            Екеуі Көктөбенің баурайында орналасқан мектеп интернатындағы оқушы-құстардың кезекті жиналысқа жиналып жатқанының үстінен тап келді. Сержант Аққанатты Үкі тәрбиешісімен таныстырып, қоштасты. Үкі секпіл бет, жарасымсыз үлкен көзілдірік таққан. Аққанат біртүрлі жатырқап, жанына жуи алмай тұрса да тәрбиеші қанатын ашып, бауырына басты.

–Міне, сенің сыныптастарың. 3 «ә» сыныбы, жандарынан ажырама! – деді қатаң ескертіп.

Бұған мұрын шүйіре қараған неше түрлі балапан құстар, оны өздеріне жолатқысы келген жоқ. Сонда да амалсыз соңдарына ілесе ұшты. Өйтпеске амал жоқ, артынан аңдып келе жатқан әлгі Үкі апайы бар. Түгелі жиналыс боп жатқан шатырдың үстіне топтасты. Мектеп директоры Сұңқар микрофонды ұрып «бір-бір» деп дауыс әсерін өлшеп көрді де:

–Жаңа оқу жылына қош келіпсіңдер, жас өрендер! – деп сөз бастады. 

Күрт жақын маңнан адам тілінде жаңғырған гүріл естілді. Аңдаса, өздері құсаған адам балалары да жиналып тұр екен. Ортада директорлары, Сұңқар сияқты сөз тізгінін алған. Құдды бір олар бұларды, яки бұлар оларды қайталап тұр ма дерсің. Қайта-қайта қарағыштағанын байқаған Үкі Аққанаттың желкесінен нұқып қалды. Көзі басқа жақта болғанымен аузын жыбырлатып: «Алдыңа қара таяқ жемей тұрғанда» деді сыбырлап. Оған жаны ашыды ма, қасында тұрған ала торғай ақырын ғана шырылдады.

–Көріп тұрғаныңдай адамдар оқитын мектеп интернатының үстінде құстардың да оқу ошағы орналасқан. Біз де олар құсап, осында білім аламыз. Адамдар не дегенмен барлық жаратылыстан көш ілгері келе жатқан халық. Олардан үйренеріміз өте көп.

Аққанат ақырын сөйлеп тұрған жанға көз салса қушықтай ғана құс екен. Сыныптастары да оны сыйламаса керек. Ары-бері итеріп, соңғы қатарға ығыстырған. Ілмиген, әлсіз болған соң да ода дос жоқ-тын. Ол сонда да ешкімді бөліп жармайтын кең жүрекке ие. Аққанатты да жақын тартып алғашқы боп қол созып, танысып жатқан түрі.

–Атым – Әлхан, – деді шымшық күлімсіреп. Аққанат та атын айтып, басын изеді.

–Танысқаныма қуаныштымын! – деді көңілденіп. Мұны қызық көріп қарағыштай береді.  

Директор жарты сағатқа созылған сөзін тәмамдап болған соң оқушылар «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деген жазуы бар тақтайшаның астындағы есікке лап қойды. Бір-бірін ығыстырған балақайларға ұрысып жатқан тәрбиешілерден сабыр кетті. Сұңқар саңқ еткенде ғана барып бәрі тынши қалды.

–Не сұмдық мынау, тәртіп қайда?! Сендерді осындайға тәрбиеледік пе. Сендер біле білсеңдер мына шаһардағы ең үздік оқу орнының оқушыларысыңдар.

Осылайша бірінші күні мектеппен, жатын-ұямен танысты. Бұған қалалық балапандар менсінбей қарайды. Ауылдан келді дей ме екен, жандарына жуып кетсе жақтыртпайды. Әлде өз-өзінен қуыстанған соң, солай сезіліп жатыр ма екен. Не де болса үлкен қала мен бейтаныс ортаға оңай сіңісе алған жоқ. Білім алсам деп ниеттеніп келген соң ба алғашқы күндері оқуға баса назар аударды. Кітаптан бас алған жоқ. Оның құдды бір ашыққан құсап білімге деген ұмтылысына таңырқағандар көп болды. Көп уақыт өтпей жатып-ақ  сыныптастарынан көш ілгері озып барады. Десе де, бала болған соң ойын мен қызық қуып кетпей қоймайтын. Әлхан оның сабақ үлгеріміне қызығып, қасына отырып, дәптеріндегі шимайға қарап қалатын. Онысы бекер емес екен, мойнын қазша созып көшіреді де жатады. Оған қой деп жатқан бұл жоқ.

Аққанатқа алғашында оңай болған жоқ. Себебі, ауылы қауіпті аймақта болған соң, байланыс орнатпағалы қашан.  Сол үшін де жаңа білім мен технократтық жаңалықтарға баса назар аударды. Әсіресе, адамдардың қолданатын мобильді құрылғылары мен әлемжелісі құстардың талқысына көптеп түскен. «Неге біздер осындай жаһандық жаңалық ашпасқа, адамдардан үйренеріміз көп. Сонда анау шалғайдағы құс-бауырларымыздың хәлі нешік, білер ек. Пошташы құстарды қауіп-қатерге салмас ек. Жыл құстарын аттандырмас алдын ауа-райын да қадағалап алар ек...», – деді физика пәнінен сабақ беріп отырған Үйрек ағайлары. Ол қорбаңдап сыныптың ана басынан, мына басына жүріп, толғамды дүниелер көп айтатын. Сондайда Аққанат қызыға қарап: «Жүзеге асыратын жан болса ағайдың іші толған идея екен, –  деп ойлайды да, артынан, – шіркін, адамдардікіндей телефон бізде де болғанда, ауылымның, ата-анамның хал-күйін оп-оңай білер ем», – деп армандады. Күн сайынғы бірінен соң бірі тізбектелген дәрістер қанша жерден қиын болса да, қызықтырып әкететін. Сөмкелерін асынып алып, екі корпус арасында ұшады да жүреді. «Құстар тарихы», «Құстар мен адамдар» пәндері болған күні оқушылар сергек отырады. Өйткені, бірнеше параграф кітап бетін кезек пе кезек оқиды. Сонсоң мұғалімдері түсініктемесін сұрайды. Ал «Дене шынықтыру» пәнінде болса қашықтыққа ұшып жарысады. Тұмсығымен тамшы тасып бәсекелессе, енді бірде түйіршік тасты қақпаға соғып ойнайды. Құстар сияқты адам балалары да сабақтарына кіріп-шығып, спортпен айналысып жатқанын Аққанат байқады. Шымырлыққа баптап, тәртіпке баулиды. Дегенмен, қаталдық та қалған емес. Әсіресе, оқушылар Үкі апайды көргенде зәре-құты қалмайды. Қайда жүрсе де аяқасты алдарынан тап келетін ол көзілдірік ар жағынан суық тесіліп қарайды. Кейде тіпті, тақта таяқшасымен сабап алатыны бар. Оның қатал мінезін білетін сыныптастары артық бұзақылыққа барудан сескенеді.  

–Адам-оқушылардың сабақ оқығанын көргің келе ме? – деді бірде Әлхан бұған жақындап келіп.

–Үкі апай оларға жолмаңдар деген жоқ па!

–Деген, десе де бір көргенде тұрған ештеме жоқ.

–Ұсталып қалсақ сазайымызды береді ғой.

–Өзің көр, ал мен аралап қайтамын. Оның үстіне адамдар жейтін тәттіні сен білмейсің ғой, дәмі тіл үйіреді...

–Тегі, қызықтырып жібердің ғой, жүр, барсақ, барып қайтайық, – деді де соңынан ілесе ұшты. Мектеп интернатының аумағы әжептәуір үлкен. Жан-жағы тас қабырғамен қоршалған. Құстар сияқты, адам оқушыларды да жіті қадағалайтын сияқты. Бірілері фудбол алаңында доп қуып жүрсе, енді бірілері сыныпта дәріс тыңдап отыр. Терезе жақтауына келіп қонған соң, ашық терезеден естілген сабақ елітіп әкетті. Онда мұртына ақ кірген, бәкене бойлы ағай «жаратылыстану» пәні бойынша сабақ беріп жатыр екен. Құлақ түрсе, – жер бетіндегі бар жаратылыс бір-бірімен тығыз байланыста, мына бір ағаштың тамырлары сияқты, – деп терезеге қарап, теректі меңзеп қойды. Сонсоң жылтыр жасаураған көкшіл көзі Әлхан мен Аққанатқа түсіп кетті. Өздеріне тесіліп қараған қылау мұрттыны аңдаған екеуі шошып кетіп, ұшуға дайындала берген. Бірақ, оның нұрланған дидары ешбір қауіп тудырған жоқ. Керісінше күлімдеп:

–Мына бір құс екеш құстың өзінен адам баласы қаншама пайда көреді, – дегенде өздеріне мылтық ұңғысындай тесілген көп көздер қадалғанда тіптен шошып кетті. Әлхан бір ұшып барып, қайта қонған-ды. – Адам қиялының қарыштап дамуына осынау құстардың сыйлаған әсері өте мол. Тіпті, сендер көріп, мініп жүрген зымыран мен әуе кемесінің пайда болуына бірден бір мұрындық болған да осылар. Дерттіге дауа боп әуезімен жан тыныштығын сыйлайтын әнші де, туындыгерге шабыт сыйлайтын музаның нақ өзі де, осы – құстар. Сондықтан табиғатты былғамаңдар, керісінше етене жақын дос болыңдар! – деп сөзін жалғады ағайлары.

–Мына құсты жақыннан көрейікші, өздерінің әдемісін-ай, – деп бір бала орнынан тұрып терезеге жақындай бергенде, қауіптенген екі құс ұшып кетті. Сөйтіп екінші бір терезеге жақындаса, онда да – әлем, табиғат хақында дәріс оқып жатқан жирен шашты мұғалиманы байқады. Оның даусы кіжініп шығады.

–Айналамызды таза ұстайық! Туған жерге деген сүйіспеншілік – кәмпиттің қағазын көрінген жерге тастамай, қоқыс жәшігіне тастаудан басталады. Өздерің көріп отырғандарыңдай Каспий теңізіміз былғанып, мына жақта Арал теңізіміз тартылып қаншама жанды-жансызға зауалын тигізді. Қаламызда ауа лас.  Отаныңды жақсы көрдім деген сөз, оның тау-тасын, жан-жануарын, бәрін түгел сүю, табиғатын аялау. 

            Балалар да әрқилы. Бірілері ұйып тыңдап отырса, енді басқа бірі есінеп, немқұрайлы отыр.

–Көрдің бе, – деді сонда Әлхан, – адамдардың да арасында жақсылар көп.

–Мен сондай бірін білемін. Ол тіпті менің досым болған, – деді Аққанат Жандосты есіне алып, – біз бірге күнұзақ ойнайтынбыз.

–Рас па, адаммен қалай дос болуға болады, бөсіп тұрған жоқсың ба?

–Жо-жоқ, мен өтірік айтпаймын. Мен оған ұшуды үйретсем, ол маған адамзат әлемімен таныстырып, кітаптар оқып, ән айтып береді. Ол қолын ашып алып, менің соңымнан ілесе жүгіретін. Сондайда мен оны шынымен ұшып кететін шығар деп ойлайтынмын...

Олар осылайша әрбір терезе жақтауына қонып оқушылардың өміріне зер салып шықты. Бұзақыны да, мейірімдіні де, қатыгезді де, барлығын байқады. Тіпті, өздері құстарға ұқсайтын балаларды да көрді. Жатын бөлмелердің тұсынан өтіп бара жатқаны сол еді, бейтаныс балақай алақанын ашып кел де кел деп шақырып тұрғанын аңғарды. Өздеріне жылышырай танытқан бала кім болды екен деп тоқтаған екеуі барып, бармасын білмей дағдарып қалды.

–Кеттік, барайық, – деді Аққанат алдыға ұмтылып.

–Керек емес, білесің ғой, кей балалар тісқаққан әккі келеді. Алдап шақырып торына түсіріп алса қайтесің! – деді де Аққанат бұрылып қайтар деген оймен кері шегінген болды. Аққанат болса екі ортада қай бағытқа қарай ұшарын білмей дал. Бір жағынан еріксіз бір күш әлгі балаға қарай тартып тұрғаны. Мұның нендей күш екенін өзі де түсінбейді. Әйтеуір бір құштарлық аңсарын алып барады. Сайып келгенде Әлхан досын ренжітпейін деді ме, соңына ілесіп:

–Жа-рай-ды, – деді әр сөзін буынға бөліп, – барсақ, барайық. Бірақ, қатты жақындамайық. Жәй ғана алақанында не бар екен, соны көрейік. Дәмді тағам бар шығар, кім білсін, – деген ол алдыға қарай ұмтылды. Жақындап келсе, өзіне тартатындай да себеп бар екен – жүзі таныс. «Қайдан көрдім» деп ойлады Аққанат ойын дауыстап айтып.

–Адамның бәрі бір-біріне ұқсай береді, – деді досы мысқылдай күліп.

