Жылдың үздік балалар шығармасы
39

Қаһарман құмырысқалар

(хикаят)

Бек-пектің шытырман уақиғасы

 

Анау құстардың қанаты талар құзар биіктен қарағанда біздің қала, яғни мен өскен жер көзге көрінуі екіталай. Өйткені біз кішкентай жаратылыспыз. Бізді көрген барша тіршілік иелері бізді мүсіркеп, місе тұтпай, тіпті көзге де ілмейді. Өйткені біз – құмырысқамыз. Біз тұратын қала, мына, бір илеу. Сыртынан қарағанда қуықтай ғана мардымсыз боп көрінуі мүмкін. Алайда біздің де өз қам-қарекетіміз, қуаныш-мұңымыз бар. Біздің әулет – Мономориум тұқымына жатады. Біздің қалашықта сонымен қатар Динопонера тұқымдастары да көптеп кездеседі.  Қала ішіне кірсең – көз тоймас кереметтерге тап боласың. Мен осы бір илеу ішіндегі ең соңғы тұйық көшенің бір бұрышында мекен етемін. Атым – Бек-пек. Мен бұл қаланың экономикалық әл-қуаты қиын жағдайда дүниеге келдім. Көзімді ашқалы біздегі қаймана халықтың жағдайы мәз емес. Әрине, бұған қалабасын кінәлап қала тұрғындары талай мәрте митингке де шықты. Билікті жазғырып бақты. Бірақ, өзгерген түк жоқ. Қаланы жайлаған көңілсіздік пен үрейден аяқ алып жүргісіз. Біздің ауданға жақын маңда шағын мектеп бар. Сонда құмырысқалардың тарихын айта келіп, біздің ата-бабаларымыз – ірі, дәулетті, технократ, жан-жақты болғаны туралы көп дәріс естиміз. Сонда мен: «Егер ата-бабам мауыздай болған болса, ал мен қайдан шыққанмын», - деп ойлаймын. Себебі сыныптағы құмырысқа балалардың барлығы мені көрсе болды «түйіршік» «қортық» «құртақан» деп мазақтай жөнелетін. Әрине, намыстанасың. Бірақ, қарсы шығатын қайран қайда. Өзі онсызда кішкентай құмырысқалардың арасында кішкене болу деген – тіпті өзіңді мына өмірде жоқтай сезіну сияқты. Кейде «бармын ба, өмірдің бір бөлшегімін бе» деген іспетті ойлар да келіп-кетеді.

Ересек құмырысқалардың айтуынша, бұрында біздің қала тұрғындары бір-бірімен туыстық қарым-қатынасты берік ұстанған деседі. Бір-бірінің үйіне қонаққа барып, арқа-жарқа көңіл көтереді екен. Ал мен ес білгелі құмырысқаның ешбірі бір-бірінің табалдырығын аттаған емес. Оған кінәлі – жаңа технологияның белең алуы деп жатады. Одан бөлек бәсеке, қызғаныш атты факторлардың да әсері бар. Иә, біздің қалаға шетелдік өзге құмырысқалар патшалығынан көптеген жаңа заманауи тұрмыстық құрал-жабдықтар келіп жатады. Бұларды өндірген тұқымы басқа құмырысқалар. Мен де солардың патшалығына барып, үйреніп қайтқым келеді. Әрине, біздің қаланың илеуінде де талантты құмырысқалар табылып жатады. Бірақ, олардың еңбегі мен ізденісі шөлге сіңген тамшыдай құрғап қалып жатыр. Біздің қала илеуі бірнеше қабаттан тұрады. Ортада бірнеше жерінен төменнен жоғарыға көтеріліп-түсіп жатқан лифт үздіксіз жұмыс атқарып тұр. Қаламыз жарықпен-жылумен қамтамасыз етілген. Әрқайсысымыздың үйімізде интернет, теледидар тағы бар. Былай жағдаймыз жаман да емес. Тек құмырысқалар жұмыс таппай әлек. Жастардың көбі әскерге кетеді. Мен де өскен соң жұмыс таппасам әскерге кетеді екем, әжемнің айтуынша.  Ал илеу ішінде жұмыс таба алмаған құмырысқалар жер асты метросына отырып шетелдік құмырысқалардың еліне сапар шегеді. Ал ол да мүмкін болмаса илеу сыртына шығып қауіп-қатерге қарамастан адамзат әлеміне жол тартады. О, ол жақа әркімнің тісі бата бермес. Сонда кеткендердің қатарында менің  әкем мен анам да бар. Олар менің қамымды ойлап үлкен тәуекелге барып отыр. Шаңырағымызда әжем екеуіміз солардың жолын бағып отырамыз. Әжем ата-анама қаратып маған: «Сабағыңды жақсы оқы, біздің үмітті ақта» деп ылғи айтады. Сабақтағы үлгерімім жаман емес. Сонда да мені илеуден түскен шарық пен адамзат әлемі андағайлап шақыратын да тұратын. Қарттардың айтқан өсиеті бойынша ол жақа бала құмырысқаларға шығуға тыйым салынған. Адамзат әлеміне бару ешбір бала құмырысқаның ойына кіріп-шыққан емес. Себебі ата-әжелеріміз ескіден қалған ертегілерді айтқанда төбесі көк тіреген алып адамдар, жан-жануарлар, құстар хақында қорқынышты оқиғаларды айтып берген соң үрейленесің. Адамзат десе – бізге мистикалық, қорқыныш әлемі елестейді. Қала орталығында кітапханамыз бар. Ол жерде жазушы құмырысқалардың түрлі кітаптарына қанық болдым. Соның бірі адамзат өмірі туралы зерттеген Б. Бүкбүк жазушының ғылыми шығармашылығы. Бұл кітапты жазардан алдын жазушы адамзат әлеміне сапар шегіп, түрлі шытырман оқиғаларға тап болған екен. Ақыр аяғында аман-есен оралыпты. Оның жазуынша, адамдар қаскөй, жауыз, қатыгез келеді. Жан-жануар, жәндік атаулы былай тұрсын өздерін өздері аямайды екен. Соғыстан көз ашпайтын адамзаттан біздерге аулақ тұруға кеңес береді. Адамзат әлеміне алда-жалда тап болып қалсаң аман оралуың екіталай екен. Бүкбүк жазушының кітабы мені бірден баурап алды. Илеуге кірер қақпадан түсетін күн шұғыласы мені еліктіріп әкеткені сонша, Бүкбүк кітабын мансұқтап тұрғандай. Компьютер алдында ойын ойнап, жазу үстелінде сабақ орындап отырсам да адамзат әлемі ойымнан бір елі шығатын емес. Төсегіме қисайып жатып алып түрлі қиял армандарға ерік беремін. Бұрындары адамдарды өзіміз сияқты жіңішке бел, алты аяқты екен деп ойлағам. Сөйтсем, Бүкбүк ғалым оларды екі аяқты, екі қолды деп, мен ойлағаннан басқаша суреттеген. Олар да біздегілер сияқты ру, тайпаға, тіпті, ұлт пен ұлысқа бөлінеді екен. Әжем орындықта ұршық иіріп отырып, иегін түсіріп, көзілдірігі үстімен маған қарады да:

–Балам-ау, неге ұйықтамай жатырсың, – деді адамдар арасына тап болған қялымды бөліп.       

–Жәй, көзім ілінер емес.

–Шам кедергі жасап жатқан жоқ па? – деді аспашам қосқышына қол соза беріп.

–Жо-жоқ, әже... – дедім, – анам мен әкем кешікті ғой...

–Бағана сен сабақта болғанда келіп, бірнеше дән мен нан әкеліп қайта кеткен. Келетін уақыты да болды... – деді қабырғадағы сағатқа көз тастап.

            Илеу ішінде жұмыс таппаған соң амал жоқ әке-шешем аңшылыққа аттанады. Алғашында әкем кенші, анам мұғалім болатын. Дағдарыс қаламызды қаулап алғалы, амал жоқ басқа құмырысқалар құсап осы кәсіпті қолға алды. Күн сайын қалаға азық  әкеледі. Оны азық-түлік фирмасы өндіріп қала тұрғындарына сатады. Содан ата-анам айлық алады. Ал және басқа да ересек құмырысқалар жер үстінен түйіршік, тас, шыбық, қамыс т.б. үй мен жаппа тұрғызғанға қажетті заттар әкеледі. Оларды арнайы фирмалар қабылдап алады.

–Менің ұлым ұйықтамаған ба, әлі? – деп анам мен әкем кіріп келді.

–Ертең сабаққа барасың ғой, ертерек жат, – деді әкем зілсіз. Әкелген азықтарын дастархан үстіне қойды. Анам мен әкемді көріп бір жасап қалдым. Олар ылғи адамзат әлеміне кеткен сайын уайымдап отыратыным рас. Аман-есен келгенде шүкірімді айтып, қуанып қалам. 

            Келесі күні бізді мектепке алып кететін автобусты күтіп аялдамада бір топ құмырысқа-балалар топырлап тұрдық. Автобус келіп, қайта орнынан қозғала бергенде досым Тектүк автобустың соңынан қуып, жүгіріп келе жатқанын көзім шалып қалды. Арқасына асынған ауыр сөмкесі және бар. Шопырға «сәл аялдай тұрыңызшы» деп өтіндім. Шопыр «кешікпей келмей ме» дегендей басын бір шайқап қойды да, әзер тоқтады. Тектүк алып-ұшып жетіп, ентіге ішке енді. «Үлгердім-ау» дегендей бос орындыққа шалқая отыра қалды. Автобус қайта қозғалғанда ол демін баса алмай маған үздік-создық әлдене айтып жатыр.

–Түк түсінбедім, ентігіңді басып алшы, – дедім. Ол терең тыныс алып қайта сөйледі.

–Математиканы орындадың ба?

–Иә, – дедім оның ары қарай не айтатынын білсем де.

–Көшіруге бересің бе?

–Әрине, беремін, күндегідей... – дедім оның әр күні менен көшіретінін есіне түсіріп. –Менен көшірдің не, көшірмедің не, бәрібір миыңда болмаған соң не пайда?

–Білемін ғой... Анам екі алып қалсам ұрысады. Сол үшін. Әйтпесе өзің білесің ғой, менің жақсы көретін пәнім – дене шынықтыру, – деді Тектүк терезеге қарап. – Әне, қара сенің әке-шешең кезекте тұр!

            Терезеден аулаққа қарасам илеу қақпасына кезекке тұрған ұзын-сонар ересек құмырысқалар көзге шалынды. Олар күнде осылай кезекті ризығын іздеуге аттанады. Іштей олар мені көрмесе екен деп тілеп тұрғанымды қайтейін. Кенет анам мені байқап қалса керек көзі көзіммен түйісіп, автобусқа қарап қолын бұлғады. Әкем де іле қолымен сәттілік тілеп, ымдап жатыр. Автобустағы оқушылардың кейбірі маған саусағын шошайтып «қортық» деп мазақтағаны аздай, «аңшының ұлы», «кезбенің ұрпағы» деген сарында мені қылжақ қыла бастады. Құлақ-шекеме дейін қызарып кеттім. Ата-анама қол бұлғағам жоқ. Олар үшін намыстандым. Басқа оқушылар құсап әке-шешем неге құмырысқа илеуінде беделді қызметке орналаспады екен, деп олар үшін ұялдым. Жалғыз бұл емес, құмырысқа-балалар мен тұратын кедей ауданды да мазақ қылатын. «Пішту, сен тұратын үй – мына жаппа ма» деп сыныптастарым бір-екі рет мұрын шүйіре қараған. Үнсіз ғана жүнім жығылып терезеден басқа бағытқа қарап отырдым да қойдым. Оқушылардың қылжақтары сәлден соң тынды. Тектүк мені қорғаймын деп оларға қарсы сөйлеп көріп еді.

–Сен тыныш отыр, сауатсыз, – деді оның мектепте ежіктеп оқитынын бетіне басып. Автобус терезесінен соңыма қарағанымда анам мен әкем  шекарадан өтіп барады екен. Анамның көзі әлі мен кетіп бара жатқан бағытта.

            Ал кешке әке-шешем кешіге бастады. Уайымнан әжем екеуміз түн баласы көз ілмей шықтық. Келесі күні және оралған жоқ. Әжем маған білдіртпей сулықпен жанарын сүртіп:

–Көзіме қоқым кіріп кетті ме, құдай-ай! – деп қояды.

Бір сұмдықтың болғанын іштей шырамытып тұрдым. Үлкендер ылғида бізден бірдеңе жасырады да жүреді. Ал біз олардың жасырғанын білетінімізді өздерінен құпияда сақтаймыз. Мен қорыққан сәт те таяды. Әке-шешем келмеді. Автобуста бала-құмырысқалардың мазақтағанына ата-анам үшін ұялғаныма қатты өкіндім. Олар қандай жұмыс істесін, бай-кедей болсын, олар – менің отбасым, баға жетпес қазынам екенін түсіндім. Олардың қазір хабар-ошарсыз кеткені қадірін одан бетер ұғындыра түскендей. Олар менің өсіп-өнуім үшін үлкен құрбандыққа барып отырған еді. Ал мен ақымақ басым мұнысына намыстанғаным неткен тәкәппарлық.  Әжем екеуіміз шекараға, әкімшілікке т.б. бармаған жеріміз қалмады. Ата-анамызбен бірге аттанғандардан естуімізше оларды соңғы рет адамзат әлемінде көрген екен. Міне, содан бері үшті-күйлі жоқ. Шыдамым шегіне жетті. Онсызда аңсарым бұрыннан ауып тұратын, менмұндалап өзіне шақырып тұратын адамзат әлеміне баруды ұйғардым. Әке-шешемді құтқармай қол қусырып отыра алмасыма көзім жетті.  

            Келесі күні автобус аялдамасы маңынан өтіп илеуден шығар қақпаға қарай жол тарттым. Үстіме әкемнің киімін киіп, жүзімді кепкемен жасырып келем. Өзімді ересектерше ұстап, шын мәнінде кім екенімді білдірмеуге тырысып бағам. Ұзын-сонар кезекке жақындап, шекарашыларға білдіртпей қақпадан шығып кетуді саралап тұрған бетім еді.

–Бек-пек, – деген таныс дауыс селт еткізді. Жалт қарасам – Тектүк. Ұрты топмайып тәтті жеп тұр.

–Т-ш-ш, – саусағымды мұрыныма тақадым да, – білдіртпе, – дедім. Ол бірден ымымды аңғарып, ақырын дауыспен:

–Қайда барасың шырттай киініп? – деді. 

–Әке-шешемді іздеуге... Адамзат әлеміне...

–Рас па? Мен де барайыншы, – деді оның екі көзі жанып.

–Ол жақ өте қауіпті... Мен еріккеннен бара жатқам жоқ. Кедергі жасама, әйтпесе мені байқап қояды, – дедім де кезекпен ары қарай жылжып, қақпаға қарай жақындай түстім. Тектүк болса жабырқап қалғандай, кері бұрылып кете берді. «Жолың болсын» дегендей алыстан қол бұлғайды. Қақпа алдында әр құмырысқаның жеке куәлігін тексеріп, жүзін экранға сканерлеп қана шығарып жатыр екен. Осы кезде алдымда тұрған алып денелі құмырысқа сүйреген арбаның ішіндегі бос бөшкелердің біріне білдіртпей еніп кеттім. Біздің кезек те тағатты тауысып жетті-ау. Шекарашылар арбаны қарап жатыр еді кезек ұзаққа созылғанына халық шамданды ма, тез-тез әлгі алып аға-құмырысқаны арбасымен бірге өткізіп жіберді. Ішінде мен жаысырынғанымды аңдаған да жоқ. Білмеймін, мына бос бөшкенің ішінде жатсам да айналам жап-жарық нұрға бөленгендей. Сықырлап, ырғалып келе жатқан арбадан түсуге асыққам жоқ. Әлдекімге ұсталып қап жүрсем. Біраз илеуден ұзасын дедім. Біраз жер жүрген соң арба тоқтады. Әлгі алып құмырысқаның ауыр адымдары алыстап бара жатқаны естілді. Бөшкеден ытқып, арбадан басымды шығарып қарап ем жап-жарық шұғыладан басым айналып, көзім үйрене алмай аз-кем бөгелдім. Сонсоң жан-жағымды бір барлап алдым да анау бір аспанға дейін өскен ағаштың діңгегіне барып тығылуды ұйғардым. Осылайша арбадан секіріп түсіп алды-артыма қарамай жүгіріп, ойлаған межеге де жеттім-ау. Жүрегім атқып аузымнан шығып кетердей. Артымнан күзетшілер қуалап келе жатқандай болады да тұрады. Бірақ соңыма бұрылсам қуалаған бірі жоқ. Ешкімнің менімен жұмысы жоқ, тіпті. Көрсе де көрмегендей, әркім өз ісімен әуре. Әр құмырысқа дүрбімен жан-жақты барлап, азық іздеп отырған жайы. Сол кезде мына алпауыт әлемде еркіндік дегеннің не екенін алғаш сезіндім. Ал мен өмір бақи құмартып келе жатқан адамзат әлемі – көз тоймас кереметтерге тола екен. Шексіз, шетсіз аспанға қарай бергің келеді. Биік, алып, асқар жаратылыстарда есеп жоқ. Таңдай қағып, тамашалап тұра берсем дейсің. Мына біздің қым-қиғаш көшесі көп, алып деп ойлап жүрген мекеніміз, адамзат әлемінің қасында түк емес екен ғой. Ал адамзат әлемі мына аспан мен анау Күннің қасында құмырысқа илеуі сияқты шығар, деген ойға қалдым. Осы бір сұлу көріністерді бұлт орап алғандай – ата-анамның жоғалғаны еске түсіп, қайтадан ой-санам тұманданды. Лезде өзімді қолға алып, биік шөптердің ара-арасына тығылып, ата-анамды іздей жөнелдім. Қарасам, менен өзге ешкім тығылып жатқан жоқ. Бәрі де емін-еркін қозғалып, азықтарын тасып әлек. Жақын маңда әке-шешем бола қоймасын ойладым. Егер жақын жерде болса, олар онсызда табылатын еді. Арырақ кезіп, шарлап шығуға белді бекем будым. Теледидарда көріп, кітаптардан оқығаныммен салыстырсам, адамзат әлемінің үрейлі түгі де жоқ. Керісінше, мына тұмса табиғат бар қамқорлығын төгіп, аялап тұрғандай. Бәрімізге елжіреп, үздігетін іспетті. Ол аздай сыбдыр еткен ағаш жапырақтары, сызыла билеген самал, жып-жылы, жұп-жұмсақ қанаттай күн шуақ, бәрі – бізді еркелетіп жатқандай. Мынандай әлемде зұлымдық бар дегенге сенуің қиын. Ал ата-анама келсем, олар керісінше осындай әлемнің ғажабын қимай бірер күнге аялдап қалған шығар деген ой қаперіме келді. Расында да, уайымдайтын түк те жоқ шығар.