Жақындағанда бір-ақ байқады, бәсе, қайдан көріп еді – ескі досы, әрі көршісі Жандос болып шықты. Қуанып кетті, шырылдап отырып қасына жетіп барды. Мұның қуаныштан сайрағанын естіген біреу болса жан тыныштығына батары кәдік. «Досым-ау» деді қуанып. Ол Жандосты көргенде – туған жерін, үйін, ауылдас-бауырларын түгел көргендей күй кешті. Жандос «көп құстың бірі ғой» деген оймен күлімсіреп, алақанындағы нан қоқымын ұсына берген. Аққанат болса: «Қалай танымағаның ба», – деп оның иығына қонып алып, сайрады кеп. Әттең, бір-бірлерінің тілін түсінбейді. Сол сәтте Жандос құс әнінің әсерімен өз үйін, ауылын еске түсірді.

–Сен менің алыста қап кеткен құс-досыма сондай ұқсайсың. Туған жердің самалын қанатына қондырып келген Аққанаттың өзі емессің бе, – деді жымиып, – бірақ, ол ұядан аулаққа ұша қоймас.

Әлхан Жандостың алақанындағы алтындай еліктірген нан қоқымына бас қойып, жемдей бастады.

Жандос маңдайынан сипайды кеп. 

–Кел, сен де ал, – дейді Аққанатты шақырып. Бірақ, Аққанат оған өзін танымағанына шамданып, екеуіне ортақ істерді жасап бағып жатыр, – неге қалықтап тұрып алдың, қонсаңшы енді, – деді ол да қоймай.

Ал Аққанат болса Жандостың дәл үстінде оңға бір, солға бір бұрылып кезіндегі ойындарын еске түсіру үшін қайталап бағуда. Аз-кем бөгелген соң, екі иіні салбырап доғара қойғаны сол екен, Жандос оған танысына қарағандай қарап қалыпты. Көз алдына Аққанаттың соңынан қолын екі жақа жайып ап, қайталайтыны елестеп кетті.

–Құдай-ай, сен өзіміздің Аққанатпысың? – деді даусы жарқын-жарқын шығып, – сен мені іздеп келгеннен саумысың, алтын досым-ау! Ел-жұрт аман ба, үйді, ата-апамды сондай сағындым, – деді ол көзі жасаурап. Оның не айтып тұрғанын Аққанат ұқпаса да іштей сезіп тұр. Өйткені, екеуінің де көкірегінде туған жерге деген арман әні шырқалып жатты.

Осыдан кейін Аққанат пен Әлхан Жандос тұратын бөлмеге жиі келгіштейтін болған. Кейде тіпті сыныпта отырған жерінен танып қояды. Ол да терезеге жақындап қалтасын қағып тоқаштың қоқымдарын берсе, енді бірде алыстан қол бұлғайтын. Ал үзіліс уақытында мектеп ауласында бұрындағыдай қуаласпақ ойнайды. Бірде Аққанат пен Әлхан Жандосты не жатқақханадан, не сыныбынан таба алмай дал болды. Ал ауладағы бақшада және жоқ. Бұлардың не іздеп, не тындырып жүргенінен бейхабар Үкі апайлары: «Қайда кеттіңдер-ей, жүгермектер», – деп шәңк ететіні бар. «Осында жүреміз, апай», – деп амалсыз бұлар сабырсыз тәрбиешінің ашуын басқан болады. Кейде өздерінің де сабақтан қолы тимеген кезде, Жандос бақты аралап, ысқырып, көзін аспанға қадап іздеген болады. Аққанат Жандостың жолдасы жоғын аңдады. Жолдас дегенде де – жақын дос, кәдуілгі сырлас. Оның ылғи көкте жүзген бұлттарға қарап қиялға шомып отырғанын байқаған. Кейде сыныптастары мазақ қып, ренжітетін болса керек. Алдыңғы күрек тістері әдеттегіден алдыға шығып тұратын. Сол үшін де, оны «Қоян» дейтін. Ал өзі ешкімнің намысына тиіп, қылжақтаған емес. Көп қараның ішінде өзімен өзі саяқ жүретін де қоятын. Сол үшін де – құстарды дос тұтатыны, сол үшін де – терезеге көп қарайтыны. Сондай сәтте оған көріне кеткен ескі досы Аққанат, оның жан дертін сейілткендей еді. Бірақ бүгін оларды таба алмай, амалсыз елге деген сағынышын басу үшін есік алдындағы қақпаға жақындады. Екі көзі жолда. Атасы мен апасы келе қалатындай қарай береді. Әлде өзі де мына Аққанат пен Әлхан құсап құсқа айналып, солармен бірге көкті өрнектесем дей ме, кім білсін. Ішкі сырын сыртқа ашпайтын томаға тұйық болғанымен, жұртқа күлімдеп қарайтын. Аққанат пен Әлхан Жандосты андан-мұндан іздеп жүріп әзер дегенде қақпа қасындағы орындықтан тапты. Жолға қарап отырғанынан-ақ нендей күй кешіп отырғанын сезген. Аққанат та кейде түн баласы жұлдыздарға жалғыздан жалғыз осылай қарап отыратыны бар. Сондайда жан дүниесіне терең бойлап, ішінде тынып жатқан, түрлі арман-тілектердің үнін естігендей болатын: Бүгінгіден де мықты, қамқор бола түссем деген ой сәулесі қаперінде жылтылдайтын.

 Жандостың жанына жетіп барды да бір иығына Әлхан, екінші бір иығына Аққанат қонақтады. Алғашында селт ете қалып, артынан қатты қуанған ол, демде-ақ ой шырмауынан сытылды.

–Сендерді таппай біраз сарсаңға түстім-ау, – деді екі езуі екі құлағында. Аула сыпырушы ағай үйілген жапырақтарды арбаға салып жатып Жандосқа:

–Шырағым-ау жалғыздан жалғыз не істеп отырсың? Сабағың қайда? – деді.

–Сабақ бітті, ағай, демалып отырмын.

–Анау екі иығыңа екі құс қондырып алыпсың, әлгі амалыңды жазатын періштелердің нақ өзі емес пе екен? Әлде басыңа қонған бақ құсы деген осы болар ма?

–Жоқ-ә, достарым ғой. Мына шымшықпен осында таныстым, ал мына ақ қанатты бозторғай болса мені арнайы ауылдан іздеп келген. Бір үйде тұрамыз.

–А, - деп бір сәтке аңтарылып қалған мырза, баламысың дегендей жылы күлімдеп қойды, – табиғаттың бір бөлшегі құстардан досың болғаны қандай жақсы. Достық, бауырмашылдық деген асыл ұғымдар сендей баланы көргенде түсінікті болмақ. Қой, мен әлі мектептің артын сыпыруым керек, күнұзақ жұмыс көп, – деді белі бүкшеңдеп кері бұрылып. Өзімен өзі сөйлесіп жүре беретін. Ізін аңдығандай адымдап жапырақтар да түсіп жатыр. Сарғыш жапырақтар – ағаштарды сілкіп ұшқан сары құстардай көрінеді. Құдды бір құлап жатқан жапырақ емес, қанатты тіршілік иесі ме дерсің.

Зымыраған көліктер уақыттың жанды көрінісіндей: күндер – аптаға, апталар – айға ауыса берді. Ал Аққанат, Әлхан әрі Жандостың бауырмашылдығы жалғасын таба түсті. Ойын ойнап, һәм шаршаса жәй ғана осылай жолға қарап отыратын. Тек осы бір үрдіс бір-ақ күнде бұзылды ғой демесең...

 

V

 

Интернат маңында спортпен айналысып, дене шынықтырып жүретін қала тұрғындары көп. Ол үшін мектеп алаңқайы кең, ыңғайлы. Сондай жанның бірі мосқал, тапал бойлы, таз еркек. Көзілдірігінің артынан жанары күзгі суыққа күліп қарайтындай. Салауатты өмір салтын ұстанатыны әр қылығынан көрініп тұрады: Әрі кербез, һам кірпияз. Әппақ, спорт киіміне шаң жұқтырмайды. Әр қозғалысы, қалтасынан беторамалын алып, мойын-маңдайын сүрткені – өзіне деген сенімділігін паш етіп тұрғандай. Ақырын жүрісі – жанының тыныштығын, алаңсыз қарасы – байсалдылығын әспеттеп тұр. Қасына кәндек, ақ күшігіне қызыл күртеше кигізіп қойып, бірге мектепті айнала жүгіріп жүреді. Сонсоң саябақ маңында терең тыныс алып, созылып-керілетін әдеті бар. Сабаққа бара жатқан, үзілістегі оқушылар оған қарайлап, қызықтап қалатын. Ол болса балаларға қол бұлғап: «Күндерің сәтті өтсін!» дейді.

Бірде Жандос турникке тартылып, бел жазып жатып әлгі кісінің өзіне қарай келе жатқанын байқады. Бұл мырза да тәрбиешілер сияқты: «Сабаққа бар, не істеп қыдырыстап жүрсің», – деп айта ма деп, қорқақтап тұр. Жанына жуықтап келіп, кешірім өтінді де:

–Сізге бір кеңес айтуға рұқсат етесіз бе? – деді ақырын ғана. Жандосқа мұндай ілтипат көрсетілмегелі қай заман, сасып қалды. Құлақ ұшына дейін қызарып, басын изеді, – турникке тартылғанда қатты күшенбеңіз, денеңізді бос ұстаңыз. Сонсоң аздап қолыңызды, шынтақ, иықтарыңызды жаттығу жасап, қыздырып алғаныңыз абзал. Әйтпесе, буын-еттеріңізге зарар тиюі мүмкін.

Жандос «мына кісі неткен мәдениетті адам» деп ойлады. Сонсоң басын қайта изеді.

–Кешіріңіз мен өзімді таныстырмаған екем, Сержан, – деді қолын созып. Қол алысқанда байқады алақаны әйелдікіндей жұмсақ, мамық екен.

–Жандос! Сізді осында жиі көрем, спортшысыз ба? – деді танысқан соң ашыла бастап.

–Жоқ-ә, бұл денсаулық үшін. Мен нейрологпын.

–Ол не тағы?

–Бұл миды зерттейтін ғылым. Адам санасы әлі толық ашылмаған. Біз білмейтін мына әлемде жұмбақ көп. Тіпті мына ұшып жүрген құстардың өзінде де жетерлік ғажайып бар, – деді жоғарыға қарап, – мына өмір қарап тұрсаң – нағыз фэнтези.

–Қалай сонда, фэнтези деген өтірік қой?

–Кім айтты оны саған?

–Үлкендер ылғи ертегі де, ғажайып та жоқ деп айтады. Оның барлығы адам қиялының жемісі, есейген соң түсінесің дейді.

–Олар қателеседі қарағым. Неге десең, біз нағыз ертегінің ішінде, ғажайыптың ортасында жүрміз. Мына күннің батып, таңның атқаны. Жердің тіреуішсіз Күнді айналғаны. Ал жұлдыздардың бәленбай мыңжылдықтардан талып жетіп, түнді әрлегені. Ол былай тұрсын, мына саудырап жатқан жапырақтар жоғалып кетіп, киімсіз жалаңаштанып көктемде, қайта бүрлеп, киінетіні қалай!? Ал біздің ше, сезімдеріміздің, тәніміз бен жанымыздың атқаратын қызметтері қаншама. Міне, бұның барлығы ертегі емей енді не?

–Шынында, мен мұны ойламаппын.

–Анау көшкен бұлттар ше – кеме сияқты көкте жүзіп барады. Ертегі ме?

–Иә!

–Сен ше, кеше ғана анаңның жатырында жатқан сәби едің, бүгін соқталдай азамат болдың. Күні ертең мен сияқты ақ сақалды қарияға айналасың. Бәрі білетін, сонда да назар аударғысы келмейтін ғажайыптың нақ өзі емес пе?

Жандос бір сәт үнсіз қалды. Бейтаныспен келіспеске шара таппай тұр.

–Демек, ертегі де, фэнтези де рас деген сөз. Міне, соның барлығы біз сүріп жатқан мына өмір! – деді екі қолын екі жақа кең жайып, терең тыныстап.

Көз алдында дүние басқа бейнеге еніп кеткендей. Кенет төбесіне ұшып кеп, қона алмай қалықтап жүрген Аққанат пен Әлханды аңдады.

–Міне, ағай, мыналар менің достарым, – деді терекке кеп қонақтаған екі құсты нұсқап, – сізді бөтенсіп тұрса керек, жақындар емес.

–Ертегіге сенбеймін дейсің, тағы өзің құстармен дос боласың, – деді Сержан дән риза пішінмен.

            Кенет Аққанат алысқа қарап сайрай жөнелді. Ол туған жерін Жандос сияқты сағынған еді. Күн өткен сайын аңсары үлкеймесе, азайған жоқ. Десе де, білім деп келген соң, әрі еліне оралатын жол жеңілдегенше осында қалуға тура келеді. Еліне білімді, парасатты боп қайтуға мүдделі. Онда бар осы бір ой-ниет, сезімдер тоғысы шырылдауымен үндесіп кім-кімнің де жүрегін елжіретіп жіберетін әуезді сазға айналған. Бір сәт Жандос пен Сержан мүсіндей қақшиып, құлақ түре қатып қапты. Сержанның бетіне қан теуіп, жанары суланып кеткен. Қай-қайдағы елестеп аулақта, жайлауда қалған бала күні, қазан көтерген анасы, қой баққан әкесі көлбеңдеп келе берген. Не де болса, ол мұндай хәлді көп уақыттан бері сезінбеген еді.

–Мен бұл жасыма шейін ел аралап, түрлі жерлерді, нысандары көкпен таласқан қалаларды көрдім. Табиғаты талай туристтерді тамсандырған өлкелерді мекен еттім. Бірақ, туған жеріме, өскен ауылыма ешбірін тең көргем жоқ. Мен өскен ауылда таңсәріден кешке дейін осылай құстар ән салатын. Сонда мен өзің сияқты баламын. Жалаң аяқ жүгіріп, күнге қақталғанша асық ойнап, анамның көмбе нанын жейтінмін. Ал алыстан әкемнің ат үстінде қарауытқан бейнесі көрінетін. Мен сондай бақытты балалық шақ кештім. Және туған жерімді, сонау бір естеліктерімді жер бетіндегі ешбір байлыққа айырбастамас ем. Аһ... Менің осындай бір құсым болса ғой... – деді терең күрсініп...

–Ауылыңызды сағынсаңыз бармайсыз ба?

–Барып тұрам, бірақ бәрі де бұрынғыдай емес. Адамдар, үйлер өзгерген. Баяғыдай туыстарым онда жоқ. Барсам да бірер сағатқа ауасын тыныстап қайтуға бола барам. Оның үстіне ғалымдардың қолы көп тие бермейді. Ал мынандай құсың болса, туған жерге тән бар естеліктерді қасыңда қоса алып жүргендей екенсің, – деп жат бір ойға қалды.

            Таңсәріден Жандос сабаққа бара жатса Сержан ғалым ақ күшігімен серуен құрып жүреді. Кейде алыстан мұнартқан мұны байқаса, қол бұлғайды. Жандос та: «Ғалым ағай, амансыз ба», – деп жүгіріп кеп амандасатыны бар. Сондайда қалбалақтап қалатын қария: «Ә, сен бе, өркенің өссін! Ал әлгі сайрауық құстарың қайда?», – дейді ағаш басына назар аударып. Ал сол сәтте Аққанат пен Әлхан дене шынықтыру пәнінен ұзаққа ұшу бойынша боп жатқан жарысқа қатысып, бақ сынап жатқан-ды. Мұндай сәтте олар Көктөбенің телемұнарасына дейін қанат қағып, қайта айналып келетін. Бірінші болып келмесе де, алдыңғы ондықтан табылған. Бұларға бәрінен бұрын Көктөбеден ашылған қала көрінісі қатты әсер етсе керек. Ашылған кітаптай, жайылған алақандай созылып жатқан шырайлы шаһар. Күн нұрына шомылған Алатау кім-кімге де мына өмірге не үшін келгенін түсіндіргісі келетін абыздан аумайды. Ал теңіздей тербелген бу ма, әлде тұман легі ме, ақырын ғана төменде қалғып жатқан қала қойнында сырғып барады. Өздеріндей жарыса ұшқан құстарды елейтін біреу болса, ол да – ерке балақайлар болса керек.

–О, құстарға қараңдар, кім қуып жетер екен, – деп мәз-мейрам соңдарынан жүгірген болады.

Ал құстар ойға батқан жолаушы қиялының қақпасын ашатын перде іспеттес. Адамдар ұзақ уақыт көзбен айналып-толғанып отырады. Қай-қайдағыны еске түсіретін, қауырсын қаққан сайын ашылып, жабылған кітап парақтарындай.

Екеуі арып-ашып келіп, ұяларына қонды да, арқаны кеңге жайып демалды.

–Бүгін ешқайда шықпай-ақ қояйық, шаршадым, – деді Әлхан шалқалап.

–Менің де шыққым жоқ. Алайда Жандос күтіп қалған болар, – деп алаңдап шатырдың үстінен оқушылар тобына зер салып қояды, – қой, онымен ойнайтын бүгін менде шама жоқ. Ертең де күн бар... – деп қисайғаны мұң екен, қорылға басып ұйықтап кетті.

Ал Жандос болса бұлар келетін бағытты торуылдап, аспанға жәутеңдеп  қарағыштайды. Әне келеді, міне келеді деп күткенше бір сағат артта қалды. Аулақтан тәрбиешінің қатаң үні жарықшақтанып естілді. Ойын уақыты бітіп, жатаққа кіретін кез. Амалсыз аяғын сүйретіп, томсырайып кері қайтты.

Ал келесі күні таңсәрімен сабаққа бара жатып Сержан ағайын алыстан байқап қалды. Қолында құсқа арналған торы бар, (оны қайтпек тағы деп ойлап үлгерді) екеуі алғаш кездескен баққа қарай бет алып барады. Мұны байқамады ма, әлде ісі қауырт па, не керек жүрісі суыт. Жандос үзіліс уақытын тағатсыздана күтті. Өйткені кеше достарымен жолықпады, бүгін жолықпақ ниеті бар. Ең болмаса ғалым досымен сырласпақшы. Осы ниетпен құлазып тұрған баққа барса, саудырап, шашылып жатқан жапырақтардан өңге, ағаш қаңқаларынан басқа дым да жоқ. Қарғалар ғана осы бір мекенді жалғызсыратпайық дегендей қарқ-қарқ етеді. Қарауытқан аспанның боз мұнарын қанатымен ысырып тастайтын екі досы қайда кеткен? Үздіксіз сайрап үнімен көктем шақыратын жолдастары қайда!? Түкке түсінбей, елегізіп қалды.

Жандос үзілісті күтіп келем дегенше мұнда болған оқиға былай етін: Сержан құс қамайтын торын шие талының төменгі бұтағына іліп, қақпасын ашық қалдырды. Ішін көз жауын алатын жем мен түрлі дәнді-дақылға толтырып қойған. Ниеті де әлгі Жандос айтқан құстарды торға қамап, кезекті іссапарына өзімен бірге алып кетпек. Шетелде жүргенде үйіне, еліне деген сағынышын осылай баспақ. Ол аздай қартайып бара ма, бала күнгі жылы естеліктер көз алдына көлбеңдеп орала береді. Анау құстардың сайрағаны  дәрмен болатын сияқты ма, қалай өзі. Ал Жандостың әлгі екі құсты «достарым» деп айтқаны арманшыл баланың бір қиялы шығар деп топшылаған. Тіпті, басқа құстарға да осылай айдар тағарына шүбә жоқ. Бірақ, өзінің баса назары түскені әлгі ақ қауырсыны бар бозторғай. Міне, соны тапса болғаны. Оны ешбір байлыққа айырбастай алмас еді. Осындай ой орамында ақ күшігін ойнатып, әрі-бері керіліп, турникке тартылып біраз күтті. Келе қояр ма екен деп көкке қайта-қайта телміреді. Әне-міне үміті үзіле бергенде жоғарғы интернат шатырынан ұшып келе жатқан таныс құстарын көріп қуанып кетті.

            Аққанат пен Әлхан жерді барлап, Жандосты іздеп келе жатқан. Өздеріне таныс бақта, әлгі мосқал мырза мен ақ кәндектен басқа қара жоқ. Айналсоқтап ұшып тұрып алды.

–Күте тұрайық, үзіліске әлі шықпаған болар. Келіп қалса керек, – деді Аққанат Әлханға. Қараталдың шыбығына қонақтап, жан жағын аңдиды. Сол сәтте әлгі бейтаныс мырза темір торын қайта-қайта шайқақтатып, ішін нұсқап-көрсетіп, шақырып жатқанын байқап қалды.

–Мына кісіге бізден өзі не керек? – деді Аққанат жақтырмай, – көзін алмайды ғой, тегі!

–Білмедім, әлденені ишаралап көрсете  ме, қалай? – деді Әлхан көзін сығырайтып, қызығып.

–Қой, бәлесінен аулақ. Бейтаныстарға өзім көп жуи бермеймін.

–Мен де... десе де жаман адам емес сияқты. Жақындап, көріп келейінші, – деді Әлхан шыбықты қағып ұшып.

–Байқашы, әйтеуір, – деді дүдәмалданған Аққанат орнынан қозғалмай.

Әлхан әлгі Сержанның үстін біраз айналшықтап торға тесіле қарады. Қайта айналып Аққанатқа өрекпіп, қуана:

–Анау бір үйшіктің ішін көрсең, көз жауын алатын дәмді тағамдарға тола. Байқаймын, мына кісі бізді қонақ еткісі келеді. Неткен атымтай жомарт еді.

–Таңғы асқа тоймай қалып ем, – деді Аққанат жұтынып, – сонда да ыңғайсыз ғой, оның үстіне бір-ақ рет көрген адам...

–Несі бар, өзі шақырып тұр... Жүр, қонақ болып, қарын тойдырып қайтайық. Айтып едім ғой саған, адамдар жақсы-жаман боп бөлінеді деп. Мынау да бір құдайға қараған кісі болса керек...

Ары ойланып, бері ойланып құлқынның қалауы басты ма, мүмкін, шынында мына адамның қонақжайлылығына сенді ме, келісті. Аққанат аяғы кері тартып тұрса да ойланбастан Әлханның соңынан ілесті. Торға жете бере Сержанның күлімсіреген мейірімді жүзін көріп, күмәні сейілгендей болды. Ол құшақ ашып: «Келіңдер, сендерді күтіп отырған бетім еді», – деді. Ақ кәндегі жақтырмағансып үріп қояды. Жіңішке даусының ащылығынан ба, өлімсіреп тұрған үстіңгі жапырақ үзіліп түсті. Тордағы түрлі тағам мен дәнге екеуі дән риза пішінде бас қойды. Ши-иқ еткен дыбыс естілді. Сөйтсе тордың есігін жапқан екен. Мән берген жоқ. Жемдеп жатыр. Бір уақта жер қозғалғандай болды. Торды көтеріп Сержан кетіп барады. Тек жемсаулары толған соң ғана жан-жаққа қарайлай бастағаны мұң екен интернат қақпасынан шығып барады екен. Тор есігін берік бекітулі. Шығар жол жоқ.  Темір тор арасындағы қуыстан тіпті аяғы әзер өтеді.

Қорыққаннан атқақтаған жүректері ауыздарына тығылғандай.

«Құрыдық. Саудамыз бітті. Бізді енді қуырып немесе бұқтырып жейді. Сен адамдардың көлеңке тұстарын білмейді екенсің. Олардың арыны тоймас ашқарақ», – деді Әлхан аядай жерді айналып, дегбірсізденіп. Аққанат та қайтерін білмей үрейден сіресіп тұр. Көз алдына өткені мен бүгіні елестейді: туған жері, өскен өңірі, Жандос. Бәрін енді қайтып көрем бе, көрмеймін бе, деген сұрақ ойынан кесе-көлденең шыға береді.

Ал ғалым болса бір елі тоқтамастан, аяғын жылдам басып, өзіне риза кескінде кетіп барады. «Қайда барады мына пақыр, – деп ойлады құстар, – шынында, түскі асқа қамдамақ па?» Қорыққанға қос көрінетін болар, жолда кездескен адамдар шайнаңдап чипсый жеп, сағыз шайнап бара жатқан-ды. Бірі  жол бойындағы дәмханада дөнерді қомағайлана асаса, енді бірілері тауық сүйегін мүжіп отыр. Тек тоғыз қабатты үйге кіргенде ғана сая тапқандай болды. Онда да лифтке мінгені сол, өлеусіреген жарық тағы бір үрейіне үрей қосқан. Сегізінші қабатқа жеткен соң темір есіктен ішке енді. Тар пәтердің ішінен көне кітаптардың күлімсі иісі шығады. Әр жерде бейберекет шашылып жатқан қағаздар. Ал жиһаздар мен соңғы үлгідегі теледидар мына мырзаның ауқатты бірі екенін әспеттеп тұр. Тек кіреберісі тар демесең, ар жақтағы қонақ бөлмелер кең екен.

–Міне, жаңа үйлерің, ендіге – осы. Қош келдіңдер! Кезінде менің ақ көгершінім болған, өздерің құсаған сүйкімді, – деді қобырсыған қағаздарын жинап жүріп әңгімесін үзбестен, – әттең, оған сондай бауыр басып қалған едім, немерем қояр да қоймай сұраған соң беріп жібергем. Сол үшін немерелерім келіп қалып жатса, өздеріңді алып кетпесін деп тілеңдер. Өйткені олар сондай бұзық. Анда-мұнда тасып, ойыншық қылып ойнайды. Қолына түскен затын қинайтыны сонша жаным ашып кетеді. Ал мен сендерге жем беріп, анда-санда сайрағандарыңды ғана естимін. Қалған уақытта боссыңдар, осында демаласыңдар. Әне, теледидар, міне радио. Радио да қалып барады қазір. Мен сонда да тыңдаймын. Сендерге ұнайтын шығар деген үміттемін.