            Осы оймен көзімді қарықтырған сұлу көріністерді тамашалап, жан сарайым кеңіп жүре бердім. Кенет өз көзіме өзім сене алар емеспін, аңыздар мен ертегілерде айтып жүретін, бойымызға үрей тудырған адамдарды өз көзіммен міне, көріп тұрмын. Олар расында да төбесі көк тіреген алып екен. Шынында үрей тудырады. Жүріп, жүгірген сайын жер қайысқан қол келе жатқандай әсер қалдырып, жер сілкінеді. Алып деген адамдардан да алыптары тағы бар екен. Сосын барып қана көз жеткіздім. Олар да біз сияқты ата-ана мен бала-шаға боп бөлінеді екен-мыс. Ал анау бір әткеншекте тербеліп жатқан адам – бала да, тербетіп тұрғаны – анасы болғаны ғой. Былай алыптығы үрейіңді тудырмаса, алып бара жатқан қатыгездіктерін көріп тұрғам жоқ. Бірі сырғанақтан сырғанап, екінші бірі белтемірге тартылып жатыр. Тағы бірілері қуаласпақ ойнап жүр. Енді бірі құмнан қамал жасап жатыр. Анау қамал ішінде тіпті мен адасып кетермін. Кенет дәу аяғымен мені бір бала басып кете жаздап  қасымнан жүгіріп өтті. Үрейден өне-бойым дірілдеп шеткері шыға бермек едім, басқа бір бала тұсымнан гүрс етіп және жүгіріп өтті. Ойламаған жерден, айналамның бәрі адам баласына толып кетті. Олай бір жүгіріп, былай бір секіреді. Қайсысы таптап кетер екен деп жаным қысыла түседі. Дәу аяқ былай қашсам – мына жағымнан, олай қашсам – ана жағымнан шығады. Қайда бас сауғаларымды білмей, іштей әжем үйреткен дұғамды қайталап тұра бердім. Жаңа ғана әлгі адамзат қаһары жайлы аңыз-әпсаналарды мансұқтағаным бекершілік екен. Осы сәтте ата-анам аяқ астына тапталып қалмады ма екен деп ойлап үлгердім. Одан бетер үрейім күшейе түсті. Кенет барлығы тына қалды. Басымды көтеріп жан-жағымды барласам балалар бір-бірін қуалап аулаққа кетіпті. «Қой, аяқ астында тапталып қалмай тұрғанда, тезірек қашайын» деген оймен ойын алаңынан зыр жүгіре жөнелдім. Қашып келе жатқаным сол еді алдыма шыға қалған алқызыл түсті төмпешік көрдім. Ойымда ештеме жоқ. Ең болмаса соның үстіне шығып алсам, аяққа таптала қоймаспын деген оймен өрлей түстім. Шыққан сайын таусылатын емес. Кенет қоңыр ұзын төгілген шөпке тап болдым. Мынау неткен биік белес еді дегенім мұң екен, әлгі «белес» орнынан түрегеліп, қозғала бастады. Сөйтсем, алқызыл төмпешік дегенім – қыз көйлегінің етегі екен де, қоңыр шөп дегенім – қоңыр шашы екен. Қара басып қашқаныма өзім қуып жетіппін. «Енді қайттім» деп ойлай бергенім мұң екен, әлгі қыз мені иығынан байқап қалып:

–Ана-а-а, – деп бар даусымен бақырғанда ұшып кете жаздадым. –Құмырысқа-а-а-а, – деп тұра жүгірді. Анасының қасына таяғанда, ол мені қызын тістеп алады деді ме екен, бір шертіп кеп қалды. Ауада қалықтап бадминтон ойнап жатқан балалардың үстінен құсша самғап бара жатыр ем бадминтон добына тап келдім. Рефлекс әсерімен допқа шап беріп жабыстым. Допты екінші бір бала ауыр соққымен бір ұрғанда және аулаққа  кеттім. Нысан қабырғасына соғылып, тағы секіріп барып ашық балконға доппен бірге еніп кеттім. Доптан сырғып мұздай еденге түстім. Басым мұншалықты ешқашан мең-зең болмаған. Мастай шайқалып орнымнан тұра алатын емеспін. Жер шыр көбелек айналып жатыр. Құдды бір өзім құры тұрып, айналамдағы заттар жан-жағымда қол ұстасып мені айналғандай-ақ. Сырттан балалардың дауысы естілді.

–Кешіріңіз, апай, апа-а-а-а-й! – дегені сол екен бөлмеге енген талпақ танау, тапал бойлы жуан әйел жердегі допты көтеріп алды. Мені байқағанда жоқ. Басып кетпесе болар еді деп шеткері тұра бердім.  – Доп сіздің үйге түсіп кетті, лақтырып жібересіз бе?

–Әй, жүгермектер арырақ барып ойнаңдар. Тереземді шағасыңдар ма, қайтесіңдер, – әйел шәңк етіп, артынан допты лақтырды.

–Рақмет, – деді балалардың үні алыстап бара жатып. Әйел бөлмеге еніп келе жатып адымдары баяулай түсті. Әлдене сезіп тұрғандай. Жәймен төсек үстінен бір нәрсені алды. Ұзын сабы мен жалпақ басы бар. Қайдан көргем? Есіме түсіре алмай тұрғаным. Иә-иә, интернеттен көріп ем ғой. «Адамдардың әлеміне тап болсаңдар сақ болыңдар, олар осындай құрылғымен жәндіктерді өлтіреді» деп диктор зар қақсап ескертпеп пе еді. Бұны адамдар «шыбын ұрғыш» деп атайды. Есіме түсті. «Сонда әлгі әйел мұнымен кімді өлтірмек?», – дедім өзді-өзіме, сасып. Мені ме дей бергенім сол, ойында ештеме жоқ шифонердің есігіне қонып тұрған шыбынды көрдім. Әйел сол бір шыбынға қарай ақырын адымдап шыбын ұрғышын сайлап барады. Әйел сақтықпен қаруын көтере бергенде бар дауысыммен: «Шыбын, қа-а-аш!» – деп айқайлап жібердім. Дауысым зор шықса керек шыбын жалт қарап, өзіне төніп келе жатқан қатерді сезді ме, ұшып кетті.

–Албасты, берімен кел! Қолыма түсерсің бәлем! – деген әйел тар бөлмені шыр айналып шыбынды қуалап жүр. Шыбын тіс қаққан ұшқыш болса керек, «шамаң жетсе, ұстап ал» деп мазақ қылғандай әйелдің басы үстінен бірнеше мәрте айналып өтті. Әйел де ұстаймын деп онымен бірге айналып шалқасынан құлап түсті. Ентігіп жатқан әйелдің ашуы мұрын ұшына келген екен. Сәл тыныстап алды да қайта тұрып қылжақтап жүрген шыбынды қуала берді. Шыбын қаша келе, ақыры «осы ойынағанымыз да жетер» дегендей балконға қарай ұша жөнелді. Ұшып барып терезеге бір соғысты. Сосын басын сілкіп алды да қайта соғылды. Осымен қоятын болар десем, жоқ, тағы бір мәрте артқа шегініп барып және ұрылады. «Есі ауысқан ба?» - деген оймен оған:

–Анау ашық терезеден шықсаңшы, – дедім жаным ашып.

–Адамдар осы көзге көрінбейтін пердені қалай ойлап табады-ей! Қай жерде сұлық кетерімізді білмей дал боламыз, – деді менің сөзіме мән де берместен, әйнектің әр бұрышына допша соғылып. Оның қонатын сәтін аңдып, үстінен төніп әлгі әйел тұр. Кенет қиналып кетті ме, маған қараған шыбын:

–Әй, мынаның ашық терезесі қай жағында? – деді шамданып.

–Сол жаққа тіке ұш та оңға бұрыл, – дедім. Ол сол сәтте-ақ айтқаныммен жүріп отырып,  сыртқа ұшып кетті.

Терезе мен жиектеме арасында қоңыраудай  ызың еткен «Рақмет, құмырысқа» деген сес қалды. Бостандыққа тап болған оның халі белгілі. Оған рахат – қанаты бар. Ал мен байқұстың самғайтын қанатым да жоқ. Жанымды жалғыз жұбатқаны – өзім сондай түйіршіктей болғаныма қарамастан өзгеге бір пайдам тигеніне қайранмын. Демек, мына бір алып әлемге араласып жатырмын. Мені шыбын байқады, адамдар көрді. Менен қорықты, тітіркенді. Тіпті, алғыс білдірді. Мен бармын. Мен де бір өмірмін. Мен де әлем ішіндегі кішкене бір әлеммін. Менің де қолымнан бір нәрсе келеді екен ғой деген ойлар маған қанат бітірді. Бірақ, осы ойым үшін «жазаңды тарт» дегендей әлгі әйел мені байқап қалды. Бадырақ қос қарашығы қосауыздың қос ұңғысындай атылардай боп маған төніп тұр.

–Аһ, бәлем, сен қайдан жүрсің? Менің үйім жәндіктердің жатағы болғаннан сау ма? – деп шыбын ұрғышын көтеріп маған қарай төніп келе жатты. Шыбынға шығара алмаған ашуын енді маған көрсетіп бағуда. Мен зыр қаша жөнелдім. Кішкентай болғаным үшін алғаш рет өкінгем жоқ. Өйткені, мені көру қиын еді.  Анда бір, мұнда бір бұрыш-бұрышқа жасырынып қалам. Одан қашып төсектің аяқ артына тығылып, кішкентай қуысқа еніп кетемін. Не керек, әлгі тапал бойлы әйел таппай шаршады ма қолын бір сілтеп бөлмеден шығып кетті. Арғы бөлмеден әйелдің шамданған дауысы естіліп жатты.

–Осыдан балам келсін, ол таппай қоймайды. Оған дейін у-дәріні жағып қояйын, – деді. Бұл сөзінің мән мағынасын түсінгем жоқ. Қалай қарай қашарымды білмей далмын. Балконға қарай шығайын десем басқа бөлмелер қызығушылығымды алып барады. Мүмкін сол жақта да оңай  шығар есік табылатын шығар деймін. Келесі бөлмеге қарай беттей бергенім сол, әйел мен тұрған бөлмеге енді. Мен сандықтың аяғы артына тығылып әлі тұрмын. Қолына жаңа айтқан у-дәрі бор болса керек – бұрыш-бұрышқа жағып жатыр. Оның осы сәтін пайдаланып бөлмеден шығып ем, мені ұзын дәліз қарсы алды. Ас бөлмеден түскен күн сәулесі – еденде төгіліп жатқан шырындай. Абайлап басып алға адымдай бердім. Оң жағымнан және бір бөлме көрінді. Жабық. Есік пен еденнің астындағы қуықтай тесікке оңай сыйып кеттім. Жарықтан шығып бөлмеге енгенім сол екен, көзім қарауытып                             алакөлеңкеге үйрене алмай біраз аялдап қалдым. Енді-енді көзім үйрене бөлмедегі жиһаздарды аңдай бастадым. Төсек үстінде, еденде шашылып жатқан түрлі ойыншықтар маған тап берердей бойымды үрей билеп кетті. Олар бөлмені күзетіп тұрған сақшыдай, әр жерден қылаң береді. Былай қарасам жансыз секілді. Адам балаларының осындай жансыз ойыншықтармен ойнайтынын теледидардан көргенім қандай жақсы болған. Әйтпесе, екі адым сайын жүрегім тоқтап қалғандай-ақ екен. Бірақ, осы үрейім шынға айналғандай болды: Кітап сөресінің бірінде тола құты. Әр құтының ішінде мен секілді жәндіктер менмұндалайды. Олар да маған «көргеніміз рас па, өтірік пе» дегендей жәутеңдеп қарап тұр. Бірінші құтыда – көбелектер. Екіншіде – инелік, үшіншісінде жұлдызқұрт, ал төртіншісінде – ештеме көрінбейді. Анықтап қарасам, құдай-ау, әйнек құтыға сүйеніп өзім сияқты құмырысқа тұр. Қолын қайта-қайта бұлғап әлдене айтып жатқан секілді. Не айтып жатыр болды екен? Мен құтыға жақындай беріп ем, ол басын шайқап отыра қалды. Тағы не боп қалды? Кенет басым шыр айнала бастады. Жүрегім айнып, құсқым келеді. Аяқ астыма қарасам әлгі жағылған у борды басып тұр екем. Енді не болады деп алдыға адымдай бергенім мұң екен, омақаса құладым. Денемді қозғай алар күшім жоқ. Айналам бұлдырап көзім қарауыта бастады. Осылай қанша жатқаным белгісіз, талықсып кетіппін. Есімді жисам шыныдан жасалған үйге тап болған екенмін деймін, ата-анам маған қарап, маңдайымды ұстап, қан-қызуымды тексеріп жатыр екен, әкем мектепке баратын жаңа портфель әперген екен деймін, әжем болса ыстық сорпа әзірлеп жатыр екен деймін. Осылай бұлдыр-бұлдыр  елеске мас боп біраз жаттым. Өз өзіме келіп, ақылым шайдай ашылғанда қарасам ешқандайда ата-анам, әжемнен бір белгі жоқ, әлгі құтыдағы бөгде құмырысқа маңдайымды ұстап маған төніп тұр. Орнымнан атып тұрдым.

–Еш жерің ауырып тұрған жоқ па? – деді ол жаны ашып.

–Сен кімсің? Мен қайдамын?

–Мен Оқ–поқпын... Дүдү тайпасының жауынгері. Біз құты қамақтамыз. – деді ол тақылдап. Көзінде от ойнаған мына әскер қамауда болғанына қарамастан жігері жасымаған екен.

–Мен мұнда қалай тап болдым? – дедім ендігі жайым не болатынын уайымдап.

–Оқушы бала сабақтан келді де, жерде сұлап жатқан сені көріп, мәз болды. Маған «енді ішің пыспайды» деп сені қасыма жайғастырды. Алғашында саған қарап өліп қалды ма деп қорықтым. Құдай оңдап қайта у үстінде ұзақ жатпадың, –деді ол әлгі әйелдің бағана баласымен қорқытқанын еске түсіріп.

–Енді қайттік? Бұл қапастан қалай шығамыз? – дедім тезірек сыртқа шығуға асығып. Әйнек құтыны теуіп кеп жібердім. Қаттылығы сонша аяғым ауырып қалды.

–Бекер әуре боласың. Мен мың рет көргем. Бірақ, қайран жоқ! – деді ол көнбіс дауыспен.

–Неге сонша бейқамсың? Біз қапастамыз, сенесің бе? – дедім оған зығырым қайнап.

–Несі жаман? Үш мезгіл тамақ, су береді. Әскердегідей таң атысы, күн батысы жұмысқа жегілмейсің. Аяқты аспанға көтеріп, шалқаңнан жатасың да қоясың! Рахат! – деді. Толысқан бетіне қарадым, шынында жағдайы жаман емес сияқты. Кенет әлдекімнің көзілдірік таққан көз шарасы құты сыртынан бізге төніп тұрғанын байқап қол-аяғым дірілдеп кетті.

–Ә-ә-ә, үй иесі түскі ас әкелді. – деді Оқ-поқ малдас құрып, жайғаса отырып. Ыржиған сары бала құтыны көтеріп бізге нан, ірімшік үгінтісін тастады.

–Осы ма? – даусым жарқын шықса керек Оқ-поқ селк етті, – дастархан қайда, шанышқы, қасық?

–Ондайды үйіңе барған соң аларсың. Ал әзірге осыған да шүкір де, – деді түскі асқа білек сыбана кірісіп. Екеуіміз түскі асты ішіп алған соң, мен қашу жоспарын ойлай бастадым. Қасымыздағы құтыдағы жұлдызқұрт менің тынымсыз анда бір, мында бір жүрісіме қарап «бәрібір, түк шықпайды» деп басын шайқап қойды.

–Түсінбеймін, бізді мұнда қамап не жұмысы бар. Әлде қуырып жей ме? – дедім өз ойымнан өзім сескеніп.

–Қайдағы жоқты айтпа! Менімше біз секілді жәндіктерді үйдің сәні ретінде ұстағанды жақсы көреді. Біз мына бөлменің көркіміз, – деді ол. Үндемей қалдым. Мүмкін айтып тұрғаны да жөн шығар.

–Бірақ, кей балалардың бізге деген жауыздығын көрсең, шошисың. Жәндікте ақысы қалғандай түрлі зұлымдықтарды ойлап табады. Мына сары оқушы басқаларына қарағанда байсалдылау. Кейде ашуына тимесең, өлтірмейді.

–Өл-тір-мей-ді? – дедім оның бұл сөзді қалай оңай айтып тұрғанына таңғалып.

–Иә, сен сияқты қашуға әрекеттенген көбелек болған-тын. Тамақ  беріп жатқаны сол екен, ол қаша беріп еді шыбын ұрғышпен, – аяқтарымен шапалақтай көрсетіп, – сарт еткізді де мүрдем қатырды.

            Мен шошып кеттім.

–Мен мұны сені қорқыту үшін айтып отырған жоқпын. Сол көбелектің кебін киіп жүрме деп ескертіп жатқаным.     

Көңіл күйім түскен күйі көбелектерге көз тастадым. Олар да мөлиіп «рас-рас» дегендей маған қарап тұр. Қашуға талпынысым су сепкендей басылды. Сонда да түйсіктегі еркіндікке ұмтылыс тыным беретін емес. Кенет әлгі көзілдірік таққан сары оқушы бөлмеге кіріп келді. Теледидардан мультфильм қосты. Төсегіне жатып алып, чипсыйды шашып-төгіп жеп отыр. Коланы да арасында төңкере ішіп қояды.

–Мына бала қандай мәдениетсіз еді, – дедім мен, – төсекке жатып-ап тамақ ішуге бола ма екен!? Оның үстіне апыл-ғұпыл жеп жатқан асы асқазанында тас болмасына кім кепіл?

–Балалар денсаулыққа зиян тағамдарды жақсы көреді, - деді көршім. 

–Ал біз көкөніс, шөп-шалаңды жөн көреміз. Онда қаншама дәрумен бар.

            Сары бала іші пысты ма аяғын олай қойып, былай қойып, не істерін білмей төсекте ары-бері жатты. Сосын плейстейшен қосып, ойын ойнады. Аздан соң одан да жалықты. Сосын біздің қасымызға жуықтап, бақырайған көзін жеп қоярдай қадап тұр.