Қас қарайғанша жазу үстеліне отырып алады да, әлгі сарғайған парақтарды ақтарады. Бүкшиіп алып, әлдене жазады да жатады. Шыны аяқ кофесі суып қалса да ұрттап қойып жұмысына беріле кіріседі. Тек даланы іңір торлап, ымырт басқанда ғана жазудан бас көтеріп: «Ой, зымыраған уақыт-ай, бар болғыр бел де майрылып қалыпты», – деп орнынан түрегеледі. Терезеден сыртқа көз тастап тұрып, оңға, солға кезек-кезек керіліп, созылады. Аққанат пен Әлхан жылы үйде қарын тоқ, уайым жоқ жатқанымен, мазалары қаша бастады. Мына бір тас қабырға тарлық ете ме, қалай. Өкпелері қысылып, темір тордан шығамыз деп қанша тырбанғанымен түк те өнген жоқ. Ал Сержан қарап тұрған терезенің ар жағындағы көгілдір көкжиек көрпе жамылғандай ысырылып, түн жауып келеді. Есік алдында сайрап жатқан базбір құстардың үні еміс-еміс естіледі. Құдды бір бұларды мазақ қып жатқандай. «Біз еркіндікте, ал сендер тар қапаста, лә-лә», – деп мақтанған бала құсап, терезе алдынан олай бір, бұлай екі ұшып өтеді. Кешкі асты қамдап жатып, бұларға жем береді. Күшігінің аяғына тамақ құяды. Сонсоң, асықпай отырып дастархан жайып, ауқаттана бастайды. Екі досына кезек пе кезек қарайды.

–Мені жалғыз екен демеңдер, отбасым бар. Тек өмірімді ғылымға арнаған соң осылай жеке қалғанды жөн санаймын. Оның үстіне айлап іссапарға аттанатыным тағы бар. Ал сендерді не үшін қасыма алмақпын, өйткені сендерде жан тыныштығын сыйлайтын әуез бар. Қане, сайраңдаршы, – деді дирижер құсап шанышқысын ауада айналдырып жатып.

–Мына кісі бізге бірдеңе деп жатыр ғой, түсінесің бе?  

–Тілін ұқпасам да бірдеңе талап ететін сияқты, – деді Аққанат сасқалақтап.

– Бізді қуырып жемей тұрғанда айтқанын тезірек орындайық.

–Білсек орындаймыз да, білмесек не істейміз?

–Аузын жыбырлатып ән салып жатыр ма? Бізге қайтала дейтін сыңайлы...

Сержан әлі де сайрайтын шығар деген үмітпен қолын жан-жаққа сермеп ән шырқай түсті.

–Қане, сайраңдар, былай міне... Аа-а-а-а, ауылымның түтіні қымбат маған, қымбат маған белдері күн қақтаған, туған жер...

–Ән айтқанына қарағанда біздің де оған қосылғанымызды қалап тұр-ау, – деді Аққанат.

–Ендеше не тұрыс, кеттік қосылайық, – деді де шама шарқынша сайрап, ән шырқай бастады.

Сержанның көңілі толып, қиыла қарап, көзін жұмып алды. Қиялға ерік беріп кеткен сыңайлы.

–Міне, осы ғой маған керегі. Неткен үн, аһ туған өлке, балалық бал дәурен, сендерді қалай сағындым десеңші, – деді де кенет оң көзін әнтек ашып, барлай қарады, – әлдебір әуез артық, – біріңнің үнің, біріңдікін бұзып тұр. Қане, қайта сайраңдаршы, – деді шанышқыны дирижер таяқшасы құсатып қайта сермеп. Оның не қалап тұрғанын ұққан екеуі қайта шырқай жөнелді. Әрқайсысы өзінің табиғи дауысымен шырылдайды.

–Бәсе, таптым, сен екен ғой, – деді Әлханның үстіне төніп кеп, – мен сені де іссапарыма бірге әкетуіме болатын еді, бірақ біреуің ғана жеткілікті. Ренжіме, айналайын... – деді де тордың есігін ашып қолын сұғып Әлханды ұстап алды.

–Ойбай-ау, мынау қайтеді-ей, мені не қылмақшы, – деп қашқақтаған шымшық тығылар жер болмаған соң, жуан қолдың қақпанына түсті, – Аққанат құтқара көр, мынау мені алып кетіп барады, – деп бақырып үлгерді. Аққанат та досын құтқарам деп, барынша жуан қолды шұқып әлек. Бірақ, түк шықпады. Тордың есігі қайта жабылды. Ғалым асбөлменің ашық терезесінен аулаққа бір қарап алды да, Әлханды ұшырып жіберді. Жан дауысы шығып бара жатқан Әлхан ауада қалықтап тұрып еркіндікпен қауышқанына сенер-сенбесін білмей қалды. Терезе алдына келіп:

–Әй, мынау мені шынымен де бостандыққа жіберді ме? Бостандыққа жетер дүние жер бетінде жоқ екен-ау... Таза ауаның қадірі-ай, – деп бір айналып алды да, – сені де жіберетін шығар, – деп соқыр үмітпен терезе алдын торуылдап біраз тұрды.

–Кш-ш-ш, бар енді, білем, менің үйім ұнап қалғанын, бірақ мен таңдаулыларды ғана қасыма аламын, – деді Әлханға аулаққа ұш дегендей қолын сермей қуып.

Аққанат бәрін түсінді. Темір тордың ар жағында, жайлы да, тоқмейілсіген тұтқындыққа мойынсұнып қалды. Терезе жабылғанда, жалғыздық құрсауына қайта тап болды.

–Барлығы үшін рахмет, қам жеме, сен де құтыларсың! – деп айтты Әлхан, амалсыздан. Бірақ оны Аққанат естіп-естімегені белгісіз.

            Келесі күні де ғалым таң азанмен Аққанатты сайратып, ән шырқатып қойғаны. Өзі көңілді жүріп, киім кешектерін, заттарын жинастырды. Шабаданға бәрін реттестіріп салған соң:

–Ал достарым, – деді бөкебайын түзеп тұрып, айнаға өзіне тамсана қарап, – дайынбыз ба? – Дайын болсақ кеттік, – Аққанат пен күшікті жетектеп алды. Есік алдында такси күтіп тұр екен, бірден аэропортқа қарай тартты. Ұшаққа отырғанда, қуықтай терезеден үңілген Аққанат: «менің қанатым бар, ұшақпен ұшып не керегі бар» деп ойлады. Алайда өзінің қанаты бола тұра, тұтқын екені есіне түсіп, қамықты. Алыста, шатыр үстіндегі көк кептерлерге көз тастап тұр. Еліне сәлем айтқысы келді. Бірақ, ондай мүмкіндік қайда. Ұшақ жерден көтеріліп көкке қалықтай жөнелді. Алып бір құс па дерсің. Құс ішіндегі құс құсаған  Аққанат терезеден сыртқа үңілсе әскердей қаз-қатар ұшып баратқан жыл құстарын аңдады. Олар да мұны байқап қызғанып, қызыға қарайды. Сондағы, «жаурамай, қанаты талмай, жетер жеріне демалып баратын мынау неткен паң құс» деп ойлаған шығар. Қайдан білсін керісінше олардың еркіндіктеріне қызығып қарап тұрғанын. Өзі де сонау бір аядай ауылда адамдардың ашкөздігінен жасалған қысымнан еркіндік іздеп шаһарға келген беті еді. Онда да тәуелсіздікті білімнен таптым-ау деген кезде мынадай темір торға тап болып отырған жоқ па. Ендіге оны шаһарлар шақырып, мекендер іздейтін секілді,  бұлттар ақ желкендей менмұндалайды. Аққанат қорыққан жоқ. Бұл жаңа сапарға деген қызығушылығын арттыра түсті. Ол өзін іздеуге, өзін табуға бара жатқан сыңайлы. Әлде ой қазынасын іздеуге шыққан мына ғалым сияқты, бұл да бір елінің жоғалтқан мүкәммалын іздеп кетті ме екен. Бұлттарды тілген алып «құс» ұшақ ішінде Аққанат тым болмаса қиялымен қанат қағып бара жатты.

            Ғалым құсын жанынан бір елі қалдырмай бірге алып жүрген алғашқы күндерде жәй ғана томсырайып отыратын. Бірер күннен соң жақсылап орнығып алған соң барып қана өзіне көңіл бөліне бастады. Келген қонақтарға мақтанып отырып: «Мен туып өскен топырақтың қандай екенін сезем десеңдер мына бір бозторғайға құлақ түріңдер», – дейді арқасын кеңге салып. Кейде жалғыз қалғанда, жұмыс атқарып отырып та, демалып жатып та, қолын бір серпісе болғаны, Аққанат сайрап, ән шырқай жөнеледі. Кәдуілгі жекеменшік әртісі іспетті. Амал жоқ, тіршілік үшін, қу жан үшін, не істемесін. Тек терезеден айнадай шағырға қараса өскен өңір аспанына ұқсағанымен, табиғаты да, үй нысандары да мүлдем жат. Бейтаныс мекен. Қайда келгенін өзі де ұғып болмайды. Қашса, қай бағытты бетке аларын және білмейді. Сөйтсе, өзінің Грузия елінде жүргенін құстарынан таныды. Бір-екі торғай ұшып бара жатып, грузинше құс тілінде сырласып бара жатқан-ды. Кезінде ауылында радиодан естіген әуендер арқылы есінде қап кеткен.

Ғалым мұнда да көп тұрақтамады. Бір айға жуық ғылыми жаңалықтарымен бөлісіп, конференцияларға қатысты. Жұмысы тәмамдалған соң Үндістанға бет алды. Онда да ығы-жығы халықтың арасында жүріп, өзің ғалым болмақ түгілі, кім екенін ұмытып қалғандай. Бума-бума қағаздарын аударып жүріп, қауырт шаруадан үйге талып жететін. Тіпті ән тыңдауға да шамасы жоқ-ты. Ақ күшігіне сүйек береді де, Аққанатқа жем тастап, қисайып қорылға басады. Осылайша ол мұндағы бірнеше аптаның қалай өткенін білмесе керек. Ал Аққанаттың қолы бос, уақыт болса баяу, сырғып ақты. Жалғыз ермегі есік алдында жүгіріп ойнап жүрген балалар мен үй хайуанаттарының тыныс-тіршілігі. Мұндағы құстар да өз ана тілдерінде сайрап, тілдеседі. Қазақ тілінде шырылдаған бір де бір құс көрмеген соң, өзін тіптен жалғыз сезіне бастады. Ендіге, ғалымның қолы босамаған соң ба, сайрауын талап етпейтін болған. Егесі үйде болсын-болмасын, туған жерге деген сартап сағынышын әуезбен басатын. Күндіз-түні аулаққа көз тастап қойып, сайрайды да отырады. Өткен-кеткен міндетті түрде кім болды екен дегендей зер салып өтетін. Жергілікті құс емес екенін байқаса керек.

Ғалым бұл жердегі жұмыстарын да тәмамдады. Оқу ордаларымен келісімшарт жасасып бола салысымен, дереу жолға шықты. Оларды экватор сызығын бойлаған түрлі мемлекеттер қарсы алды. Одан да ұзап мұхиттың ар жағындағы алып құрлық Америкаға да бет алды. Ондағы құстар да адамдары секілді еркіндеу. Қалағанын істейді, тек заң баршасына ортақ. Ал Аққанатта бір ғана заң бар – ол ғалымның бұйрығы, болды. Басқа ұшқан құстардың тәртібі мен құндылықтары бұған қатысы жоқ. «Е, байқұс-ай, бодан екен» дегендей жандары ашып қарайды. Кейбір сотқарлар қиналғанына қуанғандай айызы қана көз тастап тұрады. Түрлі елмен, жермен танысты. Адамдарын, жан-жануарларын байқап көрді. Қарыны тоқ, жағдайы жаман емес. Тек қайғысы ұлғайып келе ме, қалай. Мұңайған сайын сайраған үні де әсерлі шығатын болса керек. Ондайда, Сержан қобалжып: «Рас айтамын, айналайын, сен мен білетін ең ғажап құссың», – деп шат-шадыман болады.  Ал құс керісінше томсырайып, қатулы отыратын. Айналасына сүлесоқ. Көкірегі ғана жаңғырып, үміт ұшқындары шым-шымдап жанарында ойнайды. Аққанат түрлі елдерді аралап жүріп құстары мен адамдарының арасындағы байланысты аңдады. Сол жердің табиғатына құшағындағы жандылардың бәрі ұқсас. Ауа райы құсаған – бірінің мінезі суық, енді бірінікі жылы шырай. Түр әлпеті де сол өскен өлкесіне ұқсап тұр. Мінез құлықтары, салт-дәстүрлері, тілдері әрқилы. Ал рухани сезімдерінен ешқандай өзгеріс аңдаған жоқ: Бәрінде де өзі көріп жүрген ашкөздік пен әділдік, сараңдық пен жомарттық, кемелдік пен надандық. Қай жерде болмасын кісі ақысына кіріп, бір бірін аяқтан шалып жатады. Тек түрі мен ділі басқа демесең қызғанышқа бұратылған пенде қай бір құрлықта да бар екен. Тек өзгеріп жатқаны мекені ғана демесең, қайда да сол – адам. Тіпті, Жандосқа ұқсайтын мейірімді балалар қай елде де табылатын. Жеп тұрған бөлішкесін бөліп, жанашырлық танытты. Бауыр басқан қиын екен. Жандосты басқа ешбір баламен айырбастай алмас еді. Содан ол мынадай қорытынды шығарды: жер бетіндегі адамдар қанша жерден бір-біріне ұқсаса да – тағдырлары сан түрлі, болмыстары бөлек. Қайталанбас тұлға. Өзі қонақтап жүрген мына ағаштардың жапырақтары сияқты. Тіпті қар түйіршектері секілді: бір-біріне ұқсағанымен, әртүрлі. Қанша алыста қалғанымен туған жер кім-кімге де ыстық екен. Атамекенін жан жүрегімен сезінді. Алысты жақындататын сағыныш екенін мойындайды.           

Кезекті сапар – Түркия. Ал мұндағы мешіт мұнаралары аспанға мойнын созған. Қаншама құстарға ұя. Азан әуелеген сайын, құдды бір қаланы ұйытып жатқан азан дауысы емес, құстардың қанат қаққаны ма дерсің. Көкпеңбек бұғаз шапшып, шалқып жатыр, иісі танауыңды қытықтап, жан сарайыңды ашады. Мына жалғанда шаттық барына еріксіз нанасың. Шағалалар саңқ етіп, кеме үстінде айнала билейді. «Ығы-жығы халық арасынан құс түгілі адам өзді-өзін ұмытып қалатын шығар», – деп ойлады Аққанат. Бір жақсысы тұрып жатқан қонақ үйлерінен бұғаз бен оның ар жағындағы «Қыз мұнарасы» менмұндалайды. Теңізден соққан салқын леп, қапырық бөлменің қоңырсық ауасын қуып шығады. Аққанатқа қазір тіптен жақсы болған, егесі қапырық бөлмеден балконға ауыстырды. Темір торы қабырғадағы ілгішке ілулі. Құрғап кеткен таңдайға да жан біткендей, дауысы ашылған. Ыстамбұлдың тар көшесін әнге бөлеп ұзақ шырылдайды. Оның жан тебірентер үніне қызыққан құстар мен жолаушылар бір сәтке көз тоқтатып өтеді. Ондайда балконда жаттығу жасап тұрған Сержан «менің құсым ғой» дегендей кеудесін мақтаныш кернейді.

Бұ жақтың құстары да ана тілдерінде күбір-күбір тілдеседі. «Қайдан келдің?» дегені болар деп, Аққанат: «Қазақстан», – дейді мақтанышпен.

–О, Қазақстан, ұшсаң қанатың талатын, кең байтақ өлке ғой, – дейді өз тілінде әлгі қарлығаш.

Шырамытып сөз ауанын түсінгенімен, көпке созбай әңгімелері таусылатын. Осылайша оны қызықтап келген жергілікті құстар легі көп болды. Әрқайсысының қоятын сұрағы бір-бірінің ауыздарына түкіріп қойғандай: «Пақыр-ау, торға қамалатындай не жазып едің», – дейді. Бұл да жыламсырап: «Бар жазығым сағыныштан ән шырқағаным», – дейтін олар түсінер деген үмітпен. Осылайша жергілікті құстардың тіліне де қанық бола бастады. «Мен барған елдің құстарының тілін үйрендім, бұ сапардан тиген бір пайдам осы болса керек, – деп ойлады, – ертең елге оралсам, ауылдастарыма біз сияқты әлемнің түкпір түкпірінде құстар өмір сүріп жатқанын, олардың азды-көпті тұрмысын, мәдениетін айтып берермін, тілін үйретермін, – деп толғанады, – ал егер қайтпай, осы жақта мәңгі қалып қойсам ше», – деп тағы қам жейді.

            Торуылдаған жергілікті құстар қаншама. Құдды бір музей аралап жүрген турист секілді айнала ұшып кеп, тордағы бұған көне бір жәдігерге қарағандай тамашалап тұратын. Ондайда намыстан жарыла жаздаған Аққанат ерегескенде шырылдамай, теріс қарап алатын.

–Сені түсінем, қолымнан келгенше жәрдемдесем, – деді бірде балконның сүйенішіне кеп қонған шағала, – қалағаныңды айт, не жейсің, әкеп берейін, – деді жанашырлық танытып.

–Маған бостандық пен туған жерге оралудан асқан бақыт жоқ. Ал қарыным тоқ. Мына мырза жаман кісі емес, ол маған жақсылық жасадым деп ойлайды. Керісінше зиян тигізіп жатқанын сезбейді де. Қаншама адамдарды көрдім осылай жақсы көргенін иемденіп ала береді екен. Оларды сүйдім екен деп, рухани қапасқа қамағандарынан мақұрым.

–Әттең-ай, мен де өзің құсаған құс қанамын. Қолымнан бар келетіні осы. Атым – Капитан. Мына Ақ теңіздегі ұшып-қонған шағалалар, бәріміз де саған доспыз, соны білгейсің.

–Иә, – деді  алдында бірнеше мәрте келіп төбе көрсетіп кеткен қарлығаш қостағандай, – біз сенімен біргеміз.

–Алда-жалда босана қалсаң, барар жер, басар тауым жоқ деме, анау тұрған күмбезді көрдің бе, – деді көк кептер, – біздің үй сонда. Есігіміз қашанда ашық.

–Риясыз пейілдеріңе рақмет, – деді өзін көтермелеп қойған жаңа таныстарына ризашылығын білдіріп.

Мұның барлығы бекер емес екен. Кез-келген жәйт алдыда болатын уақиғаның белгісіндей. Келесі күні жұмыстан талып келген ғалым Аққанатқа ас-суын берді де, тордың қақпасын құлттауды ұмытып, аяғын сырғи басып кереуетіне құлай кетті. Демде-ақ қорылдап, ұйықтап қалды. Әнтек қана ашық тұрған есіктің аузына тесіле қарап Аққанат тұр. Қалап жүргені де осы емес пе! Ал ол асықпайды. Батылы жетпей тұр. Бағынышты құл боп үйреніп қалған адамдай. Әлгі Капитан жоғары жақта ұшып бара жатып, оның мұнысын байқап қалса керек. Қасына жетіп келді.

–Әй, мынауың не тұрыс? Құдайдың өзі қарасып есігің ашық қапты. Енді қашпайсың ба? – деді таңырқап.

Аққанат мең-зең, томсырайып тұр. Өзгерістен қорқатын кісі сияқты. 

–Шыққанда қайда барам, мына тордың іші не, анау әлем не? Қайда қарасаң да, сені күтіп тұратыны әйтеуір, бір қақпан... – деді басын көтерместен. Оның бұл күйін Жандос немесе Әлхан көрсе, көңілдері қалып қатты өзгерген екен деп ойлайтындары кәдік. Жігері мұқалып, қорқынышқа қарсы жүруге шамасы жетпеді.

–Өте өкінішті, нағыз тор сенің ішіңде екен. Әуелі содан құтыл. Ал мынандай тор, – деді қақпанды қанатымен нұсқап, – өзің айтпақшы, әр қадам сайын кездеседі. Рухың еркін болса, қашанда азатсың, – деді Капитан амалсыздан кері бұрылып, – алда-жалда бостандыққа шығып жатсаң, мені Еминөні жағалауынан табасың, – деді айқайлап ұшып бара жатып. «Алда-ай, еркіндіктен, жаңа мүмкіндіктен де қорқатын күн болады екен-ау, – деп ойлады Аққанат, – әлде темір тордың кісікиік қып жіберетін қасиеті бар ма. Бір-ақ адым, ал мен болсам сонша тосырқап тұрғаным несі? Капитан жөн айтады, тор да, қапас та мына менің жанымда, бірінші содан құтылуым керек екен», – деді ең алғаш әуеде қалықтап үйренген кездері көз алдына елестеп. Сөйтті де жіңішке аяғымен тордың есігін түртіп қалып еді, айқара ашылды. Кең де, ғажайып әлем құлаш жайып кел де кел деп көз алдында көлбеңдейді. Сыртқа беттеп қанатын қағып қалды. Көптен жазылмаған ақ қанаты құрысып, икемге келмей біраз қипақтап барып, қайта түзелді. Әуеде қалықтап келеді, төменде Ыстамбұлдың тар көшелерімен көшкен керуен жұрт. Қапелімде профессор айқайлап «қайт, бермен» деп айтатын секілді жасқаншақтап ұшып келеді.  Тордан ұзаған сайын бойын кең жазып, еркінсіне бастады. Міне, рахат! «Осы үшін туғам жоқ па, ендеше несіне тар жерде омалып отырмын, – деп өзін жазғырды, – еркіндік, бақыт, үміт, сенім, бәрі де осы ұшуда екен ғой», – деді көзі жайнап. Қанат қағысына қаланың у-шуы қақалып, шамшырақтардың көзі жыпылықтап қалғандай. Барлық дүн-дүние оның ұшу ырғағына бағынып,  әр серпілісіне ілесіп келе жатқан сыңайлы. «Ғалым қайтер екен, – деп ойлады артына бір сәт зер салып, – қайтушы еді, ол маған не керегін қайдан білсін, білсе осылай қамайтын ба еді! Оның үстіне жазумен миы ашып жүргенде... аман болсын! Ал мен ертеңіме аттанып барам...» – деді қанаты көкті тіле, еркелей ұшып.

 

***

 

            Әлгі Капитан шақырған Еминөні көшесінің жағалауына келді. Бір жағынан бостандыққа шыққаным рас па, өтірік пе деп таңырқап тұр. Ал екіншіден мына шаһарды жатырқайтын сыңайлы. Айлақта қаз-қатар тұрған кемелер жолаушыларға толып, аттанатын уақытын тосып тұр. Шағалалардың дені төбесінде ойнақ салып, қалықтап жүр. Кенет шағалалар баққалға, кемеге, жол шырақтарына қона кеткен. Қастарына жетіп барды.

–Капитанды білесіз бе? Ол осында шақырып еді, – деді бар білетін түрікшесін ортаға салып.  Жанындағы шағала паңдана көз қиығын салып қойып, байқамағандай отыра берді. Бұғаздан көз алатын емес. Теңіз бетінде ойнақшыған күннің шағылысқан жарығы көңілді қытықтайтындай. Осылайша бірнешеуінен сұраған соң барып қана аңқылдақ біреуі жанашырлықпен:

–Бауырым-ау, сен іздеген Капитан, әне! Үлгеріп қал, аралдарға қарай аттанып бара жатқан кемені шығарып салуға көш бастап барады, – деді енді қозғалған  кеме үстінде шаңқылдаған шағалаларды нұсқап. Бейтанысқа алғысын білдіріп, көрсеткен бағытына қарай бет алды.

–Капитан, – деді сол ма, ол емес пе, дегендей дүдәмалданып дауысы ақырын шығып. Жақындай бере ол екеніне көз жеткен соң ғана үні сенімді шықты, – Ка-пи-тан, мен ғой Аққанат!
–Әй, балақан, сені көргеніме қуаныштымын. Ол тор-қамақтан қашып шығып дұрыс таңдау жасадың. Біздің топпен кезекті сапарға жүр, енді.

Аққанаттың басқа барар жері болмаған соң, амал жоқ келісті.

–Бірінші топ оң қапталға! Екінші топ сол қапталға, ал үшінші топ соңынан ілесеміз, – дегені сол шағалалар тәртіпке ұйып, Капитанның бұйрығын орындай түсті. Сонсоң ақырындап, кеме артынан ұшып отырды.

–Біз ырзығымызды осылай іздейміз, бала. Қазір мына жолшылар біздерге тоқаш, бөлішке, симит секілді түрлі тамақ лақтырады. Біз соны тұмсығымызбен қағып, асап аламыз. Тойғанша жейміз де, рақметіне ауада айнала билеп өнер көрсетеміз. Олар біздің ұшқанымызды қызықтап қарау үшін әдейі нан үзімін лақтырады.  Қане, сен де бағыңды сынап көр, – деді де алдына әлдеқайдан ұшып келіп қалған нан тілімін қағып алды, – міне, осылай. Жан-жағын бақса барлығы осылай ауқаттарын тауып отыр. Таза еңбек, маңдай тер. Аққанат та байқап көрейін дегендей, олардың соңынан қайталап келеді. Шамасы оларға берілген қасиет бұда жоқ сияқты. Олай бір, бұлай бір ұшады, тұмсықпен ілген былай тұрсын, жетудің өзі бір мехнат. Ол аздай көптен бергі торда жазылмаған қанат, ашық теңіздегі құйғытқан жел – бәрі де тамақ таппақ түгілі ұшуына кедергі. «Бұлай қиналғанша, торда отырып тып-тыныш дәнімді жеп жата берер ме едім» деген де арам ой келді. Сонысын байқағандай Капитан:              

–Білем, егең сені бұлай қинамаған болар. Бұл біздің күнделікті еңбек жолымыз. Бірде аш, бірде тоқпыз. Әйткенмен, бізде қу құлқыннан да қымбат бостандық бар. Еркіндік – дүниедегі бар байлықты жинап-төксең де тең келмес қазына. Сондықтан, осы шақтан ләззат ал! – деді арқасынан қағып қалып. Бұралаңдап барып қайта түзелген Аққанат, намысқа тырысты. Өзінің де аңсағаны осы емес пе еді. Олай бір, бұлай бір шығып, әйтеуір бір тоқаш тілімін қағып алды-ау. Расында, еңбектің наны тәтті болса керек. Дайын асқа үйренгені сонша қара нан мен қара судың қадірін енді жете түсінгендей. Алғашында үйренісе алмай, кейіннен машықтанып басқаларға ілесетін болды. Капитанның бұйрығымен оның орны артқы қапталда. Аралға жетем дегенше біраз пұл-нанын тапты.  Сонда түнді қарсы алып, жағалаудағы сарай бақшасында тыныстайды. Шаршап-талған соң ба, артық қозғалысқа шама жоқ.