–Мен жаңа ойын ойлап таптым, – деді әмірлі дауыс. Құтыны үстімізден алып тастап, – Екі елдің нояны құсап жекпе-жекке шығасыңдар. Жеңгеніңе тамақ бар, ал жеңілгеніңе жоқ. Аямай соғысыңдар! – деді қарқ-қарқ күліп. Оның күлгендегі аузына қарап едім көмейі құрдымдай терең екен. Қорыққаным сонша, бізді жұтып қоярдай.

–Не дейді? Кіммен соғысамыз? – дедім Оқ-поққа есітігенім рас па дегендей.

–Екеуіміз, – деді ол білек сыбана шайқасуға дайындалып, – амал жоқ, шайқаспасақ мына адам екеуміздің де көзімізді жояды. Сосын аш та қалғым келмейді, – деді  ол шындап кірісіп.

–Мен төбелеспеймін, – дедім, – қалай саған қол көтеріп, ондай қадамға қалай бармақпын. Еш жаратылысқа зияным тигенін қаламаймын.

–Қарсы шықпасаң жеңілесің, – деді ол.

–Мейлі, – дей бергенім мұң екен арқамнан біреу итеріп кеп жіберді. Мұрттай ұштым. Сары бала саусағымен түртіп жіберген екен. Жаңғырған дауысы, «шайқас» деп бұйырып тұр.

–Шайқаспасаң, анау шыбын ұрғышын сайлап қойған. Тарс еткізеді, болды. Оған қызық керек.  

–Жарайды, бірақ, кім біліп жатыр. Өтірік шайқасқан болып, құлап тұра берейік. Соңында мен-ақ жеңілгендей болайын.

–Келістік, – деді ол мені айналсоқтап шап беруге дайындалып. Оның түріне қарасам шын шайқсатындай:

–Қатты ұрмаймыз, жәй-жәй, – дедім дүдәмалданып.

–Ал, мыналар, – деді адам басқа құтыдағы жәндіктерді көрсетіп. –Біздің көрермен. Мені ұятқа қалдырмай жақсылап соғысыңдар, – деді адам чипсый тілімін шайнап жатып. Оқ-поқ маған ұмтыла бергенде ақырын ғана қолымды сермеп қап едім, ол өтіріктен артқа шегініп, ұшып түсті. «Ойбай» деді бетін ұстап.

–Тамаша! Тағы соқ-соқ. Аяма, – деді бала адам ұрандап. Оқ-поқ орнынан атып тұрып,

–Енді, сен жығыл, – деді жаңа ойын бастап кеткенімізді аңғартып. Ол келіп мені ақырын ішімнен соғып қалды. Мен де өтіріктен құлап қалдым. Не керек, адам баласы жекпе-жегімізді айызы қана тамашалады. Біздің өтірік шайқасып жатқанымызда жұмысы жоқ. Бір кезде не мен, не ол беріспей, тіпті осы ойынымыздың өзі қызық болып кеткендей еді.

–Доғар! – деген үн жаңғырып естілді. – Қызық емес боп кетті. Тепе-тең. Сол үшін екеуіңе де тамақ бар. Мә! –деп чипсыйдың бір тілімін қасымызға қойды да құтыны теріс қаратып үстімізге  жаба салды.

–О-о-о, мынаны бірнеше күн жейміз ғой, – дедім көзім жайнап.

–Көрдің бе, қырсықпай өтірік шайқасқанымыз қандай жақсы болды, – деді Оқ-поқ риза пішінмен чипсыйдың бір бұрышынан тістеп.

–Сонда да мына жерден қашу керек, – деп ем ол шашалып, қақалып қалды.

– Әуеніңе қайта бастың ба?

–Бізге алып күш біткен. Өзімізден ауыр затты көтере аламыз. Мүмкін мынаны көтеріп, көрерміз, – дедім де құтының теріс қарап тұрған аузынан ұстап көтере бастадым. Сәл қозғалғандай. Қанша әуреленгеніммен, түк шықпады. – Екеуіміз көтерсек қалай болады?

–Түһ, тамақ ішкізбедің ғой? – деді де Оқ-поқ еріне түрегелді. Екеуміз күш салып көріп ек, сәл-пәл көтерілді. Бірақ, мұнымен екеуміз де шыға алмайтынымыз анық. Үшінші бір құмырысқа болғанда мүмкін құтылуға  болар ма еді. Көрші құтыдан көбелек-жұлдызқұрттар елеңдеп, бізден көз алмай қарап тұр. Кенет, қайдан пайда болғаны әнтек ашық тұрған терезе жақтауынан әлдене қараңдайды. Бері қарай жүріп келеді. Пердеге өрмелеп, одан түсіп, компьютер үстеліне шықты. Содан тіке тартып, бізге, құтылар тұрған маңға қарай қозғалып келе жатыр. Анықтап қарасам, о, құданың құдіреті – құмырысқа. Оқ-поқ екеуміз қуанып кеттік. Аралда адасып қалған саятшыдай қолымызды сілтейміз-ай кеп. Және оған «тығылып кел, адам көріп қоймасын» дейміз айқайлап. Ол тыңдайтын емес. Демде-ақ жанымызға жетіп келді. Жақындағанда жаңа таңғалғаным – таңғалған ба! О, тоба, алдымда қасқайып тұрған өзіміздің – Тек-түк!         

–Қайдан жүрсің? – дедім түйеден түскендей, аман-саулық жоқ.

–Сені құтқаруға келдім, – деді Тек-түк ентігін баса алмай.

–Қалайша? Мен саған үйде қал демедім бе?

–Дедің, бірақ осындай бір бәлеге ұшырайтыныңды ішім сезді. Оның үстіне сен қалашықтан кете салысымен, артынан ата-анаң келді. Олар менен сені сұрайды ма деп қорықтым да, бірден соңыңнан ілестім. Құрт-құмырысқа, инелік,  шіркейлерден сұрастырдым, бәрі бейғам, «көрмедік» дейді. Тек бір шыбын ғана сені осы бір үйден көргендігін, ашулы әйелдің қолынан қашуға көмектескеніңді айтты. Жарты жолға шейін, ол жолсерік болды. Құдайға тәуба! Жолда кездескен түрлі кедергілерден аман-сау шығып, өзіңе де жеттім-ау.

–Ата-анам аман дедің бе, Тек-түк? – дедім құтының әйнегіне аяқ-қолдарыммен жабысып. – Мені бұлай ешкім қуантпаған шығар. Сүйіншіңе қалағаныңды сұра?

–Геометрия пәнінен экзаменді тапсыруға көмектессең  болғаны!

–Қаласаң барлық пәннен көмектесейін, – дедім қуанышымда шек жоқ. – Танысып қой, Оқ-поқ! Ал мынау, менің сыныптасым – Тек-түк, – дедім. Екеуі бас изесті.

–Ұрыста – тұрыс жоқ! Мына қапастан шығуға бізге көмектес, – деді Оқ-поқ Тек-түкке. Үшеуіміз үш жерден ұстап құты аузынан көтергеніміз сол екен, құтының бір шеті біз сиярлықтай биікке көтерілді. Оқ-поққа қарап:

–Тез өтіп кет, – дедім, – біз көтеріп тұрғанда.

Жүрегіміз өрекпіп тұр. Адамдар көріп қоймас па деп, дегбірсізденеміз. Ал көбелек-инеліктер болса қанат қағып, құты ішінде айналсоқтап ұшып жүр. Бізге болысып, тақым қысқан түрлері. Оқ-поқ ашық құты аузынан сыртқа шығып үлгерді. Шыға салысымен ол да құты аузын ұстай қалды. Тек-түк қызарып-бозарып:

–Тез-тез болмасаңдар, қолымнан сырғып барады, – деді. Мен құты аузын жіберіп едім, екеуіне күш еселене түссе керек. Сәл еңкейіп барып қайта түзелді. Құдайға шүкір, сыртқа шығып үлгердік. Құтыны тастай салдық та үшеуіміз алақайлап, арқа-жарқа болыстық.

–Адамдар келіп қалмай тұрғанда басқа жәндіктерді де құтқарайық, – дедім. Екеуі бірден қолдай кетті. Осылай үшеуіміз қалған құтылардың барлығын көтеріп, жәндіктерді босаттық. Көбелек-инеліктер нақ төбемізде айналып, ұшып алғыстарын жаудырып жатыр. Жұлдызқұрттар да асықпай, аяңдай басып бастарын керім изеп қойды.

–Сендер кішкентай болғандарыңа қарамастан, ержүрек екенсіңдер! Кішкене денелеріңде алып, кең  жүректі арқалап жүр екенсіңдер! – деді. Бәріміз жамырай, жылжып отырып терезе жақтауына да жеттік-ау. Кезек кезекпен терезенің ашық қуысынан қашып құтылып жатырмыз. Біз – үш құмырысқа басқаларын бұрын өткізіп соңынан бір-ақ өтпекпіз. Бірі болмаса бірі қалып қоя ма деген уайым. Не керек соңғы көбелек те ұшып өтті-ау дей бергенде бөлмеге адамның сарғыш баласы кіріп қалды. Қолында гамбургер. Ойында ештеме жоқ. Кішкене тілімін алып құтыны көтерді де ішіне тастай салды. Көзіміз шарасынан шығып кете жаздады. Бір-бірімізді итермелеп «болыңдар-болыңдар» деп жатырмыз. Ал әлгі сары бала бургердің тілімін келесі құтыларға да тастап шықты.

–Бүгін кезек көбелектерде. Сендерді төбелестірем! – деді ойы аулақта тамағын шайнаңдап терезеге жақындап. Оқ-поқ пен Тек-түк қуыстан енді өте бергені мұң екен, бізді әлгі бала байқап қойды. Көзі бақырайып бізге бір көз тастады да, артына – құтыға жалт қарады. Бәрінің іші бос. Ашудан түтігіп кетті.

–Аһ, бәлем, менен қашып құтылам дедіңдер ме? – деді де бұрышта тұрған ескі газеттің бірін алды да, үстімізден ұрып қалды. Шаң бұрқ етті. Бізді өлді деп ойласа керек, айызы қана, көзі жанып мүрдемізді іздейді кеп. Біз жалтарып, қуыс ішіне еніп үлгердік. Саудырап келе жатқан сар жапырақты дәл терезе тұсынан көріп қалдық. Ол тіптен тісі шықырлап, түтігіп терезені айқара ашты да үстімізден төмпештей бергенде, нар тәуекел етіп, жапырақ үстіне секіріп, үшеуміз дөп түстік. Артымызда шаң бөгіп қалды. Әлгі бала айқайлап, ашулана бастады.

–Менен құтылам деп ойламаңдар! Қолыма әлі-ақ түсерсіңдер! – дейді. Ар жағынан анасы келіп қалды да ол да ашу шақырып жұдырығын түйіп бізге сес кеөрсетті. Жапырақ үстінде самал желмен қалықтап келе жатып, нақ еркіндікке жеткенімізге шын қуандым. «Тәуелсіздік – саған жетер теңдесіз ләззат жоқ шығар» деймін іштей маңдайымды күнге тосып.

–Адамдар неткен қатыгез еді, – деді Тектүк басын шайқап.

–О, олардан айла артылған ба! Біздер құмырысқалар бекер адамдардан алыс илеуде өмір сүрмейміз. Бұлардың зұлымдықтарында шек жоқ, – деді Оқ-поқ та. Жапырақ қалықтап кеп бақшадағы сәкінің үстіне қонды. Ұшақтан түскендей бір-біріне «жерге қондық па» дегендей қарасты.

–Ал енді бағытымыз қалай қарай? – дедім сасып. – Адасып кеткеннен саумыз ба?

–Қорықпа, – деді Тектүк қалтасынан телефонын шығарып. – Қазір навигаторды қосам, үйге өзі-ақ алып барады, – деді кісімсіп. Оқ-поқ екеуміз қуанып кеттік.

–Саған ата-анаң телефон ұстауға рұқсат бере ме? – деді Оқ-поқ оның телефонына қызыға қарап.

–Жоқ-ә, ағамдікі ғой. Уақытша керек болар деп алдым. Үйге жеткен соң қайтарып берем.

–Қалай қолдануды білесің бе? – дедім оның телефонды сонша ұзақ шұқылағанына мазасызданып.

–Білмегенде ше, тек, мына құрғыр, – деді телефонға телміріп, қабағы түйіліп, – интернет ұстамайды екен мұнда.

–Мүмкін анау бір баққа қарай барармыз. Біздің илеулер сондай жерлерде орналасады ғой әдетте. Интернет сонда жақсы ұстайтын болар, – деді Оқ-поқ ойында ештеме жоқ. 

–Кеттік, – деп үшеуіміз жүре бергеніміз мұң екен, бір адам келіп үстімізге отырып жатты. Шошып кеттік те, тұра жүгірдік. Басып қала жаздады. Байқамаса керек, әзер құтылып жолымызды жалғастыра түстік. Сәкіден сырғып, қалың жыныс ішіне қарай жол тартып барамыз. Біз шақырымдап жүрген жолға адамдар демде-ақ жетіп алады. Велосипед, скутер, самокатқа мінгескен балалар бізді таптап кетердей, олайда-бұлайда өтеді-ай кеп. Біз байқұс құмырысқаларға адамзат әлемінде жол ережесі жоқ. Бізді місе тұтпайды да. Біздің өтіп бара жатқанымызбен ешкімнің шаруасы жоқ. Осындай ойға терең бойлап келе жатқан бетіміз еді. Мұңыма тұздық болсын деді ме адам аяғы нақ төбемізге төніп келе жатты. Сондай жылдамдықта келе жатыр еді, қашып үлгере алмаспыз. Құрыдық деп ойладым.

–Абайла, құмырысқалар! – деді сонда қыз дауысы шәңк етіп. Бізді басуға бір елі қалған аяқ кері шегінді.

–Шынында құмырысқалар екен, – деді ұл бала қасындағы қыз балаға таңырқай қарап. – Сен айтпағанда басып кеткендей-ақ екенмін. Қырағы екенсің.

–Атам айтпақшы: «Тірі жандының обалына қалма. Мейлің, жан-жануар, өсімдік, тіпті, жәндік болсын». Сол үшін біреуін болмаса біреуін басып кетпейін деп ылғи аяқ астыма қарап жүрем.

–Не деген кішкентай, – деп ұл бала мен қыз бала бізден көз аудармай қарап тұр.

–Сау бол, Сәлім, – деді де қыз бала балконнан қол бұлғаған анасын көріп, үйіне қайтты.        

–Сау бол, – деді ұл бала бізден көзін аудармай. Осы кезде мен қыз баланы кетпесе екен деп іштей тіледім. Өйткені, мына ұл әлгі сары бала құсап бізді құтыға сап, қапаста ұстай ма деп қорыққан түрім. Бірінен әзер құтылғанда, біріне тап болғанымыз, өкінішті. Ұнжырғам түсіп тұрғаны мұң екен, ұл бала бізді алақанына салып көтеріп алды.

–Саудамыз бітті, – деді Оқ-поқта әлдене сезгендей. Бізді уысынан шығармай ұстаған адам жүріп келеді, жүріп келеді. Саусақтарының арасындағы қуыстан қарасам, күндік жолды жүріп тастағандай болдық. Кенет бізді жерге қайта түсіріп, бір төмпешіктің үстіне қойды. Айналамызға зер салсақ – құмырысқа илеуі. Оқ-поқ қуанып кетті.

–Мынау менің елім, менің Отаным, – деді алақайлап, – мына адам – жақсы жан екен. Ол бізге қамқорлық танытты.

Осы сәтте менің осы күнге дейін адамдар туралы ойым тас талқан болды. Олардың да арасында жақсылар, ізгілер бар екенін білмеппін. Іштей қуанып тұрмын. Оқ-поқтың шаттығына ортақтастық. Алайда біздің үй қай маңда екені белгісіз. Ата-анам уайымдап қалатын болды-ау деп жабырқадым.

–Жүріңдер, үйге, шәй ішіңдер, – деді Оқ-поқ қонақжайлылығын көрсетпек болып.

–Біз үйге қайтуымыз керек! Бірақ, біздің елдің құшағы өзіңе дайым ашық деп білгейсің, – дедік оны жолықтыру арқылы жаңа дос тапқанымызды аңғартып.   Адам үстімізге төніп тұрып орнынан тұра беріп еді, біз ол кетіп қала ма деп жанұшырдық. Тектүк қолымен «Оқ-поқ осында, біз басқа жақта тұрамыз» дегендей ымдап, ишаралап жатыр. Кекілін жел тербеген қара торы бала «солай ма» дегендей алақанын ашты. Біз қайта міндік. Илеу қақпасында шекарашыларға құжат көрсетіп жатқан Оқ-поққа қол бұлғадық.

–Құмырысқалар, сендердің үйлерің қайда? – деді адам жанашырлық танытып. –Анау маңда тағы бір илеу бар, мүмкін сол жерде шығар.

            Тек-түк телефонымен әлек.

–Интернет не үшін ұстамайды. Біздің ел әлі де дами түсуі керек. Не сұмдық мынау? – деп шамданып жатты.

–Енді біз өз елімізден алыстамыз ғой, – дедім адамзат әлеміне зер салып.

–Сонда да ғылым қарыштап дамып жатыр, реттейтін уақыт болды ғой!

Адам біздің өзара сөйлесуімізді қызық көргендей, қайта-қайта назар аударып қояды. Әттең бір-біріміздің тілді жөнді түсінбейміз. Әйтпесе тілдесетін қаншама дүние бар.

–Әп, бәрекелді! Интернет іске қосылды! – деді Тек-түк қуаныштан қанаттанып. – Енді навигатордан үйіміз қайда екен біле аламыз. Міне, мына бағытта!  – деді қолымен алдымыздағы ғимараттың оң қапталын нұсқап. Мен де оған қосыла кетіп адамға сөйлесек жауап қатпағаны былай тұрсын, қарамайды. Өз ойымен өзі әлек боп кетіп барады. Біздің айқайлап тамағымыз қарлығып, қол бұлғай-бұлғай бұнымыздан түк шықпасына көзіміз жетті. Енді не істеу керек? Ойлана келе адамның алақанын тістеп алу керек деген шешімге келдім. Сонда, амал жоқ қарайды?

–Ал қарамаса ше? – деді Тектүк қобалжып.

–Онда қайта-қайта тістейміз, – дедім де алақанын бас салдым. Мұнымды шыбын шаққан құрлы көрмеген адам, жәй ғана «алақаным қышып кетті ғой» дегендей бізге назар аударды. Ойымыздың іске асқанына біздің көңіл көтеріліп қалды. «Былай қарай» деп үйіміздің бағытын нұсқап жатырмыз. Ақылды бала екен, біздің ымымызды бірден түсінді де бағытымызды өзгерттік. Жүріп келеміз. Картаның нұсқауымен солға бұрылдық. Сосын тағы оңға. Осылай бірер минут жүрдік. Біршама ұзап кетіппіз.