–Бұл әлі басы. Еңбек ету, қарекет қылу кім-кімге де оңай болмаған. Сондықтан мойымай адал іс атқар. Оның үстіне арамызда әлжуаз, қартаң, сырқат, жетім құстар да бар. Еңбек етуге қауқарсыз. Олардың бізде ақылары бар. Кейде тапқан-таянғанымызды солармен бөлісеміз. Бейнетіңнің зейнеті сонда тіптен еселене түседі. Бақыттың өзі де сол – бөлісуде, қамқорлық танытуда емес пе. Жақсылық жасаған сайын мына жабырқаған жанымыз жадырай түспей ме! Міне, солай! – дейді. Аққанат қанша жерден арып-ашып тұрса да, жатар алдында еліне деген сағынышын әсем ән шырқау арқылы басып барып қана көз ілетін. Бүгін де сөйтті. Шаршап келген мынау құс-жолдастары түгілі, жұмыстан талып жеткен адамдардың шаршауын және басқандай. Ол ән айтқанда тіпті мына өздері қонақтаған сарайдың егесі де орнынан ерінбей тұрып терезеден сыртқа көз салған-тын.

–Біздің аулада мұндай құс жоқ сияқты еді ғой, мынау бөтен құс. Шырылдағаны неткен тамаша! Ой, қандай керемет, жан сарайыңды ашады екен. Терезені қаттырақ ашыңдаршы, – деді қызметшісіне.

Ал көшеде арбасын сүйретіп, сусын сатып кетіп баратқан арбакеш те бір сәтке тоқтап, құлақ тосты. Сонсоң балалық шағын еске алғандай томсырайып бір бұрышқа отыра қалғаны. Тіпті, клиенттердің де сұрағын елеген жоқ. Арқа-жарқа боп өтіп жатқан туристтер де, елең ете қап, телефон таспасына үнін жазып алып жатыр.  

Аққанат өзіне қызыққандардың бір де бірін байқаған жоқ. Көз алдына өскен ұясы, Жандоспен ойнағаны, Әлхан досы елестейді. Ал ол үшін өзінен басқаның бәрі онсызда ән шырқап жатқандай, әуезге толған дүние. Сонсоң көзін жұмып, терең тыныстады.

            Келесі күн де оңайға соққан жоқ. Дәл осылай қала орталығына аттанған кемені шығарып салды. Алайда аз уақыт ішінде болдырып қалғанын байқаған Капитан:

–Сен бала бүгінше демал! Немесе жеңіл жұмысқа кіріс. Қаласаң бұл істі кейін де жалғастыра аласың, – деді. 

–Ал мен қандай жұмыс жасай аламын? – дейді Аққанат қайтерін білмей, ұшқан құстардың қалашығына жәутеңдеп.

–Бүгінде жұмыс табу оңайға соқпайды. Дағдарыс барлық жерде. Кезек көп. Соған қарамастан істеймін деген жанға іс табылады. Ілес соңымнан, – деді де киоскі үстінде әңгімелесіп отырған хатшы көгершіндерге жетіп барды.

–Сәлем, ханымдар, мына шетелден келген бауырымызға көмектесіп жіберсек. Досым Кептерге, мына әдіреске хат апарып берсеңіздер, – деді. Олар ұсынған қалам мен қағазды толтырып шықты да, Аққанатқа бұрылып, – осында мына ханымдардан жауап күткін. Ал мен жұмысқа кеттім. Олар жақсы жаңалықпен оралады деген сенімдемін, – деді де көкке заулап қанатын қағып кетті. 

Дегеніндей-ақ бірер сағаттан соң көгершіндер жақсы жаңалықпен оралды. Бір тілім қағазда әдірес жазылған, жұмысқа шақырып жатыр екен. Осы әдірес бойынша ескірген нысандардың үстін аттап ұшып біраз қалықтады да, әзер тауып,  межеге де жетті. Бірақ, барлығы өзі ойлағандай емес екен. Керіле, созыла жүк тасып жүрген кептерлер қу тамақ үшін жан қинап жұмыс жасап жатыр. Шағын үстелге жайғасқан, көзілдірік таққан мосқал кептер, бұған көз тастамастан:

– Капитан сені ме мұнда жіберген? – дейді жақтырмай.

–Иә, – дауысы бәсең шыққаны сонша, ауру ма деп қалғандай.

–Капитан ескі досым болған соң ғана, әйтпесе, білесің қазірде жұмыс жоқтың қасы. Саған жоқ орынды тауып беріп отырмын. Егер жұмыс орным сақталсын десең аянбай еңбек қыл. Ал іске сәт, – деді де көп қызметкердің арасын көрсетті. Бірнеше қарауыл үсті-үстілеріне төніп, «ананы былай, мынаны олай істе» деп әмір беріп тұрады екен. Бұл да бір бұрышта жатқан мүшекке жармаса бергені мұң екен:

–Әй, сен, оған емес, тазалыққа жауаптысың. Мына жердің қоқысын жина! – Не керек өмірінде мұндай ластықты алғаш көрген шығар. Әншейінде, қанаты тиіп көрмеген соң байқай бермейтін мына кір мен көң, енді қараса – айнала түгел бығып жатқандай. Таң атқаннан күн батқанша тазалап шығады. Сол еңбегігінің жемісі деп – сусын, дәнін алады. Келесі күні және қайталанады. Жинастыра жүріп, осы жұмыс арқылы жағдайы мүшкіл жандардың халін ұққандай. Бұрындары, қарапайым, қара жұмыс істеп жүрген құстарды, адамдарды көрсе көзге де ілмейтін. Еңбек – жанашырлық пен қайсарлыққа баулиды екен. Жалғыз қоқыс тазалап қана емес, жүк тасып, сыпырып, жуып-шайып түрлі қызмет қылып та көрді. Шыңдалып, мұнда үйреніп те қалғандай.

– Сен өзі еңбекқор жан екенсің, – деп қойды сонда мосқал кептер, – бізге сендейлер қажет-ақ. Осыдан бір орын босасын, сені заңды түрде жұмысқа аламын, зейнетақы қорың да жүріп тұрады. «Жастар» бағдарламасымен үй алуыңа да септігі тимек, – деп жанашырлық танытты.

Бірақ Аққанатты оның бір де бір ұсынысы қызықтыра алған жоқ. Қанша жерден еңбекқор болғанымен өз ортасы емес, һәм сүйген ісімен айналысып жатпағанын іштей сезеді.

–Мен Капитанға қайтып барамын, – деді бірде теңізді сағынғанын жасырып қап, жұмысты сылтау қылып, – енді қауіпті болса да, теңізшілік ісін атқара аламын деп ойлаймын.

–Қарғам-ау, ол үшін теңізші боп туу керек. Қанатың қысқа, өзің кішкентайсың. Тез-ақ шаршап қаласың ғой.

Сонда да Аққанат: «Жоқ та жоқ, қолымнан келеді» деп сөзінен танған жоқ. Бірақ, сол жұмысты істеп жүргенде қарт кептердің айтқаны рас екеніне көзі жеткен-тін. Қанша ілесем дегенімен, шағалалар шартарапты кере желге қарсы ұшқанда еш қиналмайды.

«Ал маған тиесілі іс қандай, мекенім қайда? Неге басқалар құсап өзімді таба алмаймын? Жер жүзін сол үшін аралап шыққам жоқ па... Мен қайдамын, әрі кіммін?» – деген сұрақтар кезекпе-кезек санасына орныға беретін.

Теңізді тіліп баратқан кеме ізіне ілескен көп шағала мен жалғыз бозторғай көкте ойнап барады. Көгілдір теңіз – көк аспан құсаған, ал мына алып кеме болса – алып құс тақылеттес. Жүзіп емес ұшып баратыр ма дерсің. Сол сияқты көк жүзі теңізге айналып, құстар легі кішкене қайық құсайды. Көк пен теңіз бір біріне сіңісіп, біртұтас болып кеткендей. Құдайдың берген рызқысын теріп жүріп, әйтеу айлаққа тоқтады-ау. Бүгін күндегіден қаттырақ шаршағандай. Әдеттегі орыны кәсіпкердің бақшасына барып қонақтады. Аздап тынығып алған соң, сағынышымды басайын деп, әндете жөнелді. Ол сағына шырылдағанда мына бір аралдың тұрғындары жым болып, бір сәтке жұмыстарын доғаратын. Олардың жан түкпірінде, рух тереңінде бәрінен жасырын, сақтаулы тұрған сағынышын қозғайды. Ол нендей, кімге деген сағыныш – ешкім білмейді. Кәсіпкер жазу үстелінде отырып, кіріс-шығыс туралы есепшіден есеп алып отырған. Кенет өзіне таныс құс үнінен елең ете қалды. «Келді, келді» – деді сарайды басына көтеріп. Қызметкерлері өре түрегеліп не боп қалды дегендей жетіп келген. Көп күткені жүзінен аңғарылады.

–Әлгі бейтаныс құс бар емес пе, сол қайта оралып менің бақшамда ән айтып жатыр, – деді балконға жанталаса жетіп барып, – міне, бақшаға да жан бітіп, көріктеніп кеткендей... – Сонсоң терең бір тыныс алды да, қуақыланып әмір берді, – дереу маған мына әнші құсты алып келіңдер!

Бақшаның сәні болған басқа да құстар оны ұйып тыңдап отыр. Бір де біреуі мұнымен тіл қатысқан жоқ. Бөтенсігені ме, әлде ұялғаны ма, ол жағы белгісіз. Тек, Пайыз құсы жақын қонды да, сонда да дүдәмалданып қасына жуи қоймады.

–Пс-с, – деді өзіне назар аудартып, сонсоң басқа жаққа өтірік қарап тұрғандай болып, – білдірмей менімен сөйлес! – деді. 

–Не боп қалды, сіз кімсіз?

–Білдірме деймін, ары қарап тұр. 

Аққанат айтқанына көніп, кері бұрылып сұрағын қайта қойды.

–Ақырын... Сен бұл баққа бекер келдің. Мұндағы құстар тып-тыныш бекерге тұрған жоқ. Мына сарай мен осы бақтың егесі анау бір кәсіпкер – зұлым адам. Өзіне не ұнаса болғаны иемденіп алуға құмар.  Өзің сияқты мұнда құстар біткен күндіз-түні сайрап, ән шырқап, көңіл көтеретін. Әр күніміз ду-думан.  Бір күні арамыздағы ең дауысы да, өзі де ғажап – бұлбұлды бақташылар келді де аулап алды. Сөйтті де сарайға алып кетті. Содан бері одан еш хабар-ошар жоқ.                Содан кейін де мұндағы құстардың сайраудан қорқатыны.

–Ендеше олар бұ жерден неге кетіп қалмайды? Ұстап тұрған ешкім жоқ қой...

–Олардың кетпейтіні – мұндағы кәсіпкер бай-бақуатты болғандықтан, ас-ауқаты мол. Күнде болмаса да анда-санда анау қойма сыртында дәнге қарық боп қалатынымыз бар. Тек сол үшін, оңтайлы сәтті күтушілер ғанамыз.

–Егер кәсіпкер адам қауіпті болса, неге алдында, және бүгін ешбір құс ескертіп, әніме тоқтау болмады? – деді Аққанат іші сезіп тұрса да соқыр үмітпен.   

–Өйткені олар сені тамақтарына ортақ қылғысы жоқ. Әніңді тыңдаған боп, іштей сені қашан бақташылар торға түсіреді деп күтіп отыр.

–О, тоба, айтқандарыңа сенер-сенбесімді білмей тұрмын...

–Қайтесің, қаш-қаш, – деді Пайыз құсы жандәрмен шырылдап. Айтып болар-болмас дүрліккен кісілердің қарасы көрінді.

–Тінтілмей қалған бір бұта қалмасын, табыңдар! – деп бұйрық берді дауысы қарлыққан бірі.

Аққанат не істерін білмей ұша бермек боп тұра ұмтылғанда төменнен жарқын-жарқын дауыс естіді. 