–Келдік, – деді оқыстан Тек-түктің даусы жарқын естіліп. Естігенім «шын ба, өтірік пе?» дегендей біршама тосылып қалдым. Қуанышымда шек жоқ. Бірақ адам төменге қараған күйі, қақшиып тұрды да қойды. Жерге түсіретін емес. Ал біздің үйге қайтқымыз келеді. Оның жүзінен ашудың табы әнтек қана білінді. Бізді зәуімен жерге түсірмей тұр ма, әлде жерде бірдеңе боп қалды ма деп жерге қарайын десек алақанын қысып алғаны сонша ештеме көрінбейді. Жәймен гүлдің ашылған қауызындай алақаны ашылып келе жатты. Гүлдей ашылған Күн де «үйіңе қош келдің» деп құттықтап тұрғандай. Көзіміз бірден үйімізді іздей бастады. Сол мекен, сол аймақ.  Бірақ, үйіміз жоқ. Жан-жағында бірнеше бала адамдар қаламызды ойынына айналдырып әлек. Жермен жексен болған қаламыздың айналасы әр жерден қопарылып жатыр. Тағы бір шетін су басқан. Қаламыздың тұрғындары жанұшырып жан-жақа бет алды қашып барады. Балдақ таянған қария құмырысқалар да белі бүкшеңдеп жүр. Ал әлгі бұзық адам балалары құмырысқаларды тірі жан деп жатқан жоқ. Шықпыртып қуып, таптап баспақшы. Азан-қазан болған мемлекетімді ойлап жанарымнан ыстық бір тамшы ытқып кетті. Бірақ, сонда жаңа, мына Сәлім неге алақанын тағы біраз ашпай мына сұмдықты жасырып тұрмады екен деп қалдым. Бойымды намыс кернеп, Отаныма деген махаббаттан ба, шамама қарамай әлгі адам балаларына қарсы болмақ болдым. Осы оймен Сәлім алақанынан сырғи киімімен төменге қарай ылдилай түстім. Әлгі бұзық балаларға бара жатып жан-жағымда қашып бара жатқан құмырысқаларға мән бермеппін. Түтігіп алып, кіп-кішкентай қалпыммен алып адам баласымен шайқаспақпын. Аяқ астынан таныс дауыс естілмегенде осы қалпымда кім біледі тапталып қалар ма едім.

–Бек-пек, құлыным, – деген дауыс оқыстан естілді. Қарасам шұңқырға түсіп кеткен әлдекімнің жаулығы қараңдайды. Кім де болса көмек қолымды созайын деп жақындап барсам – әжем. Дереу әжім басқан қолынан ұстап жоғарыға қарай көтеріп алдым.

–Балам-ау, аманбысың? Сені іздемеген жеріміз қалмады ғой, ботам! – деп жыламсырап бет-ауызымды шөлпілдетіп сүйіп жатыр.

–Әже, мен үлкен жігіт болдым ғой, – дедім мұныммен мені уайымдаудың да, сонша сүюдің де қажеті жоқтығын аңғартып. – Мен келдім, бәрі жақсы болады, – дедім ересек адамдарша өзімді ұстап. – Арқама отырыңыз!

–Айналып кетейін, ер жетті деген осы! – деп әжем сай сүйегі сырқырап барып, арқама әзер отырды. Әжемді арқалаған күйі жүгіріп отырып, қарағай діңгегігіндегі қауіпсіз орынға апардым.

–Әже, әке-шешем қайда?

–Жаңа осында жүрген! О, құда, аман болса екен!

–Уайымдамаңыз мен қазір тауып келемін, – дедім де айналаны тінтіп, әрбір қуысты іздей бастадым. Қас қарайып, кешкі ымырт үйіріліп келеді. Қарасам дәл алдымда Тек-түк сәби құмырысқаларды көтеріп алып, шетке қарай көтеріп барады. Маған қарап көзін қысты.

–Сәлмен, қазір әлгі сотқарлардың сазайын береді, қара да тұр!

            Шынында Сәлмен әлгі бұзақылардың қасына барып, оларға өктем сөйлеп тұр. Адамдардың дауысы микрофон жұтып қойғандай жаңғырып естілетіні қалай.

–Әй, сендер мына илеуде нелерің бар? Осылай да қатігез болуға бола ма? – деді зілді дауыспен.

–Не шаруаң бар мұрынбоқ? – деп арасынан біреуі орнынан атып тұрды.

–Біле білсеңдер құмырысқалар да біз секілді жаны бар тіршлік иесі. Үйі-жайы, қам-қарекеті тағы бар. Олардың обалына қалып не көрінді. Илеуіне су төгіп, қазып-қорпарып тастапсыңдар! Қаншама бейбіт құмырысқалар далада жамырап жүр, әне! Ал сендер одан бетер оларды қинап, таптамақсыңдар. Бұл дұрыс емес! – деді Сәлім сөйлеген сайын дауысы ызғарланып. Ал әлгі бұзақы балалар болса, бір-біріне ыржиып-қылжақтап қарап тұр.

–Біз өзіміз білеміз! Жөніңе жөнел! – деді бірі Сәлімнің кеудесінен итеріп қап. Анау итердім дегенде Сәлім оны оң жамбасқа көтеріп мұрттай ұшырды. Екінші бір бала шамданып кетті де:

–Әй, сен біле білсең мен таэквондоға барып жүрмін. Ол аздай қара белбеу дәрежесіндемін. Кет деген соң, кет! – деді ескерткен сыңаймен, аяғын талтайтып, шайқас тұрысына икемдеп. 

–Ал мен бала күннен күреске қатысам, – деді Сәлім, – алақанын жұмып-ашып. Әлгі сотқар енді аяғын көтере бергенде, Сәлім күрестің «диірмен» тәсілімен, оны қалпақтай ұшырып барып, астына алды.

–Құмырысқаларға тиісесің бе? – деді, әдетте «жеңілдің бе» дегеннің орнына.

–Жо-жоқ, енді қол ұшымды да тигізбеспін, – деді әлгі бұзақы қалбалақтап. Үшінші бұзақы бала екі жолдасының жермен жексен боп жатысын көрді де, бір жұтынып қаша жөнелді.

–Бері кел, – деді алғашқы құлаған бала оның соңынан айқайлап, – Сатқын екенсің!

 Сәлім де түрегеліп, үстін қақты да қазір ғана ұрып жыққан жігіттің қолынан ұстап көтерді.

–Ал, жігіттер енді жәндіктерге зиян тигізесіңдер ме? – деді. Әлгі екеуі «иә» дейін десе тағы таяқ жеп қаламыз ба, «жоқ» десек абыройымызға сын болар ма деп, екі ойда тұрды да қойды. Дегенмен, Сәлімнің мысы басты ма, мүмкін жерде шұбырып жүрген құмырысқаларға жаны ашыды ма екен:

–Қойдық, – деді де кері бұрылып жөндеріне кетті.

Жердегі құмырысқалардың барлығы қол шапалақтап, қуаныштан қалпақтарын аспанға атты.

–Қақаған қыстың келуіне таяу қалғанда, еліміздің басына жай түсіп, ендігі күніміз не болады деп уайымдап қап едік. Өзіңді бізге Құдай жіберген екен, – деді Сәлімге қарап тұрған қарт құмырысқа. Ал Сәлімнің көзі сонша құмырысқаның ішінен екі кішкене досы – бізді іздеп тұр. Аңдап, барлай  іздеп әзер дегенде дәл аяқ астында тұрған бізді таныды. Алақанына қайта көтеріп, бүткіл құмырысқалар тайпасына көрсете Тек-түк екеуімізді:

–Құмырысқалардың еңбекқор ғана емес, ержүрек болатынына, мына, екеуі арқылы көзім жетті. Сіздердің мына жайрап жатқан үйлеріңіздің қайта тұруына қолымнан келгенше көмек қолын созам, – деді Сәлім. Мен іштей оған дән риза болдым. Жоқ, адамдардан күдер үзуге болмайды екен. Жақсы да, жаман да, ала да, құла да алмасқан дүние екен. Сондықтан жақсылық пен ізгілік үшін қашанда күресу керектігін түсіндім. Әйтпесе, жаңағыдай бұзақылар болмаса Сәлімдей жанашырдың барын білмес те едік.

Адасқандар табылып, туыс-тумалар қайта қауыштық. Ата-анамды таппай ұнжырғам түсіп, әжемнің қасына келдім. Сөйтсем ата-анам әжемнің қасында аспай-саспай шәй ішіп отыр. Қуанышым қойныма сыймай олардың құшақтарына кіріп кеттім. Оларды қатты сағынып қалыппын. «Болды, қой, енді» десе де ажырамай тұрып алдым. Тағы бір ажырасам оларды қайта жоғалтып алудан қорқатындаймын.

–Балам-ау, қайда адасып кеттің? Сені іздеп шарламаған жеріміз жоқ? – деді әкем арқамнан қағып тұрып.

–Сіздерді іздеп адамзат әлеміне кеткем, – дедім ол жақта тап болған қиындықтарды жасырып. Өйткені олар уайымдамасын, көңіл-күйлері түспесін дедім.

–Екінші ондай қауіп-қатерге барушы болма! – деді анам зілсіз ашуланып.

–Жарайды!

–Қошақаным, – деді анам қайта құшағына қысып.

–Мені кешіріңіздерші... – дедім жыламсырап.

–Бұдан былай ондай қатерге барушы болма! – деді әкем сөзімді бөліп.

–Оны айтпаймын... – дауысым дірілдеп тұр, – сыныптастарым мені «шаруаның баласы» деп мазақтаған сайын, олардың көзінше сіздер қалай азық іздеп адамзат әлеміне шығып бара жатқандарыңызға қарап намыстанатынмын. Сіздер үшін ұялатынмын... Біздің қалада сіздерге жұмыс құрып қап па деп ашуланғам. Мұным бекер болған екен. Сіздер мен үшін  оқысын, тоқысын, өсіп-өнсін деп осындай қатерге барған екенсіздер. Кеш білдім... Ал сондағы «ата-анаң жер үстіне кетті» деп мені мазақ қып, сіздерді қор көрген балалар мен менменшілдер, бәрі-бәрі, онсызда міне жер үстіне шықты. Сіздер секілді шаруалардың еңбектері ерен екеніне көздері жетті. Мен сіздерді мақтан тұтам... Кешіңіздер мені...

Қарасам анам мен әжемнің жанары суланып, әлсін ғана беторамалмен сүртініп қояды. Әкем арқамнан қағып «ақылыңнан айналайын» дейді.

–Біз де сенімен мақтанамыз балам, – деді анам.     

            Бұл түнді бүткіл қала тұрғындары адамзат әлемінде, ағаш діңгектері, жаппа қуыстары арасында өткізді. Шынында көз шырымын ала алмадық. Ойламаған жерден бұзық балалар диюдай шап беретіндей болады да тұрады. Бақшада қараң құраңдаған ағаш жапырақтары да кісі қарасындай үрейімізді ұшырып тұр. Не керек, осындайда үйдің, атамекеннің қадірін түсінгендей болдық.  Ал таң бозы атар-атпас қаланың жұмыстарына қызу кірісіп кеттік. Құлаған тамдарды көтеріп, көше-жолдарды қайта салып, бұзылған нысандарды күрделі жөндеуден өткізіп, қайта тұрғыздық. Жас демей, кәрі демей әдемі қаламыздың жұмысына жұмыла кірістік. Ойламаған жерден алыстан қараңдап бір тайпа қол келе жатты. Көш бастап келе жатқан баяғы досым Оқ-поқ. Жанымызға жуи бере, құшағын айқара ашты.

–Амансыздар ма? Жаңалықтан көріп, жетіп келдік. Ас-суымыз, киім-кешегімізді әкелдік. Қала бұрынғы көркіне көп өтпей қауышар, – деді біздің шабытымызды қоздырып.

            Ал жақсы адам – Сәлім болса, сыртқы жұмыстарға көптеп көмегін тигізді. Қолынан келгенше илеудің кіреберісін биіктетіп берді. «Өзім де ешкімнің зияны тимесін деп жиі қарап тұрам» деді. Осылай жұмыла жұдырық боп бүткіл қала жұмысын бірер күнде тамамдадық. Қаламыз бәз-баяғыша жарқырап-жайнап шыға келді.

Бір күні ата-анам адамзат әлеміне кезекті қатерлі жұмысына бара жатты. Әдеттегідей ұзын-сонар шекара күзетінде тұр. Арқама сөмкемді асынып алып, оларға қол бұлғадым.

–Сәлімді көріп жатсаңыздар сәлем айтыңыздар, – дедім көзім мөлдіреп менің де адамзат әлеміне барғым келіп.

–Айтқандай ол саған кеше сәлем айтқан, – деді әкем. Құлағым елең ете қалды.

–Не деді?

–«Бек-пек кішкентай болса да, жүрегі – әлемдей кең екен» деген, – деді әкем бойын мақтаныш кернеп. Мен де көтеріліп қалдым.

Менмұндалап тұрған илеудегі шығаберіске қарап: «Әуелі сабағымды жақсы оқуым керек» дедім иығымнан сырғып бара жатқан ауыр сөмкемді түзеп.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

II.Тектүктің арманы

 

Оқушы құмырысқалар Бек-пек пен Тектүк бүгінде төртіші сыныпқа көшкен. Былтыр екеуінің басынан өткен шым-шытырық оқиғадан Бек-пек сабақ алып, ата-анасының рұқсатынсыз ешқайда кетпейтін болған. Ал Тектүк болса керісінше бір рет адамзат әлемінің дәмін татқан соң ба, қайта-қайта шекара қақпасына  үздігіп қарай береді. Мектептен қайтқан екеуі автобустан түскен бойда Тектүк Бек-пекке:

–Сау бол, ертең «шекем-тас» ойынын жалғастырайық. Сенен қалайда есемді қайтаруым керек! – деді. Бекпек басын шайқап:

–Саған дауа жоқ екен. Апай жаңа сабақтан қайтып келе жатқанда, әсіресе, саған қарап не деді?

–Бәсе не деді? – деді Тектүк білмейтінін шын аңғартып, басын қаси.

–Ертең тоқсандық бақылау деген жоқ па?!

–Болса не бопты!?

–Дайындалмайсың ба? Одан тағы екі алсаң анаң шықпыртып сабап жүрмесін!

–Онда, бақылаудан соң ойнайық, – деді Тектүк әлі де ой-санасы түгел ойынға ауып.

–Көреміз! – деді де Бекпек бұрылып кете барды.

–Айтқандай, – деді Тектүк соңынан дауыстап. – Көшіруге бересің ғой...

Ол үйіне келгенде анасы есік алдындағы жіпке кір жайып жатқан. Баласын көре сала дүрсе қойды.

–Жүгермек, мына ақ жейдеңнің қолтығын қашан жыртып жүрсің?

–Ой, алдында, ана бір... сыныптағы сотқар Шақ-тақ сұлу, әрі керім Ақпаққа тиісіп, ол аздай кітабын тартып алған. Сонда Ақпақты қорғаштап, әлгі бұзақының сазайын бергенімде жейдем жыртылған болса керек, бәлки!

–Айналайын-ау, «бәлки» дейсің, басқа да кезде жыртылуы мүмкін бе еді?

–Қарсы сыныпта оқитың бір құмырысқамен сөзге келіп қалғанбыз. Ол әккі, ойынды әділ ойнамайды, сондай арам. Анашым, біздің мектепте бала құмырысқалардың арасында сіз көрсеңіз ғой: бірін-бірі шалып, апайға ұстап беріп, сатып кетіп, ақыңды жеп, затыңды ұрлап кететін неше түрлі құмырысқалар бар. Соның бәріне қалай көз жұмып қарап отырам. «Әділетсіздікпен күресу керек» деп марқұм атам айтқан жоқ па еді!

–Ой, сенің мектебің түгілі мына қалашықта, қалашықтан бұрын мына адамзат әлемінде де сондай әділетсіздіктер орын алады екен. Сондықтан тыныш жүр. Жағаласпа, араласпа, балам. Атаң айтқаны рас, бірақ шамамызға қарайық. Өзің қарашы – әлем қандай үлкен, сансыз әділетсіздіктер орын алып жатыр. Сен немесе күрескер құмырысқалар соның бәрін өзгерте ала ма? Жоқ! Өйткені, біз сондай кішкентай, әлжуазбыз. Біздің бар-жоғымызды өзімізден басқа ешкім де білмейді.

–Жоқ, – деді Тектүк жыламсырап, – мен көзімді жұмып қарап тұра алмаймын. Мен әлемді өзгертем, қолымнан келеді.

–Әй, пәтшағар, сен ең әуелі әлемді өзгертпей-ақ, мына жейдеңді жыртпай, киіміңді таза ұстап үйреніп алшы. Әлем сенің не теңің! – деді ызбарланып. – Одан да сабағыңды дұрыстап оқы!

Тектүк анасының сөзіне ренжісе де, сәлден соң ұмытып кетті. Бөлмесіне кіре сап, өзінің «Әлемді өзгерту» күнделігіндегі операциясына кірісіп кетті.  Күнделігіндегі айдақ-сайдақ қаріптерді ежіктеп оқып отыр.

–7. Құмырысқаларға пайдамды тигізу, жақсылық жасау.

8. Кемел құмырысқа атану.

9. Мына әлемге үлкен ықпалымды тигізу.

10. М-м-м... Онға не жазсам болады? – деді қаламсабымен басын қасып отырып. – Ә, таптым! Анам, туған-туыстарым мені қанша жерден: «Құмырысқа болмайсың! Қолыңнан келмейді, Сен ешкім емессің! Біз кішкентаймыз, әлсізбіз», - деген сөздеріне еш мән бермеу, – деп қосты Тектүк. Сосын күнделігіне жапсырған суретте адамзат әлемі, көл мен түпсіз көкжиек, асқар тау суреттелген. Соған қарап тұрып, жүрегі елжіреп кетті.

– Міне, менің арманым. Осындай көл адамзат әлемінде бар деседі. Қалайда осы жерге барсам, көлде жүзіп, қайыққа мініп, капитан болсам. Қандай ғажап! – Көзіне шағылысқан суреттегі бейне оны еліктіре түсті. Кенет терезенің ар жағынан шешесінің шәңк еткен дауысы естілді.

–Әй, шәйіңді ішпейсің бе, суып қалатын болды ғой!?

Тектүк күнделігін жауып, құшағына басты да жастығының астына жасырды. Сыртқа шыққан соң күн сайын біле тұра қайта сұрайтын әдетімен:

–Әкем қашан келеді? – деді.

–Қашан келуші еді, кешке келеді дә!