–Е, міне, бөтен құстың өзін таптым, – дей бергені мұң екен, үстіне тоқыма тор кеп қалғанын байқамай қалды. Көзді ашып-жұмғанша қақпанға түсті де қалды. Бір қақпаннан әзер құтылғанда екінші бір қақпанға түскені жанына батты. Қанша жанталасқанымен түк шығатын емес. Бостан босқа сарқылып жатқан күш. Қайтсін, жалғыз танысы Капитанды шақыра берді.
–Капитан, Капитан көмектес, – ешкім естіген жоқ. Бақтағы үнсіз, тілсіз құстар «өзіңе де сол керек» дегендей тәкәппар көз салып тұр. Пайыз ғана ақырын ғана: ««Қаш» дедім саған, неге дер шақта әрекет етпедің.  Біздер ғой ол – қу тамақ үшін табиғи дауыстан бас тартқан, мылқау кейіпке енген. Қайтеміз енді, шындық деп шырылдасақ, артымыздағы ұрпақтың күні қалай болмақ... Кеш бізді...» – деді жыламсырап.  Ал Аққанат болса, жаным арымның садағасы дегендей, ызадан ба, әлде қайсарлықтан ба, шырылдауын тоқтатқан жоқ. Оны сүйреп, тұтқындап бара жатса да, әнін үзбеді.  Алдында не күтіп тұрғаны беймағұлым. Тек, жазмышқа мойынсұнған, десе де үміті сөнбеген.

Аққанат тағы да торға қамалды. Айнала ала-күңгірт. Кенет торымен бірге көтеріп әкетті де, алтынмен апталып, күміспен қапталған күмбезді сарайға тап келді. Жарқ-жұрқ еткен аспашамнан шашыраған сәуле шыныдай жылтыраған қабырға мәрмәріне шағылысады. Терезе алдында баққа қарап тұрған тапал бойлы, жіңішке, қара шаш, қара мұртты әлгі кәсіпкер тұр. Елеспен сөйлескендей өзді өзі күбірлеседі. Артында тұрған жандайшаптары қойған сұрағын, теннис добындай қағып алып, өзіне дереу қайырады. Майор алдында тік тұрып, амандасқан солдат дерсің.

–Ха-ха-ха, түстің бе қолыма, құсым! Қане, өзін әкелші бері, – деді кері бұрылып. Мысық көзі Аққанатқа қадалғанда денесі түршігіп кетті. Сықсиған көз – қылау қатқан терезедей, ар жағынан жан дүниесі суық еседі. – Мынау, сен тұратын торға лайық па? Мен саған, алтын тор сыйлаймын. Бұл-бұлымды қалай сыйласам, сені де сондай құрметке бөлеймін.

«Бұл-бұл» дегенде Аққанаттың құлағы елең ете қалды. Ол осында ма, дегендей үлкен залды тінте қарайды. Төрде екі торға қамалған екі құсты аңдады. Бірі, тотықұс – темір торға қамалған. Ал екінші бірі – бұлбұл, алтын торда отыр. Жәутеңдеген көзінен жанашырлық білінеді.

–Менің қолтығымнан пана іздегендерге сая болам, қорғанмын. Ал маған қарсы болғандардың көзіне көк шыбық үймелетем, – деді қаһарлана дауысы қатқылданып, - бірақ оған сендердің қатыстарың жоқ. Өйткені сендер жүрек жылытар дауысқа ие, ғажайып тіршілік иесісіңдер. Әне, сенің ұяң болатын алтын тор да келіпті, – деді күзетшісі алып келген жылтыраған, кең де, жайлы торды нұсқап.

–Ішіне енгізіңдер, – деді әмір беріп. Бұйрығы дереу орындалды. Пепсиді ұрттап жатыр еді әлдене есіне түсіп кетсе керек, асығыс жұтынып, сөйлей кетті.  – Айтқандай, бұл құстың намын білейік. Қайдан келіпті, кім екен? Біздің аяулы аудармашымыз қайда? – деді.

–Мен мұндамын, – деді тотықұс адам тілінде көп сөйлемеген соң тамағы қарлығып.

–Сұра, мына мырза кім екен, неге менің бақшама келген? Мүмкін мені шалғай бір шырайлардан әдейі іздеп келген болар?

Тотықұс Аққанатқа құс тілінде аударып берді.

–Мен бір бейшара құспын, ілім іздеп туған жерден аттанғам. Сонсоң адасып жер-жерді аралап елімнен ұзақта қалдым. Өтініп сұрарым, мені босатсын. Еліме оралайын.

Тотықұс аударып бергенде кәсіпкердің жүзі бозарып кетті.

–Мына құсың ақымақ па-ей? Қаншама жыл қызмет қылған алтын торды саған бермей осыған бердім, – деді тотықұсты меңзеп, – ас-ауқаттан тарықпас дедім. Ұясында жатып білгенін істейді. Жылы жер іздеп, дауыл мен боранда, қапырық пен ызғырықта қалмайды. Жалғыз сұрайтыным анда-санда жабыққан көңілге дәру боп сайрап тұрса деген едім. Осыншама жақсылығымның өтеуі осы ма, сонда?

–Айналайын, – деді Аққанат өзінің ауылдастары сөз бастарда айтатын әлқиссамен, – маған алтының да, байлығың да бес тиын. Дүниенің бүткіл байлығын үйіп төксең де – еркіндігіме ештеме айырбастай алмаймын. Одан да еркіме жібер.  

–Әй, ақымақпысың, – деді кенет Тотықұс ашынып, – олай айтпа! Айтқан сені де, аударған мені де аман қалдырмас. Дұрысы айтқанына келіс.

–Не деп кеттіңдер-ей, – деді кәсіпкер сабырсызданып.

Әлгінде ғана мөлиіп, ескерткіштей боп тұрған бұлбұлға тіл біткендей:

–Тотықұс дұрыс айтады, аман қалам десең, үндемей құтыл. Немесе сұрағына ілтипатпен жауап қат.

–Мен бәрібір айтқанымнан қайтпаймын, – деді Аққанат қырсығып.

–Ол көп сөзге жоқ екен. Сіздің сарайыңызға келгеніне, көрсетіп жатқан ыстық ықыласыңызға дән риза, – деп бұрмалап жіберді Тотықұс, жаны ашыған түрі де.

–Бәрекелді, – деді кәсіпкер алақанын сипалап, – міне, ақылды құс деп осына айт. Ақымақ құс қашан ұстап едім, айтыңдаршы? Мына бұлбұлдың дауысы қанда-ай, екеуің қосылып хор айтсаңдар қалай болар екен. Қане, сайраңдар, мен демалайын, – деді орындыққа жайғасып, ыңғайлана отырып.

Бұлбұл, терең тыныс алып, амалсыздан сайрай жөнелді.

–Тоқта, тоқта, – деді кәсіпкер, – екеуің деймін, сен де, – деді Аққанатқа қатулы қабағымен қарап.                                

–Ашуына тисең мүрдем қатасың, айтқанын істей сал, – деді Тотықұс.

Бұлбұл екеуі сарайды әнге бөлеп ұзақ шырқады. Екеуінің де сағыныштары ән болып шарықтап жатыр. Қиялдары көкке қалықтап, алыс армандарға жол тартып барады. Қапаста жатқан құстар әні тіптен әсерлі болса керек, бақтағы құстар мен көшедегі жолаушылар да мына сарайдың терезесінен естіліп жатқан үнге бір сәт тұралап құлақ түрген. Бау-бақшаны бөлме ішіне көшіріп алғандай әсер қалдырады. Кәсіпкер көзін жұған. Рахаттанып, шалқайып отыр. Біраздан соң есіне әлдене түсіп кетті ме:

–Бүгінге осы да жетер, – деді орнынан түрегеліп, – табиғат үнінен асқан әуез де, ән де жоқ. Мына тұмса табиғат дегенің жанның рахаты. Ендігі кезек жұмыста. Маған есептеменің тізімін әкеліңдер, – деп жандайшаптарына қарады. Олар ләппайлап қағаз әкелген соң, бірге жүре сөйлесіп, бөлмеден шығып кетті. Иықтарынан бір жүк түскендей, терең тыныс алған құстар босаңсығандай. Аһ ұрып, әлденеге өкініп тұрған Аққанатқа Бұлбұл бүй деді:

–Болды енді, қам жеме! Мұнда былай жағдай жаман емес. Үйреніп-ақ кетесің.

Тотықұс та Бұлбұлды қостаған боп:

–Сырттағы өмір сияқты арып-ашып жұмыс атқармайсың. Бірде тоқ, бірде аш жүрмейсің. Үш мезгіл ас-ауқат. Қанатың талып, қонар жер іздемейсің. Әр сәт сайын қорғансыз мекен іздеп шарқ ұрмайсың. Қауіп-қатерге тап болам ба деп алаңдамайсың да, рахат!

–Әй, қайдам, жайлы да болса тордың аты – тор. Азаттықта, қауіп пен қатерге қарама-қарсы келіп, күресе ұшу мен үшін – бақыт. Ал мына дүние, байлық бәрі де жақсы, тамаша ғой. Тек еркіндігіңді осыған бола сату әділ емес. Қалай да қашу керек, – деді тістеніп.

–Т-ш-ш, не деп тұрсың ақырын. Қабырғада да құлақ бар. Ақырын сөйле мұндайды.

–Маған бәрібір.

–Сен қырсықпа, өзіңді ойламасаң да туған еліңді, өскен үйіңді неге ойламайсың? – деді Бұлбұл ренжіген болып.

Ұзақ үнсіздік бөлмені билеп қалды. Тек сырттағы порттың піл құсап гүрілдеген үні талып жетеді. Айлақтан кезекті сапарға аттанған кемелерді торуылдаған шағалалардың шаңқылы да көңілді елегізітеді. Еркін шағалалар шытырман уақиғасын енді бұнымен бөліспей ме, ал Капитан ше, мені іздемей ме, деген сияқты ауыр ойлар еңсесін езді. Ойының көрінісіндей болып ауыр бұлттар қарайып аспанды торуылдап алды. Жаны жабырқау. Осылайша апталар, айлар өтті. Бір күні екінші күнінен аумайды. Ауқат, іш пыстырарлық отырыс, тағы ауқат, кешке кәсіпкерге ән шырқап беру. Бары осы ғана. Ал тапқан бар қызығы мына екі сырлас достарымен тілдесу. Және терезенің ар жағындағы ауа райын теледидар көргендей бақылап отыру. Екі жаңа достары бұл сияқты қайғырмайды. Мына халге көндігіп кеткен сияқты ма, қалай. Ал Аққанаттың күн сайынғы ойы да, аңсары да – қашу.

 Бір күні кәсіпкер үй қызметшілерін сықпыртып жүр. Сөйтсе, кешке сарайға қадірлі қонақтар келеді екен, соған дайындық. Фуршетте дәмді тағамдар қаз-қатар тұр. Дастархан ортасы көз жауын алатын гүлдермен әрленген.

–Қонақтар келгенде ән болмайды, әуен орнын сендер басасыңдар, – деді тордағы құстарға қарап, – кеткенше тоқтаусыз сайраңдар. Үйде бау-бақшаның атмосферасы болсын. Келген зиялылар демалып қайту керек, – деп талап қойды. Тотықұс көрші достарына аударып бергенде екеуі амалсыз көнді. Естулерінше, кәсіпкердің достары кіл бай-манаптар екен. Арасында ғалымдар мен академиктер де табылады. Олар осылайша бас қосып арнаулы бір жобаның бастауын яки аяқталуын атап өтетін көрінеді. Қонақтар да келе бастады. Дирижер құсап, Тотықұсқа кәсіпкер саусағымен ауаны сызып ым қақты. Тотықұс та достарына ескерте қалды. Алайда Аққанат бастамай тұралап қалған. Өйткені көп зиялының ішінен өзіне таныс бірін көргендей болды. Анығын өзі де басып айта алмайды. Алыстан, арқасын ғана шырамытты. Ар жақта мұрты жыбырлап, түтігіп өзіне қарап тұрған кәсіпкерді көргенде барып қана, есін жиды. Құстар әні сарайды тәтті бір әуезге бөлеп кетті.

Осы аралықта қонақтар кешке дән риза болып, әсіресе мына сайрап жатқан құстарға музей аралағандай ұзақ қарап қалған-ды. Бір-бірімен күбірлесіп тор алдында ұзақ тұрыс-ты. Арғы бұрыштан асығып, аптығып келген бірін көргенде Аққанат сайрауын тоқтата қойды. Көзі шарасынан шығып кете жаздап тұр. Қарсы тараптағы кісі де аңырайып қалған. Бозарып «қалай бұлай» деген сұрақ жүзінен білінеді. Сонсоң жақын келіп, көзілдірігін мұрнына шейін түсіріп, қанатын, тұмсығын бәріне бажырая назар аударды. «Өзі қайда кетті десем», - деді бір жағы қуанып, бір жағы назаланып. Алдында тұрған сол баяғы интернаттан алып қашқан ғалым.

–Бәсе, үнің таныс, қайдан естідім деп, ары қараймын, бері қараймын. Егеңді таныдың ба, пақыр-ау. Қорықпа мен сені алып кетем, үйге ертең бірге қайтамыз, – деді де бір шешімге келгендей галстугін түзеп, кәсіпкердің қасына жуықтады. Кәсіпкерді қаумалап алғандардың арасына жетіп жеке шақырам дегенше де біраз уақыт өткен. Сонсоң қауқылдасып негізгі тақырыпқа аударғанша тағы ширек сағат кетті. Ақыры айтса керек, кәсіпкердің жүзі қызыра-бөрітіп, Аққанатқа бірден тік қарады. Сонсоң ғалым беделді болған соң ба, әдеппен түсіндіріп жатыр. Өзін әзер ұстап тұрғаны дірілдеген саусақтарынан, тамағы мен шекесіндегі ісінген көк тамырдан  білінеді. Не керек, екеуі қауқылдасып отырып бөлмеден шығып кетті. Кейін бір шешімге келгендей аздан соң қайта оралды. Аққанат бәрін бақылап отыр. Тағдыры шешіліп жатқанын іштей сезеді. Ғалым өзімен алып кетер деген тәтті үміт жетегінде.  Қонақтар біртіндеп тарай бастады. Ғалым да кетті, қайрылған жоқ. Аққанат оған үздігіп соңынан қайта-қайта көз тастайды. Екі иіні түсіп, манадан бергі үмітінің бекер екеніне налыды. Отаннан жырақта жүрген соң ба, өзін құдды бір мұхит ортасында жалғыз қалған қайықтай сезінеді. Кенет үй қызметшісі келіп алтын торының есігін ашты да, оны темір торға қамады. Сөйткені сол екен бөлмеге кәсіпкер енді.

– Бағың тайды деген осы шығар. Мынадай зәулім сарай мен керемет жағдайдан мақұрым қалдың. Өкінішке орай алғашқы егең менің танысым болып шықты.  Көңілін қалдырмай өзіне сені қайтарып бермекпін. Ендіге шаң басқан қағаздар мен күлімсі иіс тұнған бөлменің ауасын жұтасың. Ха-ха-ха... Ғалымдардың миы ашып жүреді, бірде тоқ, бірде аш боласың, – деді өзін жұбату үшін бе, әлде бозторғайды мазақ қылғысы келді ме. Тотықұс кәсіпкердің сөзін аударып беріп өзі бір-екі ауыз тілегін айтты.

–Ал құтты болсын, енді үйіңе қайтуға бір адым жақындайсың. Жолың ашық болсын, – деді бауыр басып қалған досын қимай-қимай.

–Мен де сенімен бірге ілесіп кетсем деймін. Жалғыз бір ғана жанның жанын жадыратып ән арнағанша, баққа қонып көптің көңілін аулағым келеді. Жабыққанға – жұбаныш, сағынғанға – үміт болсам деймін. Кім білер, ол күн де алыс емес шығар. Ал сен азаттық үшін туған құссың. Біз үшін аспанды әрле, ауаны тілгіле, адамзаттың жаралы жанын жұбатқайсың. Біз үшін самға! – деді Бұлбұл көз жасын сығып. Аққанатты көтерген қызметші есік аузына жетіп қалған. Аққанат достарына қанатын бұлғап тұрып:

–Аман-саулықта болайық, сендерді ұмытпаймын достарым! Ал мына кәсіпкерге айтарым, азат рухты құсты алтын тормен сатып ала алмайсың. Оның рухы тор ішінде де тәуелсіз,  – деді. Тотықұс аударып берді ме, жоқ па, беймәлім.  

Сыртқа шыққанда есік алдында Kia k5 көлігі күтіп тұр екен. Артқы есік ашылды да, ішінен әжімді қол темір торды ұстады. «Рахмет» деді көлік ішінен қырылы басым, егде мырза қызметкерге. Өзіне таныс дауы ғалымға тиесілі.

–Е-е-е, міне, тағдыр деп осыны айт. Тура қайтатын уақытта, сенімен қауышқаным қандай жақсы болған. Қара басып сені жоғалтып алғанымда уайымдап қалып ем. Сен менің осы сапарда туған жерге деген сағынышымды басқан құссың. Жазар мақалаларыма, ғылыми жұмыстарыма шабыт болдың. Елге аман-сау жетіп алайық, сені еркіңе қоя берем, – деді. Оның не айтқанын Аққанат түсінген жоқ. Сонда да әлпетінен жақсы бір нышан байқағандай.       

Келесі күн таң әлетінен ерте тұрып, ала қамдап қоймаған соң ғалым ыбырсыған заттарын жинаумен әлек болды. Қол багажына ретсіз салып жатыр. Сағатқа қайта-қайта қарай береді. Қағаздарын да қалай болса солай сөмкесіне тықпалайды. Сосын басқа ештеме қалып кетпеді ме деп бөлмеге тағы бір көз жүгіртті. Ал сарғыш, ескі шифонерге қарама қарсы үстелдің үстінде торда жатқан Аққанатқа назар аударған да жоқ. Ашық терезеден басын шығарып ауа-райын бақылады. Бір-біріне мінгескен, текшеленген биік нысандарға, оның ар жағындағы мұнар басқан сұр аспанға көзі түсті. Өзінің көңілі де сол аспан құсап бұлдырай ма, қалай. Асығыс есікті жапты да, лифттің түймесін басты. Аққанат бәрін естіп тұр: лифт ішіне еніп, төменге сырғығанын да байқады. «Шынында мені тастап кеткені ме» деген ойдан қорқып кетті. Мына тор арасындағы тесікке тұмсығын сұғып, шырылдай бастады. Тоқтаусыз шырылдады. Кім білсін, жарты яки бір сағат өткен шығар. Үміті үзіліп, ендіге жаңа өміріне қалай қадам басарын білмей, сансырап тұрған. Есік ашылды. Қонақ үй қызметкері. Бөлмеге кірген соң, мұны көрді де, көтеріп әкетті. Қайда апара жатыр, ең болмаса босатса екен, деп іштей тілейді. Төмен түсіп, лифт есігі ашылғанда барып ғалымның күйгелектеніп күтіп тұрғанын аңдады.

–Ой, рахмет сізге! Әуре қылдым-ау бір. Ұмытып кеткенімді қарашы, – деді қызметкердің қолынан торды алып жатып. Таксиге отырған соң да аузы аузына жұқпай қырылдап сөйлеп келеді, – өзің көріп тұрсың ғой, барған сайын ұмытшақ болып барам. Сен есіме түсіп жарты жолдан қайтып келдім. Ұшаққа кешіктік. Ештеме етпес, келесісіне отырармыз. Мен саған айтқан жоқ па едім, бірге барып, бірге қайтамыз деп. Сенсіз қайтсам, сөзімде тұрмаған боламын ғой. Оның үстіне сен де мен құсап туған жеріңді сағынған шығарсың, – деді. Аққанат оның көңілшектеніп сонша айтып жатқан бір де бір сөзін ұқпаса да, ғалымға дән риза-тын. Өзі үшін қайтып келгеніне, енді еліне оралатынына қуануда.

Ұшақ әуеге көтеріліп бастағанда, қуықтай терезеден төменде қалған кішкентай үйлерде тұратын кішкентай адамдарға көз тастады. Сосын жер жүзін жайлаған ластық пен кір-қоңға қарап тағы шімірікті. Түтінге тұншыққан шаһарда табиғат халі нешік. Ал өзі құсаған құстар күншығысты бетке алып қаз-қатар ұшып барады. Бастарын бері бұрып, терезе алдында бейқам отырған мұны көрді. Көріскенше дегендей, Аққанат қанатын қомдап қояды. Жол бойы басынан өткен уақиғалардың бәрін көз алдына елестетті. Барлығы бекер емес. Өмір оны жаңа бір белеске дайындап жатқандай.

Елге де аман-сау оралды. Алақынында аялап ұстап тұрған ғалым, құсты құдды бір немересін еркелеткендей иіскеп, емірене сүйді де:

–Ал жолың болсын, қанатың талмасын, қарағым! – деді де көкке ұшырып жіберді. Аққанат құрысып қалған қанаттарын әзер жазып, жылы ауаны сабалай ұшты.

Өзі сағынып жеткен мектебіне қайта оралған. Бұл кезде мектепте ешбір құстар да, балалар да қалмаған болатын. Бәрі де демалысқа үйді-үйлеріне тарап кеткен. Тіпті, Жандос пен Әлхан да. Ендіге туған жерім қайдасың деп алғаш келген жолына қайта түсті. Қала құстары сол баяғыша қам-қарекеттен қолдары босар емес. Ығы-жығы. Ұшқандағы жол ережесін біліп қалған. Қала шетіне жеткен соң, артына тағы бір бұрылып қарады. Көз алдына тек Алатау құшағында шашылған асықтай боп жатқан қала ғана емес, бүткіл жер жүзі елестеді. Қанатымен Жерді сипалап, ыстық-суығын сезініп келгендей болды: Қанаты астында қаншама қалалар мен елдер, мемлекеттер қалып бара жатты. Оған тек құстар ғана емес, мына барша жанды-жансызға басшы болған адамдардың хал-ахуалы қызық болды. Бәрінен байқағаны бір. Тартылған теңіздер, таудай боп үйілген қоқыс, өртенген орман, лас қалалар. Ал соның барлығында да жапа шегіп жатқан жан-жануарлар. Ол өзінің кішкене ғана құс жүрегімен осынау бір адамзатқа үндеу тастағысы келді: «Адамдар-ау, Жер деген біздің жалғыз ұямыз, оны ластамаңдаршы. Өз шаңырақтарыңды шайқалтпаңдаршы. Жан-жануарлар да өздеріңдей тіршілік иелері ғой, қамқор болыңдаршы!».

Үйіне барар қауіпті сапарды аттап өтіп келеді. Осы кезге дейін тап келген барша қиындықтар оны шыңдағандай. Сенімді әрі батыл. Кенет алдынан өртенген орманнан қалған тұманды алқап кездесті. Ол жерден бағыт-бағдарын жоғалтып алып, әзер дегенде қайта жол тапты. Сөйтіп шыршалы, тоғайлы орманға кез болғанда баяғы өзіне оқ атқан аңшылар жасағын көрді. Сол баяғыша от жағып, отын жарып, көңіл көтеріп отыр екен. Мұны көре сала, «охо, ананы қараңдар, кешкі асымыз да әзір» деді мылтығына жармаса беріп.

Сонда екінші бірі:

–Баяғыда осындай торғайдың біреуін атам деп, мүлт кеткенің есіңде ме, – деді әдеттегіше шамдандырып.

–Мүмкін мына бір құс сол құстың нақ өзі шығар. Көрерсің бәлем, қазір, – деді де мылтығының шүріппесін басып қалды. Аққанат әдейі шайқала ұшып жүрген. Жаңылыстыру үшін. Сонда да қанатын сырып өтті. Қорыққаннан қалбалақтап ұша алмай, қайта түзелді.

–Әп, бәрекелді, атып үйреніп қапсың ғой, – деді қасындағысы кәуәптың бір тілімін асап тұрып.

Аңшының көзі қанталап, нысанаға қайта дәлдеді. Бұл жолы Аққанат жаңа тәсіл ойлап тапқан. Оқ атылар-атылмас, өзін өзі тастап жіберіп, төменге ағаш арасына жеткенде барып қанатын жайып жіберіп тоғай ішімен қалықтаған.

–Міне, мерген деп осыны айт. Дөп тигіздің-ей, – деді қасындағылар дән риза болып. Әлгі атқан аңшы да, риза болғандай қорбаңдап басып, көрдіңдер ме, дегендей мұрынын тартып қояды.

Аққанат ағаштан ағашқа қонып ұшып келеді. Бірінен құтылдым-ау дегенде, алдыда шатыр тіккен аңшылар қарасы жетерлік. Кенет тарс-тұрс атылған оқ құлақ жара естілді. Әуеге көтерілген Аққанат бір де біріне тигізбей өлім тұзағынан аман-сау қайтты-ау. Туған жері, өскен өңірі алыстан менмұндалайды. Ыстық құшағын аша, «келдің бе, айналайын» дейтіндей. Шаршаған қанаты екінші бір күш алып қайта рухтана түсті. Ауыл аспанын басқан бұлт та бұл жақындаған сайын жабыңқы қабағы ашылып, күн шырайы күлімдей бастады. Айнала шуаққа бөленді. Туған жер де өзін сағынып қалған сыңайлы.

Үйіне жеткен соң, ата-анасы, бауырлары арқа-жарқа, көзайым. Ауыл түгел мәз мейрам.             

–Ал балам, қаладан не үйреніп келдің? – деді әкесі сонда оқудан қайтқан ұлын мақтан тұтып.

Аққанат не деп жауап берерін білмей ойланып қалған. Мектепте үйренгендерін айтайын десе, алғашқы тоқсанда ғана оқыды. Ал қалған уақытта ғалыммен әлем аралап, қайта алмай шытырман оқиғаларға тап келді. Ол да бір өзінше оқу, мектеп болған шығар. Өмір мектебі.

–Өмірді үйрендім әке, – деді сонда жұлып алғандай.

Әкесі де баласының жауабына дән риза болып, батасын берді.

Жандос аулада кітап оқып отыр екен. Иығына кеп қонақтаған Аққанатты көріп, қуаныштан алақайлап, секірді кеп.

–Сені сондай сағындым досым, қайда жоғалып кеттің? – деді орнынан атып тұрып, – Қалай ойнаймыз ба, маған ұшуды үйретесің бе?

            Аққанат қанатын жайып ап, ауаны тілгілеп, көкті өрнектеп самғай жөнелді. Жандос та оның соңынан қайталап, жүгіріп келеді.