Әкесі жуас та, байсалды жан. Офисте күні бойы отырып-отырып қас қарайғанда үйіне оралады. Көп сөйлемейді. Шешесі не айтса да басын изеп қояды. Кейде ғана баласының сабағын сұрап, есебін шығаруға септеседі. Ал анасы керісінше – мінезі қатты, қатал. Кейде күнұзақ Тектүкті аула ішінді шыбық ұстап ап, қуалайды да жүреді. Тектүк болса, ашынып кетіп жыламсырап анасына:

–Мектепте мұғалім, үйде сіз ұрсасыз, – дейді қашып жүріп кенет тоқтай қап. Анасы ондайда жүрегі елжіреп кетіп, баласын арқасынан қағып, құшақтай қояды. Бірақ, бұл елжіреу көпке созылмайды. Сәлден соң-ақ Тектүк басқа бір нәрсе бүлдіріп, қайтадан шешесін ашуландырып алатын. Сондайда анасы терезеден басын шығарып тұрып, жұдырығын түйіп:

–Осыдан қолыма түс, оңдырмаймын, - дейді сорап жолдың шаңын шығарып жүгіріп бара жатқан Тектүкке. Ол жүгірген бойы тоқтамай Бек-пекке келеді. Ол болса әдеттегідей кітаптан бас алмай оқып отыр екен. Әжесі төр көрпе тігуде.

–Амансыз ба, әже? – деді Тектүк кеиуанаға қарап.

–Аман ба, шырақ!? Кел, төрлет, шәй іш! – деді әжей.

–Жоқ, рақмет! Көлге шомылуға баратқан бетім, Бек-пек шыға ма, соны білейін деп ем?

Бекпек кітабына бір, оған бір қарады да, қайсысын таңдарын білмей басы қатты.

–Кітаптан бас алмайсың, ол аздай теледидар көруден де жалықпайсың. Бала боп, мына Тектүк құсап далаға шықсаң етті. Үйде омалып отыра бермей! – деді әжесі, Бек-пекті сыртқа  шығара алмай жүргеніне шамданып. Ақыры ол  кітабымен қимай-қимай қоштасты да, Тектүкке ілесті. Екеуі шаңдатып көлге қарай жүгіріп келеді. 

–Тезірек бол, – дейді Тектүк, – мына шіліңгір ыстықта ертерек суға түсейік! 

–Кітаптың қызық жеріне келіп едім.

–Оны оқып үлгересің. Одан да суда шомылайық.

Көл жағасына келгенде жағалау қараң-құраң халыққа толы екен. Құтқарушылар ысқырып бала құмырысқаларға, белгілі сызықтан асып кетпеңдер деп, ескертіп жатыр. Оларды тыңдап жатқан бала құмырысқалар бар ма, түрлі шөп-шалаңды қайық қып, вейкборд қып жүзіп, ойнайды. Әбден ойындары қанып, сергіп те қалған. Жағалауда отырған екеу көлдің келесі бір шетіне көз тастады.

–Шіркін, – деді Тектүк, – адамзат әлемінде шетсіз, шексіз көлдер бар екен, шыңы көкпен таласқан таулар және бар. Соларды бір көрер ме еді, барар ма едік, ә! Тура былтырдағыдай.

–О, ол жақа жету мүмкін емес. Алыста ғой. Біздің оған жетер шама-шарқымыз қайда-а-а!

–Неге мүмкін болмасын! Көрдің ғой, былтыр қандай тәуекелдерге барғанымызды. Қаланың мэрінің өзі алғыс білдіріп, біздің бұл әрекетімізді ерлікке балады.

–Сосын, – деді Бекпек, – екінші кәмелеттік жасқа толғанша адамзат әлеміне бір елі аттап баспайсыңдар деп тиым салған жоқ па.

–Біз әсілі үлкен істер үшін жаралғанбыз. Қарашы өзің, өзімізден он есе үлкен затты көтере аламыз. Қай бір тіршілік иесі солай істей алады, айтшы! Ол аздай еңбекқорлығымыздың өзі бір төбе.

–Сонда бізге не істеу керек? – деді Бек-пек оны түсінбей тұрғанын білдіріп.

–Мен де нақты білмеймін. Бірақ, біз үлкен армандар үшін, биік белестер үшін, асқақтық үшін жаралғанбыз. Айдағанның айтағына еріп қашанғы жүрмекпіз. Даңғыл жол бізді күтіп қалды, – деді Тектүктің өзі осы сөздері үшін әсерленіп.

–Сен сабақты бәлкім беске оқығанда бұл сөздеріңе иланатын ба едім, кім білсін! Бірақ, не айтып тұрғаныңды өзің білмейсің!

–Қысқасы, адамзат әлеміне тағы да аттанайық. Жаңа сапар, жаңа мүмкіндіктер!

–Ол мүмкін емес. Өзің көрдің ғой алып адамдар мен жан-жануарлар біздерді  таптап кете жаздағанын. 

–Мектепте мұғалімдер, үйде анам, көшеде қаймананың айтатыны рас-ақ: біз сондай кішкентай, әлсіз, әлжуаз ғанамыз. Биікке ұмтылудың да қажеті жоқ. Шамамызды біліп, диірменнің тасындай айналып жатқан өмірді, ересектер қалай өмір сүрген болса айнытпай қайталау керек, – деді жабырқаған Тектүк,  – олардың істеген жұмысын, жүріс-тұрысын түгел қайталау керекпіз. Біздің әрқайсысымызда өзіндік жол жоқ. Мен ұмтылып жатқан асқақтық жай ғана сағым мен ой ұшқыны, - деді де Тектүк еңсесі түскен қалпы үйіне қарай аяғын сылтып басты. Бек-пек оның соңынан қарап тұрып, әлдене деп айтуға оқтала беріп, тоқтап қалды. Өз-өзіне сыбырлап: «Біз осы шама-шарқымызбен де қоғамға пайдамызды тигізе аламыз» деді үйіне қарай аяңдап.

Тектүк кешкі асын ішіп алған соң, тар бөлмеде аспашамды жағып, теңіз бен көкжиек суреттелген адамзат әлеміне тән суретке тесіліп ұзақ жатты. Ар жақтан анасының шәңк еткен дауысы естілді.

–Әй, бала, жарықты өшір, ертең ерте сабаққа барасың. Ұйықта!

Айтқанын тыңдап, жарықты өшірді де көрпе астына еніп, қол фонарімен әлгі суретке қайта қарап түрлі қиялға ерік берді. «Мына біздің илеудегі мемлекеттен тыс әлемде Күн мен Ай, жұлдыздар бар. Адамдар нендей бақытты: маңдайын желге сипатып, жұлдыздармен сырласып жатып ұйықтайды. Адамдардың қадірі неткен жоғары: бүткіл жаратылысты өздеріне мойынсұндырып, соларға қызмет қылдырып қойған. Мен де адамдардың арасына тап болсам ғой, шіркін», - осылай қиялға шомады. Бірде – капитан боп кеме басқарса, тағы бірде – басқаларды құтқарып қалған қаһарман болып шығады, енді бірде – әлем чемпионы атанып жатады. Әйтеуір, осындай тәтті ойларға ерік беріп жатып, талықсып ұйықтап кетеді. Түсінде де қиялының жалғасын көріп, қандай да бір ерлік жасап, өзіне ду қол шапалақ соғылып жататын. Өйстіп жатып, таң қылаң бергенде әке-шешесінің гөй-гөй әңгімесінен оянады.

–Балаңды оятсаңшы, - дейді әкей, – шәй ішсін!

–Бүгін демалыс қой, демалсын, ұйқысы қанбай жүр өзінің!

–Мейлің, бірақ, біздің бала күнімізде қалай еді, есіңде ме, – деді әкесі аяқ-қолдарын құры қоймай. Бір қолымен шәйін сораптап, екінші бір қолымен, пульт ұстап, үшінші бір қолымен арқасын қасып отырып, – әке-шешеміз елең-алаңда ерте оятып алып, жұмысқа салушы еді. Ол кезде мына жастардікі құсаған жағдай жоқ. Қазір ғой, техника-ғылым дамып кеткен. Біз қауіп пен қатерде ғұмыр кештік. Күн сайын адамзат әлеміне барып, дән-дәнек тасып әкелетінбіз. Жан-жағымыз – анталаған жау. Ал қазіргі жастарға рақат, сабағына барып келеді, болды, – деді әкесі шәйін сіміріп. Осыны естіген Тектүк: «Шіркін, мен әкемнің орнында болар ма едім, күнде адамзат әлемін көру, күн нұрын, жапырақтарды, алып ғимараттарды көріп-сезу, самал-леппен тыныстау, қандай  ғажап!» деп ойлады.

–Қазір де қауіп-қатер аз емес, - деді шешесі қарсы уәж айтып, – өзің көріп отырсың, шегірткелер бір жақтан салық салып жатса, термиттер екінші бір жақтан қыспаққа алып жатыр.

–Әсіресе, мына термиттерге дауа жоқ. Өздерінің тілі мен мәдениетін бізге сіңдіргені сонша, қазір жастарымыз солар құсап ойланып, солар құсап киінетін болды. Қаншама жыл бойы бізді қанап, тонап келді. Соғыстан көз ашпадық. Енді келіп бізге жанашыр бола қалуын, – деді әкесі ашынып. Иә, Тектүк өзінің мектебінде оқитын термит тұқымдас оқушыларды біледі. Олар: сарғыш, ірі денелі, етжеңді, күшті, әрі тәкәппар келеді. Олардан мектеп оқушылары қаймығып, көрген жерде бойын аулақ ұстауға тырысады. Ал әлгі сотқарлар өздері кеп соқтығысып, көрінген іске килігеді. Тектүк те бірнеше мәрте ұстасып қап, балалар боп әзер ажыратқан. Бүгінде Мономориум халқы көбіне осы Термиттердің тілінде сөйлесуді сән көреді. Ісқағаздар мен мемлекеттік мекемелердің өзінде термиттердің тілі ресми тіл боп саналады. Тектүктің әкесі сол үшін ашынып, қайта-қайта пульттің тетігін басқа арналарға ауыстырумен болды.

–Біздің халықты күң мен құл қылғысы келеді, мына шегірткелер мен термиттер. Біріншіден шамалары жетпесе, екіншіден туыстас халық Динопонералардан қаймығады. Аталас ел бізді қандай да бір қайғыға қалдырып кетпейді. Өзің көрдің ғой Бүбүк ғалымның кітабы шыққан жылы адамдардың қолымен жасалған сілкіністен қаламыз қирап қалғанын. Сонда бізге ең бірінші боп кім қолын созып еді? – деді әкесі көтеріліп.

–   Динопонера тайпасы, – деді анасы әкесіне келіскенін білдіртіп.

–Нысандарды қайта тұрғызып, жол салып, бар көмек қолын аянбады. Ал сонда термит тайпасы қайтті? Бір жанашырлық белгісі болсашы. Жо-оқ, керісінше бет-аузын таңған қылмыскерлері келіп, онсызда қайғыдан қан жұтып жатқан халықтың бар ас-ауқатын, жаз бойы жиған терген қоймаларын тонап, алып қашты. Міне, сондай қиын жағдай бізге кімнің дос, кімнің дұшпан екенін көрсетіп береді, – деді әкесі, – қой жұмысқа барайын, айта берсең әңгіме көп, – бата қайырды да орнынан түрегелді.

Осының бәрін естіп отырған Тектүк, бала жүрегімен өз еліне шындап жаны ашыды. Бүгінде тілі шұбарланып кеткен бала құмырысқалар өте көп.   Бұл да кейде басқа балаларға еліктеп термиттердің тілінде сөйлесетін. Сондағы сәні кербез болған түрі. Сондайда әкесі «тәйт, өз ана тіліңде сөйлес» деп тыйып тастайтын. Әкесінің бұған неге сонша ескерте беретінін енді ұққандай.

Кезекті мектепке барған күннің бірінде сыныптағы бала құмырысқалар бір-бірін түртпектеп, мазақтап у-шу болды да кетті. Әншейінде мұғалім отырған кезде үні шықпайтын сыныптың опай-топай болғаны қалай? Сөйтсе, мұғалім апайы үстеліндегі қағаздан бас алмай әлденеге абыржып отыр. Кенет директор сыныпқа кіріп келгенде әлгі шу сап тыйылды. Оқушы құмырысқалар сарбаздай тік тұрып, директормен амандасты.

–Не шу мұнда, апайларыңды неге тыңдамайсыңдар, – деп дүрсе қойды. Мұғалімнен  есептемелерді алып, қайтадан оқушыларға қарап, – қазір қоңырау соққанда, тапжылмай осында отыратын болыңдар. Үйге әләзір қайтпайсыңдар. Апайы, сіз бас-көз болыңыз, – дегенде бәрінің еңсесі түсіп, қапа болған дауыс естілді.

–Тыныш, тыныш, – деген директор сыныптан шығып кетті. Енді сынып түгел ұстаздарына сұраулы көзбен қарап тұр. Абыржыған мұғалім қайта-қайта көзілдірігін түзеп, әзер сөзін бастады.

–Балалар шегірткелер біздің қалашыққа келіпті, – дегенде олардың неден үрейленгені енді мағлұм болды. Сыныпты жасқаншақ бір үнсіздік билеп қалды. – Қала қазір қауіпті. Сондықтан сендер мектепте отырғандарың абзал! – дегенде бағанадан бері арқа-жарқа боп отырған құмырысқалардың көңіл күйлері түсіп кетті. Кенет бір құмырысқа қолын көтерді.

–Айт?

–Олар жазда келетін еді ғой, неге биыл ертке келген?

–Бәрімізді де толғандырып отырған осы сұрақ. Неге биыл ерте келді? Ал біз егінжайды әлі орып, адамзаттан керекті дән-дәнектерді де тасып үлгерген жоқпыз. Олар түгілі өзімізге де...

–Олар ас-ауқатымызды талай беретін болса, біз не жейміз? – деді тағы бірі шамданып.

–Рас, қысқа қамданғанымыз жоқ! – деді мұғалім шарасыз халде.  Мұны естіген Тектүк намысы қайнап орнында отыра алмады. Үйін, ата-анасын ойлап қам жеп тұр. Мұғалімнен сұранса, жібере қоймас. Не істерін білмей дал. Ақыры, қайтсін, тып-тыныш отырып, кешке, бәрі тынышталған соң ғана  басқа оқушылармен бірге қайтты. Қаладан көшкін жүріп өткен бе дерсің. Көше тып-типыл. Қорқыныштың елесі кезіп жүргендей. Үйлердің есіктері аңырайып ашылған. Соққан желге ашылып, жабылып ұйқылы-ояу есінейтіндей. Ал қорыққан қала тұрғындары терезелерден бастарын қылтитып сыртқа әзер қарайды. Қоймалар мен дүкен-маркеттердің есік-терезелері сынып, қираған. Тектүк үйіне қарай асықты. Ауласына кіреберісте әкесі сәкі үстінде шалқасынан жатыр. Анасы болса оның басын таңуда. Баласын көре сала анасы зыр жүгіріп:

–Аманбысың, құлыным? – деді құшақтап.

–Әкеме не болған?

–Әлгі оңбағандар қоймамызды тонап, әкең қарсы бола бергенде жығып кетті.

–Әке, – деді әкесін құшақтап, тісін қайрап. – Көрсетем мен оларға.

–Қой, балам, – деді әкесі әдеттегідей баласын тізгіндеп отыратын әдетпен. Бұл жолы бірақ жұмсақ айтты, – шамамызға қарайық.    

Үйдің қирандысына көз тастады. Өз бөлмесінің де әйнегі сынық. Үйге енді. Бөлмесі шашылған. Заттарды қалай болса, солай лақтыра берген. «Алтын іздегендей бұларға сонша не көрінді», - деді Тектүк қапа болып. Кенет оның жазу үстеліндегі алтыннан да қымбат «Арман» күнделігі ғайып болыпты. Ішіндегі көл мен көкжиек бейнеленген сурет, қаншама сырлары мен мұраттары таңбаланған жазбалардың түгелі ендіге жоқ. Қатты ашынды. Сыртқа шығып анасынан оқиғаның қалай болғанын сұрады. Анасы ұлын қасына отырғызып, уақиғаның қалай өрбігенін бүкпесіз баян етті:

Илеудің қақпасын бұзып-жарып кіріп келген шегірткелер демде-ақ құмырысқалардың қалашығында қаптаған да кеткен. Қала мэрі орталық алаңға шығып, шегірткенің қолбасшысына өтініш білдіріп, жылдағыдай жаз аяғына шейін азық жинауға мұрсат берулерін сұрады.

–Қыс болса таяқ тастам жерде. Ал біздің халық сіздер түгілі өздеріне азық жинап болған жоқ. Кемінде бір ай уақыт беріңіздер, – деп жалынғанымен түк те шықпады. Қолбасшы шегіртке галстук таққан қала мэрін желкесінен көтеріп алды.

–Келістік, бір аптадан соң қайта келеміз. Қазір болса бүгінге дейін жинаған астықтарыңды жалмаймыз. Онсызда әлемде дағдарыс. Тіпті адамзат әлемінде де. Сол үшін тәртіп өзгерді. Енді жылына екі рет сендердің азықтарыңды алатын боламыз, – дегенде қала халқы қапа болып, жан-жақтан дүрліге түсті.

–Қарыстырыңдар жақтарыңды. Өлмесеңдер өме қап! – деді ызбарланып. Бір жағы ашынған, бір жағы шарасыз құмырысқалар қол қусырып тұра берді. Шегірткелер үйді-үйлерге кіріп, бәрін талап, алатындарын алып дорбаларына, арбаларына асынып-тартына жөнелді. Оларға қой дейтін біреу табылсашы. Сонда Тектүктің әкесі намыстан күйіп кетіп:

–Оу, жарандар-ау бұларың барып тұрған әділетсіздік қой! – демесі бар ма. Әлгі қолбасшы қасында бір-екі жасағы қосылып оған қарай төне түсті. Қасында мықынынан келетін баласы бар. Ол да әкесінен қалысар емес. Тісін ақситып індете ызбарланып келеді.

–Не дейсің? Сен бе маған сөйлеуге шамасы жеткен. Тағы да көзіме тік қарайды, мынаны қара, бәлем!

–Сендер бәрін тонап кетсеңдер бала-шағамыз не жеп, не ішеді? Ең болмаса жартысын алсаңдаршы, – дегені мұң екен, шегіртке жасақтарына көз қысты. Олар да басшысының ымын бірден ұғатын болса керек, бірі үйге қарай, тағы бірі қоймаға қарай бет алды. Қопарып, ақтарып жатып тапқан азық, бағалы заттың бәрін аулаға қарай лақтырып, жинап жатыр.

–Үйде жарты құрыш, тілім нан да қалдырмаңдар! – деді қарқылдап күліп. Әкесін қайталай бала шегіртке де қарқылдай күлді. Кенет Тектүктің бөлмесін ақтарып жатқан жасақ ойыншықтың бір-екеуін қолбасшыға жағымпазданған болып баласына терезеден ұсынды.

–О, зымыран көліктер. Маған ұнайды!

–Мына кітап ше? – деді әлгі жасақ «арман» күнделігін көрсетіп.

–О, ол да керек! – деді өзіне қарай лақтырған кітапты тосып алып. – Әке мынаны қара, мына сурет біздің ауылға ұқсайды екен. Кітап сөреме қойып қоям!

–Ал, қалағаныңды ал, – деді әкесі салқын ғана.

Кенет Тектүктің әкесі ашынғаны сонша, дәндердің алдына тұра қап, «бермеймін» деп айқайлады.

Қолбасшы шегіртке тағы да қарқылдап күлді.

–Хахаха, мына сен бе, маған қарсы тұратын. Әй, құмырысқалар-ай, шамаларыңа қарамайсыңдар ғой! – деді де бір ұрғаны сол екен, Тектүктің әкесі мұрттай ұшты. Маңдайына соққы оңбай тисе керек, ісініп қалыпты. Анасы жүгіріп барып ерін жерден көтеріп алды. Әлгі қолбасшы тағы да қарқылдап күліп тұрып:

–«Құмырысқа жолыңды біл!» Бір айдан соң тағы келеміз, қазірден қамданыңдар! – деді де жасақтарына ым қағып еді, олар барлық тонаған дәндерін дорбаға жинап, тиеп алып кетті. Қалашық құйын айналып өткендей шаңға бөгіп қалды.

–Міне, осылай! – деді анасы Тектүк жоқта болған жәйтті баяндап.

–Бұл бұлай жалғаса бере ме, ана! Бір амалын табуымыз керек, – деді.

–Сен де әкең құсаған батылсың балам. Бірақ, қолбасшы айтқандай біз жәй ғана құмырысқа ғанамыз, – деді салы суға кетіп, қабағы түсіп.

Тектүк болса «бұлай болмайды, бір амалы болу керек» дей берді ішінен қайталап.                                                          

                        ***

            «Таптым» деді түн баласы сұқ саусағын шошайтып, орнынан атып тұрған Тектүк. Қасында біреу-міреу жатқан болса, шошып оянар ма еді, кім білсін. Түнімен көз шырымын алмастан бала жүрегімен тайпасының, қалашығының ауыр халін ойлап қам жеген түрі. Қою түнде өз-өзіне сыбырлап әлдене қайталай береді: «Адамзат әлеміне барып, Сәлімді табу керек. Ол былтыр біздің қалашықты тұрғызуға көмектесіп, жаман балалардан қорғағаны секілді, бұл жолы да шегірткелердің әлімжеттігінен құтқарып қалар», – деген оймен көзі ілінбеді. Тек таңға жуық ұйқсырап жатып, талықсып кетті. Көп жатқан жоқ, бірер сағаттан соң орнынан атып тұрып, керек-жарақ: телефон, фонар, ас-ауқатын алды да, ешкімге тіс жармастан адамзат әлеміне аттанды. Аяғы жерге тимей, ұшып келе жатқандай. Өте көңілді. Мүмкін, адамзат әлеміне барамын деген ой оны қанаттандырып, шегірткелерден елімді қорғамақпын деген сенім, шабыттандырса керек. Сонша қайғыдан қан жұтқан құмырысқалардың езілген еңсесін көріп, өзінің бұл жеңілтек жүрісі ерсі екенін байқады. Қираған нысандардың арасында әлі де құмырысқалар заттарын жинап, үйлерін жөндеумен әуре. Негізгі шекара күзеті кешегі оқиғадан соң беки қойғанымен, өзге жоғарғы жер-шатырында көптеген жарықтар пайда болған.  Оның бәрін тесіп, бұзып кірген де әлгі шегірткелер. Жарықшақтардың көптігі сонша, күзет әскерлері әрқайсысына бір-бірден тұрғанымен күзет саны толық жетпеген. Жетсе де кейбір тесіктерге әлі келіп үлгермеген. Тектүк орманда кезіп жүріп кенет бөк үстіне сүзіліп тараған нәзік сәуледен кішкене, әрі көрінбейтін жарықшақтың барын аңдады. Соған қарай бағыт алып, жоғарыға да әйтеуір, өрледі-ау. Құдай оңдап ешкім де байқаған жоқ. Ал жарықшақтан түскен шұғыла көзін қарықтырып, түк көрсетер емес. Не керек, тырбанып жүріп тесіктен жоғары ұмтылды да сыртқа, адамзат әлеміне шықты. Аппақ сәуле көзін қарықтырып, басын айналдырып жіберді. Айналасында не болып, не қойып жатқанын ұғатын емес. Құдды бір түсі ме дерсің. Жүрегі айнып, сәл тұрған соң көзі де үйрене бастады. Сөйтсе, нағыз кереметтер көз алдына көлбеңдей қалды. Көкке қол созған алып ағаштар мен биік шөптер, алпамса адамзаттың тау құсаған үйлері, шексіз аспан, қайықтай жапырақтар, бәрі де оның назарын аударды. «Сағынып қалыппын. Қандай ғажап, осындай сұлулықты көріп, өмір сүріп жүрген адамдарда арман бар ма, сірә» деп басын шайқады. Шөліркеп қапты. Арқа сөмкесінен бөтелкесін алып, екі-үш жұтым су ішті. Сөйтті де ысқырып қойып, музей қарағандай жан-жағына тамсанып келеді. Өзінің жер үстіне неге тап болғанын да ұмытып кеткен сияқты. Бір кезде қасынан зымырап өткен үлкен тіршілік иесін көрген кезде, қорыққаннан қайда, не үшін келгені есіне түсе қалды. «Сәлім» деді, ендігі бағыт қайда дегендей жан-жағына қарағыштап. Ал әлгі қасынан жүгіріп өткені, тиін екен. Қолына жаңғақ ұстап алып тал үстіне тырбанып барады. Бұған нәркес жанарын менсінбегендей қадайды. Манадан бері сұлулыққа қараймын деп басқа жандыларды байқамаса керек, алдын кес-кестеп қоңыздар мен түрлі жәндіктер өтіп барады. Тіпті бір құртты басып кете жаздап, соғылып қалды. Сөйтсе ол газет оқып отыр екен. Бұған бақырайып қарады да, «Көзіңе қарамайсың ба! Жолмен жүр» деп дүрсе қойды. Жер беті де азан-қазан қайнап жатқан тіршілік. Төбеде ұшып бара жатқан көбелектің бірі гүлге қонып кірпігін көтеріп-түсірген арудай, қанатын жайып-ашады.

–Балақай, қайдан жүрсің? Адасып кетпедің бе? – деді жұпар гүлге масайып тұрып.                                           

–Сәлімді көрген жоқсыздар ма?

–Ол кім тағы?

–Адам ғой...

–Ойбай, атама! Олардың торына түстің екен, оңай құтылмассың!

–Жоқ, ол былтыр менің досым Бек-пек екеумізге үйді табуға көмектесіп, тентек балалардан елімізді аман алып қалған.

Ертегі айтып тұрғаннан сау ма дегендей көбелек бұған дүдәмалданып көз тастады да, «көргенім жоқ» деп ұшып кетті. Айнала қыз-қыз қайнап жатқан тіршілік: қанқыздар – тікұшақ құсап ұшып жүрсе, инеліктер ұшақтың өзіндей анда-мұнда самғайды кеп. Ал жүгігіріп жүрген жылтыр қоңыздың бірі жүк тасығыш көліктен аумайды. Бақбаққа қонған қанқыздың бірі ызыңдап біраз тұрды да қанатын түсіріп, қабына тықты. Сонда да қара қанатының ұшы арқа сыртына сәл шығып қалыпты.

– Кешіріңіз, ханым! – деді Тектүк сыпайы ғана, қанқызға ілтипат білдіріп. – Сәлім деген адамды көргеніңіз жоқ па?

–Танымайды екенмін! Бірақ анау аулада бір топ адам баласы ойнап жатқан. Сонда барып көрерсің мүмкін.

–Рақмет, сізге! – деп басын иді де қанқыз көрсеткен батысқа қарай тұра жөнелді. Алайда алдынан қыз-қыз қайнап шыға берген жәндіктердің тіршілігі оны еліктіріп әкетті. Бірі әрқалай киім сатып тұрса, тағы бірі көкөніс, жеміс-жидектерді сауадалап тұр. Бала-шағасын ерткен жәндіктер парк аралап, түрлі шөптерден, ағаштардан жасалған атракциондарға мініп жатыр. Арасынан өзінің ересек жерлестері – құмырысқалар да, термит тұқымдастар да көзге ілінеді. Олардың көзіне түсіп қалмайын дегендей базардан жүзін қалқалайтын бір кепке мен көзілдірік сатып алды. Кенет асқазаны шұрылдап қоя берген. Жол жиегіндегі кафеге бас сұқты. Ас мәзіріне көз тастады да, даяшы-жылтыр қоңызға:

–Маған бір түйір дән мен шырын бере салыңыз, – деді. Жылтырақ қоңыз кішкене жапыраққа түртіп алды да, бірер секунттан соң қайта әкелді. Асқа тыңқиып тойып алған соң, негізгі миссиясын ұмытты ма, мына мекеннің тұрғындары құсап көңіл көтергісі, серуендегісі келді. Түрлі ойындарға қатысып, бағын сынап көрді. Тирге қатысып мүлт кетсе, садақ атып нысанаға дөп тигізді. Доп лақтырып еді қақпа шетіне тиіп, секіріп кетті. Бір кезде қасына әлгі қанқыз қомпаңдап келді.

–Сен әлі мұнда ма едің, жолаушы жолдас? – деді Тектүктің бағана Сәлімді іздеп жүргенін есіне түсіргендей. Қанқызды көргенде қызара-бөрітіп ұялып қалды. Іштей өзінің жеңілтектігін жазғырғандай.

–Мен енді аттанбақшымын, ханым! Жолдан келген соң бір бойымды сергітіп алайын дегем, – деді жылдам қозғалып, кетуге ыңғайланып, – есен-саулықта жолыққанша. Міне, қайта жолға шықтым, – деді де қараң-құраңдаған көпшіліктен аулақтап қанқыздың алғаш нұсқаған жолына түсті. Қанша уақ жүргені белгісіз, әйтеуір, тоқтайтын емес. Орман ішіндегі әр ағаш көлеңкесі аяқ-асты тап беретін диюдай қараңдайды. Құдды бір елес кезіп жүргендей. Шақырайған күннің көзін тал бұтақтатары көлегейлеп қалған. Ала-көлеңке. Бусанған жерді тұман кезеді. Тектүк жолымнан адасып қалмадым ба, дегендей жан-жағын барлай түсті. Ұзақтан тоқылдақтың тоқ-тоқ етіп тұмсығымен ағашты ұрғылағаны естіледі. Ызыңдаған ара-шыбынның, баяу қимылдаған басқа да жәндіктердің қозғалысы соңын аңдып келе жатқандай. Әлден уақытта біреу көтеріп алғандай әлденеге жабысты да қалды. Бірақ қол-аяғы матасып, босана алатын емес. Қорқынышы шындыққа айналды. Біткен жерім осы деп ойласа керек, тырбанып жатыр.

–Кім бар? Көмектесіңдер! Қақпанға түстім, құтқарыңдар! – деп жан дауысын соза айқайлайды кеп. Жауап жоқ. Қапа болды. Қарлыққан тамағын қырнап, қайтадан айқайлай бермекші еді, қап-қара өрмекші қарауытқан шөптің арасынан жұқа, нәзік адымдарын басып бұған жақындап келеді. Қан толған көзін қадап тұр.

–Айқайла, балақай, айқайла! Сені мұнда менен басқа ешкім естімейді. Бағана ғана түскі асқа не жеймін деп уайым қылып жатыр ем, өрмегіме өзің кеп түсе қалғаның.

–Өтініш, өрмекші, айналайын, мені босата гөр! Ақша берейін, қаласаң мына сөмкемді түгел ал.

Бұған жақын келді де, өне бойын тінтіп шықты.

–Жоқ, сен тым кішкентайсың. Саған тоймаймын, сол үшін тағы бірін күтейін. Асықпайын, – деді де қарауытқан шөптің ішіне еніп, ғайып болды. Тектүк қайтадан көмек сұрап, бақыра бастады. Үмітім үзілді деп еңсесі түсе бергенде үстінен қараңдап ұшып келген бірісін байқады. Анықтап қараса, орталық парктегі таныс бикеш – қанқыз. Ой, бұлай қуанбағалы көп болған шығар. Ысқырып, барынша дауыстап шақырып жатыр. Ол да әдейі бұны көріп қап, аялдаса керек. Аяғына қыстырған шыбықты Тектүктің азулы аузына түсіргені сол, ол бас салып тістеп алды да, өрмекшінің ауын үзіп, қашып кетті. Бұл сәтте өрмекші опынып, санын соғып қала берді.

– Әлі-ақ торыма түсерсіңдер, бәлем!

Құмырысқа қанқызға дән риза. Әрі оның қызыл қанатына қызықты. «Шіркін, менің де қанатым болар ма еді, ә».

Тоғай арасынан аулақ кеткен соң, адам баласы жүретін аулаға да тақады. Қанқыз қауіпсіздеу-ау деген бір алаңқайға барып қонды.

–Алдыңда қарыздармын, ханым. Мені өлімнен арашалап қалдың. Бұл жақсылығыңды немен қайтарсам екен, – деді Тектүк.

–Сен адам баласын неге іздеп жүрсің, соны айтшы?

Тектүк оған бүкпесіз бәрін бастан-аяқ баяндап берді.

–Құдайым сақтай гөр! Ел-жұртың аман болғанға не жетсін! Олай болса жолың ашық болсын! Мен де жолыма қайта түсейін, атқаратын қызметім шаш етектен, – деді де қанқыз қанатын қомдап, ұша жөнелді. Тектүк оны көзімен біраз жерге дейін шығарып салды. Ендігі кезек Сәлімді табу. Бірақ мынау қараңдаған көпшілік арасынан қайсысы Сәлім екенін ұғып болмайсың. Сөмкесінен телефонын алып, ашып қараса, хабарламалар мен қоңырауларға экраны лықа толы. Анасы мен әкесіне уайымдаудың қажет еместігін, өзінің қауіпсіз бір орында, тек үйі мен еліне бір пайдасы тигенін қалайтыны хақында ұзын-сонар хат жазып жіберді. Ал бұның қандай жағдайда екенін сұраған Бек-пекке мән-жайды түсіндірген соң, былтырғы Сәлімнің фотороботын салып жіберуін өтінді.

«Менің де есімнен шығып кетіпті. Тек, әйтеуір мұрыны үстінде меңі бар-тын. Есіме түскенше салып көрейін», - деген Бекпек, сәлден соң уатсаппен оған Сәлімнің фотороботын жолдады. Ашып қарап еді, шынында ұқсап тұрғандай-ақ. Тектүктің есіне де аздап түсе бастағандай. Қысқа, қайратты қара шашты, көзі бадырақ, төртбақ, қыр мұрыны үстінде мең бар, күлімкөз оқушыны ауладан іздеп ұзақ тұрды. Алайда көзіне бұл суретке ұқсайтындай ешкім ұшыраған жоқ. Екінті таяп та қалған. Оқушылар әлден уақытта сабақтарынан орала бастады. Бәлкім үйінде, түстеніп жатқан болар, деген уайыммен Тектүк тынымсыз ары-бері жүре берді. Ойламаған жерден бұған алып көлеңке төніп келе жатқанын сезе қойды. Әлде күн бетін бұлт жапты ма. Басын жоғары көтере бергені мұң екен, адам саусағы мұны әнтек итеріп қап кішкене пластик құты ішіне қамап алды. Тек ауа тар демесең, айналасын анық көріп тұр. Тұтқындаған оқушы бала екен, құрттаған қос күрек тісін көрсетіп ыржияды. Танауын таңқитып қасындағы балаларға қарап, тәкәппар пішінде:

–Міне, жауынгер құмырысқаның тағы бірін таптым. Байқұс, жаны үшін соғыспағанда, енді қайтпек! Мықты болса аман қалар, – деп күліп еді, қасындағы достары да қарқылдай ілесе күлді.

– Жаужүрек құмырысқаларыңды қашан төбелестірмексің? Бір реттегідей тағы тамашалағымыз келеді.

–Өй, одан бері талай төбелестіргем. Неғыса инстаграмдағы парақшамнан қараңдар. Болмаса бүгін-ертең соғып кетіңдер үйге. Бірақ анам ұрлығымыздың үстінен түспесін.  Сол үшін құрт-құмырысқа сақтайтын қоймама білдіртпей, ауланың артымен келіңдер, – жолдастары да бастарын изеп, қош айтысты. Талпақ танау «айналаңа қарап отыр» дегендей пластик құтысын велосипедінің алдыңғы қалтасына салды да, қайта-қайта көз қырын сап қояды. Велосипед зуылдап мамырдың мамық ауасын тілгілеп келеді. Айналадағы жап-жасыл жапырақтар желге тербеліп, әне-міне ұшқалы тұрған құс қанатындай. Талпақ танау сарғыш бала велосипедімен зымырап келіп, көлдің тұсынан өте берді. Міне, осы кезде Тектүк тұтқынға түскені үшін алғаш рет өкінбеген болар. Әлгі, арман күнделігіндегі көл мен тау бейнеленген сұлу көрініс нақ осы болса керек. Жан сарайы кеңіп сала бергендей болды. Қайран қалып, осыны көрсеткен мына сары баланы құшақтап алғысы келді, тіпті. Айналасында жүзіп жүрген қайықтар бұлармен жарыса зымырап баратқандай. Күнге шағылысқан көл бетіндегі айнадай тамшылар, менмұндалап, көз қарықтырады. Қолын созса болды тылсым әлемге тап болардай ғажайып көрініс. Ал бұндай сұлулыққа мән берместен, сағызын шайнаңдап, құлағына құлаққап тағып, өзімен өзі боп бара жатқан, мына балаға қайран. Мүмкін қарай-қарай көзі үйреніп қалған болар. Әлде зұлымдыққа құштарлар сұлулықты байқамаса керек-ті. Арман орындалады екен, деп ойлады Тектүк. Бірақ, осы көргенің де жетер дегендей көл ұзап, артта қала берді. Алдағы көшеден оңға бұрылып, жер үйге келіп тоқтады. Велосипедін шарбаққа сүйей сап, құтысын алған бала қоймаға енді. Ішінде қысқа қамданған тосап, салаттардан бөлек, басы артық құрал саймандар мен киім-кешектер толы. Ал бір бұрышта тұрған сандықтың құлыбын жоғарғы сөреде ілінген кілтпен ашты. Ашқаны мұң екен, тағы да үлкен бір құты ішіне салынған кіл Тектүкке қандас құмырысқалар өріп жүр. Орталарына нан, дән тасталған. Таласып тармасып жеп жатыр. Тектүкті сілкіп қалып еді сөмкесі, басы артық заттары ысырылып жерге түсті.

–Сендерге тағы бір баһадүр әкелдім. Кім мықты, сол ғана қалады. Ал аман қалған соңғы құмырысқаны бостандыққа жөнелтем. Айтқаным – айтқан, – деді әлгі бала түкірігін шашырата сөйлеп. Көп құмырысқаның ортасына Тектүкті тастап кеп жіберді. Кілең қажыған, шаршаған, ашыққан құмырысқалар бұған мүсіркей көз тастады. «Бәріміздің саудамыз біткен» деп тұрғандай көзқарастары. Ал кейбірлері болса тірі қалам, төбелесіп аман шығам дегендей көзі жанып, жанталасып тұр.

–Мен кәдуілгі кәсіпкер болам. Сыныптағы балаларға сендердің жеңістеріңе мөлшерлеме тіккізіп, ақшасын сыпырып алам! Мә, жеңдер! Ертең қанды шайқас, хас сардарлар! – деп нан қоқымдарын шашып, төгіп жатыр. Бір құтыға суын құюда. Ал құмырысқалар болса жапа-тармағай таласып жей бастап еді, арасынан бірі тамағын қырнағаны сол, тына қалды.  – Мен кеттім, ертеңге шейін қырылып қалмаңдар!

Сандық есігі жабылды. Көлемді пластик құты ішін қараңғылық басты. Тек сандықтың ашылар жеріндегі саңылаудан жарық түсіп тұр демесең, таяқ тастам жерді ғана шырамытасың. Ауа қапырық әрі тар. Дүрліккен құмырысқалар тас түйін боп қатты да қалды. Дыбыс аңдып отыр. Кенет араларында басшы болып үлгерген бірі ме екен, жуан дауыспен гүр етті.

–Балақай, мына пәтшағардың қолына қалай тап болдың?

Жақындай келе оның қоңыр әскер құмырысқа екенін аңдады. Оған қарсы келе қояр құмырысқа жоқ шығар, деп ойлап үлгерді. Дегенмен аяғын сылтып басады екен. Бір аяғынан жаралы.

Тектүк басынан өткен бүткіл оқиғаны баян етіп берді. Ол сөйлеп жатқанда көпшілік арасынан «қап-ай, ә», «пәлі», «әттең-ай» деп өкініш, жанашырлық танытқан, аһ ұрған күрсіністер әлсін әлі естіліп тұрды. Сөзін бөлмейік деді ме, түгел айтып болғанда ғана барып, әлгі қоңыр әскер:

–Қиын болған екен. Менің балалық шағым, сонау мономориум тайпасымен бірге өтті. Сонау ыстық та, тәтті балалық шақты қалай ұмытайын. Халқы қарапайым, еңбеккүйгіш, мейірімді-тін. Ал мына қатігез шегірткелердің қастандығы қай-қайсымызға болмасын тісі батқаны рас.

–Құдайға шүкір, біздің елге шегірткелер келуін қойғалы ширек ғасыр. Өйткені, біздің елде бірлік күшті, – деді қартаңдау құмырысқа қарлыққан дауыспен.

–Енді ше, көке, бұларда термиттер де билікке араласып, өз дәстүрі мен мәдениетін сіңірген жоқ па. Халқының өзі талан-таражға түсіп, іштен іріп жатқан соң, шегірткелерге басып алу оп-оңай. Мен бірер жыл бұрын сауда-саттықпен барғанда осыған көзім жеткен.

–Тектүк, айналайын, сен тұратын жер – қайырымды ел. Ол жақтың қонақжайлылығы мен адамгершілігіне сөз жоқ. Сол себепті, жанымыз ашып, сен үшін қайғырып отырмыз. Ол шегірткелердің қысастығын әттең кеш білдік. Әйтпесе, көздеріне көк шыбын үймелетер ек.

–Иә, – деді қоңыр әскер оның сөзін жалғастырып әкетіп, – біз әрқайсысымыз әр тайпаның өкілдеріміз. Елімізге айтып мына Тектүктің қаласына аттансақ шегірткелерге барлығымыз төтеп бере аламыз. Бұлардың басына түскен жай, ертең біздің басқа түспесіне кім кепіл?!  

–Әрине, сөзіңде жан бар, – деді егделеуі оны қостап, – әттең, бірақ мына тас бұғау аяқ-қолымызды матап отырған жоқ па! Не интернет, не сеть ұстамайтын белгісіз медиен. Соған қарағанда үй жайымыз тым алыста.

–Мұннан шығудың бір де бір жолы жоқ па!? – деді Тектүк жан-жағына қарап, қуыс табылып қалар ма дегендей.

–Оны көрмеді дейсің бе? Бір саңылау болсашы. Ауа жұтып отырғанымызға шүкір, – деді алакөлеңкеден бөтен дауыс.

–Ол шынында біріміз мерт болғанша төбелестіре ме?

–Сөйтеді. Бірақ біздің бауырмашыл, жанашыр екенімізді білмейді. Жұдырықтасқанда қатты ауыртпай, өтірік соққан боламыз. Айызы қанып, іші пысқан соң өзі-ақ қоя қояды.

Тектүктің көз алдына былтырғы Бек-пек пен Оқ-поқтың оқиғасы елестеді. Қаһарман, тәуекелшіл Оқ-поқ қайда жүр екен деген сартап сағынышқа тап болды.

–Ал мысалға құмырысқаның бірі өліп қалса, ол не істейді?

–Не дейді-ей?

–Қалай ғана дәтің барды?

–Құдай сақтасын!

–Атама!

–Өй, жағың қарыссын, - деп тұтқын құмырысқалар дүрлігіп кетті.

–Мен мысалға деп тұрмын ағалар, – деді Тектүк ақталған болып, – әлбетте тфә-тфә, беті аулақ.

–Мына адамның бір ретте аузынан естіп қалғаным бар. Егер құмырысқа мүрдем қатса оны сыртқа лақтырып тастайды екен, – деді әлгі қоңыр құмырысқа.

–Мін-і, - деді Тектүк көзі оттай жанып, – Ертең бізді төбелестіргенде біріміз өтірік өлген болайық. Өтірік өлгенімізді қайдан білсін. Алып сыртқа лақтырған соң, қайта тұрамыз да, жақын маңнан көмек қолын шақырамыз.

–Расында табылған ақыл екен!

–Бәрекелді! Бірақ, өте қауіпті. Ол ақыры өлік екен деп таптап, көміп тастамасына кім кепіл. 

–Бірақ, біздің бұдан басқа шығар жолымыз жоқ қой, – деді қараңғыдан естілген бөтен дауыс.

–Жарайды, ал кім өтірік өлуге келіседі? – деді қоңыр дауысты егде кісі. Жым-жырт, тыныштық басты. Тек әлсін-әлі алған тыныстары ғана естіледі. 

–Ешкімнің дәті шыдамай тұр, – деді қоңыр әскер де салы суға кеткендей. Мен қорықпаймын, бірақ мұндай тәуекелге бара алмаймын. Отбасым күтіп тұр.

–Ал мен оқуымды әлі аяқтамадым.

–Ауылға керекпін.

–Жұмысқа баруым керек!

–Әлі жаспын! – деген сыңайда ақталған, сылтау айтқан үндер жан-жақтан күбір-күбір естіліп жатыр.

–Мен барамын!

Бәрі «мынау қай ақымақ» дегендей жалт қарады. Тектүк ортада үнсіз ғана, көзін жыпылықтатып тұр.

–Балам-ау, сен әлі баласың ғой. Өмірің алда. Сен-ақ бұл қадамға бармай-ақ қойсаң қайтеді, – деді егде құмырысқа жік-жаппар боп, жаны аши.

–Дұрыс айтасыз, көке! Бірақ, аман құтылсам сіздерді де, елімді де құтқаруға мүмкіндігім болмақ. Мен мұнда қол қусырып қамалып отырғанда, ар жақтағы елім шегірткелер әні-міні келіп қалады деп, дән жинап әлек.

Үнсіздік қараңғы қапасты қайта басты.

Келесі күні таң атып, күн шыққанда сандық үстін ұрған әлгі баланың дауысы естілді. «Жауынгерлер дайындалыңдар! Паппарация болмақ. Достарым да келеді. Инстаграмда хит боласыңдар». Таң атты-ау демесең, мұнда ылғида түнек. Тек алдамшы саңылаудан түскен жарық қана үміт құсап жылт етеді. Сонда басталған үрей түс әлетіне шейін жалғасты. Кенет сандық құлыбы ашылғанда, ішке молынан түскен жарықтан құмырысқалар көздерін қалқалап, біраз мең-зең күйде қалды. Қараң-құраңдаған адам-балалар таңданыспен бір-бірімен әңгіме дүкен қылып жатыр.

–Мына бір құмырысқа, менікі!

–Ал ана бір ірі қара болса, менікі!

–Мен анаған дауыс беремін!

–Тұра тұрыңдар, – деді үй егесі, – құр қолға бата жүрмейді. Кәні бәстеріңді тігіңдер!

–Мә, менен елу теңге, мына біріне!

–Менен 100 теңге, анаған!

–Сен ше Бағдат, – деді үй иесі!

–Ойланып тұрмын. Ммм, мен мына бір қоңырын таңдадым.

Осы кезде Тектүк көзге түсейін деді ме, ары-бері жүгіріп қоя берді. Соны байқаған қара торы бала:

–Мына біреу кішкене болса да, пысық екен. Мен осыны көрейінші. Денесіне қарай бәсім – 30 теңге.

–Келістік! – деді де шайқас басталды да кетті. Сөйтіп кісі баласының көзін бояп, өтірік шайқасып жатқан құмырысқаларға әлгі балалар айыздары қана жанұшыра айқайлап жатыр.

–Алға!

–Давай!

–Міне, жауынгер!

–Ой, бұныңды білгенде мен сені таңдамас едім, – деген сыңайда жан-жақтан балалардың дауысы жаңғырып жатты.  Өтірік жеңілгендер ақырын ысырылып, шетке ығыса бастады. Қарт құмырысқа болса мына адам балаларына қапа болып, аһылап-үһілейді. Оның бұл наласынан: «әй, балалар-ай, ешбір жандыға зиян тигізбеңдер, біз де бір сендер құсап жан тасыған жаратылыспыз. «Ойын» екен деп табиғатқа зұлымдық қылмаңдар! Бұларың қайткендерің, біздің де сендер құсаған балаларымыз бар, сендердікі сияқты бізде де отбасы бар» деген жазбаны оқығандай боласың.

 Ал Тектүк пен қара ірі құмырысқаның шайқасы басқаларға қарағанда әрі қызықты, әрі шиеленісті боп көрінді. Не керек сол сәтте олардың келіскеніндей ақырын соққан бір соққыдан омақаса Тектүк өтірік құлайды. Көз бояушылықпен өлген құмырысқаның кейпін жасап, тапжылмай жата қояды. Әлгі қара құмырысқа қолын көтеріп, басқа құмырысқалар да оны көтермелеп, өтірік мақтаған болады. Адам балалары таңдай қағысып, бір-бірімен шайқастың қызық болғаны жайлы пікір-таластырып кетті.

–Мәссаған, қандай соққы! Тура құлақ-шекеге дөп тиді!

–Көрдің бе, мына бір кішкене құмырысқа нокаутқа құлады. Мүрдем кетсе керек!

Үй егесі қара торы балаға назар аударып:

–Қап-ай, ә! Отыз теңгеңнен айрылдың!

–Ештеме етпес! Пысық болғанына қарап, бұдан бірдеме шыға ма деп ем, қателескен екем. Оның үстіне білгендей отыз-ақ теңге беріппін, – деп ыржиып қойды.

–Өзің бәс тіктің, өзің жеңілдің. Мә, енді, мына құмырысқаңды өзің алып кет! – деді үй егесі оған Тектүкті ақырын ұстап, оның алақанына салып. Тектүк осы сәтте қатты қобалжығаннан, қозғалып қоя жаздап іштей пыссымыласын айтып жатыр. Қара торы бала мырс етті де:

–Не дейсің, маған бұны қуырып же дейсің бе, керек еді – деді де лақтырып кеп жіберді. Ұшып барып жиналған мүшектердің үстіне ақырын түскен Тектүк «саудам бітті-ау» деп ойлап та үлгерді. Тынысы тарылып, көзін ашуға қорқып тұр. Ақырын көз құйрығымен байқаса ешқандай да бір қауіптің белгісі жоқ. Керісінше нағыз қауіп-қатерден ұзақта. Орнынан атып тұрды да есіктің астындағы саңылаудан сыртқа қарай қаша жөнелді. Соңында адамдардың күбір-күбір дауыстары бұны қуалап келе жатқандай.

–Анау, жеңілген құмырысқаны қайда тастадың? – деді көп қараның арасынан бір бала.

–Ана бір жерге.

–Қане? Жоқ қой?

–Жаңа сонда жатқан сияқты еді...

–Ақымақ, мен оны жәндіктер туралы коллекцияма қосып, жабыстырып қоятын едім, – деді ашынып. «Дер кезінде қашып үлгердім-ау», деп ойлады Тектүк.

Сонда егде құмырысқа қоңыр құмырысқаға қарап тұрып:

–Ендігі қайран – Тектүкте, – деді, – ол да бір мына саңылаудан түскен жарық сияқты үмітімізге айналды.

–Әй-қайдам, мұннан шыға сала өз күйін күйттеп, бізді ұмытып кеткен де шығар, – деді көп арасында көлеңкеде тасалап отырған бірі.

–Не де болса көреміз! Ол баланың басына бір жайт келмесе, көмек қолын созуға даяр, – деді қоңыр жауынгер.                 

Тектүк алды-артына қарамай өкпесін қолына ұстап жүгіріп келеді. Ентіккенмен, тоқтауға болмайды. Соңын аңдып әлгі адам балалары жүгіріп келе жатқандай. Артына бұрылса болды, шап беріп ұстап алатындай болады да тұрады. Шөп-шалаң ішінде кетіп бара жатып, бақбақтың арасынан бой тасалай бергені мұң екен, алдынан шыққан әлдебір қараға соғыла жығылды. Басы ауырып қалғанымен, ұсталдым-ау деген үреймен, жан-жағына қарамай қайта тұра жүгіргені сол, әлдебір таныс дауыс естілді.

–Тоқта, бауырым! Саған тигізер зияным жоқ.

Тектүк тосын дауысқа жалт бұрылғанда көз алдында бұрынғы досы –Оқ-поқ тұр.

–Әй, қайдан жүрсің? – деп екеуі құшақтарын айқара ашып,  мәз-мейрам болысты.

–Әкемді іздеп жүрмін, – деді Оқ-поқ күрсініп. Жанарында сарыла күткен сағыныштың таңбасы бар. 

–Әкең қайда кетіп еді?

–Бір аптаға жуық, жұмысқа кеткеннен оралған жоқ. Әсілі, жалғыз мен ғана емес күтіп жүрген. Әр көрші ру, тайпалардың бір-бір тұрғыны үшті-күйлі жоғалған, – дегені мұң екен, ар жағындағы ормандай самалға тербелген шөптер арасынан «Оқ-поқ қай бағыттасың» деген дауыстар естілді. Жақындап қалса керек. Қолдарына таяқ ұстап, бастарына қалпақ киген бір топ құмырысқалар, шымылдықты ашқандай шөп арасынан шыға келді.

–Ә-ә, мұнда жүр екенсің ғой. Мына бала кім?

–Досым Тектүк! Былтыр естеріңізде ме, мені мен Бек-пекті адамзаттан құтқарып қалған осы батыр болатын.

–Әп, бәрекелді! Өзіңді жаңалықтан, газеттен көп естіп едік.

–Бұл жолы да мен сіздерге көмектесе алатын сияқтымын, – деді Тектүк қатуланып. Көп қараның құлағы елең ете қалды. Тектүк оларға басынан бастап мән жайды айтып бергенде, олар тұра дүрлікті.

–Не тұрыс, жарандар! Барайық та, құтқарайық!

–Тоқтаңыздар! Олар қабат-қабат қапаста! Тұщымды бір жоспар керек. Оның үстіне әлгі ұры бала қай жерден тап болып, қашан келіп қалатынын білмейсің. Құтқарамыз деп, тұтқынына түсіп қалмайық.

–Енді не істе дейсің? – деді арасындағы бірі дегбірсізденіп, – ағам тар қапаста тұншығып жатсын дейсің бе? Жоқ, дереу бару керек! Жол баста!

Ірілеу бірі оның сөзін кесіп жіберді.

–Не деген құмырысқасың-ей! Тыңдайық та алдымен, не дер екен!

Тектүк жерден бір шыбықты алды да топыраққа қапастың сызбасын сызып, іші-сыртын жобалап көрсетті.

–...Мына жерден ғана сүзіліп жарық түседі. Жіңішке бір саңылау бар. Жалпы осы шамалас. Енді ақыл қосыңыздар!

–Менімше, – деді бірі, – мына саңылау айтқаныңа қарағанда тым кішкентей, біз сыймаймыз. Одан да құлып саңылауына еніп, амалын тауып, есігін ашайық. Жартымыз жабылып есікті көтеріп тұрсақ, қалған жартымыз оларды құтқарып алайық.

–Есік, бірақ, тым ауыр. Оны көтеріп тұрам деп астарына езіліп қалсаңыздар тағы, құрысын!

–Одан көрі, былай істейік, – деді тағы бірі маңдайына қолын басып ойланған пішінде, – Бәріміздің үйден балта табылады. Жұмысты қиындатқанша, әлгі саңылауды пайдаланайық. Сол негізгі мүмкіндік. Жан-жақтан балаталап бір құмырысқа сыятындай етіп, кеңейтеміз. Сосын ішіне кіріп, пластиктің бір шетін ең іріміз сыярдай балталап үлкейтеміз. Одан соң, біртіндеп, кезекпен тізіле сыртқа шыға жөнелеміз. У-шусыз.

–Табылған ақыл, – деп барлығы жан-жақтан қолдай кетті.

Тектүк оларға көш бастап келеді. Қасында аяңдап келе жатқан Оқ-поққа:

–Сәлімді көрмедің бе? Соны іздеймін деп қой, тұтқынға қамалып қалғаным. 

–Одан хабар жоқ. Бірақ, осыдан бірер ай бұрын көшіп бара жатқанын байқап қалғам. Ұзын құлақтан естуімше, оқуға кеткен көрінеді.

Тектүктің ұнжырғасы түсіп кетті. Қалашығын енді қайтіп құтқармақ, кім қолын созбақ, деген тұманды ойлар қаумалап алды. Оқ-поқ оны үнсіз түсініп, іштей жанашырлық танытып келеді. Қалаған межеге жеткенде, бәрі де жоспардағыдай орындалды. Түгел пластикті балталап ашып, ішке енгенде, таныс-туыстар бір-бірімен көрісіп, арқа-жарқа болды да қалды. Тіпті кейбірі көз жасына ерік берді. Әсіресе, Оқ-поқ жәутеңдей:

–Әке, сені анам мен бауырларым күтіп қалды, – деді.

–Аман-сау бірге барамыз, балам, – деді баяғыдан бері көлеңке тұста отыратын бейтаныс. Оның жүз-әлпеті енді ғана көрінгендей еді. Оқ-поқ әкесіне тартқан етжеңді екен. Тұтқындар ескі достары Тектүкті қаумалап, «әй, азамат», - деп арқасынан қағып қойды.

Асыға шығып, түгел сыртқа лап қойды. Сосын амал жоқ, кезекті бақылап бірі тұра тұруға тура келді. Ол да қоңыр жауынгер болатын. Түгел шықтық-ау дей бергенде қойманың есігі аш иттей қыңсылап ашылып-жабылғаны естілді. «Келді» деді егде құмырысқа бүкшеңдеп ақырын басып. «Асығайық, үлгерейік» деді де түгел тұра жүгірді. Бірер минуттың ішінде азан-қазан болды да кетті. Кезек бұзылып, қоңыр әскердің «тәртіп» дегеніне де құлақ асатын емес. Дегенмен құдай сақтап қойманың бір бұрышында сыртқа шығатын қуыс бар боп шықты. Бәрі солай қарай ұмтылды. Бұзық баланың ойында ештеме жоқ кілтті әдеттегідей жоғарғы сөреден алып, сандықты ашты. Ал ішінде ешкім жоқ. Өз көзіне өзі сенбей сандықтың жан-жағына бақылай бергенде қабырғаның қуысынан қашып бара жатқан соңғы қашқындар – қоңыр жауынгер мен Тектүкті байқап қалды.

–Қап, бәлем! – деп шәркейін аяғынан суырып, лақтырып қалды. Шаң көтеріліп, мұрнын қарып, түшкіріп алды. Дөп ұрдым деп ойлады ма көзі жайнап аңдаса – түк те жоқ. Тұра ұмтылып сыртқа шығып қойма артына айналып барды. Ал құмырысқалар бұл уақытта саңылаудан соң бірден тап келетін кішкене жылғаға өзенге түскендей бір сүңгіп шығып жатыр. Бірі жағаға қарай ұмтылады кеп. Тектүк пен Қоңыр жауынгер табан астында әлдеқайдан ағып  келген қағаз қайыққа тап келді. Үстіне секіріп үлгерді. Суға батып жатқандардың денін қайыққа мінгестірді. Ал жағаға шыққандар бұларға қол бұлғай бергенде әлгі адам баласының ауыр адымы жерді қайыстырып келе жатқанын көрді. Бірі жерде жатқан шөп жапырағын, бірі кішкене бұтаны, тағы бірі бақбақты суға тастай сап, мінгесе қашты. Жылға демде-ақ бір топ құмырысқаны аулаққа әкетті. Кенет жылға барған сайын кеңейіп, ағыны күшейе түсті. Ойламаған жерден алыстан ұшы-қиыры жоқ көкжиек менмұндалайды. Ағын қатты. Алдыдағылар айқалап жатыр. Дауыстарын соққан жел жұтып қойып жатыр. Бірілері мінгескен заттарының  бағытын бұра алса, енді бірілері бұра алмай суға секіріп жатыр. Қағаз қайықтағылар, таңырқап қарап тұр. Қоңыр жауынгер капитан құсап қағаз қайықтың дәл алдында алысқа көз тастайды.

–Олардың бағыттарын бұрып жатқаны бекер емес, біз де қайықты жағаға бұруымыз керек, – деді. Оның әмірін екі етпей, бәрі жан жақтан қолдарында нендей таяқ бар, соны ескек қып есе жөнелді. Бірақ, ағыс қатты ма, әлде қағаз қайық жеңіл ме, не керек, түк шығатын емес. Бәрі суға сүңгіп, қашып үлгерді. Тек қайықтағылар ғана қалды. Расында да қашатындай бар екен. Алды жар. Мына ағыс – сарқырамаға барып тіреледі. Көзі шарасынан шыға жаздаған Қоңыр жауынгер:

–Түгел қайықты тастаңдар! Жағаға, - деді де бірінен соң бірі суға секірді. Өмір бақи көл-өзенге құштар боп өскен Тектүк жүзу білмейтін. Суға секіруден жүрексініп аз-кем бөгелді. Секіргендер жағаға шығып та үлгерді. Енді секіре берейін десе, аяғын біреу ұстап тұрғандай, жүрегі дүрсілдей кетеді. Оқ-поқ қолын бұлғап «секір» деп жатыр. Бәрі де «бол, тезірек» деп айқайлайды жан-жақтан. Бақса қайықта өзінен басқа қара жоқ. Не керек, шарасыз санын соқты. Батылы жетпеді... Құмырысқалар қос жағада жамырап, аһылап қалды да қойды.

Сарқырамадан құлаған қайық суға бір күмп етті де қайта шықты. «Саудам бітті» деп ойлаған Тектүк көзін ашса шарықтан шақырайып күн түсіп тұр. Қайық баяу көл бетінде тербеліп келеді. Айналасы көз жетпес сұлу көрініс – көл мен шағалалар, ақша бұлттар. Анау маңда менмұндалап тұрған қарт Алатау. Шың басындағы ақ қар – қаба сақалдай. Алатау мына бір әлемге ойланып көз тастайтындай.  Тура өзінің күнделігінде сақтап қойған ғажап көрініс. Жан сарайы ашылып, кеңіп сала берді. Бірақ бағанадан бері басынан өткен оқиға, мына бір сұлу көріністі тамашалауға мұрсат бермеді. Мына әдемілікті тұмшалап, перделеп тұрғаны – қаласының хал-күйі, түк бітірмей үйіне шарасыз түрде қайтып бара жатқаны.

– Сәлімді де таппадым, құр қол қайтып барам, – деді қайық шетінде бүрісіп отырып.

–Мен жаным қалаған сұлулықты көрдім. Аңсар-арманыма жеттім. Дүниенің кеңдігін байқадым. Сонда да қуықтай ғана үйімді, илеудегі өмірімді сағына беретінім қалай? Сол әке-шешем бар шағын ғана мекен – маған неге әлемдей кең де, ешкімім жоқ мына шетсіз әлем – неге сондай тар?! Күнделігімдегі арманым орындалды, бірақ, әттең, еліме пайдам тигенде еді...

Түрлі ойлар мен мұң иектеп, жағаға да жетті-ау. Ар жақтан менмұндалап тұрған биік нысанға қарап, «Әне, таныс ғимарат. Үйім соған қарама-қарсы», - деді қағаз қайықты кері итеріп жіберіп. Жаяу адымдап, ұзақ жүрді. Әрине, алдынан түрлі қауіп-қатер тап келер деген қорқыныш та жоқ емес-ті. Бірақ, ол үшін енді бәрібір еді. Салы суға кетіп, еңсесі түсіп келеді. «Әкем айтпай кеткенім үшін ұрысатын болды, ал мектепте мұғалім сөгіс береді» деді жабырқап. Оны алаңдатып тұрғаны – ойға алған дүниесінің орындалмағаны.      Бірер сағатта қалашығына да жетті. Илеуіне негізгі қақпадан енейін десе, шу шығарып, жұмысын ұлғайтам ба деп, өзі шыққан жерге оралды. Жолай көптеген жарықшақтарды бітеп үлгерген екен. Ал өзі шыққан жер әлі бітелмей тұр. Кішкене болған соң байқамады ма, әлде кезекпен жасап келеді ме, ол жағы беймәлім. Төменге түсіп, қалашығын алыстан барлады. «Туған жер деген бәрібір ыстық болса керек. Әрбір тас, талын сүйіп алғысы келді. Кіндік қаның тамған жер қашан да ыстық. Отанға деген махаббат қана мына қаймана құмырысқаларды пұшпаққа апармақ. Елге деген патриоттық сезім, өркендеуге, дамуға баспалдақ. Сөйткен, даламды дұшпандар талан-таражға салып, білгенін істемек. Бірі жаулап алуды күйттесе, енді бірі мүлдем жойып жіберуді қалайды. Қайтсек екен», – деген ауыр ойлар кішкене құмырысқаның екі иінінін басып жіберді. Осындай ойларын арқалап үйіне де жетті-ау. Терезеден баласын көрген шешей жаулығы желбіреп сыртқа жүгіріп шықты.

–Балам-ау, оралдың ба? Сені іздемеген жеріміз жоқ, құлыным, – деп құшақтай жөнелді, – қайда кеттің, неге түсіндіріп айтпадың?

–Кешіріңіз, анашым, – деді Тектүк алғаш рет өзін шарасыз сезініп, көз жасына ерік беріп, – мен қалашығымызды құтқара алмадым. Қолымнан келмеді. Сәлімді де таппадым, – деді де өксіп жылап жіберді.

–Балам-ау, мұны қайдан шығарып жүрсің. Кім саған қалашықты құтқар деген. Шегірткелердің оспадарлығын болса, енді қайтеміз, көнеміз де. Пешенеміз осы да. Бұл сен бас қатыратын дүние емес. Қаланың мэрі, әкім-қарасы, әскері бар. Сен әлі кішкентайсың. Оқуың керек. Табанды білім алып, өзің қызыққан бір саланы ұстап, соны дамытсаң – міне сонда еліңе пайдаң тигені. Бір саланы дамыту арқылы дұшпаннан да қорғай аласың. Ал ақсап жатқан сала тұсынан дұшпан келеді де, сол жерден бізге шабуыл жасайды. Сондықтан сенің оқығаның маңызды.

–Мен енді сабақ оқимын ана! – деді Тектүк анасының айтқан жұбаныш сөзіне жігерленіп.

Тарс-тұрс еткен қиранды дауыстардан құлақ тұнғандай. Бақырып, ақырған әдепсіз күлкілер еміс-еміс естіле бастады. 

–Мынау, тағы не? – деді анасы баласын құшағына басып.

–Әне-міне дегенше бір апта да өтті. Қане, жиған терген азықтарыңды ортаға салыңдар! – деді шегірткелердің қолбасшысы тісін ақситып ақыра сөйлеп.

Қала мэрі жұмыс орнынан атып шығып:

–Ойбай-ау, бұл қайткеніңіз, бір апта емес, екі күн ғана өтті ғой.

–Солай ма? – деді шегіртке қасындағы жасақтарына көз тастап. Олар иықтарын қомдап, бастарын кекжитіп қояды. Қолбасшы күшіне сенген соң, сөзден ұтылып көрген емес.

–Ал біз үшін бір апта өтті. Әйтпесе, мына қалаларыңды қирандыға айналдырып, өртке орандырып, өздеріңді итжеккенге айдатамын. Шығарыңдар, түгел! – деп әмір берді.

Шарасыз құмырысқа халқы үйінде барын сыртқа шығарып, орталыққа әкеліп қойып жатты. Бұның өзі бірер сағат уақыт алды. Бұл аралықта олар қала мэрі ұйымдастырған түскі асқа отырып, қарындарын қампита тойып алды. Сосын қолбасшы түрегеліп:

–Бітті ме, осы-ақ па? – деді қала мэріне ала көзін бадырайта.

–Енді барымыз ғой...

Қолбасшы жендеттеріне ашына көз салды.

–Түгел, бүткіл үйді аралап, ақтарып барын алып шығыңдар. Жасырып, астына басып қалған үйлерді жермен-жексен етіңдер. Жылда беретін өнімдеріндей болмаса көздерін түгел жойыңдар! – деген әмір берді.

Шегіртке-жендеттер басшысының әмірін екі етпей, орындауға кірісті. Жүрген жерін жалмап келеді. Тектүкке анасы «орманға қаш» деді. Тектүк қасарысып тұрып алды.

–Балам-ау саған бірдеме болып қалса қайтеміз, – деп анасы көз жасына ерік берді. Шегірткелер құмырысқа тұрғындарды шықпырта қуып, сабап жүр.  Кенет жер қайысқан қол келе жатқандай аяқ асты дірілдеп сала берді. Ешкім түсініп болар емес. Мына тосын дыбыс қай жақтан шығып жатыр деп бәрі алаң. Шегірткелер болса аң-таң.

–Бізден басқа біреуге де салық төлейтін бе едіңдер?

–Жоқ, басқа ешкімге...

–Енді мына келе жатқан кімдер? – деді Қолбасшы көзін көлегейлеп, илеудің қақпасына көз тастап.

–Шын айтамыз еш хабарымыз жоқ, – деп жатыр қалашықтың атқамінерлері  алдарында құрдай жорғалап, – өтінеміз, бізге тағы да уақыт беріңіздер!

–Шыдамның шегі бар, – құмырысқа мырза! – деді шегіртке.

Әлгі қалың қол жақындай бергенде ғана барып олардың кім екенін аңдағандай болды. Илеуге кіріп жатқан шегі мен шеті жоқ – әскер-құмырысқалар екен. Қолдарында қару-жарақ. Қабақтары қатулы. Тектүк шырамытып танығандай. Қалың қолды көш бастап келе жатқан: Қоңыр жауынгер, Оқ-поқ пен оның әкесі және тұтқында бірге болған достары екен. Қуанып кетті.

–Анашым, мына келгендер менің достарым ғой!

–Қалай, қашан? – деп ана байқұс қуанғаны ма, таңырқағаны ма, түсінбей жатыр.

–Кейін айтам, – деді де шарбақ үстіне шығып, – Оқпоқ, Қоңыр жауынгер, – деп қол бұлғады.

Мұны таныған достары да қол бұлғайды. «Көп қорқытады, терең батырады» дегендей-ақ шегірткелер қаймығып қалды. Мынаның барлығы жабылса, сау-тамтықтары қалмасын өздері де біледі. Қолбасшы жұтынып, шеткері тұра қалды. Сонда да тәкәппарлығы мен осы күнге дейінгі өктемдігі бар.

–Сендер тағы кімсіңдер?

–Біздер құмырсқа деген халықтың бір-бір тайпасымыз, – деді Қоңыр әскер, –біріміздің басымызға күн туса, біріміз қол ұшын созамыз. Мономориум тайпасы мынандай қиын жағдайға тап болған екен, қасық қанымыз қалғанша соғысамыз деп келдік. Бауырларымыздың халі мүшкіл кезде, күліп-ойнап жүргеніміз айып болар!

–Сендердің немене біздерге-шегірткелерге шамаларың келеді деп ойлайсыңдар ма?

–Бірлік – кез келген кедергіні жеңетін ұлы күш. Сенбесең, көр! – деді де қолын көтеріп, – әскер, дайындалыңдар! – дегені сол екен, қалың қол қару-сайманын сайлап, шабуылға әзірленіп тұра қалды. Шегірткелер қипақтап, не істерін білмей тұр.

–Менің қояр шартым бар, – деді кенет қолбасшы айла-шарғыға көшіп. – Біз бір айдан соң келейік. Соған дейін азықтарыңды жинап қоярсыңдар! Ал қазір кеттік, жарайды! – деді жендеттеріне қайттық дегендей ым жасап. Олар да ілесе бастағаны мұң екен, аяқ астына жерге жебесін атқан құмырысқаның бірі, саптан атып шықты. Бақса Оқ-поқтың әкесі.

–Келісімшартқа келгілерің келеді екен, ешқашан да әлімжеттік жасамаймыз, кісі ақысына бармаймыз деңдер! Біздің елдің бір бейбіт тұрғынына қол ұштарың тиеді екен, жермен жексен етеміз,  – деді тісін қайрап, – біз талай соғысты көрген халықпыз! Кері қайту біз үшін өліммен тең!

Қолбасшы шынында сасайын деді. Келіспейін десе – олар көп, келісейін десе – менмендігіне ауыр тиіп тұр. Жан биліктен де қымбат екен, ақыры көнді. Бастарын салбыратып, құр қол үйлеріне қайтып бара жатыр еді. Қоңыр әскер оларға талап қойды.

–Осы күнге шейін алғандарыңды кері қайтарасыңдар!

Амалсыз мақұлдады.

Ел-жұрт болып шаттанған, бөркін аспанға атқан мұқым жұрт, жауынгерлерге алғысын жаудырып жатыр. Оқ-поқ Тектүктің қасына келіп:

–Сен сарқырамаға құлап кеткен соң, халіңді білейік деп соңыңнан аттандық. Сонсоң аман-сау үйіңе аттанып бара жатқаныңды көріп, ел болып ақылдаса келе өзің айтқандай қол жинадық. Көрдің ғой, адамның көмегінсіз-ақ біздің күшіміз де жетеді екен.

–Иә, біріксек, біздің күшке ештеме тең келмес!

–Мен қандай қызықтан қалып қойдым, – деп Бек-пек екі досының иығына асыла кетті. Осы кезде Қоңыр әскер қайманаға қарап сөз сөйледі.

–Біздің келген себебіміз, мына бір кішкене құмырысқаның арқасы, – деді Тектүкті көрсетіп, – ол қалашығымды құтқарам, деп жолға шықты. Ақыры, тұтқынға түсіп, одан сытылып шығып, біздерді құтқарды. Міне, осындай ержүрек балаларды тәрбиелеген сіздер бақытты елсіздер!  

–Тектүк шынында жаужүрек екенсің! – деді Бек-пек оған дән риза болып, – Айтқандай анау шегірткелер сенің арман күнделігіңді де қайтаратын шығар?

–Оның енді маған қажеті жоқ. Күнделіктегі арманым онсызда орындалды. –Ендіге басқа армандарым бар, кейін айтам...

            Ал ата-анасының кеудесін мақтаныш кернеді.

 

***

 

Бірнеше күн өткен соң Тектүк автобус аялдамасына қарай жүгіріп келе жатқан. Сондағысы – автобусқа үлгерейін дегені. Бек-пек досын байқап шопырға тоқтай тұрсын дегендей ымдады. Бек-пекте түсіне қойып, шопырға өтінген-ді. Ырсылдап, ентігіп әйтеуір автобусқа мінді-ау.

–Үй тапсырмасын орындадың ба? – деді Тектүк Бекпекке.

–Әлбетте! Қорықпа, көшіруге беремін.

–Жоқ, керек емес, мен өзім орындап шықтым!

–Рас па? – деді Бекпек оның аузынан мынандай сөзді шындап естідім бе, құлағым шалып қалмады ма дегендей таңданып.

–Қате жерін түзеп берсең дегенім ғой...

–Мұның ерлік екен...

–Мен енді сабақ оқитын болам, – деді Тектүк күлімсіреп... – Менің ендігі арманым – білімді азамат болу!